Мұрағат: 23.06.2016


Кеніш қолдауын күтеді

Күні: , 179 рет оқылды

IMG_6137


2011-2015 жылдары «ҚПО б.в.» компаниясы экологиялық орталығының  техникалық тапсырмасы бойынша карбонатты бұрғылау шламын өңдеу және оны пайдалануды жобалау, сондай-ақ карбонатты бұрғылау шламын залалсыздандырудың балама әдістері аясында ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын.


Аталған жұмысты М. Өтемісов атындағы БҚМУ ғалымдары жүзеге асырды. Экология бойынша мемлекеттік қызмет пен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша карбонатты бұрғылау шламын өңдеуден пайда болған өнім қоршаған ортаға қауіп әкелмейді, оны жол құрылысына пайдалануға болады.

Бұған Орал-Теплое, Ақсай-Приуральное автомобиль жолдарында және Үлкен Шаған орман шаруашылығында ұйымдастырылған жартылай өндірістік сынақ жұмыстарының қорытындысы дәлел бола алады. Сынақ жұмысында пайдаланылған өнімдер құрылыс жұмыстарының нормаларына толық  сәйкес келген.

Осыған орай аталған жобаны жүзеге асыру ісін одан әрі жалғастыру мақсатында сейсенбі күні мамандар «Технопарк «Алгоритм»  ЖШС жанындағы инновацияның өңірлік кеңсесінде бас қосты. Бұған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, «Технопарк «Алгоритм»  ЖШС директоры Арман Есекенов, «ҚПО б.в.» компаниясының экологиялық орталығы қалдықтарды басқару учаскесінің басшысы С. Жуковский, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқанов және «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ержан Балтаев қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жобаның тиімділігі жөнінде айтып, оның ұйымдастырушыларына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін «ҚПО б.в.» компаниясы бас директорының орынбасары Марат Кәрімов сөйлеп, «ҚПО б.в.» компаниясының аталмыш инновациялық жобаға үлкен мән беріп отырғанын айтты.

— Бұдан бұрын компания карбонатты бұрғылау шламын өңдеп, оны құрылыс саласында пайдалануға арналған жобаның І кезеңін қаржыландырған болатын. Бүгінгі жиында осы жобаның жалғасы, яғни екінші кезеңі «ҚПО б.в.» компаниясында карбонатты бұрғылау шламын тәжірибелік-сынама жүзінде қолдану бойынша қанатқақты жобасын жүзеге асыру мәселесі талқыланбақ. Бұл жөнінде құрылтайшылар алдында мәселе қойылды, компания басшылығына ұсыныс берілді. Бұйырса, бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын, — деді Марат Кәрімов өз сөзінде.

Шара барысында сөйлеген «ҚПО б.в.» компаниясының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өндірістік мәселелері бойынша бөлім басшысы Хан Кашиф Рауф компанияның М. Өтемісов атындағы БҚМУмен ынтымақтаса жұмыс істеп жатқанын айтып, батысқазақстандық ғалымдарға және оларды қолдап отырған облыс әкімдігіне ризашылығын білдірді.

Жиында жоба жетекшісі, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың химия кафедрасының профессоры Дина Меңдалиева мен экология және биогеохимия сынақ зертханасының меңгерушісі Зарипа Қонашева сөйлеп, карбонатты бұрғылау шламын залалсыздандырудың балама әдістері бойынша зерттеу нәтижелері жөнінде баяндады. Ғалымдардың сөзінше, бұл жоба жол құрылысы мен орман шаруашылығы үшін өте тиімді болмақ. Өңделген карбонатты бұрғылау шламы қосылған қоспалар ыссыға да, суыққа да  төзімді, әрі  ол су өткізбейді. Оның үстіне жергілікті жерден өндірілетін болғандықтан, бұл қоспалар пайдаланушыларға арзанға түспек. Осы басқосуда ғалымдар карбонатты бұрғылау шламын өңдеуден пайда болған минералды материалдың тиімділігін толық дәлелдеді. Кеніш басшылығы қолдаған жағдайда, аталмыш жоба алдағы уақытта «ҚПО б.в.» компаниясының өз аумағында жүзеге асырылмақ.

Жиын соңында карбонатты бұрғылау шламын өңдеуден пайда болған минералды материалды өндіріске пайдалануға бағытталған шешім қабылданды.

Айша ТЕМІРБОЛАТ


«Неге ауыл әкімдігінен ешкім жоқ?» «Заңсыз арақ саудасын тыю керек!»

Күні: , 610 рет оқылды

DSC_0193


Жақында «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Теректі ауданының Жаңа өмір, Ақжайық, Шағатай және Қызылжар ауылдарында болып, оқырман қауымның пікіріне құлақ түріп қайтты. Ел-жұртпен кездесу барысында әуелі басылым басшысы «Орал өңірі» бүгіндері бала тәрбиесі, діни сауаттылық, яғни қалың бұқараның жат діни ағымдардың шылауында кетуіне жол бермеу, халық арасында салауатты өмір салтын нығайта түсу, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларынан халықтың дер кезінде хабардар болуы, қазақстандық қоғамда заң үстемдігін біржола орнықтыру секілді көкейкесті тақырыптарға басымдық беріп отырғандығын айтып өтті. Сонан соң оқырмандардың пікіріне ден қойды. Біз бүгін үшбу елді мекендерде өткен кездесулерде оқырмандар ортаға салған кім-кімді де бейжай қалдырмас ой-пікірлерді көптің назарына ұсынып отырмыз.


Бекзат ҚҰБАЕВ,

ШЖҚ «Теректі аудандық ауруханасы» МКК-ның бас дәрігері:

«Неге  ауыл  әкімдігінен ешкім  жоқ?»

— Сіз жаңа халықты да, билікті де қатты толғандырып отырған көкейкесті тақырыптарды қозғап өттіңіз. Әсіресе, бала тәрбиесіне жүйелі көңіл бөлу, жастардың жағдайын жіті назарда ұстау, өскелең ұрпақты қаршадайынан адал еңбекке баулу, әсіресе, дәстүрлі исламды қазақ арасында нығайту, жат діни ағымдарды ел ішінен біржола аластату күні кешегі Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін шұғыл қолға алынуы тиіс шаруа екендігі күмәнсіз. Ол үшін тек облыс немесе аудан орталықтарында ғана емес, біздің ауыл секілді ірі елді мекендерге діни сауаты мығым имам-молдаларға қоса, кәнігі теологтар керек. Міне, осындай күрделі мәселелер талқыға салынып жатқан жиынға неге ауыл әкімдігінен бірде-бір қызметкер қатыспайды? Бұра тартқанды жөнге салар, адасқанға ақыл айтып, дұрыс бағыт-бағдар сілтер бұл ауылдың ақсақалдары қайда? Тентекті тәубесіне келтіріп, тезге салар ақылман аналар қайда? Осындайда қариялар жұрттың алды болып келіп, көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін ортаға салып, жөн-жоба айтпай ма?..

Редакциядан: Біздіңше, Ақжайық ауылының зиялы қауымы атынан бас дәрігер орынды ренішін білдіріп отыр. Халықты да, билікті де қатты толғандырып отырған өзекті мәселелер сөз болған жиынға Ақжайық ауылдық округінің әкімі аппаратынан бірде-бір мемлекеттік қызметкердің төбе көрсетпеуін қалай түсінуге болады? Облыстық газеттің басшылығы жергілікті оқырман қауыммен кездесуге баратындығын үш күн бұрын бас редактордың өзі ауыл әкімі Муфтах Дүйсенғалиевке телефон арқылы айтты. Жақсы, аяқ астынан ауыл әкімінің шұғыл шаруасы шығып қалды делік. Бірақ ол жергілікті әкімдіктің аппараттағы жалғыз мемлекеттік қызметші емес қой! Сонда бұл тұтас ауыл әкімі аппаратының жергілікті ел-жұртты менсінбегені ме, жоқ әлде бір ғасырға жуық бай тарихы бар облыстық «Орал өңірі» газетін көзге ілмегені ме? Бәлкім, екеуі де шығар… Редакция басшылығы ауыл әкімінен осы мәселенің аражігін ашып берер ресми жауап күтеді. Үшбу жиыннан біз «Жалпы, Ақжайық ауылдық округі әкімдігінің жергілікті жұртпен жүйелі байланысы, жанды жұмысы бар ма екен?» деген дүдәмал оймен шықтық…

Нұркен ШАМҒАЛИЕВ,

Теректі аудандық ІІБ Ақжайық полиция бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі:

«Теолог  керек»

— Жаңа ауылымыздың бас дәрігері орынды мәселені көтерді. Ақжайық – бұрынғы аудан орталығының ізіндегі ауыл болғандықтан, халық қарасы баршылық ірі елді мекен. Оның үстіне облыс орталығынан да тым қашық емес. Сол себепті біздің ауылға жат пиғылды, мысық тілеулі діни миссионерлердің назары аумайды, көзі түспейді деп өз басым айта алмаймын. Біздің халық үшін исламның дәстүрлі емес ағымдарын уағыздап жүргендерді тоқтатып, бұл әрекеттері заңға қайшы екендіктерін ескертсең, олар діни хадистерді алға тартады. Біз заңды жақсы білгенімізбен, хадис жағын жеткілікті біліңкіремейміз. Осындайда ауылымызға теолог керек екендігін қатты сезінеміз…

Руслан  МҮТИЕВ,

Шағатай ауылдық округінің әкімі, Теректі ауданы:

«Өнер  ұжымдары  неге ат  ізін  салмайды?»

— Қазақ арасындағы діни сауатсыздықты біржола жою үшін меніңше, кішігірім ауылдың өзінде дәстүрлі ислам бойынша сауат ашу курсынан өтіп, тиісті құжатқа қол жеткізген имам-молдалар болғаны жөн. Ондай кісі, әрине, әр ауылдың өзінен шықса, жүдә дұрыс. Өз басым ауылдастарымның арасында бүгіндері осындай бағыттағы әңгімені жиі айтып жүрмін. Сонымен қатар бала саны аздығынан кейбір ауылдардағы білім ошақтарына жабылу қаупі төніп тұр. Үлкендер жағы жастарға ауылдық жерлерге демографиялық дүмпу керек екендігін көбірек айтқаны дұрыс-ау.

Тағы бір айтпағым, аудан мен облыс орталығындағы өнер ұжымдары бұрынғы колхоз-совхоздардың бұрынғы бөлімшелеріне барып өнер көрсетуді сап тыйды. Колхоз-совхоздар құрығанымен, ауыл бар, ел бар ғой. Өнерпаздардың анда-санда арнайы келіп бір концерт қойға-нының өзі — ауыл халқы үшін ұлы оқиға. Әсіресе, әлгіндей өнер сапарлары биылғыдай ел тәуелсіздігінің мерейлі жылы көрініс тауып, ауыл-аймаққа рухани түлеу, рухани серпіліс әкелсе, қандай жарасымды!

Хамит  САЛАХИЕВ,

Қазақ  КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз:

«Қызылжар  мәдениет  ошағына  мұқтаж»

—  Мен ұзақ жыл педагогика саласында еңбек еткен адаммын. Біраз жыл осы Қызылжар ауылындағы сегіз жылдық мектептің директоры болып қызмет істедім. Біздің ауылдағы осы шағын мектептен білім-тәрбие алып, үлкен өмірге қанаттанған біраз шәкіртіміз Қазақстандағы алдыңғы қатарлы білім ордаларын тәмамдап, бүгіндері тәуелсіз Қазақстанның халық шаруашылығының әр саласында абыройлы қызмет атқарып, жемісті еңбек етіп жүр. Бұл олардың ата-анасына қоса, біздер, яғни ұстаздар үшін де үлкен абырой.

Ендігі айтпағым, біздің ауылдың тұрған жері шаруаға жәйлі, тұрмыс-тіршілікке қолайлы. Тіпті күні кешегі қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгерген өтпелі кезең, өліара шақта да бұл жерден ел үдере көшкен жоқ. Ауылымызда жастар, жас мамандар, мектеп оқушылары, шүкір баршылық. Демалыс күндері, мейрам кездерінде туған ауылына студенттеріміз келіп тұрады. Алайда олардың бас қосып, бос уақыттарын мәнді, мағыналы өткізетін Қызылжарда мәдениет ошағы жоқ. Біздің ауылға шағын да болса, бір мәдениет үйі керек, мәдениет ошағына қатты мұқтажбыз. Наурыз, Жеңіс күні, Тәуелсіздік мейрамы секілді мерекелерде ауылдың үлкен-кішісі бас қосып, арқа-жарқа болатын бір орын жоқ, халыққа обал тіпті…

Таңатар АБЫЛҒАЗИЕВ,

еңбек ардагері, Қызылжар  ауылы, Шағатай  ауылдық округі:

«Заңсыз  арақ  саудасын тыю  керек!»

Біздің құйтақандай Қызылжарда 3-4 үй арақ сатады деп естимін, соны қойғызу керек. Олар қайбір спирттік ішімдіктің қауіпсіздік технологиясына сәйкес шығарылған арақ сатып жатыр дейсің. Әншейін, халықты, әсіресе, жастарды улап жатыр. Басы ашық мәселе, заңсыз арақ сатуды тыю керек!

Қадірғали  БАЙНЕШОВ,

еңбек ардагері, Қызылжар ауылы, Шағатай ауылдық округі:

— Бүгіндері үлкенді-кішілі жиындарда жер мәселесі жиі талқылануда. Әр ауылдың маңында жекенің малы үшін қажет жайылымдық, шабындық жерлер ортақ қолданыста сақталуы тиіс. Осы аманатты жоғары жаққа жеткізіңіздер.

Баршагүл  ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Шаған орта мектебінің менеджері:

— Біздің мектепте 84 педагог бар. Біздің ұжым «Орал өңірі» газетіне жыл сайын белсенді жазылады. Оған себеп редакция қызметкерлерінің шығармашылық қызметкерлерінің ізденісі дер едім. Педагогика саласында қызмет істегендіктен, біз, әсіресе, бала тәрбиесі, ата-ана мен мұғалімнің байланысы, жасөспірімге уақтылы психологиялық көмек, жас буынды еңбекқорлыққа тәрбиелеу мазмұнындағы материалдарға бірінші кезекте назар аударамыз. Меніңше, мәселен, «Орал өңірінде» биыл жарық көрген «25 минут? Бұл тым аз…», «Мас апайларды қараймын деп қатып қалдым…», «Күн сайын бір баланы қуанта алсам…», «Қайғылы оқиғалардың алдын алайық» деген сияқты біраз мақалалар мұғалімдер қауымына қоса, ата-аналарды, жалпы қоғамды бейжай қалдырмауы тиіс материалдар деп есептеймін. Ізденістеріңіз нәтижелі, еңбектеріңіз жемісті бола берсін!


Тыныштық пен тәртіп сақшыларының мерекесі

Күні: , 479 рет оқылды

IMG_6253


23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай БҚО ІІД қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың қатысуымен салтанатты  шара  өтті.


Мерекелік шараға қатысушылар алдымен қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне орнатылған белгі тақтаға гүл шоқтарын қойды. Қазақстан полициясының құрылғанына 24 жыл толуы мерекесіне орай сап түзеген ІІД жеке құрамымен шараға қатысушылар Ақтөбе қаласында жасалған террорлық акті кезінде қаза болғандарды  бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Құрметті ішкі істер органы қызметкерлері! Сіздерді Қазақстан полициясы күні мерекесімен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің және барша батысқазақстандықтардың атынан шын жүректен құттықтаймын. Елбасымыз белгілеп берген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Жергілікті полиция қызметінің өкілеттілігі: қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол бақылау қызметі, ұсақ құқықбұзушылыққа атымен төзбеушілік» туралы баса айтылған болатын. Бүгінде көрсетілген міндеттер өз ретімен жүзеге асырылып келеді. Полиция қызметі бірінші кезекте кәсіби шеберлікті, төзімділікті, ең бастысы, адамгершілікті қажет етеді. Сіздер қызмет барысында өздеріңізге тапсырылған сенімді ақтап, жоғары ұйымдастырушылық, өзіңізге де, өзгеге де талап қоя білу сияқты іскерлік қабілеттеріңізді көрсетіп келесіздер. Полиция қызметкерлерінің бойынан қай уақытта да жүрек қалауымен таңдаған мамандыққа, қабылдаған антқа деген адалдық, рух беріктігі секілді қасиеттер ерекшеленіп тұруы тиіс. Қоғамдық тәртіп бар жерде саяси тұрақтылық болады. Саяси тұрақты елде экономикалық өрлеу бар. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біз осы ширек ғасыр ішінде ел халқы үшін қолайлы әрі қауіпсіз мемлекет құрдық. Осы мақсатта сіздердің атқарған қызметтеріңіз орасан зор. Ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – деді өз құттықтауында Арман Өтеғұлов.

Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымовтың полиция қызметкерлеріне құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар кәсіби мерекеге орай қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін бірқатар тәртіп сақшылары министрліктің, облыс әкімінің, ішкі істер департаментінің алғысхаттарымен марапатталды. Аталған министрліктің алғысхатымен құқық қорғау жүйесінің әр түрлі саласында қызмет ететін полиция подполковниктері Гүлнар Қаташева, Ерлан Хакимов, Марат Базаров, Андрей Бахин марапатталды. Адал қызметі үшін өңір басшысының марапатына ие болғандар қатарында ІІД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Илья Кеникстул, ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлімше бастығы Жасұлан Есенғалиев, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны Бекет Нығметов бар.

Мерекелік іс-шара барысында ішкі істер органдары қызметіне жаңа алынған 16 жас маман салтанатты түрде ант қабылдады. Ішкі істер құрылымдары қызметкерлері кәсіби мерекеге арналған жиынды салтанатты саптық шерумен аяқтады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Берік  ӨТЕУЛИН, БҚО ІІД бастығының орынбасары:

– Біздің өңірімізде ішкі істер саласында 2300-дей адам қызмет жасайды. Департаменттің жеткен жетістіктері де аз емес. Бүгінгі мереке қарсаңында 11 қызметкер Ішкі істер министрлігінің, 28 қызметкер облыс әкімінің, 1191 қызметкер облыстық ішкі істер департаментінің марапатына ие болды. Бұл да болса, үлкен жетістік деп есептеймін. Жыл басынан бері өңірімізде 20-ға жуық полиция бөлімшелері ашылды. Бүгін Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында полиция бөлімшесі ашылады. Бұрын тек учаскелік полицейлер ғана жұмыс  жасаса,  енді  12  қызметкер  ауыл  тыныштығын  күзететін  болады.

Манас ҚУАНЫШЕВ,  жас  полиция  қызметкері:

– Бүгінгі мерекеде тәртіп сақшыларының қатарын толықтырған бір топ әріптестеріммен бірге мен де ант қабылдадым. Біз осы мамандықты таңдағандықтан, еліміздің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, басшыларымыздың, командирлердің бұйрықтары мен нұсқауларын және өзіме жүктелген қызметтік міндеттерді адал атқаруға тырысатын боламын. Сонымен қатар қызметке байланысты қиындықтарға шыдамдылықпен төзе білуге, қырағы қызметкер болуға, мемлекеттік және қызметтік құпияларды  сақтауға  салтанатты  түрде  ант  еттік.


Қалдықтың да қайырын көрсек

Күні: , 425 рет оқылды

мусора


Облыста қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі жылма-жыл ұлғайып келе жатқаны жасырын емес. Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапановпен сұхбаттасқанымызда, бұл бағытта біраз қат-қабат мәселенің бар екенін аңғардық. Оның мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін өңірде жалпы аумағы 550 гектардан астам жерді алып жатқан 6,5 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Көлемі жағынан ең ірілерін атап өтсек, Орал қаласы маңында 1975 жылы пайдалануға берілген полигонда 3,5 млн. тонна қалдық бар. Ақсай қаласындағы қоқыс алаңына 30 жылдан бері 800 тонна қалдық үйілген. Негізінен, бұлардың әу бастағы жобада белгіленген пайдалану мерзімі аяқталған. Орал қаласына жаңа полигон құрылысын салу үшін жобалау құжаттары әзірленуде. Шаһарға қоныстанушылардың көбеюі, ескірген инфрақұрылымдар полигонның ұлғаюына әсер етуде.


Облысымыздағы қоқыс үйінділеріне жыл сайын 100 мың тонна коммуналдық, 70 мың тонна өндірістік қалдық қосылады екен. Қауіпті қалдықтарды қабылдайтын, іріктейтін арнайы қосын жоқ. Орал қаласында «Кускова», «Глухова», «ВТС-Уральск», «А.Үсенов» сынды кейбір жеке кәсіпкерлік нысандары ішінара макулатура (бүлінген, ескі қағаз, картон) мен полимер (пластикалық, синтетикалық) бұйымдарды жинап, базарда, көтерме сауда дүкендерінде сатумен айналысады. Қазіргі кезде макулатураның келісі 30 теңге құрағандықтан, бұл іске өз еркімен бет бұрған тұрғындар да бар. Былтыр қоқысқа лақтырылған 1,72 мың тонна материал өңделген. Яғни облыстағы қатты қалдықтардың 1,7 пайызы ғана кәдеге жарады деген сөз.

Облыстағы 415 елді мекеннің жанында қоқыс үйіндісі бары анықталса, 228-інің ғана жер телімі заңдастырылған. Яғни жергілікті атқарушы орган шешімі мен жер актісі рәсімделген. Ал елді мекендердегі күл-қоқыс алаңдары құрылыстарының бірде-бірінің жобалық құжаттамасы жасалмаған. Осы құжатты дайындау қыруар қаржы талап ететіндіктен, жергілікті әкімдіктер бұл мәселені шеше алмай отыр. Ал Орал мен Ақсай шаһарларын қоса алғанда, өңіріміздегі төрт-ақ ауыл әкімдігі  полигоннан қоршаған ортаға келтіретін залалға  ақы (эмиссия) төлеп отыр. Облыс бойынша полигондарға қатысты ортақ кемшіліктер жетерлік. Мәселен, қалалар маңындағы ірі қоқыс алаңдары орналасқан аумақтар экологиялық тұрғыда тиімсіз. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ескерілмеген. Полигондарда қалдықты сақтаудың технологиясы жиі бұзылады. Кей қалдық жанатын болғандықтан, ауаға улы қоспалар таралады. Дезинфекциялық тосқауыл (барьер) қойылмаған. Салмағы жеңіл қалдықтарды жел сыпырып әкетіп, жан-жаққа шашып тастайды. Пакет, қағаз атаулысының мал азығына айналып жататыны да бар.

Аталған өзекті мәселелерді шешу жолын қарастыру үшін департамент басшысы Қабижан Қапанов екі жылдан бері «Экологиялық мәселелер» картасы жасақталып жатқанын айтты. «ҚР Энергетика министрлігі жанында Жасыл экономика, Қалдықтарды басқару департаменттері жұмыс жасайды. Біздің міндетіміз – облыстағы жергілікті атқарушы органдар мен министрлік құрылымдары арасында берік байланыс орнату», – деді ол.

Әрине, облыстағы экологиялық ахуалға қатысты барлық мәселе картаға енгізілген соң, сала-сала бойынша жіктелген. Соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтардың орындарын, нақты көлемін, жасақталған мерзімін, құжатын түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ 15 қалдық орнының ешқандай шаруашылыққа тиесілі емес екені белгілі болды. Мәселен, Теректі ауданындағы Аңқаты ауылдық округінде 150 шаршы метр аумақта химикаттар қалдығы табылса, Долинный ауылдық округінде 500 шаршы метр аумаққа селитра төгілген. Жергілікті әкімдік соған байланысты құжат рәсімдеп, сотқа жолдаған. Осы тұста айта кеткен жөн, аталған полигондар сот шешімінен соң ғана ҚР Экологиялық кодексінің 254-бабына сәйкес республикалық  иесіз қалдықтар кадастріне енгізіледі. Содан кейін ғана республикалық  және жергілікті бюджеттен қажетті шара алу үшін қаржы бөліне бастайды. Ал Ақжайық ауданындағы Ақсуат ауылдық округінде 134 мың 250 шаршы метр аумақтағы топырақ мұнай өнімдерімен ластанған. Топырақ құнарлығын қалпына келтіру үшін жер телімі өткен жылы «Қазтрансойл» АҚ-ның Орал мұнайқұбыры басқармасының қарауына уақытша берілген. Былтыр кәсіпорын 23 мың шаршы метр аумақты тазартса, қалған бөлігін өңдеуді 2016-2020 жылдарға есептелген бизнес-жоспарына енгізген.

Қабижан Қапанов жақында облыс әкімінің қатысуымен онлайн режимде өткен кеңесте аудан әкімдіктеріне ортақ мәселені бірлесе шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізгенін тілге тиек етті. Өңіріміздің бас экологының айтуынша, қалдықтарды тасымалдау, жою, қай шаруашылықтың иелігінде екенін анықтау жұмыстарын жуық арада еңсеру мүмкін емес. Бюджеттен бірден қыруар қаражаттың бөлінбейтіні түсінікті. Жыл сайын прокуратура өкілдерімен барып тексеріс жүргізіп, елді мекен тазалығына жауапты құрылымдардың басшы-қызметкерлеріне айыппұл сала бергеннен нәтиже шықпайды.  Сондықтан алдымен аудан әкімдіктері ұзақ жылдық бағдарлама жасақтап, оған қоқыс алаңдары туралы мағлұматты толық енгізіп, сол бағытта кезең-кезеңімен тиімді жұмсалуы үшін қаржы көлемін анық көрсетуі тиіс. Реті келгенде, жергілікті билік бағдарламаны құзырлы органдарға ұсына отырып, бірге жұмыстану үшін меморандумға қол қойған жөн. Мәселен, ҚР Энергетика министрлігімен келісімшарт жасасуға болады. Әрине, мұндай жобалардан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тыс қалмайтыны анық.

Қазіргі уақытта департамент қарауындағы мемлекеттік инспекторлар аудан әкімдіктерімен бірлесіп, арнайы комиссия құрып, әлі де белгісіз иесіз қалдықтар санын анықтаумен шұғылданып жатыр екен. «Экологиялық кодекстің 292-бабында елді мекен аумағындағы коммуналдық қалдықтарды тасымалдаумен, залалсыздандырумен жергілікті атқарушы органдар шұғылданатыны анық көрсетілген. Яғни аудан әкімдіктері жауапты. Мұндай жұмыстарды солар ұйымдастыруы тиіс. Біздің мекеме жергілікті бақылаушы орган болып есептеледі», – деп түсініктеме берді департамент басшысы. Маусым айы соңында инспекторлар мәлімет бере бастайды. Сондықтан  карта бойынша жұмыс  ауқымы  кеңейе  түспек.

Қабижан Қапанов облыс бюджетінен экологиялық мәселелерді шешуге бөлінетін қаражат мардымсыз екенін айтты. Тарқатып айтсақ, қоршаған ортаға белгілі мөлшерде залал тигізетін мекеме-кәсіпорындардан алынатын экологиялық төлем (эмиссия) жергілікті бюджетке, ал рұқсат етілген шекті  сақтамағаны анықталғанда салынатын айыппұл республикалық бюджетке түседі. Кейін сол қаражаттың бәрі экология саласына бағытталмайды, басқа әлеуметтік түйіндерді шешуге жұмсалады. «Менің ойымша, бұл қаржы түгелімен экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалуы керек. Еліміздің кейбір облысында бір пайыз, кейбіріне бес пайызы ғана бөлінуі мүмкін. Экологиялық төлем, айыппұлдарға қатысты ашықтық қағидаты болуы керектігі талай мінберде айтылды. Депутаттар да құлағдар. Міне, сондықтан экологиялық картаға сүйеніп әкімдік бағдарлама жасаса, құжат негізінде қарастырылатын қаражат айқындалып, жоспарлы іс-шаралар жүзеге асар еді. Алдағы уақытта жауапты орган өкілдері іс-шаралар есебін нақты бере алады. Әйтпесе, кейде ауылдық округ иелігіндегі қалдық жөнінде нақты мағлұматтар бермей жатады», – деді облыстың бас экологы.

Облыстық экология департаментінің өкілдері жыл сайын рейд жүргізу арқылы елді мекендерде орын алған заңбұзушылықтарды анықтап, алдын ала қажетті нұсқаулық береді. Айта кетерлігі, газдандыру жұмысы жүргізілген соң, кей елді мекендер аумағында бұрын отынға пайдаланылған түрлі көлемде қырыққа жуық мазут қалдығы бар  орындар анықталды. Кейін жергілікті атқарушы органдар қалдықтар үйіндісін тазартуға кіріседі. Соның нәтижесінде күні бүгінге мазуттың орындары онға дейін қысқарған. Дегенмен бұл мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Мәселен, Сырым ауданындағы Тоғанас ауылында 10 мың шаршы метр аумақты басқан мазут қалдығы иесіз қалдықтар санатына енген.

Тоқетері, «Экологиялық мәселелер» картасы аясында күрмеулі түйіндерді жіліктеп қарастыру көзделген. Соның ішінде жыл сайын көбейіп келе жатқан қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау, жою, қоршауға алу жұмыстары кезең-кезеңімен шешуді қолға алу жоспарлануда. Сондай-ақ аудандарда құрамындағы сынабы бар бұйымдарды қабылдайтын мекеме-ұйымдар ашу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта облысымызда қалдықты өңдеуге шетелдік инвесторларды тарту көзделуде. Десек те елімізде қалдықты сұрыптау, кәдеге жаратудың жаңа технологиясын енгізу кенжелеп тұрғаны алаңдатады.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Тергеушінің дәптерінен: Сыңар аяқ киім

Күні: , 1 368 рет оқылды

мурат туйгынбетов 001


Мұрат Санжарұлы Тұйғынбетов – Қарағанды жоғары милиция мектебінің түлегі. Чапаев АІІ бөлімінде тергеуші, аға тергеуші, кейін сол ауданның прокуратурасында тергеуші қызметтерін атқарған. Соңынан Тайпақ, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандарында аудан прокуроры болды. Әділет кеңесшісі, прокуратура органының ардагері.


М. Тұйғынбетов соңғы жылдары тергеушілер өмірінен кітап жазып жүр. Онда өзінің және құқық қорғау саласында қанаттас еңбек еткен әріптестерінің қиын да қызық жұмыстары жайлы баяндалады. Күрмеуі қиын, ауыр қылмыстардың түйінін тарқатып, қылмыскерді анықтауда күні-түні тыным таппайтын тергеушілер өмірінен жазылған ол хикаяттардың бір-екеуі бұған дейін «Орал өңірі» газетінде жарияланды. Автор бүгін әріптестерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, болашақ кітабына енетін төмендегі хикаятын оқырмандар назарына ұсынады.

Бұрынғы Чапаев ауданының (қазір Ақжайық) ішкі істер бөліміне уайым мүжіп, қайғы қажытып, әбден шаршаған бір қарт ана келді.

Ол ауданға қарасты совхоздардың бірінен екен. Мен кезекті бір қылмыстық істі сотқа жөнелтуге реттеп отырғанмын. Қарсы алдымдағы орындыққа «Уф, Алла…» — деп барып отырған кейуананың ентігін басып, демін алуын күттім. Бөлмеміздің жартылай ашық тұрған торлы терезесінен лекілдеген самал жеңіл шілтерді тербетіп қояды.

Сыртта жаймашуақ жазға тән қайнаған тірлік. «Ех, Жайықтың жағасына барып жатар ма еді, шіркін…» — деп іштей армандайсың осындайда. Бірақ тергеушінің сағатпен, күннің мезгілімен санасуға мұршат бермейтін тынымсыз жұмысы оған мүмкіндік бере ме дейсің де іштей, ұшы-қиыры жоқ жұмысыңа қайтадан кірісесің. Мен де Жайықтың саялы жағасын көңілден әрі ысырып, қарияның әңгімесіне құлақ түрдім.

— Қарағым, балам, — деді ауыр күрсінген кейуана. — Қойдың жасындай жасым қалғанда, жалғызымнан көз жазып, оның тірі-өлі екенін білмей сенделген жанмын. Бармаған жерім, сұрастырмаған адамым қалған жоқ. Жалғызымды табуға көмек сұрап келіп отырмын. Осылай деп әңгімесін әріден бастаған әжей баласының ауылдас жігіттің машинасымен аудан орталығына сапарлап кеткеннен қайтып оралмағанын айтты. Баласын ең соңғы көрген автомобиль жүргізушісінің сөзіне қарағанда, ол жолшыбай көліктен түсіп қалғанын, содан кейін оның үйге келмегенін, ешкім көрмегенін тәптіштеп баяндады.

Осынау істі өндірісіме алған соң, көп ұзамай, шетімен шеті жоқ тергеу-тексеру, іздестіру шараларына кірісіп кеттім. Онда анықталғанындай, жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде «ЗИЛ-130» автокөлігіне отырған екі азамат аудан орталығына жолға шығады. Олардың біреуі көліктің жүргізушісі де, екіншісі оның ауылдасы. Аудан орталығындағы шаруаларын бітіргеннен кейін екеуі Чапаевқа іргелес, сол кездегі Феофан ауылына, жүргізушінің танысына барады. Сол үйде күннің күйіп тұрғанына қарамастан, біраз арақ ішіледі. Мен  ол үйді тауып алып, ондағылармен сөйлескенде, үй иелері екі азаматтың келгенін, қонақ болғанын, ішімдік ішілгенін жасырмай жайып салды. Содан кейін қос жолаушының бірге аттанып кеткенін айтып, ант-су ішті. Мен арақ ішілген отырыстың төңірегінен орағытып әңгімеге тартып көріп едім, отырыс бойында ешқандай ұрыс-керіс, әсіресе, екі қонақтың тарапынан бірбіріне деген реніш болмаған. Кештете екеуі ішілген арақтың әсерімен мәз-мейрам күйлерінде «ауылға кеттік» — деп бұл үйден дін аман аттанған. Сол себепті мен әрі қарай тергеу тобымен бірлесе отырып, жоғалған азаматпен бірге болған, оны соңғы рет көрген делінген көлік  жүргізушісін сұрақтың астына алдым. Жүргізуші қонақ болған үйлерінен аттанып кеткеннен кейін ауылдасының Чапаевтың шетінде орналасқан училищенің маңайына келгенде, «Қалаға барамын» — деп, көліктен түсіп қалғанын айтып, азар да безер болып отырып алды.

— Мен де қызғынмын, ол тіпті масайып қалды-ау деймін.  «Қалаға баратын шаруам бар» — деп айтқанымды тыңдамай, көнбей көліктен түсіп қалды. Мен арақ ішіп қойғандықтан, бірдемеге ұшырап қалармын деп  сол жерден тура ауылға қайттым, — деді жүгізуші. Азамат осы сөзін осымен нешінші рет қайталап отыр? Мүмкін рас шығар…

Біз оның сөзіне сенгіміз-ақ келіп отыр. Бірақ ол жігіт қайда кетті?

– Сонда атпалдай азаматты жер жұтты ма, аспанға ұшты ма? Қайда кетті?..  Осылай деп мен жүргізушіге қайта шүйліктім.

— Қалада таныстары көп еді, солармен сайрандап жүрген шығар, — деп мұрнының астынан міңгірлеген жүргізуші бұл жолы да бұрынғы әңгімесінен танбады. «Байғұс, шынында да, расын айтып отырған болар… Кінәсіз адамды босқа қинап жүрген жоқпыз ба?» — деген күдік енді біздің өзімізді мазалай бастады… Осылайша күндер зымырап өте  берді. Тергеу тобы қарап жатқан жоқ еді, облыс көлеміндегі ауруханалар мен айықтырғыштардан, жоғалған азаматтың баруы мүмкін деген тума-туыстарынан, тіпті мүрдеханадан да сұрастырып, тиісті құжаттар тексеріліп, іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізіле берді.

Ал жанын қайда қоярға білмеген анасы да бұл кезде баласын өз бетімен іздестіруін жалғастыра берді. Тіпті көріпкел-балгерлерге дейін барып, қарайған ақшасын төлеп, тас аштырып тыным таппады. Олардың бірі — «Тірі, бірақ бір жерде отыр» — деп үміттендірсе, екіншісі — «Өзі келеді» — деп одан сайын қуантыпты, ал үшіншісі — «Балаңыз бұл дүниеде жоқ» — деп үмітін кескен. Бұл оқиға аудан көлемінде әр түрлі алыпқашпа әңгіме туғызып жатты. Олардың арасында «Милиция не бітіріп жатыр, жоғалған адамды таба алмай?» — деп тергеу тобын ағаш атқа теріс мінгізіп жатқандары да бар еді. Ал тергеушілер болса, жоғарыда айтқанымдай, қол қусырып қарап отырған жоқ еді. Бірден дұрыс қабылданған жорамал негізінде іздестіру-тергеу жұмыстары бір сәт те баяуламай, аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілдері  Е. Айтқалиев, С. Кәкімов, Х. Есенғазиев барлық тергеу шараларының шытырман түйінін көлік жүргізушінің төңірегінен тарқатып, осы маңайды тереңдетіп, «қаза» берді. Сөйтіп, жолаушы азаматтың жоғалып кеткеніне 40 күн толғанда, тергеу тобы қолда бар барлық тергеу материалдарындағы жинақталған дәлелдемелер негізінде жүргізушіні күдікті ретінде қамауға алдық. Оған жолаушы жолдасының бұл дүниеден ғайып болғанына 40 күн толғанын, егер оның өмірде жоқ екені рас болса, бүгін 40 күндігі екенін, ал марқұмның анасы оның не өлі, не тірі екенін білмей, қайғыдан қан жұтып жүргені тағы да қайталанып есіне салынды.

— Марқұмның аруағы тыныш табуы үшін денесі мұсылмандық жолмен жер қойнына берілуге тиіс, оны жасырып күнәға бата берген мұсылман баласына екі дүниеде де ауыр айып, кешірілмес күнә емес пе? – деп күдіктіге мәселені қабырғасынан қойдық. Сол-сол-ақ екен, жүргізуші еңкілдеп жылап жіберді. Сөйтсе, сол күнгі қарт ананың жалғыз ұлын жазатайым еткен қайғылы оқиға былай болған екен. Феофаннан шықан көлік Орал – Атырау күре жолына түскеннен кейін қатты жылдамдықпен Мойылды ауылының тұсына әп-сәтте жетіп барады. Сол тұста араққа әбден тойып алған жүргізуші рульге ие бола алмай, жолдан шығып кетеді.

Зымырап келе жатқан сүйегі ауыр «ЗИЛ-130» қатты екпінімен барып, жол жиегіндегі теректерді жапырып өтіп, үюлі топыраққа қатты соғылады. Осы кезде қалғып-мүлгіп, бейқам отырған жолаушы жігіт ашылып кеткен есіктен ұшып кетеді. Сол жерде алған ауыр дене жарақатынан қаза болған. Бірақ кім біледі, жолаушы жарақат алған алғашқы минуттарда тірі болған да шығар. Алайда жүргізуші болса, оған көмек көрсетудің орнына жол жиегіндегі қалың тал-теректердің арасына сүйреп апарып, жапырақтармен, тал-бұталарымен жауып тастаған. Сөйтіп, оқиға болған жерден ізін суытып, бой тасалаған.

Осыдан кейін жүргізуші тергеу тобын оқиға болған жерге өз еркімен бастап барып, мән-жайды толық айтып берді. Сүйекті жасырған жеріне дейін көрсетті. Мезгіл шілде айы болғандықтан, аптап ыстықта, 40 күн бойы жатқан марқұмның мүрдесі әбден бүлінген. Осы айналаны тергеу тобы әрі қарай шиырлағанда, топырақтың арасынан бір сыңар аяқ киім табылды… Оны кейін жоғалып кеткен жолаушы жігіттің анасына танытуға ұсынғанда, кейуана әдейі қойылған бірнеше аяқ киімнің ішінен оны бірден танып, жылап қоя берді.

Бұл қылмыстық іс кейін аудандық сотта қаралып, сотталушы – жүргізушінің қылмыстық әрекеттерін өзінің толық мойындап берген жауаптарымен қатар, басқа да құжаттар мен тергеу тобының таққан айыптары түгелдей расталды. Жүргізушіге сот ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға  үкім кесті. Осылайша бейкүнә жанның қанын мойнына жүктеген қылмыскер тергеушілердің арқасында тиісті жазасын алды. Осы жерде айта кететін бір жәйт, аудандық соттың жеке қаулысымен жаздағы науқандық жұмыстардың қайнап жатқан шағында білдей бір техниканы тізгіндеп, күні бойы арақ ішіп жүргендерге тыйым салмаған ауылдық кеңестің төрағасына, милицияның аймақтық өкіліне ұсыным жолданды. Онда аталған бұл органдардың қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарының сын көтермейтіндігі қадап көрсетілді.  Ол кездегі кеңестік тәртіп мұны қатаң талап ететін.

Мұрат  ТҰЙҒЫНБЕТОВ,

құқық  қорғау  саласының  ардагері


Жарайсыңдар, Боранбаевтар!

Күні: , 625 рет оқылды

нарын


Кәсіпкер Мырзабай Боранбаев бұдан он шақты жыл бұрын иесіз қалған «Нарын» дүкенінің ғимаратын меншігіне алып, жөндеттіріп, тойхана ашқан екен. Қиын кезеңдер артта қалып, тұрғындар тұрмысы түзеліп, ауыл ажары артқан, той-томалақтар жиілеген соң, тойхананы кеңейту, заманға сай әрлеу қажеттілігі туыпты. Ауылдастарының тілегін ескерген ол қалада тұратын, негізі жиекқұмдық құрылыс маманы (прораб) Алтай Сапарғалиев, дизайнер Мүсінғали Ғұбашев (пятимарлық) және бригадир Ербол Айтқалиевке (ақсуаттық) қолқа салып, ауылдастары Аспандияр Сәрсенбеков, Жансерік Базаров, Батыржан Қапезовтерді де осы жұмысқа тартыпты.


Аяқталуы ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келген жаңарған «Нарын» тойханасының есігін Мырзабай Нұрлыбайұлы Құдай жолы садақа берумен ашуды жөн көріпті. «Иманды ұл арымас» деген мұнысын ауылдастары да, әкімдіктегілер де қош алыпты.

«Мырзабай да, зайыбы Айгүл де жоғары білімді, жүректеріне иман ұйыған жандар ғой», – дейді ауыл молдасы Есенболат Шәпенов. – Әнебір жылы Сауд Арабиясына барып келгенде, үйінің төрінде үлкендердің басын қосып, әрқайсысымызға жайнамаз бен таспиық тарту етіп, зәмзәм суынан дәм таттырған».

Тойхана алдында оздырылған сол рәсімді жүргізген ауылдық мәдениет үйінің директоры Айнұр Әбдірешева шараға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев, ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллин, аудандық аумақтық инспекция басшысы Бауыржан Оразовтың қатысып тұрғанын жұртшылықтың қаперіне берді.

Ауылдық округ әкімі Меңдібай Қитанов пен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстар мен орта және шағын бизнесті дамыту бағытында атқарылып жатқан істерге тоқтала келіп, лаңкестердің Ақтөбе қаласындағы әрекеттерін айыптады. Халықты қырағылықты күшейтуге, ауызбіршілікті арттыруға шақырды. Тойхана иесіне ескерткіш сыйлықтар табыстады.

Есікке керілген лентаны Рүстем Мүлкайұлы мен Есенболат Хамидоллаұлы қиып, жиналғандарды ішке бастады. Қосымша дәліз, киім ілетін, қол жуатын, демалатын бөлмелермен толықтырылып, қаладағыдай әсем безендірілген 250 орындық тойхана жаңа түрге еніп, сыңғырлап тұр. Дастарқан басында ауыл молдасы Құран оқып, бата берсе, жерлестері Мырзабай Боранбаевқа алғыстарын жаудырып, игі тілектерін жеткізді. Бір қуанарлығы, тойхананың ас мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары кіреді. Оның ішінде қымыз да болады дейді мейрамхана иелері.

Самал Қапезова бастаған тойхана қызметкерлеріне табыс тілеген ауыл халқы «Істеріңіз оңға басып, аман-есен, жүре беріңіздер, бөрліліктер!» – дейді.

Каримолла  ҒАЙСИН,

Т. Масин ауылы,

Бөкей  ордасы ауданы


Ардагерлер спартакиадасы

Күні: , 196 рет оқылды

IMG_5195


Таяуда  Орал қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған БҚО спорт ардагерлерінің ІІІ спартакиадасы өз мәресіне жетті.


Орал қаласы және барлық аудандардан жалпы саны 500-ге жуық аға ұрпақ өкілдері қатысқан спорттық додада стритбол, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат, гір спорты, жүзу, жеңіл атлетика, жазғы президенттік көпсайыс, үстел теннисі және қол күресінен сынға түсті.

– Батыс Қазақстан облысының спорт ардагерлерінің III спартакиадасының ашылуымен барлығыңызды құттықтаймын. Сайысқа қатысып жатқан ардагерлеріміздің арасында қызу тартыс болары анық. Себебі осалы жоқ. Алдарыңызға қойған мақсаттарға жетіп, денсаулықтарыңыз мықты болуына тілекшімін, – деді жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары  Марат Тоқжанов.

Жарыс қорытындысында спорттың көптеген түрлерінен алдына жан салмаған Орал қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Бөрлі ауданы командасы екінші, ал жаңақалалықтар үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика