Мұрағат: 12.05.2016


«Ата ерлігі – ұрпақ жадында»

Күні: , 411 рет оқылды

DMS_6133


Мамырдың 7-8-і күндері Орал қаласындағы қоғамдық көлік бағыт­тарында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орайластырылған «Ата ерлігі – ұрпақ жадында» атты акция өтті.


М. Горький атындағы қалалық кітапхана, Ғ. Құрманғалиев атын­дағы облыстық филармония, об­лыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымдары №2, 5 бағыттардағы автобустағы жолаушыларды Же­ңіс мерекесімен құттықтады. Жо­­лау­шылар соғыс тарихы тақыры­бындағы викторинаға қатысып, баянның сүйемелдеуімен майдан әндерін шырқады. Оларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар филармония ән­шілері «Саяхат» аялдамасынан «Ет комбинаты» шағынауданында­ғы соңғы аялдамаға дейін ән шыр­қады. Автобустағы жолаушылар таныс әуендерді ести салысымен қосыла шырқады, қол шапалақтап, өнерпаздармен бірге суретке түс­ті. №2 автобустың кондукторы Ан­жела Красноперова шараны ұйым­дастырушыларға мерекелік көңіл күй сыйлағандары үшін алғыс айтты.

Эльмира НҰРТАЗИЕВА


Жеңіс туы мәңгі желбіресін!

Күні: , 233 рет оқылды

DMS_6762


Ұлы Жеңіс мейрамы батысқазақстандықтардың бауырластар зиратына, Кеңес Одағының Батыры Темір Масиннің, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың, Кеңес одағының маршалы Георгий Жуковтың ескерткіштеріне және «Ол күндердің даңқы өшпейді» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.


Салтанатты шара «Ерлікке тағзым» атты акцияға ұласты. Акция барысында мыңдаған қала тұрғыны қан майданға қатысқан ата-бабаларының суреттерін ұстап, соғыс әндерін шырқап, БҚМУ-дың алдынан Жеңіс алаңына дейін салтанатты шеруде сап түзеді.

Жеңіс алаңында өткен мерекелік жиынға соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ олардың ұрпақтары мен жалпы ел-жұрт қатысты. Жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мерекеге қатысушыларды өңір басшысы Алтай Көлгінов құттықтады.

— 9 мамыр — адамзат тарихындағы ең бір қастерлі де құдіретті күн. Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ел басына күн туған уақытта сол кездегі жас аға-апаларымыз Отан үшін, бүгінгі бақытты өмір үшін майданға аттанды. Ал тылда буыны қатаймаған баладан бастап нәзік жандылар мен қариялар «Барлығы майдан үшін! Барлығы Жеңіс үшін!» деген ұранмен жанкешті еңбек етті. Ұрпағының бейбіт өмір сүруі үшін қаншама жан өз өмірін қиды. Соғыстан қираған елді қалпына келтіріп, халықтың еңсесін тіктеу де оңай болмады. Осы жылы өз тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын тойлап отырған егемен еліміздің бүгінгідей дәрежеге жетуі жолында да осы аға-апаларымыздың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бұл жетістіктерге біз ерлік пен еңбектің, бірлік пен ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Болашақта да осы туған еліміздің, өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолында кейінгі ұрпақ аянбай еңбек ететін болады деп сендіремін. Бүгінгі Ұлы Жеңіс күні қан майданда қаза тапқан ата-бабаларымызға, арамыздағы соғыс және тыл ардагерлеріне бас иіп құрмет көрсету — біздің парызымыз.

Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерекесі құтты болсын! — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар мерекеге қатысушыларды соғыс ардагерлері Мұхтар Әжіғұлов, Иван Гапич құттықтады. Бұдан соң Жеңіс алаңына жиналғандар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

*       *       *

Мереке күні соғыс ардагерлері Иван Гапич, Хамза Сафин, Қалам Сүйіншәлиев және Меңжан Әбдірахманов соғыс және еңбек ардагері, Жайық жұртының қадірлі қариясы Мұхтар Әжіғұловтың үйіне жиналды.

Бұл ардагерлердің қай-қайсысы да барлығы – ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен заманда Отанымызды қорғау үшін майдан даласында ерліктің небір үлгісін көрсетіп, өзгеге өнеге болған жандар. Олар соғыс аяқталған соң да күн демей, түн демей жұмыс істеп, бүгінгідей бейбіт өмірдің іргетасын өз қолдарымен қалады.

Ардагерлерді мейрамдарымен құттықтау үшін облыс әкімі АлтайКөлгінов, қала әкімі Нариман Төреғалиев және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов мереке күні Әжіғұловтардың шаңырағына арнайы келді. Жеңіс күні құрметіне үлкен шаңырақта бас қосып, сонау қиын кезеңдерді еске алысып отырған соғыс және еңбек ардагерлерін мейрамдарымен құттықтаған Алтай Сейдірұлы қарияларға ақ тілегін арнады.

— Бүгін Жеңістің 71 жылдығын қарсылап отырмыз, бұл – біздің 71-інші бейбіт көктеміміз. Біз осындай мамыражай күнге сіздердің көзсіз ерліктеріңіздің арқасында, шексіз шыдамдылық пен қайтпас қайсарлықтарыңыздың нәтижесінде қол жеткіздік. Құрметті ардагерлер, қазіргі таңда сіздердің жастарыңыз келсе де, «Қартайдық» демей, қатарда жүрсіздер, өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді араласып, әлі күнге дейін өздеріңіздің ғибратты істеріңізбен кейінгілерге үлгі көрсетіп келесіздер. Сол үшін сіздерге мың алғыс! Қан майданда да, бейбіт өмірде де алдыңғы шепте болып, адалдық пен адамдықтың үлгісін көрсетіп жүрген барлық ардагерлерге басымды иіп, сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! — деді әкім өз сөзінде.

Бұдан соң өңір басшысы қазақтың қара домбырасын қолына алып, ардагерлерге белгілі күйші- сазгер Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін тартып берді. Ұлы Отан соғысының ардагері, үй иесі Мұхтар Әжіғұлов жас әкімнің өздеріне көрсеткен құрметіне әбден риза болып, ардагерлер атынан алғыс айтты.

— Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық сақталып отыр. Елбасымыз, Бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев отандастарымыздың ынтымағы мен достығын нығайтуға жұмсауда. Бұған біз, соғыс ардагерлері, өте ризамыз. Біздің ендігі тілегіміз – осы тыныштық, бейбіт күн мәңгі болсын дейміз. Ұрпағымыз біз көрген қанқұйлы соғысты көрмесін, бүгінгідей бақытты өмірдің шырқы бұзылмасын! — деген Мұхтар Әжіғұловты дастарқанға жиналған қариялар да қолдады.

*       *       *

Жеңіс күніне арналған шаралар бұдан әрі қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасты. Қалыптасқан үрдіс бойынша Ұлы Отан соғысы, тыл және еңбек ардагерлері биыл да «Жауынгер ботқасына» шақырылды.

Таңмен «Мәңгілік алау» алаңында болып, майдан даласында қалған сарбаздарды еске алған ардагерлер саябақта өздеріне арнайы жайылған дастарқан басына жайғасты. Шара барысында әскери үлгідегі киім киген бойжеткендер ардагерлерге далалық асханада арнайы дайындалған қарақұмық ботқасы мен қалбырдағы бұқтырылған етті сары май қосып ұсынды. Бұл кезде қалалық үрмелі оркестр мүшелері Жеңіс тақырыбына арналған әуендерді бірінен соң бірін әуелетіп тұрды.

Аталмыш шараға арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов ардагерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, оларға ақ тілегін арнады.

— Қадірменді ардагерлер, құрметті қала қонақтары! Бүгін бізге бейбіт өмір сыйлаған, тәуелсіздікті тарту еткен майдангерлердің мейрамы. Жаңа ғана Жеңіс алаңында болған салтанатты шараға облыс орталығынан, аудандардан мыңдаған адам келіп қатысты. Майдангерлерді құттықтау үшін Ресей Федерациясының Оралдағы бас консулы Саид Магомедұлы да келді. Бәріміз сол жерде Жеңіс сарбаздарына құрмет көрсетіп, майданнан қайтпай қалған боздақтарды еске алдық, оларға арналған ескерткіш басына гүл шоқтарын қойдық. Енді, міне, қалалық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылған «Жауынгер ботқасына» келіп тұрмыз.

Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – бұрынғы жауынгерлер, қазіргі ата-әжелеріміз өздерінің жастық шақтарын еске алсын, бір-бірімен кездесіп, сырлассын деген ой. Көріп отырмын, мұнда да майдангерлер, тыл және еңбек ардагерлері туған-туысқандарымен көп жиналыпты. Барлығыңызды бүгінгі Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, баршаңызға бақыт, береке тілеймін!

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл мереке – біздің бірлігіміздің нышаны, татулығымыздың белгісі. Мемлекет басшысы айтқандай, табыс кілті – бірлікте. Көп ұлтты мемлекетімізде сан түрлі халық өкілі тату-тәтті өмір сүріп, ынтымақтаса еңбектенуінің арқасында осындай жетістіктерге қол жеткіздік. Ұлттар арасындағы татулық, бірлік, үлкенге құрмет – бұлардың барлығы бізге ата-бабамыздан ауысқан. Мұны жалғастыратын ұрпақ осында тұр. Жеңіс үшін жанын аямай майдан даласында ерлік көрсеткен сарбаздарға және сол Жеңісті жақындату жолында еңбек майданында тер төккен ата-әжелерімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, ардагерлерге басымды иемін! — деді Алтай Сейдірұлы өзінің құттықтау сөзінде.

Бұдан соң өңір басшысы тап осы күні еңбек ардагері, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың 89 жасқа толып отырғанын айтып, ақсақалды туған күнімен құттықтады.

Құттықтау сөзінен кейін әкім ардагерлердің ортасына барып, дастарқаннан дәм ауыз тиді.

Шара барысында Жеңіс тақырыбына арналған әндер шырқалып, билер биленді. Ардагерлер Нәзира Хибашева мен Римма Нұрсұлтанованың орындауындағы «Кестелі орамал», Рүстем Кереевтің орындауындағы «Три танкиста» әндерін толқи тыңдады. Сондай-ақ Давина Скэйдің «Катюшасы» мен Өміржан Молдабековтің «Қайдасыңдар, қаруластар!» және Айбар Қайырхановтың орындауындағы «Одинокая гармонь» әндері де ардагерлерді бейжай қалдырмады. Сондай-ақ «Непоседы» би студиясы бишілерінің орындауындағы «Смуглянка» биі мен «Адажио» би ансамблінің орындауындағы «Синий платочек» билерін де жиналғандар ықыласты қабылдады.

Жастық шақтарын естеріне түсірген ардагерлер әдемі әуенге елтіп, өздері де ортаға шығып биледі.  “Біздің мәңгілік жадымызда” атты концерттік бағдарлама Салауат Мұхамеджановтың орындауындағы “Жеңіс күні” әнімен аяқталды.

Жеңіс мерекесі кешке қарай Абай алаңында жалғасты. Мұнда жиналған жұртшылық облыстық қазақ драма театрының әртістері даярлаған театрландырылған көріністер мен жергілікті өнерпаздардың орындауындағы әсем әуендерді тамашалады. Концерттік бағдарлама соңы отшашуға ұласты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Есімізде қанды майдан жорықтар…»

Күні: , 203 рет оқылды

Жеңіс тарихы (2)


Жеңіс күні қарсаңында Н. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында екі жаңа деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Оны ұсынған облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы. «Аман жетсек Жеңіске» және «Бар екен әзірге бар олар, «рақмет» дейтін адамдар» атты киноленталар «Жеңіс тарихы» тележобасының жалғасы. Көрсетілімге соғыс және еңбек ардагерлері шақырылды. Аталған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Жалпы, М. Жәкібаевтың продюсерлік орталығы 16 деректі фильм түсіріп, көрермен назарына ұсынған екен. Осы жолы продюсердің жаңа туындыларымен қатар «Жәнібек. Соғыс жарасы» фильмі қайталап көрсетілді. Жаңа кинолентаға келсек, оның алғашқысында жерлестеріміз, соғыс ардагерлері Ибат Абдолов, Иван Баталов сынды майдангерлер қанды майдан жорықтар жөнінде, екіншісінде Меңжан Әбдірахманов, Иван Слинько сықылды майдангерлер соғыстың соңғы сәті мен Жеңістің алғашқы күндері туралы баяндап берді. Бір өкініштісі, осыфильмге түскендердің кейбіреуі қазір арамызда жоқ. Көрермендер аталмыш тарихи шежірені жылы ықыласпен қабылдап, әлсін-әлі қол шапалақтап отырды. Әрбір деректі туынды көрсетілімі аяқталған соң, соғыс ардагерлері Хамза Сафин мен Мұхтар Әжіғұлов, ой-піікірлерімен бөлісіп, М. Жәкібаев пен оның шығармашылық тобына алғыс айтты.

М. Жәкібаев көрсетілім барысында осы шығармашылық іске қалай келгенін және фильмді түсірудегі жетістігі мен қиындығына тоқталды. Аға ұрпаққа өшпес ерлігі үшін алғыс айтып, фильмді түсіру тобымен таныстырды.

— Тарихы жоқ ел – осал. Ұлы Жеңістің тарихи орны ерекше. Біз майдангерлер алдында қашанда бас иеміз. Олардың қатары сиресе де, әлі арамызда жүргендерге қажыр-қайрат тілейміз. Өзімнің атам да майдангер. Бүгінгі қаһарман ағаларды көргенде, атам еріксіз есіме түседі. Бізге осындай бейбіт және жарқын өмір сыйлағаны үшін оларға мәңгілікке қарыздармыз, — деді өз сөзінде өңір басшысы Алтай Сейдірұлы. Сонан соң, облыс әкімі М. Жәкібаевтың шығармашылық құлшынысына алғыс айтып, тың табыстар тіледі.

Өз тілшіміз


Шежіреден сыр шертер жәдігерлер

Күні: , 213 рет оқылды

IMG_8255


Өткен аптада  «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында облыс аумағындағы XVIII-ХХ ғасыр аралығындағы араб әліпбиімен жазылған құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесіне арналған жиын өтті. Басқосуда өткен жылы БҚО әкімінің жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысының қаулысына сәйкес аудан әкімдіктеріне жүктелген жұмыстардың орындалу барысы талқыланды.


Жиынға облыстың барлық ауданынан келген жұмыс топтарының өкілдері, тарихшылар мен зерттеушілер қатысты. Айта кетейік, өткен жылдың ақпан айынан бастау алған бұл игі шара көптің қолдауына ие болды. Алғашқы өткен басқосуларда «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы мен  «Мирас» қоғамдық кеңесінің, облыстық мәдениет басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС және «DANA kaz» тарихи танымдық журналы өңіріміздегі XVIII-ХХ ғасыр аралығындағы араб әліпбиімен жазылған құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып, меморандумға қол қойған болатын.

Өңір аудандарында көне қорымдар мен құлпытастарды зерттеу бойынша құрылған жұмыс топтарының көмегімен жыл ішінде бірқатар шаруа атқарылған. Әр аудандағы осы тақырыпқа ден қойып, зерттеп жүргендер жыл бойына атқарған істерін тізбектеп өтті. Сонымен қатар құлпытастарды зерттеу барысында кездескен деректерімен бөлісіп, ой-пікірлерін ортаға салды.

— Батыс Қазақстан облысында құлпытастар арқылы тариxты толықтыру бүгінде дұрыс жолға қойылып, бір жүйеге түсіп келеді. Облыс аумағындағы араб жазулы құлпытастардың саны мен сапасын түгел анықтап, қаттап, мәтінін аударып, ғылыми айналымға енгізу, жинақтарға және ғаламторға жариялау мақсатында атқарылған жұмыс аз емес. Әсіресе, Жаңақала, Қаратөбе, Зеленов аудандарында құлпытас зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын бүгінгі жиыннан байқап отырмыз. Басқа аудандарда осы жұмысты барынша ширату керек. Өткен жыл соңында облыс әкімдігі жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі кеңесі отырысында аудан әкімдіктеріне берілген нұсқаулыққа сәйкес жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Әрбір жергілікті әкімдік осы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне мүдделі болуы керек. Жаз шығып, күн жылынып келеді. Осы жылы да қолға алған игі бастаманы әрі қарай жалғап, күз айларында өтеді деп жоспарланған басқосуда аудандардағы әріптестеріміз мол деректер жинағымен келеді деген ойдамыз, — деді жиынды жүргізген «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин.

Құлпытастарды зерттеудің мән-маңызы жөнінде Қазбек Қабжанов пен Жәнібек Есмырзин өз ой-пікірлерін ортаға салса, қаратөбелік Нұрлан Меңешев пен жаңақалалық Мұратбек Жахатов осы бағыттағы нақты іс-тәжірибелерін тілге тиек етті.

Айта кетейік, ата-бабаның түпнұсқа төлқұжаты іспеттес құлпытастарды жазба дерек ретінде зерттеуде Жаңақала ауданында 700-дей, Қаратөбеде 362, тіпті құлпытас аз орналасқан деп есептелінген Зеленов ауданының өзінен алпыстан астам құлпытас табылған. Басқа аудандарда да бұл жұмыстар ширатылуда. Бұл көне құлпытастарды оқу арқылы арxив құжаттарына қосымша мол мәлімет қосылуда. Шығыстану институтымен бірлесіп экспедициялар ұйымдастырылып, жинақтар шығарылуда.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Қос сенаторға сұрақ қарша жауды

Күні: , 212 рет оқылды

DMS_5919


Облысымызға келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Рашит Ахметов пен Ерболат Мұқаев «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында журналистермен жүздесті.


Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында қабылдаған «Мәңгілік ел» актісін,  «100 нақты қадам» «Ұлт  жоспары» мен  еліміздің бірқатар заңдарындағы өзгерістерді түсіндіруге және жер мәселесі жөнінде халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға келген  қос сенатор өткен аптада журналистермен кездесіп, сауалда-рына жауап берді.

– Соңғы  апталарда Жер кодексіне қатысты пікірлер қызу талқыға түсуде. Елбасы халық арасында қызу пікір тудырған жер дауына байланысты 2017  жылдың бірінші қаңтарына дейін мораторий жариялады.  Парламент депутаттары халықтың пікірімен санасуға әр кез пейілді, – деген Рашит Сайранұлы облыс бойынша атқарылып жатқан істерге де тоқталып өтті. – Биыл облыстағы жол жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен 16 млрд. 984 млн. теңге бөлінсе, оның 5 млрд. 600 млн. теңгесіне республикалық маңызы бар Орал – Тасқала бағытындағы жолдар жөнделмек. Сондай-ақ бұдан бұрын басталған Чапаев – Жалпақтал, Қазталов – Жәнібек   күрежолындағы жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Жол мәселесіне қатысты барлық бағыттағы жұмыстар іске асырылады, — деді депутат.

Ал Ерболат Рахметұлы бес институционалдық реформаның бағыттарына тоқталып, қазақ елін «Мәңгілік елге» айналдыру жолында көптеген игі істің  жүзеге асып жатқандығын айта келіп, облысымыздағы тұрғындарды газбен қамту Атырау, Маңғыстау облыстарынан кейінгі орынға тұрақтап, 93 пайызды құрап, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша бірнеше аудандар таза сумен қам-тылғандығын айтып өтті. Бұдан кейін ол жер мәселесі туралы өзінің депутаттық мәлімдемесін жасады.

– Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы бағытында пайдалануға берілген 100 млн. гектар жер болса, оның 99 млн. гектары  өз еліміздің азаматтарына пайдалануға беріліп отыр. Тек 1,3 млн. гектары жеке қолда. Қауіпсіздік қорғанысын, орман қорларын қоспағанда әлі де 100 млн. гектар жер пайдаланусыз жатыр. Жаңа саясат бойынша осы бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануға беру туралы ұсыныстарды заңға енгізген  болатын. Алайда бұл өзгерістер халық арасындағы пікір қайшылығын тудырды. Аудандардағы кездесу барысында тұрғындар тарапынан бос жатқан жерлерді экономикалық мақсатта пайдалану үшін түрлі орынды ұсыныстарын жеткізді, – деген Ерболат Мұқаев мораторий мерзімі біткенше осы мәселелер оң шешімін табатындығына сендірді.

Басқосуда «Жайық Пресс» қызметкерлері де кездесуге  келген депутаттарға халықтың көкейінде жүрген бірнеше  ұсынысты  жеткізді.

Алдымен «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, ақын  Ғайсағали Сейтақ Жер кодексіндегі кейбір заң баптары әлі де шикі, күмән туғызатын тұстары  көп екендігіне  тоқталды.

– Айталық, кодекстегі 23-баптың 1-тармағында «… жер учаскелері азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке берілуі мүмкін» деп айтылған. Бұл сөйлемде Қазақстан азаматтары деп анық көрсетілмеген. Сонымен қоса осы баптың 4-тармағында «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге және орман өсіруге арналған жерді қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелері шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды (мемлекеттік емес) тұлғалардың жеке меншігінде болуы мүмкін» делінген. Ол қандай көлемдегі жерлер болуы мүмкін және олар заңда көрсетілгендей, жер иесі жердің қандай күйде екендігіне қарамастан, жерді қайта сатып кете алады.

Сонда пайдаланылған жерлер Қазақстанға қандай күйде қайтарылады, заңның осындай тұстарын реттеу керек,  – деген нақты ұсынысқа  депутат  Ришат Ахметов заңдардың орыс тілінде жазылып, кейін мемлекеттік тілге аударылғанда, мағынасын жоғалтып алатын  жағдайлардың  орын алатындығын, сол үшін де Елбасы жариялаған мораторийдің уақыты аяқталғанша  заң жобасы  әбден тексеріліп, ұсыныс-пікірлердің  толық ескерілетіндігін  жеткізді.

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин үш тілде білім беру мәселесіне әлі де байыппен қарап, ел-жұрттың пікірін елеп-екшеу керектігін ескеруді ұсынып, асығыстыққа ұрынбау қажеттілігін алға тартты. Ал «Жайық Пресс» ЖШС-ның қызметкері Бағдат Ізмағамбетов шетелдік инвестор компаниялардың  басшы-қосшыларының отандық мамандардан бірнеше есе жоғары  жалақы алатындарын тілге тиек етіп, бұл да көптің көкейінде  көптен келе жатқан қыжыл екендігін қос сенатордың қаперіне салды.

«Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова газетжурналға кезекті жазылу науқанының басталғандығын, ал  «Қазпошта» АҚ-ның газетке жазылу бағасын тағы да қымбаттатып отырғандығын ашық айтып, осы мәселені шешу үшін Парламент депутаттарына үкіметке депутаттық сауал  жолдауды  ұсынды.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Жол жөндеу жалғаса бермек

Күні: , 218 рет оқылды

IMG_9945


Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында «Орал қаласы мен облыстағы жол құрылысы және жөндеу жұмыстарының барысы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.


Шараға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев қатысып, аталмыш тақырып аясында әңгіме қозғады.

2016 жылы облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 6 083,89 млн. теңге қарастырылған. Соның ішінде Чапаев – Жаңақала – Сайқын автожолын күрделі жөндеуге 105,966 млн. теңге, Орал – Кирсанов автожолын орташа жөндеуге 1000 млн. теңге, Жымпиты – Қаратөбе автожолын орташа жөндеуге 1 650,915 млн. теңге, Ақсай – Шыңғырлау автожолын орташа жөндеуге 1 004,5 млн. теңге, Аңқаты ауылына кірме жол мен Аңқаты – Сарыөмір  автожолын орташа жөндеуге 552,77 млн. теңге, Чапаев – Жаңақала – Сайқын автожолын күрделі жөндеуге 1206,579 млн. теңге, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстауға 400 млн. теңге бөлінген. Бұлдырты ауылына кірме жолды орташа жөндеуге 163,143 млн. теңге қарастырылған. Жалпы айтқанда,  бұл бағытта ағымдағы жылдың соңына дейін 119 шақырымнан астам автожол жөндеу жұмысы  жоспарланып  отыр.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің мәлімдеуінше, шаһарымыздағы барлық жолдың ұзындығы – 580,9 км. Мұның 287 шақырымы – асфальтбетонды жабын. Асфальтбетонды жолдың 130,3 шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде. Соңғы үш жылда қаламызда 10, 735 млрд. теңгеге 84,3 шақырым жол жөнделген. Биыл қаламыздағы 14 көшеде жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның ішіндегі тоғыз көше «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен жөнделмек.

Үстіміздегі жылы жалпы  құны 444 328,83 мың теңгеге қалалық және облыстық бюджет есебінен 2014-2015 жылдары құрылысы басталған нысандарды аяқтау жоспарланған. 511 384,81 мың теңгеге 2015 жылы құрылысы басталған жолдардың жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Бұл жұмыстарға «АзияТехСтрой» ЖШС мердігер ретінде бекітілген. Мұның сыртында қаламыз бойынша 665 945 мың теңгеге жаңадан жол жөндеу жұмыстары басталмақ.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Сахнада – «Майдан әндері»

Күні: , 198 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (65)


Мамырдың 8-і күні облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Роллан Сейсенбаевтың «Майдан әндері» атты моноспектаклі Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өңірдегі соғыс және тыл ардагерлерінің назарына ұсынылды. Қазақстанның  халық әртісі, актер Тілектес Мейрамов кейіпкерлерді бастан-аяқ бір өзі сомдап шығатын бұл қойылымды қалың көрерменмен бірге облыс әкімі Алтай Көлгінов тамашалады.


Қан майданнан аман келген Садыр Байбарысов бір мекемеде отыз жылдай ревизор болып еңбек етеді. Қашан да ән айтып жүретін ол ішіп алса, майдан даласында салған әндерін әуелетеді. Түсінде де сұрапыл соғысты, қандыкөйлек досы Григорий Авиловтың оққа ұшқанын, Днепрде өткен соңғы түндерін, жаралы орыс қызын бір түн арқалағанын көреді. Осылайша актер Т. Мейрамов бір өзі ауыр тағдыр иесінің образына кіріп, көрерменін біресе күлдіріп, біресе жылатты. Өткен жылы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай тұсауы кесілген бұл қойылымды Ақ Жайық өңірінің өнерсүйер қауымы жылы қабылдады.

Моноспектакльден кейін сахнаға көтерілген облыс басшысы Алтай Көлгінов Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында шақыртуды қабыл алып, қойылымды оралдықтардың назарына ұсынғаны үшін Тілектес Уахитұлына рақмет айтып, алғысхат табыс етті.

– Соғыс туралы көп айтылды,  көп көрсетілді. Бірақ майдангерлер соғыстан кейін қандай күй кешті, бейбітшілік өмірде олардың орны қандай болды, қоғам қалай бағалады, не сезінді, соның көрінісін көрдік. Бірақ қоғам біледі, соғыстың аты – соғыс. Сол батырлар бізге бейбіт өмір сыйлады. Ардагерлер арамызда отыр. Оларға басымызды иеміз, — деген Алтай Сейдірұлы жиналған қауымды Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.

«Менің әкем соғысқа қатысқан, сұм  соғыстың зардабынан 63 жасында қайтыс болды. Әкем менің өнерімді көре алмады. Сіздерді, соғыс ардагерлерін көргеніме бақыттымын. Мереке құтты болсын!»  — деген халық әртісі Тілектес Мейрамов Ұлы Жеңіс күні қарсаңында соғыс және тыл ардагерлеріне, жастарға қойылымды көрсетуге шақырту жасап, жағдай туғызған өңір басшысы Алтай Көлгіновке, мәдениет саласының басшыларына алғысын білдірді.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Нұрлан СӘДІР,

облыстық  қазақ  драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

«Майдан  әндері  жаппай  психотерапиялық  сеанстар  еді…»

Жеңіс күнінің қарсаңында  облыстық қазақ драма театры Роллан Сейсенбаевтың пьесасы негіз болған «Майдан әндері» атты моноспектакльді ұсынды.

Бұл қойылымның бір ерекшелігі — оның моноспектакль екендігі, басқаша айтқанда, сахнада бастан-аяқ  жалғыз-ақ  кейіпкер ойнап шығатыны. Шығарманың авторы Роллан Сейсенбаев – «майдангер» десе, көз алдымызға ақсақал қария келетін кейінгі толқын біздердей емес, соғыстың өзін болмаса да, көзін көргендерді жап-жас қалпында көрген, сондықтан да олардың тұрмыс-тіршілігімен етене таныс жазушы. Спектакль басталмастан бұрын және оның орта шеніне дейін «Қойылымның бас кейіпкері неге майдан әндерін ғана шырқайды?», «Неге тек қана ішкен кезінде айтады?» деген сұраққа жауап іздедім. Спектакль аяқталған кезде ғана бұл сұрақтарға әл-қадерімше жауап тапқандай болдым. Менің  пайымдауларымның ақиқат және көпшілікпен бірдей екеніне көзім анық жетпесе,  өз ойларыммен бөлісе кетейін.

Кез келген соғыс, соның ішінде, әсіресе,  Екінші дүние жүзілік соғыс – өзінің ауқымы мен зардабы жағынан теңдессіз алапат қасірет.  Сондықтан оның өзі шарпыған адамдардың жаны мен тәніне салған жарасы да сұмдық ауыр. Садыр Байбарысов та бұндай жарақаттан әсте аман емес және азабына қарсы дәрі ретінде ән мен арақты пайдаланады. Алайда өз басым Садыр атамыздың тек майдан әндерінен тұратын біркелкі репертуарын да, әнге араласқан ащы суын да айыптай алмаймын. Заман сондай болды. Соғыстан оралған жеңіс сарбаздары  бастан кешкен қияметтен кейін – жастық шағын жоқ дегенде жартылай жерлегендер еді. Себебі Құдай сақтап тәні сау қалғанның өзінде,  соғыстың санаға салатын салмағы жан шыдатпас ауыр болатын көрінеді. Бұл салмақ  бір ғана Байбарысовты ғана емес, сан мыңдаған Байбарысовты дертіне дауа табуға итермеледі. Ол кезде қазіргідей қиындықты басынан кешіргендерді (реабилитациялайтын) сауықтыру орталығы, психолог-психотерапевтер атымен жоқ. «Ылғи алда жүреді» дейтін Американың өзі бұл істі «Въетнам синдромы»-нан кейін ғана қолға алды. Сондықтан майдангерлердің көбі жанына арашаны қырлы стаканның ішінен  іздеді. Іштегі дертті ащы сумен жібіткеннен кейін,  шағымдануды ар санайтын қайсар халық – майдангерлер ащы запыранды ән қылып ақтарды. Бауырынан бастап басқа ағзасын құртып жатса да, басқа амалы болмады, осылай ем қылмаса, есі ауысып кетуі әбден мүмкін еді. Иә, дауысы болсын, болмасын шын жүректен шыққан майдан әндері – айтушысы үшін де, құлақ түріп тыңдаушысы үшін де жаппай психотерапиялық сеанстар еді.  Әннің осындай миссиясы бар екен. Сол соғыстың аяқталғанына жетпіс бір жыл уақыт өтсе де, сол сұрапыл шақтың әндері кейінгі ұрпаққа әлі таныс екендігіне қарағанда, бұл әндер майдан әндері ғана емес, халық әндері дәрежесіне көтерілгендей.

Соғыстан жеңіспен оралса да, ел қатарлыдан да көш ілгері – ревизорлық лауызымда қызмет істесе де, әр сөзі мен ісінен, тіпті әнінен сұм соғыстың лебі мен зардабы сезіліп тұратын Садыр Байбарысов – трагедиялық образ. Біз Отан қорғаған ерлерімізді құрметтейміз, ардақтаймыз. Олар сүйген Отанды біз де сүйеміз, олар салған әнді біз де саламыз. Сахнада Тілектес Уахитұлы майдангер Садыр болып ән шырқаған кезде көрермен қауымның іліп алып, қосыла кетуі бұл сөзіме дәлел.

Дегенмен ең ұлық  жеңіс – соғыста жеңу емес, соғысты болдырмау. Қазіргі және алдағы заманның адамдарына майдан әндерін емес, дәстүрлі халық әндерін шырқау бұйырсын. «Майдан әндері» атты антимилитаристік сипаттағы қойылымның да айтары осы шығар деп ойлаймын.


Сумен қамту және жол жағдайымен танысты

Күні: , 213 рет оқылды

КАЗТАЛОВ РАЙОН ФОТО РАФХАТА (213)


Осы аптаның сейсенбісінде облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Рашит Ахметов Ақжайық және Қазталов аудандарына жұмыс сапарымен барды. Іссапар Ақжайық ауданындағы Киров су қоймасының жай-күйін бағамдаудан басталды.


Алғабас ауылдық округінде орналасқан су қоймасының сыйымдылығы – 63 млн. метр3, ұзындығы – 1750 метр. Су қоймасынан Киров — Шежін, Первомай, Бударин күретамыр арналарға су жіберіледі. «Қазір біздің есебіміз бойынша Жайық өзенінің ағысы секундына 900 текше метр. Киров қоймасынан секундына 80 текше метр су босатылуда. Былтыр су қоймалары 30 пайызға дейін толып еді, биыл  80 пайызға көбейді. Себебі Ақтөбе облысындағы 15 жылдан бері арнасы толмаған Елек өзенінен Жайыққа бір ай бойы су жіберілді. Жайыққа құйылатын өзендерден Сақмар енді тасып жатыр. Ресей аумағындағы сыйымдылығы 160 миллион текше метр Ириклинск су қоймасы жақында толады. Алдағы уақытта арнайы комиссия құрып, ресейлік тараппен Орынбор қаласында келісім жүргізіледі. Әзірше бұл су қоймасынан секундына 90 текше метр су босатуды сұрап отырмыз. Жайық суының деңгейі былтыр 3 метр 69 см болса, биыл 5 метр 13 см», – деді «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев.

Директордың айтуынша, Ресейден келетін судың құны жыл сайын 12-16 пайызға қымбаттауда. Қазіргі кезде бір текше метрі 16 теңгеге бағаланып отыр. Саратов облысындағы Қараөзен және Сарыөзен бойына су қоймалары салынуына байланысты Еділден келетін су деңгейі азайған. Егер бұл бағытқа 30 миллион текше метр су жіберілмесе, екі өзеннің бойындағы 17 елді мекен, яғни 18 мың тұрғын ауыз сусыз қалады. Жәнібек — Бөкей ордасы суландыру жүйесіне 11 миллион текше метр су керек. Республикалық бюджеттен биыл 1 млрд. 1 млн. теңге бөлінді. Қосымша 620 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылуы қажет. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев бұл мәселе күзде шешілетінін айтқан. Бірақ бұл уақыт өте кеш болады дейді мамандар.

Елдің бюджетіне шығын әкелетін бұл ауыртпалықты жеңілдету мақсатында 2010 жылы Киров су қоймасынан шығып, батыс жақты бүйірлей оңтүстік бағытқа ағатын Киров — Шежін магистралін қалпына келтіру, 180 шақырымға созылатын арнаны Қазталов ауданындағы Ақпәтер ауылдық округіне дейін апарып, Қараөзенге қосу үшін арнайы жоба қолға алынды. Сонда Қараөзен суы үшін жылма-жыл Ресейге бөлінетін қа-ражаттың 50 пайызын үнемдеуге болады.

2011 жылы осы жоба аясында тендер арқылы бюджеттен бөлінген 949 млн. теңгеден астам қаражатты иеленген Өскемен қаласындағы «Подводстрой» ЖШС-ның кейін су арнасы құрылысын жүргізу үшін қосымша 423 миллион теңгеге жалған есеп жасағаны анықталды. Тасқала ауданы сотының үкімімен серіктестік директоры Д. Якунин сотталды. 2012 жылы 172 млн. 53 мың теңгеге «Қазсушар» РМК БҚО филиалы мен «Оралводстрой» АҚ жөндеу жүргізді. Былтырдан бастап бұл іске «АзияТехСтрой» құрылыс компаниясы тартылған. Бүгінге дейін Киров-Шежін су арнасының 46 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетілді. Биыл «Қазсушар» РМК БҚО филиалы осы жобаның 1-кезеңін толық аяқтауға, яғни 55-шақырымға дейін жөндеуге 93 млн. теңге қаражат бөледі.

Киров – Шежін су арнасын тазарту жұмысының екінші кезеңін жүргізуге 854 миллион теңгеден астам қаражат керек. Нұрболат Жұмағалиев егер бұл қаржы биыл бөлінбесе, су арнасы құрылысының жобалық-сметалық құжатын қайта жасақтау үшін қосымша шығындануға тура келетінін айтты. Екінші кезеңдегі жұмыс магистральдың 74 шақырымын қамтиды. Яғни Қазталов ауданының Талдықұдық ауылындағы су қоймасына дейінгі арна аршылады. Жұмыс сапарымен осы ауылға келген облыс әкіміне Ермек Аманғалиев тұрғындардың мұң-мұқтажын жеткізді. «Талдықұдық аудан орталығынан 127 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округ орталығынан 60 шақырым жерде Қайрош елді мекені бар. Ұялы байланыс, ғаламтор әлі күнге орнатылған жоқ. Кейде науқастанып қалғанда жедел хабарласудың өзі мұң. Зейнетақының уақтылы келмей қалатын кезі де болады. Ауыл орналасқан жер сортаң. Мамандар зерттеу жүргізгенімен, жер астынан тұщы су қорын таба алмады. Мына тоғанның қазылғанына 49 жыл болды. Түбі тайыз. Бір-ақ метр. Көктемде және күзде толтырып аламыз. Су сорғысымен ауылдағы су мұнарасына жіберіледі. Кейде қыста қатып қалады. Ауылға бұрын жер астынан ауыз суға жіберілген пластикалық құбырлар әлі де жатыр. Мүмкін болашақта кәдеге асар. Ауылдағы 800-ден астам тұрғын осы мәселелердің шешімін табуды асыға күтеді», – деді зейнеткер.

– Облыста суармалы-суландыру жүйесін жетілдіруді қолға алсақ, тұрғындар үшін ауыз су мәселесі шешімін табар еді. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туады. Киров — Шежін су арнасын қалпына келтірудің екінші кезеңіне қаражат қарастырамыз. Егер қаржы табылса, Ақжайық, Тасқала, Қазталов аудандарында 40 мың гектардан суармалы жер жанданады, – деді облыс басшысы.

Талдықұдық су қоймасына қазір секундына 2 текше метрден су жіберіледі. Егер Киров — Шежін су арнасы толық тазартылса, су қоймасына секундына 8 текше метр су жіберуге болады. Талдықұдықтан әрі қарай жобаның үшінші кезеңі іске аспақ. Онда Киров — Шежін магистралінің 30,6 шақырымы тазартылса, Қараөзенге қосу үшін 18,8 шақырым жаңа  арна қазылады. Бұл үшін қыруар қаражат керек екені түсінікті.

Облыс басшысы Алтай Көлгінов сапар барысында Қазталов ауданындағы Жалпақтал ауылының қасындағы «Автобаза» бөгетіне барды. Қараөзен суы тасығанда осы бөгетті жыруға тура келеді. Малын жайылымға айдайтын тұрғындар бұған жиі наразылық танытады. Сондай-ақ сол тұста автокөлік қатынасы да кедергі болады. Осы «Автобаза» бөгетіне су жіберетін құбыр орнату керек. Сонда су сәл еңісте орналасқан «Гүрілдек» бөгетіне ағады. Ал сыйымдылығы 115 миллион текше метр «Гүрілдек» бөгетіне екі қақпа орнатылса, өзен суын табиғи шабындықты суландыру үшін тиімді пайдалануға болады.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов осы сапары барысында Ақжайық ауданындағы «БатысМарқаЛамба» ЖШС-да болды. Серіктестік жұмысын 2015 жылы наурызда бастаған. Жоба құны – 2,8 млрд. теңге. Кәсіпорын 1400 бас қозы етін өңдеуге қабілетті. Тоңазытылған етті газдалған және вакуумды қаптамада шығаратын кешенде қазір 60 адам еңбек етеді. Италияндық «Rovаni» компаниясының жабдықтарын «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның демеуімен сатып алған серіктестік қалдықсыз технологиялық өнімдер шығарады. Өнім сапасына 40 тәулікке дейін кепілдік беріледі. «Наурыздан бері 2745 тонна қозы етін өңдедік. 40 тоннасын Ресейге экспорттадық. Қазір бір ауысымда 600-700 бас қозы соя аламыз. Шілде айында кәсіпорын толық қуатында жұмыс жасайды деп жоспарлануда. Қасапшыларымызды шетел мамандары жаңа технологияның қыр-сырын үйретті», – деді “БатысМарқаЛамба” ЖШС директорының көмекшісі Руслан Темірболат.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов сонымен қатар «Батыс Нық» ЖШС-ның ірі қара мал етін өңдеу кешені құрылысымен танысты. Кешен құрылысы 2014 жылы басталған. Мердігер – «Westkaros» ЖШС. Жобаға 425 млн. теңге несие қаражаты бөлінген. Кәсіпорын маусымда іске қосылады. Осында ашылатын жұмыс орындарына 20-дан астам адам тарту жоспарлануда.

Екі кешенді аралаған облыс әкімі Алтай Көлгінов кәсіпорын жетекшілеріне шаруа қожалықтарынан қабылдаған малдың құнын уақтылы төлеуді, санитарлық-ветеринарлық нормаларды сақтауды тапсырды. Бұл жобалар мемлекетке пайда әкелу қажеттігін айтты.

Екі жыл бұрын Чапаев – Жалпақтал – Қазталов — РФ шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар күрежолға күрделі жөндеу басталғаны белгілі. Кезең-кезеңмен жүзеге асып жатқан жөндеу жұмысына республикалық бюджеттен 9 млрд. 457 млн. теңге жұмсау жоспарланған. 2014-2015 жылдары 30 шақырым жөнделсе, биыл қатқыл табанды жол беті 18 шақырымға жаңармақ. Яғни автомобиль жолының 127-ші және 145-ші шақырым аралығындағы бөлігі қамтылады. Бұл тұста Қазталов ауданының Қараөзен және Жалпақтал ауылдық округтері орналасқан.

Жол бойында жұмысшылармен жүздескен сенаторлар мен облыс басшысына “Uniserf” ЖШС-ның ӨТБ басшысы Александр Карнеев техникалық картамен жол құрылысын түсіндірді. Қазір жол құрылысына 43 техника тартылса, 147 адам жұмыспен қамтылған. «Бұл автожолды жөндеу 2011 жылы басталды. Жылына 4 шақырымнан ғана жүргізілді. Кейін Парламент қабырғасында жол мәселесін көтердік. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жол құрылысы нәтижелі жүріп жатыр. Биылғы күрделі жөндеуге 2,2 млрд. теңге бөлінді», – деді Сенат депутаты Ерболат Мұқаев.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов биыл 110 шақырым республикалық, 120 шақырым жергілікті маңызы бар жол жөнделетінін айтты.

Кейін мәртебелі меймандар Қазталов ауданындағы Ақпәтер ауылының тарихи-өлкетану музейінде болды. Музей меңгерушісі Кәрім Өтеғұлов музейдің жәдігерлерінің тарихы туралы әңгімеледі. Ауылда музей ресми түрде 2014 жылдан бастап істей бастады. Қорда 3 мыңдай экспонат бар. Қазір 8 қызметкер жұмыс жасайды. Музей басшысы мекеме жанында тұрғызылған «Ана мен бала» монументін көрсетіп, ескерткіштің тәрбиелік мәні зор екенін айтты.

Кейін Жалпақтал ауылы әкімдігінде облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев, Рашит Ахметов еңбек және тыл ардагерлерімен кездесті. Қазталов аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуановтың айтуынша, аудандағы 28 елді мекенге газ тарту мәселесі кенже қалып тұр. Жұлдыз ауылында жаңадан мектеп салу қажет болса, аудан орталығынан 110 орындық балаларға арналған мектеп-интернатының құрылысын қолға алу керек. Сегіз ауылдық округке «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су тарту да өзекті күйінде.

«Ақпәтер ауылдық округінде жеке шаруа қожалығым бар. Бірнеше жыл бұрын бір жігіттер келіп, жерімнен еш рұқсатсыз 3 метрлік құбыр қазып алып кетті. Оны аудан әкімі Нұрлан Бекқайырға айтып едім, ол бұл іске араласпауымды айтты. Биыл да аудан басшысына жолықтым. Ол арнайы комиссия жіберді. Хаттама толтырылып, түсініктеме алынды. Бірақ кейін тиісті шара алынған жоқ. Он үш шақырымға дейін қазылған жердің тереңдігі — 2 метр, ені — 2,5 метр. Оның үш шақырымы ғана көмілді. Жазда жайылымда өрт шыққанда айтарлықтай кедергі келтіреді. Ең болмаса, құбыр орнындағы шұңқырды көміп берсе», — деді осы басқосуда жеке кәсіпкер Ахметқали Қарағойшин. Облыс әкімі Алтай Көлгінов тиісті шара қабылдамаған аудан әкімдігімен жұмыстанатынын айтты. Ал ақсақалдарға аудан дамуына қатысты басым бағыттар айқындалып, көкейкесті мәселелер қаржылық мүмкіндікке қарай шешілетіндігін түсіндіріп, аудан басшысына кейбір мәселелерді ауданның даму жоспарына енгізуді тапсырды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Қособадағы қақпалар жөнделсе, мал азыққа қарық болмақ

Күні: , 282 рет оқылды

DSC_0034


«Қособа ауылдық округі аумағының шөбі шүйгін. Жылма-жыл 10 мың гектар жерден шабылған шөп Жымпиты, Бұлан, Қособа ауылдық округтері тұрғындарын мал азығымен толық қамтуға жетіп жүр. Өлеңті көлдетіп суару жүйесін қайта қалпына келтірсек, мал азығынан тіптен қысылмауға болады».


Кезекті іссапармен Сырым елінде болғанымызда, аудан басшысы Абат Шыныбеков осылай деген болатын. Әкімнің сөзі түрткі болғандай, Қособаға бет алдық. Жауыннан кейінгі жолдың лайсаңдығынан көлігіміздің жүрісі өнер емес.

26 шақырымдық қашықтықтағы ауылға әупірімдеп жеткен соң, кеңсе ішіндегі мәжіліс бөлмесінде оқырмандармен кездестік. Қарапайым тұрғындармен әңгіме емен-жарқын өрбігендей. 1961 жылы кеңшар болып құрылған бүгінгі ауылда көгілдір отын мен ауыз су мәселесі толық шешілген. Өткен жылдың соңында «Бисен» шаруа қожалығының жетекшісі Наурызғали Бисенов мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде тұрмыстық қызмет көрсету орталығын ашуға атсалысқан. Бүгінде бұл орталықта автокөлік жөндеу, аяқ киім жөндеу, тігін цехтары және шаштараз жұмыс істейді. Интернет-клуб ашуды да жоспарлап қойыпты. Осы орталықтан әзірге жеті адам нәпақасын тауып жүр. Ал жеке кәсіпкер Ертіс Ихсановтың ауыл ажарын ашып тұрған 150 орындық «Тұмар» тойханасы екі  жылдан бері жұмыс істейді екен.

Қособалықтар осы ауылды ұзақ жыл басқарған Нөкен Молдашевтың есімін ерекше құрмет тұтады. Марқұмның туғанына 85 жыл толуына орай биыл біраз іс-шаралар өткізуді жоспарлап қойыпты. Еліне еңбегі сіңген азаматтың мүсінін орнатып, көшеге есімін бермек.

— Аудан орталығымен аралықтағы жолға асфальт салып берсін деп талап етпейміз, ең болмаса ауа райының қолайсыз кезеңдерінде жолды тазалап тұрса деген тілек бар. Тиісті сала басшылары бұл тілегімізге құлақ асса, — дейді зейнеткер Ерген Тойғожиев.

Басқосуда ардагер-ұстаз Юнус Райымов, ауыл тұрғыны Сағынбай Бөпениязов, ауылдық округтің әкімі Жұмабай Сатаев және тағы басқалары Қособаның кешегісі мен бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгімелей келіп, қуаныштарымен де бөлісті.

Ауылдық мәдениет үйінің құрылысы 2016-2018 жылдардың жоспарына енсе,  орта мектеп ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткізілмек. Бұйыртса, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарға да жұмыс табылары кәміл. Қособалықтардың басты қуанышы да осы.

— Біздің мектепке күрделі жөндеудің қажеттілігі жайында осыдан екі жыл бұрын «Орал өңірі» газеті мәселе көтеріп, мақала жариялаған болатын. Журналистерге де ауылдастар атынан алғысымыз шексіз. Енді ауылға ұялы байланыс қажет, — дейді ауыл мұғалімі Мұратбек Тойғожиев.

Оқырмандармен кездесуден соң ауыл ішін бір аралап шығып, аудан басшысы сөз еткен көлтабандарға жол тарттық. Ат шаптырымдай жүрген соң көзге шалынғаны – аққулары қалқып жүрген айдын. Айналып өтетін шығармыз деген ойымыз теріске шықты. Рульде отырған «Мүтір» шаруа қожалығының жетекшісі Жеңіс Шәпешов үшін суға толы көлтабандарды көлікпен кешіп өту дағдыға айналған ба дерсіз. Биыл аудандық мәслихаттың депутаты атанған шаруа адамы көп сөзге жоқ сыңайлы. Есесіне, жанымызда отырған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Өтеген Уашев кез келген сауалымызға жауап беруге әзір болып шықты.

Өлеңті өзені бастауын Жосалыдан алып, Азынабай-Тайпақ су жүйесіне құяды екен. Қособа округінің аумағындағы 10300 гектар жерде 11 көлтабан орналасыпты. Сала мамандары дәлелдеп қойғанындай, аумақтағы суармалы жүйе 1933 жылдан бастау алған. Өлеңті өзенінің суын көлтабандарға шығару үшін 1952 жылы арнайы жоба жасалып, көлдетіп суландыру жүйесі пайдаланылуға беріліпті. Уақыт өте келе бұл жүйенің тоз-тозы шыққан.

Өзен суының көлтабандарға құйылар тұсындағы үш қақпаның қазіргі мүшкіл сыйқын көрген соң, жүйенің негізгі нысанына келдік. Өлеңті өзеніне таяу орналасқан аталмыш нысандағы алты қақпа түгел істен шыққан. Соның салдарынан өзен суы жылғалармен кері айналып, өзенге қайта құйылуда.

— Негізгі үш көлтабан маңындағы қақпаларды жөндеп, тазарту жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттардың дайын тұрғанына біраз уақыт болды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 108 миллион 745 мың теңге қаражат қажет. Әрине,  мұндай қаражатты облыстық деңгейде ғана шешуге болады, — дейді сала маманы Өтеген Уашев.

Өңірдегі үш бірдей округ тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз етіп отырған шаруалар қырлықтан гектарына үш центнер өнім алып жүр. Ал  қақпалар жөнделіп, көлтабандарға су келер болса, гектарына кемі 20 центнерден мал азығын дайындауға болатындығына қособалық шаруалардың сенімдері нық.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,

Сырым ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика