Мұрағат: 18.06.2016


Жаңа орынбасар таныстырылды

Күні: , 245 рет оқылды

IMG_5112


Кеше облыс активінің жиыны өтіп, онда өңір басшысы Алтай Көлгінов өзінің жаңа орынбасарын таныстырды.


Алмаз Бадашев өз өтініші бойынша облыс әкімінің орынбасары лауазымынан босатылды. Осы қызметке    ҚР Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша Бағдат Азбаев тағайындалды. Бағдат Оразалдыұлы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  саласына жетекшілік ететін болады. Ол 1974 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ аграрлық университетін инженер, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін экономика мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын «Автотехобслуживание» ЖШС-да механик болып бастады. 2001-2013 жылдары Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарында әр түрлі басшылық лауазымдарды, «Астана орманы» МКК директорының орынбасары ретінде қаржы, экономика және абаттандыру жұмыстарына жетекшілік жасап, кейін осы кәсіпорынға директор болып тағайындалды. 2013-2015 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бағдат Азбаевтың орталық мемлекеттік құрылымдарда, коммуналдық қызмет, экономика, қаржы және абаттандыру салаларында іс-тәжірибесі бар, – деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған Бағдат Азбаев өзіне сенім артқан облыс әкіміне алғысын білдірді.

– Елбасымыз облыс экономикасын дамыту бағытында міндеттер қойып отыр. Осы міндеттерді жүзеге асыруда бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Бұл бағытта өз білімім мен тәжірибемді іркіп қалмаймын, – деді ол.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Абзал жандарға марапат

Күні: , 214 рет оқылды

IMG_4620


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады.


Салтанатты жиын алдымен дәрігерлердің өмірі мен қызметіне арналған бейнебаянды тамашалаумен ашылды. Жергілікті медицина саласы мамандарының мерекеге орай дайындаған бейнебаянында уақытпен санаспай, алдына келген әрбір жанға мейірімін төгіп, тәні ауырғанды жылы сөзімен емдеп жүрген ақжелеңділердің өмірі көрініс тапқан.

Бұдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов баяндама жасап, тәуелсіздік жылдарында медицина саласының қол жеткізген жетістіктеріне  тоқталып өтті.

Сала басшысының айтуынша, 2011-2015 жылдары жүзеге асқан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылып, денсаулық сақтау саласы қарқынды дамыған. 400 жас маман жұмысқа тартылып, жартысына жуығы ауылдық жерлерге жіберілген. Дәрігерлер жетіспеушілігі де шешімін тауып келеді. Осы жылдар аралығында 24 денсаулық сақтау нысаны бой көтеріп, бүгінде халықтың игілігіне жұмыс істеуде. Бұл нысандардың бірқатары аудандарда тұрғызылған.  Соңғы бес жылда облыс тұрғындарының орташа өмір сүру деңгейі 71,7 жасқа жетіп, өлімжітім көрсеткіші едәуір төмендеген. Облыс көлемінде медицина саласында 1544 дәрігер, 6000 орта медицина қызметкері жұмыс жасауда.

– Адам шыр етіп дүниеге келгеннен бастап  денінің сау болуы  дәрігерлердің қызметімен тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласы үлкен жетістіктерге жетті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев медицина саласына әрқашан жоғары көңіл бөліп келеді. Бұл Елбасы жариялаған бес институционалды реформасында да айқын көрініс тапты. Кейінгі 12 жылда облыс аумағында 100-ге жуық медициналық мекемелер бой көтерсе, соңғы төрт жылда денсаулық саласының бюджеті төрт есеге көбейді. Біздің өңір озық дамыған шетелдік медицина орталықтарымен, соның ішінде Финляндия, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея, Германия елдерімен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Бұл елдерде тәжірибеден өткен мамандарымыз нәтижелі жұмыс атқаруда. Жаңа технологияларды меңгерудің арқасында күрделі оталарды жасау әлдеқайда жеңілдеді. Қызметтің бұл түрі жоғары  кәсібилікті қажет етеді, – деген өңір басшысы Алтай Сейдірұлы барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен  құттықтап, нәтижелі  еңбек  тіледі.

Өңір басшысы облыстық клиникалық ауруханадағы 9-хирургия бөлімшесінің дәрігер-офтальмологы Ағила Шабароваға, облыстық көп бейінді балалар ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Лизами Зайнуллинаға, облыстық перинаталдық орталықтың жаңа туған нәрестелер патологиясының бөлім меңгерушісі Вера Кораблеваға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады. Ал Николай Дмитриенко, Олег Силантьев, Юлия Горячева, Лариса Сатрудинова,  Қуандық Нұрбайыров, Жанна Арикеева, Зада Абдулова, Оңайша Сенғалиева облыс әкімінің алғысхатына ие болды.

Жаңақала аудандық орталық ауруханасының  директоры Сұлтанбек Оразғалиев, №6 қалалық емхананың учаскелік дәрігер-педиатры Галина Лобода, облыстық кеңесші-диагностикалық орталығының зертхана бөлімшесінің меңгерушісі Диляра Сәрсенова, №2 қалалық емхананың дәрігер-терапевті Татьяна Хорошкина, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының  аға дәрігері Марина Рукина «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Гүлнәр Жаркеева, Табиғат Әжіғалиев, Гүлбаршын Рахметова, Мариям Қарағойшина,  Назым Оразова және  Айжан Әжіғалиеваға министрліктің Құрмет грамотасы, тағы да бірқатар сала қызметкерлеріне министрліктің алғысхатын табыстады.

Ал денсаулық сақтау басқармасының дәстүрлі «Тану» байқауының жеңімпаздары «Кәсібіне адалдығы үшін», «Медицина саласындағы инновациялық технологияларды оңтайлы пайдаланғаны үшін», «Адам өміріне араша болып, сәтті ота жасағаны үшін» аталымдарымен  марапатталды.

 Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Тоқсан түлек «Алтын белгіге» қол жеткізді

Күні: , 224 рет оқылды

IMG_4990


Бейсенбі күні Орал қаласының Салтанат сарайында облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһары-мыздағы облыстық және қалалық мектептердің «Алтын белгі» иегерлеріне төсбелгілерін салтанатты жағдайда табыс етті.


Қадірлі түлектер, ұстаздар мен ата-аналар, білім саласының ардагерлері, бүгін әрқайсысымыз үшін маңызды, тарихи сәтте бас қосып тұрмыз. Биылғы түлектердің алтын ұядан самғап ұшуы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспатұс келіп отыр. Осы оқу жылында облысымыз бойынша «Алтын белгіге» ие болған түлектердің саны тоқсанға жетті. 167 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл – оқушылар  мен ұстаздардың, ата-аналардың ортақ еңбегі. Жетістіктеріңіз құтты болсын! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі» деп айтты. Құрметті түлектер, сіздер тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз ұрпағысыздар. Болашақта қоғамның білімді де білікті, беделді мүшесі болсаңыздар, ұстаздар мен ата-аналар еңбегінің зая кетпегені. Сіздерге ақ жол тілейміз! Ата-аналарыңызды, қоғамды қуанта беріңіздер, халықтың үмітін ақтаңыздар! – деген өңір басшысы Алтай Көлгінов 36 «Алтын белгі» иегерінің өңіріне төсбелгілерін тақты. Ол сондай-ақ «Алтын белгі» иегерлеріне Абайдың «Қара сөз» жинағын табыс етті.

Түрлі саз аспаптарынан құралған өнер ұжымдары мен мектеп оқушыларының концерттік нөмірлері салтанатты кештің  шырайын  аша  түсті.

Түлектер облыс әкімімен естелік суретке түсіп, сыртқы алаңда «Алтын белгі» жазуы бар шарларды аспанға ұшырды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Атамекен» ән фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Күні: , 257 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (162)


Сәрсенбіде облыстық қазақ драма театрында ҚР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың VIII халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтті. Екі  жыл  сайын өткізілетін бұл байқауда 30-дан астам үміткер бақ сынады. Еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Ресей Федерациясының Астрахан облысы, Орынбор, Челябинск қалаларынан және Қытайдан  келген өнерпаздар екі кезеңде өнер көрсетіп, Ескендір Хасанғалиевтің әндерін шырқады.


Сонау 2000 жылдан бастау алған ән байқауы дәстүрге айналып, Хасанғалиев әндері туған жердің аспанында қалықтап келеді. Әр жыл сайын географиялық тұрғыдан кеңейіп, эстрада әлеміне жаңа есімдерді танытып жүрген ән фестивалі жұртшылық күтіп жүретін маңызды шаралардың біріне айналды. Халқымыздың ардақ тұтар композиторларының бірі Ескендір Хасанғалиевтің әншілік өнерінің өзі тұтастай бір мектепке айналған. «Ең сүйікті әндерім сағыныштан жаралған» деп автордың өзі айтқандай, оның «Студенттердің қоштасу әні», «Ауылым – әнім», «Асыл арман», «Есіңе ал», «Әдеміау», «Елігім – еркем»,  «Бозторғайым», «Атамекен» әндері күні бүгінге дейін шырқалып келеді.

Гала-концертте сахнаға көтерілген қазылар алқасының төрағасы Ескендір Хасанғалиев жастардың ән орындау шеберлігіне ризашылығын білдірді.

— Екі күннен бері еліміздің әр түкпірінен, Ресей, сонау Қытайдан келіп, Оралымды әнге бөлеген ұл-қыздарыма алғысым шексіз, өте қуаныштымын. Әндерімнің кейінгі ұрпақтың жүрегіне жетіп жатқаны үшін өзімді бақытты сезініп тұрмын. Мен жастарға сенемін. Еліміз тыныш болып, осындай әдемі заман болса, бүгінгі өнер көрсеткен жастар биік белестерді бағындырады. Осындай байқау ұйымдастырған ел-жұртыма, облыс әкімі Алтай Сейдірұлына алғысымды білдіремін, — деді әнші-композитор.

Екі күнге созылған «Атамекен» халықаралық ән фестивалінің бас жүлдесін астаналық Ахмет Сұлтан жеңіп алды. Ал алматылық Жомарт Тәкебаев бірінші орын, оралдық Дамир Сатыбаев пен шымкенттік Нәбира Ақынбекова екінші орын иеленсе, семейлік Қуаныш Тұрмағамбетов пен Әлия Әукенова, қаратөбелік Рүстем Ақташев, алматылық Әдемі Кеңесбаева, қарағандылық Айзада Әбдіқалықова сынды өнерпаздар үшінші орын иегері атанды.  Байқауға қатысушы үміткерлердің бәрі де арнайы алғысхаттармен марапатталды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”

Суреттерді түсірген Р. ХАЛЕЛОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика