Мұрағат: 28.05.2016


Қаратөбедегі «күй күмбірі»

Күні: , 253 рет оқылды

DSC_1203


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қаратөбе ауданында Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйшіге арналған «Күй күмбірі» атты республикалық домбырашылар байқауы мәреге жетті.


Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Тұрар Әліпбаев бастаған қазылар алқасы төрелік еткен өнер додасына республика өңірлерінен барлығы отызға тарта домбырашы қатысып, бақ сынады. Бірінші, екінші кезеңде Қазанғап, Боғда, Құрманғазы, Махамбет, Дина, Сейтек, Дәулеткерей және Қаратау мен Арқа мектептерінің күйлерін шебер орындаған өнерпаздар ғана үшінші айналымға жолдама алды.

Шешуші кезеңге қатысқан 15 домбырашы Ғ. Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен қалауы бойынша бір күй орындады.

Байқаудың бас жүлдесі табиғи таланты мен өзіндік орындаушылық шеберлігімен танылған Маңғыстау облысынан келген жас домбырашы Еркебұлан Соңғыбаевқа бұйырды. Жеңімпазды Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров марапаттап, 300 мың теңгелік сертификатты табыс етті. Сондай-ақ жүлдегерлер мен байқауға қатысушылардың бәріне ақшалай және заттай сыйлықтар берілді.

Айта кетейік, 2015 жылы аудан басшысының бастамасымен аймақтық «Ұзақ күйші» қоғамдық қоры құрылып, Аққозы ауылдық округіне қарасты Ақтұлым жерінде күйшіге ақ шаңқан кесене орнатылған болатын.

Серік АРМАН


Тұрғындар көтерген мәселе ескерусіз қалмайды

Күні: , 226 рет оқылды

IMG_1390


Қаламыздағы Достық үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қоғамдық қабылдау өткізді. Жер реформасына орай болған шараға өңіріміздегі мемлекеттік құрылым жетекшілері, облыстық мәслихаттың депутаттары қатысты.


Қабылдауға бірінші болып Орал қаласының тұрғыны Тасболат Шөкеев келді. Ол өзінің саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Яғни кеңес заманы тұсында Жәнібек ауданында зоотехник, ферма меңгерушісі болып, артынан кеңшар басқарды. Тасболат ағамыздың ойынша, еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл уақыт өтсе де, мал шаруашылығы дами алмай тұр. Әсіресе, төрт түлік саны артпай отырғанына қынжылады. Оның басты себебі жем-шөп қорының аздығы деп біледі. Соған орай ауылдағы тұрғындар үшін мал азығы мәселесін шешуге мемлекет тарапынан бір шара алынғаны дұрыс. Екінші мәселе қой шаруашылығына қатысты, нақтылап айтқанда, жүннің еш кәдеге аспай жатқанына уайымдайды.

— Сіз айтып отырған кеңес үкіметі тарапынан мал шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған іс-шаралардың шет жағасын біз де көре қалдық. Өзіңіз жақсы білесіз, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында халқымыз малмен күнелтті. Тамағына, киіміне, өзге де қажеттіліктеріне осы малды пайдаланды. Сөйтіп, төрт түлігіміз азайды. Еліміздің экономикалық жағдайы жақсарғаннан соң, ауыл шаруашылығы саласы да өркендей бастады. Мал саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мәселен, бүгінгі таңда облысымызда 520 мың ірі қара, 1,2 млн. қой-ешкі, 131 мың жылқы бар. Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, бұл малдың саны 1993-1994 жылғы өңіріміздегі төрт түліктің санына тең. Қазір осы малдардан 180 мыңдай бұзау, 450 мыңдай қозы, 35 мыңдай құлын алынды. Бұл  90-жылдардағы көрсеткіштен көп.

Облысымыз бойынша жалпы малдың 52,7 пайызы шаруашылықтардың еншісінде, қалғаны жекенің, яғни тұрғындардың қолында. Тұрғындар мал азығымен қамтылу үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар алынуда. Екінші мәселеге қатысты айтсақ, біз қой мен ірі қараның терісін өңдейтін өндіріс орнын салып жатырмыз. Ал қазір бұрынғыдай таза биязы жүн беретін қой жоқ бізде. Бұрынғы қойларымыздың тұқымдарын етті, етті-жүнді бағыттағы қойлармен будандастыру нәтижесінде қазір сапалы жүн беретін қой қалмады. Сол себепті біздегі жүндер әлемдік нарықтағы талапқа сай емес. Ал сапасыз жүнге сұраныс жоқ. Дегенмен де жыл өткен сайын малдарымыздан алынатын өнім сапасының жақсаруына көңіл бөлініп келеді. Оған мемлекет тарапынан тиісті қолдау шаралары көрсетілуде. Сөзім жалаң болмас үшін сізге «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша облысымызда жүзеге асқан және жоспарланып отырған іс-шараларды анықтама ретінде бергізейін, — деді Арман Кәрімұлы.

Одан кейін қоғамдық қабылдауға келген тыл және еңбек ардагері Бақытжан Салахатдинов жер реформасына байланысты құрылған республикалық комиссияның жұмысын оң бағалайтынын айтты. Ардагер бұл жерге екі мәселемен келіпті. Бірі – жер, екіншісі – пәтер. 2004 жылдан бері Орал қаласында жердің кезегінде 765-інші болып тұрса, пәтер кезегіндегі реттік саны – бес мыңның орта тұсында. Қазір Орал қаласындағы қызының қолында көп пәтерлі жайлы үйдің бесінші қабатында тұрып жатыр. Жасы 85-ке келген соң жоғарыдан төменге түсу оңай емес. Кезінде уақытпен санаспай жасаған еңбегі қазір мемлекет тарапынан ескерілсе екен дейді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары еңбек ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Орал қаласының тұрғыны Алтай Есенғалиевті де жеке тұрғын үй салу үшін берілетін жер мәселесі мазаласа, еңбек ардагері Ескендір Сұлтанғалиев Қаратөбе ауданы Аққозы ауылындағы Жақсыбай өзеніне көпір салу мәселесін көтерді. Қоғамдық қабылдауға қатысып отырған құзырлы мекеме басшылары алдағы уақытта бұл мәселелерге орай тиісті іс-шаралар алынатынын айтты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


«Достықтың» тұңғыш форумы

Күні: , 6 890 рет оқылды

IMG_1347


Бейсенбі күні қаламыздағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Жастар қанаты ұйымының форумы өтті. Оған «Достық» клубтарының мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, мектеп мұғалімдері қатысты.


Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталып, жастар қанаты жанындағы «Достық» клубтарының тұңғыш форумына сәттілік тіледі.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Жастар қанаты төрағасының орынбасары Орхан Насибов ұйымның алдында тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.

— Жастарды біріктіретін бірден-бір фактор – тіл. Тілді білу – сол халықтың тарихын, дәстүрін, мәдениетін білу. Қазақ тілін білу – жалынды ақын Махамбеттің, дала Демосфені Сырым батырдың шығармаларын түпнұсқада түсінуге, сол заманның қиындықтарын, халықтың арманын білуге мүмкіндік береді. Тіл мәселесінің бағытын біле отырып, біз, жастар, әрдайым өз білігімізді арттыруға күш салудамыз. Қашанда өз пікірімізді мемлекеттік тілде еркін жеткізуге тырысамыз. Жастар қанатының мүшелері өз оқу орындарының немесе «Достық» клубының атынан қалалық, облыстық, республикалық дәрежеде өтетін тіл сайыстарына атсалысып жүр. Биылғы облыстық Абай оқуларында Олег Буланов үшінші орынға ие болса, «Мемлекеттік тілім – менің тілім» атты сайыста Татьяна Рахметжанова алғысхатпен марапатталды. Ал Дина Донскова, Рустам Абдуллаев, Илияр Муталипов секілді түрлі ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлей алады. Біз заман талабына сай үш тілді меңгеруге де ұмтыламыз, — деді Орхан.

«Достық» клубтарының мүшелері өздерінің атқарған түрлі қоғамдық іс-шаралары туралы баяндады. Олар жиын соңында қарар қабылдады. Онда елімізде мекен ететін барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрін насихаттауды жалғастыру, барлық оқу орындарында «Достық» клубын құру, «Достық» клубының басты міндеті – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту екені, сондай-ақ  болашақта аталмыш клубтың маңыздылығын арттыратын кең ақпараттық жұмыстар атқару керектігі жазылған.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Қанша адам көмусіз қалды…

Күні: , 217 рет оқылды

DSC_0003


Теректі ауданының Жаңаөмір ауылында тұратын 82 жастағы  Қамария әжей жастайынан қиыншылықты көп көріп, өмірінің біраз бөлігін тек бейнетпен өткізген анасын жиі еске алады. Қаршадайынан өзін жетелеп жүріп, еңбекке баулыған анасы Жамалдың ашаршылық жылдарда көргені туралы айтқаны да там-тұм есінде қалыпты.


— Анамның әкесі – менің нағашы атам шыңырау құдыққа түсіп кеткен құнанды бір өзі көтеріп шығарардай нар тұлғалы, палуан адам болыпты. Байлардың малын бағып, жалшы болып отбасын асырайды. Ол кезде кедейлердің бәрі байларға жалданып, күн көрді ғой. Бірақ олардың бәріне бірдей байлар еңбегін бермеген. Ал нағашы атамның палуандығынан именді ме екен, еңбегін уақытымен беріп тұрыпты. Әкесінің арқасында анам сол жылдардан аман қалған. Өзі сол кездерде аштықтан өлген адамдарды көп көріпті. Қырылып қалған бір үйлі жанды көметін қалдері болмағасын, үйдің төбесін ортасына түсіре салады екен. Сол зұлмат жылдарда қанша адам көмусіз қалды…

Тағы бір есімде қалғаны, анамның ағасының 10 баласы болыпты. Әлгі отбасы ас-су жоқ, қатты қиналады. Содан балаларының ішіндегі біреуі байдың ауылынан жайылып жүрген түйені әкеліп сойып алады. Өздері кішкентай күрке сияқты үйде тұрады екен. Түйенің еті аядай үйге сыймайды. Оның жартысын жерге көмеді. Үйдің есігі жоқ болғандықтан, талмен қармап жауып қояды. Әлгі түйені әкеліп сойған бала «Қазір артымнан қуғыншы келсе, сендер үндемеңдер, мен өзім кетемін», — дейді. Біраздан соң аттылар артынан қуып келіп, түйе әкеліп сойған баланы Орданың түрмесіне жапқан. Кейін сол нағашым түрмеден «Елім-ай» әнін үйреніп келіп, ауыл арасында айтып жүреді. Нағашы атам елде жағдай мүлдем қиындай бастағанда, бір баласын ертіп, Ресейге барып, орыстарға егін салып, малын бағып, жалшы болып, күндерін көрген. Отбасыларын көшіріп алып, біраз уақыт сол жерде өмір сүреді. Кейіннен елге оралған деп еске алатын анам, — дейді Қамария әжей.

Бүгіндері жасы сексеннің сеңгірінен асқан Қамария әжейдің де балалық шағы бейнетке толы болыпты. Орданың №67 жылқы зауытының аумағындағы Торғай ауылында тұрған ол 10 жасынан еңбекке ерте араласады. 1942 жылы әкесін әскерге шы-ғарып салған әжей анасымен екеуі жалғыз қалады.

— 1941-1942 жылдар қиын кездер еді. Сол кезде де біз аштықтың дәмін таттық. Ауыл адамдары күндіз-түні еңбек етіп, бір аяқ асқа зар болып жүрдік. Күлде жатқан теріні үйлеріне әкеліп қайнатып жеген адамдарды көрдік. Анам жылқы бақты. Одан кейін сауыншы болды. Сол кезде мен бұзау бағып, қасында жүрдім. Анам кейін қой бағып, күзетші болды. Жалғыз қыз болғандықтан, анамның қасынан бір елі ажыраған жоқпын. Күндізгі жұмыстан кейін мамам түнімен майдандағылар үшін қолғап, шұлық тоқитын. Бізге әскердің отбасы деп қара арпадан бес келі, сұлыдан бес келі, сұлының астығынан бес келі беріп тұратын. Аяқ киім жоқ болғандықтан, көршінің балалары малдың терісін жібітіп, соны аяқтарына байлап киіп жүрді. Қалақты кәшелмен шөп шаптық. Сол жылдары бізді Ордадан сол кездегі Фурманов ауданына көшірді. Су бойын жағалап, екі қора сиыр, екі қора қой айдап, жаяулатып, үш ай жаз жүріп келдік. Сонда мамам жиырмалаған адамға тамақ пісіреді. Жазда отырып көшіп кеткен адамдардың күркесіне келіп қонамыз. Сол жерде ошақ болады. Анам соған қазан қондырып, тамақ пісіреді. Жазда шығып, азып-тозып, күзде жеттік. Үш ай жол жаяу жүру оңай емес қой. Біз не көрмедік, айналайын? — деп әжей терең күрсінді. Соғыс жылдары түнге қарай құмға кетіп қалатындары да Қамария әжейдің жадында жақсы сақталыпты.

— Кеш болса, әжем заттарын қапшыққа салып жинала бастайтын. Түн болса от жақпаймыз. Ауыл адамдарының бәрі құмға қашып кететін. Немістің самолеттері төбемізден ыңылдап жүреді. Сол жылдарда құм бізге кәдімгідей қорған болды, — дейді кейуана.

Қамария әжей отағасы Бақтыгерей Ибатов екеуі бір шаңырақта 60 жылдан бері өмір сүріп келеді. Өзі сықылды 10 жасынан еңбекке араласып, өмірдің қиындығын көріп, анасын жетелеп жүрген жанмен 1956 жылы желтоқсанның 12 жұлдызында бас қосады. Содан бері өмірдің бар қиындығы мен қызығын бірге көріп келеді. Отағасы Бақтыгерей шопан, тракторист бола жүріп, өмірге келген үш ұлын жастайынан еңбекке баулиды. Қамария әжей де ауылдық, аудандық депутат болып, сол кездегі қоғам өміріне белсене араласады. Өткен ауыр күндерінен естелік айтқан кейіпкерім фотоальбомды парақтап, суреттерін көрсетті. Сонау жылдарда еңбегімен көзге түсіп, атақты шопан болғандары үшін отағасы екеуі Үндістанға барып демалыпты. «Мынау сонда түскен суретіміз» дейді өткен күндерін сағынышпен еске алған кейуана.

— Көрген қиындығымызды жеңе жүріп, қартымыз екеуміз бүгінгі күнге жеттік. Қазір оның төсек тартып жатқанына алты ай болды. Зұлмат жылдары туралы менен гөрі ол жақсы білетін еді. Амал не, тілден қалғалы біраз болды, — деген кейуана сырқаты меңдеген отағасының қасына баруға асықты.

Біздің кейіпкеріміз қазір отағасымен Теректі ауданының Жаңаөмір ауылында ортаншы ұлының қолында тұрып жатыр. Үлкен ұлы мен кіші ұлы өмірден өткен. Ұлдарынан қалған ұрпағының өсіп келе жатқаны – көңілге демеу. Немерелерінің алды отбасын құрып, Қамария әжей мен Бақтыгерей атаға шөбере сүйгізіп үлгерді. Бала кездерінен өмірдің ауыр бейнетін арқалап бүгінгі күнге жетіп, немере-шөбере сүйгеніне олар шүкіршілік етеді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Р.S.  Бет қатталып жатқанда, Қамария әжейдің 60 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, өмірдің қиындығы мен қызығын бірге көрген жұбайы Бақтыгерейдің о дүниелік болғаны туралы хабар алдық. Марқұмның иманы жолдас болсын дей отырып, ол көрмеген өмірдің игі жақсылығы үрім-бұтағына бұйырғай.


Комиссия күпті көңілдің күдігін сейілтпек

Күні: , 221 рет оқылды

DMS_9748


Жақында облыстық қоғамдық кеңес президиумының кеңейтілген отырысы өтті. Облыстық мәслихатта болған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары А. Өтеғұлов, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық  ұйымдардың, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты. Екі  жарым сағат  уақытқа созылған басқосуда он шақты адам сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.


Алқалы кездесуді облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар ашып, «Жерді ел азаматтарына сату керек пе, әлде жоқ па?». Әрі қарай «Шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға жерді жалға беру керек пе, әлде жоқ па?» деген екі мәселені күн тәртібіне ұсынды. Мәлік Иманқұлұлы бұған дейін өткен қоғамдық кеңес отырыстары хаттамаларының рәсімделіп, жер қатынастары жөніндегі республикалық комиссияға жөнелтілгені туралы мәлімдеді. Осы кездесуге сол комиссияның мүшесі, «Ақас» шаруа қожалығының басшысы Қатауолла Ашығалиевтің қатысып отырғанын және оның айтылған ұсыныс-пікірлерді республикалық деңгейге жеткізетінін атап көрсетті.

— Барлық өңірде де осындай кеңестер жұмыс істеп жатыр. Республикалық комиссияда қаралған мәселелер мен ұсыныс-пікірлер жүйеленуде. Бұдан басқа облыс орталығы мен аудандарда колл-орталық жұмыс істейді. Соған барлық аймақтағы адамдардың хабарласып, ой-пікірлерін білдіруін сұраймыз. Бүгінгі отырыс жұмысына сәттілік тілеймін, — деді кездесуде алғашқы сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Кейпін ТӨЛЕГЕНОВ,

Сырым ауданы, «Көктөбе» ЖШС-ның жетекшісі:

— Жер мәселесін түбегейлі заңдастыру бізді үнемі толғандырып келеді. Өйткені халық арасында абыржу бар. Ертеңгі күніне алаңдаушылық басым. Өзімнің мамандығым — агроном, 26 жыл бойы жер өңдеу және күтумен айналысып келемін. Соның 17 жылы шаруашылық басқаруға арналыпты. Соңғы жылдары егін шыққан жоқ. Агротехника төмен деңгейде. Ауылды көтеру керек. Ал қазір ауылдың төңірегінде жайылым да жоқ. Өйткені оны жер иелері бөліп алған. Ешкімді кіргізбейді. Менің ұсынысым: ауылдың аумағындағы кемінде 4-5 шақырым жерді, өзен-көлді жергілікті әкімдіктің иелігіне немесе кооператив сынды ұжымдық меншікке беру керек. Ал ірі қожайындарға жалға берілген жер ауылдардан алыс орналасуы тиіс. Қазір жеке меншіктегі пайдаланылмай жатқан жер аудан қорына кері қайтарылуы қажет. Жер тек отандастарға, кемінде 20 жыл бойы бізде өмір сүрген осы елдің азаматына, аграрлық іске бейімді адамға сатылса, дұрыс. Шетелдіктерге жер сатуға болмайды.

Қатауолла АШЫҒАЛИЕВ,

«Ақас»  шаруа қожалығының  жетекшісі:

— Пайдаланылмай жатқан бос жерді сатып алып, нарық айналымына жіберген орынды. Екіншіден, жерге салынатын салық тұрақты болсын! Әлемнің дамыған мемлекеттеріндей, жермен түпкілікті айналысатын адамдарға бөлінетін демеуқаржы қомақты болуы тиіс. Сонда ғана жерді тиісінше және мақсатты пайдаланатындардың саны өсетін болады. Үшіншіден, мемлекеттік жер резерві болуы міндетті. Тағы бір мәселе, ауылдағы мал мен құс ұстауды заң жолымен реттейтін уақыт жетті. Көп мал ұстағысы келгендерді кең далаға шашыратып орналастырған тиімді. Сонда иесіз бос жер қалмайды. Мен жерді 49 жылға жалға беруді жақтаймын. Тек отандастарымызға ғана. Көршілес Ресей, Қытай және басқа мемлекеттердің азаматтарына жерді жалға беруге болмайды. Жерді сату мәселесінің жабылғаны жақсы.

Балғаным КӘКІМОВА,

қала тұрғыны:

Қазақтың, әсіресе, жастардың қолынан жер өңдеу де, күту де келеді. Сондықтан жастарға тегін жер беріп, алғашқы кезде жан-жақты қолдау керек. Жердің ауқымын қайта тексеруден өткізген дұрыс. Сонымен қатар жерді тек отандастарға ғана 49 жыл мерзімге жалға берген дұрыс. Сатудың қажеті жоқ.

Жалғас ДҮЙСЕНОВ,

қала тұрғыны:

— Жерге тек мемлекеттік меншік болуы керек. Шетелдіктерге жерді жалға 25 жыл мерзімге берген тиімді сияқты. Сату жәйіне де күмәнім көп. Өйткені оны тек қалтасы қалыңдар сатып алып, сақтап отырады немесе өзгеге сата салады. Тіпті жерді шетелдіктерге жалға бергеннің өзінде оларға сену қиын. Өйткені біздің елдің мүддесін емес, бірінші кезекте өздерінің құлқынын ойлайды.

Нәсіпқали ИМАНҒАЛИҰЛЫ,

зейнеткер:

Елдегі жер иелену жағдайын толық анықтап алмай, жерді ел азаматтарына сатуға да, шетелдіктерге жалға беруге де асықпаған дұрыс. Бұдан басқа жер алыпсатарлық нысанына айналмауы үшін ҚР азаматтарына шектеулі мөлшерде немесе ауыл шаруашылығы өндірісі мақсатында үш жылдан кем емес мерзімде ҚР заңнамасының талаптарына сай игеріліп, өңделіп отырылған аумақ қана мемлекеттің өзінен басқаға сату құқығынсыз, тек мұраға қалдыру құқығымен сатылсын!

Жиында республикалық «Ауыл» партиясы облыстық бөлімшесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Сырым ауданы, «Сырым» ЖШС-ның жетекшісі Мүтәлі Төреғали, «Бірлік» партиясының өкілі Дәурен Сариев, қала тұрғыны Әзхан Өтебаев, «Маскус» ЖШС-ның жетекшісі Жамбыл Нәсимоллин, кәсіпкер Абылай Көпжасаров, қоғамдық кеңестің мүшесі Алтынай Есқалиева және басқасы ой-пікірімен бөлісті. Мәселен, М. Әнесовтің пікірінше, жер шетелдіктерге жалға берілмеуі тиіс. Оны сатудың қажеті жоқ. Жерге тек мемлекеттік меншік болуы керек. М. Төреғали Қытай, Ресей және өзге де елімізбен шектесіп жатқан мемлекеттердің азаматтарына жерді сату мен жалға беруге қарсы екенін, ал өзге мемлекеттерге жалға беріліп жатса, оның мерзімін он жылдан асырмау қажеттігін шегелеп айтты. Ал Д. Сариев жердің аукцион арқылы сатылғанын және жер биржасын құруды жақтайды екен. Әзхан Өтебаевтың ойынша, жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды. Жалға берілген жердің де ауқымы бес гектардан аспауы қажет. Ж. Нәсимоллин К. Төлегеновтің пікірін қолдай отырып, өзінің шетелдіктерге жерді жалға беруді жақтайтынын білдірді. Тек санаулы мерзімге ғана.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ


Бейбіт күннің Маресьеві

Күні: , 233 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Ол сөйлеп отыр. Біржан Морякұлы Қожақовтың асықпай сырын тарқатқан қоңыр үнінде ешқандай өкініш, сарыуайым немесе өміріне мұңын шаққандық, жасығандық табы байқалмайды. Ал, шындығына келгенде, отыздардағы жасында тағдырын 180 градусқа бұрып жіберген кеселге басқа біреу болса, тап осы Біржандай қарсы тұра алар ма еді, алмас па еді?..


Ол 1971 жылы Ақжайық ауданының Первомай ауылында дүние есігін ашыпты. Әкесі  байланыс бөлімшесінде жұмыс істеген. Істеген деп отырғанымыз ол кісі 1978 жылы қайтыс болған еді. Анасы  төрт баламен қала барады. Балалардың алды Біржан 1-сыныпта оқиды, інілерінің екеуі балабақшада, кенже қарындасы сегізайлық қана. Сол кезде балабақшада кір жуушы болып істеп, азын-шоғын айлық табатын анасының иығына қанша салмақ түскенін өзіңіз біле беріңіз. «Сол ақшамен анамыз біздерді жадатпай-жүдетпей, аш-жалаңаш қылмай өсірді-ау» деп риза болып отырады сол перзенттері бүгінде. Әкеге деген сағыныштары жүректеріне беріш болып қатып, жылап жүрмесе де, іштей мұңданып жүріп ержетті ғой… Орта мектепті бітірді. Бала күнінен сурет салуға құмар еді. Сол икемділігі оны ауылдағы мәдениет үйінде, әскерге дейін суретші-безендіруші болып жұмыс істеуді бұйыртты. Челябинск жағында екі жыл әскери борышын өтеп келгеннен кейін мұның суретке икемділігін бұрыннан білетін Өскенбаев дейтін азамат Орал облыстық астық өнімдері комбинатына суретшілік жұмысқа шақырды. Ол 1989 жыл болатын. Басында баспана беретін болған, ол кезде үйленген, бір сәбиі бар. Бірақ үй мәселесі шешілмеді. Содан ішкі істер органына, күзет бөліміне жұмысқа тұрды.

— Мұнда бес жылдай еңбек еткеннен кейін жол полициясына ауыстым. 2000 жылдардың басында ұрлық, әсіресе, электр сымдарын ұрлау күшейіп тұрды, — дейді Біржан. — Қысқы мезгіл Подстепный ауылына қарай шығатын жол бойында кезекшілікте тұрдық. Кішкентай будкамыз бар, әлгінің электр желісі сол маңайдағы саяжайлардан келетін. Түнде аяз күшейіп тұрған еді, жарық өшіп қалды, онымен бірге будканы жылытқыш та сөнді. Кезекшілікті жалғастыра бердім. Аяз қысып барады. Аяғымның башпайлары шымырлап, қатты тоңа бастады.

Кезекшілікті тастап кетуге болмайды. Аяғымның қатты тоңғанына қарамастан, кезекшілігімді тастамадым. Бір мезгілде башпайларым өзінен-өзі ысып, қыза бастады. Оған да мән бермеппін, Сұмдықтың көкесі кейін болды. Бір-екі күн өткесін, баш-пайларымның басы күреңіте бастады. Қарайды. Сөйтсе, үсіп кеткен, тамырлары қатты зақымданған. Аяқтай жүріп емделдім, болмады. Ауруханаға жаттым. Болмады. Отыздан жаңа ғана асқан шағым, жанып жүретін кезім ғой, аяқтан айырылғым келмей, талай дәрігерге көріндім. Қазақстан өз алдына, Ресейге де бардым.  Бәрін басынан аяғына дейін тәптіштеп қайтейін, аға, аяқтарымды тізеден төмен кестіруге тура келді. Отыздағы кезім емес пе, жаспын, аяқтан айырылғым келе ме?.. Ең болмаса, балдаққа сүйеніп қалсам да, тікемнен жүремін ғой деп үміттенгенмін. Бірақ онымен де тоқтамады, тізеден жоғары тағы кесті… Сосын тағы бір ота жасалып, ақыры аяқтарымнан толық айырылдым… Сол кезде облыстың жол полициясын Қайсар Әбелекұлы Сұлтанбаев деген азамат басқаратын. Обалы қайсы, алғашқы ота жасатып, таяққа сүйеніп қалған кезімде мені жұмыстан шығарып тастамады, барынша көмектесті. Аяқтарымнан айырылып, алғашқыда қайғыдан қаусап жатқанымда, өзі аяқтай келіп, «Біржан, бекем бол!..

Протез салып, жүріп кеткесін жұмысқа шық. Біз сені далаға тастамаймыз…» дегені әлі құлағымда тұр. Содан үш айдай ауруханада жатып, кейін Алматыға барып, сондағы республикалық бейімдеу орталығында Германияның протезін салып,  Оралыма қайттым… Қайсар Әбелекұлы айтқан сөзінде тұрып, маған офицерлік дәрежедегі жұмыс, яғни автокөліктерді тех-никалық байқаудан өткізетін орталықтың  басшысы етіп бекітті. Отыздағы кезімде ауыр кеселге тап болып, опырылып түсердей болып жатқанда, Сұлтанбаев мықтап сүйеді мені. Техникалық орталықта өзімнің кабинетім болды, бастықпын. Өмірге қайта келгендей болдым. Сұлтанбаевтың  сол жақсылығын қалай ұмытайын. «Алғадай азаматқа Алла жар болсын!» деп жүремін осы күнде. Ол кезде өзімнің тетелес інім – Ержан Ақсайда жұмыс істейтін. Сол бір күні шетелдіктердің далаға шығарып тастаған жиһаздарының тақтайларын маған әкеліп тұр. «Кабинетіңізге бірдеңелер жасап аларсыз», — дейді. Сурет салуға бала күнімнен ебім бар екенін бағана айттым ғой. Содан әлгі тақтайлардан кабинетімдегі теледидарға тумбочка жасап қойдым. Ол кез қазіргідей неше алуан жиһаздардың шыға қоймаған кезі. Әлгіні көргендер қызығып, «Мынаны қайдан алдың?» деп сұрайды. «Өзім жасадым» деймін. Қатты қызыққан біреу әлгіні қоярда-қоймай сатып алды ақыры. Тағы біреуін жасап қойып едім, ол да алдыңғысының аяғын «құшты». Күндердің күнінде ойланайын: «Қайсар Әбелекұлы бір күндері  жоғарылап, қызметін ауыстырып кетсе, менің күйім не болады? Оның орнына бір жас жігіт келіп, «Мына мүгедек неғып отыр, офицерлерімізге жұмыс таба алмай жүргенде?..» десе, қайда барамын деп уайымға берілейін. Ақыры жеке кәсіпкерлігімді аштым. Тағы да сол, мың болғыр, Қайсар Әбелекұлы көмек қолын созып, Атырау жақтағы мұнай компанияларының жұмысшыларына 30 керует, 30 тумбочка, 15 шкаф жасауға тапсырыс алып берді. Бұл 2002 жыл болатын. Әлгіні күні-түні жасап, айтқан уақыттарына тап-тұйнақтай етіп бітіріп бердік. Тапсырыс беруші ақшаларын төлеп, жиһаздарын алып кетті.

*  *  *

Бұл Біржанның осы салаға түпкілікті бет бұруына сенім ұялатты.

Ақсайдағы інісі Ержанмен ақылдасты, егер қарсы болмаса, ол қасына келіп, жиһаз жасаумен шұғылдануға қолқанат болуына қолқа салды. Інісі азамат екен, Ақсайдағы қомақты жалақы алып жүрген жұмысын тастап, қасынан табылды. Онысына рақмет, содан бері ол Біржанның қасында, фирмада орынбасары болып істейді. Жалға шағын цех алып, жұмысты бастап кетті. Ол кезде қазіргідей шетелдік құрал-жабдықтар жоқ, қарапайым, баяғыдан келе жатқан құралдар еді. Сонау 2000 жылдардың басында бүгінгідей жұтынып тұрған жиһаздар да жоқ еді. Халық көбіне тумбочкаларға тапсырыс беретін. Қарауында үш-төрт кісі болды. Біржан өзі де сағат төрт-беске дейін «директор» болады да, әрі қарай ақ көйлек пен галстугін шешіп, халат киіп, жігіттермен бірге жұмысқа кіріседі. Сол жерден өнімдерін сатуға дүкен болсын деп шағын бөлмені тағы жалға алды. Әрине, халық сенің күнделікті жасаған өніміңді сол бойда алып кетпейді, тұрып қалады. Бұлай отыра берсе, жұмыстарының жүрмейтінін білді. Аудандарға, ауылдарға шығу керек, мемлекеттік мекемелермен жұмыс істеу керек  екенін түйсінді жігіттер.

— Сол тұста өзімнің туған ауданым –  Ақжайықта Шавхат Өтемісов әкім болатын. Күндердің күнінде сол азаматқа бардым «Аудан көлеміндегі мектеп, денсаулық сақтау мекемесінен, басқа да мекемелерден жиһаздарға тапсырыс бола ма?» деп. Ол кезде мектептердің жиһаздары әбден ескірген, сонау кеңес заманынан келе жатқан ғой. Осылайша тапсырыстар ала бастадық. Оны айтқан уақытында бітіріп, тапсырып отырдық. Жұмысымыздың сапасы ұнады. Сөйтіп, мемлекеттік мекемелермен байланысымыз жақсарып, олардың жұмысымызға сенімі нығайды. Соның арқасында  жұмысшылар ала бастадық, 2010 жылы  «Ғибадат» деп ашқан жауапкершілігі шектеулі серіктестігімде 23 адам  еңбек етіп жатты. Бұл кезде жиһаз жасауға қажетті құрал-жабдықтарымыздың біршамасын  жаңалап алған едік. Бірақ қаржы жағынан бұрынғысынша қиналып жүрдік. Банктерден несие алғымыз келгенмен, олар бермеді. Ол жылдарда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы да талпынып көріп едік, банкілер маңайлатпады. Біздер мүгедектер әлеуметтік жағынан қорғалған тұлғалар болғандықтан, алда-жалда банкімен несие жөнінде дау туып кетсе, сот біздің мүддемізді қорғайды екен де, банк біздің алдымызда қауқарсыз болып қалады екен. Енді не істейміз деп тығырыққа тірелдік. Жетпістен асқан анамызды қалаға көшіріп алған едік, екі бөлмелі жайлы пәтері бар. Анаммен ақылдастым, «Үйді сатайық» деп. Анам келісіп, үйді 47 мың долларға саттық 2012 жылы. Інімнің жеңіл көлігі бар еді, оны да саттық. Сөйтіп, сол ақшаларды інімнің қалтасына салып, Қытайдың Үрімшісіне жіберіп, жиһаз жасауға қажетті қолымыз жетпей жүрген 10 түрлі су жаңа станоктар алдырдық. Сол құралдарымыздың арқасында қазақтың сандықтарын жасауға кірістік. Бұрын сандық жасайтындар оған ылғи да қос аққудың суретін салмайтын ба еді, біз оны қайталамай, қазақтың ұлттық ою-өрнектерін түсірдік. Сұраныс көбейіп жүре берді. Өнімімізді түрлендіріп отырдық, соның арқасында сандықтың 50-ге жуық түрін шығаруға жетістік. Бара-бара өнімімізді бірнеше данасымен көтере сатып алатындар пайда болды. Қазақы ою-өрнектермен безендірілген  үстел, жер үстел, орындықтарымыз бүгінде облысымыздан тыс жерлерге де белгілі. Бесік, оның жиналмалы түрін шығарып жатырмыз. Үйге, мейрамханаларға, кеңсеге қажетті жиһаздардың түрлерін шығарамыз. Ақжайық ауданындағы жылқышы Болат Аткеевтің «Құлагер», Оралдағы Құрманғазы көшесіндегі «Ақбота» мейрамханаларының ішкі безендіруін, жиһаздарын біздер жасап бердік.  Бес облыста сауда нүктелеріміз бар, енді оларға Алматы мен Қызылорда қосылуда. Бізге тапсырысты ғаламтор арқылы да беруге болады. Әрине, үнемі бір үлгімен, бір түр, бір бедермен шығара берсек, күндердің күнінде ол ескіруі мүмкін. Сондықтан ұлттық нақыштарымыз бен ою-өрнектерімізді еуропалық мәнер, түр, бедер, үлгімен құрастыра, кіріктіре отырып шығаруды ойластырудамыз.

*  *  *

Бүгінде Біржан Қожақовтың фирмасында 40-қа жуық адам еңбек етеді. Мұның 20 шақтысы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Біржанның ендігі арманы – тігін цехын ашу. Оны ашса, «Үйлерінде отырған мүгедек қыз-келіншектерге жұмыс тауып берер едім», – дейді. Ол үшін «Демеу» қоғамдық бірлестігін арнайы құрды. Біржанды қинайтыны – өз алдарына ғимараттары жоқ. Қазірде айына 470 мың теңге төлеп, өндірістік цехты жалдап отыр. Бережағы 5 млн. теңгеге жуықтаса да, әлгі ғимараттың Құдайға қараған иесі «Ақшаңды төле» деп қыстап жатқан жоқ.

Біржанмен әңгіме үстінде мына бір жәйт бізді бейжай қалдырмады.

Науқас балалардың Көшімдегі арнайы интернатына барады бір күні. Көмегім болсын деп құр қол бармай, орындықтар апарады. ДЦП-мен ауыратын, төсек тартып жатқан  балаларды көрді. Өне бойы, сарыжамбас болып, төсекте жататын балаларды бір мезет тұрғызып қоятын арнайы қондырғылар (вертикализатор) бар екенін естіген. Ресей шығарады. Оның біреуі 1 млн. 200 мың теңге тұратын көрінеді. Интернаттың оны алатын мүмкіндігі жоқ.

Балаларға жаны ашығаннан интернаттан қиналып қайтты. Ержан екеуі ақылдаса келе, әлгі қондырғыны өздері жасауды ұйғарды.

Жобасын жасады. Қаржы болса, әрі кеткенде 100  мың теңгенің маңайынан асырмауға беркініп отыр.

Балалардың интернатына және одан басқа «Шапағат», «Бәйтерек» сияқты мүгедек, төсек тартып жатқан жеткіншектерді бағып-күтетін арнайы интернаттарға да әлгі қондырғының екі-үшеуін тегін жасап берді.

Бұған қоса сол ауыр науқасты балаларға ортопедиялық үстел мен орындықтар шығаруды қолға алмақшы. Егер бұл жоба алдағы уақытта тиісті орындардан қолдау тауып жатса, ол қазынаға да арзан түсер еді. Мүгедек балалардың да қиын халін жеңілдете түскен болар еді…

Қазақ мұндай жандарды алғадай азамат дейді. Десе, дегендей ғой… Алдыңнан ақ күн тусын, Біржан!

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген автор

Алексей Петрович Маресьев, Кеңес Одағының Батыры (1916-2001 ж.ж.)

Аты аңызға айналған ұшқыш.  Әуедегі ұрыс кезіндегі ауыр жарақаттан екі аяғынан бірдей айырылады. Бірақ соған қарамастан, ол кейін әскери ұшақ штурвалына қайтадан отырып, аспандағы талай шайқасқа қатысады. Әуеде жау ұшақтарына қырғидай тиген Маресьев 86 рет аспанға көтеріліп, дұшпанның 11 ұшағын атып түсірген.


«Ислам дінаралық диалогты құптайды»

Күні: , 224 рет оқылды

DMS_9897


Өткен бейсенбі күні қаламыздағы Қазақстан халқы ассамблеясы үйінде «Орал – Қазақстан аумағындағы православие мен ислам» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Конференция жұмысына РФ Орынбор облысының халықтар ассамблеясы, Ресейдің «Еуразия халықтарының достастығы» АКҰ (автономды коммерциялық емес ұйым), М. Өтемісов атындағы БҚМУ, Орынбор мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты. Семинарды БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов сөз сөйлеп ашты. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ресейлік қонақтарға «Қош келдіңіз!» айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.


— Ресей мен Қазақстан мемлекеті арасындағы мәдени-экономикалық байланыс жоғары деңгейде дамып келеді, — деді Марат Лұқпанұлы. — Екі елдің мәдениеті, дінаралық татулығы арқасында достығымыз жарасып, қатар өркендеудеміз. Біздің облыстағы 9 конфессияның 43-і ислам, 18-і православтық бағытта. Еліміздің тәуелсіздігін және дінаралық татулықты нығайту жолында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Р. Сұлтанов пен Орал мен Ақтөбе архиепископы Антонийдың аймақта атқарып отырған жұмыстары орасан зор. Біздің аймақтың дін өкілдері осы жерді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытуда, тыныштықты сақтауда үлкен еңбек сіңіруде.

Семинарда конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі және ксенофобия мен экстремизмге қарсы әрекеттерге қарсы тұру, діннің ортақ рухани-өнеге құндылықтары, Орал — Қазақстан аумағында православ және мұсылман қауымдастықтарының қалыптасуы, қызметі, қайырымдылықтың діни дәстүрлері, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарындағы православие мен исламның заманауи жағдайы және өзара байланысы нәтижесінде халықтар достығы туралы мәселелер сөз болды.

Ресей халықтары ассамблеясы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Орынбор облысы халықтар ассамблеясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Веталий Амелин баяндамасында екі ел арасындағы достыққа тоқталды.

— Мұндай басқосулар Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстарының халықтар ассамблеясының келісімімен жүзеге асып отырғаны қуанышты. Бүгінгі конференция көтеріп отырған мәселелер біздің аймақ, жалпы Ресей елі үшін өте маңызды. Діннің қоғамның дамуы мен алға басуында атқаратын қызметі зор. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы келісім мен жарасым әлемдік екі діннің қанат жаюына және өзара ынтымақтастығына жол ашып отыр. Біздің, жалпы адамзаттың, бүкіл әлемнің алдында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселесі өткір тұр. Халықаралық террористік ұйымдар бүкіл Еуропа және Азия елдеріне қауіп төндіруде. Осы тұста христиан мен исламның дәстүрлі бағытын сақтап қалуымыз аса маңызды. Жылдың басында Орынбор қаласында өткен семинарда дінаралық татулық пен әлемдік мәселелер көтерілген болатын. Орынбор облысы бойынша да халықаралық террористік ұйымдар жүргізіп жатқан соғысқа кеткендер бар. Бүгінгі күннің басты мәселесі – православие мен ислам арасындағы диалогты дамыту. Бұл шекаралас жатқан екі облыс үшін өте тиімді. Ресейлік ғалымдар конфессиялардың тарихын зерттеуде. Жақында осы бағытта жарық көрген үш томдық кітаптың тұсауын кестік. Оның 3-томы ислам тарихына арналды, — деді В. Амелин.

Бұдан соң сөз алған Орал қаласындағы Мұхаммед Ғариф Тұлбаев мешітінің бас имамы Қажымұқан Ғиылманов пен Превражение Господне храмының басшысы Владимир Герасимов сөз сөйлеп, дінаралық келісім мәселесіне тоқталды. Ресей көп конфессиялығы, діни оқудың әлемдік әлеуеті туралы мәскеулік профессор М. Мартынова, исламдағы дінаралық диалог тақырыбына БҚО дін істері басқармасының бас маманы, теолог Н. Стамбакиев, діни экст-ремизмнің пайда болуы және онымен күрес тақырыбына БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты С. Ғиззатов және өзге де қатысушылар баяндама жасады.

Конференцияда сондай-ақ ислам діні және әлем, қазақ жастарының діни көзқарастары, зайырлы мемлекет және Конституция негізіндегі дін таңдау еркіндігі туралы да әңгіме қозғалып, пікір алысылды. Шараға қатысушылар көрші екі ел арасындағы мәдени-экономикалық тығыз қарым-қатынас дінаралық татулықты сақтау мен одан әрі дамытуға оң ықпал жасайтынын баса айтты.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

 

Нұржан СТАМБАКИЕВ,

БҚО дін істері басқармасының бас маманы, теолог:

— Ислам діні дінаралық диалогты құптайды. Және діндердің өзара бейбіт диалог жасап, тіл табысуын құптап қана қоймай, диалогты жүргізудің әдептері мен нормалары барын да айқындап, бекітіп қойған. Мысалы, Құранда «Кітап иелерімен ең көркем түрде сұхбаттасыңдар!» делінген. Пайғамбарымыздың өзі басқа дін өкілдерімен, мысалы, христиандар мен Меккедегі құрайыштармен бейбіт диалог жасаған. Кейін оны сахабалар жалғастырған. Яғни бұл тәжірибе исламның басқа діндермен ымыраға келу жолын іздейтін, әлемдегі ең бейбіт, ең таза дін екенін дәлелдейді. Елімізде Елбасының қатысуымен дін сиездері өтуде. Біздің мемлекет өзге елдер мен ұлттардың діни наным-сеніміне нұқсан келтірмей, дінаралық татулықты сақтаудың озық өнегесін көрсетіп отыр. Ресейлік ғалымдар қатысқан бүгінгі конференцияның берері мол деп ойлаймын. Шекарааралық достықты сақтау арқылы біріге әрекет жасап, әлемді толғандырып отырған діни мәселелер туралы ой бөлістік.


Тексеру комиссиясына – 5 жыл!

Күні: , 230 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (293)


Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы №67 Жарлығына сәйкес құрылған болатын.


Содан бері облыстық тексеру комиссиясы жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүзеге асырып келеді.

Құрылғанына биыл бес жыл толып отырған мекеме жұма күні Салтанат сарайында «Тиімді мемлекеттік аудит жүйесі – еліміздің қарқынды дамуының маңызды кепілі» атты тақырыпта аймақаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.

Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен және бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары мен жергілікті жоғары оқу орындарының жетекшілері, сондай-ақ Ақтөбе және Атырау облыстарындағы тексеру комиссиясының өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Амангелді Нұғманов алдымен бүгінгі шараның маңызына тоқталып, содан соң әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.

Бұдан соң сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов облыстық тексеру комиссиясының қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарған жұмысына тоқталып, аталмыш мекеменің жергілікті бюджет қаражатын және  мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосып отырғанын айтты. Жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын және мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту және бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалау жұмысына белсенді қатысып жүрген ұжымға жемісті жұмыс тілеген Арман Кәрімұлы саланың үздік қызметкерлеріне  облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті. Марапатталғандар қатарында облыстық тексеру комиссиясының қызметкерлері Мейрамхан Иманбазарұлы, Ажар Мүтиқызы және Ерлан Ғарифоллаұлы бар.

Шараға арнайы келген қаржы-бақылау саласының ардагері Серік Тұрсынов пен меймандар сала қызметкерлерін мейрамдарымен құттықтап, оларға мықты денсаулық, жемісті жұмыс тіледі. Бұдан соң облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Амангелді Нұғманов Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының құрылғанына бес жыл толуына орай облыстың экономика және қаржы саласына еңбек сіңірген бір топ сала мамандарын марапаттады.

Мерекелік шара соңы «Тиімді мемлекеттік аудит жүйесі – еліміздің қарқынды дамуының маңызды кепілі» атты тақырыптағы аймақаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Жиын барысында конференцияға қатысушылар баяндама жасап, мемлекеттік қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануды ұйымдастыру бағытындағы іс-тәжірибелерін ортаға салды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жұмыссыз жүрген жастарға жағдай жасалуы тиіс

Күні: , 256 рет оқылды

DMS_9975


Мамырдың 26-сында Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінде облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Оған кеңес төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов, мемлекеттік органдардың басшылары, жастар қоғамдық ұйымдарының белсенділері қатысты.


Алдымен баяндама жасаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Азамат Айтуевтың айтуынша, облыста 14 пен 29 жас аралығындағы 149 595 тұрғын бар. Бұл көрсеткіш аймақ тұрғындарының 23,7%-ын, еліміздегі жалпы жастар санының 2,8%-ын құрайды. Орал қаласында 72 522 жас тұрады. Ағымдағы жылы облыстағы 89 жастар ұйымының 64-і Орал қаласында, 25-і аудандарда тіркелген. 43 қоғамдық бірлестік белсенді қызмет етуде.

Қазіргі уақытта жастар мүддесіне бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Мысалы, биыл «Жасыл ел» бағдарламасына жергілікті бюджеттен 20,9 млн. теңге бөлінген. Оған 800 ерікті қатыспақ, оның тең жартысы аудандардан тартылмақ. Қазір студенттер мен жұмыссыз жастардың арасынан іріктеу жүргізілуде. «Бұл бағдарламаның ауқымы облыс орталығы мен Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Зеленов, Бөкей ордасы аудандарын қамтиды.  Алдағы уақытта Қаратөбе ауданында орман шаруашылығы мекемесі құрылатыны жөнінде ақпар бар», – деді Азамат Айтуев.

Былтыр студенттік еңбек құрылысы жасақтарына 324 жас тартылған. Олар түрлі нысандар мен жол құрылысын жүргізуге қатысқан. Жастарды жұмыспен қамту үшін «Отделстрой», «Азиятехстрой», «Болашақ Т», «СВ плюс» құрылыс компаниялары мен «Жиенбай» мен «Марасант» ЖШС-ларымен тығыз байланыс орнатылған. Биыл еңбек жасақтарына қатысатын жастарды 500-ге дейін көбейту үшін жұмыс берушілермен келіссөз жүргізілуде.

Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысында жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетілуде. 2015 жылы облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы арқылы 2563 жас білім алды. Сонымен қатар аудандар мен моноқалаларда кәсіпкерлерді қолдау орталықтары арқылы 483 жасқа консультациялық көмек, 34 жасқа сервистік көмек көрсетілген. 2013-2016 жылдар аралығында 19 жас кәсіпкерге 33,6 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттар берілді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 2015 жылы 299 жас маман үстемеақысыз 15 жылға 2,9 млн. теңге көлемінде несие қаражатын алса, 448 маманға 130 мың теңге біржолғы көтермеақы берілген. Биылғы бағдарламаға қатысушылар арасында баспана алатындар үшін бюджеттен 3,2 млн. теңге бөлінген. Биыл мамыр айына дейін 90 жас маман бюджеттік несие жүйесімен қамтамасыз етілсе, 236 маман біржолғы көтермеақыны алып үлгерген.

Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтар биыл басталған «100 нақты көмек» аясында 600-ге жуық іс-шара өткізген, 50-ден аса әлеуметтік көмек жасаған. Кеңес отырысында Азамат Айтуев жастарға қатысты өзекті мәселелер де баршылық екенін атап өтті. Мәселен, облыстық ішкі істер департаменті былтыр жастар арасында 2376 қылмыс дерегі тіркелгені жөнінде мәлімет берген. Биыл 824 жас қылмыстық әрекетке барғаны анықталды. Соның қатарында 46-сы – кәмелеттік жасқа толмағандар.

Облыс бойынша экономикалық белсенді халық – 334 мың 356 адам. Оның 29,1 пайызы – жастар, нақты саны – 97 544. Яғни жастардың 65,2%-ы белсенді. NEET санатына кіретін (алты айдан астам уақыт жұмыссыз жүрген, арнаулы немесе жоғары оқу орындарында оқымайтын) 15 пен 28 жас аралығындағы жастар үлесі былтыр 3%-ды немесе 4488 адамды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 2,6%-ға төмендету жоспарланған. Атап өтерлік жайт, республикамыз бойынша осы санаттағы жастардың үлесі басқа өңірлерге қарағанда ең төменгі деңгейде.

2016 жылы 48 мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге аспақ. Соның ішінде 24 жобаны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, тең жартысын Орал қаласының және аудан әкімдіктері жүзеге асырады. Жастар арасында жұмыссыздық 2014 жылы  — 4,3 пайыз, өткен жылы 4,5 пайызды құрады.

Өткен жылы жастар арасынан 2426 адам жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа жолыққан. Оның 1733-і жұмыспен қамту мәселесін алға тартса, 250-і заңнамалық кеңес, 21-і психологиялық, 57-сі теологиялық кеңес алған. Ресурстық орталықтар арқылы былтыр  — 520, биылғы жыл басынан 62 жас жұмысқа орналасқан.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С. Хангереевтің мәліметінше, биыл 16025 тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бүгінге дейін жұмыссыздар есебінде 3074 адам тұрса, соның 774-і – жастар. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1053 жас жұмысқа орналасқан, соның ішінде 335-і «Жастар тәжірибесіне» жолданса, 78-і әлеуметтік жұмыс орындарына барған. 623-і қоғамдық жұмыстарға тартылды, 54-і  кәсіптік оқуға жіберілді.

Биыл 789 жас маманға «Жастар тәжірибесі» демеу болады деп күтілуде.

2013-2015 жылдары облыстың төрт жоғары оқу орнын 25 мыңға жуық түлек аяқтаса, түлектердің 80 пайыздан астамы әркелкі деңгейде жұмыспен қамтылып отырған. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Азамат Айтуевтың айтуынша, оқу орындары жұмыс беруші мекемелер мен аудандық білім беру бөлімдерінен анықтама алу, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу мемлекеттік орталығының немесе «Азаматтар үшін Үкімет» АҚ-ның базасымен тексеру арқылы түлектердің жұмысқа орналасуы жөнінде мәліметтер бергенімен, нақты ақпарат алу әлі күнге жүйеленбей отыр. Сондықтан жас мамандармен жекелей жұмыстану аяқсыз қалуда.

Кеңес отырысында баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, ҚР Ғылым және білім министрлігі мен ҚР «Атамекен» ҰКП бірлесе жүзеге асыратын «Дуальды оқытуды енгізу» жол картасына сәйкес еңбек нарығындағы мамандарға сұранысты реттеу мақсатында дуальды оқыту мен инновациялық оқыту тәсілдері облысымыздың 17 оқу орнында қолданылады. Жол картасына 51 мекеме мен шаруашылық субъектісі қатысуда. Кәсіпорын базаларында дуальды оқытудың өндірістік машығын ұйымдас-тыру туралы 58 келісім жасалды. Яғни бұл бағытта облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлесе жұмыс жасауда.

Кеңес отырысына жастар белсенді қатысып, орнықты ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен, «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Кухаев жастардың бизнеспен айналысуына жол ашатын «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасында» белгіленген «Өрлеу» бағдарламасының сәтті жүріп жатқа-нын атап өтті. Дегенмен ата-аналарымен, ағайындармен бірге тұратын жас отбасылардың кіріс көзін бөлек есепке алмауына байланысты, жеке кәсібін жүргізуге ынталы жастардың талап-мүддесі назардан тыс қалып жатқанын тілге тиек етті. Қаратөбе аудандық ресурстық орталық басшысы Рақымжан Нұрланұлы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдардағы тұрғын үйлерді нарықтағы құнынан асыра бағаланып жататынын айта келіп, бұл бағытта әділ сараптау жүргізетін тәуелсіз комиссия құру жөнінде ұсыныс жасады. Республикалық жоғары технологиялық колледж жанындағы «Темір бүркіт» ЖҚБ-ның төрайымы Эльмира Келбетова жаңа техникадан робот дайындауға құштар талантты студенттерді қолдауға кәсіпкерлер палатасын тартуды өтінді. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті Дина Қапезова Астана қаласындағы «ЭКСПО» көрмесіне қатысатын еріктілерге бас қосатын орын керектігін айтқанда, облыс басшысы бұл мәселені шешуді университет ректоры Асхат Иманғалиевке ұсынды. Бұдан бөлек жастардың еңбек құқығын қорғау, урбанизацияның ықпалын зерделеу жөнінде ой-пікір білдіргендер болды. «Қазіргі кезде жоғары оқу орындарының — 934, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарының 784 студенті жатақханаға мұқтаж. Қазір айына 50-60 мың теңге төлеп, пәтер жалдап жатқандар бар», — деді «Орал» студенттер альянсы корпоративтік қорының атқарушы директоры Оралбек Жандауов. «Қалалық әкімдікке ұсыныс хат жолдаңыз. Мемлекеттікжекеменшіктік серіктестік аясында құрылыс компанияларын жаңа нысандар салуға тартып көреміз. Қалада бос ғимарат болса, қарастыруға дайынбыз», – деді облыс басшысы. Жиында сонымен қатар Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов пен Тасқа-ла ауданы әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиеваның есебі тыңдалды.

Кеңес отырысына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов жастардың білдірген ұсыныс-пікірлерін құп алып, жекелей жауап беріп отырды және бірқатар сала жетекшілеріне жаңа міндеттер жүктеді. Әсіресе, елді мекендерде дәрігер мамандарға сұраныс көптігін ескеріп, медициналық білім беру ұйымдарының түлектерін ауылдарға жіберуді, техникалық мамандықтарға жастарды көптеп тарту керектігін айтты. Сонымен қатар облыстағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарының қызметін белсенді жүргізуді, мекеме мақсатын әлеуметтік желілер, түрлі акциялар, БАҚ арқылы кеңінен насихаттап, жұмыссыз жүрген жастарға бос жұмыс орындары туралы мол мағлұмат берілуін қамтамасыз етіп, бұл бағыттағы ахуалды нақты зерттеуді тапсырды. Сондай-ақ ауыл жастарының жағдайына жете көңіл бөліп, шағын несиені беру тетіктері оңтайлы болғаны жөн екені айтылды. Облыста жастар арасында қылмыстың алдын алу шараларымен шұғылдануды құқық қорғау орындарымен жастар ұйымдары бірлесе қолға алуы тиіс. «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қашан ұйымдастырылады? Нақты жауап беріңіз. Мерзімін анықтап, дайындықты бастаңыз. Жұмыс беруші мекеме, кәсіпорындарымен алдын ала келісім жасау керек. Бос жұмыс орындары жоқ емес, бар. Әсіресе, жұмыссыз жүрген жастар толықтай құлағдар болуы керек»,  – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереевке нақты жауабын ести алмаған соң.

– Көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып, өзекті мәселелер көтерілді. Кейбіріне мемлекеттік органдар басшылары жауап берді. Ары қарай ұсыныстарды жоспарға бекітіп, талқылайтын боламыз. Сонымен қатар жастар қауымдастығы игі шараларға белсене қатысуы тиіс. Облыста 150 мыңдай жас бар. Олармен берік байланыс орнату керек. Сондықтан жастар саясатын дамытумен жүйелі айналысу қажет. Әсіресе, жұмыспен қамту мәселесі өте өзекті екені аңғарылады. Ашық әңгіме алаңын кеңейту үшін алдағы уақытта облыстық жастар форумын өткізуді ұсынамын, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жиында бір топ белсенді жас облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика