Мұрағат: 24.05.2016


№1 мектеп бірінші орын алды

Күні: , 233 рет оқылды

IMG_0559


«Дарын» қосымша білім беру орталығының базасында «Бағдаршам — 2016» қозғалыстың жас инспекторлары жасақтарының облыстық слеті өтті.


Шара балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін мекемелердің, ұйымдардың, қоғам өкілдерінің назарын аудару мақсатын көздеді.

Шараны облыстық білім басқармасының «Өркен» қосымша білім беру орталығы мен облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі ұйымдастырды.

Бағдарламаға сай, слет «Жол қозғалысы ережесінің білгірі», «Велосипедті мәнерлеп жүргізу», «Жас реттеуші», «Жас тазалықшы», «Үгіт бригада» және «Эрудиттер турнирі» секілді байқаулардан тұрды.

Слетке облыс  аудандары  мен Орал қаласынан 12 команда қатысты.

Слет нәтижесінде Орал қаласы, №1 мектептің «Жол сақшы» жасағы бірінші, Теректі ауданындағы лингвистикалық «Үміт» гимназиясының «Үміт ұландар» жасағы және Зеленов ауданы, Трекин мектебінің «Жол сақшылар» жасағы екінші, ал Жәнібек ауданы, Е. Ниетқалиев атындағы мектебінің «Бағдаршам» жасағы, Бөкей ордасы ауданы, М.-С. Бабажанов атындағы мектептің «Жас қыран» жасағы, сондай-ақ Тасқала ауданы, Шежін мектеп-балабақшасының «Дабыл» жасағы үшінші орыннан көрінді.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар білім басқармасының дипломымен, сыйлықтармен марапатталды. №1 мектептің «Жол сақшы» жасағы республикалық жарысқа жолдама алды.

Айнұр ТАСҚАЙЫРОВА,

№1 мектептің бастауыш сынып мұғалімі,

Орал қаласы


Жасай бер, «Жарқын болашақ» !

Күні: , 216 рет оқылды

13071910_265022837175206_3265141897265820640_o


…Биыл Ұлы далада азаттықтың ақ таңы атқанына 25 жыл! Отанымыздың Ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің осынау мерейтойына орай Елордамыз Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Жарқын болашақ» атты тіл және мәдениет фестивалі өтті. Халықаралық «KATEV» қоры ұйымдастырған үшбу фестивальдің мәртебесін 25 шетелден келген жасөспірім-көкөрім дарындар асқақтатты.


Негізі бұған дейін «Жарқын болашақ» қазақ тілі бойынша білім олимпиадасы ретінде өтіп келген-ді. Ал ағымдағы жылы жоғарыда атап өткеніміздей, аталмыш шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Халықаралық тіл және мәдениет фестивалі дәреже-деңгейінде ұйымдастырылды. Ретті жерінде «Жарқын болашақтың» мұндай ауқымда ұйымдастырылуына ҚР Білім және ғылым министрлігіне қоса, Қазақстан халқы ассамблеясының атсалысқандығын атап өткен жөн. Фестиваль қарсаңында жылдағыдай қазақ тілі бойынша «Жарқын болашақ» олимпиадасы өтті.

— Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін нығайту мақсатында биыл сегізінші рет ұйымдастырылған білім бәйгесіне кең дүниенің әр қиырынан 5 мыңға жуық талапкер қатысты.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті бойынша білім сынына түскен өрендер «Тілші әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Ақын-жазушылар», «Сөз зергерлері» және «Әнші бұлбұлдар» аталымдары бойынша бақ сынады. Олардың ішінен 172 оқушы жеңімпаз-жүлдегер ретінде танылып, солардың 42-сіне жоғары оқу орындарының білім гранттары берілді. Бұл жолғы олимпиадаға бірінші рет шетелдерде тұратын қазақтардың, атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейдің Алтай өлкесін мекендеген бауырларымыздың ұл-қыздары қатысты. Көрсеткен білім деңгейлеріне сәйкес атамекендеріне келген бірқатар өрендерімізге тәуелсіз қазақ елінде білім алу үшін білім гранттары бөлінді, — деді фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте.

Фестиваль барысында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып, биыл алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағып, арман сапарына аттанатын 25 өренге Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті сияқты жоғары оқу орындарының білім гранттары ұсынылды. Көптің көзінше отандық университеттердің білім грантына ие болғандардың арасында үш бірдей шетелдік бауырымыз болды.

Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған түлектерге гранттарды ҚР Парламентінің депутаттары Қуаныш Айтақанов, Сауытбек Әбдірахманов және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Түркі әлемі ақсақалдар кеңесінің төрағасы, профессор Әділ Ахметов сынды тұлғалар табыстады.

 Әлемнің әр алуан бояуы

Жер жиһанның әр қиырынан келген балауса бұлбұлдардың өнер фестивалі басталмас бұрын екі сағаттай аталмыш шара аясында ұйымдастырылған халықаралық көрмені тамашаладық. Бірден айта кетелік, көрмеге жауапты тұлғалар шетелдік меймандардың қазақ халқының шежіресі мен тұрмыс-тіршілігінен хабардар қылуды орынды ескерген. Қазақстандық киізүй-көрмеде, тіпті тізеңізді бүгіп, халқымыздың бауырсақ, құрт-ірімшік, қазы-қарта, қымыз-шұбат секілді ұлттық дәм-тағамынан ауыз тиюуіңізге де жағдай жасалған.

Әлқисса, үшбу көрмеде азуын айға білеген, айдай әлемде дәл қазіргі кезеңде бірден-бір супер-держава саналатын АҚШ-тан бастап, еуропалық елдерден Түркия, Испания, Румыния, Косово, Украина, Ресей, Молдова, ал Азия құрлығынан Ауғанстан, Үндістан, Қырғыз Республикасы, Солтүстік Кәріс, Филиппин, сонымен қатар Африканың Сенегал, Уганда, Марокко, Мозамбик секілді мемлекеттерін мекендеген халықтардың тарихы мен салт-дәстүрінен, дүниетанымы мен мәдениетінен мағлұмат берер жәдігерлер барынша қамтылғандығына көз жеткіздік. Көрмені көрушілердің көбі Америка құрлығының байырғы тұрғындары үндістерге және Африканың «қара маржан» нәсіліне қатысты жәдігерлердің маңына көбірек аялдады. Косоволық балауса бойжеткен әнші Алонэның табиғи дауыспен тамылжыта салған әні де ел-жұрттың назарын ерекше аударды. Әнді шынайы, беріле шырқауына қоса, албан қызы Алонэның даусы сандуғаштың сайрағанындай әдемі екен. Ал енді үнді мәдениетіне, әсіресе, үнді фильмдеріне құмар отандастарымыз Үндістанның көрмесіне көбірек үймеледі. Айтпақшы, Әзірбайжан көрмесін тамашалаушылардың бірі соғыс өрті қайтадан тұтанған Қарабақтағы жағдайды сұрап жатқандығын құлағымыз шалып қалды…

 Сенегалдың сандуғашы

Біздің Отанымыздың тәуелсіздігінің биылғы 25 жылдық мерейтойына орай дүние жүзінің 25 мемлекетінен келген өнерпаздардың концерті «Үш қоңыр» әнімен ашылды. Бұл әнді қос бірдей қазақстандық замандасымен сенегалдық Фол Мбеги (4-бетте) қосыла шырқады. «Қара» құрлықтан келген қара қыздың қазақша ән салуында ешқандай мін болмады. Африканың батысындағы һәм Атлант мұхиты жағалауындағы Сенегалдан келген қара нәсілді балауса бойжеткен бұған дейін өмірі Қазақстанда болып көрмеген. Оған қазақ әндерін осыдан біразырақ жыл бұрын біздің еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің бірінде мұғалімдік қызметте болған Түркияның азаматы Мұса Доктороғлы үйреткен көрінеді. Бұл азамат қазір Сенегалдағы сенегал-түрік лицейлерінің бірінде мұғалімдік миссиясын жалғастыруда екен. Қазақстанда қызмет істеген жылдары қазақ өнеріне әбден бауыр басқан Мұса мырза сенегалдық шәкірттеріне бүгіндері қазақ әндерін үйретуде көрінеді. Міне, ұстазының осы еңбегін еш қылмай сенегалдық сандуғаш Фол Мбеги «Үш қоңыр» әнін мінсіз шырқап, еліміздің бас шаһарындағы «Қазақстан» орталық концерт залына жиналған дүйім жұрттың қошеметіне бөленді. Жалпы, осы фестивальде 25 елден келген балалардың ішінен африкалық ұл-қыздар қазақ тілі мен мәдениетіне деген шынайы құштарлығымен ерекшеленді. Мәселен, «қара» құрлықтың шығысындағы Угандадан келген Роджерс Бирумасу «Қазағым» әнін әуелеткенде, қол соқпаған адам қалмады. Ал марокколық «қара домалақтар» (өңкей ұл балалар) қазақтың ұлттық киімімен сахнаға шығып, біздің «Қара жорғаға» ұқсас өздерінің ұлттық биін билегенде, залдағы көрермендердің біразы отырған орындарынан тұрып, қосыла биледі. Бұған қоса, сірә, кезінде ортақ шаңырақтың аясында болғандықтан шығар, орта жас пен аға толқын көрермен Молдавия, Украина және Ресейден келген балғын өнерпаздардың өз тілдерінде салған танымал әндерді де қосыла шырқады.

«Қазақ елі қатты ұнады»

Қарайған мемлекеттен делегация келген «Жарқын болашақ» фестивалі келер жылы Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне де лайықты жарнама болғаны шүбәсіз. Олай дейтін себебіміз, шетелдік меймандар бір апта бойы Отанымыздың бас қаласын аралап, Астананың сән-салтанатына сүйсінумен болды. Сондай-ақ қонақтар ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының басшысы Жасұлан Есенғалиұлының қабылдауында болып, «Қазмедиа» орталығын, Ұлттық музей, «Бәйтерек» пен «Хан шатыры» секілді көркі көз тартар біраз сәулет нысандарын аралады.

Бір апта бірге болған түрлі ұлтұлыстың перзенттерінің осы уақыт аралығында бірі-біріне бауыр басып қалғандығы сөйлеген сөздерінен, қимай қоштасуларынан және көз жастарынан аңғарылды. Соның бір айшықты мысалы, «Үш қоңыр» әнін орындаған сенегалдық Фол Мбеги. Қоштасар сәтте аялы жанарында көз жасы мөлтілдеп тұрып, — Маған қазақ халқы, қазақ елі, жалпы қазақстандықтар қатты ұнады. Мен Қазақстанға жолым түсіп, осы елде өнер көрсеткеніме, достар тапқаныма өте қуаныштымын.

Сондай-ақ осы шараны ұйымдастырып, әлем балаларының басын қосқан аға-апаларға алғыс айтамын. Мен сендерді сағынатын боламын, достарым…» – деп тебірене сөйлеген ол ой-пікірін соңына дейін жеткізе алмай, көз жасына ерік берді…

 Шетелдегі қазақ бауырлардың Астанаға келген ұл-қыздарының әсері тіпті айрықша. Олар мұндағы ағайынның бауырмал пейілін, Қазақстанда білім алуға жасалған жағдайды, Астанадан алған әсерлерін жарыса айтумен болды. Ал Ауғанстаннан келген бозбаланың көзінен ешқандай үрей-қорқыныш жоқ бейбіт өмірге деген шексіз ынтызарлық анық аңғарылып тұрды…

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Орал – Ақтөбе – Астана – Ақтөбе – Орал

Қуаныш  АЙТАҚАНОВ,

 ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

— Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында керемет фестивальге куә болдық. Бұл өнер жәрмеңкесіне 25 елден келген 25 өрен ертең Астанамыздан бейбітшіліктің, достықтың елшісі болып аттанады.

Осының өзі қандай керемет! Мен тиісті сала басшыларына теледидарда түк  татымы жоқ әр түрлі ток-шоуларды көрсете бергенше, осындай іс-шараларды мемлекетіміздің телеарналарында, Түркияда көрсетуді ұсынамын. Мұндай қадам біздің ынтымағымызды нығайта түсері кәміл.

Сауытбек  ӘБДІРАХМАНОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Осыдан біраз жыл бұрын халқымыздың ардақты перзенті Әбіш Кекілбаевпен Түркияға жасаған бір сапарымызды осы «KATEV» қоры ұйымдыстырған еді. Содан бері де бұл қор талай тиянақты істерімен, жасампаз бастамаларымен көзге түсіп келеді.

 Біздің балаларымыз мектепте жаттайтын тақпақтарының бірінде «Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз!» деп келетін керемет өлең жолдары бар. Бүгінгі тамаша концерт адамзаттың бір-біріне бауыр екендігін, бәріміз Адам ата – Хауа ананың ұрпағы екенімізді дәлелдеді.

P.S. «Жарқын болашақ» фестиваліне біздің өңірдің делегациясын Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей интернатының директоры Алмас Мұқанов бастап барды. Құрамына үшбу лицейдің педагогтары мен ұлдары аталмыш білім ошағында оқитын ата-аналар енген топ осы сапар барысында Ақтөбедегі және Астанадағы «Нұр орда» қазақ-түрік лицейінде болып, қос ұжым мүшелерімен ой-пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.


27 тұрғынды қабылдады

Күні: , 246 рет оқылды

IMG_0821


Кеше «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыс әкімі Алтай Көлгінов жер реформасына қатысты тұрғындарды қабылдады. Қоғамдық қабылдау шарасына облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев және облыстық басқармалардың басшылары қатысты.


Төрт сағатқа созылған шарада өңір басшысы 27 адамды қабылдады. Олардың көпшілігі пәтер мен жер телімі кезегіне қатысты сауалдарын қойды. Мәселен, Баян Ғұбайдуллин, Райхан Өтешева, Ботакөз Оразғалиева, Айнагүл Мұхайтова 2004 жылдан бері жер кезегінде тұрып, қуанышты хабарды  12 жылдан бері күтіп жүр екен. Әрбір азаматты мұқият тыңдаған әкім еліміздің заңнамасына сәйкес республика азаматтарына 10 сотық жер берілуі тиіс екенін айтты. Бірақ заңдағы өзгерістерге сәйкес су мен жарығы тартылған, жолы салынған, яғни коммуникациялық желілері бар аумақтан ғана тұрғын үй салуға жер телімдері берілуі керек. Сол себепті біраздан бері өңірімізде жер телімдерін беру тоқтап қалды. Кезек көп. Бүгінгі таңда Орал қаласында 67 мыңға жуық адам кезекте тұр. Қазіргі уақытта бұрын жер телімдері берілген шағынаудандарға коммуникациялық желілер тартылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталғаннан кейін  мұндай желілер жаңа жерлерге тартылады. Жер телімдері содан кейін беріледі. Ал көп балалы ана Жанат Ғабдуллина 202-інші болып пәтер кезегінде тұрса, Сәуле Досанова  мүгедектік санат бойынша 651-інші болып тұр. Сондай-ақ Аққойсын Әнесова, Рахима Баймағамбетова, Алексей Челяков сынды еңбек ардагерлері де жайлы пәтер алғысы келеді. Облыс басшысы оларға бүгінде Орал қаласында пәтер кезегінде 15 мың адам тұрғанын, жыл өткен сайын оларға беріліп жатқан пәтер саны артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, былтыр 480-нен астам тұрғын қоныстойын тойласа, биыл олардың саны 1 мыңнан аспақшы.

Қабылдауға келген азаматтар тарапынан өзге де мәселелер көтеріліп, түрлі ұсыныс-пікірлер айтылды. Еңбек ардагері Ескендір Сұлтанғалиев Аққозы батырдың атын жаңғыртуға қатысты ұсыныс айтса, татар этномәдени бірлестігінің мүшесі Закир Хузасаитов мемлекеттік саясатты насихаттау бағытында қоғамдық қызметтер атқаруға дайын екенін білдірді. Ғалым Дәметкен Сүлейменова Әлихан Бөкейхановтың 150 және Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай іс-шараларды ұйымдастыруы үшін көмек сұрады. Әкім тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қабылдауға сондай-ақ кәсіпкер және ісін енді бастағысы келіп жүргендер де келді. Өңір басшысы  осы азаматтарға кәсіпкерлікті қолдау, дамытуға орай мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатқанын айтып, бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты түсінік беріп, қолдау көрсету үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Мержан Сатқановқа тапсырма берді. Ал Теректі ауданынан келген Динара Ұлмесекова «Орал» халықаралық әуежайы маңындағы Тоқпай ауылына бұрын №12 автобус келіп жүрсе, қазір ол соқпайтынын айтты. Сол себепті қалаға қатынау Тоқпайдың тұрғындарына қиындау соғуда. Ауылда балаларға арналған ойын не спорт алаңы жоқ. Өңір басшысы бұл мәселелер де шешілетінін жеткізді.

Қоғамдық қабылдау барысында жер реформасына қатысты ұсыныс жасаған азаматтар облыстық қоғамдық кеңестің отырысына шақырылды.

– Бүгін біз қоғамдық қабылдауға келгендердің көтерген мәселелеріне, әсіресе, пәтер мен жер кезегіне байланысты жан-жақты түсінік бердік. Қолға алынған жобалар аяқталғаннан кейін барып, жаңа жобалар басталатынын айттық. Аудандардан келген азаматтардың көтерген мәселелері негізінен аудан әкімдері деңгейінде шешілуі тиіс жайттар. Соған орай біз аудан әкімдері де осындай қоғамдық қабылдау ұйымдастыруы керек деген шешімге келіп отырмыз. Жалпы,  алдағы уақытта тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін боламыз, – деді  қабылдау соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Алтай Көлгінов.

Осы сипаттағы қабылдау аптаның сәрсенбі және жұма күндері де жүргізіледі. Жұртшылықты қабылдау сәрсенбі күні сағат 11.00-13.00 аралығында облыстық мәслихаттың ғимаратында, ал жұма күні 11.00-13.00 аралығында Достық үйінде өтеді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Ғасыр деміндегі ана толғағы

Күні: , 195 рет оқылды

IMG_0765


Өткен сенбі-жексенбі күндері Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, драматург Жеңішгүл Өзүбекованың «Толғақ» психологиялық драмасының премьерасы болды. Қойылымның режиссері – Самал Әбуов, суретшісі – Мұрат Мәмбетов.


Драматург отбасы тірлігі арқылы қоғамның жанды жарасын көрсеткісі келген. Және ол қоғамдағы көлеңкелі тұстарды өмірге ұрпақ әкелумен байланыстырған. Толғақ қысқан Мээркүлдің (актриса Жұлдыз Мамедова) жан толқынысы өзен жағасында басталады. Ұрық шашқалы жатқан форель балықтарының балықшының ауында шоршып, мөшегінде тұншыққанын көреді. Мына қатігездікті көрген жас ана құрсағында тоғыз ай көтерген тұңғышын «Өмірге әкелем бе, жоқ па?» деп, тәнімен қоса жаны да бірге толғатады. Кісі өлтіріп, қыз зорлап түрмеге отырып шыққан күйеуі – Элеге (актер Думан Омаров) Мээркүл: «Баланы туып, өзенге лақтырып жіберсем бе екен? Сосын оны балықтар жейді, ал біз балықтарды аулап, жейміз…» дейді. Бірақ ол ашынғаннан айтады, ананың ондай қадамға баруы еш мүмкін емес. Бұл жерде режиссер бүгінгі қоғамдағы, тіпті апта, ай сайын еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан жантүршігерлік оқиғаларды көрерменнің есіне қайта салғысы келген. Баласын туып ауруханаға, жолға, әжетханаға лақтырып кетіп жатқан «аналар» қаншама?!

– Бұл – індет және өте қауіпті дерт. Қаракөз қыздарымыз баланы туып, оп-оңай далаға лақтырып тастап жатыр. Бұл – мемлекеттің де үлкен қайғысы, — дейді режиссер Самал Әбуов.

Міне, тап осы жерде Ұмай ананың (актриса Эльмира Мақашева) төрт ұл-келіні арқылы рухани іріген отбасының кейпі баяндалады. Ұмай ана бейнесін бірінші құрамда Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының және БҚО қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Әсел Мәмбетова орындады. Құрсағын уылдырығы кернеген байғұс балық толы екі мөшегін біреуге ұрлатып алған Добул (актер Асылжан Жакин) оны бауыры Ойронға (актер Дулат Хамитов) «Сен ұрладың!» деп ойран салады. Жағасынан алады. Отбасылық ұрысты өршітуге Добулдың әйелі Местекан (актриса Нарқыз Шадиева) «еңбек сіңіреді». Бұл айқайға толғақ қысқан Мээргүлдің Ұмай анаға кездесуі «Құланның қасынуына мылтықтың басуындай» дөп келеді. Ойронның құрсақ көтермеген әйелі Аязканға (актриса Әйгерім Сағаденова) Местекан: «Бұл әйелдің ішіндегі бала сенің күйеуіңдікі» деп айдап салады. Ақталу, балық үшін төбелес, әкелерінің төрт ұлына арнап еккен теректерін Ойронның балталап шабуы, тағы бір ұл Кубулдың (актер Салауат Түменов) әкесінен қалған бүркітті сатып жіберуі, сол долларға ағайындардың таласуы, оған Кубулдың әйелі Калайканның (актриса Назгүл Батанова) «Ақша біздікі!» деп жармасуы, бәрі-бәрі аналарының көз алдында өтеді. Шайпау келіндері енесін бетінен алады. Ең сорақысы – олар жандарында толғақ қысып, ондалап отырған әйелді ұмытып кетеді… Әке аманаты аяқ асты, отбасы құндылығы адыра болады. Бұл қазақи тәрбиенің ғасыр әкелген кесепаттардан зардап шегуі…

«Бала кезімде ата-анамыз үлкеннің алдынан кесіп өтпе!» деп тәрбиелеп еді. Көшеде үлкен кісі келе жатса, жол беріп, тұра қалатын едім. Бүгінде адамдар қатты өзгерді, көп жағдайда ақылға емес, ашуға жол береді. Сабырлықтан айырылғандай, жүйке талшықтары қатты бұзылған», — дейді режиссер. Сахнада жоғарыдан түсірілген жіптер сол шиыршық атқан жүйке талшықтары болар… Бұл, әрине, суретші М. Мәмбетовтің шешімі. Актерлер образды қаншалықты алып шықты десек, бәрі де образға жан-тәнімен кіргісі келген және ол мақсаттың үдесінен шыққан. Жалпы, Орал театрының мүмкіндігі, актерлердің шыңдалып келе жатқан шеберлігі республикаға, жақын шетелдерге белгілі. Бұл – Самал сахналаған алтыншы қойылым. Оның төртеуі ертегі болса, ақпан айында тұсаукесері өткен А. Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясын көрермен ұмыта қоймаған шығар. Самалға енді талай дүбірлі фестивальдардан жүлде алып оралған, бас режиссер Мұқан Томановтың жолын берсін дейміз!

Драма Ұмай ананың төрт ұлының төмен қарап, ал келіндерінің бастарын жоғары көтеруімен бітеді. Ол нені білдіреді? «Еркектің бәсінің төмендеп кеткенін көрсеткім келді», — дейді режиссер. Жас ана тұңғышын өмірге әкеледі, бірақ шарана сахнадан көрінбейді. Ол қайда? Мүмкін, оны әжесі болып шыққан Ұмай ана бауырына басқан шығар, мүмкін әжесі ол сәбиді төрт ұлына ұқсамайтын азамат етіп тәрбиелер… Режиссер ана алдындағы міндетін дүние-боққа айырбастаған, пасық, бойкүйез, «Өмірге не үшін келдім?» деп ойланып көрмеген, әкенің қаны мен ананың ақ сүтінің бағасына жете алмаған дүбәрә ұрпақ арқылы көрерменге «Ананы құрметтейікші!» деп айтқысы келіпті.

Қырғыз театрларында қойылған Жеңішгүл Өзүбекованың «Толғақ» психологиялық драмасы 2006 жылы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қырғыз тілінде сахналанып, кейін Орта Азия театрлары фестивалінде үш бірдей аталымды жеңіп алған. Драманың тұңғыш қазақша нұсқасын Орал театры сахналап отыр.

Премьераға драматург Жеңішкүл Өзүбекованың өмірлік жолдасы, Қырғыз Республикасының Түркия еліндегі өкілетті елшісі Тошбоо Жумагулов қатысты. Ол Қырғыстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Алтынбек Максутовтың дипломдары мен алғысхатын ала келген екен. Онымен БҚО Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Д. Құсайынов, актриса Ә. Мәмбетова, БҚО қазақ драма театрының директоры Қ. Амандықов, қойылымның аудармашысы, актриса Э. Мақашева, режиссер С. Әбуов және басқа да әртістер марапатталды. Дәулеткерей Атауұлы екі ел арасындағы мәдени-достық байланыс туралы әңгімелеп, қырғыздық қонақтарға шапан жауып, пәлте кигізіп, құрмет көрсетті. Тошбоо Жумагулов та облыс мәдениеті мен театрын басқарып отырған екі азаматқа қырғыздың қалпағын кигізіп, қазақ еліне деген ақ тілегін жеткізді. Ақын Ақұштап Бақтыгереева Жеңішгүл Өзүбекованың иығына камзол жапты.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика