Мұрағат: 02.06.2016


Тоғыз жылда 301 адам…

Күні: , 350 рет оқылды

31974_1


Жаздың аптап ыстығында ең жақсы демалыс суға шомылу екені белгілі. Бірақ суға түсу ережелерін сақтамаған жағдайда, өзен-көлдерде қайғылы жағдайлар орын алып жатады.


Мысалы, күннің ыси бас­таған­ы­на көп болмаса да, биылдың өзін­де екі адам суға кеткен… Осы­ған орай об­лыстық төтенше жағ­дай­лар де­­партаментінің ТЖ алдын алу бө­лі­мінің басшысы Марс Отар­­баев об­лыс тұрғындарын суға шо­­­мыл­ған­­да аса мұқият бо­лу­ға шақырады.

— Күн ысып, жұрттың суға жап­пай түсетін кезеңі таяп қалды. Тұрғындар ауа райының биыл біраз кешігіп барып, жы­лын­ға­нын естен шығармауы керек. Бұл кез­де ауа температурасы жо­ғары бо­луы мүмкін, бірақ су­дың тем­­пе­­рату­ра­сы бәрібір тө­мен бо­ла­тынын ұмыт­пау қажет. Бұл жағ­дайда бас миы­ның қан та­мыр­ларының қатты жиы­рылуы әсе­рі­нен сіңір тартылып, сол себептен адам де­­несі­нің маңызды бұлшық еттері қыз­мет етпей қалуы мүм­кін. Сон­дық­тан күн қатты ысыма­йынша, суға шо­мылуды кейінге қалдыра тұрған жөн.

Сақтық шараларының үздіксіз жасалып жатқанына қарамастан, жыл сайын жазғы шомылу маусымында адам өміріне қауіп төнді­ре­тін жағдайлар азаймай тұр. Мы­­­салы, өткен жылы құтқару­шылар­­мен күзетілмейтін айдындар­да 30 адам қаза болса, соның 12-сі – бала. Оның алдыңғы жылы да, яғни 2014 жы­лы 31 адам суға кетсе, соның сегізі жасөспірімдер екен. Статистика­лық деректерге сүйен­сек, 2006-2015 жылдар ара­­лы­ғын­да барлығы 301 адам су­ға кеткен. Оның 282-сі – ересек адам­­дар, ал қалған 69-ы – балалар. Су­ға кет­кендердің басым көпшілігі Орал қаласынан (134) және Зеленов ауданынан (70) болып отыр. Суға кету оқиғасының 35 пайызы Шаған өзенінде тіркелсе, 28 па­йызы Жайық өзенінде орын ал­ған. Бұл ағысы қатты үлкен су ай­­дындарында суға түсудің қауіп­ті екенін көрсетеді. Судағы төтен­ше жағдайлардың басты себеп­те­рі мы­налар, ол азаматтардың құт­қа­ру­шылармен күзетілмейтін су айдындарында демалуынан, шо­­мы­луға жабдықталмаған және ар­нал­маған жерлерде шомылуы­нан, судағы қауіпсіздік талаптарын білмеуінен және оларды ұстан­бауынан, ішімдік ішіп шомы­луынан, жүзе білмеуінен жә­не ба­­­ла­лардың су жағасында ере­сек­тердің бақылауынсыз қалуынан бо­лып отыр. Мысалы, суға мас кү­йінде түскендер судағы төтен­ше жағ­дайдың 34 пайызын, суда­ғы қауіпсіздік талаптарын білмейтін­дер мен жүзе алмайтындар 25 пайызын құрайды. Сондай-ақ су­ға түсуге арналмаған жерде қай­ғылы қазаға ұшырағандар 16 па­йыз болса, ересектердің қадаға­ла­уын­сыз суға түсіп, ажал құшқан жас балалардың көрсеткіші – 13 па­йыз.

Жедел-құтқару жасағы бөлім­шелері орналасқан су қой­мала­­рында және басқа да про­филак­­ти­калық аудандарда судан зар­­­дап шеккендерге уақтылы кө­мек көрсетіледі. Мысалы, был­тыр­ғы шомылу маусымында жасақ құт­­қарушылары 40-тан астам адам­ды құтқарды.

Жаз енді басталды, алда талай аптап ыстықтың болатыны анық. Төбеден күн шыжғырғанда, сал­қындау үшін үлкен-кішінің суға қарай жүгіретін әдеті. Осы­ған орай судағы қайғылы жағ­дайлардың алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ТЖ алдын алу бөлімінің басшысы ретінде тұр­ғын­дарға қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар дегім келеді, — дейді Марс Отаров өз сөзінде.

Суға шомылғанда қатаң ес­керілетін қауіпсіздік шаралары мыналар:

  1. Суға тек жабдықталған жа­ға­жайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда, ресми рұқ­саты және құтқару қызметі бар жерлерде ғана шомылуға болады.
  2. Шомыла білмейтіндерге белінен жоғары келетін суға түсуге болмайды.
  3. Шомылу кезінде суға түсу­шілер бір-бірін көзден таса қыл­мауы тиіс.
  4. Жағадан алысқа және қо­­йыл­ған белгіден әрі қарай жүзуге болмайды.
  5. Жүзе білмейтіндерге дөңге­­лекті, үрлемелі матрасты пайда­ла­нуға болмайды, өйткені оларды жағадан жел немесе ағын алысқа алып кетуі мүмкін, ал бұл көмек көрсетуге қиындық туғызады.
  6. Жүзіп келе жатқан катерлер мен қайықтарға жақын­да­ма­ңыздар.
  7. Қайықтан, көпірден және ке­­ме аялдайтын орыннан суға се­кір­меңіздер.
  8. Суға көп шомылмаңыздар, қатты тоңып және шаршап қалу­ла­рыңыз мүмкін, ал бұл жағдай өте қауіпті!
  9. Түнгі уақытта немесе мас күй­де суға шомылуға болмайды.
  10. Су айдынының маңа­йында балаларды қараусыз қалдыр­ма­ңыздар.
  11. Ағысы жылдам және терең, қауіпті жерлерде шомыл­ма­ңыз­дар.
  12. Техникалық ақаусыз, құт­қа­ру құралдарымен жасақталған арнайы құралдарда ғана жүзіңіз.
  13. Техникалық және алдын алу белгілерінің, қалтқы белгі­ле­рі­нің үстіне шығуға болмайды.
  14. Жағада жалған дабыл бе­­ріп айғайлауға болмайды.
  15. Су айдындарын ластауға жә­не бүлдіруге тыйым салынады.
  16. Жағалауда және киім ауыс­тыратын орындарда демалушы­ларды жарақаттауы мүмкін қо­қыс­тарды қалдыруға болмайды.

«Сақтансаң, сақтармын» деген. Суға түскен кезде үнемі жоғарыда көрсетілген қауіпсіздік ережеле­рін сақтап жүрелік. Әр адамның өмірінің қауіпсіздігі өз қолында!

Бір айта кететін жәйт, егер де сізге қауіпті жағдай төнсе, сізге көмек қажет болса, онда дереу «112» құтқару қызметінің телефон нөміріне қоңырау шалыңыздар! Сіздерге облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің қыз­мет­керлері көмек көрсетуге қашан да әзір.

Дайындаған Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ақылбек БЕКТАСОВ, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің солисі: «Домбыра үні бесікте жатқанда-ақ санама сіңген»

Күні: , 764 рет оқылды

бектасов


«Қазақ өнеріндегі ең күрделісі, ең толғаулысы, ең сырлысы – күй» деген екен ұлы суреткер Мұхтар  Әуезов. Орал өңіріндегі жалынды жастардың бірі, домбыраның шанағынан шыққан қоңыр үнді халыққа жеткізіп жүрген жас өнерпаз, Ә. Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» күй сайысының лауреаты (І орын) Ақылбек Бектасовпен тілдесудің орайы түскен еді.


– Ақылбек аға, күйшілік өнерге қалай келдіңіз?

– Әкемнің інісі Серік Бектасов деген ағам бесікте жатқанымда-ақ, домбырамен күй тартып, сәби кезімде-ақ санама сіңірген екен. Әкем де домбырашы. Кішкене күнімде қолыма оқтау, сыпырғышты алып, домбыраша шертіп ойнайтынмын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, әкем мен ағамнан алысқа ұзамай, мен де ес білгелі домбыраны жаныма серік еттім.

– Кәсіби музыкалық білім алуға неше жасыңызда бет бұрдыңыз?

– Жалпақтал ауылындағы Кенжебек Меңдәлиев атындағы орта мектеп жанындағы саз мектебінің табалдырығын 7 жасымда аттадым. 8-сыныпқа келгенде домбырашы болғым келетінін ұқтым. Мен домбыраны есту қабілетімен ойнап үйренгенмін, нотаны оқу маған өте қиынға соқты. Әсіресе, сольфеджио, гармония сабағынан қиналдым. Ақыры үйреніп, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультетіне оқуға түстім.

– «Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай» дегендей, «Аймақтар аламанында» өңіріміздің мерейін үстем еттіңіз.

Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына арналған республикалық байқауда бас жүлдені иелендіңіз. Жалпы, осындай сайыстардың өнер адамының шыңдалуына тигізетін әсері жайында айтсаңыз.

– Менің өнер адамы ретінде қалыптасуыма жастайымнан қатысқан байқаулар ықпал еткен тәрізді. Мектепте оқып жүргенімде түрлі аудандық, облыстық конкурстарға қатысып жүрдім. Мен қатысқан ең алғашқы республикалық конкурс Тараз қаласында өтті. Ол жерде жүлде алмасам да, біршама тәжірибе жинадым. Сахна мәдениеті, жүріп-тұру мәнерінен бастап, өзіммен қатар әріптестерімнен үйренгенім, түйге-нім мол болды.

– Бос уақытта айналысатын сүйікті ісіңіз қандай?

— Спортты қатты жақсы көремін. Футбол, баскетбол, волейбол ойындарын жібермеймін. Бильярдты да сүйіп ойнаймын.

— Тойда табыс табатындардың қатарындасыз ба?

— Менің университеттегі ұстазым «Ешқашан халтурщик болма. Өнеріңді көрсеткің келе ме, концертте көрсет, халық сені танысын, содан кейін өздері арнап шақырады» деген болатын ол. Мен шикіөкпе кезімде тойға шыққан емеспін. Өзімді-өзім дамыттым, домбыра шертудің қыр-сырын меңгергенше талпындым. Қазір де бәрін білемін деп кеуде кермеймін, дегенмен сонша жылдық еңбегім өз жемісін беруде. Астана мен Алматыдан жол шығынын көтеріп, еңбегімізді барынша беріп, тойға шақырып жатады. Ақша ешкімге артықтық етпейді, еңбегімді бағалап шақырып тұрғанда неге бармасқа? Ұстаздарым, дос-жарандарым өтініш білдірсе, олардың да сөзін жерге тастамай, тойларына барып өнер көрсетемін.

— Сіздің ойыңызша, батыс күй мектебін жалғастырушы деп ауыз толтырып айтарлықтай бүгінгі домбырашы-күйшілер кімдер?

— Біздің өңірден шыққан дарынды домбырашылар баршылық. Мысалы, Батыржан Мықтыбаев – Қазақстан бойынша нөмір бірінші күйші-домбырашы. Ермек Қазиев және оның ұлы Асылхан Қазиев те Оралдың мықты күйшілері.

— Өзіңіз шәкірт тәрбиелеуді қолға алғыңыз келмей ме?

— Жоқ, өзімді ұстаз болып, шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жеттім деп ойламаймын. Бұйырған уақытта, ол күнге де жетерміз. Әзірге өзімді-өзім қамшылап, тынбай үйрену, іздену үстіндемін.

Сұхбаттасқан Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ


«Велодәрігерлер»

Күні: , 354 рет оқылды

DSC_0032


Жақында қалаішілік №5 автобустан ерекше хабарландыруды байқадым. Күнделікті көз алдыңнан кетпейтін, адам санасы жауыр болған жарнамадан өзгеше мазмұнды бұл хабарландыруды қызыға оқып шықтым. Хабарландыру беруші «Әр түрлі велосипедтерді жөндейміз» деп жазып, астына байланыс телефондарын беріпті.


Сол кезде үйдегі ұлдарымның да «шайтанарбаларының» сынғаны ойыма сап ете түсті. Қызығушылықпен қоңырау шалдым. Телефонды көтерген азаматтан мекенжайын алып, кездесетін орынды белгіледік. Ондағы ойым, біріншіден, велосипед жөндетіп, екіншіден, кәсіптің сирек түрін қолға алған азамат туралы кеңінен біліп, оқырманға таныстыру еді.

Белгіленген уақытта шеберханасынан күтіп алған жігіт өзін Петр Красников деп таныстырды. Шеберхана орталық базар аумағындағы «Орал-1» гараж кооперативінде екен. Гараж іші толған вилосипед. Осы уақытқа дейін біз кездестірмеген вело түрлерін көріп таңырқағаным да рас. Өзгелерден ерек кәсіп иесін қызығушылықпен сұрақтың астына ала бастадым. Петр байыппен әңгіме тиегін ағытты.

— Өзім Латвияның астанасы Рига қаласында дүниеге келдім. Алты жасымда осы Оралға көшіп келген едік. Барлық бүлдіршін секілді велосипедке бала жасымнан қызықтым. Алғашында ата-анам қарапайым «Кама» велосипедін алып берді. Сондағы қуанғаным әлі есімде. Велосипедіме ерекше күтіммен қараушы едім. Содан өзім сияқты велоға әуес достарым, көршілерім көбейе бастады. Бәріміздің бас қосқанда айтатын тақырыбымыз – вело. Өзіміз жөндеп үйренуші едік. Кейіннен әке-шешем орташа сападағы спорттық велосипед алып берді. Достарымызбен қаладағы көлік аз жүретін жерлерге жиналып, веложарыстар ұйымдастырушы едік. Жыл өткен сайын велосипедтің жетілдірілген түрлеріне қоса, велоәуесқойлар саны да арта бастады. Мен де ескісін сатып, үстіне азын-аулақ қаржы қосып, Ресейдің Самара қаласынан нағыз кәсіби спорттық велосипед алдым. Басқосуларда бір-бірімізбен ақыл-кеңестермен бөлісіп, ақауларды бірігіп жөндеуші едік. Себебі ол уақытта қаламызда велосипед жөндейтін арнайы шеберхана жоқ еді. Осыдан үш жыл бұрын әріптесім Бауыржан Махамбетов екеуміз ақылдасып, гаражымызды жабдықтап, жөндеуге қажетті құрал-сайман алып, шеберхана аштық. Алғашында келушілер аз болатын. Кейін ғаламтордан өз парақшамызды ашып, қоғамдық көліктерге, аялдамаларға жарнамамызды ілдік. Шынын айту керек, бастапқы кезде келушілердің бізге деген сенімсіздігін де байқайтынбыз. Уақыт өте велосипед жөндетушілер саны арта бастады. Біз де кәсібімізді кеңейтудің жолын қарастырдық. Қала тұрғындары демалатын орындардан велоны жалға беру қызметін аштық. Осы жылы қаламыздың 7-мөлтекауданындағы «Азия мол» сауда орталығы ішінен тағы бір жөндеу шеберханасын іске қостық. Тұтынушыларға көрсетілетін қызмет түрлерін де әрдайым арттырып отыруға тырысамыз. Сынған волосипедтерін шеберханаға әкелуге жағдайы жоқ адамдардың үйлеріне барып жөндейтін арнайы қызметіміз де бар, — дейді Петр.

Аз ғана уақыт шеберхана ішінде емен-жарқын әңгіме соғып отырғанның өзінде вело жөндетпекке 4-5 тұтынушы келіп үлгерді. Бірі жөнделген велосипедін алып кетуге келсе, екіншісі сынғанын жөндеуге әкелген екен. Үш дөңгелекті велосипедін сүйрелеп келген алты жасар Әлібектің «Master Star» маркалы «тұлпарын» сол мезетте жөндеп беруге кіріскен кейіпкеріміз әңгімесін жалғады.

— Біз қарапайым балалар велосынан бастап, құрылымы күрделі ересектер велосын да жөндей береміз. Тіпті КСРО кезінде шыққан «тұлпарын» сүйрелеп келген кәрі адамдардың да көңілін қалдырмауға тырысамыз. «Махамбетов» атты жеке кәсіпкерлігімізде төрт адам жұмыс жасаймыз. Бауыржан Махамбетов пен Рашид Сыиков есімді әріптестеріміз негізінен жөндеуге қажетті құрал-жабдықпен қамтып отырады. Мен жөндеушімін. Қасымда Виктор есімді көмекшім бар. Құрал-жабдық Ресейдің қалаларынан жеткізіледі. Күрделі велоларға қажет құралдарды тапсырыспен алдыртамыз. Велосипед шығару өндірісінде немістің «CUBE», жапонның «SHIMANO», американың «GT», «SRAM», «PROMAX» фирмалары алдыңғы шепте. Вело жөндеу барысында да осы фирманың сапалы жабдықтарын салуға тырысамыз. Тұтынушылар алдында өз беделімізді жоймау мақсатында уақытпен санаспай, сапаға жұмыс істеуді мақсат етеміз, — деді “велодәрігер” дядя Петя.

Тура бір ота жасаған хирургтей бүлдіршіннің «тұлпарын» әп-сәтте жөндеп берген шеберден болашақтағы жоспары туралы сұраған едік.

— Бүгінде велосипедке аяқ артушылар жыл өткен сайын көбейе түсуде. Денсаулыққа пайдалы әрі экологиялық тұрғыдан тиімді көлік құралына қызығушылар қатары көбейгендігі көңіл қуантады. Бүгінде заманауи электр қозғалтқышы бар немесе гидравликалық тежегіші бар велосипедтер шығарылуда. Сондықтан жыл өткен сайын велоәуесқойлардың саны артпаса, кемімейтіні кәміл. Өзіме ұнайтын іспен айналысып, табыс тауып, отбасымды асырап отырғандықтан, бұл кәсіп маған өте ыстық. Болашаққа келер болсақ, велосипед жөндейтін үлкен шеберхана ашсақ деймін. Ол жерде жөндеу жұмыстарымен қатар, сапалы әрі қолжетімді бағамен велосипед пен оған қажетті құрал-жабдықтар да сатқымыз келеді. Сонымен қатар қала тұрғындарына вело күтімі жөнінде тегін кеңес берер едік, -дейді Петр Красников.

Велошеберханадан ұзап бара жатып, бүгінде екі қолға бір күрек таппай, дағдарып жүрген бауырларымыз кәсіптің кілтін тапқан осындай жігіттерден үлгі алса ғой деген ойға берілдік…

«Шайтанарбаның»  тарихы

Велосипедтің «атасы» – неміс бароны Карл фон Дрез. Ол 1817 жылы жылдам жүретін машина жасауды қолға алады. Сондағы жасап шыққаны бүгінгі велосипед атаулының «атасы» екен. Көлік Париж бен Лондонға тез тарайды. Бірақ Дрездің көлігі біраз уақыттан кейін ұмыт қалады. Тек 1839 жылы шотландық шебер Крикпатрик Макмиллан оны қайта құрастырып, педаль мен отырғышын қосады. Ал 1863 жылы франциялық өнертапқыш Пьер Лалман оны одан әрі жетілдіреді, көлікке «велосипед» деген ат береді. Сондықтан да велосипедтің шыққан елі Франция болып саналады.

Велосипедтер негізінен жолға, серуенге, спорттық және тауға арналған болып бөлінеді.

Бұрындары біздің елде велосипедті көбіне балалар тебетін. Содан ба үлкендер великке мінсе, көзге оғаш көрінетінді. Ересектердің жұмысқа велик мініп баруы тұрпайы ғана емес, ұят сияқты елестейтін.

Ал шетелдіктердің бұған көзқарасы мүлдем басқа. Әсіресе, Еуропада бұл көлікті әуелден танымал тұлғалар көп мінеді екен. Мәселен, велосипедті көп тепкендердің бірі – Альберт Эйнштейн. Бүгінде велосипедті Мадонна, Брэд Питт пен Анджелина Джоли, Леонардо ди Каприо, Робин Уильямс, Дэвид Бекхэм, Джессика Альба, Дженнифер Лопес сияқты жұлдыздар жан серігіне айналдырды. Біздің елде де велосипед тебетін танымал тұлғалар аз емес. Мәселен, Төрегелді Шарманов, Тоқтар Әубәкіров, Ирак Елекеев, Нұрлан Абдулиннің тұрақты велосипед тебетінін білеміз.

Соңғы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде өтетін велосеруен, веложорықтар жиі ұйымдастырылып, “шайтанарбаның” асығы алшысынан түсіп тұр.

Вело қанша тұрады?

Орал қаласындағы сауда орындарында велосипед құны сапасы мен тұтынушының жас ерекшелігіне қарай әр түрлі. Үш жастағы бүлдіршіндер үшін 10-12 мың теңге, 5-7 жастағы балалар велосы 15-16 мың, 7-10 жастағылар үшін 20-22 мың теңге тұрады. Ал ересектерге арналған велосипед 28-30 мың теңге шамасында. Спорттық велосипедтер 35 мыңнан бастап, 60-70 мың теңге шамасында саудалануда.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»,

u_nurbek77@mail.ru


Нұрғиса ДӘУЕШОВ: «Құрманғазы оркестріне ұлттық мәртебе беретін уақыт жетті»

Күні: , 1 215 рет оқылды

дауешов


Нұрғиса ДӘУЕШОВ — атағы күллі әлемге мәшһүр Құрманғазы атындағы  академиялық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің директоры. Бүгінде қазақтың күй әлемінде өзіндік дара жолын қалыптастырып, қолтаңбасын қалдырып үлгерген талант иесі.


Ол Сырым ауданының Көгеріс ауылында 1985 жылы дүниеге келген.  Күйші-домбырашы ретінде бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері. Атап айтар болсақ, Дәулеткерей атындағы республикалық домбырашылар байқауының жүлдегері, әр жылдары өткен Дина Нұрпейісова мен Мұрат Өскенбаев атындағы республикалық  күйшілер байқауының лауреаты,  Астанада өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқау мен халықаралық “Шабыт” фестивалінің,  сондай-ақ Алматыда өткен «Асыл мұра» халықаралық байқауының лауреаты.

Осылай қазақтың киелі өнерін дәріптеп, елге танытып жүрген талантты азаматпен  жуырда сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Сіз небары 27 жасыңызда қазақ өнерінің киелі ордасына айналған үлкен ұжымға басшы болып келдіңіз. Өнер жолыңыз қалай басталды?

– Сырым бабамыз өскен қасиетті мекенде дүниеге келіп, сол жерде мектеп табалдырығын аттадым. Кейін қаламыздағы №33 жалпы білім беретін мектепке ауысып, 2000 жылы Құрманғазы атындағы саз колледжінің домбыра класына оқуға түстім. Бұл жерде өңірге танымал азамат, ұстаз Қырымгерей Қажымұлынан көп нәрсе үйреніп, екінші курста Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестріне бас домбырашы қызметіне қабылдандым. 2004 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға оқуға түсіп, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаевадан дәріс алдым. Оқи жүріп, 2007 жылдан бастап байқау арқылы Құрманғазы оркестріне қызметке қабылдандым. Консерваторияны тәмамдап, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында өнертану магистратурасын бітірдім. Оркестрде қызмет жасай жүріп, бес жылға жуық Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаз болдым. Үлкен ұжымда домбырашыдан бастап, оркестр инспекторлығына дейін көтерілдім. Кейін көпшіліктің ұсынысымен 2013 жылы, оркестрдің 80 жылдығы қарсаңында басшылық лауазымына сайланған едім. Өнердегі жолым осылай өріліп келеді.

– Өмірлері бір арнаға сия бермейтін өнер адамдарына, әсіресе, музыканттарға басшы болу қаншалықты қиын?

— Ол жерге келмес бұрын үлкен сатылардан өттім. 24 жасымда оркестрдің барлық ішкі саясаты мен тәртібіне, шығармашылығына жауап беретін оркестр инспекторы болып сайланған едім. Ішкі құрылымды бес саусағымдай білгеннен кейін ұжымды басқару аса қиын болмады. Тіпті осы лауазымға тағайындайтындарын білгенде, аса бір таңданыс пен қобалжу болмаған. Дінмұхамед Қонаев атамызды бірінші хатшы етіп сайлаған кезде «Бұл жұмыстың ауырлығынан емес, халықтың сенімі мен үшін ауыр болып тұр» депті.

Расымен де, қазақтың өнері, күйі мен домбырасының сенімі мен үшін ауыр болды. Сондықтан абыройдың биігінде қалу әр азаматқа сын деп білемін.

– Кімдерден  тәлім  алдыңыз?

– Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмілов ағамызды өмірлік ұстазым санаймын. Сол кісінің арқасында күй өнерін, дәстүрлі өнерді қалыптастыруды, өмір мен өнер жолындағы жоғары мәдениеттілікті үйрендім. Бәлкім, Тұяқ ағамның берген баталары қабыл болып, биікке шығуыма себепкер болған шығар. Одан бөлек, қазақтың күй өнерінің қалыптасуына өзіндік жол салған Қаршыға Ахмедьяровтан, Айтжан Тоқтағанов пен Айтқали Жайымовтан да сабақ алдық.

Тұяқ ағамыз өмірінің соңғы кездерінде мені қасына жиі ілестіріп жүруші еді. Сондай сәттерде: «Сенің келешегіңді биіктен көріп тұрмын, сенің қолыңнан бәрі келеді», — деп айта беретін. Ол кісі «Адамға ең бірінші адамдық пен қарапайымдылық керек. Биіктеген сайын өзіңді қарапайым сезінсең, өзіңе де, өзгеге де жеңіл болады» — деп үйретті. Олар шынымен де өте қарапайым еді, қарапайымдылықта ұлылық, ұлылықтың ішінде үлкен рух жатыр. Осы үш-ақ нәрсе адамды адам етіп тұратынын ұмытпауымыз керек шығар.

– Шетелге жиі шығасыздар, ал аймақтағы оркестрмен байланыстарыңыз қалай?

— Мен осы уақытқа дейін алысты-жақынды 20-ға жуық шетелде болып үлгердім, ал оркестрдің табаны тимеген құрлық жоқ. 80 жылдықтың қарсаңында Американың бас қалалары Нью-Йорк пен Вашингтонда, Австрияның Вена қаласында, Украина мен Пекинде үлкен концерт қойдық. Жақында Швейцарияға барып, керемет әсермен оралдық. Әлемнің атақты сахналарында Құрманғазының күйі ойналғанда, атамыздың аруағы күллі әлемге рух бергендей әсер қалдырды. Алдағы уақытта Германия мен Австрияға концерт өткізуге тағы да шақырту алдық. Мақсатымыз – мәңгілік жоғалмайтын ұлы дала мәдениетін әлемге паш ету.

Мен басшылыққа келгелі өңірлердегі өнер ұжымдарымен әріптестікті нығайтып, меморандумдарға қол қойылды. Соның арқасында Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, Астана, Батыс Қазақстан облыстық филармонияларымен тығыз байланыс орнатып үлгердік. Ішкі ынтымақтастығымызды реттеп алмай, өнерді жаңартып-жаңғырта алмаймыз. Дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін де алдымен өнерде биік тұруымыз керек.

– Бұрынғы оркестр мен қазіргі сіз басқарып отырған оркестрдің айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылық жер мен көктей. Шамғон Қажығалиевтің оркестрге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол оркестрді 40 жыл басқарып, әлемдік деңгейде танытты. Олардың заманында еліміз бодан еді.

Қазір азатпыз, алайда олар бағындырған биікті біз әлі бағындырған жоқпыз.

Мемлекеттік оркестрді ұлттық оркестрге айналдырып, оған ұлттық мәртебе беретін уақыт жетті.

Сондай-ақ өнердің қара шаңырағына айналған біздің ұжым әлемдік «Грэмми» сыйлығына әбден лайық деп санаймын. Осы атаққа жету үшін тер төгіп жүрген жайымыз бар. Бұл сыйлыққа ТМД елдерінен әлі ешкімнің қолы жете қойған жоқ.

– Жастар құрамы қандай, оркестр қоржынындағы шығармаларды кім таңдайды?

– Бізде дәстүр жалғастығы деген бар, оны бұзуға болмайды.

Үш буын (үлкен, орта, жас) жұмыс істеп жатыр десек, 40 пайызын жастар құрайды. Ұжымдағы 130 адамның 80-і оркестрдің құрамында.

Қорда төрт мыңға жуық шығарма болса, әрбірінің өзіндік орны бар. Әр күйде қазақтың қалың тарихы жатыр. Қазіргі таңда оркестр үш бағытта жұмыс жасауда.

Алғашқысы ұлттық төл өнерімізді, әніміз бен күйімізді дамытуға бағытталса, екіншісі — әлемдік классиктердің шығармаларына көңіл бөлу. Себебі біз классиканы ойнамай, үлкен дәрежеге жетпейміз. Үшіншісі — әлемдегі танымал шығармалар мен заманауи шығармаларды репертуарға енгізу. Бұл жұмыстар жүйелі жолға қойылды деп толық айта аламын.

Жақсы репертуарсыз ұжымның өсуі болмайды. Ол көркемдік кеңес пен көркемдік жетекші, бас дирижерлардың ақылда-суымен шешіледі.

– Бір сұхбатыңызда «Құрманғазы оркестрі әлемде біреу ғана және мұндай оркестр енді болмайды» депсіз. Бұл сөзіңізге сенімдісіз бе?

– Біз – ұлы халықпыз. Қазақтың ұлттық домбырасы мен қобызын қазақтан басқа ұлт жан жүрегімен түйсініп, сезініп ойнай алмайды. Сондықтан Құрманғазы оркестрі секілді оркестр әлемнің еш жерінде болған емес және болмайды да.

Бір профессор апамыз: «Сен, қазақтың неге ұлы екенін білесің бе? ХVІІІ ғасырда күйдің қоңыр үні қазақтың әр шаңырағында естіліп тұрушы еді. Сол үн қазақтың киесі мен қасиетін сақтап келді» — деп айтқан еді. Менің бар тілегім, домбыраның шанағынан төгілген қоңыр үн әр шаңырақтағы бесікті тербеп тұрса ғой, шіркін!

– Бүгінгі қазақ өнеріне көңіліңіз толады ма?

– Қазіргі қоғамда өзін композитор санайтындар мен әншісымақтар, музыкада жеті нота бар десек, соның үшеуін ғана қолданатын музыканттар қаптап кетті. Бірақ олар өнердің жоғары деңгейімен емес, төменгі деңгейімен қалыптасып келе жатқан тобыр дер едім. Біреулер оқымай-ақ әртіс боламыз, кезінде Құрманғазы мен Дина, Шәмші де оқымай елге танылды деуі мүмкін. Алайда олардың заманы басқа, адамдардың дүниетанымы, талғамы өзге болды. Ал қазіргі таңда оқымаған адамның кәсіптік деңгейі жоғары болады деу қисынға келмейді. Ел арасында тума-таланттар бар, бірақ мыңның бірі ғана болуы мүмкін. Фонограмма өнердің өшуіне тікелей апаратын жол деп білемін. Біздің елге қарағанда, Өзбекстан мен Түркіменстанның экономикасы төмен болса да, ұлттық өнері жақсы дамып келеді. Оларда патриоттық сезім өте жоғары. Түркіменстанға бара қалсаңыз, кез келген қонақүйдің терезесінде шағын теледидардан өздерінің ұлттық аспабы — дутармен ойналған музыка естіліп тұрады. Әр тыңдаған сайын сенің құлағыңа құйылып, елден кетерде әуендеріне қалай ғашық болып қалғаныңды білмей қаласың. Ал өз елімізде домбыраның үнін қонақүй түгілі, концерттерден көру арман болып барады. Сондықтан шетелге еліктеген жастардың легін көрсем, қазақ өнеріне төніп тұрған үлкен қауіпті көргендей боламын. Біз Ұлы даланың еркін өскен ұландары екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Ұйқыны бұзар ҰБТ…

Күні: , 1 485 рет оқылды

13321923_576571135846226_4871296040078781700_n


Бүгін облысымыз бойынша жеті аудан орталығы мен шаһарымыздағы екі жоғары оқу орнында Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Білім сынағы 4 маусымға дейін жалғаспақ. Биыл 4 514 түлек мектеп бітірсе, олардың 3 416-сы тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Облыс бойынша 192 оқушы «Алтын белгіге», 79 оқушы – үздік аттестатқа үміткер. Ал 22 оқушы түрлі халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпазы ретінде ҰБТ-дан босатылған.


Бұл туралы сейсенбі күні «Қазақстан – Орал» телеарнасында өткен баспасөз брифингінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мәлімдеген еді. Сондай-ақ брифинг барысында оқу жылының қорытындысы және ҰБТ-ға дайындық, жаңа оқу жылына арналған жоспарлары туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл елімізде он үшінші рет өтіп отырған Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалған. Тек ағымдағы жылы тестілеудің қорытындысы бойынша белгіленген шекті деңгейден өтпеген немесе «қанағаттанарлықсыз» баға алғандар үшін қайтадан ақылы кешенді тестілеуге кіруге рұқсат етіледі. Бұл тестілеу тамыз айының соңында төрт пән бойынша өткізіліп, нәтижесіне байланысты жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға тапсыруға мүмкіндік беріледі. Егер бұл сынақтан да өте алмай қалса, шартты түрде оқуға қабылдана алады. Қаңтар айындағы І семестрде қайтадан кешенді тест тапсырады, егер тағы да қажетті балды жинай алмаса, оқудан шығарылады.

Қазіргі таңда облыстың барлық мектептерінде оқушылармен қатар ата-аналарға да психологиялық бағытта семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылуда. ҰБТ кезінде шаршау мен уайымды жеңу, еш алаңсыз тапсырмаларды орындау және оған дағдыландыру жұмыстары жүруде. ҰБТ-ның өткізілуін үйлестіру үшін білім басқармасының базасында штаб құрылып, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларымен барлық ҰБТ пункттері және оқушылардың тұру, тамақтану, қону орындары алдын ала тексерістен өткізіледі.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынба хатына сәйкес республиканың барлық жалпы білім беретін мектептерінде мектеп бітіру кештері 17 маусымда өткізілмек. Соған байланысты мектеп бітіру кештері мен жалпы орта білім туралы аттестаттарды табыс ету рәсімдері өз мектептерінде өткізіледі. Биыл мектеп бітіру кештерін көңіл көтеретін ойын-сауық орындарында өткізуге және мектеп әкімшілігі мен педагог қызметкерлерге сыйлық алу үшін білім алушылар мен олардың ата-аналарынан ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Егер аталмыш жағдайдағы фактілер анықталса, мұғалімдерді жұмыстан шығаруға дейінгі шаралар қолданылатын болады.

Жаңа оқу жылында мектептер республика бойынша жаңартылған 12 жылдық білім беруге көшпек. Мұндай жүйеге биыл 1-сынып, 2017 жылы 2, 5, 7-сыныптар және 2019 жылы 10-11-сыныптарды көшіру жоспарлануда.

Жаңартылған білім мазмұнына көшу жоспарына сәйкес тамыз айына дейін 1-сыныптарда сабақ беретін 2 мыңнан астам педагог арнайы курстардан өтеді. 2016-2017 оқу жылынан бастап тек қана 1-сыныптарда бес күндік оқыту енгізілмек.

Сонымен қатар алдағы жаңа оқу жылында орта және жоғары буын сыныптарында таңдау курстары арқылы физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде беру жұмыстары қолға алынады. Соған сәйкес жаз мезгілінде физика, химия, биология, информатика пәндері мұғалімдері үшін ағылшын тілінде курстар ұйымдастырылатын болады.

Білім бөлімдерінің алдын ала ұсынған мәліметі бойынша жаз мезгілінде 77 мыңнан астам оқушыны қамту үшін 602 түрлі бағыттағы лагерьлер жұмыс жасауға дайын.

«Аджип Қарашығынақ б.в.» компаниясының шақыруымен Адриатикалық теңіз жағалауындағы (Италия) жазғы лагерінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және табысы аз отбасынан 12-14 жас аралығындағы 40 оқушы демалып қайтпақ. Брифинг соңында Айгүл Әділгерейқызы облыстағы білім беру мекемелерінде 199 педагогикалық қызметкерге қажеттілік туындап отырғандығын атап өтті. Әсіресе, математика, қазақ мектебінде орыс тілі, химия, география және психолог мамандары тапшы. Бұл қажеттіліктер жоғары оқу орындарының биылғы түлектері есебінен азаяды деп күтілуде.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

 

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі» газеті:

— Жаңа оқу жылынан бастап енгізілетін 12 жылдық білім берудің негізгі ерекшеліктері қандай болмақ?

 

Айгүл МЫҢБАЕВА,

облыстық білім басқармасының басшысы:

— Басты ерекшелігі оқытудың мазмұнында болмақ. Елімізде бірнеше жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектептері жұмыс жасап келеді. Олардың білім жүйесі шетелдік іс-тәжірибелерге, соның ішінде Кэмбридждік бағдарламалар мен жаңартылған білім мазмұнына негізделген. Соған сәйкес барлық оқулықтар мен оқу бағдарламалары жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкестеліп, жаңа оқулықтарға тапсырыс берілді. Білім беру ұйымдарына оқулықтар мен әдістемелік материалдарды жеткізу 15 шілдеден бастап 10 тамызға дейін жүзеге асырылады.

 

Наталья ГОРОХОВА,

«Приуралье» газеті:

— ҰБТ-ға дайындық кезінде қандай психологиялық жұмыстар жүргізілді?

 

Айгүл МЫҢБАЕВА,

облыстық білім басқармасының басшысы:

— Бұл жауапты кезеңге барлық білім беру мекемелері жыл басынан дайындалады. Жуырда, яғни 27 мамырда барлық мектептерде 11-сыныпты бітірушілер және олардың ата-аналарымен «Сенімділік күш береді» психологиялық тренингтері өткізілді. Бұл түлектерді ҰБТ алдында психологиялық дайындықтан өткізуге бағытталды. Психологиялық тұрғыда дайындалу адамның өмірге деген көзқарастарының жақсаруына, өзіне сенімділіктің артуына септігін тигізетіні сөзсіз. Түлектеріміз ҰБТ-ға барлық жағынан дайын, жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз.

 

Роман КОПНЯЕВ,

«ТДК-42» телеарнасы:

— Биыл мектеп формасын кию барлық мектептерге бірдей міндетті ме? Көп балалы отбасылар мен кірісі аз жанұялардың балаларына мектеп формасын алуға жеңілдіктер қарастырыла ма?

 

Айгүл МЫҢБАЕВА,

облыстық білім басқармасының басшысы:

— ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы №26 бұйрығына орай, орта білім беру ұйымдары үшін мектеп формасын кию міндеттелді. Аталған талаптарға сәйкес әр мектеп форманың түсі мен үлгісін қоғамдық кеңестер мен жалпымектептік ата-аналар жиналысында анықтайды. 13 мамыр күні облыстық қазақ драма театрында «Мектеп формасы – 2016» көрмесі ұйымдастырылып, отандық кәсіпкерлер мен дизайнерлердің қолынан шыққан мектеп формасының үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Әрі қарай бұл өндірушілермен білім беру ұйымдары өзара келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ кірісі аз, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және көп балалы отбасылардың ұл-қыздары үшін жалпы білім беру қорынан қаражат бөлініп, киім алуға қажетті барлық жағдайлар жасалатын болады.


Құм шағылдар арасындағы жерұйық

Күні: , 215 рет оқылды

Пекарня с владельцем и пекари


Саралжын ауылдық округі Қаратөбе ауданының оңтүстігіне қарай 62 шақырымдық жерде орналасқан. Шөлейт белдемдегі округтің аумағында кішігірім бірнеше көл бар. Содан ба, әйтеуір, жері құрақ, көкпек, бетеге, еркекшөп, жусан және өзге түрлі шөптесін өсімдіктерге бай. Жалпы, 1700 тұрғыны бар округтің құрамына Қарақамыс пен Сәуле ауылдары кіреді.


Бұрын кеңестік заманда қаракөл қойын өсіретін «Саралжын»  кеңшарының орталығы болған Қарақамысқа газ тартылған, ауыз су құбыры жүргізілген. Отбасылық дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді, мамандары жеткілікті. Саралжын ауылдық округінің әкімі Қайыр Бисенғалидың айтуынша, округте 23 шаруа қожалығы 22 жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді. Шаруашылықтар негізінен мал өсіреді. Ал жеке кәсіпкерлер сауда, сервистік қызмет саласында және қыстық мал азығын дайындаумен шұғылданады. Белгілі әдебиеттанушы-ғалым, академик Қажым Жұмалиевтің, қазақ халқынан шыққан саяси қайраткер, заңгер,  патшалық  Ресей тұсындағы мемлекеттік думасының депутаты Бақытжан Қаратаевтың, «үш жүзден ән оздырған» Мұхит Мерәліұлының туған жері саналатын бұл ауылда жұмыссыздық жоқтың қасы, жастар жағы ауысымдық әдіспен Атырау, Ақсай жағында жұмыс істейді, қала берді, жеке мал өсіреді. Өзге ауыл-аймақта төрт түлік бес-алты ай қыстайтын болса, саралжындықтардың малы әрі кеткенде үш ай ғана қолға қарайды. Қыс жылы болған жылдары мал қолға ұсталмайтын да көрінеді. Атырау облысымен шектесетін ауылдың климаты көршілердегідей, қыста жылы болып келеді. Ауыл іргесіндегі құмды шағылдар да қыстың күндері жайылған малға ықтасын. Содан да шығар, малы аз деген отбасылардың өзінде бес-алты бас бұзаулы сиыр ұстап, аққа жарып отыр. Еңбекқор саралжындықтар малдың төресі жылқыны көбірек ұстайды. Бүгінде округте төрт мыңның үстінде ірі қара, бір мыңға тарта жылқы, 10 мыңдай қой-ешкі өсірілуде. Ірі қара мен жылқы саны кеңес заманындағы кеңшар малының санынан асып түскен. Серғали Тастаев жетекшілік ететін «Жеңіс» шаруа қожалығы түйе өсіруде. Малды етке Оралға емес, Атырауға, Ақтөбеге өткізеді. Өйткені ауылдан аудан орталығына дейінгі жол нашар. Оның үстіне жылдың төрт мезгілінде қамау көрмей, құмда бүйірі шыға еркін жайылған қоңды малдың бәсі жоғары. Атыраулық мал сатып алушылар мал иелерінің сұрағанын беріп, қажетті малды тиеп кетеді деседі. Тіпті Елордамыз Астанадан әдейілеп қыстық соғымға мал сатып  алуға арнайы келетін ағайындар баршылық.

— Округте халыққа қызмет көрсету саласын дамытуды жоспарлаудамыз. Автокөлік жөндеу шеберханасын ашу жағы ойластырылған. Одан басқа тігін цехын ашуымыз керек. Осы бағытта кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін еті тірі тұрғындарға кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеудеміз. Қоғамдық монша салынып, жұмыс істеп тұр. Кеңес заманынан бергі уақытта Қарақамыста бірде-бір нысан салынбап еді, жаңадан наубайхана салынып, іске қосылды. Енді тойхана салынады деп күтілуде.  Бұрындары ауылдан бірен-саран көшіп кетушілер болушы еді, қазір жағдай тұрақталды. Округте жеті дүкен бар,  енді сегізіншісі салынуда. Биыл ол пайдалануға берілмек. Ауыл-аймақты көркейтуге жылда 1 миллион теңгенің үстінде қаражат бөлінеді. Бүгінде халықтан түсетін көлік, мүлік және жер салығы негізінен ауылдық округте қалатын болғандықтан, ауылды дамытуға, көркейтуге бағытталады. Биыл, бұйырса, Мұхит Мерәліұлының құрметіне ашылған паркті көркейтеміз. Ауылдан жер алып, мал өсіргісі келетіндер бар, — деді Саралжын ауылдық округінің әкімі Қайыр Бисенғали. Оның айтуынша, аудан орталығына қатынайтын 62 шақырымдық жол сапасы сын көтермейді. Бұл мәселенің шешілуі алдағы күннің еншісінде екені анық.

Округ бойынша Қарақамыста 11 жылдық және бұрынғы кеңшардың фермасы болған Сәуле ауылында тоғыз жылдық мектептерде ауыл балалары білім алады.

— Мектепке химик маманын сұратудамыз. Алдағы уақытта математика, орыс тілі пәні мұғалімдері де керек болады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келсе, баспанамен қамту мәселесі шешіледі. Биылғы оқу жылында мектебімізде 242 оқушы оқыды. Бір кездері мектептегі бала саны азайып кеткен, қазір жағдай түзелді, ауылдағы демографиялық ахуал жақсарды. Биыл мектеп түлектері ішінен бір «Алтын белгіге» және бір «Ерекше  аттестаттан» үміткерлеріміз бар.

Қаратөбеге қатынайтын жол мәселесін шешуді аудандық мәслихаттың депутаты ретінде басты назарымда, ол — уақыттың еншісіндегі мәселе, — деді Б. Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінің директоры, Қаратөбе аудандық мәслихатының депутаты Бекжан Қойшекенов.

Түкпірдегі ауылда көлік жөндейтін шеберхана ашылады дегенге сене қоймағанымызды жасырмаймыз. Алайда округ әкімі Қайыр Бисенғалиұлының айтуынша, мұндағы әр үйде 1,5 көліктен бар екенін, өткен жылдары рубль бағамы түскен кезде көлігі жоқтар Ресейден көлік айдап әкеліп, бәрі  қарық болыпты. Трактор атаулы да баршылық десті. Жалпы, сол ескі-құсқы техниканы жөндеп, кәдеге жаратып, маңдай терін сыпыра еңбектенетін ауыл тұрғындары шетінен бақуатты.

Құм шағылдардың ортасынан орын тепкен Қарақамыс ауылы Асан қайғы баба іздеген жерұйықтай көрінді бізге осы сапарымызда.

Саралжын ауылдық округіндегі Қарақамыс ауылында нан өнімдері өндірісі жүйелі жолға қойылған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚның аймақтық филиалы «Бизнестің жол картасы — 2020»  бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау-көмек көрсетілген кәсіпорындар қызметтерімен  таныстыру бағытында өткізген пресстур барысында наубайхана жұмысымен таныстық.

Бұған дейін ауылдық округтегі сауда орындары нанды қаладан тасымалдайтын. Көктемде қар еріп, өзен тасыған  кезде өнімдерді жеткізу қиынға соғатын. Ондай өліара шаққа тұрғындар алдын ала қамданып, азық-түлік қорын жасақтай бастайтын. Алайда нанды көп сатып алып, жинап қоя алмайсың. Жергілікті кәсіпкер Қасым Серікқалиев бұл түйткілді шешуді өз мойнына алды. 25 жастағы жас жігіт «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы мамандарының кеңесімен «Ақеділ» жеке кәсіпкерлігін құрды. Содан кейін «Ресейдің жинақ банкінің» Оралдағы филиалынан 8 млн. теңге несие алды және оны мемлекет тарапынан субсидиялауға қол жеткізді.

– Мемлекет қолдауымен алған несиеме жер телімін, «ГАЗель» көлігін, Қытайдан қажетті жабдықты сатып алдым. Құрылыс нысанын жөндеп, қайта салдым. Қазір несиемнің 4%ын өзім, ал 10%-ын мемлекет өтеуде. Астықты Оралдан тасымалдаймын. Жол нашарлау, бірақ халыққа қызмет көрсеткенімізге қуаныштымыз. Несиені бес жылға алғанмын, оны өтеуде қиналып отырғаным жоқ, – деді жас кәсіпкер.

Наубайхана өткен жылдың желтоқсан айында ашылды. Әзірге мұнда үш адам жұмыс істейді. Отбасылық бизнеске ата-анасы Болат пен Гүлжан, зайыбы Анаргүл де үлес қосады. Қысқы маусымда қазандық операторлығына жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылады.

Наубайханада күніне 100 данаға дейін қалаш пісіріледі. Сонымен қатар тәтті нандар (пирогтар) да дайындалады. Барлық өнім тек ауылдық округ аумағында өткізілуде. Жаз шыға той-томалақ көбейіп, өнім түрлеріне сұраныс артады. Соған орай өнім өндіру көлемі де ұлғаяды. Кәсіпкер мектепті, жазғы лагерьлерді өніммен қамту жөнінде келісімшарт жасауға ынталы. Алдағы уақытта көршілес ауылдарды да нанмен және нан өнімдерімен қамту жоспарында бар.

– Бұл кәсіпорын округ тұрғындары үшін үлгіге айналды. Кәсіпкер аудан орталығынан шалғай жатқан округте кәсіпкерлік ашудың соны үлгісін көрсетті, — деді Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Қаратөбе  ауданы

Шара ЕСМАҒҰЛОВА,

сатушы:

— Дүкен өткен жылдың аяғында ашылды. Халыққа мәдениетті сауда қызметін көрсетудеміз. Жазда балмұздақ түрлері өтімді. Негізінен азық-түлік сатылады, соның ішінде наубайханадан шыққан жұмсақ нан  және нан өнімдері сұранысқа ие. Қыс мезгілінде от жағылатын болғандықтан, нан алушылар азаяды. Ауылда наубайхананың ашылуы тұрмысымыздың жақсарғанын көрсетеді. Нанның бағасы қаладағыдай, 100 теңге тұрады.


Құрбандарға тағзым

Күні: , 161 рет оқылды

IMG_1577


Орал қалалық бейітінде 1937-1939 жылдары жаппай жазықсыз жазалау кезінде марқұм болғандар, яғни саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген.


Солардың рухына арналып қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар қатысты. Шара кезінде ҚМДБ-ның біздің облыстағы өкіл имамы Руслан Сұлтанов марқұмдар рухына арнап Құран оқыса, кейін Орал және Ақтөбе архипескопы Антоний әкей  еске  алу  рәсімін  орындады.

1997 жылы Елбасымыз 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялағаны мәлім. 1927-1953 жылдары Қазақстанда 103 мың тұрғынға қысым жасалса, 25 мың адам атылған. Ысқырық таудағы зиратта репрессия кезінде тағдыры оққа байланғандардың біразы жерленген.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Жол жөндеу жұмыстарына көңілі толмады

Күні: , 2 314 рет оқылды

IMG_8726


Облыс әкімі Алтай Көлгінов жуырда жұмыс сапарымен Жәнібек ауданында болған еді. Сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен өңір басшысы аудан орталығындағы  Жастар шағынауданында болып, 2020 жылға дейінгі дамыту жоспары бойынша салынып жатқан 150 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.


Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Молдашев облыс әкіміне үстіміздегі жылы 20 тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарланғандығын баяндады. Мердігер ұйым – «Символ» ЖШС басшысы Есқайыр Елемесовке Алтай Көлгінов құрылыс материалдарының сапасына назар аударуды ұсынды. Облыс әкімі дәрігер-хирург Айдын Ержановтың үйіне бас сұқты. Жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа қабылданғандығын, Жастар шағынауданынан баспанаға ие болып, көтермеақы алғандығын, жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлардың жасалып отырғандығын айтты. Мұнан кейін облыс әкімі «Әлем» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов жоспарға сай салынбақшы 3000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылыс макетімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл жоба жүзеге асуы үшін Соркөл-Әбділман су қоймасының бөгеттерін қайта жаңғырту қажет. Су қоймасы 5000 гектар жерді суландырып, нәтижесінде мал азығының рационын жақсартуға мүмкіндік туады. Алтай Көлгінов осы мәселені жан-жақты қарап, қорытындысы жөнінде хабардар етуді аудан әкіміне тапсырды.

Өңір басшысы сондай-ақ Чапаев – Қазталов– Жәнібек республикалық санаттағы автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелер мен Ұзынкөл ауылы маңындағы асфальт зауытына барып, жұмыс барысымен танысты. Жәнібектен Оралға бағыт алатын жолдың 20 шақырымының құрылысы былтыр бастау алған болатын. Жол жөндеу жұмыстарының сылбыр жүріп жатқанына өңір басшысының көңілі толмады. Алтай Сейдірұлы мердігер «РСУ-1» ЖШС-ның учаске басшысы Нұржан Жолдыбаевқа ескерту жасап, жіберілген олқылықтардың орнын толтыруды жүктеді және нақты әрі пәрменді жұмыс жасау қажеттігін  шегелеп  тапсырды.

Данияр ОСПАН,

Жәнібек ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика