Мұрағат: 05.07.2016


Экономика мен әлеуметтік мәселелерге баса мән беріледі

Күні: , 207 рет оқылды

DMS_4888


Кеше облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Бұл жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы және 2020 жылға дейінгі облыс дамуының негізгі бағыттары жөнінде есеп берді.


Өңір басшысының айтуынша, Қазақстанның «батыс қақпасы» саналатын аймағымыздың республикадағы орны ерекше. Қазіргі кезеңдегі әлемдік өзгерістерді ескеріп, облыс дамуының басым бағыттарын анықтау қажет. Яғни өңірдің инвестицияларға қолайлы, аймақаралық әріптестікке ыңғайлы дамуының негізгі салаларына көңіл бөлінеді.

– Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасының 2016 жылғы I жартыжылдықтағы жүзеге асырылу қорытындыларына арналған кеңесте «Біздің қызметіміздің басты мақсаты – халықты лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ете алатын жемісті түрдегі жұмыспен қамту ісі» деп айрықша атап өтті. Бұл мақсатқа біз жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу, қолайлы еңбекке жағдай жасау, әрбір жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау арқылы жете аламыз.

Алдын ала мәлімет бойынша биылғы жартыжылдықтағы өндірістік өнімнің көлемі өткен жылғы тиісті кезеңнен 5,6 пайызға төмен болып, 534 млрд. теңгені құрады. Көрсеткіштің төмендеуіне жаһандық экономикалық жағдай әсер етті, яғни табиғи газ өндіру 13,4, газ конденсаты  13,6, мұнай 2,4 пайызға төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 13,2 пайызға өсім бар. Ол мұнай, металлургия, химия, құрылыс материалдары мен машина жасау салаларындағы өндіріс көлемінің артуына байланысты. Аудандар арасында өсім көрсеткішін облыс орталығы (70%), Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандары (26%) қамтамасыз етуде. Негізгі капиталға 126,1 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен 38,6%-ға көп. Шағын және орта бизнестің де қосып отырған үлесі зор. Мұнда қазір 105 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған 46 мың субъект тіркелген. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 3 мыңнан артық жан жұмысқа тұрды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Нұрлы жол» сынды  мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына үлкен демеу болуда. Мәселен, бір  ғана индустриаландыру картасы аясында облыста жалпы сомасы 330 млрд. теңгені құрайтын, 2300 жұмыс орнын ашуды көздейтін 42 жоба іске асуда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде тұрғындар 920 млн. теңге көлемінде шағын несие алды, — деді Алтай Сейдірұлы.

Одан кейін облыс басшысы бүгінгі жағдайға талдау жасай отырып, өңірдің алдағы даму барысына кеңінен тоқталды. Әкімнің сөзіне қарағанда, қазіргідей мұнай бағасы төмендеген уақытта экономиканың өсім қалыптастыратын жаңа жолдар іздеу керек. Соған орай облыстың  әлеуетін ескере отырып, экономиканың түрлі саласының даму, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мұнай химиясы саласындағы машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, кеме индустриясы, шағын және орта бизнес, көлік-логистика салаларына басымдық берілетін болады. Бұған облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы  да  оң  ықпал  етпек.

– Машина  жасау мен  мұнай химия салаларының дамуына облыс аумағында Қарашығанақ, Шынар (Чинарев) кеніштерінің орналасуы, Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы, «Зенит» зауыты, «КазАрмапром», «Оралагрореммаш», «Орал трасформатор зауыты», «Гидроприбор», «Орал механикалық зауыты» сынды өндіріс орындарының жұмыс істеуі толық мүмкіндік береді. Осы жерде айта кету керек, өңіріміз Атырау, Маңғыстау облыстарымен бірге Ұлттық деңгейдегі мұнай кластеріне кіруі де оң ықпалын тигізбек.

Келесі басым бағыттың бірі – экспортқа бағытталған агроөндірістік кешен. Батыс Қазақстан облысы – агроиндустриалды өңір.

Аталған сала бойынша сапалы өнімдер шығаруға барлық мүмкіндігіміз бар. Қазір біз, өкінішке орай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көп бөлігін импорттап келеміз. Оның көлемі бүгінде 40%-ды құрайды. Сондықтан бірінші кезекте алдымызда тұрған міндет – импорттың орнын алмастыру. Өңірімізде ет және ет өнімдері, сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөністерді өңдеудің түрлі мүмкіндіктері бар. Екінші кезеңінде өнімдерді экспорттауға бағытталу қажет. Бұл жерде кластер құрудағы бағыттар бойынша өнімнің шығынын барынша азайту жағын ойластыру керек. Биыл көктемгі егіс жұмыстары уақтылы жүргізілді. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жердің көлемі ағымдағы жылы 464 мың гектарды құрады. Соңғы кездегі ауа райы мен климаттық жағдай егістік жұмыстарына кері әсерін тигізіп отыр. Әрине, біз климатты өзгерте алмаспыз, бірақ қандай ауа райы болмасын, оған бейімделе білуіміз керек. Алдымен егін шаруашылығындағы басым бағыттарды айқындап алу, содан кейін біртіндеп ылғалдандыру технологияларын, астықтың жаңа сорттарын пайдалануды, тамшылатып суаруды ендіре отырып, климатымызға бейімделуіміз қажет. Сонымен қатар бізге тиісті инфрақұрылымды дамытып, жерді суландыру жүйесін құру қажет.  Сол себепті алдағы уақытта егістікті әртараптандыру, яғни күздік бидай мен майлы дәнді-дақылдардың үлесін көбейту жұмыстары жалғасады. Мал шаруашылығының қажеттілігі үшін жем-шөп өнімдерінің көлемі де ұлғаятын болады.  Егін шаруашылығындағы алқаптардың көлемін алдағы уақытта 617 мың гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Халықты қысқы мерзімде көкөніспен қамтамасыз етуде аса маңызды жылыжайлар мен көкөніс сақтайтын қоймалар салу бойынша жобаларды іске асыру жалғасады, – деген облыс басшысы құрылыс индустриясы, шағын және орта кә-сіпкерлік, көлік-логистикалық жүйе салаларын және облыс орталығын дамыту, инвестиция мен халықаралық байланысты жетілдіру бағытындағы   іс-шараларға  да  тоқталды.

Алдағы уақытта экономикалық ахуалды оңалтумен қатар әлеуметтік мәселелерге де жете мән берілетін болады. Соның бірі – білім беру саласы. Қазіргі уақытта әкімдік мектептердің заманауи интерактивті құрал-жабдықпен қамтылуына баса назар аударып отыр. «BilimMediaGroup» компаниясымен бірлесіп ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде өңірдегі 100 мектептің электронды оқу жүйесі енуіне мүмкіндік туғызылмақ. Аталмыш жүйеге қосылатын мектептер саны жыл өткен сайын көбейе бермекші. Бұл жүйе заман талабы әрі оның пайдасы көп. Мәселен, мектептерде лабораториялық жұмыстар жүргізу үшін арнайы класс керек, кейде қаражатқа байланысты білім ұяларында ол бола бермейді. Ал сандық электронды лабораторияның мүмкіндігі бөлек әрі қолжетімді. Ол баланың ғылыми ұғымдар мен құбылыстарды түсінуіне көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, интерактивті сабақтар баланың жаңа талапқа сай білім алуына көмектеседі. Ендігі мәселе мұғалімде, яғни бүгінгі күннің баласының, нақтылап айтқанда, «сандық дәуірдің перзентінің» сұраныстарына сай мұғалім болу керек. Қазір «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы аясында Бөрлі ауданында балабақша, Орал қаласында жастар мен оқушылар сарайы, Ақсай қаласы мен Аралтал ауылдарында үйлер, Ақсайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Орал қаласында көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1500 жұмыс орнын ашу мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қосымша 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінуде. Биылғы екінші жартыжылдықта 177 нысан жаңармақшы. Сонымен бірге 76 әлеуметтік нысанды жөндеп, абаттандыру көзделуде, оның 38-і – білім, 19-ы – мәдениет, 11-і – әлеуметтік қамту, 8-і – спорт нысаны.

– Баяндамамда алдағы уақыттағы облыс дамуының негізгі бағыттарын атап өттім. Әрине, уақыт өте келе бағдарларымыздың жүзеге асыру тәсілдерін және механизмдерін жетілдіріп отырамыз. Атқарылатын бұл жұмыстар мемлекеттік органдардың, коммуналдық ұйымдардың, әр түрлі деңгейдегі депутаттардың, қоғамдық кеңес мүшелерінің және облысымызға жаны ашитын барша азаматтың ортақ еңбегі арқылы жүзеге асады. Сол себепті бәріміз бірігіп, алдағы мақсат-міндеттерді ойдағыдай орындаймыз деп сенемін, – деп сөзін қорытындылады Алтай Көлгінов.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Мұрат СДЫҚОВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық тарихи және археология орталығының директоры:

– Өңір басшысының бүгінгі баяндамасында облыс орталығын дамытуға мән берілетіні айтылды. Оралды дамытуда оның тарихы мен тарихи келбеті де назарда болса екен деймін. Өздеріңіз білесіздер, келесі жылы Алаш орданың құрылғанына 100 жыл толмақ. 1905 жылы Оралда қазақ зиялыларының І сиезі өтті. Орал қаласын дамытуда ұлт тарихына қатысты осындай жайттар ескерілсе екен деймін. Яғни жаңадан ашылатын алаң, саябақ, көшелерге Алаштың, ұлт зиялыларының есімдерін берсек. Сондай-ақ Жайық қалашығының жанынан өңіріміздегі тарихи әсем жерлер туралы жан-жақты мәлімет беретін «Ақ Жайықтың алтын алқасы» деген кешен ашу туралы ұсыныс айтқым келеді. Бұл  туризмнің  дамуына  ықпал  етер  еді.

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Сіздің ұсыныстарыңызды біз қабылдаймыз. Орал қаласын дамытуда оның тарихи келбеті ескерілетін болады. Қазірдің өзінде тиісті шаралар алынуда. Жайық қалашығына келсек, қазіргі уақытта оны дамытуға мүмкіндігіміз болмай отыр. Бірақ аталған жобаларды жүзеге асыруға бар  мүмкіндікті  қарастыратын  боламыз.

Бақытжан ҚОСПАЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Ақжайық агротехникалық колледждің директоры:

– Алтай Сейдірұлы, сіз баяндамаңызда өңіріміздегі суландыру жүйелерін қалпына келтіру жөнінде айттыңыз. Тайпақтағы көлтабандар жүйесі бұл жобаға  кіре  ме?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Алдағы уақытта Ақжайық ауданында «Азынабай – Тайпақ» суару жүйесін, «Солянка – Азынабай – Тайпақ» каналын қалпына келтіру жоспарда бар. Соның арқасында 145 мың гектар жердің сулануына мүмкіндік туады. Ол өз кезегінде мал шаруашылығының дамуына жағдай жасайды. Тайпақтағы су жайылмаларына (лимандарға) байланысты аудан әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жүруде. Бүгінде лимандар теңгерімге алынды. Сол айналадағы шаруа қожалықтармен бірлесіп, оларды тазалау, суландыру бағытында жұмыстар жүруде.

Залдан  қойылған  сұрақ:

– Қазіргі уақытта қалада жол жөндеу жұмыстары кең көлемде жүруде. Жол жөндеп жатқан кейбір кәсіпорындардың бұл бағыттағы жұмыстары жөнді ұйымдастырылмаған сияқты. Екі айдан соң күз келеді, жауын-шашын жиілейді, жолды жөндеп үлгере алмай қалатын сияқты. Екіншісі, Шалқар көліне қатысты. Оны туризм аймағы ретінде дамыту  бағытында  қандай  жоспарларыңыз  бар?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Кей уақыттарда жол жөндеудегі олқы тұстарға қатысты жайттарға өзім де куә болып жүрмін. Соған орай мердігер компания басшыларына күннің ысуына орай жұмысты таңғы сағат 7-де бастап, ыссылық қайтқан соң ымырт үйірілгенше жалғастыру туралы ұсыныс жасадық. Бірақ оны түсінетіндер де бар, түсінбейтіндер де бар, адамдар әр түрлі ғой. Соған қарамастан олармен жұмыс жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары өз мерзімінде аяқталатын болады. Ал екінші сұрағыңызға қатысты айтсам, өңіріміздегі туризмді дамытатын басым бағыттың бірі – бұл Шалқар. Оған қазір жол тартылды. Егер кәсіпкерлердің бұл бағытта жобалары болса,  біз  әрқашан да  қолдауға  дайынбыз.


Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты

Күні: , 171 рет оқылды

f674d821f80a86a0766a7a6a3063352f


Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы мемлекеттік Туды көтеру рәсімі аясында еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Қазақстан Президентінің қолынан 12 түлек – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері шен алды.


Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнаған сөзінде мемлекеттік Ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті.

– Бұл – тәуелсіздігінің 25 жылдығын биыл тойлайтын еліміздің асқақ рәмізі. Біз егемен Қазақстанды осы көк Ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды. Бұл –  еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс біздің Туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты.

– Бүгін біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті мемлекеттік Ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатынына назар аударды.

– Биыл біз Астананың 18 жылдығын – кәмелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл – биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Астана құлпырған үстіне құлпырып, қарыштап өсуде. Бұл қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев елорданың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін айтты.

– Бүгін ертеңгісін Мұхамедияровтар отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Сәбидің анасы – балабақша тәрбиешісі, әкесі – электрмонтер. Енді біздің елорда миллион тұрғыны бар қалалар қатарына енді, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын алдағы Астана күнімен құттықтап, ырыс-ынтымақ пен бақ-береке тіледі.

http://www.akorda.kz


Қымызы тіл үйіреді

Күні: , 187 рет оқылды

д-253-2


– Бұл – Жетіжылдық деген Әділжан Ғабдошевтың қонысы. Ағасы Әбілқайыр екеуі мың гектардан астам жер алып, «Атырау» шаруа қожалығын құрған еді, қазір үйірлі жылқысы, бір табын сиыры мен отар қойы бар, — деген Т. Масин ауылдық округі әкімінің сөзін бөліп:

– Олар, не, Атыраудан көшіп келген бе? — дедік.


– Жоға, тәйірі, — деді күліп Мендібай Қитанұлы. – Бөрлінің байырғы тұрғындары. Әкесі Атырау орта мектепте жұмысшы болды. Сонау бір жылдары оқушылардың өндірістік бригадасын басқарып, осы араға бау-бақша отырғызғаны бар.

–  Ә, бәсе, — деп әңгімеге араласты бөрлілік танымал азамат Исатай Сейсенғалиев. – Әділжанның үйі мен құдығының арасы біраз жер. Соған қарамастан, жер қазып, өрге қарай сорғы тартып, мотормен үйіне су айдайтын жасап алды. Жеміс ағаштарымен қоса, көкөніс түрлерін егіп, уақтылы суарып, отбасына жетерлік өнім түсіріп отыр.

Айтылғандардың растығына кешікпей көзіміз жетті. Аман-саулықтан соң, «Қош келдіңіздер!» айтқан үй иесі іргедегі бақшаға көз жүгіртіп тұрған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С. Хайроллинге пісіп қалған қиярлардың бірін жұлып алып, ұсынды.

– Тіске басардың қажеті жоқ. Қымыз болмаса, — деген Сүйінбек Жексенбайұлының әзіліне де:

– Үйге кіріңіздер. Бәрі де бола-ды, — деп жауап қатты.

Иә, олар бие де байлаған екен. Бітеу қорада 5-6, ашық аулада 3-4 бие тұр. Жаңадан үйретіліп жатқандарын алдыңғы аяқтарын байлап, тізерлетіп қойыпты. Қымыздары дәмді, тіл үйіреді. Әділжанның зайыбы Гүлнұр да қонақжайлылық танытып жатыр.

Ғабдошевтар өздерінен ауысқан қымызды Орал қаласындағы апа-жездесіне жібереді екен. Апта сайын округ орталығынан қатынайтын автокөлікпен әр жолы 3-4 құты (канистра) жөнелтетін көрінеді. Емдік қасиетімен көпке танылған осы сусын ауылда өңделіп, аудан тұрғындары қажетіне жаратылса ғой, шіркін?! Әлде кеңестік дәуірде сыраға бой алдырғандардың ұрпақтары ұлттық сусынға әуес емес пе?! Оны дайындаудың технологиясын білетіндер де азайып бара жатқандай.

Міне, «Атырау» шаруа қожалығынан біз осындай оймен аттандық. Ұлттық тағамдарымызды әзірлей алмау – ұлттық тәрбиенің кемдігі ғой. Сіз мұнымен келісесіз бе, оқырман? Қымыз ішуге қалайсыз?

Каримолла ҒАЙСИН,

Бөкей ордасы ауданы


«Клара, саған кемпір болуға әлі ерте…»

Күні: , 203 рет оқылды

клара


Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Өйткені мен бұл өмірде нені арман етсем, соның бәріне қол жеткіздім, –  деп бастады бізбен әңгімесін кешегі белсенді комсомол, бүгінде әжелер ауылына дендеп енген Клара әжеміз.


– Мен бүгінгідей жетістікке, отбасылық бақытқа тек адал еңбек пен төзімділіктің арқасында ғана жеттім. Әкем Бақтығали Уәлиев өмір бойы партия қызметінде болды. Ол кісі  басшылық қызметте болғандықтан,  қызмет бабына қарай жиі қоныс аударып тұрдық және үйге қонақ көп келетін. Бұл менің мінезімнің ашық болуына, белсенді болуыма мықты ықпал етті. Қазталов ауданында дүниеге келгеніммен, менің балалық шағым Жаңақала ауданында өтті. 1954 жылы осы ауданның орта мектебін бітіріп, Алматыдағы зооветеринарлық институтқа оқуға түстім. Оны бітірген соң Фурманов аудандық комсомол комитетінің хатшылығы қызметінде болдым. Кейінірек Алматыдағы зооветеринарлық институттың аспирантурасында білімімді жалғастырдым. Сол кездері «престижный» саналған ВЛКСМ Орталық комитетінің мектебінде, Орталық комитеттің жоғары партия мектебінде де оқыдым. Қысқасы, бүкіл саналы ғұмырымды комсомол, партия қызметіне арнадым. Ол кездегі комсомол, партия қызметкерлерінің беделі қандай еді! — деген Клара Бақтығалиқызы  барған сайын алыстап бара жатқан жастық шағын сағына еске алды.

– 1962 жылы мен Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде едім.  Сол жылы Мәскеудегі Сиездер сарайында өтетін 14-сиезге  облыстан жеті делегатты бастап алып бару маған жүктелді. Сиез жұмысы аяқталған соң ұйымдастырушылар қонақтарға Мәскеу қаласын аралатып, Кеңес Одағының белгілі тұлғаларымен кездестірді. Ол кезде жеті қат көкке тұңғыш рет сапар шегіп,  адамзаттан ғарышқа алғаш жол салған Юрий Гагариннің  атағы жер жарып тұрған болатын. Сиез қатысушыларына сондай атақты кісілермен кездесу бақыты бұйырды. Бір топ жалынды жас Гагаринмен кездесіп, оның  қолынан автограф алдық, ғарышкермен бірге суретке түстік. Айтпақшы, 14-сиезге Қазақстаннан барған делегаттар арасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қызметте болғаны есімде жоқ, әйтеуір, оның да белсенді комсомол, партия қызметкері ретінде сол сиезге қатысқаны анық, – деген Клара Бақтығалиқызы маған тұңғыш ғарышкермен және болашақ Мемлекет басшысымен бірге түскен суретін көрсетті.

– Бұл – менің Нұрсұлтан Назарбаевпен екінші рет кездесуім. Ол кісімен бұдан бұрын БЛКЖО Орталық комитетінің мектебінде, Орталық комитеттің жоғары партия мектебінде оқығанда кездескенмін. Сол кездің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының көшбасшылық қабілеті көзге ұрып тұратын, сөзге шешен еді. Бұдан кейін Елбасымен тура 53 жылдан кейін, Оралға іссапармен келгенінде кездестім, – дейді Клара апа әңгімесін  одан  әрі  жалғастырып.

– Елбасының алдында «Ару аналар» ансамблі өнер көрсетті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы мені бірден танып, «Клара, саған кемпір болуға әлі ерте» деді. Үстімде камзол, басымда кимешек болған соң, оған кәдімгі кинодағы кемпірлер секілді көрінген болуым керек. Қапелімде аузыма сөз түспей, күле беріппін. Бір кездегі белсенді, қолды-аяққа тұрмайтын комсомол қызды Нұрсұлтан Әбішұлы  «кемпірлікке» қимады-ау деймін, шамасы, — дейді күліп Клара Бақтығалиқызы.

Клара апа өзінің ұлттық киім киіп, қазақы салт-дәстүрді насихаттауға бет бұрғанын өмірлік жан жары болған Дабыл Саржановпен тығыз байланыстырады.

– Мен Маңғыстау облысының келінімін. Партия қызметкерінің орысшалау тәрбиеленген қызына қазақы дәстүрді қатаң ұстанатын отбасына келін болу оңайға түскен жоқ. Оның үстіне енем өте қатал кісі болды, осы күні сол қаталдығы үшін оған риза боламын. Өйткені сол кісінің нұсқауымен, тіпті әмірімен деп те айтуға болады, мен қазақтың салт-дәстүрінің  барлығын, оның ішінде келіннің міндеті бар, тамақты қалай пісіру, артық азық-түлікті сақтау, туған-туыспен қарым-қатынас жасау, алыс-беріс мәселесі, бәрін-бәрін  үйрендім. Біздің үйдегі отағасының да мінезі ауыр болды. Үйдің тазалығын, қонақ қарсылауды, олармен қалай сөйлесу керек, бәрін-бәрін назарында ұстап, маған қатаң талап қойып отыратын. Өзім комсомол қызметінде болғандықтан, мен, әрине, ешкімнен сөз сұрамаймын, бірақ ол маған жұртпен «комсомолша» емес, кәдімгі адамдарша қарым-қатынас жасауды талап ететін. Өзім 27 жасқа келіп, тұрмыс құрып едім. Әкемнің үйінде жүргенде оқу, жұмыс, карьера деп көп нәрсеге назар аудармаппын. Сөйтсем, отбасын құрып, бала-шағалы болу, біреудің жұбайы, келіні болу дегеннің өзі де үлкен бір өнер  екен ғой.  Өз дегенін жасайтын, өр мінезді күйеуім қандай қатал болса да, мен оны шын жүрегіммен жақсы көрдім, содан да шығар, оның айтқанын бұлжытпай орындап, жақсы келін болуға тырыстым.  Күйеу баласын менің әкем де жақсы көріп, құрмет тұтты. Дабыл екеуміз үйге кіріп келгенде, «Менің «Айқай Адайым» келіп қапты ғой» деп бірінші Дабылды құшақтайтын. Екеуі бір-бірін қатты сыйлап өтті. Меніңше, нағыз ер-азамат менің Дабылымдай болуы керек. Өз әке-шешемнен оқуды, елге қызмет етуді үйренсем, қайын жұртым маған тума-туыс, ағайынмен қалай қарым-қатынас жасауды, бала тәрбиесін үйретті. Екі жақтың қамқорлығының арқасында осы күнге жеттім, – дейді Клара Бақтығалиқызы.

Жаратылысынан қуатты жан жасы сексенге келсе де, сол баяғы комсомол күніндегідей халыққа қызмет етуін әлі күнге дейін жалғастыруда. Ол жетекшілік ететін «Ару аналар» ансамблі бүгінде облыс көлеміндегі барлық шараларға қатысып, халық шығармашылығын белсенді насихаттауда. Достықты пен ынтымақтастықты,  татулықты насихаттап жүрген Клара бастаған әжелер тобының жұмысы өзгелерге  үлгі  болғандай-ақ.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Ұлттық брендті қалай қалыптастырамыз?

Күні: , 259 рет оқылды

IMG_5253


Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының мәжіліс залында «Ұлы дала елі» брендін қалыптастыру және оны насихаттау бағытында пікірсайыс турнирі өтті.


«Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының ұйымдастырумен  өткен «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға бағытталған шараға жоғары оқу орындарының студенттері, облыстық және республикалық пікірсайыс турнирлерінің жеңімпаздары Сәнді Бекетаева, Оралхан Қажкенов, Ернар Абзалов  және Сәбит Махамбетов қатысты.

Турнирге қатысушылар «Ұлы дала елі» брендін қалай қалыптастыру керек, нақты жолдары мен шешімдері туралы тұшымды ойларын ортаға салды. Жастардың айтуынша, келер жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай миллиондаған саяхатшыларға қазақ елін кеңінен таныстыру үшін «Ұлы дала елі» брендін насихаттау бүгіннен бастап кеңінен қолға алынуы тиіс. Сондай-ақ бұл атау Ұлыбританияны «Тұманды Альбион», Қытайды «Аспан асты елі», Жапонияны «Күншығыс елі» деп атайтындығы секілді Отанымызды әлемге танымал етудің ең тиімді жолдарының бірі болмақ. Аталмыш брендті насихаттауда отандық өнімдердің саны мен сапасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тарихи мұраларды әлемге таныту, туризм ісін жандандыру, танымал тұлғалардың имиджін көтеру секілді бірқатар жұмыстарды алдын ала жүйелеу қажет. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 87-қадамында ұлттық жобаларды жүзеге асыру қажеттігі көрсетілгендей, «Ұлы дала елі» брендімен түрлі киімдер шығару туралы ойлар да қызу талқыға салынды. Жастардың пікірінше, еліміздің мақтанышына айналған спортшылар Геннадий Головкин, Илья Ильин, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов,  әнші Роза Рымбаева секілді танымал тұлғалардың есімдері қазақ ұлтын әлемге айшықтайтын әдемі брендтің қалыптасуына сұранып-ақ тұр. «Ол үшін  шетелдік БАҚ-тың тәжірибесіне сүйену артық етпейді» деп атап өтті пікірсайысқа қатысушылар.

Жарыс соңында пікірсайыстың төрешісі болған Саялбек Ғиззатов ойынның жоғары дәрежеде өткенін айтып, қатысушыларға естелік сыйлықтар тарту етті.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Қош келдің, Астананың миллионыншы тұрғыны!

Күні: , 172 рет оқылды

5ff7d07de1594710a4336912f1daf90d


«Шілденің үшінен төртіне қараған түні Астана қаласының миллионыншы тұрғыны жарық дүниеге көрінді. Тура сағат түнгі бірде Елордадағы №1 перинаталдық орталықта қыз бала өмір есігін ашты» деген ақпарат таратты кеше khabar.kz. Сәби-періштенің әкесі Олжас Мұхамедияр «Астана-РЭК» мекемесінде электрмонтер болып еңбек етеді, ал анасы Арайлым Мұхамедияр декреттік демалысқа шыққанша Елордадағы №9 «Нұршашу» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет істеген. Астананың миллионыншы тұрғыны – олардың тұңғыш перзенті көрінеді.


Астана қаласының әкімі Әсет Есекешев балбөбектің әке-шешесін сәбилерінің өмірге келуімен құттықтап, пәтер кілтін табыс етті. Ата-аналарымен тұратын жас жұбайларға жаңа баспана тосынсый болғаны кәміл.

Еліміздің бас қаласы мәртебесіне ие болғалы Астанада туу көрсеткіші екі есе артып, ал ана мен бала өлімі бес еседен аса төмендеген. Жалпы, күн сайын Елордада 75-80 сәби өмірге келеді екен. Егер былтыр жыл бойына Астанада 26110 бөбек өмір есігін ашса, ал биылғы алғашқы алты айлықта 13740 ұл мен қыз жарық дүниеге көрінген.

Бас шаһарымыздағы барлық перинаталдық орталықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Ана мен сәби қауіпсіздігі» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.

Сонымен, Астананың миллионыншы тұрғынына «Мына жарқын өмір, жарық дүниеге қош келдің!» дейміз.


С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды

Күні: , 205 рет оқылды

Гайса1


Сенбі күні халықаралық спорт журналистері күні мерекесіне орай елордада БАҚ өкілдеріне спорт журналисі, публицист және қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық табыс етілді.


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын спорт журналистері арасында үздіктерді анықтап, журналист, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан спорт журналистикасының жарқын өкілі Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлдені табыстап келеді.

2 шілде күні Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан өткен республикалық турнир аясында «Жыл журналисі – 2015» сыйлығын табыс ету рәсімі өтті. Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов және спорт саласындағы қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдері қатысып, үздіктерге сыйлықтарды тапсырды. «Үздік жарияланым үшін» аталымы бойынша «Жайық Пресс» ЖШС бас  директорының шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары, халықаралық “ҚазАқпарат” агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі Ғайсағали Сейтақ марапатталды. Сондай-ақ «Үздік телевизиялық репортаж» аталымы бойынша «Хабар» телеарнасының спорт журналисі Қанат Базылхан, «Үздік фотожұмыстан» фототілші Алексей Филиппов үздік шықты.

Айта кетейік, дәстүрлі шағын футбол турниріне барлығы 19 команда қатысып, бақ сынады. Солардың арасынан үздік өнер көрсеткен «Хабар» телеарнасының командасы чемпион атанды. Алматы құрама командасы күміс, Оңтүстік Қазақстан облысының журналистері үшінші орынды иеленді. Ал “ҚазАқпарат” командасы төртінші орынға табан тіреді.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика