Мұрағат: 14.05.2016


Жерді тиімді пайдалансақ…

Күні: , 281 рет оқылды

1b8c9fd362fbf79909e7a37ed3735a3d


Жер – Қазақстанның негізгі байлығы, халықтың өмір сүру ахуалының басты көзі. Сондықтан жер қатынастары мәселесі қашан да басты назарда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осы мәселеге қатысты екі нақты қадам белгіленген.


Оның бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану үшін оны нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу болса, екіншісі — Жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімдерін жеңілдету.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалануына тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерлерді жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру мәселесі болды. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 4 мамырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жердің әр метрі тиімді пайдаланылуы тиіс және мемлекет осыған үнемі мониторинг жасауды бір жүйеге түсіруі қажет» деген болатын. Аталмыш жиында мемлекет басшысы жер қатынастарын ескірген формадағы тиімсіз жүйеде жүргізу жердің өндірістік факторы потенциалын тежеп отырғанын шегелеп айтты.

Бүгінде жердің тиімсіз пайдаланылуы салдарынан топырақ құнарлылығының төмендеуі басты проблемаға айналды.  Ауыл шаруашылығы дақылдарын себу технологиясынан ауытқу, зиянды арамшөптерді жоюға бағытталған күрес шараларын өткізуде бақылаудың төмендеп кетуі, топыраққа минералдық тыңайтқыштар енгізбеу, жаңа танап ауысу жүйелерін енгізу және тұқым сапасын жақсартуға көңіл бөлмеу, осының бәрі айналып келгенде,  топырақ құнарлылығының төмендеуіне әкеліп соқты. Бұл мәселе жер ресурстары саласында жоғарғы технологияны жүйелі қолданған жағдайда, сондай-ақ  ауыл шаруашылығы  құрылымдары иелігіндегі алқаптарды пайдалануды тиімді ұйымдастырса, толықтай шешіледі. Яғни топырақ эрозиясына қарсы қорғау шараларын жасақтап, егістікте  жаңа танап ауысу жүйелерін қолданғанда, жайылым, шабындықтарды тиімді пайдаланып, өндірістік инфрақұрылымдарды жөнімен орналастырған жағдайда жерімізді азып-тозудан құтқарып қалуға әбден болады. Жерді тиімді пайдалану және оларды қорғау мәселелерін жолға қойсақ, еліміздің экономикасы өркендеп, әрі ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсарар еді.

Бүгінгі таңда  жер мәселесі тек біздің өңірімізде ғана емес, сондай-ақ барша ел  көлемінде өзекті болып отыр.  Батыс Қазақстан облысының аумағы – 15 133,9 мың га құрайды, жер қорының басым бөлігін, яғни 13 911,2 мың га (91,9%) ауыл шаруашылығы алқабы алып жатыр, оның ішінде табиғи жайылымдардың да үлесі мол.

Жер балансына сәйкес 2015 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста – 4676 фермерлік  шаруашылық болса, соның 158-і мемлекеттік емес, сондай-ақ 58 мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымы тіркелген. Мемлекеттік емес шаруашылық түрлерінің  иелігіне 98,4%  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері бекітіліп берілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық жерлерде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілгені  белгілі. Осы жұмыстардың қорытындысы көрсеткендей, жердің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың барлығы бірдей жерлерін өз мақсатында пайдаланбай отыр.  Ал  кейбір азаматтар жермен жұмыс жасауға құштар болғанымен, жер учаскесін ала алмай кезекте тұр. Өкінішке орай, олар сұрап отырған жерлер бос жатқанымен, құжат бойынша басқа жер пайдаланушының иелігінде тұр. 2012-2014 жылдары республикалық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының және жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастары бойынша құрылымдық  бөлімшелерімен 2012-2015 жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 1004 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі анықталды.

Қазіргі таңда аталған жерлердің 716,6 мың гектары немесе 71,4 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Және оның 392,4 мың гектар жері немесе 54,8 пайызы ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың жүргізілген жұмыстары  нәтижесінде көлемі 243,1 мың гектар немесе 24,2 пайыз жерде жер пайдаланушылар мен иелері учаскелерін игеруге кірісті.

Ал  44,2 мың гектар немесе 4,4 пайызды құрайтын жер учаскелерінің материалдары тиісті шара қабылдау үшін облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жолданды.

Жалпыұлттық жоспардың 35 және 36-қадамдарын жүзеге асыру ісі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелгенін және бүгінгі күні оның заңдық негізі қаланғанын атап өткен жөн. 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасы Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №389-V Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер заңнамасына жер қатынастарын тиімді басқаруды, сондай-ақ жерге құнды нарық құралы және ауыл шаруашылығының өтімді активі болуға мүмкіндік беруді көздейтін өзгерістер енгізілді.

Республика бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің негізгі үлесі немесе 98,8 пайызы  ұзақ мерзімді жалға, ал 1,2 пайызы жеке меншікке берілген.

Алайда қазіргі жалға алушылар жерлерін ықылассыз пайдалануда. Жерді ұтымды пайдалану талаптары сақталмайды және жерді өңдеуде заманауи технологиялар  енгізілмейді.

Жер қатынастарына қатысты Заңның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы мақсатындағы  жерлерді нарық айналымына тарту үшін жеке меншікке беру арқылы тиімді және ұтымды пайдалану. Жер мәселесі «100 нақты қадам» бағдарламасы шеңберінде оң шешімін табуы тиіс.

Жұматай АШЫҚБАЕВ,

облыстық  жер қатынастары басқармасының жер кадастр бөлімінің  басшысы


Шешімі табылмайтын мәселе болмайды

Күні: , 271 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (310)


Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко Батыс Қазақстан облысына келді. Сапар Ресей парламентшілерінің Қазақстанға ресми сапары аясында іске асты. Облыс орталығы – Орал қаласындағы күн тәртібінде шекара маңындағы және аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері қаралды.


Кездесулерді Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып жүргізіп отырды. Ол Қазақстан мен Ресей сенаторларының аймақтардағы кездесуі үшін Орал қаласы тектен-тек таңдалып алынбағанын, бұл өңір геосаяси тұрғыдан да, жағрафиялық тұрғыдан да өте ұтымды түрде орналасқанын атап көрсетті. Бұдан әрі Сенат Төрағасы Қазақстан мен Ресей арасындағы жеті мың шақырымнан асатын ортақ шекараның негізгі ауқымы Батыс Қазақстан секілді шекаралық аймақтарға тиесілі екенін атап көрсетті. «Тауар айналымы мен қарапайым адамдар арасындағы байланыстардың сүбелі үлесі де осы өңірлердің еншісіне тиеді», – деді ол.

Осындай тұжырымға нақты дәлелдер келтірген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов еуразиялық ендікте орналасқан өңірдің бай тарихы мен дәстүріне және зор экономикалық әлеуетіне екпін түсірді. Содан соң Еуразиялық экономикалық одақтың маңызды рөліне тоқталған аймақ басшысы осы шеңберде өткен жылы Ресей Федерациясымен арадағы сыртқы сауда айналымы 433 миллион АҚШ долларын құрағанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, бүгінде облыста екі ел арасындағы ортақ кәсіпкерлік істің 200-ден астам субъектісі тіркелген. Шекаралық аймақта Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары табысты әрі нәтижелі қызмет атқарып келеді.

– Осы сәтті пайдалана отырып мынадай ұсыныстар айтқым келеді. Батыс Қазақстан облысы ресейлік көршілермен 1,5 мың шақырым шекаралас орналасқан. Осы аумақта 25 өткізу бекеті бар. Олар: әуе, теміржол және автокөліктерге арналған алты бекет. Қалғандары – жеңілдетілген  жүйе бойынша жұмыс жасайтын бекеттер. Жеңілдетілген бекеттер арқылы тұрғындар жаяу өтеді, ал автокөлікпен  өте алмайды. Бұл жерде біздің резервтеріміз бар.

Соған қолдау керек. Біз облысымыздағы Қазталов ауданы Саратов облысының Александров Гай ауданымен шектеседі. Сол жердегі бекет жеңілдетілген жүйе бойынша жұмыс істейді. Егер бұл бекетке екі жақтан да автокөлік өткізу мүмкіндігі берілсе, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашар едік. Ол өз кезегінде тауар айналымының жоғарылауына, өзара байланыстың ауқымын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім мол. Дәл осындай мәселе Бөкей ордасы ауданы мен Астрахан облысының Ахтуба ауданы шекарасындағы «Молодость» бекетіне қатысты.

Тағы да айта кетер жәйт, Сайқын және Жәнібек секілді аудан орталықтары арқылы Ресей Федерациясының барлық бағыттарына тәулік сайын 16 жолаушылар пойызы тоқтамастан өтеді. Бұл пойыздардың Сайқын мен Жәнібек бекеттеріне тоқтауы үшін барынша мүмкіндіктер қарастырылса дейміз.

Сондай-ақ трансшекаралық Жайық өзеніне де қатысты мәселені қозғамасқа болмайды. Қазақстан мен Ресей тең пайдаланып отырған бұл өзеннің деңгейі жыл өткен сайын төмендеп барады. Өзен суын қалпына келтіру бағытындағы іс-шараларды бірігіп жүзеге асырғанымыз жөн, – деді Алтай Сейдірұлы.

Биылғы жылдың басында пайдалануға берілген Орал қаласындағы Достық үйінде облыстағы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу кезінде В. И. Матвиенконың кеңінен ойлап, тереңнен толғай білетін үлкен парасат иесі екені айқын көрінді. Оның қазақстандықтарға деген шынайы, ізгілікті ілтипаты мен құрмет сезімі оның әрбір сөзінің астарынан айқын аңғарылып тұрды.

– Қазақстанда тұратын әрбір азамат пен әрбір этнос өкілі Қазақстанның басты байлығы деп түсінетін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түпкілікті байламы мен тұжырымы терең сүйіспеншілік сезімін туғызбай қоймайды, – деп сабақтады өз ойын Достық үйіндегі кездесуде Валентина Матвиенко.

Федерация Кеңесінің Төрайымы, сонымен бірге көршілес екі ел арасындағы ортақ шежіре мен ортақ ерлік дәстүрлері ұрпақтар сабақтастығының арқасында алдағы кезде келешек ұрпақ санасында жаңғыра беретініне сенім білдірді. Соның бірі – Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан мен Ресей халықтарының неміс фашизмін тізе бүктірудегі ортақ жеңісі. – Жеңіс сезімі – құдіретті де қастерлі сезім. Қай кезде де бұл сезімді жоғалтпай, бойымызда ұстай алсақ, біздің ортақ тарихымыз жадымыздан еш уақытта өшпейді, – деді ол.

Ресейдің мемлекет қайраткерімен кездесу кезінде Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев халқымыздың салты бойынша «Қош келдіңіз!» – деп қазақ тілінде мәртебелі мейманға қошемет көрсетті. «Дос» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Вера Шохина шекаралас өңірлердегі өткізу бекеттерінің мүмкіндігін кеңейту, оны өзара сауда-экономикалық қарым-қатынастар үшін оңтайлы деңгейге жеткізу  және екі  ел арасында өзара ыңғайлы туристік кластерді дамыту қажеттілігіне тоқталды.

Бұған жауап ретінде үн қатқан В. Матвиенко бұл мәселелер облыста екі ел парламентшілері өкілдерінің қатысуымен талқыланғанын, бүгінгі күні бұл мәселе өз шешімін табуы үстінде екенін айтты. Сөзінің соңында В. Матвиенко шешімін таба алмайтын бірде-бір проблемалық мәселелер болмайтынын, қандай күрделі істі де өзара ақылдасып, кеңесе отырып бір ыңғайға келтіруге болатынын жеткізді. Соның ішінде Қазақстан мен Ресей парламентшілері осындай бағытта өзара ықпалдаса отырып жұмыс жасай алатынын алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко бастаған екі елдің парламентшілері Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді мәдени байланыстар мен бағдарламалар аясында облыс орталығындағы Кафедралық шіркеуде, А. Пушкин және өлкетану мұражайларында болып, мұндағы құнды  жәдігерлермен  танысты.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»,   №90, 13  мамыр  2016 жыл

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Өңірдің мықтысы – Олжас!

Күні: , 248 рет оқылды

IMG_9419


ҚР тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін Орал қаласындағы ОЖСШМ спорт залында қазақ күресінен «Қазақстан барысының» облыстық іріктеу кезеңі өтті. Бұл кезеңге 14 балуан қатысып, бақтарын сынады.


Алдымен жарыстың ашылу салтанатында дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Азамат Бекет және қазақ күресінен ҚР құрама командасының бас бапкері Жеңіс Диханбайұлы сөз алып, балуандарға сәттілік тіледі. Белдесудің басталар сәтінде спорт ардагері Қамеш Исмағұлов қазақ күресінің күртешесін киген балуандарға ақ батасын берді.

Қазақ күресі – ептілікті, ұқыпты әдіс жасауды, күштілікті, ең бастысы, ақылды талап ететін күрестің түрі. Оның үстіне аяқтан ұстауға болмайтындығы және тізерлеуге тыйым салынатыны тағы бар. Жеті жұптың сегізі келесі айналымға өтіп, соның ішінде жәнібектік Ниязбек Онайәлиев барын салып, әдіс қолданғанымен, ауыр салмақтағы тасқалалық Қасымхан Оразәлиевті ұту мүмкін болмады. Қазталовтың намысын қорғаймын деп келген Аңсар Хамзин қаратөбелік Ерлан Сержанмен белдесу кезінде аяғынан жарақат алып, кілемді босатты. Самбо күресінің спорт шебері, сырымдық Нұрымжан Ғаббасов бөрлілік Темірлан Көлбаймен белдесіп, жеңіліс тапты. Шыңғырлаудың үкілеген үміті Әділет Қабылов қарсыласы Олжас Сүлейменовтің белдесу кезіндегі ептілігіне қарсы әдіс-айла таппай, жолын берді. Осылайша әр ауданнан және қаламыздың атынан шыққан балуандардың ішінен тек төртеуі ғана суырылып шығып, ақырғы айқасқа жолдама алды.

Келесі айналымға Тасқала тауы деген лақап атпен шыққан аса ауыр салмақтағы Қасымхан Оразәлиев пен қаратөбелік Ерлан Сержан (лақап аты – Шот қара) бір-бірін ала алмай біраз жүрді. Бірақ Ерлан тасқалалық балуанға қарағанда басымдау екенін сырттан шалу арқылы байқатып, жеңіске қол жеткізді. Екінші жұпқа бөрлілік Темірлан Көлбай (лақап аты – Тана сұлтаны) мен теректілік Олжас Сүлейменов (лақап аты – Адай тарланы) иық тіресті. Екеуі де дзюдо күресінен спорт шеберлері, бір-бірінің әдіс-айласын жақсы білетін балуандар. Жарыстың соңғы минуттарына дейін алысып, ақырында бөрлілік балуан «іштен ілу» әдісін жасаймын деп, өзі шалқасынан түсті. Негізінен жарыс әділ өтіп жатты, бірақ дәл осы сәтте Темірлан Көлбайдың бапкері қазақ күресінің ережесіне сай ортаға қамшысын тастады. Тез арада төрешілер жиналып, жарыстың әділ өтуін қадағалап, бейнетаспаға жазып отырған азаматтан қайталап көрсетуін өтінді. Шынымен де, Темірланның жасаған әдісі сәтсіз шығып, жауырыны жерге тигендігіне төрешілердің көзі жетті.

Мәрелік кездесуден бұрын төрешілер «қола белдікке» таласуға қос балуанды ортаға шақырды. Тасқалалық Қасымхан Оразәлиев бұл белдесуде Темірлан Көлбайдан айласын асыра алмады. Қазақ күресінен облыстық кезеңін тамашалауға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Соңғы айқасқа балуандар шақырылған кезде демдерін ішіне тартып, «Апырым-ай, «алтын белдік» қай балуанға бұйырар екен?» де-ген сұрақтың мазалағанын жанкүйерлердің жүзінен аңғару қиын емес еді. Белдесудің алғашқы секундтарынан бастап екі балуанда да тыным қалмады. Бір-бірінен айласын асырып, «алтын белдікті» белдеріне тағып, елдің қошеметіне бөленуге асықты. Бірі спорт шебері болса, ендігісі талай «түйе балуандармен» белдесіп үлгерген нағыз ұр да жық жігіт екен. Қос балуан да белдесу кезінде екі «бүк» ұпайын еншілеп, әрі қарай айла-тәсіл ойластыруда. Бірақ Олжас Сүлейменов қарсыласы Ерлан Сержанды жығып, «жамбас» ұпайын қоржынына салды да, ақырғы айқастың жеңімпазы атанды.

Осылайша мәрелік белдесудегі қос балуан «Қазақстан барысының» шілде айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңіне жолдаманы ұтып алды. Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлері қазақ күресінің белдіктерімен және дипломдармен марапатталды.

— Батыс Қазақстан облысының іріктеу кезеңіне куә болдым. Биыл «Қазақстан барысы» алтыншы рет өтеді. Қарап отырсам, сіздің жерден ірі, ауыр салмақтағы балуандар көзге түсіп отыр. Осы балуандар республикалық сында жақсы өнерін көрсетулеріне тілекшімін, — дейді қазақ күресінен ҚР бас бапкері Жеңіс Диханбайұлы.

— Бүгінгі сында төрт кездесу өткіздім. Барлық балуандар да өзім секілді дайындалып келгендігі байқалып тұрды. Мәрелік қарсыласым ауыр салмақтағы балуан болғандықтан, көп күш жұмсауға тура келді. Бірақ сәтімен жеңіп шықтым. Алдағы өтетін республикалық жарысқа дайындығым жақсы, — дейді қазақ барысының облыстық кезеңінің жеңімпазы Олжас Сүлейменов.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Майданов турнирі үздіктерді іріктеді

Күні: , 255 рет оқылды

IMG_0225


Бейсенбі күні облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде Ұлы Жеңіс күніне және Кеңес одағы мен РФ-ның Батыры Қайыргелді (Николай) Майдановты еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында VІІ халықаралық турнир басталды.


Облыс әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлерінің облыстық қоғамының ұйытқы болуымен өткен сайысқа 2000-2002 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Ақтөбелік, маңғыстаулық және облысымыздың аудандары мен Орал қаласының барлығы сегіз команда сапында жүз елуге жуық жас палуан екі күн бойы бозкілемнің «шаңын қақты».

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Ихсанова жиналған жұртшылықты ардақты жерлесімізді еске алуға арналған турнирдің басталуымен құттықтады. Мұндай сайыстарға қатысу арқылы жас ұрпақтың бойында жауынгерлік мінез-құлық, жаужүректілік қалып-тасатынын жеткізді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Ақжан Ишановтың сөзіне қарағанда, осындай сайыстар жас палуандардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Юрий Мельниченко осы грек-рим стилінде күресіп, қазақ елінің төрткүл әлемге танылуына үлестерін қосты. Турнирге Ресейден арнайы келген Қ. Майдановтың інісі Сергей Майданов ағасын ұмытпай, оны еске алуға арналған түрлі шараларды дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан батысқазақстандықтарға ризашылығын білдірді. «Қайыргелді бала кезден спортты жанына серік етті. Күреске қатысып, ауылдың, ауданның чемпионы болғанын білемін, — деді ол. — Сол себепті оның құрметіне жас палуандар арасында сайыс өткізу өте орынды». Өз кезегінде сөз алған Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлерінің облыстық қоғамының төрағасы Тахир Қосжанов турнирдің мақсаты Ауған соғысы батырларының есімдерін қастерлеу, онда қаза болғандардың рухына тағзым ету, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру екенін айтты.

— Жеңіс мерекесіне орай Ресейде де көптеген жарыс өтуде. Сол себепті биыл орынборлықтар мен сарытаулықтар келе алмай қалды. Бұл турнирге алты жыл қатарынан келіп, жақсы нәтиже көрсеткен атыраулықтар да өздерінде халықаралық турнир өтуіне байланысты келе алған жоқ. Қызылорда облысы командасының да жолы түспеді. Десек те, келген командалармен жарысымызды бастадық. Сегіз команданың арасында осалы жоқ. Бәрі де жыл сайын жарысқа қатысып жүргендер. Айта кетейін, бір-екі жыл бұрын аталмыш жарыста топ жарған оралдық Дәулет Ларионов, былтыр ел чемпионы атанып, жасөспірімдер бойынша ұлттық құрама сапына алынды. Қазір ол Дондағы Ростовта өтетін халықаралық турнирге дайындалу үстінде. Артынан Азия мен әлем чемпионаттарында еліміздің намысын қорғайтын болады, — деген болатын бізге берген сұхбатында турнирдің бас төрешісі Батырбек Қазиев.

32-ден 100 келіге дейінгі он үш салмақ дәрежесінде болған турнирдің алғашқы күні тартысты өтті. Өңіріміздің намысын қорғаған 120 палуанның жартысына жуығы жұма күні 3-орын үшін өтетін сайысқа және ақтық сынға жолдама алды.

Жарыс екінші күні «қыза» түсті. Басында қола медаль үшін белдесу болды. Онда барлық салмақ дәрежесі бойынша батысқазақстандықтар қарсыластарынан басым түсті. Ауылдан келгендердің ішінен теректілік Арыстан Досаев (32 келі), бөрлілік Нұрбек Ғабдуәлиев (63 келі), зеленовтық Николай Логашкин (76 келі) белсенді күрескенін айта кеткен жөн. Ал финалда тек 58 бен 63 келі салмақта маңғыстаулықтар мен ақтөбеліктер топ жарды. Қалған салмақ дәрежелеріндегі бас жүлде жас жерлестерімізге бұйырды. Әсіресе, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектепинтернат тәрбиеленушілерінің «қанжығалары майланды». Жандарбек Елекенов — 32, Әділжан Есенгелдиев — 35, Мерланбек Амангелдиев — 38, Ернұр Салауатов — 50, Бақтияр Қадырғалиев — 54, Төлеген Тілепов 69 келіде үздік болды. Сондай-ақ облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен Азат Мұхамадиев (42 келі), Қуаныш Дәулетов (100 келі), №4 БСЖМ-дан Ақжол Нұрымұлы (46 келі) чемпион болды. Ал ауыл спортшылары арасынан бөрлілік Әлішер Бекесов (76 келі), шыңғырлаулық Әлихан Сартов (85 келі) алтыннан алқа тақты.

Жалпы, бұл жарыс іріктеу жарысы болып есептеледі. 18-20 мамыр күндері Ақтөбеде Ауған соғысы ардагерлері құрметіне арналған республикалық турнир болады. Жүлделі орын алғандар сол жарыста бақ сынамақшы.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ


Мейіргерлерге құрмет көрсетілді

Күні: , 237 рет оқылды

DSC04802


Жастар мәдениет сарайында Халықаралық мейіргерлер күніне арналған «Батыс Қазақстан медициналық колледжінің 100 жылдығынан мейіргерлік қызметтегі жетекшілікке дейін» атты облыстық конференция өтті.


Мейіргерлік іс бойынша жи­нал­ған мәселелерді талқылап, ме­­­ди­циналық көмек көрсету сапасын арттыру және мамандық мәртебесін қалыптастыруды мақ­сат еткен шараны облыстық ден­саулық сақтау басқармасы мен орта медициналық қызметкерлер қа­­уымдастығы ұйымдастырды. Ша­­ра­ға қатысқан сала мамандары ме­йір­гер мамандығының заман тала­бына сай қалыптасу міндеттері, олардың рөлі, жауапкершілі­гіне тоқталып, адамдарға қызмет ету үшін жоғары кәсібиліктің аса қа­­­­жет екендігін ерекше атап өтті.

Мейіргерлерді мерекемен құт­тықтаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиева уақытпен санаспай еңбек етіп, талай адамды өмір қуанышымен қауыштыруда мейіргерлердің ең­бегі зор екендігін атап өтіп, үздік деп танылған мейіргерлерді ал­ғысхаттармен және Құрмет грамоталарымен марапаттады. «Жедел жәрдем» стансасының үш кезеңін қамтыған көрініс те көрермен кө­ңілінен шықты. Сонау кездерде қолдарына шам ұстап, ауру адамға ат-шанамен барған кезден бастап, бү­гінгі күнге дейінгі денсаулық сақ­тау саласының жеткен жетісті­гін медицина қызметкерлері шынайы сахналады. Еңбегімен көзге түскен ауыл-қала мейіргерлері ұйым­­дас­тырушылар назарынан тыс қалған жоқ. Оларға арнайы ал­ғыс­хаттар, ал ардагер мейіргерлерге естелік сыйлықтар табыс етілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика