Мұрағат: 09.06.2016


Бидайықтың биіктігі белуардан

Күні: , 170 рет оқылды

DSC_0032


Жаңақаланың Пятимар ауылдық округінде  екі мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындардың негізгі күнелтіс көзі – мал шаруашылығы. Күні бүгін ауылдық округ бойынша 70   шаруа қожалығы қалыпты жұмыс жасауда.


Жақында іссапармен Пятимар ауылдық округі жанынан өткенімізде, көкорай майсаға орақ салып, қыстың қамын ерте құнттаған шаруаға жолықтық. Қыстаққа жақын маңдағы көлдікке біткен бидайықтың биіктігі белуардан келеді.  Өзін Қанат Қажиденов деп таныстырған ағамыз «Хамит» шаруа қожалығының жетекшісі екен. 2004 жылы ашылған қожалықтың иелігінде 500 гектар жер бар.  Қожалық қарамағындағы «Қособа», «Қошпан» атты қос қыстақта негізінен мүйізді ірі қара өсірілуде. Өткен жылдары «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 15 миллион несие алып, мал санын көбейткен. Лизингке шаруаға қажетті су жаңа «МТЗ-80» тракторын алыпты.

— Қысқа қажетті мал азығын дайындауға өткен жылғы көктемде де ерте кіріскен болатынбыз. Соның арқасында қыстан қысылмай шықтық. Биыл мамыр айының 22-сінен бастап қырлық жердегі қоңырбасқа орақ салдық. Көктем айларының жауын-шашынды болуының пайдасы шығар, өнім өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай мол. Өздеріңіз көргендей, шабындыққа да шөп бітік шықты. Осы ырыздықты ысырап етпей, от пен су секілді тілсіз жаудан аман тұрғанда жинап алуға талпынып жатырмыз. Әр пішен шабу науқанында кем дегенде екіжылдық мал азығын дайындап алуға тырысамыз. Қырлықтан 500 орам (рулон) мал азығын дайындадық. Барлығы 2 мың орам жем-шөп қорын дайындауды жоспарлап отырмыз. Бұл, негізінен, отбасылық кәсібіміз. Бірақ мерзімдік шаруаларға қажетіне қарай жұмысшылар аламыз. Болашақта мал басын көбейтіп, бордақылау орнын ашу жоспарымызда бар, — дейді шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Қажиденов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»,

Жаңақала ауданы


Ертең Еуро басталады

Күні: , 165 рет оқылды

EURO_2016


Тура күні ертең, яғни 10 маусым күні Францияда футболдан Еуропа чемпионаты басталады.


Бұл кәрі құрлықтың 15-інші доп-додасы. Сөйте тұра бұл Еуро бұрынғыдан өзгерек. Өйткені аяқдоптың үшбу аламанына әдеттегідей 16 емес, 24 мемлекеттің құрама командасы қатысады. Шежіре-тарихы сонау 1960 жылдан бастау алатын Еуропа біріншілігінде биыл 24 құрама бақ сынайтындығын құптайтындар да, құптамайтындар да баршылық. Мұндай қадамды жақтайтындар құрлық чемпионатының көкжиегі кеңейгеніне қуанышты, ал қарсы пікір айтушылар әлжуаз құрамалар азулы командалардан «оңбай таяқ жеп», Еуроның бәсін түсіреді деп жабырқаулы. Сонымен, чемпионаттың беташар ойыны Париждің шеткері аумақтарының бірі саналатын Сен-Денидегі «Стад де Франс» стадионында Франция мен Румыния құрамаларының арасында өтеді. Ал араға тура бір ай салып дәл осы алаңда Еуро – 2016-ның ақырғы «айқасы» өтуі тиіс.


Күй мерекесі – Оралда

Күні: , 179 рет оқылды

IMG-20160608-WA0011


Сейсенбі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның халық әртісі, күй анасы Дина Нұрпейісова мен күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына арналған «Күй мұра» атты дөңгелек үстел өтті.


Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, «Күй құдіреті» республикалық домбырашылар байқауына еліміздің әр аймағынан келген өнерпаздар мен қазылар алқасының мүшелері, сондай-ақ өңіріміздегі белгілі домбырашылар жиналды.

— Күй – біздің тарихымыз, мәдениетіміз, рухани байлығымыз. Қазақ қашанда күй өнерін жоғары бағалап, күйшілерін дәріптеген. Арамызда еліміздің сегіз аймағынан байқауға келген үміткерлер отыр. Ертеңгі сайыста республикамызға белгілі өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасының оң бағасын алуына тілекшіміз. Өнеріміз бен мәдениетіміз жоғары болса, мемлекетіміздің көк байрағы да әрқашан биікте желбірейтініне сеніміміз мол. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған күйдің мерекесі құтты болсын! – деген облыс әкімі өңіріміздің мәдениет саласындағы бірқатар жетістіктеріне де тоқталып өтті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медғат Хамбетов Батыс Қазақстан облысындағы күй өнерінің дамуы туралы қысқаша шолу жасады. Ол баяндамасында:

— Көңілге кірбің түсіретін жайттардың бірі – қазір жоғары және арнаулы оқу орындарында халықтық аспаптар факультеттері жабылудың аз-ақ алдында тұрса, аудан, ауыл мәдениет үйлерінде кадр тапшылығы қатты сезілуде. Түйткілді мәселелерді шешуде аудандардың әкімдіктері тарапынан оқу орындарына гранттар бөлінсе, кадрларды тұрақтандыруда жергілікті жердегі оқу орындарының түлектерімен қажетті жұмыстар жүргізілсе деген ойдамыз, — деп өнер саласындағы күрмеулі мәселелерге баса тоқталды.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Айтжан Тоқтаған қазақ күйшілік өнерінің бүгінгі таңдағы дамуы туралы сөз қозғады.

— 2010 жылы еліміздің Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» атты 41 дискіден тұратын үнтаспа жазылды. Бұл жұмысқа мен жетекшілік жасадым. Негізі қазақтың күйі мыңнан көп. Бұрынғы зерттеушілерге жүгінсек, 7-8 мыңдай күй болды, тіпті ән одан да көп дейді. Ал бүгінгі таңда шыққаны мың күй болса, шықпаған тағы мың күйді табуға болады. Жалпы күй, мәдениет қорғауды талап етеді. Кеңес үкіметі кезінің өзінде ұлттық дәстүрге сай домбырада жеке орындаушылық деген болды. Осы күнде екі, бес, он бес, алпыс домбыраны қатар ойнату арқылы ұлттық өнерімізді шоуға бейімдеп бара жатқан секілдіміз.

Біз атадан келе жатқан төл өнеріміздің табиғи қалпын бұзбай сақтап, сол өнерді ұстанған адамдарды қолдауымыз шарт. Өнерді бізге жеткізіп кеткен адамдар туралы әңгіме өрбітуіміз керек.

Мұхтар Әуезовше айтсақ, қазақтың күйі мен әні оның тірі тарихи жәдігері іспетті. Сондықтан оны сақтау мен қорғауды дамытуымыз қажет, — деген профессор әлемнің өркениетті озық елдерінде қай халықтың болсын дәстүрлі өнеріне ерекше құрмет танытатыны туралы мысалдар келтірді.

— Домбыраның тел бұрауындай бір жылы дүниеге келген Дина шешеміз бен Сейтек сынды бабамызды еске алып, осындай дүбірлі жарыс ұйымдастырып отырған облыс әкімдігіне алғысымыз зор. Мұндай шараларды еліміздегі ұлттық мәдениетті дамыту стратегиясының бір көрінісі деп ұққан жөн. Келер ұрпақ бұдан сабақ алуы тиіс. Оқу орындарында, концерттік бірлестіктерде күйге құрмет жоғары сатыдан орын алуы керек. Өйткені ол – халықтың өнері. Ұлы күйшілеріміздің шығармаларын шашауын шығармай, бұзбай сол күйінде келер ұрпаққа жеткізіп насихаттау келешектің абыройлы ісі деп санаймыз, — деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Орынбай Дүйсен.

— Қолыма домбыра ұстап, отыз жыл еңбек еткен ұстаздың бірімін. Қаламызға көз жүгіртіп қарасақ, осынау ұлы күйшілердің елінде бірде-бір стандартқа лайық саз мектебі жоқ екен. Жалғыз №1 саз мектебі бар. Ол да 1970 жылы салынған. Қазір үлкен спорт кешендері, ассамблеяға арналған зәулім сарайлар тұрғызылып жатыр. Сол секілді күйдің отаны Орал қаласында талапқа сай саз мектебі салынса, ол облыстық мәртебеге ие болса деген өзекжарды тілегіміз бар, — деді қаламыздағы №3 саз мектебінің директоры Мереке Тұяқов.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныс-пікірлер болашақта мүмкіндігіне қарай ескерілетінін жеткізді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Әкем соғыс туралы көп айтатын…

Күні: , 172 рет оқылды

8429b20e5156dec10947f216896c28bd


Газет редакциясына сонау Атырау облысының  Жылыой ауданы №13  жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Өзира Төлеуқызы  Дәулетияровадан хат келді. Ол  әкесі Төлеу Сұлтанұлы Дәулетияровтың (1903-1975 ж. ж.) соғыстағы ерлігі  туралы  баяндайды. Ұлы Отан соғысының  аяқталғанына биыл – 71 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Алайда адамзат тарихындағы ең алапат соғыс бүгінгі ұрпақ жадында. Соғыста қаншама ата-бабаларымыз хабарсыз кетіп, мерт болды.


Жауды жеңіп, елге аманесен оралған әке-шешелеріміз ардагер атанды. Солардың бірі – менің әкем Төлеу Сұлтанұлы Дәулетияров. Әкем бұрынғы Орал облысының  Қаратөбе  ауданы «Аққозы»  совхозы Қарақамыс  ауылынан (кейін Мұхит атындағы совхоз) Кеңес әскерінің  қатарына алынады.  Бұл 1940 жылдың қыркүйегі екен. Алғашқыда  808-атқыштар полкінде болып, кейін 491-атқыштар полкіне  ауыстырылады. Ұлы Отан соғысының отты күндері, 1941 жылдың жазында Орталық майданда ауыр артиллерияның зеңбірекшілер қатарында болған. Бірінші Украина майданында жаумен шайқасып, кейін Воронеж, басқа да көптеген қалаларды азат етуге қатысқан. Әкем фин соғысынан бастап, Берлинге дейін барды. Көзі тірісінде ол маған соғыс оқиғаларын көп айтатын.  Соның ішінде қызық та, қайғылы да оқиғалар бар.

«Мен ерлік көрсетемін деп ешқашан ойлаған емеспін», – дейтін әкем. Мынау жота болса, енді мына жерде ойпат  бар. Ротаны танктен қорғаймыз деп ойпаттың  алдын  бағып тырп етпей жатырмыз. Кенет екі танкі шыға   келді.  Дереу оларды жою керек. Міндет лейтенант пен әкеме жүктеледі. Танк ататын мылтық әкемде  болатын. Оның ұзындығы – 2 метр, салмағы  – 16,5 келі. Танк деген қауіпті. Нысанаға дәл тигізбесең,  өзің мерт боласың.

Әкем қалың өскен қурайды паналап тосып жатқан. Танк 300 метрдей жақындаған кезде шүріппені басып қалған. Құдай оңдағанда, қара түтін бұрқ ете қалды. Оқ тура моторға тиген болу керек, екінші танк сәл шегінді. Бірақ ол әкемді байқап үлгеріпті.

Дереу әкем  де атты, ол да атты. Жау машинасы қирады. Жарылған снарядтан әкем есінен танып  қалады. Әкем сегіз жерден жарақат алған екен. Соның бірі аузындағы тістерінің опырылып түсуі, кейін өмірінің соңына дейін сүйек тіспен жүрді.  Госпитальда ұзақ  жатып,  майданға қайтадан аттанады. Сол жарықшақтардың қалдығы әкем денесінде өмір бойы жүрді.

Немістер түнде, ауа райының қолайсыз күндері көп соғыс аша бермейтін, ал бізге ең қолайлы сәт осы еді. Орман ішінде ми батпақтың арасында соғыстың дүмпуі басылып, демалыңдар деген бұйрық келді, «Батпақта қалай демаласың, жауынгерлердің бірі талға жабысып, бірі тікесінен тұрып ұйықтап тұр. Менің ат үстінде жүргенімнің пайдасын сонда көрдім, бәрі ұйықтап талдан құлап жатқанда, еш қозғалмастан аз да болса, тынығып алдым» – деп күлетін әкем.

Енді бірде әкем жауынгерлерімен кешке қарай жау танкісін күтіп, окопта жатқан. Кенет төбенің басы абыр-дабыр, айқай-шу  болып кетеді. Әкем бұл шудың тегін емес екенін біліп, сол жаққа қарай жүгірген. Сөйтсе, екі жақ бетпе-бет келіп, жұдырықтасып жатыр екен.  Кәдімгі төбелес, ұшып түскендерді  допша тепкілеп жатыр. Қолдарында қарулары жоқ.

Әкем қасындағылармен көмектесейін десе, позицияны тастап кетуге болмайды. Әне-міне,  дегенше шабуыл басталады… Бірнеше күннен кейін әкем жарақат алып, госпитальға түседі. Жаралылардың ішінде тоғыз  қазақ болған. Әкем оларға қарусыз төбелес туралы айтып беріпті.  Жігіттер аң-таң. Кенет араларындағы дәу қара жігіт күліп жіберсе керек. Сөйтсе, төбелеске қатысқандардың дәл ортасында жүріпті әлгі дәу қазақ. Оның айтуынша, немістерде де, оларда да ататын оқ болмай қалыпты. Содан, амал жоқ, жұдырықтасуға тура келген. Нәтижесінде немістер жеңіліп, тұтқынға алынады. Соғыста осындай да оқиғалар болған.

Осылайша әкем соғысқа бастан-аяқ қатысып, 1945 жылдың  9 мамырында Берлинге Жеңіс  туын қадағандардың арасында болған.

Соғыстан кейін  әкем ауылға  келіп, малшы болған. Осы жұмысында жүріп, әкем отбасын құрды, екі ұл (Жақсылық, Қайырберген (Халел), бес қыз (Қоңырша, Алма (Мағрифа), Ағиыс, Узира, Кенжетай) тәрбиелеп, одан 33 немере сүйді.

Әкем өз балаларына, немерелеріне өнеге, үлгі болатындай көп іс қалдырды. Мен әкемді мақтан тұтамын. Әкемнің жеңісі – менің де, ұрпағының да жеңісі!

Өзира  ДӘУЛЕТИЯРОВА,

Жылыой  ауданы,

Атырау облысы


Ақтөбедегі қанды қасапты жасаған кімдер?

Күні: , 3 528 рет оқылды

12111599


Еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отырғанда, қасиетті ораза айының басталу қарсаңында, яғни бесінші маусым күні Ақтөбе қаласында орын алған террорлық әрекеттер  бүкіл елімізді дүрліктірді. Осыдан бірер күн бұрын Ақтөбе қаласында террорлық  қауіп-қатерге қатысты «қызыл», ал еліміздің қалған аймақтарында «сары» деңгей енгізілді. Кеше 9 маусым Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ел аумағында азалы күн деп жарияланды.


Бесінші маусым күні сағат 14.28-де діни теріс ағымда жүрген азаматтар Ақтөбе қаласындағы «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Дүкен сатушысы 44 жастағы Андрей Максименконы пышақтап өлтірген. Оның соңында жары және 13 жастағы ұлы қалды. Марқұмның ұлы енді мектеп бітіріп, мамандық алғанша мемлекет қамқорлығында болады.

Оқиға орнына жеткен «Жедел күзет» ЖШС екі қызметкерінің бірі қаза тапса, екіншісі жарақат алды. Атыста іле-шала жеткен үш полиция қызметкері жараланды. «Паллада» дүкенінен үш газ тапаншасын, 17 мылтық, оқтар мен пышақтарды қолды қылған қылмыскерлер екіге бөлініп, бірі «Пантера» қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, онда да бір адамды өлтіріп, біреуін жаралаған. Ұлттық ұланның 6655-әскери бөлімінің аумағына шабуылдап кіріп, сол жерде үш әскери қызметкер қаза тауып, алтауы жараланды.

Лаңкестердің қолынан жалпы сегіз адам қаза тапты. Бір күзет маманы, үш әскери қызметкер, оның бірі жауынгерлік борышын өтеп жүрген сарбаз, шығысқазақстандық Досбол Сапар болса, екеуі – №6655 әскери бөлімнің офицерлері. Солардың бірі – Даниел Майлыбаев туған жері Талғар қаласының аумағында жерленді. Екіншісі – кіші сержант Берікжан Қалиев туған жері Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында кеше жер қойнына берілді.

Жетінші маусым күнгі мәлімет бойынша Ақтөбе ауруханасында лаңкестік әрекеттен зардап шеккен 18 адам ем алуда. Бір қылмыскер өлген. Төрт кісі жансақтау бөлімінде. Оның екеуі әскери қызметкер, екеуі қылмыскер, Ақтөбе облыстық жедел көмек ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстанның айтуынша, екі әскеридің беті бері қарап келеді.

Қанды оқиға салдарынан бес бейбіт тұрғын қаза тапты. Қала тұрғындары Михаил Матросов пен Николай Анищенко «Пантера» және «Паллада» қару-жарақ дүкенінің жанынан өтіп бара жатып, оққа ұшқан.

Жетінші маусым күні Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Ақтөбе қаласына барған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұқтар Құл-Мұхаммед: «Террористе ұлт та, дін де жоқ, Оларды мұсылман демек түгілі, адам деп атауға болмайды. Олар хайуандар, қасиетті асыл дінімізді жамылған жыртқыштар, қанішерлер», — деді халықпен кездескенде.

Мұндай қадамға не үшін барды?

oral_bw_8-17Сенімді дереккөзі бізге берген мәлімет бойынша, Ақтөбе қаласында террорлық актіні жасағандардың барлығы – салафийліктәкфірлік жолдағы азаматтар. Ислам атын жамылған «Ат-тәкфір-уаль-хиджра» жамағатының қатерлі идеологиясы жолындағы Сириядағы бір жалған шейхсымақ: «Ораза айында жергілікті жерде теракті жасасаңдар, сонда бірден жұмаққа барасыңдар» деп ғаламтор арқылы пәтуа берген. Ақтөбе қаласындағы бір пәтерде 50 шақты адам жиналып, бұл пәтуаны талқылаған. 20 адам «Бұл қате, біз қатыспаймыз» деп бас тартып, қалғаны бір күнде қолдарына қару алуға шешім алған және террорлық актіні құқық қорғау құрылымдарынан бастаған.

Шын мұсылман қолымен де, тілімен де жан баласына зиян тигізбейтіні Құранда жазылған. Олардың дені – жастар және ислам дінін жамылған радикалдық ұйымдардың арбауына түсіп адасқандар. Теолог мамандардың сараптамасы бойынша, тәкфірлік көзқарастағы азаматтар ислам шариғатымен жүрмеген мемлекетті «кәпір мемлекет» деп, намаз оқымаған адамды «кәпір» дейді. Өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кәпір санайтын бұл топтың нақты іс-әрекеті XX ғасырдың алпысыншы жылдарында Мысыр түрмелерінен бастау алған. Мұхаммед пайғамбардың көзі тірісінде, Пайғамбарға «Сен дінді толыққанды ұстанбайсың» деген желеумен қарсы шыққан. Ол уақытта оларды «харажиттер» деп атаған.

Олардың ұстаздары: «Кімде-кім имамдардың немесе сахабалардың сөзін дәлел ретінде қолданса немесе қияс, маслахат ал-мурсала, истихсан және сол сияқты дәлел-құжаттармен мәселе шешсе, ол әрі мүшрік, әрі кәпір саналады» дейді. Бұл қатерлі идеологияның екі мақсаты бар. Бірі әр мемлекетте адамдарды адастырып, қоғамға, мемлекетке қарсы қояды. Исламды бұрмалап түсіндіріп, діни шала сауатты адамдарды алдап террористік әрекетке итермелейді. Ал шатасқан адам алданғанын шегінуге жағдай болмаған кезде бір-ақ түсінеді. Шариғат тың үкімімен жүрмеген мемлекетті күпір, өздеріне қосылмаған халықты кәпір санаудың соңы елде бүлінушік тудыруда. Бұған Сирияда, Иракта болып жатқан қанды жағдайлар куә.

Тұзаққа кімдер түседі?

Әлбетте, тұзаққа түсетіндер – қоғамда өз орнын таппаған адамдар. Әлеуметтік жағдайы төмен, өмірден түңілген, жолы болмаған, сол себепті өмірден бір жарық дүние іздеген ізгі ниетті жандар діни сауатсыздықтың салдарынан оңбай адасуда. «Әрине, олардың бәрі ізгі ниетті емес, арасында қылмысқа бейім адамдар да бар» дейді зерттеушілер. Тәкпіршілер оларды өз орталарына тартып, жоғары көтеріп, рух береді. Қылмысқа бейім азаматтар өз қылмысын «Мен кәпірлердің мүлкін тартып алып жатырмын» деп ақтайды. Аталмыш топ қатарының бұрынғы қылмыскерлермен толығуы қылмыстың жаңа сипатына көшуіне негіз болуда. Бұл айналып келгенде асыл дініміз исламға қара күйе жағып отыр. Бүгінгі таңда тәкфір жамағаты әлемнің түкпір-түкпірінде жарылыстар жасап, бейкүнә жандарды, соның ішінде мұсылмандарды қыруда. Аллаһ Тағала Құран-Кәрімде:

وَمَن يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُّتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا وَغَضِبَ اللَّهُ عَلَيْهِ وَلَعَنَهُ وَأَعَدَّ لَهُ عَذَابًا عَظِيمًا

«Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы, ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған» деген.

Бірқатар шетелдерде және Ақтөбеде орын алған терактілердің бастауында тұрған «Аттакфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымы 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Экстремистік ұйым» деп танылып, Қазақстан Республикасында тыйым салынды.

Ақтөбедегі «Аңсар» оңалту орталығы тарапынан аталмыш қанды оқиғаға қатысқан азаматтарға кезінде оңалту жұмыстары жүргізілген. Алайда шетелдегі тәкфірші шейхтардан ғаламтор арқылы келген пәтуаға еріп кеткендердің бұл жантүршігерлік әрекеттерін мамандар радикалды, экстремистік-террорлық акті деп бағалауда. Ал біздің облыстағы құзырлы орындар мен дін мамандарының мәліметі бойынша, облыстағы діни теріс жолда жүрген адамдарға теологиялық көмектер берілген. «Соның нәтижесінде облыстағы діни ахуал қалыпты» дейді мамандар.

Ақтөдебе қаласында екі күн бойы жұмысы тоқтатылған ғаламтор желісі кеше іске қосылды. Жеті күдікті іздестірілуде. Құзырлы құрылымдар қылмыскерлерді табуға көмектескен адамға 5 миллион теңге сыйақы берілетінін хабарлады.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Балалар мәнді демалуы тиіс

Күні: , 203 рет оқылды

_DSC0060


Оқу жылы аяқталып, оқушылар үшін  демалыс орындары жұмыстарын бастады.  Биыл құзырлы мекемелер тарапынан балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мықтап қолға алынуда. Бұл мақсатқа өңірімізде  246,5 млн. теңге (124,9 млн. теңге бюджеттен және 121,6 млн. теңге бюджеттен тыс қаражат) бөлініп отыр.


Биыл облысымыз бойынша түрлі лагерьлерде 1-10-сынып аралығындағы 77 мыңнан астам оқушы (90,6%) жазғы демалыспен қамтылмақшы. Балалардың жазғы демалысының сәнді де мәнді болуына атсалысатын 602 лагерьдің алды жұмысын бастады. Оның жартысынан астамы мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылған лагерь болса, 252-сі тамақтануы ұйымдастырылмаған алаңдар, қалғаны – стационарлық және  шатырлы лагерьлер.

Жазғы демалыспен жетім, атаанасының қамқорлығынсыз қалған,  даму мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы балаларды қамтуға да ерекше назар аударылмақшы. Мәселен, «Дарын» қосымша білім беру орталығы базасында даму мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Достық құшағында» атты жазғы демалыс шарасы ұйымдастырылады. Онда 80-ге жуық оқушыны қамту көзделіп отыр. Ал тамыз айында осы жерде қорғаншылық, қамқоршылық және патронаттық тәрбиедегі балалар үшін «Отбасылық лагерь» ауысымы басталады. Бұл шараларға психологтар  мен тиісті мамандар тартылып, кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Шілде айының басында «ҚПО б.в.» компаниясының ұйымдастыруымен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасынан шыққан 12-14 жас аралығындағы 40 оқушы Италиядағы Адриатикалық теңіз жағалауындағы жазғы лагерьде демалмақшы. Кәмелетке толмағандар инспекциясында, мектепішілік бақылауда есепте тұрған және қолайсыз отбасыларындағы оқушылардың да демалысы назардан тыс қалмақ емес. Мұндай жасөспірімдер «Самал» жазғы лагерінде әскери-патриоттық бағыттағы демалыс шараларымен қамтылады. Лагерь жұмысына тәжірибелі психологтар және тәрбиешілер, білім беру ұйымдарының әскери жетекшілері мен ауған соғысының ардагерлері белсенді түрде қатыспақшы.

– Облыс бойынша Жаңақала, Сырым, Теректіде тиісті ғимараттың болмауына орай аудандық ла-герьлер жоқ. Қалғандарында аудандық лагерьде ауыл балалары жылдағы дәстүрге сәйкес бюджет есебінен тегін демалады. Өңіріміздегі 12 лагерьде балалардың суға шомылуы қарастырылған. Яғни Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Тасқала аудандарының және қаладағы «Еуразия», «Самал» лагерьлеріндегі демалушылар ашық айдында суға түссе, Зеленов, Қазталов, Шыңғырлау аудандарында арнайы бассейндер бар, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Баян Нетәлиева.

Ауыл баласының жазғы демалысы сәнді де мәнді өтуіне аудандық туризм орталықтары да үлестерін қоспақшы. Бұл орталықтардың ұйытқы болуымен оқушылар облысымыздың, республикамыздың, көрші елдің аумағындағы мәдени және тарихи орындарына саяхаттамақ. Мысалы үшін, биыл Бөкей ордасындағы тарихи-мұражай кешеніне 800-ге жуық оқушы барады деп жоспарланса, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарына және Алматы, Астана қалаларына қарай 400-дей оқушы жолға шығады. Ал Жәнібек, Бөкей ордасы, Тасқала аудандарындағы балалар  көрші Ресейдің Волгоград, Саратов сынды қалаларын тамашаламақ.

Оралдық балғындар жазғы демалыста денсаулығын нығайтып, білімін толықтырып, жаңа әсер алуына облыс орталығындағы 17 аула клубы, 18 жазғы алаңқай да барлық мүмкіндікті жасайтын болады. Сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейтін бұл жерлерде балалар мен жасөспірімдер ұлттық, спорттық ойындар ойнап, ән салып, би билеп, шығармашылық жұмыстармен айналысады, патриоттық, мәдени бағыттағы шараларға да кеңінен тартылатын болады.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


«Өмірге де, өнерге де өкпем жоқ»

Күні: , 155 рет оқылды

IMG_2473


Кеше облыс әкімдігінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ҚР халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосынды қабылдады.


Ақ Жайық өңіріне шығармашылық кешін өткізуге келген Қажыбек Бекбосынов – Жетісудың тумасы. Мерейлі 70 жасқа толған өнер иесі  – қазақтың біртуар  әншісі, Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алған алғашқы шәкірттерінің бірі. Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Естай әндерін орындаушысы.

– Ең алдымен, сізге елге қош келдіңіз айтамыз. Қазақстанның қай түкпірі болса да, сізге ыстық. Дегенмен Ғарифолланың шәкірті болғандықтан, Батыс Қазақстанның орны сіз үшін ерекше деп ойлаймын. Сізді Мұхит бабамыз бен Ғарифолла атамыздың өнерін жалғастырушысы ретінде ел құрметтейді. Қаратөбенің өзі әншілерге бай өлке десек, сол топырақта туған Мұхит Мерәліұлына ел-жұрттың пейілі ерекше. Оның басына кесене тұрғызып, қаламыздан көше атауы берілді. Сіз үлкен тұлғалардан дәріс алып, көненің көзін көрген болсаңыз, бүгін өзіңіз де көптеген шәкірт тәрбиелеп келесіз. Сол шәкірттеріңіз ұстазынан озар еліміздің дарабоздарына айналуына шын жүректен тілектеспіз, – деді Арман Кәрімұлы.

– Жайық жұрты Мұхит пен Ғарифоллаға қатысты шаралардан мені қалдырған емес. Жетпіске келсем де, ән салып, сахнада жүруім қарапайым халықтың  арқасы деп білемін. Маған өнерді берген Алла болса, мен Мұхит пен Ғарекең, Әсет пен Естай сынды ұлы дарындардың әндерінің арқасында халыққа танылдым.

Ақ Жайықтың талай рет дәмін татып, суын іштім. Өнерім арқылы халқыма қадірлімін. Сондықтан өмірге де, өнерге де еш өкпем жоқ, – деп кездесу барысында Қажыбек Құдайбергенұлы облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін Арман Кәрімұлы өнер иесіне облыс әкімінің алғысхатын табыстап, гүлшоғын ұсынды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Білек сыбанған жасқа жұмыс бар

Күні: , 181 рет оқылды

IMG_7549


Сейсенбі күні «Қазақстан – Орал» телеарнасында Орталық коммуникациялар қызметі филиалының ұйымдастыруымен «Облысымыздағы жастар еңбек жасақтарының 2016 жылғы жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке қатысқан   облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Кенесары Нұршинов пен «Жасыл ел»  жастар еңбек жасақтарының облыс бойынша штаб жетекшісі Қанат Досмағамбетов қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Кенесары Бекболатұлының айтуынша, студенттік еңбек, құрылыс жасақтарының қызметін ұйымдастыру бойынша өткен жылы сегіз құрылыс нысанында 324 сарбаз жұмыс жасаған. Ал ағымдағы жылы 500-ден аса сарбазды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазір өңіріміздегі жұмыссыз жастар мен студент жастарды маусымдық демалыс кезеңінде еңбекпен қамту мақсатында облыс әкімдігімен жоспар-тапсырма бекітіліп, облыс орталығы мен аудандарда студент және жұмыссыз жастардан құралған еңбек жасақтары құрылды. Мәселен, қаламыздағы М. Өтемісов атындағы БҚМУ бойынша 62, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың екі студенті, Орал болашақ көпсалалы колледжінен сегіз, Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінен 18 қыз-жігіт, «Еуразия» индустриалдық-экономикалық колледжінен 13 студент, жұмыссыз жастардың 25-і,  ұзын-саны 130 жас жұмысқа кіріспек. Сондай-ақ биыл облыс аумағындағы құрылыс нысандары, жол құрылысы, күрделі жөндеу, су құбырларын тарту жұмыстары, соның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүргізетін мердігер мекемелер тізімі жасақталып, Орал қаласында алты нысан, аудандарда 23 нысанның мердігерлерімен келіссөздер жүргізілуде.

Бүгінде Бөрлі ауданының Приуралье ауылындағы жатақхана құрылысына үш адам, Пугачев ауылындағы су, газ құбырлары құрылысы мен электр желілерін тарту жұмыстарына бес адам жолданды. Басқа да мердігер мекемелерге жасақтар тізімі дайындалып, жұмыстың басталуы күтілуде. Одан бөлек жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында жұмыс іздеуші жастардың базасы бар. Ол базаға жеке қабылдауға келіп, жолыққан жұмыссыз жастар тіркеледі. Негізінен «Жұмыс жасаймын» деген жасқа жұмыс бар. Алайда жастардың көпшілігі қол жұмысына, аз жалақыға барғысы келмейді екен. Тіпті кейбірі жататын жері, тамағы, жұмыс уақыты, жұмыс орнына апарып, алып келуге байланысты талап қойып жатады. Сондықтан жастар жұмыс талғамай, төменгі сатыдан бастап, еңбек жолында көтерілсе, кейін үлкен сұранысқа ие болады, — дейді жастар ресурстық орталығының басшысы Кенесары Нұршинов. Мәселен, аталмыш орталық арқылы қарапайым жұмысшы болып орналасқан жас жігіт бүгінгі таңда қаламыздағы ірі өндіріс орындарының бірінде темір жонушы болып, қызмет атқарып жүр. Өзі түзету мекемесінен шыққан, мамандығы жоқ, жас жігіттің қолынан іс келетінін байқаған жұмыс беруші оны өз есебінен оқытып, қамқорлық танытқан. Қазір оның жалақысы жоғары. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының облыс бойынша штаб жетекшісі Қанат Досмағамбетовтің берген мәлімдемесі бойынша, өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағы қатарында 1600 сарбаз жұмыс атқарып, олардың еңбекақысын қамтамасыз етуге облыстық және қалалық бюджеттен 19 млн. теңге қаржы бөлінген. Биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтары қатарында 1200 сарбаз жұмыс жасамақ. Олардың еңбекақысын қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 20,9 млн. теңге бөлінді. Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары Орал қаласында, Ақжайық ауданындағы Тайпақ және Чапаев, Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы, Бөрлі ауданындағы Бөрлі, Зеленов ауданындағы Орал және Январцев, Теректі ауданындағы Ақжайық, Шыңғырлау ауданындағы Шыңғырлау орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерде абаттандыру, көгалдандыру және аумақтарды қоқыс-қалдықтан тазарту жұмыстарын жүргізді. «Жасыл ел» жобасын танымал ету мақсатында «Өрле, Қазақстан» жастар ақпараттық үгіт-насихат топтары арнайы кестеге сәйкес қаламыздағы және аудандардағы елді мекендердегі барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында кездесулер ұйымдастыруда.

Бұл жұмыстардың бәрі облыстың жас еріктілерінен құралған «Жасыл аймақ» жобасы аясында іске асырылады. Бүгінде «Жасыл аймақтың» қатарында қаламыздағы орта мектептердің жоғары сынып оқушыларынан құралған 50-ден астам жасөспірім бар. Сондай-ақ облыс аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға байланысты жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кездесу кештерін өткізетін «Жас эколог» қоғамдық бірлестігі облыс бойынша белсенді қызмет атқаруда. Қазір «Жасыл ел» бағдарламасы аясында қала бойынша бірінші кезеңде 128 жас жұмыс жасап жүр. Олардың жалақысы 40 мың теңгені құрайды. Осы бағдарлама бойынша ауыл-қалада барлығы 800 жас жұмысқа тартылмақ.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Айнагүл СӘБИЕВА,   «Жайық үні» газеті:

— Ресурстық орталығындағы жұмыс іздеуші жастардың арнайы базасы бар екенін айттыңыз. Қанша жастың жұмысқа орналасуына ықпал еттіңіздер?

Кенесары НҰРШИНОВ, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы: 

— Өткен жылы облыс бойынша  518 адам жұмысқа орналасты.  Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Клара ҚАМБЕТОВА, «Қазақстан – Орал» телеарнасы:

 — Студенттік еңбек жасақтарында жастар  үй құрылысы, газ өткізу, су құбырларын тарту секілді жұмыстарға тартылмақ екен. Осы орайда тәжірибесі жоқ жастарды жазатайым оқиғалардан сақтандыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізесіздер?

Кенесары НҰРШИНОВ, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы: 

— Қауіпсіздік шараларының алдын алу мақсатында біз жастарға жұмысқа барар алдында  осы тақырыпта семинарлар өткіземіз. Олар қауіпсіздік шарасымен танысқаны жөнінде арнайы құжатқа қол қояды. Бір қуанарлығы, осы күнге дейін студенттік еңбек жасақтарында  оқыс оқиға орын алған жоқ.


Алма Кәкішева: «Байырғы шаһардан беймарал тыныштық пен қазақи бейқамдықты байқадым»

Күні: , 139 рет оқылды

Alma


Осыдан біразырақ уақыт бұрын облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Мәдина Омарованың шығармалары негізінде «Жолаушы» фантазия-комедиясы мен «Жалт еткен бір сәуле…» атты лирикалық драмасының тұсаукесері өтті. Қос туындыны сахналаған – соңғы кездері театрда экспериментті жұмыстарға бет бұрып жүрген М. Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы-режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева. Ақ Жайық өлкесіндегі театр әртістеріне шеберлік сыныптарын өткізіп, тәжірибе алмасуға келген өнер майталманымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.


— Алма Жұмашқызы, қасиетті Жайықты жағалай қонған елге қош келдіңіз! Сапарыңыздың мақсаты не?

— Батыс өлкесіне осымен екінші рет табаным тиіп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын гастрольдік сапармен келгенмін. Бұл жолы әріптес әпкем, жерлестеріңіз Гүлнәр Жақыпованың қолқа салуымен осы жердегі театрдың ішкі тыныс-тіршілігімен танысып, әртістерімен байланыс орнату үшін келген жәйіміз бар. Бұрын еш жерде сахналанбаған, жас драматург Мәдина Омарованың екі туындысын арқалап келдік. Қазақстандағы болашағынан үлкен үміт күттірер жас драматургтердің біреуі деп бағалаймын.

— «Әкемтеатрдан» оралдық көрермендерге қандай жаңалық әкелдіңіздер? Бұл туындылар несімен ерекшеленбек?

— Әр қойылым өзінше бір жаңашылдығымен дүниеге келеді. Соңғы үлгідегі 3D форматты барынша қосуға тырыстық. Бір айға жуық дайындық жұмыстарын жүргізіп, театрдың техникалық жағынан қандай мүмкіндіктері бар, соның бәрін пайдаландық. Көрермендерімізді жалықтырып алмау үшін екі туындыны екі түрлі жанрда әкелдік. Біреуі лирикалық драма болса, екіншісі – фантазия-комедия.

Екеуінде де адам психологиясының өзгеруі мен өзіміз байқай бермейтін құбылыстарды көрсетеді. «Жолаушы» қойылымында құрдымға кетіп бара жатқан қазақи рухты қалай сақтап қалу керек деген сұрақты көп ойландым. Соңынан қарапайым сұрақтан терең философияны таптым.

Адам қайғыда да, қуанышта да бір жерде тұрып қалмауы үшін өмір бойы еңбек етіп, ізденуі керек. Ізденген сайын өзіңнің аз білетініңе көзің жете түседі. Кейде қарапайым дүниелердің шешуін таба алмай, жер боламыз. Абай атамыз айтқандай, адам баласын барлық нәрседен қорғайтын еңбек болса, біздер кейде жолымыздың болмағандығын, қолымыздан келмегенді бас салып біреуден көріп, өзімізді ақтап алу үшін өзгелерді кінәлап жатамыз. Адам бәрібір де өзінің шындығын іздеуі керек. Бұл өмірде кей адамзат баласы өзінің әлсіздігін де, өзінің пайдасыз өмір сүріп жүргенін де біле тұра, ішкі менмендігіне қарсы шыға алмай жатады. Сол менмендігімізді жеңе алмай, ашуға да, қырсықтыққа да жол беріп, адам өлтіруге итермелейді, қанағатсыз болғандықтан да, үнемі ашкөз келеді. Әр адамның ішінде әлсіз жеріңе жармасатын, ырқыңнан тыс билеп, бой бермейтін тылсым күш болады. Міне, сол белгісіз қара күшті қалай жеңуге болады? Ол рухты біз қайдан аламыз? Бұл – спектакльдің басты философиясы. Менің бұған айтар жауабымды, айтқым келген ойымды да көрермен сахнадан көріп үлгерді, бағасын бере жатар.

— Қойылым өміршең болуы үшін режиссерге не керек?

— Мен үшін қойылым 15-20 жыл жүруі міндетті емес. Ол өзінің бір уақыттағы жұмысын атқаруы керек. Бәлкім 3 жыл, 5 жыл, тіпті 7 жыл болуы да мүмкін. Спектакль үнемі әрекетте жүреді, бір қойылым өзінің міндетін жойғаннан кейін дүниеге басқасы келеді. Өзінің миссиясын орындағаннан кейін өміршең де болмауы мүмкін. Режиссер үшін әр қойылымнан кейін өзге кеңістіктер ашыла береді. Шығармашылықпен айналысқан адамда шектеу жоқ, бір жерге қатып қалуға болмайды.

Көрермен даладағы өмір мен сахнадағы өмірді шатастырмауы керек. Көркемдік дүниенің өзін шынайылыққа жеткізу – үлкен әрі қиын жұмыс. Режиссер өзінің ойын әртістерге береді, ал қойылымның өміршеңдігі сол әртістерге тікелей байланысты болмақ.

— Театрымыздағы жастардың талпынысы қалай, ерекшелігімен көзге түскені бар ма?

— Әрине, талантты жастары көп екен. Мен бұдан бұрын да бұл театрдан бірнеше спектакльді көргенмін. Осы театрдағы бірнеше қойылымның авторы Мұқанғали Томановтың есімін ерекше атап өтер едім. Талантты режиссері бар бұл театрдың болашағы өте зор. Жаңашылдықты жақсы көретін, жаңа қойылымдарды іздеп жүретін, шығармашылық әріптестікке көбірек көңіл бөлетін театр басшысы Қуаныш Амандықов та жас жігіт. Менің ұғымымда театрды осылай басқару керек сияқты. Әрине, бұл – менің жеке пікірім.

Осында келгелі театрдың жастар құрамымен жұмыс істедім. Жауапкершіліктері өте жоғары, білімге де, білуге де құмар екен. Театрда өсу бар, үлкен талпыныс байқалады. Мен соны көріп қуандым. Өнер – математика секілді шексіз дүние, қанаттары талмай өрлей берсін дегім келеді.

— Өзіңізге айтылған сынды қалай қабылдап келесіз?

— Сын айтылғанда сені толғандыратындай, білмегеніңді, олқы тұсыңды толтыратындай болуы керек. Ал ана жері ұнамайды, мына жері пәленше деп айта салу – ол сын емес, мен оны қабылдамаймын. Егер, шынында да, жеткізе алмай жатқан олқымды түзейтіндей кәсіби тұрғыда айтылатын шын сынды неге мойындамасқа?! Мен әулие емеспін ғой, сондықтан кейде қателесемін. Режиссерлер пьесаны ермек үшін сахналамайды. Жалпы, өнермен айналысқан адамның бәрінің өздеріне көңілдері тола бермейді. Бәрі керемет болуы мүмкін емес.

— Тура айтылған, шын айтылған сыннан сабақ алған кезіңіз болды ма?

— Мен бірнеше спектакль қойдым. Бірақ маған ешкім әзірге сын айта қойған жоқ, керісінше үндемей қалады. «Молчит мой зал, что мог я рассказал…» деп айтылатын Олжас Сүлейменовтің өлеңі сияқты, үнсіздік пайда болады. Сол үнсіздіктің неден туатынын мен түсінемін. Ертеректе философиядан берген ұстазым «Сенің кемшілігің де, ерекшелігің де тек саған ғана тән. Басқа ұлтта ондай жоқ», — деген еді. Сондықтан мен өз ұлтымның кемшілігін де, жақсылығын да бірдей қабылдаймын. Сол үшін жұмыс істеймін.

— Қазақ театрларының сахнасынан қай жанрдағы спектакльдерді жиірек көргіңіз келеді?

— Мен эксперименталды жұ-мыстарды жақсы көремін. Егер сіздің бойыңызда жасампаздық қасиетіңіз болмаса, экспериментке бара алмайсыз. Ол жай ғана жасай салатын дүние емес. Мен неореализмді (неореализм бағытындағы шығармаларға аз сөзбен көп мағына беру тән. Яғни шығармадағы негізгі  ой өз көрермендеріне әр түрлі тұспалдар, бір қарағанда көзге көрінбейтін, ұсақ әрекеттер арқылы жеткізіледі) жақсы көремін, өз туындыларымда эстетиканы жиірек қолданғым келеді. Кейде түсініксіздеу де болуы мүмкін. Адам тәрбиені үйден алса, театр сана мен талғамды тәрбиелейді. Менің ойым, спектакльдердің барлығы сананың талғамы үшін қойылуы керек.

— Жайық жұртына қандай тілегіңіз бар?

— Керемет әсердемін, Оралдың ауасы да, өзі де ұнады. Мен бұл қасиет тұнған мекеннен рухани еркіндік пен жан еркіндігін сезіндім. Байырғы шаһардан беймарал тыныштық пен қазақи бейқамдықты байқадым. Жайықтың жағасында тұрғандықтан ба, топырақтың иісі келеді. Бұлттанып тұрған күндерінің өзі маған әдемі көрінді.

«Батыс жақтың мінездері тік» деген қатып қалған пікірлерді жаңсақ дер едім. Керісінше пейілдері кең, мінездері жайсаң жұртты көрдім.

Қала тұрғындарының қонақжайлығы мен мәдени қарапайымдылығына куә болып, марқайып қалдым. Ел аман, жұрт тынышта қайтадан  қауышуға жазсын!

Сұхбаттасқан Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Пайызы төмен, пайдасы мол

Күні: , 159 рет оқылды

20160408_192712


Аманбай Оразбаев Жәнібек ауданының Ақоба ауылында туып-өсті. Ауылдағы орта мектепті бітіргесін Орал қаласындағы автомобиль жүргізушісі курсында оқыды. Екі жыл әскер қатарында болып, Отан алдындағы парызын өтеді. 1977 жылы әскерден келген соң ауылда 20 жылдан астам уақыт көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Кеңшар тарағаннан кейін, яғни 1999 жылы өз алдына «Елдар» атты шаруа қожалығын құрды. Үлесіне алған 10 бас ірі қара, 20 қой, екі жылқыны баптап күтумен, көбейтумен айналысты. Ол сондай-ақ үлесіне тиген шөп шабатын агрегатты ұқыпты, тиімді пайдаланып, жыл сайын мал азығының қорын жинап алып отырды. Шаруа қожалығына қарасты 290 гектар жері  бар. Онда мал қыстағы орналасқан. Малы мен жерінің өнімін кәдеге жаратып, бейнетінің зейнетін татқан Аманбай аға бұдан әрі кәсібін жандандыруға бар күш-жігерін салды. Жұбайы Рабиға екеуі тапқан қаржыларын есептей келе дүкен ашуды ойластырды. Сөйтіп, 2000 жылы ауылдың нақ ортасынан азық-түлік, киім-кешек сататын дүкен ашты. Бұл дүкен қазір ауыл тұрғындарын қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде.


Іскер азамат қарамағындағы мал басын көбейту мақсатында 2003 жылы «Орал» шағын несие ұйымынан 150 мың теңге несие алып, 12 бас ұрғашы баспақ саудалады. Он жылдан кейін, дәлірек айтқанда, 2013 жылы ірі қара табынын асылдандыру үшін «Әлем» шаруа қожалығынан бір бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, 30 бас аналық малға қосты. Былтыр тағы бір бұқа саудалап, сиырды 58 басқа жеткізді. Былтыр шаруа қожалығының жетекшісі «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалынан лизинг арқылы «МТЗ-82» тракторын кунымен бірге сатып алды. Саудалаған  техникасының 50%  демеуқаржысын алу үшін құжаттарын жинақтап, аталған несие орталығына тапсырды.

Бүгін Аманбай Оразбаевтың шаруа қожалығында 76 бас ірі қара, 18 бұзау, төрт  бас жылқы және бір құлын бар. Сонымен қатар жеке меншігіндегі «ГАЗ-53» машинасы мен жеңіл көліктерін шаруашылығындағы күнделікті жұмыстарға пайдаланады.

– Мемлекеттің халық игілігіне арналған пайдалы да берекелі бағдарламаларына алғысымды білдіремін. Бұл бағдарламаларды дер шағында пайдаланып қалу бағытында одан әрі жұмыстанамын. Пайызы төмен  несиелердің ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жандар үшін пайдасы  мол, – дейді  ол.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика