Мұрағат: 26.07.2016


18 айда 210 сыбайлас жемқорлық қылмыс

Күні: , 213 рет оқылды

DMS_3795


Жұма күні өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен, облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша кезекті аймақтық комиссия отырысы өтті.

Бұған аудан, қала әкімдері мен мен облыс орталығындағы барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.


Бес институционалды реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамыҰлт жоспарының бірінші реформасы кәсіби мемлекет құруға, екіншісі, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. 100 нақты қадам Ұлт жоспары аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл Ұлттық бюросы құрылды. Баршамызға белгілі, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң 2016 жылдан бастап күшіне енді. Бұл өзгерістердің барлығы мемлекеттік органдардың ашықтығын, олардың қоғам алдындағы есеп беруін және жариялылығын қамтамасыз етеді, – деген Алтай Көлгінов бұл жолғы комиссия отырысында Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жәй-күйі туралы мәселе қаралатынын айтты.

Аталмыш мәселе бойынша сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Ә. Әшірбаев облыстың мемлекеттік органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы алынып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады.

– Сыбайлас жемқорлық — тұрақты түрде зерделеуді, жүйелік ұстанымды, кешенді және жедел іс-қимылды талап ететін қауіпті құбылыс. Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуға кедергі жасайды, еліміздің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді. Біздің облысымыз — Елбасының ерекше назарындағы, республикамыздағы дамуы екпінді қарқынмен жүріп келе жатқан аймақ. Осы аймақта заңдылықтың сақталуына азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығының тиісті дәрежеде қорғалуына бәріміз бірдей жауаптымыз. Елімізде жемқорлық деңгейі жоғары екені ешкімге жасырын емес. Қоғамды жайлаған бұл дертпен бүгінде барша әлем күресуде. Әлемнің 70 елінде осы мәселе басты назарда. Дегенмен, еліміз бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі бүгінде көріне бастады. Мысалы, Транспаренси Интернешнл халықаралық ұйымы жасаған сыбайлас жемқорлықтың дамуын анықтайтын картада біздің еліміз сыбайлас жемқорлық бойынша 140-орыннан 123 орынға түскен. Сондай-ақ бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша 50-ден 41-орынға келді. Бұл аталмыш бағыттағы жұмыстың нәтижелі жүріп жатқанын көрсетеді. Ұлт жоспарының 100 нақты қадамы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында жаңа құқықтық тетіктер қабылданды. Жаңа тетіктер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған адамдар мемлекетке келтірілген шығынды өтеген жағдайда, олардың жазалары жеңілдетіледі, әрі бұдан мемлекет бюджеті айта қаларлықтай толығады, — деген Ә. Әшірбаев бұған мысал ретінде еліміздегі бірқатар белгілі тұлғаларға қатысты деректерді слайд арқылы көрсетті.

– Енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің жұмысына тоқталайын. 2015 жыл мен ағымдағы жылдың алты айында департаментте 250 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, соның 210-ы, яғни 84 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 330,5 млн. теңге, осының 263,9 млн. теңгесі, яғни 80 пайызы қайтарылды. Сыбайлас жемқорлық жасады деп күдік келтірілген 84 тұлғаның қылмысы мойындалды. Олардың 15-і — облыстық, 24-і – аудандық, 40-ы қалалық және бесеуі аудандық деңгейдегі қызметкерлер. Өкінішке орай, осы-лардың 23-і мекеменің бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыстық департаменті анықтаған қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша сот шешімдерімен белгіленген айыппұл көлемі 309,8 млн. теңгені құрады. Көрсетілген мерзім аралығында 62 мемлекеттік қызметкер мен оған теңестірілген тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қатысты 135 қылмыс жасады. Бұл жөнінде нақтырақ айтар болсам, әкімдік пен оның құрылымдық бөлімшелері қызметкерлері тарапынан жа-салған қылмыстар саны — 82 (27 қызметкер), ІІД жүйесі қызметкерлері – 21 (18 қызмткер), Инвестиция және даму министрлігі бойынша – 9 (5 қызметкер), Ұлттық экономика министрлігі – 9 (4 қызметкер), Қаржы министрлігі – 7 (4 қызметкер), Әділет министрлігі – 3 (1 қызметкер), Ауыл шаруашылығы министрлігі — 2 (2 қызметкер), сот жүйесінің қызметкерлері – 2 (1 қызметкер). Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың дені бұрынғыша ІІМ қызметкерлерінің еншісінде қалып отыр. Соңғы 1,5 жыл ішінде БҚО ІІД-ның 15 қызметкері және құқық қорғау қызметінің тағы басқа саласы бойынша үш қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұған нақты мысал келтірер болсам, Орал қалалық ІІБ №2 Абай полиция бөлімшесіне қарасты тірек пунктінің учаскелік инспекторлары Шуақбаев пен Увалиевтің қаланың орталық базарында тұтыну тауарларын сатумен айналысатын адамдардан жүйелі түрде пара алып отырғаны анықталды. Сот шешімі бойынша аталған қызметкерлердің әрқайсысына 7,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мүліктері тәркіленді. Олар құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызмет атқару құқынан айырылды. Сондай-ақ Инвестиция және даму министрлігі БҚО бойынша көлік бақылау инспекциясының бес қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мысалға айтар болсақ, аталған мекеменің Төреханов дейтін бас маманы үлкен жүк маши-насын көлік бақылау бекеттерінен кедергісіз өткізу үшін біреуден 900,0 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталды. Сондай-ақ теміржол көлік-терін бақылау бөлімінің басшысы Мұқанов «Орал» бекеті арқылы өтетін теміржол пойыздары бригадирлерінен оларды қорғап, тиісті тексерулерді болдырмау үшін пара алып отырған. Мұндай жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып жүрген теміржол көліктерін бақылау бөлімінің басшысы ұсталып, бүгінде оның қылмыстық ісі қаралуда.

2015 жыл мен ағымдағы жылдың алты айы ішінде облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментінің үш қызметкері мен облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бір қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Валихан Разов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылып, оған 6,9 млн. теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде сот шешімі шығарылды. Бұған қоса оның дүние-мүлкі тәркіленетін болды және оған мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Қаржы министрлігі саласынан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің үш қызметкері және облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бір қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мысалы, облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Ақсай» кеден бекетінің жетекшісі Сатаев бір кәсіпкерден жалпылама қамқорлық жасап, қорғағаны үшін және тауарларға декларацияны кедергісіз рәсімдеу үшін 925,0 мың теңге көлемінде пара алған. Осы қылмысы үшін Сатаев айыпталып, оған 55,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды және дүние-мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Серикопов та жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қорған болғаны үшін және жалға орын тауып бергені үшін жүйелі түрде пара алып отырған. Бұл қылмысы үшін аталған азаматқа 43,0 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жоғарыда мен әкімдік пен құрылымдық бөлімше қызметкерлерінің үстінен 82 іс қозғалғаны жөнінде айттым. Осы істер бойынша 27 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұлар жөнінде нақтырақ айтар болсам, білім саласы бойынша – 18 қылмыстық іс (12 қызметкер), денсаулық саласында – 33 қылмыстық іс (үш адам), ауыл шаруашылығы саласында – 9 қылмыстық іс (бір адам), облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу саласында – 5 қылмыстық іс (бір қызметкер), Құрылыс және архитектура саласында – 4 қылмыстық іс (үш адам), Жер қатынастары және жер пайдалануды қадағалау саласында – 4 қылмыстық іс (екі қызметкер), әкімдер мен әкімдік қызметкерлері – 3 қылмыстық іс (екі адам), Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау саласында – 2 қылмыстық іс (екі адам), Энергетика саласында – 2 қылмыстық іс (екі адам), Сот жүйесінде 2 қылмыстық іс (бір адам).

Сыбайлас жемқорлық жағдаяты білім саласында жиі кездеседі. Соңғы 1,5 жыл ішінде білім саласының 12 өкілетті қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Теректі аудандық білім бөлімінің басшысы Шүкірова (Чукурова) біліктілік категориясын беру үшін қарамағындағы мұғалімдерден пара талап еткен және оны ақшалай түрінде алып отырған. Бұдан басқа ол пара бергендерді мектеп директорлығы қызметіне кедергісіз қабылдаған. Шүкірованың (Чукурованың) бұл қылмыстары дәлелденіп, оған 18,9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Және парақордың дүние-мүлкі тәркіленіп, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасай алмайтын болды. Сондай-ақ №45 орта мектептің директоры Ф. Даумова жеке кәсіпкерден орындалған жұмыс жөніндегі актіге кедергісіз қол қойғаны үшін 71,0 мың теңге көлемінде пара алған. Осы қылмысы үшін Ф. Даумова қылмыстық жауапқа тартылып, оған 3,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Даумова да мемлекеттік қызметті өмір бойы атқара алмайтын болды. Денсаулық сақтау саласы да – жемқорлық жағдаяттары көп тіркелген салалардың бірі. Мысалы, облыстық «Қарағайлы» туберкулез санаториясының бас дәрігері Мұқашева мен оның жұбайы Қазыбаев 2011-2015 жылдар аралығында санатория қызметкерлерінің көмегімен аталмыш мекемеде ем алып жатқан науқастардың санын шамадан тыс көп етіп жалған көрсету арқылы 47,0 млн. теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын қымқырған. Олар санаторияда болмаған, бірақ тізімде бар науқастардың тамағы мен дәрісі үшін бюджеттен қаражат бөлгізіп, оны жалған кәсіпкерлердің есепшотына аударту арқылы олжалаған. Бұл қылмыстық іс қазіргі кезде сот орындарында қаралуда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында екі қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма қызметкері Бисенбиев әкімшілік құжатты толтырмағаны үшін біреуден 40 мың теңге көлемінде пара алып, ұятты болды. Осы ісі үшін Бисенбиев айыпты деп танылып, оған 2,4 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды және ол мемлекеттік қызмет атқару құқынан өмір бойы айырылды, — деген Ә. Әшірбаев бұдан әрі өзі жетекшілік ететін департаменттің Мемлекеттік және Үкімет бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қадағалайты-нын жеткізді. Оның сөзінше, 2015 жылы және үстіміздегі жылдың алты айы аралығында 23 сыбайлас жемқорлық жағдаяты мен жеті қызмет бабын пайдаланған құқықбұзушылық анықталған. Осыған байланысты 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Бұдан соң сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жақсат Мұратов, облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы М. Ғабдуллин, Теректі ауданының әкімі М. Мұқаев, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Т. Қонақбаев, облыстық көлік бақылау инс-пекциясының басшысы Т. Еділбаевтар сөйлеп, олардың әрқайсысы өз саласы бойынша сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыс жасаған қызметкерлерді анықтау нәтижелері бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндады.

Жиын соңында облыс әкімі тағы бірқатар мекеме басшыларына сөз беріп, олардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


Бақша баптағандар

Күні: , 175 рет оқылды

IMG_3442


Талов ауылдық округінің байырғы тұрғыны Ғилым Қажығалиев ағайынды жігіттердің басын қосып, ауылдан 15 шақырымдай жерден бес гектар жер алып, бақша дақылдарын өсіруде.


— 2009 жылдан бері Сарыөзеннің жағасынан жер алып, Қайдар, Асылхан, Сәлім Ғұбашев сынды аға-інілеріммен бірге осы кәсіппен шұғылданып келемін. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, жазғы каникулға шыққан кезде ылғи да ауылдың жанындағы бақшалыққа барып, ертеңнен кешке дейін жұмыс істейтінмін. Сонда жүріп 8-сыныпқа дейін соғыс ардагері, плантатор Паня ағайдан біраз нәрсе үйрендім. Содан қалған дағды шығар, бақша баптап, көкөніс өсірген өзіме қатты ұнайды. Көктем шыға осында келіп, жер баптаумен шұғылданамыз. Қолымыздан келген агротехникалық шараларды атқарамыз. Қазір бақшалықта қияр, қызанақ, қауын, қарбыз, картоп, қырыққабат, қызылша, сәбіз, асқабақ сияқты тоғыз түрлі дақылдар өсірілуде, — дейді Ғилым Кәрімұлы.

Бақша Сарыөзеннен қос мотормен аптасына бір рет мейірі қандырыла суарылып, арамшөптері оталып отырылады. Бақшалықтың басында үйлері бар. Бағбан Ғ. Қажығалиев өнімнің санына емес, сапасына қатты мән береді. Сондықтан да бұлардың ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдері тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Әбден пісіп-жетілген көкөністерін жергілікті тұрғындарға, көршілес Борсы ауылына, сондай-ақ аудан орталығындағы жәрмеңкеге апарып өткізеді.

— Бізде жер жетеді, алдағы уақытта бақшаның көлемін әлде де ұлғайтып, тамшылатып суару қондырғысы мен трактор алғымыз келеді, — дейді бақша баптаған жан.

Жақсыбайлық Жақсыбек Қаратаев та Сарыөзеннің бойынан бақша салып, үш гектардай жерге қияр мен қызанақ, қауын-қарбыз отырғызған. Егілген көкөністердің қай-қайсысы да нитрат, химикат дегендерден ада. Бақшаны күтіп-баптау жұмыстарына екі адам тартылған. Алқап дизель моторы арқылы суарылады. Дайын болған бақша өнімдерін ауылдастарына, іргедегі Қазталов ауданының Қараоба ауылына, Жәнібек ауылында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге апарып саудалайды.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ,

Жәнібек ауданы


Бір айда 15 мың блок-кірпіш

Күні: , 176 рет оқылды

IMG_0461тастар


Аудан орталығының тұрғыны Әлнұр Битимбаевтың «Битимбаева С.» жеке кәсіпкерлігі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге несие алып, жуырда керамзитті құрылыс блок-кірпішін құятын цех жұмысын бастап кеткен болатын.


Цех төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кірпіш беріктігі де цех басшысының өз тексеруімен тиісті нормалары сақталынып шығарылмақ. Қажетті керамзит шикізаты Ақсай қаласынан тасымалданып, жергілікті коммуналды шаруашылықтың су тасушы көлігі сумен қамтып отыр.

Бүгінгі таңда аталмыш цех толық қуатында жұмыс жасап тұр, кәсіпорын ауласындағы әдемі жиналған кірпіштер – осының айғағы. Жас кәсіпкер осы қарқынмен бір айда 15 мың блок-кірпіш шығаруға болатынын айтып отыр. Аудан көлемінен жаңа тапсырыстардың түсе бастағанын да жеткізді. Жұмысты кідіртетін мәселе де бар болып шықты, ол Орал қаласынан әкелінетін шағыртас (щебень), керамзит және цемент материалдарының жеткізілуі.

— Алдағы аптада бетон шығыршықтарын (кольцо) жасау және жол жиектемелерін (бордюр) құю жұмыстарын бастамақшымыз, — дейді Ә. Битимбаев.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы


Ардагерлердің аймақтық семинары

Күні: , 172 рет оқылды

DSC_0362ардагерлер


Қаратөбе ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің аймақтық семинары өтті.


Қатысушылар алдымен аудан орталығындағы әлеуметтік нысандар мен мәдени орындарға саяхат жасап, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.

Семинардың пленарлық бөлімінде Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шараларды өткізудегі облыс ардагерлер ұйымдарының жұмыстары турасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов баяндап, ардагерлерге қолдау көрсету, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу бағытында әңгіме өрбітті.

Қаратөбе аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – бес институ-ционалдық реформаны жүзеге асырудан туындайтын жастарды патриоттық және еңбекке тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарға тоқталып өтті.

Жиында Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сәуле Бисенғалиева ардагерлермен ұйымдастырылатын шығармашылық жұмыстар барысы турасында баян етті.

Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Галимов аудандық ардагерлер кеңесінің қоғамдық ұйымдар және үкіметтік емес мекемелермен бірлесіп, тәрбиелік мәні бар мәдени-көпшілік шараларды өткізу тәжірибесімен бөлісті.

Бөрлі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Мырзағалиев, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Шыңғырлау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабырғали Самиев жастар тәрбиесіндегі ардагерлердің рөлі мен еңбегі елеулі тарихи тұлғаларды жастарға үлгі тұту мақсатында дәріптеу арқылы тәрбие бе-ру төңірегінде ой қозғады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық фестивалінің ережесі және өткізілуі жөнінде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің мәдени және спорт жұмысы жөніндегі комиссиясының төрайымы Гүлсім Қадешова ардагерлердің белсенділігіне ризашылығын жеткізіп, мәдени шараларға қатысып тұруға шақырды.

Семинар соңында аудандардағы ардагерлер кеңесінің жұмысына зор үлес қосып жүрген бірқатар ақсақалдар облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданыф


Жаңаөмірде – жаңа дәріхана

Күні: , 171 рет оқылды

5аптекар


Шаған селолық округінің орталығы Жаңаөмір ауылында халық асыға күткен дәріхана ашылды.


Жеке кәсіпкер Д. Кондрашев ауыл тұрғындары мұқтаж болған нысанды қолға алып, өз ісін соңына дейін жеткізді. Расымен, Жаңаөмір ауылында осы күнге дейін дәріхана болмаған еді. Ауырып ем іздеген тұрғындар қалаға баруға мәжбүр болатын.

Дәріхананың ашылу салтанатында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ж. Нығметов пен округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы В. Полищук құттықтау сөз сөйледі.

— Ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінетіндердің саны да артуда. Бүгін өз кәсібін бастап отырған жеке кәсіпкер Д. Кондрашев шағандықтарға жаңа дәріхана қызметін ұсынып отыр. Дәріхана ашуда кәсіпкер өз қаржысына иек артқанмен, болашақта кәсібін кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр. Жалпы, ауданымызда кәсіпкерлердің қатары жыл сайын 3-4 пайызға көбейіп келеді. Бұл жақсы көрсеткіш деп есептеймін, — дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жандос Нығметов.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы


Үздік бастауыш партия ұйымы анықталмақ

Күні: , 199 рет оқылды

DMS_4652сулеймен


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында аталмыш филиал төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесті.


Кездесуде «Қазақстан – 2021:

Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы, партиялық жобалар мен бастауыш партия ұйымдары, «Жас Отан» жастар қанатының жұмысы, «Нұр Отан» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайланғандығы, «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы туралы айтылды.

«Қазақстан – 2021: Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында Саяси кеңес бюросы отырысында облыстық мәслихат депутаттары қатарынан партиялық тәлімгерлер мен сараптама топтары және олардың құрамдары бекітілген. Бүгінде бұл бағытта арнайы жоспар жасақталып, жұмыс жүргізілуде екен. 2016 жылдың бірінші шілдесіндегі мәлімет бойынша филиалдағы партия мүшелерінің саны 33331 адамды құраған. Олар 271 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Жыл басынан бері партия қатарына 6926 адам қабылданыпты. «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты саяси доктринасы бойынша нақты әлеуметтік топтардың мәселесін – ардагерлер, егде адамдар, мүгедектер, жастар, балалар, аналар мен бизнестің мәселелерін шешуге бағытталған тоғыз ірі партиялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облысымызда 149 595 жас тұратын болса, олардың 10 312-сі «Жас Отан» жастар қанатының сапында. 2016 жылы облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында «Нұр Отан» партиясы атынан 195 депутат сайланған. Олардың 26 пайызын әйелдер құраса, тоғыз пайызы жастардан тұрады екен. Үстіміздегі жылдың бірінші тамызынан бірінші желтоқсанға дейін «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы өткізілмек. Байқаудың басты мақсаты – үздік бастауыш партия ұйымын анықтау және олардың жұмыс тәжірибесін елдің барлық аймақтарына тарату, сондай-ақ партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну мақсатында білікті және белсенді бастауыш партия ұйымы төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру болып отыр.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мемлекеттік сатып алу жүйесіне өзгерістер керек

Күні: , 164 рет оқылды


Өткен аптада кәсіпкерлердің өңірлік палатасында жергілікті кәсіпкерлердің басқосуымен мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кейбір мәселелер және оларды жетілдіруді талқылаған жиын өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов төрағалық етті.


Мемлекеттік сатып алу жүйесі кәсіпкерлерді көптен мазалап келе жатқан мәселелердің бірі. Жиналғандардың барлығы өз ойларын ортаға салуға тырысты. Кәсіпкерлердің бірі жұмыс көлемі аяқталғанша құрылыс материалдарының қымбаттап кететіндігі ескерілмейтіндігін алға тартса, енді бірі төлемақының жұмыс уақытында бірден емес, жарты жылдан кейін кешігіп берілетіндігіне наразы. Олардың айтуынша, еліміздегі шетелдік кен игеруші компаниялардың тапсырысына қол жеткізу оңай емес, алдын ала ақпарат берілмейді, бұл көптеген кедергілерге жол ашады. Сондай-ақ отандық өнімнің сапасы өзгелерден кем түспейтінін айтқан жергілікті кәсіпкерлер «Қарашығанақ» секілді ірі кен игеруші компаниялар өздеріне қажетті тауарды тек ағылшын жабдықтарынан жасалуын қатаң талап ететініне наразы. Ал жергілікті кәсіпорындар шикізатты көбінесе Ресей елінен әкелетіні белгілі. Соған байланысты жергілікті кәсіпкерлер көп жағдайда кен игеруші кәсіпорындар жарияланған тендерлерден қағыс қалып жатады.

— Бізде кен игерушілерден алдын ала ақпарат алу мүмкін емес. Қолымызда компанияның сұранысына сай қажетті материалдар бола бермейді. Соның салдарынан талапқа сай ғимаратты салып үлгере алмайтындықтан, тапсырыстан қағыламыз. Олар біздің осы әрекетімізді сылтауратып, Еуропадан дайын өнімдер әкеледі. Егер алдын ала толық ақпарат берілсе, бұған жол бермес едік. Бұл мәселе облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы арқылы шешімін тапса деген тілегіміз бар, — дейді «Василец» ЖШС директоры Алексей Василец.

Әйткенмен, бұл сұрақ жиында басы ашық күйінде қалды. Жергілікті қамтуға әрі мемлекеттік сатып алуға қатысты тағы бір мәселе бюджеттік ұйымдар да, кен игеруші кәсіпорындар да төлемақыны жұмыс жасалып болғасын бірден емес, жарты жылдан кейін кешігіп төлейтіндігі. Мұндай әрекеттің сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы мүмкін екенін айтады.

— Неге біздің өнімге бірден қаржы төленбейді. Біз құбырларымызды аталған жерге апарамыз, кепілдік береміз. Барлық сынақтан, техникалық қадағалаудан өткіземіз. Айталық, өткен жылы Орал қаласындағы коллекторды жөндеуге диаметрі 1000 мм құбыр салдық. Ақшасын жарты жылдан кейін төледі. Өйткені мердігер мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс көлемінің бәрін аяқтап бітірмей, мемлекет бізге ақша бермейді деген сылтауды айтады. Осының кесірінен біз шығынға ұшыраймыз. Бұл мені ғана емес, барлық әріптестерімді мазалайтын сұрақ, — деді «Орал сауда өнеркәсіп компаниясы» ЖШС директоры Василий Крылов.

Басқосуда талқыланған екінші мәселе — мемлекеттік сатып алуда қымбаттау коэффициентінің ескерілмейтіндігі. Яғни белгілі бір нысан құрылысы аяқталғанша, бастапқыда көрсетілген құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кететіні ұмыт қалады. Соның салдарынан құрылысшылар шығынға ұшырап, ұтылады. Кәсіпкерлер бұл мәселені айтудай-ақ айтып келгенімен, нәтиже болмай келеді.

— Құрылыс кәсіпорындары немесе басқа да мемлекеттік сатып алуға, кен игерушілердің тендерлеріне қатысушы компаниялар бар. Бәрімізге күш біріктіру керек. Яғни жобалау деңгейіндегі жұмыстарға, мердігерлік жабдықтау шараларына да бірігіп қатысуға тиістіміз, — деген БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин кәсіпкерлер тарапынан белсенділік керектігін алға тартып, айтылған ұсыныстардың барлығын құзырлы органдарға жеткізетіндігін айтты.

Келесі жылдан бастап Атыраудағы теңіз кен орны мен Ақсайдағы Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобалары басталмақ. Жергілікті кәсіпкерлер бұл істен сырт қалмай тендерге қатысып, тауар, қызмет, жұмыс көлеміне қол жеткізулері тиіс. Жиынға қатысқан «Қарашығанақ» компаниясының өкілдері өздеріне айтылған сын мен ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдап, өзара келісіммен жұмыс істеуге уәде берді.

Мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамту мәселелері қызу талқыланған жиында кәсіпкерлер тұрақты кәсіпорындарға мемлекеттік тапсырыс жүйесінің енгізілуі, мемлекеттік сатып алу жүйесін жеңілдету бойынша да ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Қазақстандықтар Рио олимпиадасына визасыз баруы мүмкін

Күні: , 179 рет оқылды

20160725115132на сайт


АСТАНА. ҚазАқпарат – Кеше ҚР Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары Мұхтар Тiлеубердi мен Бразилияның Қазақстандағы елшiсi Деметрио Буэно Карвальо Қазақстан мен Бразилия үкiметтерi арасындағы екi ел азаматтарының визасыз сапары туралы келiсiмге қол қойды.


Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, бұл келісім тезірек күшіне енсе, Қазақстан азаматтары он күннен кейін алауы желбірейтін Рио олимпиадасына визасыз баруға мүмкіндік алады.

«Қазақстан азаматтары сыртқа шыққан кезде визасыз немесе визаны жеңілдетіп алу жүйесін құру туралы Елбасының тапсырмасы бар. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Міне, Бразилия мен Қазақстан арасында келісімге қол қойдық. Бұл келісім бойынша, екі ел азаматтары бір-біріне отыз күнге дейін визасыз сапарлар шеге алады. Өздеріңіз білесіздер, Бразилия – Латын Америкасында өз деңгейінде көтерілген мемлекет. Сондықтан біз үшін бұл өзгерістің маңызы зор. Әрине, келісімді толықтырамыз, қазіргі кезде осындай өзгеріс керек. Өздеріңіз білесіздер, он күннен кейін Бразилияда олимпиада ойындары басталады. Сондықтан жақын арада осы келісімді күшіне енгізіп, біздің азаматтарымыз олимпиада ойындарына визасыз барады деп үміттенеміз», — деді келісімге қол қойғаннан кейін М. Тілеуберді.

Вице-министр атап өткендей, бұл келісімнің Қазақстан үшін тағы бір тиімді тұсы Бразилия азаматтары келесі жылы ЭКСПО көрмесіне визасыз келе алады.

«Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, Бразилия азаматтарының саны көп ел. Екі жүз миллионнан астам халқы бар. Сондықтан келесі жылы Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017»-ге қонаққа Бразилиядан көп қонақ келеді деп үміттенеміз», — деді ойын түйіндеген М. Тілеуберді.

Айта кетейік, кеше қол қойылған келісім сондай-ақ екi елдiң ынтымақтастығын дамытуға, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, туристiк және өзге байланыстарды нығайтуға, әсiресе, екi ел азаматтарының өзара сапарларын жеңiлдетуге бағытталған.


Судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтаңыз!

Күні: , 152 рет оқылды

kupanie2


Жыл сайын жазғы шомылу маусымында Батыс Қазақстан облысы аумағында ғана емес, жалпы республика көлемінде суда қайғылы жағдайлар жиі орын алып отыр.


Ағымдағы жылы облыс аумағында 13 адам суда қаза болса, соның ішінде үшеуі жасөспірім. Сонымен қатар бір жасөспірімнің денесі іздестірілуде.

Соңғы қайғылы оқиға Ақжайық ауданы Чапаев ауылында орын алды. 21 шілде күні 13 жасар үш жасөспірім қыз суға түсуге арналмаған жерде, ата-аналарының қарауынсыз суға түсіп, соңы екі қыз баланың қазасымен аяқталды.

Судағы төтенше жағдайлардың басты себептері, азаматтардың құтқарушылармен күзетілмейтін су айдындарында демалуынан, шомылуға жабдықталмаған және арналмаған жерлерде шомылуынан, судағы қауіпсіздік талаптарын білмеуінен және оларды ұстанбауынан, ішімдік ішіп шомылуынан, жүзе білмеуінен, балалардың су жағасында ересектердің бақылауынсыз қалуынан болып отыр.

Яғни азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан, арты қайғылы жағдаймен аяқталуда.

Судағы негізгі қауіпсіздік ережелері:

– тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда, ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылыңыз;

– шомыла білмей белден жоғары суға түспеңіз;

– шомылу кезінде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз, әсіресе, балаларға қадағалауды күшейтіңіз;

– жағадан алыс, қойылған белгіден ары жүзіп кетпеңіз;

– жүзе білмей, дөңгелекті, үрлемелі матрасты пайдаланбаңыз;

– жүзіп келе жатқан катерлер мен қайықтарға жақындамаңыз;

– қайықтан, көпірден және кеме аялдайтын орыннан суға секірмеңіз;

– суға көп шомылмаңыз, аса тоңып және шаршап қалуларыңыз мүмкін;

– түнгі уақытта және мас күйлеріңізде суға шомылмаңыз.

Құрметті ата-аналар, мұғалімдер, балаларды сауықтандыру лагерьлерінің, туристік фирмалардың және демалыс зоналарының басшылары!

Балаларды қатаң бақылаңыздар, оларды үлкендердің бақылауынсыз қалдырмаңыздар. Балаларға тек арнайы жабдықталған орындар мен жерлерде үлкендердің қадағалауымен ғана шомылуға рұсқат етіңіздер. Балаларға үрлемелі матрастармен, камералармен, тақтайлармен, үрлемелі ойыншықтармен жүзуге қатаң тыйым салынады. Оларды жағадан жел немесе ағын алысқа алып кетуі мүмкін, ал бұл көмек көрсетуге қиындық туғызады.

Азаматтар! Суда абай болыңыздар! Судағы қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын қатаң сақтаңыздар.

Естеріңізде болсын! Егер де сізге қауіпті жағдай төнсе, сізге көмек қажет болса, «112» Құтқару қызметінің телефон нөміріне қоңырау шалыңыздар.

Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті


Бақытты балғындар ән салды

Күні: , 162 рет оқылды

IMG-20160721-WA0088


Теректі ауданының орталығындағы «Ақбота» бала-бақшасында «Өркендеу» этномәдени орталығының ұйымдастыруымен «Біз бақытты баламыз» атты сазды кеш өтті.


ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай және ұлттар арасындағы достықты нығайту мақсатында өткен шарада кішкентай бүлдіршіндер белсенділік танытты. Өнер әлеміне енді қанат қаққан талапты балғындар қазақ, үнді, испан билерін билеп, тәтті тілдерімен Отан туралы тақпақтарды жатқа айтты. Сонымен қатар әсем әндер орындалып, ата-аналар қауымы балаларының таланттарына тәнті болды. Шараның бас ұйымдастырушысы «Өркендеу» этномәдени орталығының төрағасы В. Шиннің осындай мәні бар шараларды қолға алуы алғаш емес.

– Балалардың таза күлкісі мен шексіз қуаныштарын көзбен көргенге не жетсін?! Еліміздің болашақтары саналатын бүлдіршіндерге көп көңіл бөлуіміз қажет. Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы солардың қолында. Сондықтан шаралардың көбін балалармен байланыстырғанды жөн көрдім. Алдағы уақытта оқушылар арасында шығармалар байқауын өткізу жоспарда бар. Оған да ауданымыздың барлық жастарын атсалысуға шақырамын. Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті. Сөзімнің дәлелі – балғындардың көзіндегі жарқыл мен ата-аналардың алғысы, — дейді орталық төрағасы.

Шара соңында «Өркендеу» этномәдени орталығы атынан балабақша ұжымына бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика