Мұрағат: 22.07.2016


Ақ Жайық төрінде XII Дельфий ойындары

Күні: , 103 рет оқылды

SONY DSC

SONY DSC


Жуырда Орал қаласында талантты жастарды анықтау мақсатымен Дельфий ойындарының XII облыстық кезеңі өз жалауын желбіретті.


Өңір жастарының XII ашық Дельфий ойындары облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультеті, «Ақиқат» пікірталас орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған болатын.

Шарада «Дельфий ойындары – 2014» облыстық, республикалық байқауының жүлдегерлері, сол жылы Ресей Федерациясының Орел қаласында өткен халық-аралық Дельфий ойындарының «Халық биі» аталымы бойынша лауреаттары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Арна» би ансамблі, облыстық «Дельфий ойындары – 2015» байқауының «Академиялық орындау» аталымы бойынша жеңімпазы Айдана Әжіғалиева мен «Эстрадалық ән» аталымының жүлдегері, Шымкент қаласында өткен республикалық Ұлттық Дельфий ойындары байқауының лауреаты Алтынбек Қанатқалиев, республикалық байқаулардың жеңімпазы, талантты домбырашы Ақылбек Бектасов, шебер хореограф Сұлтан Дәуітов жетекшілік ететін, ерекше заманауи билерімен танылып жүрген «Step up» би тобы өз өнерлерін ортаға салып, байқау қатысушыларын жігерлендіре түсті.

Биылғы байқауға облыс аудандарының өнер мектептері, қалалық саз және жалпы білім беретін мектептер, мектептен тыс жұмыс орталығындағы үйірмелердің тәрбиеленушілері, арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. 10-25 жас ерекшелігі бойынша байқауға қатысушылар «Халық әні», «Халық аспаптары: домбыра және қобыз»,

«Академиялық орындау», «Эстрадалық ән», «Халық биі», «Фортепиано», «Фотосурет», «Бейнелеу өнері», «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымдары бойынша екі кезеңнен бақтарын сынады.

Өңіріміздегі мәдениет пен өнер саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, ғылым кандидаттары, маман-шеберлер сынды білікті қазылардан құралған топ әр аталым бойынша жүлдегерлерді анықтап, жеңімпаздарға республикалық Ұлттық Дельфий ойындарына жолдама берді.

Ақмарал СЕРІКҚАЛИ,

байқауды ұйымдастырушы


«Гүлжазираның ертегілерінің» балаларға берері көп

Күні: , 140 рет оқылды

кашон 1


Қаратөбе ауданында туып-өскен, белгілі тележурналист Гүлжазира Берікқызының «Гүлжазираның ертегілері» атты су жаңа ертегілер жинағы шықты.


Сиқырлы кітаптың құпиясы», «Құлыншақтың анасы кім?», «Ойыны осылған мыстан», «Тәкаппар күнбағыс» т.б ертегілерден тұратын жинақ балаларға арналған.

Автор кейіпкерлері арқылы оқырманды ізгілікке үйретіп, жақсылық жасауға шақырады. Достықты қадірлеп, үлкенге құрмет көрсету, денсаулықты күту туралы ой салып, тәкаппарлық, жал-қаулық, мақтаншақтық, өтірік айту сияқты жаман қасиеттерді айыптайды.

Бүгінгі күні белең алып отырған дұрыс тамақтанбау, компьютер, ұялы телефонға телміріп, табиғаттың ғажайыптарына көңіл бөлмейтіндігі де автор назарынан тыс қалмаған. Бұрыннан келе жатқан халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер бұл кітаптағы ертегілерде өзге қырынан танылады. Отансүйгіш, еңбекқор, өнерлі аң-құстың бейнесін ашу мақсатында кітап иллюстрациялық суреттермен безендірілген. Кітаптың суретшісі – Серік Басбаев. Астана қаласындағы «Шаңырақ-Медиа» баспасынан 1500 данамен шыққан кітаптың оқырманға берері көп.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы


Егіндікөлдегі әзірет әлі ұрпақтары

Күні: , 208 рет оқылды

Тұрлығұл қыратты жазығы


Менің туған жерім Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылынан бір шақырымдай солтүстік-батыс беттегі қырлықта биік телемұнара болды. Бүгінде оның орны ғана қалды.


Бала күнімізде осы маңда ақ шаңқан киізүйлер тігіліп, ат бәйгесі секілді түрлі дала қызықтары ұйымдастырылатын. Дәл осы мекенде құдіретімен киік сауған бір арқалы адам өмір сүргендігі жайлы қызықты аңыз бар.

Асан қайғы бабаның «Қырында киік жайлаған» деген өлең жолдарын еске түсіретін бұл маңда киікоты деп аталатын қасиетті шөп өседі. «Әуелде Егіндікөлді тоғыз үй қожа мекендепті» дейтін 1927 жылы осы ауылда дүниеге келген Батырбай қарт. Әкем Набиолланың 1992 жылдың 12 шілде күні егіндікөлдік Нығмет ақсақалдан жазып алған қысқа ғана дерегінде «Тұрлығұл – киік сауған Қожа. Шегебай – оның інісі. Қыземшектен қаңтарулы арба біздің телемұнараға келіп, осында қойылған» депті. Қожа руында Киіксауған деген бөлім бар. Тұрлығұл қожаның о дүниеге аттанар шағындағы өсиеті бойынша, сүйегін арбаға салып, тертені жоғары қайырып қоя бергенде, арба өздігінен жүріп келіп, осы жерге тоқтаған екен. Сөйтіп, марқұм телемұнара болған маңға жерленіпті.

Мұнара орнының батыс бетінде бір шақырымға жуық жерде көлденең көсіліп Қазанғап сайы жатыр. Үлкендердің айтуынша, етегі сайдың арғы бетіне ұласатын қыратты жазық Тұрлығұл деп аталады. Ол жер Тұрлығұл тауы немесе Тұрлығұл төмпесі деп әрқалай атала береді. Тұрлығұлдан әрі бір-екі қыр асқанда Тіксай, одан кейін Бұлақсай бар. Жоғарыда аты аталған Нығмет ақсақал оның ұлы Еламанның айтуынша, 1920 жылдардың басында Егіндікөлге келген кезінде Бұлақсайдың суы қыр бетімен ағып келіп, осы күнгі Үштесіктің тұсынан өтіп, Егіндікөлдің оңтүстік бетінде орналасқан Калинин қыстағындағы Қосағашқа құйып, әрі қарай Қалдығайты өзеніне қосылып кететінін көзімен көріпті. Үштесік – ауылдың батыс бетіндегі Егіндікөл – Қоскөл грейдер жолының бойындағы ойпаң жерге көктемгі судың жолды бұзбай ағып өтуі үшін салынған суағар. Қазанғап сайының өзі тайыздалып барып осы Үштесікке ұласады. Осыдан ертеде бұл жерлер құрғақ қырлық емес, шаруашылыққа қолайлы, ағын суы бар шұрайлы өлке болғанын аңғаруға болады.

Мағия Меңдіғалиқызы Шегебаева – Егіндікөл ауылының тумасы. Бүгінде Ақсай қаласында тұрады. Ол — Тұрлығұл қожаның інісі Шегебайдың тікелей ұрпағы. Оған арнайы хабарласып, аталары жайлы сұрастырғанымда, жазбаша түрде төмендегідей деректерді ұсынды.

«Әкем Меңдіғали Шегебаев Егіндікөл ауылында әр түрлі жұмыстарда жасап, 1961 жылы 20 қыркүйекте дүниеден өтті. Ол кезде мен бесінші сыныпта оқитынмын. Өзі аңқау, ақкөңіл жан еді. Өз руын айтудан қорқып, екінші әйелінің (менің шешем) соғыстан оралмаған жолдасының руын (Барамық) иеленіп, соның ағайындарымен араласып өтті. «Қызым, қожамын деп айтпа, үкімет соттап жібереді» дейтін маған. Егіндікөлдің қырқасында Тұрлығұл тауы, Қазанғап сайы деген жерлер бар. Соларды атамыздың жері деп айтып отыратын. Арғы аталарымыз қайтыс болар алдында «Мені өлген соң бос арбаға салыңдар, сол арба жүріп барып тоқтаған жерге мені қойыңдар, сол жер сендерге қоныс болады» деген екен.

Әкем өмірінің соңғы кезінде демікпе болып ауырды. Сонда Қазанғап сайына анам, Таман деген ағайынымыз үшеуі түнеуге барды. Келген соң «Дұрыс болжай алмадым, 18 ай болмас, 18 жыл болмас, 18 күн шығар. Күннің алтысы ма, сағаттың алтысы ма айыра алмадым. Осы уақыттарда жанымда болыңдар» деген. Ойын баласымын, кеште сағат алтыда ойын қызып жатқанда шақырып алады. Таңғы алтыда ұйқыдан оятып алады. Сонымен әкем 18 күннен соң кешкі сағат алтыда дүниеден озды. Коммунистік тәрбие әсері болар, ол кезде ештеңеге мән бермегенмін. Жақында Егіндікөлде тұратын Тінәлиев Батырбай ақсақалмен кездесіп, біраз жайттарды білдім. Егіндікөлдің қасында «Беске» деп аталатын үлкен қауым бар, Сейтектер қауымы көрінеді. Егіндікөлде Сейтек Қалмағамбеттің Сәдені деген кісі болыс болыпты (оның Албан, Әйтекен деген екі ағасы Лубен ауылында болып, беріде қайтқан). Батырбай ақсақалдың анасы Дина әженің (ол кісі мені де баққан) айтуынша, келіндері «Адың-ғұдың қайын аға» деп атап кеткен момын адам болыпты. Әйелі көрікті кісі болса керек. «Адың-ғұдың қайын аға»-ның аздаған ұрлығы болған. Бірақ ауыл адамына тимей алыстан әкеледі екен. Сәден болыс әдемі әйелге қызыға ма, ақыры «Қайын ағаны» атып, Егіндікөлдің қасындағы (Арал мен Бескенің арасында) «Шегебай шұңқыры» деген шұңқырға тастап, бетін топырақпен жаба салыпты. Бір жылдан соң ашса, мүрде сол күйі бұзылмай сақталыпты, тек қана мұрты сарғайып түскен екен дейді. Сүйекті алып, Қарақоға мен Арал арасындағы Мосы ағашы деген жерге жерлеген.

1957 жылы Батырбай ақсақалдың үйі Қосағаш деген жерде отырады. Бір баспақ пен 500 сомға жылқы сатып алады (ол кезде Әлжан Нұрсұлтан басқарма көрінеді). Сол жылқы құлындап, құлыны есейіп қалғанда, Меңдіғали өзіне нағашы санайтын Дина әжейдің үйіне барады. Дина әжей қатты сөз айтса керек, Меңдіғали ренжіп кетіп қалады да, іле-шала құлын құдыққа құлап өледі. Артынан бір күні бұзауы ауырып тұрғанда, Меңдіғали келіп «Бұзауың өлмейді, құлағын кесіп кеттім, ал құлыныңды құдыққа салған мен» дейді. Соңынан бұзау жазылып кетеді.

Әсірәлі ақын:

«Меңдіғали қожасың,

Жеке шапсаң озасың.

Екі кісі бас қосса,

Екі көзің қызарып

Мойныңды босқа созасың» — деп өлең арнаған менің әкем «Өгіз бұзаулады» десе, нанып қалатын аңқау да адал, ақкөңіл жан еді. Бұрынғыны білетін адамдар да бітіп барады. Батырбай ақсақалмен жүздесіп әңгімелескен соң осы естігендерім мен есте қалғандарымды жұртшылыққа ұсынғанды жөн көрдім. Бір айта кетерлігі, сайға аты берілген Қазанғап – қожа руынан болса керек. Батырбай ақсақалдың айтуынша, Қазанғап деген шал есектен құлап өлген. Анам Шәкәрман «Қой күзетіп отырғанда, Қазанғапсайдың бойынан шырақ жанып, түнімен ерсілі-қарсылы жүреді» дейтін. Батырбай ақсақалдың ешнәрсені ұмытпай, адамдардың аттарын, оқиғаның айы-күніне дейін есте сақтауы таңғаларлық жайт. Мұндай шежіре адамдардың алдында қалай бас имессің» — деп жазады Мағия апай.

Диктофонымда сақталған жазбалардың бірінде «Ауылдың солтүстік іргесіндегі борлы жер ертеде Бормешіт аталған. Беті жабық, қуыс үңгір еді. Кейін үңгірдің бетін ашып тастады» — дейді Батырбай атай. Бұл әңгіме «Бормешітте аты айтып тұрғандай, Қожа Ахмет Яссауи, Шопан ата, Бекет ата хикаяларын еске түсіретін көне замандағы жер асты мешіті болды ма екен?» деген ойға еріксіз жетелейді. Мұның ықтималдығы да жоғары. Өйткені нақ осы жерді дін таратушы қожалар қауымы, соның ішінде Киіксауған бөлімі мекендеді. Ал Киіксауған атанған Назар қожа – Маңғыстаудағы пір Бекеттің тікелей нағашы атасы екені шежіреден белгілі. Маңғыстау облысынан Әлия Исаеваның «Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланған мақаласында «Көнекөз қариялар Бекет атаның батыр-лығы кәрі нағашысы Тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы Назар қожадан дарыған екен дейді» деген жолдар бар. Осы тұста жоғарыда аталған телемұнараның солтүстік бетінде бір шақырымдай жерде атақты Құныскерей үңгірі орналасқан Мессай атты сай бар екенін де айта кетейік. Ауыл үлкендері Мессай – Мешітсай (Месжид сай) дегеннен шыққан атау деседі. Ендеше, ол сайдың айналасында, не ішінде орналасқан мешіт орны болуы заңдылық. Бұл жерде де «Құныскерей үңгірі» немесе бүгінгі таңда «Каръер» атанған борлы үңгір сонау заманда үңгіп салынған жер асты мешітінің кіреберіс аузы емес пе?» деген ой қисынды түрде қылаң береді. Ауыл үлкендері бұл жерлерді кие дарыған, қасиетті мекен деп текке айтпаса керек.

Егіндікөлдегі Бормешіт орны Қазақ Совет энциклопедиясында бор өндіретін кен орны ретінде айтылады.

Алаштың ардақты жазушысы Әбіш Кекілбаев Бекет ата Мырзағұлұлының туғанына 260 жыл толуына арналған салтанатты шарада былайша толғапты: «Арғы түбі Шайқы Бұзырық Сейіттен тарайтын Сабұлт әулиенің тұқымы Назар қожа Құдай сәтін салып, Адай арасына келіпті. Жайықұлы Әлмәмбет бидің жалғыз қызы Ікәйға үйленеді. Би өлгенде қоңыр үйін сол тігіп қалып, қоңыр үйлі қожа, Ікәйді ұлан ауруынан киік сүтімен емдеп жазып, киік сауған қожа атанды. Назар мен Ікәйден туған Жәния қызды Жаналының Мырзағұлына айттырады.

… Жастайынан Назар қожа нағашысының қолында өскен Меңдіқұл да исламға айрықша ынтық болып, хафиз атаныпты. Өзі жастайынан жау қуалап батыр болып кеткендіктен, інісі Бекетті дін жолына баулыпты. Онысы ақыл болыпты. Әуелден «батырлар бұл жолы жорыққа шықсын», «бұл жолы шықпасын» деп, «сәуегей бала» атанған Бекет медреседе бірден көзге түседі. Өзбек Пахлаван Равнак, түрікмен Мақтұмқұлы Фараги, қарақалпақ Әжнияз Қосымбайұлы сынды аты мәшһүр адамдарды тәрбиелеген Хиуадағы Шерғазы медресесін бітіріп, шатырхат алып, елге оралады.

Алғашқы қызметін Үргеніштен келетін көне сауда жолының бойындағы ақ шекелек жоталардың біреуін үңгіп, мешіт салып, бала оқытудан бастайды».

Бекет атаның ақ шекелек жотаны үңгіп, мешіт салуы мен Құныскерей үңгірі, бір кездері іші үңгір, қуыс болған Бормешіт те ақ бордан үңгіп жасалғандығының өзінде бір үндестік, ұқсастық жатқан секілді.

Аталмыш баяндамада төмендегідей жолдар кездеседі: «Діни ағартушылықпен шұғылданатындардың көбі арғы тегін Мұхам-бет пайғамбарымнан бастайтын. Оның немере інісі Әзіреті Әли мен өз қызы Фатимадан туған Хасан ұрпағын Шәріп, Құсайын ұрпағын Сейіт дейтін». Ендеше, жоғарыда жазған «Арғы түбі Шайқы Бұзырық Сейіттен тарайтын Сабұлт әулиенің тұқымы Назар қожа», яғни киік сауған қожа – Құсайын ұрпағы болғаны. Олай болса, менің ауылымдағы Тұрлығұл тауы, Шегебай шұңқыры деп жер атын иеленген Тұрлығұл және оның інісі Шегебай қожалар ислам дініндегі белгілі төрт халифа, төрт шадиярдың бірі Әзіреті Әлі (Хазіреті Али) мен Мұхаммед пайғамбардың Фатима есімді қызынан тараған тікелей ұрпақтары болып шығады. Есімі айдай әлемге, исі мұсылман қауымына мәшһүр Әзіреті Әлінің тікелей ұрпағы, қасиетті Тұрлығұл қожаның асыл сүйегі бос қаңтарулы арбаның үстінде өздігінен жылжып келіп Егіндікөлдің қырқасында жерленуінің өзі осы мекеннің қаншалықты киелі екендігін аңғартса керек.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

“Орал өңірі”


Намыс найзагері

Күні: , 95 рет оқылды

ҒАБИТ


…Жер басып жүргенде-ақ көзі тірі классик һәм алты Алаштың абыз ақыны атанған Қадыр Мырза Әлімен 2002 жылы сәті түсіп бір сұхбаттасқанымда:


 — Қадыр аға, жақсы білетін кісілер сізді құмырсқадай жанкешті еңбекқор деседі. Жазудың құла бейнет екендігін еміс-еміс біз де білеміз. Өндіріп жазған бір кісі болса, сіздей-ақ болар. Жақында 15 томдығыңыз шықты. Шаршаған жоқсыз ба? — деп сұрағаным бар-ды. Сол кезде Қадағаң:

— Акуланың бір түрі уылдырықтан көбеймей, шабағын тірі туатын көрінеді. Әлгі шабақ анасының құрсағынан шыққан бойда жүзеді екен, содан өле-өлгенше жүзеді деседі. Жаратылысынан салмағы ауыр акуланың әлгі түрі егер бір сәт қанат-құйрығын қимылдатпаса, теңіздің түбіне батып кететін көрінеді. Өзім өмір бойы жұмыс үшін, яғни жазу үшін жаратылған жан сияқтымын. Сірә, енді өзгермеспін, осы күйі кететін шығармын, — деп кеңк-кеңк күлген-ді…

Өзімнің «Тыныштық іздеген ақын» деген сұхбатыма өзек болған үшбу үзіндіні алға тартып отырған себебім, 1988-93 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыған курстас досым Ғабит Мүсіреп те маған өмір бойы жазу үшін жаралған журналистиканың, әсіресе, публицистиканың Бейімбет Майлиніндей көрінеді. Естеліктерден оқығанымыздай, Биағаң жазуға кіріскенде, бейнелеп айтқанда, айналасын өрт шалып, жау шауып жатса да, еш көңіл бөлмей жұмысын жалғастыра береді екен. Құдды, біздің Ғабекең де солай! Нұрлан Қалқа екеуі тұратын жатақхананың ат айналуға келмейтін аядай бөлмесіне біреуіміз кіріп, біреуіміз шығып жататынбыз. Ал жазуға кіріскен Ғабеңнің бізде шаруасы болмай, анда-санда тершіген көзілдірігін сүртіп қойып, жазуын жалғастыра беретін. Біздің Ғабит, әйтеуір, жазу керек деп жазбайды, ол студент кезінен ізденіп, өзін-өзі үңгіп, таңдаған тақырыбының иін қандырып жазумен келеді. Міне, осылайша қолына қалам ұстағалы бері өзіне-өзі қатаң талап қоюды бұлжымас дағдыға айналдырған Іскендердің Ғабиті бүгіндері байтақ ел білетін екінші Ғабит Мүсірепке айналды. Бізге бірінші курста «Қазақ журналистикасының теориясы мен практикасы» деп аталатын пәннен дәріс оқыған профессор Тауман Амандосов академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің жас буынға қаратып айтқан «Зағип көретіндей, керең еститіндей қылып жазыңдар» деген өсиетін ара-тұра жадымызда жаңғыртып қоятын. Бүгіндері біздің Ғабең – жазу шеберлігі бірінші Ғабит Мүсірепов талап еткендей дәреже-деңгейге жеткен публицист. Ол бұл биікке ізденіс пен еңбек, оқығаны мен көрген-білгенін зердеге тоқу, оқып-тоқып, көріп-біліп, көңіліне түйген өрелі ойын қоғамдық санаға, қалың бұқараға жатық тілмен жеткізу арқылы көтерілді. Оның жылдар бойғы жемісті шығармашылық ізденісі ресми тұрғыдан да еленулі. Журналист Ғабит Мүсіреп – ҚР Президенті стипендиясының екі мәрте иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және журналистика саласы бойынша ҚР Президенті сыйлығының лауреаты. Ел газеті «Егемен Қазақстанға» тілші болып барып, осы басылымның бас редакторының орынбасарына дейін көтеріліп, кейін респуб-ликалық «Нұр-Астана» газетінің бас редакторы, «Рауан» баспа үйі» ЖШС-ның бас директоры лауазымдарын абыроймен атқарды. Журналистік іссапарлар Іскендердің Ғабитін Азия мен Еуропаның талай мемлекетін айтпағанда, Атлант мұхитының арғы жағалауындағы Америка Құрама Штаттарына дейін апарды. Бұл сапарлардан жазған Ғабеңнің репортаждары мен жолсапар очерктері өзі алдына бір төбе.

Күні бүгінге дейін публицист Ғабит Мүсіреп әр жылдары жазған мақала-материалдарының басын қосып, оқырманға «Рухыңды түсірме, ұлым!» және «Тарихты тұлғалар жасайды» атты екі бірдей публицистикалық жинақ ұсынып үлгерді. Бұл қос кітаптың қай-қайсысы да өзекжарды мәселе, көкейкесті тақырыпқа бай дүниелер. Менің Ғабит бауырымның жазған дүниелерінің атауы-ақ бірден азан шақырып, назарыңды магниттей тартып, оқуға тәбетіңді ашып тұрады. Мәселенки, Ғ. Мүсірептің «Рухыңды түсірме, ұлым!» жинағындағы «Орысша оқымасаң, орынтақсыз қаласың ба?», «Алтын алқалы аналар азайды. Неге?», «Мәладес, Миттал, Машкевич!», «Қазақ рухы қалғып кеткен секілді…», «Ататүріктен Манделаға дейін», «Сорос сияқтылар сорымызды қайнатып кетпесін…», «Діни «плацдарм», «Басы артық» балалар», «Қайран, ірілік!» деген атауларды көріп тұрып, бұл материалдарды оқымай, жылы жауып қоя салу мүмкін емес. Ал оқыған адамның өкінбесі имандай шындық! Өйткені аталмыш мақала-материалдар ащы да болса, бұлтарып-жалтартпас нақты фактілерге негізделген қазақстандық қоғамның кешегі, бүгінгі һәм келешектегі көрінісі. Ал өткен шақ пен қазіргі уақытқа қоса, келер кезеңнің ойы-қырын қамти жазу қаламгердің стратегиялық ақыл-ойға, қиядағыны көріп, қияндағыны шалатын қарым-қабілетке ие екендігін айқындайтын фактор.

Әрине, екінші Ғабит Мүсірептің «Тарихты тұлғалар жасайды» атты екінші көсемсөздік (публицистикалық) кітабы да алғашқы кітабындағыдай сәтті қойылған атауларға қоса, оқырманға ой салар дүниелерге жомарт жинақ. Тіпті Іскендердің Ғабитінің жазған дүниелерінің кейбір атаулары афоризм деуге лайық. Мысалы, «Ұлығы ұры мемлекеттің халық алдында қадірі болмайды», «Қошаметшілдік құлдыққа бастайды», «Қазақты «ұлы ұлт» ететін қыруар байлығы емес…», «Ой тұсалған жерден тоқырау басталады», «Бізге байлық емес, мінез жетіспей жүр!»… Бір қарағанда, осы сәтті атаулар қапелімде айтыла салған, ілезде қойыла салғандай болып көрінуі кәдік. Бірақ бұлардың қай-қайсысы да нәтижелі ізденістің, қажырлы ой еңбегінің, яғни таңдалған тақырыпқа сай шығармашылық толғаныстың жемістері.

Публицист Ғабит Мүсіреп өз жазбаларында афоризмдерді ұтымды пайдаланады. Бір ғана мысал ретінде Ғабеңнің «Бізге байлық емес, мінез жетіспей жүр» публицистикалық мақаласынан бірер үзінді келтірейін.

«…Мінезділердің өзі мінезсіздердің көптігінен, табансыздықтың кесірінен көбірек зардап шегетіндей. Мінездіктен сорлап отырмыз деп айтатынымыз да сол. Ел тәуелсіздікке ие болғанымен, ерлер жағы басыбайлылық қамытынан әлі құтыла алмай келеді. Басыбайлы мінез тұрғысынан. Әлихан Бөкейханов айтқандай: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Ресей, АҚШ, Ұлыбритания оқу орындарын бітіргендер кәсіби білімі жағынан емес, халықтың жай-күйін, ұлттың мұң-мұқтажын ойлау тұрғысынан олқы соғып жүр»…

 Осы мақаласын Ғабең былайша түйіндейді: «Қысқасы, қазіргі қазақ оқығандарында Жұмабек Тәшеновтің табандылығы жоқ, Жұбанның жүрек жұтқандығы тапшы болумен қатар, Асқар Тоқпановтың айбаты жетіспей жүр, сондай-ақ Баукеңнің батылдығы да керек болып тұр. Тоқетері, Кенесарыша қайырғанда, «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызып тұрған ел болмаса, қазақтың қай ісі өрге басар дейсің?!.»

Біздіңше, бұл енді қаймана қазаққа қоса, ұлтымыздың қоғамдық-саяси элитасының да ұдайы жадында болуы тиіс ұстанымдар. Жалпы, қаламгердің төл жазбаларында өзінің алдындағы тұлғаларға тиесілі қанатты сөздерді орынды пайдалануы автордың интеллектуалдық деңгейінің жоғары екендігін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оның оқырмандарының ойлау көкжиегінің кеңеюіне де ықпал етеді.

 Ұзақ жыл қасаң идеологиялық құрсауда болған посткеңестік журналистиканы жаңартып-жаңғырту, әбден сарытап болып, ойлау қасаңдығына шалдыққан дерті жүдә асқынған посткеңестік қоғамдық сананы сергітудің ең төте де тиімді жолы еді. Біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз – журналистика факультетінің студенті кезінен-ақ осы майданға білек сыбана кірісіп, белсенді араласқан азамат. Ғабит өткен осы мектеп оның қазіргі заманғы қазақ журналистикасына, соның ішінде ресми сипаттағы қазақ журналистикасына да либералистік құндылықтарды орнықтыруға үлес қосуына оң ықпал етті. Біз мұны Ғ. Мүсірептің «Тәуелсіздіктің беделін түсіріп алмаймыз ба?», «Орыстілділер Отырарды қайтсін, Париж тұрғанда!», «Президентті кім ұятқа қалдырды?», «Он бес жылда аюды да сөйлетуге болады», «Партия қайда болса…», «Сарай ақындары неге тарихта қалмайды?», «Парасаттың» парқы кетіп, «Құрметтің» қадірі қашқан жоқ па?», «Депутаттар да «командаға» бағына ма?», «Бір сайлауым бар…» және «Орта Азияны билік елесі кезіп жүр…» атты публицистикалық сарын-сипаттағы ой-толғамдарынан бағамдадық. Қаламгер Ғабит Мүсірептің публицистикасында «Ұлттық намыс» категориясы жетекші мәнге, зор маңызға ие. Бұл тақырып оның еңбектерінде шар қайраққа ұсталған алмас кездіктей ұдайы ұшқын шаша жарқылдап, оқырманның санасында үнемі намыс найзағайын ойнатумен келеді. Мұндай құбылысты біз Ғабит Іс-кендерұлының жоғарыда өзіміз тілге тиек еткен еңбектеріне қоса, Ғабеңнің өзі де белортасында болып, зардап шеккен Желтоқсан оқиғасына қатысты жазбаларынан да айқын аңғардық.

Біздің Ғабең публицист ретінде тек проблема көтеріп, мәселе қозғап қана қоймай, Отанның ортақ мүддесіне мүлтіксіз жарар орынды ұсынысын ортаға салып, тұйық-тығырықтан шығар жолды да көрсете біледі. Үшбу уәжімізге Ғ. Мүсірептің «Тарихты тұлғалар жасайды» жинағындағы «Княгинин» атты очерк айқын дәлел, айшықты мысал. Бұл очерктің басты кейіпкері – сонау қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгерген өтпелі кезең, өліара шақта біздің республиканың Жоғарғы кеңесінің депутаты болған Александр Александрович Княгинин. Осы жарқын тұлға, аяулы азамат туралы очерк патшалық Ресейдің мемлекеттік думасына 1906 жылы сайланған Тимофей Сидельников деген депутат болғандығын әрі оның патшалық билікке «Қазақ жеріне переселендерді көшіруді тоқтатыңдар!» деп талап қойған 57 депутаттың үндеу қабылдауына ұйытқы бола білгендігін баяндайтын дерекпен басталады.

«…Өзге ұлттың өкілі саналатын Сидельников Алаш жерінің мүддесін жанталаса қорғаған, қазақ жерінің қилы тағдырына қатысты кітап та жазған» дей келе Ғ. Мүсіреп Тимофей Сидельниковтың ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен дос болғандығын, екеуінің Орынбордағы переселен мекемесінде бірге қызмет істегендігін, тіпті Т. Сидельниковтың бертін келе, яғни Кеңес өкіметі түпкілікті орнағаннан кейін орыстың шовинист революционерлерінің қазақтың ұлттық мүддесіне қайшы астамшыл, әпербақан пиғылын әшкерелеп, Ленинге хат та жазғандығын алдыңызға тосады. Осылайша, тарих қойнауынан тартылған очерк желісі біздің замандасымыз Александр Княгинин туралы тартымды-тағылымды дерек-дәйектерге ұласады. Бірден айта кетейін, очерк авторы патшалық Ресей тұсындағы мемлекеттік думаның депутаты Тимофей Сидельников пен Қазақстанның Жоғарғы кеңесінің депутаты Александр Княгининге қатысты параллельдерді өте сәтті жүргізу арқылы негізгі кейіпкерінің образын керемет аша білген.

Иә, депутат А. Княгинин «Қазақстанның егемендігі туралы» декларация, кейін «Қазақстанның тәуелсіздігі туралы» заң және тәуелсіз еліміздің алғашқы Конституциясы қабылданар сәтте Жоғарғы Кеңес мінберінен ойлы сөз, орнықты пікір айтып, «бүй-ректен сирақ шығарып», бұра тартпақ болған шовинистік дертке шалдыққан депутаттардың желігін басып, асқақ азаматтық болмысымен танылды. Бертін келе қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі мен қазақ жерінің тұтастығына қатысты мәселелер ішкі-сыртқы керітартпа күштердің кесірінен тағы ушыққанда да, депутат Княгинин қазақ халқының ұлттық мүддесіне деген ақ-адал пейілінен айнымай, сепаратистік пиғылдағы саясаткерсымақтарға батыл тойтарыс бере білді. Кеңес өкіметі кезінде экономикалық тұрғыдан өте тиімді өнертапқыштық көзқарастарын өндірістік қолданысқа енгізе алмай әбден көзтүрткі болып, тіпті төрт жылға сотталып, Қиыр Шығыстағы абақтыға жабылған Александр Александрович Княгинин 1999 жылы 63 жасында дүние салды. Ол, шын мәнінде, қазақ елінің тәуелсіздігінің қаз тұрып, қабырғасы қатып, буыны бекуіне қалтқысыз үлес қосып, осы жолда ерен қажыр-қайрат көрсеткен аяулы отандасымыз еді. Сол себепті Ғабит Іскендерұлы 2012 жылы жазған «Княгинин» очеркінде «Қазақстан халқы ассамблеясы мемлекеттік тілді, отаншылдықты, мемлекеттілікті насихаттау барысында Александр Княгинин атындағы сыйлық тағайындаса, керемет болар еді. Сонда сонау Сидельниковтың сарқыты іспетті Княгининнің де өнегелі ісі өркен жаярына күмән жоқ» дей келе, Княгининге ескерткіш қойса да, артықтық етпейтіндігін атап өтеді. Несі бар, өте орынды ұсыныс, ендеше, «Ештен кеш жақсы» немесе «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген ғой бұрынғылар…

Мен Ғабит досымның жанары мен жан дүниесінен ылғи мазасыздықты аңғарамын. Бұл әсте қара бастың қамын ойлаған, жеке бастың жәйін күйттеген мазасыздық емес. Бұл берісі – қайтсем ұлтымның ұпайын түгендеймін, ал әрісі – жер бетіндегі жақсылықты һәм көркем мінезді адамды қайтсем көбейтемін деген рухани мазасыздық. Безбүйрек жайбарақаттан берісі ұлтқа, әрісі адамзатқа жанашыр тұлға қалыптаспайды. «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, Аузында жүру сыздаған барлық жараның…» деп ақ самал ақын Төлеген айтқандай, публицистің жаны – қайда, майдан сонда. Жауынгер жанр – публицистиканың алдыңғы сапындағы қаламгер Ғабит Мүсірептің назары үнемі жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың, жарық пен түнектің арпалысында. Ол осындай қарама-қайшылықтардың арасынан жайнаған шоқтай, маздаған оттай дүниелер жазып жүр.

Сөзімнің басында Іскендердің Ғабиті студент кезінен-ақ жазу-сызуға келгенде, еңбекқор екендігін айтып өттім. Бұл Ғабит жастық шақтың шырқау шыңы – студенттік дәуренде томаға-тұйық, бұйығы болды деген сөз емес. Студент Ғабит орынды жерінде қарқылдап күлді, жарқылдап жүрді. Ол студенттік думанды кештерде, әсіресе, ақын Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым бар…» өлеңін ерекше құлшыныспен оқитын. Өйткені Төлеген ақынның кіндік қаны тамған Қарақалпақстан – біздің Ғабеңнің де туған өлкесі.

 Осыдан үш-төрт ай бұрын Ғабит Мүсірептің «Егемен Қазақстан» газетінде Өзбекстанның Науаи облысына қарасты Тамды ауданының аумағында 1935 жылы жарық дүниеге көрініп, 47 жасында сол өңірде өмірден озған аса дарынды қазақ ақыны Өмірзақ Қожамұратов туралы керім материалы жарық көрді. Жанр жағынан сұхбат деуге келетін бұл материалдың жазылу мәнері, берілу сипаты өзгеше. Автор өмірден өткеніне біраз жыл болған ақынға сырттай сұрақ қоя отырып, сол сауалдардың жауабын оқырман қауымға шайырдың өрнекті өлең жолдары арқылы ұсынады. Бұл да бір шығармашылық ізденістің жемісі, шеберліктің көрінісі (реті келіп, сәті түсіп тұрғанда айта кетелік, Өмірзақ ақынның таңдамалы жыр жинағын шығарып, оқырман қауымға ұсыну әрі сауапты іс, әрі рухани-әдеби тұрғыдан бек игілікті шаруа болар еді. Б. Ғ.).

Студенттік кезден менің көзім жеткен бір анық, Ғабит Мүсіреп – достыққа, жолдастыққа адал азамат. Ол қолынан келер жәрдем-жақсылығын ешкімнен іркіп қалған емес. Қашан көрсең де, айналасына шуағын шашып, шапағат-шарафатын тигізіп жүреді. Міне, осындай жігіттің жайсаңы, азаматтың сырттаны жақында ердің жасы – елуге толды. Елуге келген қаламгердің екінші тынысы ашылады деседі. Ендеше, Ғабеке, шығармашылық әлемде шабытың еселеніп, ылайым еңбегің еленіп, тойың тарқамасын, бауырым! Шаңырағыңның шамшырағы Перизат екеуің қос қызғалдағыңның қызығын қатар көріңдер!

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


Исатай батыр

Күні: , 148 рет оқылды

atyrau_1


Нарын құмында болған көтерілістің басты тұлғаларының бірі Исатай Таймановтың туғанына биыл 225 жыл толмақ. Бұл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келіп отыр.


Тарихи деректерге сүйенсек, жасынан алымды, сөзге шешен, өжет, қара қылды қақ жарған әділ Исатай 21 жасында Беріш руының старшинасы болып ел басқарған, беделді адамдардың біріне айналған. Оны көре алмаушылар қатары ел ішінде көбейе түседі. Исатай Тайманұлы отарлық саясат пен жергілікті биліктің іс-әрекетіне қарсы болғандықтан, алғаш рет 1818 жылы Сарайшық түрмесіне қамалды. Түрмеден босағаннан кейін Ішкі ордадағы қара халықтың мұң-мұқтажын қорғап, сұлтандар мен билердің әділетсіздігін, зорлық-зомбылығын әшкерелеймін деп жүріп, 1824 жылы тағы да тұтқындалып, Орынбор түрмесіне жабылады. Бірақ таққан айыптар дәлелденбей, одан да босатылады.

Исатай Тайманұлының өзге батырлардан айырмашылығы – оның хан батыры емес, халықтың батыры болуында. Ішкі ордадағы хан мен Исатай батыр арасындағы шиеленістерді бітістірмек болған елдің қадірлі билеріне Исатай: «Халықтың тілегін орындамаған ханмен бітім болмайды», — деп шарт кеседі. Казак атаманы Покатилов, тіпті Орынбор генерал-губернаторы Перовский де Исатайды өздеріне икемдеп, «Басыңа бостандық, жайылымға жер, басқаруға ел береміз» дегендеріне де көнбеген батыр өзінің қара басынан гөрі халқының тілегін жоғары қояды.

Демек, Ішкі ордада патша үкіметінің отаршылық мүддесін іске асырушы хан Жәңгірдің халыққа жасаған озбырлығына Исатай Тайманұлы әуел бастан қарсы болды. Көтерілістің Тастөбе жерінде болған алғашқы сынағы жеңіліспен аяқталып, елу-алпыстай адам қаза болады. Бірақ Геке бұл шайқасты толық жеңіс деп есептемеді. Көтерілісшілердің бұл ұрыстағы батылдығына подполковник К. Геке таңғалады. Ол Орынбордың соғыс губернаторына Тастөбеден жеті шақырым қашықтықта орналасқан Қосбұлақ деген жерден жазған рапортында «Исатайлардың өздері мен отбасын қорғаймын деп шамадан тыс ерлікке, зеңбірекке қарсы шабуылға баруы, олардың соншама ашынғандығын көрсетеді» деп атап көрсеткен. Ендігі Исатайдың мақсаты Кіші жүздің кең даласында топ-тобымен жеке-дара әрекет етіп жүрген көтерілісшілердің басын біріктіру болады. Сөйтіп, күш жинап алып, патша мен хан әскеріне қарсы қайта күреске шығуға бел байлайды. Патша әкімшілігі Исатайды ұстап берген кісіге 2000 сом сыйлық беріледі деп жариялайды. Сонда да ешкім оған қызықпайды.

Исатай төңірегінде Махамбет, Тінәлі, Сарт Қабыланбай, Төлеген, Есенгелді отбасылары мен Үбі, Мәстек Ахметұлы сияқты шын берілген көтеріліс жауынгерлері қалады. Олар жан-тәнімен өз басшыларын қорғауға күш салады. Ал жазалаушы топтар сол кезде Мыңтөбе мен Тастөбе арасын бақылап, басқалары жан-жаққа барлау жасап, із кесіп үнемі көтерілісшілерді іздеумен болды. Исатай болса, өз отрядында барлаушылар мен күзетшілердің қатарын күшейтеді.

Исатайдың күзетшілерінің бірі Қабыланбай барлауға шығып, патша әскеріне кезігіп, қолға түседі. Бірақ жауын алдап басқа жаққа бұрып алып кетеді. Өзі патша әскерінің қолынан қаза тапса да, Исатай бастаған топты құтқарады. Жазалаушылар Қабыланбайды Жаңақала ауданының батыс бетінде 12 шақырым жердегі сайда өлтірген. Көтерілісшілер оның сүйегін сол сайға көміп, басына құлпытас қойған.

1837 жылы желтоқсан айында Исатай бастаған топ Жайықтан өтпек болып, мұз қатуын күтеді. Осыны сезген Орынбор губернаторы Перовский Кіші жүздің батыс бөлімінің билеушісі сұлтан Баймағанбет Айшуақовқа Исатайдың Жайықтан өтіп, қашып шығу мүмкіндігін ескертіп, өзінің сенімді адамдардан қарауыл тобын әзірлеуді күні бұрын міндеттеген еді.

1837 жылы 13 желтоқсанның таңында ертемен Құрақ Маябасов өз басын және отбасының тағдырын қатерге тігіп, аяулы досы Исатай бастаған елу шақты адамды Жайықтың көк тайғақ мұзына үйден алып шыққан киіздерін төсеп, қазіргі Атырау жеріндегі Сартоғайдың тұсынан Жайықтың оң жағына Кіші жүз жеріне өткізіп жібереді. Бірақ мұны жағалауды күндіз-түні қарауылдап жүрген жазалаушы әскерлер тобы біліп қойып, мылтық атады. Исатай бастаған топ Жайықтан өткен соң тура қазіргі Атырау өңіріндегі Қарабауға, одан кейін Тайсойғанға бет алады. Опасыздардың кесірінен желтоқсан айының 14-інде қуғыншылардың қолынан Исатайдың әйелі Несібелі және балдыздары қаза табады. Исатай бастаған топ келесі күндері Сағыз өзені арқылы Жем өзеніне қарай жетеді. Исатай тобының қатары күн санап өсіп, 95 адамға жетеді. Оларға жүрген жерлеріндегі ауылдар азық-түлік, түйе, киіз үй, астына мінетін аттар береді.

Исатай бастаған көтерілісшілер отарлық езгіге қарсы тек қана жерден айырылған Жайық, Елек, Қалдығайты, Қиыл, Өлеңті, Бұлдырты, Ақбұлақ, Ор өзендері бойынан қуғын көріп келген шаруаларды ғана емес, Маңғыстау жеріндегі Бозашы адайлары мен Жем, Сағыз бойларының шаруаларын да біріктіруді қолға алды. Исатай бастаған көтерілісшілер жергілікті билермен жауласпай-ақ, көпшілікті түсіндіру арқылы күреске дайындауға жол іздеді. Исатайдың жоспарында отарлық езгіге қарсы күрес пен антифеодалдық, жер, жайылым, теңдік, тыныштық үшін күрес ұштасып жатты.

1838 жылдың шілде айының басында Исатай бастаған топ шаруалардың басын біріктіріп, 3000 адаммен Ойыл өзенінің жағалауына келеді. Осы кезде, яғни 8 шілде күні полковник К. Геке Орынбордан жазалаушы отрядпен шығып, Елек бекінісіне келіп қонады. Ал келесі күні Баймағанбет өз топтарымен Ақтөбе жеріндегі Қобда өзенінің жағасына келіп түнейді. Геке мен Баймағанбет қулық ойлап, Исатай тобына Балта деген ысық руының адамын жібереді. Балта сенімге кіру үшін сатқындық жасап, ысық руының Қадірғұл атасының билері атынан деп «Біз Ойылдан көшіп, Төсағаштан сіздерге қосылу үшін күтіп отырмыз» деген мәтінде қағаз жаздырған. Бұл қағаз өлгеннен кейін Исатайдың қалтасынан табылған. Балта Исатайларға Баймағанбет басқа ауылдарға салық жинауға кетті деп теріс мәлімет береді. «Көтерілісшілердің көпшілік тобы басқа жаққа кетті, ал Исатай бастаған шағын топ Ақбұлақ өзеніне қарай келе жатыр» деген мәліметті Балта көтерілісшілердің жауларына айтып барады.

Исатай тобындағы Қайыпқали бастаған 2000 адам Қиылдың сағасындағы Тесіктамға кетеді де, Исатай 500 кісімен Ақбұлаққа қарай аттанады. Осы жерде Исатай бастаған топ 700-800 адамы бар полковник Геке мен Баймағанбетке кездеседі. Геке мен Баймағанбет тобы көтерілісшілердің 70-80 адамын өлтіріп, бірнешеуін жарақаттайды. Өз адамдарын қорғап, артында атысып келе жатқан Исатайды опасыз Балта танып, жаудың бір офицеріне көрсетеді. Сөйтіп, офицер жалма-жан Исатайға оқ жаудырады. Оқ батырға тимей, оның астындағы жирен атын жаралайды. Аты жаралы болған батырға көмекке Махамбет пен Үбі келіп, аттарын кезек ұсынады. Бірақ Исатай көнбей, «Ат артына мінгесіп, елге күлкі болғаннан өлгенім артық, одан да баламды сақтандар, өздерің қашып құтылыңдар», — деп оларды ілгері жібереді. Аз ғана көтерілісшілер Исатай төңірегінде біраз соғысады, бірақ жаудың басым күші бұларды ығыстырып, батырды оңашалап тастайды. Исатай жаяу жүріп, жаудың үш адамын қасына жолатпай қылыштасады, біреуін жаралайды. Сөйтіп жүргенде, сатқын Көпен Сүбулин деген адам артынан келіп, батырдың қылышын қолынан қағып түсіреді де, Сәтбай Игитов, Жапар Елекбаев үшеуі жабылып, Исатайдың қолын артына қайырып ұстап тұрады. Сол уақытта казак-орыстар да келіп, біреуі аттан түсе сала, Исатайдың кеудесіне мылтығын тіреп тұрып атып жібереді. Онымен қоймай, Иван Богатырев деген біреу өлген батыр-дың басын қылышпен шауып түсіреді.

Есіл ер осылайша қанішерлердің қолынан қаһармандықпен қаза табады. Орынбор губернаторына осының бәрін баяндап жазған Геке рапортының аяғында «Исатай ақырында өз ерлігінің құрбаны болды» деп оның ерлігін мойындайды. Исатай батырдың қаза тапқан соңғы соғысы 12 шілдеде 1838 жылы болған. Мұрағат деректеріне жүгінсек, ол шайқас Ақбұлақ деген шағын өзеннің солтүстік батысында Жосалы жотасынан басталған. Қилы өзенінің оң жағындағы Ақтөбе облысы, Қобда жеріндегі Шейітсайда бүгінгі таңда батырға және баласы Оспанға құйма теміршарбақпен қоршалған ескерткіш белгі қойылған. Сондай-ақ 2014 жылы қараша айында Атырау облысы Исатай ауданы әкімшілігінің қолдауымен көрнекті ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткішті Исатай ұрпағының, қазақ халқының батырдың рухына арнап орнатқан ескерткіші деп түсінген жөн.

Ата-бабаларымыздың ұлт-азаттығы жолында күресіп, жанын бергенін бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмытпауы керек.

Нағым ҚИСМЕТОВ,

Қазақстан инновациялық және

телекоммуникациялық жүйелер

университетінің профессоры, тарих

ғылымдарының кандидаты


Құрамында нитраты көп қарбыз саудасы тыйылмай тұр…

Күні: , 106 рет оқылды

DMS_7150


Жуырда Орал қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері белгіленбеген сауда орындарына жедел тексеріс ұйымдастырды. Нәтижесінде саттықтағы қарбыздардың құрамынан нитраттың қалыпты жағдайдағыдан үш есенің үстіндегі артық мөлшерін анықтады. Алайда аталмыш орындардағы қарбыз саудасы әлі күнге тоқтаған жоқ.


Қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасындағы ұйымдастыру-құқықтық және мониторинг бөлімінің басшысы Қапиет Ғинаятұлын аталмыш тақырыпта әңгімеге тартқан едік.

— Қазіргі уақытта өңірімізге еліміздің оңтүстік аймағының бақша өнімдері көптеп келуде. Осыған орай біз халықты сақтандыру бағытында белгіленбеген сауда орындарына барып, акция ұйымдастырдық. Акция барысында жол бойында сатылатын қарбыз-қауындардың құрамындағы нитраттарды жедел анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Желаев кенттік округіне шығар тас жолы және Сырым Датұлы көшесі бойында сатылып жатқан қарбыз-қауындардан нитраттың қалыпты жағдайдағыдан артық мөлшері анықталды. Мәселен, қалыпты жағдайда қарбыздың бір келісіне сәйкес келетін нитраттың мөлшері 60 миллиграмнан аспауы тиіс. Ал біз тексерген қарбыздарда бұл көрсеткіш 200-230 миллиграмға дейін жетті. Қауынның бір келісіндегі нитраттың құрамы 90 миллиграмнан аспауы қажет. Біз тексерістен өткізген қауындарда бұл көрсеткіш 200 миллиграмға дейін жуықтады. Тұрғындарға мұндай күмәнді орындардан бақша өнімдерін сатып алудың денсаулыққа қауіпті екенін ескерткіміз келеді. Ал тұрақты сауда орындарында арнайы зертханалар жұмыс жасайды. Ол жерде алған өніміңізді сол бойда тексерістен өткізуіңізге мүмкіндік қарастырылған. Тәртіп бойынша бақша өнімдері арнайы жабдықталған орындарда сатылуы тиіс және сатушының аты-жөні жазылған бейджигі, сондай-ақ оның гигиеналық тұрғыда тазалығын растайтын медициналық қітапшасы болуы керек. Медициналық кітапшаның талап етілетін себебі онда рентген, гельминт (ағзада паразиттік құрттардың бар-жоғын анықтау) тексерістерінің нәтижесі көрсетіледі. Кейбір адамдар өзі науқас болмағанымен, ауруды тасымалдаушы болып келуі мүмкін. Дегенмен биылдыққа бау-бақша өнімдерінен улану фактісі тіркеле қойған жоқ. Тағы бір айта кетерлік жайт, жол бойында автокөліктерден бөлінетін улы газдардың астында тұрған көкөністерді алмаған жөн. Құрамындағы нитрат мөлшері шектен асқан бау-бақша өнімдерін мол көлемде тұтынғанда іш өту, құсу, бас айналу секілді зиянды белгілері бірден байқалады. Ал мұндай көкөніс өнімдерін жүйелі түрде тұтынып, бірақ аталмыш белгілер байқалмаған жағдайда уақыт өте келе бауыр, асқазан, бүйрек секілді ағзалардың қалыпты жұмысы бұзылады, — дейді Қапиет Ғинаятұлы.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Шәуеновтің мәлімдеуінше, орталық базарларда, шағынаудандар мен кенттік округтерде көкөніс саудасын ұйымдастыруға 34 арнайы орын белгіленген. Мұндағы қауын-қарбыздар да белгіленбеген орындардағы секілді еліміздің оңтүстік өңірінен әкелінетіні бесенеден белгілі. Ендеше, ол жердегі көкөністер құрамындағы ағзаға зиянды әсер ететін нитраттың мөлшері қандай деңгейде екен? Ринат Сатымұлы осы сұрағымызға қатысты ақпаратпен айналысу өзі басқаратын бөлімнің құзыретіне жатпайтындығын, мұндай деректі қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасынан алу керектігін айтты. Ал қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасындағы ұйымдастыру-құқықтық және мониторинг бөлімінің басшысы Қапиет Ғинаятұлы аталмыш мекеме тарапынан арнайы белгіленген сауда орындарындағы көкөніс құрамына байланысты ешқандай тексерістің жүргізілмегенін мәлімдеді. Шаһарымыздағы «Ел ырысы» базарының директоры Нұрлан Наурызбаевтың айтуынша, көкөніс құрамын тексерістен өткізетін бір ғана тұрақты зертхана қаламыздағы «Мирлан» орталық базарында орналасқан. «Мирлан» ЖШС-ның бас директоры Қазина Молдашева соңғы күндері Қаратөбе, Ақжайық аудандарының жергілікті қарбыздары саттыққа шығарыла бастағанын айтады. Аталмыш сауда орнының директоры Тагира Журавлеваның мәлімдеуінше, орталық базардағы саттыққа шығарылған өнімдердің барлығы талапқа сай, күн сайын арнайы тексерістен өткізіледі. Ондағы зертхана орталық базарда сатылатын өнімдерді ғана тексереді екен. Мұның сыртында көкөніс өнімдерінің құрамын тексеру бойынша ақылы қызмет көрсете алады. Сайып келгенде, «Арнайы белгіленген 34 сауда орнының барлығындағы көкөністер құрамын талапқа сай тексерістен өткізуші кім?» деген сұрағымызға тиянақты жауап табылмады. Осыдан кейін «Оңтүстік аймақтан жеткізілетін талапқа сай емес көкөніс өнімдерінің тасымалына заңды тосқауыл қойылмай ма?» деген сауалымыз да басы ашық күйінде қалды.

— Мамыр айынан бастап арнайы белгіленбеген орындардағы қарбыз-қауын саудасына байланысты 365 хаттама толтырылып, барлығы жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Соған қарамастан мұндай орындардағы көкөніс саудасы түпкілікті тыйылмай тұр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлі күнге дейін жалғасуда, — дейді қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметінің басшысы Мүсілім Жәрдемов.

Нұртас САФУЛЛИН,

“Орал өңірі”


Бағбандардың қамы қағаберіс қалмасын

Күні: , 118 рет оқылды

333


Биыл Ақжайық ауданы бойынша картоп және бақша дақылдары 1008 гектар жерге егілді. Таратып айтар болсақ, 168 гектар картоп, 270 гектар көкөніс (қияр, қызанақ, сәбіз, пияз т.б ), 570 гектар қауын-қарбыз өсірілуде. Осы бақшалықтың жартысынан астамы Алмалы ауылдық округінің үлесіне тиеді. Олар 537,6 гектар жерге түрлі азықтық бақша өнімдерін шығармақ. Мұның ішінде 440,9 гектар – қауын-қарбыз өнімдері.


Қазір «Тайпақтың қарбыздары» деген сөзге алыс-жақын жұрт хабардар десек, асыра айту болмас. Кезінде «кәрістер» атанған алғашқы шаруа қожалықтарының азаматтары да осы аймақта еңбек етуде. Кәріс халқы бауырмал, еңбекқор болған соң да осындай атақ алған бағбандардың ерен еңбегін көрсету де артық болмас.

Басын Жайық өзенінен алатын Көшім, Тайпақ каналы Бағырлай өзеніне құяды. Мұнда биыл су мол болды. «Су болса, ну болады» дегендей, жайқалған көк шүйгін қалың шықса, бақшашыларға да жаман болмайды.

Бақшаны өсіру жолы оңай емес. Бабын білгендер ғана бақшашы атанады. Бақшалыққа су жолдарын салу, төрінен төменге дейін мезгіл-мезгіл суға қандыру, әлсін-әлсін арамшөптен тазарту, жалдарын көтеру жұмыстары оңай емес, ауыр қол жұмысын талап етеді. Әсіресе, жергілікті және «қонаққа» келетін көк шегірткелердің кесірін бөлектеп айтқан жөн.

— Ол қонған жерін тып-типыл қылады. Қиып, отап бүлдіреді. Қазақстандағы зиянкес азия шегірткесі ұзақ қашықтыққа ұша алмайды. Осы зиянкеске қарсы алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз. Оларға у шашамыз. Бақшалығы мол ғой деп ең бірінші Алмалы ауылдық округінен бастап отырмыз, — дейді ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі Ақжайық аудандық филиалының басшысы Талғат Мұстаев. Осы мекеменің агроном-энтомологі Орынғаным Мақашева да биылғы көктемнен бері атқарылған жұмыстардың есебінен мәліметтер берді. Шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Тайпақ ауылдық округінде 650 гектар, ал Алмалы ауылдық округінде 3000 гектар алқапқа «Император» уымен «көмек» көрсетілген. Оны Орал қаласынан «Мактоксин» ЖШС атқарған. Сөйтіп, екі «КамАЗ» газ қондырғысымен жұмыстанған. Бұл да бақшашыларға үлкен көмек.

Алмалылық «Балауса» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Жұмашев көптен бақша салумен шұғылданып жүр. Жалпы, осы әулет көптен Жер-ананың берерін ұқыпты пайдаланып жүргендердің қатарында.

— Өткен жылы алты гектар жерге қарбыз, 1,5 гектар жерге қауын егіп, мол өнім жинадым. Сонымен қатар бақша өнімдерінен де алдыңғы қатарда болдым. Биыл бақша еккен барлық шаруалар көктемнің жаңбырлы болуына байланысты тұқымды жай септі. Түнге қарай салқын болғандықтан, тұқымның үсіп кетуі мүмкін еді. Қазір жай ексек те, ірі түйнек салып, желі қуалап жатыр. Шығымы жаман емес. Тамыз айының орта тұсында үзуге келіп қалар деген ойдамын. Тамшылатып суаруды бірінші рет қолданып отырмын, — дейді бағбан.

Нұрлан ініміз Алматы қаласындағы «Ринда» фирмасы арқылы тамшылатып суару жабдығын сатып алыпты. Бұрын қолданбағасын, оны құрастыру оңайға соқпаған. Бұл қондырғы егілген әр дән тұқымының түбіне ғана тамшылатып су жеткізеді. Артық су ысырап болмайды. Топырақ құрамы сол күйінде сақталып, ұзақ пайдалануға келеді. Тұқым да, жас өскен тұқымның бетін жабар пленка да қымбат. Сондай-ақ ол шыққан өнімді өткізудің қиындықтарына тоқталды. Орал, Атырау базарларынан қарбыз сататын орын алу оңай шаруа емес. Тасымалға кетер шығын да мол. Сауда-саттық жасау үшін неше түрлі анықтама қажет. Өнімді өткізетін таныс керек, сататын қолы епсекті адам керек.

Осындағы «Ақбұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі Ербол Қоспаевпен хабарласқанымызда, өзінің 20 гектар жерге қарбыз, бес гектар жерге қауын салғанын баяндады. Өткен жылы осы жерден 460 тонна өнім алған. Басқа да картоп, пияз, қызанақ т.б. адам ағзасына пайдалы азықтық көкөністі молынан жинапты. Биыл Орал қаласынан у шашушылар келіп, бақшаларына шегірткеге қарсы препараттар қолданған. Оларға риза болып отыр. Тамшылатып суаруды қолдайтынын, болашақта қатарлас бақшашылардан үлгі алып, осы суару әдісіне кіріспек.

«Б – Абылай» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Тастеміров те биыл тамшылатып суаруға қол жеткізді. Оның жабдықтарын Ресейден сатып алды. Қымбатқа түсті. Бірақ түптің түбінде пайдаға шығарына сенеді. Біріншіден, қол еңбегі жеңілдейді. Бұрын ағыл-тегіл су ойпаң жерлерді қуалап кететін болса, мұнда өзінің тамар нүктесінен ауытқымайды. Сондықтан көп су шығыны болмайды. Су дәл тұқымға құйылған соң қаптаған арамшөп те мүлдем көрінбейді. Арамшөп бақшалыққа үлкен зиян келтіретіні белгілі. Оны әлсін-әлсін қолмен жұлып отыру керек. Бейнет пе, бейнет.

— Өткен жылғы өнімім жаман болған жоқ. Біршама қауын-қарбыз жинадым. Орал, Атырау қалаларына үлкен қиыншылықпен өткіздім. Орын мәселесі қиын-ақ. Биыл қанша өнім түсерін айта алмаймын. Себебі тамшылатып суарудамын. Жалпы, «Арық айтып, семіз шық» деген бар, өнімді күзде санайтын халықпыз ғой. Жылда «Ел ырысы» базарынан орын береді. Бірақ тұтынушылар мұнда аз. Саудаң жүрмейді. Сондықтан көше-көшелерден таныс іздеп, соларға еңбегін беріп сатқызамыз. Бірақ оларға да учаскелік полицейлер тарапынан қысым көп. Себебі оларға солай нұсқау берілген. Ал біздер ол жерде отыра алмаймыз. Себебі қайтадан қарбыз жинау керек, әкелу керек. Мезгілінде өткізбесек, салқын түскен соң ол қарбыз кімге керек? Сөйтіп, өнімдеріміз кей жылдары шыққан шығынды қайтармайды. Бізге орталық базарға жақын көшелердің бірінен «Қарбыз көшесін» бөлсе, жақсы болар еді, — дейді Бауыржан Ғинятұлы.

Осы бір түйіндерді тарқату үшін аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы Жексенғали Асқаровқа жолыққан едік.

— Қолдан келгенше бағбандарға көмектесіп келеміз. Оңтүстіктің өнімдері бірінші шығып, орынды солар алып қояды. Жылда «Ел ырысы» базарынан орынды тегін береді. Биыл да келістік. Бақшашыларға тамшылатып суарудың көп жеңілдігін айтып келеміз. Бұл – тиімді әдіс. Мұнда көп су шығыны болмайды. Жер сортаңға ұшырамайды. Қаптап кететін арамшөпті кездестірмейсің. Адам еңбегі жеңілдейді. Осы әдіске көшіп, су сорғыларға су мөлшерін есептейтін құрылғылар, су тұндыратын екі-үш сүзгілер орнатса, мемлекеттік демеуқаржыға (субсидияға) ие болуға болады, — дейді тәжірибесі мол маман.

Қаладағы «Мирлан» ЖШС әмбебап базарының директоры Тагира Журавлева төмендегідей жайларды баяндады. «Базарда орын берілмейді дегенге сенбеймін. Бақшашылар бізге көп жоламайды. Орынға төлейтін шығыннан қашады. Сондай-ақ жүргізуші болсын, қарбыз сатушы болсын, қожалық жетекшісі болсын, санитарлық кітапшасы болуы тиіс. Аутокөліктен де талап етілер тиісті құжаттар бар. Салық басқармасынан да әр түрлі анықтамалар қажет. Сатылатын өнімнің де жарамдылығын айқындайтын анықтама да ең бірінші мәселе. Бұларсыз базарға кіргізуге болмайды».

Қорыта айтар болсақ, бірер-ай сатылатын қарбыз-қауынның тұтынушыға жетуіне баршамыз мүдделі болсақ жақсы. Себебі ауылдағы ағайынның алты ай жазғы ақ-адал еңбегінің қайтарымы осы мәселеге келіп тіреледі. Бұл – бір. Екіншіден, бақшашылар аталған санитарлық талаптарды орындауы тиіс. Базардан орын алғың келсе, барлық құжаттарды сайма-сай етесің. Бұл – денсаулық кепілі. Қаланың әр аудандарында базарлар бар. Солардан орын алу керек. Тұтынушының орталық базарға тек қарбыз үшін келіп жүрмеуін қаперге алған жөн. Орталық базарға жақын көшелердің бірінен уақытша «Қарбыз көшесін» ашса қайтеді. Бұл да сауда жасаушыларға тиімді болар еді. Қалаға кіріп-шығар үлкен жолдардың бойына уақытша қарбыз сататын алаңқайлар жасақтауға болмай ма? Ал сатушылар өз төңірегін таза ұстап, талап тұрғысынан көрінсе деңіз…

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы


Бес жылда – 504 жоба!

Күні: , 121 рет оқылды

IMG_4414


Индустриялизациялауды дамыту – ел экономикасы саясатының басым бағыттарының бірі. Осыған орай Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында жеделдетілген индустриялизация мен инфрақұрылымды дамыту мәселесіне баса назар аударуда.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде индустриялизациялау үдерісі жедел қолға алынып, экономикамыздың дамуына серпін беретін бірқатар бағдарламалар жүзеге асырыла басталды. Бұл ретте еліміздің әр жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы бойынша мемлекеттік бағдарла-маларының ықпалы көп болды. Солардың бірі – «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңі 2010-2014 жылдар аралығында жүзеге асырылса, екінші кезеңі 2015-2020 жылдары іске асырылуы тиіс.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, 2010-2015 жылдары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 504 жоба мақұлданып, кредиттердің жалпы сомасы және тартылған инфрақұрылымы 54,9 млрд. теңгені құраған. Бұл жөнінде нақтырақ айтар болсақ, 2010 жылы 5,7 млрд. теңгеге 24 жоба, 2011 жылы 4,7 млрд. теңгеге 43 жоба, 2012 жылы 14,2 млрд. теңгеге 108 жоба, 2013 жылы 15,0 млрд. теңгеге 98 жоба, 2014 жылы 9,4 млрд. теңгеге 123 жоба, 2015 жылы 5,9 млрд. теңгеге 108 жоба жүзеге асырылған. Агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін өндіру, жиһаз, құрылыс материалдары, металл өңдеу, көлік және машина жасау саласында жүзеге асырылған бұл жобалардың нәтижесінде 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Егер бұларды әр жылдарға бөліп айтар болсақ, 2010 жылы — 741, 2011 жылы — 599, 2012 жылы — 660, 2013 жылы — 700, 2014 жылы — 612, 2015 жылы 205 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2016 жылдың алты айында тағы 31 жоба 5606,1 млн. теңгеге мақұлданды. Биылғы жобалар түгелдей жүзеге асып жатса, тағы біраз жұмыс орны ашылып, жұмыссыз жүргендердің нәпақасын табуына мүмкіндік туар еді.

Кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір түрі – мақұлданған жобаларды демеуқаржылау (субсидиялау). Демеуқаржы кәсіпорынның банктерден алған несиесін арзандату үшін беріледі. Мысалы, қалалық кәсіпкер өндіріс орнын одан әрі дамыту үшін банктен 14 пайызбен несие алса, мемлекет соның жеті пайызын, ал ауылдық кәсіпкер несиесінің 10 пайызын өтеп береді, қалған пайызын кәсіпкердің өзі төлейді. Бұл білген кісіге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек. Мемлекет келешегі жарқын кәсіпорындарға қолұшын созуға қашан да ниетті.

Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша өңіріміздің бірқатар инновациялық маңызы зор жобалары 2010 жылдан бастап субсидияланып келе жатыр. Оларды таратып айтар болсақ, 2010 жылы облыс бойынша 21 жоба 5585,6 млн. теңгеге, 2011 жылы 36 жоба 4 119,90 млн. теңгеге, 2012 жылы 105 жоба 13951,5 млн. теңгеге, 2013 жылы 64 жоба 13 103,30 млн. теңгеге, 2014 жылы 86 жоба 6716,8 млн. теңгеге, 2015 жылы 101 жоба 5777,1 млн. теңгеге, 2016 жылдың алты айында 31 жоба 5606,1 млн. теңгеге мақұлданды. 2010-2016 жылдар аралығында өңірімізде барлығы 54860 млн. теңгеге 444 жоба субсидияланған. Сондай-ақ осы жылдар ішінде 91 жобаның өндірістік инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекет тарапынан 5681,8 млн. теңге бөлінген.

Бұдан басқа мемлекет кәсіпкерлік саласын дамыту үшін бағдарламаның төртінші бағытына сәйкес «Бизнес кеңесші» бағдарламасын да жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негізіне оқытудың қысқа мерзімді курстары жүргізілуде. 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін 4,2 мың кәсіпкер оқытылды. Нақтырақ айтсақ, 2010 жылы 629, 2011 жылы 605, 2012 жылы 817, 2013 жылы 943, 2014 жылы 914, 2015 жылы 985 адам аталған курста оқып, кәсіпкерлікті жүргізу бағытында толық мағлұмат алды. 2011-2015 жылдары шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту жобасы бойынша «Назарбаев университеті» АҚ-ның бизнес-мектебі базасында 53 топменеджер оқытылса, тек былтырдың өзінде 14 адам аталған бизнес-мектептен білім алып, жеке кәсіптерін игеру тәсілдерін үйреніп шықты. Ағымдағы жылы жоғары кәсіпкерлік мектебінде оқығысы келген 11 үміткердің кандидатурасы мақұлданды. Сондай-ақ «Іскерлік байланыс» жобасының бірінші кезеңіне қатысу үшін облыстан 81 кәсіпкер жіберілді, 11 кәсіпкер шетелдік тағлымдамадан өтті. Өткен жылы осы жобаға 15 адам қатысып, бір кәсіпкер шетелдік тағылымдамадан өтіп қайтты. Бір сөзбен айтқанда, 2010 жылдан бастап бизнесті жүргізуге сервистік қолдау аясында 15,2 мыңнан астам кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Өткен жылдың өзінде 1084 кәсіпкер сервистік қолдаудың игілігін көрді.

Бұдан төрт жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2012 жылдың сәуірінде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 3 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттар беру жөнінде шешім шығарылған болатын. Мемлекеттік грант бөлудің негізгі мақсаты — экономиканың басым секторларында жаңа іс бастағысы келген жас кәсіпкерлер мен әйелдерді және мүгедек кәсіпкерлерді қолдау. Бағдарламаның шарты бойынша қайтарымсыз қаржылай көмек бүгінгі заман талабына сай, тиімді әрі өзіндік жаңалығы бар инновациялық жобаларға ғана берілуі тиіс. Және бұл қаражат кәсіпкерлікпен айналысқанына үш жыл болған кәсіпкерлерге ғана берілуі керек.

Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалған мұндай қамқорлық біздің өңірімізде де кеңінен қолдау тапты. Облыс бойынша 2012-2016 жылдар аралығында 60 кәсіпкер жалпы сомасы 130 млн. теңгені құрайтын инновациялық гранттарға ие болды. Бұл жөнінде нақтырақ айтар болсақ, 130 млн. теңге көлеміндегі мемлекеттік гранттың 79,033 млн. теңгесін оралдық кәсіпкерлер алса, 12,200 теңгесін Зеленов ауданының кәсіпкерлері олжалапты. 7,620 млн. теңгені Қазталовтың және 7,300 млн. теңгені Сырым ауданының кәсіпкерлері иеленсе, 4,789 млн. теңге Қаратөбе ауданының, 4,500 млн. теңге Ақжайық ауданының азаматтарына бұйырыпты. Сондай-ақ Жәнібек ауданына 3,940 млн., Бөкей ордасы ауданына 3,555 млн. теңге, Теректі ауданына 3,350 млн. теңге бөлінді. Өнеркәсіп орталығы саналатын Бөрлі ауданының тұрғындары бар болғаны 3,318 млн. теңгеге ие болса, жаңақалалық кәсіпкерлер тек 395 мың теңгені місе тұтыпты. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы қызметкерлері берген мәліметке сенсек, 2012-2016 жылдар аралығында Жаңақала ауданынан мемлекеттік грантқа тек бір ғана жоба ие болса, Шыңғырлау мен Тасқала ауданы кәсіпкерлері әлі күнге дейін мұндай тегін қаражатты олжалай алмапты.

2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру аясында республикалық бюджеттен жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2,2 млрд. теңге нысаналы трансферттер қарастырылды. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін көрсетілген қаражаттың 762,14 млн. теңгесі игерілген. Сондай-ақ индустриалдық ифрақұрылымды дамытуға бағытталған қаражаттың бөлінуі қазіргі уақытта нақтылануда.

Біз бұл жолы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмекті тілге тиек еттік. Елімізде кәсіпкерліктің қарқынды дамуына бұдан басқа да бағдарламалар, мысалы, «Жұмыспен қамту – 2020», «Өнімділік – 2020», «Агробизнес – 2020» секілді мемлекеттік бағдарламалар ықпал етуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдау-көмектің нәтижесінде елімізде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңіп келеді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика