Мұрағат: 06.06.2016


«Орал – жасыл қала» брендін қалыптастырайық!

Күні: , 93 рет оқылды

IMG_4073


2020 жылға дейін Орал қаласы жаңаша сипатта дамитын болады. Атап айтқанда, шаһар халқы саны қазіргі 289 мың адамнан 320 мыңға, салынатын тұрғын үй көлемі 173,2 мың шаршы метрден 253 мың шаршы метрге,  тұрғындардың орталықтандырылған ауыз суға қолжетімділігі  87-ден 100 пайызға, полицияға деген сенімділік 40,7-ден 75 пайызға  дейін жетпек.


Мұның бәрі Орал қаласының 2016-2020 жылдар аралығында стратегиялық даму бағдарламасында көрініс тапқан. Сейсенбі күні Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев аталмыш бағдарламаны мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым, саяси партия өкілдеріне, депутаттарға, оқу орындары, мекеме-кәсіпорын басшыларына таныстырды. Шаһар басшысының айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қала және аудан әкімдіктері өз аумақтарын 2020 жылға дейін дамыту бойынша арнайы бағдарламалар дайындауда. Соған орай облыс орталығының да стратегиялық бағдарламасы жасақталды. Бұл құжатты дайындауда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақстан – 2050» стратегиясы, Жасыл экономикаға көшу тұжырымдама-сы, қаланың бас жоспары, аймақтың даму жоспары негізге алынды.

— Елбасымыз облысымызға келген сапарында «Батыс Қазақстан – Еуропа мен Азияны негізгі байланыстырушысы ретінде экономикамыздың дамуында ылғи да елеулі орын алатын аймақ. Бұл өңір аса маңызды транзиттік әлеуетке ие және біз оны әрі қарай дамыта береміз. Орал қаласы – еліміздің бағажетпес құнды маржаны» деген болатын. Президентіміздің берген осындай зор бағасына қашанда сай болу үшін біз алдымызға үлкен міндеттер қойып отырмыз. Олардың біразы осы бағдарлама аясында жүзеге асатын болады. 2020 жылға дейінгі қала дамуының индикаторы ретінде алты бағыт бойынша 30 көрсеткіш анықталды. Бұл бағытта коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, жолдар жағдайын жақсарту, қоғамдық қауіпсіздік, шағын және орта бизнесті дамыту негізгі басымдылыққа ие болмақ.

Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді саралай келіп қаламыздың қарапайым тұрғынын ойландыруы мүмкін біраз жайттарды анықтадық. Бұлардың қатарында күл-қоқыстарды уақтылы шығармау, қала маршруттарының, аялдамалардың дұрыс ұйымдастырылмауы, көшелер мен аулаларды жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарының жетіспеушілігі, мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы, қылмыстық ахуал, ақпараттарға қолжетімділік, медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру мен оның сапасы бар. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында осынау мәселелерді де шешу жайы қарастырылатын болады, — деді Нариман Төреғалиев.

Қала әкімі өз баяндамасында 2020 жылға дейін Орал қаласының дамуы бағытында сегіз негізгі басымдық анықталғанын да атап өтті. Оның біріншісі – біріккен қалалық жүйе. Мұнда облыс орталығы ауқымды тұтас ағза (бір организм) ретінде қарастырылады. Біріккен қалалық жүйеге шаһардың орталық бөлігі, қала аумағындағы ауылдар, саяжай алабы кіреді. Шаһардың орталық бөлігінде қаланың тарихи келбеті сақталып, көп қабатты үйлер салынады. Ауылдарды да дамыту жоспарлануда. Мәселен, Зашағанды қаланың үлкен шағынауданына айналдыру көзделуде. Болашақта ол құрамында Круглоозерный, Серебряков, Деркөл және оған іргелес жатқан елді мекендер кіретін қаланың бір ауданы (Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалалары секілді) болуы мүмкін. Мұндағы халық саны 80 мың адамға жетеді деген болжам бар. Деркөл және Круглоозерный ауылдарын қаланың ауыл шаруашылығы аумағы, ал Желаев ауылдық округінде карьердің орналасуына орай оны қаланың демалыс орны ретінде дамыту жоспарлануда.

Екіншісі – дамыған экономика. Соған орай тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жолдар мен инфрақұрылымдар жөнделетін болады. Мәселен, бүгінгі таңда қала мен оған қарасты кенттерде, ауылдық округтерде 300-дей көше жолдарына күрделі немесе орта жөндеу жасау керек болса, бағдарлама аясында, яғни бес жылда 80 көше мен екі көлік өткеліндегі 116 шақырым жолды жаңғырту және жөндеу жоспарлануда. Бұл құрылыс жұмыстарының жалпы құны 19,5 млрд. теңгені құрайды. Қаланың көліктік әлеуетін дамыту үшін қазіргі заманғы әлемдік дең-гейдің талаптарына сай (АҚШ-тың Аризона штатындағы автокемпинг пен Германияның Магдебург қаласындағы үлкен көліктік-логистикалық орталық үлгісінде) сауда көліктік логистикалық орталық құрылып жатыр. Орал-Атырау тас жолы бойында салынатын аталмыш орталық іске қосылған кезде 500 және одан да көп жұмыс орны ашылмақшы. Сонымен қатар 2016-2020 жылдарға арналған азық-түлік белдігін дамытудың кешенді бағдарламасын дайындау да жоспарланып отыр. Осы жоба аясында алма, жүзім бақтарын жасақтау, қарақат, таңқурай және құлпынай сияқты жеміс-жидек өсімдіктерін өсіру ойда бар. Бұдан басқа сүт өндірісін дамыту, томаттарды қайта өңдейтін зауыт салу, қант қызылшасын, майлы дақылдар өсіру жайы да жан-жақты қарастырылмақшы.

Бизнес пен туризмге арналған қала – бұл үшінші басымдық. Оралдың қолайлы климаттық және экологиялық жағдайы, су көздерінің молдығы мен ландшафтты демалыс әлеуетінің жоғары болуы, тарихи-мәдени мұралар мен мұражай кешендері, аса тиімді геосаяси белдеуде орналасуы туризмнің дамуына ықпалын тигізері анық. Сонымен қатар облыс орталығы инвестициялық әлеуеті жоғары Ресейдің шекаралас аумақтарымен шектеседі және транзиттік теміржол және автомагистраль бойында орналасқан Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарымен және Алматы қаласымен байланысады. Бұл жан-жақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуды қамтамасыз етуге, Оралдың өңіраралық сервистік-сауда өнеркәсіптік орталыққа айналуына мүмкіндік береді.

Қауіпсіз қала мен қолайлы ортаны қалыптастыру (төртінші және бесінші басымдықтар) бағытында көшелерді жарықтандыру, тұрғын үй маңдары мен аулаларды абаттандыру, жерүсті жарық желілерін жерасты кабель желілеріне алмастыру, көшелердегі жол-көлік оқиғаларын азайту мен көше қиылыстарындағы кептелісті болдырмау мақсатында жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бағытында да көптеген іс-шара қолға алынбақшы.

Алтыншы басымдық мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға арналған. Әлеуметтік қала деп аталатын бұл бөлімде архитектуралық ортаны мүгедектер үшін барынша қолжетімді, қауіпсіз, жайлы ету бағытында үлкен жұмыстар күтіп тұр.

Белсенді тұрғын деп аталатын жетінші басымдықта қала тұрғындарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру қарастырылған. Осы мақсатта 2020 жылға дейін аквапарк, веложолдар мен велосипедтерді жалға беру пункттерін салу, аттракциондар паркін жаңарту, қалалық жағажайды абаттандыру, барлық сауда орталығының аумағында велосипед алаңдарын орнату жоспарланып отыр. Тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау үшін магистральды көшелерде велосипед жолақтарын салу жоспарда бар. Алдағы уақытта жаңа жолдарды салу мен ескі жолдарды жөндеу кезінде міндетті түрде велосипед жолағын қарастыру ұсынылады.

Бағдарламаның негізгі әрі соңғы басымдығы – жасыл экономиканы дамыту. Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы аясында Орал қаласының географиялық орналасуы мен жоғары ресурстар әлеуетін, экологиялық көшбасшылығын көрсете отырып, өзін жасыл және таза қала ретінде танытуына мүмкіндік бар. Республикалық «Қазгидромет» кәсіпорнының мағлұматына сәйкес, Орал қаласы Қазақстанда ең экологиялық таза қала болып саналады. Ауаның атмосфералық ластану индексі ең төмен. Сол себепті «Орал – жасыл қала» брендін қалыптастыруға күш салынбақ. Бүгінгі таңда қалаларды брендтеу мен аумақтар маркетингі жаһандану заманындағы бәсекелестікті арттыруға негіз болады. Яғни қала бренді өндірілген тауардың имиджіне әсерін тигізеді, инвестицияның келуіне ықпал етеді.

Өз баяндамасының қорытындысында қала әкімі алда тұрған осынау міндеттерді мемлекеттік, жеке меншік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар болып бірігіп атқарса ғана жоспарланған нәтижеге қолжеткізуге болатынын атап өтті.

Бағдарламаның таныстырылымынан соң Орал қалалық мәслихатының депутаттары, ҮЕҰ, ЖОО басшылары бұл бағытта өз ой-пікірлерін білдіріп, бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асуына барынша жәрдемдесетіндерін жеткізді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика