Мұрағат: 26.05.2016


Күні: , 1 126 рет оқылды

инфографика

Татамидегі тартыс

Күні: , 180 рет оқылды

DSC_0056


Өткен сенбі-жексенбі күндері Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз М. Мәметованы еске алуға арналған дзюдо күресінен VII халықаралық турнир өтті. Қаламыздағы теннис кортында болған жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен келген палуандар сынға түсті.


Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған турнирдің ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Есенғалиева көрші мемлекеттерден және еліміздің облыстарынан келген спортшыларға Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер деп айтып, палуандарға табыс тіледі. Ал БҚО дзюдо федерациясының президенті Қасым Исқақовтың айтуынша, аталмыш күрес түрі бойынша қазақстандықтар үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекетіміздің қуатты спорттық держава ретінде халықаралық имиджін көтеруге сүбелі үлес қосып келеді. Биыл жетінші мәрте өтіп жатқан бұл турнир — көптеген жас палуанның бағын ашып, кәсіби жетістікке, жеңіс тұғырына жол салған дәстүрлі сайыс.

Ерлер мен әйелдер арасында өткен жарыста 17 команда сапында 211 палуан бозкілемнің «шаңын қақты». Иә, спортшылардың көпшілігі, яғни 170-ке жуығы қазақстандықтар болса, оның төрттен бірінен астамы — жерлестеріміз.

Алдымен ерлер арасындағы бәсекеге тоқталайық. Облысымыздың намысын қырық палуан қорғады. Алғашқы күні жеңіл салмақтағы жігіттер татамиде өнер көрсетті. Өкінішке орай, бұл күн батысқазақстандықтар үшін сәтсіздеу болды. 60, 73, 81 келі салмақ дәрежесінің әрқайсысында жеті-сегіз жерлесіміз шығып, бәрі  де қарсыластарынан айлаларын асыра алған жоқ. Тек 66 келідегі А. Жұмағұлов 3-орын үшін белдесуде есе жіберді. Батысқазақстандық жанкүйерлер екінші күні көп жиналды. Себебі, жексенбіде бозкілемге шығатын ауыр салмақты палуандардың арасында ұлттық құрама сапындағы жерлестеріміз, еліміздегі түрлі жарыстарда топ жарып жүрген Олжас Сүлейменов, Ерназар Хамзин, Арман Ерғалиев пен Темірлан Көлбай бар болатын. Алғашқы үш жігіт 90 келіде белдесті. Он екі палуанның арасынан осы үшеуі қарсылас шыдатқан жоқ. Нәтижесінде жүлделі орынның бәрін өзара бөлісті. Нақтылап айтқанда, Олжас бас жүлдегер болса, Ерназар мен Арман 2 және 3-орындарды еншіледі. Алғашқы екі белдесуінде қарсыластарынан басым түскен Темірлан Көлбай (100 келі) үшіншісінде қызылордалық палуаннан есе жіберіп, қола медаль үшін болған белдесуде талдықорғандық қарсыласын ұтты. – Осы төрт палуан өзімнің шәкірттерім, — деді жарыстан соң бізге сұхбат берген ерлер бойынша облыстық құраманың аға жаттықтырушысы Сайын Ерғалиев, — Негізінен соларға сенім арттым. Тағы да бір-екі бала жүлделі орыннан көрінеді деп ойлағанмын. Бірақ олар түрлі қателіктерге бой алдырды. Енді осы қателіктермен жұмыс істейтін боламыз. Біз жарысты ұйымдастырушы команда болғасын, облыс құрамасына қырыққа дейін палуан алуға мүмкіндік беріледі.

Осы мүмкіндікті пайдаланып толық құраммен шықтық. Яғни командамыздағы спортшылардың басым бөлігі мұндай жарыстарға жиі қатысып, ысылмаған еді. Арасында ауылдан келгендері де бар. Сол себепті олардың көбі қатардан шығып қалды. Дегенмен де жас жігіттеріміз бұл сайыстан біраз тәжірибе жинады. Бұйыртса, келесі турнирде биіктен көрінеді деген ойдамыз.

Қыздар арасындағы бәсеке де тартысты өтті. Елуден аса бұрымды шеберлік байқасқан сайыста ресейлік, қызылордалық, алматылық нәзікжандылар мықтылығымен бірден көзге түсті. Турнирде өңіріміздің намысын жеті ару қорғады. Олардың арасында Азия чемпионатының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсем Қазиева (78 келі), жасөспірімдер арасында ел чемпионы болған, жастар арасындағы біріншіліктерде жүлдегер болып жүрген Гүлдана Әлмұқамбетова (52 келі), Гауһар Ермағамбетова (57 келі) бар. Басты үміт соларда болатын. Бұл қыздарымыз да сенімді ақтады. Әсемнің салмақ дәрежесінде қарсылас болмауына байланысты ол автоматты түрде бас жүлде алса, Гүлдана күмістен, Гауһар қоладан алқа тақты.

Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер, олардың бапкерлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының грамоталарымен, БҚО дзюдо федерациясының ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Талғат СӘРСЕНБАЕВ,

жарыстың бас төрешісі, халықаралық  дәрежедегі төреші:

— Жарыстың ұйымдастырылуында кейбір олқы тұстар бар. Турнир Мәншүк Мәметова секілді батыр қызымызды еске алуға арналған және халықаралық мәртебесі болғаннан кейін оған ұйымдастырушылар тарапынан жете мән берілуі керек еді. Мен ондай жағдайды көре алмадым. Мұндай турнирде ең аз дегенде, 6-7 халықаралық дәрежедегі төреші болуы қажет. Ал бұл жарыста халықаралық дәрежедегі 2-3 төреші жүрді. Татамидің айналасына көрермендер үшін орындықтар қойылуы керек еді. Ондай орындықтар болған жоқ. Көрермендер қашықтан әрі залдың екінші қабатынан қарап отырды. «Сырт көз сыншы» демей ме, шетелдің спортшылары, бапкерлері келіп жатыр, олар не дейді ертең?! Осындай кемшіліктерді болашақта жібермеу керек.

Анна САРАЕВА,

Ресейдің қыздар командасының бапкері, Сидней олимпиадасына қатысушы (Самара қаласы):

— Турнирге біздің алты қызымыз қатысып, соның бесеуі жүлде алды. Яғни бір алтын, бір күміс және үш қола. Осыдан бір апта бұрын Орынборда Еуропа кубогі сарапқа салынған ірі жарыс өткен болатын. Сол сайыста осы турнир жөнінде біліп, жөнді тынығып, дайындалып үлгерместен келдік. Қыздарым жарады.

Жалпы, бізді Оралда жақсы қарсы алды, барлық жағдайды туғызды. Сол үшін ұйымдастырушыларға ризамыз. Бұйыртса, енді бұл турнирге жыл сайын келетін боламыз.

Сымбат ТӨРЕН,  турнир жеңімпазы (Қызылорда облысы):

— Мен 63 келі салмақта үш белдесу өткіздім. Бәрінде де жеңіске жетіп, бас жүлде алдым. Қуаныштымын. Төрешілер әділ бағалады. Жалпы, облысымыздың командасы бұл жарысқа тұрақты қатысып жүр. Биыл да толық құраммен келді. Екі алтын, екі күміс, үш қола медальді еншіледік.


Қайғылы оқиғалардың алдын алайық…

Күні: , 174 рет оқылды

IMG_9601


Орал қаласындағы жаңа шағынаудандарда ағын суларды бұру бағытында жүйелі жұмыстар жүруде. Бірақ бұл бағыттағы кейбір іс-шаралар шалағайлықтың кесірінен адам өміріне қауіп төндіріп жатқаны да жасырын емес.


2014 жылы Зашаған кентіндегі Көктем, Кең дала, Арман шағынаудандарындағы ағын суларды бұрып әкету бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Соған орай өткен жылдың соңында медколледж аумағындағы «Октан» жанармай бекеті маңынан жерасты су өткізгіш құбырын тарту үшін Орал – Атырау тасжолының екі жағы қазылады. Ал осы маңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығы жөнінде ешқандай белгі қойылмайды, әлі күнге дейін жоқ. Тек көлік түгілі, велосипедтің өзі қағып өтетін «нәзік» әрі елеусіздеу тұрған қоршау-кедергі бар. Бұл қауіпті жағдайларды болдырмайды дегенге сену қиын. Медколледж жақтың тұрғындары, Орал – Атырау күрежолының бойымен жиі жүретін жүргізушілер осы аймақ адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

Соған байланысты Орал қалалық құрылыс бөліміне осы мәселені баяндап, қатынас хат жолдаған едік. Аталмыш жобаға, нақтылап айтсақ, «Орал қаласының Зашаған кентіндегі Көктем, Кең дала, Арман шағынаудандарындағы ағын суларды бұрып әкету» нысанына тапсырыс беруші болып табылатын бұл мекеме басшысының орынбасары А. Пішенбаевтың атынан келген жауап хатта «Бұл нысанда жоба бойынша қоршау-кедергі және арнайы жол белгілерін қою қарастырылмаған. Алайда қауіпті жағдайларды болдырмас үшін жолдың екі жағынан сигналды бағана орнатылды. Егер тұрғындар тарапынан өтініштер болса, нысанның құрылысы толық аяқталғаннан кейін БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының ұйғарымымен Орал қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі арнайы жол белгілерін қоя алады» деп жазылған.

Бұл мәселе жөнінде жоба мердігері «Уральскводстрой» АҚ-ның президенті Геннадий Мутасовқа хабарлағанымызда, ол көпшілікке қауіп төндіріп тұрған аймаққа арнайы барып, жағдаймен танысқаннан соң көлік жүргізушілеріне күндіз де, түнде де анық көрінетіндей етіп берік темірден қоршау-кедергі қоятындарын жеткізген  болатын. Алайда екі аптаға жуық уақыт өтсе де, Геннадий Мутасов айтқан қоршау-кедергі әлі жоқ. Ал қауіп-қатер һәм қайғылы оқиға ешкімді күтпейтіні әрі көзді ашып-жұмғанша орын алуы әбден ықтимал екені белгілі…

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


«Құлақтан үні кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау»

Күні: , 360 рет оқылды

IMG_1168


Кеше қаламыздағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде  дәл осындай атаумен салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Шараны ашқан мектеп директоры Шолпан Қадырова соңғы қоңырау ағымдағы оқу жылын қорытындылайтын сәт екенін жеткізді. 2015-2016 оқу жылында осы білім ұясы ауыз толтырып айтатындай мол табысқа кенелді. Яғни осы кезең аралығында мектептің 10-сынып оқушылары Әділет Бекетов пен Ербол Абай республикалық робототехника олимпиадасының екі дүркін жеңімпаздары атанып, Қазақ-Британ техникалық университетінің білім гранттарын иеленді. Аталмыш ғылыми сайыста, сондай-ақ мектептің бірнеше оқушысы да жүлделі орындардан көрінді. Қарағандыда өткен халықаралық «RoboLand 2016» фестивалінде оралдық зияткерлер жалпыкомандалық есеп бойынша бас жүлдені еншіледі. Республикалық ғылыми, инновациялық жобалар, түрлі олимпиадаларда да үздік болғандар көп. Мәселен, республикалық қазақ тілі олимпиадасынан 9-сынып оқушысы Варвара Качало 1-орын алды. Ал Назарбаев зияткерлік мектептері ішіндегі желілік олимпиадада оралдықтар 14 жүлделі орынды иеленіп, желі ішінде «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атанды. Спорт, өнер салалары бойынша да жетістік аз емес. Биыл мектеп қабырғасынан 170 оқушы түлеп ұшқалы тұр. Түлектердің төртеуі «Алтын белгіге», он сегізі «Ерекше аттестатқа» үміткер, төрт оқушы шетелдік ЖОО-лардың оқу гранттарын иеленді.

— Қадірлі ұстаздар, құрметті атааналар мен оқушылар! Бүгін бәріміз үшін елеулі күн. Бүгін мектептегі тағы бір оқу жылының аяқталғанын білдіріп, соңғы қоңырау сыңғыр қағады. Жаңа мектеп басшысы айтып өткеніндей, білім ұясы оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтап отырғанына қуаныштымыз. Алдымызда сап түзеген түлектер үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Тәуелсіздігіне 25 жыл толған егемен елде мектеп бітіріп, алдағы арман-мақсаттарына қол жеткізу үшін республика-мыздағы, шетелдегі жоғары оқу орындарынан білім алуды мұрат тұтқан бұл жастарымыз бақытты. Республикамыздың әлем елдерімен қарым-қатынасы жақсы. Бұл қазақстандық жастарға шетелдегі мықты деген оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді. Қай жақта жүрсеңіздер де, бірінші кезекте өз ана тіліңізді, мемлекеттік тілді қадірлей біліңіздер. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Сонымен қатар өзге тілдерді де білудің пайдасы көп екенін қазіргі заман көрсетіп отыр. Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері үш тілді еркін меңгеруі, жан-жақты білімді, қарым-қабілеттері жетік болуы се-бепті көптеген жоғары оқу орны оларға есігін айқара ашады. Сіздердің осындай деңгейге жетуіңізге ұстаздар қауымы көп тер төкті. Ата-аналарыңыздың да еңбегі зор. Солардың сенімдерін ақтаңыздар! Мектеп – алтын бесік. Осы алтын бесікте тербетіліп, бұл жерден алған білімдеріңіз бен тәлімтәрбиелеріңіз алдағы өмірлеріңізде кәдеге асары сөзсіз. Болашақта сіздер еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге, экономикасын дамытуға, отандастарымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға айтарлықтай үлесін қосады деп сенеміз. Елбасы айтқандай, білімді жастар – тәуелсіздіктің тірегі! Сәт-сапар түлектер! — деді өз құттықтау сөзінде облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Содан кейін өңір басшысы мен ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, ардагер-педагог Өтебай Құспанов «Жылдың үздік оқушысы» атанған мектеп түлегі Аружан Монтаеваны марапаттап, дербес планшет сыйлады. Сондай-ақ мектептегі жоғары сынып оқушыларының төмен сыныптағыларды қолдауы үшін ұйымдастырылған қауымдастықтар (шаңырақтар) да марапатталды. Жылдың үздік қауымдастығы болып «Орда» шаңырағы танылды. Құрамында 13 оқушы бар бұл топ «Туған елге тағзым» экспедициясы аясында Алматы қаласына барады.

Ата-аналар, түлектер өздерінің игі тілектерін білдірген соң, түлектер вальсімен соңғы қоңырау шарасы қорытындыланды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Аружан МОНТАЕВА,

Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, «Ерекше аттестатқа»  үміткер:

— Бүгін – біз үшін ерекше күн. Оқушы ретінде соңғы қоңырау үнін естідік. Толқып та тұрмыз. Әрбіріміздің жүрегімізде қимастық сезім бар. 2012 жылдан бері бұл мектепте білім нәрімен сусындадым. Осында оқып, үш тілді жақсы меңгердім. Зияткерлік мектебі, сондай-ақ тұлға ретінде дамуыма көп үлесін қосты. 2013 жылы Сингапурда болып, білім курсынан өттім. Міне, соның арқасында былтыр, биыл республикалық ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атандым. ҚР Әділет, Инвестициялар және даму, Білім және ғылым министрліктерінің арнайы дипломдарымен марапатталдым. Облысымызда мұндай мектептің ашылып, оның түлегі болғаным үшін өзімді бақытты санаймын.

Мерлан ТІНӘЛИЕВ,

7-сынып оқушысы:

— Мен осыған дейін Орал қаласындағы №41 мектеп-лицейде оқыдым. Сонда оқып жүргенде, осы мектеп, ондағы оқушылардың шетелге білім курстарына баратыны жөнінде естіп, қызығатынмын. Сондықтан былтыр Назарбаев зияткерлік мектебіне құжаттарымды тапсырып, қиын да күрделі сынақтардан өттім. Мұнда оқу да оңай болған жоқ. Оқу жылының І және ІІ тоқсандарында қатты қиналдым. Себебі бұл жердегі оқу бағдарламасы бөлек. Соған қарамастан оқып, ізденіп, ұстаздарымның тапсырмаларын орындап, ІІІ тоқсаннан бастап жақсы нәтижеге қол жеткізе бастадым. 7-сыныпты үздік бітірдім. Бұл жердегі соңғы қоңырау салтанаты да ерекше өтеді екен. Жетістікке жеткен түлектерге көрсетіліп жатқан құрмет те бөлек. Осындай марапаттауларды көргеннен кейін мектеп оқушысының бәрі сабақта да, түрлі сайыстар да үздік болуға тырысатын болады.

*  *  *

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы қазақ-түрік лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, түлектерге сәттілік тіледі. 2006 жылы іргесі қаланған аталмыш білім ордасында қазіргі кезде 241 шәкірт білім алуда.

Облыс басшысы атап өткеніндей, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында соңғы жылдары елімізде өскелең ұрпақ болашағы үшін қыруар істер атқарылуда. Орал қаласындағы ма-мандандырылған қазақ-түрік лицейі – оқушыларға  сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған іргелі оқу ордасы. Жалпы, осындай лицейлерді бітірген жастардың әлемнің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндігі бар. Өйткені  оқушылар қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгеріп шығады.

Мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің директоры Алмас Мұқанов аяқталған оқу жылының табысты болғанын айтты. Биылғы оқу жылында халықаралық білім додасына қатысқан  сегіз оқушы, республикалық олимпиададан 35 оқушы, облыстық деңгейдегі білім сайысынан 71 оқушы жүлдегер атанған. Лицей өңірдегі білім сапасын арттыруда зор үлес қосып, «Үздік олимпиада командасы» деген атқа ие болған. Аяқталған оқу жылы алты мектеп түлегі «Алтын белгіден» және үш өрен – «Үздік аттестаттан» үміткер.

Шарада сөз алған мектеп түлектері мен олардың ата-аналары жылдар бойы сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздар қауымына ризашылық сезімдерін жеткізді. Оқу жылы бойына білімімен, тәртібімен ерекше көзге түсіп, белсенділік танытқан оқушылар да марапаттан тыс қалмады.

Биылғы түлектер үшін соңғы білім қоңырауын соғу құрметі бірнеше олимпиаданың жүлдегері, лицей парламентінің президенті Ернұр Масонов пен 7-сыныптың оқу озаты Асыланбек Ибатуллиевке берілді.

*  *  *

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы қалалық эстетикалық бағыттағы гимназияда болып, мектеп бітіруші түлектермен кездесті.

Өңір басшысы еліміз бойынша бүгінгі таңдағы білім саласына көрсетіліп отырған қолдаулар, қойылып отырған талаптар туралы айта келе, мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуде қобалжымауға шақырды.

— Ұстаздарың берген білімді ертеңгі сында жан-жақты терең көрсете білу де – өнер. Олардың еңбегін зая кетірмей, өз қабілет-қарымдарыңызды толық көрсету үшін, ең бастысы, қобалжымау керек. Ұстамдылық пен байыптылықты бойларыңызға серік қылсаңыздар, бәрі жақсы болады. Өмірде сынақ көп, ҰБТ-ны да сондай кезекті сынақтардың бірі деп қабылдаңыздар. Адам қай жерде де алдымен тек өзіне сенуі керек. Сендерге де сондай сенімділік тілеймін,  — деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде мектеп түлектері өңір басшысына алғыстарын білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын қойып, болашаққа қатысты ой-армандарымен бөлісті.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Мерей ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

Орал қазақ-түрік лицейінің түлегі:

— Лицейге 2011 жылы қаламыздағы №38 жалпы орта білім беретін мектебінен келген болатынмын. Бұл оқу орнына түсу мен үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты. Түрлі білім сайыстарына қатысып, бағымды сынадым. Биылғы жылы жағырапия пәнінен өткен республикалық олимпиадада бірінші орын алдым. Ендігі мақсатым алдағы сынақтан ойдағыдай өтіп, «Алтын белгі» иегері атансам деймін. Болашақта Астана қаласындағы Назарбаев университетіне оқуға түсіп, экономика саласы бойынша білімімді жалғастырғым келеді. Ұстаздарыма алғыс айтып, сыныптастарыма сәттілік тілеймін.


«Жер мәселесі билік назарынан тыс қалмайды»

Күні: , 184 рет оқылды

DMS_9728


Кеше қала тұрғындары жер реформасына байланысты қоғамдық кеңестің қабылдауында болды.


Оларды  облыстық  мәслихаттың шағын залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев, «Нұр Отан»  партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанова қатысты.

Қабылдауға келген 10 адам тұрғын үйге қол жеткізу, мемлекет тарапынан тегін берілетін 10 сотық жер телімін алу және жеке мәселелерге  байланысты әр түрлі сауалдарын алға тартты. Тек солардың ішінде екі азамат жер реформасына қатысты өз ойларын білдірді.

Айталық, Дәмет Ишанғалиева, Тойдық Ерғожина, Тынышбек Нұржанов, Есенгелді Өтеғұлов, Сапарбек Бекетов есімді тұрғындар бірнеше жылдан  бері жер кезегінде тұрғандарын айтып, мәселенің тезірек шешілуіне көмек сұрайды. Олардың өтініштерін тыңдаған Арман Кәрімұлы еліміздің қабылданған заңдарына сәйкес, республиканың әр азаматына болашақта 10 сотық жерді беруге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

– Биыл тек облыс аудандары бойынша 1750 жер телімін беру көзделген. Алайда заңдағы бірқатар өзгерістерге байланысты жаңа жер телімдері суы мен жарығы жеткізілген, коммуникациялық желілері тартылған аумақтан ғана бөлінеді. Соған орай Орал қаласындағы бұл жағдай кейінге шегеріліп келеді. Соңғы кездері «жер телімдерінің орнына тұрғын үй беріледі» деген ел аузында таралған алыпқашпа әңгімелер айтылып жүр. Бұл – шындыққа жанаспайтын, жаңсақ әңгіме, – деді ол.

Бұдан кейін сексеннің сеңгіріндегі еңбек ардагері Ескендір Сұлтанғалиевтың Аққозы батырдың есімін жаңғырту және Жақсыбай су жүйесін реттеуге қатысты ұсыныстарына облыс әкімінің орынбасары  бұл мәселеден хабардар екенін айтып, болашақта шешімін табатынын айтты. 15 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Назгүл Мырзағалиева болашақта жаңа сауда орнын, сұлулық салондарын ашу мақсатында жалға алуға жер телімін сұрап келді. Бұған  облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанова жауап беріп, жазбаша ұсыныс түсіруге кеңес берді. Сол секілді Тынышбек Нұржанов есімді азамат 10 жылдан бері қалада жұмыссыз жүргенін алға тартып, ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысу үшін қажетті кеңестер сұрады.

Ал теміржол саласында қызмет атқарып жүрген Сапарбек Бекетов жер реформасына және жаңа редакциядағы Жер кодексіндегі кейбір өзгерістерге қатысты өз ойын ортаға салды.

– Қазақстанның жерін шетелдіктер түгілі, өз азаматтарымызға да сатуға түбегейлі қарсымын. Жерді жалға емес, сатып алудың соңы ел ішінде азаматтардың алауыздығын тудырып, тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Жайлаудан-жайлауға көшіп жүрген ата-бабамыздың жер үшін жауласқандарын өткен тарихымыз дәлелдеп кетті. Ендеше, біз жерді тек халықтың игілігіне, ортақ мақсатқа пайдалануымыз керек, – деген ол ҚР азаматтарына жалға берілетін және сатып алынатын жерлердің қандай айырмашылығы  барын  сұрады.

Бұл сауалға орай Арман Кәрімұлы Астана қаласында жер мәселесіне байланысты Ұлттық комиссияның жұмыс жасап, барлық сұрақтар бойынша талдаулар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

– Комиссия құрамына әр облыстан делегаттар сайланып, біздің ұсыныстарымызды жеткізетін болады. Әзірге жер ешкімге сатылмайды және ешкім сатып алмайды. Кез келген облыс тұрғындары өздерінің нақты ұсыныстарын жергілікті комиссияға, қоғамдық қабылдауларға жеткізе алады. 2015 жылы шыққан жаңа редакциядағы заң жобасында жерді жалға беруге де, сатуға да рұқсат етілген болатын. Алайда халықтың наразылығынан кейін Елбасының мораторийі жарияланып, қайта қаралуға жіберілді. Ел азаматы ретінде оң шешімі табылатындығына сенім білдіреміз. Бүгінгі таңда облыс бойынша жеке кәсіпкерлер 21 мың гектар жерді бау-бақша егуге, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға сатып алды. Ал қазір мораторийге байланысты тоқтап тұр. Алайда жалға алынған жерлер пайдаланусыз, игерілмей жатса, үкімет өз меншігіне қайтарып алуға толық құқылы. Егер сатып алған жерлер ешқандай қызмет атқармаса, құзырлы органдар жер иесін жауапқа тартып, түрлі шаралар қолданатын болады, — деп түсіндірді.

Осы бағыттағы сауалды Жалғас Дүйсенов деген азамат та алға тартып, жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де қарсы екендігін білдіріп, жер комиссиясына өз ұсыныстарын жеткізуді сұрады.

Бұл азаматқа облыс әкімінің орынбасары ұсынысты жазбаша қалдыруды сұрап, облыстық жер мәселесі жөніндегі комиссия отырысынан кейін міндетті түрде жауап  қайтарылатындығын  жеткізді.

– 2012 жылдан бастап облыс бойынша бос жатқан жерлерге  тексеріс жұмыстары жүргізіліп, 1 млн. гектар жер игерілмей жатқаны анықталды. Соның 324 мың гектар жері  мемлекетке қайтарылды. Қазақстан жері тек жұмыс жасау үшін ғана беріледі, бірақ өзге елдің азаматтарына берілмейді. Шекаралас аймақтағы жерлердің мәселесі де халықтың ұсынысынан тыс қалған жоқ. Бұл комиссияда қаралу үстінде. Елбасымыз атап өткендей, халықтың көзқарасымен сәйкес келмейтін, халықтың мүддесіне жұмыс жасамайтын заңдар қабылданбайды.  Сондықтан халықтың алаңдауына еш негіз жоқ. Жер мәселесі билік назарынан тыс қалмайды, – деді Арман Өтеғұлов қабылдау кезінде.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Төраға сайлады

Күні: , 188 рет оқылды

IMG_1020


Орал қаласындағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті.


Басқосуда ассамблеяның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов сөйлеп,  ұйымның қызметімен таныстырды. Оның айтуынша, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерін ассамблеяның облыстық филиалының кеңесі бекіткен. Қоғамдық келісім кеңесі құрамында мемлекеттік құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, аналар, жастар ісі бойынша кеңестердің мүшелері, сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы  кіретін  48  адам  бар.

Айта кетерлігі, Елбасымыз 2013 жылы сәуірде өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XX сессиясында  қоғамдық келісім кеңестерін құруды ұсынған болатын. Соған байланысты облысымызда алдымен ауылдық округтерден бастап құрылған, күні бүгінге түрлі деңгейде жұмыс істеп жатқан 239 қоғамдық келісім кеңесі ел бірлігін, татулық тінін нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында 300-ден астам түрлі шаралар, кеңес отырыстарын өткізген.

Аудандардағы қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері жылдық жоспарға сай тұрғындар арасындағы жұмыссыздықты азайту, отбасылардың әлеуетін арттыру, оқушылардың жүйелі білім алуына жағдай жасау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастар тәрбиесін дамытуға қатысты мәселелерді талқылаған. Мәселен, Ақжайық ауданындағы қоғамдық кеңестің жәрдемімен құрылған қор арқылы көпшіліктің қатысуымен мәдени шаралар өткен. «Ардагерлерді аялайық» акциясы аясында қарияларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жастар отряды қолғабыс көрсеткен. Зеленов аудандық қоғамдық кеңесінің бастамасымен екі мешіт пен екі шіркеу салынған. Кәсіпкерлер ұсынған бос жұмыс орындарымен ауыл тұрғындары арасынан жұмыс өтілі жоқ немесе басқа себеппен екі қолға бір күрек таба алмай келген 22  адам қамтамасыз етілген.

Биыл қызметін жаңадан бастап жатқан БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық кеңесінің негізгі міндеті – қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту мақсатында азаматтық қоғам институттарын, саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, басқа бірлестіктерді ұйыстыру, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық актісін жүзеге асыру. Сондай-ақ  ассамблеяның облыстық филиалы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде өңірдегі әлеуметтік және басқа шиеленістердің алдын алуға және шешуге, қоғамдық институттар мен қоғамдық институттар арасында өзара іс-қимылды жетілдіруге, мемлекеттік саясатты бірлесе насихаттауға, ассамблея атынан қоғамдық, әлеуметтік маңызды жобаларды және бағдарламаларды қолдауға, дамытуға атсалысады, қайырымдылық  шараларды, медиация мен қоғамдық бақылауды қолға алады.

Басқосуда кеңес мүшелері бірауыздан кезінде Батыс Қазақстан және Көкшетау облыстарын басқарған, кейін ТМД аумағында елшілік қызмет атқарған Нәжімеден Есқалиевті облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағалығына, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Виктор Киянскийді төраға орынбасарлығына  сайлады. Кейін кеңестің жылдық жұмыс жоспары  талқыланып,  бекітілді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


ҰБТ «есік қағып» тұр…

Күні: , 183 рет оқылды

IMG_0962


Сейсенбі  күні  облыс әкімдігінде оқу жылының аяқталуы мен ҰБТ-ға әзірлік  және облыстық  бюджеттің игерілуі жөнінде селекторлық кеңес өтті. Жиынға өңір басшысы Алтай Көлгінов төрағалық етті.


Алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, биыл ҰБТ-ны өткізу форматы өзгеріссіз қалған. Тек ағымдағы жылы тестілеудің қорытындысы бойынша белгіленген шекті деңгейден өтпеген немесе «қанағаттанарлықсыз» баға алған тұлғалар үшін қайтадан кешенді тестілеу тапсыруға рұқсат етіледі. Мұндай тестілеудің бағасы – 2242 теңге. Бұл тестілеу тамыз айының соңында өткізіліп, нәтижесінде ҚР жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бүгінде ҰБТ-ға дайындық жұмыстары күшейтіліп, ата-аналар мен оқушыларға психологиялық семинарлар, онлайн режимінде сабақтар өткізілуде. Аудандық, облыстық БАҚ беттерінде ҰБТ туралы мақалалар жарияланып, телеарналарда тікелей тэфирде сұхбат беру ұйымдастырылуда.

Биыл мектепті 4 514 түлек аяқтаса, оның 3 416-сы немесе 75,6 пайызы тестілеуге қатысуға ниет білдірген. «Алтын белгіге» 192 оқушы және үздік аттестатқа 79 үміткер тіркелген.

Өткен жылдағыдай ҰБТ облыс бойынша тоғыз  тестілеу пунктінде, яғни екеуі Орал қаласында, жетеуі аудан орталықтарында өткізілмек. ҰБТ айқын және объективті өту үшін барлық жерде металл іздегіштер, ұялы телефондардың сигналдарын тұншықтыру және бейнебақылау қондырғылары қолданылатын болады. Аудандық білім бөлімдерінің мәліметтері бойынша оқушыларды арнайы тест тапсыратын пункттерге тасымалдау, қондыру және тамақтандыруға қажетті 7 593 мың теңге қаражат бөлінген.

Сондай-ақ Айгүл Әділгерейқызы өз баяндамасында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, келесі оқу жылына дайындық және міндетті мектеп формасы, жөндеуден өтетін мектептер жөнінде кейбір мәселелерге тоқталып өтті. Білім бөлімдерінің алдын ала ұсынылған мәліметі бойынша, 2016 жылдың жазғы кезеңінде түрлі лагерьлерде 77 мыңнан астам оқушыны немесе 90,6 пайызын демалыспен қамту жоспарланған. Облыс бойынша биыл 13 мектепке күрделі жөндеу, қалған барлық мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Баяндамадан кейін  облыс әкімі Алтай Сейдірұлы білім басқармасының басшысына мектептегі жөндеу жұмыстарының уақтылы басталып, 1 қыркүйекке  дейін аяқталуын қатаң қадағалауды міндеттеді. Сондай-ақ облыс бойынша ҰБТ-ны жоғары деңгейде ұйымдастыруға, оқушылармен қатар ата-аналарға да психологиялық дайындық  жұмыстарын  жүргізіп, қажетті барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тапсырма берді.

Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинованың баяндамасы тыңдалып, кейбір мәселелер бойынша облыстық бюджеттің игерілмей жатқан себептері түсіндірілді.

– 2016 жылдың 1 мамырына дейін облыс бюджетінің жылдық көлемі 154,2 млрд. теңгені құраса, өткен төрт айда  оның түсімі 109,1 пайызға орындалған. Соның ішінде жергілікті кіріс 132,4 % немесе 22,2 млрд. теңгені құрады.

Облыс бюджетінің шығыс бөлігі ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін 95,2 пайызға (жоспар бойынша 48,8 млрд. теңгенің 46,4 млрд. теңгесі) орындалса, 2 млрд. 358,5 млн. теңгесі әлі игерілмеген. Ал облыстық әкімшілікпен 1 млрд. 378,8 млн. теңге, оның ішінде кәсіпкерлік басқармасы бойынша 601,1 млн. теңге игерілмеді, — деген Айгүл Бақытжанқызы облыс әкімі тарапынан алдағы уақытта игерілмеген қарыздарды уақтылы өтелуін қатаң қадағалауға және сол бағытта жұмыстануға тапсырма алды.

Басқосуда Алтай Сейдірұлы «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша барлық қарыз қалдықсыз, түгел игерілуі керектігін міндеттеді. Бұл турасында облыстық құрылыс басқармасының жұмысына қатысты сын айтылды.

– Менің білуімше, жас отбасыларға арналған және апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары үшін берілетін тұрғын үйлерді тапсыру кестеден қалыс келеді.   Орал қаласы әкімдігімен бірігіп, бұл мәселені тез арада шешуді тапсырамын. Сондай-ақ Березовка ауылы тұрғындарын қоныстандыру үшін салынып жатқан үйлердің құрылысы да қатаң қадағалансын, – деген өңір басшысы  бұдан кейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына Орал – Атырау тас жолдарын жөндеу жұмыстарына  қатысты  ескерту  жасады.

– «Қазавтожолға» қатысты аталмыш бағыттағы жолдарды жөндеу жұмыстары туралы шағымдар жиі түсуде. Арыз-шағымдарымен танысып, шұғыл шаралар қолданылсын, – деп атап өтті.

Бұдан кейін жергілікті басқарма басшылары мен Сырым, Шыңғырлау, Теректі, Зеленов аудандарының әкімдері облыс әкіміне түрлі салалар бойынша бюджеттің игерілмей жатқан себептерін айтып, жуық арада мәселенің шешімі  табылатындығын  жеткізді.

Жиын барысында облыс әкімі барлық басқармалар мен аудан басшыларына тапсырма беріп, маусымдық жұмыстарды ширатуды міндеттеді. Облыстық құрылыс басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы және қала әкімдігінің басшыларына бөлінген қаржыны дер кезінде игеріп, мәселені тез арада шешуге тапсырма берді. Сондай-ақ Алтай Сейдірұлы аталған бағытта уақтылы жұмыстанбаған басшылар қатаң жазаға тартылып,  тәртіптік шаралар қолданылатынын  атап  өтті.

Ләззат  ҒИНИЯТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Қарындасым, қарлығашым…

Күні: , 211 рет оқылды

сулушаш


1966 жылы Тасқала ауданының Степной (қазіргі Оян) орта мектебінің 10-11 сыныбын бітіргендер жарты ғасырдан кейін кездесуге жиналып жатыр екен. Бір шаңырақтың астында өсіп, бір мектепті бітірген немере қарындасым Сұлушаш Сүндетқалиқызы Құлмалиеваның өтініші бойынша бұл мақала жазылды. Шын мәнінде, қарындасымның мен білмейтін өмірінің иірімдері жоқ. Ал қарындасымның сыныптастарын осы мерейлі мерекелерімен құттықтаймын! Менің өзім сол Оян мектебінің орта мектепке айналған кездегі бірінші түлегімін.


Сұлушаш мектепте сыныптастастарының алды болып үздік оқумен қатар, ол бастауыш сыныпта оқыған кезінен бастап-ақ,  мектептің барлық қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Ол туралы әңгімелегенде, «Соным дұрыс болмаған, таңнан кешке дейін мектепте  жүргеннен үйде отырып, сабағымды оқып, мектепті медальға бітіретін кісімін ғой. Бұған үйімнің мектепке жақын болғаны да себеп болған сияқты» — дейді қазір. Сол 1966 жылы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы барлық мемлекеттік емтихандарды үздік бағаға тапсырып, географиябиология пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Сол жылы жүрек қалауымен сүйіктісі, қасиетті Қаратөбе жерінің азаматы Есенгелді Сабырұлы Қасымовқа тұрмысқа шығып, сол елде он екі  жыл мектепте еңбек етті. Сұлушаш ол жерде де абыройлы болды. Алғашқы еңбек еткен жылдарынан бастап-ақ, аудандық оқу бөлімінің әдістемелік кабинетінің Құрмет тақтасында тұрды.

1983 жылы жанұя жағдайымен Орал қаласына көшіп келгенде, баспана алу үшін бір азғантай уақыт сол кездегі мықты құрылыс мекемесі болған «Уральскводстрой» трестісіне жұмысқа орналасты. Жаратылысынан ұстаз Сұлушаш баспана алған бойда, «Бригантина» балалармен жасөспірімдер клубына директорлық  жұмысқа ауысты. Сол жылдарда осы клубта күндіз-түні жүретін жасөспірімдер мен олардың ата-аналары кездескен кезде әлі де рақметтерін жаудырып жатады. Зейнеткерлікке шықанға дейінгі 20 жылдай еңбек жолы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің (БҚМУ) география кафедрасында өтті. Мұнда аға оқытушы болып бастаған Сұлушаш сол аға оқытушылықпен еңбек жолын аяқтады.

Сұлушаш БҚМУ-дағы жұмысымен қатар университет жанындағы педагогикалық лицейде, қаладағы жеке жоғары оқу орындарының шақыруымен оларда да еңбек етті. Тәжірибелі де, білімді ұстаз облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында облыс география пәні мұғалімдеріне дәріс оқып, экспедицияларға қатысты. Университетте еңбек еткен жылдарда Алматы Қазақ ұлттық университетінде география пәні бойынша білім жетілдіру курсынан өтті. Студенттер Сұлушаш беретін пәндерден жоғары біліктілік көрсететін. Оның берген «Биогеография» пәнінен бүкіл Қазақстан бойынша Алматыда Москва мемлекеттік университетіне ауысу үшін студенттер емтихан тапсырғанда,  тек біздің екі студент Салтанат Мұхтарова мен Аңсар Қадірәлиев өтіп кетті. Олар ММУ-ды үздік бітірді. Сұлушаш жетекшілік жасаған студенттердің дипломдық жұмыстары тек үздік бағаланатын. Ол жетекшілік еткен студенттердің ғылыми жұмыстары республикалық байқауда мақтау қағаздарымен марапатталса, университет шеңберінде жүлде алған студенттер еңбегі «Университет жаршысы» басылымында жарық көретін. Сұлушаштың университетте еңбек еткен жылдары елдегі қиындығы мол болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына сәйкес келді. Университетте ол тек аға оқытушы ғана емес, деканның орынбасары, аға куратор, бұлардан басқа да округтік сайлау комиссиясының төрайымы т.б. қаптаған қоғам жұмыстарының ортасында болды.

Университет ұйымдастыратын мамандыққа шақыруға бағытталған іссапарлардың Сұлушаш ылғи ортасынан табылатын. Оның арасында облыс орталығынан шалғайдағы Жалпақтал, Қаратөбе аудандарына, Ақсай қаласына іссапарларға барып, мектеп шәкірттеріне бір-екі апталап сүйікті географиясынан сабақ беріп келетін.

Бұл жылдарда өз балалары да институттарын бітіріп, алды ғылым кандидаттығын да қорғады. Ата-ананы өздерінен бұрын балаларының жетістіктері ойландыратыны түсінікті. Ұстаздықтың басты ерекшелігі — олар өз балаларынан бұрын өзгенің балаларының жетістіктеріне қатты қуанады ғой. Сұлушаштың оқушылары мен студенттерінің арасында үлкен жетістіктерге жеткендері өте көп. Олар ел басқарумен қатар, ғылымда да жоғары жетістіктерге жеткендер. Олардың ішінде ғылым кандидаттары:  Жасқайыр Қарағойшин, Фарида Ғимайдиева, Мирас және т.б. Бүгінгі күні Москваның «Институт Космических технололгиида» оқу әдістемелік бөлімін  басқаратын Рысты Тәржіманова апайымен үнемі  хабарласып, ақыл-кеңес алады. Бүгінде немерелерінің сүйікті әжесі Сұлушаш Сүндетқалиқызы өткен өміріне дән риза. Бүкіл ғұмырының бақытты өткенін айтады. Тек өкініштісі, сүйікті жары Есенгелдінің 70-ке толмай, өмірден өткені. Бұған да Сұлушаштың өз ойы бар. Ол бақыт деген өте тәтті нәрсе, сондықтан тәттінің де белгілі бір мөлшерде болғаны дұрыс деген Жаратқан иемнің шешімі солай шығар деп тағдырына бас иеді. Ол — Қазақстан ұлттық география қоғамындағы санаулы зейнеткерлердің бірі, “ҚР білім беру саласының үздігі”. Зейнеткерлікке шыққаннан бері әлемнің түкпір-түкпіріндегі 20-ға жуық алыс шетелдерге саяхатқа шықты. Ұзақ жылғы ұстаздың еңбек нәтижелері: оқулықтарға қосымша айдарымен шыққан және оқу әдістемелік сегіз еңбегі жарық көргені.  Ұстаздың 40-қа жуық ғылыми-теориялық, әдістемелік еңбектері ұжымдық жинақтармен жеке мақалалар түрінде облыстық, республикалық, таяу шетелдік басылымдарда қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Облыстық, республикалық газет-журналдардағы мақалалары бір төбе.

«Биыл мектеп бітіргенімізге — 50 жыл.  Міне, осыған байланысты мен де бүкіл өмір жолымды ой елегінен өткіздім. Менің өмір жолым кез келген менің замандастарымның өмір жолынан өзгешелігі шамалы шығар. Бұл кездесуді мен де армандағанмын. Бірақ бұйырмыс болмайтын болып тұр.

Өйткені Стамбулда оқитын немеремнің соңғы емтиханы сол кездесу күніне сәйкес келіп тұр. Маған балаларым Стамбулға билет алып қойыпты. Жыл сайын Түркияда демалғанмен, Стамбулды көрмеу дұрыс болмай тұр деуші едім.

Сол сөздерімді балаларым қағып алыпты. 50 жылдан кейін сыныптастар кездескенде, әркім жартығасырлық өмірлері туралы бір-біріне есеп береді ғой. «Ағасы бардың жағасы бар» деген, мен сыныптастарымның алдындағы  жартығасырлық өмірімнің есебін ағама ысырып салып, өзім қыдыруға кеттім.

Мектеп бітіргенімізге 50, мейлі 100 жыл өтсін сыныптастарымның қатары сиремей, амандықпен қауышуға жазсын», — деген сөздерді мақалаға кірістіруді сұрапты Сұлушаш.

Айтқали НӘРІКОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Орал қаласы


Қасиетті Рамазан айы

Күні: , 222 рет оқылды

IMG_8805


Рамазан – исі мұсылманның  асыға күтетін, ораза ұстаған жанға Алланың сауабы төгілетін, айлардың сұлтаны ретінде мойындалған қасиетті ай.


Тілдік мағынасына келсек, рамазан араб тіліндегі (ض م ر) сөзінен шыққан. Яки ораза ұстаушының қатты ыстық кезінде ішінің құжылдауын білдіреді. Тағы бір деректе шөлдің ыстық күндеріне сәйкес келгендіктен, осылай аталып кеткен. Тағы бір көзқарас бойынша рамазанды жүректің күш-қуат алуы, әсерленуі деп түсіндірген.

Ораза – исламдағы негізгі рүкіндердің бірі. Сонау самауи діндерден жалғасып келе жатқан құлшылықтың түрі. Бұл оразаның адамның рухына, денесіне, денсаулығына тигізер пайдасы көп. Қасиетті Құран-Кәрімде: “Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер.

Және сондай ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы (мұндай ораза ауыр келетін кәрі, ауру не екі қабат, омырауда баласы болған әйелдер оразаның орнына күніне бір фітір садақасын беруіне болады). Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар”. Пайғамбарымыз да өзінің хадис-шарифтерінде: “Ибн Омардан (Алла ол екеуіне разы болсын) келген хабарда: Алла елшісі (с.ғ.с) айтты: — Ислам бес негізге құралды: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі екендігіне куәлік беруге, намаз оқуға, зекет беруге, қажылыққа баруға, рамазан айында ораза ұстауға”. Хадистің шархында келеді: Ислам ол – хақ дін. Алла Тағала ол дінді үлкен бес бағанға құралған үй секілді қылды. Сол бес бағанның ең үлкені ортасында және қалғандары оның тіреушісі секілді. Сол бес бағанның бірі – ораза ұстау, яки рамазан айында ораза ұстау.

Рамазан оразасы – Алламен байланыса отырып, нәпсіні тазалау және одан қорқу, оның ризашылығы үшін тақуалық қылу, сабырлықты басшылыққа алу, оған шүкір ету үшін нығметін еске алу. «Рамазан айының алғашқы түні болғанда, жәннат есіктері айқара ашылып, бұл рамазан айы бойы жалғасады. Сөйтіп, Алла Тағала бір жаратқанына бұйырады нида (жар салуды) қылуды. Нида қылушы (жар салушы): — Ей, жақсылық жасаушы жәннатқа келгін. Ей, жамандық жасаушы тоқтат. Және кейін тағы да былай дейді: Алладан кешірім сұраушы бар ма, сұрасын, Алла оның күнәсін кешіреді. Алладан дүние-мүлік сұраушы бар ма, сұрасын, Алла оған береді. Аллаға тәубе етуші бар ма, тәубе етсін. Алла оның тәубесін қабыл етеді. Осылайша бұл нәрселер таң уақытына дейін жалғасын табады. Алла Тағала мұ-сылмандар ауыз ашқанда, тозақ-қа лайық болған мыңдаған жанды тозақ отынан құтқарады» деген екен. Ораза тұтқан адам ешқандай адамның бақылауынсыз-ақ ішіп-жеуден тыйылып, қанша қиналса да, өз-өзін ұстай алады. Қатты қиналғанда адамның көзінен таса жерге барып, қарнын қампитып алып, оразамын деп жүруіне болады, бірақ ол Алланың «барлық нәрсені білуші» деген сипатымен иман келтіргендіктен, ондай іске бармайды. Сондықтан ораза тұтқан адам әрдайым Алламен бірге екенін ұмытпай, кез келген жерде Жаратушыдан сақтанады. Осылайша ол Алладан ештеңені жасыру мүмкін еместігіне иман еткендіктен, ақыреттегі халін ойлайды. Ал жүрегінде ақыретте жауап беру сезімі жоқ адамнан мұндай нәрсе алмайсыз. Бұл тек қана иман жүзді адамға тән. Сондықтан ораза – иманның көрсеткіші. Оразаның адам баласына, жалпы жамағатқа берер пайдасы өте көп. Расында, Алла Тағала оны алдыңғы үмметтерге парыз қылды. “Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар”. Кейін оны Мұхаммед үмметіне парыз қылды. Әрбір парыз етілген құлшылық белгілі бір амалдан (намаз — дәрет алудан, Құран оқудан сияқты) тұрады. Сол амалдарға жараса, оған сауап беріледі. Ал ораза болса ол – амалды тәрк ету. Сондықтан оның сауабы Тәңірден сүйінші сыйлық болған сауаппен ұласады. Алла Елшісі (с.ғ.с): Алла Тағала айтты: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық істері (құлшылықтары) өзіне. Ал оразаның жөні бөлек, өйткені ораза Менің разылығым үшін ұсталады, сондықтан оның қарымын (сауабын) өзім беремін» деген. Ораза — (иесін күнәлардан, тозақтан қорғайтын) қалқан. Кім болса да, ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер оған біреу тіл тигізсе, не болмаса онымен ұстасып, төбелеспек болса, оған: «Менің аузым берік!» — деп ескертсін. Мұхаммедтің жанын уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының ау-зынан шыққан жағымсыз иіс Алла Тағаланың құзырында мисктен (хош иісті әтірден) де жұпарлы болып табылады. Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанда, ауыз ашқаны үшін қуанады және Раббысымен қауышқанда, ораза ұстағаны үшін қуанады» деп айтты» деген. Егер мұсылман күндіз ораза тұтып, түнгі уақытта Құран оқыса, Қиямет күнінде оны қорғайтын және оған кешірім беруді өтінетін, тозақ отынан сақтайтын екі жақтаушысы болады. Олар ораза мен Құран. Хадисте былай риуаят етіледі: «Қиямет күнінде Алланың құлына ораза мен Құран болысады. Ораза айтады: «Тәңірім! Мен оны күндіз ішуден және жеуден тыйдым». Құран айтады: «Мен оны түнде ұйқыдан қалдырдым, сол үшін оған болысамын». Олардың өтініштері қанағаттандырылады. Оразаның басқа құлшылықтан ерекшелігі – ол көзге көрінбейді. Намаз оқығанда иілесіз, сәждеге барасыз, отырып-тұрасыз, бір сөзбен айтқанда, намаз оқып тұрған адамды көруге болады. Зекет пен хаджда дәл осындай. Ал ораза тек тұтқан адам мен Аллаға ғана мәлім. Яки ораза мубах-халал етілген амалдарды тәрк ету болса (тамақ ішу, су ішу), ал оның алдында харам етілген амалдарды тастау қалай болмақ. Яғни біздің бірінші болып тастайтын нәрселеріміз мәкруһ, харам нәрселер болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с ) айтты: «Кімде-кім ораза болып, жаман сөзден және оған амал етуден тыйылмаса, Алла оның тамақтан және судан тыйылғанын қажет етпейді». Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде былай дейді: «Ораза – қалқан (күнәларға қарсы). (Қалқан арқылы дұшпанның оғынан, қылышынан қорғансаң, ораза арқылы шайтанның шабуылынан қорғануға болады). Кімде-кім ораза кезінде жаман сөз айтпасын, өсек-аяңнан сақтансын, егер біреу оны балағаттап яки төбелеспек болса, «Мен оразамын» деп айтсын». Адамның денесіне, рухына таптырмас дәрі-дәрмек, ем-шипа болатын — бұл ораза пайғамбарымыздың өсиеті. Алла елшісі Әба Умамаға өсиет ете отырып айтты: «Оразаны лазым тұт, расында, оған тең келер нәрсе жоқ».

Ораза – бір берекелі рухани кезең, ұлық медресе, нәпсіні тәрбиелеу. Ол сондай бір Адамның рухына, ахлағына пайдалырақ болатын азықпен азықтану. Нәпсімен күресу, шаһуатты кесу, бір жүйеге түсу, кедейге қарайласу, нығметтің қадірін түсіну, тойымсыздық пен ашкөздіктіктен тазару, жүректің тазалығы, ғибадаттың ләззәтімен шұғылдану, Алланың зікірімен, Құранымен иғтикафпен азықтану, сабырлықпен байсалдықта өзара жәрдемдесу. Біз үшін қасиетті рамазан айын күнәмыз үшін тәубеге келіп, Құдіретті Жаратушы иемізден от азабынан құтқаруын тілеп қарсы алғанымыз әлдеқайда жақсы. Осы бір мүбәрак айға жетуді қаншама адам армандады десеңізші! Өкінішке орай, ажалы жеткен тағдырдың жазуынан құтыла алмады, олар қабірінде барлық амалы тыйылып, барзақ әлемінің тұрғынына айналды. Олар енді жақсы амалын арттыра да алмайды және жіберіп алған күнәсы мен кінәсі үшін тәубеге де келе алмайды. Ал біз Аллаһ Тағаланың мейір-шапағатының арқасында бұл айға аман-есен жетіп, кінәміз бен күнәмізға кешірім сұрауға, құлшылығымызды арттырып, Аллаһтың рақымынан үміт етуге мүмкіндік алып отырмыз. Міне, оразаны 11 ай бойы адамның тәні мен жанына жабысқан кірден арылтатын үлкен сынақ деп түсінген жөн. Оразаның мәні мен маңызын түсініп, тұтуды Аллаһ Тағала баршамызға нәсіп етсін!

Руслан СҰЛТАНОВ,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы


Темекіні тәттіге айырбастады

Күні: , 164 рет оқылды

DSC_0338


Зеленов  ауданы  орталығында  «Темекіні  тәттіге  айырбаста»  акциясы  өтті.


Акцияны аудандық аурухана, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық, «Жастық-Молодость» қоғамдық бірлестігі мен «Жігер» жастар денсаулық орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Шара барысында темекінің зияны жайындағы плакаттарды ұстаған жастар аудан орталығының басты көшелерімен жүре отырып, азаматтарға темекіні тәттіге айырбастауды ұсынып, жадынамалар таратты.

Шылым шегетін тұрғындар жастардың бастамасына разы болып, қалталарындағы темекілерін арнайы жәшікке салды. Шылым шекпейтіндерге төсбелгілер тағылды. Акцияның өтуіне ауарайының қолайсыздығы да кедергі болмады. Жастар жиналған темекілерді сындырып, қоқыс жәшігіне тастады.

– Бүгінгі акциямызды салауатты өмір салтын қалыптастырып, темекінің қаншалықты зиян екенін түсіндіру мақсатында ұйымдастырдық. Біз таратқан жадынамаларды оқыған бір адам темекі  тастаса, шарамыздың босқа өтпегені, – дейді аудандық  аурухананың  психологі  Юлия  Яфарова.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика