Мұрағат: 07.06.2016


Террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі кезіндегі өзін ұстау бойынша ұсынымдар

Күні: , 171 рет оқылды


5-6 маусымда Ақтөбе облысының аумағында орын алған оқиғаларға байланысты террористік сипаттағы қауіп-қатердің алдын алу мақсатында Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағында 40 тәулікке террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі белгіленді.


Террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі жария­ланған жағдайда ұста­ла­тын тәртіп бойынша ұсыныстар.

Қараусыз қалған сөмкелерге, қораптарға, түйіншектерге, қап­тарға, чемодандарға, әсіресе сым­дар мен техникалық құралдар шығып тұрса, сондай-ақ қоғам­дық жерлерде және көлікте кү­мәнді, күдікті адамдарға назар аударыңыздар.

Сақтау немесе тасымалдау үшін күмәнді  заттарды  алмаңыздар.

Айналадағыларға қараусыз қалған заттарға қол тигізудің қауіп­ті екендігін түсіндіріңіздер. Құқық қорғау органдарының құжат тексеру жұмыстарына түсіністікпен қарап, оларға көмекте­сіңіз­дер.

Ағымдағы жағдайды бақылап, жаңалықтарды тыңдаңыздар.

Дүрлігуге жол бермеңіздер.

Күмәнді заттарды тапқан жағ­дайда, дереу 112, 102 нөмірле­ріне  хабарласыңыздар.


Ел бойынша “сары” деңгей енгізілді, ал Ақтөбеде “қызыл”

Күні: , 170 рет оқылды


«Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін бүкіл еліміз бойынша террорлық қауіп-қатердің «сары» деңгейі енгізілді» деп хабарлайды Kazpravda.kz терроризммен күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың мәліметіне сілтеме жасай отырып.


Таратылған мәліметке қарағанда, «сары» деңгей барша облыс пен рес­публикалық маңызы бар қалаларда 40 күнге дейін сақталмақ. «Сол себепті мемлекеттік құрылымдар жүргізіп жатқан шараларға түсіністікпен қарау сұралады. Иесіз сөм­келерге, заттарға, сымдар шығып тұрған техникалық қондырғыларға, сондай-ақ күдікті адам­дарға қырағылық танытқан жөн. Кү­дікті көрінген заттарға жоламаған дұ­рыс. Құқық қорғау құрылымдары­ның құжат тексеру сықылды іс-әрекет­теріне түсіністікпен қарап, қажет жағ­дайда оларға қолдау көрсетіп, көмектесу керек. Алыпқашпа сөзге ермей, мемқұ­рылымдар таратқан ақпараттарға ден қою керек» делінген терроризмге қарсы штабтың құжатында.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев­тың сөзіне қарағанда, Ақтөбе қаласы мен облыс аумағындағы жағдай қалып­ты.


Қазақстанның азаматтық қоғамы Ақтөбеде орын алған экcтремизмнің байқалуын айыптады

Күні: , 649 рет оқылды

20160606215615


АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның азаматтық қоғамы 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбедегі болған экcтремизм оқиғасын сынға алды. Саяси партиялары, Қазақстан халқы ассамблеясы, ҮЕҰ-лар барлық мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында жасалған терактіні арсыз қылмысқа теңеді және қаза тапқандардың жанұялары мен туысқандарына көңіл айтты.


«Шабуыл кезінде еліміздің жазықсыз азаматтары мен құқыққорғау органдарының қызметкерлері қаза тапты, зардап шеккендері де бар.  Бұл – мұсылмандардың қасиетті Рамазан айындағы жасалған арсыз қылмыс. Кінәлілер қатаң жазаланатынына сенімдіміз», делінген Қазақстан коммунистік халық партиясы (ҚКХП) мәлімдемесінде.

Ақтөбеде болған оқиға біз қоғам болып осы зауалдың таралуына қарсы тұруымыз керектігін  көрсетті.

Біз еліміздегі тұрақтылықты барынша бағалай білуіміз керек, күш қоса отырып ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауымыз қажет», деп мәлім етті ҚКХП.

«Бірлік» саяси партиясы өткен жексенбіде Ақтөбе қаласындағы теріс ағымдағы дін ұстанушылар жасаған террактіні қатаң айыптады, қоғамымыздағы тұрақтылық пен бейбіт өмірді ары қарай нығайтуға шақырды.

«Экстремистердің бұндай әрекеттеріне қатаң жауап беру қажет, діни экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністерінің алдын алу керек деп есептейміз. Бұл зұлымдыққа қарсы күресте ынтымақтастық қажет.  Біз еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтап қалу үшін барлық күш-жігерімізді салуға дайын екенімізді бүкіл әлемге көрсетуіміз керек», делінген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мәлімдемесінде.

Қазақстанның азаматтық альянсы 5 маусымдағы Ақтөбеде экстремизмді сынға ала отырып: «Бұл оқиға – қазақстандық қоғамда тұрақтылықты нығайтудың маңыздылығын көрсетті.

Өйткені жалған діни ұрандарды жамылған жасырынған экстремизм мен терроризм біздің елдің ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі қауіпсіздікке қатер төндіреді»,  деді.

Қазақстанның азаматтық альянсы барлық қазақстандықтарды еліміздегі тұрақтылықты жоғары бағалап, бірлесіп ортақ шаңырақтағы бейбітшілік пен тыныштықты  қорғауға  шақырды.

Қазақстан халқы ассамблеясы 5 маусым күні Ақтөбе қаласында болған экстремистік әрекеттерді қатаң айыптады.

«Әлемдегі барша мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталар тұста орын алған жантүршігерлік оқиға біздің баршамызға, Қазақстан халқына сын-қатер. Мұндай әрекеттер қай жерде, қашан болмасын адамдардың арасында қорқыныш пен сенімсіздік тудырып, үрей жасау, елдің бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтіру үшін жасалады. Қазақстан халқы біртұтас ел, өз Отанының патриоттары ретінде осынау тағылық оқиғаны бірауыздан қатаң айыптайды. Жағдайды тұрақсыздандыру, еліміздегі татулық пен келісімді шайқалту мақсатындағы кез келген қадамға біз бірлік, қоғамдық келісім және азаматтық патриотизм қағидаларына адалдығымызбен қарсы тұрамыз», делінген мәлімдемеде.

Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі тұрақтылықты шайқалту жолындағы кез келген әрекетті үзілді-кесілді айыптайды және барша халқымызды қауіпсіз, өркендеген және тұрақты Қазақстанды нығайтып, дамыту жолындағы Елбасының сындарлы саясатының айналасына ұйыса түсуге үндеді.

«Біздің әрқайсымыз қазір қырағылық пен сабырлылық көрсетуге, асқақ азаматтық парыз сезімін танытуға, тұрақтылығымызды қорғауға тиіспіз. Біздің біртұтас халық, өз еліміздің азаматтары және патриоттары екенімізді барша жұртшылық білетін болсын!», – деп атап өткен Қазақстан халқы ассамблеясы.


12 қылмыскердің көзі жойылып, алтауы жараланды, 6-7 кісі іздестірілуде

Күні: , 244 рет оқылды

photo_19703


АСТАНА. ҚазАқпарат — Ақтөбеде қарулы қарақшылардың қолынан қаза тапқан әскери қызметшілер қарусыз болған. Бұл туралы кеше Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.


Отырысты ашқан ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов ең алдымен барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады. «Өкінішке орай, осы қасиетті айда Ақтөбе қаласында қанды оқиға орын алды. Бірнеше адам қаза тапты. Жарақат алғандар да бар. Бұл – өте өкінішті жағдай», — деген К. Мәсімов орын алған жайтқа байланысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа сөз берді.

Оның айтуынша, 5 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 14.28-де теріс ағымдағы дін ұстанушылар қару-жарақ иемдену мақсатымен «Паллада» дүкеніне шабуыл жасаған. Дабыл түймесін басып үлгерген дүкен сатушысын қылмыскерлер пышақтап өлтірген. Оқиға орнына ең бірінші болып «Жедел күзет» ЖШС жеке күзет ұйымының 2 қызметкері жетіп, оның бірі бірден оққа ұшып мерт болса, екіншісі жарақаттанған. Осыдан кейін полиция қызметкерлері де келіп, қылмыскерлер оларға қарулы қарсылық танытқан. Атыс барысында 3 полиция қызметкері жараланып, ал қылмыскерлер патрульдік машинамен бой тасалаған. Олар дүкеннен 17 мылтық, 3 газ тапаншасын, оқтар мен пышақтар алып кеткен. Ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің саны нақтылануда, дүкенде түгендеу жүргізілуде.

«Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қарулы қылмыскерлер екі топқа бөлінген. 6 қылмыскерден жасақталған бірінші топ «Пантера» қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, онда бір адамды пышақтап өлтірсе, екіншісін жарақаттаған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері 3 қылмыскерді атып өлтірсе, біреуі жарақаттанған. Ал екеуі бой тасалап үлгерген. Дегенмен олар сәл кейінірек қала сыртынан табылып, көздері жойылды. Екінші топ автобусты басып алып, ондағы жолаушыларды түсіріп жіберген. Осыдан кейін Ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімі аумағына кіреберіс қақпаны автобуспен бұзып кірген және әскери қызметшілермен, оқиға орнына жеткен полициямен атысқан. Қарулы қарсылыққа тап болған қылмыскерлердің бір тобы тосқауылға түсіп қалса, екінші тобы қашып кеткен. Атыс барысында 1 қылмыскер өліп, тағы бірі жарақаттанған. Ал Ұлттық гвардияның 3 әскери қызметшісі қаза тауып, 6-ауы жараланған. Олардың барлығы да қарусыз болған, ішкі режімге сәйкес қызметтерін атқарып жүрген», — деді министр.

Қ. Қасымов қазіргі уақытта Ақтөбе облысында лаңкестікке қарсы операция режімі енгізілгенін, еліміздің ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы күшейтілген қызметке көшірілгенін атап өтті.

«Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қаза тапқан және жарақаттанған Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері мен полиция қызметкерлеріне материалдық көмек көрсету шараларын қабылдауда», — деді ол.

*      *      *

Кеше Ақтөбеде теракт жасаған қылмыскерлердiң 12-сiнiң көзi жойылып, алтауы жараланған. Қазiр полицейлер қалған 6-7 адамды iздеп жатыр. Бұл туралы кеше Үкiмет отырысынан кейiн ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов журналистерге мәлiм еттi деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

Министрдiң айтуынша, бiрiншi қару дүкенiндегi бейнекамера арқылы 26 қылмыскер анықталған.

«Қазiр бiз барлығының аты-жөнiн бiлемiз. Түнде бiз жұмыс жасадық. Қазiргi уақытта 12 қылмыскердiң көзi жойылды, алтауы жараланды. Ендi қалған 6-7 адамды iздестірудеміз. Олардың қолында 5 қару қалды», — деп хабарлады министр.

Жалпы, жедел-iздестiру шаралары барысында 11 қару тәркiленген.


Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Күні: , 197 рет оқылды

масимов


«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бұл жөнінде Үкіметтің отырысында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді» деп хабарлайды Kazpravda.kz тілшісі. Министрлер кабинетінің бұл жиыны таяуда Ақтөбеде белгісіз біреулер қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімге шабуыл жасауына орай өткен болатын. Үкіметтің осы отырысында Премьер-министр Кәрім Мәсімов министрлерге бірқатар тапсырмалар берді.


«Мемлекет басшысы бұл мәселені бақылауда ұстап отыр. Күштік құрылымдарға барлық операцияны соңына дейін жеткізу керек. Әкімдіктер мен барлық мемқұрылымдар қажетті шараның бәрін алуы тиіс» деді Үкімет басшысы. «Ал орын алған оқиғаға қатысты тиісті ұйғарымдар кейін шығарылады» деді Кәрім Мәсімов.

«Біздің «шаруашылығымызда» олқылықтар бар болып шықты. Сол себепті біз кешенді шаралар қабылдауға тиіспіз. Бұл мәселені Мемлекет басшысының тапсырмасымен мен өзім қадағалайтын боламын» деді ол.

Үкіметтің осы отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов сөйлеп, ІІМ  жергілікті атқарушы билікпен тізе қосып, қаза тапқандардың отбасына, жараланған Ұлттық ұлан мен полиция қызметкерлеріне көмек көрсету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізілуде екендігін айтты. «Тергеп-тексеру жұмыстарының және бой тасалаған қылмыскерлерді іздестіру барысын жүйелі түрде баяндап отырамын» деп мәлімдеді Қасымов.

Kazpravda.kz


Ақнұр үмітті ақтады!

Күні: , 246 рет оқылды

IMG_2432


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов таяуда ғана тәмамдалған Ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 балл жинап, өңіріміздің мерейін асқақтатқан Қаратөбе гимназиясының түлегі Ақнұр Беркінованы қабылдады.


Біздің өңір жұртшылығының бүгінгі мақтанышына айналған Ақнұрды, оның ата-анасы мен ұстаздарын жеткен биік жетістіктерімен құттықтаймын! Ақнұр бұдан бұрын да бірнеше олимпиаданың жеңімпазы атанып, бізді қуантқан болатын. Еліміз бойынша 16 түлек ең жоғары балға қол жеткізді. Ауылдық жерден білім алған сенің де солардың қатарынан табылғаныңа өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта да осы бағытыңнан таймай, биік белестерді бағындырып, еліміздің гүлденіп өркендеуіне өз үлесіңді қосады деп сенемін, – деді облыс басшысы Алтай  Көлгінов.

Өңір басшысына өз алғысын айтқан «Алтын белгі» иегері күні бұрын қобалжығанымен, емтиханның қиын болмағанын да айтып, болашақтағы  жоспарымен  бөлісті.

Облыс әкімі Ақнұр Беркіноваға соңғы үлгідегі ұялы телефон, ал ата-анасына арнайы алғысхатпен бірге «Ақжайық» шипажайына жолдама табыс етті.


Айтқызбасыңды айтқызып, жазғызбасыңды жазғызады…

Күні: , 711 рет оқылды

20160606_145454


«Орал өңірі» газетінің биылғы жылғы 16 сәуір күнгі №43 санында «Мас апайларды қараймын деп қатып қалдым…» бұл не, жала ма, әлде шындық па?» атты мақала жарияланды. Онда баяндалған жайтты оқырмандарымыздың есіне сала кетейік. Газет редакциясына Ақжайық ауданы Қабыршақты ауылының зейнеткер ұстаздары Гүлбану Гауһарова мен Дариға Сұлтанғалиева аяқтай арыздана келген еді.


Редакцияға тапсырған арыздары мен ауызша баяндағандарына қарағанда (кейін арызды тексере барып жолыққан, кездескен адамдардың айтқандарына сүйенгенде), Бітік орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Диляра Оразбаева мен Ақжайық аудандық білім бөлімінің методисі әрі осы мектепте қосымша сабақ беретін Анар Баймұханова беріден қозғасақ, педагогтың ар-намысы мен әдебіне, әріден алсақ, мектептің атағы мен оның ұстаздарының абыройына ұят келтірген. Ардагер ұстаздардың сөзінше, бұл қос мұғалима 2015 жылдың 26 желтоқсанында мектептен араққа сылқия тойып шығып, білім ошағының алдында, оның ауласындағы дәретханада құсқан, құлап-сұлап жүрген. Лас сөздер айтып, ұрысқан. Алысып-жұлысқан. Мұны жаңажылдық шыршаға мектепке, әзірлікке, сағат 15.00-ге шақырылған 7-10-11-сынып оқушылары көреді. Әсіресе, төменгі сыныптың оқушылары олардың айтуларынша, қос мұғалімнің құлап-сұлағанын, құсқанын, айқайласып ұрысқанын, тіпті төбелескендерін біразға дейін қызық көріп, соңдарынан еріп жүреді. Осы көргендерін кеште оқушылар үйлеріне, ата-аналарына айтып барады. Кейбіреулері (олардың аты-жөндері редакцияда бар) күндіз көргендерін ұялы телефондарына түсіріп алған дейді. Бірақ оларын үлкендер жағы «Ұстаздарың ғой, ұят болар, ешкім көрмесін», — деп кетірткізіп тастайды. Бірақ бұл оқиға ауыл арасына тез тарайды. Екі адамның басы қосылса айтылатын немесе қонақтықта қызу талқыланатын әңгіменің «басты тақырыбына» айналады. Мұны естіген жоғарыдағы ардагер ұстаздар мектепке (олардың да немерелері осында оқиды) 28 желтоқсан күні хабарласып, «Бұл не сұмдық?..» демей ме… Мектептің ағылшын тілі пәнінен беретін мұғалімі әрі бүгінде мектеп директорының міндетін атқарушы Асыл Қамашева мектептің сол кездегі директоры Тұяқовқа барып, естіп-білгенін мәлімдейді. Бірақ директор «Жазбаша арыз түспегесін, анықтай алмаймыз» деп ардагер ұстаздардың шағымдары сол күйі қалады. Осы жерде газеттің өткен мақаласында жазылғанындай, айта кетуге тиістіміз, ардагер ұстаздардың дабылынан кейін «Бұл не қылған әңгіме?» деген бағытта мектепішілік індете тексеру, жан-жақты байыбына бару, анық-қанығын білу, «Мұны кімдер көрді?» деп мұғалімдердің арасында қызметтік тексеру секілді шаралар алынбайды. Гулеген әңгіменің екпінімен енді ардагер ұстаздар Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары М. Жұматоваға шағымданады. Орынбасардың пәрменімен аудандық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Б. Абдулова, аудандық білім беру бөлімі қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы М. Үмбетәлиев және кадрлар бөлімінің бастығы А. Қадисова мектепке келіп тексереді. Арызданушылардың айтуына қарағанда, олар төртбес адамнан түсініктеме алумен шектелген. Олардың арыз иелеріне бір ай шамасында хабарлауынша, Баймұханова мен Оразбаева арақ ішкендерін мойындамаған. Арыз енді аудандық прокуратураға жолданып, оның арнайы араласуымен қаралады. Оның қорытындысымен Ақжайық ауданының прокуроры Н. Сәбитов 2016 жылы 15 ақпанда ардагер ұстаздарға: «Баймұханова мен Оразбаеваның мектепте алкагольдік ішімдік ішіп, масаң күйде қоғамдық орындарда балағат сөздер айтып жүргендері және ортақ пайдалану орнын ластағандары өз дәлелін тапқаны анықталды. Сондықтан ортақ пайдалану орындарын ластау бойынша, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу әрекеттерін жасаған А. Баймұханова мен Д. Оразбаеваны ҚР ӘҚБтК-ның 434-бабының 1-бөлігімен және 440-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін аудандық ішкі істер бөліміне және ҚР «Білім туралы» заңының талаптарын өрескел бұзуларына орай аудан әкімдігіне заңбұзушылықты жою туралы ұсыныстар жолданды» деп ресми жауап жібереді. Прокуратураның ұсыныс хаты негізінде аудандық ІІБ-ның полиция капитаны Каримов 2016 жылдың 5 ақпанында Оразбаева мен Баймұхановаға 440-баптың 1-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырып, араға бір апта салып, әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарады. Бұл құжаттарға Оразбаева да, Баймұханова да қол қоюдан бас тартады. Капитан Каримовтың қол астында сол күйінде мызғымай жатқан бұл хаттамалар мен қаулыларды ардагер ұстаздар оның қыр соңынан қалмай жүріп, көшірмесін зорға дегенде алды, ол біздің қолымызда.

20160606_144239Осынау тексерулер мен тергеулердің дүмпуінен шығар, Бітік орта мектебінің директоры Тұяқов директорлығынан, Мұханғалиева кәсіподақ төрайымдығынан, аудандық білім беру бөлімінің методисі Баймұханова қосымша істеп жүрген мұғалімдігінен өз өтініштерімен босайды. Сондай-ақ жағымсыз әңгіменің салқыны Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің басшысы бар, қосшысы бар, яғни М. Зиналиевке қызметіне сәйкес келмейді деп тисе, Б. Абдулова, А. Қадисова, М. Үмбетәлиев бір-бір ескертуден «арқалайды». Мұндай ескертулер Баймұханова мен Оразбаеваға және Мұханғалиеваға да «бұйырады». Алайда іс мұнымен бітпейді. Аудан прокурорының ұсынысы бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің Баймұханова мен Оразбаеваға қатысты қозғаған әкімшілік құқықбұзушылық туралы ісі Ақжайық аудандық сотында қаралады. Бірақ ол әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігімен, яғни ұсақ бұзақылыққа қатысты қаралған. Алайда ардагер ұстаздардың айтулары мен газет редакциясына түсірген арыздарына қарағанда ол сот барысында Оразбаева мен Баймұханованы мас күйлерінде көрдік деген куәгерлердің уәждері есепке алынбаған. Әсіресе, «Апайларды мас күйінде көрдік» деген мектеп оқушылары куәлікке мүлдем тартылмайды (Оқушылардың прокуратураға берген жазбаша түсініктемелері, олардың мұғалімдері мен психологтарын қатыстыра отырып көргендерін баяндаған бейнекөріністері редакцияда бар).  Сөйтіп, ұсақ бұзақылық жасады және қоғамдық орында мас жүрді деген Оразбаева мен Баймұхановаға қатысты айыптаулар дәлелденбейді. Апелляциялық сот та Ақжайық аудандық сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырады. Енді екі сотта да мерейі үстем болған Оразбаева мен Баймұханова бұл күндері зейнеткер ұстаз Гауһаровадан шындыққа жанаспайтын, жалған мағлұматтарды қоғамға таратып, ар-намыстарына, қадір-қасиеттеріне, денсаулықтарына зор моральдық зиян келтіргені үшін 500 мың теңге өндіруді, ал олардың ойынша жалған мәліметтерді жариялаған «Орал өңірі» газетінен Баймұханова мен Оразбаеваға қатысты бұрын жарияланған мақаланы теріске шығару жөнінде Ақжайық аудандық сотына талап арыз түсіріп, қазір сот процесі жүріп жатыр.

Әңгімеміздің басына қайта оралсақ, аудан прокурорының пәрменімен 434-баптың 1-тармағына қоса аудандық ішкі істер бөліміне Оразбаева мен Баймұханованы ҚР ӘҚБтК-ның 440-бабы, 1-тармағымен де әкімшілік жазаға тарту туралы да ұсыныс жолданған еді ғой. «Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келуіне» байланысты әкімшілік жазаға тартуды көздейтін бұл бап бойынша капитан Каримов екі мұғалімге қатысты хаттама мен қаулыны толтырғанын, оған тәртіп бұзды деген қос мұғалімнің қол қоюдан бас тартқанын жоғарыда айттық. Алайда ол қаулы мен хаттама сот арқылы жоққа шығарылмаса, сол күйінде күшіне енетіні заңда көрсетілген. Бұл құжаттардың капитан Каримовтың қалтасында сол толтырулы күйінде, осы күнге дейін, яғни төрт ай бойы неліктен «сүрленіп» жатқандығының себебін Ақжайық аудандық ІІБ-ның  басшысы, подполковник Серіков бізге хабарлайды деп сенеміз!?

Енді «Айтқызбасыңды айтқызып, жазғызбасыңды жаздырады…» дегенге келейік. «Мас апайларды қараймын деп қатып қалдым…» бұл не, жала ма, әлде шындық па?» деген мақаламызды жазу барысында бізбен кездескен кейбір адамдардың сөздері мен газетке берген түсініктемелерін сипай қамшылап, жалпылай келтірдік. Тіпті кейбіреулерінің аты-жөндерін, түсініктемелерін тәптіштеп көрсетуді де аса бір жөн деп таппадық. Ондағы ойымыз алақандай ауылдағы ағайынның арасына алакөздік тумасын деген ой еді. Өйткені олар бірін-бірі жақсы біледі, баяғыдан араласып, тонның ішкі бауындай болып келе жатыр. Тіпті бір шаңырақтың астынан өріп, Құдай қосқан көрші болып отырғандары да бар. Солардың арасына от түспесін дедік. Ел іші болғасын «әрі отыр, бері отырдың» төңірегіндегі әңгімелер болмай тұрмайды, алайда ол «…жібек орамал кепкенше» дегендей, арада күндер аунағанда сол ауылдың ішінде ұмытылады, қалады. Ал газеттің жөні бөлек. Әсіресе, осынау даудың ортасында қалған мектеп оқушыларын, бір шаңырақтың астында отырған көршілердің атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық деп едік. Бірақ айтпайыншы дегеніңді айттырса, жазбаймын дегеніңді жаздыртса, амал қанша?.. Газет редакциясына түскен арызды тексеру барысында Оразбаева мен Баймұханованың анау 26 желтоқсанға дейін де «Арақ ішті, тәртіп бұзды, сөгіс алды» деп куә болғандардың да болғанын аталмыш мақаланы жазу барысында айтқан едік. Сондағы куәгерлер ақи-тақи не деп еді? Енді солардың, онда да бірқатарын (бәрін қалдырмай берсек, газетіміздің көлемі көтермейді ғой) мысалға келтірмеске амалымыз жоқ! Түсініктемелерді қалай жазылса, сол күйінде жариялауға мәжбүрміз. «Түсініктеме. Мен, Досқалиева Баянсұлу, кіші қызметкер болып істеймін. Осы жылы (2011 жылы) 3-этажда еден жуушы кезегін атқардық. Менің қарауымда химия кабинетін жуу болды. Наурыз айының 1-і күні жууға барғанда, лаборатория кабинетінде бір баклажка тұрды. Ішіне кіші дәрет құйып қойған. Сосын мен мектептің медбикесі Нагибованы ертіп келіп көрсеттім. Бұны істеген мұғалім қыздар, ішінде Уразбаева мен Баймуханова бар. Тексере келгенде бұлар арақты ішіп сыртқа шығуға халдері келмей кіші дәретке ішке отырған екен. Осы тәртіпсіздіктері үшін сөгіс алды. Қолы».

«Мен, Нагибова Ұлжан, осы мектепте медбике болып істеймін. Мен қонақтықта отырғанда, әйелдер мұғалімдер жайлы көптеген сөздер айтты, мен бұл күні болған жоқ едім, білмеймін деп отыра бердім. Қонақтықтан шыққасын көп ойланып «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп ойланып, Мұхсинаны (Мұханғалиева, мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы. Ред.) кабинетіме шақырып алып сұрадым: «Сен субботада (26 желтоқсан, 2015 ж. Ред.) қайда болдың? Мен мұғалімдер туралы жаман сөздер естіп жатырмын. Сен осы мектепте болды дейді ғой» деп едім. «Мен көрген жоқпын, бірақ алдымнан тазалықшы, вахтер болып істейтін Толқын мен Самал шығып, бәрін айтып берді» деді. «Сыртқа шықсам, — деді, — аурухана әжетханасының қасында тұр екен» деді. Мен бұл екі мұғалімнің көптеген жат қылықтарын бұрыннан байқап жүр едім. Ешқандай да беттері шімірікпейді. Қолы».

Мектепте Оразбаева мен Баймұханованы мас күйлерінде ең бірінші көрген, өзінің куә болуынша, Ақтолқын Нысанова. Ол 26 желтоқсан күні вахтада кезекші болған. Түсініктемесінде былай депті: «2015 жылдың 26 желтоқсан күні сағат 14.30-да мұрағаттан (мектеп ішіндегі. Ред.) Уразбаева мен Баймұханова мас күйлерінде шықты. Маған білдірткілері келмей, бас киімдерін бүркемелеп шықты. Екеуі аурухананың (мектеппен бір аулада. Ред.) әжетханасына кіріп кетті» деп жазған Нысанова одан әрі мас мұғалімдерді 7-сынып оқушылары қарап, күліп тұрғандарын, мектептің кіші қызметкерлерінің бәрі көргендерін, олар мұны мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы Мұхсина Мұханғалиеваға сол бойда ескерткендерін қағазға түсіріпті. Мұны өз түсініктемесінде кіші қызметкер Самал Харесова да растайды. Тағы бір түсініктемеде осы мектепте ұлы мен қызы қатар оқитын Айгүл Жақсылықова былай деп жазады: «7-сыныпта оқитын ұлым Насибуллин Арсен мен 10-сыныпта оқитын қызым Насибуллина Мәликаның көріп, айтып келгендерін растаймын. Ұлым Арсен «Біздің апайлардың төбелесіп, құлап жатқандарын көрдім, біздің 7-сыныптың барлығы көрді» деп айтып келді. Сәл уақыттан кейін 10-сыныптағы қызым Мәлика келіп, сол оқиғаны көргенін айтып берді. Мен ата-ана ретінде бұндай тәртіпсіздік болғанын бұрын да естіп едім. Бірақ оған көп мән бермедім, мынау тағы қайталанып тұр. Бұл мұғалімдердің тәртібін қарап, шешім қабылдауыңызды сұраймын. Мен ата-ана ретінде ұлым мен қызымның айтқандарын растаймын. Қолы». Мұндай сорақылықты «көрдік» деген түсініктеме редакция қоржынында біреу емес, екеу емес, көп… Оқырман жалығып кетпесе, тағы бір-екеуін келтірейік. «Мен, Бітік орта жалпы білім беретін мектеп балабақшасының 10-сынып оқушысы Жеңісова Әсем, 26 желтоқсан күні сіңлім, 7-сынып оқушысы Ерғалиева Ділназ екеуміз түстен кейінгі уақытта сағат 15.15 кеткенде мектепке Жаңа жылға әзірленуге келе жатып, әжетханаға кірдік. Сол уақытта Диляра апайдың Анар апайды ұстап тұрғанын көрдік. Анар апай жылап тұрды. Мектептің ауласының жанында Анар апай шалқасынан құлады. 6-сыныптың және 7-сыныптың ұлдары Шәріп, Бекзат, Әрсен, Еркебұлан, Алихан, Арман апайлар мас деп арттарынан қарап жүрді. Кішкентай сынып қоңырауға шыққанда бастауыш сыныптың оқушылары көрді. Басында біз сенген жоқпыз, бірақ апайлардың жүрісінен, құлағанынан, оқушылар мас деген соң біздер де қарадық. Шынымен, апайлардың жүрісі кәдімгі мас кісілердікіндей және әжетхана жағында ұзақ жүрді. Сөйтіп, Анар апай мен Диляра апайдың мектеп ауласында мас күйінде жүргенінің куәсі болдым. 15.01.16. Қолы». Жеңіс Назерке деген оқушы: «Мен Анар апай мен Диляра апайдың әжетханадан шығып төбелескенін көрдім. Анар апайдың капишоны жыртық, шаштары жалбырап кеткен. Анар апай балшыққа құлады. Сосын Анар апай мен Диляра апай бәлінес (мектептің ауласында ауылдың амбулаториясы орналасқан. Ред.) жаққа кетіп қалды».

Куәгерлердің әрі қарай айтуы бойынша Баймұханова мен Оразбаева мектептің төңірегі мен дәретхананың жанында біраз жүріп, оның іргесіндегі амбулаторияға барады. Мұны сырқаттанған күйеуінің соңынан келген ауыл тұрғыны Гүлмаржан Рысқалиева: «Күйеуіміз екеуміз амбулаториядан шығайын деп жиналып жатқанымызда, ана екеуі бірін-бірі сүйемелдеп, салдыр-күлдір кіріп келді. Амбулаторияның іші арақ сасып жүре берді. Екеуі мас, приемныйдың қасындағы орындыққа отыра кетті…» дегенін өткенде де жаздық қой. Одан әрі қос мұғалімнің осындай жағдайда  жүргенін әріптестерінен естіген дәрігер Сәуле Байгелдинова үйіне айтып келген. Осы амбулаторияда оператор болып істейтін Абзал Молғалиев бір түсініктемесінде мұғалима апайлардың сол күні қандай киім кигендерін тәптіштеп жазып, олардың дәретхананы бүлдіріп құсып кеткеніне дейін баяндайды. Қос апай амбулаторияға Ержан деген жас жігітті іздеп барған сыңайлы, бірақ ол күні кездесу бұйырмаған. Өйткені Абзалдың жазуы бойынша «Дәрігер Ержан менің қасымда 1 сағаттай отырды» дейді. Тығылып отырған сыңайлы.

Алдыңғы мақаламызды жазу барысында Сандуғаш Киселева бізге берген түсініктемесінде жолдасы екеуі Оразбаева мен Баймұханованы 26 желтоқсан күні сап-сау көргендерін айтқан еді.

Бірақ оның бұл сөзін екі пәтерлі үйдің бір жағында көрші тұратын 11-сынып оқушысының түсініктемесі жоққа шығарғандықтан, газетке жариялауды жөн көрмегенбіз. Көршілердің арасына сызат түсіп жүрер деп тартындық. Ол жолы мақаламызда көрсетпеген түсініктемеде қос мұғалима апайдың Киселёваның үйінде ұйықтап жатқаны жазылған-тұғын. Түсініктеме жазып отырған оқушыға оның анасы, яғни Киселеваның көршісі Талшын көріп, кеште айтып келеді.

Зейнеткер ұстаздар «Мектептегі білім сапасы соңғы бір-екі жылда мүлдем құлдырап кетті.

Аудандық тестілеуден оқушылар физика, математикадан әлі күнге дейін «2» алып келуде. Білім беру бөлімінен сәуір айының ішінде 4-сыныпты математикадан тексергенде 16 оқушының 8-і «3», ал қалған 8-і «2» алған. Қазір мектебіміз аудандағы 26 мектептің ішінде ең соңғы орындардың бірінде келеді».

Мақала газетте жарияланғаннан кейін біздің қолымызға тағы да бір құжат түсті. Ол Бітік орта мектебінің 9-сынып оқушыларының өткен сәуір айының 7-сінде ОЖСБ-ны қалай тапсырғандығын әшкерелейтін факті. Ардагер ұстаздардың айтуынша, ішінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі сол кездегі орынбасары Оразбаева бар және бір топ мұғалім 9-сынып оқушылары «Уатсап» әлеуметтік желісінде «ОЖСБ» деген топ құрады. Сол арқылы Оразбаева пән мұғалімдерін жауып, оқушыларға келген тест сұрақтарына СМС-пен жауап жолдауды ұйымдастырады. Бір таңғаларлығы – осынау өрескел көзбояушылықты облыстан, ауданнан келген комиссия қалай байқамаған?..Әлде байқаса да, байқамаған сыңай танытты ма? «Сонда Оразбаева бастаған мұғалімдер кімді алдағаны, мұндай біліммен шәкірттер қай ұшпаққа шығады? Мектептің завучі педагогтік этиканы өрескел бұзып, онысына пысқырып та қарамай, дауласып, соттасып жүргенде мұндай мектепте берекелі білім бола ма?» дейді зейнеткерлер. Бітік мектебіндегі жоғарыдағы орын алды деген жағдайларға байланысты ашынып, балаларының болашақ тағдырына алаңдап, 25 ата-ана қолдарын қойып, Ақжайық ауданының әкіміне арызданған.

Сонымен «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» десек, мектептің директоры өз еркімен директорлығынан неге кетті, мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы

да әрі қарай міндетін неге атқарғысы келмеді, аудандық білім беру бөлімі басшы-қосшыларының бәрі бірдей неге ескерту алды? Баймұханова өз өтінішімен қосымша жұмысын неге доғара қойды? Оразбаева директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары деген тәп-тәуір қызметін өз еркімен қалай көзі қиды? «Балалардың білімі соңғы кезде төмендеп кетті» деп ата-аналар неге арызданады?

Мұндай сұрақтар көп, әрі қарай «балалай» береді, бірақ осы жерден доғарып, оны оқырмандарымыздың еркіне, ой қазанында қайнатуына қалдырайық.

Л. Толстой данышпан бір сөзінде былай депті-ау: «Барлық уақытта сүттен ақ, судан таза болғысы келетін пенделер – ең қорқынышты адамдар. Олар өздерін күнәдан пәк қып көрсету үшін жазықсыз жандарды, әулие-әмбиені, тіпті Құдайдың өзін де жазғырудан тайынбайды». Мұны жарықтық, өтіріктің жолында обал, сауап дегенді білмейтін жандарға қарата айтқан болар, сірә. Тек оны біз әңгіме етіп отырған екі тараптың қайсысына жатқызуды оқырманның патша көңілі білсін.

Біздің «кейіпкерлеріміз» газет редакциясына және аудандық сотқа шағымданғанда жоғарыдағы мақаланы «Өсекке негізделіп жазылған, сондықтан оны теріске шығарып материал жариялаңыз» деп талап етіп отыр. Өсектің де өсегі бар… Қазақ «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп оған да мұқият қараған. Мұны Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің методисі, Бітік ЖОББ мектебінің бұрынғы мұғалімі Баймұханова мен осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі бұрынғы орынбасары, қазір білім ошағының қатардағы мұғалімі Оразбаева біз тәптіштемесек те білетін шығар. Өйткені жас өскінді тәрбиелейтін ұстаз соңынан сөз ілестірмек түгілі, жүріс-тұрысы мен тұла бойынан, сөз ләмінен шалқар біліммен қатар, ізгілік, мәдениеттілік, бекзаттық құйылып тұрмас па?.. Сол құсыни нұр сипат шәкірт санасында адамдықтың, кіршіксіз тазалықтың символы болып ғұмыр бойы қалмас па?..

Ал Ақжайық аудандық білім беру бөлімі үшін бүгінде бітеу жарадай сыздаған Бітік орта мектебінде басталған дау жуық арада біте қоятын түрі жоқ. Оның беталысынан оқырмандарымызды алдағы уақытта да хабардар етіп отырмақшымыз.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»

Қабыршақты ауылы,

Ақжайық ауданы


Облыс әкімі Б. Қалиевтың туыстарына көңіл айтты

Күні: , 229 рет оқылды

kaliev-350x337


Облыс әкімі А. Көлгінов Ақтөбе қаласындағы 6655-әскери бөлімшесіне лаңкестер жасаған қылмыстық әрекет кезінде ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Берік Қалиевтың туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.


“Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген Берік Қалиев өмірінің соңына дейін Отан қорғау сияқты қасиетті борышын лайықты өтеді. Қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау жолында шейіт болған ер есімі – мәңгі ел есінде.

Жәнібек ауданының әкімі батырдың отбасымен кездесті, оларға облыс әкімдігі тарапынан қажетті жәрдем беретін боламыз. Беріктің есімі Отан алдындағы қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан батыр ретінде тарихта қалатынына  сенімім  кәміл», – деді облыс  басшысы  көңіл  айтуында.

Облыс  әкімінің  баспасөз қызметі


Франция елшісінің сапары

Күні: , 183 рет оқылды

IMG_2316


Дүйсенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі, жоғары мәртебелі Франсис Етьен мырза мен жұбайы Джейн Етьен ханымды қабылдады. Батыс Қазақстан облысына француздық бизнесмендерден құралған делегация өкілдерімен бірге  арнайы ат басын тіреген  Франсис Етьен мырза өңіріміздің мән-жайымен толықтай танысқысы келетінін айтты.


– Біріншіден, осы өңір туралы тереңірек білгім келеді. Сапарымыз барысында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстағы өкілдерімен кездесіп, сөйлесеміз. Инвесторлар тарту үшін, алдымен, бар жайға қанығып алу керек.  Бұл шаһарға келу сапарымыздың тағы бір себебі – Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрметті легион орденінің иегері Николай Ветровтың отбасына көңіл айтып, зиратына барып,  зиярат жасау,  – деген Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ақтөбедегі болған қайғылы  оқиғаға қатысты көңіл айтып, Франция елі мен  Қазақстанның арасындағы іскерлік қарым-қатынас нығая түседі деген сенімде екенін жеткізді.

Кәсіпкерлермен кездесу, өңірге инвестиция тарту мәселелеріне толық қолдау білдіретінін айтқан облыс әкімі Алтай Сейдірұлы батысқазақстандық ардагер Н. Ветровтың рухына тағзым етіп, құрмет көрсеткен Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен мырза   мен ол бастап келген делегация өкілдеріне шынайы алғысын  білдірді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

* * *

Кеше облыстық мәслихаттың шағын залында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың қатысуымен Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі, жоғары мәртебелі Франсис Етьен мырза мен жұбайы Джейн Етьен ханым облыстық мәслихаттың депутаттарымен кездесті.

— Ақ Жайық өлкесіне алғаш келген француз өкілдерінің бүгінгі сапарының басты мақсаттарының бірі — Ұлы Отан соғысының ардагері Н. Ветровтың отбасына көңіл айтып, қабіріне зиярат ету. Екіншіден, өңірдегі депутаттармен, түрлі сала кәсіпкерлерімен кездесіп, іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосу. Инвестиция тарту арқылы өңірдің экономикалық ахуалын жақсартуға оң септігін тигізу, – деп атап өткен Марат Лұқпанұлы депутаттарға француз өкілдерінің жұмыс барысын таныстырды.

– Бізбен кездесуге көңіл бөлгендеріңізге алғысымды білдіремін. Өткен жылы  Францияда орын алған қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, Парламент мүшелері мен билік құрылымдары қайғымызға ортақтасып, алғашқылардың бірі болып көңілдерін білдірді. Қиын жағдайда француз халқының қайғысымен бөліскен, ең алдымен, мемлекет басшысына алғысымыз  шексіз. Бүгінгі кездесуіміз экономикалық тұрғыдан маңызды қадамдардың бастауы деп білемін. Өйткені Франция елі 1992 жылдан бері   Қазақстанның инвесторы саналады. Бүгінгі таңда 240-тан астам француздық кәсіпорын Қазақстанда жұмыс жасайды. Біз Қазақстанға инвестиция тарту үшін кәсіпкерлермен жан-жақты келіссөздер жүргізуге әзірміз. Сондықтан біз үшін сіздердің әрбір идеяларыңыз өте маңызды, – деген Франсис Етьен Қашаған кен орнының әлемдік мұнай нарығында қол жеткізген табыстарына да тоқталып өтті.

Облыстық мәслихат депутаттары француз елшілеріне сауалдарын жолдап, болашақта жүзеге асатын жобаларымен танысып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Ләззат   ҒИНИЯТҚЫЗЫ


Емделуші балалар еден жуған…

Күні: , 203 рет оқылды

Плакат Оркен А3 каз


ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен» республикалық акциясы аясында маусымның 1-12-сі  күндері елімізде «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Х ұлттық ақпараттық  науқаны өтуде. Соған байланысты облыстық прокурордың аға көмекшісі Алмагүл Исмағұловаға жолыққан едік. Оның айтуынша, ата-аналарының рұқсатымен 14 және 18 жас аралығындағы балалардың еңбек етуге құқы бар. Әрине, мұндай жағдайда белгіленген нормативтер сақталуы тиіс. Бірқатарын атасақ, жұмыс уақыты төрт сағаттан аспауы қажет. Баланың сабаққа қатысуына, дайындалуына кедергі жасамау керек. Ағзасына шамадан тыс ауыр салмақ түсіруге болмайды, рухани даму тұрғысынан әрі денсаулығы зиян шекпеуі тиіс.


ҚР Қылмыстық кодексінің 153-бабы бойынша баланы заңсыз жұмысқа тартқандарға бес мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе екіден бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алмагүл Исмағұлованың мәліметінше, еңбек дауына байланысты 2014 жылы – 20, өткен жылы 30-дан астам баланың құқығы қорғалған. Прокуратура өкілі былтыр болған оқиғалардың бірсыпырасын тарқатып айтты. Мәселен, Зеленов ауданындағы колледж жатақханасында осы бағыттағы келеңсіз жағдай орын алған. Колледж әкімшілігі бірқатар студентке «тәртіптік жаза» қолдануды ұйғарып, түнгі сағат 2300-ден кейін жатақхана еденін және өз қатарластарының аяқкиімін жуғызып қойған. Тексеріс барысында кінәлілер анықталып, колледждің үш қызметкеріне шара алынған. Ал «Ивушка» облыстық балалар туберкулез шипажайының 254 емделушісіне оңтайлы жағдай жасалудың орнына, оларға өздері орналасқан бөлмесінің еденін күн сайын жуғызып қойған. Бейнелеп айтсақ, шипажайда жұмыс істейтін 45 техникалық қызметкердің едәуір «қолы ұзарған». Оның үстіне, суға дезинфекция жасалмағаны, гигиеналық талап сақталмағаны белгілі болған. Бұл жағдайды балаларды еңбек терапиясына тарту деп түсіндіріпті емдеу мекемесінің жауапты мамандары. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жастар еңбек жасағында болған облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының алты тәрбиеленушісіне үш айдан астам уақыт берілмеген жалақысы прокаратура араласқан соң ғана лезде төленген. Жалпы, кәмелеттік жасқа толмағандардың сауда-саттықпен айналысуға, түнгі ауысымда автокөлік жууға тартылғаны анықталды. Жасыратыны жоқ, көбіне әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары еңбекке ерте араласады екен. Оған азық-түлік пен киім-кешектің, қаражаттың жетіспеуі, туысқандары-ның қарайласпауы, төменгі тұрмыс деңгейі себеп болуда. Нәпақа іздеп сыртқы елдерден ағылып жатқан еңбек күші аз емес. Соның қатарында облысымызға Өзбекстаннан келген отбасындағы баланың еңбек құқығы сақталмағаны анықталды. Өткен жылы кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тартқан жергілікті үш жеке кәсіпкерге 412 мың 220 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Былтыр қаршадай қыздарды жезөкшелікке тарту ісі бойынша үш дерек тіркелген. Биыл екі оқушы қыздың жеңіл жүріске салынғаны мәлім болды. Олар мектепке уақтылы бармай, «түнгі көбелектер» қатарын толықтырған. Ең сорақысы, кейбірінің ата-аналары біле тұра, бала тағдырына көз жұма қараған. Ендігі жасөспірімдердің тәрбиесі Алматы қаласында жабық мекеме саналатын арнайы мектептің құзырында. Балалар отбасына қайтарылған күннің өзінде кәмелеттік жасқа толғанша құқық қорғау құрылымдарының бақылауында болады. Он сегіз жастан асқан соң тағдырына өздері жауапты.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің ювенальдық бөлімшесінің басшысы, полиция майоры Әділхан Ғабдушевпен хабарласқанымызда, былтыр 29 маусым мен 4 шілде аралығында облыстық білім басқармасы және жастар ұйымдарымен бірлесіп, балалардың құқын қорғау мақсатында «Жұмыспен қамту» алдын алу шарасы өткізілгенін айтты. «Сол уақытта 23 дерек анықталды. Мәселен, «Жадыра» мейрамханасы жанында, қалалық мәдениет және демалыс саябағында сусын сатқан, автокөлік тұрақтарында жұмыс істейтін балаларды кезіктірдік. ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 442-бабының 1-тармақшасында баласының еңбек жағдайына салғырт қараған ата-аналар немесе заңды өкілі, 132-бабында арнайы келісімшарт жасамаған, еңбек тәртібін сақтамаған жұмыс берушілердің жауапқа тартылатыны көрсетілген. Соған байланысты әкімшілік істер қозғалды. Көбіне мұндай жағдайлар жазғы маусымда болады. Қоғамдық тәртіпті бақылаған кезде, кейде кәмелеттік жасқа толмағандарды заңсыз жұмысқа тартуға қатысты деректер тіркеліп жатады. Мысалы, өткен жылы түнгі клубта даяшы қызметін атқарған баланың құқын белден басқандарға әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды», – деді Әділхан Ғабдушев.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика