Мұрағат: 07.05.2016


Жаужүрек барлаушы

Күні: , 224 рет оқылды

Серғали Срымов 1


Табандатқан төрт жылға созылып, халықты зор қасіретке ұшыратқан, Ұлы Отан соғысы Кеңес елінің жеңісімен аяқталып дүние жүзін дүр сілкіндірді. Жеңіс туын желбіретіп, фашизмнің ордасы Берлинге дейін жеткен жауынгерлердің аман қалғандары бірінен соң бірі елге оралып, отбасымен қауышып жатты. Сол кезден білетінім – олардың  біреуі де «Опырдым, жапырдым» деп мақтануға жол берген емес. Кеуделерінде жарқыраған орден-медальдары олардың ерлігін онсыз да көкке көтеріп тұрғанда, соңынан іздеп, тапқан осындай  орден-медальдары одан сайын асырып жатты.


Сондай азаматтар Сағындық Балтұрманов, Нығымет Жұмағалиев, Латй Мұқанов, Ибат Абдрахманов, Жұмаш Қазимов, Омар Ғабдуллин, Сәбит Апенов, Мұғал Жармағамбетов т.б. өздерін емес, өзгелерді айтып, ерліктерін дәріптеп отыратын. Олар, әсіресе, жауынгер барлаушы Серғали Сырымовтың ерлігін баса айтатын. Сонда ол қандай болды екен деп ойлайтынмын. Өмірге теледидардың келуімен, оны жиі қараймыз ғой, әсіресе, маған одаққа белгілі тележурналист, диктор Виктор Балашовтың жүргізген хабарлары ұнайтын. Оның көрерменді иландыра сөйлейтін әдемі де екпінді қоңыр даусы кім-кімді де елітіп әкететін.

Кейін ол құрметті еңбек демалысына шықан соң, Орталық Останкино телеарнасы ардагерлерінің төрағасы ретінде белгілі болды. Бір күні Жеңіс қарсаңында ол ардагерлер арасында сөз сөйлеп, майдандағы ерліктері жөнінде айтып жатқан-ды, «Біз жаудың терең тылына, шыңғырлаулық Сырымовтың бастауымен барып, талай құнды «тіл» әкеліп жүрдік» деп, көтере айтты. Мәссаған, Серғали ерліктерін ауыздан тастамай жүретін жерлестеріміздің естеліктерінде зор мән бар екен ғой, оның қаһармандығын олар түгілі, Мәскеу айтып жатса деп бір сілкініп алдым. Сонымен, барлаушы әрі сапер Серғали Сырымов кім болғаны?

Ол туралы 70 жылдыққа арналған «Шыңғырлаулық Жеңіс сарбаздары қаһармандығының көрінісі» деген естелік кітапшада нақты мәлімет берілген. Танысып көрейік. Серғали 1939 жылы әскерге алынып, Отан соғысының басталуынан-ақ майданға тікелей қатысып, жеңіске дейінгі жылдар бойына оттың қақ ортасында жүріп, елге аман оралған. Қатардағы еңбекке араласқан, жар сүйіп, ұрпақ тәрбиелеп өсірген. Оның фашистермен бетпе-бет шайқаста жүргендігін Бас қолбасшыдан жыл сайын бірнеше дүркін алған алғыстарының өзі-ақ айқындап тұр. Мұндай алғыстарды ол 1943 жылы екі рет, 1944 жылы алты рет, 1945 жылы төрт рет алған.

Батырдың ерлігі туралы жоғарыдағы кітапта былай делінген:

«Служил в разведывательном подразделении 113 инженерно-саперного батальона, 6 инженерно-саперной бригады. С марта 1942 года много раз водил старший сержант С. Сырымов разведчиков в глубокий тыл противника. Он лично обезвредил 320 противопехотных и 520 противотанковых мин. Вот строки из боевой характеристики на командира отделения разведки, старшего сержанта Сергали Сырымова:

«За время пребывания в разведывательном подразделении с марта 1942 года старший сержант Сырымов показал себя, как хороший организатор, отлично знающий специальное дело. Как требовательный справедливый, отзывчивый, отважный командир, он пользовался заслуженным авторитетом среди товарищей. В боях с немецко-фашистскими захватчиками показывал образец самоотверженности и отваги.»

… В мае 1944 года в городке Черткове состоялся слет саперов-разведчиков 6 бригады и саперов-истребителей танков. На слет собрались мастера этих опасных военных профессий, не раз побывавшие в тылу врага и проявившие мужество и отвагу. Среди собравшихся был и старший сержант Сергали Сырымов из 113-го батальона, совершивший 325-километровый рейс по тылам врага.

 — Некоторые говорят, что очень опасно ходить в тыл противника,-так начал свое выступление отважный разведчик Сергали Сырымов. Лицо смуглое, скуластое, говорит с заметным акцентом. На гимнастерке сверкают ордена и медали. — А я вот скажу: не так и опасно, если твердо уяснил задачу и хорошо к ней подготовился. Да еще надо, чтобы твои напарники были смелыми ребятами, не подвели. Я вот десятки раз ходил в тыл врага – и ничего. Да и люди там наши, советские, здорово нам помогают.

Вот один из эпизодов его фронтовой биографии. Сержанту С. Сырымову с 3 бойцами было дано задание выдвинуться к реке Оке в районе с. Родина впереди боевых порядков нашей пехоты и перед самым противником разведать броды, так как нашим частям и артиллерии необходимо было форсировать реку, а мосты были взорваны немцами. С. Сырымов под сильным огнем противника разведал брод и обнаружил, что брод заминирован немецкими минами ПМ-43. Горя желанием быстрее разгромить врага, Сырымов решил разминировать брод сам. Сняв 30 мин и пропустив наши части вперед, он доложил о выполнении задания.

Много раз водил Сырымов разведчиков в глубокий тыл противника, на разведку оборонительных промежуточных рубежей, всегда приносил очень ценные данные, которые помогали успешному продвижению наших войск. По его наградам можно проследить путь солдата: два ордена Красной Звезды, ордена Отечественной войны 1 и 2 степени, медали «За отвагу», «За победу над Германией», значки «Отличный сапер», «Отличный разведчик».

Иә, естен кетпес ерліктің иесі, қаһарман жауынгер Серғали Сырымовтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақтала берері сөзсіз. Бұл – тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтары мен сарбаздарының биік тұтар үлгісі.

Бақытжан САЛАХАТДИНОВ,

тыл және еңбек ардагері


Депутаттар бас қосты

Күні: , 187 рет оқылды

DMS_4971


Өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Рашит Ахметов және Ерболат Мұқаев облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесті.


Рашит Сайранұлы және Ерболат Рахметұлы кездесу барысында Парламент Сенатының жұмыс барысы жайында баяндап, мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап берді.

— 2016 жылға БҚО бойынша жол жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 16 миллиард 984 миллион теңге бөлінді. Соның ішінен 5 миллиард 600 миллион теңгесіне Орал-Тасқала бағытындағы жол жөнделуде. Чапаев-Жалпақтал, Қазталов-Жәнібек жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Орал-Атырау тас жолының орташа жөнделуіне 175 миллион теңге қаржы қарастырылды. Орал қаласының өзінде де жол жөндеу жұмыстары ауқымды түрде қолға алынды. Әуежай жұмысын жандандыру бағытындағы әрекеттері де жасалуда. Жол мәселесіне қатысты жұмыстарды одан әрі дамыта түсуге күш сала береміз, — деді Рашит Ахметов өз баяндамасында.

Ерболат Мұқаев бес институционалдық реформаның мән-маңызына тоқтала келіп, облыс бойынша қай салада да даму басым екендігін айтты. Ол сондай-ақ жер мәселесі туралы да мәлімдеме жасады.

— Бізде ауыл шаруашылығы бағытында пайдалануға арналған 100 миллион гектар жер бар. Оның 99 миллион гектары өз еліміздің азаматтарына пайдалануға беріліп отыр. Соның ішінде 1,3 миллион гектары жеке қолда, қалғаны шаруашылықтарға жалға берілген. Елді мекендерге қарасты 23 миллион гектар жеріміз бар. 23 миллион гектар жер орман қорына қарайды. 2,6 миллион гектар қауіпсіздік қорғанысына тиесілі. Осылардың сыртында қорымызда 100 миллион гектар жер бар. Реформа бойынша соның алғашқы кезеңде 1,7 миллион гектарын аукцион арқылы жеке иелікке беру туралы идея болды. Бірақ халықтың тарапынан түсініспеу-шілік орын алды. Нәтижесінде Елбасымыз мораторий жариялады. Мұндай заңды жасақтағандарды қызметінен босатты. Енді бұл бағытта халық тарапынан жасалатын ұсыныс-тілектерді ескере отырып, жаңа жылға дейін жұмыстанатын боламыз, — деді Ерболат Рахметұлы.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жеңімпаздарға сый-құрмет

Күні: , 232 рет оқылды

IMG_9850


Кеше Оралдағы Салтанат сарайында облыс әкімі Алтай Көлгінов Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін қабылдады.


Өңір басшысы Алтай Көлгінов алдымен залдағы мерекелік басқосуға жиналған ардагерлердің әрқайсысымен амандасып, қал-жағдайларын сұрап білді. Одан кейін жиынды ашып, биыл Ұлы Жеңістің 71 жылдығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін айта келе, ардагерлердің уақыт бөліп, мерекелік басқосуға шақыртуды құп алғандарына ризашылығын білдірді.

— Сонау қиын заманда жау келген кезде батылдық танытып, қан төгіп, бізге бейбіт өмір сыйладыңыздар. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашан да ардагерлерді ардақтауды ең маңызды мәселе етіп алдымызға қойып келеді. Өткен жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойладық. Жыл басынан Президентіміздің өзі әр ардагерді құттықтады. Енді биыл Жеңістің 71-жылын қарсы алудамыз. Өздеріңізді осы мерекемен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілегім келеді. Арамызда аман-есен ұзағырақ жүріңіздер. Сіздердің батырлықтарыңыз – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Кейінгі ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді. Тәуелсіз Қазақстанда ашық аспан астында, бейбітшілікте өмір сүруіміз – сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. Соғыс және тыл ардагерлерінің аянбай еңбек еткен нәтижесін көріп отырмыз. Соның арқасында еліміз даму үстінде, елдің болашағы жас ұрпақ ертеңіне сенеді, — деді Алтай Сейдірұлы. Одан әрі өңір басшысы Елбасымен қабылданған барлық мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына, соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасымен жолдардың және тұрғын үйлердің, әлеуметтік және өндірістік нысандардың жылдан-жылға көптеп салынып жатқанына тоқталды. «Елбасымызбен қабылдаған бес институционалды реформасы аясында еліміздің дамуына, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған нақты-нақты жұмыстар атқарылуда. Сол жұмыстарда өңіріміздің дамуына сіздердің қосқан үлестеріңіз мол. Сол үшін сіздерді мақтан тұтамыз. Соғыстың алғашқы жылдарында елімізге көптеген әскери зауыттар көшіп келді. Соның біреуі – Ворошилов, қазіргі «Зенит» зауыты.

Сол зауыт қару-жарақ шығарып, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі мол, соның ішінде батырлар – өздеріңізсіздер. Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Мерекемен әріптестерімнің атынан шын жүректен құттықтаймын», — деді Алтай Көлгінов.

Мерекелік жиынға келген ардагерлер атынан М. Абдрахманов, А. Митрохина, Л. Губанова сынды аға ұрпақ өкілдері Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ардагерлердің басын қосқан өңір басшылығына алғыс айтты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов ардагерлерге сыйлық қоржын табыс етті. Сонымен қатар «Uniserv» ЖШС компаниясының өкілі де өз сый-сияпаттарын ұсынды. Өңірдегі облыстық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Сәтбаев басшылық жасайтын аталмыш компания биылғы мамырдың 6-16-сы күндері аралығында «Ұлы Жеңіс үшін мың алғыс» акциясын бастады. Осы акция бойынша облысымыздағы 189 соғыс ардагерінің әрқайсысына 20 мың теңге көлемінде қаржылай сый-сияпат көрсетеді. Аудандағы майдангерлерге сыйлық көмек аудан әкімдіктері арқылы табысталмақ.

Жылышырайлы басқосуда ауылаймақтан жиналған қариялар мерекелік дастарқаннан дәм ауыз тиіп, шүйіркелесіп серпіліп қалды. Сонымен бірге Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері дайындаған бағдарламаны тамашалап, ән-күй тыңдады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Облыс көктемгі егіске дайын»

Күні: , 191 рет оқылды

DMS_5016


Жұма күні «Қазақстан – Орал» телеарнасы ғимаратында  көктемгі егіс жұмысына дайындық тақырыбына арналған баспасөз  мәслихаты өтті.


Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков қатысып, БАҚ өкілдерін егіс науқаны барысынан хабардар етті.

– Биылғы көктем жауын-шашынды болды. Сол себепті егіс науқаны жылдағыға қарағанда сәл кешігіп басталды. Көктемгі ауа райының ылғалды болуы диқандар қауымы үшін, бір жағынан, жақсы болса, екінші жағынан, қосымша жұмыстарды туындатады.

Ал енді көктемгі далалық жұмыстар жөнінде баяндар болсам, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 596,0 мың га алқапты құрайтын болады. Жалпы дәнді дақылдар егісі 320 мың га алқапта жоспарланса, оның  45,1 мың гектары өткен жылы күздік дәнді дақылдар ретінде егілді. Енді жаздық дәнді дақылдар 274,9 мың гектар алқапқа егілуі тиіс. Бұйыртса, майлы дақылдар 50 мың гектар жерге егілмек. Мал азықтық дақылдардың егісін 214 мың гектарға дейін ұлғайтып, тамшылатып суару жүйесін 350 гектар алқапқа дейін қолдану жоспарлануда. Бұл бағыттағы көрсеткіш өткен жылы 335 гектар болды. Ағымдағы жылы көктемгі далалық жұмыстарға 414 шаруашылық қатысады деп күтілуде. Облыс бойынша жаздық дәнді дақылдар тұқымына қажеттілік 23,49 мың тоннаны құраса, бүгінде соның  20,38 мың тоннасы дайындалды. Сондай-ақ майлы дақылдар тұқымынан 0,43 мың тонна тұқым қажет болса, қазір соның 0,86 мың тоннасы  дайын.  Бұдан басқа мал азықтық дақылдардың тұқымына 1,39 мың тонна қажет десек, соның әзірге 0,92 мың тоннасы бар. Және биылға қажетті 15,9 мың тонна картоп тұқымының 13,2  мың  тоннасы  дайын  тұр.

Аудандардан түскен мәлімет бойынша көктемгі далалық жұмыстарды өткізуге 4173 трактор, 4965 тұқым сепкіш, 793 топырақ қопсытқыш және 47 дана «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» және басқа да маркалы тұқым себу кешендері қатысуда. Егіс алқаптары бүгінде қажетті техникалармен толық жабдықталған. Сондай-ақ көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін 12 мың тонна дизель отыны керек болса, 5 мамырға дейінгі мәлімет бойынша облыстың 121 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері келісімшарт жасап, 1256,9 тонна дизель отынын алды. Ағымдағы жылы облыс бойынша 370,0 мың га ылғал жабу жұмыстары жоспарланып, күні бүгінге 254,8 мың га алқапта ылғал жабылды. Ал егіс алдындағы топырақ қопсыту жұмыстарын 163,3 мың га жерге жүргізу керек болса, бүгінде 30,0 мың гектар жер қопсытылды. Жалпы, егу жұмыстары басталғалы бері 11,2 мың га алқапқа жаздық дәнді дақылдар егілді. Соның 2,8 мың гектары жаздық бидай, 7,7 мың гектары арпа және 0,7 гектар алқапқа сұлы егілді. Майлы дақылдар 3,2 мың га, картоп 552 га, көкөніс дақылы 198 га және бақша дақылдары 60 гектар алқапқа отырғызылды. Соңғы жылдары мал басының күрт өсуіне қарай, мал азықтық дақылдарына  басымдық берілуде. Күні бүгінге дейін 6,4 мың гектар жерге мал азықтық дақылдары егілді, – деген Марат Кенжетайұлы биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қаражат жағынан көмектесіп отырған екі мекемеге ризашылығын білдірді. Оның бірі – «Аграрлық  несие корпорациясы» АҚ болса, екіншісі – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Марат Оңғарбековтің сөзінше, алдыңғысы егістік жұмысына 458 млн. теңге қарастырып, 15 шаруашылықты 136,2 млн. теңгеге несиелесе, соңғысы «Егінжай» бағдарламасы бойынша далалық жұмысқа 60 млн. теңге бөліп, соның 43,9 млн. теңгесін 17 шаруашылыққа несиеге берген.

Жиынды қорытындылаған Марат Оңғарбеков көктемгі далалық жұмыстарға облыстың дайын  екендігін  жеткізді.

Бұдан соң баяндамашыға журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Медет ДОСЫМОВ

Наталья  ГОРОХОВА,

«Приуралье»  газеті:

– Менің сұрағым сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты. Су жүйесіне, оның ішінде каналдарға жөндеу жұмысын жүргізу жоспарда бар ма?

Жауап:

– Су жүйесіне, оның ішінде каналдарға жөндеу жұмысын жүргізу – қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл жұмысты жүргізу үшін 6-7 млрд. теңге көлемінде қомақты қаражат керек. Күні бүгінге дейін «Киров-Шежін» каналы жөндеуден өтті. Қалған бөлігіне де жөндеу жұмысын жүргізуге әрекет жасап жатырмыз. Бұл жөнінде жоғарғы жаққа жеткіздік.  Бұйыртса, бұл мәселе де шешіліп қалар.

Дмитрий ТЕРЕЩЕНКО,

«Надежда»  газеті:

– Пайдаланылмаған жерге төленетін салық мөлшері өседі дейді. Біздің облыс бойынша ауыл шаруашылығына арналған қанша гектар жер пайдаланылмай жатыр? Және бұған қанша мөлшерде салық салынуы мүмкін?

Екінші сұрақ. Ауыл адамдары қалада шошқа соятын жер жоқ дейді. Бұл қаншалықты рас? Және таяуда шошқа соятын арнайы орын ашыла ма?

Жауап:

– Облыс бойынша әзірге 1,4 млн. гектар ауыл шаруашылығына арналған жер пайдаланылмай жатыр. Бұған салынатын салық мөлшері қандай болмақ, мен оны тап қазір айта алмаймын. Қазіргі таңда бұл мәселемен тиісті орындар айналысуда. Жыл аяғына дейін белгілі болып қалар деп ойлаймын.

Сіздің екінші сұрағыңыз таза бизнес мәселесі, мұны жеке тұлғалар жергілікті орган өкілдерімен бірігіп шешуі керек.

Алексей КОЧЕМАСОВ,

«Уральская  неделя»  газеті:

– Егіс  алқабы  қысқарды  ма?

Жауап:

– Қазіргі таңда егістіктен гөрі мал басын көбейтуге басымдық берілуде. Сондықтан уақыт талабына сәйкес мал жайылымы мен мал азықтық дақылдар  егетін  жер  көлемін  ұлғайтудамыз.


Мерекелік салтанат

Күні: , 197 рет оқылды

DMS_5743


Кеше 5515-әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді.


— Еліміздегі тыныштық пен тәртіпті сақтауда, заңбұзушылыққа жол бермеуде сіздердің еңбектеріңіз зор. Ел демалып, мерекені атап өтіп жатқанда, сіздер әрдайым алғы шепте қызметте жүресіздер. Тынымсыз еңбегіңіздің нәтижесінде еліміздің тұрғындары балаларын алаңсыз мектепке, балабақшаға жібереді. Сондықтан да сіздердің абыроймен атқарып жүрген қызметтеріңізге алғыс айтқым келеді, — деген облыс әкімі Алтай Сейдірұлы жиылғандарды Жеңістің 71 жылдық мерекесімен құттықтап, майдангерлерімізге зор денсаулық тіледі.

Салтанатты шарада 5515-әскери бөлімнің бірқатар қызметкерлері Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхаты және «ҚР Қарулы күштерінің мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.

Ал облыс әкімі Алтай Көлгіновке ҚР Ұлттық ұланының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» І дәрежелі төсбелгісі табыс етілді. Өз кезегінде сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері М. Абдрахманов «Ел іргесі тыныш болсын» деген ақ тілегін арнады. Салтанатты шеруден соң облыс әкімі Алтай Сейдірұлы ардагерлермен амандасып, олармен естелікке суретке түсті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Әскерилерді құттықтады

Күні: , 195 рет оқылды

DMS_5873


Кеше облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте өткен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Жиынды ашқан аталмыш департамент бастығының орынбасары, подполковник Жақсылық Айтбаев еліміздің Қарулы күштерінің кешегі және бүгінгі тыныс-тіршілігі, Отан қорғаушылар күнін мерекелеу шаралары жөнінде баяндады.

Мінберге көтерілген өңір басшысы әскерилерді кәсіби мерекелерімен және Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. «Әрбір азамат үшін Отан қорғаудан артық абыройлы іс жоқ, — деді Алтай Сейдірұлы. — Сіздер жастарды тексеріп, іріктеп, әскерге жолдап отырасыздар. Сондықтан департамент қызметкерлерінің жұмыстары жауапты. Осындай маңызды қызметтеріңізге жетістік, табыс тілеймін. Биылғы мерекелер ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл олардың маңыздылығын арттыра түседі. Тәуелсіздік жылдарында республикамыз Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Аспаны ашық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты мемлекетке айналды. Жыл өткен сайын әлемдік  ауқымда Қазақстанның беделі, ал ел аясында халқымыздың әл-ауқаты артып келеді. Оған мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асуы өз септігін тигізуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүздеген шақырым жолдарымыз салынып, жөнделуде. Мұқтаж жандар, ардагерлер, әскерилер, мұғалімдер мен дәрігерлер, жастар тұрғын үйлермен қамтылуда. Осыдан-ақ мемлекетіміздің әлеуметтік міндеттемелерін орындап отырғанын көруге болады. Облысымызда қорғаныс кешендері даму үстінде. Бүгінде теңіздегі шекарамызды қорғап жүрген кемелердің Оралда шығарылғаны – біз үшін мақтаныш. Мереке күні сіздерге денсаулық, отбасы амандығын, бақыт және барлық жақсылықты тілеймін».

Содан кейін қызметте үздік  танылған әскери қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығы бойынша подполковниктер Мейрам Шотанов, Андрей Махорин, майор Ердәулет Сүйінбердиев ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» ведомстволық медалін алды. ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы  күштер Бас штабы  басшысының бұйрығына сәйкес офицерлік құрамға кезекті әскери шендер берілді. Мәселен, майор Эльдар Шыңғалиев пен Ғабделжәлел Ниязалиев подполковник, капитан Оралбек Қарашолақов майор, аға лейтенант Артур Амирханян капитан атанды. Облыс әкімінің алғысхатын алғандардың ішінде подполковник Марат Есенов, майор Арман Әміров, Роберт Фаезов, Наталья Кухарьева, мичман Нұржан Калапов бар. Сондай-ақ Орал қаласы әкімінің алғысхаттары мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бас-шысының қолы қойылған мақтау қағаздары да тапсырылды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Мерекелік шеру

Күні: , 182 рет оқылды

IMG_9689


Кеше П. Атоян атындағы орталық стадионда Ұлы Жеңістің 71 жылдығы және ҚР Қарулы күштерінің 24 жылдығына орай мектеп оқушыларының әскери-патриоттық мерекелік шеруі өтті.


Дәстүрлі шеру Орал қаласының қорғаныс істері басқармасы мен қалалық білім беру бөлімінің әскери-патриоттық айлығы аясында ұйымдастырылды. Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беріп, еліміздің болашақ сарбаздарын әскерге баруға дайындау – мерекелік шараның басты мақсаты. Шеруге қаламыздың барлық 47 мектебінің 9-11-сынып оқушыларынан құралған 24 оқушы мен әскери жетекшісі қамтылды.

Мерекелік жиында қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев қала қонақтары мен тұрғындарын Ұлы Жеңістің 71 жылдығы және Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

– Бүгінгі шеруде соғыс ардагерлерінің ізін жалғап, тәлімді тәрбие алып өсіп келе жатқан жас буынның ерліктеріне куә болудамыз. Әскери білім алып, Отанды қорғау Қазақстан Республикасындағы әр азаматтың азаматтық парызы деп білеміз.  Орал қаласының әкімшілігі мектептермен тығыз байланыс орнатып, әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Елбасымыз айтқандай, болашақ – жастардың қолында. Еліміз өркендеп, бейбіт күнде алатын жеңістеріміз бен жетістіктеріміз көп болсын, — деген қала әкімінің орынбасары шеруге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мерекелік шеруде әр мектептің оқудағы қол жеткізген жетістіктері аталып, патриоттық клубтардың жас сардарлары әскери-спорттық жаттығулардан өз өнерлерін көрсетті.

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Қос ауылда дәріхана ашылды

Күні: , 184 рет оқылды

20160506_113322


Кеше Подстепной және Желаев ауылдарындағы амбулаториялар жанынан  «Талап» АҚ-ның дәріханалары ашылды.


Дәрі-дәрмектердің халыққа қолжетімді болуын мақсат тұтқан бұл қадам сол ауылдың тұрғындарын қуанышқа бөледі. Дәрі-дәрмекке қолжетімділік бұрынғыға қарағанда жеңілдей түсті. Өйткені басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл адамдары енді қалаға сапарлап, уақытын жұмсап жүрмейді. Дәріханалардың ашылуы, әсіресе, зейнеткерлерге аса қолайлы болмақ.

Ұлы Жеңістің қарсаңында ашылған бұл дәріханалар қос ауылдың тұрғындарына мерекеге орай тартылған бағажетпес сыйдай қуаныш сыйлап жатыр.

Өз тілшіміз


Ел Президенті Жер кодексіне түзетулерге мораторий жариялады

Күні: , 209 рет оқылды

ac9fbd6bd67e63f4c5d7439edb8f2c6b


5 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.


Кеңеске Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-министр, Президент әкімшілігінің басшысы, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі бағыттарына, соның ішінде жер реформасына тоқталып, Үкімет қызметіне баға берді және тиісінше бірқатар шешім қабылдады.

Инвестиция тапшылығын жою жолдары

Нұрсұлтан Назарбаев елде жүргізіліп жатқан бес институттық реформа дағдарысқа қарсы кешенді жоспар болып табылатынын атап өтті.

– Әлемде қазір инвестиция тапшылығы орын алып отыр, дамушы нарықтардан капиталдың кетуі байқалуда. Дамушы елдердегі инвестициялар ағынының қарқыны 20 жылда алғаш рет кері сипатқа ие болуда. Егер 2008-2014 жылдары Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі жыл сайын орта есеппен 24 миллиард долларды құраса, былтыр ол 15 миллиард доллардан аз болды. Елдер арасында сыртқы инвестиция үшін бәсеке күшейіп, мемлекеттер инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елдің ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылғанын айтты.

– Сөйте тұра, бұл салада еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Отандық фермерлер бір гектар жерден орта есеппен 400 доллардың  өнімін алады. Дәл осы көрсеткіш АҚШ-та 1120 долларды, Германияда 2800, Францияда 3200 долларды құрайды. Ауыл шаруашылығы жаңа техникаға, жаңа технологияларға, суару жүйелеріне инвестиция салуға мұқтаж, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әлем елдері шетелдік инвестиция тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанына назар аударды.

– Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына салынған қаражат өзін ақтау үшін 10-15 жыл керек. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 10 жылға, соның ішінде шетелдіктердің жалға алуы туралы заң ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда бұл салаға әлі айтарлықтай инвестиция келген жоқ. Шетелдіктер 65 мың гектарда ғана жұмыс істеп жатыр, яғни бұл жалға алынған жердің 0,06 пайызы ғана. Бірақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етіп отыр. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – бүкіл дүниежүзі бойынша инвестиция тартудың амалы. Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланд сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайды. Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың  ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды. Жер кодексі нормаларын әзірлеу барысында бұл тәжірибелер ескерілді. Бірақ жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Жаңа  нормалар жұртқа  жетпеді

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нормалардың мән-жайы тиісті топтарға жеткізілмегенін атап өтті.

– Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге сенбейтін болса, демек, бұл – дұрыс емес деген сөз. Өйткені бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды.

– Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек. Егер талқылаудан кейін Парламент ортақ шешімге келетін болса, мораторий алып тасталады, ал егер олай болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз. Бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін түсіндіру қажет. Сондай-ақ Үкімет жанынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б. Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырамын. Комиссия барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартуы тиіс. Резонанс тудырған ережені кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру керек. «Нұр Отан» партиясына демократиялық күштер коалициясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұған барлық партиялар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы тиіс. Түсіндіру жұмыстарына Үкімет пен Парламенттің қос палатасының депутаттары белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Заңдар  кім  үшін жазылған?

Мемлекет басшысы Қазақстанда 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалықтар, 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық бар екеніне тоқталды.

– Олар күн ұзаққа алқапта, фермада, жайлауда еңбек етеді, сіздердің жаңалықтарыңызды күтіп, теледидар алдында отырмайды. Бірақ сіздер өз ұсыныстарыңызды әзірлеу барысында министрліктен шықпай отырып, бәрін өз араларыңызда шешесіздер. Кімнен жасырынасыздар? Сонда біздің заңдарымыз кім үшін жазылған? Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің де  ресми сайтында жер реформасы жөнінде қолжетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ.  Ал мұның барлығы халықтың игілігі үшін, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жасалып жатыр ғой, – деді Қазақстан Президенті.

Ұстанымы ұғынықты  болмады

Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексі жөніндегі жұмысқа жауапты екі мемлекеттік органның – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өз міндетін тиісінше атқара алмағанына назар аударды.

– Бұл министрліктердің жұмысы нашар дей алмаймын. Бірақ өздерінің ұстанымы елдің бәріне ұғынықты болып, дұрыс қабылдануы үшін түсіндіру жұмыстарымен айналысқан жоқ.

Қазақстан Президенті Ұлттық экономика министрі Е. Досаевтың қызметінде жіберілген кемшіліктерге байланысты отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбековтің қызметіне сәйкестігі толық деңгейде емес екенін жария етті. Ұлттық экономика вицеминистрі Қ. Өскенбаевты қызметінен босатуды, Ұлттық экономика министрлігінің салалық комитетінің басшы қызметкерлері мен басқа да жауапты адамдардың  қызметіне сәйкестігі туралы мәселені қарауды тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке жер қатынастарын реттеу бағытындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөнінде тапсырылды.

Ақпарат  саласының жаңа  міндеттері

Мемлекет басшысы  ақпараттық саясат мәселесін де қозғады.

– Бүгінде бұл функциялар бейінді емес министрліктің құзырында. Үкіметте бұл саланы ешкім үйлестірмейді, мемлекеттің ақпараттық саясатқа бөлетін қаражатын ешкім бақыламайды. Сондықтан қазіргі ақпараттық сын-қатерлерді еңсеру үшін, бес институттық реформаның барысын тиімді қолдау үшін өкілетті орган – Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл ведомствоға мынадай маңызды міндеттерді жүктеуді ұсынды. Атап айтқанда, мейлінше өткір мәселелерді жедел анықтау және әрекет ету мақсатымен кез келген меншік формасының, соның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілердің ақпараттық кеңістігін мониторингтеу;  барынша өзекті тақырыптар мен мәселелер бойынша қоғамдық пікірді зерттеу, халықтың ақпараттық сауалдары мен тілек-қалауын талдау және болжау; мемлекеттік ақпарат саясатын әзірлеу; барлық мемлекеттік органның ақпараттық қызметі мен белсенділігін үйлестіру және бақылау; мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды жоспарлау және мемлекет бөлген қаражаттың тиімділігін  талдау; отандық БАҚ-тарды экономиканың қазіргі заманғы сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция және инновация тарту; электронды және баспасөз кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапасын арттыру; дағдарыстық коммуникациялардың барынша пәрменді моделін құру; халықпен, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл арналарын қамтамасыз ету.

Бұл ретте жаңа органды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, қаражат бөлу және оған барлық міндетті жүзеге асыру үшін айрықша өкілеттік  беру  тапсырылды.

Талқылау және үнқатысу тетіктері

Қазақстан Президенті ел дамуының өзге де негізгі мәселелеріне тоқталды.

–  Міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жұрттың күмән-күдігі бар екенін білемін. Сондықтан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл мәселе бойынша іс-әрекеттің жол картасын әзірлеуі тиіс.

Бұл реформа барлық қазақстандықтарға қатысты, сондықтан оған ықылас жоғары болады. Білім және ғылым министрлігінің орта мектептердегі оқу жылын  ұзарту, үш тілде білім беруге көшу мерзімі туралы мәлімдемелеріне қатысты да жұрттың сұрақтары бар екенін білемін. Үкімет бұл ретте дәстүрлі тамыз мәслихаттарын пайдалана отырып, қоғамдық пікірге мұқият зерттеу жүргізуі керек. Туындап отырған мәселелерді талқылау және шешу үшін осы мәселелердің барлығына жаңа үнқатысу тетіктерін – Қоғамдық кеңестерді белсенді түрде қатыстыру керек. Олар мемлекеттік органдардың шылауында қалмауы керек, оларда өткен пікірталастар БАҚ-тар мен жұртшылық үшін ашық болуға тиіс. Әрбір министр мен әкімге реформалардың барлық бағыты бойынша қоғамдағы көзқарасты өз құзыреті шеңберінде мұқият талдаудан өткізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бастамаларының мұқият түсіндірілуі маңызды екенін айтты.

– Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына қарай жылжып, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына ұмтылып отырғанымызды айтып жатырмыз. Бұл елдерде тағы бір ең басты стандарт бар, ол – Үкіметтің және оның мүшелерінің қоғам үшін күн-делікті ашықтығы. Онда министрлер барлық туындаған мәселелерге қатысты әрдайым жедел пікір білдіріп отырады. Ал бізде ше? Ақпараттық жұмыс тек журналистер алдына брифингке шығып, қағазда жазылғанды оқып беруден ғана тұрмайды. Біздің министрлер тіпті брифингтерде де журналистерден қашқақтап, қарапайым сауалдарға жауап бермейді. Қазіргі кезде біз министрліктерді қандайда бір саладағы саясатты айқындайтын органдарға айналдырдық. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс. Халықпен, ең алдымен жаңа заңдарды қолданатын жұртпен кездесу керек, – деді Қазақстан Президенті.

Ресурс іске қосылсын!

Мемлекет басшысы тек бірінші тоқсанның өзінде қазақстандықтар «Электрондық Үкімет» порталы арқылы 1 млн.  200 мыңнан астам мемлекеттік қызметтерге қол жеткізгенін атап өтті.

– «Электрондық Үкімет» бірыңғай байланыс орталығына күн сайын 700 қызмет түріне қатысты 20 мыңнан астам сұрақ түседі. Бұл ресурс неге іске қосылмаған? Онлайн режімінде бірде-бір түсіндірме немесе кеңес болған жоқ. Халық сауал қоя бастаған кезде ғана «ояндыңдар». Жұртқа барлық нормаларды, оларды қалай қолдануды, кімге жүгінуді түсіндіру үшін Үкімет жанынан бірыңғай колл-орталық – «қызу желі» құруды тапсырамын. Бірде-бір сұраққа біліктілікпен жауап берілмей қалмауы үшін жауапты адамдарды да бекітіңдер. Бұл өңірлерге де қатысты, олардың әрқайсысында осындай кеңес беру орталықтары жұмыс істейтін болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұрақтылығымызға сызат  түспесін

Соңында Қазақстан Президенті әлемдік дағдарыс біздің елдің дамуына да әсерін тигізгеніне назар аударды.

– Одан зардап шегіп, жұмысынан немесе табысының біраз бөлігінен айырылған көптеген адамдардың бар екенін білеміз. Мұндай жандар кез келген қоғамда бар.

Барлық қазақстандықтарға қырағы болу қажеттігін, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құрметімізге сызат түсуіне жол бермеу керектігін ескерткім келеді. Өз тарапымнан айтарым, біз ешкімнің ортақ шаңырағымыздағы татулық пен тұрақтылықты бұзу үшін дағдарысты пайдалануына жол бермейміз. Құқықтық тәртіпті бұзған әрбір адам заңның қатаң талабына сай жауап береді. Қоғамдағы тыныштықты нығайту – әрбір азаматтың, барлық қоғамдық ұйымның, барша қазақстандықтардың ортақ ісі, – деді  Мемлекет  басшысы.

Шара барысында елдің бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары жөнінде Премьер-Министр  К. Мәсімов сөз сөйледі.

«Егемен  Қазақстан»,

№86, 6 мамыр, 2016 жыл


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика