Мұрағат: Июль, 2016


Өтемақы 10 тамызға дейін төленеді

Күні: , 209 рет оқылды

акша тенге


2015 жылдың 1 тамызында 2007 жылы банкротқа ұшыраған «Валют-Транзит банк» АҚ салымшыларына 5 миллион теңгеге дейін қосымша төлемдер жасауға мүмкіндік беретін заң  күшіне енді.


Естеріңізде болса, 2015 жылдың 10 тамызынан бастап «Центр Кредит банк» АҚ бөлімшелері салымшылардың «Валют-Транзит банк» АҚ-дағы  депозиттері бойынша қосымша өтем алуға өтініштерді қабылдауды бастаған болатын.  Бұған қоса «Центр Кредит банк» АҚ арқылы Валют-Транзит банкі салымшыларына қосымша өтемді төлеу мерзiмін 2016 жылдың 10 тамызына дейiн ұзартуды көздейтін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры және Центр Кредит банк арасында жасасқан қосымша келісімге 2016 жылдың 10 ақпаны күні қол қойылды.

Осыған орай  депозиттер бойынша өтемақылар төлеу жұмысы жалғасуда. Депозит бойынша 5 миллион теңгеге дейінгі қалдықты алу үшін «Центр Кредит банк» АҚ-ның бөлімшесіне бару қажет. Бөлімшелердің тізімімен www.kdif.kz сайтында немесе Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының шұғыл желі нөмірі (8 800 080 10 20)  арқылы танысуға болады.

Депозиттер бойынша төлемдерді алу үшін «Центр Кредит банк» АҚ бөлімшесінде келесі құжаттарды көрсету керек:

  • жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы;
  • мұрагерлер үшін – мұраға құқығын растайтын құжаттар;
  • өкілдер үшін – нотариуспен расталған сенімхат;
  • Сіздің талап құқығыңызды растайтын өзге де құжаттар, түрлі жағдайға байланысты.

Өтем «Центр Кредит банк» АҚ-ға барлық растайтын құжаттарды өткізгеннен кейін «Валют-Транзит банк» АҚ-ның талаптарына сәйкес сіздің құқығыңыз расталған болса, бес  жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.

Толығырақ ақпаратты ҚДКБҚ-ның шұғыл желі нөмірі (8 800 080 10 20) арқылы (Қазақстан бойынша қалалық нөмірлерден тегін) немесе агент банктің бөлімшелерінен алуға болады.


«Құланмен» құлпырған қожалық

Күні: , 188 рет оқылды

DSC_0089


Шалқар  ауылдық округіндегі «Тұмар» шаруа қожалығы мал өсіріп,  шабындық жерлерді тиімді игеруде алдына жан салар емес.


Қожалық басшысы қарапайымдылық танытып, суретке түсуден бас тартқанымен, ол кәсібінің жемісін көріп отырған адамдардың қатарында бар екендігі ақиқат. Себебі Руслан Лұқпанов мемлекеттік бағдарламаның көмегіне сүйеніп, шаруашылығының аясын кеңейтуді мықтап қолға алған. Мысалы, аталмыш қожалық «Құлан» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттен 10 млн. теңге несие алып, оған 31 бие мен үш айғыр сатып алған.

Сонымен қатар өздеріне тиесілі жер телімін оңтайлы пайдаланып, мал азығын молынан дайындап алуға күш салуда. Қазіргі таңда қожалық иесі 3 млн. теңге көлеміндегі қаржыға су жаңа трактор алып, қарқынға қарқын қосуда. Таңмен таласа тұрып, ерте еңбекке араласатын пішеншілер жұмысы расымен де оңай емес. Шаруалардың бірі орағын қайрап, техникасын сайлап, жұмысқа дайындаса, енді бірі таңнан қара кешке дейін трактормен шөп шауып, уақытпен санаспай жұмыс жасауда.

— Жылқы өсірумен қатар шөп шабуды да мықтап қолға алдық. Алдымен қожалықтың малдарына қысқы азықты дайындаймыз, артылғанын аудан тұрғындарына сатамыз. Бағасы қолжетімді болғанын назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Ауылдың 10 тұрғынын жұмыспен қамтып отырмын. Жалақылары уақтылы, тамақтары тоқ деп сеніммен айта аламын. Қыстағы табиғаттың тосын мінезіне де дайын болуы үшін бірнеше тонна мал азығын резервке қоюды дағдыға айналдырдым. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруа ретінде Елбасының еңбегін айрықша атап өтер едім. Ауыл шаруашылығы саласына деген көңілі өте жақсы. Жоспарда мал басын көбейтіп, қожалығымды үлкейтсем деген ой бар, — дейді Руслан Лұқпанов.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы


Танапты тексеру неге қажет?

Күні: , 203 рет оқылды

1111123654


Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін анықтайтын негізгі фактордың бірі – тұқым шаруашылығы жүйесінің жақсы ұйымдастырылуына байланысты.


Жоғары сапалы тұқым қарапайым тұқыммен салыстырғанда, әрбір гектардан 2-3 центнерге дейін үстеме өнімділікті қамтамасыз етеді, бұл жаңа сорт енгізгеннен де жоғары көрсеткіш. Өнімділіктің осындай мүмкіндігін пайдалану – барлық деңгейдегі ауыл шаруашылығы мамандарының міндеті. Тұқым сапасына қойылатын талап өте жоғары болуы керек.

Барлық егіс алқабын сорттық және егістік сапа мемлекеттік стандарт талаптарына сай жауап беретін, аудандастырылған селекциялық сорттарының тұқымдарымен қамтамасыз етуі үшін жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттық егіс танаптарын байқаудан (апробация) өткізеді.

Егіс танаптарын байқаудан өткізудің басты мақсаты – сорттық және будандастырылған егін өнімділігін тұқым өсіру мақсатында пайдалану үшін жарамдылығын анықтау. Ол үшін жүгері мен құмай будандарының аталық формаларының көбеюіне және будандастырылу учаскелерінде жүргізілген жұмыстардың сапасына, ауыл шаруашылығы дақылдардың сорттық егістік сапасына баға береді.

Егістіктің сорттық сапасына баға берумен қатар, бөлінуі қиын мәдени өсімдіктер мен арамшөптердің ластануын анықтайды, сонымен қатар карантиндік, улы және аса қауіпті, егістіктің ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің зиянкестері мен ауруларының зақымдалу дәрежесін белгілейді, шаруашылықтың тұқым өсіру бойынша міндетті ережелерінің сақталуын тексереді, яғни жоғары сапалы тұқым өсіру (жұмысты ұйымдастыру, агротехниканы, соның ішінде шөптеу, жүргізілген жұмыс сапасы, тұқым егістігіндегі өнімділікті уақтылы жиналуына дайындау және тұқым сақтау қоймаларын дайындау және т.б.), сонымен қатар сорттық егіс және тұқымдық құжаттамалардың дұрыс жүргізілуін қадағалайды.

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен облыстың әр ауданында қызмет ететін маман агрономдар арнайы шақырылып, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында апробация саласынан арнайы білім алады. Екі апталық курстан өткен мамандарға «агроном-апробатор» куәлігі беріледі. Ол куәлік үш жылға дейін жарамды.

Кеңес ҚАЙДАШЕВ,

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының астық және тұқым инспекциясының бөлім басшысы


«Қазпоштаға» оқырмандар неге өкпелі?..

Күні: , 230 рет оқылды

1 пол 123555


Былайғы кезде мерзімді басылымдарға жазылған қайсыбір оқырманнан сұрасаңыз: «Газет-журнал уақытында қолға тимейді» деп жатады. Бір апарғанда бірнеше нөмірді теңдеп жеткізе салу көз үйренген жағдайға айналғалы қашан. Бұл мәселе жайында бірнеше рет жазылды да. Алайда еш нәтиже шықпай тұр. Мәселен, биылғы жылдың екінші жартыжылдығына мерзімді басылымға жазылғандардың газет-журналдарын уақытында алуы мұңға айналып, бұл жағдайды, әсіресе, аудан орталығындағы тұрғындар басынан өткеруде.


Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова биыл екінші жартыжылдықта тұрғындарға 2441 дана басылым тарап, баспасөзге жазылу науқаны ұйымшылдықпен өткізілгенін, бірақ пошта тасымалына байланысты жұртшылық тарапынан наразылық көп екенін айтады.

– Бізге телефон арқылы шағым жиі түседі, — дейді ол. — Күні бүгін аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы, су шаруашылығы мекемесі және А. Оразбаева атындағы негізгі мектеп басшылары шілде айынан бері басылымдардың дұрыс келмейтініне шағымданды. Сондай-ақ еңбек ардагері Карл Мақашев соңғы кезде жазылған мерзімді баспасөз өнімдерінің тым кешігіп жеткізілетініне өкпелі.  Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлмира Есниязова өзі тұратын Ғ. Қараш атындағы көшеге газеттің уақытында жеткізілмейтінін, мекенжайына мамыр айынан басылымдардың бармағанын, аудандық пошта мекемесінің басшысына бұл туралы шағымданғанда, түрлі сылтауларды желеу еткенін баяндады. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары да бізге биылғы «Егемен Қазақстан», «Орал өңірі» газеттері тігінділерінің ең соңғы саны 21 маусымдағы датамен шектеліп қалғанын көрсетті.

А. Оразбаева атындағы негізгі мектепке барғанымызда, мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы, аталмыш оқу орнының психологі Мөлдір Шалғынбаева биыл екінші жартыжылдыққа өзінің «Егемен Қазақстан» газетіне жазылғандығын, дегенмен оның уақытында үйіне келмейтінін мәлім етті.

– Пошта тасушы 18 шілде күні осы газетті бір буда етіп әкеліп тастады. Газеттің 18 күн кешігіп қолыма тигеніне өкпелімін. Сонда жарты айдан астам уақыт кешіккен ақпараттың маңызы кетіп қалмай ма?.. Жаңалықты дер кезінде оқығанға не жетсін, — дейді ол. Сол сияқты Жәнібек ауылының тұрғыны Сырымбек Мүсәлімұлы жеті айдан бері үйіне жазылған газеттің мерзімінде жеткізілмейтінін, жеткізілген күнде де сандарының түгел келмейтініне наразы екендігін білдірді.

– Газет келмегесін бір рет поштаға барып, өзім алдым бір бума етіп. Екі-үш күннен соң пошта тасушы сол алған нөмірлерімді қайтадан үйге әкеліп тұр. Мұның өзі пошта мекемесінде басылымның есебі дұрыс жүргізілмейтінін айғақтайды, — деді абонент өз сөзінде.

Пошта таситындар «Қазпошта» АҚ-ның Жәнібек аудандық пошта байланыс торабында тұрақтап жұмыс істемейді. Еңбек биржасында жұмыссыздар есебінде тұрғандар пошта тасушылық қызметке жіберілгенмен, осында түпкілікті қалып жұмыс істейтіндері тым сирек. Бұл тұрғыда, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Зухра Дәулетшинамен сөйлескенімізде, ол аудандық пошта мекемесінде пошта тасушының бос орнына ағымдағы жылғы 23 ақпаннан жұмыссыздар есебіндегі Алмагүл Хамзина мен Нұрсұлу Сәрсенғалиеваны, 4 наурыздан Балауса Ахметәлиеваны жолдағанын мәлімдеді.

– Олардың Н. Сәрсенғалиевадан басқасы бір ай істемей жатып жұмыстарымен қоштасты. Мұның кілтипаны аталмыш мекеме әкімшілігінің оларды уақытша жұмысқа қабылдап, бір ай сынақ мерзімінде тегін жұмыс істетуіне байланысты болса керек деп ойлаймын, — дейді бас маман. Ал пошта тасушылық қызмет атқарған Нұрсұлу Сәрсенғалиева аудандық пошта мекемесі басшысының құзыретімен бір ай «сынақ мерзімінде» жұмыс істеп, ақшасын төлемегесін, аудандық прокуратураға шағымданған.

– Жазған арызымды прокуратура қарап, тексеріп, нәтижесінде бір айлық ақшамды пошта мекемесінен өндіріп алдым, — деді арызданушы үйіне барып онымен тілдескенімізде.

Мерзімді басылым тасымалының жай-күйін тұрғындардың аузынан естіген соң «Қазпошта» АҚ Жәнібек аудандық байланыс торабына келдік. Аталмыш мекеменің басшысы еңбек демалысында болып шықты. Басшының міндетін уақытша атқарушы, осы мекеменің бас маманы Аида Исқақова газет-журнал тасымалында бүгінгі таңда аудан орталығы бойынша екі адамның жұмыс істейтінін, бір орынның бос тұрғанын айтты.

– Биржа арқылы жұмысқа келгендер мұнда күні ұзақ жұмыс істегісі келмей, “20 мың теңгені көше тазалап жүріп-ақ аламыз” дейді. Келгендерінің өзі поштаны дұрыс тасымағасын тұрғындар телефон арқылы бізге шағым айтады, — дейді ол. «Сіздің мекемеде пошта тасушылармен еңбек шарты жасала ма, сондай-ақ пошташылардың бір ай сынақ мерзімінде тегін жұмыс істеуінің мән-жайын нақты түсіндіріңізші» деген сауалымызға бұл қызметке жаңадан кіріскен бас маман: «Оны басшымыз біледі», — деді.

Ал оқырмандар «Қазпошта» АҚ Жәнібек аудандық пошта байланыс торабының басылымдарды таратудағы кемшіліктердің салдарынан дер кезінде ақпаратқа, мазмұнды материалдарға қанық бола алмауда. Мұның шегі болар ма екен?..

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Иван Купала мерекесі

Күні: , 188 рет оқылды

DMS_5809


Сәрсенбі күні қаламыздағы мәдениет және демалыс саябағында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және «Грамада» белорус этномәдени орталығының ұйымдастыруымен Иван Купала атты мерекелік шара өтті.


Мерекеге қала әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат Ұлттық комиссиясы  төрайымының орынбасары Елена Тарасенко, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов қатысты. «Этнос күндері» аясында өткізілген шарада «Грамада» белорус этномәдени бірлестігінің төрағасы Вячеслав Беляев жиылғандарды мерекемен құттықтады. Еліміздегі ұлтаралық келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолында әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрін насихаттауды мақсат еткен шара қызықты сәттерге толы болды.

Иван Купала – Шығыс және Батыс славяндардың мерекесі. Бұл жазғы түн сиқырлы қасиеттерге толы, ең қуатты түн болып саналады. От, су және шөп бұл түннің басты күштері болып есептеледі. Мерекелік шарада алау жағылып, салт-дәстүрге негізделген ойындар ойналды. Жиылғандар ән шырқап, би биледі. Ертегі кейіпкерлері де осы мерекеден табылып, шара өте әсерлі өтті.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


«Кеңдаланың» «Мичурині»

Күні: , 221 рет оқылды

DMS_5904


Оралдың «Кеңдала» шағынауданындағы Мұрат Мөңкеұлы көшесінде ауласы жасыл желекке толы жалғыз үй бар. Әлгі жасыл желегіңіз, тал-теректер емес, әр түрлі жеміс ағаштары. Бұл үйдің жанынан өткен кез келген жаяу жүргінші шарбақтың іші-сыртында жайқалған ағаштарға тамсанбай, уылжып тұрған жемістеріне көз салмай өткен емес. Жері саз, топырағы құнарсыз әрі суы жоқ жерге осыншама жасыл желекті баптап өсірген бағбанның ісіне сырттай ырза болып жүруші едім. Жақында танысудың да сәті түсті.


«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»

– 2012 жылы осы жерге көшіп келіп, үйдің қоршауы бітпей тұрып жас көшеттер отырғыза бастадым. Алманың «башкирская красавица», «малиновка», «солнце дар», «пеструшка» дейтін сегіз түрінен тоғыз ағаш, бір алмұрт, 19 түп сары өріктің (абрикос) ташкенттік және жергілікті, шиенің талды (черешня), бұталы (войлочный) және қытайлық түрлері, шабдалының «некторин» деген түрі бар. Бүгінде бәрі кісі бойынан асып, аула ішіне көрік беріп тұр. Ағаштарымның алды жеміс бере бастады. Өнімдері де жаман емес. Бәрін де ғылыми негізге сүйеніп ектім. Бұдан бөлек таңқурай, қара қарақат (смородина), тікенді қарлыған (крыжовник) бар, – деп сөз бастаған Ермек Абдуловтың ешқандай агрономдық мамандығы жоқ болып шықты. Жаңақала ауданының Қызылоба ауылында туып-өскен ол ұзақ жыл бойы Е. Орақбаев атындағы орта мектепте әскерге дейінгі дайындық пәнінен сабақ берген. Бір қызығы, бағбандыққа ден қоюға жездесінің бірауыз сөзі ықпал етіпті.

– Қалада тұратын апа-жездемнің саяжайындағы жеміс ағаштары жақсы өнім беретін. Сол өнімнен біз де «ауыз тиіп үлгереміз». Бір күні жездем: «Біз саған қашанғы тасимыз, өзің ексең қайтеді, ауылда малдың қиы мен көңі тегін ғой» деп ақыл айтты. Ойлап қарасам, ауылда кәсіптің бұл түрін ешкім қолға ала қоймаған кез еді, тәуекелге бел будым. Алғашқыда екі түп алма ағашын ектім. Содан қызығушылығым оянып, бағбаншылық бағытындағы түрлі газет-журналдарға жазыла бастадым. Украинада шығатын журналдар арқылы алыстағы бағбандармен хат алысып, оқыған-тоқығандарымнан ғылыми негізде тәжірибе жинақтай бастадым. Енді көшеттерді жәй ғана емес, ғылыми тұрғыда егуді қолға алып, соңында 80 түп жеміс ағашына дейін жеткіздім. Алғашында шиенің «московская растунья», «саратовская расплетка», «карлыковая» және қытайлық түрлерін еккен едім.

Сайып келгенде, мәскеулік сұрпының биіктігі 6-7 метрге дейін жетеді екен де, оның ұшындағы өнімді жинау қиынға соғып, ақыры оны бақшамнан құрттым. Ал «карлыковая» жақсы гүлдегенімен, өнімі аз, оның да көзін жойдым. Тек сарытаулық және бұталы шиені ғана қалдырдым. Бұталы шиенің бір жақсы қасиеті жердің астын қуалап тарамайды, қай жерге ектің сол жерге шығады. Бірақ «өмірі» қысқа, 5-6 жылдық. Жемісі өте дәмді, сусындар мен тосап қайнатуға секер аз кетеді. Ауылдағы жерімнің кең болғаны сонша шырғанақ (облепиха), ранетка (алманың ұсақ түрі), қара өрік (слива) пен сары өрік (абрикос), алманың бірнеше түріне де орын табылып, тіпті бақша да салдым. Жеміс ағаштарына түрлі екпелерді өзім жасап, бірнеше сұрыптарын қолдан өзім шығаратынмын. Жазғы маусымда шиеден 30-35 шелек өнім жинайтынбыз. Ал алма ағаштары тонналап түсім береді, сусын мен тосап қайнатудан артылғанын кептіреміз, одан қалғанын сатамыз. Көрші-көлем, тамыр-таныс, туматуыс үйге келіп, қапшықтап тиеп кетеді. Тіпті жаз бойы қорадағы малды алмамен асырап шығушы едік. Оның бір пайдасы наурыз айында төлдеген бұзауды қыс түсе сойғанда, 100 келіден артық ет беруші еді. Соғымның семіздігін көргенде, жұрттың бәрінің есі кететін. Одан бөлек бақшамызда асқабақ, картоп, қызанақтың өзін 250-300 түп егіп, тек бау-бақшадан маусымына 70-80 мың теңге пайда түсіреміз. Бір қызық айтайын, ауылдағы жұрт қияр мен қызанақты «құралай» өткесін, яғни 25 мамырдан кейін еге бастайды, ал біз ол уақытта өнім жинаймыз. Себебі қолдан кішкене жылыжай жасап, ақпан айынан бастап көшет әзірлеп, үйдің ішіне егемін. Қызанақтарым сыртқа шыққанша гүлдеп барады, маусымның 15-20-ларына қарай пісе бастайды. Қыркүйектің 5-і күні күздің алғашқы салқыны (заморзка) сезіледі, соның қарсаңында ауылдың халқына жариялап, өнімді жинап алуға шақырамын. Содан бәрі қаптарын арқалап, тегін жинап кететін еді.

Әйтеуір, отбасымызбен жаз бойы бір тыным таппаймыз, содан шығар, ауылдастарымның бәрі мені «Қазақтың Мичурині» деп атап кетті, — деген Ермек ағайдың жүзінен өткен күндерге деген сағыныш байқағандай болдым.

Өкінішке орай, соңғы кездері денсаулығы сыр берген қария отбасымен қалаға көшуге бел буыпты. Үйді өз бағасына сатса да, қаншама жыл баптап, аялап, мәпелеп өсірген ағаштары үшін бірде-бір артық тиын сұрамапты. Тек «Ағаштарыма тимеңдер, сындырмаңдар» деген ғана өтініш айтыпты!

Көшеттерді тегін таратамын

Үйге келген кісілердің бәрі «Жері құнарсыз, топырағы саз, суы жоқ жерге жеміс ағаштарын егіп, үш жылда төрт метрге жеткізіп, жеміс алудың сыры неде?» деп таңғалысып сұрап жатады. Сонда мен: «Ол үшін күнмен таласып ерте тұрып, әр ағашпен амандасып, құшақтап, «Айналайын, өссейші, сен жақсысың ғой, жеміс берсеңші деп сылап-сипап өбемін» десем, ешкім сенбейді. Бірақ расымен де күндегі әдетім солай. Әр терегіме бала-келіндерімнің, немере-жиендерімнің атын қойдым. Мұндағы мақсат балалар әрқайсысы өз талдарын күтіп, баптасын, еңбекке үйренсін дегенім. Тіпті әр еккен ағашымның сызбасын сызып, қай жерде қандай ағаш егілгенін жазып қоямын.

Кеңес сұрап келетіндер өте көп. Иә, қалалық жерде күбір деген атымен жоқ. Ол үшін көк шөптерді жұлып, жинап, суға салып борсытып, тауықтың саңғырығын қосып үш-төрт күн ұстау керек. Жас көшеттің бой алып, тез өсуіне, топырақтың құнарлығын арттыруға қоспаның пайдасы мол. Шарбақтың сыртында 14 түп сары өріктің алды жеміс беруде. Біреулер «Мұны неге қоршамайсыз, бөтен адам теріп, жеп кетсе қайтесіз?» деп айтып жатады. Ал мен үшін ол маңызды емес, ең бастысы, терегімді сындырмаса болды. Ұяты бар адам бір-екеуін жұлып жер, етегін толтырып, шелекпен теріп кетпес деймін. Бір айтарым, бау-бақша еккен жерге шөп өспеу керек. Шөп ішінде жыбырлаған зиянкесі, оның жемістерге тигізетін кесірі көп болады. Соңғы жылдары көршілерім маған еліктеп ағаш отырғыза бастады. Көмегім болсын деп көктем мен күзде айналамдағы сұраушыларға жас көшеттерді тегін таратып беремін. Керек болса, егуге де көмектесемін.

Өйткені ауламыздың ауасы тазарып, айналамыздың жасыл желекке бөленіп тұрғаны тамаша емес пе?!

«Қызылобаның картобы Айдарханның қауынынан асып түсті»

– 1988-89 жылдары мектепте қызмет жасай жүріп, 10 гектар жерге оқушылармен картоп ектік. Кетпенмен суарған сол жылғы өнім күшті болды. Облыс орталығынан басшылар келіп, картобымызды мақтап, артынша «Пионерский правданың» тілшілері газетке шығарып, беделіміз едәуір көтеріліп қалған еді. Қазан айында аудан орталығындағы жәрмеңкеге қатысатын болып, өнімімізді апардық. Қызығы сол, картоптың әрқайсысы тәрелкенің үлкендігіндей болғаны сонша атақты Айдарханның қауынынан үлкен болып шықты. Бәлкім, қазан айына дейін ірілерін сатып жіберіп, жәрмеңкеге масақтары қалған шығар, жағдай солай болды. Әйтеуір, сол кезде ел ішінде «Қызылобаның картобы Айдарханның қауынынан асып түсті» деген әңгіме көпке дейін айтылып жүрді.

«Сегіз  қырлы, бір  сырлы»

Бағбандықтың бейнеті мен зейнетін қатар көріп келе жатқан Ермек Төлеуғалиұлы 70 жасты алқымдаса да, әлі тың көрінеді. Тек қыста инсульт соғып, аздап шаруадан қалған түрі бар. Бірақ «Мен ауырдым, маған жұмыс жасауға болмайды» деп үйінде жатқан ағайды көрмедік. Ылғи да кетпенін ұстап, бау-бақшасын баптап жүргеніне куә боламыз.

– Маған дәрігерлер бір жылға дейін ауыр жұмыс жасауға, еңкеюге болмайды деген. Алайда ағаштарымды суармасам, артық шөптерін жұлмасам, бір күн де артық өмір сүре алмайтынымды білемін, осының арқасында тәуір болдым. Жұмысымды жұбаныш қыламын. Ренжісем де осы жерге келемін, — дейді ақсақал өзі егіп, өзі күн сайын сәбидей мәпелеп жүрген  жеміс  ағаштарын  құшақтап.

Иә, зайыбы Бәтима апай екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, бүгінде немере-жиеннің қызығына бөленіп отырған жәйі бар. Ермек ақсақал тек ағаш егумен ғана айналыспайды, ағаштан ою ойып, шаруашылыққа қажетті барлық құрал-саймандарды өзі жасайды.

Яғни әрі суретші, әрі безендіруші. Баян аспабында бір кісідей ойнап, өлең жазады. Сынық салатын, емшілік қасиеті де бар. Кезінде жаздырып алған газет-журналдардың барлығын біріктіріп, екі үлкен кітап құрапты. Бүгінде шежіре таратып, бата шығарып, немерелеріне жаттатып жүрген ақсақалға зор денсаулық тілейміз. Ақсақал аман болса, әлі де талай жеміс ағашы егіліп, көшенің сәніне айналары сөзсіз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз, сірә, осындайдан қалса керек-ті.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Бас хатшымен кездесті

Күні: , 192 рет оқылды

shos_flagi-620x370


Шанхай ынтымақтастық ұйымында Қазақстан Республикасы төрағалығының басымдықтары талқыланды.


Осыған байланысты Бейжің қаласында Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышевтың Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Рашид Алимовпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар осы жылғы маусымда ШЫҰ саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген 2016-2017 жылдардағы Қазақстанның төрағалығының басымдылықтарын ілгерілету жолдарын талқылады. Ұйымдағы Қазақстанның төраға-лығы аясындағы негізгі іс-шаралар бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасу өтті.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 71-сессиясының «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзара әрекет ету» қарарын дайындау және қабылдау мәселесіне ерекше назар аударылды. 2017 жылғы маусымда Астанада өткізу жоспарланған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын жоспарлы және жүйелі дайындауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан елшілігі мен ШЫҰ Хатшылығының бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындау және бекіту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ш. Нұрышев сұхбатында “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысы туралы хабардар етті және алдағы іс-шараға белсенді қатысуға шақырды. Кездесу соңында ШЫҰ-ның Бас хатшысы Қазақстан төрағалығы Ұйымның қызметін айтарлықтай белсендіруге және оның халықаралық аренадағы рөлі мен орнын жоғарылатуға ықпал ететініне және Астанада алдағы ШЫҰ саммиті сәтті өтетініне сенім білдірді.

«Егемен-ақпарат»


«Жергілікті салық жергілікті жұрттың игілігіне жұмсалуы тиіс»

Күні: , 208 рет оқылды

лавр хайретдинов


Сейсенбіде Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында кезекті баспасөз мәслихаты өтті.

Бұл жолы жергілікті БАҚ өкілдерінің басын қосып, Жаңақала ауданының тыныс-тіршілігі жайлы аудан әкімі Лавр Хайретдинов баяндады.


Әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші оның демографиялық дамуы дейтін болсақ, Жаңақала ауданының демографиялық көрсеткішімен мақтануға болады. Бүгінде ауданымызда 24 311 халық бар. Жыл сайын дүниеге келген сәбилер саны артып, түрлі себеппен қайтыс болып жатқандар саны азайып келеді. Ауданның табиғи өсімі 110 пайызды құрайды. Бұл өңірден сонау тоқырау жылдарында жұрт көшпеген, ырыздықтарын атамекендерінен тауып, барға қанағат қылып, малдарын өсіріп отыра берген. Керісінше, Жаңақала секілді құтты өңірге өзге жақтан көшіп келушілер көбейіп, сол жылдары аудандағы халық саны 5-6 мыңға артты.

Келесі негізгі көрсеткіштердің бірі – бұл бюджет көлемі. Ауданымыздың бюджет көлемі жыл өткен сайын өсе түсуде. Мысалы, 2015 жылғы бюджетке түсім мөлшері 528 миллион теңге болса, осы жылдың алты айында 304 млн. теңге бюджетке құйылды. Үш (3) миллиард теңгеге жуық ауданның жылдық бюджетінің 80 пайызын біз мемлекеттік бюджеттен аламыз, ал қалған 20 пайызы жергілікті жерден жиналған салықтан құралады. Сонда аудан бюджетін негізінен мемлекеттік қазынадан бөлінген қаражат толықтырып отыр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біз малды ауданбыз, уақыт өткен сайын мал басы өсіп, онымен айналысатын шаруа қожалықтарының саны көбейе түсуде. Міне, біз осыны пайдаланып, жергілікті бюджетті осы шаруа қожалықтарынан және жеке аулада мал ұстайтындарға салық салу арқылы толықтыруымыз керек. Және жергілікті кәсіпкерлерден жиналған салық түсімі тек сол жердің тұрғындарының игілігіне жұмсалуы тиіс. Сонда ғана біздің бюджетіміз түзеледі. Бұл тәсілмен әжептәуір қаржы көзін жасақтауға болады, біз оны өз тәжірибемізден көріп отырмыз. Мысалы, 2015 жылғы 528 млн. теңге көлеміндегі аудан бюджеті кірісінің 2,5 миллион теңгесін ауданның шаруа қожалықтарына қатысты қаржылай төлем-түсім құрады. Бұл өте мардымсыз салық мөлшері. Яғни барлық түсімнің 0,46 пайызы ғана. Бұл, әрине, өте аз мөлшердегі қаражат, бірақ біз егер осыны заңдастырса, жергілікті шаруа қо-жалықтарынан тәп-тәуір қаражат жинауға болатынын дәлелдедік. Біз осыны үлкен басқосуларда үнемі айтып келеміз. Қазіргі кезде елімізде көптеген заңдарға өзгеріс енгізілуде, соның нәтижесінде ауылдық округтерге дербестік беріліп жатыр. Осы өзгерістерге байланысты ауылдық округтер өз бюджеттерін жасақтауы керек. Жаңағы біздің ұсынысымыз тап осы жерде тиімді. Өйткені тәжірибе көрсеткеніндей, ауылдық округ бюджетін ешқандай айыппұл немесе округ әкімдерінің өкілеттілігі толтыра алмайды. Сондықтан, менің ойымша, жергілікті қауымдастық, соның ішінде ауылдық округтер, жалпы атқарушы билік елдің малының саны көбеюі үшін, оның есебі түзелу үшін осы саладан бюджеттік түсімдерді алу жолын өзгертуі керек сияқты. Қысқасы, Бюджеттік кодекске өзгеріс енгізу керек. Біз ауылдардағы шаруа қожалықтарына 25 жыл бойы көмектестік. Бүгінде олардың барлығы аяқтарынан тұрып, өз беттерінше өмір сүре алатындай, табыс табатындай жағдайға жетті. Енді олар елдің дамуына, экономиканың өркендеуіне қызмет етуі керек. Осы себепті жаңағы айтқан шараға бару қажет деп есептеймін.

Жаңағы бюджеттің сыртында біздің ауданға даму бюджеті бойынша жыл санап, жақсы қаражат бөлініп келе жатқанын айта кеткім келеді. Мысалы, былтырдың өзінде 5 миллиард теңгенің көлемінде құрылыс, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылғы алты айда 2 млрд. 560 млн. теңгенің шаруасы жасалып жатыр. Бұл – Чапай – Жаңақала – Сайқын жолының күрделі жөндеуі, коммуналдық 19 тұрғын үйдің құрылысы, Орақбаев атындағы орта мектептің жөндеу және тағы басқа нысандарды жөндеуге, құрылыс жұмыстарына қарастырылған мемлекет қаржысы.

Біздің аудан, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. 2 млн. гектардың үстінде жеріміз бар, бүгінде соның 60 пайызын пайдаланып отырмыз. Жалпы малдың өсімін білу үшін біз төрт түлікті шартты басқа айналдырып, екі жылмен салыстырдық. Сонда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда мал басы алты пайызға өскен, яғни ауданымызда 91 мың 294 шартты мал басы бар. Бұлардың 60 пайызы шаруа қожалықтары мен серіктестіктерде, 40 пайызы жеке иелікте. Біздің болашақтағы мақсатымыз – қалай болғанда да ұйымдасқан шаруашылықтардағы мал санын көбейту. Біз қазіргі таңда осы бағыттағы түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізудеміз. Ауданымызда ауылдың бір адамына шаққанда төрт шартты басқа дейін мал бар, бұл – облыстағы Бөкей ордасы ауданынан кейінгі көрсеткіш. Ауданымызда төрт түліктің саны өсу үстінде. Біздің аудан еділбай қойы мен көшім жылқысының отаны болып есептеледі. Кезінде республикамыздың Алтын кітабына жазылған еділбай қойы мен көшім жылқысын өсіру қазір де жалғасуда. Ауданда асыл тұқымды еділбай қойын өсірумен 3 шаруашылық, көшім жылқысын өсірумен үш шаруашылық, асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 15 шаруашылық айналысады.

Соңғы жылдары аудан шаруалары шетелдерден, алыс-жақын аудан, облыстардан асыл тұқымды ірі қара малын көптеп сатып алуда. Негізінен, біздің аудан ірі қара санын және жылқы санын көбейтуге күш салмақ. ХІХ ғасырдың соңында қазіргі Жаңақала ауданының аумағында 40 мың халық тұрған және жергілікті жұрттың 70 мың ірі қарасы, әрқайсысы 25 мыңнан жылқы мен түйесі, 200 мың қойы болған. Біз қалай болғанда да, ауданды осы көрсеткішке жеткізуіміз керек. Ал кешегі Кеңес дәуірінде совхоз болған кездегі көрсеткішті біз қазірдің өзінде қуып жеттік. Тек қой саны ғана аздап кемшіндеу, қалған көрсеткіштерге біз артығымен жеттік деп мақтанышпен айта аламын.

Енді асыл тұқымды малға келсек, бұл бағыттағы көрсеткішіміз облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда жақсы, тіпті төрт түлік бойынша да. Мысалға айтар болсақ, 2012 жылы ауданға 94 бас асыл тұқымды мал сатып алынса, 2014-2015 жылдары 700 бастың үстінде ірі қара сатып алыппыз. Биылғы алты айда ауданға 450 бас асыл тұқымды ірі қара алынды. Тап осы жағдай қой және жылқы шаруашылығына да тән. Асыл тұқымды мал өсірген соң оны басқа жерлерге сату керек. Былтыр аудан 224 бас ірі қараны өзге аймаққа сатса, биылғы 6 айда 176 бас ірі қара сатыппыз. Жалпы, мал сату науқанының жаңа басталып жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін тағы біраз көтеріледі деп ойлаймын. Негізі, мал шаруашылығын дамыту үшін асыл тұқымды мал басының үлесі табында 30 пайыздан кем болмауы керек. Біздің мақсатымыз – болашақта аудандағы асыл тұқымды мал басын осы көрсеткішке жеткізу. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының мал басын өсіруге септігі көп. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасын 132 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасын 175 пайызға, «Құлан» бағдарламасын 141 пайызға орындадық. Биыл жоспарды тағы да асыра беріп отырмыз, мұны да орындайтынымызға сенемін. Бірақ, менің ойымша, мұндай қаржыны бізден гөрі мал басы аз аудандарға беру керек, өйткені мал басын өсіруде олар қаржылай қолдауға мұқтаж. Малды тек қана Нарынға ғана толтыра бермей, басқа да аудан-дардың мал басын көбейтуіне мүмкіншілік берген дұрыс.

Ал енді «Агробизнес – 2020» бағдарламасына келер болсақ, бұл бағдарлама бойынша үш шебер жоспар аясында ауданымызда 11 жоба жүзеге асырылуда. Осы жоспарлы жұмыстардың арқасында жыл өткен сайын мемлекеттен алып отырған демеуқаржы (субсидия) көмегін алып отырғандар саны артып келеді. Мысалы, былтыр жарты миллиардқа жуық қаржы алыппыз. Бұл, әрине, шаруашылықтың дамуына үлкен ықпалын тигізуде. Тағы бір айта кететін нәрсе, ауданымыз ауыл шаруашылығы техникасын көптеп сатып алуда. Аталған көрсеткіш бойынша біз облыс бойынша алдыңғы орындамыз. Күні бүгін ауданда 70% техника жаңартылды. Соңғы төрт жылда 270 дана техника сатып алынды. Ауданның ауыл шаруашылығының дамуы жоғарыдан үш өзеннен келетін суға байланысты. Биыл Жайықтан суды жақсы алдық әрі биыл жаңбыр да жақсы жауып тұр. Сондықтан былтырғымен салыстырғанда биыл жағдайымыз әжептәуір жақсы. Шөп шабуды бастағанымызға 1 ай болды, қазірдің өзінде шаруалар шөптің 70 пайызын дайындап алды. Биыл шөптің екі жылдық қорын жинап алу жөнінде үгіт-насихат жұмысын жүргізудеміз. Кез келген шаруашылық суға тәуелді. Сондықтан су мәселесі қашан да басты назарда болуы тиіс. Оның үстіне Елбасының бұрынғы көлтабандарды сумен қамту жөнінде тапсырмасы да бар. Осыған орай жақында ауданымызға келген облыс әкімі Алтай Көлгінов су мәселесін шешуге бағытталған тапсырмалар берді. Осы мақсатқа тиісті қаражат бөлінуде, бұйырса, бұл мәселе жуық арада шешілетін шығар.

Кәсіпкерлік – экономиканы жандандыратын маңызды фактор. Ауданымызда кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтіндердің саны, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардан бюджетке түсетін салық көлемі де жыл өткен сайын артып келеді. Мемлекет қолдауының арқасында жаңа нысандар көптеп ашылуда. Соңғы төрт жыл ішінде аудан тұрғындары өздерінің жеке кәсібін жүргізу үшін 2 миллиард 839 миллион теңге несие алды. Бұл да халықтың әлеуетінің жоғары-лағанын көрсетеді. Осы атқарылған шаруалар мен мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру нәтижесінде ауданымызда жұмыссыздар саны төмендеп, әлеуметтік жәрдемақы алатындар да азайды, – деген Лавр Рашидұлы бұдан әрі аудандағы білім, денсаулық және мәдениет саласында атқарылып жатқан оңды істер жайлы әңгімеледі.

Жиын соңында аудан басшысы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Құтқарушы күні» қызықты өтті

Күні: , 184 рет оқылды

IMG_4901 (2)


П. Атоян атындағы стадионда «Құтқарушы күні» атты III халықаралық слет өтті. Қазақстан, Ресей және Германияның жас өрт сөндірушілері қатысқан слет өрт эстафетасынан өту, жауынгерлік қанат жаю және альпинистік өту сынды шарттардан құралды.


Өрт сөндіру-құтқару спорты – бұл адам өмірін құтқару саласы. Оған өрт сөндіру тәжірибесінде қолданылатын түрлі тәсілдердің кешені кіреді. Өрт сөндіру-құтқару спортындағы әрбір сайыс өрт сөндірушінің шынайы жауынгерлік дайындығының элементтері бар жаттығуларды орындаумен тікелей байланысты болса, ал спортшылар пайдаланатын техникалық құралдар өрт сөндіру-техни-калық құрал-саймандарынан алынған. Жасөспірімдерді шапшаңдыққа, ептілікке және дәлдікке үйрететін слет өте қызықты өтті.

Спорттық жарыс барысында балалар одан әрі бірігіп, әрбір қатысушы жетекшілік рухын және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Жас өрт сөндірушілер волейбол мен футбол ойнады. Олардың іс-қимылының үйлесімділігі, қайсарлығы мен өртті сөндірудегі батылдығы көрермендердің көңілінен шықты.

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан атынан шыққан балалар жеңіп алды. Екінші орынды Ресей, үшінші орынды Германиядан келген қонақтар иеленді.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика