Мұрағат: 09.07.2016


Баспана, дәмхана һәм дүкен

Күні: , 223 рет оқылды

IMG_2662


Жәнібек ауданының орталығында Астана күніне орай «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, оларға мұғалімдер, балабақша, денсаулық сақтау және мәдениет қызметкерлері қоныс тепті. Бұл мекенжайларды кәсіпкер Есқайыр Елемесов басқаратын  «Символ» ЖШС құрылысшылары  екі айдың ішінде іске қосты.


Аудан орталығында қызмет ететін 10 жас маманға пәтер кілтін табыс ету рәсімінде сөз  алған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин көпшілікті Астана күнімен шын жүректен құттықтап, аудандағы  жас мамандарға бұдан былай да барлық жағдайдың жасала беретінін айтып, пәтер кілтімен қоса естелік сыйлығын да тарту етті. Жаңа қонысқа ие болған жас мамандардың атынан сөз алған аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың теолог маманы Азат Қаратай өздеріне көрсетіліп отырған осындай қамқорлықтары үшін Елбасына, облыс, аудан әкімдеріне шынайы ризашылығын білдірді.

Мереке күні аудан орталығында кәсіпкер Нұргүл Қошқарбаеваның «Адал» азық-түлік дүкені ашылды. Аталмыш дүкенді кәсіпкер құрылысшылар жалдап, өз қаржысына салдырған. Алдағы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамтымақ. Нысанның ашылу салтанатында дүкен иесі жиналғандарға «Қош келдіңіздер!» айтып, сауда орнының есігін айқара ашты. Бұдан соң жұртшылық  кәсіпкер Меңсұлу Тұрғалиеваның «Бистро» дәмханасының ашылу салтанатына қатысты. Кәсіпкер «Орал» шағын несие ұйымынан 6 миллион теңге несие алып, тамақтандыру орындарын ашып отыр. Өзінің шаруа қожалығы да бар кәсіпкер  барлығы 15 адамды жұмыспен қамтуда.  Дәмхананың тұсаукесерін аудан әкімімен  бірге қиған кәсіпкер жұртшылықты су жаңа дәмханасының қызметімен таныстырды.

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


72 отбасы баспаналы болды

Күні: , 215 рет оқылды

фото Виктора Предыбайло (4)


«Әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй»  жобасы аясында Орал қаласының тұрғындарына Зашаған кентінен 72 пәтердің кілті табыс етілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов және осы ғимаратты салған «СКФ Отделстрой» ЖШС директоры Валентина Михно қатысты.


Облыс әкімі құттықтау сөзінде бұл маңызды оқиғаның Астана күнімен және Ораза айтымен сәйкес келгендігін атап, ізгі ниетін білдірді.

– Елбасымыз халықты тұрғын үймен қамту мақсатындағы талапты күшейтті. «Нұрлы жол» бағдарламасы біздің облысымызда да қарқынды жүзеге асып жатыр. Бұл орайда жыл соңына дейін аталмыш бағдарлама аясында 14 көпқабатты үй, яғни 1500-ден астам пәтер қолданысқа берілмек. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік жағдайына байланысты кезекте тұрған отбасыларға ұсынылады. Қалған бөлігі «Тұрғын үй жинақ банкі» салымшыларына беріледі. Соның ішінде бір тоғыз қабатты үй Ақсай қаласының тұрғындарына арнап салынуда, — деді Алтай Сейдірұлы.

«Әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй» салу жобасы «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламалары шеңберінде  жүзеге асырылып келеді. Орал шаһарында бұл бағыттағы жұмыстардың жүруіне қала әкімдігі белсене атсалысуда.

– Бағдарлама отбасымыз үшін қолжетімді болды. Екі бөлмелі пәтеріміз  63 шаршы метрді құрайды. Оның толық бағасы 6 млн. 300 мың теңгеге шықты. Бұл қаржының 50 пайызын үш жыл алты ай дегенде жинадық. Осыған дейін пәтер жалдап тұратынбыз. Ұлымыз Еркеш төрт, ал қызымыз Әлима  үш жаста. Өзім Орал магистралды газ құбырлар басқармасына қарасты «Интергаз Орталық Азия» АҚ-да инженер болып қызмет етемін. Келіншегім – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың политехникалық факультетінде энергетика кафедрасының аға оқытушысы, — дейді жаңа пәтерге ие болған Гайдар Серіков.

Айым  СҮНДЕТ,

«Орал өңірі»

Cуретті  түсірген Виктор ПРЕДЫБАЙЛО


Ел әлеуетін еселейтін әріптестік

Күні: , 195 рет оқылды

DMS_6783


Кеше Оралдағы «ҚПО б.в.» компаниясының бас кеңсесінде Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының арасындағы аймақаралық кооперация аясында әріптестік бойынша кеңес өтті.


Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған делегация  мүшелеріне «Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер!» дей келе, басқосудың мақсаты қос өңірдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту екенін атап көрсетті.

– Елбасының берген тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндіктер мол. Өңірімізде ең ірі кен орындарының бірі Қарашығанақ  мұнайгаз конденсатты кен орны орналасқан. Кен орнында ірі трансұлттық шетелдік компаниялар инвестор ретінде жұмыс жасап, еліміздің және өңіріміздің экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда. Мұның өзі Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың сәйкесінше жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Елбасы да өңірлердің инвестициялық тартымдылығын мейлінше арттыру, өңіраралық кооперацияны нығайту міндеттерін қойып отыр. Жаңа ашылған ғимаратта басқосуымыз бекер емес, өйткені делегация құрамында бізге инвесторлар келіп отыр.  Осындай кездесулер үшін ол да оң септігін тигізеді. Батыс Қазақстан облысы – аграрлық, индустриалдық өңір. Көптеген өндірістік кәсіпорындар бар. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндіктер бар. Бүгінгі кездесу екі өңірдің арасында жақсы қарым-қатынасты дамытып, әрі қарай нығайтуға септігін тигізеді деген сенімдеміз, — деді Алтай Көлгінов.

Одан кейін сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі өңірдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту бағытындағы іс-шаралардың ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. «Бизнес делегация құрамында облыстағы кәсіпорын-ұйымдардың басшылары, ірі кәсіпкерлік өкілдері келіп отыр. Олар металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы салаларында тығыз байланыс орнатуға дайын. Алдағы уақытта іскерлік байланыс орнатып, нәтижелі жұмыстар жасаймыз», — деді  Болат Бақауов. Оның айтуынша, өңіраралық әріптестіктің астары отандық тауарларды сатып алуда, отандық кәсіпкерліктің қызмет көрсетуіне жүгінуде. Тапсырыстарды орналастыру кәсіпорындардың табысын еселейді. Мұның өзі кәсіпорынды сауықтырып қана қоймайды, сонымен бірге күллі еліміздің, өңірлердің экономикасын өрге сүйрейді. Соңғы жылдары индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде   Павлодар облысында машина жасау, металлургия, химия, агроөнеркәсіп салаларында 80-ге жуық жаңа өндіріс орны құрылған. Павлодарлық өндірісшілердің  батысқазақстандық мұнайгаз кәсіпорындарымен әріптестік  байланыс тәжірибелері бар. «KSP Steel» – Қазақстандағы мұнайгаз саласына жіксіз (бесшовный), болат құбырлар шығаратын тұңғыш кәсіпорын. Бұл компания Ресейдегі және еліміздегі мұнайгаз компанияларын өз өнімдерімен қамтуда. «Біздің өнеркәсіптік әлеуетіміздің ауқымы әлдеқайда кең әрі сан түрлі», – деп түйіндеді сөзін Болат Жұмабекұлы.

Қос өңірдің арасындағы әріптестікті дамытуды көздеген жиынға Павлодар өңіріндегі болат құбырлар, болат дайындамалар, кабельдікөткізгіштік өнімдер, жылу сақтайтын материалдар, энергетикалық жабдықтарды жөндейтін кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы саласынан қағаз, май өңдейтін, астық өндіретін, раушан гүлін өсіретін және өзге де компаниялардың өкілдері қатысты.  Сондықтан екіжақты әріптестікті дамытудың өндірістік нұсқалары аз емес. Өңірде пайдалы металл қазбасы мен көмірдің 39, жалпы кең таралған пайдалы қазбалардың  104 кен орны бар. Ресурстық әлеуетті толық пайдалану мақсатында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, жұмыс істеуде. Батыс Қазақстан облысы сияқты бұл өңір де Ресеймен шектеседі. Облыс аумағынан Сібір нарығына шығатын теміржол көліктік дәлізі (Оңтүстік Сібір және Орталық Сібір теміржол магистралі) қалыптасқан. Жалпы өңір басшысының айтуынша, Павлодар облысы Қазақстанның дамыған индустриялық өңірлерінің бірі болып табылады. Дамыған халықаралық және аймақаралық байланыстар, дамыған өндірістік базалар, табиғи ресурстар, көліктік-логистикалық инфрақұрылымның болуы Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын күшейткендей.

Басқосуда павлодарлық тараптан «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры Олег Крук, «KSP Steel» ЖШС-ның директоры Эдуард Креймер өздері басшылық жасайтын кәсіпорындардың тыныстірлігімен таныстырды. Голландтық технологиямен күніне 25 мың дана раушан гүлін өсіріп, еліміздің біздің өңірден өзгесін түгел дерлік қамтып отырған  «Green Нouse KZ» жылыжай кешенінің директоры Айтмағанбет Сәрсенбекұлы бір құшақ гүлін әкеліп, Алтай Сейдірұлына ұсынып, өз өніміне жақсы жарнама жасады.

«Машзавод» машина жасау компанияларының консорциумының операторы «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы оралдық машина жасаушылардың әлеуетімен таныстырып, әріптестерін «ҚПО» нарығына кіру үшін консорциумға мүшелікке шақырды. Сондай-ақ кездесуде «ҚПО»-ның өндірістік қызметі, жобаларды кеңейту келешегі, жергілікті үлесті дамыту шараларын іске асыру мақсатында Павлодар облысының өндірістік кәсіпорындарының «ҚПО»-ның сатып алулар үрдісіне қатысу мүмкіндігі сөз болды. «ҚПО б.в.» компаниясының  бас директоры Ренато Мароли өткен жылы Павлодар облысында болып, бірқатар кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысқанын, өндірілетін труба, кабель және химия өнімдерін көріп-білгенін айтып өтті. Бас директордың айтуынша, бүгінде «ҚПО»-ның деректер базасында 3800-ден астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. 1997 жылы Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге (ОСРП) қол қойылғаннан бергі уақыт ішінде «ҚПО»-ға отандық компаниялармен жеткізілген тауарлардың, көрсетілген қызметтердің жалпы құны 5,5 млрд. АҚШ долларынан асты.

Аймақаралық кооперация шеңберінде өткен кеңестің соңында Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында экономиканың түрлі салаларында  өзара әріптестік туралы меморандумға өңір басшылары Болат Бақауов, Алтай Көлгінов қол қойды.

– Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ жобасын кеңейту жоспарланған. Кәсіпорындарымыздың ішінен «KSP Steel»  компаниясының әлеуеті күшті. Оның өнімдері Ресейге, еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сондықтан компанияның өнімдері кен орнын кеңейту жобасына қатысатын болады. «Казэнергокабель» компаниясының кабель өнімдері Ресейге, ел нарығына шығарылады. Соныман қатар құрылыс материалдары да нарықта сұранысқа ие. Өңір кәсіпорындарының өнімдері қазақстандық үлесті арттыруға үлестерін қосса дейміз, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов журналистерге берген сұхбатында.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, облысымыз бұған дейін Алматы, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарымен әріптестік жөнінде келісім жасаған. «Павлодар облысының делегациясымен кездесудің пайдалы жағы көп. «Зениттехсервис» консорциумы «KSP Steel», «Казэнергокабель»  зауыттарымен әріптестік орнатуға ынталы. Ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар кәсіпорындар өзара байланыс орнатуға ықыласты. Мұндай кездесулер өзара әріптестікті нығайтуға жол ашады», — деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.

Жиыннан кейін өңірге келген павлодарлық меймандар Оралдағы «Орал трансформатор зауыты», «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Стекло сервис» ЖШС-лардың өндірістік нысандарында болып, осы мекеме-кәсіпорындардың жұмыстарымен танысты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген Медет  ДОСЫМОВ


…Адасудан сақтағай

Күні: , 218 рет оқылды

смайл сейтбеков


Әлемдердің Раббысы Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар және Пайғамбарына (с.ғ.с.) салауаттар, оның отбасы мен сахабаларына сәлемдер болғай.


Қазіргі кезде еліміздің барлық аумақтарына тарап, танымал болып қалған «таблиғ жамағаты» деп аталатын топтардың болмысы, олардың ұстанымдарының дұрыс немесе бұрыс екендігі жайлы сұрақтар көп түсуде. Бұл сұрақтарға жауап айтуды бастаудан бұрын түрлі ақпарат құралдарында осы жамағат туралы жарияланған мәліметтермен танысатын болсақ, олардың кейбірінде: «Таблиғ жамағаты» – ислам дінінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, дін үшін көптеген жақсылықтар жасап жүрген жамағат. Көптеген адамдар олардың септігімен дінге бет бұрып, Ислам дінін қабылдады» деп алғыс айтса, сопылармен жұлдыздары теріс кейбір ағымдардың серкелері: «Таблиғ жамағатының» ұста-нымы сопылардың ұстанымына жақын. Сондықтан олар адасқан бидғатшы, тіпті шірк жасайтын азғындаған топ, оларға мүлде жақындауға болмайды»  деп даттайды.

Дегенмен осы қарсылас пікір айтқан жақтардың әрқайсысының дәлел ретінде алға тартқан уәждерін қарастырып көргенімізде, олардың уәждері Құран мен сүннәға емес, өздерінің қалаулары мен жеке көзқарастарына негізделген екендігінің куәсі боламыз. Бірақ пенденің қалауы мен оның жеке көзқарастары үнемі де Құран мен сүннәнің талаптарына сай келе бермейді. Сондықтан біз бұл сұрақтардың жауабын Құран мен сүннәға негіздеп қарастыруымыз қажет. Сондықтан алдымен «Таблиғ жамағаты» деген сөз қайдан шықты, Құран мен сүннәға негізделген бе, жоқ па, оған «таблиғшылардың» өздері қандай дәлелдер келтіреді?» деген мәселеден бастаймыз.

Сөйтіп: «Таблиғ» сөзінің мағынасы жеткізу, хабарландыру, ескерту деген мағыналарды аңғартады. «Таблиғ жамағаты» өздерінің осылайша аталуының себебін «Сахих Әл-Бұхари» кітабындағы Абдулла ибн Омар (р.а.) келтірген хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

«Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер!»  деген сөзімен байланыстырады. Сөйтіп, «Хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «жеткізіңдер», яғни «таблиғ жасаңдар»  деп әмір еткен. Ендеше, Аллаға шақырушы әрбір адам «мүбәллиғ» – «жеткізуші» болып табылады. Міне, осыдан біздің жамағатымыз «таблиғ жамағаты», яғни «аяттарды жеткізушілердің жамағаты»  деп аталады. Бұл атаудың негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерінде бар болғандықтан, бидағат болып саналмайды» деп тұжырымдап уәж айтады. Үстірт қараған адамға «таблиғшылардың» бұл уәждері  орынды сияқты көрінеді, бірақ зерделеп қарағанға оның шикі тұстары бар екендігі мәлім болады.

Хазіреті Абдулла ибн Омардың (р.а.) келтірген хадисі «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «жеткізіңдер» деген сөзі жалпылама айтылып, «жеткізу» қажет екендігін аңғартқанымен, «жалғыз өзі жеткізуі керек пе, әлде жамағат болып па», «қандай тәсілмен жеткізу», «қашан жеткізу», «кімдерге жеткізу» қажет екендігі дәлдеп, таратып айтылмаған. Сондай-ақ хадисте «аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі» туралы ешқандай нұсқау да, тіпті оған сілтеу болатын мағына да келмеген. Сондықтан бұл хадис «Таблиғ жамағаты» сияқты жамағаттың болуына шарғи тұрғыдан дәлел бола алмайды. Ал шарғи дәлел болмаған жерде осындай жамағаттың болуы қажет деп тұжырымдау  шариғат тұрғысынан бидғатқа жол ашу болып табылады.

Хадистегі аса бір мән беретін мәселе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаға: «Саған мұсылмандардың жамағаты мен олардың имамы лазым (яғни мұсылмандар жамағатын іздеп тауып, олардың имамына ілесуің қажет)!»  деп нұсқау берді. Міне, осы үкімге сай шеттен келген адам жергілікті жамағатқа қосылып, оның имамы ұстанған жолын ұстануы уәжіп. Сондықтан шеттен келген адам жергілікті имамның ұстанған жолына қайшылық жасауы дұрыс емес. Егер қайшылық жасаса, бүлік шығарған болып табылады. Бұл қағида «Таблиғ жамағатының» өкілдеріне де қатысты. Егер бұл қағидаға бойсұнбаса, онда олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауларына бойсұнбаған болып табылады.

Шариғат үкімдеріне бойсұнудың және жамағаттың ұстанған жолын ұстанудың уәжіп екендігін мына бір хадис те дәлелдейді, онда Абдуллах ибн Омар (р.а.): «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла Тағаланың тағатынан қолын тартса (Құран мен сүннәнің үкімдеріне бойсұнбаса), онда ақирет күні оның үшін ақталатын ешқандай құжаты болмайды және кімде-кім жамағатқа қарсылық жасап жүріп өмірден өтсе, әлбетте ол адам жахилият өлімімен дүниеден өтеді»  дегенін  есіттім»  деген. 1

Міне, осы келтірілген хадистерде жергілікті жамағат «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылатындығы, сондықтан оның имамының ұстанған жолын ұстану баршаға бірдей уәжіп болатындығы, оған қайшылық жасау пендені жахилиятқа ұшырататындығы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анық нұсқаулар берген. Соған қарамай өздерін білгіш санайтын кейбіреулер жамағаттың немесе жамағат имамының кейбір істеген амалдарын ұнатпай (сүннәға сай емес деп), өз бетімен (жамағаттың немесе жамағат имамының істегенінен басқаша) жол ұстанғылары, сөйтіп, өз ұстанымдарын басқаларға да тыққыштағылары келеді. Сол мақсатта олар мешіт имамдарымен пікірталасқа түседі немесе өздеріне жұрттың назарын аудару үшін, көрсете тұрып қасақана жамағаттың амалдарына қайшы келетін амалдар жасайды.

«Таблиғ жамағаты» да осындай топтардың қатарына жатады. Олар имамдардың қарсылық жасағандарына қарамай өздері дағуатқа барған елді мекендердегі мешіттерге адамдар жинайды, содан мешіттің имамына емес, өздеріне құлақ астыруға тырысады. Сөйтіп, мешіт жамағатымен немесе олардың имамдарымен пікір-таласқа түсіп, кейде текетіреске салынып жатады. Барған елді мекендерінде аралап жүріп дағуат жасайды, олар мұндай дағуаттарын «баян»  немесе «хұтба» деп атайды. «Баян» кезінде адамдарды дағуат тыңдауға жинап, оларды бірнеше топқа бөліп, оның әрбіріне  жетекші  тағайындалады.

Сөйтіп, оларға Фатиха сүресі мен бірнеше қысқа сүрелер үйретіледі. Осылайша, бірнеше күн өткеннен кейін, сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» шығуға міндеттейді. Бұған олар: «Сапарға шығып дағуат жасау, дағуатшының санасын тәрбиелейді. Сендер енді дағуатшысыңдар, адамдарға ненің халал, ненің харам екендігін түсіндіріп берушісіңдер, адамдардың Исламға келуіне жауаптысыңдар»  деп үгіт жүргізеді. Содан әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге бір күн, яки үш күн, жылына 40 күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығуы қажет болады. «Таблиғшылар» мұндай дағуатқа шығуды «хуруж» дейді. Олар өздерінің ойдан шығарған бұл бидғат істерін құптау үшін «Әлі Имран» сүресінің 110-ая-тындағы: «Сендер адамдар үшін (яғни адамдардың арасынан қанша үмбет) шығарылған (болса, сол) үмбеттің ең жақсысы болдыңдар. (Өйткені) сендер Аллаға иман келтіріп, игілікке әмір етесіңдер және мүнкәр істерден тыясыңдар» деген үкімді алға тартып: Міне, аятта «Сендер (адамдарды тура жолға шақыру үшін) әмр мағруф жасайсыңдар, (оларды) мүнкәр (тыйым салынған) істерден бөгейсіңдер»  делінген. Сондықтан біздер дағуатқа шығып адамдарды тура жолға шақыру үшін әмр мағруф жасаймыз және оларды мүнкәр істерден бөгейміз деп уәж айтпақ болады. Бірақ бұл аят олардың бидғаттарын ақтауға дәлел болмайды. Өйткені аятта дәл «таблиғшылар» сияқты бөлек жамағат құру туралы да немесе бір күн, яки үш күн, жылына 40 күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығу қажеттілігі жайлы да ешқандай нұсқау берілмеген. Сондай-ақ дінге дағуат ету, оны елге өз деңгейінде түсіндіре білу кез келген адамның қолынан келе беретін шаруа емес, оған қажетті деңгейде діни сауат керек. Бұл туралы аяттарда да, хадистерде  де нақты нұсқаулар келген.

Бұған қоса олар барған мешіттерін жатақхана ретінде пайдаланып, ішінде ішіп-жеп, бірнеше күн жатып алатындары да бар. Әрине, мешіттерде бірнеше күн жатып алғаннан соң, онда өздерінің кір-қоңын жуып, сосын оларды кептіру үшін жайып қойып мешіттердің сыйқын кетіреді.

Егер біреу олардың мұндай істерінің дұрыс немесе бұрыс екендігі жайлы сұраса, олар: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде сахабалар күндіз де, түнде де мешітте жатып, тіршілік жасай беретін, сондықтан біздің бұл тіршілігіміз сүннетке қайшы емес» деп жауап айтады.

Бұл мәселенің ақиқатын білмейтін адамдар олардың айтқан уәжіне қарсы пікір айта алмайды. Содан олар өз білгендерін істеп жүре береді. Негізінде, олардың мұндай әрекеттері шариғатқа сай емес, мұны «таблиғшылардың» өздері  де  біле  бермейді.

Ал, негізінде, сахабалардың күндіз де, түнде де мешітте жатып, тіршілік жасаған кездері, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Хажжатүл-уадаъ», яғни «Қоштасу қажылығы» деп аталатын қажылығына дейін жалғасқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аталған қажылығынан қайта оралғанынан соң: «Мешіттегі Әбу Бәкрдің (р.а.) есігінен басқа есіктердің барлығы түгел жабылсын» деп әмір еткенінен кейін, мешіттің ішіне қарай шығарылған есіктердің барлығы бітеп тасталды. Содан бастап сахабалар да, олардан басқалар да мешітте түнемейтін, күндіздері жатпайтын, тек намаз оқуға немесе Рамазан айында иғтикафта отыруға келетін болды.

Міне, куәсі болғаныңыздай, «Таблиғ жамағатының» ұстанымында көптеген қателіктер мен бұрмалаушылықтардың бар екені мәлім болды. Ендеше, осындай адасушылыққа ұшырамаудың ең тура әрі сенімді жолы – түрлі күдікті топтарға немесе жамағаттарға ілесуден аулақ болып, ең тура, ең сенімді «Сәуадүл ағзам» жамағатын ұстану. «Сәуадүл ағзам» дегеніміз – «Ең үлкен топ». Бұл жайлы «Сүнән ибн Мажә» кітабында Әнәс бин Маликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Әлбетте, менің үмбетім адасу (қателесу, салғыласу, жолдан таю сияқты істердің) үстінде жиналмайды, сондықтан егер (түрлі топтар пайда болып) ихтилафқа (қайшылықтарға) кездессеңдер, сендерге «Әс-сәуадүл-ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады» деген.

Бұл хадисте екі бірдей үкім бар, оның бірі – Пайғамбарымыз   (с.ғ.с.): «Менің үмбетім адасу (қателесу, салғыласу, жолдан таю сияқты істердің) үстінде жиналмайды» деген үкім. Міне, осы үкімге байланысты қазіргі мұсылман жамағатының (біз де осы қатарда) ұстанған жолы  дұрыс жол болып табылады. Өйткені бұл жол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері қарай жалғасып үзілмей, мұсылман жамағаты ұстанып келе жатқан ұлы жол. Сондықтан мұның тура жол  екендігіне  күмән  жоқ.

Екінші үкім – Пайғамбарымыз    (с.ғ.с.): «Егер (түрлі топтар пайда болып) ихтилафқа кездессеңдер, сендерге «Сәуадүл ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады»  деп нұсқау берді. Бұл – түрлі  топтар пайда болған дәуірлерде, олардың қайсысының жолын ұстану уәжіп екендігін айқындайтын үкім. Яғни түрлі топтар мен жамағаттар пайда болып, олардың арасында ихтилафтар шыққан дәуірлерде мұсылмандарға «Сәуадүл ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады. «Сәуадүл ағзам» сөзінің тілдік мағынасы – басым көпшілік, басқаларға қарағанда  көп санды, аса көп санды жамағат дегенді аңғартады. Ал шариғи мағынасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен бастау алып сахабалардың басым бөлігі ұстанған және олардан кейінгі табиғиндердің де, табиғиндерге ілескендердің де басым көпшілігі ұстанған, сөйтіп, өздерінен кейінгі келген үмбетке қолма-қол өтіп, үзіліссіз жалғасып, мұсылмандардың басым көпшілігі ұстанып келе жатқан «әхлүс сүннә уәл жамаға» деген жолды көрсетеді.

Ендеше, «әхлүс сүннә уәл жамаға» жолын ұстанатын ең көп санды жамағат  «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылады. Демек, мұсылмандарға қай елде өмір сүретіндіктеріне қарамай, өз елдеріндегі ең көп санды жамағаттың  ұстанған жолын ұстанулары уәжіп болады.

Енді «Таблиғ жамағатының» тағы бір уәжін қарастырып көреміз. Олар өздерінің дағуатқа шығуларының қажет екендігіне «Сахих Әл-Бұхари» және «Сахих Мүслим» кітаптарында келген мына бір хадисті де дәлел ретінде алға тартып:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазреті Әлиді (р.а.) Хайбар шайқасына жібере тұрып: «Алла Тағала сенің себебіңнен бір адамды хидаят етуі (тура жолға түсіру), сенің қызыл түсті түйелерің болғанынан абзал-жақсырақ» деген. Сондықтан Алла Тағала біздің себебімізден адамдарды хидаят етуі үшін дағуатқа шығуымыз керек. Үйіңде отыра берсең, «Мені тура жолға дағуат ет» деп, ешкім сені іздеп келмейді. Сол себепті біз өзіміз дағуатқа шығамыз» деп уәж айтады.

Сырттай қарағанға олардың бұл уәжі де жөн сияқты көрінеді, бірақ үңіліп қараған адам ондағы бірқатар қисынсыздықтарды  байқайды:

«Таблиғшылар» келтірген бұл хадис те, олардың жоғарыда уәжге тартқан хадис сияқты «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла Тағала сенің себебіңнен бір адамды хидаят етуі»  деген сөзі жалпылама айтылып, яғни «сенің себебіңнен» дегенде, қандай тәсілмен себепші болуы ашып айтылмаған. Ал дағуатқа жамағат болып шығу қажет  екендігі туралы хадисте мүлде сөз жоқ. Сондықтан бұл хадис те жоғарыда келтірілген хадис сияқты, «Таблиғ жамағатына» ұқ-саған жамағаттың болуына және олардың дағуат қылуы үшін арнайы мезгілдер белгілеп, әр ай сайын үш күн, әр жыл сайын 40 күн және өмірінде төрт ай ел аралап дағуат етулерінің шарт болуына шарғи тұрғыдан дәлел бола алмайды. Олай болса, мұндай жамағаттың болуы және олардың дағуат қылуы үшін арнайы мезгілдер белгілеп, әр ай сайын үш күн, әр жыл сайын 40 күн және өмірінде төрт ай ел аралап дағуат жасауды шарт етулері де  шариғат тұрғысынан бидғат болып саналады.

Міне, осы атап өтілген дәлелдердің өзі «таблиғ жамағатының» ұстанымы мен олардың амал-әрекеттерінде шариғатқа сай келмейтін көптеген олқылықтар бар екендігін көрсетеді. Сондықтан олардан аулақ жүру  адасудан аулақ болу деп тұжырымдауға болады.

Лайым Жаратқанның өзі бізді адасудан  сақтағай,  әмин.

Смайыл СЕЙТБЕКОВ,

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы

1 Хадис «Мүснәд Әхмәд» кітабында келген


60-қа келгенін «білмей» қалған журналист (қаз-қалпында)

Күні: , 240 рет оқылды

DSC_0005


Газеттің жұмысымен Ақ Жайық өңірінің талай жеріне сапарлаппыз. Сонда дейміз-ау, оңтүстік аудандарға жол түссе, Орал мен Атыраудың арасына шірене тартылған күрежолмен Чапаев ауылының тұсынан талай өтеміз. Сол талай өткенімізде Чапаевқа маңайласқанда қарасыншыл түйедей бұл ауылға бұрылғым келіп тұратынын жасырмаймын. Жалғыз мен емес, «Орал өңіріндегі» журналистердің бәрі сөйткісі келіп тұрады екен десем, қателеспеспіз. Қарасыншылайтын себебіміз – Чапаевта  Болат дос тұрады.


Қабағы мен көңілі, елпілдеген мінезі қарасындамасыңа қоймайды. Адам мен адамды қандай күш тартады. Ол анау – қабақ  пен көңіл, мінез бен ілтипат. Осы төрт қасиеттің бәрі де Болаттың бойынан табылады. Көп уақыт көрмей кетсем, Болаттың сол қасиетін өзім сағына бастаймын. Сосын да Чапаевтың тұсынан өтерде тіпті соға алмағанның өзінде телефон шаламын. Болат қатты қуанады. «Қай тұстасыңдар, ал бұрылыңыздар, мен үйдемін» деп сені сөйлетпей, бастырмалата жөнеледі. Асығыс екеніңді, тек амандасып қояйын деп қоңырау шалғаныңды айтсаң, «Қап, сырласып отырамыз ғой деп қуанып қалып едім» деп даусы кәдімгідей қоңыраяды. Болат досқа барғымыз келіп тұратындығымыздың тағы бір сойылдай себебі – жары Дәмелі Батырханқызының жарқын қабағы. Құдай-ау, Жанғали ағамыз айтқандай, сонау «шідерге кіш еткен» отыздардағы кездерімізде Болаттың Чапаевтағы   Республика көшесіндегі №67 құтқанасына тәуліктің мезгілін шатастырып талай баратынбыз. Сонда дейміз-ау, Дәмеш-Дәмелі бір қабағын шытпайды-ау. Соған қарағанда Бөкес мамандық таңдау мен жар таңдаудан еш қателеспеген деп бір қоюымыз керек. Шақырусыз қонақ келсе, қазан-ошағымен, ыдыс-аяғымен, ит-мысығымен «ұрсыса жөнелетін», қала берді күйеуін келген қонағының көзінше мүштитетін келіншектер де бар ғой. Бөкесті біз журналистикадағы «есімізді білген» кезімізден білсек, содан бері ол жоғарыда айтқан №67 үйден өріп, сол үйде жусап келеді ерің.

Ит жылы орыстың мұжығы тұрған ол қоржын там әу-баста тек Болат үшін тұрғызылған ба деп қаласың… Өйткені Бөкеңнің аузынан баспана жайлы мұңын шаққан бір сөз шықпайды-ау, шықпайды. Бүй деп отырғанымыз, Бөкес сияқты аудандық басылымдардың редакторлары баяғыда жаңа баспанаға көшіп алған. Болат та сол баяғыда көшер ме еді, қайтер еді, егер Дәмеш «үй сұра, үй сұра» деп таңның атысы, күннің батысы күйеуінің миын мүжи берсе…

«Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» дегендей, Бөкестің төрінде шәниіп жатып алып, «Осы сен неге үй сұрамайсың?» деп қожайынға кідің-кідің ететінімізді қайтесіз. Осы күні сол қылығымызға ұялатын болдық. Қанағатшыл жан Дәмеш ондайда көп әріге бармай: «Бөкең мықтап сұрамай жүр-ау деймін,  сұраса беретін шығар…»  дер еді, шәйін бұрынғыдан да қоюлата құйып. Пәтер жөніндегі пәтуәмізді Дәмеш тап бір жек көрмейтін сияқты, бірақ тәрбиелі жан отаға-сыдан асып кетпейді, алдына түспейді. Аудандық газеттердің редакторларына қызметтік көліктер беріліп жатады. Әрине, «жылап, емшек сұрағандарына» ғой. Бөкес сол көлігіңе де қызықпайтын шығар. Ана бір жылдары «Жайық таңына» аудандық әкімдік қолданыста болған болса да, күйі жаман емес жеңіл көлік берді. Бөкестен бұрын біз қуандық. Бірақ онымыз ұзаққа бармады. Бөкес әлгіні кері тапсырып жіберіпті. «Неше жылдан бері редакторсың, қашамаңғы жаяу жүресің… Дәмешті артқа отырғызып, өзің алда ызғытып жүрмейсің бе?»  деп Бөкесті мүйіздедік. «Өй, құрысын, бұзыла береді екен. Сосын «Көлігіңді бере тұршы» деп сұрайтындар көбейді. «Сынып тұр» десең, сенбейді, ренжиді» дейді сабазың. Осылайша, Бөкес баспана мен көліктің мәселесін өзінше «шешкен».

* * *

Тайпақта Томпақ деген ауыл бар. Сол жерде 1956 жылы 10 шілдеде Ұлы Отан соғысының ардагері, халық арасында, ел ішінде еңселі азамат атанған, ұлағатты ұстаз, мектеп директоры болған Қосжан Есқалиевтің ақарлы-шақарлы отбасында томпиған бір ұл дүниеге келген ғой. Бүгінгі редактор Болат деп отырғанымыз сол. Томпақта туғанымен, бала Болат ол жерде асыр салып жүре бермепті. Әкесінің қызметіне байланысты Дуананың, Сарыөмірдің суын ішуге тура келген. Сірә, қалқан құлақ сары балаға қағаз бен қаламның шалығы ерте тисе керек, ертеңді-кеш қолынан кітап түспейді екен. Бір айналдырған кәсіп «алмай» қоймайды ғой, газет жұмысына 1979 жылдан басыбайлы ден қойған. Алға озыңқырап барсақ, «Жайық таңында» редактор болып ең «ұзақ» жасап келе жатқан да, тіл аузымыз тасқа, осы Есқалиев. Жұмысқа сол кездегі ау-дандық газеттің редакторы Рафхат Ғалимуллин қабылдапты. Бүгінде 90 жастың өзін төңкеріп қалған Рахаң қылтың-сылтыңы жоқ, жұмысқа, қарым-қатынасқа бек адал, аса мәттақам жан еді дейді білетіндер. «Газет дегеніңе сендей жастар, елгезек, яғни жүгіріп жүретін, жылдам қимылдайтын, мұқият қызметкерлер керек. Қалай, дайынсың ба?» депті Ұлы Отан соғысының ардагері мұның томағасын сыпырарда, аз сөзбен көп нәрсені аңғартып. Кейін Рахаңмен бірге Рамазан Ахметов, Есімғали Меңдіғалиев, Қоңыр Әбдірахманов сынды ағаларынан көп үйренді, соларды арқа тұтып өсті. Бірде редактор Ғалимуллин кезекті бір жиналыста «Сен, Есқалиев, болашағың алда… Айтсам, өз пайдаңа айтамын. Сені партияға өткізуді ұйғарып жүрміз», — дейді. Сол жерде ешкім күтпеген оқыс жайт болады. Орнынан атып тұрған Болат ашық күні жай түсіргендей: «Мен партияға өтуге арыз берген жоқпын», — дейді жұлып алғандай. Қапелімде сасып қалған редактор Рахаң мүдіріп барып: «Е.., ештеңе етпес.., бермесең, бересің де…» — дейді. Болат болса, «Жоқ, бермеймін», — депті төбеден ұрғандай (Мұны біз марқұм, журналист Есім Меңдіғалиевтің «Жылдар мен жолдар» атты естелік кітабынан алдық). Ол кезде қызметкерлер партияға тіленіп жүріп өте алмайтын. Бөкестің осындай турашылдығы талай рет өзіне таяқ болып тигенін айта берсек, көп-ақ.

* * *

Қайсыбір жылы өзіміздің кәсіби, төл мерекемізде Болат туралы қалам тербеуге тура келді. Сонда оның бір қырына тоқталғанбыз. Бір кебісті бір кебіске кигізіп жүрмесе, ішкен асы бойына тарқамайтын өзімізге белгілі бір жан жайлы әңгіме туындап кетті де, Болаттан сол туралы пікірін сұрадық. Әдейі сұрадық, өйткені оның тамаша бір қасиеті – сырттан сөз айтпау. Бөкес иығын көтеріп, екі алақанын жайып, «Ал білмеймін, ал түсінбеймін», — деп құтылды. Жанына жақпайтын әңгімеден ылғи осылай бойын аулақ салады.

Қазақ жеті санын қасиетті санайды. Енді бір секірсе, Бөкең сол жеті санының қасына шеңбер қосып, 70-тің желкесіне жайғасады екен. Соған ырымдап, «Ал білмеймін, ал түсінбеймін», — деп жүріп, «60-қа келіп қалғаным ба?..» — деп аң-таң болып отырған Болатқа жүйемелете (үсті-үстіне дегеніміз ғой) жеті сауал қойдық. Расын айту керек, бұл жолы Бөкең «Ал білмеймін…» — деген жоқ. Қамшы салдырмады. Осы заманғы журналистикада шұғыл сұхбат немесе блиц-интервью деп әспеттеп жүрген тілқағысымыз былай болып шығыпты.

— Бала күннің бал көрінісіндей санаңда мөр болып қалған бір сәтті айтшы…

— Төртінші сыныпты бітіргенмін, жаз кезі. Аулада салынған төсекте ұйықтап жатқан менің көрпем ашылып қалса керек. Әжем Жәмила Сатанқызы (біз мама деуші едік) келіп, қымтап «Қарашығым, балапаным» деп маңдайымнан иіскегенін сездім. Көп балалы үйіміздегі ұл-қыз оның бұрын ешқайсымызға бұлайша еміренгенін естіген емеспіз. «Маңайларыңды таза ұстаңдар. Малды түгендеңдер. Сабақтарыңның бетін аштыңдар ма? Өйтіңдер, бүйтіңдер» деп тыным таптырмайтын мамам қандай жұмсақ кісі… Жұлдызы жамыраған зеңгір көкке қарап осындай ойға шомдым.

— Осы күнгі газеттерімізде қай жанр көрінбей кетті дейсің?

— Очерктер. Әріптестердің мөлдіретіп жазатын очерктерін сағынасың… Уақыт бәрін орнына қоятыны сөзсіз, кемшіліктің орны толар…

— Қатты қуанғаның есіңде ме? Неге? Қалай?

— 2011 жылдың 12 желтоқсаны. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Оралдағы салтанатта «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Журналистика үшін мақтандым.

— Таңертең редакцияңа келе жатқанда қандай ойлар жиі мазалайды?

— «Газетте қандай тақырып көрінбей кетті?».

— Неше әкіммен жұмыстас болдың? Солардың қайсысы ерекше есіңде?

— 1994 жылдан редактор болғалы – алтыншы әкіммен. Абай Сәтиұлы Иманғалиевтің, марқұм ойға байлылығы, байқампаздығы, болашақты пайымдап жүруі керемет еді.

— Журналиске ең алдымен керек қасиетті аташы…

— Көкірек көзінің қалғымауы.

— «Менен осы жөнінде сұраса…»  деп, күтіп жүретін сұрағың бар шығар, егер сондай бір сауал көлденең тартылса…

— Мәселен, «Тірлікте қандай осалдық, ағаттық жіберіп алып жүресіз?» деген сұраққа былай жауап қайтарар едім: әлі күнге біраз нәрсеге «майда-шүйде» деп қараудан, өте сенгіштіктен, яғни теріс ниетін ішіне бүккендерден сақтанбаудан өкінішке қалып жатамын.

* * *

Соңына қайырылып бір қараса, будақ-будақ шаң көрінеді. Құлағына шаңды аспанға үйіріп, дүбірлетіп-күмбірлетіп келе жатқан, тіпті өзінен озып бара жатқан  жастардың күміс үні келеді. Олар осынау «Жайық таңында» томағаларын сыпырған өзінің шәкірттері Әлия Шарапиева, Динара Талғатқызы, Медет Досымов, Нұрбек Ихсандар ғой. «Қанаттарың талмасын, қарақтарым!» дейді Болат іштей күбірлеп!.. Солай дейді де, Дәмеш екеуінің көздерінің ағы мен қарасындай Мая мен Самалға қарата «Сендер де аман жүріңдерші?!» дейді тағысын.

Ал біз де «Жасай бер, «Жайық таңының» жайсаңы!» дейміз Болат досымызға қарата…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


«ҚПО» жаңа кеңсеге көшті

Күні: , 197 рет оқылды

DMS_6169


Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және кешегі өткен Астана күні мерекесі аясында Еуропа мен Азияны жалғап жатқан  еліміздің батыс қақпасы саналатын Орал қаласында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясы бас кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Ғимаратты пайдалануға беру рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, компания қызметкерлерін құттықтады.


– Күні кеше ғана осы ғимараттың тозығы жетіп, қала көшесінің сәнін бұзып тұрған болатын. Мінекей, инвесторларды тартудың нәтижесінде қаламыз тағы бір әсем ғимаратпен толықты. Бұл бас кеңсе аймақтың әлеуметтік экономикалық даму жолында жергілікті басқару органдарымен тығыз қарым-қатынас орната отырып, ел игілігі үшін дұрыс әрі нәтижелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін болады, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Компанияның төрт қабаттан тұратын жаңа ғимаратының жалпы аумағы 3800 шаршы метрді құрайды. Әр бөлме заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.

– Өздеріңізге белгілі, осыдан аз уақыт бұрын «ҚПО»-ның бас кеңсесін Оралға көшіру туралы шешім қабылданған болатын. Ондағы мақсат – облыс  әкімдігімен  екі ортадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, компаниямыздың экономикалық, әлеуметтік жағдайларға қатысты кейбір мәселелердің уақтылы шешілуіне де септігін тигізері сөзсіз. Бұл жерде кен орындарына тікелей қатысы жоқ қызметкерлеріміздің сапалы қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған. Ал кен орындарында жұмыс жасайтын қызметкерлер Ақсай қаласында қалып, жұмыстарын жалғастыра береді, – деді «ҚПО»  компаниясының бас директоры Ренато Мароли.

Салтанатты шараға қатысушылар лента қию рәсімінен соң жөндеуден өткен ғимаратты аралап көрді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ


Облыс әкімі қабылдады

Күні: , 209 рет оқылды

DMS_6568


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов еңбек ардагері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Клара Саржанованы қабылдады. Өңір басшысы  ардагерді мерейлі 80 жасымен құттықтап, облыс мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.


Клара Бақытжанқызы 1961 жылдан Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші xатшысы қызметін атқарған. 1965 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтының аспирантурасын бітірген. Кейін Шыңғырлау, Камен аудандарында мамандығы бойынша еңбек еткен. 1969 жылдан республикалық деңгейдегі зейнеткерлікке шыққанға дейін СОКП Орталық комитеті жанындағы жоғарғы сырттай оқу мектебінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінің партия және кеңес қызметкерлерінің шеберлігін жетілдіру курсының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, көп ұлтты “Ару аналар” ансамблін ұйымдастырды.

* * *

DMS_6653Облыс әкімі Астанада өткен республикалық айтыста бас жүлдемен оралған айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлын қабылдады. Алтай Көлгінов жас ақынның өнерге қосып жүрген үлесін баса айтып, жылы лебізін білдірді.

Бауыржан Ширмединұлы 1992 жылы 30 шілдеде Сырым ауданы Өлеңті ауылында дүниеге келген. Поэзия мен айтыс өнерінде 2012 жылдан бері танымал. Биыл ҚР Мемлекеттік Рәміздері күніне арналған «Менің Рәміздерім – ұлтымның мақтанышы!» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында І орын  алды. Бауыржан – М. Өтемісов атындағы БҚМУ университетінің 80 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының, Ж. Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналған республикалық «Ардақтысы Алаштың» атты ақындар мүшәйрасының жеңімпазы. «Облыс ақыны» атағының иегері қазіргі таңда Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде тілшілік қызмет атқарады. Ғ. Қараш пен Е. Бұйрин атындағы «Тілші болғым келеді…» облыстық сайысының бас жүлдегері, «Жыл үздігі – 2015» БҚО жастар премиясының дипломанты, «Үздік жас тілші», «Тәуелсіздік тірегім!» атты әлеуметтік желілердегі үздік пабликтың жеңімпазы сияқты бірқатар жетістіктері бар. Өткен жылы спорт жаңалықтарын жариялауда «Үздік журналист» атанды.

Осы жылы туристік өлкетану қызметін насихаттаудағы қызметі үшін «Үздік тілші» аталымын алды.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 209 рет оқылды

asantaev


Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Жанболат Ғайнешұлы Иманғалиевтың денсаулығына байланысты жұмыс орнын босату жөніндегі өтініші қабылданып, Жанат Асылханұлы Асантаев конкурстық негізде аталған облыстық басқарманың басшысы болып тағайындалды.


Жанат Асантаев 1970 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы – инженер, екінші мамандығы – заңгер.

Ол Қазақстан Республикасы Көліктік бақылау комитетінің бас маманы, Астана қаласының Соттар әкімшілігінің аға сот орындаушысы, бөлім басшысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Нормативтікқұқықтық актілерді сараптау басқармасының бас маманы, бастығы қызметтерін атқарды. Одан әрі Жанат Асантаев Заң департаменті директорының орынбасары, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының талдау және бақылау бөлімінің басшысы болып істеді.

2014 жылдың шілдесінен бастап ол Батыс Қазақстан облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Галым Орынгалиев (5)Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы Бауыржан Жанпейісұлы Талдықбаевтың басқа қызметке ауысына байланысты Ғалым Ғұбашұлы Орынғалиев конкурстық негізде аталған басқарманың басшысы болып тағайындалды.

Ғалым Ғұбашұлы 1955 жылы туған, білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Камен ауданының (қазіргі Тасқала) Амангелді атындағы совхозда  инженер болып бастаған. Кейін сол ауданда басқарушылық лауазымдарда болған. Аудандық арнайы мамандандырылған  шаруашылық бірлестігінің бас инженері, «Шиповский» совхозы партия комитетінің хатшысы, Ульянов ауылдық округінің әкімі, аудандық коммуналдық кәсіпорындар комбинатының бастығы болып істеді. 2002-2007 жылдары  Орал қаласы әкімінің орынбасары, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы болды.

2007-2012 жылдары Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2016 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары болып істеген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Бас жүлде – Бауыржанда!

Күні: , 226 рет оқылды

DMS_6059


Бейсенбі күні ертемен «Жайық Пресс» ұжымы мен Сырым елінің азаматтары және бір топ айтыс жанашырлары елордамыз Астанада өткен «Жүйелі сөз» атты ақындар айтысының бас жүлдесін иеленіп, үлкен олжамен оралған  айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлын әуежайдан күтіп алды.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Астана күніне арналған «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі аясында ұйымдастырылған айтысқа 16 ақын қатысқан.

Айтыстың бірінші күні Бауыржан Ширмединұлы  ақтөбелік Марат Ахметовпен,  финалда астаналық Аяулым Жұмабекқызымен сөз сайыстырып, басым түседі. Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы тағы бір айналым жасап, Бауыржанды ақтөбелік Ершат Қайболдинмен айтыстырады. Үш айналымда да қарсыластарынан оза шапқан Бауыржан ең жоғары ұпай жинап, айтыстың бас жүлдесін алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды.  Өзін қаумалап күтіп алған жұртшылыққа ризашылығын білдірген жас ақын бірнеше рет талпынып, қол жеткізген жеңісінің оңайлықпен келмегенін айтады.

— Жыл сайын тұрақты түрде өтетін айтысты бұл жолы «Ел» продюсерлік орталығы ұйымдастырды. Бұл бір менің ғана жетістігім емес. Айтысқа жоғары деңгейде  дайындалуыма үлес қосып, бағыт-бағдар берген, айтыстың әліппесін үйреткен айтыскер ақын  Бауыржан Халиоллаға айтар алғысым шексіз. Айтыс додасында көптеген әлеуметтік мәселелер көтерілді. Мен де өз кезегімде ауылдың, елдің жағдайын, көпшілікті алаң көңіл қылған жер мәселесін тілге тиек еттім.  Сондай-ақ тілеуімді тілеп, шығарып салып, қаумалап күтіп алып жатқан әріптестерім – «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы мен Сырым елінің жұртшылығына ризашылығымды білдіремін, — дейді жас ақын.

Жеңімпаз жас ақын, әріптесіміз, “Сырым елі” газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлын құттықтау легі «Жайық Пресс»  медиахолдингінің баспасөз залында жалғасты. Іргелі ұжым алдында айтыстың аламан бәйгесіне қосылған жас ақынның әр қадамына тек сәттілік тілеген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Бауыржанға белгілі ақын-жазушыларымыздың кітаптарымен қоса, ақшалай сыйақы табыс етті.  Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов, «Сырым елі»  газетінің редакторы Махмет Қажиахметов жас ақынға «Өнер жолында толағай табыстарға жетіп, тіл-көзден аман болсын!» деген  ақжарма тілектерін жолдады.  Ақ тілектер ақтарылған әдемі отырыс соңында өнер жанашырлары айтыс додасында бас жүлде алған жас ақынмен естелік суретке түсті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Бигалиевтер отбасы Астанаға барады

Күні: , 249 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (267)


Сейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында “Мерейлі отбасы – 2016” ұлттық байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері салтанатты түрде марапатталды.


Отбасындағы өнегелі құндылықтарды насихаттау арқылы жанұя мәртебесін арттырып, үлгілі отбасыларды халыққа таныстыруды мақсат еткен байқауға аудан-ауыл мен қаладан бірнеше отбасы қатысып, бақ сынады. Салтанатты кешке облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді.

— Біз үлкенге  құрмет, кішіге ізет көрсететін елміз.  «Отан  отбасынан басталады» демекші, отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында өткен байқауға алыс-жақыннан келіп, әр түрлі марапат иесі атанып жатқан отбасыларды шын жүректен  құттықтаймын. Елбасымыздың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі – елдің әл-ауқатын жақсарту. Әр отбасы мемлекеттің қолдауын сезінуі керек. Осы мақсатта елордамыз Астана күні қарсаңында Бөрлі ауданында балабақша ашып, 140 отбасын қуантсақ, облыс орталығында 9 қабатты 72 пәтерлі үйдің кілтін табыстап, 72 отбасыға тағы қуаныш сыйладық. Қоғамдағы отбасының мән-маңызы жоғары. Сондықтан отбасылық құндылықтарымыз нығая берсін! — деп сөзін сабақтаған облыс басшысы мерейі үстем болған отбасыларды құттықтап, барша жанұяға шынайы бақыт тіледі.

Қаламызда және аудандарда іріктеу айналымдарынан өткен үлгілі отбасылар «Еліне еңбегі сіңген отбасы», «Ұлттық дәстүрді ардақтаған отбасы», «Шеберлік сырын ұққан отбасы» сықылды түрлі аталымдармен марапатталды. «Көп балалы отбасы» аталымымен марапатталған сырымдық Италиевтер отбасында бес қыз, үш ұл, олардан тараған 17 немере, төрт  шөбере бар. Дәл осындай марапатқа ие болған сырымдық Қыдырғалиевтер жанұясында төрт қыз, екі ұл, олардан тараған 42 немере мен бір шөбере өсіп келеді.

Отбасы құндылығын дәріптеген байқауға қатысқан жанұялардың осалы жоқ. Әрқайсысы ұл-қыз өсіріп,  отбасы бірлігі мен ынтымағын сақтай отырып, қоғамға да өз үлесін қосып жүрген жандар. Сахнаға үрім-бұтағымен көтеріліп, сыйқұрметке ие болған отбасылар жанұя жарасымын паш етті. Әсіресе, кішкентай сәбилерін көтеріп шыққан аналар көрермен ықыласына бөленді.  Отбасылық құндылықтарды дәріптеген байқау қорытындысында үшінші орынды қаратөбелік Қауеновтер отбасы, екінші орынды Орал қаласынан Жұбаниязовтар отбасы иеленді.

Ал «Мерейлі отбасы – 2016» ұлттық байқауынан бірінші орын Қазталов ауданынан қатысқан Бигалиевтер отбасына бұйырды. Байқаудың жеңімпаз отбасыларын арнайы құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов Бигалиевтер отбасына отандық шипажайға жолдаманы табыс етті.

Бигалиевтер отбасы – өнер мен кәсіпкерлікті ұштастырып жүрген жанұя. Отағасы Марат пен отанасы Нұржамал үш ұл, үш қыз өсірген. Өнегелі отбасы өнермен қоса, шаруа қожалығын бірге алып келеді. Бигалиевтер отбасы – облысымыздағы отбасылық ансамбльдердің бірі. 1986 жылы құрылған ансамбль 2016 жылы халықтық ансамбль деген атқа ие болды.  Сүттей ұйыған татулық пен адал еңбектің арқасында алға өрлеп келе жатқан отбасы мұқтаж жандарға қолұшын беріп, қайырымдылықпен айналысады.

Байқаудың жеңімпазы атанған Бигалиевтер отбасы қыркүйек айында елордамыз Астана қаласында өтетін «Мерейлі отбасы – 2016» байқауының гранд-финалында өңіріміздің атынан сынға түспек.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика