Мұрағат: 25.06.2016


Журналистерге жүктелер міндет зор

Күні: , 202 рет оқылды

IMG_6910


Кеше Достық үйінің мәжіліс залында облыс әкімі Алтай Көлгінов Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өңіріміздегі журналистер қауымын кәсіби мерекемен арнайы құттықтады.


Қымбатты журналистер! Жедел ақпарат тарату, халыққа қажетті мәліметті дер кезінде жеткізу бойынша сіздердің қоғамдағы орындарыңыз ерекше. Ел игілігі үшін атқарып жүрген жұмыстарыңыз заманның, қоғамның талабына сай деген толық сеніміміз бар. Қазіргі уақытта біздің өңірімізде 80-ге жуық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев біздің алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Бес институционалды реформаның бесіншісі жариялылыққа бағытталған. «100 қадам»  Ұлт жоспарының  94-қадамында ақпараттың ашық түрде жария етілуі талап етілген.  Сондықтан осы бағытта біздер өз тарапымыздан баспасөз мәслихаттары мен әр саладағы басқарма басшыларымен тікелей эфирде брифинг өткізуге қолдау көрсетіп келеміз. Енді жуық арада аудан әкімдері облыс орталығына келіп, тікелей эфирде сіздердің сұрақтарыңызға жауап беретін болады. Өңірімізде болып жатқан оң өзгерістер мен кейбір мәселелерді дер кезінде қалың бұқараға сапалы жеткізу сіздерге байланысты. Сондықтан сіздердің тынымсыз жұмыстарыңызға тек сәттілік тілеймін, – деді облыс басшысы.

Өз кезегінде сөз алған «Қазақстан – Орал» телеарнасының басшысы Асланбек Ғұбашев аталмыш телеарнаның тілшісі  Гүлден Сапиолланың «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Арнаның бетке ұстарлары» байқауының бас жүлдесін  жеңіп алғаны туралы сүйінші хабармен бөлісіп, телеарнаның тыныс-тіршілігі туралы ойларын ортаға салды. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ  алдағы жылы 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған қос бірдей басылым – облыстық  «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің мерекелік  іс-шараларына облыс әкімінің өзі бастап қолдау білдіретіндігіне сенімді  екенін жеткізді. Дөңгелек үстелде  сөз алған журналистер  кәсіби мерекемен арнайы құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлаған облыс басшысына ризашылықтарын білдіріп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сиықова мен «Қазақстан – Орал» телеарнасының редакторы Мұнайдар Балмолдин Қазақстан Республикасының дамуына  қосқан зор үлестері мен абыройлы еңбектері үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.  Сондайақ «Орал өңірі» газетінің тілшісі Айша Өтебәлі, «Приуралье» газетінің тілшісі Наталья Портнягина, Қазақстан орталық коммуникациялар қызметі БҚО филиалының маманы Қалиолла Қарағойшин,  «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Ардақ Айбарұлы,  «Қазақстан – Орал» телеарнасының бас редакторы Гүлмира Тілеубаева және  бір топ журналистер облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Мерекелік шара соңында журналистер қауымы өздері үшін жайылған ақ дастарқаннан дәм татып, облыс әкімі Алтай Көлгіновпен естелік суретке түсті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жәрмеңке: 51 жұмыс беруші, 376 бос жұмыс орын…

Күні: , 448 рет оқылды

DSC_0025


Сейсенбіде Орал қаласындағы «Жастар» мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының кеңейтілген жәрмеңкесі өтті. Оған Орал қаласынан 51 жұмыс беруші, «Домашний сервис» жеке агенттігі қатысып, 376 бос жұмыс орнын ұсынды.


Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің ашылу шарасында сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевтің айтуынша, Орал қаласы бойынша тұрғындарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қала бойынша бүгінде 1343 адам (0,9 пайыз) жұмыссыз есебінде тіркелген. Биылғы жылдың өткен мерзімінде бес бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізіліп, 262 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының 1-бағыты бойынша №39 орта мектеп, №33 «Орленок» балабақшасы, көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Бұл үш нысанда 45 жаңа жұмыс орны ашылып, осы нысандардағы құрылыс жұмыстарына 13 адам жұмыспен қамту орталығының көмегімен жұмысқа тұрды.  Бағдарламаның 2-бағыты «Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру» шеңберінде 54 адамға шағын кәсіпкерлікті дамытуға 158 млн. теңге қаражатқа сұраныс берілді. Өз ісін ашуға  ынталы 600 адамға түсінік-кеңес берілген. Кәсіпкерлікті кеңейту жобалары бойынша алты жеке кәсіпкерге 17,8 млн. теңге несие беріліп, 45 адамның несиелік   құжаттары жиналып,  «БҚО ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға жолданған. Сонымен қатар бағдарламаның 3-бағыты «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша 30 адам кәсіптік оқумен қамтылды. 10 адам көгалдандырушы мамандығына қайта даярлаудан өтіп, олардың 9-ы тұрақты жұмыс тапты. Қазіргі уақытта дербес компьютер операторы мамандығына жеті адам оқуда. Одан басқа 13 адам білімдерін жетілдіру және қайта даярлау курстарынан өтуде.

Биыл қала бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын құруға 108 адамға 12 млн. 591 мың теңге қаражат бөлінген. Бүгінде 20 мекемедегі әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам жолданып, 31 мекемемен 61 адамға жасалған келісімшарттар мерзімі ұзартылды.  Жастар практикасын ұйымдастыруға 245 адамға 48 млн. 939 мың теңге қаражат бөлінген. Күні бүгінге 161 адам 85 мекемеге жастар практикасына жолданған. 126 жас маманмен жасалған келісімшарттар ұзартылған. Жастар практикасын аяқтаған 39 адамның 24-і немесе 61,5 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілер негізінен электрик, слесарь, ұста, ағаш шебері, жүргізуші, барлық бағыттағы инженер, дәрігер, медбике және тағы басқа бос жұмыс орындарын ұсынды. Қаладағы төрт өндіріс орны – 33, бір құрылыс кәсіпорны – төрт, медициналық мекемелер – 124, төрт оқу орны  – 20, 19 жеке кәсіпорын 99 бос жұмыс орындарына, мемлекеттік мекемелер 11 мамандық бойынша жұмыс іздеушілерден түйіндеме қабылдады. Әлеуметтік жұмыс орындарына екі кәсіпорын 13 бос жұмыс орнын, жастар практикасына 10 ұйым-мекеме 40 орын ұсынды. Сонымен қатар 2014-2015 жылдары «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несие алған 10 жеке кәсіпорын   жәрмеңкеге өз өнімдерін шығарды. Олардың ішінде тосол және антифриз өндірісі, аяқ киім тігу, наубайхана, жылыжай, темір бұйымдары цехтарының өнімдері көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Өңірдегі құрылыс индустриясының бетке ұстар компанияларының бірі «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ-ның жәрмеңкеге келген өкілін әңгімеге тартқанбыз. – Бізге электрмонтер, инженер-электроншы, слесарь киповшы, өндірістік орындарды жинаушы және өзгелері қажет. Әзірге 10  шақты адамнан түйіндеме қабылданды. Электрмонтерлердің кәсіби біліктілігіне (разрядына), тәжірибесіне қарай жұмысқа қабылдаймыз. Оларға еңбекақы сағатына қарай төленеді. Қазір зауыттың жұмысы қалыпты, – деді аталмыш компанияның кадрлар жөніндегі бөлімінің маманы Толқын Дүйсенова. Оның айтуынша, компания бұдан бұрын да осындай жәрмеңкеден өздеріне қажетті мамандарды  тапқан  көрінеді.

«Ақ барыс» ЖШС компаниясы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен кеңсе әкімшісін, күкіртсутегі бойынша техник, супервайзер, арнайы көлік (экскаватор) жүргізушісі мамандарын іздейді. Серіктестіктің кадрлар жөніндегі бөлімінің қызметкері Саяш Хасанованың айтуынша, компанияға күкіртсутегіден қорғану мәселесін білетін білікті мамандар қажет, әсіресе, ағылшын тілін білетін маманға есік ашық. «Квант» ЖШС-ға ағаш шеберін, дизайнер, технолог, экскаваторшы, бухгалтер, сантехник, ал «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-на жұмысшылар, тран-сформатор құрастырушы, жүк  тиеуші қажет. «Электр энергетикасынан хабары бар, орта техникалық білімі бар мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. 15 адам түйіндеме тапсырды. Жұмысқа қабылданған мамандарды оқыту курстарынан өткіземіз», – деді  компания өкілі Әсел Мұхитова.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның өкілі жұмыс көлемінің өсуіне байланысты жұмысшы мамандықтарына, электроншылар, слесарь, металлург, станок операторы, фрезировшы және өзгесіне түйіндемелер қабылдады. «Бастысы, жұмыс тәжірибесі болса дейміз. Мұндай мамандарды жұмысқа қабылдамас бұрын әңгімелесуден өткіземіз, содан кейін  үш айға сынақ мерзімімен еңбек келісімшартын жасаймыз», – деді аталмыш компанияның кадрлармен жұмыс бөлімінің қызметкері Эльвира Қоңырова.

Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келіп, түйіндемесін өткізгендердің көңілдері күпті. Енді олардың түйіндемелері жұмыс берушілердің дерекқорына енеді. Бәлкім, кейбіреуіне жұмыс та табылып қалар. Сөйтіп, күпті болған көңіл бірленер. Өйткені бұл жәрмеңке жұмыс істеймін дейтін адамға жұмыс табылатынын  анық  байқатты.

Иманғали ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, жас маман:

– 9-сыныптан кейін Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжіне оқуға түстім. Биыл электрик мамандығын алып, жұмыс іздеп жәрмеңкеге келгенмін достарыммен.  «Домашний сервис» агенттігіне  түйіндемемді тапсырдым. Ірі компаниялар еңбек өтілін сұрайды. Жолым болатын сияқты, агенттіктегілер  жас  мамандар ауадай қажет деді.

Мұрат  ЖЕКСЕНОВ,  құрылысшы:

– Ақсай қаласындағы Қарашығанақ кен орнына тиесілі «Батыс өндірістік құрылыс сервисі» орталығында құрылысшы, соның ішінде ішкі және сыртқа тұрба құбырларын құрастырушы мамандығы бойынша оқыдым. Кезінде кен орнында жұмысшы, оқшаулау, әрлеу-сырлау жұмыстарын жасадым. Астанадағы 382 метрлік 88 қабатты «Абу Даби Плаза» көпбейінді кешенінің құрылысына қатыстым. Енді Оралдан, бұйырса, құрылыс компанияларынан  жұмыс  іздеп  көрмекпін.

Эльвира  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

Круглоозерный  ауылындағы «Кенжеғалиева»  ЖК-ның  жетекшісі:

– Екі жылдай жұмыссыз үйде отырдым. 2015 жылы тамыз айында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге несие алып, кәсіпкерлік құрып, наубайхана аштым. Оған қоса дүкен ашып алдым. Құрал-жабдықты  Ресейден сатып алдық. Қазір екі сатушыны, бір күзетшіні жұмыспен қамтудамын. Нанның жоғары сұрыптысы 90 теңгеден, бірінші сұрыптысы 70 теңгеден өтеді. Қазір несиемнің пайызын өтеудемін. Шүкір, мемлекеттік  бағдарламаның  шапағатын  көріп  отырмыз.

Болатбек ИМАНҒАЛИЕВ, 

жеке  кәсіпкер, Круглоозерный  ауылының  тұрғыны:

– Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бес жылға 3 млн. теңге несие алдым. Әнебір үлкен цех ашпағаныммен, шағын жұмыс орнын аштым. Қасыма дәнекерлеуші жігітті көмекке алдым. Темірден қақпа, есік, гүл ыдысына ілмек, киім ілгіш, баспалдақ және оның жақтауларын, терезеге темір тор және өзгелерін жасаудамыз. Тапсырыстар аз емес,  бұйырғанын  орындау  үс-тіндеміз.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Қаладағы төрт өндіріс орны – 33, бір құрылыс кәсіпорны – төрт, медициналық мекемелер –

124, төрт оқу орны  – 20, 19 жеке кәсіпорын 99 бос жұмыс орындарына, мемлекеттік мекемелер 11 мамандық бойынша жұмыс іздеушілерден түйіндеме қабылдады.


Кітап болып оралған «Дұрыстық жолы»

Күні: , 194 рет оқылды

IMG_6786


Жақында «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында мәні зор рухани шара өтті. Ол – жаңадан жарық көрген «Дұрыстық жолы» газеті. 1919» кітабының жария таныстырылымы. Алқалы басқосуға ғалымдар, мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.


«Жайық Пресс» жанындағы өңіріміздегі баспасөз тарихын зерттеу орталығы біраз жылдан бері жемісті еңбек етіп, «Орал өңірі» газетінің тарихына тікелей қатысты жинақтар шығарып келеді. Бұған дейін 1911-1913 жылдары шыққан «Қазақстан», 1917-1918 жылдары жарық көрген «Ұран», 1918-1919 жылдары жарияланған «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» газеттерінің тігіндісі отандық, шетелдік мұрағаттардан іздестіріліп табылып, аталмыш рухани мұра араб әрпінен қазіргі кириллицаға аударылып, сол басылымдарға тікелей қатысы бар тұлғалар туралы деректермен толықтырылып, жинақ ретінде оқырман қауымға ұсынылған. Енді, міне, жақында «Дұрыстық жолы» газеті. 1919» атты кезекті жинақ облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысөзімен жарыққа шықты. Кітап ғылыми-танымдық жинақ болып табылады. Құрастырып, алғысөзін жазған – Қазбек Құттымұратұлы. Газет мәтінін төте жазудан аударып оқыған – Ерсайын Мергенбаев. Тамимдар Сафиевтің араб әрпіндегі қолжазбасын аударып оқыған – Гүлмару Мырзағалиева.

Таныстырылым рәсімін Жантас Сафуллин ашты.

— Құрметті қонақтар мен әріптестер! Бәріңізді алдағы Баспасөз күні мерекесімен құттықтаймын! Осы шара кәсіптік мерекеге орай және соның қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Жинақ арқылы екі дәуір бір-бірімен қауышып тұрғандай. Әрі «Дұрыстық жолы» – бүгінгі «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бастауында тұрған басылым. Осыдан үш жыл бұрын біз Мәскеуге барып, өткен ғасырдың басында жарық көрген ұлттық басылымдардың көшірмесін тапқанымызға қатты қуандық. Сонда «олжамызды» бір жылға жетер рухани азық деп болжасақ, ол кейін үш жылға дейін жетті. Біздің мақсатымыз тек көне газеттерді табу ғана емес, соларды өмірге әкелген талай тамаша тұлғаларды анықтап, ел назарына ұсыну еді. Әрі тұлғалардың жарқын істерін жария етіп, Отанына таныту біз үшін парыз да болатын. Соны өтегенімізге көңіліміз көншиді. Осында отырған құрметті қонақтар да бізге бөтен емес. Демек, оларды да туған ел шежіресі ойлантады, тебірентеді деп түсінеміз, — деді Жантас Нәбиоллаұлы. Ол кітап шығарушыларға, әсіресе, оның құрастырылуына зор еңбек сіңірген Қ. Құттымұратұлына алғыс айтты.

Одан әрі жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов пен облыстық мұрағаттың директоры Айжан Сауғабаеваға ұсынылды. Әрі қарай жиналғандар назарына 2013 жылы Мәскеу қаласында деректерді іздеп табу жөнінде түсірілген бейнетаспа көрсетілді.

— Сіздер тәуелсіз елдің шежіресін жазып жатырсыздар. Талай «Елім, жерім» деп еңіреген аяулы азаматтардың есімдерін жалғанның жарығына шығарғаныңыз үлгі-өнеге етуге лайық. Мәселен, Ғұмар Қараш ағамызды алсақ. Ол кезінде қазақтың талай сөзін тиесілі орнында пайдаланған. Мысалы, тек «дұрыстық» сөзін соңына адамның иманы мен жоғары парасатын бейнелейтін термин етіп қалдырды. Енді алдыңғы жинақтарыңыз сияқты осы кітапты әрі қарай әркім түрлі тақырыпқа жіктеп, құнды еңбектер жазса, қандай жақсы! Яғни Ғұмар Қараштың екінші рухани өмірі жалғасын табар еді. Шараны ұйымдастыруыңыз дұрыс. Осы арқылы атпал азаматтардың барын көзіміз көрді. Кітаптың шыққанына қуанып отырмын, — деді құрметті қонақ Дәулеткерей Құсайынов.

— Осы қуанышты оқиғамен бәріңізді құттықтаймын. Бес газеттің әрбіреуін кітап етіп шығару – қиын да күрделі іс. Әрине, бәрін тек өзіміз атқардық деуден аулақпын. Сол санаулы жылдар ішінде бізге жан-тәнімен көмектескен ғалымдар мен өлкетанушыларға, өзге де жанашыр жандарға айтар алғысым шексіз. Әсіресе, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық мұрағат ұжымына, соның ішінде М. Мырзағалиева және басқасына ерекше ризамын. Тарихи құжаттарды араб әрпінен кириллицаға аударған Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені-нің қызметкері Гүлмару Мырзағалиеваның ерен еңбегі тек мақтауға лайық, — деді өңірдегі баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Құттымұратұлы.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров жылдар бойы көз майын тамызып еңбектенген зерттеушілерге, жалпы «Жайық Пресс» ұжымына осы елеулі еңбек үшін алғыс айтса, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарихшысы, ғылым кандидаты Жәнібек Исмурзин «Газет – халықтың көзі мен құлағы» деген Ахмет Байтұрсыновтың қанатты сөзін тілге тиек ете отырып, қазақтың баспасөз тарихы туралы ғылыми еңбек жазған ғалымдардың атын атап шықты. Сонымен қатар белгілі тарихи кезеңдегі баспасөздің басқа құжаттармен қатар, нағыз төл дерек екенін де атап өтті. Олай болса, жаңа кітап, қай жағынан алғанда да, өте құнды еңбек. Ал БҚТИУ-дың педагогика факультеті тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, өлкетанушы Сайлау Сүлейменов тұсаукесердің қасиетті рамазан айымен тұспа-тұс келгенін көрсетіп, тың туындыға ұзақ «ғұмыр» тіледі және кітап шығарғандарды жемісті еңбегімен құттықтады. Сонымен бірге облыстық білім басқармасыман келісе отырып, өңір мектептерінде өлкетану тарихының факультативті сабақ ретінде оқытылуы жайындағы ұсынысын да білдірді. Қайтадан сөз алған Жантас Сафуллин жаңа кітапқа Астанадағы Түркі академиясының қызығушылық танытқанын айта келіп, жаңа ғылыми еңбекті зерттеуге ықылас байқатқанын көрсете кетті. Академия ғалымдарының пікірінше, осы кітапта тек қана қазақ емес, өзге де түркі ұлттарына қатысты дерек бар екен. Қазір «Ұран» газеті ғылыми зерттеу нысанына айналған. Келешекте «Дұрыстық жолы.

1919» кітабының Астана және Алматы қалаларында таныстырылымы өтуі тиіс.

Алқалы басқосуда Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Р. Исатаева мен облыстық мемлекеттік мұрағаттың басшысы А. Сауғабаева өздерінің атына айтылған лебізге ризалық сезімдерін айтты және қашанда ынтымақты еңбекке әзір екендерін жеткізді. Облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің пайымдауынша, баспасөз тарихын зерттеу тек басылыммен шектелмейді. Өйткені сол басылым арқылы ғалым да, жәй оқырман да сол дәуірдің тыныс-тіршілігін сезініп, көз алдына келгендей сезімге бөленеді. Сондықтан аталмыш кітап халықтың рухани азығына айналсын! Басқосуда сонымен қатар Г. Мырзағалиева, «Приуралье» газеті бас редакторының орынбасары Ж. Тоқтарова ой-пікірлерімен бөлісті. Шара соңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Ж. Сафуллин кітапты шығаруға белсене қатысқандарға сияпат көрсетті.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Ғарифолла ӘНЕС,

«Арыс» баспасының директоры, Алматы қаласы:

— Жаңа кітап, далалық, әсіресе, Батыс өлкесі туралы тарихнама. Алғашқы қазақ баспасөзінің қарлығаштары жөніндегі құнды еңбек. Тіпті өткен ғасырдың басындағы түркі ұлттары, қала берді қазақ, соның ішінде Бөкей ордасының шындығы болып табылады. Бөкей ордасының қазақ тарихындағы орны ерекше ғой. Сонау 1911 жылы «Қазақстан» атауын саяси-тарихи айналымға енгізу де ерлік. «Дұрыстық жолы. 1919» кітабы – қазақтың журналистикасы тарихындағы үлкен жаңалық. Өйткені өткен ғасырдың басындағы ұлттық  баспасөз жайындағы дерек өте аз. Көбі сақталмаған.

Мейрамхан ЖӘПЕК,

қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші, Астана қаласы:

— Бұл – «Жайық Пресс» ұжымының ерен еңбегі. Олар өңір баспасөзінің тарихи шежіресін ашып, халыққа жеткізді. Қазақ баспасөзінің жалпы тарихына қосылған үлкен үлес іспеттес. Сондықтан Батыстағы бауырларыма ризамын. «Елім, жерім, Алашым» деп өмірден өткен Ғұмар Қараш сынды ардақты жандардың еңбегін шынайы көрсетті. Екі құрлық түйіскен Жайық өңіріндегі шекара, жер, ұлт азаттығы және басқа мәселелер газетте кеңінен қамтылған. Баяғыда көміліп қалған құнды деректің басын қосып, жинау – елдікке  сын. Міне, осы тұрғыдан алғанда, кітап шығарушылар сын тезінен өткен.

Светлана СМАҒҰЛОВА,

тарих ғылымдарының докторы, Алматы қаласы:

— Ұжымның қолға алған ісі қомақты және өте дұрыс. Бұл орайда Жантас, Қазбек бауырлардың еңбегі мейлінше зор. «Дұрыстық жолының» бар болғаны 11 нөмірі шықса да, оның тарихи, рухани құндылығы айрықша.


Мемлекеттік қызметшінің беделі – ресми биліктің беделі

Күні: , 196 рет оқылды

IMG_6763


Бейсенбі күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Шара «Бес институционалдық реформа – 100 нақты қадам: Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным» атты конференциямен ашылды. Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мирболат Нұртазин бәсекеге барынша қабілетті елдердің қолданысындағы мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамалық әдіс-тәсілдеріне, бұл бағытта республикамызда алынып жатқан іс-шараларға тоқталды.

– Өткен жылы Елбасы реформалаудың басты бағыттары айқындалған бес институционалдық реформаны жариялады. Бүгінгі күні аталған реформаларды іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары іске асырылуда. Кәсіби мемлекеттік аппараты құру жөніндегі бірінші институционалдық реформаны жүзеге асыру  үшін бірқатар заңдар қабылданды. Осылайша халықаралық үздік тәжірибе мен ұлттық ерекшелікті ескере отырып, алдағы уақытта мемлекеттік қызметті өзгертудің негізі қалануда және ол Елбасының қатаң бақылауында. Қазіргі заманғы тиімді мемлекеттік, өңірлік басқару және мемлекеттік қызметті қалыптастырудың мақсаты ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050» даму стратегиясындағы басымдықтардың бірі ретінде танылып отыр, – деді Мирболат Сүйеуұлы.

Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі туралы баяндама жасаған облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Светлана Батырханова жыл сайынғы Жолдауларында Елбасы мемлекеттік қызметшілерге  үлкен үміт артатынын жеткізді. Себебі олар мемлекеттің өркендеуіндегі алға қойылған мақсаттарды  жүзеге асыратын негізгі күш  болып табылады. «Халық үшін қызмет ету, сапалы  мемлекеттік қызмет көрсету азаматтардың мемлекетке деген  сенімін күшейтеді.   Сондықтан да мемлекеттік қызметтегі  әрбір адам өз жұмысының маңыздылығын сезінуі тиіс, – деді Светлана Жамбылқызы. – Халықтың мемлекетке деген көзқарасы мемлекеттік қызметтің сапасымен және қолжетімділігімен байланысты екенін атап өту керек. Бүгінгі таңда әділет департаменттерімен мемлекеттік қызметтің 18 түрі көрсетіледі. Азаматтар мен заңды тұлғалардан  қабылданған өтініштер уақтылы орындалып, заң талаптарын бұзуға жол берілмей, мемлекеттік қызмет көрсетудің  сапалылығы  қадағаланады».

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова ел азаматтарының біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуда қолға алынып жатқан іс-шараларға тоқталды. Гүлназ Мағжанқызының айтуынша, Ұлт жоспарының 86 және 87-қадамдарында көрсетілген  «Үлкен ел – үлкен отбасы» мен «Менің елім» жобаларын әзірлеп, оларды жүзеге асыруға «нұротандықтар» өз үлестерін қоспақ. Себебі партияның бұл бағытта тәжірибесі бар, яғни партияның саяси доктринасындағы осыған ұқсас жобалар сәтті жүзеге асуда.

Облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, әдеп кеңесінің мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин мемқызметшілердің әдеп қағидаларын сақтауда БАҚ-тың рөлі жөнінде баяндама жасады.

– Өңіріміздегі әдеп жөніндегі кеңеске жүйелі жариялылық тән. Мұндай жұмыс сипаты мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа барудан сақтандырады. Кеңесте қаралатын мәселелерге байланысты материалдар кеңес мүшелеріне 3-4 күн бұрын жеткізіледі. Мұндай жағдай кеңес мүшелерін асығыс шешім қабылдауларына жол бермейді. Кеңес жұмысына БАҚ өкілдері тұрақты түрде шақырылады. Осы конференция қарсаңында журналистер арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізген едім. Олардың бәрі әдеп жөніндегі кеңестің жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын айтты. Ал мұндай жұмыс халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін нығайта түсетіні кәміл, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Конференциядан кейін Ақжайық аудандық ішкі саясат басқармасының бас маманы Жәлел Жолдығалиев, облыстық кірістер департаментінің бас мамандары Әдемі Құспанова мен Ирина Рясная сынды мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жастар салтанатты түрде ант қабылдады.

– Мемлекеттік қызметшілерді бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтаймын. Биылғы мереке ел тә-уелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Елбасының сындарлы саясатының арқасында республикамыз бүгінде әлемге кеңінен танылды. Мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына, көк Туымыздың биіктен желбіреуіне сіздер, яғни мемлекеттік қызметшілер де көп үлес қосып келесіздер. Еліміздегі мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында көптеген шара қолға алынуда. Арнайы заң қабылданды, министрлік құрылды. Біліктілікті арттыру үшін арнайы академия жұмыс істейді, өңірлерде оның филиалдары бар. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы мемлекеттік аппаратты реформалауға арналды. Яғни біліктілікті, кәсібилікті арттыруға, бәсекелестікке төтеп беруге негіз болары анық. Талаптар да күшейтілуде. Мұның бәрі халықтың сапалы мемлекеттік қызмет алып, өздерін жайлы сезінулері үшін және мемлекеттік қызметшінің беделін көтеру үшін жасалуда. Тағы да кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің абыройын асқақтату бағытында уақытпен санаспай атқарып жатқан қызметі үшін өңіріміздің әрбір мемлекеттік қызметшісіне өз ризашылығымды білдіріп, мықты денсаулық, отбасы амандығын және табыс тілеймін, – деді шара барысында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Одан кейін өңір басшысы мемқызметтік қызметте адал еңбегімен танылып жүрген жандарды өзінің алғысхатымен марапаттады. Олардың ішінде облыс әкімі аппаратының бас маманы Римма Көбейсінова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Қайырғали Нәдірғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Лариса Круглова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Елтай Ғұмаров бар. Сондай-ақ шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі мен департамент басшысының құрмет грамотасы және алғысхаттары табысталды.

Шара Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының шағын концертімен түйінделді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Тоғыз жолдың торабындағы сервистік кешен

Күні: , 185 рет оқылды

IMG_6519


Жуырда облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен «Автокомбинат» ЖШС негізіндегі көлік-логистикалық кешенінде болып, жаңғырып, қайта жабдықталған кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тірлігімен танысты.


Компания өңірімізде көлік логистикасын дамыту мақсатында 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Кәсіпорын ол қаражатқа шет мемлекеттен 20 дана DAF XF 105 ныспылы жүк машинасын сатып алған. Бүгінгі күні ол көліктер Ресей елінен жеңіл және жүк аутокөліктеріне арналған дөңгелектері мен қосалқы бөлшектер тасиды. Арнайы жабдықталған қоймаға әкелінген дөңгелек түрлері тапсырыс бойынша еліміздің түкпір-түкпіріне тасымалданады.

Нарықтың өтпелі тұсында иесіз қалғандай күй кешкен «Автокомбинат» ЖШС иелігіндегі ескі ғимараттар қайта жөндеуден өтіп, бүгінде көз тартар әсем заманауи нысандарға айналған. Кәсіпорынның басты мақсаты – өңірде дөңгелек-логистикалық терминалын қалыптастыру. Тиімді логистика өңірімізге дөңгелектердің үздіксіз тасымалдануын қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз – автомобиль дөңгелектерін ешқандай делдалсыз көтерме және бөлшек саудаға арзан бағамен шығаруға мүмкіндік туғызады. Кәсіпорында кез келген шетелдік жүк көліктеріне кешенді техникалық қызмет көрсету орталығы, ауыр жүк көліктерін жуу қызметі көрсетіледі. Сондай-ақ транзиттік көлік құралдарын жол бойында сервисті қамту мақсатында жүргізушілерге ар-налған асхана мен қонақүй  жұмыс жасайды.

«Автокомбинат» ЖШС кешенін қайта жабдықтау үшін 700 млн. теңге, көлік логистикасын дамыту мақсатында DAF XF 105 маркалы жүк машинасын алуға 420 млн. теңге қаржы жұмсаған. Сол жұмсалған қаражаттың 351 млн. теңгесі «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен демеуқаржы ретінде кері қайтарылған. Аталмыш компанияда барлығы 150 адам қызмет жасайды. Жаңғырып қайта жабдықталған логистикалық орталық бүгінде 75 адамды  жұмыспен қамтып отыр.

Батыс өлкедегі бірегей кешендегі заманауи құрал-жабдықтар әлемдік стандарттарға сай. Озық технологияны жергілікті мамандар жетік меңгерген.

Жастайынан темір жонушы мамандығын игеріп, осы салада көп жыл қызмет атқарған Болат Төртбаев бүгінде білген-түйгенін жастарға үйретуде. Шебердің қолынан шыққан түрлі көлік бөлшектері техникалардың мүлтіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Өз кәсібін жетік меңгерген маманның айтуынша, жұмыс жасаймын деген жанға компанияда барлық жағдай жасалған. Жұмысшылар еңбекақылары мен үстемақыны уақтылы алып тұрады.

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан біздің облыстың транзиттік әлеуеті зор. Қазақстанның батыс қақпасы арқылы Еуропаға ағылатын көліктердің легі жыл өткен сайын арта түсуде. Қытай елінен шыққан жүк көліктері Қазақстан аумағынан Еуропаға Орал арқылы өтеді. Сондықтан да барлық кезде техникалық қызмет көрсетуге сақадай сай орталықтың болуы олар үшін өте қолайлы. Ауыр салмақты жүк көліктері ұзақ жолға шыққан кезде қай жерде көлік логистикасының бар екендігіне зер салады. Бұл кешен туралы ақпарат арнайы картада, ғаламторда болса, жүргізушілер қажет жағдайда түрлі көмек ала алатындықтарына сенімді болады. Сондықтан мүмкіндігі зор кешен туралы ақпаратты барынша кеңінен насихаттап, көпшілікті жете таныстыру қажет. Өңірдің әлеуетін арттыруға зор септігі бар жобаның мүмкіндігін жетілдіре түсу керек, – деді кешен жұмысымен танысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Компания мамандары бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарын одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін, болашақта қызмет аясын кеңейтіп, жол бойындағы жедел сервистік қамту жұмысын жетілдіре түсетіндіктерін айтты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Жазатайым бала өлімінің жиілеуі ата-ананың салғырттығынан

Күні: , 193 рет оқылды

3ac3fb5aae07dcd5cb6b436797b571140a035942_725


Облыстық  денсаулық сақтау басқармасында балалар арасындағы жазатайым оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты брифинг өтті. Осы басқарманың ана және бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, жаз басталғалы 1-5  жас аралығындағы  балалар арасындағы жазатайым оқиғалардан өлім-жітім жиілеп кеткен.


Өткен жылы  жеті жазатайым  жағдай тіркелсе, биылғы жыл басынан бері 10  жағдай тіркелген. Өткен аптаның аяғында тіркелген екі   жазатайым жағдайда да ата-ананың ішімдік ішіп, баланы қараусыз қалдырғаны белгілі болды. Мәселен, үш айлық сәбиді  анасы арақ ішкен күйі, қасына емізіп жатып ұйықтап қалған. «Еміземін» деп, сәбиін басып жатып қалғанын анасы өзі сезбейді. Бірнеше сағаттан соң, үйдегі үлкен қызы көріп, ауылдағы фельдшерді шақырғанымен, дәрігер келгенде бала өліп қалған. Екінші жағдайда, үшінші қабаттан екі жастан асқан сәби құлап кеткен. Бұл кезде анасы қасында болғанымен, мас болуы салдарынан баланы қараусыз қалдырған. Биіктен құлаған сәбиді көрген көршілері «Жедел жәрдем» шақырып, бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі күнде бұл сәби ем алуда.  Жағдайы  орташа, ауыр. Тағы бір жағдайда, алты жасар қыз бала үйдің төбесіне шығып құлап, ауыр жарақат алған. Соған орай таяуда Қазталов ауданына санавиациямен үш дәрігер барып, қыз бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі күнде баланың жағдайы ауыр. Өткен аптада үш жасар бала аулада тұрған бөшкеге түсіп кетіп қайтыс болды. Сондықтан ата-аналарды баланы қараусыз қалдырмауға, мұқият болуға шақырамын. Әсіресе, ауылдық, аудандық жердегі жергілікті атқарушы құрылымдар арақ ішіп, баласына салғырт қарайтын ата-аналарды қатаң бақылауға алулары керек, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана және бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Айнаш Ғұбайдуллина.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-травматологы Болат Әлібаевтың айтуынша, балалар арасында тұрмыстық жарақат – ең бірінші орында. Содан кейін көшедегі, мектептегі, жол-көлік жарақаттары орын алады. Көбіне қараусыз қалған балалар тұрмыстық әр түрлі жарақатқа ұшырайды. Атап айтар болсақ, күйік, улану, биіктіктен құлау, әр түрлі сынықтармен балалар дәрігер көмегіне жүгінеді. Жылына облыстық көпбейінді бала-лар ауруханасына 7000-8000 жарақат алған бала түседі. Соның ішінде ауруханада 700-800-дей бала әр түрлі жарақаттарына байланысты стационарлық ем қабылдайды.  Өкінішке орай, жыл сайын балалардың жарақат алу көрсеткіші өсіп келеді.  Салыстырмалы түрде қарағанда, бес жасқа дейінгі балалар балабақшада, лагерьде болғанда үйдегі балаға қарағанда аз жарақат алады. Өйткені олар тәрбиешілердің қатаң бақылауында. Содан соң химиялық күйіктермен де балалар ауруханаға түсіп жатады. Сәбилердің марганцовка, сірке суын ішіп қоюы, өкінішке орай, орын алып тұратын жағдайлар. Бұл да ата-ананың салғырттығы. Жылына ата-ананың жауапсыздығынан  жазатайым жағдайға тап болған 560-640 бала тіркеледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана және бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Айнаш Ғұбайдуллина масаның шағуы салдарынан балалар арасында  аллергиялық реакциялар тіркеліп жатқанын айтты. Өткен аптаның соңында маса шағу салдарынан 30 жағдай тіркеліп, ата-аналар «Жедел жәрдем» көмегіне сүйенген. Дәрігерлер ата-аналардың тек «Жедел жәрдемді» шақырып, қамсыз отырмай, балаға үйден  алғашқы көмек көрсету қажеттігін айтады.

– Маса шаққан жерде қызару, ісіну, ауырсыну болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баланың маса шаққан жерін салқын сумен, спирт ерітіндісімен өңдеп, басылмай ісінген жағдайда аллергияға қарсы жақпаларды  жағу керек. Бұл – алғашқы көмек.  Ал егер ісік ұлғайып, аллергия күшейген жағдайда ғана  «Жедел жәрдем» шақырту керек, – дейді мамандар.

Биылғы жылы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында биіктен құлау – 5, күйік – 160, улану – 38,  жол-көлік жарақаты — 64, 187 тістеме  жарақаты тіркелген.  Сондықтан әр ата-ана баланың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Он алтыншы жыл

Күні: , 294 рет оқылды

DSC_0039


«Жайық Пресс» медиахолдингінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Оған өңірімізге белгілі өлкетанушылар мен тарихшылар қатысты.


Бүгінгі Тәуелсіздік кезеңінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына көзқарас қандай? Қазіргі Қазақстан халқы бір ғасыр бұрынғы оқиғадан қаншалықты  хабардар? Бұл кезең мектеп бағдарламасында қалай қамтылған? Жалпы, біз 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың себебі мен салдарын, нәтижесін толық зерттеп, зерделеп болдық па? Жиын барысы осындай сұрақтардың аясында өрбіді.

— 1916 жылдың 25 маусымынан басталған тарихи оқиғаға жүз жыл толып отыр. «DANAkaz» журналының 2015 жылғы сандарының бірінде «Орал өңірі» газетінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі Тамимдар Сафиевтің жүз жыл бұрынғы оқиғаға қатысты облыстық өлкетану музейінде сақталған қолжазбасын араб қарпінен кирилге аударып, «1916 жылғы оқиға» деген атаумен жариялады. Онда құнды деректер мол. Сол материал арқылы тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтардың мәні айқындала түсеріне көзіміз жетті. 1916 жылғы көтеріліс, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толуы – осы елеулі даталардың арасында өзара байланыс бар екені анық аңғарылады. Мысалы, 1916 жылғы көтеріліс Патша үкіметінің құлауына әкеліп соқтырды. 1986 жылғы оқиғаның Кеңес үкіметінің ыдырауына әсері болды. Отарлық жағдайдағы қазақ халқының рухы көтеріліп, санасы ояну арқылы бүгінгі азаттығымызды алдық десек, артық айтқандық болмас. Осы орайда жүз жыл бұрынғы оқиғаға байланысты ғалымдарымыздың пікірі халыққа жетсін, ақпарат құралдарына ақпараттық негіз болсын деген ниетпен арнайы жиналып отырмыз, — деді дөңгелек үстел мәжілісін жүргізген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин кіріспе сөзінде.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

тарих  ғылымдарының докторы, прфессор:

— Бүгінгі шараны өте маңызды, қажетті деп есептеймін. Өйткені жалпы тарихта «циклділік» деген ұғым бар. Ол — болған оқиғаның келесі бір тарихи кезеңде қайталануы. Бүгінгі таңда 1916 және 1986 жылғы тарихи оқиғалар тиісті деңгейде зерттеліп, өз бағасын алған жоқ. Мысалы, ұлт-азаттық қозғалыстардың негізгі ошақтарын атап өткенімізбен, өзіміздің батыс өлкедегі, Маңғыстаудағы, Сыр бойындағы тарихи жағдай Амангелді Иманов есімімен байланысты Торғай оқиғасындай жеткілікті зерттелді деп айта алмаймын. «Алаш тұлғалары 1916 жылғы көтеріліске қандай көзқараста болды?» деген сұрақ туындайды. Алаш қозғалысын қаралап келген тоталитарлық кезеңде олар көтерілісті жақтаған жоқ деп, Амангелді Иманов оқиғасымен байланысты қарама-қайшылық жасап келді. Бұл қате пікір. Кей жағдайда тарихшыларға әлеуметтік тапсырыс деген болады. Осындай тапсырысты орындамаған күнде ғана тарих шынайы болады. Үкіметтің немесе басшылық жасап отырған партияның сол кезеңдегі оқиғаларды бұрмалап жеткізу мәселесі тарихта болды. Мұндай жағдайда тарих ғылымы өз миссиясын атқара алмайды. Тарихшының міндеті – оқиғаның шындығын жеткізу. Ал оны кімнің қалай қабылдайтыны ғылымға бөгет болмауы тиіс. Алаштықтардың 1916 жылғы көтеріліске көзқарасына келсек, олар ұлттық мүдде тұрғысынан, отансүйгіштік жағынан келгенде, ешқандай сатқындық жасаған жоқ. Бұл мәселеде қазақ зиялыларын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірі – кейінгі Алаш партиясының өкілдері, екіншісі – жалпы қазақ зиялыларының өкілдері. Бұлар көтеріліске қатысты екіжақты көзқараста болды. Біреуі – радикалды солшыл топ. Олар 1916 жылғы көтерілістің басы-қасында болып, оны ұйымдастыруға қатысып, басшылық етті. Мұның мысалын Батыс Қазақстан бойынша Сейітқали Меңдешевтің, Жетісуде Тоқаш Бокиннің іс-әрекетінен көре аламыз. Олар сол әрекеттеріне байланысты айдауда да, түрмеде де болды. Бірақ алған беттерінен қайтқан жоқ. Ал Алаш қозғалысының өкілдері «Егер 1916 жылғы 25 маусымдағы Патша үкіметінің жарлығы орындалмайтын болса, онда қантөгіс болады. патша жендеттері халықты қыруы мүмкін. Сол қантөгіске жеткізбейік. Жарлықтағы қара жұмысқа бару мәселесін іске асыруға қатысайық» деген пікірде болды. Бірақ олар 1916 жылы Орынборда жиын ұйымдастырды. Жиында 17 пункттен тұратын құжат қабылдаған еді. Сол құжатта негізгі мәселелердің бәрін тиянақтап қарастырған. Енді қазақ зиялылары сатқындық жасаған жоқ деген тұжырымға келу себебімізге тоқталайық. Олар көтеріліске қатысқан адамдарды жазалауды тоқтату, оларға жеңілдік жасау, отбасыларына көмек көрсету, жер аудару мәселесін болдырмау деген мәселелерді көтерді. Көтеріліс басталуының негізгі себебі аграрлық мәселеден туындады. Бұл көтеріліс әр жерде өзінің локальдық сипат алғанына қарамастан, жалпы барлық аймақта бір мезгілде болып, халықтың оған үнқосуы ұлт санасының жетілгендігі еді.

Жайсаң АҚБАЙ,

өлкетанушы:

— Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин Мемлекеттік думаға әдейі барып мәселе көтерді. Олардың атқарған жұмыстары өте мазмұнды, күрделі болды. Оған Дума назар аударды. Сөйтіп, көтеріліс даласына Керенский басқарған делегация келді. Керенский «Мен ол жерге орыс халқының өкілі болып барғаныма ұялдым. Халқымның атына кір келтіретін жағдайдың куәсі болдым. Бішкекте халықтың көзінше қарусыз адамдарды атқанын көрдім. Бұл барып тұрған зұлымдық. Халыққа көрсетілген зәбір» деп қазақтарға болысқан. Егер Әлихан, Міржақып сынды қазақ зиялылары көтеріліске тікелей басшылық жасаса, олардың көздері құртылатын еді. Кейін Алаштың қайраткерлері ретінде тарихи аренаға шықпай қалған болар еді. Осы тұрғыдан олар көрегендік жасады. Менің ойымша, қазақ немесе Орта Азия ұлттарын қара жұмысқа тарту көтерілістің басты себебі емес. Ол қазақ халқы төзімінің таусылған шағы еді. Қазақ даланың еркесі еді, даласын тартып алды. Он мың адамды шақыртумен балық аулауға жіберген. Тіпті казак-орыстардың малын бақтырып, олар соғыста жүр деп үй шаруасын жасатқан. Осындай жағдайда даладағы мал мен жанұя иесіз қалды. Ал өз қандастарымыздан шыққан болыстар байдың тұқымын қорғап, 15-16 жасар балаларды олардың орнына салып жіберген. Біз бұл көтерілісті ұмытуға тиісті емеспіз.

Оның ерекшелігі сол – халық жерсу, бостандық үшін күресті. Бұл жай ғана бас көтеру емес, тұтас қазақ даласын қамтыған көтеріліс. Сол төңкерістің құрбаны болып өлгендері өз алдына, миллионнан астам адам Қытай, Иран, Түркия, Ауғанға асқан. Мұндай тарих жария болуы керек. Халықты рухтандыру бағытында бұл оқиғаның маңызы жоғары.

Жаңабек  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

тарих  ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:

— Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1916 жылғы көтеріліс мәселесін мектеп оқулықтарында, сондай-ақ Қазақстан тарихының бес томдығында Манаш Қозыбаев ағамыз қолға алды. Биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қазақ тарихындағы жүз жыл толып отырған елеулі оқиғаның республикалық масштабта үлкен басылымдарда кеңінен насихатталмай жатқандығы мені тарихшы ретінде ойландырады. Мүмкін мемлекеттік үлкен саясаттың біз түсінбейтін иірімдері бар шығар. Бұл тақырыпқа «Аңыз адам» журналы ғана бір санын арнады. 1916 жылғы көтеріліс мәселесіне келгенде, мектеп және ЖОО оқулықтары түгелдей Манаш Қозыбаевтың ойларын басшылыққа алып келеді. Патша үкіметінің ғасырлар бойына жүргізген бөліп ал да, билей бер саясаты болды. Әдейі бірнеше әлеуметтік топтарды майдан даласынан босатты. Олар Шыңғыс тұқымдары, ірі ақсүйектер, имам, молда, мүдәрістер, кіші несие қызметкерлері, ұсақ бухгалтерлер, бір сөзбен айтқанда, ауылнай, болыс, старшындардың патша үкіметінің қазақ жеріндегі отаршылдық  саясатын жүзеге асырып отырған топтарын майданнан босатты. Сондықтан көтеріліске шыққан халық бірінші кезекте болыстарды өлтірді. Тарихшы Исатай Кенжәлиев бұл уақытты пара алудың қатты асқынған кезі деп жазады. Ол Таловка қисымында Қарабаев деген кісінің туған жылын өзгертіп көрсету үшін әр жігіттен мың сомнан пара алғандығын келтіреді. Көтерілісшілерді жазалау әрекеттері өте айуандықпен жүзеге асқан. Саяси идеологияның салқынынан 1916 жылғы көтеріліске байланысты мәртебесі  Амангелді Имановтан да жоғары Әбдіғапар Жанбосыновтың есімін білмей келдік.

Есқайрат ХАЙДАРОВ,

тарих  ғылымдарының  кандидаты:

— Көтерілістің шығуы патша үкіметінің түрлі реформалар арқылы отарлық саясаттың шырқау шыңына жетуінен орын алды. Патша үкіметі Қазақты елдігінен айырды. Екінші кезекте жерінен айырған еді. ХІХ ғасырдың 60-80-жылдарында шаруаларды қоныстандыру саясатын жүргізе отырып, оларды қаруландыру жағын көздеген. Сөйтіп, өзіне әлеуметтік тірек даярлауға да көшті. Бірінші кезекте көтерілісті зерттеу жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Кезінде осы тақырыпта тарихшы Ғинаятолла Қарабалиннің мақалалары шықты. Тұяқбай Зейітұлының жаңаша тұрғыда, көтерілісті көрген адамдардың естеліктері арқылы жазылған мақалалары бар. Бұл, әрине, дерек көзі ретінде өте пайдалы. Енді мұрағаттық деректер арқылы да кең зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігі байқалады. Жалпы, бұл көтерілісті тарихи тағылым ретінде насихаттау жұмыстары кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Алаш зиялылары қазақ жұрты әскерге барса, әскери әдістерді үйренеді, ел, жер көріп, саяси сауаты ашылады деп есептеді. Ол солай болды да. Көтерілісшілерді алаш зиялыларының қандай қамқорлыққа алғаны туралы Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» еңбегінде кеңінен жазылған. Сол қамқорлықтың арқасында қара жұмысқа алынғандар арасында жастар ұйымдары ашыла бастады. Мәселен, Орынборда «Еркін дала», «Игілік қауымы» деген жастар ұйымдары құрылған. Оралда «Үміт», «Жас қазақ» секілді ұйымдар болды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Бөкей ордасында жастардың «Жігер» атты ұйымы құрылды.

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы:

— 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен алаштың оқыған қауымы теріс айналған жоқ. Керісінше, халықты дұрыс жолға бастауға тырысты. 1916 жылғы оқиғаға байланысты патша үкіметінде құпия жарлық болған. Онда «Жалпы қазақ даласындағы оқыған зиялы қауымға өздік көзқараспен қарауымыз керек» дейді. «Өздік» деп отырғаны зиялыларды көтеріліс жағдайында халықтан тез арада ажырату керек деп есептеген. Сейітқали Меңдешев, Әбдірахман Әйтиев сынды оқыған азаматтарды ешқандай көтеріліс басталмай тұрып-ақ түрмеге жабуын осы саясаттың айқын көрінісі деуге болады.

Жәнібек ИСМУРЗИН,

тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:

— 1916 жылғы көтеріліс мәселесі кеңестік кезеңде зерттелді. Бірақ сол кездегі идеологиялық шеңберден аса алған жоқ. Оның ішінде Батыс Қазақстандағы көтеріліске қатысты зерттеулер 7-8 беттен аспайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, атап айтқанда 1998 жылы «Қаһарлы он алтыншы жыл» атты екі томдық жинақ шықты. Оның ішіне бұрын айналымда болмаған біраз мәлімет енді. Біздің өлкеде осы тақырыпқа қатысты жүйелі зерттеу әлі күнге дейін жоқ. Мұндай жұмыстарды қолға алатын уақыт келген сияқты. 1916 жылғы көтеріліс туралы бүгінгі «Орал өңірі», бұрынғы «Қызыл тудың» 1926 жылғы шілде, тамыз, қыркүйек айларында шыққан сандарынан біраз құнды мәліметтер кездестіруге болады. Он жыл өткеннен кейін арнайы тапсырмамен көтеріліске қатысқан көзі тірі адамдардан естеліктер жинаған. Өкінішке орай, облыстық мұрағатта «Қызыл тудың»1926 жылғы тігіндісі жоқ. Осы орайда Алматыдағы орталық ғылыми кітапханадан аталмыш тігіндінің көшірмесін тұтастай алдырса деген ұсыныс бар. «Екпінді құрылыстың» 1936 жылғы сандарында аталмыш көтеріліске байланысты арнайы нөмірлер дайындалған. Бірақ мұның да тігіндісі облыстық мұрағатымызда толық сақталмапты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«DANAkaz» журналының бас редакторы:

— Көтеріліске 100 жыл толуына орай журналымыздың 2016 жылғы әрбір санында «1916» деген айдармен материалдар легін жариялап келеміз. Ол жыл соңына дейін жалғасатын болады. Осы орайда Тұяқбай Зейітұлының, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың мақалалары жарық көрді. Бұл тарихшы мамандарға арнаған алаңымыз. Тарихшыларды осы тақырыпта бірлесе жұмыс жасауға шақырамын.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Домбыраның қос ішегі»

Күні: , 182 рет оқылды

13516408_289869181402277_2784988638333592329_n


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының концерт залында танымал домбырашылар, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев пен оның ұлы, ҚР мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар байқауының бас жүлдегері Асылхан Қазиевпен «Домбыраның қос ішегі» атты кездесу кеші өтті.


Шара мақсаты әкелі-балалы күйшілердің өнерлерін көпшілікке үлгі етіп, күй өнерін жас ұрпаққа насихаттау болды.

Кешке келушілер алдымен күйшілер әулетіне арналған «Көкірегі – күй шежіре» атты көрмемен танысты.

Кездесу барысында Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина, Сейтек секілді белгілі күйшілердің шығармалары орындалды. Әкелі-балалы күйшілер сахна төрінде күй сайысын жасады. Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашылар ансамблі, «Ақжайық» халықтық би ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ Ермек Қазиевтің кішкене немерелері Айару мен Айзере әсем билерімен көптің көңілінен шықты.

— Мектепте оқып жүрген кезімде Сәкен Батыров есімді ұстазымыз болды. Сол кісі ашқан домбыра үйірмесіне аздап қатыстым. Бір кездері домбыраны қойып, спортқа кеттім. Әскерден келгесін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болдым. Аудандық спорт комитетінің төрағасы болып қызмет еттім. Сөйтіп жүргенімде,  бір күні мені Орданың атақты халық оркестріне шақырды. Мен «Онда барып не бітіремін, көп ештеңе білмеймін ғой» деп едім, «Жоқ, сенің әкең күйші, түбі үйренесің» деп апарып, оркестрге отырғызып қойды. Бүгінгідей өнер иесі болып қалыптасуыма сол оркестрдің көп көмегі тиді. Жыл жарым уақыттың ішінде оркестр шығармаларының  барлығын құймақұлақтықпен үйреніп шықтым. 1972 жылы Орданың халық оркестрі Алматыға барды. Оркестр іште жатқан қарым-қабілетті оятқан болса керек, мен сол жолы Алматыға бас домбырашы болып бардым. Талай конкурстарға қатысып, лауреат атандық. Содан кейін ғана әкемнен ескі күйлерді үйрендім. Осылайша күйшілік жолға түстім, — деп жауап берді Ермек Еселұлы өнерге келу жолына қатысты қойылған сұраққа.

Ермек Еселұлының замандасы Шайхолла Елемесов, ардагер Тихон Әліпқали, ақын Айсұлу Қадырбаева, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков, күйшінің қарындасы Асылғаным Қазиева кеш иелерін құттықтап, күй өнері туралы әңгіме өрбітті. Әсіресе, «Алтын қорға» қазақтың 28 күйін табыс еткен Ермек Қазиевтің әкесі Есел күйші туралы оның көзін көре қалғандардың естеліктері көпшілікті әдемі әсерге бөледі.

— Бабадан қалған өнерді алып жүру дәл қазіргі уақытта маған қиынға соғып жүрмеген сияқты. Өйткені өнердегі әріптестерімнің, ұстаздарымның ортасында жүрмін. Бірақ «Өзім игерген өнерді әрі қарай ұрпағыма тиісті деңгейде аманаттай аламын ба?» деп алаңдаймын, — дейді Асылхан Қазиев кеш жүргізушісінің сұрағына берген жауабында.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла кеш иелеріне облыстық  мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғысхатын табыс етті.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика