Мұрағат: 14.06.2016


Министрдің есебі

Күні: , 211 рет оқылды

IMG_5365


Кеше облыстық ішкі саясат басқармасында онлайн режімінде өткізілген жиында ҚР Әділет министрі Берік Имашев ел алдында есеп берді. Оған облыстық әділет департаментінің қызметкерлері, заңгерлер қатысты.


Министр  осы ведомствоның көп салалы және бес бағытты мемлекеттік құрылым екенін атап өтті. Әр бағыттың өзіндік ерекшеліктері бар екен. Министрлікте сайт жұмыс істейді. Жүйелі шығатын салалық ақпарат құралдары бар. Министрлік халықаралық сот отырыстары мен арбитраж жұмысына үнемі қатысып, мемлекет пен азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін ұдайы қорғайды. Отандастардың зияткерлік, мәдени және өзге де құқықтарын қорғауда талай істер оң шешімін тапты. Парламентке ұсынылатын заң жобалары жоспарлы түрде сараптамаға салынып, оның заңдылығы, Ата Заңға сәйкестігі зерттеліп, тиісінше шешім шығарылып жүр.

Бір жақсысы, сараптамадан өткен бірде-бір заң жобасы кері қайтарылған емес. Әділет министрлігінің өзі де жыл сайын 5-6 жоба дайындап, тиесілі орындарға ұсынады. Қазір онда парламент құзырына берілетін жеті заң жобасы даярлану үстінде. Олар биыл қаралып, қабылдануы тиіс. Қазақстан – Гаага халықаралық конференциясының тұрақты мүшесі.

Сондықтан Әділет министрлігінің жоғарыда аталған халықаралық ұйыммен қарым-қатынасы тұрақты. Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, сол ұйым шеңберінде қабылданған заңдар да бізде сараптамаға салынып, зерттеліп, тиісті заңдық бағасы беріледі. Жалпы, Әділет министрлігі – Қаржы және Ішкі істер министрлігінен кейінгі халыққа кеңінен мемлекеттік қызмет көрсететін үшінші ведомство. Төрт мемлекеттік қызметтің жылжымалы мүлікті тіркеу, халыққа қызмет көрсету орталығы және басқасының өзара біріктірілуі жұмыста тың серпін туғызған. Нәтижесінде соңғы кезде құжаттарды электронды тіркеу көлемі төрт есеге дейін өсті. Электронды мұрағат қорын қалыптастыру жүзеге асырылуда. 2018 жылға дейін АХАЖ қызметі электронды мұрағат тәсіліне толық көшпек. Сот сараптау ісіне әлі де шағымданудың бар екеніне қарамастан, министр жағдайдың қалыпты екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, бүкіл сот сараптамалық қызметі 1 шілдеден бастап, бір орталыққа біріктірілмек. Сөз соңында жоғары лауазым иесі министрлікте №119 телефоны тұрақты жұмыс істейтінін, соған орай заңға қатысты кез келген кеңес, анықтама алуға болатынын айтып, халықты белсенділік танытуға шақырды.

Келесі бөлім өтініш-сұрақтарға арналды. Астана қаласынан Анар Досанова министрден инновациялық патент жайы жөнінде сұраса, Алматыдан Ермек Өрікбаев бірыңғай ақпараттық нотариус хақында айтуын өтінді. Өзге де сұрақ беруші аз болған жоқ. Берік Мәжитұлы барлық сұраққа нақты да дәл жауап беріп, өзінің ой-пікірімен де бөлісті. Министрлік сайтына түскен қырықтан астам сұрақтың үшеуіне ғана ауызша жауап берілді. Тек есеп беру-ге қатысушы, шымкенттік Г. Оспанованың сұрағына ол айрықша көңіл бөлді. Өзі де заңгер әйел  әріптестерінен қиянат көріп, пәтерінен айырылып қалғанын айтты. Осыған орай министр істі кешеуілдетпей, оны өзінің қабылдауына келуге шақырды.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ

Суреттерді  түсірген  Оксана ДЕМЕНТИЕВСКАЯ


Өрісті түлікке толтыратын бағдарламалар

Күні: , 223 рет оқылды

Ифографика цвет


«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның басты мақсаттарының бірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, яғни ауылда тұрып, атакәсіппен айналысқысы келетін малсақ жандарды мемлекеттік қолдау аясында несиелеу болып табылады. Сол арқылы нарықтық қатынастың тар жол тайғақ кешуінен бұл саланы жадатып-жүдетпей алып шығып, әрі қарай дамыту, сөйтіп, экономиканы өркендету. Ауылдағы мал баққан ағайынға айтарлықтай демеу болған «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары жоғарыдағы несие корпорациясының «перзенттері» десе де болады.


Ал қаржыландыру тәртібіне келсек, ол төмендегідей үш бағытта, яғни үш бағдарлама бойынша жүзеге асырылып келеді.

Оның біріншісі – несиелеу нарығында талай шаруаның тынысын кеңейтіп, сенімін нығайтқан «Сыбаға» бағдарламасы. Бұл – ірі қара малын сатып алуға арналған несие. Одан әрі Қамбар атаның түлігін сатып алуға арналған «Құлан» бағдарламасы да жылқысүйер азаматтардың оң жамбасына келген қаржылай демеу болды. Ал қой малына арналған «Алтын асық» бағдарламасы қой өсіруге табан тіреген шаруаларға да үлкен көмек болғанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Сонымен, мал баққан ағайынға сенімді сүйеу болған осынау үш бағдарлама іске кіріскелі де алғашқы бесжылдық зымырап өте шығыпты. Не тындырылды, енді соған келейік. Бағдарламаның томағасын сыпырған бес жылда «Сыбаға» арқылы 17 мың бас ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен 2800 бас жылқы, «Алтын асықпен» 31 мың бас қой сатылып алынады деп жоспарланған еді. Бұл міндет тиісінше 25 мың 798 бас ірі қараға, яғни 152 пайызға орындалған, ал «Құланға» қызығушылық танытқан шаруалар 2 мың 800 бас жылқының орнына 4 мың 115 бас жылқы сатып алған. Бесжылдық жоспар 147 пайызға асыра орындалып отыр. Осы жерде айта кету керек, қой өсіремін деушілер көп болуы мүмкін деген жорамалмен жоспарланған 31 мың бас қойға бөлінген несие қаржы 19 мың 494 басқа (62 пайыз)  ғана орындалған.

Бағдарламаның берекесін көруге ұмтылушылар облыс бойынша басқа аудандармен салыстырғанда, Ақжайық және Сырым аудандарынан молырақ шыққан. Қалған аудандарда  бұл бағдарламаның тиімділігі мен пайдасын көруге аталған екі ауданға қарағанда, ұсыныс білдірушілер әлі де болса аз.

Енді  биылғы жылдың бес айындағы көрсеткіштерге келетін болсақ, оның аяқ алысы жаман емес. Биылғы жылы шаруаларға 6 мың 300 бас ірі қара, 3 мың  300 бас жылқы, 15 мың 200 қойға несие бөлу жоспарланған. Осыдан бес айда несие арқылы 1 мың 241 ірі қара (20%), 497 жылқы (15%) және 4 мың 564 бас қой алынған (30%).

Біз әңгімелеп отырған бағдарламалар мамандардың айтуы бойынша, алдағы уақытта да жұмыс істей бермек. Осы уақытқа дейін мал шаруашылығымен айналысамын деп армандағанымен, әлі де болса, тәуекел ете алмай жүргендерге бұл несиелердің берері мол дейді тағы да сол мамандар. Енді оның беру тәртібі қандай, пайыздық үстемесі қай мөлшерде, үкімет оның қанша пайызын субсидиялайды, қайтару мерзімі қанша уақытқа есептелген деген тәрізді сұрақтар мазалауы мүмкін. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО бойынша филиалы директоры Ерлан Нысанғалиев шаруаларды мазалайтын бұл сауалдарға төмендегідей жауап қайтарды.

— «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тікелей қарыз алғысы келетін әр шаруаға берілетін несие 10 млн. теңгеден несие серіктестіктеріне 1 млн. теңгеден басталады. Сыйақы мөлшерлемесі – 14 пайыз. Шаруа несиені 120 айға дейін ала алады. Қарызды өтеуге жеңілдік мерзімі 30 ай деп белгіленген. Жылқы сатып алғысы келетіндерге көмекке ұсынылатын «Құлан» бойынша тікелей қарыз алушыларға да несие 10 млн. теңгеден бастап беріледі. Ал несие серіктестіктері үшін ол 2 млн. 500 мың теңге. Мұнда да қарызды қайтарудың ұзақтығы 120 айға есептелген. Жылқы алу үшін берілетін несиенің бір өзгешелігі, қарызды өтеу бойынша жеңілдік 36 айға дейін есептеледі.

Қой басын көбейтемін деушілерге тікелей қарызға 5 млн., несие серіктестіктеріне 500 мың теңге 84 ай мерзімге беріледі. Бұлардағы жеңілдік уақыты 24 ай болып белгіленген. Осы үш бағдарлама бойынша олардың барлығы да жылдық 7 пайыз мөлшерде сыйақы көлемімен қаржыландыру, яғни субсидиялау қарастырылған.

— Осынау бағдарламалар аясында несие аламын деген шаруаға қойылатын ең басты талаптар қандай?

— Олар бірнешеу. Ең алдымен, оның алынған несиені төлей алатын қабілеті болуы керек. Салыққа, бюджетке төленетін, басқа да міндетті төлемдерден мерзімі өткен бережақтары болмауы міндетті. Екінші деңгейлі банктерге, басқа да қаржы институттарына мерзімі өткен берешегінің, теріс кредиттік тарихының болмауы ең алдымен ескеріледі. Мал өсіремін деп отырғандықтан, ол азаматтың төлді қолда ұстап, бағуына қажетті инфрақұрылымы, азық базасы, жайылымдық жерлерінің, оның ішінде бірлескен қызмет  туралы шарттар бойынша және (немесе) қарыз алушыға жергілікті атқарушы органдар ұсынған ортақ пайдаланудағы жерлердің болуы керек. Шаруашылығында ветеринарлық-санитарлық ахуалдың (ірі қара малы болған жағдайда) таза болуы талап етіледі. «Сыбаға» бойынша несие алғысы келетіндердің жеке малы сатып алынатын малдың санына шаққанда 25 пайыздан кем болмауы, «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары бойынша 30 пайыздан аз болмауы тиіс. Ал енді жеке меншігінде мал басы мүлдем болмаса, ұсақ мөлшерде бірлесіп қаржыландыру талап етіледі.

Айта кету керек, үкіметтің бұл бағдарламалары аспандағы ай мен жұлдыз сияқты қол жетпейтін алыс дүние емес. Бірақ «Мен де алғым келеді» деп жүгіріп барғанға ұстатып жіберетін тегін жатқан да дүние емес екендігін білгеніміз жөн. Несие аламын деп келгендердің жолын кесетін негізгі қиындықтар, көп кездесетін кедергілер мыналар: бағдарламалардың талаптары үдесінен шықпау. Ол – мал жайылатын жерлердің болмауы, қора-қопсының жеткіліксіздігі, жеке меншігіндегі мал басының талап етілген мөлшерден кем болуы, банктерге, қаржы институттарына мерзімі өтіп кеткен берешектерінің болуы және тағы басқа да жағдайлар. Тіпті құжаттардың қате рәсімделуі де несиені алатын жолды кеседі.

Бұл жерде біз әңгіме еткен үш бағдарлама бойынша бағын сынап көремін деушілерге корпорацияның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалына арнайы келіп, кең отырып кеңесуге болады. Оған біздің мамандарымыз әрқашанда дайын.

Әңгімені жазып алған Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Батырдың отбасы баспаналы болды

Күні: , 199 рет оқылды

IMG_396911111


Ақтөбеде лаңкестермен ақтық демі біткенше ұрысқан ҚР Ұлттық ұланының №6655 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержант Берікжан Қалиевтің ерлігі елге мәлім. Азамат соңында төрт баласымен аңырап, аяулы жары Нұрсұлу қалды. Сардардың сүйегі 8 маусым күні туған ауылы Жақсыбайда жерленді. Қаралы жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов отбасына Елбасы тапсырмасымен мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтқан еді. Кеше мемлекет басшысының тапсырмасы бұлжытпай орындалғанына оралдықтар куә болды. Қалиевтер  отбасына облыс басшысы Алтай Көлгінов Зашаған кентінен жаңа пәтер кілтін табыстады.


– Ақтөбедегі қанды оқиғада үш әскери қызметкер қаза тапты. Соның бірі – жерлесіміз Берікжан Қалиев еді. Соңында төрт баласы қалды. Елбасымыздың лаңкестік құрбандарының отбасыларының ешбірі қараусыз қалмасын деген тапсырмасы бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Жұбайы Нұрсұлу мектепке жұмысқа орналасты. Балалары Зашаған кентіндегі мектепте оқитын болады, кішкентайы шағын орталыққа барады. Отбасына үш бөлмелі пәтер берілді. Оның алдында 5 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілді. Алдағы уақытта да назарымыздан тыс қалдырмай, қамқорлық көрсететін боламыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Азаматтың жары Нұрсұлу Қалиева Елбасы қамқорлығына ризашылығын білдірді. «Елде тыныштық, береке-бірлік болсыншы. Алғысым шексіз. Күні кеше бір бөлмелі пәтерде тұрдық. Қазір бәрі жеткілікті, – деген ол сонымен қатар жарының асыл қасиеттерін еске алды. – Жұбайымның мінезі ақжарқын, өте салмақты болды. Қолынан келген көмегін ешкімнен аямайтын. Қызметіне жауапкершілікпен қарап, жан-тәнімен беріліп істейтін. Балаларына жақсы тәрбие берді», – деді Нұрсұлу Қалиева. Ержүрек сардардың отбасы енді үш бөлмелі пәтерде тұратын болды. Айта кетерлігі, пәтер іші жергілікті кәсіпкерлер көмегі арқылы жиһаздармен жабдықталған.

Еске сала кетейік, 5 маусымда  Ақтөбе қаласындағы екі қару-жарақ дүкенін тонаған лаңкестер №6655 әскери бөліміне басып кірген еді. «Бірінші болып майор Майлыбаев қаза тапты. Ол қақпаның құлаған даусын естіген кезде шыққан. Қолында қаруы болмаған. Екінші әскери Сапар Досбол патрульде болған, онда да қару болмады. Оны әуелі аяғынан, кейін басынан атыпты. Ал сержант Берікжан Қалиев қарауылда болды, ол соңына дейін атысып, лаңкестер қолынан қаза тапты», – деген болатын оқиға барысын баяндаған Ұлттық ұлан  бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали  Сатов.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Жаңа арнада дамымақ

Күні: , 211 рет оқылды

IMG_3924


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов «ҚПО б.в.» компаниясының басшыларын қабылдады.


Кездесуде өңір басшысы облысымызға жұмыс сапарымен келген «Эни» компаниясының кен орындарын барлау және өндіру бойынша бас директоры Антоний Веллаға «Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіз!» айтып, «Аджип Қарашығанақ» компаниясының төрағасы Лука Виньятимен, басқарушы директоры Антонио Балдассаремен және «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Маролимен жүздескеніне қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясының ел экономикасына қосып отырған үлесі, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудегі рөлі жөнінде әңгімеледі. Мысалы, соңғы 15 жылда облысымызда ҚПО-ның қолдауымен 14 медициналық мекеме, 25 білім ошағы, бес спорт нысаны, бес  мәдениет ғимараты салынып, күрделі жөндеуден өтті. Бірнеше автокөлік жолдары да күрделі жөнделді. Газдандыру мәселелері де оң шешілуде. Өңіріміздегі осындай әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына компания тарапынан 300 млн. доллар шамасында қаржы жұмсалған. Бұл – жақсы көрсеткіш.

– Әлемге танымал ірі компаниялардың елімізде табысты жұмыс істеуі – бұл Елбасымыздың шетелдік инвесторларды қолдауы мен олардың алаңсыз қызмет етуі үшін жасаған мүмкіндіктерінің нәтижесі. Себебі Мемлекет басшысының бастамасымен инвесторлардың өңірімізге келуіне, олардың жаңа технологияларды әкелуіне, кен орындарында, өндірісте жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жағдай туғызылып отырғаны белгілі. «ҚПО б.в.» компаниясымен де біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Көптеген мәселе бойынша түсінісіп жұмыс істеудеміз. Компания басшылығымен жиі кездесіп тұрамыз. Тек осы айдың ішінде Ақсайда екі мәрте кездестік. Сіздің келуіңіз байланысымыздың аясының кеңеюіне ықпалы тиеді деген сенімдеміз, – деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.

Мәртебелі меймандар да бұл кездесуге қуанышты екендерін, алдағы уақытта да Қазақстанның, соның ішінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша қолдау көрсететіндерін айтып, екіжақты байланыс жаңа арнада дамитынына сенім білдірді.

Кездесуден соң БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың сөзіне қарағанда, кездесуде отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мәселесі де айтылған. Яғни жақын аралықта жүзеге асуы жоспарланып отырған Қарашығанақ кенішін кеңейту жобасына қазақстандық компанияларды тартуға мүмкіндік туғызылмақ. Сонымен қатар Березов ауылының тұрғындарын көшіру, Ақсай – Бөрлі жолын күрделі жөндеуден өткізу, алдағы уақытта облысымыздағы әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына қаржы бөлу жайы да сөз болып,  уағдаластыққа  қол  жетті.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Тәуелсіздік, ынтымақ, біртұтас ұлт – «Мәңгілік елге» жеткізер құндылықтар

Күні: , 199 рет оқылды

Копия Изображение 038


Сенбі күні облыстық қазақ драма театрында Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облыстық ассамблеясының ХІХ сессиясы өтті. Өңір басшысы, облыстық ассамблеяның төрағасы Алтай Көлгіновтің жетекшілігімен өткен сессияға мемлекеттік құрылымдардың басшылары, аудан әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, саяси партиялардың ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.


Жиында ҚР Президенті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ассамблеяның ХХІV сессиясында берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттер қарастырылды. Соған орай негізгі баяндаманы облыс әкімі жасады.

— Қазақстан халқы ассамблеясы – республикамызда ел бірлігінің негізі болып отырған институт. Былтыр елімізде ассамблея жылы аталып өтсе, биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойламақпыз. Ширек ғасыр ішінде республикамыз босағасы берік, шаңырағы биік, бірлігі бекем іргелі мемлекетке айналды.

Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Астанада «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбында Қазақстан халқы ас-самблеясының ХХIV сессиясы өткені мәлім. Сессияда «Мәңгілік ел» жалпыұлттық  патриоттық  актісі қабылданды. Осы жиында Елбасы Ұлт жоспары шеңберіндегі бес институционалдық реформаны іске асырудың алғашқы нәтижелеріне баса назар аударды.  Ұлт жоспарын іске асыру үшін 59 заң мен 400-ден астам нормативтік актілер қабылданды. Бүгінгі таңда ассамблея құрамында он мыңдаған белсенді қатысушысы бар 1,5 мыңдай этномәдени бірлестік, үш мыңға жуық түрлі қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Мұның бәрі ҚХА-ның бес деңгейден тұратын жаңа әлеуметтік лифт дәрежесі ретіндегі қызметін жандандыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі кезде облыстық ассамблеяның 32 мүшесі түрлі деңгейдегі мәслихат депутаты болып сайланған. Өңірімізде 249 қоғамдық келісім кеңесі қызмет етеді. Жалпы алғанда, бүгінгі күні облыстық ассамблея құрамында 21 мыңнан астам адам бар. Облыстық ассамблея әлеуметтік сатының 4-ші деңгейін үйлестіруші ретінде әлеуметтік саланың барлық бағытын қамтитын 315 тармақтан және 12 бөлімнен тұратын практикалық іс-шаралар жоспарын жасақтағанын атап өткен жөн. Ассамблея өзіне жаңа қызметтік бағыттар алды. Солардың бірі — қайырымдылық. «Қайырымдылық туралы» жаңа заңға сәйкес ҚХА-ның меценаттар қоғамдастығының басты үйлестіруші ретіндегі рөлі бекітілген. Қазір «Үлкен ел — үлкен отбасы» жобасы шеңберінде балалар үйі тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға медициналық жәрдем мен оңалтуға мұқтаж балаларға көмек көрсету бойынша жұмыстар  жүргізілуде. Жыл басынан бері ассамблеяның қолданыстағы жобалары аясында 25 млн. теңгеден астам қаржыға 700 отбасына көмек көрсетілді. «Қоржын» акциясы бойынша онкологиялық дертке шалдыққан Сергей Ким деген балаға 378 мың теңгенің жәрдемі жасалды. Мұқтаж жандарға тұрақты түрде қайырымдылық және демеушілік көмек көрсететін ірі кәсіпорындардың бірі «Юнисерв» компаниясы болып табылады. Өткен жылы бұл компания «Арба» қоғамдық бірлестігіне мүгедектерді тасымалдайтын арнайы автокөлік тарту етіп, оған қосымша ретінде бір жылға дейін тегін техникалық және материалдық жарақтану мүмкіндігін жасады. Биылғы жылы «Асар» акциясы негізінде аталмыш компания 189 соғыс және тыл ардагерлеріне 3 млн. теңгеден астам көмек көрсетті. «Қайырымдылық керуені» акциясына орай облысымыздың кәсіпкерлері Жезқазған қаласындағы мүгедек балалар үйіне 200 мың теңгенің оңалту тренажерін тарту  етті. Бұл іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім мол. Сол себепті облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеуге мұқтаж балалар туралы деректер қорын қалыптастыруы керек. Осылайша біз  жәрдемге мұқтаж бүлдіршіндеріміздің  сауығуына бірлесіп көмек қолын созсақ, нұр үстіне нұр.

Ассамблеяның ХХIV сессиясының тарихи маңызы бар. Себебі осы жиында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық актісі қабылданды. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, осы құжатта жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттің, қоғамның, азаматтардың Қазақстанның тағдырына, дамуына, болашағына деген өзара жауапкершілігі бекітілген. Тәуелсіздік, ынтымақ, біртұтас ұлт – бұлар қазақстандық арманның жүзеге асуын қамтамасыз ететін өзара тығыз байланысты ұғымдар. Біздің асыл арманымыз – кең байтақ, сүйікті және киелі Отанымызды көркейту және Ұлы дала елі кеңістігіндегі зәулім аспанмен астасқан шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін бақытты да бейбіт халқымыз. Оның жүзеге асуына бәріміз атсалысуымыз қажет. Соған орай облыстық ішкі саясат басқармасы «Мәңгілік ел» патриоттық актісін түсіндіру бағытында тиісті әдістемелік құралдарды өңіріміздегі еңбек ұжымдарына таратуды қамтамасыз етуі қажет. Облыстық білім басқармасы барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде «Мәңгілік ел», «Қазақстан – бір ұлт, бір халық» тақырыптық сабақтар циклдарын өткізуді қарастырсын. Облыстық мәдениет басқармасы халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын жаңғырту бағытындағы жұмыстарын күшейткені абзал. Орал қаласы мен аудандардың әкімдеріне ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы аясында елді мекендерді көркейту, аумақтарды абаттандыруды, әлеуметтік мекемелердің ғимараттарын талапқа сай жасақтауды тапсырамын. Қоғамдық келісім кеңестері жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуды қамтамасыз етуге атсалысқандары дұрыс. Осы айтылған жайттар кезек күттірмейтін мәселелердің қатарында. Бір-бірімізге тілекші болып, шын ниетімізбен Қазақстанның жарқын болашағына үлесімізді қоса берейік, — деді өз сөзінде Алтай Сейдірұлы.

Сессия барысында сондай-ақ облыстық ассамблеяның ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйірбаев, «Грамада» беларус мәдени орталығының төрағасы Михаил Беляев, облыстық ассамблеяның аналар кеңесі төрайымының орынбасары Рада Хайрушева, Назарбаев университетінің 4-курс студенті Темірлан Жекенов, №42 «Ақ ниет» гимназиясының мұғалімі Нұрлыгүл Есенғалиева, Орал қалалық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Феликс Баюканский өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.

Жиын соңында ҚР Президенті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың ассамблеяның ХХІV сессиясында берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттерге байланысты облыстық ассамблеяның шешімі қабылданды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Оксана КАТКОВА

Михаил БЕЛЯЕВ,

«Грамада» беларус мәдени орталығының төрағасы:

— Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып, әлемдік қауымдастықтан өз орнын алды. Мұндай жағдайға біз елдегі тыныштықтың, тұрақтылықтың, береке-бірліктің, ұлтаралық және дінаралық татулықтың арқасында қол жеткіздік. Елбасымыздың парасатты саясатының арқасында әлемдік дағдарыстың айтарлықтай ықпалына қарамастан, бизнестің дамуына күшті жол ашылуда, бұл өз кезегінде экономикалық өсімді қамтамасыз етуде. Қазақстанды жарқын болашаққа бастайтын «Мәңгілік ел» патриоттық актісін жүзеге асыруға бәріміз жұмылуымыз керек.

Рада ХАЙРУШЕВА,

облыстық ассамблеяның аналар кеңесі төрайымының орынбасары:

— Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясында қайырымдылық қызметі, оған барынша атсалысу турасында сөз болды. Өткен жылы қабылданған «Қайырымдылық туралы» заң бұл бағытта кең көлемде іс-шараларды атқаруға мүмкіндік берері анық. Яғни алдымызда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Халқымыздың мейірбандығы, пейілінің кеңдігі осынау істердің ойдағыдай жүзеге асуына  жағдай туғызарына сенімім кәміл.


«Сырым елі – әлеуеті жоғары аудандардың бірі»

Күні: , 215 рет оқылды

IMG_3833


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Өңір басшысы ауданға сапарын Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты өзені су қоймасының су өткізгіш жүйесімен танысудан бастады.


Бұрынғы «Правда» кеңшарының ізіндегі Шолақаңқаты ауылдық округі тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Кезінде кеңшарда 17 мың бас ірі қара өсіріліп, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс жасаған. Ол уақытта Аңқаты өзені бойындағы су қоймасына көктемде қар суының есебінен  жыл сайын 6,5 миллион текше метр су жиналады екен. Сол кезде осы су қоймасынан 1 мың гектар шабындыққа шыққан суды есептемегенде, 100 гектар суармалы жерге екпе шөп, 50 гектар бау-бақша, 23 гектар жеміс бағы егілген. Сонымен қатар осы су қоймасы көршілес Аңқаты, Тоғанас ауылдарын техникалық сумен қамтып отырған. Тоқсаныншы жылдардың соңында иесіз қалған бөгет істен шығып, қауқарсыз күйге түскен. Бүгінде көктем мезгілінде бұл су қоймасына бар-жоғы 2 миллион текше метр су жиналады.

— Қазіргі таңда бөгетті қалпына келтіру жұмысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Егер осы су қоймасын қалпына келтірсек, көктемде шабындыққа су шығып, жем-шөп мәселесін біраз жеңілдетер еді. Сонымен қатар осы маңға 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуға ынталы кәсіпкер де бар. Болашақта балық өсіруге ниет білдірушілер де баршылық. Бір сөзбен айтқанда, осы бөгет жөндеуден өтсе, ауыл тұрғындарының игілігіне әбден жарар еді. Шаруа қожалықтары мал басын көбейтіп, кәсіптің жаңа түрлерімен айналысып, бірқатар жұмыс көздерін ашуға мүмкіндік туғызары сөзсіз, — деді бөгет жұмысымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев.

Бұдан соң өңір басшысы Сырым ауданының орталығы Жымпитыда болып, жаңадан салынып жатқан сауда орталығының құрылысымен танысты. Ауылдың үстімен өтетін республикалық маңызы бар күрежолдың бойынан салынып жатқан супермаркеттің құрылысы аяқталып, жуырда халық игілігіне берілмек. Осы ауылда туып-өскен, бүгінде Орал қаласында тұратын Мэлс Сапаров пен Ермек Кәкімов есімді ауыл азаматтары ашқалы отырған «Ewerest» сауда орталығында күнделікті халық тұтынатын азық-түлік тауарларынан бастап, тұрмыстық заттар, табиғи таза мал өнімдері, жиһаздар, құрылыс материалдары сатылмақ.

— Сауда орталығын өз қаржымызбен салып жатырмыз. Құрылысты «АИАС Строй Сервис» ЖШС жүргізуде. Мал өсірумен де айналысамыз. Қосымша жер телімін алып жатырмыз. Ондағы ойымыз – шаруа  қожалығымызда өсірілетін төрт түліктен табиғи таза мал өнімдерін дайындайтын шағын цех ашу. Түрлі ет, сүт өнімдері, халық тұтынатын жартылай дайын өнімдерді осы жерден дайындап, саудаға шығаруды мақсат еттік. Осы сауда орталығын кепілдікке қойып, «Даму» қоры арқылы алғашқы жарнаға қажетті несиеге қол жеткізсек дейміз. Супермаркеттің құрылысы толығымен аяқтала келді. Алдағы айдың ортасында пайдалануға бермекпіз. Ісіміз оңға басып жатса, осы ауылдың 17 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтитын боламыз, — деді сауда орталығының иелері.

Өңір басшысы сондай-ақ ауыл орталығындағы «Қайсар» орталық стадионында болып, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған ардагерлер арасындағы аудандық спартакиадасына қатысушылармен кездесіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Бұдан соң облыс әкімі Жымпиты ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп, тас жол төселіп жатқан көшелерді аралады. Ауыл орталығындағы Амангелді, Қаратаев, С. Датов көшелеріндегі күрделі жөндеу жұмысын Борис Сали басшылық ететін «Супер дор» ЖШС атқаруда. Аталмыш үш көшеге тас жол төсеу жұмысы аяқталған болса, енді үш көшенің жөндеу жұмыстарына 120 миллион теңге қаражат бөлінген. Биылғы жылы ауыл ішінде жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын жол жөнделмек.

Жол өңдеу жұмыстарының қарқынымен танысқан өңір басшысы мердігерлерге тас жол сапасын қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар тас жол төселген көшелерге жаяу жүргінші жолдарын жасақтап, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді аудан басшысына жүктеді.

Сонымен қатар  өңір басшысы Алтай Көлгінов Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайында болып, көне жәдігерлермен танысты, тарихшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Аудан орталығындағы «Алаш саябағында» болған өңір басшысы ауыл ақсақалдарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті (жоғары суретте). Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, ауданның құрметті азаматы Ким Федянин, «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбақша Ерғалиева өңір басшысына жылы лебіздерін білдіріп, еңбегіне сәттілік тіледі. Кездесу соңында облыс әкімі орталық алаңға жиналғандармен бірге қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

— Күрежолдың бойында, екі облысты жалғап отырған Сырым елі – өңіріміздегі  әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Бүгінгі жұмыс сапарымызда бұл ауданның болашағының зор екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз. Атқарылған істермен қатар, алда тұрған міндеттер де баршылық. Бүгінгі кездесуде Шолақаңқаты және Қособа ауылдары маңындағы су қоймаларының бөгеттерін жөндеу керектігі айтылды. Бұл түйткілді мәселелердің қаншалықты маңызды екендігін түсінемін. Сондықтан алдағы уақытта қажетті құжаттарын жасақтап, керек қаражат көзін қарастыратын боламыз. Сонымен қатар ауыл орталығында заманауи сауда үйінің бой көтеруі – бұл  аудандағы кәсіпкерлікті дамытудың оң жолға қойылғандығының нәтижесі. Күні ертең 17 адамды жұмыспен қамтығалы отырған кәсіпкерлердің алдағы жоспарлары да мығым. Оларға шамамыз келгенше қолдау көрсетуіміз қажет. Ауыл көшелеріндегі күрделі жөндеу жұмыстары да бірқалыпты атқарылуда. Аудан орталығы мен Бұлдырты ауылдық округіндегі жол жөндеу жұмыстарына 100-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған. Біз тек тас жол төсеп қана қоймай, оның халық игілігі үшін ұзақ мерзім қызмет етуі мақсатында сапасына да көп көңіл бөлуіміз керек. Мұражайда болған кездесуде өлке тарихшылары ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында келер жылы Алашорда қозғалысына 100 жыл толуын атап өтуді тілге тиек етті. Бұл ұсынысқа да қолдау көрсетуіміз керек. Жақын арада өлке тарихшыларын жинап, іс-шаралар жоспарын жасақтауды ұсындым. Осы аймақтың тарихын, өсіп-өркендеуін шынайы түсінетін ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Өңір туралы, болашақта оның өркендеуі туралы мол мағлұмат алдық. Алдағы уақытта осы мақсатта жұмыс атқаратын боламыз, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапары соңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика