Мұрағат: 19.05.2016


Ұстағанның қолында кетпейді

Күні: , 181 рет оқылды

c771a77b5545aff7f87503dea6c603e8


Жер учаскелері, әрине, жеке меншікке тек қана қазақстандықтарға беріледі. Негізінен жеке меншікке беру институты 2003 жылда ҚР Жер кодексін қабылдағанда енгізілді. 13 жыл аралығында Ақжайық ауданы бойынша агроқұрылымдар мен жеке меншікке 8 мың 923,5 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сатып берілді.


Ақжайық ауданының орталығында Жер кодексінде енгізілген өзгерістерге арналған кезекті баспасөз мәслихатында осы және жер қатынастарына қатысты басқа да мәселелерге аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев кеңінен түсінік берді. Сұрақтарға жауап бере отырып, ол жердің бұған дейін де талай айтылғандай, шетелдіктерге ешқашан сатылмайтынын әңгімеледі. Жер-анамыз «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кететін дүние еместігі және белгілі.

Әңгіме барысында мынандай мысал айтылды. Шаруа қожалығы жалға алып отырған 1000 гектар жерін сатып алғысы келеді дейік.

1 гектар жайылым жердің құны – 4400 теңге, оған жердің құнарлығы, суға, жолға және елді мекенге жақындығына байланысты орташа түзету коэффиценті қарастырылады. Ол шаруа тұратын Б. ауылы бойынша орташа коэффициент 0,71-ге тең. Қарапайым есеппен шығарғанда, 1000 гектар жердің кадастрлық бағалау құны 3 млн. 124 мың теңгеге тең. Аталған өзгерістерге сәйкес, елу пайыздық құны – 1  млн. 562 мың теңге, оны 10  жылға бөліп төлейтін болса, жылына 156 мың теңгеден, ал айға бөлсе, 13 мың теңгеден келеді.

Қаржы төлеу графигі жер пайдаланушының қалауы бойынша құрастырылады.

Басқа да сұрақтарға байланысты мынадай деректер айтылды.

2013 жылдан бері ауданда 139 шаруа қожалығы ісін дамыту үшін қосымша 166 мың 900 гектар жер учаскесін алған. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін заңбұзушылықпен пайдаланып отырған шаруашылықтардың жерін қайтару мен түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесінде аталған кезеңде 105 шаруа қожалығының жер пайдалану құқығы тоқтатылып, 97 мың 202 гектар жері, ал 69 шаруа қожалығының пайдаланбай отырған немесе артық болған 85 мың 72 гектар жері ықшамдалып, ауданның мемлекеттік арнайы жер қорына қайтарылды. Осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 731 шаруа қожалығы 1 млн. 24 мың 350 гектар жерде орналасқан.

Жер қатынастары бөлімінің басшысы Жасұлан Мақашев баспасөз мәслихатында баяндағандай, жылдың ІІ жартысында 11 шаруа қожалығы көлемі 27 мың 875 гектар жалға алынған жер учаскелерін жеңілдік шартпен, яғни кадастрлық құнының 50 пайыздық мөлшерімен сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл шарадан алдын ала болжам бойынша 24 млн. 500 мың теңге қаржы арнайы мемлекеттік қорға түседі деп күтілуде. Тамыз және қазан айларында Базартөбе, Базаршолан, Тайпақ ауылдық округтері аумағында орналасқан көлемі 2 мың 500 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы бес жер учаскесін аукционға  шығару ұйымдастырылады.

Баспасөз мәслихатында сондай-ақ Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің  директоры Мәлік Мұхтар мемлекттік орман қоры жерлері туралы айтып берді.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы

Кенжебай  НЫҒМЕТ,

Орал қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы:

— Кеңестік заманда жермен жұмыс істеген маманмын, бірақ қазір жермен жұмыс істейтін жігіттердің білім-білігі өзгеше. Олар жаңа технологиялармен жаңаша жұмыс істейді, ақыл-ойы озық болмаса, кем емес. Жер мәселесін қозғамас бұрын алдымен жерді пайдаланып отырған адамдардың басын құрап алған жөн. Елбасы айтқандай, жер – ауыл  шаруашылығы өндірісінің негізі. Ол – ауылда  жүрген 42 пайыз халықтікі. Қазақстан жеріндей сапалы өнім беретіндей жер жоқ. Өкінішке орай, елімізде ауылды дамыту стратегиясы жасалмаған. Шетелден өндірісті, жерді өңдеу, пайдалану мәселелерін көзді жұмып көшіріп алудың қажеті шамалы. Кеше Еуроодақ Американың тамағына тыйым салды. Айтарым, жердің иесі болу керек, оған қоғамдық бақылау мықты болғаны жөн.

Ғұсман ҚАТАБАЕВ,

еңбек ардагері, Теректі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

— Еңбек жолымды тракторшы болып бастадым. Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, Ақтөбе облысына жолдандым. Одан кейін туған жеріме оралдым. Кезінде шеберхана меңгерушісінің орынбасары, бас инженер, ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болып жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, өмір-бақи жермен байланысты еңбек еттім. Жерді шетелдіктерге жалға беруге үрке қарайтындардың күдігін жақсы түсінемін. Бұл мәселе – күрмеуі көп қиындау мәселе, сондықтан кейбір азаматтардың түсінбестігін тудырып отыр.

Агрономдар, жалпы, аға буын өкілдері үшін жер туған анамыз тәрізді. Әрине, жерді пайдаланушылар жердің толыққанды иесі болған соң оған дұрыс қарап, қамқорлайтынына сенім мол. Ал оны жат жерліктің қолына жалға беру үшін «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, кімге, қанша уақытқа, қандай шарттармен беру керек деген мәселелерді түбегейлі ойластырып алған жөн.

Жер кодексіндегі өзгертулерді түсіндіру бағытында бірнеше мәрте кездесулер, өткір пікірталастар болды. Сондықтан жер реформасына қатысты мораторийдің жариялануын және республикалық комиссияның құрылуын дұрыс шешім деп қабылдаймын. Осындай жіті көзқарастың арқасында жер мәселелері түбегейлі шешіліп, жаңарған Жер кодексінің әрбір өзгерісі тұрғындарға толықтай түсіндіріледі деп сенемін.

Александр КРАСНИКОВ, Зеленов ауданындағы

«Мичуринец» шаруа қожалығының жетекшісі:

– 2009 жылы Зеленов ауданынан «Мичуринец» шаруа қожалығын аштым. Шаруашылығымды жалға алған бір гектар жерге картоп пен пияз егуден бастадым. Былтыр сол жерді жеке иелігіме өткіздім. Биыл 200 гектар жерді жалға алдым, соның ішінде Мичурин ауылдық округінен төрт  гектарды көкөніс егуге бөлдім. Одан бөлек 11 гектар жерге бақша салуды жоспарлап отырмын. Ал дәнді дақылдар егумен екі жылдан бері шұғылданып келемін. Макаров және Махамбет ауылдық округтерінде қожалығыма қарасты жер телімдері бар. Енді екпе шөп шаруашылығын белсенді қолға алмақпын. Қазіргі уақытта Макаров ауылдық округінен 100 гектардан астам жерді жыртып үлгердік. Дәнді дақылдардан бидай мен жүгері екпекпін. Айтпақшы, мал азықтық дақыл  ретінде судан шөбін екпек ойым  бар. Былтыр 25 гектар күздік бидайды еккенмін. Нәтижесі  күзгі маусымда белгілі болады. Қазіргі кезде төрт адамды жұмысқа алдым. Өнім жинаған уақытта қызметкерлер саны 10-ға дейін көбейеді. Шаруашылығымды жүргізуге қажетті 15 техника бар. Биыл жаңадан егістікті тамшылатып суару құрылғысын алмақпын.

ҚР Жер кодексіне енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес ауыл шаруашылығы жер телімдерін пайдаланғысы келетін шаруалар үшін біраз жеңілдік қарастырылған және құжаттар рәсімдеу барысында кездесетін біраз әкімшілік кедергі жойылды. Мәселен, алдағы уақытта дәнді дақылдар қоймасын салмақ ниеттемін. Бұл үшін жергілікті әкімшіліктен рұқсат алып, жобалық-сметалық құжатын ұсынсам жетіп жатыр. Бұрынғыдай жерді пайдалану мақсатын өзгерту үшін қосымша құжат жинақтаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар  жалға алған жерді елу  пайыз жеңілдікпен 10 жылға бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады. Заң талаптарына сай қожалық иелігіндегі техника ескі болса, онда жерді кепілдікке қойып, банктен несие алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, жеке кәсіпкерлігін дамытамын деген адам мемлекет қолдауын анық сезінеді.

Елбасы Жер кодексіндегі бірқатар нормаға мораторий жариялады. Соған байланысты арнайы комиссия құрылып, ұсыныстар мен пікірлер талқылануда. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген, бұл бағыттағы істер түбінде оң шешімін табады деген сенімдемін.

Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  БҚО филиалының төрағасы:

— Жер мәселесі талқыланған жерде Үкімет тарапынан да, осындай жиындарды ұйымдастырушылар тарапынан да жердің шетелдіктерге сатылмайтыны жөнінде естіп келеміз. Бұл – бір. Екіншіден, біздің облысымыз Ресей мемлекетімен шектесіп жатыр. Менің айтайын дегенім, Шыңғырлау, Тасқала және Бөкей ордасы аудандарының Ресеймен шектесетін аумақтарынан  жер телімдері  шетелдіктерге жалға  беріле ме? Егер аталған аумақтардан жер берілсе, онда ертеңгі күні  еліміз үшін үлкен  проблемалық мәселелер туындауы мүмкін. Меніңше, жерді  жалға беру ісінде осы мәселелер ескерілуі  керек. Елбасының Жер кодексіне түзетулерге мораторий жариялағаны жақсы болды.


Газ плитасына қызмет көрсету тарифі неге қымбат?

Күні: , 215 рет оқылды

569648d3ccd341452689619329


«Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қалалық мәслихаттың депутаты Жантас Сафуллин азаматтарды қабылдап, олардың өтініш-шағымдарын тыңдады. Қабылдауға келген қала тұрғыны, зейнеткер Людмила Самойлова тұрмыстық газ жабдығы бойынша техникалық қызмет көрсету тарифінің екі есе өскеніне наразы екендігін жеткізді.


Оның айтуынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалының мамандары пәтеріне келіп,  су жаңа газ плитасын көзбен шолып қарап, 1400 теңге төлеуі қажеттігін айтқан. «Өткен жылы газ жабдығына техқызмет көрсету құны бұдан екі есе төмен болды», – дейді Л. Самойлова. Оның қолындағы өткен жылғы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен жасалған келісімшартта 732 теңге деп көрсетілсе, 2015 жылғы 11 желтоқсандағы «РЦКУ-Орал» компаниясымен жасалған келісімшартта төрт комфорлы газ плитасына техқызмет көрсету бағасы 1448 теңге делінген.

– Компания өкілдері келісімшартқа қол қоймасаңыз, газды пайдалана алмайтынымды айтты. Бағаның бұлайша күрт қымбаттауы неден дегеніме, майлау жұмысының қымбаттағанын алға тартты. Неге бұлай қымбаттаған, газ плитасына қызмет көрсету бағасы менің газ үшін төлейтін бір жылдық төлемімнен де жоғары? – дейді Людмила Самойлова.

Кейуананы мазалаған мәселе бойынша «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары А. Қайбалиев мынадай түсінік берді: «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен жүргізілетін тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету бағасы ағымдағы жылы да өзгерген жоқ. Көп жағдайда тұтынушылар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ны облыс тұрғындарына дәл осы қызмет түрін көрсететін өзге ұйымдармен шатыстырады».

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшының міндетін атқарушы Нұрбол Ислямовтың хабарлауынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстағы бөгде ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға тиесілі тарату газ құбырларын, сондай-ақ үйлердің ішіндегі газ тораптарын және газ жабдықтарын пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету бойынша үстем, монополиялық  жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген. Сондықтан монополиялық жағдайға ие субъектінің қызметі, іс-әрекеті мемлекеттің бақылауында. 2015 жылдың қараша айында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның БҚӨФ департаментке газ жабдықтарын пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтеріне тарифті бекіту жөнінде өтінім берген. Департаментпен 2015 жылдың 1  желтоқсанынан бастап аталмыш филиалдың көрсетілген қызметтерге қолданыстағы бағалары орташа 38,3%-ға төмендетілді. Мысалы, тұрмыстық тұтынушылар үшін  бағалар  мынадай:

Бұдан кейін аталмыш филиал бағаны өсіру жөнінде өтінім ұсынбаған. Алайда  2015 жылдың 1 желтоқсанынан бастап департаментке баға белгілегеннен кейін, тұтынушылардан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның БҚӨФ жоғарыда көрсетілген қызметтерді тоқтатқандығы жөнінде шағымдар түскен. Сондықтан филиалдың бұл әрекетінде монополияға қарсы заңнамасын бұзу фактілері айқындалады. Аталған мәселе бойынша құжаттар, заңды тұлға Астана қаласында орналасқандықтан, шара қолдану үшін табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне жолданған. Департамент мамандарының айтуынша, өңірімізде газ жабдықтарына қызмет көрсету бойынша 26 компания жұмыс істейді. Ал кез келген тұтынушы осы 26 компанияның бағасын салыстырып, өзіне ұнағанымен, келісімшартқа отыра алады. Алайда департамент тек үстемдікке ие компанияның ғана бағасын бекітіп отыратындықтан, өзге техқызмет көрсетуші компаниялардың мекенжайлары мен байланыс телефондарын  ұсына  алмайды.

– Біздің тарифіміз үш жыл бойы көтерілген жоқ. Мысалға, төрт комфорлы плита бойынша қызмет көрсету 2014 жылы 732 теңге, 2015 жылдың аяғында 1446 теңге, тұрғындардың шағымдарынан кейін биылғы 3 ақпаннан бастап компанияның орталық  кеңсесінің келісімімен 1056 теңгеге дейін төмендеттік. Өзге өңірлермен салыстырғанда Орал қаласындағы бағамыз ең төмен деңгейде, – деді «РЦКУ-Орал» ЖШС-ның үй жабдықтарына қызмет көрсету бөлімінің бастығы Руслан Әлжанов.

Сонымен, үйдегі тұрмыстық газ плитасына техникалық қызмет көрсету нарығында бірнеше  «ойыншы» бар. Тұтынушы бәсекелестік ортадан өзіне қолайлы компанияны таңдауға мүмкіндігі бар. Одан басқа ҚР Азаматтық кодексі бойынша тұтынушы келісімшарт бойынша барлық қарызын төле-геннен кейін арызын жазып, келісімшартты біржақты тәртіппен күшін жоя алады. Яғни бағасы көңілден шықпайтын компаниямен «қоштасады».

«Техникалық қызмет көрсету қызметіне тарифтің өсімі «РЦКУ-Орал» ЖШС-да байқалуына байланысты, аталған мекемеге қатысты ҚР Кәсіпкерлік кодексі-нің 174-бабының талаптарына сай тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы негізінде «РЦКУ-Орал» ЖШС-ның тарифті өсіру себебі-нің заңды немесе заңсыз екендігі анықталатын болады», – деді Н. Ислямов.

Бір қызығы, осы қызметті атқаратын “РЦКУ-Орал” мекемесі “ҚазТрансГазАймақ” БҚОФ-ның ғимаратында бірге орналасқан. Бағасы қымбат болса да, халыққа солар көбірек қызмет көрсетеді. Дәл осы жерде бір гәп бар сияқты…


«Иегова куәгерлері» үй жағалап жүр

Күні: , 625 рет оқылды

6f742e844b75


Үстіміздегі жылдың 25 сәуірі күні Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 5-бабы, 10-тармағы бойынша Орал қаласының тұрғыны Дина Сәрсебековаға байланысты істі қарады. Сот процесінде анық болғанындай, Дина Асқарқызы Сәрсебекова «Иегова куәгерлері» христиан қауымдастығы» атты діни ұйымның мүшесі екен. 1990 жылы Жамбыл облысында туып-өскен ол Тараз қаласында тіркеуде тұр. Білімі орта арнайы, тұрмысқа шықпаған, жұмыс істемейді. Орал қаласында тұрады.


Дина Сәрсебекова есту, сөйлеу қабілетінен айырылған адамдардың үйіне келіп, өзін сурдоаудармашы деп таныстырып, оларға планшетінен діни бағыттағы бейнероликті көрсеткен және оларды «Иегово куәгерлері» діни мекемесі орналасқан ғимаратта өтетін шараға шақырған.

Сотта куәгер Т. Шуваеваның айтуынша, 22.04.2016 жылы шамамен сағат 14.40-та олардың үйіне Д. Сәрсебекова келеді және өзін сурдоаудармашымын деп таныстырып, Т. Шуваеваның құлағы естімейтін қызын сұрайды. Д. Сәрсебекова қызды 23 наурыз күні өтетін өздерінің шарасына шақырғысы келетінін айтады. Артынша планшетін ашып, діни тақырыпта бейнеролик көрсетіп, көктегі мәңгілік өмір туралы айта бастайды. Мұны көрген Т. Шуваева Д. Сәрсебековадан енді қайтып үйлеріне келмеуін сұрайды.

Екінші куәгер Н. Хрущев сотта: «Дина Сәрсебекова наурыз айында менің үйіме келді. Бала жастан мүгедек құлағы естімейтін ұлыма «Иегово куәгерлері» дінін насихаттап, оны өздерінің шарасына қатысуға шақырды» — деді. Д. Сәрсебекованың бұл әрекетіне наразы болған ата-аналар «БҚО мылқаулар қоғамы» төрағасына шағымданады. Сотта Д. Сәрсебекованың кінәсі Т. Шаваева, Н. Хрущев, О. Олейникова және «БҚО «Мылқаулар қоғамының» төрағасы Н. Түйенбекованың арызы мен түсініктемелері және БҚО дін істері басқармасының анықтамасы мен басқа да материалдар бойынша дәлелденді.

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 1-бабы, 5-тармағында «Миссионерлік қызмет — Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан Қазақстан Республикасы аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі» делінген. Аталмыш заңның 8-бабы, 1-тармағы бойынша миссионерлік қызмет көрсетуші адам міндетті түрде тіркеуден өтуі тиіс.

— Облыс бойынша тіркелген алты миссионер бар.Олардың арасында Дина Сәрсебекова жоқ.

Ол сурдоаудармашымын деп есту, сөйлеу қабілетінен айырылған баласы бар бірнеше үйге барған. Ата-аналар БҚО дін істері басқармасына келіп, оны әлдебір дінді уағыздап жүр деп арызданды. Біздің мекеме қызметкерлері Д. Сәрсебековамен сөйлесіп, қажетті құжаттарды жинап, сотқа жолдады. Алайда ол заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқанына қарамай, сотта өз кінәсін мойындамады. Заң бойынша миссионерлік қызметті жеке басы немесе қандай ма бір діни бірлестік атынан ресми түрде тіркелген адам ғана жүргізе алады, — дейді Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының заңгері Әділ Нұрмұқанов.

«Мен әншейін өз ойыммен бөлістім. Миссионерлік қызметпен айналысқаным жоқ және діни бірлестік мені өз атынан миссионер ретінде қызмет жүргізуге өкілеттік берген жоқ» — деді сотта берген жауабында Д. Сәрсебекова.

Алайда Д. Сәрсебекова сот шешімімен айыпты деп танылып, оған облыс аумағында заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 212 100 теңге айыппұл салынды.

Христиан миссионерлері қазақ жеріне қалай келді?

Біз «Иегово куәгерлері» христиан қауымдастығы туралы айтпас бұрын миссионерлер туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Миссионер дегеніміз — дiни ұйымдардың iлiмiн таратуға арналған дiни және саяси қызмет атқаратын адам. Шоқындыруды мақсат еткен миссионерлік ұйымдарға кейбір елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, қаржылық топтар, мемлекеттік емес ұйымдар қаржылай көмек көрсетеді. Христиан миссионерлігі қазақ жеріне қалай келді? Оны сарапшылар төрт кезеңге бөледі. Бірінші кезеңі III ғасырдан басталады. Бертін келе, Апостоль және Католик шіркеулері т.б. жалпы христиандық ағымдарды XIV ғасырда ислам діні ығыстырса да, қазақ жері Ресейдің қарауына көшкен сәттен бастап жағдай өзгерген.1862 жылдан бастап қазақ халқын шоқындыру, орыстандыру басталды. Шұрайлы жерлерден бізді ығыстырып, орыстарды қоныстандырып, адам есімдерін, жер-су аттарын өзгертіп, орыс мектептерін ашты және бұл жұмыстарды патша үкіметі шіркеумен бірлесе отырып жүргізген. Екінші кезең XX ғасырдың басында басталады. Бұл уақытта елімізде орыс православие шіркеулері көптеп ашылып, католиктер, протестанттар, баптистер, адвентистер сияқты діндер миссионерлік қызметтерін жүргізе бастаған.

1917-1991 жылдар арасында мешіттер мен шіркеулер жабылып, діндарлар қудаланды. Бұл үшінші кезеңге жатады. Бірақ 1960-1980 жылдар католиктер мен түрлі протестанттық секталардың пайда болуымен ерекшеленеді. Төртінші кезең, өкінішке орай, еліміздің тәуелсіздігімен бірге келді. Бұл кезде елімізде біз білмеген ағымдар мен секталар, мысалы, пресвитариандық және методистік, протестанттық конфессиялар, «Саентология шіркеуі», «Агапе», «Иегова куәгерлері», «Бахай сенімі», «Жаңа өмір», «Ібіліс шіркеулері» және т.б. пайда болып, өз алдарына жеке-жеке діни бірлестік болып ашылып, орнығып алғанын көріп отырмыз. Олар-дың елімізге емін-еркін кіріп, жайғасып алуына, қазақ ұлты үшін жат идеялогияны тықпалауына жол ашқан басты себеп — ҚР «Дін туралы» заңындағы «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» деген бабы болып отыр. Міне, миссионерлік қызметке берілген осы рұқсат елімізге неше түрлі діндер мен жат ағымдардың қаптап енуіне және күн санап көбеюіне әкеліп соқты.

Не істеу керек?

Христиандық діни ұйымдарды айтпағанда, соңғы жылдары ислам дінін жікке бөлу арқылы исламның атын жамылған жалған діни ағымдардың пайда болғаны белгілі. Тарихқа үңілсек, христиан миссионерлігі ұлттық құндылықтарымызды құртуды, ұлт болып ұйыспауды, дініміз бен мәдениетімізді жоюды мақсат еткенін көреміз. Және бұл дерт жалғыз Қазақстанды шарпып тұрған жоқ. Дінді бетке ұстап сасық саясат жүргізу мақсатында Америка мен Батыс Еуропа елдерінде дәстүрлі емес діни культтардың саңырауқұлақтай қаптап кетуі, терроризмнің өршуі — бүгінгі әлемнің ең көкейтесті мәселесіне айналды. Мысалы, біздің облыс аума-ғында тоғыз конфессияны құрайтын 74 діни бірлестік тіркеуде тұр. Оның 43-і ислам бағытында, яғни ауыл, аудан, қала, облыс мешіттері. 18-і православтық, 11-і протестанттық, біреуі буддизм, біреуі католицизм бағытындағы ұйымдар. Жіктеп айтсақ, РимКатоликтік діни бірлестігі және «Елуіншілер шіркеулері» бағытындағы «Жаңа өмір» Евангельдік сенімінің мәсікшілер сенушілер қауымы, «Источник жизни», «АГАПЕ» евангельдік христиан шіркеулері, Інжілдік христиан баптистерінің «Евангель жарығы» шіркеуі (5 шіркеу), «Жетінші күн адвентистері», Пресвитериандық шіркеу және «Ехоба куәгерлері» деп кете береді.

«Иегова куәгерлері» демекші, біздің кейіпкеріміз Дина Сәрсебекова тап осы діни бірлестіктің мүшесі екендігі сотта белгілі болды. Әлемнің көптеген мемлекетіне жайылып кеткен «Иегова куәгерлері» ұйымы ай сайын 200 тілде 30 млн. дана журнал шығарып, бүкіл әлемге таратады екен. БҚО дін істері басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Баянгүл Семғалиеваның айтуынша, облыстағы ұйым мүшелері жиналып кеткенде 400-дей адамды құрайтын көрінеді. Соның тең жартысы өзіміздің қаракөздер екен… Ал олардың не тірлікпен айналысып жатқаны бізге, әрине, белгісіз. Бұлардың ініне су құюдың бір-ақ жолы бар. Ол — дәстүрлі және діни теріс ағымдарды түбегейлі терең зерттеу және дін туралы заңдағы ұлтымыздың саясатына теріс келетін баптарды алып тастау. Сол арқылы сырттан келетін миссионерлердің жолын кесу. Заңды өзгертпейінше, бұл мәселенің шешілмейтіні айдан анық. Яғни, бұл – құқық қорғау органдары, басқа да осы саладағы мемлекеттік мекемелердің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстары түбі тесік шелекпен құм тасығанмен пара-пар деген сөз. Зайырлығы бірінші орында тұрған мемлекетіміздің ұлт саясатын батыл жүргізе алмай отырғандығы тағы бар. Басты кедергі — осы.

Ұлдай  САРИЕВА,

«Орал  өңірі»


Құлпытастарды тездетіп тізімге алсақ…

Күні: , 317 рет оқылды

31кулпытастар


Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келді. Алайда қазақты төл тарихынан, ата-баба мұрасынан ажырату мақсатында кеңес үкіметі бірнеше рет әліпби реформасын жасады. Сөйтіп, 1929-40 жылдар аралығында латын графикасын пайдалансақ, 1940 жылдан бері кирилл әліпби графикасын пайдаланып келеміз. Осылайша өз ата-бабамыздың құлпытасында не жазылғанын білмей, Құран мен хадис және басқа да кітаптарды, бабалардан қалған өсиеттерді оқи алмай, мәңгүрт қалыпқа түстік.


Қазақ тарихының бүгінгі күнге жалғасуына тастарға басылған жазулардың көп септігі тигені бәрімізге белгілі. Рулар арасындағы айтыс-тартыстарды, жайылымдарды, тіпті екі ел арасындағы шекараны анықтау үшін осы құлпытастар көп жерде дәлел бола алған. Қазақстан бойынша құлпытас өте көп кездесетін жердің бірі – Батыс Қазақстан облысы, соның ішінде мен имам болып қызмет атқарған Бөкей ордасы ауданы мен Жаңақала аудандарында да құлпытас өте көптеп сақталған. Бұл құлпытастарға қазір бүкіл дүние жүзінің ғалымдары елеңдеп отыр. Қалмақтар мен ақ патша саясаты, кеңес кезеңдерінде көптеген құлпытастарды сындырған. Кеңес үкіметі кезеңінде ғимараттардың іргетасына жан-жақтан жинап әкеліп салса, қиыншылық замандарда азын-аулақ құлпытастарды диірменге пайдаланған. Сордан ойылған тастың мықтылығын қараңыз, диірменде тұрып, ұнға араласпағанына таңғаласыз.

Үлкендерден туған күнін сұрасаңыз, «Ой, айналайын-ау, ол заманда туған күнді кім біліп жатыр дейсің. Айқай қара жұмысқа әкету, ұлт-азаттық көтеріліс, ақтар мен қызылдардың соғысы, кәмпескі, аштық, жалаңаштық, фин соғысы, Ұлы Отан соғысы, НКВД лаңы дегендерден басқа біз не білеміз. Бірімізбен біріміз сыбырласып сөйлестік қой», — деп жатады. Бірі: «Шешем «Құмаршық уақытында дүниеге келдің» деді» десе, енді бірі: «Пішендік уақытында босандым» деп айтып отырушы еді» деп жүргесін, Мағжандай марғас-қаларының өзі «Абақтыда айдан, күннен жаңылдым» деп жырлағанда, басқасынан не сұрайсың. Жыл, ай, күн дегендерден хабары жоқ болар деп елестететін едік. Бақсақ, құлпытастарда ай күнтізбесімен де, күн күнтізбесімен де қатар, жылын, айын, күнін түгел жазғанына куә болдық. Тіпті аптаның күндерін де «жұма, пишенбі» деп жазған.

«Күн жадына қарасам,

Жеддінің оны құралай,

Аштырмайды қабақты,

Қақтырмайды кірпікті,

Соғады боран сабалай», — деп Махамбет ақын аспанға қарап-ақ бағдарлаған күндерді біздер үлкендер деп жүрген аталарымыз бен әжелеріміз де көрмеген екен. Оларға да өкпе жоқ. Қазақ халқының ең қиын кезеңдерін бастарынан өткізді.

Қаржы министрлігінде қызмет атқарған Арман Ғалиасқарұлы Донаевтың Донай деген атасы бес әйел алған, бір шежіреде 28 ұл таратады. Шежіреге қыз жазылмағандықтан, жалпы ұрпағы емес, тек ұлдары ғана осынша болған. Құлпытастары өте әдемі қымбат жасалуына қарағанда 1828-1860 жылдар аралығында тұрмыстары өте жоғары болған, патша мен хан салығы салынғаннан ба, кейінгі кездерде құлпытастарының сапасы басқа да рулардың құлпытастары сияқты кеми түскен. Жүз жыл кейінгілері оқылмаса да, ХIХ ғасырдың басындағылары жақсы оқылады. Құлпытастан сол кезеңдегі халықтың әлеуметтік жағдайын да көруге болады.

Дөңгелек қорымындағы Есбергей Бораншыұлының құлпытасына жазылған Құран аяттарындағы әліп тәріздес әріптердің үстіне «1330 жыл» деп ай күнтізбесін, «1912 жыл» деп күн күнтізбесімен қатар жазып, тастан орын алмауы үшін бір орынға әдемі орналастырған. Және бабаларымыздың сауатты болғандығына да бір дәлел. Жаңақала ауданында дәл мұндай 57 құлпытас бір рудың бір тайпасынан ғана тұратын басқа қорым жоқ деп ойлаушы едім, Байсеңгір қорымындағы атойнақ масқар мен одан тарайтын сары күшік-масқарлар да өте көп сақталған. Донайдың бірінші әйелінен туған баласы Жиенбайдың Наурызы бесінші әйелінен туған Текебай деген ұлынан алты жас үлкен, одан кейінгі балаларынан қанша жас үлкен екен сонда. Яғни немересі ұлынан алты жас үлкен. Кеңес үкіметі орнағанша Естеміс зиратындағы Темірдің ұрпақтары бір ғасырда бес ұрпақ өмір сүрсе, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін үш ұрпақ қана бір ғасырда өрбіген. Тоғызбай-ысық Байторымен жәдік-масқар Кедей би Естеміс ұлынан 30 ұл тарайды. Бұдан көп әйел алумен жанталаса ұрпақ көбейте отырып, жоғалып кетпеудің жолын шешкендігі көрінеді.

Ескі қала құлпытастарындағы таңбалардың әркелкілігі мені таңғалдырды. Және ол жердегі жерленген адамдардың ұрпақтарының құлпытастарын Жаңақазан мен Мұқыр ауылынан тапқаным, одан бері жалғасқан ұрпақтары күні бүгін ортамызда жүргендері қуантады. Ескі қалада жерленген Жайық шаһарынан келген Әбдушұлы Сайфеддиннің (1785-1870) таңбасындай «ф» таңба Мұқырдан табылды. Мұқырда молла Әбдулуәһһаб молла Хамалдинұлы әл-Жайықидың (1812-1878) таңбасы «ф» болып шықты. Әбдулуәһһаб Ескі қалада 1875 жылға дейін тұрғанымен, ол жерде дүниеге келген де жоқ, ол жерге жерленген де жоқ. Бірақ 66 жыл өмірінің 50 жылын Ескі қалада өткізген екен. Мұқырдағы татар деп жүргендеріміздің көбі ноғай болғанымен, ішінде «Қазан шаһарының туабағы Исмаил Иусуфұлы» дегеннің құлпытасын көрдім.

Ордада құлпытасы тұрған Жәңгірханның келіні, Сейдкерей зайыбы, Шынғали Орман сұлтан ұлының қызы, Шәңгерей ақынның анасы, Мәншүк Мәметованың нағашы апасы Ермекжан ханымға (1819-1850) құлпытас жасаған молла Әбдулуәһһаб бин мулла Хамалдин әл-Жайықидың (1812-1878) құлпытасы Мұқырда одан бұрын құлап қалыпты (Мұқыр ауылы,  Әбдулуәһһаб молданың құлап жатқан құлпытасынан 28 жыл бұрын өзі жасаған құлпытас әлі тұр. Бұл құлпытасты Ескі қалада тұрғанда жасаған болуы керек. Сейдкерей 1852 жылға дейін тірі жүргендіктен, әйеліне құлпытасты Ордадан Ескі қалаға келіп, өзі тапсырыс берген болуы керек. Жайық шаһарында туылған Әбдулуәһһаб 1825 жылдары 12-13 жастарында қазіргі Жаңақазанның қасындағы Ескі қалаға қоныс аударған болып тұр. 1875 жылы Ескі қала жан-жаққа тарап көшкенде Мұқыр ауылына көшіп барып, үш жылдан соң сол жерде қайтыс болғасын, Бұланбай бейітіне жерленген. Шыман төренің азан шақырып қойған аты Шыңғали болған. Ол Қамыссамарда тұрғандықтан, қызы Ермекжанға құлпытасты Ескі қаланың ноғайы Әбдулуаһһаб молдаға жасатуы да мүмкін. Құлпытасқа жазу бастыру кіші жүзде көп кездескен, бұл дәстүрді Ноғайлы халқы жақсы меңгергендігін көрсететін сияқты. Сәбилерге аласа құлпытас қою дәстүрі ноғайлар мен ноғай қазақ Жүсіп Шомбалұлы Ниязовтың бір жасында қайтқан Мәдина деген қызына Ордадағы хан зиратында қойған құлпытасынан көрінеді. Қазіргі интернеттегі, әжетханадағы, шекарадан өткендегі құжаттарда әйелді етектеп, еркекті иықтап бейнелейтін суреттердегі сияқты құлпытастарды да жынысын алыстан айыру үшін осындай сәулетпен жасағанына куә болдық. Құлап қалған құлпытастың үстіне қойдың құмалағы түссе, қалың тасты тесіп өтіп, арғы жағынан түсіп қалады. Сондықтан ауыл маңдарындағы құлап жатқан құлпытастарды тізімдеп алғанша тұрғызып қоюға, иә болмаса төңкеріп тастауға, құмалақтан сақтауға тырысуымыз керек.

Жұмагелдінің Ескі қаладағы құлпытасына Жайық шаһарының тумасы, Мұқырда жерленген Сахыпжамал (1811-1879) деген қызына «Орал қаласының» тумасы деп жазуына қарағанда Жайық пен Орал бір қала екендігін көрсетеді. Оралдағы тарихшы Мұрат Қалменовтің айтуынша, 2005 жылы орта ғасырлардағы қаланың атын Жайық өзеніне жақын болғандықтан, Жайық шаһары деп атадық дейді. Тасқала ауданында да ноғайлардың құлпытастарына Жайық шаһарынан шыққан тектің ұрпақтары екендігі жазылған.

Біздің облыс халқының тағы бір ерекшелігі, ХVIII ғасырдың аяғынан бастап көшіп келген жердің қолайсыздығына байланысты ел Жайықтың екі бетіне бірнеше қайтара әрлі-берлі көшкен. Бұл құлпытастар арқылы бір-бірінен көз жазып қалған ағайындардың шежіреде бастары қосылып, ұрпақтары бірін-бірі тауып жатыр. Және 1952-53 жылдардағы полигонға байланысты көштен кейін және Кеңес үкіметі тарағаннан кейінгі бос қалған жерлердің аттары да келер ұрпаққа ұмытылмай жету үшін, тек құлпытас емес, жер-су аттарын да бірге жазуға тырыстық. Ол жерлердің мекенжайын бәрімізге белгілі ауылдармен арақашықтығы, орналасқан бағытымен түсіндіргім келді.

Есімдері елге танымал адамдардың да құлпытастары табылып жатыр.

Жәңгір ханнан бастап, бірнеше сұлтандар, билер, князьдар, старшындар, ахун, молдалардың өздері мен туысқандарының, ұрпақтарының құлпытастары оқылып жатыр. Еліміздің тәуелсіздігін аңсап, ел мен жер үшін жанын пида еткен бабаларымыздың бұл дүниедегі жерленген жерлерін тауып, қоршап, келер ұрпаққа жеткізіп беру – біздердің міндетіміз.

Кісі есімдері өзіміздің 42 әріппен жазылмағандықтан, дәл шықпауы мүмкін. Тарихшылар мен шежірешілер бұл адамдарды білсе, кейде ақиқаты сол кезде анықталып жатады. «Құлпытастар сөйлейді» деген кітапты пайдаланып, көптеген молдалар мен араб әліпбиін жүргізіп оқитын жерлестеріміз ауылдарындағы құлпытастарды оқи алады деп сенемін. Бізге кезіккен араб, парсы, түркі-шағатай, татар сөздерінің қиындықтары оларға жеңілдейтіні сөзсіз.

Құлпытастардағы бұл жазулар Кеңес үкіметі орнаған кезде қазақ халқының тек бір пайызы ғана сауатты болған деген сөздің өтірік екенін көрсетеді. Ешкім оқи алмайтын болса, жиырма бес, отыз жылқыға құлпытас қойып, оған жазу жазудың не қажеті бар?

«Жеті атасын білген ұл,

Жеті жұрттың қамын жер.

Өзін ғана білген ұл,

Құлағы мен жағын жер» демекші, көп жылдан бері бір қорымға жерленген рулардың құлпытастарға жазылған деректерінен шежіре болып та шығады.

Ата-бабаларымызға деген сағыныш үзіліп қалған шежірені қайта жалғайды. Құлпытастардағы кейбір жазулар көрінбей бара жатыр, әзірге көрініп тұрғанда, бұл мағлұматтарды пайдаланып қалуымыз керек. Күннің ыстығы, суығы, қар, жаңбыр, жел сияқты табиғи жағдайлар, құлпытастан алар мағлұматымызға жыл өткен сайын кедергі келтіре береді. Атасының өз ортасында беделді болғанын құлпытасынан ұққан ұрпақтары, қоғамға қызмет етіп, өз орындарын тауып жатыр.

Әрбір құлпытасқа кем дегенде үш атаның аты жазылған. Көбінесе әкесінің аты мен құлпытас иесінің өзінің ат-есімі, тас қойған баласының аты жазылады. Кейде пәленше немересі, пәленше ұлы түгенше, тас қойған баласы деп жазған кезде төрт ата белгілі болады. Туған жылы мен қайтыс болған жылы, жасы анықталады. Мұндай дәлдікпен дерек алу ата-тек шежірелеріне деген күмәнді ойдан арылтып, шынайы көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Естеміс қорымындағы сары-алаша Ахмет қойған Беске Бегімұлы мен Қараша қауымындағы тана руының қалқаман тайпасынан Жұбаныш қойған құлпытасқа «кіші жүз қазағы сұлтан сиық нәсілінен» деп жазса, сары-алаша Бадаштың ұрпақтары одан асырып, «Ішкі орда кіші жүз қазағы алшын нәсілінен байұлының ішінде сұлтан сиық баласында алаша руы сары тайпасы Бадаш оғландарынан» деп әріден бастаған екен. «Кіші жүз қырғыз-қазақ халқынан Жиһангир хан тарафынан, Нарын қисымы, бірінші бөлімі, Қамыс-Самар қисымы» деп бастап жазылған.

Құлпытастардағы Құран аяттары мен хадистер,  нақыл сөздер, дұғалар

Қазіргі «сәләфиміз» деп жүрген еліміздегі керітартпалар: «Ата-бабамыз мүшрик болған, шала сауатты, Аллаға серік қосушы, дінге жаңалық енгізуші надан болған», — деп жастарды өздерінің ырқына тез көндіріп алып жүргені белгілі. Ал надан болса, мына жазуларды, һижри мен милади күнтізбесімен айдың, аптаның күндерін жазғандарына қарап, біз олардың деңгейіне жету үшін әлде де көп  еңбектену керектігін түсінеміз. Кеңес үкіметінің саясаты да қазақ халқын сауатсыз болған деп санамызға сіңіріп жіберді.

Татарстаннан бастап көп құлпытастарда Құран-Кәрімнің Рахман сүресінің 26-27 мүтәшәбиһ аяттарынан басталады. Бақара сүресінің 156-аяты және күлли нәфсин зәәәә-и-қатүл мәууут (Құранда үш жерде келгенін байқадым) Күллі жан иесі ажал дәмін татады, Ағраф сүресі 34-аят пен Нахыл сүресінің аяты кездеседі, Зүмар сүресінің 53-аятының арасынан үзінді жазады, Бақара сүресінің 255-аяты Аятул-курсіні жазады. Аяттармен бірге хадистер де жазылады.

Көп құлпытастарда жазылған өзге тілдегі сөздердің мағынасын түсіндіріп кетер болсақ:

Һәзә – бұл, мархум – Алланың рақымында, мағфур – кешірімінде, мадфун – жерленген, марқад – қабір тұрғызылған, әл-мабрур – берекелі, мәтуфи – қайтыс болған, мутәуәффә – қайтыс болған, офат – қайтыс болған, әл-шариф – шарапатында, мусаммәтун – атты немесе аталмыш, дар фанадан дар бақайе рихләт илады – уақытша өмірден мәңгі өмірге көшеді, дар бақайе көшеді – мәңгі өмірге көшеді, рихләт етті – көшті, иумінде – күні, нәжм – жұлдыз (ай мағынасына), иәшінде – жасында, олды – болды, әйелі дегеннің орнына – жамағаты, халалы, заужесі, мінкөшесі, заужат, қатыны деген сөздермен келеді, күйеуі – халалы, ері деп келеді, қариесі – ауылы, туабағы, туабағыларындан – туып-өскен жері, мулла – молда, имамун муслимин – мұсылмандардың имамы, хаж әл-харрамайн – Қос харамға, яғни Мекке мен Мәдинаға барып, қажылық өтеген.

Өзім көрген құлпытастардың көпшілігінде 4 және 5 сандары Еділ татарларының қолжазба түрімен жазылған екен. Қалған сандар кәдімгі баспа түріндегідей жазылған. Және өзінен кейін келген әріпке қосылмай жазылатын әріптер, мысалы, дәл, ро әріптері қосылып жазылу себебі хұснихаттың сөлс өрнегі, насх өрнегінің мәғрибе, ижаре түрлері, рокгә өрнегі, дийвани, тәглыйк-фарсы өрнектерімен жазылуы тек арабша оқу білетіндерге қиындық әкелері сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабір басына бару ахиретті еске салатынын айтып кеткен. Қазіргі заманда адамдардың тұрғызған қабірлеріне қарап бір-бірінен асып түсуге, құлпыға қоюға тыйым салынған фотосуреттерін әдемілеп қоюға тырысатындары көрініп тұрады. Тірі кездерінде өмірге не үшін келгендерін білмей кетіп бара жатқандары естерінде жоқ, өлгенде де, байлықтарын көрсеткісі келетіндей.

Кейбір құлпытастарға бес қарудың суреттері бейнеленген. Мұхаммед-Салық Бабажанов Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің қазаққа жасап отырған озбырлығын арыздап, Петербургке барғанда, 3000 сомға 120 жылқысын сатқаны тарихтан белгілі. Ол есеппен алсақ, бір жылқы 25 сомды құрайды. Жиырма бес-отыз жылқыға жасатқан құлпытастар 650-775 сомға бағаланған болып тұр.

Түркияның Бурса, Стамбул қалаларында Осман империясының құрушылары Осман, Орхан сұлтандардан бастап, барлық тарихи тұлғалардың құлпытастарын нөмірлеп, мемлекет күтімге алған. Әр ауылда молда бар, соларға оқытып, анықталған мағлұматтарды тізімдеу керек. Өйткені олар жыл өткен сайын тозып бара жатыр. Бірнеше жылдан соң оқылмайтын дәрежеге түседі. Күлтегін Білге қағандар жазбалары сияқты құлпытастар да – біздің ештеңемен өлшенбейтін байлығымыз. Біздің мақсатымыз – құлпытастар болашақта топыраққа көміліп қалса немесе жазулары оқылмайтын дәрежеге жетсе де, кітаптағы сурет қалады ғой деген үміт. Бірақ құлпытастағы мәтіндермен бірге суретін де сапалы күйде қалдыру үшін баспалар үлкен қаржы сұрайды. Жаңақала ауданындағы мешіт жанынан «Өлкетанушылар зерттеу орталығын» құрдық. Мүшелікке кірген адам 10 000 теңге жарна төлеп кіргеннен кейін өз ата-бабасы жатқан қорымдарды зерттеуге маршрутты бұруға мүм-кіншілік алады. «Москвичи» жанар-жағармай бекетінен 500 литр бензинге талон сатып алу арқылы қымбатшылықтан сақтанып отырмыз. Ауылдарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мақаш пен Бақтыгерей правительдер бірге барып сәлем беретін Есәлі байдың қорымына барып, ағайындары, бала-шағасы мен өзінің құлпытастарын тауып келдік. Бөкей ордасы, Тасқала, Зеленов, Қазталов, Жәнібек аудандарынан келген құлпытастарды бітіріп, көптен бері Қаратөбе ауданының құлпытастарын оқуда-мын. Басқа аудандар да осы сияқты экспедицияға шықса, жұмыс тез бітеді.

Жаңақала ауданының ауылдық округтеріне бөліп айтар болсақ, Қызылобадан екі, Пятимардан үш, Бірліктен бір, Жаңақаладан екі, Мәстексайдан 100, Жаңажолдан 80, Жаңақазаннан 500-дей – барлығы 700-дей құлпытас табылды.

Мұратбек ЖАХАТОВ


Ақ сөйлеп, азап шеккендер

Күні: , 194 рет оқылды

АТ 003


Аты аңызға айналған ардағымыз, қыршын кеткен асылымыз, қазақтың «қара алтынын» алғаш игерушілердің бірі — Мұсағали Елеусінов. Доссор мұнай өндірісінде бұрғылаушы-мұнайшы қызметін атқарған. Есіл ердің тәлкекке түскен тағдырына қатысты мұрағат парақтары оның мұнай саласын терең меңгерген алғашқы қазақ мамандардың бірі ғана емес, кезінде жауапты қызметтер атқарған белгілі тұлға екенін де айғақтап береді. Батыс Қазақстан облысы Гурьев округінде 1896 жылы дүниеге келген ол бар-жоғы қырық бір жыл ғана ғұмыр кешіпті. Ұрпағының із-түзсіз кеткен әке дерегін іздеуі «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 31 мамырдағы санында қуғын-сүргін құрбандарының «Қаралы тізімі» жариялануынан кейін нәтиже бере бастаған. 1937 жылдың 19 ақпанында репрессия құрбаны болып, жазықсыз атылғандар тізімде Мұсағали Елеусіновтің де есімі бар.


Еңбек жолын Доссор мұнай өндірісінде бұрғышы болып бастап, кейін арнайы білім алып, аз уақыттың ішін-де бас прокурорлық қызметке дейін өскен азамат репрессия шеңгеліне қалай ілінді? Мәлімет дәлелді болу үшін хатқа жүгінелік.

«…Елеусінов Мұсағали …1928 жылдан КП (б) К мүшесі, Мақат ауданы Доссор мұнай өндірісінде бұрғылаушы болып жұмыс істеген. Семьялы: әйелі Мульхата 34 жаста – үй шаруасындағы кісі, балалары Хасен 10 жаста, Марат 1,5 жаста, анасы Патима 70 жаста.

Елеусінов М. 1930 жылдан Гурьев округінің прокуроры, 1932 жылы Батыс Қазақстан облысының, сол жылы Қазақ ССР Прокуратура аппаратының қызметкері болып қызмет атқарған. 1935 жылы Оңтүстік Қазақстан Сарысу аудандық прокуроры болып тағайындалған. 1937 жылыдың 17 қарашасында қамауға алынған. 1938 жылдың 19 ақпаны күні СССР Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының үкімімен М. Елеусіновке РСФСР ҚК-нің 58-2, 58-7, 58-8 және 58-11 баптарымен айып тағылып, оған ату жазасы белгіленген. Үкім сол күні орындалған.

Жамбыл облыстық прокурорының орынбасары, аға заң кеңесшісі А. Р. Қыдырбаев».

Осынау қысқа ғана мәліметтен-ақ қыршын кеткен жанның білікті, заң саласында жауапты қызмет атқарған зиялы азамат екенін аңғарамыз. Бұл мәліметті ұсынып отырған аталмыш хатта көрсетілген 10 жасар Хасеннен өрбіген қызы переметныйлық Гүлнар Хасенқызы. Саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған ұлағатты ұстаз әсерлі әңгімесін әрі қарай жалғады.

– Мен Мульхата әжемді көрдім. Бидай өңді, ұзын бойлы, көркемше келген жан еді. Әжемнің айтуынша, атамыз ұсталып кетерден бұрын үйдегі бірен-саран бұйымдар жоғала бастапты. Оған әжеміз онша мән бермеген ғой. Сөйтсе, атамыз анасы мен жарын, екі ұлын туған елге, Атырауға қашыруға күні бұрын дайындалған. Ұсталарынан екі күн бұрын жарының, яғни Мульхата әжемнің қолына құжаттар мен әжептәуір қаржы ұстатып тұрып, «Бүгін түнде елге аттанып кет. Балаларды Қабырғали ініме аманатта», деп қысқа қайырыпты.

Әжем егде тартқан енесі мен екі ұлды ертіп, қақаған қыста жаяулап-жалпылап, арып-ашып, далада түнеп жүріп, Атыраудың Махамбетіне тамыз айында әрең дегенде табан тіреген. Елге келген соң да жайы мәлім болып «құқай» көре бергесін кенже ұлы Маратты қайын інісі Қабырғалидың атына жаздырып, тәрбиесіне берген. Ондағы ойы егер өзі тұтқындалатын күн туса, естияр Хасеннің тірі қалуы неғайбыл, ең болмаса әке-сінен бір тұяқ аман қалсын дегені екен. Құжатта көрсетілген анасы Патима атамыз жұмыс бабымен ауысқанда ілесіп көшпей, Атырауда тұра берген. Тек 1935 жылы Оңтүстік Қазақстанның Сарысу ауданына барғанда бірдеңені іші сезгендей баласымен бірге тұруға шешім қабылдапты.

– Атамның інісі Қабырғали «Ең өкініштісі, Мұсағали ағамның қайда жерленгенін біле алмадық»-деп отыратын. Мына бір деректе тіпті сол кезде адам тағдырының түкке тұрғысыз болғаны айқын аңғарылады, — деген Гүлнар Хасенқызы келесі хатты ұсынды. Хатта: «… Ваш отец – Елеусинов Мусагали… судом признан виновным в том, что он с 1936 года являлся участником антисоветской организации, якобы действовавшей в Казахстане и проводил вредительскую деятельность по линии прокурорской работы путем прекращения поступающих в прокуратуру уголовных дел на участников контрреволюционной организации…

Зам. начальника УКНБ по Жамбылской области Г. Котляров.

19 октября, 1995 года».

Осыдан-ақ кері кеткен заманның ащы шындығының шырылы естілгендей. Әділдік таңы атып, жазықсыз азамат түбегейлі ақталса да, тағдыр азабын тартқаны, елі үшін емірене еңбек етуіне де мүмкіндік болмағаны тергеудегі сұрақ-жауап хаттамасынан да көрініп тұр. Алдарына келгеннің бәрін жау қылып көрсету үшін түкке тұрғысыз, қиялдан туған жала мен өтірік, өсек жарап-ақ жатыр. Есіл ер атыларынан бірер күн бұрын ебін тауып соңғы демін хат арқылы жалғапты. Хат дейміз-ау, қапаста қолға түскен бір жапырақ май сіңген парақ қана. Онда Мұсағали Елеусінов жан жары Мульхатасына қос балапанын аманаттап, өзінің енді қайта оралмасын ғана ұқтырған екен. Күні кешеге дейін сақталып келген соңғы хат, өкінішке орай, көзден ғайып болыпты, қолға түсіре алмадық.

Әке орнына әке болған ағалары Қабырғалидың қамқорлығымен Хасен мен Марат ер жетті, жоғары білім алып, ел игілігіне қызмет етті. Халық жауының баласы атанып, тағдырдың талай теперішін көрген Хасен Орал педагогикалық институтының тарих факультетінде белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбаймен бір топта оқыған. Қит етсе, алдынан шыға келетін жаланың ауыртпалығын бірге бөлісіп, көмегін аямаған Жайсаң ағамыздың азаматтығын балаларына өле-өлгенше дәріптеп жүріпті. Институтты жалғыз-ақ «төрттікпен» бітірген жас Хасеннің одан кейін де жолы бола қоймаған. Жұмысқа орналасуына кедергілер көп, есесіне інісі Марат оқуын дер кезінде жалғастыра алмай жүріп қалыпты. Дегенмен құжатында «Қабырғалиұлы» болғасын ба, Марат ағасы Хасен көрген құқайларға онша тап келмеген. Оқуын Алматыдан үздік тәмамдап, елге оралған Марат Елеусінов – еліміздің сәулет құрылысында өзіндік үлесін, қолтаңбасын қалдырған белгілі сәулетші.

Облыс орталығы Оралда қуғын-сүргін құрбандарының рухына бағыштап көрнекті белгі орнатсам деген ұсынысы өңір басшысы тарапынан қолдау тапқан сәулетшінің соңғы арманы аяқсыз қалып, өткен наурызда бақилық болыпты. Игі істі қолға алған азаматтың артында зобалаң құрбандарына арнап өз қолымен сызып кеткен жобалық жұмыстары ғана қалды.

Сұрқай саясаттың шеңгеліне ілініп, оққа ұшқан батысқазақстандықтар туралы мәлімет әлі де бірізді емес. Тарихтың өткенге баға беру үшін ғана емес, ақиқатты түсініп, сезіну үшін қажеттігін ескерсек, жазықсыз құрбан болғандарға бір белгінің орнатылуы керек-ақ.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы


«Көкейге қонған қоңыр ән»

Күні: , 226 рет оқылды

20160514_194925


Облыстық филармонияның концерт залында республикалық Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы дәстүрлі әншілер байқауларының лауреаты Серік Әбдірахмановтың 50 жасқа толу мерейтойына арналған «Көкейге қонған қоңыр ән» атты шығармашылық концерті өтті.


Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы өнер бөлімінің қызметкерлері филармония фойесіне «Ән-жырдың ордасы – Қаратөбе» атты көрме жасақтапты. Онда Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев сынды Қаратөбе топырағында дүниеге келген ұлы өнерпаздар туралы еңбектер, сондайақ әнші Серік Әбдірахманов туралы жазылған мақалалар қойылған.

Концерт шымылдығы кеш иесінің орындауындағы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» әнімен ашылды. Мұнан кейін ол тыңдармандарын «Бозбала», «Ақжамал» атты халық әндерімен тербей түсті.

– Қазір әнші де, ән де көп. Бірақ атадан бермен келе жатқан хас өнерге ғазиз ғұмырын арнаған адамдар өте сирек. Бұл Батыс Қазақстан өңірі, біз топырағын басып тұрған Орал, іргелес жатқан Ақтөбе, Атырау, одан әрі Маңғыстау топырағы жон арқасын аюға беріп жатқан, бір замандағы найзасы көкке шаншылған Алтын орданың сарқыты, қазақтың қазақ болуы үшін, ел үшін егескен ерлердің талай қанын төккен жер. Бұл жерде әншіліктен бұрын бір заманда эпикалық жыршылық үрдіс қатты дамыған. Батыстың қаһармандық жырлары, кешегі ноғайлы дәуіріндегі жырлар – соның бәрі осы топырақтан шыққан. Ал Бала Ораз бен Мұхит төренің әні – қазақтағы сол асыл эпикалық рухты сақтап қалған бірден-бір өнер. Батыстың әні басқа жердің әніне ұқсамайтыны – онда ерліктің де, елдіктің де, қазақтың бойындағы бар жақсы қасиеттің, бүкіл отаншылдыққа байланысты рухтың сақталып қалғандығынан. Әнші «а» деп аузын ашқанда тыңдаушының жүрегін бірден жаулап алатыны да содан. Мен Серікті сол үшін де құрметтеймін, ағайын. Серік – кешегі Ғарекеңнің көзі, алтынның сынығы. Өз басым ендігі уақытта Серіктің педагогикамен айналысқанын қалар едім. Оралда көптеген оқу орындары бар. Серік сияқты тәжірибе жинаған өнерпаздың, ол сияқты анау құмның арасындағы кемпір мен шалдың аузындағы асыл мұраны жинап алып қолында ұстап отырған азаматтың өнерін пайдаланатын кез келді. Мен елдің азаматтарына осыны айтқым келеді. Өнерге қызмет жасайтын азаматтар бар. Сондай азаматтарды тіршілігінде қамықтырмай, «қарнын ашырмай» жұрт қатарлы тең алып жүру – атқа мінген азаматтардың міндеті. Біздің қазақ ондай міндетті талай атқарған. Атқара береді де деп ойлаймын. Той тойға ұлассын! – деді кешке Алматы қаласынан ат арытып, арнайы жеткен халықаралық «Түріксой» сыйлығының иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, жыршы Берік Жүсіп. Ол қазақы дәстүрмен Серік Әбдірахмановтың иығына шапан жауып, өзінің өнер тақырыбында жазған көлемді еңбегін сыйға тартты.

Мәдениет саласының ардагері Төлеген Есмұқанов мерейтой иесіне Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың құттықтау хатын табыс етті.

Кеш барысында облысымызға танымал өнерпаздар Дастан Есентеміров және Ернар Өмірәлі Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін әуелетті. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова Мұхиттың «Жаймақоңыр» әнін заман талабына сәйкес эстрада жанрында келістіре шырқады. Кеш иесі халық әні «Теке қала», «Ақ ерке», «Нақ-нақ», Мұхиттың әні «Дидар», «Кіші Айдай», Жаманқұлдың әні «Жантелім», Өмір Көшекбайұлының термесі, «Аманғалидың әні», Дәукен Шолақұлының «Жас дәурен», Біржан салдың «Бурылтай», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Оралым» әндеріне басқанда, дені егде жастағылардан құралған тыңдарман қауым жігерленіп, ерекше қошемет танытты. Республикалық «Үкілі домбыра» байқауының екі дүркін лауреаты, белгілі күйші Едіге Нәбиев Ақбикештің күйі «Айнам қалды» және Абылдың күйі «Абылды» тартып, көптің ықыласына бөленді. Ақтөбеден арнайы келген жыршы Жетес Жәмеков Базар жыраудың толғауын ерекше мақаммен төкпектете жырлады. Ол сондай-ақ қолына қылқобызын алып, «Есіл де есіл, есіл күн» толғауын сарнатты.

– Сонау тоқсаныншы жылдары Ғарекеңнің әндерінен жаңа ғана тұшынып, әсер алып жүрген шағымызда Серік құрдасым Алматыдан келді. Сол кезде ол Асхат Оразов, Жақсылық Исламғалиев  сынды өнерді жаңа бастап жатқан замандастарына, көптеген қыз-жігіттерге үлгі болып, ықпалын тигізді. Көп ән үйрендік. Әсіресе, өзіміздің ұлы кумиріміз Ғарекең туралы, оның бер жағындағы Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, замандасы Бекболат Тілеуханов, Табылды Досымов жөнінде таңды таңға ұрып әңгімелейтін. Осындай құрдас досымыздың, өзге де ұстаздарымыздың арқасында Асхат екеуміз үлкен сахнаға келдік. Менің ойымша, осындай өнерпаз жандар лайықты түрде бағалануы керек сияқты, – деді «Мәдениет саласының үздігі», облыстық қазақ драма театрының актері Мұсағали Бектенов мерейтой иесін құттықтау сөзінде. Әнші Асхат Оразов кеш иесіне деген ыстық ықыласын білдіріп, «Тілеу – Қабақ» әнін нақышына келтіре шырқады.

Концерт соңында аталмыш шараны ұйымдастырған, Серік Сәбитұлы қызмет ететін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымының директоры Қадырболат Мұсағалиев кеш иесін құттықтап, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғысхатын табыстап, «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық ұйымының «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапаттады. Мұхит Мерәліұлы, сондай-ақ алаша Байбарақ батыр Құдайқұлұлы атындағы қоғамдық қорлардың директоры, ҚР мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов өнер иесіне жүрекжарды лебізін арнай отырып,  Серік Сәбитұлының өңіріне Байбарақ батыр атындағы төсбелгіні тақты.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Келіндер сайысы

Күні: , 316 рет оқылды

DSC_0292


Жақында Теректі аудандық  мәдениет үйінде «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты жарыс өтті.


Сайысқа әр округтен салт-дәстүрді жетік меңгерген, үйде де, түзде де барлық жұмысқа үлгеріп жүретін ибалы 10 келіншек қатысты. «Сымбат-көрік сәнімен» (таныстыру), «Білгенге маржан» (ситуациялық сұрақтар), «Қолы алтын» (жаңа салат түрін жасау) және «Өнегелі де өнерлі» (өз өнерін көрсету) кезеңдерінен сүрінбей, ІІІ орынды Ақсуат ауылының келіні Динара Нұрланқызы иеленсе, ІІ орын федоровтық Әсел Мейрамға бұйырды. Нағыз қазақ келініне тән байсалдылығымен көрермен көзайымына айналған подстепныйлық Айнұр Қуанышқалиева І орын алды. Ал Ақжайықтың ақылына көркі сай Динагүл Сәрсенғалиева есімді келіншегі облыста аудан намысын қорғайтын болды. Ол бас жүлдені жеңіп алды. Өзге «он саусағынан өнер тамған» келіндер арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Аягөз БАҚТЫҒАЛИ,

Теректі ауданы

Вера МЕДЕТОВА, Богданов ауылының келіні:

— Ұлтым неміс болса да, «қазақ келіні» атанғаным – мен үшін мәртебе. «Қазақтарға келін болған қиын емес пе?» деген сұрақ жиі қойылады. Салт-дәстүр мен тілді жақсы меңгеріп, келіндік міндетіңді дұрыс атқарсаң, ешқандай қиындық туындамайды. Бұған көзім жетті.


Білім алумен қоса, табыс табуды үйретуде

Күні: , 186 рет оқылды

DSC_4008


Олардың бәрі бала кездерінен бірі тігінші, енді бірі аспаз, тағы бірі шаштараз болсам деп армандапты. Менімен сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрған  Орал сервистік технологиялық колледжінің студенттері  бұл оқу орнына кездейсоқ келмегендерін айтты. Аталмыш оқу орнының жанында 300 студентке арналған төрт қабатты жатақхана бар. Студенттердің басым бөлігі сол жатақханада тұрады. Өздерінің айтулары бойынша студенттік өмірлерінің әр күні қызыққа толы.


Олар әр күн сайын таңғы сағат 7-де ұйқыдан оянады. Жуынып-шайынып, жаттығу жасайды. Осы аралықта шәйнек қойып, шәй қайнатып әр бөлмеде студенттік дастарқан жайылып, таңғы астарын ішеді. Ақ жиде, қара юбкаларын киіп, кәдімгі мектеп оқушысындай сағат 8.15-те сабаққа келеді. 8.30-да басталатын сабаққа оқу орнының түбінде тұрып кешігуге болмайды. Студенттердің айтуынша, бұл жерде тәртіп қатал. Түскі сағат 13.40-14.00 аралығында олар сабақтан шығады. Сабақ біткен соң студенттер бөлмесіне барып, барымен базар жасап, түскі астарын ішеді.  Сымбат Құрмаш атты болашақ техник-технологтың айтуы бойынша, қызықтың көкесі түстен кейін басталады екен.  Өйткені бұл жерде олардың қызығушылықтарына орай, қабілетін дамытатын қосымша үйірме  көп.

— Студенттердің дені қосымша үйірмелерге қатысады. Өз мамандығымыздан бөлек қосымша вокал, би, сән театры үйірмелері де  біз үшін арнайы жұмыс жасайды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған спортзал да спортпен айналысқысы келетін студенттер үшін қызмет көрсетеді. Кітап, газет-журнал оқығысы келетіндер үшін  кітапхана да бар. Қысқасы, түстен кейін студенттер өздеріне ұнаған іспен айналысады.  Кешкілік жатақханадағы бөлмемізге барып, кешкі астың қамын жасап, ертеңгі сабаққа дайындалып, әр түрлі жұмыстармен айналысамыз. Бір-бірімізге шаш үлгілерін жасап, киім үлгілерін таңдап, өзара тәжірибе алмасамыз. Менің қасымда шаштараз қыз жатады. Мен одан шаш үлгісін, маникюр жасауды үйреніп алдым. Студенттік өмір, қала тіршілігі  қызыққа толы, — дейді Зеленов ауданының Переметный ауылынан келген Сымбат.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданынан «Серпін» бағдарламасы бойынша келген Шәкір Ерболат — болашақ аспаз. Ол 7-сыныптан бастап, аспаз болуды армандаған. Кішкентайынан анасының қасында жағаласып, тамақ пісіруге құштар болыпты. Бүгіндері тағамдардың неше түрін жасауды үйреніп жүрген ол біздің қаламызға бірден үйреніп кеткенін айтады.

Қызылордадан «Серпін» бағдарламасымен келген Ғазиза Сейітмұратова 1-курста оқып жүр. Ол да бала кезінен аспаз болуды армандапты. Аспаз ең бірінші тазалықты жақсы көруі керек деп есептейді ол. Одан кейін айналадағы аспаздармен жақсы тіл табысып, кемшіліктерден сабақ ала білуі керек. Жатақханада тұратын Ғазиза өздеріне бар жағдайды жасап, білгендерін үйретіп жүрген ұстаз-шеберлеріне дән риза.  «Аспаз болу оңай емес. Адам көлеміне қарай тағамды есептей білу, әр азық-түлікке қанша шығын кететінін нақты есептеу шеберлікті қажет етеді», — дейді  болашақта өз мейрамханасын ашқысы келетін студент. Бөкей ордасынан келген Фариза Тасқали да сонау сәби кезінен шаш үлгілеріне қызығып, шаштараз болсам деп алдына мақсат қойыпты. Ол шаштаразшы сыпайы адамдармен тіл табыса білуі керек, — дейді. Айналадағы жақындарына неше түрлі шаш үлгілерін жасап беріп жүрген ол болашақта өзінің салонын ашқысы келеді. Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылынан келген Гүлайым  Ермекбаеваның болашақ мамандығы техник-технолог. Бала кезінен ине-жіпті жанындай жақсы көріп, қуыршақтарға неше түрлі киім тігіп жүрген Гүлайым да болашақ мамандығының ине-жіппен байланысты болатынын сезетін. Әрі әр түрлі киімдерді үйлестіріп кигенді жақсы көретін ол өз мамандығының пішу, өлшем алу, тігу әрі дизайнерлікті де қамтып оқытатындығы өте пайдалы екендігін айтады. Бұл жерде ол  киім таңдай білу, клиенттермен қалай жұмыс жасау керектігін үйреніп шығады. Үйден келіп оқитын Гүлайым өз оқу орны мен өз мамандығын тапқанына бек қуанышты екенін жасырмады.

Орал сервистік технологиялық колледжі 1960 жылдары №12 қолөнер училищесі болып,  тұрмыстық қызмет мамандарын даярлау үшін ашылған. Қазіргі күнде бұл оқу орнында тігін өндірісі және киімді модельдеу, шаштараз ісі және сәндік косметика, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандарын дайындайды. Оқу орнында 16 өндірістік-оқу шеберханасы, 27 оқу бөлмесі, оқу шаштаразы, аспаздар зертханасы, медициналық кешен, оқу ательесі, оқушы дәмханасы, 300 орындық жатақхана, акт және спортзалдары, компьютерлік сынып, кітапхана және оқу залы, асхана бар.

Орал сервистік технологиялық колледжінің директоры Найлия Галиева осы жерде 22 жылдан бері қызмет жасап келеді.

— Біздің колледжде студенттерге бар жағдай жасалған. Арнайы есту қабілеті бұзылған балалар мен ақыл-ойы кем балалар үшін ашылған инклюзивті топ бар. Ол мүмкіндігі шектеулі студенттер білім алуда. Сондай-ақ бізде «Серпін» бағдарламасымен еліміздің әр өңірінен келген 25 бала білім алып жүр. Колледж жанында жатақхана болғандықтан, бізге ауыл-аудандардан бала көп келеді. Негізінен қызмет көрсету саласына шаштараз, аспаз, тігінші  мамандарын  дайындаймыз. Шеберханаларымыз жаңа үлгіде құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бізде сабақ беретін шеберлердің 40 пайызы — өз шәкірттеріміз. Біздің түлектеріміз қазір «Галактика» мейрамханасы мен «Лакомка» дәмханасында қызмет жасап жүр. Тігіншілеріміз қаламыздағы белгілі тігін салоны «Айя» да қызмет жасайды. Одан бөлек Атырау қаласында мейрамханаларда қызмет жасап жүрген аспаздарымыз да бар. Ал шаштараздарымыздың көбі өздері жеке салон ашып жатыр.  Тағы бір айта кетерлігі – біздің студенттер оқып жүріп, өз қызметіне ақша табуға үйренеді. Мәселен, бізде «Оқушы дәмханасы» бар. Бұл жерде өтетін той-садақаларға студенттер тамақ дайындауға қатысып, көрсеткен қызметі үшін еңбекақысын алады. Сондай-ақ тігіншілік курста оқып жүргендер біз қабылдаған тапсырыс бойынша терезе жабын, мектеп формасын, тағы да өзге тапсырыстарды қабылдап,  өздеріне ақша табады.  Осындай жұмыстардың бәрінен студенттер әрі білім алып,  әрі еңбек етіп, әрі табыс тауып үйренеді, – дейді колледж директоры.

Колледждегі шап-шағын мұражайда студенттердің қолынан шыққан әдемі дүние көп. Әр заттың жасалу тарихы бар. Қарапайым шаштан жасалған көз қарықтырар әдемі дүниелердің бәрі осында. Ол заттарды шетінен таныстырып жүрген колледж директоры Найлия Галиева өзінің әр студентін мақтан тұтады екен. Колледж студенттері  белсенді. Олар қаламызда, облыста өтіп жатқан түрлі байқауларда бақ сынап, үнемі жүлделі орындар алып, колледж мерейін асырып жүр. Студенттермен әңгімелескен кезде байқағаным, олар өте үнемшіл екен. Ай сайын алатын 16,5 мың шәкіртақыны кейбіреулері есептеп, үнеммен жұмсап, шәкіртақыны келесі айға  жалғастыратындарын да жасырмады. Ата-анамызға салмақ салмай, өз еңбегімізбен бітіргіміз келеді, — дейді олар.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”


400 тұлға алименттен жалтарып жүр

Күні: , 175 рет оқылды

IMG_9986


Сейсенбі күні облыстық әділет департаментінде өңірімізде алимент төлеуден жалтарып жүрген «көкек ата-аналарға» қарсы іс-шаралар тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте БҚО әділет департаментінің басшысы Алмат Нарқұлов, Орал қаласы прокурорының міндетін атқарушы Бағлан Белгебаев бірқатар атқарылған істерге тоқталды.


Өкілетті орган мамандарының деректеріне сүйенсек, осы жылдың бірінші тоқсанында алимент төлеуді еріксіз орындату мақсатында 5 032 арыз келіп түскен. Оның 179-ы орындалып, 4862 құжатқа тексеріс жүргізілуде. 1600 адамның еңбекақысынан алимент еріксіз ұсталса, 2800 алиментші ерікті түрде төлеуде. Ал 400-ге жуығы алимент тө-леуден мүлдем жалтаруда. Сондай-ақ осы жылы алимент берешектері жөнінде 21 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, оның жетеуіне сотқа дейінгі тексеріс жүргізіліп, 14 іс белгілі себептермен тоқтатылған.

– Бүгінгі таңда алимент төлеуді қатаң қадағалау мақсатында жергілікті прокуратурамен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарудамыз. Алимент төлеуден жалтарған, берешек тұлғалардың жылжымайтын және жылжымалы мүліктерді сатуға немесе сатып алуға шектеу қою жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мемлекет шекарасынан шығу, түрлі құжаттар рәсімдеу барысында да қатаң тексерістер ұйымдастырылуда. Алименттен жалтарушылардың басым бөлігі – тұрақты жұмыссыз тұлға-лар. Сондықтан оларды жұмысқа орналастыру жолдары да қарастырылуда. Алдағы уақытта соңғы қоңырау, 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекелерінде жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп алимент төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында рейдтер жүргізбекшіміз, – деді БҚО әділет департаментінің басшысы Алмат Нарқұлов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«Мәңгілік ел» диктанты

Күні: , 248 рет оқылды

IMG_1869


Кеше «Мәңгілік ел» патриоттық актісі шеңберінде жалпықазақстандық ашық диктант өтті. Еліміздегі түрлі оқу орындары мен кітапханаларда өткен шараға қатысқандар бір сағат уақыт ішінде «Мәңгілік ел» патриоттық актісі»  тақырыбында диктант жазып, тапсырды. Жазба жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметкерлері жинап, жүйелеп, содан соң Астана қаласына жөнелтті.


Мемлекеттік тілге қызығушылықты арттыру, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және  қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту мақсатымен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың үш залында өткен шараға шамамен 600-дей адам қатысты. Әр залда 200-дей кісі диктант жазды. Біз болған аудиторияда өзге ұлт өкілдері де болды. Арасында ұлттық киім киген қазақ жігіттері мен қыздары да бар.

Қазақ тілінде жазылған диктант  басталмас бұрын ақын Ақұштап  Бақтыгереева  сөз  алды.

– Қымбатты жастар мен достар! Бүгін осында дүйім елге ортақ іс-шара өтуде. Оның отаншылдық тақырыбына арналуы да орынды. Өйткені біз ендігі өмірімізді тек осы елмен байланыстырамыз. Қазір елге тек тыныштық пен бірлік қажет. Бәріміз де «Мәңгілік елге» қадам басқан қазақ елінің тұрғындарымыз. Демек, кез келген отандасымыз бүгінде өзіне-өзі «Елге не беремін, соңыма не қалдырамын?» деуі тиіс. «Мәңгілік ел» қашанда бейбіт өмір құшағына бөленсін! – деген ақын конверт ішіне салынған диктант мәтінін алып, оқытушыға берді. Әрі қарай жазба жұмысы басталып кетті.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Чапаев ауылында ашық диктантқа 115 тұрғын қатысты.

«Мәңгілік ел» патриоттық актісін насихаттау арқылы мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту мақсатын көздейтін диктантқа Ақжайық ауданындағы Чапаев ауылының 115 тұрғыны қатысты. Оның ішінде мысалы, мұғалімдер мен оқушылар 63, мемлекеттік қызметшілер 22, азаматтық қызметтегілер 15, кітапханашылар 15 болды. Олардың арасында өзге ұлттың өкілдері аз болған жоқ.

«Мәңгілік ел – патриоттық актісі» атты диктант мазмұнына «Мәңгілік елдің» мызғымас жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуге шақыру түйінделген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жалпықазақстандық ашық шараға қатысушылар аса ынта-ықыласпен атсалысты. Ауданның ең бір үлкен ауылы – Тайпақта да бұл ерекше диктантқа қатысушылар қатары қалың болды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның қоғамдық маңызын арттыру жайында бұл шара барысында барлық ауылда жан-жақты пікір алмасу болды.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика