Мұрағат: 04.06.2016


Отанның асқақ рәміздері

Күні: , 195 рет оқылды

3aa


4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер – ең басты құндылық» атты дөңгелек үстел өтті. Бұған мемлекеттік құрылымдар мен ҮЕҰ, жастар қоғамдық бірлестіктері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова ашып, қатысушыларды еліміздің Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтады.

— Баршамызға белгілі, 1992 жылы 4 маусымда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерін бекітті. Мемлекеттік Ту, Елтаңба, мемлекеттік Әнұран – ел тарихына, мемлекеттік тілге, мәдениет пен дәстүрге деген шексіз құрметтің нышаны. Сондықтан бұл мейрамның орны бөлек. Осыған орай бүгін еліміз бойынша мемлекеттік рәміздерге үлкен құрмет көрсетілуде. Бүгін сағат 11.00-де барлық мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік Әнұранымыз шыр-қалды, — деген Айгүл Оразқызы биыл қаланың 5-7 шағынаудандар аумағында ел Туына арналған шағын алаң жасақталатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, еліміздің мемлекеттік рәміздері Салтанат сарайы мен Достық үйінің арасында орналаспақ.

Бұдан соң ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы слайд көрсетіліп, ондағы мәліметтерді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Назгүл Төкешева толықтырды. Ол еліміздің мемлекеттік рәміздері тарихының тым тереңдігін айтып, мемлекеттік нышандардың әр кезеңдегі өзгерісі жайлы баяндады. Бұдан соң сөйлеген кітапхана қызметкері Аягүл Рухоллақызы өз мекемесінде өткізілген мемлекеттік рәміздерге арналған шаралар жөнінде баяндаса, «Облыстық жастар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Ермек Мұхамбетқалиев бұл күннің еліміздегі ең үлкен мейрам күні екенін жастардың санасына осы бастан сіңіре беру керектігін жеткізді. Бүгінгі күнді «Мейрамыңызбен!» деп бастағанын айтқан жастар ұйымының өкілі Мемлекеттік рәміздер күнін жұртшылықтың «Жеңіс күні» секілді үлкен мереке есебінде қабылдауына дейін апару керектігін айтты. Оның бұл ұсынысын осы жиынға қатысып отырған «Болашақ» қоғамдық қорының төрайымы Салтанат Тұманбаева да қостады.

— Көз қиығымыз бен тіліміз, түріміз бен түсіміз әр түрлі болғанымен, біз – бір елдің адамдарымыз. Кейде маған осы жерде ұзақ уақыт тұрғаннан кейін түрлі ұлт өкілдерінің түр-түсі, тілі, тіпті әдет-ғұрыптары да ұқсап кететін секілді болып көрінеді. Қай ұлттың адамы болсақ та, өзіміз өмір сүріп жатқан елге құрметпен қарап, оның мемлекеттік рәміздерін сыйлауымыз керек. Елімізді өркендету үшін, ұрпағымызды өсіріп өндіру үшін бізге бірлік, ынтымақ керек. Бәріміз де армян ұлтының өкілі Амирханянға ұқсап, жүрген жерімізде қазақтың Туын көтеріп, мәртебесін асқақтатып жүрейік, — деді жиында сөйлеген «Вайнах» шешен-ингуш мәдени этнобірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов. Оның сөзін жалғастырған облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев пен қалалық мәслихаттың депутаты Әлия Сәлиева жастардың бойына отаншылдық сезімін балабақшада жүрген кезінен бастап қалыптастыру керектігін айтса, «Көмек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Ақышев мекемелердің мемлекеттік рәміздерді қолдану ережесін қатаң сақтағаны жөн екенін жеткізді. Ал «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Өкшебаев еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бағасы тым қымбат екенін айтып, оны мейрам күндері сатып алып, пайдалануға көпшіліктің қалтасы көтермейтінін алға тартты.

Осыдан кейін жиынды қорытындылаған Айгүл Есекенова мемлекеттік рәміздердің маңызын кейінгі ұрпаққа жеткізу — алдыңғы толқын ардагерлердің ең басты парызы екенін айтып, бүгінгі басқосуда белсенділік көрсеткен қатысушыларға алғысын жеткізді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Экологияны «Жасыл экономика» оңалтады

Күні: , 190 рет оқылды

IMG_1894


5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай кеше Достық үйінде салтанатты шара өтті.


Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасында белгіленген шараларды жүзеге асыруға бірқатар мекеме-кәсіпорын бірлесе атсалысып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жаз айларында белең алатын өрттің алдын алу, орманды қурап қалған теректерден тазарту, өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін жаңа технологиялар қолдану, орман шаруашылығын дамытуға инвесторлар тарту  қажеттігін алға тартты. Экологтар мен қоршаған ортаны қорғау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған  Арман Кәрімұлы еңбек ардагері Александр Савранға 70 жылдық мерейтойына байланысты әкімдік атынан  алғысхат  табыстады.

Жиында табиғатты қорғау ісіне белсене қатысып жүрген мамандар, мемлекеттік құрылым қызметкерлері, экологиялық тұрғыда таза өнім алатын және жаңа технологияларды қолданатын кәсіпорындардың басшылары, экологиялық акцияларға жиі атсалысқан жоғары және арнаулы орта оқу орындарының өкілдері марапатталды. Мәселен, Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің орманшысы Серік Жұмағалиев «Орман шаруашылығының үздік қызметкері» атанса, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің проректоры Аида Маратова экологияны қорғауды насихаттағаны үшін арнайы диплом иеленді.

«Техбұлақ» ЖШС «Үздік экологиялық жобалаушы», «Орал трансформатор зауыты» мен «Құрылыскомбинаты» ЖШС-лары «Үздік экологиялық кәсіпорындар», «ГАМАРЕАЛ» ЖШС  «Үздік экоқолданушы», «Жасыл ел» облыстық жастар штабы «Үздік экологиялық жастар қауымдастығы» аталымдарына лайық деп танылды. «Марченко» жеке кәсіпкерлігі балық шаруашылығын дамытқаны үшін, ал  «Батыс МАГМА» ЖШС жер қойнауын оңтайлы пайдаланғаны үшін марапатқа ие болды.

Жалпы, біздің облыстағы мемлекеттік орман қоры 216 мың 706 гектарды құрайды, соның 100 мыңнан астам гектары орман алқабы, яғни өңір аумағының 0,67 пайызына тең. Облыста 40 аңшылық орында конкурстық рәсіммен аң аулауға рұқсат берілсе, 19 орын қорға енгізілген. Өңірдегі он мемлекеттік қорықтың үшеуі республикалық маңызға ие. Бүгінде жергілікті 75 су қоймасы мен учаскелерінің 24-і балық шаруашылығын жүргізу үшін 19 субъектіге берілген. Облыстың коммуналдық меншігінде 27 су қоймасы, 45 көлтабан, 38 су арнасы бар.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжановтың баяндауынша, биылғы санитарлық-экологиялық айлық аясында өткен акциялар мен сенбіліктерге облыстың 114 мыңнан астам тұрғыны, 1000-нан астам мекеме-кәсіпорын  қатысқан. Өңірде 26 699 тонна қоқыс арнайы орынға тасылған. Соның ішінде Орал қаласынан 242 тонна қоқыс шығарылған. Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні және көгалдандыру ісіне арналған акциялар нәтижесінде 61 855 дана көшет егілген. Сәуірдің 23-інде Орал қаласында өткен «Таза жағалау» акциясына 580 адам қатысып, 16 техника тартылған. Жайық өзенінің жағасының Чапаев бөгеуінен Коминтерн шағынауданына дейінгі тұсы тазартылып,  44 тонна қоқыс шығарылған. Санитарлық-экологиялық айлық аясында аудандарда байқау өткізілген. Мысалы, Жәнібек ауданында Ақоба ауылының тұрғыны П. Қадемов «Үздік аула» иесі екенін дәлелдесе, Қазталов ауданында жаңажолдықтар «Үздік ауыл» аталымын жеңіп алды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Назгүл  ЖАБАСОВА, 

еңбек ардагері:

– Өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп жатқан соң табиғатқа келетін залал азайып келеді. Елімізде табиғи ресурстарды орнымен қолдануға жыл сайын қажетті қаражат бөлінуде. Келесі жылы Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі экологиялық ахуалды жақсартуға оң әсер ететініне сенімдіміз,  яғни  экологияны  «жасыл экономика»  оңалтады   деуге  негіз   бар.


Рамазан – береке айы

Күні: , 559 рет оқылды

????????????????????????????????????

Облысымыздағы 44 мешіт Рамазан айына толық дайын. Биыл да мешіттерде кең көлемде ауызашар шаралары ұйымдастырылатын болады.


Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасында Рамазан айына орай өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиын басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті айға байланысты халыққа Үндеуі оқылды.

— Мұсылман қауымының ұлық мерекесі биыл 6 маусымда басталып, 29 күнге созылады. Рамазан – он екі айдың сұлтаны. Адамның иман-байлығы артатын, берекелі де кешірімді ай. Алла Тағала «Ораза тек Мен үшін, сол себепті оның сыйын өзім беремін» деген. Сол себепті мұсылман бауырларымыз осындай сәтті жіберіп алмаулары керек. Бұл айда қайырымдылық шараларын істеген абзал. Әсіресе, ата-аналарымыздың ризашылығын алсақ, жетім-жесірлерді қуантсақ, көрші-көлемге қолұшын берсек, нұр үстіне нұр.

Биыл пітір садақа көлемі 200 теңге мөлшерінде белгіленіп отыр. Пітір садақаны адам баласы өзінің амандығы, денсаулығы үшін береді. Ол Алла Тағаланың алдындағы міндеті болып табылады. «Садақа пәле-жәледен сақтайды», «Садақа адамның өмірін ұзартады» деп текке айтылмаса керек. Сол себепті пітір садақа өмірге келген нәрестеден бастап беріледі. Тек жүкті әйел адамның құрсағында жатқан сәбиге берілмейді. Шариғатта тек осы садақаға мөлшер қойылған. Бұның мөлшері арпа-бидаймен, құрма-жүзіммен өлшенеді. Біздің елімізде бидай құнымен өлшеніп, пітір садақа мөлшері белгіленді. Ал егер құрмамен өлшенсе, оның көлемі біздің ақшамызға шаққанда 3 мың теңге болады екен.

Батысқазақстандықтарды қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған ізгі амалдарымызды, дұға-тілектерімізді қабыл етсін, — деді жиын барысында облысымыздағы өкіл имам Руслан Сұлтанов.

Содан кейін сөз алған облыстық мешіттің найб-имамы, Орал медресесінің ұстазы Мұратбек Қыстаубаев ораза тұтудың шарттары мен артықшылығы турасында әңгімеледі.

Жиын соңында қатысушыларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан шығарылған «Ораза мүбәрәк» атты шағын кітапша таратылды. Онда ораза ұстаудың шарттары, ауыз бекіту мен ауыз ашу дұғалары және Рамазан айында ораза ұстау мен намаз оқу уақыттарының (Орал қаласы бойынша) кестесі берілген.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”

«Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты сендерге де ораза ұстау парыз етілді». («Әл-Бақара» сүресі, 185-аят) Оразаның сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау. Шариғат терминінде ораза –  ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы. Ораза — белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.

Оразаның уақыты: Таңның атуынан күннің батуына дейінгі уақыт.

Алла Құранда былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар». Мұнымен күн мен түннің арасындағы шекараны айтқан.

«Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза — Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусындауынан шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша» (Қудси хадис).

Парыз ораза

Парыз ораза екіге бөлінеді:

  1. Тағайындалған ораза: Рамазан оразасы.
  2. Тағайындалмаған ораза: Қазаға қалған ораза мен «кәффарат» ретінде ұсталған оразалар.

Оразаның дұрыс орындалу шарттары

  1. Хайыз бен нифастан таза болу: Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін оразаның қазасын өтейді. Бірақ бір адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ораза ұстауына кедергі емес. Бірақ мүмкіндігіне қарай, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу – абзал.
  2. Ниет: Барлық оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бір адам түн жарымында ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет деп саналады, бірақ тілмен айту мәндүп.

Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету – абзал. Рамазан оразасын ұстауға әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат.

Оразаның парыздығы түсетін жағдайлар

  1. Жолаушылық.
  2. Жүктілік пен бала емізу.
  3. Ауру-сырқау.
  4. Кәрілік.
  5. Қатты ашығу немесе шөлдеу.
  6. Хайыз және нифас.
  7. Жанына қауіп төнген кезде.
  8. Ауыр жұмыста істеу.

Ораза бұзылғанда қазасы ғана өтелетін жағдайлар

  1. Дәрет алып жатқанда немесе басқа себептермен тамаққа су кету.
  2. Ұйқыдағы адамға су ішкізу.
  3. Ауыр жұмыста жүрген кезде ауырып қалу немесе өзіне бір зиян тиюінен қорқып оразасын бұзуы.
  4. Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеген кезде «оразам бұзылды» деген оймен ішіп-жеуді жалғастыру.
  5. Түнде ниет ете алмай күндіз ниет еткен адамның бұған көңілі толмай ішіп-жеуі.
  6. «Күн батты» деп жаңылысып, аузын ашса, бірақ күннің одан кейін батқанын білсе, оразасын бұзғаны үшін, тек қана қазасын өтейді. Сәресіде тамақ ішіп отырған кезде таң уақыты кірсе, дереу аузындағысын шығарса, ораза бұзылмайды.
  7. Түнде оразаға ниеттеніп, бірақ таңертең жолға шығып, жолда оразасын бұзатын болса.
  8. Түнде ораза ұстауға ниеттенген жо-лаушының жолда оразасын бұзуы.

Пітір садақаның үкімі

Ханафи мазхабында әрбір нисап көлеміне ие мұсылманға пітір садақа беру уәжіп. Шафиғи, Малики және Ханбали мазхабтарында пітір садақа беру парыз.

Ауыз бекіту және ауыз ашу дұғаларыАуыз бекіту дұғасы:

Нәуайту ән асума саума шаһра рамадана минал фажри иләл мағриби халисан лилләһи таъала. Аллаһу акбар!

Қазақша мағынасы: Алланың разылығы үшін таң білінгеннен күн батқанға дейін рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім. Алла ұлық!

Ауыз ашу дұғасы:

Аллаһумма ләкә сумту уә бикә әмәнту уә ъаләйкә тәуәккәлту әу ъала ризқикә афтарту фағфирли ма қаддамту уамә аххарту. Аллаһу акбар!

Қазақша мағынасы: Я Жаратушы ием! Сен үшін ораза тұттым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сенің берген ризығыңмен ауыз аштым. Уа кешірімді Алла Тағалам! Менің әуелгі және кейінгі күнәларымды кешіре гөр. Алла ұлық!

РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ОРАЗА ҰСТАУ МЕН НАМАЗ ОҚУ

УАҚЫТТАРЫНЫҢ КЕСТЕСІ (Орал қаласы)

Миләди 2016 жыл – хижри 1437 жыл

Рамазан айының реті Апта күндері Маусым Шілде Ас ішу уақыты Күннің шығуы Бесін намазы Екінті намазы Ақшам намазы (ауыз ашу) Құптан намазы
Сәресі уақыты Таң намазы
1 Дүйсенбі 6-06 3:11 3:21 5:21 13:34 19:08 21:46 23:46
2 Сейсенбі 7-06 3:10 3:20 5:20 13:35 19:08 21:47 23:47
3 Сәрсенбі 8-06 3:10 3:20 5:20 13:35 19:09 21:48 23:48
4 Бейсенбі 9-06 3:09 3:19 5:19 13:35 19:09 21:49 23:49
5 Жұма 10-06 3:09 3:19 5:19 13:35 19:10 21:49 23:49
6 Сенбі 11-06 3:09 3:19 5:19 13:35 19:10 21:50 23:50
7 Жексенбі 12-06 3:09 3:19 5:19 13:36 19:10 21:51 23:51
8 Дүйсенбі 13-06 3:08 3:18 5:18 13:36 19:11 21:51 23:51
9 Сейсенбі 14-06 3:08 3:18 5:18 13:36 19:11 21:52 23:52
10 Сәрсенбі 15-06 3:08 3:18 5:18 13:36 19:12 21:52 23:52
11 Бейсенбі 16-06 3:08 3:18 5:18 13:36 19:12 21:53 23:53
12 Жұма 17-06 3:08 3:18 5:18 13:37 19:12 21:53 23:53
13 Сенбі 18-06 3:08 3:18 5:18 13:37 19:13 21:53 23:53
14 Жексенбі 19-06 3:08 3:18 5:18 13:37 19:13 21:54 23:54
15 Дүйсенбі 20-06 3:08 3:18 5:18 13:37 19:13 21:54 23:54
16 Сейсенбі 21-06 3:08 3:18 5:18 13:37 19:13 21:54 23:54
17 Сәрсенбі 22-06 3:09 3:19 5:19 13:38 19:13 21:54 23:54
18 Бейсенбі 23-06 3:09 3:19 5:19 13:38 19:14 21:54 23:54
19 Жұма 24-06 3:09 3:19 5:19 13:38 19:14 21:55 23:55
20 Сенбі 25-06 3:10 3:20 5:20 13:38 19:14 21:55 23:55
21 Жексенбі 26-06 3:10 3:20 5:20 13:39 19:14 21:54 23:54
22 Дүйсенбі 27-06 3:11 3:21 5:21 13:39 19:14 21:54 23:54
23 Сейсенбі 28-06 3:11 3:21 5:21 13:39 19:14 21:54 23:54
24 Сәрсенбі 29-06 3:12 3:22 5:22 13:39 19:14 21:54 23:54
25 Бейсенбі 30-06 3:12 3:22 5:22 13:39 19:14 21:54 23:54
26 Жұма 1-07 3:13 3:23 5:23 13:40 19:14 21:53 23:53
Қасиетті Қадір түні
27 Сенбі 2-07 3:14 3:24 5:24 13:40 19:14 21:53 23:53
28 Жексенбі 3-07 3:15 3:25 5:25 13:40 19:14 21:53 23:53
29 Дүйсенбі 4-07 3:15 3:25 5:25 13:40 19:14 21:52 23:52

Ескерту:

  1. Биыл, яғни 2016 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айы 29 күн.
  2. Шілденің 1-інен 2-сіне қараған түні – қасиетті Қадір түні.
  3. Сәресін ішу таң намазының кіруіне кестеде көрсетілгендей, 10 минут қалғанда тоқтатылады.
  4. Тарауих намазы Құптан намазынан кейін оқылады, ал Үтір намазы ең соңынан жамағатпен оқылады.
  5. Пітір садақаны Рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады. Пітір садақа жан басына 200 теңге.
  6. 5 шілде сейсенбі күні Ораза айт мейрамы басталады.
  7. Айт намазы Орал қаласы бойынша таңғы сағат 7.00-де оқылады.

Жойқын бетбұрыс – жарқын болашақ

Күні: , 207 рет оқылды

Жанабек Жаксыгалиев


Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев Қазақстан дамуының жаңа белесінде халқымызға Ұлт жоспарын ұсынды. Қазақстандық арманның көкжиегі кеңейіп, тың мақсат айқындалып, жаңа межелер белгіленді. Зердесі терең, ойы ұшқыр қазақ халқы бұл игі бастаманы қуана қарсы алды. Ұлт мұраты, ұлт мүддесі, ұлт келешегі сынды ұлы құндылықтарды қастерлеп, дәріптеген қазақ елі осылай жарқын болашақ жолында жойқын бетбұрысқа бел буды.


Ұлт жоспары – ұлтымызды болашаққа бастар бағдаршам һәм темірқазық. Ірі стратегиялық құжат. Түбегейлі құрылымдық, институттық, жүйелік өзгерістерге әкелетін реформалар кешені, жаңғырту жобасы. Сондықтан бұған Отандық және әлемдік сарапшылар «Жаңартудың кең көлемді жобасы» деген атауды жайдан-жай беріп отырған жоқ.

Иә, бұл – әлемдік тарихи тәжірибеде бар үрдіс. Тарихтан білетініміздей, қай заманда да, қай елде де, қай қоғамда да көшбасшылар өз ұлты мен елі үшін белгілі бір стратегиялық міндеттерді  шешуге  ұмтылған.

Бұған алысқа ұзамай-ақ өткен ХХ ғасырдағы Азия құрлығындағы елдердің белгілі көшбасшыларын мысал ретінде алсақ та жеткілікті. Қытай революционе-рі, Гоминьдан партиясының негізін қалаушы, «қытай ұлтының әкесі» аталған Сун Ятсен, тағы бір қытай реформаторы, «қытайлық реформалардың әкесі», әлемдік деңгейдегі ірі қайраткер Дэн Сяопин, Осман және Түркия мемлекетінің реформаторы, әскери қолбасшы һәм мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлға  және оның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің, «экономикалық таңғажайыптың» авторы, тәуелсіз Сингапурдың алғашқы премьер-министрі Ли Куан Юдің жүргізген реформалары осы сөзімізге тұздық.

Ұлт жоспарында қазақстандық арманмен қатар басты назар кәсіби мемлекеттілік аппаратты құруға бағытталғанын да айрықша атап өтуіміз қажет. Сондықтан мақаланың сүбелі тарауы «Мемлекетті кәсібилендіру» деп аталған.

Себебі өз ісін жетік меңгерген, білімі терең және елжанды мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық құрамын байқау және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастырмайынша, Ұлт жоспарын жүзеге асыру мүмкін емес.

Енді мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке төменгі лауазымдардан бастап тағайындалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің, біріншіден, маман ретінде саты-сатымен қалыптасып, кемелденуіне, екіншіден, халықпен етене жақындасып, қоянқолтық араласуға, халықтың мұң-мұқтажын, арман-аңсарын түсінуге үйретеді.

Ұлт жоспарының тағы бір айрықша игі қадамы – төменгі лауазымдарға қағидаттарды реттеу және олардың одан әрі лауазымдық өсуі іскерлік қасиеттері арқылы жүзеге асырылады. Меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметшілерді таға-йындаудың осындай либералды жүйесіне көшу – мемлекеттік аппараттың құрамы мен сапасын жақсартатыны сөзсіз.

«Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс». Сот төрелігінің тиімділігін арттыруға орай Елбасының  айтқаны  бұл.

Ал кезінде Әлихан Бөкейханов «Заң  адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деп, құқықтық қағидаттың алдымен халықты қорғауға арналатынын айта келіп, Жұртқа әділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін орнына жұмсайтын, арам жемейтін, іс білетін, ел мүддесін ашық қорғай  алатын болыс пайдалы» деп бүгінгіше айтқанда, судьяларға қоятын талаптарды түгендеп береді. Сөйтеді де, олардың тәуелсіз болуына да кеңінен тоқталады: «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт», – дейді.

Бұл мақалада назар аударылған тағы бір маңызды мәселе – ұлт бірлігі. Өйткені бүгінде әлемнің барлық дамыған елдері біртектілік пен бірлікті сақтаудың арқасында өркендеп отыр. Олар өздерінің жаңғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік негізінде жүзеге асыруда. Елбасы бұл туралы пікірін былай тұжырымдайды: «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен  қалыптастыру  жолы».

Иә, Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Қазір 130-дан астам ұлттар мен этностар бейбіт өмір сүруде.

Соның бәрі Елбасымыз Н. Назарбаевтың асқан парасаттылықпен жүргізген саясатының және мемлекет құрушы һәм құраушы ұлт – қазақ халқының кеңпейілділігі мен сарқылмас сабырының жемісі.

Бас мақала соңында Президент Н. Назарбаев Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру кезеңі басталғанын, оның жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның бақылауымен жүретінін айтады. «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы дала елін құрдық.

Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді  пайдаланамыз», – деді.

Түйін. Тоқсан ауыз сөзімізді тобықтай түйсек, «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Бұл – ХХ ғасырдың басындағы Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың туған халқын жігерлендіру үшін айтқан даналық сөзі. Ал енді бүгінгі ісіміз – кешегі мақсаттың ұлы жалғасы. Бүгінгі қазақстандық арман – ертеңгі нақты өмір. Ендеше, кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге ұштастырған халықтың болашағы да жарқын болуы тиіс. Әсірелеп, айшықтап айту емес, алға қойған мақсаттарды нақты жүзеге асырғанда, осылай болатындығы белгілі.

Осы орайда жерлесіміз, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, бола алмаймыз ешқашан ұлы халық!» деген жыр жолдары еске түседі.

Қаншама азап пен тозақты көрген қазақтың маңдайына ел болу мәселесі бұйырған екен, соны қалай пайдалану хан мен халыққа жүктелер ерекше сынақ. Осы орайда Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаевтың «Мен Қазақстанның болашағына басымды тіккен адаммын!» деген сөзі ойға оралады.

Кемеңгер Кекілбаевша айтсақ, «Біз тарихтың талай ұлт пен қоғамды мықтап сынаған қиын кезеңдерін бастан кешірген халықпыз. Біз үшін ең бастысы – тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болып қала алсақ, жоқтықты да, қиындықты да, әділетсіздікті де жеңе аламыз. Ал оған дәтіміз шыдамаса, бәрінен де дәмемізді үземіз. Ең жаманы – өзіміздің ғана емес, кейінгі ұрпақтардың обалына қаламыз. Сондықтан өз ел, өз жерімізде қазір болып жатқанның бәрі-бәрі көңілімізден шыға бермеді екен деп, тәуелсіздікті қолдан шығарып  алмауымыз  қажет».

Иә, науқастың сырқаты анықталмай, оған дұрыс ем қонбайтыны сияқты жоспардың негізгі мақсаты да «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалаудан туындап жатыр.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты


Жер тағдырын талқылау жалғасуда

Күні: , 205 рет оқылды

IMG_1713


Таяуда облыстық қоғамдық кеңес төралқасының кеңейтілген отырысы  өтті. Облыстық мәслихаттың шағын мәжіліс залында өткен басқосуға мекеме мен қоғамдық ұйымдар басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты. Алқалы жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі ҚР Жер кодексін түсіндіруге байланысты қатысушылар ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.


Ең әуелі сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, – Бүгінгі талқыланып отырған мәселеге орай ұсыныстар ауызша да, жазбаша да берілуде. Оның бәрі күні бүгінге дейін және келешекте де құжаттама ретінде республикалық  жер  комиссиясына  жіберілді және жіберілу үстінде. Осы кездесуге біз шаруа қожалықтарының басшыларын да, яғни тікелей жермен айналысатын азаматтарды шақырып отырмыз. Өйткені өзгелерге қарағанда, аталмыш мәселе оларға жақсы таныс және қыр-сырынан хабардар. Демек, мәселеге байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салуын қалаймыз. Түрлі ұстанымдармен танысқаннан кейін ортақ бір мәміле және тұжырымға келу қиын емес, – деді.

Әрі қарай пікір алмасуды жалғастырған республикалық жер мәселесі жөніндегі комиссияның мүшесі, «Ақас» шаруа қожалығының жетекшісі Қатауолла Ашығалиев өзінің аталмыш комиссияның әзірше соңғы отырысына кейбір ұсыныстар енгізгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, жерді жеке меншікке немесе жалға берудің қатар жүруі тиіс екенін, екі үдерімнің пара-пар бағаланатынын айтты. Жерді мемлекеттің кері сатып алу құқығын сақтай отырып, оның белгілі бір қорының болуына да мән берді. Әрине, жерді жалға беру орынды. Бірақ жерді ұсына отырып, мемлекет аграрлық секторға салық салуды реттеуге және оған тұрақты демеуқаржы бөлінуіне кепілдік беруге міндетті. Ол комиссияға «Қосалқы шаруашылық жөніндегі» заң қабылдау туралы да ұсыныс енгізген екен. Бүгінде ауылдағы мал мен құстың санын заң жолымен реттеу мәжбүрлігі туындап отыр. Ал жерді шетелдіктерге жалға беру жайына келсек, Қатауолла Мерәліұлы оның мерзімін тек 10 жылмен шектеуді жақтайды. Әрі осы мәселені төрағалығына облыс әкімі тағайындалған облыстық комиссия  ғана шешуі тиіс.

Кәсіпкер Валерий Голоуховты табиғаттың соңғы онжылдықта күрт өзгеруіне байланысты жерге қолданылатын агротехника жайы толғандыратын болып шықты. Бұл жағдайда агротехниканы үнемі жетілдірмей, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу өте қиын. Сонымен қатар ол биыл күшіне енген, жерге салық төлеуге қатысты заңға енгізілген өзгерістерге наразылығын жасырған жоқ. Салықтың қысымынан кейбір шаруа қожалықтары ұсақталып кетіпті. Ұсынысы – жерді кез келген уақытта мемлекетке кері қайтару құқығын сақтай отырып, 49 жыл мерзімге ел азаматына жалға беру. Басты байлығымыз – жерді өңдеу және ұқсату ісіне жан-тәнімен берілген адамдарға ғана жалға алу құқығы ұсынылсын.  Ал көзқарасы төмен жерге жүрдім-бардым қарайтын қожайындарға  мемлекет қатаң шара қолдануы керек. Мәселен, жерді дұрыс пайдаланбайтындарға салықты 20 есе көбейткен дұрыс. Нағыз қожайындарға салықты азайтқан тиімді. Әрине, жаңа агротехника қажет, алайда шетелдіктердің оны әкелетініне В. Голоухов күмәнді.  «Матевосян» ШҚ-ның жетекшісі Александр Матевосян  инвестицияға да, технологияға да қарсы емес. Алайда оның бәрін тек отандастар жүзеге асырғанын жөн санайды. Сөйтіп, жерлес диқандар өзін осы елдің қожайыны, бір мүшесі  ретінде сезінсе, өте жақсы. Бірыңғай қолайлы салық жүйесін енгізуді жақтай келіп, Александр мемлекеттің шаруаларды шетелдік техниканың қосалқы бөлшек нарығына еріксіз тәуелді етіп қойғанына өкпесін  жасырған жоқ. Ол шаруалардың мемлекеттің қолдауы мен көмегіне мұқтаж екенін айрықша атап өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы М. Оңғарбеков Зеленов ауданы шаруаларының «ЖайықМұнай» компаниясымен күрделі қарым-қатынасы жөнінде баяндады. Қазір көптеген шаруа қожалықтарының жеріне мұнай ұңғымалары орналасқан. Егер одан мұнай табыла қалса, ол аумақтың компания иелігіне өтері сөзсіз. Сонда шаруа қожалығы жерінің тұтастығына кім кепілдік береді? Міне, осы мәселе кейінге қалдырылмай, реттелуі қажет.

Бас-аяғы екі сағат ішінде дау-дамайсыз өткен жиналыста қатысушылардың бәрі де ой-пікірін еркін айтып, көсіле сөйледі. Пікір алысуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов аяқтап, ол жер мәселесін талқылаудың одан әрі жалғасатынын және соған орай оған қатысты  ауызша  және  жазбаша  ұсыныстардың  қабылданатынын  айтты.

Серік   ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Мағауия  ЗАЙНУЛЛИН,

шаруа  қожалығының  жетекшісі:

– Жалға алу мерзімі біткен соң, жер мемлекетке қайтарылып, соңынан аукционға шығарылсын. Тек  ел  азаматтарына  ғана.

Ербол САЛЫҚОВ,

облыстық  кәсіподақтар  орталығының  төрағасы:

– Қ. Ашығалиевтың пікірін қолдаймын. Расында да, әр ауылда кез келген адам 50-60 жылқы, 100-ден 500 басқа дейін сиыр ұстаса, ел маңында от қалмайды. Демек, көп малы барды бөлек жерге шығарып, қоныстандырса, өте қолайлы. Жаңақала ауданында осындай  ахуал  болып,  ол  кейін  реттелген.

Әлия  СӘЛИЕВА,

республикалық  «Асыл бала» қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі облыстық бөлімшесінің төрайымы:

– Қала ішіндегі жерді, түрлі ғимараттың орнын шетелдіктерге сатпау қажет. Ата-бабамыздың қаны төгілген  жерді  айтпағанның  өзінде.


Алаяқтар пайда үшін «бомждарды», күні санаулы ауруларды пайдаланған…

Күні: , 207 рет оқылды

бомждарды алдап


Биылғы жылдың бес айы ішінде облыста жалған кәсіпкерліктің 15 фактісі анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Сонымен қатар бес қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен брифингте мәлім болды.


Облыстық  прокуратураның қылмыстық процестің сотқа дейінгі заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Азамат Сәтбаевтың айтуынша, жалған кәсіпкерлік туралы қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы шамасы 4 млрд. теңгені құрайды және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның 80 млн. теңгесі мемлекетке қайтарылған. Жалған кәсіпкерлік істері бойынша шығындар кәсіпорындардың контрагенттерінің (сатып алушылардың) өздерінің салықтық есептерінде жалған мәмілелерді көрсету арқылы салық (корпорациялық табыс салығын, жеке табыс салығын, қосылған құн салығын) төлеуден жалтаруынан пайда болады.

— Ағымдағы жылы жалған мекеме-кәсіпорын құрған төрт кісіге қатысты соттың төрт айыптау үкімі шығарылды. Мемлекетке жалған кәсіпкерлік қылмысынан келтірілген шығынның шамасы, яғни төленбей қалған салық түрінде 2  миллиард 267 миллион теңгені құрайды. Бүгінде үш үкім заңды күшіне енді, — деді сот актілерінің заңдылығын қадағалау және қылмыстық істер бойынша мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету басқармасының бастығы Нұрлан Мақатов брифингте.

Өткен жылдың күзінде процестік келісім жасала отырып, 2013-2014 ж. ж. «IndustrialComplex», «Прогресс LTD», «Сардар Строй» ЖШС-ның атынан жалған кәсіпкерлік қызметімен айналысқан Н. Құбалиева, А. Оразғалиева, Р. Еркінәлиеваның қылмыстық істері сотқа берілді. Олар контрагенттердің салық төлемеуінен мемлекет қазынасына 650 млн. теңге шығын келтірді. Осы үшеуі 2015 жылы шартты мерзімге сотталды және осы қылмыстардың ұйымдастырушысы Э. Дүйсекенов 2016 жылдың 23 ақпанында сот үкімімен  мүлкі тәркіленіп, үш  жылға бас бостандығынан айырылды.

— Э. Дүйсекенов сыбайластарымен бірге төрт  жалған кәсіпорын құрып, осы кәсіпорындар атынан Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарындағы контрагенттерге орындалмаған келісімшарттар үшін жалған шот-фактуралар берген. Бұл кімге тиімді десек, контрагенттіктер салық салынатын сомасын азайтады, ал жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар әр аударылған қаржыдан өздерінің 5-6 пайыздық «сыйақысын» алады және шоттарына аударылған қаржыны контрагенттерге қайтарады. Мұндай жалған фирмалар алкоголь мен есірткіге тәуелді және өзге де тәуелділіктері бар тұлғаларға, белгiлi тұрақты жерi жоқ «бомждарға» тіркелген. Одан басқа жалған кәсіпкерлікті ұйымдастырушылар кәсіпорын басшысы ретінде онкологиялық ауруы бар науқас жандарды «жалдаған». Алаяқтар жарты жылдай ғұмыры қалған адамдарды іздеп тауып, аз-мұз қаржыға олардың келісімін алған. Мұндай екі факт болды. Оның бірінде жалған кәсіпорын өз атына тіркелген «жаман» дертке шалдыққан науқас емделіп, тірі қалып, оқиғаға қатысты куәлік етті, — деді Нұрлан Мақатов.

Прокуратурада өткен брифингте мәлім болғанындай, осындай жағдайларға  байланысты «бомждарға» немесе заңсыз тәуекелге баруға бейім кісілердің атына тіркелген мекеме-кәсіпорындардың мемлекеттік тіркелуін доғару бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2016 жылы сотқа жалған тұлғалардың атына рәсімделген және жалған кәсіпкерліктің белгілері бар заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеуін бұзу туралы бес талап жолданса, соның біреуі қанағаттандырылды, өзгелері қаралуда.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Кезек азайып, оң өзгерістер көбейген

Күні: , 216 рет оқылды

жаслану


Сейсенбі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы №4 және №5 емханаларға бардық.


Аталмыш емханаларда осыдан бір айдай уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда, облыс әкімінің сын-ескертпелерінен кейін болып, ондағы оң өзгерістерге куә болғанбыз. Содан бері сол тәртіп өзгере қоймаған сияқты. №5 емхананы аралап жүргенде бір байқағанымыз, емхана дәліздерінде науқастар легі бұрынғыдай көп емес. Мұның себебін жолай кездескен бір науқастан сұрағанымызда, ол: «Бүгінде мұнда бәрі «строго записьпен келеді» деп қысқа қайырды. Дәрігерлердің қабылдау бөлмесінің сыртында тура сол сәуір айындағыдай науқастарды қабылдау кезегі жазулы тұр. Онда қай науқастың дәрігерге қандай уақытта кіретіні анық көрсетілген. №5 емхананың басшысы Сәуле Бұлқашеваның айтуынша, қабылдауға келмейтін немесе келмеген науқастардың аты-жөні арнайы маркермен сызылады және оның орнына кенеттен ауырып, дәрігер қабылдауына келген науқастар кіреді. Сол күні ауырып қалғандар да жазылуға мүмкіндігі болмағандықтан, дәрігер қабылдауына кезекпен кіреді.

Сәуле Бұлқашева бізді алдымен зертханаға апарып, оның жұмысымен таныстырды.

— Бұл жерде науқастар кезегі көп болмайды. Өйткені емхананың клиникалық зертханасы таңғы сағат 7.30-дан 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондықтан олар анализдерін өздеріне ыңғайлы уақытта, асықпай тапсырады. Сондай-ақ емшара бөлмесі таңғы 09.30-дан кешкі 19.00-ге дейін және сенбі күні түске дейін жұмыс жасайды. Бұдан басқа күндізгі стационар жұмыс істейді. 35 орындық стационарға негізінен созылмалы дертпен арнайы есепте тұратындар мен амбулаторлық емі нәтиже бермеген науқастар жолданады, — деген Сәуле Бақытханқызы бізді мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға арналған бөлмеге алып барды. Бөлме іші қажетті құрал-жабдықтарға толып тұр. Арнайы маман науқас балаларды осы жаттығу құралдары арқылы жаттықтырып, денелерін түрлі қимыл-қозғалысқа түсіреді. Бұдан соң біз бас дәрігермен бірге дені сау балаларға арналған бөлмеге бардық. Мамандардың айтуынша, мұнда жас сәбилер бір айға толғаннан бастап, денсаулықтарын тексертуге келеді. Дәрігерлер нәрестелерді қарап, олардың өсу, даму деңгейін анықтайды, жас аналарға дәрігерлік кеңес береді.

Сәуле Бұлқашеваның сөзінше, бұл емхана «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған, 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Екі корпустан тұратын емдеу орны бір мезгілде 500 науқасты қабылдай алады. Мұнда дәрігерлер мен медбикелер, сондай-ақ қабылдау бөлмелері де жеткілікті. Дәрігерлік қызмет көрсету бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

— Қазіргі таңда емханада 64 дәрігер, 159 медбике 46790 тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді. Емханада 21 участок бар, сол участоктарға 21 жалпы тәжірибедегі дәрігер бекітілген. Ол дәрігерлерге үш медбике, бір әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді. Сала мамандары да жеткілікті. Әр учаскеде 2100 тұрғын бар, жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің әрқайсысы өзінің көмекшілерімен бірге осыншама тұрғынға көмек көрсетуде. Жалпы, тәжірибедегі дәрігерлер белгіленген сағатқа сәйкес науқастарды қабылдайды. Балаларды бір бөлек, ересектерді бір бөлек, белгіленген сағатта қабылдайды. Емханада үйге барып қызмет көрсету жүйесі қалыптасқан. Яғни әр учаскенің дәрігерлері қарт адамдар мен жүріп-тұруы қиын мүгедектердің үйлеріне барып, олардың денсаулықтарын тексереді. Медбикелер оларға дәрігер белгілеген ем-домды жасайды.

Емханада науқастардың келу легін реттеу қызметі жолға қойылған. Науқастарды бірінші қабатта әкімшілер қарсы алып, оларға одан әрі жөн сілтейді. Олар кезекшілікте төрт сағат сайын ауысып тұрады. Емхананың «А» корпусында әкімшілік пен салалық мамандар отырса, «Б» корпусында алғашқы учаскелік қызмет пен түрлі процедураларды жасайтын бөлмелер орналасқан. Анықтамалық ақпарат емхана дәлізіндегі жергілікті теледидар бойынша әр корпуста (А, Б) көрсетіліп тұрады. Амбулаторлық карталар мұнда бұрынғыдай регистратурада сақталмайды, оларды сақтайтын арнайы бөлім жұмыс істейді.

Басқа емханалардан бір айырмашылығы, мұнда дәрігерлер науқастарды қабылдау кезінде қолжазбаны электронды түрде толтырады екен. Дәрігерлердің айтуынша, «Пациенттер журналы» бағдарламасы науқастардың амбулаторлық картасын сақтап, олардың есебін электронды түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Мұның бір пайдасы, дәрігер қабылдауына келген науқастың ауру тарихын осы бағдарлама арқылы лезде біліп алуға болады. Жалпы, тәжірибедегі дәрігерлер науқастарға диагноз қою барысында «АИС-емханалар», «Қазмединформ» ақпараттық жүйелері арқылы өзара байланысады. Бұл өз кезегінде диспансерлеу тиімділігін арттырады.

Тағы бір айта кететін нәрсе, емханада тіркелген 9 мың науқас тегін медициналық көмек алады.

Ауыр науқастар мен кеңінен таралған аурудың 36 түрінен пациенттерді емдеу үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 400-ден астам дәрілік препарат тегін пайдаланылады. Мысалы, ағымдағы жылдың бес айында емхана өз емделушілерін 19 166 523, 68 теңгенің дәрі-дәрмегімен тегін қамтамасыз етті.

Бұдан басқа емханада Call-center орталығы жұмыс істейді, мұнда пациенттерден күніне кем дегенде 100-120 рет қоңырау түседі, — деген Сәуле Бахытханқызы пациенттерден түскен арыз-шағымды мүмкіндігінше тез қарап, науқастардың наразылығын туғызған түйткілді мәселелерді сол мезетте шешіп жіберуге тырысатынын жеткізді.

Аталмыш емханадан шыққаннан кейін қаладағы №4 емханаға бардық.

Мұнда да ерсілі-қарсылы сапырылысқан науқастар легі көрінбейді. Сөйтсек, бұл емханада да науқастар дәрігер қабылдауына келу үшін пациенттер алдын ала не телефонмен немесе сайт арқылы жазылып қояды екен.

— Біз медициналық қызметті мүмкіндігінше сапалы көрсеткіміз келеді. Сол себепті, ең алдымен, дәрігерлік қабылдауды реттеуді қолға алдық. Өткен айдағы облыс әкімінің ескертпесінен кейін емхана дәрігерлері науқастарды қабылдау мезгілін ұзартты. Яғни бүгінде емхана дәрігерлері пациенттерді таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қабылдайды. Сондай-ақ зертхана бөлмесінің жұмыс кестесін де өзгерттік. Нәтижесінде зертхана бөлмесі анализдерді таңғы сағат 8.00-ден бастап 15.00. сағатқа дейін қабылдайтын болды.

Жалпы, тәжірибедегі дәрігерлердің жұмыс барысындағы көп уақыты (бұл шамамен 40 пайызды құрайды) қағаз толтыруға кетеді. Бұған науқас парағын толтыру, анықтама беру, жұмысқа жарамсыздық қағазын жазу және басқалай құжаттар жатады. Егер дәрігерлер қауымын қағазбастылықтан арылтса, оның қызметінің сапасы да артар еді. Олар құжат толтыруға кеткен уақытын науқасқа арнаса, пациенттері сырқатынан тезірек сауығып кетер еді. Сондықтан медициналық қызметті дамыту бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіру керек деп ойлаймын, — дейді №4 қалалық емхананың бас дәрігері Арман Қалибеков.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

Орал қаласы


Жазықсыз құрбандарға дұға бағыштады

Күні: , 200 рет оқылды

IMG_7245


31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Сырым ауданына қарасты «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» кесене-кешен маңында көпшілік шара өтті.


— Саяси қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады. Оның 25 мыңнан астамы өлім жазасына кесілген. Сол жаланың жазықсыз құрбандарының ішінде қазақ әйелдері де болғаны баршаңызға мәлім. Біз тарихымызға көз жүгірте отырып, өткен заманның өрескел  қателіктерін қайталамауымыз керек, — деді жиын барысында сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Дәметкен Сүлейменова.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің шәкірттері саяси қуғын-сүргінге, тәркілеуге ұшыраған қазақ зиялылары туралы баяндамалар жасады. Оларға саяси іс-шараға қатысып, белсенділік танытқандары үшін «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалы, «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» қоғамдық қоры, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының, сондай-ақ Қаратөбе ауданы әкімінің атынан алғысхаттар табыс етілді. Жиылған көпшілік репрессия құрбаны ШаҺзада Шонанова туралы «Қазақстан-Орал» телеарнасы түсірген «Аяздағы ақ шуақ» фильмін көрді. Ақындар Дариға Мұштанова және Талап Таймасұлы өлеңдерін оқыса, белгілі жыршы-термеші Фархат Оразов тақырыпқа сай ән-жырларды әуелетті.

— Мұндай шараны облыс орталығында ұйымдастыруға да болады. Дегенмен біз жылдағы дәстүріміз бойынша қазақтың салтымен кең жерде, қуғын-сүргін құрбандарының рухтарына Құран бағыштап, ақ дастарқан басында бата қылып, бет сипап, бір-бірімізбен емін-еркін әңгіме-дүкен түрінде, ұлттық сипатта ұйымдастырғанды жөн санадық. Тілегіміз – ел-жұртымыздың амандығы, тыныштығы мен татулығы, — деді «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Айнұр мен Диана: 122 балл!

Күні: , 228 рет оқылды

IMG_1852


Маусымның 2-сінде тұтас еліміздегідей біздің облысымызда да Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Алғашқы сынақ бейсенбі күні М. Өтемісов атындағы БҚМУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өтті. Бірінші күннің нәтижесі туралы сала мамандарынан ақпарат алған едік.


– Бейсенбі күні облысымызда 1305 мектеп түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Со-ның ішіндегі 71 «Алтын белгі» үміткерінің 50,7 пайызы, үздік аттестатқа ұсынылған 27 түлектің 40,7 пайызы сенім үдесінен шыға білді. Қатысушылардың 21,3 пайызы жүзден жоғары балл жинады. Әзірге үздік көрсеткіш — 122 балл. Бұл жетістікке Шыңғырлау мектебінің түлегі Айнұр Есенова мен №7 мектеп түлегі Диана Біләлова қол жеткізді. Шекті деңгейге жете алмағандар саны тоғыз пайызды құрады, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Темірғалиева.

Білім сынағында облыс бойынша ең жоғары балл жинап, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері атанған талапкерлермен жедел сұхбат жүргіздік:

Айнұр  ЕСЕНОВА,

«Алтын белгі» иегері, Шыңғырлау мектебінің түлегі:

– Мен ҰБТ-дан 122 балл жинадым. Биология пәнін таңдаған болатынмын. Таңдау пәнінен ғана 22 балл жинадым. Қалған сабақтар бойынша максималды балл алдым. Қай университетте білім алатынымды әлі шешпедім. Емтихан кезінде ешқандай қобалжуға бой алдырмадым. Біріншіден, біліміме сенімді болдым. Екіншіден, кездескен сұрақтардың барлығы мектеп бағдарламасына сай болды.

Ақжібек  ОРЫНҒАЛИЕВА,

«Алтын белгі» иегері, С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінің түлегі:

– Мен ҰБТ-дан 112 балл жинадым. Таңдаған пәнім — химия. Дайындық барысында да жоғары балл жинап жүрдім. Еңбегім өз нәтижесін берді. Болашақта әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың жалпы химия мамандығының студенті атанғым келеді.

Диана  БІЛӘЛОВА,

«Ерекше  аттестат» иегері, №7  мектеп түлегі:

– Мен Ұлттық бірыңғай тестілеуден 122 балл жинадым. Бұл мен үшін өте қуанышты жағдай. Математика мен қазақ тілі пәндерінен — 25, басқаларынан 24 балл жинадым. Балалық шағымнан дәрігер болуды армандап өстім. Алла қаласа, арманым орындалғалы тұр. Астана қаласындағы Медициналық университетке тапсырамын. Тестілеу барысында қобалжығанымды жасырмаймын, бірақ дереу өзімді қолға алдым. Ұстаздарыма алғыс айтамын. Құрбы-құрдастарыма сәттілік тілеймін!

Айымгүл Төлеуғали


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика