Мұрағат: 14.07.2016


Мал молалары түгенделуде, бірақ анықталмай отырғандары да баршылық

Күні: , 210 рет оқылды

сакболыныз


Осыдан бір айдай уақыт бұрын Қарағанды облысындағы Еркіндік ауылында сібір жарасы шығып, екі адам қаза болғаны белгілі. Ауру қоздырғышын жұқтыруға ашық қалған мал көмінділері негіз болғандығы болжануда. Ауыл маңындағы жайылымнан табылған қорым жылдар бойы қоршаусыз тұрған. Сібір жарасын ескертетін арнайы белгі де болмапты. Төрт түлік болса, бұл маңда еркін жайылып келген…


 Ал біздің облысымыздағы жағдай нешік? Аталмыш дертке шалдығып өлген  түлікке қатысты мал молалары қаншалықты анықталған? Оларды қоршау жұмыстары қалай жүруде?

Ауру  қоздырғышы  100  жыл  өмір  сүреді

– Өңірімізде 1938-2013 жылдар аралығында тіркелген сібір жарасы ошақтарының кадастры бойынша тіркелген ауру ошағы саны – 228. Күні бүгінге дейін біз соның 144-ін таптық. Қалғаны іздестірілуде. Алайда ол оңай жұмыс емес. Себебі бұрындары аталмыш ауруға қатысты құжаттар жөнді дайындалмаған. Арнайы жасақталған жұмыс тобы бұрынғы мал мамандарынан, ауыл ақсақалдарынан сұрастырып іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл бағыттағы іс-шараларға байланысты 2015-2016 жылдары аудандық бюджеттерден 18 055 мың теңге бөлінді. Оның 1 754 мың теңгесі сібір жарасы көмінді орындарына қоршаулар мен белгілер орнату үшін, ал 16 301 мың теңгесі жер жобасын, жер актісі дайындауға және Ұлттық экономика министрлігінің жер кадастрының автоматтандырылған жүйесіне енгізу жұмыстарына бөлінді. Жоғарыда айтып өткен 144 қорымның 84-інде қоршаулары, арнайы белгілері бар. Бірақ олардың біразы бұрын ағашпен, тікенек сыммен қоршалған. Бұл бүгінгі талапқа сай келмейді. Сол себепті ондай мал молалары қайта қоршалатын болады. Анықталған мал молаларының 79-ы жер кадастрының автоматтандырылған жүйесіне енгізілді. Кейбір анықталған мал молаларының орындары шаруа қожалықтарына тиесілі жер телімінде орналасуына байланысты келісім жұмыстары жүргізілуде және ол орындарға белгілер қойылып, тиісті құжаттар дайындалуда. Күні бүгінге облыс бойынша сібір жарасына байланысты эпизоотиялық жағдай тұрақты, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ахметов.

Егер аудандарға бөліп қарасақ, анықталмай отырған қорымдардың көпшілігі Теректі ауданының еншісінде екен. Аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Жанайым Бисенғазиеваның сөзіне қарағанда, мұнда сібір жарасына шалдығып өлген малдарға қатысты 25 мал моласы табылмай отыр. Ал белгілі болғаны – 14. Олар негізінен Ұзынкөл, Долиный, Подстепный, Богданов, Покатилов ауылдарының төңірегінен  табылған. «Біздің қолымызда 1958-1982 жылдар аралығындағы ауру ошақтарының кадастрлық құжаты бар, – дейді Жанайым Бисенғазиева. — Сол құжатта Приречный ауылында әр жылдары сібір жарасынан өлген малдар, яғни 1965 жылы сиыр, 1968 жылы шошқа, 1988 жылы тағы бір шошқа бір молаға көмілгендігі белгіленген. Бірақ ол моланың нақты орнын білу қиынға соғып тұр. Себебі ол кезден бері жер бедерінде, аумақтық жағдайға байланысты біраз өзгеріс болды. Мал қорымын анықтайтын да ешқандай белгі жоқ. Ауыл тұрғындары да шамасын айтқанымен, дәл осы жер деп көрсете алмай отыр. Болжамды жерлерді қазып та қарай алмаймыз. Өйткені аурудың қоздырғыштары топырақтың астында 100 жылдан астам уақыт өмір сүреді. Егер олар топырақтың беткі қабатына шығып кетсе, үлкен қауіп төндіреді. Спораларға күннің суықтығы да, ыссылығы да еш әсер етпейді. Айта кетер бір жайт, егер осы іздеу жұмыстары барысында малдар осылай бір жерге көмілгені анықталса, онда қорым саны да айтарлықтай азаяды».

Мал  жаюда сақтық  керек

Мал  моласы демекші, мамандар ауылдағы ағайынға өздері жөнді білмейтін жерлерге мал  жаюға сақ болу керектігін ескертеді. Себебі ол жерлерде қараусыз, ашық-шашық күйінде мал молалары  болуы әбден мүмкін. Ал осыдан бес-алты жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында топырақтың беткі қабатында жатқан ауру қоздырғыштары мал арқылы адамға жұққан дерегі тіркелді. Бұл жөнінде Семей мемлекеттік медициналық университетінің «Ғылым мен денсаулық» деп аталатын журналында кең көлемде жазылған. Қысқаша баяндап өтсек, 2011 жылы 22 қыркүйегінде ҚР ДСМ МСЭҚК ШҚО бойынша департаментінің Үржар аудандық басқармасына Мақаншы ауруханасынан телефон арқылы жедел хабарлама түскен. Онда 1966 жылы туған М. есімді азаматқа «Сібір жарасы, терілік формасы» диагнозы қойылғаны айтылған. Науқастың сөзіне қарағанда, ол үш күн бұрын моншаға түскеннен кейін жалпы әлсіздік пайда болып, дене қызуы көтерілді. Осы күні сол жақ шынтақ буынның ішкі жағында терісі қызарып, қышыған. Қышыған жерін науқас қасыған. Артынша сол жерде кішкене жара пайда болғасын дәрігерге барған. Оны терапевт, инфекционист, хирург, дерматолог қарап, аталмыш диагнозды қойған. Эпидемиологиялық-эпизоотиялық тексеру кезінде анықталғандай, М. осы дертке шалдығар алдында өзінің үйіндегі тоқтысын сойып, етін отбасымен, ауласында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жігіттермен бірге жеген. Терісін сатқан. Тоқтыны соярдан бұрын қой бағып келеді. Қойлар «Үшінші бесжылдық» деген жерде жайылған. Артынан белгілі болғандай, бұл жер сібір жарасының ошағы болып саналады екен. Себебі 2001 жылы аталмыш дертке шалдыққан ірі қара малы дәл осы жерде сойылыпты. Мал сойған бес жігіттің екеуі ауру жұқтырған. Соған байланысты науқастан (оның жарасынан, қанынан) және ауру ошағының сыртқы ортасынан (ет, қи, жүн, топырақтан) жиырмаға жуық сынама алынып, олар ШҚО СЭҚД-ның аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасына жеткізілді. Зерттеу қорытындысында сойылған қой терісі мен науқастан алынған сынамаларда сібір жарасына оң әсері анықталды. Осылайша Мақаншы ауылдық округіндегі «Үшінші бесжылдық» жеріндегі  топырағы жұқпаның көзі болып саналды. Споралар шаңмен бірге малдың жүніне түскені белгілі болды. Науқас сойылған малдың терісін сатуға апарғанда, терідегі споралар оның қолындағы микрожараға енген. Науқас уақтылы дәрігерге барып, толық ем қабылдауының нәтижесінде бұл аурудан жазылды. Бұл азамат пен қарым-қатынаста болған 19 адам медициналық-обсервациялық бақылауға алынып, оларға ем-дом шаралары жасалды. Науқастың қора-жайына, мал сойған орынға және тері сатып алған адамның тері қоятын қоймасына ветеринария қызметкерлері залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Ауылдағы барлық төрт түлік мал сібір жарасына қарсы егілді. Одан кейін адамдарда және мал арасында сібір жарасы тіркелген жоқ.

Ветеринарлар ескертеді

Мамандар малдарға екпе жүргізу сібір жарасынан сақтанудың ең тиімді әдісі екенін айтады. Сол себепті мемлекет тарапынан тиісті мөлшерде дәрі бөлініп, барлық малға тегін екпе жүргізілуде. Облыстық ветеринария басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, алты айлық жоспар бойынша өңіріміздегі 281,197 мың бас ірі қара, 550,810 бас қой, 45,820 бас жылқы, 2,999 мың түйе, 17,160 мың бас шошқа, яғни 100 пайыз сібір жарасына қарсы егілген.

– ҚР «Ветеринария туралы» заңына сәйкес, тұрғындар, шаруашылық иелері  мал ауырған немесе өлген әрбір жағдайды шұғыл арада мал дәрігеріне хабарлауы керек. Мұндай жануарларды ветеринар келгенше соймау қажет. Ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және тағы да басқа өнімдерін саудалау адамдар мен жануарлардың дертке шалдығуына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осы сәтті пайдалана отырып тұрғындар малдарын уақтылы ектіру керектігін және ет пен үй жануарларынан алынатын басқа да өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалардан алмаған жөн екенін де ескерткім келеді, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары  Ерболат  Ахметов.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Тәблиғи жамағат» – тыйым салынған діни ұйым

Күні: , 184 рет оқылды

смайл сейтбеков


Ислам дінінде пайғамбарларға сену парыз. Адам атадан хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) дейін 124 мың пайғамбар өткеніне барлық мұсылман баласы сенеді. Енді осы пайғамбарлар Алланың елшісі болғандығы үшін адамзатқа Жаратушының әмір мен тыйымдарын жеткізуі міндетті. Осы әрекетті дінде «тәблиғ» деп айтады.


Ислам дінінің сенімі бойынша пайғамбарлардың бес сипаты бар: 1. Сидқ (шыншыл, турашыл). 2. Аманат. 3. Исмәт (күнәсіз). 4. Фәтәнат (зерек, алғыр). 5. Тәблиғ (жеткізу). Міне, осы сипаттың бірі – «тәблиғ». «Тәблиғи жамағаты» деп аталатын ағым өз атауларын осы сипатқа негіздеген. Аты айтып тұрғандай, ислам дінін өзгелерге жеткізу, насихаттау үшін Үндістан мен Пәкістаннан бірнеше кісілік топ болып шығып, әлемнің барлық еліне дерлік өз миссияларымен сапарлатушыларды «тәблиғшылар» деп атайды.

«Тәблиғи жамағатының» орталығы – Дели қаласы. Сонымен қатар Пәкістанның Карачи, Лахор қалаларында үлкен филиалдары бар. «Тәблиғи жамағаттың» негізін қалаушы — тегі үнді Мәулана Мухаммед Илияс. Ол Үндістанның Шаранфур аймағына қарасты Кандахла ауылында 1886 жылы (хижра бойынша 1309 жыл) дүниеге келген. Сондықтан «Кандахлауи» ныспысымен аталып кеткен. Ол алғашқы сауатын өз ауылында ашып, ұстазы Рашид Ахмад Канкухиден 10 жылдай дәріс алады. 1905 жылы ұстазы қайтыс болған соң Халил Ахмед Сахаранпуриден ілім алуды жалғастырады. Кейіннен Үндістандағы ең үлкен ханафи мәзһабы бойынша тәлім беретін Делидегі «Дейобенд» атты медреседе оқуын тәмамдайды. Ілімі толысқан шағында «Мазахирул-улум» атты медреседе дәріс береді. Алайда көп ұзамай ұстаздық қызметін тоқтатып, «тәблиғи жамағатының» негізін қалайды.

1926 жылы Мәулана Мухаммед Мадина қаласында бір түс көреді. Ол бұл түсі жайында «Дінге шақыру» (дағуат) атты еңбегінде: «Бұл әрекетті сенің қолыңмен жүзеге асырамыз» деп аян бергенін айтады. Мадинадан Үндістанға оралған соң адамдарды дінге шақыра бастайды. Осы түстен кейін жаңа бір жамағат пен әдіс арқылы дінді жаюды қолға алады.

Ол пайғамбарлар да кей уақытта Алланың әмірлерін ұйықтап жатқанда алғандығын алға тарта отырып, мәселені шариғатпен қисындайды. Тек пайғамбарлар ғана емес Алланың әулие құлдары да түсінде аян алатыны ақиқат. Әрине, бұл жерде Мухаммед Илиясты әулие деуден аулақпыз. Бірақ ол осы көрген түсімен шектелмей үнемі түсінде Алладан аян келетінін, ілімді де осы жолмен алатынын, тіпті Құран аяттарын түсінде алған іліммен тәпсірлегенін алға тартқан. Мәулана Мухаммед тәблиғи жамағаттың негізін қалаудағы мақсаты жайлы өзінің «Әл-Мәлфузат» атты еңбегінде: «Біздің мақсатымыз – Алла Елшісінің (с.а.у.) сахабаларына үйреткендерін үйрету. Әрбір мемлекетті аралап, намазды түсіндірумен қатар насихат айтуымыз осы қозғалыстың бастауы болмақ» дейді. Әрине, «тәблиғи жамағаттың» ұстанымы адамдарға тек намаз үйрету ғана емес. Өйткені Мәулана Мухаммедтің мақсаты басқа еді. Олай деуге мына сөзі дәлел болуда. «Дінге шақыру» атты еңбегінде былай дейді: «Біздің жолымызды тек намаз оқытуды үйретеді деп ойлауы мүмкін. Аллаға ант етемін, біздің бағытымыз тек намаз үйрету ғана емес, жаңа бір қоғамды дайындау».

Үндістанның астанасы Дели қаласындағы «Низамуддин Әулия» деп аталатын шағын ауданда бастау алған «тәблиғи жамағаты» лаңкестік әрекет пен саясаттан бойын аулақ ұстап, дін жаю миссиясында үлкен жетістіктерге жетуге себеп болды. Нәтижесінде Үндістан аймағына дінді жаюмен танылды. Ислам дінінің негізгі принциптерін ұстанып, ұлт, нәсіл, бай, кедей, әлеуметтік тапқа қарамай баршасын бауыр етіп, жаңа бір қадам басуы көптеген зерттеушілердің назарын аудартты.

«Тәблиғи жамағаты» Азия, Африка, Еуропа мен араб әлеміндегі мұсылмандар арасында кең жайылғанымен жаңа ғасыр ислами әдебиеттерде олар жайлы мәліметтің аз болуы назар аудартады. «Тәблиғи жамағаты» негізін қалаған Мәулана Мухаммед Илияс өз еңбектерін урду тілінде жазуы және жамағаттың негізгі принциптері мен дағуат әдістері толық қамтылмауы олар жайында деректердің аз болуына әсер етуі мүмкін. Мухаммед Илияс дін ғалымы болумен қатар, сопылық ілім мен жолды жақсы білгендіктен өзі негізін қалаған тәблиғи жамағат ағымында көрініс берген. Ол «Жамағатымыздың негізгі мақсаты – мұсылмандарға Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) тарапынан үйретілген саф әрі шынайы дінді үйрету. Дағуат және дағуат сапарларымызға келер болсақ, миссиямызды жүзеге асыру үшін өте маңызды құрал болмақ. Кәлима шахадат пен намаз үйрету дәрісіміздің әліппесі» деген.

1934 жылы Нух жиыны деп аталған кеңесте «тәблиғ жамағат» өкілдері алдарына қойған мақсаттарына қалай жетуге болатынын, қалай жүзеге асырылатынын талқылап, әдістерін бекітеді. Алғаш рет өткен бұл жиынға 25 мың адам қатысқан. Әрине, бұл сан сол кезеңнің шарттары үшін аз емес. Аз уақыт ішінде әлемнің жүзден аса еліне тараған «тәблиғшылар» жыл сайынғы кеңеске кем дегенде 90 елден делегаттар қатысып отырды. Мәселен, «тәблиғшылардың» Бангладештегі жылдық кеңесіне 1999 жылдан бері 2 милиондай адам қатысады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Мекке қаласына жиылған қажылардың санынан кейін ең үлкен діни жиын болды.

Осы жиыннан кейін Мухаммед Илияс тарапынан таңдап алынған топ алғаш рет дағуат мақсатында Кандала қаласына жол тартады. 1934 жылы басталған алғашқы «тәблиғшылар» барған жерлерінде тұрғындарға ұстаз-дары тарапынан үйретілген 6 сипатты түсіндіреді. Алғаш рет шыққандықтан өз істеріне ұялып, қысылып әрекет етсе, кейіннен машықтанып алады. Осылайша «тәблиғшылардың» қатарлары көбейіп, аз уақыттың ішінде жемісін береді. Дінге шақырған аймақтардағы тұрғындар арасында оң өзгеріс байқалып, адамдар жаман әдеттерін тоқтатып, мешіт пен медресе салуға кіріседі.

Мухаммед Илияс тәблиғ әрекетінің орталығы Мекке мен Мадина қаласы болғанын қалады. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін жамағаттың белді мүшелерін жанына алып, 1938 жылы қажылыққа барады. Минада шартараптан келген қажыларға уағыз айтып, тәблиғтың әдіс-тәсілдерін үйретеді. Сол сапарында кейбір қа-жыларды өз елдеріне барған соң дағуатқа шығатындай етіп көндіреді. Мекке мен Мадина Сауд Арабия Каролдігінің меншігіндегі қала болғандықтан, Мухаммед Илияс сол елде дағуат жүргізу үшін каролден рұқсат сұрайды. Бірақ олардың әрекеттеріне рұқсат етілмейді. Сауд билігі 1951 жылы «тәблиғ жамағатына» рұқсат бергенімен, 1977 жылы тыйым салады.

Мәулана Мухаммед Илияс 1944 жылы қайтыс болған соң ұлы Мухаммед Юсуф әке жолын жағастырады. Ол 1917 жылы Делиде дүниеге келген. Алғашқы діни сауатын өз әкесінен ашып, 10 жасында Құранды жаттап, қари атанады. Содан кейін Исламабадқа барып, діни ілімін тереңдетіп, әсіресе, хадис саласына ден қояды. 24 шілде 1943 жылы әкесінен батасын алып, дін қызметіне кіріседі. Әкесі қайтыс болған соң ғылымнан қол үзіп, әке жолын жалғастыруға көшеді. Оның еңбегі де зая кетпей, қолдайтындар мен артынан ерушілер де көп болды. Оның дін жолындағы еңбегі шартарапқа жайылып, кейбір мұсылман ел басшылары өз елде-ріне шақырта бастайды. Мухаммед Юсуф Мысыр, Судан, Ирак елдеріне өз шәкірттерін жолдап, халықты ислам дінінің құндылықтарын дұрыс орындауға шақырды. Осылайша «тәблиғи жамағаты» Азия, Африка мен Еуропаға тарады. Мухаммед Юсуф өзі Дели қаласында отырып, жан-жақтан келген «тәблиғшыларға» бағыт-бағдар беріп, үлкен жиындарға басшылық жасап тұрды. Ол ғұмырын дін жолына арнағандықтан сапарларға көп шығып, халыққа уағыз айтуды басты мақсат деп білді.

Тіпті көп сөйлегені соншалық тамағы қарылып, даусы шықпай ауруға шалдығады. Осындай кезекті сапар барысында 1965 жылы 1 сәуір күні Лахорда үлкен жиынға қатысады да сол күні түнде аяқ астынан қызуы көтеріліп, науқастанады. Ертесіне ауруханаға апара жатқан жолда қайтыс болады. Сол күні, яғни 2 сәуір 1965 жылы Лахорда жаназасына мыңдаған адам қатысады. Адамдардың көптігінен екі рет жаназа намазы оқылып, мәйітін туған жері Делиге жеткізеді. Ертесі күні Делиде жаназа намазын оқу үшін 70 мың адам жиылады. Сөйтіп, Делидегі Низамуддин зиратына әкесінің қасына жерленеді.

«Тәблиғи жамағаттың» мақсаты мен бағыты жайында Мухаммед Илияс пен оның ізбасарларының танымал еңбектерінен байқауға болады. Мухаммед Илиястың «Муслимон ки маужудаһ бәсти ор оска ғилаж» (Мұсылмандардың артта қалуы және бұдан шығу жолдары), «Чаж батан» (Алты нүкте), «Малфузату хазрати Мәулана Мухаммед Илияс» (Мухаммед Илиястың айтқан сөздерінің жинағы), Мухаммед Зәкария Кандах-лауидің «Фазаилул-амал» (Амалдың артықшылығы), «Фазаилу-закат» (Зекеттің артықшылығы), Мухаммед Юсуф Кандахлауидің «Хаятус-Сахаба» (Сахабалардың өмірі) атты еңбектері негізгі кітаптар болып саналады. Осылардың ішінде ең көп оқылатыны және тәблиғшылар тарапынан күнделікті уағыз насихат барысында оқылып, тілге тиек ететіні — «Фазаилул-амал». «Тәблиғ жамағаты» әлемде 150-ге жуық елде әрекет етіп жатқанын назарға алатын болсақ, ондаған тілге аударылғанын сеніммен айтуға болады. Мәселен, аталмыш кітап қазақ тіліне ол «Амалдардың құндылықтары» атауымен аударылып, 2007 жылы Алматы қаласындағы «Өлке» баспасынан жарық көрген. Бұл кітап еліміздегі «тәблиғи жамағат» өкілдері арасында кеңінен тараған. «Фазаилул амал» кітабында Құранның қасиеттілігі мен құндылығы, шариғат мәселелері, 40 хадис, намаздың маңыздылығы мен құндылығы, намаз оқымаған жанның тартар азабы, зікірдің артықшылығы, зікірге қатысты Құран аяттары мен хадистер, кәлимаға тіл келтірудің артықшылығы, ораза ұстау мен оның артықшылығы, Қадір түні жайында баяндап, соңғы 7-тарауында тәблиғтың (насихаттың) артықшылығы жайында айтылады.

«Тәблиғшылар» өз мақсаттарына жету үшін ешқандай саясатқа араласпай, төңкеріс жасамай дінді көркем түрде жаюдың жолын таңдаған. Олар мұсылман ағымдарының ешбірін даттамай, адасқандықпен, күпірлікпен айыптамау тұрғысынан ерекшеленеді. Ислам дінін үстем ету үшін Алла жолында жихадқа шықпағандарды күпірлікпен айыптаушылардың сөздерін қолдамайды. Тек өздерінің алға қойған мақсаттарына беріктіктерін көрсетеді.

«Тәблиғи жамағат» өкілдері дағуатқа шығу барысында бекітілген ережелермен әдептерді ұстануға баса назар аударады. Мәселен, қандайда бір қала, кент, ауыл тұрғындарын дінге шақыру үшін жамағаттан бір топ дайындайды. Топ мүшелері өздерімен бірге аз мөлшерде азық, ақша алып, жатуға ығайлы көрпе төсектерін де жолға ала шығады. Межелеген қала, ауылға жеткенде топ мүшелері бөлінеді, яғни біреулері қалатын жерді ыңғайлап, ас-суын әзірлесе, біреулері көшеге, базарға шығып, адамдарды уағыз тыңдауға шақырады. Белгіленген уақыт келгенде жиналып, уағыз айтылады. Уағызға келушілер икем білдірсе, оларға дәрет алуды, намаз оқуды үйретеді. Сапар барысында Алланы зікір етумен ғана шұғылданып, басқа іспен айналысуға тыйым салынады. Өздерін Алла ризалығы үшін осы іске арнаған жандар ретінде есептегендіктен барған жерлерінде жергілікті тұрғындардың қонаққа шақыруларын қабыл етпейді. «Тәблиғшылар» сапар ба-рысында кездескен бұзақылық пен зұлымдықты тоқтату үшін әуелі адамдарды дұрыс жолға салу керек, адамдар дін жолына түссе, жамандық атаулы өздігінен жойылады деген пікірде. Сондықтан сапар барысында жамандықты тыю секілді іспен айналысу, өз мақсаттарының орындалуына кедергі келтіреді деп, ондай іспен шұғылдануды өз міндеттеріне жатқызбайды. Олардың ұстанымы бойынша, бір мәзһабты ұстану уәжіб. Бірақ ижтиһад жасауға, яғни дін мәселесінде пәтуа беруге тыйым салады. Өйткені оны ғұламалардың еншісіне қал-дырады. Өз араларында саясатпен айналысуға, саяси мәселелер айтуға тыйым салады, құлақ аспағандарды қатты сынға алады.

«Тәблиғи жамағаттың» Алла жолында өзгелерді дінге шақыру барысында қолданған әдістері мен әрекеттерінде кемшіліктері де жоқ емес. Сол кемшіліктерге қысқаша тоқталайық. Олар кездескен жанды дінге шақырып, тілін кәлимаға келтірген соң дінге шақырған адамды қайта көрмейді.Сапар жалғасқан соң онымен байланыс үзіледі. Олардың насихаттары адамдарды дұрыс жолға салуда жеткіліксіз. Себебі адамдармен бір реттік қана кезесу өтеді жән де олардың уағыздары теріс бағыттағы ағым өкілдерін райынан қайтарарлық қауқарда емес. «Тәблиғшылардың» уағыз-насихаттары қарапайым мұсылманға әсер еткенімен ой пікірі қалыптасқан адамдарға ықпалы жүрмейді. Олардың уағызын тыңдаған адам өзге ағым өкілдеріне өз ұстанымын дәлелдей алмайды, қауқарсыз. Өз сөзін өзгелерге өткізе алмаған соң теріс ағым өкілінің қуатты пікірін мойындауға мәжбүр қалған жастар сол ағымдардың жетегіне кетіп жатады.

«Тәблиғи жамағат» өкілдері дағуат жасау барысында мына қағидаларға мән беріп, орындайды: Дағуат (насихат) жасау. Алла жолына шыққан дағуатшы алты сипатты санаулы минуттар ішінде тыңдаушыларға айтып үлгеруі қажет. Дағуат қай жерде болмасын, кімге болса да айтылуы тиіс. Әрине, ақыл-есі кемтар жандар мен ғалымдарға насихат айтылмайды. Хидаят (тура жолға салу) сөзі. Алла жолына төрт айлық дағуатқа шығатындарға Пәкістанның Райванд қаласындағы орталықтарында уағыз айтылып, батасын береді. Сапарға шықпастан алдын оларды жігерлендіретін сөздер айтып, дағуаттың әдістері ескертіледі. Топ. Ерікті «тәблиғшылардан құрылған» 10-12 адамнан тұратын топқа «тәшкил» дейді. Мұндай топтарға жан-жақтан адам жинап, дағуатқа жолдайды. Әмір. Дағуатқа шығатын әрбір топтың жетекшісін «әмір» деп атайды. Кезкелген кісі әмір бола бермейді. Әмір болу үшін тәжірбиесі бар, ықыласты, діни білімі бар тұлғаны сайлайды. Машура (кеңес). «Тәблиғшылар» қайсыбір іске кіріспестен алдын өзараларында машура жасайды, яғни кеңеседі. Енді 3 – 40 күндік сапарға шыққанда межелеген қала, ауылға жеткен соң ең алғашқы мәселе – кеңесу. Әмір әрбір мүшені алқа пішінінде отыртып, атқаратын шаруаларды ақылдасып, бөліседі. Сапарға шыққан әрбір кісіге өзіне сай қызмет береді. Гаш. Бұл – көше, базар, үй аралап адамдарға дінді түсіндіріп, мешітке шақыру. Сол сәтте мешітте екі кісі уағыз айтып, келушілерге насихат жасайды. Баян. Топ әмірінің ұйғарымымен намаздан кейін мешіттегі жамағатқа алты сипат жайында уағыз айтуды баян дейді.

Муталаба және ирада. Баян дәрісінен кейін сезімге беріліп, солар секілді мен де Алла жолына дағуатқа шығамын деп өз қалауын білдіргенге «ирада», келсім беру ісіне «муталаба» яғни талапты қабыл етуші болады. «Тәблиғшылар жамағатты» Алла жолына шығару мақсатында ғибратты әңгімелер айтып, тыңдаушыларды қолпаштап, үгіттейді. Икрам (сый, құрмет). Мешіттегі уағыздарына қатысушыларға уағыз біткен соң сый, құрмет көрсету мақсатында жеміс жидек, сыйлықтар тарту етеді. Мақсат – жақыннан таныса түсу, өз қатарларына тарта білу. Бірақ өздері өзгелерден ештеңе сұрамайды.

Талим, таалим (үйрену, үйрету). Араларына жаңадан қосылғандарға дінді түсіндірумен қатар тәблиғтың әдеп, қағидаларын үйретеді. Тәжірбиесі мен діни сауаты аздарға өз араларында уағыз айттырып, шыңдайды.

Жеке амал. Алла жолына шыққандар бекітілген ережелерді толық орындаған соң бос уақыттарында әркім өзінің жеке шаруасымен айналысуына да рұқсат етіледі.

Аудат. Үш күндік сапар бітіп, таң намазынан кейін орталыққа оралуды аудат дейді. Тәртіп бойынша бір барған жерге тек үш айдан кейін ғана баруға болады. Оған дейін ол аймаққа баруға рұқсат етілмейді. Каргузари. Жан-жаққа жолданған топтар уақыты бітіп, орталыққа оралғанда сапар барысы жайлы ауызша есеп беруді каргузари деп атайды.

«Тәблиғи жамағаттың» Алла жолына шыққанда және күнделікті өмірінде атқаруы тиіс «Дінге қызмет ету әдептері» бар. Ол нормалар бойынша не істелуі керектігі бап бойынша жазылған. Әрбір бап бірнеше тармақшадан тұрады. Бұл әдеп кітапшасы тәблиғшылардың қойын кітапшасы етіп ыңғайлап жасалған. «24 тәртіп» деп аталатын ережелер қағидасы да осында жазылған. Әрбір «тәблиғшы» 24 тәртіпті білуі және орындау тиіс. 24 тәртіп алты баптан тұрып, әр бапта төрт ереже қамтылады. Дағуатқа шығушыға 24 тәртіпке сәйкес саяси сұрақтар мен мәселелерді қозғауға, ғалымдар деңгейіндегі күрделі діни тақырыптарды қозғауға және айтылған мәселелерді талқылауға рұқсат етілмейді.

«Тәблиғ жамағатың» жарғысы, ережесі, мүшелерінің саны мен тізімі жоқ. Өйткені олардың мемлекет құру, партияға айналу секілді ұстанымдары жоқ. Әрбір істі шын көңілден атқара отырып, осы дәрежеге жеткен. Мәселен, жыл сайынғы Пәкістан немесе Бангладештегі кеңестеріне 2 милиондай адам қатысып, ешқандай дау жанжалсыз өтуі де осы мақсаттарының көрінісі. «Тәблиғи жамғаттың» кең тараған жері Пәкістан, Үндістан және Бангладеш. Азия, Африка мен Еуропаға және араб елдерінде де жақтастары көп. Деректер бойынша «тәблиғи» жамағаты әлемнің 150 еліне тарап, өз қызметтерін кеңейтуде. «Тәблиғи жамағаттың» шамамен 70-80 милиондай тұрақты өкілдері бар деп есептеледі.

«Тәблиғи жамағаты» өте жақсы ұйымдасқан әрі бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. Олардың республикалық облыстық, аудандық кеңестері (машура) болады. Аталмыш кеңестер өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарады. Кеңестің қаулысымен қай топ қай аймаққа дағуатқа шығатындығы, кімнің әмір болатындығы секілді мәселелерді бекітеді. Республикалық кеңеске әр облыстан делегаттар қатысады. Республикалық кеңес жылына бір рет орталық қалада өтіп тұрады. Мәселен, еліміздегі мұндай кеңестер Алматы қаласында бірнеше рет өтті. Бұл кеңесте ислам дінінің ел халқы арасындағы таралуы, әсері және проблемалары қаралады. Кеңеске жергілікті билік өкілдерін, қауіпсіздік қызмет орындарының қызметкерлерін де шақырады. Мақсат, өз істерін ашық өткізу. Әрбір кеңесте «тәблиғшылар» өз басшыларын сайлап отырады.

Кейбір мемлекеттер экстремистік, радикалдық, христиандық бағыттағы секталардың алдын алу үшін «тәблиғи жамағаттың» әрекетін қолдайды. Мәселен, көрші қырғыз елі осы саясатты ұстануда. 2013 жылдың 29 наурыз күні Жамбыл облысының Қордай ауданында өткен «Тәблиғи жамағат» – елге жат ағым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Қырғызстанның Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның директоры Абдилатиф Жумабаев: «Қырғыз елінде «таблиғи жамағатты» секталар мен экстремистік ағымдарға, салафиттерге қарсы күш ретінде қолдайды» деп айтты.

«Тәблиғи жамағаттың» оңды ісімен қатар осал тұстары да бар. Ол діни сауаттарының төмендігі. Өздерін тәблиғшымын, дағуат жолында жүрмін деген азаматтардың басым көпшілігінің зайырлы сауаттары да шамалы. Сондықтан олардың өзгелерді дінге шақыруының жемісін өзге радикалдық ағымдар көріп жатады. Яғни діни насихатқа мұқтаж немесе санасындағы сұраққа толық жауап ала алмаған жастар бұл жолы мәселенің ақиқатын, анығын білу ниетімен ізденіске түсіп, сәләфиттердің, хизбут тахрирдің, тәкфиршілердің құрығына ілігеді. Расында да, елімізде тәблиғи жамағат арқылы дінге келіп, кейіннен уаһһаби немесе тәкфир бағытына түскендердің аз емес екендігін байқаймыз.

«Тәблиғи жамағат» шетелден басқарылатындықтан мемлекеттің қауіпсіздігі үшін ТМД елдері ішінде ең алғаш болып Өзбекстанда, сосын 2006 жылы Тәжікстанда экстремисттік ұйым ретінде танылып, тыйым салынды. 2009 жылы Ресей Федерациясы өз аумағында «тәблиғи жамағаттың» әрекеттеріне тыйым салды. Елімізде 2013 жылдың 26 ақпан күні Астана қаласы, Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «тәблиғи жамағат» экстремисттік ағым ретінде танылып, еліміздің аумағында оған тыйым салынды. Олай болса, елге жат, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян-зардабы тиетін мұндай діни ағымдар мен топтардан сақ болайық, ағайын!

Смайыл  СЕЙІТБЕКОВ,

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы


Хан зираты зерттелмек

Күні: , 192 рет оқылды

DMS_8630


«Жайық Пресс» медиахолдингінде Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Айтжан Нұрманова мен Дина Медерова журналистермен кездесті.


Осыдан екі жыл бұрын басталған кішігірім бастаманың  ғалымдар назарын аударып, үлкен жобаға айналып жатқанына ризашылығын білдірген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин  құлпытастарды зерттеу төл тарихымыздағы тұғырлы тұлғалар тағдырындағы түйткілдерді тарқатып, түгелдеу үшін қажет екендігін атап өтті. Құлпытастар туралы әңгімені әрі қарай жалғаған Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымы, 2015-2017 жылдарға арналған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері – рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты ғылыми жобаның жетекшісі  Айтжан Шаймерденқызы әр тастың сырына үңіліп, тарих қойнауына бойлай білудің қызықты екенін айтады.

— Бұрындары қазақ халқы «нашар мұсылман» деген түсінік болған. Алайда құлпытастағы деректер  құжаттық негіздеме ретінде бұл түсінікті теріске шығарады. Біз тастағы қашалған жазулардан бабаларымыздың терең білімді болғанын байқаймыз. Өйткені көп таста ерекше терең аяттар жазылған. Мәселен, құлпытастың бетіндегі жазулардан адамның жеке басына қатысты мәліметтерден бөлек, діни, рухани идеологияны байқауға болады. Сондай-ақ қайтыс болған адамның қоғамдағы алатын орнына,   мәртебесіне қарай діни білімінің деңгейін көрсететін аят-сүрелер қашалып жазылған. Осы жолғы сапарымызда біз Бөкей ордасына барып, хан зиратындағы құлпытастардағы жазбалардың материалдарын жинақтамақпыз. Содан кейін аталған жоба аясындағы үш жылғы зерттеу жұмыстарын қорытындылап, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі үлкен бір кітап етіп жарияламақпыз, — дейді  жоба жетекшісі.

Тарих ғылымдарының кандидаты Дина Медерованың айтуынша, тас бетіне қашалып жазылған жоқтау да көп нәрседен хабар береді. Жоқтау қайғы-мұңға толы болғанымен, тәрбиелік мәні зор. Құлпытастардағы жазулардың көбі тірі адамға арналып жазылғандығымен құнды.

Құлпытастарда жазылған ақпараттың байлығы тек еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың да қызығушылығын тудыруда. Әсіресе, Жапониядағы қазақтанушы ғалымдар құлпытас туралы зерттеу жұмыстарын кітап қылып шығаруға әріптестік ниет танытуда. Біздің құлпытастағы құнды деректер олардың зерттеулеріне көп көмек береді. Сондықтан бұл бағытта келіссөздер жүргізілуде, — дейді ғалымдар.

Ғалымдар Бөкей ордасындағы хан зиратының 150-ге тарта құлпытасын зерттеу үшін  аталмыш ауданға аттанып кетті.

Бұл еңбектер алдағы уақытта үш тілде жазылған үлкен кітап болып, жарық көрмек.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

Орал өңірі


Күрмеуі күрделі көлтабандар

Күні: , 262 рет оқылды

DSC_0069


Елбасы Н. Назарбаев белгілеген «Қазақстан – 2050» стратегиясының 3-бағыты «Азық-түлік саласының перспективалы инновациялық кластері» бойынша жайлауда бағылатын мал шаруашылығын қалпына келтіру мен жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын жаңғырту сықылды мал шаруашылығын дамытуға қатысты келесі мәселелер қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналып тұрғандай. Өңірімізде мал басы көбейгенімен, жайылымдардағы су көздерінің тапшылығы анық байқалуда. Ал бұл мақаланың жазылуына Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылы тұрғындарының өтініші сеп болды. Көпшілік оқырманға түсінікті болуы үшін 62 адам қол қойған хатты дәл сол күйінде оқып көрелік.


«Қопаға су түсіру керек»

«1963 жылдан бері Қопаға су келуі тоқтатылып қалғаннан кейін талай рет қуаңшылық жылдары су тапшылығынан өте қатты қиыншылықтарға кезігіп, аса үлкен шығындарға ұшырағандығымызды біздің өлкенің үлкендері күрсіне еске алып отырады. Есімізге түсірсек, 1972 жылдың қуаңшылығы «Орда», «Бисен», М. Мәметова атындағы кеңшарлар мал азығын Жамбыл облысынан дайындауға мәжбүр болған. Ал 1974 жылдың қуаңшылығы өз облысымыздың Приурал ауданынан мал азығын дайындауға мәжбүр еткен. Содан соң 1980 жылы мал азығын Жымпиты ауданынан дайындап тасыды. Ал 1984 жылғы қуаңшылықта көршілес Жаңақала ауданындағы Қамыссамардың қамысын шауып, малға талғажу етуге ғана мәжбүр болдық. 1986 жылғы қуаңшылықта Зеленов ауданының егіс алқаптарынан тобанды буып және Тасқала ауданынан шөп дайындап, ол жеткіліксіз болып Фурманов ауданының «Сарықұдық» кеңшарының дайындап қойған шөбін қыстың үш айы бойы тасып, кеңшар мен жеке тұрғындардың малын аман әрең алып шыққан жағдай болған еді.

Қазіргідей нарық заманында мал азығын өзге облыс, өзге аудандардан дайындау мүмкін емес. Ал 51 жыл бойы су түспеген Қопа әбден өзінің ресурсын тауысып, кеуіп кетті. Беті бір елі тұз. Ол желмен жан-жаққа ұшып, өсімдік жамылғысының көптеген түрлерінің жойылуына себепші болуда. Желмен көтерілген тұз адамдарға зиян тигізіп отыр. Қопаға су түсірудің бірден-бір жолы – шаруашылыққа ешқандай қызмет етпей тұрған биіктігі 14-15 метрлік Мұратсайдағы бөгетті бұзу. Күні бүгін бөгетте балық өсірілмейді, суармалы егіс егілмейді. Бұзған кезде қоймада су қалады, оған мұратсайлықтардың еш күмәні болмасын. Ол үшін Мұратсайдағы бөгетке шлюз қойса деген ұсынысымыз бар. Егер Қоспаға су түссе, Орда ауылдық және Бисен ауылдық округтерінің құмды өңірлері малға жайылымға жарап, мал басын арттыруға мүмкіндік болар еді. Мал суаруға қол жеткізер едік. Табиғаттағы су айналымы қалпына келіп, өсімдік жамылғысының түрлері кө-бейіп, мал басын өсіруге үлкен мүмкіндік болар еді. Сонымен бірге Хан ордасы ауылдық округі аумағындағы Әймекен жерасты суының деңгейінің төмендеу қаупі жойылады. Бірнеше жылдан бері Жәнібек ауданының тұрғындары да осы Әймекен жерасты суын тұтынып отыр. Ендеше, көрші Жәнібек ауданы Ресейден келген суды біздің Қопаға жіберуге ниетті болулары керек. Сонда табиғи үрдіс сақталып, Әймекен жерасты суының деңгейі төмендемейді және жоғарыдағы айтып өткеніміздей, мал шаруашылығына қолайлы жағдайлар қалыптасар еді. Егер Жәнібек ауданы Қопаға Ресейден келген суды жіберуге ниетті болмаса, біз де Әймекен жерасты суын Жәнібекке бермеу жөнінде мәселе қозғауымыз керек»…

* * *

Қарағайлы орманға көмкерілген Хан ордасына көп кешікпей жолымыз түсті. Ауылдық округ әкімі Мейрамбек Аққалиев, ауыл ақсақалы Төлеген Өтешов, аудандық әкімдіктің бас маманы Асылбек Ерешевпен бірге құм Нарынды шарлауға шықтық. Мақсатымыз – мақалаға арқау болған Қопа көлтабанының орнын көріп, бағамдау. Ауылдың солтүстік-шығысына шыға бере Төлеген ағамыз көлікті тоқтатты.

— Міне, бір кездері осы тұста аққулар жүзіп, үйрек-қазы қаңқылдаған дария болатын, — дейді ақсақал жоталары биік құм далаға көз қиығын салып.

Жел айдаған жаққа құмы көшіп жатқан ен дала төсінен айдын-көлді елестеткен қарияның жүзінен сонау жылдарға деген сағыныш сағым болып көлбеңдегендей.

Жүрдек көлікпен жүйтки жүріп, көлтабанның орнын бірер сағатта аралап шықтық. Аракідік аялдаған тұста ақсақал дәл сол жердің өткен тарихынан сыр шерте тұрып, тұз жамылған көлтабанның орнына қарап мұңая түседі.

— Мұратсайдағы бөгетті көрсеңіздер, бәрі түсінікті болар, — деді қария бізбен қоштасар сәтте.

«Ал Мұратсай тартылып қалған»

Ат басын бірден Мұратсайға бұрып, аталмыш округтің әкімі Сұңғат Қойшыкеновтің қызмет бөлмесіндегі аз-кем дидарластықтан соң ауыл ақсақалы Каспи Жахановтың бастауымен бөгет басына бет алдық.

1961 жылы кеңшардың шаруашылық есебінен салынған бөгет 1980 жылы «Каззапгипроводхоз» институтының жобасымен қайта жаңартылған. Бөгеттің техникалық сипаттамасына үңілсек, топырақтан көтерілген, ұзындығы – 822, ені – 9, ең жоғары биіктігі – 11 метр.

Қалыпты жағдайдағы су көлемі 16,3 млн. текше метрді құрайтын Мұратсай су қоймасына соңғы екі жылда мүлдем су келмепті. Қойма суының тартылғанын жағажайда жайқалған құрақ пен жүректі айнытар қолаңсы иістен-ақ аңғаруға болатындай.

Отыз жылдан астам жөндеу көрмеген бөгеттің сыйқы да адам шошырлық. Бөгет үстіндегі жолмен лайсаң уақыттарда техника түгілі ат-арбамен жүріп өтудің өзі қорқынышты көрінері кәміл. Бөгеттің сол жағында табиғи су айналмасы бар. Көктемде тасқын бола қалған жағдайда су осы айналмамен Тайғара сайына түседі екен. Айналманың су жіберу қабілеті – секундына 77,7 текше метр.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары аталмыш аймақтағы 1460 гектар жерге бақша дақылдары және мал азығы үшін көпжылдық шөптер егіліп, оны суаруға Мұратсайдың суы пайдаланылған.

Тұрғындар тендерге наразы

— Кеңшар тарағаннан кейін суармалы егістік жерлер иесіз қалып, суландыру жүйесі істен шықты. Су қоймасы жылдан-жылға тартылып барады. Оның үстіне осы қойманы балық өсіремін деп қалалық кәсіпкер жалға алған. Су қоймасын жалға беру жөнінде тендер өткізілетіндігін ауылдағылардың ешқайсысы білмей қалды. Қалалық «Пульс» газетінде хабарландыру жарияланған екен. Біздің ауылға ондай газет келмейді ғой. Ауылдастарым әлі күнге соған наразы.

Жол бастап жүрген Каспи ағамыз бір кезде дәл осылай деп ағынан жарылғаны.

— Расымен де, маған да ешкім ескертпеді. 2014 жылдың қыркүйек айында тендер өткен екен. Биылғы сәуір айында ауыл тұрғындары осы мәселе бойынша бас қосып, жиналыс хаттамасын облыстағы сала басшыларына жібердік. Мамыр айында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары келіп, тұрғындармен кездесті. Тұрғындар тендердің қайта өткізілуін талап етуде, — дейді ауылдық округ әкімі.

Міне, осылайша қоймаларына су келмей қалғанына мұңайып отырған мұратсайлықтар өз өкілдерінің қатынасуынсыз өткен тендерге де наразы.

Жәнібек каналы қашан жөнделмек?..

Хош, сонымен Қопаның тұз басқан даласын да, Мұратсай су қоймасы мен оның бөгетін де біраз әңгімелеген шығармыз. Енді түйіндеп көрелік.

Жалпы аумағы 17 мың гектарға жуықтайтын Қопа көлтабанын толтыру үшін сала мамандарының есептеуінше, 170 млн. текше метр су қажет. Ал Мұратсай қоймасына жылына берілетін су көлемі – 2,6 млн. текше метр. Мұратсайға су Жәнібек суландыру жүйесі арқылы, Жәнібекке Ресейдің Палласовка суландыру жүйесі арқылы жылына 30 млн. текше метр берілетіндігін де естен шығармаған абзал.

Бөкейліктер аталмыш мәселеге қатысты өңір басшылығын да құлағдар етіп, тиісінше жауап та алып үлгеріпті.

«Мұратсай су қоймасынан төменгі Қопа көліне тұрақты түрде су беру үшін ең алдымен Жәнібек магистралды каналын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл шара Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында қаралған. Ал Мұратсай су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу және Қопа мен Мұратсай су қоймасын қосатын өзекті тазарту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжат әзірлеу Бөкей ордасы әкімдігіне тапсырылатын болады. Осы құрылыс жұмыстары атқарылғаннан кейін Ресейдің Палласовка суландыру жүйесінен Жәнібек суландыру жүйесі арқылы Қопа көлдеріне су алу үшін республикалық бюджеттен қаражат сұралатын болады» делінген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қол қойған қатынас хатта.

Өңірдегі көлтабандардың бүгінгі ахуалы

Сала мамандары жайылымдық жерлерді суландыруды жедел қолға алу қажет деп есептеуде. Себебі мал саны көбейгенімен, жайылымдағы су көздері тартылып, топырақ қабаты кеуіп, өсімдік қорының сиреп бара жатқандығы айтпаса да түсінікті.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында 1950-1980 жылдары салынып пайдалануға берілген 59 су қоймасы мен су арнасы нысандары бар. Осының 27 құрылғысы мемлекеттік коммуналдық меншік иелігінде болса, 32 құрылғысы жергілікті жердегі әкімдіктер, кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер балансында тұр.

Бүгінгі таңда облыста жалпы көлемі 10 млн. 105 мың гектар жайылым жерлер есепте болса, оның 8 млн. 249 мың 500 гектары суландырылатын жерлер есебінде тұр. Суландырылатын жайылымдық алқаптар есебі жаңғыртуды қажет етеді, себебі мұндай жайылымдылық алқаптарды түгендеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыттан бері жүргізілмеген. Осы мәселені реттеу үшін сала мамандары ауыл шаруашылық алқаптардың жарамды суармалы жерлерін картаға түсірген.

— Біздің облыстағы 255 985 гектар көлтабанның 55 839 гектары жүйелі суармалы жерлер есебінде тұр. Ал соның жыл сайын орта есеппен 2 500 гектары ғана суарылады. Қалған 53 мың гектары кезінде иесіз қалды. Оларды қайта қалпына келтіру үшін көп қаражат керек. Көлтабандардың 130 мың гектардан өзгесі пайдалануға жарамсыз. Себебі кей жерлерде кепілді су көздері жоқ. Топырағы сортаңданған, қамыс-қоға басып кеткен. Сондықтан мұндай жерлерді суарылмайтын жерлер санатына аудару қажеттігі туындауда, — дейді «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Бекұлы.

Мемлекеттік қорда орналасқан 31,9 мың гектар суармалы жерлердің жағдайына келетін болсақ, оның ішінде 21,8 мың гектар жерде су көздері жоқ, қалғаны су сору техникаларының істен шығып қалу себебінен пайдаланылмай отыр екен.

Міне, өңіріміздегі көлтабандардың жалпы жай-күйі осындай. Күрмеуі қаншама күрделі болса да, ауылдағы ағайын мәселенің біртіндеп шешілеріне үміт артатыны ақиқат.

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Бөкей ордасы ауданы

Суреттерді түсірген автор


Қала көркі ортақ игілік

Күні: , 201 рет оқылды

орал


Кеше өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыс әкімдігінде кеңес өтті. Облыс орталығын абаттандыру, қаланың архитектуралық сыртқы келбетін біркелкі қалыптастыруды мақсат еткен басқосуға бірқатар салалар мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.


Кеңес отырысында Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев ағымдағы жылы қалада жүргізіліп жатқан жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысына тоқталып өтті.

– Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы қала бойынша бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтуде. Қаланың басты көшелеріндегі ғимараттардың түстеріне де көп көңіл бөлуіміз керек. Себебі әр ғимарат әр түрлі түске боялып, көшенің сәнін кетіріп тұр. Осы мәселенің біржақты шешу жолдарын қарастырудамыз. Барлық ғимараттарды бір түске бояуды қолға алуымыз керек. Сонымен қатар сол ғимараттарға жүйесіз ілінген жарнамалар да қала көркін қашыруда. Бүгінгі таңда осы жарнамаларды алдыру мақсатында жұмыстанудамыз. Біздің тарапымыздан түрлі тексерістер ұйымдастырылып, рейдтерге шығып, жарнамаларын алып та тастаған кездеріміз болды. Бірақ жеке кәсіпкерлер ертесіне сол жарнаманы қайта жапсыра салады. Ол аз болғандай, аялдамаларға, бағандарға да жарнама ілу тоқтамай отыр. Ғимараттардың сыртқы келбетін бірдейлендіру бойынша да бірқатар жұ-мыстар ұйымдастырылуда. Әзірге мемлекеттік мекеме-кәсіпорындардың ғимараттарымен шұғылданып отырмыз. Бұдан соң жеке нысандарға қатысты да осы бағытта жұмыстар жүргізетін боламыз. Осындай олқылықтар жіберілген нысандарда болып, басшыларымен сөйлестік. Осы кеңеске қатысып отырған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет басқармаларының басшыларына және банктердің жетекшілеріне қаражат көзін қарастырып, ғимараттар сыртына, ең болмағанда, жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраймыз. Қаланың басты көшелерінің бойында орналасқан ғимараттардың басым бөлігі – тарихи ғимараттар. Сондықтан әуелі қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, содан соң ғимараттың алдыңғы жағын бірдейлендіріп бояуды ұсынамын. Жөндеуді қажет ететін ғимараттардың жобасы бізде дайын тұр, — деді қала әкімі Нариман Төреғалиев.

– Қала орталығындағы басты көшелердің жолы, жол жиектері, жаяу жолдар жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардың барлығы қала тұрғындарына жәйлі жағдай туғызуға бағытталып жасалуда. Ендігі жерде көшелердің жарықтануын қолға аламыз. Ескі бағаналар мен электр сымдарын жаңғыртып, энергия қуатын үнемдегіш жарықшамдарын қоюды жоспарлап отырмыз. Тағы бір мәселе – автобус аялдамаларын жаңарту. Себебі қоғамдық көлікпен жүретін тұрғындарға да жағымды жағдай жасауымыз керек. Көптеген аялдамалардың әбден тозығы жеткен. Бірсыпырасын орта және шағын бизнес өкілдері жалға алған.  Сол аялдамалардан түрлі сауда орындары мен дүкендер ашып, пайдасын тауып отыр. Бірақ жалға алғасын аялдамаларға да қажетті күтім жасап тұруды талап етуіміз керек. Біз Оралды таза, жасыл қала деп жатамыз. Сондықтан қала осындай дәрежеге сай әсем де болуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын алдымен күрделі жөндеуден өтіп жатқан көшелерден бастауымыз керек. Жоғарыда айтылған жарнамалардан адамның көзі сүрінеді. Тіпті олардың көптігінен кейбір ғимараттар да көлеңкесінде қалып отыр. Қалалық мәслихат бекіткен абаттандыру ережесі бар. Мемлекеттік мекеме-кәсіпорын басшылары да, жеке нысан иелері де осы ережеге бағынулары керек. Бағынбаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылуы қажет, – деді  облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бұдан соң қалалық архитектура бөлімінің мамандары Достық көшесі бойындағы келбеті  азып тұрған бірқатар ғимараттарды атады. Олардың қатарында Х.Есенжанов атындағы кітапхана, ІІД-ға қарасты госпиталь, тері аурулары диспансері, әскери прокуратура, жұмыспен қамту орталығы, №3 емхана, №3 музыка мектебі, М. Өтемісов атындағы БҚМУ, Кареев үйі, Гагарин кинотеатрының  ғимараттары  бар.

Бұдан соң облыс әкімі жоғарыда аталған ғимараттарға иелік ететін құзырлы мекеме басшыларына жақын арада ғимараттардың сыртына, тым болмағанда, жәй жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіруді тапсырды.

– Ғимарат келбетінің жақсы болуына ең алдымен сол мекеме-кәсіпорынның өздері мүдделі болулары тиіс. Күнделікті келіп жұмыс жасайтын ғимаратының азып-тозып тұрғаны кім-кімге де жақсы емес. Сондықтан абаттандыру жұмыстарын өзімізден, яғни өз ғимаратымыздан бастауымыз керек. Содан соң ғана жеке нысандардан талап ете аламыз, – деді кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Нұрбек  ЗӘКАРИЯҰЛЫ


Жұрт жадындағы тұлға

Күні: , 182 рет оқылды

DSC_0021


Сейсенбі күні соғыс және еңбек ардагері, Орал қаласының құрметті азаматы болған Бисен Жұмағалиевке ескерткіш тақта ашылды. Ол тұрған үйдің маңдайшасына орнатылған естелік тақтаның ашылу салтанатына өңірдің соғыс және еңбек ардагерлері, марқұмның үзеңгілес жолдастары мен ұрпақтары қатысты.


Бисен Жұмағалиев 1922 жылы 22 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Тайпақ ауданы Сайқұдық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы педагогикалық училищені бітірген ол еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастаған. 1942 жылдың қаңтар айында майданға аттанып, 13-дивизияның құрамында Ленинград қаласын қорғауға қатысқан. Майдангер соғыс жылдары қару мен қаламды қатар ұстап, «На страже Родины» газетінің қазақ тіліндегі «Отанды қорғауда» атты парақшасын шығаруға тұрақты атсалысқан. Осылайша ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қазақтан шыққан 79 әскери журналистің бірі болды. Өзі соғыста қан кеше жүріп, қазіргі «Орал өңірі», сол кездегі «Екпінді құрылыс» газетіне майдандағы жағдай, қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі, тылдағы ел-жұрттың жанкешті еңбегі туралы мақалалар жолдап тұрған.

Бисен аға майданнан оралған соң 1945-1955 жылдары БҚО «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы, Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарады. 1960-1985 жылдары Орал, Көкшетау облыстық партия комитеттерінің хатшысы қызметінде болады. 1985 жылы зейнет демалысына шыққан соң Көкшетау қаласындағы Куйбышев атындағы мемориалдық музейдің директоры болып еңбек етеді. Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері, Ленинград қорғаушылары туралы «Степные зари Приуралья», «Обновленная степь», «10 лет с М. Шолоховым» атты кітаптар жазған. Бисен Жұмағалиұлы Отан соғысы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

– Мен Бисен ағамен 60 жыл бойы араластым. Ол тек менің ғана емес, халықтың тәрбиешісі болған жан. Барлық саналы ғұмырын халықты, әсіресе, жастарды тәрбиелеуге арнады. Өмірге деген құлшынысы зор еді. Марқұм ешқашан жеке басындағы немесе қызметтегі, болмаса соғыста кездескен қиындықтар туралы сөз қозғамайтын. Ең басты ұстанымы дұрыс өмір сүру, қоғамға адал қызмет ету, халықтың құлы болу еді. Тіпті құрметті демалысқа шыққан соң да қоғамдық белсенділігін бәсеңдеткен жоқ.

Ол соңғы демі шыққанша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің алғышарты – ұлтаралық жарасымның нығаюына және халық пен биліктің арасындағы екіжақты тиімді байланыстың беки түсуіне, жас ұрпақтың елжанды азамат болып қалыптасуына ұдайы мүдделілік танытты. Бисен аға өзінің еңбекқорлығымен, адами қасиетімен өз-өзіне ескерткіш қойып кеткен жан, – деді ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған еңбек ардагері Жайсаң Ақбай.

Сондай-ақ естелік тақтаның ашылуында соғыс ардагері Иван Гапич, салтанатқа арнайы Көкшетау қаласынан келген Бисен ағаның шәкірті, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шиап Әлиев сөз алды. Салтанатты рәсімге жиналғандар қабір басында болып, марқұмның аруағына  Құран  бағыштады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жарасты ынтымақтастық жалғаспақ

Күні: , 169 рет оқылды

DSC_0046


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі  Юрий Оксамитныймен кездесті.


Өңір басшысы әлемдегі және Қазақстандағы балалардың жағдайын жақсартудағы ЮНИСЕФ-тың маңызды рөліне тоқталып, аталмыш қор мен облыс арасындағы табысты ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.

– Әріптестеріңізбен бірге біздің өңірге ат басын бұрып келгеніңізге қуаныштымыз. БҰҰ балалар қорының бала құқығын қорғауда атқаратын рөлінің зор екендігін шынайы түсінеміз. Сіздің қор ана мен бала өлімін болдырмау, жетім балалардың құқығын қорғау мен оларға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында бірқатар игі бастамалардың ұйытқысы болуда. Сонымен қатар қоғамға қажетті жанұядағы бала тәрбиесін, отбасы құндылығын әрдайым насихаттап отырасыздар. Бүгінгі біздің өңірге сапарыңыз білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты сынды бірқатар маңызды салаға жаңа серпін беретініне сенімдімін, — деді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, 1992 жылы ақпанда балалар қоры мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар жағдайын бағалауды өткізу үшін тәуелсіз Қазақстанға бірінші миссиясын ұйымдастырды. Бұл барлық балаларды қызылша және полиомелитке қарсы иммундау миссиясы ЮНИСЕФтың Қазақстандағы қызметіне негіз болған бірінші жобасы еді. 1994 жылы ЮНИСЕФ-тың Қазақстандағы өкілдігін ұйымдастырғаннан кейін ҚР Үкіметі мен ЮНИСЕФ-тың тұрақты бағдарламасы бойынша жұмысы басталды. Қазақстандағы ЮНИСЕФ балалар қоры әлеуметтік саясат және білімді басқару, денсаулық және балалар мен жасөспірімдердің дамуы, балаларды қорғау секілді үш негізгі бағытта қызмет жасайды.

Облыс басшысымен өткен кездесуде қордың Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный балалар құқығын қорғау мақсатында еліміз бойынша атқарылып жатқан бірқатар істерге тоқталып өтті. Сонымен қатар кездесу барысында балаларды қорғаудың өзекті мәселелері, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларындағы ынтымақтастықтың алдағы келешегі талқыланды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген  автор


Тұңғыштың тұсауы кесілді

Күні: , 207 рет оқылды

DMS_9017


Осыдан бірер күн бұрын өңірімізде электрод шығаратын тұңғыш зауыт іске қосылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.


«БатысГазСтрой» ЖШС жанынан ашылған бұл зауыт дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың түрлі маркасын шығаруды бұдан бір апта бұрын бастапты.

Шағын кәсіпорынның сынақ мерзімінен еш кедергісіз өткенін айтқан «БатысГазСтрой» ЖШС директоры Сапарғали Айтқалиев жиналғандарды электрод даярлайтын цех жұмысымен таныстырды.

— Өздеріңізге белгілі, біздің «БатысГазСтрой» ЖШС газ өткізумен, су өткізумен, жол және көпір құрылысымен айналысады. Жұмыс барысында біз үнемі жекелеген материалдардың  жетіспеушілігіне тап болып жүреміз. Соның ішінде дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың жетіспеушілігі айқын сезілетін. Бізге бұл материалдар көрші Ресей елінен келетін. Біреулерге үнемі тәуелді болудан шаршап кеттік. «Осы электродтарды өзіміз дайындап көрсек қайтеді?» деген ой келді. Сөйтіп, желтоқсан айында осы бағытта жұмыстануды бастадық. Ресейдің кәсіби мамандарымен байланысып, электрод даярлайтын зауыт жобасын жасауға кірістік. Бізге осы жұмысымызды жүзеге асыруға Мәскеу қаласының «Роттекс» компаниясы көмектесті, жігіттерге көп рахмет!  6-7 айдың ішінде жоба дайын болды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, бүгінде зауыт өзінің алғашқы өнімін бере бастады. Іске қосылғанына бір аптадай ғана болған зауыт бір ауысымда 2 тонна, тәулігіне 6 тонна электрод шығарады. Бір айта кететін жәйт, электрод даярлайтын мұндай зауыт облысты былай қойғанда, бұрын-соңды елімізде болмаған. Мұндай электрод зауыты — Қазақстанда әзірге тек біреу, ол — осы кәсіпорын, — деген Сапарғали Наурызұлы жиналғандарға арнайы құрылғыларды пайдалану арқылы электродтарды қалай даярлайтынын көрсетті.

Оның сөзінше, электрод өндіретін құрылғылар Ресейден сатып алынған. Аталмыш өнімді дайындауға қажетті сымтемір мен оның сыртын қаптайтын күкіртті жабындар да Ресейден  әкелінеді екен.

– Бірақ бұл уақытша жағдай, егер осы жобамыз сәтті жүзеге асып жатса, Қазақстанның қойны-қонышы кең, қазынаға толы ел ғой, бұл шикізатты өз елімізден де табармыз деп ойлаймын, — дейді іскер басшы үлкен сеніммен. Электрод даярлауға қажетті шикізат арнайы құрылғыда уатылып, уақ түйіршіктерге айналады, иленеді. Содан кейін оны  электродтардың сыртын қаптауға пайдаланады.  Цехта тастарды да қамырша илеп, ұнтаққа айналдырып жіберетін тағы бір қуатты құрылғы бар. Бұл құрылғының атқаратын міндетін жабдықтарды цех ішіне орналастырып жүрген ресейлік жігіт бізге тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді.

Жұмысшылардың айтуынша, бұл құрылғылар 1 минутта 120 дана электрод сымын дайындап үлгіретін көрінеді.

— Әзірге цехта бір ауысыммен оншақты жұмысшы істеп жатыр,  кейін жұмыс көлемі ұлғайғасын, жігіттер екі немесе үш ауысымда істейтін болады. Әр ауысымда он адамнан  болса, бұл цех толық қуатына көшкенде барлығы 30 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын электродтың 50-ден астам түрін шығаратын болады. Ал енді «Кәсіпорын өніміне сұраныс бар ма? Электродтарды қалай өткізесіздер?» деген сұраққа жауап берер болсам, әзірге Ақтөбе, Ақтау және Атырау облыстарының кәсіпорындарымен келісім жүріп жатыр.

Нарықтық қарым-қатынас болғандықтан, базарларда Қытай мен Ресейден әкелінген электродтар, әрине, толып тұр. Бірақ тұтынушылар қай өнімді де сапасына қарап бағалайды ғой. Сондықтан, жігіттеріме әуелден «Сапасы-сізден, бағасы – бізден» деп шарт қойғанмын. Егер жігіттердің шығарған өнімі сапалы болса, әрине, тауарымыз өтімді болады. Барлық кәсіпорындар сияқты, біз де өз тауарларымызды жарнамалаймыз, жер-жерден сауда нүктелерін ашып, кәсіпорын өнімдерін саттыққа шығарамыз. Әзірше, электрод зауыты  «БатысГазСтрой» ЖШС-ның жанынан жұмыс істейді. Бірақ, кейіннен, өндіріс орны аяғынан тік тұрғаннан кейін жеке мекеме болып тіркеледі, — дейді  «БатысГазСтрой» ЖШС басшысы Сапарғали Айтқалиев жаңадан ашылған өндіріс орнының болашағынан үлкен үміт күтіп.

Осы жерде облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов кәсіпорын ұжымын жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтап, олардың жұмысына жеміс тіледі.

— Бүгін өңірімізде тағы бір жаңа өндіріс орны ашылды, бұған бәріміз де қуанып тұрмыз. Бұл зауыттың бұрынғылардан бір айырмашылығы, кәсіпорын таза кәсіпкердің өз қаражатына құрылды. Кәсіпкер бұл зауытты жасақтау үшін өз қалтасынан 100 млн. теңге қаражатын шығарды. Бұл жағдай қазақстандықтардың ел саясатын түсініп келе жатқанын көрсетеді. Бұрыннан «БатысГазСтрой» ЖШС-ны басқаратын Сапарғали Наурызұлы — шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер. Іскер басшының бұл істе де оза шауып, үлкен жетістікке жететініне сенімім мол. Барша кәсіпкер осы ағамыз секілді бизнестерін жолға қойып, жаңа кәсіпорындарды жиі ашып жатса, елімізде, ең бастысы, жұмыссыздық азайып, ел экономикасы көтерілер еді. Экономикамыз өрлесе, барша халық үшін жақсы болары сөзсіз, — деді Игорь Стексов өз сөзінде.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика