Мұрағат: 17.05.2016


Смарт-технология дамып келеді

Күні: , 196 рет оқылды

IMG_0296


Кеше облыстық қазақ драма театрында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Smart-технологиялар: халықаралық тәжірибе және отандық практика» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.


«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен шара смарт білім берудің отандық және халықаралық тәжірибесімен алмасу, педагогтарға смарт-технологияларды қолдануды үйрету және сауаттылығын арттыру, Қазақстанда смарт қоғамды қалыптастыруды және оны дамытуды көздейді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлназ Ахметова, облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Германия, Финляндия, Корей, Ресей елдерінің педагог-ғалымдары, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының педагог қызметкерлері, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы педагог-мамандар, облыстық, аудандық білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.

Конференция барысында «Смарт білім беру» тақырыбындағы көрме жасақталып, әр жылдары өткізілген конференциялардың жинақтары, электронды дискілері мен түрлі әдістемелік материалдар қойылды.

Пленарлық мәжілісте «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚ БАИ» директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты София Ізмұхамбетова құттықтау сөз сөйледі.

— Құрметті әріптестер және конференция қонақтары! Республикалық конференция Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Осы күнге дейін қол жеткізген табыстардың барлығы тәуелсіздік жылдарымен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда смарт-технология цифрлық технологиялардың ішінде ең озығы саналады десек, үздік технологияларды облысымыздың барлық педагог-кадрларға үйрету біздің басты міндетімізге жатады. Осы мақсаттарға жету үшін біз тек отандық практикаға ғана емес, халықаралық тәжірибеге де сүйеніп келеміз. Осы шарада шетелдік мамандардан смарт- технологияларды қолданудың халықаралық тәжірибесін үйреніп қана қоймай, біліктілікті арттыру жұмыстарында кездесетін негізгі мәселелерді анықтауға да мүмкіндік туып отыр, — деп конференция жұмысының мән-маңызына тоқталып өтті.

Бұдан кейін өңір басшысының орынбасары Марат Тоқжанов сөз алды.

— Бүгінгі смарт-технологияларды пайдалану заман талабы десек, 2013 жылдан бастап қолға алынған бұл жүйе облыс деңгейінде жақсы жолға қойылып келеді. Біз осыған дейін түрлі ақпараттар алу үшін көбіне компьютерге сүйенсек, енді смарт-технологиялар арқылы да қол жеткізуге мүмкіндік алудамыз. Бұл тәжірибе білім беру жүйесінде әлдеқайда тиімді болмақ. Өйткені кез келген жаңа ақпаратты ыңғайлы әрі жедел түрде оқу практикасына енгізуге мүмкіндік алып, оқушылар мен студенттер өздерінің кәсіби деңгейлерін көтере алады. Смарт жүйесін қолдануда біздің облыс өзге өңірлермен салыстырғанда алдыңғы орында тұр. Бұл бір ғана адамның емес, ұжымның еңбегі деп бағалауымыз керек, — деген Марат Лұқпанұлы семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Пленарлық отырысты одан әрі «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлназ Ахметова жалғастырды.

— Бүгінгі конференцияның аясында қойнауы қазынаға, өрісі малға толған, халқы еңбекқор, азаматтары зиялы, мәдениетті өлкеде сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын! Қазақ даласының Ромеосы мен Джульеттасы атанған Қыз Жібек пен Төлегеннің еліне алғашқы келуім. Ақ Жайық өңірі өнер мен әдебиеттің өлкесі десек, алдымен барша қазақты әлемге танытқан күй атасы – Құрманғазы мен Дина Нұрпейісовалардың есімі еске түседі. Тіпті әлемдік әдебиеттің классиктері А. Пушкин мен М. Шолоховта да осы жердің суын ішіп, ауасын жұтып, әйгілі шығармаларын жазуға шабыт алған. Бұл жер қазақтың біртума ақындары Қадыр мен Жұбанның туып-өскен мекені болса, білім мен ғылымның да өлкесі деп айтуға да толық негіз бар. Қазақ даласындағы ең алғашқы мектеп Жәңгір ханның үкімімен ашылса, аты әлемге танылған академик Асан Таймановтың зерттеген математика ғылымы бүгінгі ақпараттық технологиялардың ғылыми негіздерінің біріне жатады. Халықаралық біліктілік зерттеулері бойынша ХХ ғасырда әрбір екі жыл сайын ақпараттар көлемі екі есе өсіп, адамның ақпаратты қабылдау деңгейі де соғұрлым артып келеді. Сондықтан бүгінгі конференция жұмысында дұрыс ақпараттық кеңістікті дамыту аса маңызды мәселеге айналып отыр. Смарт-технологияны игеру, оны қолдану және жүзеге асыру қазіргі білім беру жүйесінде таптырмас әдістемелік құралдың бірі саналады, — деді өз баяндамасында Гүлназ Кенжетайқызы.

Бұдан кейін Германиядағы вальдорф педагогикасының кураторы Александр Штольценбург өз еліндегі педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіндегі жаңалықтар мен негізгі мәселелер турасында ой өрбітті. Білім беру бойынша шетелдік тәжірибемен бөлісу мақсатында ХАМК қолданбалы ғылымдар университетінің (Финляндия) ұстазы Санна Рухалахти мен Гоу Суун Kвон (Корея) бейнебаяндамалары көпшілік назарына ұсынылды.

Пленарлық мәжіліс түстен кейін қаламыздағы №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған секциялық жұмыстармен жалғасты. Мұнда қазақстандық білім берудің мазмұны, әдістемесі және сапасы, цифрлық білім беру континентін жасақтау, инклюзивті білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану, ауыл мектептерінде жаңа технологияларды пайдалануда туындайтын кейбір мәселелер мен олардың шешу жолдары айтылып, мамандар пікірі талқыға салынды.

Айта кетелік, конференция қарсаңында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО ПҚ БАИ жанында облысымыздың педагог қызметкерлеріне арналған «Онлайн курстар» жобасы іске қосылды. Нәтижесінде 4 сағаттық бес онлайн курс түсіріліп, сайтқа орналастырылды. Алдағы уақытта осы курстарға қала және облыс көлемінде мұғалімдерді кезең-кезеңмен қамту жоспарлануда.

Конференция жұмысына барлығы 378 мақала ұсынылып, материалдар алдағы уақытта интерактивті жинақ ретінде басылып шығарылмақ.

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


«Ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол…»

Күні: , 178 рет оқылды

DSC_011116


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар Теректі ауданында іссапармен болды. Сапар барысында өңір басшылары Пойма бекетіндегі «Теректі май зауыты» ЖШС-ның, «Балакирев» шаруа қожалығының, Подстепный селолық округіне қарасты «Жақсымбетов» шаруа қожалығының жұмыстарымен және Ақжайық селолық округіндегі Орал-Шалқар су арнасының құрылысымен танысты.


Пойма бекетінде 2014 жылы жұмысын қайтадан жаңғыртқан «Теректі май зауыты» ЖШС-ның директоры Ілияс Шахаровтың айтуынша, екі жыл қатарынан күнбағыс майы, ұн және макарон өнімдерімен республикалық көрмелерге қатысқан. Аталмыш зауыт өнімдері тек елімізде ғана емес, шет елдерде де қолданысқа ие. Жаңа техникалық құрылғылардың арқасында сапасы жоғары деңгейде. Цех толықтай іске қосылмаған. Алайда күніне 70 тоннадан 170 тоннаға дейін шикізат өндіретін көрінеді.

Бірнеше жыл қатарынан жұмысын тоқтатса да, жаңа инвестордың келуі арқасында жұмысы өрге тартқан зауыттың қазіргі халжағдайы облыс әкіміне ұнады. Өндірісті жетілдіру үшін 700 млн. теңге бөлінген.

— Бұрын тек күнбағыс майы өндірілсе, қазір қыша майы және тағы басқа өнімдерді өндіру қолға алынған. Сондай-ақ майонез бен маргарин өндіру үшін құрылғылар дайындалуда. «Теректі май зауыты» – осы салада жұмыс істеп тұрған өңіріміздегі жалғыз зауыт. Алдағы уақытта өнеркәсіпті толық қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ҚазАгро» ұлттық холдингімен бірге тығыз жұмыс істейміз, — деді өңір басшысы.

Одан соң облыс әкімі ауданымыздағы картоп өндіретін ең ірі шаруа қожалықтарының бірі «Балакиревте» болды. Биыл алқаптың 200 гектар жерінен картоп, 400 гектарына күздік қара бидай егу жоспарланған.

Өңір басшысын нысандағы технологиялардың қалай жұмыс істейтіні және мемлекет қолдауының арқасында алынған жаңа құрал-жабдықтардың тиімділігі қызықтырды. Әсіресе, егіс алқабындағы құны 19 244 095 теңге тұратын американдық сушашқышты бақылады. Олардың саны – екеу. Аталмыш құрылғыларды сатып алу үшін қожалыққа мемлекеттен 5 773 000 теңге көлемінде субсидия бөлінген. Қожалықта қондырғының ресейлік түрі де бар екен.

Сондай-ақ өңір басшылары 2014 жылы пайдалануға берілген 1934 шаршы шақырымнан тұратын сыйымдылығы 2935 тонна көкөніс қоймасында болды. Жобаның жалпы құны 134 137 000 теңге болса, оның 40 095 000 теңгесі субсидияланған. А. Көлгінов кәсіпкерлердің жұмысына риза болып, биылғы өнімнің мол болуын тіледі.

Сонымен қатар облыс басшысы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесіп, ағымдағы мәселелерді талқылады.

Мағауия Зайнуллин, Салембай Мадиев және Валерий Голоухов сынды шаруа қожалықтарының басшылары жер телімдерін үнемді пайдалану, жер салығы, жайылымды пайдаланудағы реттілік, түрлі зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу т.б. мәселелер төңірегінде пікірлерін білдірді.

— Биыл жауын-шашын мол. Бір әттеген-айы – техникаларымыз  ескілеу. Кешегі күні 25 миллион теңге тұратын «К-700» техникасының бағасы бүгінде 37 миллион теңгеге дейін жетті. Үкімет беретін 25-30 пайыз көлеміндегі инвестиция осы көтерілген бағаға ғана жетеді. Дизель майының литрі 150 теңге болып келген еді. 18 сәуірден бастап бұл баға 260 теңгеге дейін барды. Техникамызға қажетті қосалқы бөлшектер бағасы 80-90 пайызға дейін көтерілді. Мұндай жағдайда жаңа техника алып, шаруашылықты дамытамыз деп айту оңай емес. Сондықтан бұл бағаларды реттеудің бір жолы болмас па екен? Жеті жыл қатарынан қуаңшылық болған себепті себетін дәніміз де жетіспейді.

Бірақ барға шүкір етіп, жұмысымызды жасап, халқымыздың жағдайын туғызып отырған жайымыз бар, — деді Мағауия Зайнуллин.

— Шаруалардың жер мәселесі бойынша көтерген сұрақтары орынды. Өйткені олар күн сайын осындай келеңсіздікке тап болып жатады. Жерді тиімді пайдалануға болатынын ешкім дұрыс білмейді. Бүгінгі айтылған барлық ұсыныстарды қоғамдық кеңесте арнайы шаруашылық басшыларымен пысықтайтын боламыз, — деді облыс басшысы.

Сол күні өңір басшысы Подстепный селолық округі, Юбилейный ауылында 108 балаға арналып былтыр ашылған жаңа мектепке барды.

Бүгінде оқушылар материалдық-техникалық базасы толық қамтылған, жарық, кең ғимаратта оқып жатыр.

Облыс әкімі заманауи технологиялар орнатылған сынып бөлмелерін, спорт залды, информатика бөлмесін, асхананы және кітапхананы аралады. Компьютерлер орналасқан бөлмедегі ғаламтор жылдамдығын тексерді. Риза болған облыс әкімі ұстаздарға жылы лебізін арнады.

Содан соң осы ауылдағы «Жақсымбетов» шаруа қожалығына да ат басын бұрды. Аталмыш қожалық герефорд асыл тұқымды бұқасын өсіреді.

«Жақсымбетов» шаруа қожалығы 2014 жылы құрылды. Басында тек 200 бас мал болатын. Бүгінде ірі қара мал саны – 759. Алдағы уақытта олардың санын 2000 басқа жеткізу жоспарланып отыр. Қожалық басшысы Ибрагим Жақсымбетовтің айтуынша, жобаны іске асыру үшін 505 млн. теңге жұмсалған. Оның 360 млн.  теңгесін аграрлық несие корпорациясы қаржыландырған.

Қазіргі таңда қожалық иелігінде 3 684 гектар жер бар. Аймақ басшысының күрмеуі шешілмеген мәселелер жөніндегі сұрағына И. Жақсымбетов шаруашылығын кеңейту үшін қосымша жер керегін мәлімдеді. Облыс әкімі Алтай Көлгінов көмек қолын созатынын айтты.

Меймандар Ақжайық селолық округіндегі Жайық-Шалқар су арнасына бет алды. Мұнда тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін үлкен жоба дайындалуда.

Бұрын-соңды су арнасы атымен болмап еді. Тек су соратын бекет қана жұмыс істеді. Уақыт өткен соң, ол да қызметін тоқтатты. Ағымдағы жылы мердігерлер осы істі қолға алмақ.

Облыс әкімінің айтуынша, осы шаруа жүзеге асырылса, ауыл тұрғындары суармалы алқаппен қамтамасыз еті-летін болады. Бұл – жайылымдық алқаптар үшін тамаша мүмкіндік. Малшылардың мал басын арттырып, жем-шөп өндірісін дамытуына едәуір септігі тиері сөзсіз.

— Теректі ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Осындай жобалар арқылы діттеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз. Мемлекет тарапынан аталмыш шаруашылықтың тауарларын өндірушілерге инвестиция түрінде субсидияландыру және олардың шығындарын өтеу, техника мен жабдықтарды жаңартуға қолдау керек. Ауыл шаруашылығын дамыту – біздің міндет, — деді облыс басшысы.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ,

Күлімхан МАХМЕТҚЫЗЫ,

Теректі ауданы


Ардагерлер ой бөлісті

Күні: , 172 рет оқылды

DMS_7333


«Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз залында  облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов облыстағы танымал еңбек ардагерлерімен кездесіп, жер мәселесіне қатысты ой-пікірлерін тыңдады.


Арман Кәрімұлы өмірлік тәжірибелері мол, кеңестік заманнан бері қарай ел басқарған, халық білетін сыйлы ақсақалдар ретінде басқосуға шақыртуды қабыл алған ардагерлерге алғыс айтты.

– Мемлекет басшысы Жер кодексіндегі өзгертулерге жариялаған мораторий орынды әрі  уақтылы болды деп есептеймін. Бүгінде Елбасының тапсырмасымен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен жер реформасы жөнінде республикалық комиссия құрылды. Әр облыстан бір адамнан сол комиссияға мүше болды. Барлығы – 75 адам. Біздің өңірден жермен жұмыстанып жүрген Қатауолла Ашығалиев – комиссияға  мүше. Құрылған комиссияға жерге қатысты ұсыныстарымызды береміз, – деген Арман Кәрімұлы жиналғандарды өз ой-пікірлерін бүкпесіз ортаға салуға шақырды.

Дөңгелек үстелге қатысушы ардагерлер Мемлекет басшысының жер кодексіндегі өзгертулерге қатысты мораторийді дер кезінде қабылдағанын атап көрсетті. Жиында жерге қатысты салық жүйесін жетілдіру, жердің бонитет балына байланысты салықты өсіру жөнінде ұсыныстар түсті. Өңірдегі бұрынғы егін алқаптарының күтімсіз жайы, суландыру жүйесін дамыту мәселесі де әңгіме өзегі болды.

«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Төлеген Мерғалиев Жер кодексінің кейбір баптарында шикіліктер барын айта келіп, Елбасы тапсырмасымен құрылған республикалық комиссияның халықтың пікірімен санасып жұмыстанатынына сенім білдірді.

Жиын соңында аға буын өкілдері көпшілікті жер мәселесіне қатысты халықты сабырлылыққа шақырып, кодекстегі өзгертулерді желеу етіп, жастарды көшеге ұрандап шығудан сақтайтындай түсінік жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Басқосуды қорытындылаған Арман Өтеғұлов басқосуға келіп, халықты алаңдатқан мәселеге байланысты ой бөліскен аға буын өкілдеріне алғыс айтты.

Өз  тілшіміз


Атқарылған жұмыс нәтижелі болуы тиіс

Күні: , 174 рет оқылды

DMS_7405


Өткен апта соңында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен БҚО әкімдігі жанындағы жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық-кеңесінің отырысы өтті.


Кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселесіне орай БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Еңбек-Орал» филиалының өндірістік аумағында тапсырыстарды орналастырудың жәй-күйі туралы департамент басшысы Бекболат Төремұратов баяндама жасады.  Сонымен қатар кеңес отырысында жергілікті атқарушы органдардың облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аудандық пробация қызметтеріне материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша жәрдем көрсету, БҚО прокуратурасының заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысын қарау мәселелері де талқыға салынды.

Жиналыс барысында баяндама жасаған құзырлы мекеме қызметкерлеріне кеңес мүшелері сауалдар жолдап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Кеңес отырысының төрағасы атқарылған жұмыстарға сын ескертпелер айтып, болашақта бұл бағыттағы  жұмыстарды ширатуды тапсырды.

– Қылмыстық жазаларын өтеп шыққан адамдар ауыл-аймақтарына, тума-туыстарына үлкен үмітпен барады. Біз оларға қолдан келгенінше әлеуметтік  және басқа да көмектер беріп, бос жұмыс орындарын ұсынуымыз керек. Облыс аудандарында осы жылдың төрт айында жазасын өтеп шыққан бірде-бір жан жұмысқа орналастырылмаған. Әр ауданда құрылған комиссияның жұмысы да мардымсыз. Тек қағаз жүзінде ғана. Бұдан былай бұндай олқылыққа жол бермейміз. Кеңестің келесі отырыстарында әр ауданнан атқарылған нақты жұмыстардың есебі тыңдалатын болады. Сонымен қатар кеңес мүшелерінен арнайы топ құрылып, аудан-ауылдарды аралап, атқарылған істерге тексеріс жүргізуді ұсынамын. Себебі осы мақсатта атқарылған жұмыстар нәтижелі болуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Жер реформасы бойынша комиссия өз жұмысын бастады

Күні: , 202 рет оқылды

20160514112428


Өткен сенбі күні Астанада Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтті. Елбасы тапсырмасы бойынша жасақталған комиссияның құрамына Парламент палаталарының депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ғалымдар мен азаматтық белсенділер атынан барлығы 75 адам енгені белгілі. Сондай-ақ комиссияда әр өңірден бір-бір өкілден болды.


Жиынды ашқан комиссия төрағасы, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бұл отырыс күрделі мәселені шешудің жаңа тәсілін көрсету қажеттігін атап өтті.

– Біз Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған баптарын мұқият сараптауға тиіспіз. Экономикамыздың, ауыл шаруашылығының дамуына, жер реформасының қажеттігін де мойындауымыз қажет. Оны халыққа түсіндіре білуіміз керек. Мәселені бүгінгі бір ғана отырыспен шеше алмаймыз. Біз бұл жерде дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз, – деген Бақытжан Сағынтаев комиссия мүшелерінен жалаң сөзге бой алдырмай, нақты ұсыныс айтуларын сұрады.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жердің тарихына алаңдаушылық білдірген әр азаматқа алғыс айту керектігін жеткізді. «Сол үшін Елбасымыз 5 мамыр күні бұл заңға бүкіл халықтың көзінше мораторий  жариялады, — деді ол. – Осы заңға ұсыныс енгіземін, толықтыру жасаймын, жетілдіремін деген азаматтың барлығына есік айқара ашылып отыр. Елбасының  сөзін тағы бір мәрте қайталап айтайын: «Халыққа қажеті жоқ заңның, бізге де қажеті жоқ». Заңда 1995 жылдан 2001 жылға дейін алты жыл бойы барлық шетелдікке Қазақстаннан 99 жыл мерзімге жалға жер алуға мүмкіндік болған. Бірақ қазақтың жерін ешкім талап алып кеткен жоқ. Өйткені  мұның басы-қасында қарап отырған азаматтар бар. Сол себепті осы бүгінгі отырысымыз береке-бірлікпен, бір-бірімізді тыңдаумен, бірбіріміздің пікірімізге құлақ асумен басталып жатқанына қуаныштымын».

Өз кезегінде сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов егер де шетелдік компания немесе шетелдік азамат жерді Қазақстанның резидентінен сатып алғысы келетін болса, оны қазір нотариус арқылы рәсімдеуге тыйым салынғанына тоқталды. Ал шетелдің азаматы немесе шетелдік резидент Қазақстанның жерін жалға аламын десе, тек қана конкурсқа қатысуы керек. Екінші айналымын нарықтан сатып ала алмайды. Бұған тыйым салынған. Елді мекендердегі, шалғай жерлердегі мал шаруашылығына арналған жерлерді сатуға тыйым салынған. Бұл бапта нақты көрсетілген.

Жиын барысында елге сыйлы, көпшіліктің алдына абырой-беделі зор Жақсылық Үшкемпіров, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов сынды ағаларымыз да кесек-кесек ойларын жасырмай ортаға салды. Мәселен, белгілі спортшы, қазіргі уақытта шаруа қожалығының басшысы  болып жүрген Жақсылық Үшкемпіров өзінің ауылдан шыққанын, ауылын, елі мен жерін жақсы көретінін айтты. Сондықтан тек қана спортта емес, қарапайым өмірде де шаруашылықты қолға алып, халыққа қызмет істеуде. Мұның бәрі жастарға үлгі болуы үшін.

– Шындығына келгенде, халықтың ашуланатындай да жайы бар. Менің ойымша, өткенде біздің батыстағы бауырларымыздың дауыс көтеріп, кәдімгідей наразылық білдіргені – ол тек сылтау. Өйткені олар жердің сатылмайтынын біліп отыр. Бірақ осы жерді бөлудің өзінде де әділетсіздік бар екенін көріп отыр, – деді ҚР Президенті мәдени орталығының директоры  Мырзатай Жолдасбеков.

«Жалын» журналының бас редакторы, ақын, қоғам қайраткері  Мұхтар Шаханов әркім өзінің көңілінде жүрген мәселені ашық айту керектігін мәлімдеді. Содан кейін барып ортақ шешім шығарған жөн. «Осы жердің төңірегінде редакциялық топ құру керек, – деді ол. – Оған мықты-мықты жігіттерді кіргізейік. Бізде толып жатқан проблемалар бар. Соны бірлесіп шешейік, сонда біз ұтылмаймыз, ұтамыз.  Жер мәселесін басқалардан да жақсы білетін шаруалар аз емес комиссия құрамында. Олар да өз ойларын еш жасырмай айтуда. Көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында ең аз дегенде 20 жыл еңбек етіп келеді.  Олар заңдағы өзгерістер кім үшін және не үшін қажет екенін тәптіштеп айтып шықты».

ҚР Фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Даринов жерді аукционға шығару мәселесіне тоқталды. «Шаруалар аукционға байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр, – деді ол. – Мысалы үшін ертең жерді пайдалану мерзімі 49 жылдан кейін біткен соң, шаруа оны баласына, немересіне міндетті түрде қалдырғысы келеді ғой.

Ал сол уақытта оның мүмкіншілігі болмаса, жерді аукционға шығарып сатып жіберуі ғажап емес. Соны қарау керек».

– Біздің шаруашылықтар 7 млн. га жерді пайдаланбай тастаған. Басқа мемлекетте 7 гектар жер таппайсың. Неге? Өйткені оларда қожайын бар. Бұл негізгі мәселе. Агрономдар жақсы біледі, тұрақты өнім алу үшін жерге жұмыс істеу керек. Пестицид, тыңайтқыш салу қажет. Одан жемісті бірнеше жылдан кейін алады. Ал енді келесі мәселе – жерді жеке меншікке беру. Ол Қазақстанның ноу-хауы емес, ол дамыған елдерде қалыптасқан норма. Ауыл шаруашылығы дамыған елдерде жерлерді жеке меншікке беру тиімсіз. Сонда дамыған Канада, Америка, Еуропаның басқа елдері ақымақ па? – деді С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университет ректоры Ақылбек Күрішбаев.

Комиссия отырысын Бақытжан Сағынтаев қорытындылады. Оның сөзіне қарағанда, шамамен 7 сағат үзіліссіз жиын өтті. Жер реформасы бойынша комиссияға мүшелік ететін 75 адамның 70-і қатысты, бес адам белгілі бір себептерге байланысты келе алмады. Алғашқы отырыста 63 адам өз ойын білдірді. «Біз мынадай ұйғарымдарға келдік: енді комиссия жанынан төрт жұмыс топтарын құрамыз  – құқықтық, экономикалық, түсіндіру және қадағалау блоктары. Комиссия мүшелерінің ішінен осы топтың басшылары іріктеледі, — деді комиссия төрағасы. – Келесі отырысымызда біз осы блоктар бойынша жұмыс істейміз. Сол себепті нақты әңгіме болады. Біз Қазақстан азаматтарына жер сату мәселесін көтереміз. Осы мәселе аясында келесі жиын өтеді. Енді әр сенбі сайын отырыс өткіземіз. Шамамен 5-6 отырыстан кейін, аймақтарға сапарлап, әкімдік  жанынан құрылған кеңестер мен талқылаулар жүргіземіз, олар біздің өңірлердегі филиалдарымыз ретінде болады. Әкімдіктерге барлығын жеткіздік, осы отырыстың материалдары ұсынылады. Біз өз мақсатымызға қол жеткіздік деп ойлаймын, комиссия мүшелерінің барлығы ақылмен бір шешімге келуге мүдделі».

Республикалық БАҚ  мәліметтері  негізінде дайындалды

Суреттер www.kazinform.kz сайтынан


«Адасқан махаббат»

Күні: , 181 рет оқылды

IMG_7397


Сенбі-жексенбі күндері облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Софы Сматаев пен кинорежиссер, кинодраматург Талғат Теменовтің «Адасқан махаббат» атты мұңды драмасының премьерасы өтті.


 Қ. Қуанышбаев атындағы Аста­на сазды драма театрының режис­сері Сұлтан Сраилов қойған қойы­лымда тұрмыс тауқыметі, баянсыз махаббат, өмірдегі сат­қындық пен әділетсіздік  бейнеле­неді.  Есірткі сатып қолға түскен Нұрбақыт – заңның бүкіл бабын жатқа білетін сауатты жігіт. Ақ қан ауруына шал­дыққан анасының дер­тіне дауа тапсам деп, осы қадамға барғанын полиция полковнигі түсіне қой­майды. Әкесіз өскен Нұрбақыт өмір құйтырқысына әбден үйренген. Қа­жет кезінде жынды да, ауру да, ақымақ та, ақылды да бола алады. Өзіне тән өрлігі де жоқ емес.  Нұр­бақыт пен полиция полковнигі Қайыржанның арасында өрбіген диалогта ол: «Өмірімде тек анам­ның алдында ғана тізе бүгем деп едім, сіздің алдыңызда да анам үшін тізе бүгіп, жалынып тұрмын, бұл іске анамды араластырмаңызшы» деп жалынады. Алайда қаһарына  мінген полиция полковнигі анасына хабар бергізеді. Екеуара әңгіме арасында Қайыржан өзінің де дәл алдында тұрған Нұрбақыттай жас кезіндегі сәулелі сәттерін еске алады. Шынайы сезіммен жақсы көрген  Мәрияммен өткен жарқын  күндері мен бір-ақ түнде мансап­қа сатылып, министрдің қызымен тағдыр қосқан өмірінің бір үзік сәттері көз алдынан өтіп жатады. Алдында тұрған «Ақымақ, әкесіз өскен жетім, сенің осы жолға түс­кеніңе анаң кінәлі» деп табалап тұрғаны бір кездері өзі мансап пен байлыққа айырбастай салған баян­сыз махаббатының жемісі екенді­гін ол білмейді. Алайда ұлына жан­-ұшырып жеткен Мариям бір кездегі адасқан махаббатын жазбай танып, ұлын әкесіне аманаттайды. Қайыржан да осы жерде өзінің ма­хаббатта адасқандығын мойын­дайды.

Қойылымдағы басты рөлдерді  Нұрбақыт (Манас Кенжетаев), Қа­йыржан (Теміржан Матаев), Ма­риям (Қорлан Шамелова), Қайыржан­ның жас кезі (Ринат Сабырғалиев), Мариямның жас кезі (Елена Есен­досова), Клара (Тоғжан Ғабдол­лае­ва) сомдайды. Қойылымның қою­шы суретшісі – Қайыр Оразғалиев. Жалпы түйгеніміз, ақ пен қара ара­ласқан өмірде әр нәрсенің сұрауы бар. Өмір қалтарысындағы адам­ның әр басқан жауапсыз қадамы қайта айналып өзін табатынды­ғын осы қойылым дәлелдегендей. Шынайы жақсы көру, төзіммен күте білу, адасу, кешіру, мойындау сезімдерін өн бойына сыйдыра білген қойылым көпшілікке ұнады деген ойдамыз.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика