Мұрағат: 02.07.2016


Еліміз үшін маңызды жоба іске қосылды

Күні: , 210 рет оқылды

c7151cdeb2e0e832672ce6433160900e


Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өтті. Телекөпір форматындағы кеңес барысында индустрияландыру бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланды.


Сондай-ақ екінші бесжылдық бағдарламасы бойынша бірқатар жаңа жобалар іске қосылды. Олар: Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы «R.W.S. Wheelset» ЖШС (теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын зауыт) мен «GreenhouseKZ» ЖШС (голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешені), Алматы қаласындағы «Эфко Алматы» ЖШС (май өнімдерін шығару кешені), Астана қаласындағы «Ipek Kagit Central Asia» (санитарлық-гигиеналық және тұрмысқа қажет қағаз өнімдерін өндіру зауыты), «Петропавл трактор зауыты» ЖШС, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Майлыошақ ауылындағы «Lotus Food Company LLC» ЖШС (тез әзірленетін тағам өндіру зауыты), Ақтау қаласындағы «Kazakhstan Pipe Traders» ЖШС (мұнай құбырларын өндіру зауыты) және Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы «Конденсат» АҚ (мотор майлары өндірісі).

– Баршамызға белгілі, біз былтыр жыл аяғында индустриалдық-инновациялық бағдарламаның бесжылдық жоспарын тәмамдап, қойылған мәселелердің орындалғанын жұртшылыққа жарияладық. Бұл экономикадағы тұрақсыздық ахуалы кезеңінде елімізге, Қазақстанға үлкен көмек, қолдау болды. Сыртқы фактордағы жағдайдың терістігін азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екенін біз білдік. Сондықтан индустриалдық бағдарламаларды жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруымыз керек. Мұның қажет екенін біз білеміз. Бізден көріп, басқа елдер де осылай жасап жатыр. Оның үстіне дағдарыс кезеңінде бұл шаруаның қажеттігі одан әрі дәлелденді. Осы индустриалдық-инновациялық бағдарлама арқылы кәсіпкерлер өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алды. Бүгін 2016 жылдың ІІ жартыжылдығының қорытындысын шығарамыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша Астана күні қарсаңында жартыжылдықты қорытындылап, жыл аяғында тұтас бір жылда атқарылған жұмыстар жөнінде айтатын боламыз. Сондай-ақ бүгінгі кеңесте индустриалдық-инновациялық бағдарламалардың орындалуын талқылаймыз. Осы бағдарламаның нәтижесінде қандай нәтижеге қол жеткіздік, қандай кемшіліктер болды және болашақта не істеуіміз керек, міне, осы жөнінде айтылады. Бұған қоса осы телекөпір арқылы жер-жерде жаңадан іске қосылып жатқан объектілерді көретін боламыз, – деді Елбасы өз сөзінде.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы бұрынғы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовтің индустриализация бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы еңбегін жоғары бағалап, оған ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ «Қазақстанда жасалған» белгісі бойынша өндірілген отандық өнімдер мен моноқалаларды дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Елбасының сөзінше, индустриаландыру жылдарында елімізде бұрын-соңды болмаған 500 түрлі өнім өндіріле бастаған.

Бұдан соң Елбасы жаңа министр Жеңіс Қасымбектің өңдеу өнеркәсібі туралы баяндамасын тыңдады. Инвестициялар және даму министрінің мәлімдеуінше, өткен жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі нығайып, экономиканың драйверіне айналған.

– Егер біз дағдарыс алдындағы 2008 жылды базалық деп айтсақ, өңдеу өнеркәсібі 4,1-ге өсті.

Бұл тау-кен өнеркәсібін қоса есептегенде өнеркәсіптің барлық секторынан артық. Өңдеу өнеркәсібінің жыл сайынғы көлемі артып келеді. Нәтижесінде 2008 жылмен салыстырсақ, бұл сектордың өнеркәсіптегі жалпы үлесі 7 пайызға артты, – деген министр Қазақстанның ЕЭО елдері арасындағы өңдеу саласындағы өсімді сақтап отырған бірден-бір ел екенін атап көрсетті.

Бұдан басқа Елбасы Ұлттық банк пен Үкіметке инфляция деңгейін қадағалап отыруды тапсырды. Өйткені бұған халықтың кірісінің өсуі тікелей байланысты. Құрылып жатқан жұмыс орындары халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етуі тиіс. Мемлекет жұмыссыздарға жәрдемақы төлеумен шектеліп қалмауы тиіс. Мұның орнына тұрғындарға шағын несие беріп, олардың жақсы табыс табуына көмектесуі керек.

Шара барысында индустриаландыру нәтижесінде әлеуметтік дамуын нығайтқан үш өңір көрсетіліп, индустриаландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырудың жаңа қадамдары таныстырылды.  Осыдан кейін «Әлеуметтік индустриализация» атты фильм көрсетіліп, Мемлекет басшысы жаңа жобаларды іске қосуға рұқсат берді. Солардың қатарында Ақсай қаласындағы түбегейлі жаңғыртудан өткен мотор майлары өндірісі бар.

Телекөпір барысында «Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий  Жүнісов  сөйледі.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біз 1997 жылы сіздің қатысуыңызбен елімізде алғашқылардың бірі болып жанар-жағармай өндіретін өндіріс орнын іске қостық.  Бүгін біз К-5 экологиялық класты жоғары стандартқа сай жанар-жағармай өндіру жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл жоба АҚШ пен Франция технологиясы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жоба Қазақстанның Даму банкісінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Біз 200 мың тоннадан астам жоғары сапалы отын өндіреміз және аймақтың жанар-жағармай импортына тәуелділігін жоямыз, – деді ол сөзінде.

Осы телекөпірде зауыттың байырғы қызметкері Сырым Қожантаев та сөйледі.

Нысанды іске қосуға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Бұл жоба – өңір үшін де, еліміз үшін де өте маңызды, аса қажетті жоба. «Конденсат» АҚ маған алғашқы ашылған күннен таныс. Кәсіпорын жедел дамып келеді. Қазір бастарына ақ каска киген жұмысшы формасындағы жастарға қарап толқып тұрмын. Елімізде осындай жас мамандар қатарының көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Мен де, Үкімет те сіздердің жақсы жалақы алып, молшылықта өмір сүрулеріңізге қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. Барлығыңызды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, — деген Мемлекет басшысы жоба жұмысына сәттілік тіледі.

Осы шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жаңа жобаның маңызына тоқталды.

– Бүгінде облыс бойынша 330 млрд. теңгенің 42 жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың ішінде тек осы «Конденсат» АҚ-ның жобасы ғана республикалық  Индустриализация картасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның құны 45 300 млн. теңге, осы қаражаттың 40 пайызын кәсіпорынның өзі төлесе, қалған 60 пайызын «Қазақстанның Даму Банкісі» қаржыландырды. Бұл жоба 2012 жылдан бастап қолға алынды.  Осы жобаның аясында 28 жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Конденсат» АҚ елімізде тұңғыш рет экокласты К5 бензин өндірісін іске қосады. Өндіріс Кеден одағының техникалық регламент талаптарына сай жоғары октанды этильденбеген бензин шығаруға бағытталған. Бұл жобаның артықшылығы сол, ендігі жерде облыс пен көршілес өңірлер Ресейдің жоғары сапалы жанармайына тәуелді болмайды. Жобаның заттай қуаттылығы жылына  200 мың тонна экокласты К5 бензинін өндіруге және 380 мың тонна өзге де өнімдер өндіруге қажетті 600 мың тонна шикізатты құрайды. Кәсіпорын өнімі нарықтағы баға-дан қымбат болмайды. Бәрі алынатын шикізат құнына байланысты, егер зауыт өнім өндіруге  қажетті шикізатты мол әрі тиімді бағамен алса, әрине, оның бағасы да қолжетімді болмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий Жүнісовтің сөзінше, кәсіпорынның жоғары сапалы жанар-жағармайына қазірдің өзінде қызығушылар көп. Өңірімізді былай қойғанда, көршілес аймақтың   жанар-жағармай операторлары да келісімшартқа отыруда. Көп ұзамай жергілікті жанар-жағармай өнімдері саттыққа шығарылмақ.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»,

Бөрлі  ауданы


Киік аулап, тұтылды

Күні: , 206 рет оқылды

2689


Бөкей ордасы аудандық соты мүйізін алу мақсатында 11 киікті заңсыз аулап, мемлекетке 4 360,4 мың теңге залал келтірген Ақтөбе және Атырау облыстарының тұрғындарына қатысты үкімді жария етті.


БҚО сотының баспасөз қызметінен қарағанда, сотталушылар ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігінің 2, 4-тармақтарымен (пайдалануға тыйым салынған жануарларды жаппай қырып-жоятын құралдарды қолданып, ірі залал келтіре отырып, заңсыз аулау) және ҚР ҚК 339-бабымен (пайдалануға тыйым салынған жануарлардың бөліктерін заңсыз алу, иемдену, сақтау және тасымалдау) кінәлі деп танылып, оларға түпкілікті жаза ретінде аңшылық кәсіппен айналысуға үш жылға тыйым салына отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот жазаның түрі мен мерзімін белгілегенде, сотталушылардың өкінуін, өз еріктерімен залалды өндіру үшін қолданған шараларын және отбасылық жағдайын ескерді, ал олардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мәнжайлар істі қарау барысында анықталған жоқ.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ғалым АЯН


Банкроттық рәсімдеу өнбей тұр

Күні: , 199 рет оқылды

IMG_8707


Бейсенбі күні облыс әкімдігінде дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті.


Күн тәртібінде банкроттық рәсімдерді жүргізудің барысы туралы, жалақы өндіру бойынша сот актілерінің орындалуы туралы және жұмыс берушінің қызметін декларациялау жөнінде үш түрлі мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Есбол Әміров «Дастан» баспа-полиграфиялық кешені» ЖШС, «Жайықтранс-Терминал» ЖШС, «СЦЗ «Агро-сервис» ЖШС және «Металл бұйымдары» бірлескен өндірістік кәсіпорны» ЖШС банкроттық рәсімінің жүргізілу барысы туралы баяндады.

Баяндаудан белгілі болғандай, «Дастан» баспа-полиграфиялық кешені» ЖШС-дан 18 адам 6 343,4 мың теңге көлемінде еңбекақы мен өтемақы төлеуді талап еткен. Бүгінгі таңда оның 3 042 мың теңгесі өтелген болса, еңбекақы бойынша қалған берешек 3 301,4 мың теңгені құрап отыр. «Жайықтранс-Терминал» ЖШС-ның еңбекақы берешегі екі кредитор үшін 6383,4 мың теңгені құрайды. Мұндай бережақ көлемі «Металл бұйымдары» бірлескен өндірістік кәсіпорны» ЖШС үшін 61 890,6 мың теңге, ал ондағы кредиторлар саны – 84 адам.

Отырыс төрағасы туындаған сұрақтарға нақты жауаптың болмауына байланысты «Дастан» баспаполиграфиялық кешені» ЖШС-ның банкроттық басқарушысы Е. Ишимгалиевтің жиынға келмеуін, банкротқа ұшыраған мекемелердегі еңбекақы бережағы туралы мәліметтің әр түрлі көрсетілуін, бірқатар кәсіпорындарды банкроттық басқарушылардың жиі ауысып, жұмыс нәтижесі болмай келе жатқандығын қатаң сынға алды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов «БГСАқсай» ЖШС және «Aziya Bolashak Batys» ЖШС-ның атқарушылық өндірісінің жүргізілу барысы туралы мәлімдеді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша сөз алған облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаев қолданыстағы еңбек заңнамасының талаптарына сай жұмыс жасап, сенім сертификатына ие болған бірқатар кәсіпорындарды атап өтті. Мұндай сертификатқа ие болған кәсіпорындар үш жылға дейін мемлекеттік тексерістерден босатылады. Жанат Асылханұлы Жұмыс берушінің қызметін декларациялау жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының шешіміне сәйкес тағы екі мекеменің аталмыш сертификатқа лайық деп танылғандығын айтты.

Жиын соңында отырыс төрағасы Марат Тоқжанов «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Инженерлік-техникалық орталығы» филиалы және «QHSE — Akbarys» ЖШС-на қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі сенім сертификатын табыс етті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ақобадағы жаңа дүкен

Күні: , 208 рет оқылды

IMG_0853


Ақоба ауылында кәсіпкер Асқар Бисеновтің «Бірлік» атты жаңа азық-түлік дүкені ашылды.


Дүкеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин арнайы қатысты.

– Ашылғалы тұрған дүкеннің иесі, елдің азаматы Асқар Бисенов – шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіпкердің бірі. Енді ол ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етпек. Азаматтың ел игілігі үшін атқарып жүрген ісіне табыс тілеймін. Дүкен сөрелері әрқашан азық-түлікке толы болсын. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, қуанышты сәттерде жүздесе берейік, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

– «Жалғыздың үні шықпас» деген жақсы сөз бар. Бұл шаруаны жүзеге асыруда ел болып көмек көрсеттіңіздер. Әсіресе, құрылысына атсалысқан Елдос Шайхисламовқа отбасымның атынан ризашылығымды білдіремін. Ағайынның татулығы, елдің тұтастығы бұзылмасын деген ниетпен дүкеннің атын «Бірлік» деп қойдым. Осындай қуанышты сәтті жергілікті жұртпен бірге бөлісіп, арнайы келіп отырған аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлына ақобалықтар атынан алғысымды білдіремін, – деген дүкен иесі жаңа ісіне сәттілік тілеген ауылдастарына ықыласын да жеткізді.

Ахмедияр  БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек ауданы


QR-кодтың құпиясын білеміз бе?

Күні: , 183 рет оқылды

IMG_8653


Соңғы кезде жарнамалық плакаттар мен афишалар, түрлі заттардың қораптары мен газет-журналдардың шетінен қара түсті шаршыны оңай аңғаруға болады.  Көпшілігі бұл белгіні не үшін қажет деп ойлап, мән бермеуі де  мүмкін. Ал ақпарат айдынында жедел ақпарат алмасу үшін, керек мәліметті молынан алу үшін қара шаршының құпиясын білу сізге артық етпесі анық.


QR-кодты пайдалану және өзге де мәселелер туралы сәрсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында өткен журналистерге арналған оқыту семинарында кеңінен айтылды. Сондай-ақ басқосуда ақпаратты оқырманға жедел әрі сапалы жеткізу,  мақала дайындау кезіндегі журналистік шеберлік, ақпарат беру кезінде әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану, газет беттерінің құрылуы, стилі мен дизайнерлік көркемдеу, газеттерге  әлемдік бренд қалыптастыру туралы ойлар ортаға салынды.

Семинарда «Қазақпарат» агенттігінде 16 жыл бойы табан аудармастан қызмет атқарып жүрген «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ, соңғы кезде баспасөз тарихына арналған ғылыми мақалалар мен кітаптар шығарумен айналысуға бет бұрған, өңірімізге кеңінен танымал журналист Қазбек Құттымұратұлы, блогер Нұрлыбек Рахманов, мекеме дизайнері Арман Дауылбаев журналистерге қызықты ақпараттарын ұсынып, пікірлерімен бөлісті.

Айталық, Ғайсағали Самиғоллаұлы төтенше жағдайлар мен қылмыстық оқиғалар туралы ақпарат дайындағанда,  барынша дәлелденген нақты дереккөздеріне, сондай-ақ сол жердегі жауапты мекеме басшысының сөзіне сүйену керектігін айтты. Дәйексіз, жалған ақпарат берудің соңы журналистерді сотқа сүйрейтін фактілердің орын алуына жол береді. Ал Қазбек Қабжанов журналистің қоғам алдында беделді әрі кең танымалдылыққа ие болуы үшін көп ізденістің, «ішкі бәсекелестіктің» қажет екенін  тілге тиек етті. Сондай-ақ ақпараттың өтімді әрі оқылымды болуы үшін мақалаға тақырыптың дәл  таңдалуы, материалдың барынша қысқа әрі нұсқа, айтар ойды анық жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл турасында шетелдік журналистика тәжірибесіне көбірек сүйену керектігін алға тартты. Ал Арман Дауылбаев газет бетін құруда дизайнерлік шеберліктің, ұтқырлықтың болуына үлкен мән берді. Ол өзіндік бренді қалыптасқан шетелдік баспасөз   құралдарының тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ журналистің әмбебаптылығы да заман талабы екенін алға тартты. Оның айтуынша, материалды өзі дайындап, фотоға өзі түсіріп, дизайнды өзі жасай алатын мамандар тапшы. Сондықтан әмбебаптылыққа бет бұратын уақыт жеткен сыңайлы. Жиын барысында Арман Ғинаятұлы QR-кодты пайдаланудың әдіс-тәсілдерімен, оны пайдаланудың тиімді тұстарымен де таныстырды. Тақырып турасында «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин де ойын ортаға салып, соңғы уақытта “Орал өңірі” және “Приуралье” газеттерінің алдыңғы бетіне QR-код орнатылып, оқырманға жол тартып жатқанын жеткізді.

Кез келген адам қолындағы заманауи ұялы байланыс құрылғыларын тиімді пайдаланса, қаптаған «қара жәшіктің» сырын оңай меңгеруге мүмкіндігі мол.  Ол үшін Play market интернет магазині арқылы QR-кодқа арналған мобильді қосымшасын жүктеп аласыз. Содан кейін бағдарламаны іске қосқанда, ұялы телефонның камерасы автоматты түрде жұмыс жасай бастайды. Сол камераның көмегімен кез келген QR-кодтың үстіне барып, камераның тетігін басып суретке түсіресіз. Осыдан кейін жүктелген бағдарлама өздігінен іске қосылып, өзіңізге керекті ақпаратты ұялы байланыс құрылғысының экран бетінен оқи аласыз.

Түстен кейін жиынды қорытындылаған Жантас  Сафуллин жаңа медиа мектепті қалыптастыру жолында жасалып жатқан игі істердің алдағы уақытта да жалғасатындығын айтып, бірқатар аудандық әріптестерге естелік сыйлықтар табыс етті.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


От басқан жас аналарға қамқор болған

Күні: , 212 рет оқылды

ана мен бала


Соңғы кездері елімізде шаранаға қатысты адам жанын түршіктіретін оқиғалар жиіледі. Жасы жиырмадан асқан қазақ қызы некесіз бойына біткен баласын әжетханада дүниеге келтіріп, әжетхананың тесігіне тастап кетті… Екінші оқиға да соған тектес, мектептің 10-сыныбында оқитын балауса қыз таксидің ішінде босанды. Сол бейбақ шарананы қыздың қасындағы өгей шешесі  көліктің терезесінен көшеге лақтырып жіберіп, мерт қылды… Бұл оқиға тізбегін жалғай беруге болар еді, бірақ одан не өзгереді? Одан да ондай сорақылықтың алдын алу жайы әлдеқайда маңызды көрінеді.


«Қызға қырық үйден тыю, қала берді, есіктегі қара күңнен тыю” деп пәлсапалайтын қазақ қоғамы неден қате басты, тәрбие үрдісінде нендей олқылық жіберді дейсіз. Мына жарық дүниедегі ана болудан асқан жасампаздық жоқ демейтін бе еді аналар. Етегі жасқа толып, Тәңірден күні-түні бір шарана тілеп жүрген жандар әлі қаншама… Жалпы, қазіргі қоғамдағы осындай қатыгездіктің алдын қайтып алуға болады? Ата-анасымен «қырық пышақ» болып, некесіз, туған-туыстың қолдауынсыз, қаржылық қиындықтар жағдайында дүниеге сәби әкелетіндер әдетте балаларынан перзентханада бас тартады. Осылайша түсік жасатпай, баласын жетімдер үйіне қалдырған жас ананың кейін де өзінің күнәсін кешіруі қиын. Бұл психологиялық азап, өмірлік қасірет болса керек. Сондай-ақ балалар үйінде немесе асырап алған отбасында туған анасының жылы құшағын көрмей өсетін тастанды сәби бақытты бола ма дейсіз. Осыған орай елімізде танымал кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың және оның зайыбының бастамасымен қиын жағдайға тап болған жас аналарға және жүкті әйелдерге арналған «Ана үйі» орталықтары ашылды.  Мұндай орталықтардың ашылуымен әдепкіде шаранасынан бас тартуды ойлаған жас әйелдер орталықтағы қолдау мен түсіністік жағдайында ана болудың бақытын сезінеді. «Ана үйі» әлеуметтік жобасы қоғамның қолдауына ие болды. Жобаға көптеген қазақстандық кәсіпкер қолдау танытып, жоба меценаты атанды. 2013 жылғы желтоқсан айынан бастап еліміздің танымал кәсіпкерлері әр өңірден «Ана үйін»  ашты. Елімізде «Ана үйі» қоғамдық қоры ресми тіркелді. «Ана үйі» біздің өңірде де жұмыс істеуде. Енді таяуда Орал қаласында бала асырап алуға көмектесу орталықтары ашылды.

Бұл сол «Ана үйі» қоғамдық қорымен басталған игі істің жалғасы іспеттес.

Аталмыш жобаның Батыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Надия Лисицынаның айтуынша, «Ана үйінің» ашылуы арқасында еліміз бойынша 1500-ден астам сәби балалар үйіне жолданбай, аналарының қасында қалды. Біздің облыс бойынша 60 шақты жас ана өз сәбиінен «қағынан жеріген құландай» болып бас тартпады.

— 60 бала дегеніңіз, бір балалар үйі ғой. Бас тіреп келген аналардың жартысын әке-шешелерімен табыстырдық.  Олардың барлығына жұмысқа тұруға көмектестік. Кейбірі жаңа мамандықтарға оқыды. Әрбір төртінші әйел тұрмыс құрды. Әрине, көбісі сәбилерінің әкелеріне емес, өзге жандардың етегінен ұстады. Бұрындары балалы әйелге үйлену жігіттер үшін батырлықты қажет ететін, ал қазір олай емес. Өйткені бүгінде ер-азаматтардың 42 пайызының әке атана алмайтынын медициналық статистика көрсетіп отыр, — деді Надия Лисицына. Оның айтуынша, жас аналар бұл үйді бір жыл бойына, кейбір жағдайларда жыл жарым уақыт паналай алады. Олардың тұрмыс-тірлігі, ішер асы, медициналық қызмет көрсету, дәрі-дәрмек сатып алу, қажетті киім-кешегі  меценаттар есебінен өтеледі. Жергілікті кәсіпкерлер де қарап отырған жоқ, жалпы аналардың тағдырына бейжай қарамайтын жандар да қолұшын созуда. Надия Лисицына аталмыш орталықты паналайтындардың дені қазақ қыздары екенін айтты. Оны өзіміз барғанда да көзімізбен көрдік. Оқимын, қаладан жұмыс табамын деп ауыл-аймақтан келген бойжеткендер жалған махаббат отына шарпылып, қанаты күйген көбелектің күйін кешеді. Ауылға қайтайын десе, ата-анасы «құшақ» ашпайды, ақыл айтып, қаржылық  қолдау көрсететін ағайын, тума-туыс теріс айналады немесе қара бастарының қамымен әлек. Содан, соңғысы белгілі, түсік немесе тастанды бала оқиғаларына ұласады.

Елімізде «Ана үйінің» ашылуымен бала асырап алу үрдісі сәл-пәл бәсеңсіген. Надия Лисицынаның айтуынша, бала асырап алғысы келетіндер көбіне  үш жасқа дейінгі сәбилерді алғысы келеді. Мұны олар  баланың сәби кезінен өздерін туған ата-ана деп қабылдайды деп түсіндіреді.

– Бірақ мұны әр кез дұрыс шешім деуге келмес. Мысалға, 40-тың қырқасына шыққан жұмысбасты әйелге өзінің қалыптасып қалған өмірлік дағдысын бұзуға тура келеді. Үш жасқа дейінгі сәбиді бауырына басқан жағдайда, ол жұмысын тастайды немесе декреттік демалыс алады. Ал егер де ол мектеп жасындағы баланы асырап алса, мұндай қадамға бармас еді. Сондықтан бала асырап алу жұмысы тоқтап қалмас үшін бұл жобаның екінші кезеңі балалар үйімен және әлеуетті бала асырап алушылармен жұмыс болып табылады. Бала асырап алу жұмысына көмектесетін орталықтар және бала асырап алушылар мектебін құру қажет деген шешімге келдік. Бұл орталықтарда өңір тұрғындарына бала асырап алу мәселелеріне қатысты ақпараттық-кеңестік қызметтер көрсетіледі. Өкінішке орай, балалы болғысы келетін ата-ана баланы тауар секілді таңдайды. Олар дені сау, сүйкімді балаларды асырап алғысы келеді. Науқас балаларды ешкімнің алғысы жоқ, ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мүмкіндігі шектеулі балаларды да отбасында тәрбиелеуге болатынын көрсетеді. «BI — Жұлдызай» қайырымдылық қорымен бірге біз мемлекеттік балалар мекемелеріндегі дімкәс балақандарды емдеуді жоспарлаудамыз. Қазір ауру ұл-қыздар туралы мәліметтерді жинап, қорға жолдадық. Оларға ем-дом, түрлі тиісті оталар жасалса, одан кейін оларды да асырап алу мүмкіндігі ұлғаяды. Шетелдерде бала асырап алу үшін 300 сұрақтан тұратын сауалнаманы толтырады, тек қамқоршылар ғана сенің асырап алушы ата-ана болатыныңды анықтайды. Көбінесе мінез-құлқымыз үйлеспеді деп баланы кейін қайырып жатады. Мұндайда зардап шегетін бала, ол психологиялық күйзеліске түсіп, жарты жылға дейін ешкіммен сөйлеспей қояды. Орталықтардың психолог мамандары тек баланың болашақ әке мен шешесімен ғана емес, отбасындағы ата-әжесімен, әпке-сіңлілерімен, аға-інілерімен де түсінік жұмыстарын жүргізеді. Өйткені отбасыға жаңа мүшені қабылдауға дайындық қажет. Өйткені ойланбай айтылған бір-ақ ауыз сөз бала жанын жаралауы мүмкін, — деді Надия Лисицына. Оның айтуынша, мұндай мектептерде оқу үш сағаттық 12 сабақтан тұрады.

— Кейбір әйелдер қартайған шағында соқа басы сопиып қалудан қорқып, бала асырап алғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Баланың туған анасы немесе бала асырап алғысы келетін ана «Менің балама мен керекпін» деп ойласа керек-тін. Сонымен қатар тіпті шынашақтай баланың жеке мінез-құлқы, дағдысы бар тұлға екенін ескерген жөн. Балалар үйінде тәрбиеленбеген адамға баланың жастығының астына жейтін тамақты айтқанды тыңдамаудан, қырсықтықтан емес, ертең аш қаламын деген қорқыныштан тығатынын  түсіндіру қиын. Асырап алған баланың тек жарты жыл өткен соң ғана мұндай дағдыдан арылғаны бар, — деді Надия.

Бүгінде бала асырап алушыларға көмек көрсету орталығында кеңесші мамандар, соның ішінде заңгерлер, психологтар жұмыс істеуде. Сонымен қатар Астанадан да психологтар келіп, бала асырап алған ата-аналармен жұмыстанбақ. Бұл орталық Оралдағы Достық даңғылында 185/1-үйдің 3-қабатында орналасқан. Дүйсенбіден бастап жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Болашақ ата-аналар өздерін мазалаған сұрақтарын 1422 нөмірі бойынша немесе Оралдағы маманға +77473114047 телефоны арқылы қоя алады.

 Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Сити таксидің тегін қызметі

Күні: , 196 рет оқылды

DSC_0207


Биылғы Рамазан айында ораза тұтып, кешкілік мешіттегі тарауих намазына қатысушы қауым ерекше қайырымдылықтың куәсі болып жүр. Оларға Сити таксиі тегін қызмет көрсетуде.


Жұртшылыққа жағдай жасауға ҚМДБ-ның БҚО өңіріндегі өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы ұйытқы болып отыр. Рамазан айында оқылатын тарауих намазы дін қызметкерлерінің уағыз-насихатымен басталып, түнгі сағат екі шамасында аяқталады. Осы мезгілде мешіт жамағатын тегін такси қызметі күтіп тұрады. Олар ешқандай ақы алмастан 6, 7, 9-шағынаудандары, Зашаған кенті, Қазақ ауылы тәрізді қаланың шеткері аудандарына дейін қатынайды.

— Сауапты амалға үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Қасиетті айда үлкен кісілердің батасын алудың өзі көңілге ерекше жылылық сыйлайды екен. Бұл біздің қызметтік тапсырмамыз болса да, көптің алғысын иелену үшін ерекше ынта танытамыз. Көлік салонында жайғасқанның барлығын Алла разылығы үшін үйлеріне жеткізіп саламыз, — дейді такси жүргізушілері.

— Түнгі ғибадатқа келген жандардың басым көпшілігі өз көліктерімен қайтады. Ал арнайы шығарылған тегін көліктерге негізінен зейнеткерлер мен студенттер отырамыз. Біз үшін өте тиімді болды. Мешітте отырған шақта көңілімізге көлік тоқтап қалды-ау деген алаң кірмейді. Жергілікті азаматтардың қамқорлығына сенім артамыз. Осындай бастама көтерген балаларыма Алланың мейірім-шапағаты жаусын деп тілеймін. Пайғамбарымыздың хадисінде Рамазан айында өзгеге жасалған бір жақсылық жетпіс есеге дейін артатыны айтылады. Сауапты іске себепші болатын осындай азаматтардың қатары көбейе берсе екен, — дейді мешіттен түнгі ғибадатын өтеп шыққан қала тұрғыны Ғұмар Құрақов.

Жамағат үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар аймағымыздағы діни тұрақтылыққа қосылған үлес болса керек. Рамазан айындағы қайырымдылық шаралардың ұрпақ бойына имандылық нұрын дарыта түсеріне сенім мол.

Орал  орталық  мешітінің  жамағаты


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика