Мұрағат: 04.08.2016


Жаңа карта қылмыстың алдын алмақ

Күні: , 183 рет оқылды

DMS_6438полиция


Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен, облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті жиыны өтті. Кеңеске аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.


БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин өңірдегі қылмыстық жағдай мен оның алдын алу амалдары туралы баяндады.

– Бейнебақылау қондырғыларының арқасында биыл 51 қылмыстың ізі суымай ашылып, 7252 құқықбұзушылық анықталды. Соның 1908-сі – көше қылмысы. Облыс орталығында тоғыз тұрақты, бес көшпелі полиция бекеті жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық жағдай 2,2 пайызға (1062-ден 1039-ға) төмендеді. Сонымен қатар былтыр тоғыз қорқытып-үркіту және алты зорлық-зомбылық әрекеттері тіркелген болса, биыл олардың бірде-бірі тіркелмеді. Әйтсе де қоғамдық орындардағы қылмыстың саны 1,5 пайызға көтерілді. Қарақшылық екі есеге (6-дан 12-ге) өсіп тұр. Қарақшылық әрекеттер көбінесе полицей қызметі қамтылмаған жерлерде орын алады. Бөрлі, Бөкей ордасы, Қазталов, Тасқала, Теректі аудандарында көше қылмысы өршіп тұр. Ал Зеленов ауданында қылмыс деңгейі төмен. Қылмыстың алдын алу мақсатында облыстық бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Дегенмен кейбір аудандарда жұмыстар дұрыс жолға қойылмаған, — деді Манарбек Серікқалиұлы.

Бұдан соң полиция қызметінің басшысы қоғамда «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру мақсатында бірлескен жұмыс тиімділігін арттыру және мәселелерді шешу бойынша жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-қимылы туралы баяндады. Жыл басынан бері 31523 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Нақты құқықбұзушылықтар бойынша мысалдар келтірген М. Ғабдуллин кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің құқығы туралы да баяндады. Соның ішінде жасөспірімдердің ата-анасының бақы-лауынсыз тұрғын үйлерден тыс жерлерде жүруінің нәтижесінде түрлі қылмыскерлердің құрбанына айналатынын айтты.

– Алғашқы жартыжылдық бойынша жасөспірімдердің ата-анасының қарауынсыз түнгі уақытта көшеде жүргені үшін 829 хаттама толтырылды. Кәмелетке толмаған жастардың түнгі сауық көтеру орындарында жүргені үшін екі хаттама толтырылған. Елбасы Н. Назарбаев әрбір азаматты тіпті ең төмен деңгейлі құқықбұзушылыққа немқұрайлы қарамауға, ішкі құқықтық мәдениетті тәрбиелеп, қоғамдық мінез-құлық талаптарын орындауға шақырды. Қазақстанда тыныш және қауіпсіз өмір сүру жағдайын жасау үшін барлық азаматтар өз үлестерін қосып, атсалысуы тиіс, — деді полковник Ғабдуллин.

Сонымен қатар Манарбек Серікқалиұлы Ішкі істер органдары, оның ішінде жергілікті полиция қызметкерлерінің ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсанындағы №153 Жарлығымен бекітілген «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) сақтауы» туралы баяндады.

– Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстық ІІД жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты тұрғындардан 21 өтініш түскен. Соның ішінде 8-і негізді болып табылады. Қызметкерлерге қатысты тәртіптік жаза қолданылып, екеуі қызметінен босатылды. Азаматтардан ең көп түсетін шағым олардың алдын ала берген арыздары бойынша іс жүргізу шешімдерімен келіспеушілігімен байланысты. Жасөспірімдер ісін қарауда ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзғаны үшін инспекция қызметкері жұмыстан қуылды, — деді М. Ғабдуллин.

Халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында жергілікті полиция қызметінің басшысы ауылдық аймақтарға шығып жүр. Алты айда 80 азамат М. Ғабдуллиннің қабылдауында болған. Аталмыш іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық басқармасының басшысы Жаннат Нұрмағамбетова бүгінде құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімді жүйесі құрылғандығы жөнінде айтты.

– Жыл басынан бері «Қылмыстық карта» негізінде «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» құрастырылды. Ол жерге қылмыстық құқықбұзушылықтар, сотқа дейінгі тексерістің бірыңғай тізімі енгізілген. Ол алдын алу шараларының нақты бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы бойынша жүргізілген талдаулар бойынша бұзақылықтың 6,6 пайызға, ал ұрлықтың 4 пайызға көбейгені белгілі болып отыр. Аталмыш картаны сараптай отырып, Ақсай қаласындағы Сырым Датұлы көшесінің бойындағы 31 мекенжай аумағында бір күнде үш қылмыстың орын алғандығын анықтадық. Сол бойынша бейнебақылау қондырғысын орнату жөнінде ұсыныс түсірдік. Ол интернет портал арқылы қылмыстық ахуалды қадағалап, алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — дейді Жаннат Жондалайқызы.

Оның айтуы бойынша, өткен оқу жылында №1 кешкі мектепте алты факті тіркелген. №13, 40 мектептерде және ҚазИИТУ. БҚИТУ, педагогикалық және қалалық №4 колледждердің әрбіреуінде үш қылмыстық жағдай тіркелген. Жалпы облыс бойынша жасөспірімдер арасында 91 қылмыстық іс орын алған.

– «Наркотикалық қылмыс картасы» кез келген аймақтағы нашақорлық қылмысты қадағалауға мүмкіндік береді. Комитеттің мүмкіндіктері мен оның қызметі туралы халықты неғұрлым кеңінен ақпараттандыру үшін Facebook, Twitter, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар аштық. Азаматтар бұл парақшаларға өз пікірлерін жазып, онымен бөлісе алады, — деді Жаннат Нұрмағамбетова.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қоғамдық орындардағы тәртіпбұзушылықтарға байланысты қатаң шаралар алу, тиісті айыппұлдарды өндіру мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Өйткені 2010-2014 жылдар аралығында тиісті хаттамалар бойынша 122 млн. теңгедей айыппұл аяқсыз қалған. Ал биылғы жылдың алты айында 19 мыңнан астам қаулыға сәйкес 214 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі таңда тек 111 қаулы бойынша тиісті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Таза көше, қауіпсіз аула шаралары тұрғындардың тыныштығы үшін аса қажет. Бұл жұмысты тек Орал қаласында ғана емес, аудандарда да жолға қою керек. «Қылмыстылық картасын» жасақтауда да салғырттық танытпай, мәселені шешу керек. Бүгінгі кеңес қорытындысы бойынша аудан басшыларына осы бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырамын, — деді облыс әкімінің орынбасары Арман Кәрімұлы.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Адамдардың қайтыс болуына дәрігерлер емес, жасанды қалқаншаны жасаған компания кінәлі болып шықты»

Күні: , 164 рет оқылды

IMG_2858


Кони Сент-Луи – Лондон  қалалық университеті журналистика факультетіндегі ғылыми журналистика бөлімінің жетекшісі. Еңбек жолын «Би-Би-Си» телерадиокомпаниясында радиожурналист болып бастап, онда табан аудармастан жиырма жылдай қызмет атқарыпты. Еуропаның біраз елінде меншікті тілші болған.  Міне, он жылдан бері аталмыш оқу орнында тәлім-тәрбие беріп келе жатқан Кони Сент-Луимен Лондонға барған сапарымыз барысында сұхбаттасқан едік.


— Ғылыми журналистика дегеніміз не? Ол қоғамда қаншалықты маңызға ие?

— Маған мұндай сұрақты қойған сайын оған белгілі америкалық ғылыми журналист Дороти Нэлкиннің сөзімен жауап беремін. Оның айтуынша, ғылым саласындағы жетістіктер жөнінде көпшілікті тұрақты түрде хабардар етіп, ғылыми жаңалықтарға, зерттеулерге байланысты өзіндік бағасын беріп отыратын және жұртшылық өкілдеріне жаңа шыққан ғылыми өнімді тұтынуға көмектесетін немесе одан сақтандыратын, яғни адамдардың бұл өнімдерді тұтыну арқылы қандай тәуекелге баратындарына талдау жасайтын журналистиканы ғылыми журналистика деп айтуға болады.

Ғылыми журналистиканың қоғамдағы маңызын бір мысал арқылы келтірейін. Осыдан он жыл бұрын Лондондағы Вуэкпэлд деген бір дәрігер аутизм ауруына душар болған балалар арасында зерттеу жүргізіп, аталмыш ауру мен АКДС вакцинасы арасында байланыс бар деген қорытындыға келген. Айта кету керек, аталмыш зерттеуге тек бес сәби қатысыпты. Балалардың ата-аналары дабыл қағып, бұл дәріні жасаушыларды сотқа берген. Осы ата-аналардың адвокаттары манағы дәрігерге ақша беріп, вакцинаның осындай кері әсері бар деп жарнамалатады. Көптеген журналистер оны өз мақала-материалдарына арқау еткен соң, аталмыш дәрілік препаратқа байланысты қоғамда теріс пікір қалыптасады ғой. Бұған дейін Англиядағы сәбидің бәрі алып келген екпеге осылайша көптеген ата-ана қарсы шығады. Артынан бір газеттің тілшісі журналистік зерттеу жүргізіп, түрлі олқылықтарды анықтайды. Яғни адвокаттарға сатылған Вуэкпэлд зерттеу қорытындысы жазылған құжаттарға жалған ақпараттар енгізген. Тиісті мекемелер тарапынан жүргізілген тексерулер Вуэкпэлдтің зерттеуі шындыққа сай келмейтінін дәлелдейді. АКДС вакцинасының аутизмге еш қатысы жоқтығы қанша жерден айтылып, жазылса да, сәбилердің бұрынғыдай толыққанды екпе алу-ын қалпына келтіре алған жоқ. Екпе жасау маусымы кезінде емдеу орындары ата-аналарға арнайы шақырту қағазын жіберсе де, әлі күнге дейін оған 60 пайыздан астамы келеді. Соның нәтижесінде Англияда сәбилер арасында қызылша, дифтерия, шошқаборық (свинка) сынды аурулар азаймай отыр. Жасанды жүрек қалқаншаларына (клапандарына) да қатысты оқиға болды. Жасанды қалқанша салынған адамдар бірінен соң бірі қайтыс бола бастағасын журналистік зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде бұған кінәлі дәрігерлер емес, қалқанша жасаушы компания екендігі анықталып, әлгі қалқаншалар қолданыстан алынды. Мұндай мысал көп. Міне, ғылыми журналистиканың маңызы осында!

Кейбір әріптестеріміз өздерін ғылыми журналиспіз деп есептеп, Вуэкпэлд сынды ғалымдардың айтқанын заң санайды. Соған орай біз студенттермен бірігіп карикатура дайындадық. Оның бірінде мінберде сөйлеп тұрған адам бейнеленген. Ал бір топ кісі төменде оны қолдап-қолпаштап тұр. Бұл жерде мінбердегі ғалым болса, төменде «Ғылым жасасын!» деп айқайлап тұрған журналистер. Екінші мысқыл суретте қожайынына тағзым етіп тұрған бір қызметкер салынған. Бұл да ғалымның алдындағы журналистерді көрсетеді. Еуропа елдерінің біразында осындай жағдай орын алып отыр. Мұның бәрі ғылыми журналистиканың мақсатына сай келмейді. Журналист бірінші кезекте алынған ақпараттың ақ-қарасын анықтап, тексере білуі қажет. Яғни ол ақпарат қандай зерттеу негізінде пайда болғанын анықтап барып, қоғамға ұсынғаны дұрыс. Бұл турасында мен әлемдік деңгейдегі баспасөздерге мақалалар жазып, телерадио хабарларда айтып жүрмін. Сөздің шыны керек, мұны бәрі бірдей жақтыра бермейді…

— Әлемде ғылыми журналистика жақсы дамыған ел қайсы?

— Қазір әлемнің көп елінде ғылымның дамуына үлкен қаражат бағытталуда. Әсіресе, Еуропа елдерінде бұл үрдісті анық бай-қауға болады. Сөзім жалаң болмас үшін айта кетейін, өткен жылы Лондонда ДНК-ны зерттеуге арналған ғылыми орталық ашылды. Аталмыш ғылыми мекемені салуға 2 млрд. фунт стерлинг жұмсалды. Осыдан-ақ ғылым саласындағы қаржы айналысын көруге болады. Бұл өз кезегінде ғалымдардың қоғамдағы ықпалын күшейтті. Жоғарыда айтып өткенімдей, журналистердің ғалымдарға табынуының басты себебі осында жатыр. Ал АҚШ-тағы менің әріптестерім осындай түрлі ықпалдан қорғалған. Оларда тәуелсіз ғылыми журналистика жақсы дамуда.

— Сіз Қазақстандағы журналистиканы қаншалықты білесіз?

— Өте мардымсыз деңгейде, негізінен бізде оқыған студенттер арқылы Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі БАҚ жөнінде хабарым бар. Тәуелсіз журналистика, ғылыми журналистика сіздерде енді-енді дамып келе жатыр ғой. Егер ғылыми журналист болуға талпынысы бар жастар болса, мен Лондон қалалық университеті журналистика факульте-тіне оқуға шақырғым келеді. Мәселен, Ресейдегі фармацевтика, мұнай саласындағы компаниялар демеушілік танытып, өзде-ріндегі жастарды бізде оқытуда. Бұл бағытта Қазақстанмен де серіктес болуға дайынбыз.

— Ғылыми журналистиканы игеруге талпынып жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Бірінші кезекте ғылыми материалдарды көпшілік түсінетіндей қарапайым тілмен және анық етіп дайындауға мән беру керек. Журналист әрбір ақпаратқа сыни тұрғыдан қарай білуі тиіс. Егер бір нәрседен күдіктенсеңіз, журналистік зерттеу жүргізген жөн. Соның нәтижесінде жалған ақпарат таратушыларды анықтап, олардың осындай әрекеті үшін жауап беруіне қолжеткізе алсаңыз, онда ғылыми журналистиканы игеру қиынға соқпайды…

Сұхбаттасқан

Сәкен МҰРАТҰЛЫ


Үйренгеннің ісі алға басады

Күні: , 169 рет оқылды

DSC_0114


Жақында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков бастаған өңірдің шағын бизнес өкілдері Ақжайық ауданында болды.


Бір-бірінің кәсіпкерлік көкжиегіндегі тірлігімен танысып, тәжірибе алмасуды көздеген бұл жүздесу делегацияның Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановпен бірге жол бойындағы сервистер кешендерімен, аты алысқа мәлім Жаңабұлақ ауылдық округіне қарасты «Жәмиға» шаруа қожалығымен  танысудан басталды. Сондай-ақ  Чапаев маңында тұрғызылған, жобалық құны 560 млн. теңге болатын, қуаты тәулігіне 50 бас сиыр етін өңдейтін «Батыс-Нық» ЖШС кешенінде, қой жүнін бастапқы өңдеу цехында кездесулер өтті.

Бұдан соң екі аудан өкілдері дөңгелек үстелде бас қосты. Ақжайық ауданы әкімі Әділ Жоламанов сырымдықтарды үлкен ауданның экономикалық-әлеуметтік тынысымен таныстырды. Айталық, жылдың өткен кезеңінде-ақ 278 жаңа жұмыс орны ашылды, бұл ең алдымен кәсіпкерлікті барынша өркендетудің арқасында мүмкін болған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілетін несиеге 27 субьекті қатысып, 382 млн. теңге көлемінде қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламаларын тиісті бөлім, ұйымдар мамандары кеңінен насихаттауда.

Әділ Тауфиқұлы өңір аудандарындағы кәсіпкерліктің дамуынан ақжайықтықтардың үйренері де аз емес екенін, сырымдықтардың елге мәлім ілгері істерін атап өтті. Сондықтан олармен қарым-қатысты нығайту басты назарда ұсталып отырғанын баяндады.

Абат Шыныбеков өз сөзінде көршілес аудандардың осындай байланысы тек берекелі нәтижелерге негіз қалайтынын, мал, бақша шаруашылықтарында және жол бойындағы сервиске байланысты ақжайықтықтардан тәжірибе алудың зор маңыздылығын атап көрсетті.

Екі ауданның кәсіп иелері бір-бірімен ынтымақтастыққа, қажет болса көмекке дайын екендіктері жайында ой-пайымдарын ортаға салды. Олар кейбір түйіткілді мәселелер бойынша да пікір алмасты.

Осыдан соң Сырым ауданындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектеп пен Ақжайық ауданындағы Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектеп арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл аталған көршілес білім ұялары бұрыннан-ақ бір-бірімен жақсы қарымқатысты жолға қойған. Енді мұндай байланыс одан әрі тереңдей түсіп, жас ұрпақтың жарқын тағдыры үшін тың істер қолға алынбақшы. Сондай-ақ ақжайықтық «Балауса» шаруа қожалығы мен супермаркетте ауыл шаруашылығы өнімдері саудасымен шұғылданатын сырымдық жеке кәсіпкер Мэлс Сапаров арасындағы меморандумға қол қойылды. Нұрлан Жұмашев басқаратын «Балауса» шаруа қожалығы – бақша өсіруден бай  тәжірибе  жинақтаған  ұжым.

Бекем  БЕКҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы


Көнеккеткендегі бағбан

Күні: , 154 рет оқылды

Microsoft Word - 3576-ба?бан


Ақжайық ауданына қарасты Көнеккеткен ауылдық округіндегі Жайық өзенінің ертедегі арнасы атанған қарт Жайықтың қабағынан 1,2 гектар жерге көптен бері бақша салынып келеді. Бұл жердің иесі «Фирма Родник» ЖШС-ның Қамыстыкөл аңшылық шаруашылығы бөлімшесінің қорықшысы Сержан Қаменовты өз бағынан жанұясымен бірге алма жинап жүрген кезінде жолықтырдық.


— Он сегіз жылдан бері негізгі атқаратын жұмысым – орманды, ондағы жан-жануарларды бақылаймын. Төңіректегі тағы аң-дарға қыс қатты болғанда жемшөп беру, оларды броконьерлерден қорғау, ел байлығын өрттен сақтау сияқты жауапты міндеттерім бар. Осыған қоса бақша саламын, жеміс ағаштарын күтемін, — дейді табиғат жанашыры.

Сержан зайыбы Нұрлыгүл, ортаншы баласы Оразай, кенжесі Армат, балдызы Наурызбекпен осы бақшаны өсіруге мүдделі. Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы колледждің биылғы түлегі Оразай – өзіне үлкен көмекші. Оның қол күресіндегі спорттық табысы да аз емес.

Оған республикалық, облыстық түрлі жарыстарда алған дипломдары мен алғысхаттары куә. Жас жігіттің табысына риза болдық.

Олар өздеріне жылға жетерлік бақша өнімдерін дайындап алады. Оралда жұмыс істейтін үлкен ұлы Жәнібектің де бақшалықта үлесі бар. Қолдары қалт еткенде келін мен немересін ертіп, туған үйіне аунап-қунап кетеді. Бұларға қолғабыс етеді.

Бүгінде бақта 70 түп алма ағашымен қатар, алмұрт, қияр, қызанақ, алхоры, жүзім, асқабақ, картоп молынан өсуде. Өздерінен артылғанын сатып, пайда етуде. Биылдың өзінде 500 келі алма сатып үлгеріпті.

— Осы өнімдердің қай-қайсысында қыс маусымына  уыттап алуға болады. Қазір сол жұмыспен айналысудамын. Оның шаруасы да аз емес, — дейді зайыбы Нұрлыгүл.

Жер-ананың адамзатқа берері көп қой. Кезінде осы бақтың негізін салған Вавиль Хайруллинді (ұлты татар) жергілікті халық үлкен құрметпен еске алады. Құнарлы жерге құт құтайтқан сол азаматтан да Сержанның үйренгені көп болыпты.

Әрине, күтпесе, бақ өспейді. Оған жыл бойы қамқорлық қажет. Мәселен, орманның қорқақ қояны да қауіпті екен. Алма ағашының қабығын мүжіп, жалаңаштап кетсе, ол тұқым бермейді. Сондықтан үнемі бақтың қоршауын мұқияттап жүрмесе болмайды.

Еңбекке деген құлшынысы мол, қара жердің игілігін көріп отырған еңбекқор жанұяның ісі – көпге үлгі.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы


Жөндеу жұмысын жандандыру қажет

Күні: , 153 рет оқылды

111_0165


Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болды.


Өңір басшысының орынбасары алдымен аудандық өрт сөндіру бөлімінде болып, аталмыш мекеменің техникалық базасымен және ғимараттың жай-күйімен танысты. Тозығы жетіп тұрған ескі ғимаратты қарап шыққан Бағдат Оразалдыұлы аудан әкімі Санжар Әлиевке жаңа ғимарат салу жолын қарастыру керек екенін және өз тарапынан қолдау білдіретіндігін айтты. Сондай-ақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге бас сұққан облыс әкімінің орынбасары аудан басшысына ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алуды тапсырды.

Сонымен қатар өңір басшысының орынбасары биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Шежін ауылындағы орта мектепке арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.

– Жөндеу жұмысының нобайы аяқталғанымен, әлі күнге қабырғасы әктеліп, еденіне төсемесі төселмеген. Оның үстіне жылу жүйесі де толық аяқталмаған. Жұмысшылар саны да аз. Бүгіннен бастап жұмыс күшін көбейтіп, 20 тамызға дейін мектеп толық дайын болу керек, — деді Бағдат Азбаев.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ,

Тасқала ауданы


Бейбіт күннің қадірі қымбат

Күні: , 160 рет оқылды

Ажгулов11


Әлі күнге екінші дүниежүзілік  соғыстың қасіреті  жаныңды  түршіктіреді әрі  аға ұрпақтың ерлігіне басыңды иіп таңғаласың.  Ел басына күн туған  кезде  рух пен намыстың мықтылығы сыналды.  Ерлеріміз қанға бөккен даласы, аңыраған анасы, жетім қалған баласы үшін кектенді. Қарсы келген ажалға  қасқайып қарсы тұрды.


— Ер басына күн туып, етегімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» ауыр сында  қазақстандықтар да ерлік пен батырлықтың баға жетпес үлгісін көрсетіп, орасан зор жігері мен қайтпас қажыр-қайрат жұмсады. Қанды қырғын шайқаста жаумен айқасып ажал құшқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухы алдында мәңгілік қарыздармыз. Өйткені солардың арқасында біз бүгін бақытты ғұмыр, салтанатты тірлік кешіп келеміз.

Сұрапыл кезеңнен сыр шертетін мағлұматтар мен деректерді мұрағатта сақтау арқылы тарих тәбәрігін ұрпақтан ұрпаққа мирас ете аламыз. Осы орайда облыстық мемлекеттік мұрағатта Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің  жеке тектік құжаттары көздің қарашығындай сақтаулы екенін айта кеткен жөн. Солардың қатарында соғыс және еңбек ардагері Мұхтар Әжіғұловтың құжаттары да (биографиялық мәліметтері, мақалалар, шақырулар, құттықтау хаттары, журналдар, құрмет грамоталары, анықтамалар, фотосуреттері) бар. Онда Ұлы Отан соғысында жаумен арпалысып, Отан үшін от кешкен, өмірде кездескен ауыртпалықтарға мойымай, керісінше алға ұмтылып, елін, жерін ту етіп, таудай талабы мен еңбегінің арқасында еленген жанның өмір жолы көрініс тапқан.

Күрмеулі тұстарда көрегенділік жасай алу да пайымдылық пен парасаттылықтан туындайтынын ескерсек, Әжіғұлов Мұхтар аға тамырын тереңге тартқан бәйтерек, мейірімділік пен адамгершіліктің нұрын төгіп, адамдық пен адалдық сынды асыл қасиеттерді дәріптеп жүретін, бойдағы тума таланты мен  ішкі қуаты біте қабысқан парасатты жан деп есептейміз.  Ұлы Отан соғысынан соң  ол мектепте ұстаз, кейін директор болып, партия, кеңес органдарында зейнеткерлікке шыққанша абыройлы қызмет атқарды. Тынымсыз  еңбектену мен үздіксіз ізденудің арқасында сарбаздан сардарға, бейбіт еңбекте қосшыдан басшыға дейінгі баспалдақтан өтіп, өз уақыты мен дәуірінің азаматы, жай ғана ел ағасы емес, адамгершілігі үлгі, өнегесі мол ұстаз бола білді. Абзал аға талай талантты жасты демеп, іскер маман болып қалыптасуына себепші болды.

Бітімі кесек, байламы бөлек, білімі мен білігі елден ерек Мұхтар Әжіғұловтың   майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі  мемлекет тарапынан  I және II дәрежелі  «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» және т.б. көптеген медальдармен лайықты бағаланды.

М. Әжіғұлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткізілген «Әлем: XXI ғасыр манифесі»  атты шараның қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған елеулі оқиғалардың бірі екенін тілге тиек етіп отырады. Күмәнді көбейтіп, тұманды қоюлатқан сұрапыл жылдарда көңілді көлегейлеген күдікті үкілі үмітке сеп қылған, әлемді фашизмнің бұғауынан азат етіп,  бейбіт өмірдің бақуатты күндерін сыйлаған сарбаздар мен сол жолда жанын қиған боздақтардың есімі, қандыкөйлек майдандастарының бейнесі мен Жеңіс күнінің қадірі Мұхтар ата үшін тым қымбат. Бұл соғыс оның жүрегіне өшпес жара салған болатын. Сондықтан ол  қазақ елінде желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін бағалауға шақырады.

Бүгінде Елбасымыздың сарабдал саясатының және ұлттар арасындағы достық пен бірліктің арқасында елімізде тыныштық орнап тұр. Жаһандық мәселелер шиеленісіп отырған тұста аса табысты 30 елдің қатарына кіру жолында  ұлы көшке ілескен мемлекетіміздегі  халқымыздың мінезіне тән төзімділік, сындарлылық, салмақтылық, мейірімділік, прагматизм сынды ұлы қасиеттеріміз Мәңгілік ел құру жолындағы арманымызды жүзеге асыратын қасиетті құндылықтар болмақ.

«Қара көзге қара су іліндірген» кезеңдерді көрген аға ұрпақтың өкілі ретінде жеткіншектерге өнегелі ісімен үлгі болып, арамызда отырған Мұхтар атамызға  амандық тілейміз.

Айжан САУҒАБАЕВА,

БҚО мемлекеттік мұрағатының директоры


«Сен де менің тағдырымды қайталадың-ау, қарғам-ай…»

Күні: , 243 рет оқылды

SAM_0072тагдыр


Орал қалалық әйелдерді әлеуметтік оңалту және бейімдеу орталығының жұмыс істей бастағанына үш жылдың жүзі болды. Мұндай мекеменің ашылуына жанұяда зорлық-зомбылық көріп, паналайтын жерге зәру болатын әйелдердің көбейе түскені себеп болған-ды. Ал арада өткен үш жылда оның көмегіне сүйенгендер 500-ден асып жығылғанды. Алдағы уақытта да мейірім күтіп, аталмыш мекеменің табалдырығын аттайтын әйел заты көбеймесе, азаятын түрі жоқ сияқты. Оған біз осынау мекемеге барып, оның тыныс-тіршілігімен танысқан бір күнде көз жеткіздік.


Орталық басшысы Ганди Шамкелова ұсынысыма қарсылық білдірген жоқ. Сөйтіп, келіскен күні аталмыш мекемеге ат басын тіредім. Мен барғанда, сыртта жас мөлшерлері әр түрлі 3-4 бала ойнап жүр екен.

— Бұл балалардың аналары жұмыста, — деді Ганди Ізтұрғанқызы менің оларға қарап қалғанымды байқап. – Олар кеште бір-ақ келеді. Сөйлесемін десеңіз, іште тағы екі әйел бар. Қазір олар осындағы медбикелер мен психологтың, заңгердің көмегін алуда, — деп Ганди Ізтұрғанқызы мені оларға бастап алып барды. Құстың ұясындай ғана шағын мекеменің бір бөлмесінде орталықтың психологы Нұргүл Қуанғалиева зәбір көруші әйелдермен әңгімелесіп отыр екен.

— Біз күнде осындай уақытта кестеге сәйкес жәбірленушілермен кездесіп, әңгімелесеміз. Олардың өмірінде кездескен қиын жағдайды өзара талқылаймыз. Бұл жерде қиындық көрген жандарға тек мен ғана кеңес беріп қоймаймын, сонымен қатар жәбірленуші әйелдер де бастарынан өткен жағдайлар жөнінде бір-біріне әңгімелеп, ақылдарын айтады, — дейді орталық психологы. Сол жерде жәбірленушілерді әңгімеге тартқым келген, бірақ өздері қиын жағдайда жүргесін бе, олар әуелі қашқақтап, менімен сөйлесуге онша ықылас таныта қоймады.

— Орал қалалық әйелдерге арналған әлеуметтік оңалту және бейімделу орталығы 2013 жылы ашылды. Бұл мекеме тұрмыста зорлық-зомбылық көрген және өмірдің қиын жағдайына тап болған, жастары 18-ден асқан әйел затына және олардың жасы 18-ге толмаған балаларына әлеуметтік тұрғыдан тегін көмектер көрсетеді. Мұндай мекемелер әзірге еліміз бойынша өте аз, республикада бар болғаны бесеу, — дейді Ганди Ізтұрғанқызы. Көп ұзамай психологтың дәрісінен босаған екі әйелді біз отырған бөлмеге шақырды. Қысылып-қымтырылып кірген әйелдерге жылышырай танытып, оларды менімен таныстырған орталық басшысы әйелдерді ашық әңгімеге шақырды. Тиісінше, мен де оларды суретке түсірмейтінімді, газетке мақала әзірлегенде олардың шын есімдерін жазбайтынымды айтып, жәбірленушілерден тұрмыста көрген қиыншылықтары жөнінде баяндап беруін сұрадым.

Нұргүл, 32 жаста. Тұрмыс құрғанына төрт жыл болған. Бөрлі ауданының тумасы. Қала жігітіне тұрмысқа шыққан, қазіргі уақытта «Құс фабрикасы» аумағында тұрады. Орталыққа жақында келіп түскен. Айтуынша, күйеуі ішімдікке үйір, карта ойнайды.

— Үйге үнемі кешігіп келеді, себебін сұрасам, жұдырығын ала жүгіреді. Биыл желтоқсан айында қылғындырып, өлтіріп тастай жаздады. Одан әрең қашып құтылып, анамның үйіне барып тығылдым. Оның осы қылығынан әбден шаршадым, тіпті оның даусын естісем, тұла бойым түршігеді. Бұдан әрі шыдай алмаймын. «Құс фабрикасы» аумағынан жер телімін сатып алып, үй салып жатқанбыз, ол әлі біткен жоқ. Ол үйге тұру маған жазылмаған шығар. Отбасымды қаншама сақтағым келсе де, мүмкін болмай тұр. Бір күні өлтіріп тастай ма деп қорқамын. Басқа жаққа кетіп қалып, жаңа өмір бастағым келеді. Жұмыс тапсам, өз күнімді өзім көрер едім. Бала кезімде әкем арақ ішіп алып, шешемді жиі сабайтын. Айналып келгенде, өзім де сондай адамға тап болдым. Анам байғұс: «Сен де менің тағдырымды қайталадың-ау, қарғам-ай…» деп жылайды.

Өз бетімше өмір сүрсем, шешемді қолыма алып бағар едім, інімді де үйлендіріп, адам қатарына қосқым келеді. Қазіргі уақытта күйеуім қызым екеумізді іздеп әуре. Ұялы телефонға үздіксіз қоңырау шалуда, бірақ мен телефон тұтқасын көтермей отырмын. Өйткені ол қай жерде екенімізді біліп қалса, тағы үйге алып кетіп, бізді ұрып-соғады. Бұрын да үйден қашып кеткенімде, іздеп тауып алып, үйге апарып бұрынғы әнін қайта бастайтын. Енді менің оған қайтып қосылғым келмейді, — деген Нұргүл өз жақыныңнан көрген қорлықтың өзге адамдардан көрген қиянаттан әлдеқайда ауыр болатынын айтты.

Сәуле, 41 жаста. Жоғары білімді, қаладағы бір мекеменің бас маманы. Сәуле Жаңақала ауданынан қалаға сонау 2007 жылы көшіп келген. Тұрмыс құрғанына 20 жылдай уақыт болған, бүгінде үш баласы бар. Үйден кеткен себебі күйеуі өте қызғаншақ, соның кесірінен әйеліне әрдайым кінә тағып, күн көрсетпейді. Күйеуінің жоғары білімі жоқ, сондықтан өзін әйелінен кем санай ма екен, әйтеуір, ұрыс-керіс жиі туындайды.

— Үйленгеннен кейін 1-2 жыл тату-тәтті тұрдық, содан кейін ырың-жырың өмір басталды. Күйеуім арақты салынып ішпейді, жалақысын соңғы тиынына дейін санап, қолыма әкеліп береді. Балаларын жанындай жақсы көреді, оларға барлық жағдайды жасайды. Бірақ мені үйге сыйғызбайды. 20 жылдан бері көрген күнім осы, енді менің онымен бірге тұрғым келмейді. Осы күні жұмыс уақыты аяқталар кезде, үйде күтіп тұрған кикілжіңді ойлап, жүрегім соғатын болған. Күнде болатын ұрыс-керістен шаршап кеттім. Балаларымның алды, міне, 9-сыныпқа көшті, үш балам да оқу озаты. Соңғы кездері үйдегі берекесіздік балаларымның мінезіне теріс әсер ете ме деп қорқатын болдым. Сол себептен күйеуімнен ажырасқым келеді. Енді балалардың каникулында бір жағына шыққым келіп, кезекті айқай-шудан соң осында келгенмін. Бірақ күйеуім біздің осында екенімізді біліп алып, күнде келіп, тыныштық бермей жүр. Бізге «Мен басқа пәтер таптым. Балаларды қаңғыртпа, үйге жүр. Енді бұрынғыдай ұрыс-керіс болмайды. Мен бала-шағамның қадірін енді түсіндім. Сендерді жоғалтқым келмейді» деп телефоныма үздіксіз хабарлама жазады. Күйеуім тіпті осында келіп, Ганди Ізтұрғанқызына да «Отбасымды сақтауыма көмектес» деп көмек сұраған. Оған тағы бір мүмкіндік беремін бе, қайтемін, білмей жүрмін. Әбден басым қатты… — дейді Сәуле күйеуінің бұл әрекетіне не сенерін, не сенбесін білмей.

Осы кезде біз отырған бөлменің есігі қағылып, ішке бет-аузы ісіңкі бір жас келіншек енді. Ол Ганди Ізтұрғанқызымен бұрыннан хабарласып жүрген адам екен. Қал-жай сұрасқан орталық басшысына ол өткен түні күйеуінің тағы да ұрыс-керіс шығарып, үйінің ойранын шығарғанын айтты.

— Күйеуім – мемлекеттік қызметкер, өзім де бір мекемеде бас маманмын. Екеуміз де жоғары білімді адамдармыз. Бірақ солай бола тұра, жақсы отбасын құра алмадық. Күйеуім маған жиі қол көтереді және онымен қоймай, үйдегі заттың бәрін қиратып тастайды, — деген жас келіншек орталық басшысынан уақытша тұратын орын сұрады. Бұл жолы «скандальный» күйеуімен біржолата ажырасқысы келетінін жеткізген келіншек шыдамының әбден шегіне жеткенін айтып, өксіп-өксіп жылады. Оны сабырға шақырған Ганди Ізтұрғанқызы бұл келіншектің орталыққа бұдан бұрын да келіп, көмек сұрағанын айтты.

— Бір-екі күнде орын босап қалар деп ойлаймын. Орын босаған бойда өзім хабарласамын. Ал әзірге біздің психологпен, заңгермен сөйлесіп, тегін кеңес алыңыз, — деген орталық басшысы жабырқау келіншекті мамандарға бастап апарды. Медбике жалма-жан көңілі қаяу келіншектің қан қысымын өлшеуге ұмтылды.

Сөйтіп жатқанда, асхана қызметшісінің «Тамаққа!» деген даусы естілді. Жәбірленушілердің ас мәзірін көрмек болып, асханаға мен де кірдім. Бұл жолы түскі асқа үй кеспесі мен ет қосылған картоп беріліпті. Бұларға қоса қияр мен қызанақтан жасалған салат та бар. Осы жерде Ганди Ізтұрғанқызы кешкі асқа келетін адамдардың саны бұдан көбірек болатынын айтты. Оның сөзінше, тағы екі әйел жұмыста жүр, олар түскі асты жұмыс басында ішеді. Орталық басшысының сөзінше, бұл жерде тамақ пісірілмейді. Орталық тұрғындарына ыстық тамақты мемлекеттік тендерді жеңіп алған «Ал-Ер» ЖК (жетекшісі Қаламқас Хайруллина) даярлайды екен. Кәсіпкердің жұмысты таза әрі адал істейтінін айтқан Ганди Ізтұрғанқызы оның кейде, әсіресе, мейрам күндері жандары жабырқау жандарға мейірімін төгіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жіберетінін жеткізді.

Жұрт ауқаттанып жатқанда, біз директордың қызмет бөлмесіне барып, манағы үзіліп қалған әңгімені қайта жалғастырдық.

— Қорғансыз қалғандарды уақытша паналату мақсатында ашылған бұл орталықта осы үш жыл ішінде 500-ден астам адам болып, оларға қажетті көмектер көрсетілді. Соның ішінде 400-ге жуығы әйел, төрт ер адам, 100-ден аса балалар болды. Кеңес алуға 390 адам жүгінді, оның ішінде психологтың көмегін 212, заңгердің кеңесін 178 адам алды. Уақытша паналағандар саны – 197, оның ішінде 76 әйел және 121 бала. Соның 48-і ішкі істер басқармасының жолдамасымен, 28-і қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар жолдамасымен келді. Биыл жарты жыл ішінде 57 әйел, оның ішінде психологқа 36, заңгерге 21 әйел келіп, тегін кеңес алды. Уақытша паналау орнын 24 адам пайдаланды, оның 12-сі – әйел, 12-сі – бала. Соның сегізі жергілікті полиция басқармасының жолдамасымен, төртеуі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар жолдамасымен келді. Орталыққа келіп паналаушылардың 44-і отбасына қайта оралды, 22-сі ажырасты.

Бұл – бізге ресми түрде тіркеліп, көмек алуға келгендердің саны, ал отбасының абыройын ойлап, ешкімге шағымданбай, өз қасіретін жалғыз өзі тартып жүрген әйелдер қаншама?! Статистикалық мәліметке сүйенсек, зорлық-зомбылық, әйелдерге күш көрсету көбінесе тұрмысы төмен, табыс-кірісі мардымсыз отбасыларда болып жатады. Бірақ әйелдерге қол көтеретіндер арасында мемлекеттік қызметкерлер де, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері де, кәсіпкерлер, тіпті жоғары лауазымды қызметтегі адамдар да ұшырасады. Жалпы, әйел сабап, өзінің туған баласынан жеріну деген ер-азаматтың жасайтын ісі емес қой, — деген орталық басшысы мұнда өз балаларынан зәбір көрген ата-аналардың да көмек сұрай келетінін жеткізді.

— Біздің орталыққа тек жәбірленген әйелдер ғана емес, сонымен қатар қиянатқа шыдамаған ер-азаматтар мен туған балаларынан зәбір көрген үлкен апайлар да келеді. Мысалы, осы орталық ашылғалы бізден төрт ер-азамат көмек сұрап келді. Олардың үшеуі осы Орал қаласынан, тағы біреуі – Оңтүстік Қазақстан облысынан. Олардың барлығы да өз бала-шағасынан қиянат көргендер. Біреулерін туған баласы тұрғызбаса, екіншісін қыздай қосылған қосағы сыйғызбаған. Тағы біреуі өз әйелінің туған шешесіне жасаған озбырлығын көріп, шарасыздықтан екі қолын төбесіне қойып, тентіреп кетуге мәжбүр болған. Бұдан басқа мұнда келіндерінен таяқ жеген енелер де келді көмек сұрап. Бұл жүректі ауыртатын-ақ жағдай, әрине. Біз оларға қолымыздан келгенше көмегімізді көрсеттік. Бұған нақты мысалдар келтірер болсақ, 1927 жылы туылған Е. есімді және 1942 жылы туылған О. есімді аналар туған қыздарынан жәбір көріп, осы орталықты паналады. Сондай-ақ баспанасы тұруға жарамсыз болып қалғанда, туған балаларынан қайыр көрмеген 1938 жылғы А. есімді әжей де біздің орталықтың көмегін алды. Панасыз қарияны ақыры осы қаладағы халық арасында “Қарттар үйі” атанып кеткен мекемеге орналастырдық. 1950 жылғы тағы бір зейнеткерді жоқ жерден жанжал шығарып, өзінің туған келіні үйінен қуып жіберген. Баратын жері болмағандықтан, ол кісі де біздің орталыққа келді. 1945 жылы туған зейнеткер де туған келінінен жәбір көріп, орталыққа көмек сұрап келді. Екі кейуана да кезінде оқытушылық қызметте болып, ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесімен айналысқан адамдар. Оларға зәбір көрсетуші келіндер де бала тәрбиесімен айналысатын ұстаздар. Тәрбие жұмысымен айналысатын ұстаздық қызметтегі адамдар осындай ұят істерге барып тұрғанда, басқалары не істемейді?! Бұдан басқа тағы жалғызбасты екі бірдей ананы Аналар үйіне орналастыруға көмектестік. Өкінішке орай, қоғамда осындай жүректі ауыртатын оқиғалар жиі орын алып тұрады. Бұл, әрине, жақсы емес, — деген Ганди Ізтұрғанқызы бұл орталыққа зорлық-зомбылық көрген жандар тек қаладан ғана емес, сондай-ақ облыстың түкпір-түкпірінен келетінін айтты. Бірақ орталыққа бөлінген орынның тым шағындығына байланысты олардың бәрін сиғызу мүмкін емес. Қаладан тыс жерлерден келгендер көбінесе тек орталықтан психологиялық және заңгерлік көмек алумен ғана шектеледі екен. Менің сол күнгі орталықтан көріп, көңіліме түйген нәрселерім мен орталықтың үш жылдық жұмысының қорытындысы бұл мекеменің облыстық деңгейге сұранып тұрғанын байқатады. Әзірге қиын жағдайда қалған қала тұрғындарына ғана көмек қолын созып отырған бұл мекеме, егер өздеріне арнайы үлкен орынжай бөлінсе, өз жақындарының кесірінен тағдыры тас-талқан болған талай адамның кешенді көмек алып, дұрыс өмір бастап кетуіне себепші болар еді…

Кешкі сағат алтыдан кете мен осы мақаланың жазылуына мүдделілік танытқан орталық басшысына рақметімді айтып, үйге қайтуға жиналдым. Сол кезде тағы біреу есік қақты. Бұл бұдан екі ай бұрын осы орталықта тұрып, қажетті көмек алған Раушан есімді жас келіншек екен. Екі баласын жетектеп алыпты. Кезінде күйеуінен таяқ жеп, көкала қойдай болып жүрген келіншектің бүгінде жүзі жарқын. Өйткені ол бақытты, бала-шағасымен, күйеуімен бірге өз шаңырағында тату-тәтті өмір сүруде. Раушанның сөзінше, бала-шағасының арты-нан келген күйеуі орталық қызметкерлерінің ақыл-кеңесін тыңдап, қазіргі кезде өз қателігін біржола түсінгенге ұқсайды. От-басындағы берекелі тіршілікті қуанышпен жеткізген Раушан бұл жолы өзінің отбасын аман сақтап қалуға себепші болған орталық қызметкерлеріне алғысын айтуға әрі күйеуінің көмегімен сырттай оқып жүрген оқуын бітіріп, күні кеше дипломын алғанын жеткізуге келіпті. Оның бұл қуанышына орталық қызметкерлерімен қоса, сол жердің уақытша тұрғындары да ортақтасты. Олар да Раушанға ақ тілектерін арнап, өздерінің де осындай уайымсыз-қайғысыз, шаттыққа толы отбасылық өмірді аңсайтындарын жеткізді.

Иә, бұл өмірде шаңырақ шаттығына жететін еш нәрсе жоқ. Бұрынғылар мұны «Бала-шағаң – бақытың» деп қысқа қайырған. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома емес пе?!.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Күздік дақылдардан рекордтық өнім

Күні: , 164 рет оқылды

DMS_6900бриф


Биыл Зеленов ауданының диқандары күздік дақылдарды жинауда соңғы 20 жылда бірінші рет жоғары көрсеткішке ие болып, рекордтық деңгейді көрсетуде.  Тек ағымдағы жарты жылдың ішінде 263 жаңа жұмыс орны ашылып, түрлі бағытты қамтитын алты  нысан пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тәулігіне 7,2 тонна сүт өндіретін бес сүт фермасын құру жоспарлануда. Сондай-ақ алдағы қараша айында Рубежин және Макаров ауылдық округтерінде қуаттылығы жылына 30,0 млн. және 15,0 млн. болатын кірпіш зауыттары іске қосылмақ. Ал келер жылы Щапов ауылында қуаттылығы жылына  5000 тонна құс етін өндіретін  фабриканың құрылысын аяқтау жоспарлануда.


Бұл туралы сейсенбі күні Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз брифингінде Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов айтып өтті. Сондай-ақ  ол бірінші жартыжылдық бойынша атқарылған жұмыстар мен  ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспары туралы баяндады.

– Бүгінгі таңда ауданда 22 ауылдық округ және 68 елді мекен болса, халық саны  56 426 адамды құрайды. Экономикалық белсенді халық саны 34 828 адам немесе жалпы халық санының 61,7% пайызы. Әр түрлі салада жұмыспен қамтылғандар саны – 32598, оның ішінде 7727 адам – өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, сәйкесінше олар экономикалық белсенді халықтың  22,2%-ын құрайды.  Жұмыссыздар – 2230 (6,4%), аз қамтылғандар – 4688 адам (8,3%). Ресейдің  Орынбор, Саратов, Самара облыстарымен шектесетін Зеленов ауданы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптің түрлі саласын дамытуға мүмкіндік беретін ресурстық әлеуетке ие.

Бірінші жартыжылдықта аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 56,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға артса, сәйкесінше ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,4 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткіштен 39,5%-ға ұлғайған. Ал мұнай-газ өндіру өнеркәсіптің негізгі саласы болып табылатындықтан, өнеркәсіп өндірісі жалпы көлемінің 91,4%-ын құрайды. Аудандағы көмірсутек шикізатының негізгі қоры Чинарев мұнай-газ конденсат кен орнында шоғырланған. Саланың жетекші кәсіпорны «Жайықмұнай» ЖШС болып табылады.

Азық-түлік өнеркәсібі  өңдеуші сектордағы жалпы өнімінің 92,4%-ын қамтып, бұл салада «БелесАгро» ЖШС (диірмен кешені), «Каркула» шаруа қожалығы (нан бөлкелік және сүт өнімдері), «Махорин» шаруа қожалығы (ет консервілеу), «Орал Каспий» ЖШС (балық өңдеу), жеке кәсіпкер «Пивень» (кондитерлік өндірісі) және т.б. жұмыс жасайды. Биылғы инвестиция көлемі 35,1 пайызға артып, негізгі  қаржы қоры 42,0 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 2,9 млрд. теңге, аудандық бюджетке  930,4 млн. теңге жиналды, — деген аудан әкімі одан әрі әр шаруашылықтың даму жоспары туралы баяндады.

– Агроөндірістік кешен  ауданның әлеуметтік маңызды және ірі секторларының бірі болып табылса, оның негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Ауданда «Кроун Батыс» ЖШС  ірі  мал бордақылау алаңы,  «Щапово» шаруа қожалығының  шошқа фермасы,  қуатты бидай өңдеуші терминал «Белес Агро» ЖШС, жұмыртқа өндіруші «Ақас» құс фабрикасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар «Каркула В.Н.» ЖШС және «Баян» шаруа қожалығы аумағында сүт өнімдерінің өндірісі және сүтті өңдеу бойынша шағын сүт цехтары жұмыс істейді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егінінің жалпы аумағы – 200 974 мың гектар, оның ішінде күздік дақылдар – 31 569 мың гектар, жаздық дақылдар – 93 439 мың гектар, майлы дақылдар – 22 284 мың гектар, біржылдық және көпжылдық шөптер 49 072 мың гектарды құраған.

Бүгінгі күнге дейін күздік дақылдардың ішінде 54,7 мың тонна бидай жиналды. Ауданның кейбір шаруашылықтарында өнімділік көлемі гектарына 45-48 центнерге дейін жетуде. Мұндай өнімділік 20 жылда бірінші рет байқалып отырғанын атап өту керек.

Көкөніс шаруашылығын дамытуда  аудан халқы қажеттілігін толығымен өзінің картоп және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Ауданда «Алтын Болашақ» ШҚ, «Жайна» ШҚ,  «Дәуқара» ШҚ-ның жылыжайларында бау-бақша және көкөніс өнімдері жыл-он екі ай бойы өндіріледі.

Мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Ауданда жеті асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Етті бағыттағы ірі қара мал өсірумен алты шаруашылық айналысады, бір шаруашылық сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысуда.

Отандық және шетелдік селекциялық асыл тұқымды мал алу бойынша жұмыс жолға қойылуда. Айталық, «Шканов» шаруа қожалығы сүтті бағыттағы асыл тұқымды 100 бас қашар, «Альменова» шаруа қожалығы етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымынан 52 бас ірі қара сатып алды. Сонымен қатар ауданда қазақтың ақбас тұқымынан 90 бас тұқымдық бұқа,  «Құлан» бағдарламасымен «Жұмақай» шаруа қожалығы тауарлық бағыттағы 20 бас аналық жылқы сатып алды.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін өнімділігі тәулігіне 7,2 тонна сүт өндіретін, 600 басқа шақталған бес сүт фермасын құру жоспарлануда.

Кәсіпкерлік бағыты бойынша ауданда 2652 орта және шағын бизнес субъектілері  тіркелсе, оның 2245-і жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік саласында жұмыс істеушілер саны 4566 адамды құрап, 2,5%-ға өсіп отыр.

Шағын және орта бизнес саласында 2016 жылдың 1 шілдесі бойынша 263 жаңа жұмыс орны ашылып, ағымдағы жылдың алты айында алты  нысан пайдалануға берілді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жұмысын бастағалы Зеленов ауданында жалпы сомасы 10,6 млрд. теңге болатын барлығы 57 жоба мақұлданып, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Алдағы қараша айында Рубежин ауылдық округінде қуаттылығы жылына 30 млн. кірпіш болатын «134» ЖШС кірпіш зауыты, Макаров ауылдық округінде қуаттылығы жылына 15 млн. кірпіш болатын жеке кәсіпкер «Жанар» кірпіш зауыты,  Переметный ауылдық округінде жеке кәсіпкер «Ижанованың» 300 орындық кафе-мейрамханасы іске қосылып, сәйкесінше 70 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Биыл ауданда екі тұлға ағылшын тілін оқыту орталығын ұйымдастыру және  спорт мектебін  ұйымдастыру (фитнес-орталық) үшін әрқайсысы 1 млн. теңге көлемінде грантқа қол жеткізді. Ал 2017 жылы Щапов ауылдық округінде қуаттылығы жылына  5000 тонна құс етін өндіретін  «Жайық Агро ЛТД» ЖШС құс фабрикасының құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Аудандағы ауылдардың табиғи газбен қамтылуы 72%, яғни 68 елді мекеннің 49-ы газбен қамтылған болса, биыл  Горбунов, Кирсанов, Мирный, Павлов, Владимиров, Кіші Шаған, Кожевников және Факел ауылдарын газдандыруға техникалық-экономикалық негіздеме жасақтауға аудандық бюджеттен қаражат бөлу жоспарлануда. Ал керісінше сумен жабдықтау небәрі 26 елді мекенді қамтыған. 2017 жылға республикалық бюджет қаражатынан Володар, Көшім, Щапов, Павлов, Дариян, Ақжол елді мекендеріне су құбырларын өткізу жоспарланып отыр.

Ауданның білім беру жүйесіне 46 күндізгі мектептің 13-і бейімделген орындарда орналасқан, 35 мектеп екі ауысымда оқытады, 11 мектеп бір ауысымда.  Бүгінгі күні ауданда мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселесі маңызды мәселе болып тұр. Қамту деңгейінің төмендеу себебінен мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ұйымдарына кезекте тұрған балалар саны көбеюде. Аталған мәселені шешу мақсатында мектепке дейінгі ғимараттар салу  жоспары құрылды. Олар:

– 2018 жылы Достық және Мичурин ауылдарында 200 орындық балабақша құрылысы;

– 2019 жылы  Үлкен Шаған ауылында 120 орындық балабақша құрылысы және Дариян ауылында 280 орындық балабақша құрылысы;

– 2020 жылы Володар және Новенький ауылдарында 50 орындық балабақша салу жоспарланып отыр. Биыл Достық ауылында «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік» (МЖӘ) бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер «Туралиева А.С.» 100 орындық жеке балабақша ашу жоспарлауда. Өкінішке орай, аудан бойынша биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 230 түлек немесе 64% (2015 жылы – 66,3%) қатысса, ҰБТ-дан орташа балл – 80, 86 балды құрап (2015 жылы – 81,09), өткен жылғыдан төмен көрсеткіш көрсеткен. Яғни ҰБТ нәтижесі бойынша Зеленов ауданы облыс бойынша жетінші орында.

Ауданда 2020 жылға дейін бірнеше тұрғын үй құрылысы мен спорт және мектеп кешендерін салу жоспарлануда.  Оның ішінде  Переметный ауылдық округінің  Мұнайшы шағынауданында 23 бір пәтерлі тұрғын үй құрылысы, Переметный ауылдық округінің Калинин ауылында жалға берілетін екі қабатты алты пәтерлік тұрғын үй және 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы,   Дариян ауылында 100 орындық интернаты бар, 300 оқушыға арналған орта жалпы білім беретін мектеп құрылысын салу жолға қойылған.

Баспасөз мәслихатының соңында Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Күні: , 165 рет оқылды

акышев прием


Кездесу барысында Д. Ақышев Мемлекет басшысына Ұлттық банктің ағымдағы қызметі, ақша-несие саясатының басты бағыттары туралы, сонымен қатар елдің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндады.


Елбасы ішкі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету, республиканың банкі жүйесін дамыту және екінші деңгейлі банктер арқылы экономиканы несиелендіру көлемін арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттілігіне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ теңге бағамымен байланысты жағдайға қатысты тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

– Еркін айырбас бағамын енгізу туралы шешім дұрыс болды. Алайда қазір белгілі келеңсіз жағдайлар орын алуда және оның себептерін тұрғындарға түсіндіру қажет, – деді Елбасы.

Ұлттық банктің төрағасы ұлттық валютаның долларға қатысты бағамының әлсіреуіне әсер еткен факторларды айтып өтті.

– Биылғы алғашқы алты айда мұнай бағасы барреліне 27-ден 52 долларға қымбаттады, алайда шілдеде 52-ден 42 долларға –15%-ке арзандады. Барлық шикізат экспорттайтын дамушы елдерде осындай жағдай орын алды. Олардың ұлттық валюталары Қазақстандағы сияқты бекіп, кейіннен 2-3%-ке төмендеді. Шілдеде теңге шартты түрде 4,2%-ға әлсіреді, бұл қалыпты өзгеріс деп санаймыз. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды. Алдағы уақытта бағам қандай да бір жағдайларға байланысты өзгереді деп күтілмейді. Теңгенің еркін айырбас бағамы жағдайындағы 2016 жылғы шілдедегі тербелісі ішкі экономикалық тұрақтылық үшін ешқандай қауіп төндірмейді, – деді Д. Ақышев.

Бұдан бөлек, Ұлттық банктің төрағасы елдегі инфляция үдерістерін ұстап тұру бойынша жүргізіп жатқан жұмыс туралы мәлімдеді.

– Жыл басынан бастап инфляция өсімі 5,2%-ды құрады. Осы көрсеткіште 2015 жылғы қыркүйек-қараша айларында баға тез өскен кезеңдегі бағамның түзету әсері қарастырылған. Бұл әсер енді артта қалды. Жылдың қорытындысы бойынша біз үкімет көздеген 6-8% инфляциялық дәлізге қол жеткіземіз деген сенім бар, – деді Д. Ақышев.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.

www.akorda.kz


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика