Мұрағат: 19.07.2016


«Жасыл экономиканың ұлттық жоспарын жасақтау керек»

Күні: , 192 рет оқылды

DMS_0697


Сенбі күні «ҚПО б.в» компаниясының Орал қаласындағы бас кеңсесінде   Батыс Қазақстан  облысының  «AKZHAIYK  INVEST» инновациялық  форумы өтті.  Өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форумға мемлекеттік орган қызметкерлері мен іскер адамдар және ҚР даму институттарының өкілдері қатысты.


Форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз сөйледі.

– Құрметті форумға қатысушылар! Облыста тұңғыш рет өткізіліп отырған бүгінгі форумға қош келдіңіздер! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тоғызыншы Астана Экономикалық форумында «Экономикалық дамудың өзі күрделі өзгеруде. Біз ресурстар экономикасынан білім мен инновациялық экономикаға түпкілікті көшудеміз» деп атап көрсетті. Ерекше инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейтіні түсінікті. Елбасымыз айтқандай, біздің мақсатымыз – жаһандық  технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу. Интернет арқылы ақпарат жер бетіне бір мезетте тарап жатқан заманда өмір сүрудеміз. Күн сайын әр түрлі салада жаңалықтар болып жатады. Біздің облысымыз да сондай жаңалықтардан кенде емес. Біз бүгін форумға өңіріміздегі таза ауаны, экологиялық қауіпсіздікті және өңіріміздің инновациялық-стратегиялық экономикалық дамуы мен инвестициялық саясатының басым бағыттарын талқылауға жиналып отырмыз. Өңіріміздің инвестициялық әлеуеті зор.

Соны өңіріміздің, еліміздің экономикасын көтеруге қалай пайдалануға болады, қандай тың идеялар бар, мұның қандай жаңа жолдары бар? Бүгін біз бәріміз бірігіп, осы мәселені талқылайтын боламыз, осы форумды  сол үшін ұйымдастырып отырмыз.

Баршамызға белгілі, экономиканы көтеру үшін облысқа инвестиция және онымен байланысты технологияны көптеп тартуымыз керек. Осыған орай  біз Еуропалық қайта құру және даму банкі, БҰҰ даму бағдарламасы, «Doranova» фин компаниясы секілді халықаралық ұйымдармен, халықаралық қаржы институттарымен, эксперттермен, қазақстандық және шетелдік ірі  инновациялық компаниялармен кездесіп,  осы бағытта келіссөздер жүргіздік. Биыл маусым айының аяғында Астана қаласында облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің арасында Орал қаласының жылу жүйелерін жаңғырту жөніндегі 7 миллиард теңгенің жобасын қаржыландыру бойынша келісім жасалды. Еуропалық қайта құру және даму банкімен басқа да әлеуметтік маңызды бірқатар жобаларды бірігіп жүзеге асыру жоспарда бар. Мұндай жобалардың қатарында техника паркін жаңарту және қалалық жолаушылар тасымалы басқармасы жүйесі,  коммуналдық қызметті басқару жүйесі, электр қуатын үнемдеу технологиясын енгізу арқылы Орал қаласының жарық жүйесін жаңғырту жұмысы бар.

Жақында біз «SmartCity – ақылды және экологиялық таза қала» бағдарламасы аясында арнайы компания өкілдігімен кездесіп, олармен ынтымақтаса жұмыстану жөнінде келісімге отырдық. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша «Doranova» фин компаниясымен  бірнеше мәрте кездестік, олар бізбен бірігіп жұмыстануға  дайын  екенін  айтты.

«AKZHAIYK  INVEST» инновациялық форумы облыста инновациялық құрылым жасақтап, экологиялық таза әрі қауіпсіз және қазіргі заманға сай дамыған, заманауи қала құру мақсатында, ірі компаниялармен бірігіп жұмыстану үшін ұйымдастырылып отыр. Өңірімізде түрлі сала бойынша инновациялық технологияның даму үлгілері бар. Атап айтар болсақ, облыста 2014 жылдан бастап екі бірдей үй құрылысы комбинаты – «Болашақ-Т» және «СВ плюс» ЖШС жұмыс істейді. Құрылыс материалдарын өздері шығарып, оны өздерінің жұмыстарында күнделікті пайдаланып жүрген бұл комбинаттар жылына 70 000 ш.м. тұрғын үй құрылысын жүргізуде.  Бұдан басқа Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Қызыл кітапқа енген бекіре балығын табиғи емес жолмен өндіру жобасы бар. Сондайақ  облыста машина жасау, ауыл шаруашылығы кешені, құрылыс индустриясы, шағын және орта бизнес, туризм саласын жаңаша дамытуға баса көңіл бөлінуде, – деген өңір басшысы форум қатысушыларына ағымдағы жылдың 8-9 қыркүйегінде халықаралық инвесторлармен экономикалық және іскерлік байланысты арттыру мақсатында Орал қаласында  «WestKazInvest» халықаралық инвестициялық форумын өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл форумның бизнесті жаңаша дамытуға мүмкіндік беретінін айтып, кәсіпкерлерді мұны ұтымды пайдаланып қалуға шақырды.  Әкімнің айтуынша, қыркүйектегі форумға 1000-нан астам іскер адам қатыспақ. Оның ішінде 150-ге жуығы – шетелдік компания өкілдері.

Бұдан соң  сөз алған Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы М. Әуезов жиналғандарды алдымен қауымдастық жұмысымен таныстырды. Оның сөзінше, қауымдастық 1999 жылы мамыр айында құрылған. Бүгінде құрамында 160 мүшесі бар, олар: 43 банк, 33 сақтандыру, 29 қор, 12 консалтинг пен аудит және 50 шақты басқа да секторлар. Қаржы секторына қарасты ұйымдардан тек өткен жылдың өзінде 138,5 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Төраға сөзінің соңында қауымдастықтың әкімдіктермен өңірлердегі инвестиция, салық және жұмыс көздерін көбейту, қаржылық секторды дамыту, сондай-ақ қаржылық қызметтің сапасын арттыру бағытында ынтымақтаса жұмыс істеуге ықыласты екенін жеткізді.

Келесі кезекте сөйлеген Еуропа және Орта Азия елдеріндегі корпоративті басқару бойынша IFC экперті Б. Джанджалия корпоративтік басқарудың тиімділігі жөнінде әңгімелесе,  ҚР Технологиялық дамуы бойынша ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов еліміздегі инновацияның даму қарқыны жөнінде баяндады. Ол өз сөзінде облыстың инновация бағытындағы белсенді жұмысын атап көрсетті. Оның айтуынша, біздің облыстан 2011-2015 жылдар аралығында инновациялық грантқа 16 өтініш түскен.  Ол сондай-ақ Ұлттық инновация байқауының 2015 жылғы қорытындысына тоқталып, «Үздік журналистік материалдар» бойынша «Орал өңірі» газетінің тілшісі Сәкен Әбілхалықовтың инновациялық бағдарламаны насихаттау бағытындағы бірнеше мақаласы еліміз бойынша үздік деп танылғанын айтты. Жұматай Сәлімов сөзінің соңында бизнесмендердің инновация маңызын түсінетінін, сондықтан да осындай қор құрып, жобаларды жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етіп, ұлттық агенттіктің өңірлер тарапынан түскен ұсыныстарды мейлі заңдық тұрғыдан болсын, мейлі қаржылық немесе әдістемелік тұрғыдан болсын, қолдауға дайын екенін айтты.

«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли компания жетістігін өз мекемесіндегі корпоративті басқарудың сәтті жүзеге асырылуымен байланыстырды. Және ол компанияның инновациялық әдістемелер тәжірибесін өзгелермен бөлісуге  қашан да дайын екенін жеткізді.

Осыдан кейін  «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Технологиялық дамуы бойынша Ұлттық агенттігі «Алгоритм технопаркі» ЖШС ғимаратында «SmartCity» («Умный город – Ақылды қала») бағдарламасы аясында  кешен құру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл жоба қала инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ БҚО әкімдігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мәселелерді шешу аясында күш біріктіру жөніндегі меморандумға қол қойды.

Түстен кейін «БҚО инвестициялық мүмкіндігі мен даму әлеуеті» тақырыбындағы сессия басталып, қатысушылардың әрқайсысы өз саласы бойынша баяндама жасады. Мысалы, «БҚО машина құрылысы кәсіпорындарын дамыту және жаңғырту перспективалары» тақырыбында баяндама жасаған «БҚО машина құрылысы консорциумы» қауымдастығының директоры Көшербай Айғожаұлы кәсіпорындардың технологиялық жаңғыртылуы өндірістік үдерістің жаңартылуымен (мысалы, өндіріс орындарын автоматтандыру, робот жұмысын енгізу, сандық моделдеу т.б.) тығыз байланысты екенін айтып, ол үшін кәсіпорындардағы маман-кадрларды жаңашылдыққа үйрету, жұмыс берушілермен бірлесіп, оқыту бағдарламасын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Атырау,  БҚО және Маңғыстау облысы аума-ғында ұлттық кластер дамып келеді. Өңірімізде машина құрылысы саласын жаңғырту және жетілдіру мақсатында құрылған «Машзавод» консорциумы осы бағытта жұмыстануда.

Сессияда «Батыс Қазақтан облысының мұнай сервисі жобаларының инвестициялық мүмкіндігі» жөнінде әңгімелеген «CentrasiaGroup» одағының төрағасы Алмас Құдайберген қазақстандық компаниялардың құрылыс және мердігерлік жұмыстарға қатысу арқылы ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып  жүргенін  жеткізді.

– Мысалы, таяуда Теңіз мұнай кенішінде құны 37 миллиард доллар тұратын ірі жоба жүзеге асырылмақ. Осы жобаны жүзеге асыру барысында 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Біздің отандық кәсіпорындардың оларға түрлі құрылғылар, мысалы,  мұнай-газ өндіру ісіне  аса қажетті резервуарлар мен кабельдерді ұсынуына болады. Бұл жұмыста мұнай өндіру саласындағы ең озық технологиялар қолданылмақ. Аталмыш жобаны жүзеге асыру кезеңін біздің жергілікті кәсіпорындардың ұтымды  пайдаланып қалғаны жөн, – деді төраға өз сөзінде.

Сессия барысында  Қазақстанның Энергетиканы қалпына келтіру қауымдастығы бас директо-рының орынбасары Арман Қашқынбеков энергия қорларын үнемдеу үшін күн мен жел секілді қайта қалпына келетін жергілікті қуат көздерін тиімді пайдалану керектігін айтты. Оның сөзінше, Жапония, Америка секілді елдер табиғи энергия көздерін қазірдің өзінде ұтымды пайдалануда, біз олардан қалып қоймауымыз керек.

– Еліміз қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытуды заңдық тұрғыдан бекітті. Қазіргі уақытта нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде электр энергиясын тұтынудың жалпы көлеміндегі баламалы энергия көздерінің үлесі 0,6 пайызды құрайды. Шетелдік инвесторларға қай облысқа қанша Күн стансасы, қанша Жел стансасы қажет екенін түсіндіру үшін еліміздің электр қуатын дамыту бойынша Ұлттық жоспарын жасақтау керек, – деді ол.

Форумда бұдан басқа облыстың инфрақұрылымына арналған жоба мен өңірдегі қонақүй бизнесін дамыту перспективалары туралы, сондай-ақ өңіріміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы жөніндегі баяндамалар тыңдалып, аталмыш тақырыптарға байланысты ұсыныстар мен пікірлер талқыланды.

  Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ


Жемқорлық пен парақорлық айылын жимай тұр…

Күні: , 255 рет оқылды

00112


Таяуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлері баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.


Бұған департаментке қарасты тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров, тергеу басқармасының бақылау-әдістемелік бөлімінің басшысы Нұркен Нәбиев, тергеу бөлімінің басшысы Талғат Нұржанов қатысты. Жиынды тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров жүргізіп, департаменттің ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмысы жөнінде баяндады.

— 2016 жылдың алты айы бойынша өндірісте болған 287 қылмыстық істің 107-сі сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жатады. Осы 107 қылмыстық істің үштен бірі, яғни 34-і ауыр қылмыс ретінде тіркелген. Қылмыс жасауда 33 кісі күдікті болып танылып, жыл басынан бері олардың 20-сы сотталды. Талдау қорытындысына сүйенсек, ең көп сыбайлас жемқорлық қылмыстары лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану (34) және пара алу (14) фактілері бойынша жасалады. Департамент жұмысындағы негізгі басым бағыттардың бірі – лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке араласу фактілерінің жолын кесу. Жыл басынан бері төрт лауазымды тұлға жасаған осындай сегіз жағдаят (факт) анықталды. Атап айтқанда, Орал қалалық сотының үкімімен «Орал қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы» РММ басшысының орынбасары Д. Қазиева қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ол «Атаба Орал» ЖШС-ның директорынан әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқорлық үшін пара алған.

Д. Қазиеваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік құрылымдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 2 450 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қазіргі уақытта бір мемлекеттік мекеменің басшысына қатысты қылмыстық істер сотта қаралуда. Ол өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан. Д. Қазиева қызмет бабы бойынша өзі қадағалауы тиіс кәсіпкерлік нысандарына қысым көрсету арқылы тегін материалдық құндылықтар алып отырған.

Бұдан басқа департаментпен ағымдағы жылдың І жартысында Ұлттық экономика министрлігінің төрт қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың үшеуі бойынша соттың айыптау қорытындысы шықты. Атап айтқанда, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 14 маусымдағы үкімімен «ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» ММ-ның басшысы В. Разов айыпты деп танылды. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, «АқсайГазПромЭнерго» АҚ-ның бас директоры А. Абзалиловтан (табиғи монополия субъектісі) жаңа кеңселік жиһаз бен техника талап еткен және бұларды алған. В. Разовтың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде акционерлік қоғамның және заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекет мүддесіне едәуір зиян келтірілді. Сондай-ақ В. Разов өзінің қызметтiк өкiлеттiгін өзiне және «Жайықжылуқуат» АҚ үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы пайдаланған. «Жайықжылуқуат» АҚ өзінің басым жағдайын теріс пайдаланып, «А. М. Ткалун» ЖК-ға және «Кублей» ЖШС-на электр қуатын сатудан негізсіз бас тартып, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне электр қуатын өндіруші кәсіпорын тарапынан монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы анықталған жоқ деп жалған ақпарат берген. Разовтың осындай әрекетінің нәтижесінде «А.М.Ткалун» ЖК-ға жалпы мөлшері 17 150 010,78 теңге және «Кублей» ЖШС-на 30 919, 764, 19 теңге шығын келтірілген.

Жоғарыдағыдай заңбұзушылықтары үшін В. Разовтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 3500 айлық есептік көрсеткіш (6 937 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.

Қазіргі уақытта аталған министрліктің тағы бір департаментінің басшы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс білім саласында да тіркелді. Жыл басынан бері осы саланың аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорынан бастап білім беру мекемелерінің есепшілеріне дейінгі бес қызметкер жауапкершілікке тартылды. Бұған мысал келтірер болсақ, Орал қалалық сотының ағымдағы жылдың 9 наурызындағы үкімімен қаладағы №45 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Ф. Даумова қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ол лауазымды тұлға бола тұра, 1-4-сыныптардың кірісі аз және көп балалы отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойып, қаражатты шотқа аудару үшін өзі жеке кәсіпкерден бұдан бұрын мемлекеттік мекемемен аударылған қаражаттың 10%-ы көлеміндегі ақша түрінде пара алған. Ф. Даумоваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 3 550 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ «№20 мектепке дейінгі ұйымы» МКҚК директоры А. Төлегенова өзінің еңбек міндеттемелерін орындамаған тұлғаларға еңбекақы аударып отырғаны үшін айыпты деп танылып, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 12 мамырдағы үкімімен оның мүлкі тәркіленді. Оған жергілікті басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 9 910 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Келтірілген шығын 716 700 теңге қайтарылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар басқаны былай қойғанда, құқық қорғау құрылымдарында да орын алуда. Мысалға айтар болсақ, ағымдағы жылдың алты айында құқық қорғау құрылымдарының сегіз қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бесеуі сотталды. Атап айтқанда, Орал қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны А. Қуанышқалиев азаматтарды тұрғылықты орны бойынша жедел әрі кедергісіз тіркеу үшін 5000 теңгеден екі рет пара алғаны үшін Орал қалалық сотының 2016 жылғы 25 мамырдағы үкімімен айыпты деп танылды. Бұл қылмысы үшін А. Қуанышқалиевтің мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен шеттетілді және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Бұған қоса оған 820 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Және ҚР ҚК-ның 49-бабының 1-бөліміне сәйкес А. Қуанышқалиев полиция капитаны шенінен айырылды. Сондай-ақ жыл басынан бері жол-патрульдік полициясының үш қызметкері пара алғаны үшін айыпталып, олардың мүлкі тәркіленді. Және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Бұған қоса қылмыскерлерге параның еселенген сомасы көлемінде айыппұл төлеу түрінде жаза тағайындалды.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да жемқорлық фактілері анықталып, 11 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген бюджеттік қаражаттарды қадағалау барысында департаментпен сыбайлас жемқорлық санатына жатпайтын қылмыстық істер қозғалды. Мұндай істер соңынан тараптардың татуласуына және келтірілген шығынды өтеуіне байланысты тоқтатылды. Атап айтар болсақ, «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Зеленов ауданына қарасты Факел ауылындағы көпірді жөндеу жұмысын артық бағалаған «Анаконда» ЖШС директоры А. Зинченко мемлекетке мүліктік зиян келтіргені үшін айыпталды. 1 890 800 теңге көлеміндегі шығын қайтарылып, Н. Зинченкоға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Сондай-ақ «Зеленов аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ-ның басшысы А. Жұмабеков те 2012 жылы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған. Ол «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңбе-рінде тұрғызылған «Зеленов ауданының Достық ауылын электрлендіру» объектісі бойынша бағасы артық жұмыс көлемін қабылдаған. Осы іске қатысты анықталған 12 236 100 теңге шығын қайтарылып, бүгінде А. Жұмабековке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар құрылыс саласында да жиі кездеседі. Бұған да мысал келтіріп көрелік. «Теректі ауданының сәулет басқармасы» ММ басшысы А. Шукеев «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды бұзып, «Теректі ауданы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы» мемлекеттік сатып алуын жүзеге асыру барысында жеткізуші ұсынған бағадан артық сомаға келісімшарт жасаған. Айыпты адамның 1 369 400 теңге шығынды бюджетке қайтаруына байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негізде тоқтатылды (шынайы өкінуіне және келтірілген шығынды өтеуіне байланысты).

Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, пара алу жағдаяттары да азаймай отыр. Жыл басынан бері 24 пара алу фактісі анықталды. Бұл жөнінде нақты айтар болсақ, «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Орал қалалық аумақтық инспекциясы» ММ басшысының міндетін атқарушы С. Самарханов 2016 жылдың 7 маусымы күні ветеринарлық сертификатты жедел дайындау үшін 5000 теңге пара алғаны үшін айыпталды. Сот үкімімен С. Самарханов айыпты деп танылып, оның мүлкі тәркіленді. Ол енді мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, лауазымды қызметті өмір бойы атқара алмайтын болды. Және оған параның 50 еселенген сомасы, яғни 250 000 теңге айыппұл салынды. Қорыта айтқанда, 137 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 63 қылмыстық іс сотқа жолданды, — деген Ахмед Абакаров жиналғандарға сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған жағдайда, департаментке арызбен келуге болатынын немесе 98-47-20 телефоны арқылы жүгінуге болатынын айтты. Оның сөзінше, департаменттің және Бөрлі аймағы бойынша ауданаралық басқармасының әкімшілік ғимаратында азаматтардан арыз-шағымдарды қабылдау жәшіктері орнатылған. Сондай-ақ департамент басшылығы азаматтарды алдын ала жазылу бойынша да күнделікті қабылдайды. Бұдан басқа сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1424 телефоны арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына тегін хабарласуға болады.

Департамент қызметкерлерінің айтуынша, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1131 қаулысына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жағдаяттары туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілген. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көмектескен адамдарға мынандай тәртіппен біржолғы сыйақы беріледі:

  1. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;
  2. Онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;
  3. Ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;
  4. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;
  5. Аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.

Осы қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайларда, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеулер де белгіленуі мүмкін. Көтермелеу, қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Аналарыңды жылатпаңдар, айналайындар!»

Күні: , 181 рет оқылды

DSCF5965-с


Әлдебір арандату­шы­лардың шеңгеліне ілігіп қалып, Сирия ас­пақ болып, ақыры темір тор­­­ға қамал­ған­дар­дың арасында Ақжайық ауданының 1988 жылы туған азаматы бар. Оның және сон­дай ада­су­­­дан қайғыға ұшыра­ған­дар­дың «Қа­лай қателікке тап болдық, неге талтүсте арам пиғыл­ды­ларға арбалып қал­дық?»  деген өкініші жаста­ры­мызға ащы сабақ болуға тиіс.


Ақжайық ауданындағы «Таным» деструктивтік діни ағымдар­дан зардап шеккендерге кө­мек орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисеғалиев, Оралда­ғы «Тәжиден Батырұлы» мешітінің найб имамы Талғат Есқалиев және ча­паевтық педагог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Берді Әлі ауылдық округтер орталығы Мерген, Ақсуат, Ілбішін, Алмалы, Тайпақ, сондай-ақ шағын елді мекендер Ті­нәлі, Қабыл, Атамекен, Шабдаржапта тұр­ғын­дармен кездесудегі әңгімеге осы жайт өзек болып тартылды. Дәстүр­лі дінімізді тәрк етіп, бөтен болмысқа бой ұрудың зардабы жайында олар­дың нақты мысалдармен, слайдтар ар­қылы баяндаулары жиналғандарға ой салғаны сөз алғандардың көптігі­нен байқалды. Ауылдарға шыққан бұл топ құрамында жоғарыда атал­ған азаматтың анасы, бүгінде зейнеткер Қ.-ның болып, өз отбасының сол қайғы­сы туралы жасырмай айтқаны жұрт­ты тіпті толқытты, жанарларға жас ал­ғызды. «Ұлым мұндайға тап болаты­нын қайдан білейін. Есеңгіреп қал­дым… Көпшілік сияқты мен де бір ме­кемеде хал-қадірімше еңбек еттім. Жұ­­мысқа шауып жүргенде балама қа­рау­ға мұрша болмай қалды ма екен?.. Бір жаққа жұмысқа барамын деп кеткен, әйтеуір, үйге қолын кісендеп алып кел­генде өз көзіме өзім сенбедім. «Кешір, мама, ке­шір» деді. 3,5 жылға сотталды. Түр­ме­ге, сонау бір қалаға барып тұра­мын. «Осыдан шыққаннан кейін дұрыс дінге бет бұрамын» дейді. Қайтейін, аманды­ғын тілеймін, осы сөзінен үміт­тенемін. Үмітім ақталатынына да сенемін. Ал өзімнің баламдай өрімдей жастарға айтарым, аналарыңды жы­латпаңдар, айналайындар!».

Асыл дініміздің, дәстүріміздің шек­сіз құндылықтары, ұл-қыз тәрбиесіне ең алдымен ата-ананың жауапкерші­лігі туралы жан-жақты сөз болып, сұ­рақтарға жауап қайтарылған осындай дидарласулар алдағы кезде де ұйым­дастырылуын  сұрады  көпшілік.

Бекем  БЕКҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы


«Атамекенде» тегін демалуда

Күні: , 168 рет оқылды

DMS_9379


Облыстық әділет департа­ментінде өткен шарада мате­риалдық жағдайы төмен отбасы­лардың ұл-қыздарына «Атаме­кен» экология және туризм орта­лығына жолдама берілді.


Аталмыш департаменттің басшысы Алмат Нарқұ­лов­тың айтуынша, сот орындаушылары уақтылы және толық­қан­ды алимент өндіріп алу туралысот шешімдерін жүзеге асыруда.Алайда алимент төлеушілердің тұ­­­рақ­ты жалақысының болмауы, ден­саулығының нашарлығы се­кілді жағдайлар сот шешімін орын­дауға  кедергі  келтіреді.

– Ана мен баланы қорғаудың заңды қағидаттары Елбасының «Қа­зақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында көрсетілген. Қазақстан­да дүниеге келген әрбір сәбиді мемлекет қорғауға алуы тиіс. Әсі­ресе, ата-анасының қолдауынсыз қалған немесе жағдайы төмен от­басылардың балалары жіті назар­да болуы керек, – дейді Алмат Құрақбайұлы.

Облыс бойынша 7100 бала алимент алуы тиіс болса,  380 адам алимент төлемей жүр. Сондықтан балалар мемлекет және қоғам тарапынан материалдық әрі рухани қол­дауға зәру. Осыған орай әділет департаменті жазғы лагерьге жолдама беруді ұйымдастырды. Кірісі аз, материалдық жағдайы төмен отбасылардың балаларына 24 жолдама  үлестірілді.

– Бұл жолдаманың арқасында Әбдіғафур есімді  немерем жазғы лагерьде демалатын болды. Кейде баланың әкесі алиментті уақты­лы төлемейді. Әбдіғафурдың тағы екі бауыры бар. Әділет департаменті қызметкерлеріне бұл сыйлық үшін алғысымды айтамын. Немерем қуанып қалды, — дейді қала тұрғыны Клара Төрәлиева.

Осыған дейін бірнеше бала осын­дай жолдама арқылы лагерьде демалып келген болса, басқа балақайлар өз кезектерін күтуде.  Бұл бастамаға қала әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық білім басқармасы және «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ қолдау көр­сетті. Бұдан бөлек әділет департаменті қызметкерлері де қар­жы жинап, өз үлестерін қосты.

Айым  СҮНДЕТ,

Орал  қаласы


Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті

Күні: , 167 рет оқылды

01b2074af49dc20372ac3ea1d0465ddf_XL


Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В. Жұмақановтың, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды.


Қазақстан Президенті қаза бол­ғандар мен зардап шеккен­дер­дің отбасыларына көңіл айтты және оларға мемлекеттік органдардың барлық қажетті көмекті көрсетуін тапсырды.

– Бүгін Алматыда, өкінішке қа­рай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті пси­хо­­логиялық және материалдық қол­­дау көрсету керек. Сондай-ақ құ­қық қорғау органдарына қала­­дағы құ­қық тәртібін қамтамасыз ету тұр­ғысынан барлық қажетті ша­ра­­ны қабылдауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі ық­тимал арандатушылықтарға бой ал­дырмауға шақырды.

– Қазір құқық қорғау орган­дары жұмыс істеп жатыр, қас­кү­немдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қор­ғап, жараланғандарға меди­цина­­лық көмек көрсету жөнінде же­­дел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүр­­гізу қажет. Сондай-ақ Алматы тұр­ғын­да­рына тұрақты түрде мә­лі­мет беріп, жалпы қоғамдық тыныш­­тықты қамтамасыз ету керек. Қауе­­сет таратушылардың аяусыз түр­­де жолын кесіп, арандатушылар­ды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі іс­тер министріне оқиға орнына бару­ды және Алматы қаласының әкімі­мен бірлесіп, қаладағы жағ­­дайды тұрақтандыру жөнінде ша­ра­лар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшы­сы Ақпарат және ком­му­ни­ка­ция­лар министрлігіне азамат­тар­дың барлық сауалдарына жедел жа­уап беріп, халыққа уақтылы жә­не толық ақпарат беріп отыруды тапсырды.

www.akorda.kz


Жергілікті боксшылар сенімді ақтады

Күні: , 170 рет оқылды

IMG_1170


КСРО спорт шебері, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазталов ауданының құрметті азаматы Марат Елеусіновтің жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасында IV республикалық турнир өтті.


Қазталовтағы додаға Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан, Қазталов ауданының және Саратов облысының Александров Гай ауданынан 140-қа жуық жас былғары қолғап шеберлері қатысты.

Төрт күнге созылған бұл бәсекеде мықтылығымен көзге түскендердің арасында Ә. Нәбиев  (26 келі, Орал), Б. Қабдолла (28 келі, Қазталов), М. Қайырбай (30 келі, Маңғыстау), Т. Сатаев (32 келі, Зеленов), Ә. Мұрат (36 келі, Ақжайық), М. Ораш (40 келі, Орал), А. Жалмұханбет (50 келі, Ақтөбе), Д. Шәріпов (52 келі, Қазталов) Б. Амангелді  (57 келі, Қазталов) сынды жасөспірім боксшылар бар.

Жұлдыз АСҚАР,

Қазталов ауданы


Науқан қызып тұр

Күні: , 192 рет оқылды

д-229


Аудандық мәдениет үйі тұсында тұрған көк майса шөп тиелген тіркемелі «ЗИЛ»-ді көріп, иесімен тілдесуге бұрылдық. Жәрмеңке ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Оразалы Мұқанов (суретте) екен.


–  Жылдағы дағды бойынша сайқындық Тайыр Сәрсенбаевпен бірігіп, шалғынға орақ салғанбыз. Уақтылы  жинап  ала алсақ, биыл түсім жақсы. Бүгінгі  үшінші сапарымыз – бұл. 100 төк  25 мың теңгеден, соншалықты қымбат та емес қой. Алушылар да табылып жатыр, — деді ол.

Иә, мал ұстайтындар «әліптің артың бақпай», науқан соңында арзандайды деп күтпей, жем-шөп қорын жеткілікті жасақтап алса, қыста қысылмайтыны хақ. Жаздай ұзын арқан, кең тұсаумен жүріп, қыс ұзарып немесе көктем кешіккен тұста, әбігершілікке салынбас үшін қазірден бастап дайын мал азығын жинап алған ләзім.

Кәримолла  ҒАЙСИН,

Бөкей  ордасы  ауданы

***

Шілде айы – шөп  шабатын кезең. Шаруалар «қыстың қамын жазда ойлап», мал азығын жинақтап алуды көздейді.

Аудан бойынша бұл жұмыстар өте қарқынды жүруде. Биыл былтырғыдай жағдай орын алмайтыны белгілі, себебі жауын-шашынның түсуі жақсы болды.

Аудан басшылығы бірде-бір ауылдың жем-шөпсіз қалмауын, табиғи шөптің бағасы қарапайым тұрғындар үшін шекті бағадан аспауын қадағалап отыр.  Мысалы, Аңқаты  ауылдық округі бойынша 26442 гектар шөп шабылады деген жоспар бар. Ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Е. Молдахметовтің айтуынша, жоспарды толық орындау негізгі мақсат болып отыр. Бүгінгі таңда аталмыш аумақтардан 4900 центнер шөп шабылып, үйілген. Округтегі «Айсұлу» шаруа қожалығы (суретте) қазіргі уақытта 1283 центнер табиғи шөп жинаған.

М. Зейнуллин басқаратын қожалық үш «КамАЗ» және алты орақты жүргізу арқылы әлі  де жұмыстарын  жандандырамыз  деп  отыр.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы


Күрделі жөндеуден өтуде

Күні: , 178 рет оқылды

IMG_8182


Жақында  Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов пен облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева күрделі жөндеу  жүріп жатқан  Қызылоба ауылдық округіндегі Е. Орақбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде болып, жұмыс барысымен танысты.


1979 жылы іргесі қаланған мектепке соңғы рет 2007 жылы  жөндеу жүргізілген еді. Содан бері мектепті күрделі жөндеуден өткізудің сәті биыл ғана түсті.  Аталмыш білім ұясын жөндеу үшін 147 556 мың теңге қаржы бөлінген. Бас мердігер «Тасқала Трансгаз» ЖШС-ның бригадирі Талғат Жоламановтың айтуынша, жөндеу жұмыстары 27 маусым күні басталған, ағымдағы жылдың қараша  айында  аяқталуы  тиіс.

– Мектеп толықтай жөндеуден өтуде. Мектептің төбесі қазіргі үлгідегі профлистпен жабылып, есіктерезелер, еден төсеніштері толықтай ауыстырылады. Сондай-ақ ішкі қабырғалары түгелдей сыланып, боялып жаңартылады. Жылу жүйесі де толықтай ауыстырылады. Бұл жұмыстарға жұмыссыздар есебінде тұрған 34 ауыл тұрғыны тартылды. Аудан орталығынан төрт  тас қалаушы, төрт сылақшы, бес төбе жабушы  мамандар жұмысқа алынды. Мамандарға жалақыны жасаған жұмыстарының көлеміне қарай төлейтін болсақ, биржа арқылы жұмысқа алынған жұмысшыларға айына 35 мыңнан 50 мың теңгеге дейін жалақы төлейміз. Қазір ғимаратты жөндеуге дайындау жұмыстары аяқтала келді, енді құрылысты бастаймыз, – дейді Талғат Жоламанов.

Нұрғали  САҒЫНҒАЛИ,

Жаңақала ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика