Мұрағат: 21.05.2016


Қайырымдылық жәшіктерін қымқырған алаяқ

Күні: , 245 рет оқылды

куспановсамат


Орал қаласында пайда болған бір алаяқтың  жымысқы әрекеті естіген адамның жағасын ұстатты.  Әзірге толық аты-жөні анықталмай отыр.


Бұл азамат Орал қаласындағы бірнеше азық-түлік сататын дүкендерге емін-еркін еніп, сатушы­лардың сеніміне әбден кіреді. Өзі­нің түрлі-түсті суреті жапсырыл­ған, аты-жөні жазылған бейджигін көрсетіп, «Альхайр» қайырым­ды­лық қорының ресми өкілі, Самат Ерғалиұлы Құспанов екенін айтады. Аталмыш қордың атынан келіп тұрғанын баяндаған соң, дүкен ішіне қойылған қайырымдылыққа арналған қауырсын жәшікті алып кете береді. Осылайша қала ішін­дегі 60 шақты дүкенді аралап, сыр­қат және мүгедек балаларға жәр­демдесу мақсатында қарапайым тұтынушы тұрғындардан, мейірім­ді жандардан жинақталған ақша­ны сыпырып әкетіп отырған. Алаяқ­тық әрекетін ақпанның оны мен сәуірдің үшіне дейінгі аралықта  жүзеге асырған.

— Қауырсын жәшіктің өзі бес мың теңге тұрады. Оның ішіне салын­ған ақшаны есептемеңіз. Көп қара­жат түсті ғой. Сырқат, мүгедек ба­лаларды емдеуге, оларды сауық­тыруға арнап қаншама азаматтар қаражат салды. Қай-қайсымыз да дүкеннен нан, сүтімізді алғасын қайтарылған майда ақшаны алмастан сол жәшікке салатынымыз рас. Қайсыбір азаматтардың  тұтастай екі мың теңге салып жатқанын да көрдік. «Қордың ресми өкілімін» деп таныстырған кісінің қолы­мыз­да түрлі-түсті суреті ғана бар. Егер де осы суреттен көрген бей­нені танитын немесе қандай да ақ­па­рат білетіндер болса, поли­ция­ға хабарласуларын сұраймыз, — дейді Орал қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция аға лейтенанты Армат Сүйіншәлиев.

Қазіргі күні аталмыш фактілер­ге қатысты Орал қалалық ІІБ ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы­ның 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.

Гүламан  СМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ІІБ баспасөз қызметкері


Еңбекақы бережағы – 161 миллион 374 мың теңге

Күні: , 217 рет оқылды

DMS_7835


Жуырда облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында дағда­рысқа қарсы штабтың кезекті отырысы өтті. Облыс әкімі­нің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен жиынға мемлекеттік органдардың басшылары және түрлі кәсіпорын өкілдері қатысты.


Күн тәртібінде кәсіп­орын­дар жұмысын  оңалту, банкроттық рәсімдерін жүргізудің барысы туралы және жұ­мыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кә­сіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды уақты­лы аударуы туралы екі мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша об­лыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі оңалту және банкрот бөлімінің басшысы Арман Шаймерденов баяндама жасап, бү­гінгі таңда банкротқа ұшыра­ған, еңбекақы бережағы бар төрт мекеме бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл төрт меке­менің, яғни «Металлбұйымда­ры» бірлескен өндірістік кәсіпорны» ЖШС, «Жайық Мұнайбазасы» АҚ, «Жайықтранс-Терминал» ЖШС жә­не «Дастан» баспа-полиграфия­лық кешені» ЖШС еңбекақы бере­жа­ғының жалпы сомасы 161 миллион 374 мың теңгені құрайды. 2015 жылдың және 2016 жыл­дың алғашқы тоқсанының қоры­тындысы бойынша мұндай жеті мекеме бережақтарын толықтай өтеген.

Жиын барысында «Металл­бұйымдары» ЖШС және «Жайық Мұнайбазасы» АҚ-ға банкроттық және «СПМК–123» ЖШС-на оңалту рәсімінің жүргізілу барысы тура­лы тыңдалды. Жиын төрағасы ал­ғашқы екі мекемеге қатысты рә­сімдердің кідіруіне байланысты конкурстық басқарушы мен мә­селеге қатысты банк өкілдері­нің уәждерін тыңдай келіп, алда­ғы уақытта жүйелі, жедел әрі са­па­лы жұмыстануды талап етті.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров күн тәртібіндегі екінші мәселе жайында баяндап берді. Оның айтуынша, міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек 115,6 миллион теңгені құрайды. Бұл – 2016 жылдың 1 қаңтарымен са­лыс­тырғанда 19,8 миллион тең­ге­ге азайған көрсеткіш. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің 46,1 пайызын про­б­лемалық кәсіпорындар құрай­ды. Бұл тұрғыда ең ірі борышкер­лер Бөрлі ауданы мен Орал қала­сында тіркелген. Атап айтқанда, «Флот» ЖШС 8,8 миллион, «БГС-Ақсай» ЖШС 3,5 миллион, «AZIYA BOLASHAK BATYS» ЖШС 3,4 миллион, «F+VSV SERVICE» ЖШС 1,9 миллион, «Батыс Жол Құрылыс» ЖШС 1,7 миллион, «Компания Бур­лингазстрой» ЖШС 1,2 миллион, «Микрокредитная Организация Ак-Ел» ЖШС 1,2 миллион, «ҚазТехСтройИнвест» ЖШС 1,1 мил­лион теңге бережақ.

Мемлекеттік кірістер органдары қолданып жатқан мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына қара­мастан, көрсетілген салық төлеу­шілер ұзақ уақыт бойына тиісті МЗЖ төлемдерін аудармауда.

Әлеуметтік аударым бойынша берешек 29,5 миллион теңгені құ­райды. Бұл көрсеткіш үстіміз­дегі жылдың 1 қаңтарымен салыс­тыр­ғанда 20,2 миллион теңгеге кө­бейген. Проблемалық кәсіпорын­дардың әлеуметтік аударым бо­йынша берешегі 2,8 миллион тең­гені құрайды. Бүгінде мұндай бе­ре­шектердің санын азайту мақ­сатында жұмыстар жүргізілуде.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Медет ДОСЫМОВ


Бірлікке ұйыған елге береке ұялайды

Күні: , 240 рет оқылды

maxresdefault


Аса  қамқор  ерекше  мейірімді  Алланың  атымен  бастаймын!

Адамзат баласы қауымдасып, бір мекенге топтасып өмір сүруге бейім жаратылған. Топтасып өмір сүрудің де өзіндік хикметі бар. Егер қайсыбір қауымның өмір тіршілігінде бірлік, ынтымақ, имандылық, өзара келісім, ортақ түсінік т.б. құндылықтар басты орынға қойылса, сол халықтың берекесі артып, ғибратты ғұмыр кешеді.


Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсіп етеді. Ынтымағы ыдыраған елден ырыс та кетеді. Біз мұндай жағдайды алыстағы елден емес, жақындағы көршілерімізден-ақ көріп отырмыз.

Еліміздегі мешіттер мен медреселердің, діни оқу орындарының жұмысын қадағалап, бақылап-басқарып отыру міндеті маған жүктелгеннен кейін жамағатты діни саладағы кейбір нәзік мәселелерге әрдайым байыппен, сабырлықпен қарауға шақырамын.

Дін тек бірлік пен бейбітшілік орнаған елде қанат жаяды. Мұны әсте ұмытпауымыз қажет. Бүлік бар жерде береке кетеді. Ондай ортада дінді ұстану былай тұрсын, адамның күнделікті өміріне қауіп төнбей ме?

ХХІ ғасыр осындай күйге душар болған миллиондаған халықтың бүгінгі мазасыз өмір тіршілігіне куә. Алла Елшісінің: «Көпшілікпен бірге болыңдар, бөлінуден сақтаныңдар», – деп бұйыруында үлкен ғибрат бар. Мұндайда халқымыз: «Бөлінгенді бөрі жейді» демей ме?!

Дін – адамды Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, ізгілікке бастайтын ұлы жол. Имандылық – адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелеп, жақсылыққа үндейді, адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды.

Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байытып, жер бетіндегі адамзат қауымының игілікте өмір сүруіне ықпал ететін қуатты күш.

Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз.

Алла Тағала Қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында адамзат баласына: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…» деп бұйырған.

Біз халықтарды бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыруда діни тұлға-лардың айрықша рөлін ескеріп, имамдардың әлеуетін, қабілеті мен тәжірибесін арттыруға баса назар аударып келеміз.

Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді сауапты амалдарға да мән береді.

Президентіміз жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беретін, сонымен қатар жаңа тарихи жағдайларда ұлтымыздың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» жоспарын жариялады. Бұл бағдарлама күрделі кезеңнен се-німді өтуге жағдай туғызатын болады. Осы құжатта әлеуметтік көмек, сапалы білім беру, сапалы медициналық көмек сынды халыққа қажетті мемлекеттік қолдаулар айтылды. Сапалы білім алған, дені сау адам елдің игілігі мен өркендеуіне көбірек үлес қосатыны даусыз.

Осы тұрғыда, Елбасымыздың бастамасын қолдау мақсатында мүфтият тарапынан имамдардың діни және зайырлылық сауаттылығын арттыруға баса мән берілуде. Қазіргі таңда көп-теген имамдарымыз діни білімдерімен қоса зайырлылық білім алуға көптеп талпыныс білдіруде. Халқымызға сапалы қызмет көрсету – имамдарымыздың басты міндеті.

Мемлекет басшылығы ешқашан жеті рет өлшеп, бір рет кеспей шешім қабылдамайды. Басшыға бағыну – кәміл мұсылманның бір парызы, ал басшылық қашанда халықтың игілігіне жарайтын шешімдер қабылдайды. Сондықтан қазіргі таңдағы қоғам ішінде туындап жатқан түрлі мәселелерге кең түсіністікпен қарап, ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті сақтап ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу, әрбір мұсылманның міндеті болып табылады.

Қазіргі күні біздің қоғамымызда жер мәселесіне қатысты жұртшылық тарапынан туындаған алаңдаушылықтарға байланысты Жер кодексінің жекелеген баптарына Елбасымыз мораторий жариялағындығы дүйім жұртқа мәлім. Сондықтан жер мәселесін Елбасымыз айтқандай, ақылға салып, қоғамдық талқыдан өткізіп, оңтайлы шешім жолын ұсынуымыз қажет.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда құлдай еңбек етіп, көзіміздің қара-шығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз һәм мұсылмандық міндетіміз.

Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында еңбек етіп келеміз. Өйткені халықтың иманы мен руханияты артса, еліміз де өркендейді.

Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған.

Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде  үлкен  бағдар  болары  хақ.

Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген қанатты сөз бар. Алла Тағала барша адамға Құран-Кәрімде Хужурат сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде, мүмкінде ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетіңдер…» – деп бұйырған.

Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.

Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да парасатты адамның асыл парызы емес пе? Ендеше, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болайық, бауырлар!

Алла Елшісінің: «Берген қол алған қолдан жоғары» деген өсиетін негізге ала отырып, әрдайым мемлекетімізден қол жайып сұрай бермей, біз мемлекетімізге не бере алдық, Отан үшін не істедік деген сұрақтар әрбір мұсылманды  мазалауы  қажет.

Еліміздегі әрбір кәсіп немесе мамандық иесі өз саласы бойынша ең сапалы түрде қызмет етер болса, Елбасымыз меже етіп көрсеткен дамыған отыз елдің қатарына енуіміздің ауылы алыс емес екендігі баршамызға белгілі жайт.

Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Жер бетінде тыныштық орнап, қашан да тату ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мұсылмандық мұратымыз асыл, дұғамыз  қабыл  болғай!  Әмин!

Ержан  қажы  МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан  мұсылмандары  діни басқармасының  төрағасы,  Бас  мүфти


АТК-ның арқасында ұрлық азайды

Күні: , 247 рет оқылды

21d4e993fcb716fae901c0c7ad7901c8


Өңірімізде мал ұрлығы әлі де белең алып тұр. Биылғы төрт ай ішінде ол өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға өскен. Десек те кейбір ауылдарда мұндай қылмыстың алдын алу бағытында жақсы шаралар алынуда. Мәселен, Қазталов ауданындағы Көмекші ауылында өткен жылдан бастап мал ұрлығы мен төрт түліктің жоғалуы орын алған жоқ. Себебі көмекшіліктер өздерінде құрылған ауылдық тұтыну кооперативіне (АТК) мүше болып, иелігіндегі 900 бас малды АТК бақташыларына сеніп тапсырған. Сол сенім ақталуда.


Бұл туралы апта басында өткен облыс әкімдігі жанындағы облыстық құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен болған жиын барысында екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе құқық қорғау және атқарушы органдардың бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының алдын алу, оған қарсы күрес бойынша жүзеге асырылған шаралар жөнінде болды. Бұл турасында БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин баяндама жасады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың төрт айы ішінде өңірімізде 4877 қылмыс тіркелген. Өткен жылғы көрсеткіштен ол 7,7 пайызға көп. Қылмыс атаулысының негізін орта деңгейлі қылмыстар құрауда. Ал қылмыс құрылымы бойынша ең жиі орын алатыны – ұрлық. Биылғы төрт ай ішінде 2580 ұрлық дерегі тіркеліпті. Яғни былтырғыдан 9,5 пайызға жоғары. Жалпы ұрлық атаулының төрттен бірінен астамы ұялы телефон ұрлығының еншісінде. «Ұялы телефонға деген сұраныстың жоғары болуына байланысты оған қатысты ұрлық мәселесі әлі де өзекті күйінде тұр, – деді Манарбек Серікқалиұлы. – Оны ұрлау 15 пайызға өсті. Бұл бағыттағы қылмыстың сексен пайызы облыс орталығында орын алуда. Бүгінгі таңда өңірімізде ұялы телефонның екінші деңгейлі айналымын жүзеге асырып отырған 70 орын бар, оның жартысынан астамы – сауда үйлерінде орналасқан сату нүктелері. Жергілікті полиция қызметкерлері бұл жерлерге жиі барып, тексеру-бақылау жұмыстарын жүргізуде».

Пәтер ұрлығы биыл өткен жылғыдан 38,4 пайызға азайды. Оған жергілікті полиция қызметкерлерінің тұрғындармен, ПИК басшыларымен кездесулері, подъездерге бейнебақылау, домофон орнатулары өз септігін тигізуде. Бұл жұмыстар одан әрі де жалғасын табады.

Соңғы кезде автокөліктің ішіндегі заттарды ұрлау да көбейе бастаған. Ұрылардың назары негізінен көп қабатты үйдің ауласында, қараңғы жерде, қараусыз тұрған көліктерге түсетіні анық. Сондай-ақ облыс орталығындағы гараждар мен қала шетіндегі саяжайларда да ұрлық жиі орын алады. Мұндай қылмыстарды болдырмауда, жағдайды бақылауда ұстауға бейнебақылау жүйесінің маңызы зор. Өткен жылы Орал қаласындағы көшелердің бойына 14 бейнебақылау камерасы орнатылды. Соның нәтижесінде олардың саны 72-ге жетті. Биыл тағы да 10 камера қою жоспарланып отыр. Ал шаһарды толық қамту үшін әлі де 28 бейнекамера керек. Бұған тиісті қаражат облыстық бюджеттен бөлінуде.

– Біз неге әрбір істі бюджетпен байланыстырамыз? Басқа қаржы көздерін тарту бағытында жұмыстарды да жүргізу керек қой. Негізінен заң бойынша мекеме-кәсіпорындар өз аумақтарында бейнебақылау камераларын орнатуға міндетті емес пе?! Облыстық құрылыс басқармасының басшылары мембағдарлама бойынша жаңадан салынатын көп қабатты үйлерге ҚР СЕмН-ға (СНиП) сәйкес бейнекамера орнатылуына мән берулері тиіс. ПИК басшылығы тарапынан да осындай іс-шаралар алынуы қажет. Бұл іс бірігіп, жүйелі түрде жүзеге асса, ол өз жемісін берері анық.

Жаңа Манарбек Серікқалиұлы  Қазталов ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Көмекші ауылындағы  мал ұрлығының алдын алуға бағытталған шара жөнінде жақсы мысал келтірді. Жыл сайын көктем шыққан бойда біздің ауылдарда орын алатын бір мәселе – мал бағымы. Көбіне ауылдардағы әлеуметтік нысандарда қыс бойы отжағушы болып қызмет атқарған азаматтарды жылу маусымы біткен бойда бақташы ретінде пайдаланады. Ол оңды нәтиже беріп отырған жоқ. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы облысымыздың барлық ауданында 77 АТК құрылды. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілуде. Бір жыл ішінде бұл кооперативтер 156 млн. теңге демеуқаржы алды. Көмекшідегі АТК өздеріне тиесілі бұл қаражатқа арнайы бақташылар жалдап отыр. Өзге кооперативтер неге бұлай істемейді? Егер осындай шаралар алынса, ауылдағы мал ұрлығы айтарлықтай азаяры анық. Аталмыш кеңестің хаттамасына осы мәселені аудан әкімдеріне тапсырма ретінде енгізу керек, – деді жиын барысында Арман Кәрімұлы.

Комиссия отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе есірткі бизнесіне қарсы күрестегі жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ, жұртшылықтың өзара іс-қимылын арттыруға арналды. Соған орай БҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Андрей Хлевин, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова баяндама  жасады.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ақбөкендер қанша екен?

Күні: , 247 рет оқылды

киик


Биыл да жылдағыдай сәуірдің 18-25-і  күндері аралығында өңірімізде киік санағы өтті. 59 сағаттық авиасанақ облысымыздың Жәнібек, Тасқала, Жаңақала, Бөкей ордасы, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағында жүргізілді.


Биылғы санақ  тікұшақпен әуеде жүргізілді. Авиасанақ жұмысына «Қазақстан биоалуан түрлілігін сақтау ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, “Охотзоопром” мекемесінің және облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары қатысты. Өткен жылғы санақ қорытындысы бойынша өңір аумағында 51 мыңнан астам киік тірлік етеді. Ал биылғы санақтың нәтижесі барлық есептеулерді өңдегеннен кейін алдағы тамыз айында белгілі болмақ, – деді аталмыш облыстық  аумақтық инспекцияның бөлім басшысы Талғат Ілиясов.

Ғалымдар мен мамандар өңіріміздегі дала еркесінің өсімі барын айтады. Алайда экзотикаға айнала жаздаған жануарды жеңіл олжаға айналдырғысы келетіндер де азаймай отыр. Талғат Ілиясовтың айтуынша, тек биылғы бес  айдың өзінде ақбөкендерді атып, браконьерлікпен айналысқан алты  факті тіркелген. Өткен жылы киік атып, ұсталып шартты жазаға кесім алған азамат биыл да сол әдетіне басып, істі болған. Өткеннен сабақ алмаған сабазға сот 1,5 жылды тар қапаста өткізуге үкім еткен. «Сондықтан азаматтарға айтарымыз, атам қазақ киелі санайтын жануарға суық қару кезенуден аулақ болыңыз. Қазір киік атқандарға заң қатайды», – дейді Т. Ілиясов.

Қазір далада киіктер төлдеп жатыр. Мамандар мамырдың 20-ларында ақбөкендердің «шілдеханасы» аяқталады деседі.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Келіскен істе кемшілік болмайды

Күні: , 234 рет оқылды

IMG_0457


Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Облыстық мәслихатта болған жиынға өңір басшылығы, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың саяси партиялар мен үкіметтік  емес  ұйымдардың  өкілдері, сондай-ақ шаруашылық басшылары, ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты. Бірден айта кетейік, 4 сағатқа созылған жиында кім-кімнің пікірін білдіруге мүмкіндік беріліп, соның нәтижесінде отыздан аса адам өз ойын ортаға салды.


Жиынды ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов аталмыш кеңестің 41 мүшесінің 31-і отырысқа қатысып отырғанын, сол себепті жиынды бастауға болатынын жеткізді. «Соңғы кезде қоғамда түрлі пікір туғызған жер мәселесі жөнінде қоғамдық ұйым, саяси партия мүшелері бізге ұсыныспен шықты, – деді Ербол Ғұмарұлы. – Соған орай 4 мамырда кеңейтілген төралқа мәжілісін өткіздік. Ол жиында жерге байланысты тиісті мекеме басшыларының есептері тыңдалды. Артынан қоғамдық кеңес, қоғамдық ұйым, саяси партия өкілдері өз ойларын бүкпесіз айтып, үлкен белсенділік танытты. Айта кетейін, ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңының 5 және 7-баптарының негізінде біздің ұйымның мемлекеттік органдарға ұсыныс түсіруге құзыреті бар. Осы мүмкіндігімізді пайдаланып, аталмыш жиынның қорытындысы бойынша облыс әкімінің атына ұсыныс түсірдік. Ұсынысымызда сондай-ақ заңға енгізілген нормаларды тиісті мемлекеттік органдармен түсіндіру жөнді ұйымдастырылмағанын, болашақта саяси маңызы бар заңдар мен заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді түсіндіру халық арасында кеңінен ұйымдастыру керектігін және Жер кодексіне қатысты мәселелерді қоғамдық ұйым, жұртшылық өкілдерімен талқылап, ұсыныстарды үкіметке түсіру жөнінде де айттық. Одан бөлек сатуға шы-ғарылатын жерлерді қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін тізімге енгізілу қажеттігін де баяндадық. Өздеріңізге белгілі Елбасы Жер кодексіндегі өзгерістерге байланысты мораторий жариялады. Республикалық комиссия құрылды. Ол комиссияның құрамына өңірімізден Қатауолла Ашығалиев мүше болып кірді. Енді қоғамдық кеңестерге де аталмыш мәселені кеңінен талқылауға мүмкіндік беріліп отыр. Біздің осындай жиындарымыз талқылау алаңы болуы керек. Сондықтан бүгін көпшілікті жинап отырмыз. Жиынның күн тәрбінде бір ғана мәселе – ҚР Жер кодексі туралы».

Жиында алғашқы сөз облыс әкімі Алтай Көлгіновке берілді. Өңір басшысы халықтың мұңмұқтажы, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау үшін еліміздің әрбір өңірінде қоғамдық кеңестер құрылғандығын мәлімдеді. Бүгін сондай өзекті мәселе талқыланатын болады. Республикалық  комиссияда облысымыздағы тек бір адамның емес, өзге де жерлестеріміздің ұсыныс-пікірлері ескерілуі үшін бүгінгі жиын ұйымдастырылып отыр. Барлық ұсыныс қағазға түсіріліп, жинақталып, республикалық комиссияның мүшесі арқылы Астанаға жолданады.

– Облысымызда қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатына бағытталған 5,7 млн. гектар жер бар. Соның 4,5 млн. гектарға жуығы – өсімдік пен мал шаруашылықтары бағытындағы жерлер. Сондай-ақ игерілмей жатқан жер де жоқ емес. Мысалы, соңғы төрт жылдың ішінде жүргізілген түгендеу жұмыстарының негізінде  1 млн. гектар игерілмеген жер анықталды. Мұның 700 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Оны тиімді пайдаланатын шаруашылықтарға бердік. Енді қалған жерлермен де осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, бұл жерлерді игеріп жатқан батысқазақстандық азаматтар. Сырттан келіп жер алып жатқан ешкім жоқ. Негізінен жерді жеке меншікке беру туралы норма 2003 жылдан бері бар. Біздің мақсатымыз – сол заңды түсіндіру, — деді Алтай Сейдірұлы.

Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның мүшесі, «Ақас» шаруа қожалығының жетекшісі Қатауолла Ашығалиев өткен сенбіде Астанада болған алғашқы отырыс жөнінде баяндады. Оның сөзіне қарағанда, жиынға комиссия мүшесі болып табылмайтындар да қатысып, көзқарастарын білдірді. Яғни аталмыш отырысқа кез келген адамның қатысуына мүмкіндік туғызылды. Нормативтік-құқықтық құжаттамаға қатысты айтарлықтай үлкен талап ешкімде болған жоқ. Заңның орындалуы көпшіліктің талқысына түсті. «Қазіргі дағдарыс кезінде әрбір ел өзіне барынша тиімді іс-шараларды қабылдау үстінде. Шетелдік инвестицияларды тартып, экономикасының күре тамырларына қан жүгіртіп жатыр, — деді Қатауолла Ашығалиев. – Егер еліміздегі ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлердің қазіргі жағдайына көз жүгіртсек, онда жекенің иелігіндегі жерлердің көлемі бір пайызға жетпейтінін көреміз. Себебі, ауылдағы еңбектің бейнеті көп. Алысқа бармай-ақ, облыс көлеміндегі жағдайды айтсақ, бізде кәдеге аспай жатқан жер аз емес. Кеңес заманы кезінде өңірімізде 1,5-1,6 млн. гектар алқапқа егін салынса, қазір олардың көлемі төрт есеге дейін қысқарды. Көптен бері пайдаланбай, тастап кеткен егістік жерлерді қалпына келтіру үшін оған көп қаржы салу керек. Осы жағын да ойланғанымыз жөн».

Содан кейін қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партия, ҮЕҰ, шаруашылық басшылары, БАҚ өкілдері, жеке азаматтар өз ойларын білдірді. Мәселен, қоғам қайраткері, үкіметтік емес ұйым жетекшісі Ғазез Хаймулдин бұрынғы меншік иелері тастап кеткен жерлерді игеру мәселесіне тоқталды. Ол үшін жерді қазақстадықтарға жалға беру керектігін айтты. Облыстық қоғамдық кеңестің  мүшесі Әлия Салиеваның ойынша, нарық заманында жердің жалпы қолданыста болуы мүмкін емес. Қолынан іс келетін азаматтар жерді жалға немесе мүмкіндігі болса, сатып алып, мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, ол жерлердің ел үшін де, өзі үшін де пайда әкелуі бағытында жұмыс істеуі тиіс. Зеленов ауданынан келген шаруа қожалығының басшысы Сергей Шонайбеков Жер кодесіне енгізілген жаңа қағидаттарда (нормаларда) шаруа үшін тиімді тұстары бар екенін айтып, республикалық комиссия, Үкімет алдағы уақытта жер мәселесіне қатысты шешімдер, қаулылар шығарарда әр өңірдің ерекшелігін ескергені дұрыс болатынын білдірді.

Жиынды облыс әкімі қорытындылады.

– Жер – ата-бабамыздан қалған мұра. Сол жерді, әсіресе, бос жатқан жерді біздің азаматтар тиімді пайдаланса, жаңа технологиялар әкелсе, ол ел – халық үшін пайдалы болары анық. Қазір облысымызда бұл бағытта жақсы жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар бар. Олардың бұл жұмыстары ауыл шаруашылығы саласының жыл өткен сайын өркендеуіне септігін тигізуде. Бірақ пайдаланылмай жатқан жерлер де жоқ емес. Міне, осы мәселемен біз жете айналысуымыз қажет. Мұның бәрі осы отырыста кеңінен айтылды. Жиын барысында біреулер эмоцияға беріліп, екіншілері нақты ұсыныстарын жеткізді. Жалпы, бүгін көптеген ұсыныс түсті. Комиссия құрамындағы өңіріміздің өкілі арқылы ұсыныстар комиссиядағы төрт жұмыс тобына жолданады. Ой-пікірлерімізді бір-бірімізге ғаламтор, смс арқылы жазып отырғанша, ашық алаңда жеткізгеніміз дұрыс. Себебі ел сіз бен бізге керек. Ынтымақ пен бірліктің арқасында біз бүгінгідей дәрежеге жетіп отырғанымызды ұмытпайық. Ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі қиындықты көргендер арамызда бар ғой әлі. Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы аралығында Елбасының сындарлы саясатының арқасында көптеген жетістікке жеттік. Мұны көп ұлтты еліміздің бір шаңырақтың астында ынтымақпен, түсіністікпен, сабырлылықпен қол жеткізген табысы деп бағалағанымыз жөн. Қазақ – сөзге тоқтай білетін халық. Мәселе туындағанда осылай жиналып, кеңесіп, оны бір-бірін тыңдау арқылы шешкен. Біз де ел игілігі үшін тиісті заң нормаларын келісіп отырып, қабылдауымыз қажет.  Ал бүгінгідей отырысты қанша рет өткізу керек болса, сонша ұйымдастырамыз, – деді жиынды қорытындылаған Алтай Көлгінов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Мағауия  ЗАЙНУЛЛИН,

Теректі  ауданындағы  «Айсұлу» ШҚ  басшысы:

– Ресми дерек бойынша Аңқаты ауылдық округінде 3 мың тұрғын бар. Екі мың бас ірі қара, үш мыңнан астам  қой, бір мың бас жылқы өсірілуде. 11 шаруа қожалығынан  бөлек, жеке секторда 40 трактор бар. Ауыл тұрғындары қойын құрттап, айранын ұрттап, малын бағып, пішенін шауып, техникасын баптап, жыл бойына тынымсыз еңбек етуде. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде біздер жерді тастап, қоныс аударған жоқпыз, керісінше көзіміздің қарашығындай қылып сақтадық. Еңбек ұжымдары бірлесе жұмыс жасауда. Сонда мына сауалды көлденең тартқым келеді. Қазір жерді жалға беру мен сату мәселесі талқылануда. Ертең берекелі еңбек тынысы қайнаған жерімізге жат пиғылмен көз тігіп, әлдекімдерге  мәжбүрлеп сату немесе жалға беру ақысын төлеу және салық көлеміне байланысты мәселелердің туындамасына кім кепіл? Әлде шығындарды қысқартып, қаржыны жаңа технологияларды алуға бағыттаған жөн болар. Екіншіден, жерді тиімді пайдалануға нақты талаптар қойыла бастаса, біздің жауапкершілігіміз қандай болмақ? Онда заң талаптарын қадағалауға қатысты шаруаларға жайсыз тиетін реформалардың бір ұшығы түбінде шенеуніктің өзі  жауапқа тартылатынын  аңғартады. Үшіншіден, біздің ауылдық округте жыл сайын мал басы артып келеді. Ертең қосалқы жайылым мен шабындыққа сұраныс өтемі пайда болатыны түсінікті. Егер жер сатып алсақ, мемлекеттік сақтандыру құжаттарын рәсімдеу қалай жүргізіледі? Міне, республикалық  комиссияның мүшелері осы мәселелерді жіті зерттеген дұрыс деп ойлаймын.

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,  ақын:

– Бүгінгі жиында өрбіген пікірталасты демократияның үлкен көрінісі деп қабылдаймын. Туған жердің тағдырына, Отан тағдырына, әрине, бейжай қарауға болмайды. Елбасы мораторий жариялап, заң талаптары дұрыс түсіндірілмегенін айтты. Мәселені әр өңірде ақылдаса отырып шешуге мүмкіндік берді. Еркіндік үшін, егемендік үшін, ту тігілген жер үшін алаш азаматтары қырылды емес пе?! Бұл күнге жету үшін батырларымыздың басы, шешендеріміздің тілі кесілді емес пе?! Ата-бабадан қалған туған жердің тағдырына ұрпағы ие болмаса, ертеңгі бақытымызды ойлаудың орнына алтыбақан алауыздыққа жол берсек, әркім аузына келгенін сөйлей берсе, қалай болмақ? Ендеше, осы тұста ақылдасып, ойласып, сабыр безбеніне салу керек. Мен көшеге шығады дегенге қарсымын. Өйткені Желтоқсан қасіретін көзіммен көрдім. Мемлекет болған соң, өзінің басшысы, заңы, тәртібі болады. Оған бағыну қажет. Егер жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере алмасақ, кінәні өзімізден іздеген жөн. Идеологиядан қателік кетті ме, әлде бала тәрбиесінен қателік кетті ме? Дерттің басын ерте анықтап, еліне ие болар ұрпақ қамын ойлаған жөн. Жіберіп алған қателікті басшыға айтуымыз керек. Депутаттар, неге айтпайсыңдар? Ел сайлады сендерді. Ақын о бастан халықтың жағында, халықтың сөзін сөйлейді. Халық қалай шешеді, мен де  сол жақта боламын. Сол  халықтың  ақыл-ойын  тыңдайық.

Бекет  ӘЛІПҚАЛИЕВ,

Жәнібек  аудандық  қоғамдық кеңесінің  төрағасы:

– 1997 жылы Конституциямыздың 6-бабында жер заңда белгіленген негіздерде жеке меншікте болуы мүмкін деп көрсетілген.  Яғни сол арқылы халықтың тұрмысын жақсарту көзделген. Кейін 2003 жылы шыққан Жер туралы заңда жеке меншік құқығы кеңінен түсіндірілген. Қазір жерді Қазақстан атынан сатуға бола ма деген күпті сауал көпті мазалауда. Әлі Жер кодексінің кейбір қағидаттары (нормалары) күшіне енген жоқ. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жері мол, бай. Жерді пайдалану, иелену құқығын білу үшін заңдарды сабақтастыра қарастыру керек. Менің пікірімше, Қазақстан тұрғындарына жерді жалға да беруге болады, жеке меншік құқығын заңдастыруға да болады.

Айгүл ТҮРКИНА,  «Заман»  БҚО  өндірушілер қауымдастығының  төрайымы:

– Жер реформасына байланысты республикалық комиссия жанынан төрт жұмыс тобы құрылғаны мәлім. Яғни құқықтық, экономикалық, түсіндіру және қадағалау блоктары жұмыс істеп жатыр. Облыстық қоғамдық кеңестің де дәл осындай бағытта жұмыс істеуін ұсынамын. Сол арқылы ашық ой алаңынан ағылған пікірлерді сараптау оңайға түседі. Яғни «төменнен жоғарыға» қағидасы бойынша ауылдардан бастап, аудандық, қалалық, облыстық қоғамдық кеңестерге ұсыныс-пікірлер жолданады. Жұмыс топтарының нақты мақсат-міндеттерін айқындап алған соң, барлық ақпаратты жүйелеп отыруға мүмкіндік туады. Кейін нормативтік құжаттарды рәсімдей-міз. Бұл құжаттар іс барысында бақылауға алынып, қажет жағдайда мәтінге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қоғамдық кеңестерде емін-еркін ойталқы жүргізілетіндіктен, бұл ұйымдарға «қоғамдық бақылау» құзыретін беру керек. Себебі кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері бар. Жұмыс топтарының қызметін жандандыру арқылы облыс тұрғындарымен кездескенде  жүйелі түрде ашық пікірлесе аламыз. Сондықтан бұқараны шеруге тартудың қажеті болмай қалады. Яғни көпшілік арасында бас көтеретін арандатушылық әрекеттердің алдын алуға септігі мол болады. Сол арқылы қоғамдық кеңестерге деген халықтың сенімі нығая түсетіні анық.


Мереке қарсаңындағы жүздесу

Күні: , 227 рет оқылды

DMS_8429


Кеше облыс әкімі  Алтай Көлгінов Оралдағы Достық үйінде зиялы қауым өкілдерімен кездесті.


Өңір басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде мәдениет саласындағы жеткен жетістіктерге тоқталып өтті.

— Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осы жылдар ішінде мәдениет саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Әлі де атқарылар жұмыстар көп. Елбасы мән-маңызы зор мәдени шараларға көңіл бөліп, осы салада жұмыс істейтін қызметкерлерді қолдауды үнемі назарында ұстайды. Барлық батысқазақстандықтар биылғы өтетін маңызы зор шараларға белсене атсалысады деп сенемін, — деген Алтай Сейдірұлы басқосуға жиналған зиялы қауым өкілдерін мәдениетті, өнерді дамыту бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісуге шақырды.

Жайсаң АҚБАЙ, мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы:

— Өңірді басқарған басшылардың барлығы мәдениетке барынша мән берді. Енді қашан заманға сай кітапхана салынады деп күтіп жүрген жайымыз бар. Шетелде бір жақсы дәстүр бар, билікке келіп-кеткен президенттер кітапхана салады екен. Осы жақсы дәстүр бізге жұғысты болғай.

Дариға  МҰШТАНОВА,

ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Ы. Алтынсарин белгісінің иегері:

— Қазталов ауданындағы Киров ауылында ауылдық клуб жоқ, бұрынғысы бұзылып қалды. Подстепный ауылында мәдениет сарайы болды, оны жалға берді. Осындай қанша ауыл мәдениет ошағынсыз отыр? «Болар істің басына жақсы келер қасына» дегендей, назарыңызда болсын деп айтып отырмыз. Ел ішінде халыққа мемлекеттің саясатын қолына домбыра ұстаған, аузында сөзі бар адамдар жеткізіп, түсіндіреді. Баяғыда үгіт-насихат бригадалары болатын. Өнер ұжымдары ауылдарға шыққан кезде, құр концертпен шектелмей, халықтың әңгімесін, мұң-мұқтажын тыңдайтындай қылып ұйымдастырсақ,  дұрыс болар еді.

Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ,

жыршы-термеші, айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

— Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі ауыл-аймаққа шыққанда, ұжым мүшелері толық сиятындай көлік болмай қиналамыз. Екіншіден, жалақының аздығына, басында баспанасының жоқтығына қарамай, жұмыс істеп жүрген өнерпаздарымыз бар. Солардың үй жағдайы ойластырылса. Ұлылардың рухы қалған Алматыға оркестріміз жете алмай жүр. Осыған бір көмек болса дейміз. Қазталов ауданындағы Нұрсай ауылы, шекарада тұрған  Жәнібектің Борсы, Жақсыбай ауылына да қазақ радиосы жетпеген.

Сағадат РАХМЕТЖАНОВ,

әнші-термеші, Мұхит Мерәліұлы және «Алаша Байбарақ» атындағы қоғамдық қорлардың төрағасы:

— Он шақты жыл бұрын жыршылық өнерін дамыту жөнінде мәселе көтердік. Республикалық байқаулар да өткіздік, бірақ қаржы тапшылығынан тоқтап қалды. Жыршылықты дамыту ұрпақ тәрбиесі үшін керек. Мәдениет саласында қоғамдық қорларға грант бөлінбейді. Осы жағына назар аударылса екен.

Тихон ӘЛІПҚАЛИЕВ,

журналистика ардагері:

— Облысымыз 1932 жылы наурыз айында құрылған. Өңірді басқарған адамдардың тізімін мұрағаттан алдым. Алтай Сейдірұлы, сіз облыстың тізгінін ұстаған 22-ші басшысыз. 16-шы басшы Нәжімеден Есқалиев болды, оның кезінде компартия «құлап», облысты әкім басқаратын болды, ол кісі облыстың бірінші әкімі де болды. Өңірді бірінші басқарған Максим Амосовтан кейін облысты басқарған Мұнайдар Салинді де халық мәдениетті, көзқарасы кең деп мақтайтын. Сабыр Ниязбековті, Қоспановты да жұрт жақсы басшы болды деседі. Мұстақым Ықсанов деген ағамыздың қарауында бес жыл жұмыс жасадым. Мінезі қиындау болды. Бірақ одан кейін келгендермен салыстыру арқылы Мұстақым ағамызды жақсы көріп кеттім. Ол елге көп еңбек сіңірді. Көшербаев жөнінде жылы көзқарас бар. Алдын ала айтпай барып, қаладағы емханалардың тыныс-тіршілігімен танысуыңыз, бүгіндері кейбір түйткілді мәселелердің шешілуіне ықпал етуде. Басқарудың жағымсыз әдістерінен аулақ болғайсыз деп үлкендердің атынан айтып отырмын, жұмысыңыз жемісті болсын.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы:

— Өңірімізде Жазушылар одағынның  10 мүшесі бар. Қаламгерлерге 25 жыл болды қаламақы деген атымен жоқ. Осы жазушыларға кейбір мәселелерден қолдау-көмек керек. Талантты жастардың шығармаларын «Ақ Жайық» кітапханасымен жинақ шығаруға көмек керек. Облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкееваның есімін беруді сұрап жүрміз. Талғамды түсірмейік, классикалық әнді той-томалақта, ал тойда ауыз-екі айтылар арзанқой дүниелерді сахнаға сүйремейік.

Айдар БАТЫРХАНОВ,

мәдениет саласының ардагері, «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы:

— Астанадағы өнер ұжымдарындағы бишілердің 70 пайызы біздің өңірден. Театр жағы да солай. Өнерлі жастарымыздың көбі мұқтаж жағдайлардан Атырауда, Маңғыстауда жүр. Мәдениет саласындағы кадрларды тұрақтандыру, оларды үй-жаймен қамту мәселесіне назар аударған жөн. Құрманғазы атындағы саз колледжіне күрделі жөндеу керек.

Ой-пікір бөлісуді облыс әкімі Алтай Көлгінов қорытындылап, жиынға қатысушыларға басқосуға келгендеріне алғыс айтып, бұл жиынның нақты ұсыныс, тиянақты пікірлер айтылған нәтижелі басқосу болғанын атап көрсетті. Сондай-ақ кездесуде көтерілген мәселелердің өзінің назарында болатынын, ретіне қарай шешілетінін жеткізді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Мейрамдарыңызбен, мәдениет майталмандары!

Күні: , 198 рет оқылды

DMS_8953


Облыстық қазақ драма театрында 21 мамыр – ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


Өңір басшысы алдымен театр фойесіндегі мерекеге сай жасақталған көрмемен танысып, мәдениет саласы қызметкерлерінің өнерін тамашалады. Облыстық өлкетану музейінің қорынан әкелінген көрмеге КСРО халық әртістері Роза Жаманова мен Хадиша Бөкееваның сахналық костюмдері, музыкалық аспап жасаудың атақты шебері А. Крутовтың гитарасы, немістің атақты «Аккордеон» фирмасынан шыққан сырнай, сондай-ақ мандолина, скрипка, қазақтың домбырасы, өзге де саз аспаптары қойылған.

— Өркениетті ұлт өзінің тарихымен, мәдениетімен ерекшеленеді. Біз бүгінде 25 жыл толғалы отырған тәуелсіздігіміздің арқасында мәдениетімізді сақтап қалған елміз. Тарихымыз терең, ұлттық бірлігіміз мығым. Отанымыздың дамуына зор үлесін қосып келе жатқан, мәдениет саласының қызметкерлері, төл мерекелеріңіз құтты болсын! — деген өңір басшысы бірқатар сала қызметкерлерін облыс әкімінің алғысхатымен марапаттады. Сондай-ақ бір топ мәдениет және өнер саласының қызметкерлері облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғысхатына, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Құрмет белгісіне» ие болды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов сала ардагерлері мен қызметкерлеріне арнап Құрманғазының «Амандасар» күйін орындап берді.

Шара барысында мәдениет қызметкерлеріне  түрлі мекеме-кәсіпорындардың құттықтаулары мен сый-сияпаттары табыс етілді. Салтанатты кеш облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің және қалалық, аудандық өнер ұжымдарының мерекелік нөмірлерімен өрбіді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жайық бойындағы Тоқай әлемі

Күні: , 440 рет оқылды

DMS_8274


Татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың 130 жылдығына арналған мерекелік шаралардың легі ақын атындағы алаңдағы ақынның ескерткіш бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ақын рухына тағзым етуге Татарстан Республикасынан және Астана қаласынан зиялы қауым өкілдері арнайы келді.


Бұдан кейін қаламыздағы «Достық» үйінде «Татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың өмірі мен шығармашылығындағы Орал қаласының орны» атты ақынның 130 жылдық мерейтойына және Орал қаласына келгеніне 120 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді жүргізген облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Ғайса Қапақов республикамызда Елбасы тапсырмасына сәйкес ашылып жатқан «Достық» үйлерінің еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты нығайту үшін жасалып жатқандығын ерекше атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Ғабдолла Тоқайдың ұлы ақын, ұлы тұлға ретінде қалыптасу кезеңі Орал шаһарында басталғандығын, әрі кейіннен тоқайтанушылар Орал қаласын «Ақынның поэзиялық отаны» деп атайтындығын тілге тиек етті.

Тек татардың ғана емес, адамзаттың ақыны атанған Ғабдолла Тоқай өлеңдерінің ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды екендігіне тоқталған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева ақын өлеңдерін қазақ тіліне аударған қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі екендігін ерекше атап өтіп, жаңадан ашылған «Достық» үйіне көрімдік ретінде үш томдық жинағын сыйласа, ақын, Татарстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі, ТР мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері Шамсия Зигангироваға «Ана сыры» атты кітабын табыс етті.

Дөңгелек үстелде Ғабдолла Тоқайдың қысқа ғұмырында қалдырған көркем мұраларының жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде алар орны, ақын рухын асқақтату мақсатында жасалып жатқан жұмыстары төңірегінде айтылды.

Татар халқының зиялы қауым өкілдері ақын шығармаларының жартысын дәл осы шаһарда жазылған еңбектері құрайтындығын атап өтті. Орал қаласы Ғ. Тоқай үшін ақындық орталыққа айналды. Бұл дүниелер оралдықтарды Қазанмен байланыстыратын күре жол іспетті. 2001 жылы 30 қазанда Орал қаласында ақынға ескерткіш бюсті орнатылып, қаланың шеткері бөлігіндегі көшеге аты берілді. Сонымен қатар қаладағы Тухватуллиндер үйінде музей ашылды. Бұл үйдің жертөлесінде жас Ғ. Тоқай еңбек еткен ең алғашқы баспахана орналасқан. Кезінде кішкентай Апуш (Ғ. Тоқайды кішкентай кезінде солай атаған) оқыған медресе мен соңынан орыс мектебі болған, кейін жартылай қираған мешіт қайта жаңғыртылып, қазіргі таңда өз жұмысын жалғастыруда. Сол бір кездері Қазан қаласынан әкелінген кішкентай жетім бала паналаған Галиасқар Усмановтың үйі, Орал қаласынан кетер кезде тұрған «Қазан» қонақүйі, танымал газеттер жарыққа шығарылған баспахана ғимараттары жақсы сақталған. Татар әдебиетінің негізін қалаған ақынның Орал қаласында жазған алғашқы өлеңдері мен публицистикалық шығармалары «Фикер» (Мысль), «Аль-гаср альджадид» (Новый век), «Уклар» (Стрелы) атты татар басылымдарында жарық көрді. Ол А. Крыловтың 65 мысалын аударған. Сондай-ақ ақынның «Шурале», «Пар ат» атты тамаша еңбегі Орал шаһарында жазылған.

Біздің облысымызда ҚХА-ның бастамасымен 1990 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан татар-мәдени орталығының өкілдері де ақын туралы өз ойларын ортаға салды. Татарстан Республикасынан арнайы келген бір топ зиялы қауым өкілдері екі елдің достығын нығайтқан Ғ. Тоқайдың рухына көрсетіліп жатқан сый-құрметке ризашылықтарын білдірді.

Татарстан мен Қазақстанның достығын жалғаған ізгі шара түстен кейін Н. Островский атындағы орыс драма театрында өткен концерттік шараға ұласты. Ақын рухына арналған концертте татар-мәдени орталығының өкілдері мен өңіріміздің мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетті.

Ертеңгісін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Тоқай әлемі: философия, эстетика, тіл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Астрахан, Пятигорск, Новороссийск, Набережные Челны, Донбасс, Самара, Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды қалаларының және өңіріміздегі жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. 11 ғылым докторы, 18 ғылым кандидаты, барлығы 150-ге жуық білім саласының мамандары қатысқан шарада «Қазақ-татар әдеби байланысының даму ерекшеліктері», «Ғ. Тоқай өмірінде Орал қаласының алатын орны», «Тоқай поэзиясындағы теңеулердің қолданылуы» сынды тақырыптағы баяндамалар оқылды.

Екі күнге ұласқан мәдени шарада татар әдебиетінің негізін қалаушы, жарқын публицист Ғабдолла Тоқайдың шығармашылығында Орал қаласының алар орны туралы жиі айтылды. Түркі тілдес халықтарды поэзия әлеміне жетелеп, Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың, Байронның, Шиллердің еңбектерін тамаша аудара білген ақынның ғажайып қасиеттері жөнінде тың пікірлер айтылды. Жайық бойындағы Тоқай әлемі екі елдің достығын одан әрі нығайтып, жалғай бермек.

 

Шамсия ЗИГАНГИРОВА,

ақын, Татарстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі:

— Біз Жайық өңіріне келіп Тоқай жүрген жерлермен жүріп, рухани әсер алудамыз. Жайық елі тәрбиелеген Тоқай бізді мәң-гілік достыққа шақырады. Татар әдебиеті мен қазақ әдебиетінің өкілдері жақсы араласамыз. Қазақ тіліндегі ақын-жазушылар-дың шығармалары татар тіліне, татар ақын-жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударылып жүр. Біз Абайды өте жақсы танимыз. Абайдың көптеген шығармалары татар тіліне аударылған. Екі ел арасындағы әдебиеттегі достық бүгінге дейін жалғасып келеді. Бір-біріміздің әдебиетімізді танып-білу арқылы біз өзімізді байытамыз. Бұл – келешек ұрпақ үшін керек дүние.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика