Мұрағат: 12.07.2016


Төлешов ел басқарғысы келген — ҚР ҰҚК

Күні: , 209 рет оқылды

тулешов


Белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов ел басқарғысы келген, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ҰҚК-да осы істің тергеуінің аяқталуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.


«Билікті басып алу бойынша жоспарын жүзеге асыру үшін Төлешов бастапқыда елдегі жағдайды тұрақсыз еткісі келген. Осы мақсатта ол Қырғызстанда 2005-2010 жылдар аралығында болған оқиғаларды зерттеген, қажетті материалдар мен куәліктерді жинастырған, тіпті Қырғызстанға барған. Билікке тек жаппай тәртіпсіздіктер мен халықтың наразылығын туғызу арқылы ғана келуге болатынын білген ол бұл әрекеттерді Қазақстанның батысында жасау керек деген ойға келеді. Төлешов батыс өңірінде наразы топтар бар деп есептеген, ойынша, бұл топтарды өз мүддесіне пайдалану қолайлы болған, ал наразылыққа себеп ретінде әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелерді қарастырған», — деп хабарлады ҚР ҰҚК өкілі Руслан Қарасев.

«Айдап салу акциялары мен жаппай тәртіпсіздіктермен қатар ол қазіргі билікке ультиматум қойып, өзін вице-президент етіп сайлауды талап еткісі келген, ал кейін ел басқарғысы келген. Ал дайындық барысы өткен жылы басталған. Төлешовтің айналасындағылардың ішінде куәгерлер бар, олар осылай айтып отыр. Айтуларынша, 2015 жылы ол сенімді адамдарының біріне ірі сомада қаражат пен құжаттарды Атырау тұрғындарына жер мәселелері бойынша беріп жіберуді тапсырған, ал кейін олар өз кезегінде сәуірдегі наразылық акцияларының ұйымдастырушысы болды. Өз кезегінде бұл адамдар Атырау қаласында сәуір айында және Алматы қаласында мамыр айында заңсыз митингілерді ұйымдастырған», — деп хабарлады Қарасев.

Сонымен қатар, Төлешовтің көмекшілерінің бірінің 50 мың долларды өз еркімен тергеуге тапсырғаны айтылады, бұл қаражат осындай акцияларды ұйымдастыруға кететін шығындарға жұмсалуы тиіс болыпты.

«Төлешов тергеу изоляторы жағдайында бола отырып, өзімен байланысқа түсе алатын адамдар арқылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырғысы келген. Бұл мақсатта ол бес мың адамды әрқайсысына 100-200 доллардан төлеп, жаппай тәртіпсіздіктерге шығару туралы бұйрық берген. Осыдан кейін Сарыағаш қаласының орталық алаңында палаткалардан құралған лагерь ұйымдастырып, бүлік жасағысы келген. Осымен қатар, Төлешов қазіргі заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша құжаттардың бағдарламасын дайындаумен айналысқан. Бұл мәліметтер Төлешовтің көмекшілерінің компьютерлерінде және жеке жұмыс бөлмесінде табылды», — деп хабарлады ҚР ҰҚК өкілдері.

Еске салайық, белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталған болатын. Тінту кезінде үйінен және жұмыс орнынан қару-жарақ, есірткі заты және оқу құралдары анықталып, тәркіленген еді.

Кейіннен Төлешовтің ісі бойынша 25 адам күдікке ілініп отырғаны белгілі болды. Бұл іс бойынша қылмыстық іске 25 адам тартылып отыр, шамамен 300 адам куәгер ретінде қарастырылатын болады. «Оның қылмыстық әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 125, 126, 179, 182, 192, 262, 266, 268, 296 және 367 баптары бойынша, сонымен қатар, 1997 жылғы редакциядағы 96, 107 және 187-баптары бойынша қарастырылып отыр», — деп хабарлады баспасөз мәслихаты барысында. Сонымен қатар, Төлешовке трансұлттық қылмыстық қоғамдастықты қаржыландырған, сонымен қатар тұрақты қарулы топты құрып, басқарған деген күдік келіп отыр. Ал 11 шілдеде ҰҚК өкілдері.

Төлешовтің ұзақ уақыт бойы шетелдегі «Братский круг» сияқты белгілі қылмыстық трансұлттық қауымдастықтың лидерлері мен басты тұлғаларын қаржыландырып келгенін және байланыста болып келгені хабарлады. Сонымен қатар, ҰҚК өкілдері Төлешовтің мемлекеттік төңкеріс жасауға қалай дайындалғанын айтып берген еді. Ал ҚР ҰҚК баспасөз мәслихаты кезінде Тоқтар Төлешов ісі бойынша ұсталғандардың аты-жөні аталды.

 Kaz.tengrinews.kz


Төлешовтің сыбайластары мемлекеттік төңкерістен кейін ІІМ және Жоғарғы сот басшылығына келуді жоспарлаған — ҰҚК

Күні: , 202 рет оқылды

photo_27415


ҰҚК өкілдері Төлешовтің мемлекеттік төңкеріс жасауға қалай дайындалғанын айтып берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Бүгін ҚР ҰҚК баспасөз мәслихаты кезінде Тоқтар Төлешов ісі бойынша ұсталғандардың аты-жөні аталды. Олар: бас прокурордың бұрынғы бірінші орынбасары Ільяс Бақтыбаев және ОҚО ІІД экс-жетекшісі Хибратулла Досқалиев. Олардың кәсіпкердің елдегі жағдайды дестабилизациялауға дайындалу туралы жоспарын жер-жерлерде жаппай тәртіпсіздіктер, наразылық акциялар, шиеленіс ошақтарын туғызу арқылы қолдаған делінеді.

«Мемлекеттік төңкеріс жасалғаннан кейін олар жоғарғы соттың төрағасы және ішкі істер министрі қызметтерін алуды жоспарлаған. Әскери бөлімдердің командирлері Жумин мен Пернебаев заңсыз ақшалай сыйақы үшін Төлешовке әскери ұшақ, әскери техника және штат қаруы бар әскерилерді жеке әскери-спорттық шараға қатыстыруға берген, бұл шара 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында өткен», — деп хабарлады ҚР ҰҚК өкілдері.

Еске салайық, ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Қарасаев маусым айында «тергеудің мәліметтері бойынша, Төлешов мырзаның бұған дейін дайындық жұмыстарын жүргізгенін, ал өткен жылдан бері билікті зорлықпен басып алуға дайындық жұмыстарымен айналысқанын хабарлаған болатын. Оның әрекеттерінің жоспары, ҰҚК өкілдерінің мәліметінше, елдегі жағдайды шиеленіс ошақтарын құру, наразылық акцияларын және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру жолдарымен тұрақсыз етуге негізделген.

Kaz.tengrinews.kz


Төлешов 200 миллион доллар қарызданғаннан кейін төңкеріс жасауды ойлай бастаған — ҰҚК

Күні: , 182 рет оқылды

photo_27418


ҚР ҰҚК-де Төлешовтің бандасы кісі өлтіру мен ұрлау туралы айтып берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


«Тергеу барысы көрсеткендей, Төлешовтің ұйымдасқан қылмыстық тобы бірнеше адамды өлтіргендігі, кісі ұрлау және адамдарды соққыға жыққандығы анықталған. Азаптаулар мен қинауларды Төлешовтің бұйрығымен фотоға және видеоға түсіріліп отырған. Бұл деректі мәліметтер тінту барысында анықталып, іс материалына жіберілген. Түсірілген адамдар анықталды және олар куәгер әрі жәбірленуші ретінде сотта куәлік беретін болады», — деді ҚР ҰҚК өкілі Руслан Қарасев.

Сонымен қатар, осы аталғандарға айғақ ретінде, қылмыстық топтың керек-жарағына Төлешовтің қомақты қаражат жұмсап отырғандығы анықталған. Өзінің қартайған шағында патша тектес өмір сүруді қалаған ол ҚР екінші дәрежелі банктерінің және «Братский круг» басшыларының алдында көп мөлшерде қарызға батқан. Сол жиналған қарыздың мөлшері 200 миллион долларға жеткен. Осы кезде Төлешовтің ойына елдегі билікті күшпен тартып алу жоспары пайда болған», — деп жалғады ҰҚК өкілі өз сөзін.

Еске салайық, белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталған болатын. Тінту кезінде үйінен және жұмыс орнынан қару-жарақ, есірткі заты және оқу құралдары анықталып, тәркіленген еді. Кәсіпкермен бірге үш адам ұсталған еді. Кейіннен Төлешовтің ісі бойынша 25 адам күдікке ілініп отырғаны белгілі болды. Бұл іс бойынша қылмыстық іске 25 адам тартылып отыр, шамамен 300 адам куәгер ретінде қарастырылатын болады. «Оның қылмыстық әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 125, 126, 179, 182, 192, 262, 266, 268, 296 және 367 баптары бойынша, сонымен қатар, 1997 жылғы редакциядағы 96, 107 және 187-баптары бойынша қарастырылып отыр», — деп хабарлады баспасөз мәслихаты барысында.

Сонымен қатар, Төлешовке трансұлттық қылмыстық қоғамдастықты қаржыландырған, сонымен қатар тұрақты қарулы топты құрып, басқарған деген күдік келіп отыр. Ал 11 шілдеде ҰҚК өкілдері Төлешовтің ұзақ уақыт бойы шетелдегі «Братский круг» сияқты белгілі қылмыстық трансұлттық қауымдастықтың лидерлері мен басты тұлғаларын қаржыландырып келгенін және байланыста болып келгенін хабарлады. Сонымен қатар, ҰҚК өкілдері Төлешовтің мемлекеттік төңкеріс жасауға қалай дайындалғанын айтып берген еді. Ал ҚР ҰҚК баспасөз мәслихаты кезінде Тоқтар Төлешов ісі бойынша ұсталғандардың аты-жөні аталды.

Kaz.tengrinews.kz


«Ескерткіштің орны композицияға сай таңдалмақ»

Күні: , 242 рет оқылды

СЦК Культура трое


Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өңіріміздегі халықтық дәстүрлі өнердің дамуы туралы баспасөз мәслихаты өтті.


Шарада облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов тақырыпқа сай баяндама жасады. Дәулеткерей Атауұлы облысымыздағы халық өнерпаздарының осыған дейінгі айтулы жетістіктеріне жан-жақты тоқтала келіп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

– Биыл  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл. Бұл жылы да дәстүрлі өнер, қазақ халқының біртуар тұлғалары мен өнер дүлдүлдерінің мерейтойлары аталып өтілмек. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың ІІ жартыжылдығы маңызды шаралармен айшықталады. Оның ішінде жыр-терме өнерінің ардақтылары – Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашевалардың есімін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» республикалық дәстүрлі термешілер байқауы, Қаратөбе ауданында халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы – сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы және Батыс Қазақстан облысының аудан, қала көркемөнерпаздарының «Тұғыры биік тәуелсіздік» халық шығармашылығы фестивалін үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап белгіленген кестеге сәйкес өткізу жоспарлануда. Фестиваль облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өтеді. Оған қала, аудан орталықтарындағы халықтық, жанрлық көркемөнер-паздар ұжымдары қатысады және қолөнер шеберлерінің көрмесі облыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Фестивальдің қорытынды гала-концертіне үздік деп  танылған өнер ұжымдары қатысады. Ал 2017 жылы атақты күйші-сазгер Мәмен Ерғалиұлының 150 жылдығына арналған «Күй күмбірі – дала дүбірі» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, Марабай жыраудың 175 жылдығына арналған «Жыр дүлдүлі – Марабай» республикалық жыршылар байқауы, қолбасшы батыр, би, шешен Сырым Датұлының туғанына 275 жылдығына «Сайын дала Сырымы» республикалық ақындар айтысы, 2018 жылы күйші-сазгер, домбырашы, күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығына арналған «Күй атасы» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, «Жайық айтысына – 60 жыл» облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарлануда. Айтыс өнерін дамытуға үлес қосқан аға-апаларымыз өте көп. Солардың бірі Кенжеғали Балабасов алдымыздағы 15 шілде күні 75 жасқа толады. Елімізге танымал ақын Бауыржан Қалиолла эстафетаны лайықты қабылдап алып, айтыс өнерінің дамуына мұрындық болып келе жатыр. Кеше ғана шәкірті Бауыржан Ширмединов республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды, – деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы  Дәулеткерей  Құсайынов.

Жиын соңында Астана күніне орай өткізілген республикалық айтыстан бас жүлдемен оралған жерлесіміз Бауыржан Ширмединұлы сайыстан алған әсерімен бөлісті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Алмагүл  ЖАМПЕЙІСОВА, «Қазақстан – Орал» телеарнасы:

– Осыдан бір ай бұрын өңірімізде өткен республикалық күй сайысы қарсаңында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде мәдениет саласындағы, соның ішінде дәстүрлі өнер бағытындағы кадр жетіспеушілігі және оларды дайындау сапасы туралы мәселелер қозғалды. Бүгінгі таңда аталмыш мәселелерді шешу үшін қандай қадамдар жасалуда?

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ,  облыстық  мәдениет,  мұрағаттар және  құжаттама  басқармасының  басшысы:

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудан әкімдерімен сөйлесіліп, мәдениет саласының қызметкерлерін даярлауға грант бөлгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл орайда бір домбырашы маманды даярлауға жылына 400 мың теңгедей қаражат қажет екен. Біздің мұндай ұсынысымызды әзірге төрт ауданның әкімі қабыл алды.

Эльмира  НҰҒМАНОВА, «Жайық үні»   газеті:

– Құрманғазы және Дина – қос күйшіге арналған ескерткіш қаламыздың қай ауданынан бой көтермек және оны жасайтын мүсінші белгілі болды ма?

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ,  облыстық  мәдениет,  мұрағаттар және  құжаттама  басқармасының  басшысы:

–  Осыған дейін күй алыбы Құрманғазы мен Динаға Қазақстанның бірнеше аймақтарында ескерткіш қойылған. Олардың бәрі – монументальді мүсіндер. Ал бізде композициялық ескерткіш орнатылмақ. Мәселен, онда ұлы күйші Құрманғазының шәкірті Динаға домбырасын ұсынып жатқан сәті бейнеленуі мүмкін. Алдымен осы бағыттағы түрлі жобалар қабылданып, комиссия шешімімен үздігі анықталады. Комиссияның құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен болады деп күтілуде. Ескерткішті сомдайтын мүсінші мемлекеттік сатып алу заңының аясында анықталады. Ал орналасатын жері оның  композициясына  сай  таңдалмақ.


Саябақтағы Сабантой

Күні: , 172 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (702)


Таяуда қалалық мәдениет және демалыс саябағында “Татар мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі дәстүрлі Сабантой мейрамын тойлады.


— Бұл мейрамның тариxы тереңде.  Оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру мақсатында күні бүгінге дейін барлық сән-салтанатымен тойлап жүрміз. Сабантой Қазақстанда мекендейтін ұлттар арасындағы достықты нығайтады. Мерекеге қонақтардың көп келуі қуантады, — дейді татар мәдени орталығының төрайымы Галима Ваганова.

Саябаққа жиналған көпшілікті аталмыш мерекемен құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Татарстанның өкілетті өкілі Рүстем Валиулов және ҚХА мүшелері келді. Рустем Валиулов татар диаспорасының белгілі өкілдеріне Бүкіләлемдік татар конгресінің атынан медальдар мен алғысxаттар табыстап, Татарстан президенті Рустам Минниxановтың  құттықтау хатын оқып берді.

Мерекелік шараға жергілікті  өнерпаздармен қатар Ресей мен Татарстанның  белгілі әртістері де қатысты. Олар татар тілінде әндер шырқап, ұлттық билерді орындады.

Концерттік бағдарлама ұлттық ойындар мен көңілді жарыстарға ұласты. “Көрәш” ұлттық күресінен 22 жастағы Нұрбол Серіков жеңімпаз атанып, қанжығасына қой байлады.

Саябақ төрінде татар ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Оған Марат Халелов, Алина Ваганова, Рузалия Хантемірова секілді жас шеберлер өз жұмыстарын ұсынды.

Шара “Татарча марафон” атты гармоншылар сайысымен аяқталды.

Айымгүл СҮНДЕТОВА,

Орал қаласы

Суреттерді түсірген Р. ХАЛЕЛОВ


Атқарылған да, атқарылатын да шаруа аз емес

Күні: , 213 рет оқылды

DMS_7612


— Мал шаруашылығын дамыту – басты бағыттарымыздың бірі. Сондықтан сіздермен жүздесіп, осы саланың аудандағы мән-жайымен танысу үшін, өзекті мәселелерді өз ауыздарыңыздан  естіп, одан шығудың жолдарын бірлесе талқылау мақсатымен келдік, — деді Жаңақала ауданына іссапарын шабындық басында қызылобалық шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуден бастаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.


Осыған орай осы округтегі көлтабандардың суландыру жүйесін әңгімелеген Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Дархан Закарин:

— Аудандағы суармалы көлтабандардың жартысына жуығы осы Қызылоба ауылдық округінің аумағында. Биыл су тәуір келді дегеннің өзінде алты көлтабанның үшеуіне ғана су шықты. Су алудағы басты қиындықтар – каналдар мен су қақпаларының тозып, су ұстамауы. Онсыз да аз келген суды ысырапсыз алу мүмкін болмай тұр, — дей келе су қақпаларын жаңартуға қаржы қажеттігін алға тартты.

— Соңғы жылдары бізге суды Жайық тасығанда ғана беріп келеді. Жайық кеш тасиды. Кеш берілген судың пайдасы аз. Бұрын Дөңгелек қоймасына ерте су толтырып, ақпан айының соңынан бастап су бере бастайтын еді. Сол жүйені қалпына келтірсе, — деді «Наурыз» шаруа қожалығының басшысы Наурыз Бекмашев.

— Қанша су қақпасын жөндеу керек, оған қанша қаржы қажет? Нақты есебін шығарып, ауданның даму жоспарына енгізіп, құжаттарын әзірлеңіздер. Бәрін бірден болмаса да, бұл мәселені шешеміз. Өйткені мал шаруашылығын дамыту  мал азығының мол қорына,  суға тәуелді жұмыс, — деді өңір басшысы.

Ал Н. Бекмашевтың ұсынысына  облыстық су шаруашылығының басшылары Дөңгелек су қоймасына ертерек су толтыру жұмысын қалпына келтіру төртінші кезекпен жоспарға енгізілгенін мәлімдеді.

Облыс басшысы шабындықты аралап көріп, осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, биылғы бітік шөпті уақтылы шауып жинап алуды, төрт түлік басын көбейтуді тапсырды.

Қызылобалықтар күні бүгінге дейін 4200 гектар жердің шөбін орып, 7,5 мың тонна мал азығын дайындаған еді.

Ол – округтегі тапсырманың 33,9 пайызы. Өңір басшысы округтегі мал азығын дайындау қарқынына ризалығын білдірді.

Мұнан кейін облыс басшысы Чапаев – Жаңақала – Сайқын аутожолын жөндеп жатқандарға ат басын бұрды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен бұл күрежолды асфальттау өткен жылы аяқталып, ел игілігін көруде еді. Десе де мерзімі келгенде жөнделіп отыратыны да белгілі жай. Биыл жолдың мерзімі келген 51-76 шақырым аралығын күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 1200 млн. теңге қаржы бөлініп, оны жарияланған конкурс жеңімпазы – мердігер «UNISERV» жөндеу жұмысын бастап кеткен-ді.

Облыс басшысы жолшылармен жүздесіп, жұмыс  барысымен танысып,  жөндеуді сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтауды тапсырды.

Мұнан кейін өңір басшысы Алтай Көлгінов «Мадияр» жеке кәсіпкерлігінде жиналып, күтіп тұрған аудан кәсіпкерлерінің ортасынан табылды.

Мұнда да облыс басшысы кәсіпкерлерге өзінің келген мақсатын әңгімелеп, кәсіпкерлікті қолдаудың аудандағы жағдайын, түйінді мәселелерін ашық айтуды өтінді.

— Кіл жастардың ортасында бір қарт неге жүр демеңіз. Мен зейнеткерлікке шыққаннан кейін 17 жылдай кәсіпкерлікпен айналыстым. Жасым келгесін ғана балама тапсырдым.

Үкімет кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетіп отыр. Оның игілігін де көріп отырмыз. Әсіресе, соңғы жылдары  біздің ауданда мал басын көбейту, түлік атаулының тұқымын асылдандыру ісі жақсара түсті.

Десе де мені жастардың мал шаруашылығына барғысы келмейтіні көп алаңдатады. Жұмыссыз жастарды қазір тапшылық етіп отырған малшы, механизаторлыққа тартудың бір тетігі жоқ па? — деді зейнеткер Қ. Текебаев.

— Мұның да нақты есебін алып, жұмыс берушілердің қанша еңбекақы төлейтінін біліңіздер. Ойластырып көрейік, — деген облыс басшысы аудандағы жұмыссыздар санын сұрады.

Аудандағы халықты жұмыспен қамту бөлімі басшысының айтуынша, күні бүгін ауданда 89 жұмыссыз бар екен. Оның 44-ін малшылыққа бағыттаған, барғаны аз. Бірі мал баққысы келмейді, бірі жұмыс берушімен келіспейді. Қысқасы, малшы мен механизатор ауданда қат  мамандыққа айналып келеді.

Бұл мәселеге байланысты аудандық кәсіптік лицейге арнайы барған облыс басшысы кадр дайындауды аудан қажетіне орай жүргізуді, жұмыссыздықты осы саламен ұштастыруды тиісті адамдарға тапсырды.

— Ерінбеген адамға жұмыс бар.

Екі рет үкіметтен несие алып, кәсібімді жүргізіп, өзімді-өзім жұмыспен қамтып отырмын. Алғашқыда несие алып, мал өсірдім. Шаруам оңға басып, несие қарызын мерзімінен бұрын қайтардым. Енді екінші рет алып, автокөлікке газ құю стансасын ашумен айналысудамын. Әлеуметтік  жұмыс орнының көмегі көп, соны пайдаланудамын, — деген кәсіпкер Ә. Бөкеновке қолдау білдірген облыс әкімі қалған кәсіпкерлерді де осындай іскерлікпен жұмыс жасауға шақырды.

Мұнан соң Алтай Сейдірұлы рухани орталықта орналасқан кітапханаға кіріп, оқырмандармен тілдесті. Балғын оқырмандардың тақпағын тыңдап, ризашылық танытып, күй студиясындағы өнерпаздардың өнерін тамашалауды да ескерді.

Рухани орталық залында аудан ардагерлерімен, жастар өкілдерімен кездесуде:

— Бүгін аудандарыңызға  халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, мұндағы адамдарды не алаңдатады, не толғандырады, соны білуді, ой бөлісуді мақсат етіп келдік, — деген өңір басшысы қожалық басшыларымен су алу, мал шаруашылығы жайын, кәсіпкерлермен кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылап, пікір алысқанын айтып, көпті көрген қариялардан ашық пікір білдіруді сұрады.

— Ақиық алыптар мен жайсаң жандар еліне қош келдіңіз! — деген соғыс және еңбек ардагері Мәжит Жаданов бұл елде С. Меңдешев бастаған талай қайраткерлер мен ғалымдар шыққанын айтып, қазіргі ауданның дамуына ризашылығын білдіріп, облыс басшысына ақ батасын берді.

— Ендігі батыр еңбектен шығады, — деген аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Н. Өтешова жастарды еңбекке үндей отырып, ашық пікірлесуге жағдай жасаған облыс басшысына аналық тілегін жеткізді. Сонымен қатар аудан орталығына тағы бір балабақша мен спорттық сауықтыру кешені қажеттілігін облыс әкімінің назарына ұсынды.

Ал аудандық мәслихат хатшысы З. Сисенғали аудан халқы үшін маңызды төрт мәселені көтерді.

Біріншісі – Құлшықтан жерасты су құбырын тарту арқылы ауыз су мәселесін шешуге, екіншісі – Сарыкөл, Жуалыой, Мұқыр ауылдарына газ отынын тартуға, үшіншісі – аудан орталығындағы қарқынды құрылысқа ере алмай қалған инфрақұрылым мәселесін шешуге, төртіншісі – аудан орталығындағы көшелерді жөндеуге қаржылық қолдау көрсету еді.

Облыс басшысы бұл мәселелердің бәріне де қанағаттанарлық нақты жауап берді.

Алтай Көлгінов аудандық мешіт пен  діни оқу орталығына кіріп, жұмысымен танысуына да уақыт тапты.

Түстен кейін өңір басшысы Жаңажол ауылдық округіне жол тартып, ондағы Айдархан су жүйесімен танысып, ауылдарды сумен қамтудың тиімді жолдары жайында мамандармен, Мәстексай, Жаңажол ауылдарының  тұрғындарымен ой бөлісті.

Мәстексайда еңбек ардагері Т. Сапарғазиев пен осы округ әкімі С. Мұхамбетжанова су тапшылығын, қазіргі қиын жағдайды қинала әңгімеледі.

Ауданмен арадағы жолды жөндеу керектігін аудандық мәслихаттың депутаты С. Сұлтанова жеткізді.

Облыс басшысы мамандардың пікірін келтіре отырып, сұрақтардың бәріне тұшымды жауап берді.

— Бар мәселені бірден шешу мүмкін емес. Қазір ең бастысы – су мәселесі. Осымен жұмыстанамыз. Қалған мәселелер ретімен, кезегі-кезеңімен шешіледі, — деді өңір басшысы.

Жаңақазан ауылындағы М. Жүнісов атындағы мектепте де мұғалімдермен жылы шырайлы жүздесу өтті. Облыс әкімі еліміздің ертеңі – білімді, тәрбиелі ұрпақ екенін әңгімеледі. Мектеп  музейімен танысты.

Облыс басшысының келерін естіген халық мәдениет үйіне де мол жиналған екен. Мұнда А. Көлгінов модельді кітапхананың ашылуына куә болды. Тұрғындарды Астана күнімен құттықтап, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында атқарылып жатқан істерді сөз етіп, тәуелсіздік тұғырын еңбекпен, ынтымақпен нығайтуға шақырды.

Ауданда алтыншы болып ашылған модельді кітапхананы тамашалап, Ұлттық кітапхана, Орынбор кітапхана басшыларымен байланысқа шықты.

Ел болғасын мұқтажы болатыны белгілі. Мұнда да арнайы келген облыс басшысына ел атынан ауыз су мәселесін шешу, Құлшық құмнан су жеткізу, өткен жылы орта мектеп ашылған Жуалыойға газ тарту, ауданмен арадағы жолды жөндеу, тағы басқа мәселелерді айтып, қолдау сұрағандар қанағаттанарлық жауап алды.

Жаңақала ауданын бір күн бойы аралап, біраз саланың өкілдерімен кездесіп, мұң-мұқтаж, ұсыныс-тілектерін тыңдап, мәселелерді саралап, ой түйген облыс басшысы Алтай Көлгінов бір сөзінде ауданда атқарылған да, атқарылатын да істер аз емес деген-ді. Біз осы сөзді сапар қорытындысына баладық.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


41 жыл күткен жеңіс

Күні: , 179 рет оқылды

607136815_MH_6809_FB37D92A797290A70E50663878608528_3545


Міне, төрткүл дүниені бір ай бойы теледидарға телмірткен кәрі құрлықтағы футбол тойы да тәмам.


Кез келген байрақты бәсекедегі секілді бұл жарыс басталар сәтте де көпшілік түрлі болжам жасады. Бірі немістер үшінші мәрте чемпион болады десе, екіншілері алаң иелеріне сенім артты, келесілері Испания мен Италияға ешкім тең келмейтінін айтса, енді біреулері Англия мен Уэльстің топ жаратындығына күмән келтірген жоқ. Чемпионат басында бұл болжамдар шамаға соғатындай көрінді. Себебі бұлардың бәрі өз топтарында мықтылығымен көзге түсіп, өз топтарында көш бастады. Ал топтық кездесуде бірде-бір қарсыласын жеңбей, бәрімен тең ойнап, плей-офф бәсекесіне әзер шыққан португалдықтардың EURO — 2016-ның жеңімпазы болатынына сенім білдіргендер қатары жарыстың алғашқы кезеңінде аса көп болмағаны рас.

Пиренейліктер өздерінің осал еместіктерін плей-офф ойындарында дәлелдеді. Мықты деп келген Хорватия, Польша, Уэльсті жарыс жолынан шығарып, үйлеріне қайтарды. Сөйтіп, Португалия Еуропа чемпионатының финалына екінші рет шықты. Бұған дейін олар 2004 жылы өз алаңында финалда Грекиядан 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Сол себепті Криштиану Роналду бастаған жігіттер 12 жыл бұрын Руй Жардау, Руй Кошта, Луиш Фигулардың кеткен есесін қайтару үшін аянып қалмайтынын осы ақтық сынның алдында айтқан еді. Сол сөздеріне тұрды. Жарақатының салдарынан матчтың 25-минутында Криштиану Роналдудың ойыннан шыққанына қарамастан, Португалия құрамасы қосымша уақытта Франция командасын 1:0 есебімен жеңді. Айта кетейік, олар француздарды соңғы рет 1975 жылы тізе бүктірген екен.

Одан кейін өткен 10 матчтың барлығында Франция басым түскен. Яғни бұл – Португалияның 41 жылдан кейінгі жеңісі!

— Бұл – менің карьерамдағы ең керемет және бақытты сәттерімнің бірі. Ұлттық құрамамен бас жүлдеге ие болып, тарихта із қалдыруды армандайтынымды әрдайым айтып жүрдім. Бүгін оған қол жеткіздім. Команда сапындағы жолдастарыма, бапкерлерге, біз үшін алаңдаған барша португалиялықтарға алғыс айтқым келеді. Бұл мен үшін және Португалия халқы үшін ерекше сәт. Біз бұл жеңіске лайықпыз, — деген екен кубокты көтеріп тұрып Криштиану Роналду.

Ақтық сындағы жеңіс голының авторы Эдер де бұл жеңіс төгілген сансыз тердің, мемлекет тарапынан жасалған барлық жағдайдың, отандастарының ыстық ықыласының нәтижесінде келгенін жеткізді. «Жарыстың алғашқы күнінен өз мүмкіндігімді күттім, — деді ол журналистерге берген сұхбатында. — Финалдық ойында бапкерім Фернанду Сантуш шақырып, маған сенім білдірді. Қасыма келген Криштиану жеңіс голын соғуыма мүмкіндігімнің бар екенін айтты. Басқалар да сенім білдірді. Мұндай қолдаулар маған қосымша күш берді. Гол соққаныма ризамын. Португалия халқы мұндай қуанышқа лайық».

Осы сәтті пайдаланып Криштиану Роналдуға қатысты мынадай статистикалық мәліметтерді келтіре кетейік. Ол биылғы чемпионатта ең көп соққы жасаған (30 соққы), Еуропа чемпионатында ең көп ойын ойнаған (17 матч), төрт Еуропа чемпионатында қатарынан гол салған жалғыз футболшы атанды. Сондай-ақ Роналду биылғы сайыста алғашқы голын салу үшін 222 минут жұмсапты, пенальти соға алмаған санаулы футболшылардың бірі болды.

EURO – 2016 жарысынан УЕФА ұйымы алдын ала есептеулер бойынша 2,2 млрд. еуро шамасында пайда тапқан. Бұл EURO – 2012 турнирінен екі есеге жуық көп. Bloomberg сарапшыларының айтуынша, биыл чемпионатта 24 құраманың бақ сынауы табыс көзін арттырған. Сол себепті турнирдегі матч, ойын өтетін стадиондар мен көрермендер саны бұрынғыдан көп. 2012 жылғы чемпионатпен салыстырғанда биыл УЕФА билеттер санын 25%-ға арттырған. Демеушілердің қолдауы бұрынғыдан 40%-ға өскен. Қалған ақша матчтардың тікелей көрсетілімінен түскен. Футбол трансляциясының бағасы қымбат болғандықтан, Испания мен Италия телеарналары сатып алудан бас тартыпты. Соған қарамастан, трансляциядан түсетін пайданың төрттен үшін еуропалық арналар өндіріп беріпті. Ал Франция үкіметі турнирге екі миллиард еуродан астам қаржы жұмсапты. Сарапшылардың алдын ала болжауынша, Францияға жарыстан түсетін табыс көп емес. Яғни турнирдің экономикалық әсері 1,3 млрд. теңге шамасында. Мұның басым бөлігі матчты көруге келген туристер жұмсайтын қаржының есебінен екен.

Сонымен, келесі Еуропа чемпионаты 2020 жылы өтеді. Жарысты бірнеше елде, Еуропаның 13 қаласында өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Санкт-Петербург, Лондон, Амстердам, Рим бар.

Мәди ЫҚЫЛАС


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика