Мұрағат: 28.06.2016


Аудан әкімдігі мешітте ауызашар берді

Күні: , 163 рет оқылды

IMG_1438


Он екі айдың ұлысы – Рамазан  айында  риясыз ниетпен ораза ұстау қаншалықты  салмағы терең іс болса, ораза ұстаушыларға ауыз аштыруда сауапты болмақ. Мұсылманға міндетті бес парыздың бірі – оразаны ұстау  адам бойындағы  сабыр мен төзімнің  сыналар сәті.  Тек ауызды ғана астан тыю емес,  көз бен құлақты да харам нәрседен қашық ұстауға міндеттейтін  осынау ұлық айда аудандық мешітте  ауызашар беру игі дәстүрге айналып отыр.


Кешегі қасиетті жұма күні аудан әкімдігінің аппараты аптап ыстықта ауыз бекітіп, Алланың сауабына  кенеліп отырған жерлестерімізге дастархан жайды. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин өз сөзінде  мұсылмандық парызын адал атқарып, жан мен тәнін тазартып, сауабы мол айда  жыл бойы орындалар жетпіс  парызды өткергенмен бірдей іс атқарып отырған жамағатқа, соның ішінде  бағзы замандардан бері ұстанып келе жатырған дәстүрлі дініміздің тұғырын бекемдеуге атсалысып отырған жастарымыздың қатарының молайып келе жатқанына алғаусыз көңілін білдіріп,  мықты денсаулық, қажыр-қайрат, елімізге бақ-береке, жаңа табыстар мен өрлеу, тыныштықтың бесігінде тербелген мемлекетіміз  дами берсін деген ақ тілегін білдірді.

Алдыңғы жасқа аталы сөзін, ақылын айтқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді  Уәлиев пен ауыл ақсақалы Ибрайым Сұлтанов сынды үлкендердің тағылымды әңгімесі ұғынықты уәжге бас иер жұртшылықтың көңілінен шықты.

Мешіттің бас  имамы Есенболат  қажы Абдуғалиев ислам діні хақында жұртшылыққа уағыз айтты.

Ахмедияр ҚУАНҰЛЫ,

Жәнібек ауданы


Екі мыңнан астам бос жұмыс орнын жасырып келген

Күні: , 360 рет оқылды

DSC_0141


Өткен жұма күні облыстық прокуратураның мәжіліс залында өңір прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің төрағалығымен алқа отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстың құқық қорғау, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. Сонымен қатар аудан әкімдері мен прокурорлары, аумақтық жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, жекелеген қалалық және аудандық емханалардың, денсаулық сақтау ұйымдарының директорлары алқа  жұмысына бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.


Алқа отырысында «20152016 жылдың өткен кезеңіндегі халықты жұмыспен қамту туралы заңнамалардың, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерімен бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді толық және мерзімінде жолдау кезіндегі заңдылықтың сақталуын тексеру» турасында баяндама жасаған облыс прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы Жаннұр Ахметбек анықталған бірқатар заңбұзушылықтарға тоқталып өтті.

– Прокуратура қызметкерлеріне облыс аудандарында жүргізілген азаматтарды жеке қабылдау кезінде бірнеше тұрғын жұмыс таба алмай жүргені туралы шағымданған болатын. Мемлекеттік ұйыммекемелерге жүргізілген ішінара тексеріс барысында прокуратура органдары мен жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары туралы, жұмыспен қамту орталықтарына уақтылы хабарламау және бос жұмыс орындарын  уақтылы толықтыру бойынша  шаралар қабылдамау фактілері негізінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Жұмыссыз тұрғындарға көмектесу үшін аудандағы бірқатар мемлекеттік мекемелерді аралап тексергенде, олардың барлығында бос жұмыс орындары бар екені анықталды. Сол орындарға бізге жүгінген азаматтарды орналастыруға ықпал еттік. Бұл жағдайды талдай келе, мемлекеттік мекеме басшыларының заң талаптарын елемей, біршама уақыттан бері  бос тұрған жұмыс орындары туралы жұмыспен қамту орталығына хабарламай отырғанына куә болдық. Жұмыс берушілер бос жұмыс орындары бола тұра, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа алудан негізсіз  бас тартады, бұл жұмыссыздықтың жоғары деңгейінің сақталуына әсер етеді. Мемлекеттік ұйым-мекемелерге жүргізілген ішінара тексерістер барысында бос жұмыс орындары туралы мәліметті жолдамаудың екі мыңға жуық фактісі анықталды. Тексеріс жүргізілген мемлекеттік ұйымның үштен бірі, яғни 223 мекеменің тек  бесеуінде ғана бұл бағыттағы олқылық жіберілмеген. Заңбұзушылықтың көп бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінен анықталды. Тексеріс барысында білім беру саласы бойынша  – 644, денсаулық сақтау саласында 400 бос жұмыс орны табылды. Мысалы, «Қалалық жедел медициналық көмек бекеті» ШЖҚ МКК жарты жылда жұмыспен қамту орталығына 139 бос жұмыс орны бойынша мәліметті жолдамаған, оның ішінде 105 жұмысшы жұмыспен қамту орталығының жолдамасынсыз жұмысқа қабылданған, ал тексеріс кезінде 34 бос жұмыс орны анықталды, – деді Жаннұр Ахметбек.

Сонымен қатар ол өз баяндамасында прокурорлық ықпал ету шараларының оң қорытынды бергендігін, атап айтқанда, мемлекеттік кәсіпорындар мен жұмыспен қамту орталығына 60 бос жұмыс орны туралы мәліметтің жолдануы қамтамасыз етілгендігін, 54 азаматтың жұмысқа орналасқандығын атап өтті. Халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманы бұзғаны үшін 50 тұлға әкімшілік, 44 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтаса, өңірде жұмыссыздық деңгейін азайтуға мүмкіндік бар екендігі аталды.

Осыған байланысты облыс әкімдігіне мемлекеттік ұйымдардағы бос жұмыс орындарына, оларды жұмыссыз тұлғалармен уақытында толтыру бойынша, оның ішінде жұмыс берушілердің сұранысына байланысты қайта даярлау арқылы толтыру бойынша шаралар қабылдай отырып, ревизия жүргізу мәселесі қойылды.

«2014-2015 жылдардағы және 2016 жылдың өткен кезеңіндегі денсаулық сақтау саласындағы халыққа кепілдік берілген тегін медициналық көмек көрсету кезіндегі заңдылықтың жай-күйі» туралы баяндама жасаған облыс прокурорының орынбасары Талғат Идрисов та бірқатар құқықбұзушылық факторларына тоқталды.

– Тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша заңнаманың қолданылуына жүргізілген тексеріс пен медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуінен, медициналық құрылғыларды пайдаланбаудан, дәрілік препараттарды ақылы негізде заңсыз сатудан, медициналық препараттарды жоғары бағамен алудан, дәрілерді қажеттілігі бойынша қалыптастырмаудан бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. 2012 жылдан бастап Сырым аудандық орталық ауруханасында заңнама талаптарына қайшы келетін, дәрі-дәрмектерді бөлшектеп сататын жеке ақылы дәріхананың қызмет ететіні анықталды. Аудан орталығында дәрі-дәрмектерді бөлшектеп сататын екі жеке дәріхана бар. Осындай заңбұзушылықтар Бөкей ордасы, Ақжайық, Қаратөбе, Зеленов аудандарында анықталды. Бұдан бөлек, Сырым аудандық орталық ауруханасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсынуға арналған дәрі-дәрмектерді заңсыз сату, сондай-ақ осы аурухананың есепшісіне тиесілі дәріхана арқылы дәрі-дәрмектерді заңсыз сату фактілері белгілі болды. Денсаулық сақтау ұйымдарында жүргізілген таңдаулы тексерістермен жалпы құны 38 млн. теңгеден астам, тоғыз медициналық жабдықтың пайдаланылмай тұрып қалу фактілері тіркелді. Сондай-ақ дәрі-дәрмектердің формулярына кіретін дәрі-дәрмектермен науқастарды толық көлемде қамтамасыз етпеудің 44 фактісі анықталды. Дәрі-дәрмектердің жетпеуінің салдары облыстық кардиологиялық  орталығының науқастарының дәрігерлердің тағайындауы бойынша құны 5050 теңге болатын «Цераксон» дәрісін өздерінің қаражатына сатып алуларына әкелген, – деді Талғат Идрисов өз баядамасында.

Прокуратура органдарымен заңбұзушылықты жою туралы 28 ұсыныс енгізіліп, үш қылмыстық іс қозғалған. Алқа отырысында денсаулық сақтау басқармасына және басқа да мемлекеттік уәкілетті органдарға осы саланың жағдайын жақсартуға бағытталған ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.

– Бұндай заңбұзушылық фактілері қайталана беретін болса, құзырлы мекемелерге деген сенім жоғалады. Сондықтан бұл мәселенің шешілуіне бірлесе атсалысуымыз қажет. Прокуратура жұмыстың заң талаптарына сай жүргізілуін үнемі бақылап отырады. Жоғарыда аталған заңбұзушылық  фактілері аяқсыз қалмайды. Олқылық жіберген мекеме-кәсіпорын басшыларына қатысты әкімшілік, қажет жағдайда қылмыстық іс қозғалатын болады, – деді алқа орырысын қорытындылаған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Өң мен түстей екі күн

Күні: , 160 рет оқылды

IMG-20150707-WA0018


Сарыарқаның сайын даласында Отанымыздың жаңа Елордасы, өркендеу үстіндегі Қазақстанның орталығы  Астана  қаласы бой түзеді. Ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі осы Есіл бойында орда тіккендері тегін болмаса керек. Қысқа  уақыт ішінде Астана әлемдегі ең жас та танымал астаналардың бірі ретінде нақты елордалық ауқымға ие болды. Бүгінде алып шаһарымыз үнемі даму үстінде.


Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «Бүгінгі Астана мен келешек Астана – бұл біздің стратегиялық ойларымыз бен ұмтылыстарымыздың ең басты жемісі».

Астананың дамуы – бұл бүкіл Қазақстанның дамуы деген сөз. Оның айқын айғағы ретінде ел экономикасындағы жетістіктерді атап өтуге болады. Еліміздің жетістіктерін барша қазақстандықтармен бірге біздің Жәнібек ауданы тұрғындары да сезінуде.

Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымыздағы жалпы білім беретін орта мектептердің тоғыз оқушысы қатарында А. Оразбаева атындағы негізгі мектептің мұғалімі Саида Айтжанқызының бастауымен Астана қаласында саяхатта болып қайтқан аталмыш мектептің түлегі Гүлсезім Темірғалиева өз әсерімен былайша бөлісті:

— Ару Астанамыз күннен-күнге көркейіп, қарыштап дамып келеді. Біз оның көздің жауын алатын барлық жерін араладық. Бәйтерекке барып Елбасымыздың қолы бедерленген ескерткішке қолымызды қойғанда, жүректерімізді қуаныш кернеді. Атамекен, Оқушылар сарайы, Елбасы мұражайы, Ұлттық мұражай, Есіл жағалауы, Ханшатырға барғанымыздың бәрі ғажайып бір түс секілді көрінді. Біздер шетелдерден келіп, қаламыздың әсем жерлерін аралап, тамсанып жүрген шетелдік қонақтарды да көрдік. Астана қаласында екі-ақ күн болсақ та, ешқашан ұмытылмастай әсер алғанымыз анық. Арқаның төрінде сылдырап аққан ерке Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астана қаласын келе жатқан туған күнімен құттықтаймын!

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек ауданы


Журналистер сайысы

Күні: , 204 рет оқылды

DMS_3131


Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай кеше «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл және  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Сүндетқали Сариевті еске алуға арналған  журналистер арасында шахматтан облыстық турнир өтті.


Сайысқа облыс орталығындағы ардагер журналистермен қатар «Қазақстан» РТРК  «Қазақстан – Орал» филиалының журналистері қатысты.

Турнирді «Жайық Пресс» ЖШСның бас директоры Жантас Сафуллин ашып, шаршы тақтада сынға түсуге тілек білдірген қылқалам шеберлеріне сәттілік тіледі.

«Жайық Пресс» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Еламан Әйпішев бүгінгі турнир ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және журналист-ақын Сүндетқали Сариевті еске алуға арналғанына тоқталды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығын  тілге тиек етті.

Журналист-ақын Сүндетқали Сариевтің ұлы, кәсіпкер Дархан Сариев жиналғандарды кәсіби мереке – Журналистер күнімен құттықтады.

Жарыс өте тартысты өтті. Әсіресе, ардагер журналистер үлкен белсенділік танытты. Жастары шау тартқандарына қарамастан, Аманкелді Ақмырзин, Мәжит Қайырғалиев, Энгельс Шыңғали секілді ардагерлер шаршы тақтада шеберлік танытып, шах-мат  тактикасын жетік меңгергендіктерін және ой өрнегін көрсете білді.

Турнир қорытындысында бірінші орынға ардагер журналист Тихон Әліпқалиев, екінші орынға телестудия өкілі Эльдар Аюпов,  үшінші орынға тележурналист Ақболат Қатешев ие болды.

Жеңімпаздарға «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының алғысхаты мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Еламан БАДЕНҰЛЫ


Қаратөбе ауданы мал басын көбейтуі керек

Күні: , 177 рет оқылды

IMG_7573


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов іссапармен Қаратөбе ауданында болды.


Өңір басшысы алдымен «Жымпиты – Қаратөбе» автожолын орташа жөндеу жұмысымен танысты. 55 км жолды орташа жөндеуден өткізу үшін құны 2,6 млрд. теңге тұратын бұл жобаға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс берген. Былтыр 1 млрд. теңгеге жолдың 21  шақырымы жөнделген. Ал биылғы жоспар бойынша қазан айына дейін қалған 34 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Бас мердігер «Uniserv» ЖШС-ның жетекшісі Нұрғазы Сәтбаевтың айтуынша, жұмыс жоспарлы мерзімінен бұрын тәмамдалмақ.

Мұнан кейін облыс әкімі Үшағаш ауылының маңындағы күрделі жөндеуден өткен «Қалдығайты көлтабанды суландыру жүйесі» нысанында болды. Құны 88,7 млн. теңгені құрайтын 10 мың гектар шабындық, ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруды көздейтін жоба өткен жылдың желтоқсан айында сәтті жүзеге асқан. Нәтижесінде биылғы көктемде 8 мың 585 гектар жерге су шығарылып, мал азығының екіжылдық қорын даярлауға мол мүмкіндік жасалған. Өңір басшысы осы жерде Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі бес елді мекенді «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамтитын жабдықтау жүйесінің жобасымен танысты. Бүгінгі таңда Шөптікөл және Сулыкөл ауылдары «Таза су» бағдарламасымен 2007 жылы салынған орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ал Үшағаш және Үшана ауылдары үшін таза су Қаратөбе ауылынан тасымал болып отыр. Соналы ауылы болса шахталы құдықтарды пайдалануда. Жоба жүзеге асқан жағдайда 4 235 адам таза ауыз сумен қамтылады. Құны 936 миллион 603 мың теңгеге бағаланған жобаны жүзеге асыруға тоғыз ай жеткілікті деп есептелген. Жобалық құжаттама 2014 жылы қабылданған. Облыс әкімі бұл жұмысты екі кезеңге бөліп жүзеге асыру жолдарын қарастыру керек екенін айтты.

Өңір басшысы Аққозы ауылдық округіне қарасты «Жайна» шаруа қожалығының мал азығын әзірлеу жұмыстарын көріп, сол жерде аудандағы бірнеше шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздесті. Шаруалар күрделі жөндеуден өткен бөгеттің мол пайдасы тиіп, шабындық жайқалып шыққанымен, жиі жауған жаңбыр мал азығын даярлауға аздаған кедергі келтіріп тұрғанын айтады. Облыс әкімі шаруашылыққа қолайлы аудан үшін жылқы саны аз екендігіне тоқталып, аталмыш аймақтың географиялық орналасу ерекшеліктерін пайдалана отырып, Қамбар ата түлігін, сондай-ақ жалпы мал басын көбейте түсуді қолға алу керектігін ескертті. Ол бұл бағытта шаруаларға мемлекеттік бағдарламалар жұмыс жасап тұрғанын, қажетті қаражаттың жеткілікті екенін айтты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Құсайын Мұқанов басшылық ететін «Қоржын» және «Сатыбалды» шаруа қожалықтарында болды. «Сатыбалды» шаруа қожалығы 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 39 млн. теңгеге ірі қараның 196 бас аналығын, 2014 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 48 млн. теңгеге 162 бас бие, 10 бас айғыр алған. Сондай-ақ қазақтың ақбас сиырының тұқымына жататын 99 бас қашар сатып алып, асыл тұқымды мал санын көбейтіп отыр.

– Қос қожалығымда 15 мың гектар жер бар. «Сатыбалды» шаруа қожалығы қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсірумен айналысады. Мұнда қазіргі уақытта бұзауларын қоса есептегенде 800 бастай ірі қара малы бар. Ал «Қоржын» шаруашылығындағы 400 бас қылқұйрықтының алпыс басы ақтөбелік жабы асыл тұқымды жылқысынан әкелінді. Мал жайлауға шығады. Жайлауға да типтік үлгідегі үйлер салып, оларды күн нұрынан қуат алатын құрылғылар арқылы электр энергиясымен жабдықтадық. Болашақта жоңышқа, өзге де көпжылдық екпе шөптер егіп, мал азығын даярлаудың түрлі әдістерін қолға алғымыз келеді. Бірақ соңғы жылдары Жақсыбай өзенінен толығатын көлтабандар ондағы бөгеттердің ескіруі салдарынан сусыз қалып жүр. Ол жерге жаңадан бөгеттер салынса, екі мың гектардай жерді суландыруға болады. Ал біздің шаруашылығымыз үшін оның 400-500 гектары да жеткілікті болар еді. Аудан орталығынан бес шақырым қашықтықтан жер алып, мал сою, бордақылау кешенін салмақшымыз. Ол үшін мәскеулік ауыл шаруашылығы мамандарымен келісім жасастық. Олар бізге күніне 20-30 бас мал соятын цех орнатып бермек. Қазіргі уақытта шаруашылықта 200 бас бие құлындағалы тұр. Амандық болса келесі жылы құлындайтын биелердің саны 300-ге жетпек. Сол кезде бие сауатын жерге электр энергиясын жеткізу мәселесі шешілсе, сүттен ұнтақ жасауды қолға алмақпыз. Көктемде Қарағанды облысының Осакаров ауданына барып, бие сүтінен ұнтақ жасау технологиясымен таныстым. Қытай Халық Республикасында болып, ондағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізудің озық үлгілерін көріп келдім. Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетінің ғалымдарымен малды асылдандыру бағытында тығыз жұмыс жасаудамыз. Ғалымдар мен еңбек ететін жастар үшін шаруашылық басынан аумағы 150 шаршы метрлік үй салудамыз. Сондай-ақ бұл жерге көгілдір отын тарту үшін 33 млн. теңгенің жобасын жасадық. Малды құдықтан суару жүйесі автоматтандырылған. 2014 жылы 2,5 млн. теңгеге құдық қаздырып, таза тұщы су шығарған едім. Ол үшін былтыр мемлекеттің сексен пайыздық демеуқаржысына ие болдым. Шаруашылықта 23 кісі еңбек етеді. Бәрі де өз ауылымыздың адамдары. Ендігі мәселе бұл бағыттағы жұмыстарға жастар жағын тарту болып тұр. Болашақта мал шаруашылығы саласында, механизаторлық бағытта еңбек еткен қызметкерлерге мемлекет тарапынан ертерек зейнетке шығу секілді түрлі жеңілдіктерді қарастырса, бұл салада жұмыс жасаудан ешкім де қашпас еді деп ойлаймын, – дейді Құсайын Ізімұлы. Облыс әкімі шаруашылық басшысы баяндаған мәселелерге байланысты билік тарапынан қолдау болатындығын  жеткізді.

Өңір басшысы жеке кәсіпкер Сержан Ашығалиевтің аудан орталығындағы «DEM» алкогольсіз сусындар өндіру цехына бас сұқты. Кәсіпкер өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 11 млн. теңге несие алып, өз жұмысын бастаған. Бүгінде жаңадан ашылған жұмыс орнында бес адам қызмет етеді. Облыс әкімі осы жерде ауданның бірқатар кәсіпкерлерімен жүздесіп, олардың жұмыс бағыттарымен танысты. Солардың бірі, жеке кәсіпкер Гүлнәр Мұсаева тәуелсіздік алғаннан кейінгі  алғашқы жылдарда өз кәсібін қолға алған. Бүгінде азық-түлік дүкені мен сексен орындық асханасы бар. Ол 13 отбасын жұмыспен қамтып отыр. Олардың арасында аз қамтылған жанұялар да бар.

– Қарауымда қызмет ететін отбасылардың бірінің екі бөлмелі үйі болды. Онда үш жанұя бірге тұрып жатты. Көп балалы әрі үйінде үлкен кісі бар еді. Біз ол үйге бас сұққан сайын үлкен кісі риясыз көңілімен батасын береді. Содан отбасымызбен ойлана келіп, бір сатылатын үйді өздеріне алып бердік. Бұдан бөлек тағы үш отбасына ауданы 100, 130, 160 шаршы метрді құрайтын құрылысы аяқталмаған үйлерді сатып әперіп, қажетті материалдармен көмектесіп жатырмын. Әр үйге 3 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсаудамын, – дейді Гүлнәр Орынбасарқызы.

Облыс әкімі Қаратөбе ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудан жастарымен кездесіп, оларды қандай мәселелер толғандыратынын сұрады. Қалдығайты орта мектебінде математика пәнінен ұстаздық ететін жас маман Мәди Қайырғалиев ауылында ғаламтор жылдамдығының тым баяу екенін айтты. Мәселе шешілсе, оқушыларға білім берудің заманауи әдістерін қарастыруға, сондай-ақ ауыл тұрғындары әр түрлі құжаттар үшін аудан орталығына сабылмай-ақ, электронды үкіметтің игілігін көруге болатындығын алға тартады ол. Ал «Алтын белгі» иегері атанған биылғы мектеп түлектерінің бірі Алтай Көлгіновтен «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алудың жай-жапсары туралы ақыл-кеңес сұрап,  тұщымды  жауап  алды.

Жас маман, «Қазақстан – Орал» телеарнасының Қаратөбе ауданындағы тілшісі, Ақтөбе облысының тумасы Нұргүл Қабылан қызметіне келгелі бір жыл өтсе де, пәтер жалдап тұрады екен.

– Өзіңіз білетіндей, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тек қана мұғалімдерге, мәдениет және медицина саласының қызметкерлеріне ғана жүріп тұр. Ал журналистерге, мемлекеттік қызметкерлерге, жалпы өз тағдырын ауылмен байланыстырған кез келген жас маманға мұндай қолдау қажет-ақ. Үй алмаған мамандарды түпкілікті болмағанмен, қызметтік тұрғын үймен қамту немесе пәтер жалдап тұратындарын мемлекет қаржыландыратын жағдай жасалмаған. Осы мәселені қаперіңізге салғым келеді,  – деді Нұргүл Қабылан. Алтай Көлгінов жас тілші көтерген мәселені шешу жолдарын ойластыру қажет екенін айтты. Жүздесу барысында бүгінгі қоғамдағы дін мәселесі, сондай-ақ техника саласы ма-мандарының тапшылығы секілді тағы да бірқатар мәселелер талқыланды. Облыс әкімі жастарға «Әрбір адам бірінші кезекте өзіне қоятын талапты күшейтуі керек. Қай уақытта болса да, аянбай еңбек еткен жан барлық қиындықты жеңіп шығады», – деп оларды болашақ үшін тер төге қызмет етуге жігерлендірді. Кездесу соңына қарай Мерей Амангелдиев есімді өнерлі жас қасиетті Рамазан айының құрметіне «Аллаға шүкіршілік» атты терме орындады. Содан кейін ол өз домбырасын өңір басшысына ұсынып, қазақы дәстүр бойынша қонақкәде сұрады. Алтай Сейдірұлы жалынды жастарға арнап «Еркесылқым» күйін шертіп берді.

Қаратөбе ауылындағы жеке кәсіпкер Елдос Аюпов өз қаражаты есебінен 3 млн. теңге жұмсап наубайхана салған. Наубайхананың қуаттылығы күніне 250 нан пісіруге жетеді. 2013 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан нысанда үш адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа жалақылары 30 мың теңгені құрайды. Кәсіпкер алдағы уақытта қызметкерлерін аспаздық мамандыққа оқытуды қолға алмақшы екен. Облыс әкімі оларды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы тегін оқытатын мүмкіндік бар екенін жеткізді. Алтай Сейдірұлы  наубайхана жұмысын жоғары бағалап, сәттілік тіледі.

Өңір басшысы Қаратөбедегі орталық саябақта тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мәдени ісшараны тамашалап, ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Оларға атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, айтар мәселелеріне құлақ түрді. Ал ақсақалдар болса, бүгінгі бақуатты тірліктеріне дән риза екендіктерін жеткізіп,  облыс басшысына баталарын жаудырды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қаратөбенің жаңа өндірістері

Күні: , 178 рет оқылды

ДЕМ Воду бутилирует


«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау-көмек көрсетілген кәсіпорындардың қызметтерімен таныстыру бағытында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы пресс-тур өткізді. Пресс-турдың бірінші кезеңінде журналистер Қаратөбе ауданында болып, мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие-гранттарға қол жеткізген бірқатар мекеме-кәсіпорындардың тыныс-тірлігімен танысты.


– Мемлекет ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің дамуына көңіл бөлуде. Қазір кез келген адамның бизнесті жүргізудің негіздеріне оқуына және өз ісін ашуына, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері жайында тегін кеңес алуына көмектесеміз. Бірқатар бағыттар бойынша консалтингтік қызмет көрсету тегін жүргізіледі. 2015 жылы облыс бойынша 87 жоба субсидияланды, оның ішіндегі 14 жоба ауылдық жерлерден. Сонымен қатар 58 жобаға кепілдік берілді, соның 31-і аудандарда жүзеге асырылуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылғаннан бастап 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін өңірімізде жалпы шамасы 50 миллиард теңге болатын 471 жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша, жалпы несиелік портфель шамасы 3,3 миллиард теңгені құрайтын 98 жоба кепілдік беру бойынша мақұлданды және кепілдік беру шамасы 1,3 миллиард теңгені құрады. Тек биылғы үш айдың қорытындысында 20 жобаға «Даму» қоры кепілдік беріп, субсидиялады, — деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының құзыреттілікті арттыру бағдарламалары бойынша бас маманы Ренат Құсманов.

«ДЕМ» –  Қаратөбенің табиғи суы

Облыс орталығынан шалғай жатқан Қаратөбе ауданының орталығындағы шағын цехта «ДЕМ» деп аталатын құтыдағы ауыз су өндірісі жолға қойылған.

— Өз ісімді ашуды көптен бері армандайтынмын. Балалық шағым өткен аудан орталығы Қаратөбедегі Тышқантай жерасты су қоры суының дәмі жөніндегі жақсы лебіздерге құлағым бұрыннан-ақ қанық болатын, — дейді оралдық кәсіпкер Сержан Ашығалиев.

2014 жылы Сержан Қаратөбе ауданы аумағынан 0,15 гектар жер телімін алып, өндірістік цех құрылысын бастады. Құны 11 млн. теңге тұратын жобаны іске асыруға кәсіпкер қажетті қаржыны «Ресей жинақ банкі» АҚ-ның Оралдағы филиалынан алды. Кепілзат жетіспейтін болғандықтан, «Даму» қоры 6,6 млн. теңге көлемінде кепілдік берді. Сонымен қатар ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге банктен алған несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді.

Су өндіретін цех 2015 жылдың мамыр айында іске қосылды. Онда 0,5, 1, 1,5, және 19 литрлік құтыларға су құятын төрт өндірістік желі орнатылған. «Цехта су құйылатын сыйымдылықтар дайындалады. Су алатын ұңғымамыз бар, қазір оның төлқұжаты дайындалуда. Әзірге су құбырдан алынып сүзіледі, сыйымдылыққа құйылады, газдалады. Тәулігіне үш текше метр ауыз су өндіріледі. Қаратөбенің суы жұмсақ, табиғи», — деді Сержан Ашығалиев.

Өнімнің қазақстандық СТ-КЗ сертификаты бар. Жұмыс орнында алты адам жұмыс істейді.

 — Биылғы жазда жобалық қуатқа шықпақпыз. Егер де екі ауысыммен жұмыс істейтін болсақ, тағы да бірнеше адамды жұмысқа тартамыз, — деді кәсіпкер.

Сержанның «ДЕМ» сауда белгісі бар өнімі Қаратөбе ауданында және облыс орталығындағы, сондай-ақ Атырау мен Ақтөбе облыстарының бірнеше аудандарындағы сауда орындарында тұтынушыларға ұсынылуда. Тек Қаратөбе ауданының орталығында «ДЕМ» суы 10 дүкенде, Оралдағы ірі сауда орындарында сатылады. Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкер биыл мамыр айында Астана қаласындағы «Көрме» көрме орталығында өткен отандық тауар өндірушілерінің көрмесіне қатысты. Ол мұндай шаралардың кәсіпкер үшін, әсіресе, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкер үшін пайдалы екенін айтады. «Су өндірісі саласындағы өзге кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибелерімізді ортаға салдық, жоспарлар құрдық. Астанадағы сауда желісінің өкілдерімен, су өндірісіне қажетті құрал-жабдық шығаратын өндірісшілермен жүздесудің тиімді жағы мол, – деді Сержан Ашығалиев.

Қазіргі уақытта кәсіпорын алдындағы басты міндет – өнім өткізу нарығын тарылтпай, оны кеңейте түсу.

Ағаш өңдеу шебері

Шөптікөл аулының тұрғыны Омар Хасинов мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қаржылық грант алып, ағаш өңдеу цехының жұмысын жолға қойды.

Қолы шебер Омар аталмыш бағдарлама туралы естіп, облыс орталығындағы гранттық комиссияға ат арылтып барады. Бірақ оның шағын өндірістік цех ашамын деген құлшынысын комиссиядағылар қолдай қоймайды. Басқа біреу болса, қолын бір-ақ сілтеп, екінші мәрте комиссия алдына барудан бас тартар еді. Ал шешен ұлтының қайтпас қайсар жігіт ағасы алған бетінен қайтпайды. Жинағын салып, пластикалық есік, терезе жасайтын құрал-жабдық сатып алып, орнатады. Қасына Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген ұлы Ибрагимды алып, өнім шығаруға кіріседі. Ауылдағылардан түсетін тапсырыстар да аз емес. Сапалы өнімді алыстағы қаладан тасымалдағанша, қол созым жердегі цехтан тапсырыспен жасатқан әлдеқайда тиімді. Омар мұнымен шектелмей, ағаш өңдеп, ағаш өнімдерін шығар-ғысы келеді. Сөйтіп, ол «Даму» қорының облыстық филиалы жанынан «Бизнес-кеңесші» бағдары бойынша оқиды. Содан кейін облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жанындағы инновациялық гранттар жөніндегі комиссияның алдына екінші мәрте келеді.

— Өткен жылы ағаш өңдеу цехын ашу жөніндегі жобам мақұлданды. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 1 миллион 154 мың теңге көлемінде грантқа қол жеткіздім. Қаржыға ағаш өңдейтін станок, қажетті құрал-жабдық, шикізаттық ағаш материалдарын сатып алдым. Қазір ауыл тұрғындарынан ағаштан қоршаулар жасаудамыз. Жалпы тапсырыстар көп, кейде Оралдан да келіп, тапсырыстар береді. Ағаштан түрлі құрылыс материалдарын, есік-терезе жасаймыз, — деді кәсіпкер Омар Хасинов.

Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовтың айтуынша, ауданда 2015 жылды және биылғы жылдың 4 айын қоса алғанда 25 шағын кәсіпкерлік субъектісі жаңадан ашылып (2014 жылы 16), 25 адам жұмысқа орналасқан. Жаңа кәсіпкерліктердің жетеуі ауыл шаруашылығы, үшеуі көлік тасымалы, сегізі сауда, жетеуі басқа салаларға тиесілі. Тағы бір екпін түсіре айтатын жаңалық – ауыл-аймақтағы өнімді өңдеу цехтарының жылдан-жылға көбейе түсуі. Өңдеу саласы бойынша ауданда сегіз шағын цех (ауыз су өндірісі, тігін цехы, екі наубайхана, бір кулинария т.б.) жұмыс істейді. Өткен жылғы көрсеткішпен (2015 жылы 1 млн. 977 мың теңге) салыстырғанда, есепті мерзім ішінде өңдеу саласындағы өнім өндіру көлемі екі есеге (3 млн. 397 мың теңге) өсіп отыр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Қаратөбе ауданы


Бөрлі мен Ақсай арасы жөнделуде

Күні: , 176 рет оқылды

IMG_8129


Облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі ауданына іссапарында бірнеше құрылыс нысанына барды. Алдымен Бөрлі ауылында жаңадан салынған «Ақсұңқар» балабақшасында болды. Құрылысы биыл аяқталған бұл нысан жақында пайдалануға беріледі. Яғни Астана күнінде бөбекжай есігі балдырғандарға айқара ашылмақ.


– 140 баланы қабылдаймыз. Оларды алты топқа бөлеміз. Қазір ауылда мектеп жасына дейінгі ба-ла саны – 254. Ал бұрыннан қызмет ететін «Арман» балабақшасында 50 тәрбиеленуші бар, – деді «Ақсұңқар» балабақшасының меңгерушісі Жазира Бектаева.

Жаңа нысанда 44 жұмыс орны ашылады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тіржановаға жұмысқа жергілікті мамандарды қамту қажеттігін айтып, аудан әкімі Алдияр Халеловке құрылыс жобасында жылыту жүйесі ескерілмей қалған бір бөлмеге газ құбырын тарту жұмысын қолға алуды тапсырды. Айта кетейік, балабақшаны салуға «ҚПО б.в.» компаниясы 484 млн. теңге бөлген. Бас мердігер «НазТур» ЖШС құрылыс барысында 70 адамды жұмыспен қамтыған.

Бұдан кейін өңір басшысы күрделі жөнделетін Бөрлі – Ақсай жолына ат басын бұрды. «Қазір айналма жол салуға төрт  бульдозер, екі жүк көлігі жұмысқа тартылды. Әзірше 15 адамды жұмысқа алдым. Біздің серіктестік   жолдың 12 шақырымын жөндейді. Қазір екі шақырымын жөндеуге  жеткілікті құрылыс материалдары алынды. Айналма жолдың бес шақырымын аяқтаған соң келесі апта жөндеу жұмысына кірісеміз», – деді «Елжас» ЖШС-ның директоры Амангелді Рысқалиев. Облыс әкімі оған жұмысшыларды көбейтіп, жұмыс қарқынын тездетуді тапсырды.

Биыл Бөрлі ауданындағы Березов ауылының тұрғындарын Аралтал ауылына көшіру жоспарлануда. Соған байланысты мамыр айынан бастап ауыл жанынан 100 тұрғын үй тұрғызылуда. Үш бөлмелі 50 пәтердің құрылысын қолға алған «Марасант» ЖШС-да 95 адам еңбек етуде. Серіктестіктің бас директоры Аманжол Конеев құрылыс жедел жүріп жатқандықтан, мерзімінен бұрын аяқтайтындарына сенімді екенін айтты. Қазіргі уақытта қоныстар іргетасының 80 пайызы құйылған. Үйлердің қабырғасы керамзит тастармен тұрғызылғаннан кейін, сыртынан қызыл кірпішпен қапталады. Инфрақұрылым желілерін басқа компания тартады. Ол жуырда тендер рәсімі арқылы белгілі болады. Ал «Строительная инициатива» ЖШС 3600 шаршы метр аумаққа төрт бөлмелі 50 пәтер салмақ. Қазіргі уақытта 115-ке тарта жұмысшы құрылысқа кіріскен. Аралтал ауылындағы игі жұмысқа куә болған облыс басшысы кейін Ақсай қаласында салынып жатқан 153 пәтерлі тоғыз қабатты екі үйдің құрылысын көруге барды. Көпқабатты екі үйге Бөрлі ауданындағы Березов елді мекені мен Ақсай қаласының іргесіндегі Бестау ауылының тұрғындары қоныстанбақ. «Азиятехстрой» ЖШС қызметкерлері өздерінің міндетіне алған ғимараттың іргетасын құюға қызу кірісіпті. Құрылысшылар іргетас бекемдігіне қажетті темір шыбықшалар тартуда. Серіктестік директоры Армат Әлімбетовтің айтуынша, қазір 45 адам жұмысқа орналасқан. «ҚПО б.в.» компаниясы бұл  серіктестікке 2 млрд. 200 миллион теңге қаржы бөліпті. Ал «Фирма АТК» ЖШС-ның бас директоры Жәнібек Нұғыманов екінші көп қабатты үйдің құрылысын бастауды кешеуілдетіп жатқан себебін маусым айының басына дейін жер асты суының деңгейі жоғары болғанымен түсіндірді. Іргетас орнықтылығын сақтау үшін қосымша анықтау жұмыстарының қорытындысын күтуде екен. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы қауіпсіздік ережесін қатаң сақтап, құрылысты мерзімінде аяқтауды міндеттеді. Сондай-ақ «Фирма АТК» ЖШС шағын шаһарда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды қолға алған. Мұнда 320 орынға лайықталған ғимарат бой көтереді. Оның ішінде спорт зал, бокс секциясына арналған бөлме, медициналық кабинет орналасады. Сонымен қатар құрылыс жоспарында сыртқы алаңда футбол, волейбол, теннис алаңдары шоғырланатыны көрсетілген. Қазіргі уақытта 1200 көрермен орындығы ғана салыныпты. «Ғимараттың іргетасын құюды қолға алмапсыздар. Жазғы маусымның бітуіне екі ай уақыт ғана қалды. Одан  әрі күзгі жауын-шашын жұмысқа кедергі болады. Құрылыс материалы жеткілікті. Қаражат бөлінген. Егер белгіленген мерзімде кешен құрылысы аяқталмаса, айыппұл саламыз», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жоспарлы мерзімнен бір жұма кешігіп жатқандарын мойындаған серіктестік директорына. Асығыстық жасап, құрылыс сапасын нашарлатып алмауды қосымша ескертті.

Әлеуметтік құрылыс нысандарымен қатар бірқатар инфрақұрылым құрылыстары қолға алынған. Мәселен, қаланың 4 және 5-шағынаудандарын қысқы маусымда жылумен қамтамасыз ететін жалпы қуаты 40 МВт жаңа жылыту қазандықтары орнатылуда. «KazConstructionGroup» ЖШС-ның бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев қазіргі уақытта қосымша керекті жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын  мәлімдеді. Жылдың соңында пайдалануға беріледі. Яғни ескі жылыту жүйесі ажыратылып, 5 мың тұрғын жаңа «ошақтың»  жылуына  кенеледі.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов одан әрмен Ақсай қаласында салынып жатқан балабақша құрылысымен танысты. Бас мердігер «УральскСтройИнвест» ЖШС-ның директоры Алексей Безьяновпен сөйлесіп, маусым айында басталған жұмыстың мән-жайымен қанық болды.

– Бүгін Бөрлі ауданындағы бірнеше әлеуметтік нысанды араладым және инфрақұрылым жұмыстарымен таныстым. Бөрлі ауылында Астана күнінде пайдалануға берілетін жаңа балабақша іші жиһаздармен толықтырылуда. Міне, биыл Ақсай қаласында бөбекжайдың құрылысы басталды.

Сондай-ақ Аралтал ауылы мен Ақсай қаласында салынатын үйлер Березов пен Бестау ауылдары тұрғындарының баспана мәселесін шешеді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар сұранысына орай биыл 38 шақырым Бөрлі – Ақсай жолы күрделі жөнделеді. Бұған қатысты мәселелердің шешімін табуға ҚР Энергетика министрлігі қолдау көрсетті және «ҚПО б.в.» компаниясының құрылтайшыларымен, бірнеше шетелдік компаниямен бір ай келіссөз жүргіздік. Міне, жұмыстың басталғанына бір жұма болды. Қазір айналма жол салынуда. Күре жолды жөндеу екі жақтан қарама-қарсы бағытта жүргізіледі. Күзге дейін жол сапасы жақсарады. Жалпы Бөрлі ауданындағы құрылыс жұмыстарына Орал қаласының тұрғындары мен бөрліліктер тартылуда. Шағын шаһарда Деповской мен Жамбыл көшелеріндегі автожолдар күрделі жөндеуден өтіп жатқанын көрдік. Барлық құрылыс уақытында аяқталады. Мұқият қадағалауға алатын боламыз. Келесі айда Аралталда жаңа мектеп құрылысы басталады,  – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Атап өтерлігі, «ҚПО б.в.» компаниясы бүгінге дейін бірнеше әлеуметтік нысан құрылысына 7,6 млрд. теңге бөлген. Облыс басшысынан кейін компанияның бас директоры Ренато Мароли де  өз пікірін  білдірді.

Құрылыс саласындағы игі жетістіктерге компания мен облыс әкімдігі бірлесе атқарған жұмысы арқасында қол жеткізудеміз. Биыл, негізінен, Березов және Бестау ауылының тұрғындарын көшіріп алуды жоспарладық. Бұл бағытта жұмыстана береміз. Келесі жылы олардың жаңа қонысқа орналасқанын көреміз деген сенімдемін. Өкілетті органдар мен облыс әкімдігінің қолдауы арқасында осы жобаларды сәтті жүзеге асыратынымыз анық, – деді  компания басшысы.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Ақсай қаласындағы «НазТур» ЖШС-ның металл бұйымдарын өндіретін цехында болды. Содан кейін мұнай-газ компанияларына сервистік қызмет ұсынатын Ақсай индустриалды паркіне барды. Электр жабдықтары және бақылау аспаптары, жоғары технологиялы дәнекерлеу жабдықтары, алюминий құрылыс-монтаждау өнімдерін шығаратын кешен жұмысын таныстырған АИП-ның бас директоры Марко Кастанинимен облыс әкімі Алтай Көлгінов ағылшын тілінде кеңінен көсіліп сөйлесті.

Бұдан соң өңір басшысы 150 млн. теңге қаражатқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Ақсай спорттық кешеніне ат басын бұрды. Орал қаласынан келген «Наурыз» ЖШС ғимараттың 90 пайызын жаңалауға ден қойған. Күні бүгінге құрылыс жұмысына 27 адам алыныпты. Спорттық нысан жөнделгеннен кейін, кешендегі жаттығу залы мен жүзу бассейнін ақылы түрде бір күнде спорт-құмар 50 тұрғын пайдалана алады.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Алдын ала келісімге қол қойылды

Күні: , 157 рет оқылды

IMG-20160627-WA0002


Кеше  Астанада Еуропа даму және қайта құру банкінің директорлар кеңесі мүшелерінің министрліктер мен ведомство басшыларымен, үкіметтік емес ұйымдардың, жергілікті және шетелдік бизнес қауымдастықтары өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесудің қорытындысында Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен ЕДҚБ арасында Орал қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйелерін модернизация-лаудың  жобасын  7 млрд. теңгеден астам қаржыға қаржыландыру  бойынша алдын ала  келісімге қол қойылды.


Қазақстанның ЕДҚБ мен қарым-қатынасы БҚО-да келешекте Орал қаласы тұрғындары үшін өмірлік маңызы бар жүйелерді модернизациялауда, транспорттық инфрақұрылымдарда, өнеркәсіптік өндірісте, энергетикада (оның ішінде қуат көздерін жаңғыртуда) және басқа салаларда зор басымдықтарға ие болады деп күтілуде. Мұндай қарым-қатынастардың бастапқы жолашары ретінде «Орал қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесін модернизациялау» жобасын жүзеге асыруды атауға болады. Бұл бағыттағы келісімге банк өкілдерінің біздің облысқа жуырда келген іссапарларында қол жеткізілген еді. Келісім енді жүзеге асуға бет бұрып, 27 маусым күні  ЕДҚБ және БҚО әкімдігі, Орал қаласы әкімдігі, «Жайықжылуқуат» АҚ  араларындағы алдын ала келісімге  қол  қою  рәсімі  болды.

– 7,042 млрд. теңге болатын келісімге қол қойылды, мұның ішінде ЕДҚБ-ның жеңілдетілген займы 3,31 млрд. теңгені құрайды, ҚР Үкіметінің гранты 2,65 млрд. теңге, 665 млн. теңге  әкімдіктің үлесі және 417 млн. теңге ЕДҚБ-ның техникалық ықпалдастық гранты болып табылады, — деді «Орал» СПК АҚ-ның басқарма төрағасы Ержан Балтаев. – ЕДҚБ-ның гранттық қаржысына келісімге қол қойылған бойда шетелдік сарапшыларды қатыстыра отырып, жобаны техникалық-экономикалық жағынан зерттеуге және дайындауға кірісу жоспарланып отыр. Техникалық-экономикалық зерттеулер негізінде жобаның нақты көрсеткіштері – жалпы құны, жылумен қамту жүйесінің жаңғыртылатын нысандарының тізімі,  өндіріс технологиясы, жобалық қуаты, өндірісті және жылуды өткізудің басқару жүйесі, қайтарымдылығы, жылумен қамту қызметінің тиімді жұмыс істеуі үшін жылу мен қуатқа ыңғайлы тарифтерін көрсетуге  дейінгі жұмыстар нақтыланып, анықталады. Зерттеуді үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Одан әрі  келісімге қол қойылып, сол бойынша тараптар жобаны жүзеге асыруға  кіріседі.

Жобаның жүзеге асуы облыс орталығын жылумен қамтамасыз етудің мәселелерін шешеді. Сондай-ақ жылу өндіруге кететін шығындарды, жылу құбырларына қатысты  апаттарды  азайтады, өндірістің өзіндік құны төмендейді, экологиялық  тәуекелдер азаяды, қала тұрғындарына көрсетілетін қызметтің сапасы артады, бюджетке түсетін пайда молаяды. Мұның сыртында корпоративтік басқару жүйесі жетіле түседі, оның арқасында кәсіпорынның коммерциялық қуаты артатын болады. Бұл бара-бара кәсіпорынға шығын мен зиянға қалмай жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, болашақта өзінің қаржысына жаңа технологияларды енгізіп, жаңғырту бойынша қажетті жобаларды жүзеге асыруға үлкен  серпін  береді.

Наталия  ПОРТНЯГИНА


«Алтын адам» Ақ Жайық атырабында

Күні: , 167 рет оқылды

IMG_8497


Кеше облыстық қазақ драма театрында ҚР Ұлттық музейінің бастамасымен тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлттық музей сенің қалаңда!» атты мәдени турдың ашылуы өтті.


Облыс әкімінің қолдауымен өткен мәдени турға қатысқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Гүлмира Қауланова іргелі жобаның өңірімізде бастау алып жатқанына ризашылығын білдірді.

Жоба менеджері Ардақ Қожатаеваның айтуынша, ҚР Ұлттық музейі музей ісінің талаптары бойынша Азиядағы ең үлкен музей, нысанның үлкендігі бойынша әлемдік ондыққа кіреді. Қаламызда үш күнге созылатын мәдени турда Ұлттық музейдің он жауһары ұсынылмақ. Олардың ішінде Жәңгір ханның жұбайы Фатима ханымның камзолы да бар. «Ұлттық музей сенің қалаңда!» атты жоба еліміздің барлық өңірін қамтымақ.

Мәдени шарада салтанатты түрде ашылған, еліміздің тарихи-археологиялық брендіне айналған «Алтын адам» жәдігері көрермен көзайымына айналды. Сонымен қатар көрермен назарына ұсынылған «Ұлттық музейге саяхат» және 3D форматындағы графикалық бейнероликтері де көпшілікке тың мәліметтер берді.

ҚР Ұлттық музейі – өткен тарихымызды байыптайтын, рухани мұрамызды зерделейтін аса ірі мәдени орталық. Отанымыздың бай тарихын түгелдеу, салт-дәстүрін таныстыру, көнені көздің қарашығындай сақтау барша отандасымыздың ортақ міндеті екендігін дәріптейтін жиын соңында көпшілік қауым «Алтын адам» экспонатын тамашалады.

— Орал қаласына бірінші келуім. Келген сәттен бастап бұл елдің халқының ерекше қонақжайлылығын сезіндім. Адамдары жылы жүзді, мейірімді. Өнер мен мәдениеттің өркен жайып, ұлы тұлғалардың ізі қалған киелі өңір тұрғындарының мәдени шаралардан қалмайтынын еститінмін. Әйтсе де, бүгін мәдени турдың ашылуына көптеп жиналып жатқан көрерменді көріп, ерекше қуанып тұрмын. Орал өңірінің тұрғындары  еліміздің Ұлттық музейі ұсынған небір жауһарлармен танысып, рухани қуанышқа кенеледі деген сенімдемін, — дейді «Мәдени мұра» журналының редакторы Гүлдана Махамбетқызы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


«Достық керуені» Жаңақалада

Күні: , 139 рет оқылды

IMG_5912


Маусымның 23-і күні «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында келген Қазталов ауданының делегациясын қонақжай жаңақалалықтар сән-салтанатымен ерекше қарсылады.


Амандық-саулық сұрасып, ақ дәм ұсынылған соң, еліміздің көк байрағы мен ассамблея туларын желбірете ұстаған аттылылар қонақтардың көшін ауылға бастап кірді.

Делегация алдымен аудандық мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу орталығында болды. Бұдан соң аудан орталығындағы «Тастөбе шайқасы», «Бөкей көші» ескерткіштері мен «Даңқ саябағына» ат басын бұрды. Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, аудандағы әлеуметтік нысандарды аралады.

Кейін делегация мүшелерінің қатысуымен Жаңақала мектеп-гимназиясының акт залында «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ұлт» тақырыбында өткен мәжілісте аудан әкімі Лавр Хайретдинов жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Басқосуда БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов еліміз үшін  бірлік пен тұрақтылықтың маңызы зор екенін баяндады. Өз кезегінде сөз алған Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр делегация өкілдерін таныстырды. Меймандар арасынан аузы дуалы ақсақалдар мен кәсіпкерлер сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Дөңгелек үстел соңында Жаңақала ауданының әкімі Лавр Рашидұлы мен Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Мағазұлы әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша бірлесе жұмыс жасау мақсатында меморандумға қол қойды.

Ал рухани орталықта өткен дөңгелек үстелде екі ауданнан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кездесті. Басқосуда Жаңақала ауданы  әкімінің  орынбасары Айзада Шүкірғалиева Қазақстан халқы ассамблеясы, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы, «Қайырымдылық керуені» акциясы туралы баяндады. Жылы шырайлы жүздесуде Қазталов  аудандық «Әжелер шапағаты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Қыз Жібек» термешілер тобының жетекшісі Баян Қабиева ана мен баланың, ене мен келіннің қарым-қатынасы және қоғамдағы әйелдің рөлі туралы сөз қозғаса, Жаңақала ауданының еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанов аталы әңгіме ретінде «Кердері», «Күй құдіреті» аңыздарымен бөлісіп, қос өзеннің қос  жағалауын жайлаған көршілес екі аудан тарихының ұқсастығын айтып, тереңнен сыр шертті. Одан әрмен басқосуға қатысушылар қайырымдылық шарасына куә болды. Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова ауданымыздағы көп балалы, аз қамтылған 10 отбасының балаларына ұялы телефон, бала кезден мүмкіндігі шектеулі 10 адамға термошәйнек және аудандық балабақшаға су тазартқыш құрылғыны сыйға тартты. Ал балаларымен бірге сыйлыққа қуанған ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қазталовтықтардың мейірімділігі мен құрметіне дән риза болып, алғыстарын жаудырды.

Қонақтар түскі астан кейін Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ауданымыздағы мәңгілік алау стелласы мен төрт Кеңес Одағы Батырларының ескерткіштеріне  және  алыптар алаңына  гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсімнен соң Қазталов ауданының өнерпаздары дайындаған концерт басталды. Аудандық мәдени демалыс орталығын лық толтырған тұрғындар екі ауданның  ісмерлері дайындаған қолөнер көрмесін тамашалады. Көңілді думанға жалғасқан әсерлі кештің куәсі болған көрермендер, әсіресе, жерлес ақын Закария Сисенғалидың сөзіне жазылған «Қамыссамар» әнін орындаған қазталовтық квинтетке ерекше риза болысты. Концерт соңында  Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайырдың қолынан «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мегажобасының эстафетасын қабылдап алған Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов, өз кезегінде,  қазталовтықтарға естелік ретінде тұрғындар атынан егемен еліміздің символы  болып табылатын қыран құстың мүсінін тарту етті.

Нұрғали ҒАББАС,

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИ,

Жаңақала ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика