Мұрағат: 13.06.2016


ҚР ДСӘДМ сарапшылары медициналық қызметкерлер арасында медициналық сақтандыруды енгізу мәселелерін түсіндіру жұмыстарын бастады

Күні: , 181 рет оқылды


Бүгін облыстық клиникалық аурухана негізінде С.Асфендьяров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің кафедра меңгерушісі, м.ғ.д, профессор Құрақбаев Құралай Құракбайұлы және БҚО бойынша Медициналық қызметке ақы төлеу Комитетінің департамент басшысының м.а Давлетчина Айнагүл Хабдонгалиқызы облысымыздың денсаулық сақтау мамандарына міндетті медициналық сақтандыру бойынша ақпараттандыру жұмысытарын жүргізді.


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай — ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай — ӘМСҚ) жарна төлеуді бастайды.

Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1%, 2020 жылдан 2%-дық мөлшерде төлейтін болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры (әрі қарай — ӘМСҚ) жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:

— балалар;

— «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;

— ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;

— мүгедектер;

— жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;

— интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;

— техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;

— бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;

— жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;

— зейнеткерлер;

— ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;

— уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.

Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ӘМСҚ-ға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы тиіс.

Қазақстанда қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеу ұсынылады.

Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетіні, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.ҚР ДСӘДМ ресми сайты — www.mzsr.gov.kz; e-mail: press_mzsr@mail.ru.Әлеуметтік-еңбек саласының мәселелері бойынша – 742855;Денсаулық сақтау саласының мәселелері бойынша – 743137, 743241 байланыс телефондарына хабарласуға болады.


Облыстық бюджеттің орындалу көрсеткіші жоғары

Күні: , 188 рет оқылды

IMG_2530


Кеше облыстық мәслихаттың ІV кезекті сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


Шара басталарда сессия төрағасы Серік Сүлеймен 5 маусым күнгі Ақтөбе қаласындағы террорлық акт салдарынан қаза болғандарды еске алуға арналған бір минут үнсіздік жариялады.

Сессия барысында 2015 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі жылдық есепті бекіту, сондай-ақ 2011-2015 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының аймақтық даму бағдарламасының орындалуы туралы, өңірдегі кадрлық өзгерістерге байланысты облыстық әр түрлі кеңес, комиссиялардың жаңа құрамы жайында, өзге де бірқатар мәселелер қарастырылды.

Күн тәртібіндегі алдыңғы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинова 2015 жылғы облыстық бюджеттің орындалу көрсеткіштері позитивті екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыстық бюджеттің түсімдер жоспары 101,6 пайызға орындалған. Яғни жоспар бойынша 115,6 млрд. теңге, ал нақты түсім 117,4 млрд. теңге болған. Жалпы, сомасы 81,7 млрд. теңге көлеміндегі республикалық бюджет трансферттері мен қарыздар облыстық бюджет түсімдерінің құрылымындағы негізгі көздер болып табылады. Соның ішінде субвенция 36,2 млрд. теңгені құрайды. 2016 жылдың 1 қаңтарында облыстық бюджет бойынша бос қалдықтар 1,9 млрд. теңге болған. Облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 115,6 млрд. теңге болып жоспарланып, 100 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіштен облысымыз республика бойынша екінші, ал республика бюджетінен бөлінген нысаналы трансферттердің орындалуы бойынша бірінші орында екен. Облыстық бюджеттің игерілмеген сомасы 53,6 млн. теңгені құрайды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 232 млн. теңгеге аз.

Аталған мәселеге қатысты қо-сымша баяндама жасаған «Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Амангелді Нұғмановтың мәлімдеуінше, 2015 жылы тексеру комиссиясы 122 бақылау объектісін қамтумен 18 бақылау іс-шарасын өткізіп, 8 024 611,3 мың теңгеге заңнама бұзушылықтарын анықтаған. Бұл қаражаттың 89,5 пайызы қалпына келтіруге, яғни өтеуге жатқызылған. 10 964,3 мың теңгеге 88 әкімшілік айыппұл салынса, оның 8 949,6 мың теңгесі бюджетке төленген. Қалған 2014,7 мың теңге бойынша материалдар сот орындаушыларының қарауында. Бақылау нәтижелері бойынша 180 лауазымды тұлға жауапкершілікке, оның ішінде 77 лауазымды тұлға әкімшілік, 103 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Салық органдарында өткізілген тексеру нәтижелері бюджеттің түрлі деңгейлеріне толық төленбеген салымдар көлемі аз екенін көрсеткен.

2011-2015 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының аймақтық даму бағдарламасының орындалуы туралы баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Әбенова аталмыш бағдарламаның нысаналы индикаторларына қол жеткізу жайында айтып өтті. Бағдарламада жалпы 46 нысаналы индикатор және 94 көрсеткіш қарастырылған. Соның ішіндегі 33 нысаналы индикатор және 68 көрсеткішке қол жеткізілген. 11 нысаналы индикатор мен 23 көрсеткіш орындалмаған. Екі  индикатор және үш көрсеткіш бойынша статистикалық деректер кейінірек қалыптаспақ. Ішкі және сыртқы факторлар, әсіресе, әлемдік мұнай нарығындағы жағымсыз жағдайлар, теңге бағамының нашарлауы, Ресей Федерациясының рублі бағамының төмендеуі экономиканың нақты секторы көрсеткіштерінің төмендеуіне әсер еткен. Өткен жылы облыста 1813 млрд. теңге жалпы өңірлік өнім өндірілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 23 ақпандағы №31-4 «Батыс Қазақстан облысының азаматтарына емделу үшін облыс шегінен тысқары жерлерге бюджет қаражаты есебінен тегін жол жүруді ұсыну туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы, Батыс Қазақстан облысының азаматтарына емделу үшін облыс шегінен тысқары жерлерге бюджет қаражаты есебінен тегін жол жүруді ұсыну туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиев жасаған Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 9 желтоқсандағы №29-7 «Батыс Қазақстан облысы бойынша 2016 жылы субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар залалды маршруттар тізбелерін бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану жайлы хабарлама да депутаттардың бірыңғай қолдауына ие болды.

– Ұсынылған мәліметтерден белгілі болғанындай, 2015 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Ол, біріншіден, мемлекет басшысы бекіткен бағдарламалардың тиісті дәрежеде орындалуының нәтижесі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың депутаттармен бірлесе жұмыс жасағандығының айғағы. Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелер назарға алынатын болады. Нәтижелі еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтудеміз. Алдымызда көптеген маңызды іс-шаралар бар. Бірлесіп жұмыстану арқылы ол тапсырмаларды да ойдағыдай атқарамыз деген сенімдемін, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жиынды қорытындылаған сөзінде.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Еске алу митингісі өтті

Күні: , 195 рет оқылды

IMG_2515


Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өкімімен 9 маусым – Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланғаны белгілі.  Осыған орай ҚР Ұлттық ұланына қарасты қаламыздағы 5517-әскери бөлімінде  лаңкестердің шабуылы  салдарынан Ақтөбеде қаза тапқан азаматтарды еске алуға арналған митинг  өтті.


Бұл шараның мақсаты – кез келген сипаттағы экстремизм мен терроризм фактілеріне үзілді-кесілді  қарсылық білдіру арқылы тұрғындар мен жастар арасында ел тыныштығын сақтау, барша халық болып бірігіп, елдігімізді сақтауға шақыру, лаңкестік оқиғадан қаза тапқандарды аза тұту.

Облыстағы жастар ұйымдарының жетекшілері, облыстық жастар мәслихатының депутаттары, белсенді студент жастар мен еріктілерден құралған қала тұрғындары әскери бөлім алдында ілінген марқұмдардың суреттеріне гүл шоқтарын қойды. Митингіде сөз алған облыстық жастар қауымдастығының төрағасы Ермек Мұхамбетқалиев бұл шараның  құрбан болған жерлестеріміздің рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылғанын айтып, Жайық жастарының ақтөбеліктермен бірге екенін жеткізді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Оралда 17 адам ұсталды

Күні: , 132 рет оқылды


ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті БҚО ішкі істер департаментімен бірлесе отырып, исламның дәстүрлі емес діни бағыттарының бірін ұстанатын жергілікті адамдардың өздерімен бір бағыттағы Атырау облысының 1994 жылғы тұрғыны М.-ға көмектесіп, белгісіз біреулер тартып әкетті делінген автокөлігін күшпен қайтармақ болған әрекеті туралы жедел мәліметті тексерді.


Терроризммен күрес жөніндегі облыстық штабтың БАҚ-пен байланыс тобынан түскен мәліметке қарағанда, алдын ала жедел іздестіру шаралары барысында діни бағытты ұстанбайтын ортадан шыққан адамдардың автокөлікті заңсыз иеленгені белгілі болды.

Келеңсіз көріністердің алдын алу мақсатында 17 адам анықталып, БҚО ІІД мүмкіндіктері арқылы олар 10 маусым күні сағат 02.00-де «Бәйтерек» базары жанына жиналған сәтте ұсталды. Бұл адамдар Асан ауылына қарсы топпен кездесуге аттанбақ болған. Олар мінген автокөліктерден бес дана бейсбол битасы және бір арматура тәркіленді.

Ұсталған адамдар Орал қалалық ішкі істер басқармасына жеткізіліп, тергеу амалдары  жүргізілуде.

Басқа мәліметтер кейін берілетін болады.

Арман БОЛАТҰЛЫ


Тілсіз жаудан сақ болайық!

Күні: , 76 рет оқылды

фото 4545 ЧС


Бейсенбі күні «Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен брифингте суға түсу маусымында адам өлімінің алдын алу және өрт қаупі бар кезеңде дала және орман өрттерін жою, оны болдырмау мақсатында қолданылатын шаралар жайы сөз болды.


Баспасөз мәслихатына БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов, сол депар-таменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Марс Отаров, қалалық ТЖ басқармасының бастығы Нұрлан Таубеков қатысты.

— Жаз айларында адамдардың суға кетуі бүгінгі таңдағы маңызды проблемалардың бірі болып отыр. Аталған мәселе бойынша Үкіметтің, ІІМ ТЖ комитетінің, облыс әкімдігінің деңгейінде бірнеше отырыстар өткізіліп, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімімен арнайы жоспар да бекітіліп, кешенді шаралар жүргізілуде. Жалпы, облыс аумағында 200-ге жуық әр түрлі су айдындары бар. Су – тіршілік көзі, өмірдің нәрі болғанымен, «тілсіз жау» екенін де естен шығармау керек. Соңғы он жыл ішінде облысымызда 301 адам суға батса, оның 69-ы – балалар. Жалпы, төтенше жағдайлардың түрі бойынша қаза болғандардың ең жоғарғы көрсеткіші, өкінішке орай, адамдардың суда қаза болуы. Ағымдағы жылы облыс аумағында төрт адам суда қаза болды, — деді Ақылбек Ахметжанов.

Бұдан соң сала маманы төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан бірқатар шараларға тоқталды.

— ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының төрт құтқару бекеті адамдар көптеп суға түсетін орындарында кезекшілік атқарады. Олардың екеуі облыс орталығында, бірі Ақжайық ауданы Чапаев ауылында болса, енді біреуі Теректі ауданының Шалқар көліне бекітілген. Қайғылы жағдайдың алдын алудың бірден-бір жолы – тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмысын кеңінен жүргізу, оқыту. Бұл салада құзырлы мекемелердің,  жергілікті атқарушы органдармен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, қоғамдық бірлестіктермен, оқу орындарымен, ұйымдармен және кәсіпорындармен өзара байланыс жұмыстары жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы да сала мамандары судағы қауіпсіздік шараларын хабарлауда. ТЖ департаментінің, оның бөлімшелерінің мамандарымен суға көптеп түсетін орындарға барып демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері бойынша жадынамалар таратуда. Рейдтерге жастар ісі басқармасы арқылы жастар жұмылдырылуда. Коммуналдық қызметтер арқылы түбіртектерге судағы қауіпсіздік ережесін басып шығару арқылы тұтынушыларға ақпараттар жеткізілуде. Жергілікті полиция қызметімен адамдар көптеп түсетін орындарда қоғамдық тәртіп қатаң қадағалануда. Судағы адам қазасының алдын алу тек біздің органның жұмысы ғана емес, аталған жұмысқа барлық құзыретті мекемелермен қатар тұрғындарды да белсенді қатысуға шақырамын. Бірлесе атқарған жұмыс арқасында ағымдағы жылы судағы адам қазасын барынша төмендетеміз деген сенімдеміз, — дейді департамент басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.

Ал қалалық ТЖ басқармасының бастығы Нұрлан Таубеков өрт қаупі бар кезеңде дала және орман өрттерін жою, оны болдырмау мақсатында қолданылатын шаралар жайын баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айында дала және орман алқаптарын өрттен қорғауды қажетті деңгейде қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын жасақтау мақсатында комиссия отырысы өткізілген. Арнайы жұмыс топтары қалыптастырылып, облыстық штаб құрылған. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында қала тұрғындарына жадынамалар таратылуда. Облыс бойынша 2016 жылы орман өрттерін шұғыл түрде анықтауға арналған маусымдық өрт сөндірушілер құрамынан жинақталған сегіз орман өрт сөндіру стансалары қызмет жасайды.  Олардың қарамағында тоғыз өрт сөндіру көлігі, 155 байланыс құралдары, 36 трактор, алты өрт байқау мінбелері, 255 орман аспалы субүркігіштері және өзге де өртке қарсы жабдықтар бар. Жалпы, өңірімізде дала және орман өрттерінің алдын алу және болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Бөкейліктер Зеленовтың төрінде

Күні: , 124 рет оқылды

_DSC0326-6


«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Бөкей ордасы ауданының делегациясы Зеленов ауданына келді.


Аудандар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуды көздеген шара Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға тағзым етуден басталды. Аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағында өткен салтанатты жиында екі аудан  өкілдері сұрапыл соғыста қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгі алауға гүл шоқтарын қойды. Одан кейін  Достық үйіне бас сұққан бөкейліктер ол жердегі «Ақниет» әжелер ансамблі және татар, славян этномәдени бірлестіктерінің жұмысымен танысты. Екіжақты кездесу әрі қарай «Қазақстан – болашағы біртұтас ұлт» атты дөңгелек үстелге ұласты. Оған  БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық басшысы Ғайса Қапақов арнайы қатысты. Жиынды ашып жүргізген Кәрім Жақыпов:

– Елбасының тапсырмасына сәйкес біздің ауданымызда да бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді нығайтуға байланысты көптеген ісшаралар өткізіліп келеді. Бүгінгі шарамыз тек ұлтаралық татулықты  ғана емес, аудандар арасындағы бірлікті нығайту мақсатында оздырылып отыр, – деп келген қонақтарға «Қош келдіңіздер!» айтты.

Одан соң сөз алған Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рақымжанов:

– Бірлік бар жерде тірлік бар. Еліміздің бүгінгідей қарыштап дамып келе жатқаны – тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. Жер шалғайлығына қарамастан, бірлігімізді көрсету мақсатында сіздің ауданға ат басын тіреп отырмыз. Құшақ жая қарсы алып жатқандарыңызға рақмет, – дей келе аудан орталығындағы соғыс ардагерлеріне алып келген сый-сияпаттарын тарту етті.

Дөңгелек үстел соңында  екі аудан арасындағы достықты нығайту мақсатындағы арнайы меморандумға қол қойылды.

Кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйінің фойесінде бой көтерген Бөкей ордасы ауданының терең тарихынан сыр шерткен көрмені тамашалады. Әрі қарай мегажоба бөкейлік көркемөнерпаздардың «Ширек ғасыр шежіресі» атты концерттік бағдарламасымен  жалғасты.

Концерт соңында Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов қонақтарға ықылас гүлі мен естелік сый тарту етсе, Бөкей ордасының әкімі Нұрлан Рақымжанов жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, мегажоба эстафетасын зеленовтық әріптесіне табыс етті. Бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен, ел бірлігін нығайтуды мақсат еткен жобаны енді Қазталов ауданы қабылдайды.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Ботагөз  ИСЛЯМОВА, көрермен:

– Бөкей ордасы ауданы өнерпаздарының концерті ұнады. Бұл тек менің ғана пікірім емес, залға жиналған барлық адам осындай ойда деп білемін. Әсіресе, күй тартысы қатты ұнады. Екі ауданның достығы нығая берсін. Жиі келіп, концерт беріп тұрса деген тілегім бар.

Раиса  ЖҰБАНДЫҚОВА:

– Алыс жерден келіп жиналған қауымға керемет концерт ұсынған ордалық өнерпаздарға  шығармашылық табыс тілеймін. Биші өрендер қатты ұнады, көздері жанып тұр. Бөкей ордасы өнерпаздарына  шексіз  ризамын.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика