Мұрағат: 23.07.2016


Саратовта «Ерке сылқым» шалқиды

Күні: , 183 рет оқылды

IMG_20160526_182907


Махамбет атындағы БҚМУ-дың жолдауымен Ресейдің Саратов қаласындағы Н. Чернышевский атындағы СМУ-да ғылыми-тәжірибелік тағылымдамада болып қайттық.


Сапар барысында магистрлік диссертация тақырыптарымен бөлістік, тәжірибе алмастық, семинарларға қатыстық. Кейін өзімнің салам бойынша домбыра өнерінің жағдайы мен дамуын білу мақсатында ондағы домбырашы-ұстаздарды іздестірдім. Сөйтіп, Жазира есімді ұстаздың “Азия” кафесіндегі кішігірім жұмыс бөлмесіне келдім. Бөлме іші қазақы бағытта барынша әшекейленіпті. Сабақ оқушылар айнала отырған аласа жер үстелде өтіп жатыр. Қатысушылар қатарында ересектер де бар екен. Олар нота парақтарын ежіктеп оқып, әр түрлі күйлер мен әндерді орындап отыр. Оқушылармен танысып, Орал қаласында “Ақжелең” атты мектеп-студиямның барын, онда өздері секілді оқушылармен қатар ересектерге де домбыра үйрететінін айттым. Әсіресе, украин ұлтының 61 жастағы А. Величко есімді ақсақалдың домбыра үйреніп жүргендігі  оларды  таңғалдырды.

Саратовтық өнерпаздар репертуарларындағы Құрманғазының “Балбырауын”, Ә. Желдібаевтың “Ерке сылқым”, Қ. Ахмедияровтың “Алтын ұя”, М. Әубәкіровтің “Талас” сынды күрделі күйлермен қатар біраз әндер арқылы қазақы тойларда, Алғай, Дергачи, Маркс және басқа да көптеген ауылды мекендерде өнер көрсетіпті.

– Наурыз мейрамы қарсаңында Саратов облысына келген бұрынғы БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев өнерімізді тамашалады. Мереке барысында домбырашыларға ризашылығын білдіріп, «Бізден қандай көмек керек?» деді. «Алты домбыра, қазақтың сахналық үлгідегі алты ұлттық киімі керек еді» дедім. Бірер аптадан кейін Оралдан сұраған дүниелерім жетті. Қатты қуандым. Бірде Алтай Көлгінов те (ол кезде Орал қаласының әкімі) өнерімізге тәнті болып, байланыс телефонын қалдырып, «Қандай көмек қажет? Хабарласыңдар» деді. Ел ағаларына өте ризамын. Осы сұхбатты пайдалана отырып, оларға алғысымды жеткізгім келеді. Үйірмені Саратовтағы қазақ кәсіпкерінің қолдауымен «Азия» кафесінің бір бөлмесінде жүргізудеміз. Әрине, арнайы оқу ғимараты болғанын қалаймын. Жастар қазақтың домбырасына көбірек үйір болса екен деймін. Өзім туралы айтар болсам, Жазира Аралқызы Жақсыбаева (Тамашева) – 1975 жылы 6 қарашада Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келдім. 1994-1999 жылдары Құрманғазы атындағы саз колледжінің вокал мамандығы бойынша тәмамдадым. Бітірісімен Саратовтың Ершов ауылында қазақ жігітімен тұрмыс құрып, кейін дәм-тұзымыз жараспады. Айдана, Дияр есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырмын. Денсаулығыма байланысты І топ мүгедегімін. Сол себепті Саратов қаласынан ұзақ уақытқа алысқа шыға алмаймын.

Оқушылармен жұмыс барысында әдіс-тәсілдерім жетпей жатады. Әйтпесе, біраз ізденіп, көптеген ойларымды жүзеге асырар едім, — дейді  Жазира.

Бірер күн қол қойылымы, саусақтарды дұрыс басу, басқа да әдістермен жұмыстанып, сабақ бердім. Алдағы уақытта ғаламтор арқылы сабақтар жүргізіп, тәжірибе алмасуға әзір екенімді айттым.

Осынау сапардан түйгенім, біздің тарапымыздан Ресейдегі домбырашы мамандарды оқыту, арнайы курстарға шақыру, оқу орталықтарын қалыптастыру, ансамбль, оркестр құрылуына жағдай жасау секілді жүйелі жұмыстар жүргізілсе деймін. Тәжірибемнен өткендей, домбырамен әр түрлі ән айту арқылы қазақ тілін үйрететін арнайы бағдарламалар жасақтап, жүзеге асыруға болады. Өзім ашқан “Ақжелең” мектеп-студиясы үш жылға жуық уақыт бойына қала тұрғындарын домбырамен күй тартып, ән айтуға үйретіп келеді. Кейін дәл осындай студия күй астанасы атанған Жаңақала ауданындағы Рухани орталықта да ашылғаны қуантады.

Домбыра өнері – тек  Қазақстанда ғана емес, Ресейде де дамып, қолдау көрсе деймін. Ұлы күйші  Құрманғазы бабамыздың Ресейдің Алтынжар топырағында жатқаны осыны меңзейтіндей.

Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

домбырашы-ұстаз,

БҚМУ-дың магистранты


Олимпиада қатысушыларына қолдау

Күні: , 189 рет оқылды

DMS_2682


Осы аптада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған және «Олимпиада қатысушыларына қолдау көрсету» ұранымен «Ұлт рухы» тақырыбында этномәдени бірлестіктері ұжымдары арасында облыстық жарыс оздырылды.


Теннис орталығында өткен жарыстың ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы әкімінің  орынбасары  Марат Тоқжанов, БҚО  Қазақстан халқы ассамблеясы  хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов сөз алып,  қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа қатысқан 300 спортшы шағын футбол, волейбол,  дойбы, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен сайысқа түсті.

Аталмыш додаға «Еділ – Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Масис» армян бірлестігі, «Кәріс этномәдени бірлестігі», әзірбайжан  «Бірлік» мәдени-ағартушылық қоғамы,  «Еднання» украин этномәдени бірлестігі, «Грамада» этномәдени бірлестігі және жеті ауданнан келген командалар қатысты.

Екі күнге созылып, тартысты өткен жарыста Ақжайық ауданының командасы ерлер арасындағы волейболдан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан бірінші орынды иеленіп, командалық есепте алға шықты. Ал Сырым ауданынан келген спортшылар әйелдер арасындағы волейболдан, шағын футболдан, тоғызқұмалақтан оза шауып, жүлделі екінші орынды иеленді. Жарыстың үшінші орны бөрлілік спортшыларға бұйырды.

Жеңімпаз командалар мен жекелеген аталым иелеріне БҚО  Қазақстан халқы ассамблеясы атынан бағалы сыйлықтар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан дипломдар мен кубоктар табыс етілді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Хан зиратында 526 құлпытас

Күні: , 831 рет оқылды

DMS_2435


Жуырда «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратының конференц-залында «Қазақстанның араб жазуындағы эпиграфикасын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық семинар өтті.


Оған өңірімізге іссапармен келген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі дінтану кафедрасының меңгерушісі, профессор Әшірбек Муминов, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова, сондай-ақ жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар қатысты.

— Құлпытастарды зерттеу бағытындағы жұмысымызды осыдан үш жыл бұрын бастаған болатынбыз. Алғашында өз күшімізбен елу құлпытастан тұратын жинақты даярлап, оны жұртшылыққа таныстырар сәтте өңірімізге Әшірбек Құрбанұлы бастаған ғалымдар тобы келген еді. Сол сапарда ғалымдар біздің көрсетуіміз бойынша жергілікті мамандарға түсініксіз болған күрделі жазбалы құлпытастардың мәтіндерін оқып, сырын ашты. Олар өлкеміздегі көне құлпытастарды нақты жобалар арқылы ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызы аса жоғары екенін мәлімдеген болатын. Нәтижесінде ғалымдардың тікелей бастамасымен және министрліктің қолдауымен «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері негізінде)» атты ғылыми жоба жасақталды. Қазіргі уақытта жұмыс мерзімі үш жылға белгіленген жобаның уақыт жағынан бел ортасына келдік. Осы жиында аталмыш жоба аясында атқарылған істер қорытындыланбақшы, — деді семинардың модераторы, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жиынды ашқан кіріспе сөзінде.

Әшірбек МУМИНОВ,  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі дінтану кафедрасының меңгерушісі, профессор:

— Қазақ құлпытастарын зерттеудің халықаралық маңызына, әлемдік ғылымнан алатын орнына тоқталып өтпекшімін. Жалпы біздің атқарып жатқан ісіміз жергілікті деңгейдегі жұмыс емес, әлемдік тұрғыда зор маңызға ие зерттеу болып табылады. Бізге дейін араб эпиграфикасын зерттеу бойынша көптеген ғалымдар жұмыс жасаған. Өткен ғасырда дүниежүзілік шығыстану ғылымында француздардың орны үлкен еді. Олардың араб эпиграфиясын зерттеген еңбектері 1931 жылдан бастап шыға бастаған. Бұл бағыттағы жұмыстар Каирдегі француз институтының басшылығымен басталған. Оны алғаш болып Макс Ламбершн деген ғалым қолға алған. Қазіргі уақытта оның оқушысы Людвиг Калюс және француздың танымал профессоры Жан Руи Баки Громон секілді көптеген ғалымдар осы жұмыста бас қосып, әлемде ислам діні пайда болғаннан кейінгі ең ескі ескерткіштерден бастап хронологиялық тәртіпте хижри жыл есебінің бірінші жылынан басталатын араб жазуларын жариялап келеді. Бұл тұрғыда алғашында тек қана араб әлеміне мән берілсе, кейін иран, сондай-ақ жер шарындағы өзге де аймақтарға ден қойыла бастады. Ол жарияланған жазулардың маңызы әлем цивилизациясы тарихы үшін өте зор. Соңғы кезде аталмыш бағыттағы зерттеу жұмыстарында кейбір аймақтардың мүлде қамтылмағаны мәлім болып отыр. Осыған дейін араб жазуларының байлығы жағынан иран жері бірінші орында деп есептеліп келген болатын. Бірақ кейінгі мәліметтерде орталық Азия одан кем түспейді деген пікір айтыла бастады. Бірде француз институтында Қазақстаннан бірде-бір құлпытас немесе өзге эпиграфикалық жазу туралы жарияланым да, әлемдегі ғылымның бұл жайында хабары да жоқ екені туралы мәселе көтерілді. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысының өзінде 50-60 мың эпиграфикалық жазу бар деген болжам айтылып отыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ, жер жүзіндегі ислам цивилизациясының зерттелуі толық емес деген қорытындыға келеміз. Сондықтан маман ретінде бұл жұмысқа барлық ғалымдар атсалысуымыз қажет екендігін айтар едім. Елімізде архитектуралық ескерткіштерді зерттеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Оған бізге дейінгі зерттеушілер Малбағар Меңдіқұлов, Серік Әжіғалиевтің кітаптарын мысал ретінде келтіруге болады. Олар ескерткішті зерттегенімен, ондағы жазуларға мән бермеген. Бі-рақ соның өзі біздің болашақта істейтін жұмыстарымызға негіз болады. Жалпы Орталық Азиядағы құлпытастардың тарихы терең. Материалдық жағынан қарастырсақ, Х ғасырға жататын Самарқандтан табылған тас күйдірілген кірпіштен жасалған. Одан кейінгі Қараханилар кезінде қайрақтастар қолданыла бастады. Қазір Айтжан Шаймерденқызымен бірлесіп X-XIV ғасырдағы ғұламалардың қабірстаны болған Самарқанд қаласындағы чакардизаның жазуларын басылымға дайындап жатырмыз. Құлпытастар тек қана қайтыс болған адамдардың құрметіне қойылған емес. Ол сол кездегі қоғамда үстем болған идеологияның ұстанымдарын жеткізу функциясын да атқарған. Қазақ құлпытастарына қатысты айтар болсақ, араб жазулы эпиграфика немесе құлпытастар ислам орталықтарынан шыққан дәстүрлі мәдениетті біздің жерімізге әкелді десек, екіншіден, оны ғұн, көк түріктері және одан кейінгі қазақ хандары заманынан келе жатқан төл дәстүріміздің де жалғасы ретінде қарастыруға болады. Бүгінде біз ескерткіштерге құлпытас, сандықтас деп өзіміз ат берудеміз. Ал ондағы мәтіндерді өз қолдарымен жазған адамдар қалай атады? Олар балбал деген сөзді қолданған екен. Бөкей ордасы ауданына қарасты Хан зиратындағы құлпытастарда осындай терминнің кездесетінін күні кеше ғана ондағы зерттеу жұмыстарына қатысып келген Айтжан әріптесіміз мәлімдеп отыр. Бұл көне ғұн, түрік заманынан келген дәстүрдің бүгінге дейін жеткенін көрсетеді. Сондықтан XIX-XX ғасыр құлпытастарына берідегі ескерткіштер деп немқұрайлылық танытуға болмайды. Одан бұрынғы заманның тастары жойылып кеткенімен, қазіргі бар ескерткіштерді ескі бір дәстүрдің жалғасы ретінде қарауымыз керек. Қазақ құлпытастарының функциясы көп болған. Мен солардың екі-үшеуін ғана атап өтейін. Біріншіден, мемлекеттік шекара белгісі ретінде қызмет атқарған. Ондағы таңбаларға қарай отырып, қазақ мемлекетінің территориясы қай жерлерге дейін созылғанын анықтауға болады. Тарихта отырықшылық мәдениетке көбірек мән беріліп жүр. Ал көшпелі қоғамға назарымыз аз ауады. Құлпытастағы ру, тайпа, ауыл, бөлім аттарының жазылуында үлкен мақсат болған. Ол сол кездегі қоғамның ішіндегі ынтымақ, бірліктің болуын, бір-біріне ағайын, жанкүйер адамдар екенін, орта ғасырлардағы дәстүрлі қоғамда бірлік қандай күшті болғанын көрсеткен. Жуырда Жапонияда болғанымызда, Токио халықаралық зерттеулер университетінің ұжымымен сөйлестік. Олар отарлық замандағы Қазақстан тарихын зерттеп жатыр екен. Олардың жұмыстары мұрағат құжаттары негізінде жүргізілуде. Мен олардан «Сіздер біржақты көзқараспен зерттеудесіздер. Құжатқа сенім үлкен. Алайда сол кездегі жағдайды білдіретін қазақ қоғамының ішінен болған ескерткіштеріңіз бар ма?» деп сұрадым. Олар «Біздің жұмысымыз осы жағынан әлсіз» деді. Бізде отарлық кезең болды. Қазіргі біз жасап отырған уақыт – постколониалдық кезең. Сол себепті ғылымда стереотиптер толып жатыр. Мәлім мүдделер мақсатында бізге өтірік құндылықтар, жалған ақпараттар беріледі. Өздеріңіз жақсы білетіндей, сол негізде жазылып жатқан оқулықтар да бар. Бірақ жаңа Қазақстан тарихын жазу, оны тәуелсіздік кезіндегі тың деректер негізінде қалыптастыруда осы құлпытастар тақырыбын көтерген өте тиімді. Жапон зерттеушілерімен болған сұхбатымыздың соңында олар «Бірігіп жұмыс жасайық, сіздер жинаған материалдардың бір бөлігін шығаруға жәрдемдесейік» деген бағыттағы ұсыныстарын айтты. Меніңше, бұл болашағы бар бастамалар деп есептеймін. Себебі тек Қазақстанда емес, өзге батыс елдерінде, Ресейде немесе Қиыр Шығыс мемлекеттерінде бұл тақырыпқа қызығушылық жоғары. Осындай жобаларға қатысамыз деген ниеттері де бар. Соңғы кезде Көкшетау  өлкесіндегі  және Жәңгір хан кешеніндегі құлпытастарды салыстыра зерттеудеміз. Алғашқы табылған аз ғана материалдардың нәтижелері сенсациялық болып шығуда. Жапониядағы сапарымызда дүниежүзілік көлемде мәдени құндылықтарды сақтау, оларды қалпына келтіру, сандық технологияға жазып алып, болашақ ұрпақтарға жеткізу мәселесіне мән бердік. Жапон елінде бұл бағытта үлкен орталықтар жұмыс жасайды. Сөйтіп, Жапония ешбір мәдени құндылықтың жоғалып кетуіне жол бермейді. Ал біздің қоғамға қарайтын болсақ, құлпытастар өте тез жойылып барады. Қоршаусыз ескерткіштер мал сүйкенсе сынып кетуде, түрлі табиғи, экологиялық әсерлерден жазулары көмескіленіп жатыр. Сондықтан оларды өте жедел түрде есепке алу керек. Мұндай құндылықтарды сақтаудың ең қолжетімді түрі – оларды жариялау.

Айтжан НҰРМАНОВА, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты:

— Құлпытастарды зерттеу жобасының бастамасын 2014 жылы Батыс Қазақстан облысына іссапармен келгенімізде көріп, қолға алған едік. Сол жолы және оған дейінгі жасалған алғашқы жұмыстар институтымыздың басылымына енді. Ол елу бет көлеміндегі мақала болып, шағын каталог ретінде жарияланды. Мысалы, Есімхан Нұралыханұлы, Көкшетау маңайынан табылған Уәлихан Абылайханұлы, Жәңгірхан Бөкейханұлы және Түркістанда жерленген хансұлтандардың, сондай-ақ қазақ даласында өмір сүрген би-батырлардың құлпытас деректері қазақ тіліндегі басылым болып шықты. Олардың қатарында Мәтен қожаның, Атыраудағы музейде сақталып тұрған Құрманғазы күйшінің, одан бөлек Мұса Шорманұлының, Оспан Құнанбай-ұлының құлпытастары бар. Оған көптеген тарихшылар үлкен қызығушылық танытты. Қазіргі уақытта құлпытастар бойынша басылымның жарыққа шыққанын күтіп отырған кісілер өте көп. Жоба аясындағы биылғы экспедициямызға тоқталар болсақ, осыған дейін Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің ғылыми бөлім меңгерушісі Гүлмәру Мырзағалиева Жәңгір хан зиратындағы араб қарпімен жазылған 113 құлпытасты оқыған болатын. Бұл жолы біз сол жерден  одан басқа 200-дей тасты оқып зерттейміз деп келген болатынбыз. Алайда қазба жұмыстарының арқасында ондағы хатталған құлпытастар саны 526-ға жетті. Мұның өзін соңғы көрсеткіш деп есептемейміз. Өйткені әлі де қазылмаған жерлер қалды. Моншаның іргетасына салынып кеткен құлпытастар да бар екен. Олар да зерттеліп толықтырылады деген ойдамыз. Экспедиция жұмысын жүргізуге Алматыдан Дина Медерова екеуміз келген болатынбыз. Бізге Қазбек Құттымұратұлы, Мұратбек Жахатов, Гүлмәру Самиғоллақызы секілді жергілікті мамандар қолұшын созды. Бөкей ордасының музей қызметкерлері де көмілген тастарды күннің 45 градус ыстығында қазып, тазалап беріп зор көмек жасады. Мұндай көмек болмағанда, бір аптаның ішінде осынша көлемдегі жұмысты тындыру мүмкін емес еді.

Таңғы сағат жетіден кешкі тоғызға дейін қорымның басында жұмыс жүргіздік. Одан шыққан нәтиже де өте маңызды. Мысалы, қазып алынған бір құлпытаста ханның қасында болған белгілі дін адамының қай жылы имам болғанын, қанша жыл ахундық құрғанынан, қанша жыл өмір сүргені туралы үлкен мәлімет сақталған. Мұндай құлпытастар сирек кездеседі. Оның тағы бір ерекшелігі – әдетте марқұмға тас белгіні ата-анасы, ұл-қызы, бауырлары орнатса, мұнда сол кісінің ықыласынан бір саудагер кісі өз еркімен қойыпты. Құлпытастың жан-жағына сүрелер, ал артқы бетіне шағын өлең жазылған. Құлпытас топыраққа көміліп қалғандықтан жақсы сақталған. Қорымда Жәңгір ханның өзі және оның әулеті, хан-сұлтандар, олардың әйелдері мен ұл-қыздары жерленген. Сонымен қатар саудагерлердің құлпытастары өте көп. Мұның өзі осы жерде үлкен сауда орталығы болғандығын көрсетеді. Кей тас-тарда Ішкі ордалық князьдар нәсілінен, төре руы, старшын, қожа, мударис, молда, указной молда, имам, тархан, хан төлеңгіті, дамолла, тәржімашы деген терминдер кездеседі. Бір әйел затының өзіне бірнеше термин қолданған. Мысалы, бұрыннан белгілі халалы, зәужасы, оның сыртында мәнкухасы, хатуны деген сөздер бар.

Дәрігерлер де жерленген. Олар тәбиб деп кездеседі. Қази, ахундар, тас шеберлеріне де өте көп белгілер орнатылған. Тас жазып тұрушы, тас қашаушы деген кісілердің өздерінің де құлпытастары сақталған. Шағатай тіліндегі мәтіндер өте көп, Парсы тіліндегі өлеңдер жазылған. Сондай-ақ ол қорымға көптеген ру-тайпалардың өкілдері жерленген. Татар саудагерлерінің қай аймақтан келгендігі туралы деректер де бар. Мұның бәрі Жәңгір хан маңайына жиналған кісілердің биографиясын жасақтауда өте маңызды болып есептеледі. Тастағы жазулардан оны қашаушылардың жоғары деңгейдегі білімді адамдар болғаны да аңғарылады.

Жиын барысында аталмыш жобаға қатысты аудандардағы жұмысшы топтардың атқарған істері туралы тыңдалып, бұл бағытта жіберілген кемшіліктерге байланысты сын-ескертпелер айтылды. Семинарға қатысушылар эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеудің маңызы және оны жетілдіру туралы ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Бағдаршамның жыры бітетін түрі жоқ…

Күні: , 165 рет оқылды

кОЛИК 1


«Орал өңірі» газетінің 2015 жылғы 13 қаңтардағы №4 санында «Қай қиылысқа бағдаршам қажет?» атты мақала жарияланған болатын. Көпшіліктің көкейіндегі мәселе қала тұрғындары, қоғамдық және жеңіл көлік жүргізушілері, қала берді, жаяу жүргіншілер арасында сауалнама жүргізу арқылы көтерілген еді.


Іле-шала редакция тарапынан осы мәселелердің анық-қанығын, шешілу жолдарын нақтылай түсу үшін Орал қаласының әкімдігі мен қалалық ішкі істер басқармасының назарына қызметтік хат та жолданды. Жоғарыдағы материал газет бетінде жарық көрісімен ғаламтор арқылы қолдаушылар мен пікір айтушылар көбейді. Олардың бірсыпырасы «Сайттан ескен самал» айдарымен газет бетінде тағы жарияланды.

Құзырлы құрылымдардан көп кешікпей төмендегі мәтінмен жауаптар келіп жетті. «Бағдаршам орнатылмақ» деген қуанышты тақырыппен газеттің келесі санына тағы мақала бердік. Дегенмен оқырман қозғаған орынды мәселе әлі күнге дейін нақты шешімін тапқан жоқ. Бала кезімізде айтылып, орындалмаған нәрсені үлкендердің аузынан «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген сөз тіркесін естуші едік. Бұл мәселеге де сол сөз келетін сияқты ма?

Жоғарыда айтқанымыздай, келіп жеткен жауаптарды оқырманның, қала берді, құзырлы органдардың ойына тағы бір қайталап салсақ: «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Б. Ғұбайдуллинге. Сіздің 2015 жылғы 21 қаңтардағы бағдаршам орнату туралы №411 хатыңызға орай Орал қаласының әкімдігі келесіні мәлімдейді. Бүгінгі таңда Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімімен, қаланың көше-жол желісінің ескі үлгідегі алты бағдаршам нысанын ауыстыруға жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, одан басқа қаланың жаңа шағынаудандар салынуымен және апатты әрі қауіпті көше қиылыстарында жаңадан бағдаршам нысандарын орнатуға жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде. «Орал өңірі» газетінің оқырмандары көтеріп отырған орындарға бағдаршам нысандарын орналастыру ұсыныстары, жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау комиссиясында қарастырылатын болады. Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғ. Орынғалиев».

Ал Орал қалалық ІІБ басшысы, полиция полковнигі М. Ғабдуллиннен келген жауап мәтіні төмендегідей: «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Б. Ғұбайдуллинге. Сіздің 2015 жылғы 21 қаңтардағы бағдаршам орнату туралы №411 хатыңызға орай Орал қалалық ІІБ ӘПб инспекторлары бағдаршам орнату мәселелері бойынша тексеріс өткізді. 2015 жылы Пугачев пен Чагана Набережная көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жоспарланып отыр, басқа орындарға бағдаршам қаражат түсуіне байланысты орнатылады».

Оқырман келісетін шығар. Екінші хатқа көз жүгіртсек, тіпті көңілге мол үміт ұялатып тұр… Дегенмен газет оқырмандарының өздері көтерген өткір мәселені газет бетіне жариялағанымызға да бір жыл жарым уақыт өтіпті. Сол уақыттан бері көлік жиі кептелетін, жаяу жүргіншілер көп өтетін жерлерде бағдаршамның жоқтығынан қаншама жүргінші жарақат алып, мүгедек атанды. Ең өкініштісі, қаншама адам қайғылы қазаға ұшырады?!. Ал ондай оқиғалардың алдағы уақытта да орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан бағдаршамның жыры бітер түрі жоқ, әзірге «Сақтансаң, сақтармынды» мықтап ескеріп жүргеннен басқа амал жоқ, жүргінші…

 Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Мәңгілік махаббат жыры

Күні: , 200 рет оқылды

02_3


Бейсенбі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков пен ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешеваның «Мәңгілік махаббат жыры» атты кездесу кеші өтті.


Жастар шығармашылығының ұйымдастыруымен өткен шараға өнерсүйер қауым көп жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Ақ Жайық атырабына ат басын бұрған өнер тарландарына Ақ Жайық жұртшылығының атынан ризашылығын білдірді.

— Сіздер өмірлеріңізді өнерге арнап, кино мен театр өнерінің талай биік белестерін бағындырып келесіздер. Бүгінгідей зор құрмет пен ел-жұрттың ыстық ықыласына табиғи дарын және адал еңбектеріңізбен қол жеткіздіңіздер. Киелі сахнада қол ұстасып келе жатқан сіздерді көрермен қауым махаббат символы ретінде құрмет тұтады. Ал сіздер-дің ғибратқа толы өмірлеріңіз өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге, — деді өз сөзінде Марат Лұқпанұлы.

Өздерін тек қазақ елі емес, сол кездегі Кеңес Одағына әйгілі еткен «Қыз Жібек» фильмінен бөлек, М. Әуезов атындағы академиялық театрдың сахнасында талай кейіпкерді сомдап жүрген қос саңлақ жиылған жұртшылықпен емен-жарқын әңгімелесті. Ақтарыла сыр айтқан Меруерт Өтекешева «Қыз Жібек» фильміне түсудің оңай болмағанын айтады.

— Сол кезде мен 10-класта оқитынмын. Киноға түсуге кастинг өтіп жатқаны туралы хабарламаны көрген бойда киностудияға өзім барып, суретке түсіп кеттім. Біраз уақыттан соң бізді өнер көрсетуге шақырды. Сол кезде еліміздің әр түкпірінен жиналған 400-500-дей кілең әдемі қыздарды көргенде шошып, кері кетіп қалғым келді. Бірақ мені алғаш қабылдаған киностудиядағы Ғалия апа тоқтатты. Әрине, әңгіме өте көп болды. Бірақ белгілі өнер тарландарының ортасында ойнайтын болғандықтан, өз рөлімді нашар ойнауға қақым жоқ еді. Өнер саңлақтары Фарида Шәріпова, Гүлфайруз Исмаилова, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов сынды әріптестерден көп нәрсе үйрендім. Халыққа танымал өнер жұлдыздарының ортасына түскенде мен мектептен енді ғана келген бойжеткен болатынмын. Бірақ олар мені өнерге баулыды.

Кинофильмнің бас режиссері Сұлтан Қожықов өте керемет адам еді. Шындығында, «Қыз Жібек» фильмі арқылы маған өнер жолы ашылды. Сондықтан да мен өте бақыттымын, – деп сөзін сабақтаған актриса сол жылдардағы «Қыз Жібек» фильмінің афишасы болған плакатты облыстық өлкетану музейіне табыс етті.

Ал әу-бастан-ақ жұртшылықты әзілімен баураған Құман Тастанбеков Қыз Жібек пен Төлегенін емен-жарқын қарсылаған Жайық жұртшылығына ризашылығын білдірді.

— «Қыз Жібек» фильмінің көрерменге жол тартқанына 45 жыл болды. Киноға түсу оңай болған жоқ. Аш болған кездеріміз болды. Тамақ күтеміз, одан қалды түсірілетін кинокадрларға қажетті күн райын бағып, «Жаңбыр қашан жауады, күн қашан шығады?» деп күтеміз. Көп көріністер фильмге енбей қалды. Бірақ ол материалдар бар. Бүгінгі кездесуде облыс әкімі Алтай Сейдірұлы «Қыз Жібек» фильмі қалай түсірілді?» деген деректі фильмді түсіруге қолдау білдіретінін айтты. Біз бұған қуаныштымыз, — деді.

Көрермендерге рухани азық сыйлаған шуақты шарада сөз алған ақын Ақұштап Бақтыгереева махаббаттың шынайы үлгісін көрсетіп, өнерде де, өмірде де қол ұстасып келе жатқан қос ғашыққа ақ тілегін арнап, «Жүре бер арамызда ел қуантып, бүгіннің Жібегі мен Төлегені» деген жүрекжарды жыр жолдарын жолдады. Кездесу кешіне жиналған жұртшылықтың ішінде аудан-ауылдардан арнайы келген көрермендер де аз болған жоқ. Екіжақты диалогқа құрылып, шынайы әрі жанды өткен кездесу кешінде көрермендер өнер саңлақтарына көкейдегі сұрақтарын қойды. Желаев кентінің тұрғыны Төлеген Қопашев Қыз Жібек пен Төлегенге Жайық бойынан ескерткіш орнатылса деген ұсынысын білдірді. Кештің жүргізушісі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бұл орынды ұсыныстың осыдан төрт-бес жыл бұрын облыстық «Орал өңірі» газетінде көтерілгенін тілге тиек етті. Ал Құман Тастанбеков бұл ұсынысқа өз ойын былай жеткізді:

— Тараз қаласында үлкен саябақта Қыз Жібек пен Төлегенге арнап биіктігі үш метрдей ескерткіш орнатты. Содан кейін Қызылорда облысындағы Арал қаласындағы мәдениет үйінің алдында Жібек пен Төлегенді екі тұлпарға мінгізіп, ескерткіш тұрғызды. Жайық елінде де махаббаттың символы болған Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнатылса, қандай жарасымды! Шындығында, шаңырақ көтерген жастар баратын жер болу керек. Осындай ойларыңыз болса, біз құрметпен қараймыз.

Әсерлі өткен кездесу кешінде белгілі актриса Меруерт Өтекешева жастарға қаратып, «Махаббат бар, оны аялай біліңдер!» деген өсиетін айтты. Ал Құман Тастанбеков сүйікті жарына ел алдында махаббат әнін шырқап, жұбайлар сыйластығының шынайы үлгісін көрсетті. Кездесуге жиналған жұртшылық әсерлі әңгіме, әуезді ән, күмбірлеген күй тыңдап, бір жасап қалғаны анық. Кеш соңында көрермендер өнер жұлдыздарымен естелік суретке түсіп, қолтаңба жаздырып алып жатты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі “


Маңызы зор келісім

Күні: , 159 рет оқылды

IMG_9537


Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітуге арналған жиын өтті.


Іс-шаралар жоспарында «Қазақстан – 2050» стратегиясын тиімді жүзеге асыру, Президентіміз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» бағдарламасын ілгерілету, сараптамалық және пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру, «Достық үйі» мен «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдаулары негізіндегі әріптестік-әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Аталмыш шараға «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.

— «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясы Елбасы саясатының басты бағыты – саяси тұрақтылық, қоғамдық және ұлтаралық келісім мен береке-бірлікті қамтамасыз етуге әрдайым бірлесе атсалысуымыз керек. Елбасымыз «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясы арасында тығыз ынтымақтастық орнату мақсатында нақты тапсырмалар берген болатын. Екеуара ынтымақтастықтың негізі 2013 жылы қалан-ған еді. Содан бері «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясы бірлескен іс-шаралар жоспарын құрып, бір мақсат, бір мүдде үшін қызмет атқарып келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз осы ынтымақтастықты одан әрі дамыту болып отыр, — деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен. Сонымен қатар басқосуда БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов, облыстық мәслихат депутаты, кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пак, Жайық-Орал казактар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вячеслав Солодилов екіжақты келісімнің маңыздылығы туралы өз ойларын ортаға салды.

Шара соңында бірлескен, екіжақты іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Күні: , 181 рет оқылды


Өткен жылы  елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданды. Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Аталмыш сала қордағы қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік беруді көздейді және  мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулық сақтау бойынша ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Барлық деңгейдегі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тегін денсаулық сақтаудан медициналық сақтандырудың айырмашылығы осында. Медициналық сақтандыру міндетті және ерікті сақтандыру жолымен жүзеге асырылады.


Өзге елдердегі секілді бізде де инфекциялық емес аурулардың көбеюі, денсаулық сақтау саласын заманауи технологиялармен, жабдықтармен қамтамасыз ету және қартайған адамдар санының артуы мемлекет тарапынан көп шығынды талап етеді. Осы проблемаларды шешу үшін  қосымша қаржыландыру көзі керек. Иә, қазіргі таңда жұқпалы эпидемиялық ауруларды толыққанды жеңдік, ал жұқпалы емес аурулар, мысалы глаукома, қант диабеті, жүрек-қан тамыры аурулары, жарақаттану т.б. белең алып келеді және өз тарапынан көп шығынды қажет етеді. Денсаулық сақтау проблемасы жөніндегі жауапкершілік мемлекетке де, онда өмір сүріп жатқан адамдардың барлығына да ортақ болуы тиіс. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды әртараптандыру,  озық елдердегі секілді халықтың өмір сүру деңгейін көтереді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде адамдардың амбулаторлық ем қабылдауға, алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға қолжетімділігі артып, дәрігерлер жүктемесі азаймақ. Бүгінде денсаулық саласын кадрлармен қамтамасыз етуде жүйесіздіктің, кезек күту секілді көріністердің барлығы рас. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі стандарттарға жуықтатып, әр дәрігерге жүктемені 2000 адамнан 1500 адамға дейін төмендетуге қол жеткізілмек. Әрине, жүктеме азайғанда ем сапасы жоғарылайтын болады.

Жалпы еліміздің денсаулық саласында міндетті әлеуметтік медициналық жүйенің енгізілуіне кадрлар даярлау өзекті мәселе болса да, Батыс Қазақстан облысында  даярлығы жақсы, әлеуеті жоғары деңгейдегі кадрлар ресурсы бар. Облысымыздың медициналық техникалық әлеуеті де жоғары.

Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болмақ. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады.

Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА,

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары


Депутат халықпен кездесті

Күні: , 175 рет оқылды

_DSC0013


Облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Жәкібаев Зеленов ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге қоғамдық келісім кеңесі, ардагерлер кеңесі, жастар қоғамдық ұйымының төрағалары мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері келді.


Жиын басында «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров сөз алып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында мағлұмат берді. Одан соң  газ құбырларына техникалық қызмет көрсету құнының шарықтап тұрғандығы мен қызмет көрсету ісі бәсекелестік ортаға жіберілгенімен, оны белгілі бір тұлғалар алып, өздерінің шарттарын қоятындығын, онымен келіспеген жағдайда жылыту маусымы кезінде жылуларыңызды кесеміз деп қорқытатынын, ал жауапты мекеме басшылығы арыздарға құлақ аспайтындығы жайындағы мәселені зейнеткер Жігер Меңешұлы көтерсе, аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әсел Қартқожақова бруцеллезге шалдығып, көзі жойылған малға берілетін қаржының екі жылдан бері төленбей отырғандығын айтты. Сондай-ақ кездесу барысында Мүгілсім Нұржанова аудан орталығындағы Мұхтар Әуезов көшесінің шеткері жақтары күз бен көктем айларында батпаққа айналатындығы,  көшені кесіп өтетін жыра суға толып, қатынас қиындайтынын, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Нұржан Ешмұратов жастарға берілетін көтерме қаржы мен үй алуға берілер несиенің лек-легімен келіп жатқан мамандарға аздық етіп тұрғандығын көтерді.

Барлық сұрақтарды мұқият тыңдаған Мұрат Орынбайұлы ешбір мәселе ескерусіз қалмайтындығын айтып, алдағы уақытта халық көкейіндегі сұрақтарды тиісті органдарға жеткізетіндігін тілге тиек етті.

Жиыннан соң халық қалаулысы  азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Түгелбай  БИСЕН,

Зеленов  ауданы


Жергілікті полиция қызметі жетілдірілмек

Күні: , 186 рет оқылды

DMS_3693


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысумен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 5-ші сессиясы өтті. Облыстық мәслихат депутаты Жасұлан Жақыпов төрағалық еткен жиында 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және жергілікті полиция қызметінің жартыжылдық қорытындысы туралы есептер тыңдалды.


Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджеттің бекітілуі туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2016 жылға арналған кірістер 120 886 282 мың теңгені құраған. Соның ішінде салықтық түсімдер 29 395 424 мың теңге, салықтық емес түсімдер 2 088 028 мың теңге, 12 557 мың теңге негізгі капиталды сатудан түскен түсім болса, 89 390 273 мың теңге трансферттердің түсімі.  Бюджеттің шығысы 122 601 606 мың теңге, ал таза бюджеттік несиелеу 3 275 747 мың теңге, бюджеттік несие 6 516 899 мың теңге, бюджеттік несиені өтеу 3 241 152 мың теңгені құраған.

Одан әрі қала көшелері мен қоғамдық орындарда тәртіптің сақталуы, жол қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтың алдын алуда жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстары туралы облысымыздағы  жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар мен учаскелік полиция инспекторларының көмегімен ашылған қылмыстың саны 11,8 пайызға артып, азаматтардан түскен арыздар мен өтініштердің қаралуы өткен жылмен салыстырғанда 26,0 пайыздан асқан. 71 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 392 791 074 теңге айыппұл салынған.  Күні бүгінге дейін айыппұлдың 213 175 374 теңгесі (54,3 пайызы) өндіріліп алынған. Биылғы жартыжылдықта облыс бойынша 7 252 қылмыстық іс тіркелсе, өткен жылмен салыстырғанда 12,0 пайызға (6477) көбейгендігі байқалады. Алайда қылмыстың көбейгеніне қарамастан, оның ауыр және өте ауыр түрлері азайып, ашылу деңгейі 86,9 пайызды құраған. Соңғы алты айдың ішінде жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындардың 52 817  шұғыл шақыртуларына көмекке барған. Соның нәтижесінде көшеде жасалатын қылмыстар 2,2 пайызға төмендеген. Облыс орталығындағы учаскелік полиция пункттері аймағында «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша 103 бақылау бейнекамерасы орнатылған. Осы бейнекамералардың көмегімен 51 қылмыс дер кезінде ашылып, 7713 құқықбұзушылық уақыт оздырмай анықталған. Жергілікті полиция қызметінің тағы бір бағыты – жол қауіпсіздігін сақтау.  Биыл жол-көлік оқиғалары 2,5 пайызға, жарақат алғандардың саны 15,1 пайызға төмендегенімен, ажал құшқан адамдардың саны артып, 59,3 пайызды құраған. Балалардың қатысуымен 33 жолкөлік оқиғасының  салдарынан жеті бала мерт болып, 35-і әр түрлі дәрежеде жарақат алды, – деп атап өткен Манарбек Серікқалиұлы бұл саладағы күрмеуі қиын біраз мәселені алға тартты. Оның ішінде учаскелік полиция инспекторларының жан-жақты әлеуметтік қорғалмауы, материалдық-техникалық базалардың жеткіліксіздігі толыққанды жұмыс жасауға кедергі келтіретінін айтты.  Орал қаласы бойынша  екі учаскелік полиция пунктін ашу күн тәртібінде тұрса,  облыс аумағындағы 185 учаскелік пункттің 99-ы жөндеуді қажет етеді. Қазіргі күнде ауылдық  жердегі 98 учаскелік полиция пункті қажетті компьютермен қамтылмаған.  Ауылдық жерлерге әлі де 107 автокөлік жетіспейді. Тіпті 28,7 пайыз полиция қызметкері қызмет ететін жерінде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген.

Осы орайда ҚР ІІМ жергілікті полиция қызметкерлері үшін жалдамалы тұрғын үйдің төлемін қамтамасыз ету мәселесін қарастыру үстінде екенін тілге тиек етті.

Облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллиннің баяндамасындағы аталмыш мәселелерді  қанағаттанарлық деп танып, әріптестерінен қолдау сұрады.

Сессия барысында бұдан бөлек облыстағы елді мекендер аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою,  2016-2018 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар автомобиль қатынастары тізбелерін бекіту,  облыс бойынша Тексеру комиссиясы мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту, облыс әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу, облыстық мәслихат жанындағы кәсіпкерлер мәселесі жөніндегі сараптамалық кеңесінің шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Алтай Көлгінов еліміздің әр аймағында болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалар, ең алдымен, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, автокөлік жолдары мен аулалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қажет етеді деп атап өтті. – Бұл мақсаттар үшін аулалар мен автокөлік жолдарына, ірі жол қиылыстарына бейнебақылау камераларын орнату үшін жарты миллион теңге қаржы бөлінетін болады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларын 50 автокөлікпен қамтуға қаржы бөлу қарастырылуда, — деп атап өтті облыс басшысы.

Ләззат  ҒИНИЯТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


«Қыз Жібек пен Төлеген» Ақ Жайықта

Күні: , 183 рет оқылды

DMS_3218


Бейсенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов  өңірімізге гастрольдік сапармен келген Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков және ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешеваны қабылдады.


Біздің өлкеге арнайы ат басын бұрып келулеріңіз ел-жұрт үшін әрине, қуанышты жайт. – Сіздердің есімдеріңіз аталса, халық, ең алдымен, махаббаттың символы болған Қыз Жібек пен Төлегенді елестететіні анық. Сіздерді мерейлі жасқа жетулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңіз сау болып, мәдениетімізді өркендетуге үлес қосып, жастарға әрдайым үлгі-өнеге болып жүре беріңіздер, –  деген Алтай Сейдірұлы  қонақтарға сый-сияпат  көрсетті.

– Елге келмегелі көп болып еді. Бүгінгі салиқалы әңгімеміз шығармашылық турасында өрбіді. Әрине, ең алдымен, Оралдың тарихы және бізге ыстық көрінетін қара шаңырақ қазақ драма театрының бүгінгі тынысымен таныстық. Одан кейін фильмнің түсірілуі мен сол кезде кездескен қиындықтар туралы сөз қозғадық. Өйткені ол уақытта тарихи фильмнің түсірілуі күрделі болатын. Фильмнің режиссеры Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайрус Ысмайлова, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров, композитор Нұрғиса Тілендиев сынды елге танымал тұлғалардың қолқа салуымен, Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен осы фильм дүниеге келген еді. Қазақтың кино тарихындағы інжу-маржанға айналған фильмнің түсірілімі 1970 жылы аяқталып, әлемнің 76 елінің назарына ұсынылды. Биыл түсірілгеніне 45 жыл толған  фильм өз мәнін жоймай келеді, жойылмайды да. Тек бүгінгі жастар фильм туралы көбірек білсе дейміз. Біз оны дәріптеуден ешқашан жалықпаймыз, – деген сахна шеберлері сандық формат негізінде қайта жазылған “Қыз Жібек” фильмін облыс әкіміне тарту еткендіктерін айтты.

Кездесу барысында Алтай Көлгінов “Қыз Жібек” фильмі негізінде оның түсірілу тарихы мен жолдары, кездескен кедергілер мен қиындықтары туралы деректі фильм түсіру керектігін ұсынып, бұл іске қолдау білдіретінін жеткізді.

Қазақ кино және театр өнерінің қос шамшырағы осы сапарда ауыл-аудандарды аралап, халықпен жүздеспекші.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика