Мұрағат: 02.08.2016


Оғылан еді-ау, Оралбек

Күні: , 701 рет оқылды

DMS_6278


Қазақстан Республикасының спорт шебері, белгілі түйе палуан Оралбек Қожагелдиннің есімі жалпақ Жайық жұртшылығына кеңінен танымал. Тоқсаныншы жылдардағы нарық қыспағында ауылдастарына сүйеу болып нар жүгін арқалаған азаматтың  жасаған жақсылығы көпшілік жадында. Қапияда мерт болған есіл ер туралы түрлі алыпқашпа жел сөзді жақында жарық көрген «Оралбек батыр» кітабы сейілтуге сеп болатыны сөзсіз. Кеше «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында осы дерекнаманың таныстырылымы өтті.


Кітап авторы Нұрлан Сәдірдің айтуынша, дзюдо мен самбодан облыс чемпионы, қазақша күрестен облыстың бірнеше дүркін абсолюттік жеңімпазы, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері Оралбек Қожагелдин туралы сыр шертетін естеліктер жинағында қысқа ғұмырында жасындай жарқылдап өткен жампоздың асқан күш-қайраты, адамгершілік қасиеті жаңа қырынан ашылған. Жүзден астам адам палуан туралы жылы пікір білдіріп, өз естеліктерімен бөліскен. Осы кітаптың жазылуына түрткі болған, қаржылай баспа шығынын көтерген белгілі заңгер, идея авторы Абзал Құспанның бастамасымен жинақты құрастыру ісі екі жыл бұрын қолға алыныпты. Баспасөз беттерінде бұрын аракідік жарияланған мақалалар, қолда бар там-тұм деректер арнасы кейін көзкөргендер айтуымен кеңейе түсіп, дақпырт пен дабыраның көлеңкесінен ақиқат астарын аршуға, батырдың бекзат болмысын таныта түсуге мүмкіндік туған.

– Шын мәнінде, елімізге қорған бола білерлік азаматтар саусақпен санарлықтай. Ал Оралбек жеке бас қамынан өз ұлтының мүддесін  биік санады. Байлық жинауды, бизнесін өрістетуді мұрат қылмады, мансап қумады, есесіне артына өшпес өнеге қалдырды. Саналы ғұмырын еліне арнады.

Мәселен, Жымпиты ауылында «Сырым» күрес мектебін ашып, жастардың спортпен шұғылдануына өтпелі кезеңнің өзінде зор жағдай жасады. Сол арқылы жеткіншектерді шымырлыққа, қажырлы болуға баулып, түрлі қылмыстық жолға түсіп кетуден сақтады. Оралбек туралы, әсіресе, орыстілді БАҚ беттерінде түрлі қауесет тарағаны рас. Шын мәнінде, ресми органдардан оған бірде-бір айып тағылған жоқ. Заң шеңберінен аттап өтіп, түрмеге түспеген. Тарихта Қазақстан отар елдің қатарында болғаны, күні бүгінге дейін соның зардабын тартып келе жатқаны рас. Қилы кезеңде бодандық қамытын салған империя алдымен батырларымызды бұғаулап, қуғындады, жалған айыптар тақты. Мәселен, Махамбет-Исатай сынды арыстардың, «банды» Аманғалидың тағдыр талайы қалай болғанын білеміз. Оралбек туралы дерек жинағанда да кейіпкеріміздің халық сүйіспеншілігіне бөленгеніне анық көзіміз жетті. Сондықтан арда азамат «батыр» деген  атаққа толық лайық, ержүрек ата-бабаларымыздың заңды  мұрагері  деп есептейміз. Кітап «Біздің елдің жігіттері» сериясымен шығып отыр. Алдағы уақытта ұлтқа нақты қызмет еткен, теперіш көрсе де сол жолдан тайсалмаған тарландар туралы дерекнамалық жинақтарды шығару жалғасады, – деді жоба авторы Абзал Құспан.

«Оралбек батыр» кітабында  қайратты күш иесінің ешкімге илікпей, егесті жерде шарт кететін қызуқанды қасиеті де жасырын қалмаған. Кітап авторлары ер мінезін біржақты бағаламауға тырысып, көзкөргендерден тереңірек сұрағанда, ешкім палуан мінін айтарлықтай сөз қылмағанын да атап өтті. Керісінше оның кішіпейілділігін, асқан жомарттығын, қайырымдылығын кеңінен әңгімелеген.  Басқосуда Оралбектің туған апасы Ақыл Мәтниязқызы, жездесі, облыстық қазақ драма театрының кадр бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Исқақов, немере қарындасы, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, жас ғалым Рита Сұлтанғалиева өз естеліктерімен бөлісіп, жинақты шығаруға қажыр-қайратын жұмсаған азаматтарға алғыс білдірді.

Атақты Сырым Датұлының аталас туысы Ерсары батырдың ұрпағы, Сырым ауданындағы Қособа ауылының тумасы Оралбек Қожагелдин туралы дерекке оқырман қауым молынан қанығары сөзсіз. «Даna.kaz» жорналының редакторы Қазыбек Құттымұратұлы да еңбектің ресми таныстырылымына қатысып, өз пікірін білдірді.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


«Заманның» жұмысы ширақ

Күні: , 166 рет оқылды

DSCN2295


Январцев ауылында орналасқан «Заман» шаруа қожалығы биыл  иелігіндегі 10 мың гектар жердің 7 мың гектарына егін еккен еді.


Қожалық иелері бүгінде қызу науқан үстінде. Егістікке ат басын тірегенімізде, бізді қожалық басшысы Абай Жанғалиев пен ұлы Қайрат қарсы алды. Жайқала өскен егіс даласында, қайнаған еңбек ортасында жүрген шаруашылық басшысы бидай масағын күректей алақанына салып ысқылап, толып піскен дәнді көрсетіп тұрып:

— Күздік дақылдың шығымы жақсы. Жыл сайын арамшөптерге қарсы химиялық залалсыздандыру шараларын жүргіземіз. Соның нәтижесінде алқабымызда ешқандай арамшөп жоқ, таза, — деді тоқ көңілмен. Егін егумен айналысып келе жатқан 17 жыл ішінде биыл алғаш рет егіннің әр гектарынан 35-45 центнер арасында өнім алып отыр. Мұндай мол өнім алуының себебін жауын-шашынның көп болуынан деп түсіндіреді. Абай ағамыздың қуанышын онымен көп жылдан бері бірге еңбек етіп келе жатқан үзеңгілес досы Мәлік Едресов те бөлісіп жүр алқапта. Шаруашылыққа жұмысқа тұрған Жасұлан Шабалиев, Мәрлен Нұрғалиев, Сергей Жәнібеков, Сансызбай Нұғманов, Аяп Аяпқожиев, Данияр Ғиззатов сияқты кейінгі буын диқандар осы жылдар ішінде жермен жұмыстана жүріп, егін өсірудің қыр-сырын бір кісідей игергенін мақтаныш етеді. Олар да мол өнімге ие болып отырғанына қуанышты. Біраз жылдан бері егін егудің қыр-сырына қаныққан тәжірибелі диқан Абай Жанғалиев: «Өз тәжірибем көрсеткеніндей, күздікті ертерек себуге болады екен. Бұрын тамыздың аяғына таман егуші едік. Сол өткен жылғы ертелеу егуіміз жақсы дән жинап алуымызға себеп болып отыр», — дейді. Қазіргі таңда шаруашылықтағы тоғыз комбайн, 10 «К-700», 20 «Джон Дир», 20 «МТЗ» техникаларымен диқандар өз жұмыстарын бастап кеткен. Алқаптағы комбайндардың жүрісі ширақ. Заманауи техниканы тізгіндеген жүргізушілер шаршайтын емес. Ал жүк көліктері бірінен соң бірі келіп, дала кемелерінің бункерлерінен алтын дәнді құйып алып, қырманға жөнелтуде. 50 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық жұмысшылары жалақыларын уақтылы алып тұрады. Барлығына жағдай жасалған. Абай ағамыз бен ұлы Қайрат дала жұмыстарын дөңгелетіп жүрсе, қожалық иесінің жұбайы Салиха апамыз есеп-қисапты өз мойнына алған, бұдан бөлек тума-туыстары да қолдарынан келген көмегін аямауда.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Зеленов ауданы


Алда – Каспий

Күні: , 167 рет оқылды

DSC_0191


Дәстүрлі «Жайық – Орал» тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық, туристік экспедициясы өткен бейсенбіде Тайпақ ауылдық округіндегі Шабдаржап елді мекені тұсына аялдады. Осымен 20-рет Жайық бойымен жүзіп отырған Қазақстан – Ресей өкілдерін тұрғындар ыстық ықыласпен қарсы алды. Осында аудан әкімінің орынбасары Тимур Шиниязов құттықтау сөз сөйледі.


— Өзеннің экологиялық ахуалын зерттеп, қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеріп келе жатқан сіздердің биылғы сапарларыңыздың ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналуы өте сүйінішті-ақ, — деді ол. – Өткен жылдары ауқымды іс тындырдыңыздар. Соның қорытындысымен қос мемлекетті қосып отырған Жайығымыздан бақ таймауы үшін екі елдің басшылары тиісті келісімге қол қоюы жоспарда бар. Осы жайтты естіп-біліп, халқымыз қуанып отыр. Сіздердің жұмыстарыңыз екі елдің тарихының терең қатпарларын ашуда, мәдени мұраны сақтауда да орны зор.

Т. Шиниязов саяхатшыларға Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап шығарылған «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты кітаптың бірнеше данасын сыйлады.

Қоғам қайраткері, экспедиция жетекшісі Елена Тарасенко қолдау танытқан ақжайықтықтарға зор алғысын білдірді. Ол Орынбор аумағынан басталған жүзулері жайында кеңінен баяндап, транс-шекаралық өзеннің экожүйесін қалпына келтіруге байланысты міндеттерді саралады. «Біз жүрген жерімізде, міне, 20 жылдан бері халықтар достығын, бірлігін, ата-бабаларымыздың еңбегін, ерлігін әспеттеп, мысалы, Жұбан Молдағалиев сияқты ақиық ақынды да көрші елге танытып жүрміз», — деді Е. Тарасенко. Ол экспедиция жұмысына көмекке талай жылдан бері атсалысып жүрген аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматоваға «Жайық – Оралдың» естелік медалін тапсырды.

Жайықтың арғы-бергі тарихы жайында жазылған «Бассейн Урала» атты кітабын экспедиция мүшесі Александр Чебелев ауыл әкімдігі мен кітапханасына табыс етті. Орынбор қаласы әкімдігінен оқушыларға спорт құралдары тапсырылды.

Әйгілі қаламгер, сазгер, өнертанушы І. Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін көркемөнерпаздар Е. Талапов пен А. Таудаева меймандардың құрметі үшін қос тілде шырқап берді. «Толқын» бишілер тобы орындаған «Руский танец» биіне көпшілік қошеметпен қол соқты.

Тайпақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғайнолла Садыров жүзушілерге ақ жол тіледі.

Алда – кәрі Каспий.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН


Жариялау науқанының аяқталуына бес ай қалды!

Күні: , 175 рет оқылды

1457001873_legalization


Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 30 маусымдағы №213-V «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына (әрі қарай – заң) сәйкес 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін мүлікті жариялау науқаны жүргізілуде.


2016 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша мүлікті жариялау комиссияларына 426 өтінім түскен. Олардың 130 өтінімі кері қайтарылып, 292 нысан (объект) жарияланған. Төрт өтінім қарастырылу үстінде. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт  жоспарының 41-қадамында Мүлікті және қаржыны заңдастыру рәсімдерін оңайлату мақсатында қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген. Осыған орай мүлік пен қаржыны заңдастыруды реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді.

Ақшаны  заңдастыру

Бүгінде ақша қаражатын екі әдіспен заңдастыруға болады. Оның біріншісі — ақшаны банк шот-тарында көрсету арқылы заңдастыру. Екінші деңгейдегі банктен немесе «Қазпошта» акционерлік қоғамы бөлімдерінде ағымдағы шот ашып, соған ақшаңызды аударып, кейіннен оны өзіңіздің қалауыңыз бойынша жұмсай аласыз. Мысалы, бизнеске саласыз, жылжымайтын мүлік сатып аласыз немесе жай ғана банктік шоттан қолыңызға шешіп аласыз. Бұл жерде сізден ақшаңызды жариялағаныңыз үшін 10% алым алынбайды. Екіншісі – шетелдегі немесе қолма-қол айналымда жүрген ақша қаражатын банк шоттарында көрсетпей жариялау. Бұл жерде бюджетке жариялайтын ақша қаражатының жалпы сомасынан 10% алым төленеді. Жоғарыда аталған екі жағдайда да мүлікті жариялау субъектісі мемлекеттік кіріс органдарына белгіленген нысандағы декларация тапсыруға міндетті.

Мүлікті  заңдастыру

2016 жылдан бастап мүлікті жариялау рәсімдері де оңайлатылды. Ендігі жерде Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан, бірақ өзге тұлғаға рәсімделген мүлікті заңдастыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына белгіленген нысандағы декларация мен тиісті құжаттарды тапсыру жеткілікті. Шетелде орналасқан мүлікті де заңдастыру осылайша жүзеге асырылады. Яғни осыған дейін мемлекеттік кірістер органдарында болған комиссиялар таратылып, жариялау субъектісінің өтінішін қарау бес күн болып белгіленді. Ал Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан, бірақ заңнама нормаларына сәйкес рәсімделмеген мүліктерді заңдастыру бойынша мүлікті жа-риялау субъектісі жергілікті әкімдіктер жанында құрылған комиссияларға жүгінуі қажет.

Осы жерде ерекше атап өтетін жағдай, бұл – мүлікті  жариялауға байланысты кез келген мәлімет банктік және салықтық құпия болып есептеледі. Сондықтан ешкім де, соның ішінде мүлікті жариялау комиссияларының мүшелері, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері, екінші деңгейдегі банк және Қазпошта бөлімдерінің қызметкерлері мүлікті жария-лауға байланысты мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермейді. Аталған мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Осыған орай мүлікті жариялауға байланысты нақты тұлғалар, декларациялар туралы сұ-ранымдарға қандайда болмасын, ақпарат беруден бас тартылуы қажет. Сонымен қатар мүлікті жариялау субъектілері құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз қудаланудан қорғалған. Мысалы, мүлікті немесе ақшаны жариялау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауға және осы жағдайды қылмыстық істе дәлел ретінде қолдануға заңмен тыйым салынған. Сондай-ақ жарияланған мүлік тәркіленуге жатпайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, кез келген мүлік заңдастыру нысаны (объект) бола бермейді. Ондай нысандарға (объектілерге) адамның және мемлекеттің құқықтары мен бостандықтарына қарсы, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды жасау арқылы жалған ақша мен бағалы қағаздар жасау және өткiзу нәтижесінде алынған мүліктер мен ақшалар жатады. Нақтырақ айтсақ, сот тәртiбiмен оған құқықтар дауланып жатқан, Қазақстан Республикасының заңдарында оған құқықтар беруге жол берiлмейтiн мүлік, кредиттер ретiнде алынған ақша, мемлекет пайдасына берілуге жататын мүлік, құрылысы бюджет қаражаты есебінен аяқталған жылжымайтын мүлік нысандарындағы (объектілеріндегі) тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар жария етуге жатпайды.

Мүлікті жариялаудың мемлекет және азаматтар үшін пайдасы қандай?

Ақшаны жариялау науқаны азаматтар үшін де және еліміздің экономикасы үшін де тиімді. Себебі жарияланған ақша азаматтың кірісі болып танылмайтындықтан, оған салықтық ауыртпалық түсі-рілмейді. Осылайша азаматтар өзінің ақшалай қаражатын жариялау арқылы оның 10% мөлшерін үнемдей алады. «Егер мүлікті жариялау мүмкіндігін жіберіп алсаңыз не болады?» деген сұраққа жауап беріп көрелік.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 153-бабында кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерiмен айналысу, егер бұл іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрсе, не iрi мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетiн тауарларды едәуiр мөлшерде өндiрумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткiзумен ұштасқан болса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – келтiрiлген залал сомасының, алынған кіріс сомасының және заңсыз кәсiпкерлiк нәтижесiнде алынған акцизделетiн тауарлар құнының – 30 пайыз, орта кәсiпкерлiк субъек-тiлерiне – 40 пайыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 50 пайыз мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сондықтан егер азаматта ағымдағы заңнама нормаларын бұза отырып алынған кірістер болатын болса (заңның 3-бабының ерекшеліктерін ескере отырып), мүлікті жариялау науқаны жауапкерші-лікке тартылмаудың мүмкіндігі болып табылады.

Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, жергілікті әкімдіктер жанында құрылған комис-сияларға мүліктерді жариялау бойынша құжаттар қабылдау мерзімі 2016 жылдың 30 қарашасы, ал мемлекеттік кіріс органдарына құжаттар тапсыру мерзімі 2016 жылдың 25 желтоқсанына дейін жал-ғасатындығын назарға сала отырып, облыс тұрғындарын мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндікті жіберіп алмай, мүлікті жариялау науқанына белсенді қатысуға шақырамыз.

Ербол ШҮКІРҒАЛИЕВ,

облыстық қаржы басқармасы

басшысының орынбасары


«Мектепке жол» басталды

Күні: , 202 рет оқылды

Мектеп жол


Биыл республика бойынша сегіз жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Мектепке жол» акциясына үлес қосуда облыстық ішкі істер департаменті көш бастап келеді. Департамент  ұжымы  өткен оқу жылы әлеуметтік аз қамтылған  отбасылардың және жетім балалардың мектепке баруына 6 млн. теңге қаражат бөлсе, биыл 5 млн. теңге бөлуді жоспарлап отыр.


Бұл туралы кеше  облыс әкімдігінің кіші залында «Мектепке жол» акциясының басталуына орай өткен селекторлық кеңесте айтылды.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті.

– Биылғы акция тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен өткізілмек. Шара ағымдағы жылдың 1 тамызынан басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Бірнеше жыл бойы қатарынан өткізіліп келе жатқан шара оң нәтиже көрсетуде. Облысымыз бойынша сегіз жыл ішінде 117 647 балаға 534 млн. теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Былтырғы жылы акция барысында әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасының 19512 ұл-қызына 101,4 млн. теңгенің, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 11 157 балаға 51,9 млн. теңгеге қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылдармен салыстырғанда Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаратөбе, Теректі аудандары мен Орал қаласы бойынша материалдық көмек көрсету жақсы деңгейге жетіп отыр. Жыл сайын демеушілер мен бизнес құрылымдарының, жеке адамдар мен  түрлі мекемелердің белсенділігі артып, қолұшын  созып келеді. Солардың арасында үшінші жыл қатарынан көш басында тұрған  облыстық ішкі істер департаменті өткен оқу жылы 6 млн. теңгеге көмек көрсетті, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың ішінен материалдық көмекпен қамтылмай қалған оқушы жоқ екенін атап өтті.

Одан әрі Марат Лұқпанұлы аудандар бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын талқылап, акция бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп отырған  аудан басшыларына өткір сын айтып, жұмысты жандандыруға тапсырма берді.

– Алдын ала берілген мәлімет бойынша Зеленов, Қазталов, Жәнібек, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында материалдық көмекті қажет ететін балалар санының көрсеткіші жоғары. Дегенмен оларға жан-жақты көмек көрсету үшін бюджеттен қаралатын қаржы өз алдына, жеке адамдар мен бизнес құрылымдарын, демеушілерді тарту жетіспей жатыр.

Бұл тікелей Елбасының қадағалауындағы тапсырма болғандықтан, акцияға жайбарақат қарауға болмайды. Алдағы уақытта акция бойынша сараптамалық қорытынды жасалып, әр ауданның есебі тыңдалатын болады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

– Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында 96 отбасы тіркеуде тұр.

Ал осы қолайсыз  жанұяларда 300-ден астам бала тәрбиеленуде. Биыл кәмелетке толмаған жас-өспірімдердің арасында 23 қылмыстық оқиға тіркелді. Соған орай жергілікті полиция қызметінің басшылары түнгі мезгілдегі жұмысты жандандырып, рейдтік шараларды күшейту керек. Жазғы демалыс кезінде балалардың қараусыз қалуына жол жоқ. Жоғарыда аталып өткендей, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде ішкі істер органдарының полиция қызметкерлері 6 млн. теңгеге үлес қосты. Бұл – ұжымның бірлескен шешімі. Биыл да жұмыс жоспары бойынша офицерлер мен жеке құрам арасында кеңестер өткізіліп, ұсыныстар қолдау тауып, алдағы уақытта  5 млн. теңге қаржы бөлінеді деп жоспарлануда, – дейді жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин.

Жиын соңында Марат Лұқпанұлы «Мектепке жол» акциясы бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп отырған аудандарға жұмысты ширатуға тапсырма беріп, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Әбисатовқа алғысын білдірді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген

Медет ДОСЫМОВ


Ақ Жайық Иранмен іскерлік байланыста

Күні: , 185 рет оқылды

IMG_9225


Шілденің 30-31-і күндері облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған Батыс Қазақстан облысының делегациясы Иранға іссапармен барды. Делегация құрамында мұнай-газ және ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстандық компаниялардың өкілдері болды.


Сапар барысында Ирандағы ҚР елшілігі Тегеранда бірнеше пайдалы кездесулер  ұйымдастырды. Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің  Иран Ислам Республикасының мұнай өндірісі жабдықтарын өндірушілер ұйымы директорлар кеңесінің төрағасы Хайямий мен директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Лидервпен кездесуі өтті.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары мен ирандық мұнай компанияларының арасында В2В ұйымдастырылды. Мұнда біздің облыстың мүмкіндіктері таныстырылып, мұнай саласының кейбір мәселелері талқыланды.

Сапар барысында ИИР-ның Сауда, шахта, индустрия министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларымен, сонымен бірге мұнайхимиялық өндірісінің ассоциациясы және ирандық ірі компания өкілдерімен кездесулер өтті.

Сондай-ақ Альбурз провинциясында бизнес-форум ұйымдастырылып, Батыс Қазақстан облысының түрлі саладағы әлеуеттік мүмкіндіктерінің таныстырылымы болды.

Өткен келіссөздер барысында тараптар БҚО мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады.

Сапар нәтижесінде ауыл шаруашылығы, мұнайхимия, өнеркәсіп саласы бойынша екіжақты келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

Алтай  КӨЛГІНОВ,

Батыс Қазақстан облысының әкімі:

– Осы жылы Мемлекет басшысы Иранға ресми сапармен барған болатын. Сәуір айында өткен келіссөздерде сауда қатынасының дамуы үшін бизнесмендерге виза берудің жеңілдетілген рәсімдерін қарау талқыланған еді.  Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы, ғылым-білім, технология, мәдениет саласындағы серіктестікті жетілдіруге назар аударды.  Екі ел басшыларының келісімі бо-йынша біз аймақтық деңгейде жұмыс жасауды бастадық.

Облыс  әкімінің баспасөз қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика