Мұрағат: 16.07.2016


Табылдының әндері

Күні: , 176 рет оқылды

DSC_0156


Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында бард әнші Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Табылдының әндері» атты еске алу кеші өтті.


ҚР Мәдениет қайраткері, талантты ақын, бард әнші Табылды Досымовтың еске алу кешіне әншінің өнердегі, өмірдегі достары, ақжайықтық ақындар Сағынтай Бисенғалев, Үзілдік Елеубаева, Тілес Жазықбай және «Мирлангаз» ЖШС директоры, өнер жанашыры Мұхтар Сағынғалиев арнайы келді. Олар гитарасын серік етіп, нәзік сырға толы және ойға бай әндерімен халық жүрегінен орын алған бард әнші туралы әдемі естеліктер айтты. Өңірімізге танымал әншілер Жаскелең Ғайсағалиев, Марат Сарбөпеев, Қадырболат Едіров, Ислам Мықтыбаев сынды әншілер Табылды Досымовтың әндерін орындады.

Белгілі бард әнші Табылды Досымов 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысының Индербор кентінде дүниеге келген. Т. Досымов әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің 1990 жылғы түлегі. Мамандығы – журналист. Оның әншілік, сазгерлік, ақындық өнері университет қабырғасында қалыптасып, қалың жұртшылыққа таныла бастайды. Аяштың Табылы Атырау облыстық телерадиокомитетінде редактор, облыстық филармонияда әнші бола жүріп, «Желтоқсан жебесі» жас дарындар тобының жетекшісі қызметін атқарды. Табылды Досымов – «Жанарымның жарқылы», «Ұнатамын мен сені» жыр жинақтарының авторы. Сазгер, ақын әрі әнші өзінің 45 жыл ғұмырында артына өшпес мұра қалдырып кетті. Оның рухты әндерін жастар жалындатып шырқап жүр. Ол туралы естелік өте көп. Белгілі қаламгер Арман Ысқабылұлы өз естеліктерінде былай деп жазады:

«Табылдының өлеңдері мен әндерінің көбі Алматының «Татарка» деп аталып кеткен тапал тамды үйлері бар ауданында жазылды. Нарынқолға бірге барғанымызда, аспантауларды көріп тамсанғаны бар. «Мынадай жерде туып ақын болмау мүмкін емес» деп алып, «Біздің жақта тұрып қайтса бір жаздай, талай ақын кетер еді жыр жазбай» дегені де есте.

«Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен,

Тауы ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен,

Осы қырда төбешіктей аналар,

Дүниеге таудай ұлдар әкелген…» деп жырлап, тауға тамсанса да, Атырауын мақтаныш ететін».

Еске алу кешінде сөз алған ақжайықтық ақындар бард әншіге арнаған өлеңдерін оқып, бабадан мұра болған жыраулық поэзияны батыстың бард өнерімен үндестіріп, жұртшылыққа ұсына білген Табылды Досымовтың асқақ рухы туралы тебірене сөз қозғады. Қадыр Мырза Әлі орталығы алаңында өткен әсерге толы әуезді кешке халық көп жиналды. Кеш соңында «Ұнатамын мен сені» әнін жиылған жұртшылық бірге шырқады.

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»


Үш мектеп, бір балабақша күрделі жөндеуден өтуде

Күні: , 217 рет оқылды

DMS_9454


Бейсенбі күні Орал қаласының  әкімі Нариман Төреғалиев күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан білім ошақтарын аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.


Ең алдымен ат басын тіреген М. Ықсанов атындағы №36 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 5 шілде күні басталған. Қазіргі күні бұл жерде 70-тен астам жұмысшы еңбек етуде. Қабырғасы 1936 жылы қаланған ескі мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін 111 млн. теңге бөлінген. «РемСтройБыт» ЖШС директорының орынбасары Марлен Иманғалиевтың айтуынша, мектеп ғимараты түгелдей жаңартылып, жаңа оқу жылының қарсаңында дайын болмақ. Үш ауысымда жұмыс жасап жатқан мердігерлер 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстарын аяқтамақ. Жұмыстармен танысқан қала басшысы мектептің қасбеті мен төбежабынының түсіне назар аудару қажеттігін айтты.

Келесі бас сұққан №39 мектеп 1963 жылы салынған. Оған қоса жалғасқан қосымша ғимараттың қабырғасы 1978 жылы қаланған. Бұл нысан «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша күрделі жөндеуден өтуде. Жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 107 млн. теңге қаралған. «Дизайн ДА» ЖШС директоры Оразбек Мұқамбетовтің айтуынша, 45 жұмысшының 20-сы – жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданғандар. Бұл білім ошағында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының 60-70 пайызы аяқтала келген.

Жөндеу жұмыстары аяқталып қалған сынып бөлмелерін аралап көрген қала әкімі Нариман Төреғалиев қисық еденге төселген линолеумге қатысты ескерту жасады. Балалар үшін бар жағдайды жасау қажеттігін айтқан қала басшысы еденді тегістеп барып, линолеумді қайта төсеуге, сондай-ақ электр, жылу жүйесіне қатысты да ұсақ-түйектің бәрін ескеруге кеңес берді.

Жұбан Молдағалиев атындағы №2 мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары бел ортасына таяп қалған. Бұл мектептің негізгі бөлігі 1969 жылы, қосымша ғимараты 1986 жылы салынған. Білім ошағындағы күрделі жөндеу жұмыстары «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы негізінде жүзеге асуда. Жөндеу жұмыстарын «Домостроитель» ӨК жүргізуде. Күрделі жөндеу жұмыстарына 390 млн. теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі күнде 110 адам жұмыс жасауда. Мектептердегі жүріп жатқан жұмыстардың мән-жайымен танысқан қала басшысы мектеп басшыларына жөндеу жұмыстары аяқталған соң мектеп ауласын көгалдандырып, абаттандыру туралы ұсыныс айтты.

-Биылғы жылы қала бойынша үш мектеп, бір балабақша күрделі жөндеуден өтуде. Білім ошақтарында қыркүйек айына дейін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын қарап жүріп, өз ұсыныс-ескертпелерімді айттым. Олардың бәрі ескеріліп, балаларымыз жарқыраған жаңа мектепте білім алатын болады. Жалпы, жұмыс өз деңгейінде жүріп жатыр, — деді білім ошақтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының мән-жайымен танысқан Нариман Төреғалиев.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысының орынбасары Фатиха Пайдинаның айтуынша, №33 «Орленок» балабақшасындағы күрделі жөндеу жұмыстарын «БатысСтройсервис» ЖШС жүзеге асыруда.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Әкім егін орған күн

Күні: , 185 рет оқылды

аким штурвал


Бейсенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болды. Өңір басшысы алдымен Орал – Кирсанов бағытындағы жол жөндеу жұмысымен танысты. Ұзындығы 48 шақырымды құрайтын жолжөндеу жұмысына 2 млрд. 290 253 теңге қаражат бөлінген.


Өткен жылы жолдың 11 шақырымы жөнделсе, осы жылы 22 шақырым, келесі жылы 15 шақырымы жөндеуден өтпек. Жол жөндеу жұмысымен танысқан облыс әкімі жұмыстың сапалы және уақтылы орындалуын тапсырды.

– Орал – Кирсанов бағытындағы бұл жол облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қатарына жатады. Өткен жылғы жоспарланған жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 358 миллион қаражат бөлінді. Биылғы жылғы жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 1 миллиард қаржы қаралған. Келер жылдағы жоспарлы жөндеуге 900 миллион теңге қаражат қажет. Бұл бағыттағы жол жөндеу жұмыстары жаңа технологиямен жүргізілуде. Бұл әдіс бұрыннан төселген асфальт қабатын қазып алып, шебін мен цемент қосып, жаңа төселетін қабаттың астына негіз ретінде пайдалану болып табылады. Жаңа технология жол жөндеу жұмысын қарқынды жүргізуге және қаражат үнемдеуге мол мүмкіндік береді. Жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін бір шақырымына орташа есеппен 150 миллион теңге қаржы қажет болса, бұл әдіспен жөнделген жолдың әр шақырымына 47 миллион теңге қаражат жұмсалады. Былтырғы жылдан бастап қолданысқа енген технология жақсы нәтиже беруде. Болашақта жол жөндеу жұмыстарына осы әдісті кеңінен қолдану жоспарлануда, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Асқарбек Жақсығұлов.

Сонымен қатар облыс әкімі аудандағы егін және мал шаруашылығымен айналысатын бірқатар шаруа қожалықтарын аралады. Дариян ауылдық округіне қарасты “Азамат” шаруа қожалығында болған өңір басшысы күздік бидайды ору жұмысымен танысты. Ғалым Наурызбаев жетекшілік ететін қожалық егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінгі таңда шаруалар 250 гектар жерге егілген күздік бидайға орақ салған. Биылғы жылдың ауа райы егін шаруашылығы үшін өте қолайлы болғандықтан, егіндіктен   алынып жатқан өнім де мол.

– Қазір өткен жылдың тамыз айында егілген 250 гектар күздік бидайды жинау жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр күздегі және көктем кезіндегі ылғалдың мол түсіп, егін шаруашылығы үшін ауа райының қолайлы болғанынан шығар, биылғы өнім өте жақсы. Әр гектарынан орташа есеппен 40 центнер бидай алудамыз. Өз басым дәл осындай өнімді 2001 жылдан бері жинап тұрмын. Егін егу кезінде барлық технологияларын сақтауға тырысамыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер жұмыстың қарқынды жүруіне септігін тигізуде, – деді «Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалым Наурызбаев.

Сондай-ақ өңір басшысы осы Дариян ауылдық округіне қарасты «Матевосян» шаруа қожалығының күздік егіс алқабымен танысты. Бұл қожалықтың негізгі кәсібі – егін шаруашылығы. Қожалық меншігінде 7662 гектар егістік жер бар. Шаруашылық қарауындағы ауыл шаруашылығы техникаларында, егін ору науқанында 70-тен астам адам жұмыс істейді. Қожалық иелерінің айтуынша, көктемгі уақытта жауын-шашынның мол болуынан биылғы егіс бітік шыққан. Мол өнімді ысырапсыз жинап алуға шаруалар бар күштерін жұмсауда.

– Өткен жыл соңында және қыс мезгіліндегі қардың мол түсуі мен ауа райының жайлы болуы егіннің мол шығуына септігін тигізді. Орылып жатқан бидайдың сапасы да көңіл қуантады. Үкімет тарапынан да зор қолдау көріп отырмыз. Арзандатылған бағамен берілген жанар-жағармайдың өзі шаруаларға көп көмек. Жақында «John Deere» маркалы американдық екі су жаңа комбайн мен күнбағыс жинауға арналған трактор сатып алдық. Бұл заманауи техникаларда адамның алаңсыз жұмыс жасауына барлық жағдайлар жасалған, – дейді шаруа Александр Матевосян.

Мол шыққан егістікті оруға тоғыз комбайн түскен. «John Deere» маркалы американдық комбайндарды басқару өте қолайлы көрінеді. Басқару кабинасы түгелге жуық әйнектелгендіктен, комбайншыға жан-жағын толық бақылап отыруға қолайлы. Автоматтандырылған егін ору құралының ішінде тіпті салқындатқыш та бар. Барлығы 6 мың гектар күздіктің бүгінгі таңда тең жартысы орылған. Қалған егінді 10 күн ішінде жинап алмақшы. Көкжиекпен астасқан егіндікке әрі қуанып, әрі риза болып тұрған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы алқапта жүргендерді таңғалдырды. Комбайн штурвалына өзі отырды. Сөйтіп, алып техниканы тізгіндеп, 1,5 шақырымдай жүргенде бункер алтын дәнге мөймілдеп толды. Осылайша, облыс әкімі биыл құт қамбаға құйылатын ырысқа өзі жинаған 48 центнер бидайды қосты.

– Бүгін біз егін салумен айналысатын шаруаларды аралап, егіннің мол өнім беріп жатқандығына  куә болдық. Әрине, осындай мол өнім алуға қол жеткізу шаруалардың еңбегі мен өңіріміздегі ауа райының қолайлылығынан деп ойлаймын. Бүгінгі күні диқандар орташа есеппен гектарына 40-50 центнерден өнім алып отыр. «Матевосян» шаруа қожалығы тек егіс егіп қана қоймай, астық пен астық өнімдерін өндіріп, шет мемлекеттерге шығаруда. Соңғы жылдары шаруа қожалықтары қарамағындағы техниканы жаңғыртуға көп көңіл бөліп келеді.

Жаңа технология адамның көп күш жұмсамай, жұмыс өнімділігін күшейтуге мол мүмкіндік беруде.

Жаңа технология алған қожалықтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек те зор. Еңбек етіп, өнімділікті арттырамын деген шаруаларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз, – деді  облыс әкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген  сұхбатында.

Бұдан соң өңір басшысы «Матевосян» шаруа қожалығының күнбағыс алқабында болды. Қожалық жетекшісі күнбағыстың сұрыбы, егілу технологиясы, күтілетін өнімі туралы жан-жақты баяндап берді.

Желаев кентінде орналасқан «Желаев астық өнімдері комбинатында» болған облыс әкімі астық, макарон, майлы шемекі өндірісінің барысымен танысты. Айта кетейік, комбинат өндірген бұл өнімдер ішкі нарыққа қоса, Ауғанстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения секілді шет елдерге  де  жөнелтіледі.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»,

Зеленов  ауданы


Радикалдануға бейім топтар анықталды

Күні: , 164 рет оқылды

IMG_8008


Өңірімізде дәстүрлі емес ислам бағытындағы діни радикализм мен экстремизмнің айқын көріністері байқалуда. Оған жастар жиі қолданатын әлеуметтік желі арқылы теріс дінге шақыратын ақпараттардың кеңінен таратылуы, баланың дінге қызығушылығын байқаған ата-ананың дер кезінде құзыретті құрылымдар мен сенім телефондарына хабарласпауы, діни сауаттылықтың төмендігі өз әсерін тигізуде.


Бұл жөнінде облыс орталығындағы Достық үйінде өткен облыстық ассамблеяның қоғамдық келісім кеңесінің отырысында айтылды.

Жиын барысында өңіріміздегі діни ахуал турасында баяндаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің айтуынша, батысқазақстандықтардың жекелеген санатының деструктивті радикалды діни ұйымға өтуін барынша азайту мақсатында өңірлік діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. «Бұл бағыттағы жұмыстар биыл облыс әкімінің төрағалығымен өткен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында арнайы қаралды, – деді Талғат Рақымұлы. — Қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде өңірде радикалдануға бейім қауіп-қатер топтары анықталды. Олардың қатарында саудамен айналысатындар, вахталы әдіспен жұмыс істейтіндер, қоғамдық-көлік ұйымдарының қызметкерлері, діни экстремизм мен терроризм үшін сотталғандар, әскери жанжал аймағына кеткен адамдардың отбасы мүшелері, жұмыссыздар, оралмандар, дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері бар шалғай ауылдың тұрғындары, жатақхана-интернатта тұратын студенттер мен оқушылар, күмәнді шетелдік діни оқуда оқитын жандар бар. Облыс жамағатының 80 пайыздан астамы – жастар. Сол себепті облыстық жастар басқармасымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Бүгінде төрт аудандағы жастар ресурстық орталығында дінтанушы білімі бар мамандар жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қалған аудандар да теологтармен қамтылмақшы. Облыстық білім басқармасы арқылы мектеп және оқу орындарындағы діндар жастарға дәстүрлі бағытты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдық ішінде  14-21 жас аралығындағы 32040 оқушы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Облыстық ішкі саясат басқармасы арқылы өңірдегі БАҚ-та басқарманың медиа-жоспары аясында жұмыстар жүргізіліп, «ИШИМ» террористік ұйымының идеологиясын әшкерелеу, халықтың радикалды сипаттағы теріс діни ағымдар идеясына қарсы иммунитетін күшейту жөніндегі ақпараттық іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Түзету мекемелеріндегі діни ахуалды жақсарту жұмыстары да өз нәтижесін беруде. Яғни бостандыққа шыққан алты  адам дәстүрлі бағытқа ауысты».

Жиын барысында қаралған екінші мәселе – жер реформасын түсіндіру. Соған орай сөз алған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанованың айтуына қарағанда, өңірімізде бұл бағытта 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жасақталған. Топ құрамында елге, өңірімізге танымал тұлғалар, ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары бар. Күні бүгінге дейін реформаны түсіндіру мақсатында 639 шара өтті. 4 мамырдан бері қоғамдық кеңестің 91 отырысы болса, оның бесеуі облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде республикалық комиссияға 20 ұсыныс жолданды. Сонымен қатар 23 мамырдан бастап облыс әкімі мен оның орынбасарлары аталмыш реформаға орай аптасына үш рет қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Мұндай қабылдауларды Орал қаласының, аудандар мен ауылдардың әкімдері  де  жүргізуде.

Үштілді білім жүйесі турасында баяндаған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Зәуре Ғұмарованың айтуынша, бүгінгі таңда өңіріміздегі 193 балабақша мен 189 шағын орталықтағы 19770 бала ағылшын тілін оқуда. 2020 жылға дейін облыстағы 39 мектепке жаратылыстану-математика пәндері бойынша үштілді білім жүйесін енгізу кестесі жасақталды. Қазіргі уақытта 42 маман аталмыш пәндер бойынша үштілде сабақ беруде. Бүгінгі таңда пән мұғалімдері мен оқушылар үшін тілдік курстар, онлайн сабақтар мен консультациялар ұйымдастырылуда.

Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты тиісті шешімдер  қабылданды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»,

Орал қаласы


12 маман ауылға келмек

Күні: , 346 рет оқылды

DSC_0058 копия


Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың қатысуымен «2016 жылдың өткен кезеңінде Ақжайық ауданында атқарылған жұмыстар және 2020 жылға дейінгі аудан дамуының бағдарламасы» тақырыбында баспасөз брифингі өтті.


Әділ Тауфиқұлының баяндауынша, биыл аталмыш аудандағы бюджет көлемі 5,5 млрд. теңгені құрап, 2016 жылдың I жартыжылдығында 99,9 пайызға игерілген.

Ағымдағы жылдың бірінші маусымында өнеркәсіп өнімінің көлемі 411,8 млн. теңге, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 215,2 млн. теңгені құраған. Экономикасы мал шаруашылығына негізделген аймақта ірі қара 79,1 мың, ұсақ мал 271,9 мың, жылқы 28,4 мың басқа жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Зеңгі баба түлігі 2, ұсақ мал 2,3, жылқы 13 пайызға көбейген. Аудан әкімі өзі басқаратын өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып өтіп, журналистердің сұрағына жауап берді.

Клара ҚАМБЕТОВА,

«Қазақстан – Орал» телеарнасы:

— Бірінші сұрақ: Биылғы маусым айында Ақжайық ауданы бойынша мал ауруы фактісі тіркелгендігінен хабардармыз. Мәселені зерттеу тұрғысынан нәтиже бар ма және аурудың таралу аумағын шектеу бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

Екінші сұрақ: Ақжайық ауданы – өзен-көл мен тоғандарға бай өңір. Ауданда балық шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері қандай?

Әділ ЖОЛАМАНОВ:

— Маусымның он жетісі күні Чапаев ауылына іргелес Нефтебаза аумағында 10-15 ірі қара малының бір күнде ауру фактісі тіркелді.

Бұл жайында бұқаралық ақпарат беттерінде аусыл ауруы деген ақпарат тарады. Біз қажетті сақтық шараларын дер кезінде қолға алдық. Мәселен, көлік қатынасын шектеп, сауықтыру шараларының бірі ретінде мал егу жұмыстарын қолға алдық. Облыстық ветеринарлық зертханаға патологиялық материалдар сараптамаға жіберілді. Дәл осындай материалдар Астана қаласына да жіберілген еді. Жуырда оның нәтижесі келді. Малға келген індет аусыл немесе пастереллез емес, өңеш, қолқа аурулары екені анықталған. Мұның адамға келтіретін ешқандай зияны жоқ. Яғни ондай аурумен ауырған малды сойып, сатуға ешқандай кедергі жоқ. Қырық шақты ірі қара ауырып, жеті-сегіз бұзау өлген еді. Бүгінде жағдай тұрақталды.

Екінші сұрағыңызға жауап берейін. Бүгінгі таңда балық шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар жобалар қолға алынуда. «Әлім» шаруа қожалығы Ащы өзенінде балық өсіруді қолға алды. «Атамұра» шаруа қожалығы Бударин ауылы маңынан тоған жасап, тұқытұқымдас балықтарды көбейтуде. Биыл жеке кәсіпкер Данияр Құспанғалиев Чапаев ауылының іргесінен бөгет салып, онда балық өсіру жұмыстарын жолға қойды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Камила САҚБОЛСЫНОВА,

«Приуралье» газеті:

— Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақжайық ауданында халық игілігіне қандай да бір жаңа нысан немесе өндіріс орнын ашу жоспарда бар ма? Сондай-ақ ауданда Жайық өзенінің қос қапталына қатынауға мүмкіндік беретін көпір салу жобасы жайында бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып

келеді. Осы мәселеге қатысты қандай жаңалықтар бар?

Әділ ЖОЛАМАНОВ:

— Биыл Тайпақ ауылдық округіндегі Харькин орта мектебіне жаңа ғимарат салуды бастамақпыз. Аудан орталығындағы балабақша жөндеуден өтеді. Тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай туғызатын спорт алаңдарын салу жұмыстары да жалғаса бермек. Көпір құрылысы мәселесі облыс әкімі Алтай Сейдірұлының жіті назарында. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар дайын бо-ла келді. Құрылыстың сметалық құны 27,5 млрд. теңгені құрап отыр. Қазіргі уақытта үкіметтің қаржы бөлуге байланысты шешімін күтудеміз.

Әуес ОРАНАЕВА,

«Қазақстан АҚ РТРК»  облыстық радио бөлімінің аға редакторы:

— Ақжайық ауданы аумағындағы Сәтимолла кенішіне байланысты аяқ алысы ширақ басталған жобаның қазіргі жай-күйі қалай?

Бүгінде жастарды әскерге алуда олардың денсаулықтарына байланысты көптеген қиыншылықтар туындап жатады. Бұл мәселеге байланысты ауданның денсаулық саласында қандай жұмыстар атқарылуда?

Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ақжайық ауданына қандай саланың мамандары келмек?

Әділ ЖОЛАМАНОВ:

— Аудандағы Сәтимолла кеніші Атырау облысына таяу орналасқан. Қазіргі таңда бұл жерде зерттеу жұмыстары аяқталды. Яғни ол аймақтағы калий кенінің жер асты қоры түбегейлі анықталды. Енді кенді өндіру бағытындағы әр түрлі деңгейдегі  келіссөздер  жүргізілуде.

Жастар денсаулығы мәселесіне келсек, әр ауылдық округке көшедегі жаттығу алаңдарын салу қолға алынды. Жалпы спорт саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Биылдың өзінде жасанды көгал жабынын төсеуге 12 млн. теңге бөлінді. Биыл мұндай алаңның құрылысы Чапаев ауылында салынса, келер жылы Тайпақ ауылында қолға алынбақ. Биыл ауданымызда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 36 маманға тұрғын үй алуға несие берілсе, 18 маман көтерме жәрдемақымен қамтылды. Аталмыш бағдарлама бойынша былтыр ауданымызға сегіз дәрігер келсе, биыл тағы бес дәрігердің келуін күтіп отырмыз. Жалпы айтқанда, ауданымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бес жоғары, жеті орта білімді маман келмек. Орайы келіп тұрғанда, математика, биология, орыс тілі пәндері бойынша мұғалімдер қажет екенін айта кетейік.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика