Мұрағат: 05.05.2016


Н.Назарбаев Жер туралы кодекстің 4 нормасына мораторий жариялады

Күні: , 216 рет оқылды

20160505182210


Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан кеңес барысында Президент «Жер туралы кодекске» енгізілген өзгерістерге мораторий жариялады.


«Мен бүгін шешім қабылдаймын. Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормалары, нақты айтқанда былтырғы енгізген 4 норманы күшіне енгізуге ендігі жылға дейін  мораторий жариялаймын. Алдымен егжей-тегжейін қарап, халыққа түсіндіріп, Парламентпен бірге шешіп, келісімге келетін болсаңдар, мораторийді аламыз, болмаса, түсірмейміз», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, кеңеске Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің басшысы, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысуда.

АСТАНА. ҚазАқпарат. 05.05.2016 жыл


Митингіден бас тартты

Күні: , 229 рет оқылды

митингиден бас тартты


Қаламыздағы «Шағала» қонақүйінде соңғы кездері халықтың наразылығын туғызған жер мәселесіне қатысты жиын өтті. Осы жиын барысында биылғы 21 мамырда митингі өткізбек болған ынталы топ не үшін бұл ниеттерінен айнығандарын егжей-тегжейлі баяндап берді.


Жиында Талғат Қатауов, Ерболат Хайрушев, Берікболат Төлепбергенов, Ерік Жәкібаев есімді азаматтық белсенділер өңір журналистеріне даулы мәселеге қатысты ой-пікірлерін білдірді.

– Біз бұған дейін Батыс Қазақстан облысы бойынша 21 мамырда бейбіт митинг ұйымдастыру комитетін құрған болатынбыз. Митингіні өткізу туралы Орал қаласы әкімінің атына өтініш жазған едік. Алайда Қызылорда қаласындағы 1 мамыр күнгі көшеде жаппай тәртіпсіздік орын алған оқиға бізді ойландырды. Себебі барлық бейбіт митингіні жауапкершілікке алған ұйымдастыру комитетіне, яғни бізге, облыс халқы мен оралдық тұрғындардың тыныштығы, жастардың өмір қауіпсіздігі мен бостандығы, мемлекетіміздің тұтастығы мен елдің ынтымақ-бірлігі аса маңызды, аса құнды. Соған байланысты 64 адамнан тұратын азаматтық белсенді топ өзара пікірлесе келіп, «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтіндей» етіп жердің жалға берілмеуін биліктен талап ету үшін мәдениетті жолды таңдауды ұйғардық. ҚР Президенті мен Парламентіне талап-өтініш хатымызды табыс ету және халықтың ұсыныс-пікірін жеткізу үшін облыс және қала әкімімен, құқық қорғау органдары, жер комитеті және білім басқармасы басшыларымен кездесуді дұрыс деп тауып, бірауыздан ортақ шешімге келдік. Біз, яғни ұйымдастыру комитеті мүшелері ешқандай діни немесе саяси партияларда мүше емеспіз. Біз тек жер мен тіл мәселесі туралы заңды талабымыз бен ұсыныс-пікірімізді жоғары билікке жеткізу үшін бұқара халықтың ортасынан шықтық. Біз ешқашан да біреудің мүддесін көздемейміз және саяси ойындарға араласпаймыз. Еліміздің тыныштығы мен ұлтымыздың қауіпсіздігін сақтау үшін бір мәмілеге келіп, жер мәселесі мен жаратылыстану пәндерінің ағылшын тілінде оқытылуы туралы облыс халқының әр түрлі пікірін бірлесе шешу үшін және облыс халқы атынан ҚР Президентіне, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелеріне жазылған өтініш-хатты тапсыру үшін облыс басшылығымен, облыстық мәслихаттың депутаттарымен, облыстың зиялы қайраткерлері және өнер адамдарымен арнайы кездескіміз келеді, – деді  Талғат  Қатауов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді білеміз бе?

Күні: , 186 рет оқылды

1439474137_1421758108_01


Соңғы екі-үш аптадан бері жер мәселесі жөніндегі сауалдармен редакциямызға көптеген оқырмандарымыз хабарласуда. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ресми өкілдері берген  жауаптарды ретіне қарай жариялап отырмыз.


Мейірман ШАКЕНОВ, Ақжайық ауданы,  Жұбан ауылының  мәдениет қызметкері:

— Жерді жеке меншікке сатып алуға кімнің құқы бар?

— Бірде-бір шетелдік Қазақстан жерінің бір сантиметрінде сатып алуға құқығы жоқ. Тек қазақстандықтар ғана ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сатып алуға, біріншіден, жеңілдетілген бағамен (50%), жалға берілген жерді 10 жылға ұзартумен және екіншіден, аукцион арқылы сатып алуға құқы бар. Шетелдіктер үшін бұндай норма жүрмейді. Мынаны ескерткіміз келеді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы қазіргі айналымдағы 100,8 млн. га жердің 1,3 млн. га жері Қазақстан азаматтарының жеке меншігінде, ал 99,5 млн. га жер жалға берілген. Бұндай жерлерде әр түрлі егістік, майлық, дақылдық, жемдік, көкөністік-бақшалық, өнімдік дақылдар өсіріледі және бұндай жерлерде мал шаруашылығымен, ет-сүт өндірісімен шұғылданады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі ақшалай 2,7 трлн. теңгені құрады.

99,5 млн. га жердің шетелдіктерге 65 мың га жері ғана берілген – бұл шамамен 0,06% — оның өзі жалға берілген. Атап өткен жөн, оның ең көп бөлігі — 45 мың га – бірлескен кәсіпорындарға жалға берілген, олардың үлесін қазақстандықтар тікелей иелік етеді. Мысалы, Ақмола облысында 2010 жылы американдық Global Beef компаниясымен (капиталдық үлесі 15%) «KazBeef Ltd» ЖШС бірлесіп құрылды. Кәсіпорын жер телімінің көлемі 154,8 мың га, оның ішінде: егістік — 13,2 мың га, шабындық — 141,6 мың га.

Компания елімізде алғашқылардың бірі болып тұқымдық таза ангус және герефорд малы тұқымдарын алып келе бастады, сөйтіп сапасы жоғары ет өндірісінің толық циклін құру жолын бастады. 2015 жылы жоғары сапалы 2014 тонна ет экспортталды. Қазір кәсіпорында 85 адам жұмыс істейді, олардың ішінде бірде-бір шетелдік жоқ.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында Қытай инвесторларының қатысуымен май дақылдарының өндірісі мен қайта ұқсату бойынша пилоттық кооперативті құру іске асырылуда. Аталған жоба кластерлік жолға қойылған, ол 12 мың га жер көлемінде май дақылдарын өсіру және оны қайта өңдеу үшін май экстракциялау зауытының құрылысы салынбақшы. Барлығы кооператив тоғыз ауыл шаруашылығы өндірушілерінің басын қосады.

Жалға берілген жерлердің кейбір өңірлер бойынша жерді таратуы мынандай: Ақтөбе облысында — 29 мың га, Жамбыл облысында – 13,5 мың га, Ақмола облысында – 8,6 мың га.

Ал ресейліктер болса, 10 236 га жалға береді, Қытай резиденттері — 282 га, ОАЭ — 859 га, Түркия — 7 га және тағы басқаларға жалға берілген.

Нәжім ДӘУЛЕТОВ,

Қаратөбе аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:

— Заңнама жерді жеке меншікке алу үшін шетелдіктердің айналып өтуінің мүмкіндіктерін қаншалықты ескереді?

— Заңнамада ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сатып алуға тыйым салған, сондай-ақ шетелдіктерге са-лынған шектеулердің айналып өту тетіктерін де ескереді.

Егер де шетелдіктер жеке меншігіне жалған неке арқылы қулығын асырып жерді сатып алуға тырысса, ЖШС үлесін сатып алу арқылы немесе екінші нарықта жерді сатып алғысы келсе, әділет органдары бұндай жағдайларды тіркеу үшін қабылдамайды.

Заң тұрғысында, бұндай тіркеусіз жер құқығына иелік те туындамайды.

Осылайша әділет органдарындағы тіркеу рәсімдері арқылы шетелдіктер үшін белгіленген шектеулердің сақталуын бақылайды.

Сонымен бірге заңнамалық шектеу туралы шетелдік азамат және әлеуетті сатып алушы нотариусқа келісім жасауға келгенде де біледі.

Мемлекет нотариустың тыйым салуын, оларды жауапкершілікке тартумен белгілеген. Бұл кезде келісімдердің құқықтық салдары болмайды.

Виктор ГАЛКИН,

Теректі ауданындағы «Иваныч» шаруа қожалығының жетекшісі:

— Қоғамда шетелдіктер жерге жеке меншік құқы бар қазақстандық заңды тұлғаның үлесін сатып алу жолымен жер телімдерін алуы мүмкін деген қауіп бар. Бұл солай ма?

— Бұл мәселені екі жақты қарауға болады.

Біріншісі. Егер де шетелдік сатып алатын үлес 50%-дан асатын болса, онда бұндай заңды тұлғаның жер телімдері үш айдың ішінде алынуға жатады немесе жер пайдалану (жалға беру) құқығы қайта хатталуы қажет.

Бұл талапты орындамаған кезде, әкімдік жер телімдерін мемлекетке қайтару туралы шағым береді.

Мемлекет өз кезегінде бұндай фактілерді ақпараттық жүйелердің бірлескен іс-қимылы арқылы анықтайтын болады, ондай ақпарат заңды тұлғалар үлесінің мөлшері және барлық заңды тұлғалар  жер телімінің иелері туралы ақпараттан тұрады.

Егер де жеке меншігінде жер құқығы бар заңды тұлғалар анықталған кезде, шетелдіктердің үлесі 50%-дан асса, бұл ақпарат әкімдікте жерді алу үшін, жер телімін жалға беру құқығын қайта қарау немесе сотқа оны қайтару жөнінде шағым бойынша жұмыс істеуге жіберілетін болады.

Екінші. Егер де шетелдіктің үлесі 50%-дан кем болса, заңды тұлға үшін ештеңе болмайды.

Нұрлан АРЫСТАНҒАЛИЕВ,

Жәнібек ауданы, Ұзынкөл ауылындағы «Төртқара» шаруа қожалығының жетекшісі:

— Егер де шетелдік 50%-дан кем үлес сатып алған болса, бұндай заңды тұлға шектеуді айналып өтпей ме?

— Бұл күмәнді сейілтсек деймін.

Азаматтық кодекске сәйкес, бұндай шетелдік – заңды тұлға иесі оның мүлкіне, оның ішінде жер теліміне де құқығы болмайды, тек жарғы капиталындағы үлес құқығына ғана ие.

Басқа сөзбен айтқанда, бұндай жер телімдерінің иелері шетелдік азамат емес, заңды тұлға – біздің заң бойынша қызметін жүзеге асыратын және осы жерде салық төлейтін Қазақстан резиденті болып табылады.

Егер де шетелдік қатысушылар құрамынан шыққысы келсе және өзінің жер үлесін алғысы келсе, оған ондай мүмкіндік жоқ, өйткені ол жер құқығын тіркей алмайды.

Бұл жағдай — заңды тұлға қатысушысы жұбайлар болып, оның біреуі шетелдік болған жағдайға да қатысты.

Бұл кезде акционерлік қоғам сияқты ұйымдық-құқықтық нысаны ерекшелігінде ескерген жөн. АҚ үлестер, барлық мүлік нарықта еркін айналым акциялары, бағалы қағаздар түрінде, олар биржаларда сатылуы және сатып алынуы мүмкін.

Бұл кезде шетелдікке тиісті акция үлесін бақылаудың қажеттілігі жоқ, өйткені тіпті акцияның 100% иесі шетелдік акционердің өзі де жерді өзінің меншігіне ала алмайды.

Айтылғандарды түйіндей келе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жеке меншік құқы тек қазақстандық компания құқығында ғана болады және ол қатысушы құрамынан шыққан кезде жер телімімен емес, ақшалай түрде төленетін заңды тұлға үлесіне ғана құқы бар.

Садыр ЖӘНДЕТОВ,

Қазталов ауданы, Әжібай ауылының тұрғыны:

— Жерді кім жалға алады?

— Жаңа жер заңнамасы бойынша шетелдіктерге конкурс арқылы берілетін болады. Үкімет облыстың әрбір ауданы бойынша шетелдіктер үшін бір адамға берілетін жердің ең төменгі мөлшерін бекітеді. Мысалы, Ақмола облысының Шортанды ауданында бұл 1000 га. Конкурс ережесі былай, әлеуетті жалға беруші міндетті түрде жерді пайдалану жоспарын тапсыру қажет. Мемлекет конкурстың өтуіне кепілдік береді. Егер де шетелдік біздің талаптарды бұзатын болса, біз олармен жасалған келісімшартты бұзуға және олардан жерді алып қоюға құқымыз бар. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану ережелерімен мына сілтеме бойынша: http://adilet.zan.kz/rus/docs/V1500011549 таныса аласыз.

Ерлан ХҰСАЙЫНОВ,

Ақжайық ауданы,  Чапаев ауылының қосымша білім беру педагогы, эколог:

— Мемлекет жерді қайтарып алуға құқылы ма?

— Иә, қайтарып алуға құқылы. Егер де жер мақсаты бойынша пайдаланылмаса, мысалы, жер өңделмесе, жердің үстінде өнім өндірілмесе, онда мемлекет жерді қайтарып алуға құқы бар.

Екіншіден, сапаға жүргізілген бақылаудың көрсетуі бойынша, егер жер тиісті тәсілмен пайдаланылмаса (тыйым салынған химикаттар қолданылса), нәтижесінде жер құмға айналады. Жерді сондай-ақ жыртқыштар мекендеген жағдайда да алып тасталады. Бұл шаралардың барлығы жердің жеке меншікте немесе жалда болуына байланыссыз қолданыла береді.

Ерлан ХАМИДУЛЛИН,

Теректі ауданындағы «Ақжайық» тауарлы сүт фермасы» ЖШС-ның жетекшісі:

— Қазақстан азаматы жерді сатып немесе жалға ала ма?

— Иә, алады. Қазақстандықтар үшін ерекше жеңілдік жағдайлары қарастырылған: жалға берілген жерді 10 жылға дейін ұзартылған мерзімде жарты бағасына сатып ала алады. Ал шетелдіктер үшін мұндай ереже қарастырылмайды.

Бейімбет ТІЛЕПҚАЛИЕВ,

Ақжайық ауданы, Алғабас ауылы, «Сұлтанмұрат» шаруа қожалығының жетекшісі:

— Қазақстандықтарға немесе шетелдіктерге жалға берілген жер олардың жауапкершіліксіз пайдалану әрекетінен тозуға және тыйым салынған химикаттармен улануға ұшыраса, жалға берілген жерге не болады? Бұл жағдайды кім және қалай бақылауға алады?

— Пестицидтер тізіміне ресми енгізілмеген химикаттарды пайдалануға Қазақстан заңнамасы тыйым салады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің агрохимия қызметі мен әкімдіктердің жер инспек-циялары жер қыртысы мен оның жағдайын үнемі бақылауда ұстайды.

Заңнаманы бұзған жағдайда жерді қайтарып алуға дейінгі қатаң шараны қолданады.

Жер заңнамасын сақтау жөніндегі әкімдіктердегі бақылау органдары тарапынан агроөнеркәсіптердегі кешендерге тиесілі жер телімдеріне тексерулер жүргізілді. 2015 жылы және 2016 жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген тексерулер ауыл шаруашылығы мақсатындағы 263,9 мың га жердің тиімсіз пайдаланылғанын анықтады.

Өткен жылы 187 меншік иесі мен жерді пайдаланушыларға жер заңнамасын бұзғандығы үшін ескертулер берілді, оның ішінде 171 субъекті 169,5 млн. теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

2016 жылдың бірінші тоқсанында 7 меншік иесі мен жерді пайдаланушыларға жер заңнамасын бұзғандығы үшін ескертулер берілді, оның ішінде 5 субъекті 106 мың. теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айбек АЙБОЛАТ,

Қаратөбе ауылының тұрғыны, жас маман:

— Жер қанша тұрады?

— Жер телімінің нақты құны базалық ставкаға сәйкес анықталады, және бұл жөніндегі ақпараттар http://adilet.zan.kz/rus/docs/P030000890 сайтында орналасқан.

Жер телімі жағдайының сапасына, орналасқан жеріне, сумен қамтылуына, қызмет көрсету орталығынан алыс-жақындығына және т.б. байланысты базалық ставкаға түзету коэффициенті қолданылады.

Мысалға, жер телімі елді мекеннен, инфрақұрылым нысанынан алыстаған сайын, коэффициенті де төмендейді.

Әрбір жер телімінің жеке-жеке құны бекітіледі.

Жер телімінің қорытынды бағасы аукцион арқылы анықталады.

Нағым РИЗУАНОВ,

Қазталов аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:

— Бір адам қанша жерді сатып ала алады?

— Бір әкімшілік ауданның аумағында ауыл шаруашылығы мақсатында жеке меншікке және жалға берілетін жер телімінің ең төменгі шекті көлемі бекітілді.

Жер телімінің ең төменгі шекті көлемі туралы ақпаратты adilet.kz. сайтынан алуға болады.

Ибрайым СҰЛТАНОВ,

Жәнібек ауданының тұрғыны, еңбек ардагері:

— Егер қазақстандықтар аукционда жерді сатып алып, оны шетелдікке қайта сатуға құқығы бар ма?

— Жоқ, сата алмайды. Бұған заңнамамен тыйым салынған.

Виктор ФЕДОСОВ,

Тасқала ауданындағы «Чижа 1» ЖШС-ның директоры:

— Аукциондар мен конкурстар ашық әрі әділ өтеді дегенге күдігіміз бар. Осы бағытта қандай шаралар жүргізілуде?

— Сатуды ұйымдастырудың тәртібі заңмен нақты бекітілген, аукцион – азаматтар үшін, конкурс шетелдіктер үшін жүргізіледі.

Сатуды ұйымдастырудың тетігі жерді бөлуде жемқорлыққа жол бермейді. Өткізілетін аукциондар өз кезеңінде жариялылықты, әлеуетті сатып алушылардың арасындағы жарыспалықты және ашық бәсекені қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ еліміздегі шетелдіктердің жұмыс күшінің үлес салмағын кім бақылайды, бірлескен кәсіпорындарды құруда шетелдіктер барлық жұмыс орнын иемденіп алады деген қауіп те жоқ емес.

Соңғы бес жылда Қазақстанға шетелдік азаматтардың келуі әлі өзгере қоймаған. Жыл сайын біздің республикамызға орта есеппен түрлі мақсатта бір миллионнан артық шетелдік азаматтар келеді (тіркеледі). Бұлар туристер, іссапармен келушілер, студенттер, жұмысшылар және т.б. Олардың басым бөлігі (80-90%) – ТМД елдерінің азаматтары.

Қазақстандағы шетелдік жұмысшылардың қызметі квота арқылы реттеледі, яғни үкімет қаулысымен біздің елімізге табыс табу үшін келген шетелдіктердің ең жоғарғы саны белгіленеді. Нақты деректерге сүйенсек, квота экономикалық белсенді тұрғындардың 0,7%-нан асып кетпейді. Мысалы, 2016 жылы квота 63 мың адамды қамтиды. Өткен жылы да квота мөлшері жоғарыдағы көрсеткішпен шамалас болған, 2015 жылы 32 мың адамға елге кіруге рұқсат берілген. Осылайша квотаның 50%-ы игерілді.

Осыған байланысты квота отандық еңбек нарығында көрініс тауып отырған тапшылықты жоюға, еңбек нарығына білікті жұмысшыларды тартуды көздейді. Олардың тек 2054 адамы ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін келген.

Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тарту мемлекеттік жыл сайынғы квотамен шектелген және тек қана білікті жұмысшыларға таратылады. 2016 жылы квота 63 мыңды адамды құрады және қазақстандық жұмысшылар санының 0,7%-нан аспайды. Шетелдіктердің біздің елімізде болу рұқсаттарының жарамдылығы жылдан аспайды, мерзімі өткен кезде олар Қазақстаннан кетеді.

Бұдан басқа шетелдік жұмысшылардың саны осы немесе өзге кәсіпорында жұмыс жасайтын жұмысшылардың жалпы санының 10%-нан аспауы қажет. Бұл норма тек қана жұмыс берушілерге таратылады.

* * *

Біздің түсінуімізше, қазақстандықтар үшін жер – көкейкесті тақырып. Дәл қазір оны жалға беру немесе сату мәселесі басты мәселе емес. Жер – бұл ана. Ана ешқашан сатылмайды және ешкімге жалға берілмейді.

Бәрімізге белгілі, Жер-ана байлығымыз, ал еңбек — оның әкесі! Еңбек және жер – байлықтың қайнар көзі. Ел өнімді көбірек өндірген сайын байи түседі. Байлықтың қайнар көзін өндірістен іздеудің қажеттілігі туындауда. Қазақстан ауқымды ауыл шаруашылығы ресурстарына ие. Біздің еліміздің жер қоры 272,5 млн. гектарды құрайды. Бұл — біздің баға жетпес ұлттық байлығымыз, өкінішке орай, күні бүгінге дейін осы ұлттық байлығымызды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Жылдар бойы жерлеріміз өңделмей, арамшөптер басып, деградацияға ұшырауда. Еңбек ету және жерді өңдеу арқылы жер еліміздің шын мәніндегі байлығы мен дәулетіне айналады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жерімізде алдыңғы қатарлы әлемдік технологиялармен жабдықталған өзіміздің үлкен-үлкен шаруашылықтарымызды өркендетуге барлық жағдайлар жасалмақ.

Қабылдаған заңнамада бұрын жерді жалға алып пайдаланушылардың құқығы бұзылмайды.

Жалға алған жерлерін дәл қазір сатып ал деп ешкім күштемейді. Жалға алу мерзімінің аяқталуына дейін еркін пайдалана алады.

Сонымен бірге жер пайдаланушының бұрын жалға алған жер телімін жеке меншігіне 50% жеңілдікпен сатып алу құқығын береді. Бұдан басқа аталған соманы 10 жылға ұзартылған мерзіммен рәсімдеп, төлеуге болады.

(2015 жылдың 2 қарашасындағы ҚР Заңына сәйкес «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», Жер кодексінің 171- бабы).

Жер сатып алғысы келетін ауыл тұрғындары не істеуі керек деген орынды сауал туындайды. Біріншіден, ақпараттар легінен хабардар болып, хабарландыруларды қадағалап отыру қажет. Әкімдіктер аукционның өтуі туралы хабарландыруларды аукцион өткізілетін күннен күнтізбелік он бес күн бұрын кешіктірмей жариялайды. Аукционға сатылуға қойылған жер телімдері туралы хабарландыруларды облыстық мерзімді басылымдардан, әкімдіктің арнайы сайттарынан, электрондық үкімет платформасынан табуға болады.

Аукционға қатысу үшін міндетті түрде әкімдікке өтініш беру қажет.

2016 жылдың 1 шілдесінен Қазақстан азаматтары үшін 1,7 млн. га ауыл шаруашылығы жерін аукционға шығару жоспарланып отырғанын ұмытпағандарыңыз жөн.

Отандық ауыл шаруашылығымыз белсенді дамуда десек те, біздің елімізде әлі де болса игерілмеген үлкен әлеуеттер бар. Мысалы, Қазақстанда 147 млн. га жайылым бар және сиыр етін тұтынушы екі ірі елмен шекаралас. Бұл 2014 жылы 4 млрд. АҚШ долларына сиыр етін сатып алған Ресей мен Қытай. Осындай әлеуетті тұтынушыларға біз бар мүмкіндіктерімізді пайдалана алмай отырмыз.

Бұған себеп неде? Басты себеп – жоғары өндірістік қаржы шығындармен, өтімділігінің үлкен мерзіммен байланысты ауыл шаруашылықтағы инвестицияның жетіспеушілігі, ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауды қамтамасыз ететін инфрақұрылымның жоқтығы, осы салаға сәйкес мамандардың кетуі.

Өз кезегінде инвестицияның жетіспеушілігі бірінші мынадан көрінеді, саланың төмен техникалық жабдықталуы (ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 80%-ы тозған).

Екіншіден, қаржыландырудың төмендігіне байланысты көптеген шаруалар тыңайтқыштарды қолданбай жердің құнарлы қыртысын бұзады.

Сонымен бірге қазақтар тарихтан белгілі білікті малшылар болған және фермерлер бүгінде бұл саланың бұрынғы әлеуетін қалпына келтіруде. Бұған инвестицияны тарту осы бағытты қарқынды дамытуға алып келер еді.

Сондай-ақ ауыл шарушылығына келген инвестициялар 2015 жылы 167,0 млрд. теңгені құрады, бұл өнеркәсіпке келген инвестициялардан 23 есе төмен. Сондықтан да шетелдік компанияларды агроөндірісті дамытуға тарту жаңа агротехнологияларды, ауыл шаруашылығы техникаларын, дәндік тұқымдарды, тыңайтқыштарды және тағы басқаларды енгізуге мүмкіндік береді.

Біз, қазақстандықтар, өзіміздің отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, өз жерімізде өскен мал етін, жеміс-жидек, көкөністі пайдаланатын боламыз. Ал шетелдік компаниялар бізге салық тө-лейтін болады, жұмыс орындарын құратын болады, ауылдың инфрақұрылымын жақсартады, біздің жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға көмектесетін болады. Біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импортты алмастыруды төмендетуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға тырысуымыз қажет.

Сонымен катар Қазакстанда жерді химизациялаудың тарихи төмен деңгейінде және жақын маңдағы нарықтың төлем қабілеттілігіне байланысты көрінетін органикалык өнімді өндіру үшін қолайлы шарттар жасалған.

2015 жылдың аяғында органикалық өнімді өндіру туралы заң қабылданды. Осы заң органикалық өнімнің жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесуге және халықты жоғары деңгейдегі өніммен, ал өндірушіні әділ бағамен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Сонымен қатар оның ғаламдық алғышарттары да бар.

Біріншісі, ол – халықтың өсімі. Халық санының өсімі туралы болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай тамақ өнімін 60%-дан көп, ал дамушы елдерде қазіргі көлемнен екі есе көп өндіруді қажет етеді.

Екіншісі, халықаралық ауыл шаруашылығының әлеуетті деңгейінің төмендеуінен тамақ өнімі дефицитке ұшырауы мүмкін.

Сондықтан да Қазақстан әлемдегі тамақ өнімінің тұрақтануы мен жақсаруына байланысты маңызды рөл ойнамақ.

Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына бөлінген ақы-пұлдың өтімділігі ең кемі 10 жылды құрайды. Ал бұл өндірістің әрі қарай дамуына ұзақ жыл қажет.

Мысалы, шетелдіктерге жерді жалға беру Ресейде — 49 жыл, ал Біріккен Араб Әмірлігінде-99 жылды құрайды. Бұл тегіннен тегін емес.

Жер мәселесі туралы сөз болғанда Азаматтық алу мәселесі (жалған некелер, Қазақстан Республикасының азаматымен некелескен тұлғалардың азаматтық алуы және олардың жер үлесін алуы) де тысқары қалмасы анық. Бұл орайда ҚР заңдарына сүйенеміз.

Қазақстан Республикасының азаматтығына: Қазақстан Республикасының аумағында кемінде бес жыл тұрақты тұрып келе жатқан тұлғалар немесе Қазақстан Республикасының азаматымен некелескен тұлғалар (ең кемі үш жыл) қабылдана алады.

Аталған норма Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» заңының 16-бабына сәйкес реттелген.

Егер де шетелдік азамат азаматтық алу мақсатында Қазақстан Республикасының азаматымен жалған некеге тұратын болса, оның азаматтық алу мәселесі жойылады.

Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында нақты бекітілген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» заңының 6-тармағы, 21-бабы: «Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына негіз болған Қазақстан Республикасының азаматымен некесін сот жарамсыз деп таныса».

Ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншік құқығын енгізу ұзақ мерзімді жалға беруге қарағанда оның нәтижелі қолданылып жатқандығы объективті көрсеткіштермен дәлелденген.

Жеке меншік жері бар адам міндетті түрде өз жеріне жауапкершілікпен қарап, оны қолданады және жері арқылы табыс табады. Алайда жерді жалға алып, ол үшін мардымсыз ақша төлеген Қазақстан азаматтары (орташа есеппен 200 тг/га), жерге қамқорлық тұрғысынан қарамайды.

Ауыл шаруашылығына инвентаризация жүргізу нәтижесінде (2012-2014 ж. ж.) 7,4 млн. га аумағында 19,2 мың қолданылмаған жер учаскелері бар екендігі анықталған. Сонымен қатар топырақ құнарлығының деңгейінің төмендегені анықталды.

Сараптама көрсеткендей, заңнаманың бұзылуы көбінде жалға берілген жерді пайдалану немесе пайдаланбау кезінде туындайды. Өйткені жерді жалға алушы тұлғаның басты мақсаты – табиғи ресурс ретінде жердің құнарлы бөлігін эксплуатациялау болып табылады.

Қазіргі жерді жалға алушылардың біразы жерді адал пайдаланбайды және жерді өңдеу кезінде қазіргі технологиялық мүмкіндіктерді қарастырмайды.

Осыған орай Ұлт жоспарының 35-қадамында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу қарастырылған.

Заңда нақты бөліп көрсетілгендей, ауыл шаруашылығы жерлерге жеке меншік құқығы Қазақстан Республикасының азаматына ғана беріледі, ал жалға алу құқығы шетел азаматына беріледі.

Сондықтан некелік қатынастар жерге қатысты құқықтарға ықпал етпейді.

Қазақстандық ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда (зайыбының), жеке меншігінде жер бөлігі қалады, ал шетелдік азаматта жалға алумен шектеледі.

Жер кодексінің 24-бабына сәйкес заңды тұлғалардың жарғылық капиталында шетелдіктер үлесі 50 пайыздан астам болса, онда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тек 25 жылға жалға алуға мүмкіндігі бар.

Егер заңды тұлғаның шетелдік қорына қатысуы (үлесі) ұлғайған жағдайда, Жер кодексінің 66-бабына сәйкес жер учаскесі шеттетіліп немесе жалға алу құқығы үш ай мерзім ішінде қайта рәсімделуі тиіс.

Егер көрсетілген эаңды талаптар орындалмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган жер учаскесінің орналасқан жері бойынша сот органдарына жер телімін мемлекет меншігіне өткізу жөніндегі шағымын жібереді.

Егер қазақстандық жер телімі шетелдік банкке кепілдікке қойылған жағдайда, шетелдік банк жерді меншігіне алуға құқылы емес.

Анықтама: Жер кодексінің 24-бабына сәйкес (2016 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген өзгеріске сәйкес), шетелдік тұлғалар ауыл шаруашылығына қатысты жерлерді 25 жылға жалға алып, тек қана уақытша қолдануға құқылы.

Мұндай жағдайда да Жер кодексінің 66-бабының 1-тармағына сәйкес шетелдік тұлға үш ай ішінде жерді иеліктен шығаруға талаптанып немесе жер құқығын қайта рәсімдеу керек. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда облыстың жергілікті атқарушы органы, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар, облыстық деңгейдегі қалалар жерді орналасқан аумағына байланысты қайтарып алуға шағым түсіре алады.


Береке бастауы – бірлік

Күні: , 194 рет оқылды

IMG_9032


Өткен жексенбіде Орал қаласындағы Абай даңғылында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов мерекелік бағдарлама мен этноауылдағы көріністерді қалың көпшілікпен бірге тамашалады.


Отанымыз үшін бұл мейрамның орны ерекше. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Бірлік мерекесіне жиналған қалың қауымды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

– Биылғы бірлік күні ерекше атап өтілуде, өйткені Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасының басшылығымен Қазақстан әлемдік аренада өз орнын бекітті. Еліміз дамып, өңірлеріміз гүлденіп келеді. Облыс орталығы – Орал шаһарында көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Атап айтсақ, ауруханалар, мектептер, балабақшалар салынды, жолдар күрделі жөндеуден өтіп, көпірлер салынды, тұрғын үй кезегінде тұрған жүздеген адам пәтер алуда, жас отбасылар үйлі болып жатыр. Әр ауданда, әр ауылда игі істер жүзеге асырылуда. Елбасымыз айтқандай, барлық табыстарымыздың кілті – еліміздің бірлігі! Құрметті ағайын, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз! Бірлігіміз жарасқан ұлы дала елінде көк байрағымыз биіктей берсін! Мереке құтты болсын! — деді облыс басшысы.

Мерекелік іс-шара кезінде қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қазақ елінде өмір сүретін түрлі ұлттардың бейбіт тірлігін көрсетсе, жергілікті өнер ордалары концерттік бағдарламаларын тарту етті. Атап айтсақ, “Орал сазы” фольклорлық ансамблі Мәменнің “Ақжелеңін”, орыс ұлт-аспаптар оркестрі қазақтың “Көкпар” әуенін орындады. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері әуелетіп ән салып, “Назерке” халық би ансамблінің мың бұралған бишілері мерекенің мерейін үстем етті.

Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы мен қала басшысы Нариман Төреғалиұлы алаңдағы этноауылды аралап, өңіріміздегі 17 этномәдени бірлестіктің мерекелік бағдарламасын тамашалады. Түрлі ұлт өкілі меймандарды өз әдет-ғұрыптарымен таныстырып, өнер көрсетіп, ұлттық дастарқандарынан дәм татқызды. Дүнгендер «Ақ көгершін» әнін айтса, беларусь ұлтының өкілдері өз тілдерінде ән шырқап, шешендер ұлттық биімен қошеметке ие болды. Өзге ұлттар мен ұлыстар да халықтың назарына бөленді.

Мерекелік шара түстен кейін қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасты.

*    *    *

Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесі аясында қалалық мәдениет және демалыс саябағында жазғы маусымның ашылуы өтіп, оған қала әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне саябақ алдына мерекені айшықтайтын белгі орнатылып, шаһар басшысының қатысуымен бейбітшіліктің символы болған 25 көгершін көкке ұшырылды. Бұдан кейін Нариман Төреғалиұлы саябақты аралап, жаңадан ашылған тамақтану орындары мен көпшілік демалыс орындарының жәй-күйін қадағалады. Мереке қарсаңында саябақ аумағындағы барлық аттракциондар мен балалардың ойын алаңқайлары іске қосылып, бірнеше алаңда мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымның бүлдіршіндері асфальт бетіне “Достық” тақырыбында суреттер салып, өзара бақ сынасты.

Бұдан кейін қала әкімі Орал тұрғындары мен қонақтарын атаулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

— Құрметті қалалықтар мен қала қонақтары, бүгінгі халықтар бірлігі мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Биылғы мереке Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп, ерекше аталып өтуде. Бүгін өңдеуден өткен саябақ өзінің жазғы маусымын бастады. Саябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға қолайлы, барлық мүмкіндіктер жасалуда. Бұл ел экономикасының қуат алып, әлеуметіміздің жақсарып келе жатқанының көрінісі деуге болады. Қаламызда тұрып жатқан түрлі ұлттардың ауызбіршілігінің арқасында шаһар келбеті күн өткен сайын көркейіп келеді. Қазақстан біздің ортақ үйіміз болса, осы үйімізде достық туы мәңгі желбіреп, елімізде тек тыныштық орнасын, — деген қала әкімі православ христиандарын Пасха мерекесімен құттықтауды да ұмыт қалдырмады.

— Биылғы маусымда саябақ біраз өзгерді. Көпшілік тамақтану орны бір жерге шоғырланды. Сондай-ақ Орал қаласында биыл тұңғыш рет ағаш жаңқасынан жасалған ертегілер тақырыбындағы композиция қойылды. Жаңадан сауда орындары ашылды. Бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан аттракциондар мен балалар ойын алаңдары түгел жөндеуден өтті, — дейді қалалық мәдениет және демалыс саябағы директорының орынбасары Аңсар Дүйсенов.

Бұдан кейін жергілікті өнерпаздар әр жерде концерт қойып, жұртшылыққа шат-шадыман көңіл күй сыйлады.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ,

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Ашаршылық құрбандарының электрондық базасы

Күні: , 222 рет оқылды

скриншот


Қазақ халқы ХХ ғасырда өзінің сан ғасырлық тарихындағы ең азапты қасіретін бастан кешірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті  Н. Назарбаев: «Сталиндік ұжымдастырудың қылмысты зардабынан 1,5 миллион қазақ ашаршылықтан қырылды. 1,3 миллион қазақ бұрынғы КСРО аумағынан ауа көшуге мәжбүр болып, қуғындау мен мұқтаждықтан бас сауғалады. Осыдан-ақ әлемде бірде-бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күйреушілікті бастан кешпегенін және толық жойылып кету қаупі туындамағанын түсінуге болады», – деп атап көрсетті.


Қазақ елінің тарихындағы қасіретке толы беттердің бірі – 1932-1933 жылдардағы ашаршылық апаты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің үстемдік құрған шағында XX ғасырдың 20-30-жылдары қазақ еліне қолдан қиянат жасалды. Оның астыртын құпия себептері болды. Мысалы, дәстүрлі қоғамда өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының мал-мүлкіне 1928 жылы тәркілеу жүргізді. Мұның соңы халықтың көтеріліске шығуына, қырылуына, одан кейін ашаршылыққа ұрынып, босыған қазақ жұрты алыс және жақын шетелдерге шұбыра көшіп, табанын тас тіліп, көзін қарға шұқыған қайғылы жағдайларға ұласты.

Президент архивінің ұйымдастыруымен еліміздегі 1931-1933 жылғы ашаршылық туралы материалдарды кең ауқымда жинау және қазақ халқы құрбандарының тізімін жасап, аштыққа ұшырағандарды ел есінде мәңгі сақтау үшін жаңа www.asharshylyq.kz веб-сайты ашылды.

«Ұлы жұт» деп аталған нәубеттің зардабынан әр қазақтың жанұясы жапа шекті. Қазақ халқының үштен бірі аштықтан өзектері үзіліп, дәрменсіз күйде өмірден өтті. Көбісінің сүйектері шашылып, айдалада көмусіз қалды.

Күні бүгінге дейін миллиондаған құрбандардың есімі белгісіз күйінде қалып отыр. Алайда әрбір отбасында ата-бабаларының сарғайған фотосуреттері, отбасылық хаттары, қолмен жазылған естеліктері, өмірбаяны сияқты құжаттары сақтаулы. Сол себептен Қазақстан Республикасы Президентінің архиві 1930 жылдардағы ашаршылық тарихы жөніндегі естеліктерді, құжаттарды және материалдарды кең ауқымда жинауға шақырады.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің бастамасымен құрылған республикалық бірыңғай электрондық деректер базасына құрбан болғандардың аты-жөндері ғана емес, отандық және шетелдік ғалымдардың Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты жасаған зерттеу жұмыстары, кітаптары, мақалаларының электронды нұсқалары енгізіледі. Сондай-ақ ашаршылыққа байланысты аудио, фото және бейнематериалдар топтастырылады.

Осынау ауқымды іске батысқазақстандықтар да өз үлестерін қоса алады. Ол үшін www.asharshylyq.kz  веб-сайтындағы электрондық деректер базасына аты-жөндерін толтыра отырып, мәлімет енгізеді. Сонымен бірге ашаршылық тарихына қатысты құжат-ақпараттарды Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты www.muragat-bko@mail.ru электронды поштасына және Орал қаласы, Қ. Аманжолов, 85-үйге жолдай аласыз.

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты барша батысқазақстандықтарды, өлкетанушыларды, тарихшы-ғалымдарды және ұлтжанды азаматтарды тарихи маңызы зор іске ат салысуға шақырады.

Деректік-бағыттық мәліметтер базасын құру зерттеушілерге өткен тарихтың жекелеген өзекті мәселелері бойынша деректанулық шешім болып табылады. Бұл зерттеу мәселелерін шешумен қатар, тарихтың жалпы проблемасы – отандық тарих жөніндегі деректік базалардың толықтырылуының қамтамасыз етілуіне бағытталған.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің 1930 жылғы ашаршылық құрбандары жөніндегі бірыңғай мәліметтер базасын құруы, қаза болған отандастарымыздың есімі көрсетілген тізімін жасауы – ел тарихының қасіретті тұстарының одан әрі терең зерттелуіне зор деректанулық база болып қызмет етпек.

Айжан САУҒАБАЕВА,

БҚО мемлекеттік мұрағатының директоры


Халықаралық тәжірибе ескерілді

Күні: , 162 рет оқылды

IMG_9578


Кеше Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерімен және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті.


Жиынды ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшардың айтуынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірімізге іссапармен келді. Соған орай Шафхат Әнесұлы зиялы қауым өкілдерімен кездесу үшін арнайы шақырылды.

Өз кезегінде сөз алған Шавхат Өтемісов VІ шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің жұмысы, қабылданып жатқан заңдар турасында мәлімет берді.

– Құрметті жерлестер, Мәжілістің регламенті бойынша депутаттар тоқсан сайын аймақтарға іссапарға шығып, сайлаушылармен кездесіп, заң шығарушы органның атқарып жатқан жұмыстарын, алдағы жоспарларын баяндап, қоғамда орын алып жатқан маңызды оқиғалар турасында өңір тұрғындарымен ой бөліседі. Соған сәйкес бүгін Ақ Жайық өңіріне Мәжілістің бір топ депутаттары келді. Бәріміз әр жерде кездесулер өткізудеміз. Өздеріңіз білесіздер, кешегі сайлауда «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетіп, 107 депутаттың 84 мандатын иеленді. Сондай-ақ Қазақстан коммунистік партиясының және «Ақжол» партиясының өкілдері де халық қалаулылары атанды. Сол себепті біз көппартиялы Парламент Мәжілісі болып саналамыз.

Оған қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан тоғыз азамат депутаттық мандатқа ие болды. Қазір жеті комитет құрылды. Сондай-ақ Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанынан экономикалық, әлеуметтік мәселелермен айналысатын, жергілікті мәслихаттармен байланыс ұстайтын қоғамдық кеңестер жұмыс істеуде. Фракция жанынан құрылған комиссиялар да бар. Мұның бәрі шығатын заңның сапалы болуына өз үлестерін қосады. Жаңа сайланған депутаттар жұмыстарына енді кірісуде. Ал V шақырылымдағы депутаттармен көптеген заң қабылданғанын білесіздер. Мәселен, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында 59 заң қабылданды, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасын табады. Таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылдануын да тарихи оқиға деп бағалауға болады, – деді Шафхат Әнесұлы.

Содан кейін халық қалаулысы бүгінгі қоғамда түрлі пікірталастар тудырып отырған Жер кодексіне жаңадан енгізілген нормаларға тоқталды. «Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап бұл нормалар күшіне енеді, – деді ол. – Жер кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу кезінде заң шығарушы орган нені көздеді? Біріншіден, қазақстандықтарға жерге жеке меншік құқығын иеленуге мүмкіндік берілді. Бұл құқық негізінен 2003 жылдан бері бар. Ал оның механизмі енді енгізіліп отыр. Осы жерде екпін түсіріп айтатын нәрсе, мұндай құқыққа тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана ие. Ал шетелдіктер тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 25 жылға дейін, яғни уақытша жалға ала алады. Азаматтардың бәрі бірдей заңды оқып жатпағаны аян, сол себепті «Қазақстанның жері шетелдіктердің иелігіне өтеді екен» деген секілді түрлі түсінбеушіліктер туындауда. Неге 25 жыл? Соған тоқталып өтейін. Бұрын ол 10 жыл мерзім болды. Он жылда жерге салған инвестиция өзін ақтап үлгермейді. Сол себепті ол 25 жылға дейін созылды. Мәселен, Ресейде жер шетелдіктерге 49, ал Сауд Арабиясында 99 жылға дейін жалға беріледі. Бұл заң нормалары осындай халықаралық тәжірибе негізінде енгізіліп отыр. Екіншіден, егер бұрын жерді пайдалану мақсатын өзгерткен жағдайда жергілікті атқарушы билік бұл бағытта жаңа шешім қабылдауы үшін көптеген іс-шара болатын. Енді бұл шаралар алынып тасталды, тек айналысатын ісі ауыл шаруашылығы мақсатында болса жетіп жатыр. Үшіншіден, жерді жалға алушының ол жерге қатысты ешқандай құқығы болмайтын, қазір ол құқығы кеңіді. Яғни банкке кепілге қоя алады немесе басқа біреуге жалға бере  алады. Тағы бір айта кетер маңызды жайт, егер мүмкіндігі болса, шаруа жалға алған жерін сатып ала алады, болмаса бұрынғысынша пайдалана береді. Бұл мәселеге байланысты да түрлі пікір бар. Біреулер өздерін күштеп сатып алдырады немесе оның жерін аукционға қояды деп ойлап жүр. Мұның бәрі заңда анық жазылған. Аукционға тек артық жерлер ғана шығарылады. Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 млн. гектардан аса артық жер бар. Сондай-ақ тағы осындай көлемде жер қорда тұр. Міне, бос жатқан осы жерлерді кәдеге жарату керек. Яғни бір инвестор келіп ол жерге өз ісін ашып, жұмыс орындарын ұйымдастырып, бюджетке салық төлейді. Бұдан еліміздің тұрғындары ұтпаса, ұтылмайды. Ұсынылып отырған реформаның мақсаты осы».

Облысымыздағы жердің жағдайына тоқталған  Мәлік Құлшардың сөзіне қарағанда, облыс аумағында 15133 мың гектар жер бар болса, соның 5,7 млн. гектары ауыл шаруашылығы мақсатында. Осы ауыл шаруашылығы бағытындағы жердің  4,8 млн. гектары (84 пайыз) ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген заңды тұлғалардың еншісінде. Бұл жерлерді ел азаматтары 49 жылға жалға алып отыр.

Содан соң Шавхат Өтемісов Жер кодексіне енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге қатысты  түрлі  сұрақтарға  жауап  берді.

Мәди  ЫҚЫЛАС


Бірлік – дамудың негізі

Күні: , 157 рет оқылды

DMS_4593


Сәрсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты Бақтияр Мәкен ҚазИИТУ ғылыми-білім кешеніне арнайы келіп, зиялы қауыммен кездесті.


– Біз бір топ депутаттар облыстың әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жағдайы, өңірдегі  проблемаларды шешу жолдарын қарастыру мақсатында арнайы келдік. Ең басты мақсатымыз – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында қабылданған  «Мәңгілік ел» патриоттық актісі бойынша насихат жұмыстарын жүргізу. Мызғымас тәуелсіздігін алған қазақ еліндегі ұлтаралық жарасым, конфессияаралық түсіністік, мұның бәрі – тұрақтылықтың арқасы. Сондықтан Елбасымыздың «Мәңгілік ел» ұстанымын жастарға түсіндірмекпіз. Елбасымыздың өзі де жастар алға ұмтылуы керек деп жиі айтады. Жастарға тегін білім алуға, өзін дамытуға, тұрмыс жағдайын жақсартуға бар мүмкіндік жасалған. Өзім қарапайым ауылдың баласымын. Ауылдан келіп, жоғары оқу орнына түстім. Қоғамдық жұмыстарға белсене араластым.  «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алдым. Сондықтан жастар  мемлекетімізде жасалып жатқан мүмкіндіктің бәрін пайдалана білу керек, – деді Бақтияр Мәкен кездесуде сөйлеген  сөзінде.

Жастармен жүзбе-жүз кездесіп, олардың толғандырған мәселесін парламентте көтеруді мақсат еткен депутат қазіргі өзекті мәселенің бірі – жер мәселесіне қатысты журналистер қойған сұраққа былай деп жауап берді:

– Жер – халықтікі. Ол – біздің бабамыздан қалған байлығымыз.  Жер ешқашан шетелдіктерге сатылмайды.  Бұл – теріс бағыттағы әңгіме, — деді ол.

Кездесу барысында жастардың бірден жұмыс таба алмайтындығы да зиялы қауым назарынан тыс қалған жоқ. Кездесуге жиналған ұстаздар мен студенттер сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


Чемпион қатысқан велошеру

Күні: , 177 рет оқылды

IMG_8835


Өткен сенбі күні Орал қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көпшілік велошеру ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, олимпиада ойындарының чемпионы, Вела Баркер кубогының иегері, боксшы Серік Сәпиев қатысты.


Облыс орталығындағы Теннис орталығынан бастау алған велошеруге 700-дей адам қатысып, П. Атоян атындағы стадионға дейінгі 10 шақырымдық  жолды  жүріп  өтті.

– Қайырлы күн, құрметті қала тұрғындары және қала қонақтары! Бүгін барлығыңыз бірлігімізді көрсетіп, спорттық шараға қатысқандарыңыз үшін шын жүрегімнен алғыс білдіремін және біздің шақыруымызды қабыл алып, спорттық шарамызға  қатысып отырған даңқты спортшымыз Серік бауырымызға рақметімді айтамын. Елбасымыз айтқандай, бұқаралық спортты қолдау – әрбір  қазақстандықтың міндеті. Жылдар бойы әлеуметтік нысандар бой көтеріп, спорттық ғимараттар салынып, жолдарымыз жөнделуде. Осы игіліктің бәрі сіздер үшін. Бейбіт күндерде жолығып, бірлігіміз нығая берсін. Мерекеміз құтты болсын! – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

– Орал шаһарына келіп, сіздермен бірге велошеруге қатысқаныма өте қуаныштымын. Жастарымызды әрдайым спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Батыс Қазақстан облысының әкімшілігіне алғыс білдіре  отырып,  спорттық шаралар көп болсын демекпін, – деді  Серік  Сәпиев.

Концерттік бағдарламалардың алдында  өңір басшысы Алтай Көлгінов «Жас қатысушы» Алуа Тұрарбекқызын, Олег Поповты «Жасы үлкен», Базарғалиевтер отбасын «Спорттық отбасы», Игорь Бондаренконы «Ең креативті қатысушы» аталымдары бойынша марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Шара соңында даңқты боксшы Серік Сәпиевке облыс әкімі естелік сыйлық табыс етті.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ


Жаңа басшы тағайындалды

Күні: , 211 рет оқылды

IMG_9432


Кадрлық өзгерістерге байланысты Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов аталмыш басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды.


– Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 24-бабына сәйкес Қайсар Зәкірұлы Маңқараев 2016 жылдың 4 мамырынан бастап облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Қайсар Маңқараев 1979 жылы дүниеге келген, қаржы-экономикалық білімі бар, экономист-бухгалтер. Еңбек жолын ҚР Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінде бастап, кейін ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігінде қызмет істеді. «ҚР Парламенті шаруашылық басқармасы әкімшілік ғимараттары дирекциясы» РМКК директорының орынбасары, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, төраға міндетін атқарушы болды. 2013 жылдан бері күні бүгінге дейін Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Арман Өтеғұлов Қ. Маңқараевтың ұжыммен тіл табысып, басқарма алдына қойылған міндеттерді сапалы орындап, облыстың бюджет қаражатын жоспарлау және оны тиімді игеру бағытындағы кәсіби жұмыстарына табыстар тіледі.

Өз кезегінде Қайсар Маңқараев облыс басшысына жауапты қызметке тағайындап, сенім білдіргені үшін рақмет айтып, ұжыммен бірге жұмыс істеп, сенім үдесінен шығатынына сендірді.

Бұған дейін аталмыш басқарма басшысы қызметін атқарған Бибігүл Қонысбаева қазір облыс әкімінің орынбасары қызметін атқаруда.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Арандатушыларға ермей, ақылмен таразылаңыздар»

Күні: , 173 рет оқылды

БКМУ фото Халелова Рафхата (143)


Облыс әкімі Алтай Көлгінов студент жастардың шақыруымен өңіріміздегі ең ірі екі жоғары оқу орнында болып, жастармен кездесті.


Алдымен өңір басшысы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жетістіктерімен және техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Білім беру жүйесінде қолданылып жатқан жаңа әдістер, 3Д сканерлер көрсетіліп, университеттің жеке студиясында болды. Жуырда Білім және ғылым министрімен кездескенін айтқан Алтай Көлгінов облысымыздағы жас ғалымдардың робототехникаға ден қою керектігіне тоқталып, «Жақында Білім және ғылым министрімен кездестім. Алдағы уақытта облысымыздағы мектептерге робототехникалар жасайтын кабинеттер ашатын боламыз», – деп атап өтті.

Бұдан кейін облыс әкімі Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің әскери-патриоттық музейіне бас сұғып, жетекшісі – ардагер Павел Букаткинді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Өңір  басшысы Алтай Көлгінов студенттердің шақыруына алғыс айтып, олармен пікір алмасуға келгенін ескертіп, жастарды не алаңдататынын ашық сұрады.

– Облыс әкімі ретінде ең бірінші қандай мәселелерді шешуді қолға аласыз?

– Облысымыздағы ең күрделі мәселелердің бірі – жол мәселесі. Республикалық маңызы бар жолдарға 9 млрд. теңге, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 6 млрд. теңге бөлініп отыр. Орал-Тасқала тас жолының құрылысын жақында барып көріп қайттым. Тас жол Жалпақталға дейін ғана екенін білесіздер. Одан әрі Қазталовқа дейін салу жоспарланып отыр. Арғы жағынан Жәнібектен бері қарай жол салу басталды. Тағы бірнеше бағыттар мен облыс орталығының жолдары жөнделеді.

Әуежай бойынша қиындықты көп көрдік. Ұшып-қону алаңы былтыр жөнделгенімен, енді оның терминалын қалыпқа келтіру мәселесі тұр. Ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары облыс бола тұра, өзіміздің мүмкіндігімізді толық пайдалана алмай келеміз. Шикізат көзіне тәуелділіктен арылу мақсатында Елбасының тапсырмасымен үдемелі индустриялы-инновациялық бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Енді өндіріске қосымша қуат беретін осы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі тұр. Біздегі арналарды тазарту жұмыстары басталады, сол арқылы суармалы жер көлемін ұлғайтуды қолға алмақпыз.

– Қаламыздағы, ауылдардағы мектептерде үштілді білім беру жүйесін енгізуге көзқарасыңыз қалай?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір қазақстандықтың өміріндегі үштілділіктің маңыздылығы туралы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан  мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтқан болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, орыс тіліне де сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқаны рас. Ал енді ағылшын тілі әрқайсымыз үшін жаңа және шексіз мүмкіндіктерді ашады. Қазір жылдам жүріп жатқан жаһандану кезеңінде бүкіл ғылым мен білім, технологияны игеру ағылшын тіліне келіп тірелетініне көздеріңіз жетіп отыр. Сондықтан үш тілде білім беру жүйесі біздегі алдыңғы қатарлы Назарбаев мек-тептерінің үлгісінде бірте-бірте енгізілетін болады.

Студенттер «Болашақ» бағдарламасының әкімнің қазіргі жұмысына қандай пайдасын тигізіп жатқанын, жеке тәжірибесін ғана сұрап қана қоймай, қала ішінде кейде қатынау қиындығын мәселе етіп те көтерді. Зашаған кентінен автобустың қатынауы қиын, кешкі сағат 6-дан кейін жүрмей қалатынын айтқан студенттің өтінішін облыс әкімі қағазға түртіп алды.

Бұдан кейін Алтай Көлгінов Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттерімен де кездесті.

Болашақ ауыл шаруашылығы мамандарының қоғамда кеңінен талқыланып жатқан жер мәселесіне қатысты сұрақтары көп болды.

Облыс әкімі жерге қатысты сұрақтарға жастардың тілімен түсіндіріп берді.

– Жер туралы кодексте жер сатылмайтыны тайға таңба басқандай жазылған. Оны жалға беру де енді қабылданып отырған жоқ. Ол 2003 жылдан бері бар. Заңдағы оң өзгерістер көп. Мемлекет кез келген жерді сатайын деп отырған жоқ. Тек ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлер ғана. Сіздер ауыл шаруашылығы маманы боласыздар. Диплом алған соң сол жерлерді игеріңіздер. Барлық жағдай жасалады. Бірінші кезекте өзіміздің  азаматтарымыз қамтылады. Шетел түгілі, қазір көрші облыстың шаруалары да келейін деп отырған жоқ. Шаруа жасауға ықыласты адамға толық мүмкіндік берілгенде ғана қазір қараусыз жатқан жерлердің жауапты иесі болады.

Алтай Көлгінов жер мәселесіне аса жауапкершілікпен қарап, сақтық пен сабырлылық танытуға шақырды. «Әлеуметтік желілердегі арандатушыларға ермей, ақылмен таразылаңыздар. Жер шетелдіктерге берілмейді. Сұрақтарың болса, кездесуге дайынмын», — деген өңір басшысы жаңашыл, белсенді, білімді жастардың барлық бастамаларын қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Облыс  әкімінің баспасөз  қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика