Мұрағат: 28.04.2016


Кезек азайып келе ме?..

Күні: , 197 рет оқылды

DMS_1948


Осы аптаның басында өткен селекторлық жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов қаламыздағы емханадағы келеңсіздіктерді сынға алып, аталған мәселелерді шешуге бір апта уақыт берген еді.


«Осы бағытта қаламыздағы №2 емханада жұмыс қалай жүріп жатыр екен?» деген сұрақпен жұма күні таңғы сағат 8-ден кете арнайы бардық. Бұл күн аптаның аяғы болған соң ба, кісі қарасы аз болды. Барған сәтте бірінші қабаттан бастап есік алдында тұрған медицина қызметкерлерін байқадық. Төрт қабатта да қолдарына еден жуғышын ұстап, жүгіріп жүрген тазалықшыларды көрдік. Олар емделушілер әр өткен сайын баспалдақ бойын жуып жүрді. Емхананың іші тап-таза, тып-тыныш. Әр бөлменің алдында отырған бірді-екілі адамдар. Осы жерде анализ тапсырып жүрген қала тұрғыны Тахулия Жарылғасованы әңгімеге тарттым. Ол кісі дәрігерлердің қыз-метіне өте риза екендігін айтты.

— Менің ешқандай шағымым жоқ. Қант ауруымен есепте тұрмын. Терапевт дәрігерім Алтынбек Қырықбаев та, медбикелер де өз жұмысын жақсы біледі, — дейді ол. Гинеколог-дәрігерге келіп отырған Бибігүл атты келіншек те дәрігерлердің жұмысына дән риза.

— Мен аяғым ауыр болғандықтан, дәрігерлерге жиі келемін. Алла қосса, екінші баламды дүниеге әкелмекпін. Гинеколог-дәрігерім Лилия Баймұхамбетова – өте сауатты дәрігер. Бұл жерде бәрі уақытпен жүреді.

Онколог дәрігерге келіп отырған Л. Шолақова атты қала тұрғыны емханадағы кезек мәселесі енді реттеліп келеді деп есептейді.

— Мен адам аз уақытта келуге тырысамын. Бұрын алдын ала жазылғанмен, кезек күтіп жүрдік қой. Енді жақсарып келеді. Ал дәрігерлердің біліктілігіне айтар уәжім жоқ. Терапевт-дәрігерім Татьяна Николаевна – өте жақсы дәрігер — дейді ол.

— Емханаға дәрігерге қаралу үшін кемі бір апта уақыт керек. Баламен келсем де, өзім келсем де, кезек күтіп жарты күн, кейде бір күн отырамын. Таңертеңнен бастап, анализдеріңді тапсырып, оның қорытындысын күтесің. Мүмкін, қазір жақсарған болар. Мәселен, өзім қаралатын болсам, мен бірінші жазылуым керек. Одан келіп, уақытпен кіре алмай, тағы күтесің. Санаулы мамандарға қаралу үшін мен бірінші терапевтен жолдама алуым керек. Ол үшін тағы кезекке тұрамын. Жолдаманы алған соң, ол мамандарға тағы жазыламын. Сөйтіп, кезекке тұрып жүргенде, жүйкең жұқарады. Бұл емхананың жақсы жағы – анализді түске дейін қабылдайды. Бұрын бір сағатта үлгеру керек еді, — дейді педиатр-дәрігердің алдында отырған Ардақ атты келіншек.

Әмина ДАРМАҒАМБЕТОВА, №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары:

— Біз қабылдауға келген емделушілерді тізім бойынша электронды түрде қабылдап жатырмыз. Емделушілерге ертемен телефон арқылы да жазылуға болады. Сол бойынша әр күнге жазылған кісілердің тізімін шығарып қоямыз. Емделушілер қазір уақытымен келіп жатыр. Уақыт аралығы 15-20 минуттан. Қазір бұрынғыдай көп кезек жоқ. Келмей қалған кісі болса, екінші кісі өте береді. Санаулы мамандарға терапевтен жолдама алып қаралады. Олар белгіленген күнге алдын ала жазылады. Емделуші келгенде, ол кісінің уақыты шығып тұрады. Қазір емханамызда жақсы өзгерістер болып жатыр. Алдағы уақытта табло орнатылмақ. Біз алдын ала жазылмай, ауырып келген адамды қабылдап, көмек көрсетеміз. Қызумен келген адамды төменде фильтрде қабылдаймыз. Дәрігерді сол жерге шақыртып, ем тағайындаймыз.

Өзім де осы емхананың емделушісімін. Кішкентай баламмен осы емханаға жиі барып тұрамын. Жасырмаймын, сағаттап кезек күтемін. Педиатр-дәрігердің біліктілігіне күмәнім жоқ. Бірақ ол кісіге қаралып шығу үшін жарты күн уақытым кететін. Бұрын… мен әр барғанымда, сеңдей соғылысқан адамдарды көретінмін. Әр бөлменің алдында қарақұрым кісі көп болатын. Әбден шаршап, жүйкелері жұқарған адамдардың ренішін еститінмін. Өткен жылы өзім барып қаралғанымда, терапевт дәрігерге кіру үшін алдын ала жазылып, екі сағат күткен едім. Бүгінгі емханадағы жайбарақат адамдар, қызу жұмыс жасап жатқан дәрігерлер көңілден шықты. Бас дәрігердің орынбасары «Қазір бұрынғыдай емес. Жазылған уақытыңызда дәлме-дәл кіресіз» деді сенімді түрде…

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ауданында орналасқан №4 қалалық емханадағы жағдай бірқалыпты. Таңсәріден келген тұрғындар өз кезегімен емдерін алуда. Бұл емханада сол ауданда тұратын 42 409 тұрғын тіркелген.

Емхана дәлізінде тұрып, біраз келушілерге жолықтық. Олар басқа емханалардағы жағдай сияқты күні бұрын тіркелген уақытында дәрігерге кіре алмау, медициналық кәртешкесін таба алмай қалу секілді олқылық бұл емдеу орнында да ішінара кездесетінін айтты. Дегенмен біз жолыққан  емделушілердің басым көпшілігі емхана жұмысына оң баға берді.

— Осы аумақта көп жылдан бері тұрамын. Бір жеріміз ауыра қалса, осы емхананың табалдырығын тоздырамыз. Бүгін де ерте тұрып, қан сынамаларын тапсыруға келдім. Өз кезегім келгенде қан тапсырып шығып тұрмын. Түстен кейін қорытындысына келемін. Жалпы, емхананың тұрғындарға қызмет көрсетуіне көңілім толады. Дәрігерлері де білікті, кішіпейіл. Тазалық жүйесі де жақсы жолға қойылған. Тек бір айтар ұсынысым, балалар емханасы бөлек болса екен деймін. Себебі жалпы тұрғындар ем алатын емханаларда аурудың неше түрі кездеседі. Дертіне дауа іздеп келген балалар ауруын асқындырып ала ма деп қорқамын, — дейді 76 жасар зейнеткер Валентина Зверева.

Кемтар баласын қоларбамен сүйреп бара жатқан анаға жолықтық (аты-жөнін айтуды, суретке түсуді жөн санамады).

— Ұлым бала жастан мүгедек болғандықтан, жиі сырқаттанып, емханаға келеміз. Бұл емханада мүгедек жандардың еш кедергісіз қаралуына жағдай жасалған. Кіре-берісте пандус орнатылған. Емхана ішінде лифт жұмыс жасайды. Қай дәрігерге болмасын кезексіз кіреміз. Денсаулығында кінәрат бар балаларға психолог, логопед, дефектолог кабинеттері қалыпты жұмыс жасайды. Қажет жағдайда балаларымызға үйден көмек көрсетеді, — деді ол.

 * * *

№5 емхана басшысы Сәуле Бұлқашевамен кездесіп, аз-кем сұхбаттастық.

— Біздің емхана 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда емханада 64 дәрігер, 159 медбике 46790 тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді. Емханамызда 21 учаске бар, сол учаскелерге 21 жалпы тәжірибедегі дәрігер бекітілген. Ол дәрігерлерге үш медбике, бір әлеуметтік қызметкер және психолог көмек көрсетеді. Бұған акушер-гинекологты акушеркасымен қосыңыз. Әр учаскеде 2100 тұрғын бар, жаңағы айтып отырған жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің әрқайсысы өзінің көмекшілерімен бірге осыншама тұрғынға көмек көрсетуі тиіс. Олар белгіленген сағатқа сәйкес науқастарды 4 сағат бойы қабылдап, қалған 3 сағат уақытын шақырту бойынша қызмет көрсетуге арнайды. Бұған қоса емханада үйге барып қызмет көрсету жүйесі қалыптасқан. Яғни әр учаске дәрігерлері қарт адамдар мен жүріп-тұруы қиын мүгедектердің үйлеріне барып, олардың денсаулықтарын тексереді. Дәрігер белгілеген ем-домды медбикелер жасайды. Бізде кадр жетіспеушілігі жоқ.

Ал енді емханадағы қазіргі өзгерістерге келсек, мұндай тәртіпті орнатуға біз бұрыннан да әрекет жасап келеміз. Облыс әкімінің талабы осы бағыттағы жұмысымызды ширатуға себепші болды. Дәл қазіргі уақытта әкім талап еткендей, кезекті жеңілдету үшін электронды таблоны қою жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұған 22 млн. теңге қаражат керек. Әзірге таблоның орнына әрбір қабылдау бөлмесінің алдына науқастар тізімі және олардың кіру уақыты көрсетілген парақша ілдік. Науқастар осы парақтағы ретпен әрқайсысы өз уақытында қабылдауға кіреді. Қабылдауға келмейтін немесе келмеген науқастардың атыжөні арнайы маркермен сызылады және оның орнына кенеттен ауырып, дәрігер қабылдауына келген науқастар кіреді. Біздің бұл шарамыз өзіміз күткендей нәтиже берді. Соңғы кездері бұрынғыдай кезектің болмау себебі осы шараның нәтижесі деп ойлаймын. Жалпы, емханада науқастардың келу легін реттеу қызметі бұрыннан бар. Анықтамалық ақпарат емхана дәлізіндегі жергілікті теледидар бойынша әр корпуста (А, Б) көрсетіліп тұрады. Кабинеттер жеткілікті, дәрігерлер ересектер мен балаларды бөлек-бөлек екі сағаттан жеке қабылдайды. Емхананың клиникалық зертханасы таңғы сағат 7.30-дан 17.00-ге дейін, ал емшара бөлмесі 09.30-дан кешкі 19.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ пациенттердің амбулаторлық карталарын түгендеу үшін жеке тіркеушілер бекітілген. Карталарды медбикелер қабылдау басталарда дәрігерге жеткізеді, — деген Сәуле Бахытханқызы емханада бұған қосымша пациенттерді қолдау бөлімі жұмыс істейтінін айтып, бізді сол бөлмеге бастап апарды.

№118 бөлмеде науқастардың арыз-шағымы бойынша арнайы жұмыстанып отырған екі қызметкер бізге тіркеу журналын көрсетті. Онда биыл алғашқы үш айда 52 шағымның түскені жазылған. Соның 12-сі дәрігерлік қызметтің сапасына байланысты болса, 19-ы регистратураға хабарласа алмағанына реніш білдірген. Сегіз адам дәрігерлер тарапынан этиканың сақталмай-тынын айтса, үшеуі қабылдауға жазылу бойынша және екеуі дәрігерді үйге шақыртуға байланысты жасалыпты. Тағы үш адам дәрімен қамтамасыз ету бойынша, екі адам тіркеуге қатысты наразылықтарын білдірген.

Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, шағымның көбі (27-сі) Call-center арқылы түскен, кейде науқастар жазбаша да, аяқтай келіп те шағымданып жатады. Сондай-ақ науқастар наразылықтарын 27-83-55 нөмірі арқылы да хабарлауына болады.

— Осы бөлімнің ашылуы емхана жұмысының ширауына көп әсерін тигізді. Тұрғындардың арыз-шағымы арқылы біз мекеме жұмысының кемшілігін көреміз және оны қалпына келтіруге тырысамыз, — деген Сәуле Бахытханқызы қай жұмыстың да ашық жүргізілгені жақсы екенін айтты.

 Бұдан соң мекеме басшысы бізді 101-бөлмеге апарып, қандағы холестерин және глюкоза мөлшерін анықтайтын құрылғыны көрсетті. Ол сондай-ақ бұл құрылғы арқылы науқастардың бар-жоғы 5 минуттың ішінде қан құрамындағы холестерин және глюкоза мөлшерін білуіне болатынын айтып, емхана пациенттерін, соның ішінде созылмалы ауруы бар науқастарды осы құрылғының пайдасын тегін көруге шақырды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Туған жерге абыроймен оралуларыңа тілектеспін»

Күні: , 194 рет оқылды

DSC_0138


Әскер жасындағы жігіттеріміздің денсаулығы әлі де мәз емес. Мамандардың айтуынша, ел қорғауы тиіс жастардың 30-40 пайыздайының денсаулығында шектеу бар. Қарулы күштер қатарына тепсе, темір үзетін, қол-аяғы балғадай азаматтар қажет екені белгілі. Ал ондай жандар көп емес. Сонда қайтпек керек?


Уақытша жеңілдік

Таяуда ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайына байланысты жаңа талаптардың тізбесін енгізді. Үкімет қаулысымен бекітілген бұл талаптар негізінен әскерге шақырылушылар үшін біраз жеңілдікті қарастырады. Көктемгі шақырылымнан бастап қолданысқа енгізіліп отырған осы жеңілдіктер жөнінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің медициналық қызмет басшысы, капитан Жасқайрат Нұрышев тәптіштеп айтып берді. «Менің осы қызметке келгеніме төрт жылға жуық уақыт өтті. Алғаш келген кезде І-ІІ дәрежелі майтабандығы бар жастарды әскерге алуға шектеу қойылатын. Яғни олар Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жарамайтын. Артынан бұл шектеу жойылды да, ондай бозбалалар жауынгерлер сапын толықтырды, — деді ол. — Міне, биыл да біраз шектеулерге өзгерістер енді. Мысалы, салмақ-бой сәйкестігі индексі 19,5-тен төмен болғандар бұрын кейінге қалдырылатын. Ағымдағы жылдан бастап 18,5-тен кем болмаса, жарамды деп саналады. Осы кезге дейін бойшаң жігіттерге мән берілсе, қазір ол да өзгерді. Яғни бойға байланысты талап 165-170 см-дан 160-қа түсті, ал ІІМ азаматтық қорғаныс бойынша әскери бөлімдеріне 155 см-мен алынады. Көздің көру қабілетіне қатысты да жеңілдік бар. Мәселен, былтыр Ұлттық ұлан (гвардия) сарбазы болу үшін көз қырағылығының коэффициенті 0,9-дан кем болмауы керек болса, биыл 0,6-мен де алынуда. Мұның бәрі Отан қорғаушылар сапына талапқа сай келетін жігіттердің жетіспеуінен болып жатыр. Қазір әскер жасындағылардың денін ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде дүниеге келгендер құрауда. Ол кезде республикамыздағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігінен демографиялық ахуал да, ана мен баланы қорғау жайы да, отбасылардағы тұрмыстық жағдай да мәз болмағаны белгілі. Соған байланысты Қорғаныс министрлігі тарапынан тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіліп, жеңілдіктер жасалып отыр. Ертең уақыт өте келе, 2000 жылдардан кейін, мемлекетіміздегі жағдай жақсарғаннан соң дүние есігін ашқан толқынды әскерге шақыру басталған шақта талап қайта қатаяды. Оған дейін осы құжат негізге алынады. Денсаулыққа байланысты талаптың бәрі жеңілдеп жатыр деп айтуға болмайды. Мәселен, бұрын құрт ауруына шалдығып, бұл дерттен сауыққанына біраз уақыт болғандар әскерге шақырылатын. Қазір ондай жандар тіптен алынбайды. Себебі ертең әскерде жүріп қайта сырқаттанса, ауруды жанындағы жауынгерлерге жұқтыруы мүмкін. Психикалық ауруға душар болғандарға да әскерге жарамсыздығы жөнінде куәлікті барынша тездетіп беруге тырысамыз. Өйткені ол алдағы уақытта бір қызметке орналасып, қолына қару алуы немесе жүргізуші куәлігіне ие болып, көлік тізгінін ұстауы ғажап емес. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін біз ертерек тиісті құжаттарын толтырып беруіміз керек. Тағы бір айта кететін жайт, әскер жасындағы жігіттердің арасында түрлі жарақат алған, ота жасалғандар да аз емес. Егер жарақаттары толығымен жазылып кеткеннің өзінде де ондай жандарды біз шектеулілер қатарына жатқызамыз. Мысал үшін айтайық, 18-27 жас аралығындағы бір жігіт біраз уақыт бұрын бір жерін сындырып алуына, не соқыршекке, асқазан жарасына (язваға) байланысты ота жасалып, артынан ол толық жазылып кетті дейік. Дәрігерлер тарапынан оның әскерге жарамдылығы мақұлданды. Соған қарамастан, біз өзіміздің әскери-медициналық қорытындымызда шақырылушыға ота жасалғандығын жазып, оның денсаулығының бүтіндігі бұзылғандығын көрсетеміз. Неге ондай қорытынды жасаймыз? Себебі ертең әскерде ол ауруы сыр беруі әбден мүмкін. Әскердегі жағдай ауылдағыдай, үйдегідей емес қой. Шаршап қалсаң, қажетіңше демалу деген жоқ. Онда әскери тәртіп, жауынгерлік міндет бар. Берілген тапсырманы қиындығына, ауа райы жағдайына қарамастан, уақытында орындау қажет. Мұндай жағдай бір-екі күнге емес, апталап созылып кетуі мүмкін. Осындай сәттерде денсаулығы сыр берсе, қайтеді? Сол себепті ата-ана сәби кезден бастап баласының денсаулығына, әсіресе, ешқандай жарақат алмауына да жете мән берулері керек».

Әскерден жалтарғандарға  жаза қатаң

Бүгінгі таңда жауынгер атану үшін тек денсаулықтың мінсіз болуы аздық етеді. Яғни медициналық тексеруден өткеннен соң тағы да іріктеу жүргізіледі. Аталмыш департаменттің әскерге шақыру бөлімінің басшысы, подполковник Бауыржан Алтаяқовтың айтуынша, әскери бөлімнен келетін өкілдер шақырылушының отбасылық жағдайына жете мән беретін көрінеді. Болашақ жауынгердің толық отбасында тәрбиеленуіне назар аударады. Жалпы, мұндай жұмыстар жергілікті қорғаныс істері құрылымдарымен де жүргізіледі. Мұндағы мамандар әскер жасындағы жігіттердің отбасылық, тұрмыстық жағдайларына, мектепке барғаннан бергі тәртібіне де талдау жасайды. Ата-аналармен, шақырылушымен жеке әңгіме жүргізіледі.

— Әлі де ата-аналармен біраз жұмыс жүргізу керек. Себебі әскери шақыртуды елемей, медициналық тексеріске келмей жүрген жастардың әке-шешелерінің арасында «Баламның қайда жүргенін білмеймін, бізді мазалай бермеңдер» дейтіндер де табылады. Өздеріңіз білесіздер, былтырдан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі мен Қылмыстық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес әскери борышын өтеуден жалтарғандарды жазалау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, заңбұзушыларға ақшалай айыппұл салумен қатар, әскерге шақырудан жүйелі түрде бас тартқан азаматтарды қамауға алу жазасы қарастырылған. Мысалы, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша әскерге шақыру қағазын алғаннан соң аудандық (қалалық), облыстық медициналық комиссияларға келмегендерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде, осы қызметке шақырылудан жалтару 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін мөлшерде айыппұл салынады (бұл шамамен 2 млн. теңге) немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылып, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, иә болмаса, сол мерзімге бас бостандығынан айыру бойынша жазаланады. Ал әскери қызметтен аурумын деп жалған сылтауратқандарға жаза тіптен қатаң. Мәселен, жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сондай іс-әрекет 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (шамамен 6 млн. теңге) салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Сонымен қатар үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалана-ды. Егер шақырылушы тергеп-тексеру мекемесі істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунктіне өз еркімен келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Облысымызда көктемгі, күзгі шақыру науқандары кезінде әскер жасындағы жігіттердің 10 пайыздайы түрлі себеппен келмей қалып жүр. Біз өз тарапымыздан ондай жандар жөніндегі мәліметтерді құқық қорғау органдарына жолдаудамыз. Әзірге өңірімізде бұл бағытта тек ескерту шаралары қолданылуда. Бірақ көп кешікпей заң талаптары бойынша тиісті қатаң шаралар қолға алынары анық. Сол себепті жастар, ата-аналар бұл іске асқан жауапкершілікпен қараулары тиіс, — дейді Бауыржан Алтаяқов.

Арнаулы білімі барлар басымдыққа ие

Сәуірдің 1-і мен 30 маусым аралығында жүретін көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде 900-ге жуық жас батысқазақстандық Қазақстан қарулы күштерінің сапына алынбақ. Олар ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің (Ұлттық ұлан), Қорғаныс министрлігінің, ІІМ Ұлттық ұланның және төтенше жағдайлар бойынша әскери бөлімдерде азаматтық борыштарын өтейтін болады.

Осы шақырылымда орта-арнаулы білімі бар бозбалаларға басымдылық беріледі. Себебі қазір әскери бөлімдер заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен жабдықталуда. Олармен жұмыс істеу үшін техника атаулымен жете таныс мамандар керек. Сондай жастың бірі – Нұраш Серіков. Қазталов ауданының Сатыпалды ауылынан келген ол Орал политехникалық колледжінде оқыған кезде біраз техниканың қыр-сырын меңгерген. Денсаулығы тиісті талапқа сай келіп, осы арнайы білімінің арқасында әскерге алынатындығына қуанышты. «Еліміздің әскері заман талабына сай болуы үшін техникалар жаңартылып, жаңа технологиялар алынып жатқандығын ақпарат құралдарынан оқып, көріп жүрмін, — дейді Нұраш Серіков. — Әскерге алынып, осы техникалардың бірінің арнайы маманы болсам деп армандайтын едім. Сол арманым жүзеге асатындығына қуаныштымын. Мүмкіндік туып жатса, борышымды өтегеннен кейін сол жақта әскери қызметкер болып қалғым келеді».

Көктемгі шақырылым басталғалы бері батысқазақстандық жастардың бес-алты легі аттанды. Аттанар алдында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жастарды әскерге шығарып салу рәсімі өтеді. Таяуда біз де сондай шараның куәсі болдық.

— Сендер аға буынның даңқты дәстүрінің жалғастырушы, ізбасарлары болып табыласыңдар. Себебі отбасыңды, халқыңды қорғау – әрбір ер-азамат үшін басты міндет, абыройлы іс. Әскери антқа адал болып, туған жерлеріңе Отан қорғаушы ретінде абыроймен оралуларыңа тілектеспін, — деді шара барысында департаменттің бөлім басшысы, аға лейтенант Асхат Негімов.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

Нәзира БИСЕНҒАЛИЕВА,

Зеленов ауданының тұрғыны:

— Денсаулығы жақсы болса, ер баланың әскерге барғанын дұрыс деп санаймын. Әрине, ол жақта жеңіл болмайды. Бірақ сол қиындықтарды жеңе білсе, алдағы өмір жолына оның пайдасы көп болары анық. Балам Айболат Бисенғалиев Орал қаласындағы №12 кәсіптік колледжді жақсы бітіріп, дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген. Жақында әскерге шақыру туралы қағаз келіп, дәрігерлік тексерістен ойдағыдай өтіп шықты. Жұмысындағы басшылар да бұған түсі-ністікпен қарап «Бір жылдан кейін қайтып кел» деп сәт сапар тілеп жіберді.

Өзім көп балалы анамын. Жеті бала тәрбиелеп өсіріп отырмын. Айболат – екінші ұлым. Ертең әскерден келген соң ол іні-қарындастарының мақтанышына айналарына сенемін.

Динара,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 2-курс студенті:

— Мен өзім әскерге барып келген жігіттерді қашан да сыйлап жүремін. Жақында бес жылдан бері дос болып жүрген Кенжебек есімді жігітімді әскерге шығарып салдым. Кетерінде «Күтесің бе?» деп сұрады. «Күтемін!» деп нық жауап бердім…

Қайырбек ҚҰРМАНОВ,

Орал қаласының тұрғыны:

— «Балаға әке сыншы» дейді ғой, балаларымды оқуда ғана емес, спортта да, еңбекте де алда болуға үйреттім. Анасы екеуміз балаларымыздың санасына адамгершілік, достық сынды игі қасиеттерді қалыптастыруға тырыстық. Тұңғышым Дастанның сыналар шағы енді келді деп ойлаймын. Себебі әскер – өмір мектебі. Әскерде де өзін жақсы жағынан көрсетеріне сенімдімін.

Жамал ИСАҒҰЛОВА,

Орал қаласының тұрғыны:

— Немерем Ерген әскер қатарына алынып, соны шығарып салу үшін келіп тұрмыз. Әкесі, ағалары, бәрі де Отан алдындағы өз міндеттерін өткеріп келді. Ол да әскери өмірді көріп, шыңдалып келеді деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Отан қорғауға аттанып бара жатқан балаларымыз аман-есен туған ұяларына оралсын.

Қуанғали ҒАБДУЛЛИН,

әскерге шақырылушы:

— Ақжайық ауданының Сарытоғай ауылынан келдім. Бөрлі ауыл шаруашылығы колледжін газэлектрдәнекерлеуші мамандығы бойынша бітірдім. Жақында дипломымды алып, Маңғыстау облысындағы шекара қызметіне азаматтық міндетімді атқаруға аттанып барамын. Отанымыздың шекарасында қызмет етуге моральдық және физикалық тұрғыда дайынмын деп ойлаймын.


Өнімі сұранысқа ие

Күні: , 193 рет оқылды

DSC_0198


Жәнібек ауданындағы Тау ауылының тұрғыны Әділ Сейтеков 2014 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 1 миллион несие алып, кәсібін бастаған. Қазір ол үйінің жанындағы шағын ғимаратта тұрғын үйлерге арналған темір есік жасаумен айналысуда.


— Аталмыш бағдарламаға сәйкес несие алғасын ауыл тұрғындарының үйлері мен мекенжайларына сұраныстарына сәйкес есік жасап, қондырып берудемін, — дейді кәсіпкер. — Бұл жұмысты атқаруда інім Бақтияр көмегін тигізуде. Көршілес ауыл тұрғындары тарапынан да тапсырыстар түсіп тұрады.

Кәсіпкердің сөзінше, тұрғын үйлерге арналған темір есіктің бір данасының құны оған құрал-жабдық алу мен орнатуын қоса есептегенде 40 мың теңге мөлшерінде. Өнімін жасау үшін материалдарды көршілес Ресейден және Орал қаласынан өзінің автокөлігімен алып келеді. Дәнекерлеу аппаратын, темір кесетін құрал және тағы басқа қажетті жабдықтардың бәрін аталған бағдарламаға сәйкес алған несиеге саудалаған. Несиесін уақытында өтеп отырған шебер бұл күндері жасаған өнімімен тұрғындардың талғамынан шығуға тырысуда.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Ерлігі аңызға айналған Әбілқайыр

Күні: , 208 рет оқылды

абулхаир -02


Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған екен. Олар аумалы-төкпелі кезеңдерде қал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты. Қазақ хандығының негізін қалаған екі ұлы тұлға – Керей мен Жәнібек. Жазба деректерде екеуінің шығу тегін Жошы ханнан, оның ұрпақтары Орда Ежен – Сартақай – Қоныша – Баян хан – Сасыбұқа – Ерзен – Шымтай – Орыс ханнан таратады. Орыс ханның бес ұлының үлкені Тоқтақия, оның ұлы Болат, одан Керей. Ал төртінші ұлы Қойыршық, оның ұлы Барақ хан (1428 жылы өлген). Барақтың ұлы Жәнібек.


Жәнібек ханның ұрпақтары ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін қазақ хандығын басқарды. Мәселен, қазақ тарихындағы соңғы хандық Ішкі Бөкейдің негізін қалаған осы Бөкей ханмен байланысты болса, сол жолды одан әрмен жаңғыртқан Жәңгір ханның арғы ата-тегі Кіші жүз ханы Әбілхайыр хан екені белгілі. Әбілқайыр хан – Жәнібектің бесінші ұрпағы. Егер Шыңғыс ханнан бастап таратсақ, хан әулетінің он сегізінші ұрпағы. Жәнібектің Жиренше, Махмуд, Әдік, Қасым хан, Жәдік, Жаныш, Қамбар, Тыныш, Ұзақ (Үсек, Өсеке) атты тоғыз ұлы болған.

Өсеке сұлтаннан Бөлекей Ноян, одан Ырыс сұлтан, одан Қожа сұлтан, одан Абдолла туған. Абдолладан Жолбарыс, Әбілқайыр, Нияз, Досалы деген төрт ұл ел билігіне араласқан, тарихта өзіндік орны бар адамдар. Бұлардың ішінде үлкені Жолбарыс Ұлы жүзге жиырма жыл, Әбілқайыр Кіші жүзге отыз жыл хан болып өтті. Нияз бен Досалы – өзіне қарасты аймақтың беделді сұлтандары. Әбілқайырдың төреден немесе қарадан шыққаны туралы екіжақты пікір айтылады. Ал көрсетілген деректер оның төре тұқымы екенін дәлелдейді. Әбілқайыр ханның ұрпақтары да ел билігіне араласып, халыққа қызмет еткен айтулы тұлғалар.

Әбілқайыр хан ел ісін басқаруға араласып, әрқашан қолдаған жұбайы Бопай сұлудан алты перзент сүйген. Солардың бесеуі – ұл, біреуі – қыз бала. Ұл балалары: Нұралы (1710/11-1790) — 1748-1786 жылдары Кіші жүз ханы, Ералы (1720-1794) — 1791-1794 жылдары Кіші жүз ханы, Қожахмет (1722-1749), Айшуақ (1723/24-1810) — 1791-1805 жылдары Кіші жүз хандары, Әділ (1730-1750). Әбілқайыр балаларының ішінде Қожахмет пен Әділ жастай қайтыс болған. Қызы Зылиха шамамен 1745 жылдары дүниеге келген еді. Себебі әкесі Әбілқайыр хан қаза болғанда, ол әлі кішкентай болатын.

Әбілқайыр ханның Бопай сұлудан соң алған екі әйелінің бірі қалмақтың торғауыт руынан. Одан Шыңғыс деген ұл мен бірнеше қыздары дүниеге келген.

Соңғы әйелі башқұрт елінен. Одан Әбілқайырдың Қаратай деген ұлы туған.

Бопай сұлудан туған бес арыстан көп немере сүйген. Соның ішінде көп әйел алған үлкен баласы Нұралы ханның 75 перзенті болды. Ұлдарының саны — 40. Атап өтсек: Есім, Бөкей, Ғизалы, Қожахмет, Бабық, Шошқара, Бөлеке, Бердіғали, Пірәлі, Бегәлі, Елтай, Есенәлі, Жалтыр, Ишалы, Қаратай, Қондырау, Жиенәлі, Құлтай, Мыңдалы, Сейдалы, Сығай, Көбей, Жарас, Қорқылтай, Айтөре, Артыққали, Шоқа, Мұхаметқали, Абылай, Арыстан, Бердәлі, Орман, Өзбекәлі, Жүсіп, Дербісәлі, Фазылбек….

 Кіші жүз ханы Әбілқайырдың қоғамдық-саяси қызметі, тарихи келбеті танымал тарихшылар тарапынан сан мәрте талқыланып, зерттелуде. Қазақ елінің басына түскен ең бір қиын заманда өмір сүрген Әбілқайыр барлық өмірін сыртқы жаулармен, яғни Ресей мен Жоңғарияға қарсы соғыспен өткізді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін оятқан, әскери біліктілігімен танылған ханның Бұланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729-30) жоңғарларды талқандаған соғыстарда үш жүздің жасақтарын ортақ жауға қарсы күресін ұйымдастырып, халықты ерлік істерге жұмылдырудағы орны ерекше.

Менің пайымдауымша, Әбілқайыр хан өзіндік мүддесін көздесе де, ең бастысы, елінің болашағын тереңнен ойлаған. Тыныштығын қамтамасыз етіп, жерін сақтауға тырысқан. Бұған жоңғар шапқыншылығы кезінде көрсеткен ерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті куә. Әбілқайыр қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта, Ресей империясына арқа сүйеуді ойлап, 1730 жылы Ресейге әскери одақтастық ұсыныс жасайды. Ұсынысы өтпеген соң, 1731 жылы бодан болуға келісіп, шартқа қол қойса да, ел еркіндігін берген жоқ. Басқару жүйесіне, не өзінің саясатына орыс билігін араластырмады. Ресейдің қол астына өту арқылы халықты сырт жаудан қорғауға тырысты, әскери күш-қуатын күшейткісі келді. Егер Әбілқайырға дейінгі хандардың, атап айтсақ, Тәуке ханның Ресеймен одақтасу туралы ұсынысы кезінде қабылданса, әскери қуаты күшейтілген болса, қазақ елі 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қайғысына ұшы-рамас па еді?!

Тарихшы И. Ерофеева: «Хан үшін келісімшарт уақытша ес жиып, күшейіп алғанша қажет болған. Демек, «бодандық» оның түсіне де кірмеген» деп көрсетеді. Оған Орынбор әкімшілігімен қатынастың шиеленіскен тұсында Әбілқайырдың «Мен өз еркіммен келдім, өзім шығамын» деген сөзі нақты айғақ болатындығын ашып жазған. Ел мүддесі үшін патшалық Ресейдің қол астына кіргенін айтса да, іс жүзінде дербестігін сақтады. Әбілқайырдың түпкі мақсаты – Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін және бүкіл күрделі мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешу еді.

Әбілқайыр хан – халқымыздың басындағы қанды тарихи оқиғалардың ішіндегі Еділ-Жайық үшін күресте аса ірі тарихи тұлға. Еділ-Жайық үшін Ресей империясы мен Қазақ елі арасында 150 жылға созылған қанды қырғын болды. Әбілқайыр осы екі өзен аралығын сақтап қалу үшін де күрес жүргізді. Оның қазақтардың Жайық өзенінің бойындағы алқапта мәңгілік көшіп-қону құқығын белсенді қорғап: «Жайық өзені қашан сарқылып, арнасы кеуіп қалғанша қазақтар оның бойынан кетпейді», – деген сөзі дәлелдейді. Бірақ ханның арман-мақсаты орындалмай, 1748 жылы Барақ сұлтанның қолынан қаза табады. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені қорында Орынбор мұрағатынан әкелінген Кіші орда ханы Әбілқайырдың өлімі және Ресейдің қазақтарымен қарым-қатынасы туралы іс пен Әбілқайыр ханның өлімінің себебі туралы хаттың көшірмесі сақталған.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Ресей патшасы Еділ-Жайық аралығындағы жерін жаулап алу саясатын толассыз жүргізді. Сол себепті қазақтар өздерінің атақонысынан айырылды.

ХІХ ғасырдың басында Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде айтарлықтай өзгерістер болды. Әбілқайыр хан өлгеннен соң Кіші жүзде хандық билік әлсірей бастады. Нұралы, Ералы, Шерғазы, Айшуақ хандар билік тізгінін жалғастырып отырды. Патшаның тағайындауымен хандық билікті қолға алған Жантөре ханға қарсы Қаратай сұлтан бастаған Кіші жүз сұлтандарының қанды көтерілістері орын алады. Осы кезеңде Кіші жүздегі билер кеңесінің төрағасы Әбілқайырдың немересі Бөкей сұлтан ел ішіндегі берекесіз өмірден көп зардап шеккен қара халықтың қамы үшін әрі атақонысты қайтару мақсатында Еділ-Жайық аралығына көшіп келді. Бұл қазақ тарихындағы ірі оқиғалардың бірі Бөкей хандығының құрылуына әкелді. Орыс географиялық қоғамының негізін қалаушылардың бірі Алексей Ираклиевич Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қазақ далаларының сипаттамасы» еңбегінде: «Орыс империясы Еділ-Жайық арасын өзіне басыбайлы түрде қосып алды. Жайық қаласына казактар қоныстанып, Жайық өзені екі жақ кемерімен казак әскерлеріне бекітіліп берілген болатын. Міне, осы жерді қайтару үшін Әбілқайырдың немересі Бөкей сұлтан, кейіннен хан, ақылымен, әдіс-тәсілімен 1801 жылы Жайықтан өтіп, атажұртқа қоныстанады. Жан-жағында қаптаған ресейліктердің ортасында «қазақ аралындай» өмір сүрді. Оның ісін жалғастырған ұлы Жәңгір хан ұлтының орыстанып кетуіне жол бермес үшін біліктікпен жұмыстанды» деп көрсетеді.

Бұл – Қазақ елінің батыс шегін Әбілқайырдың өзі, оның ұрпақтары көздерінің қарашығындай қорғап сақтағандығының дәлелді айғағы. Батыр қолбасшы, көреген саясаткер Әбілқайыр ханнан бастау алған хандық билікті жалғастырған ұрпақтары – Бөкей мен Жәңгір Еділ-Жайық арасын қазаққа құтты қоныс жасап, кейінгілерге аманаттап кетті.

Гүлмира ЕЛЕМЕСОВА,

Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің кіші ғылыми қызметкері


Темекеңнің көктемі (қаз-қалпында)

Күні: , 180 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Темірболат Қаржауовпен бізді Қабыршақты ауылдық округінің әкімі Саясат Бимағамбетов таныстырды. Дұрысы, Кныш деген қысқы әрі жазғы орнына бастап апарды. Малшыдан гөрі жоғары оқу орнындағы оқытушыға немесе білдей бір мекеменің экономисі мен есеп маманына келіңкірейтін азамат алдымыздан шықты. Көзілдіріктің арғы жағынан қуақылана жымиған жанарлары сенің тұла бойыңды тінте қарайды. Жалпы, Темекең әзіл-қалжыңға бүйрегі бұрып тұратын көңілді адамдардың сойынан екен. Екеуміздің әңгімеміз үйлесіп жүре берді. «Мынау жазғы, қысқы орның «Кныш» деп аталады екен, қайдан келген атау?» — дедік таңданғанымызды жасырмай.


– Бұл жерде баяғыда Кныш (тегі) деген еврей тұрыпты. Анау өтіп жатқан каналдың суына, жағдайына қарауыл болса керек. Қарауылшығымен қатар жандырма (самогон) айдайды екен әлгі қу, қолы бостау ғой. Содан сол жандырмасымен осы төңірекке аты шыққан ғой. Енді сол жердің иесі менмін.

Біз де қарап тұрмай, «Енді жандырманы сен айдайсың ба?» — дедік әзілге шаптырып. Темекең шошып кетті: «Құдай сақтасын! Мен жандырма айдамаймын, мал айдаймын!» — деп әзілдесе де, шынын айтты. Темекең рас айтады, бір кезде Дүйсекең, әкесі Дүйсенбай ашқан шаруа қожалығын әрі қарай іліп әкеткен. Дүйсекең қожалығын кенже қызының, яғни Темірболаттың қарындасының есімімен «Шынар» деп атаған (Шынар қарындасымыз қалада, «Информбиржа» апталық газетінде қызметкер көрінеді). Сол «Шынар» кәдімгідей тамыр тартып, қанатын жая түскен шаруашылыққа айналыпты. Бүгінде онда 180 бас сиыр, олардың «егелері» асыл текті алты бұқа және келесі жылы төлдейтін 116 қашар бар. Биылғы жылдың төлдері 70-ке жуық бұзау аула ішінде құйрықтарын көкке шаншып тастап, асыр салып жүр. Темекең соларға көзілдірігінің әйнегін еңкейіп бара жатқан күннің кешкі шапағына жылт-жылт еткізіп қарап қояды. Еңбегінің жемісі алдымызда жүргеніне әрі риза болып, әрі сәл-пәл мақтанып тұрғаны да жасырын емес. Қораның бір шетінде тракторлардан бастап, шөп шабатын, тайлайтын, таситын дегендей, техникалар қаздай тізілген. Үйдің іргесінде белдеуге «байланған» інісі екеуінің жол талғамайтын шетелдік екі «Джипі», бір «Реносі» тықыршып тұр… «Шынардың» «генеральный директоры» Дүйсембай ақсақал бүгінде жасы 80-ге таялған, ғұмырлық қосағы, ардагер ұстаз Қойсын апамызбен ұзақ жылғы еңселі еңбектерінің зейнетін қалада көріп жатыр. Қырда өсіп, қырда еңбек еткен ақсақал Кнышқа жиі келіп тұрады. Темекең сияқты балаларының екі аяғын бір етікке тықпағанымен, шаруашылықтың ширата түсетін тұстарын тұспалдап балаларына баппен түсіндіріп, ақылын айтып отырады.

– Ол кісі келгенде, бәріміз «по стойке смирно жүреміз», — деп әзілдейді Темірболат. Үнінен баланың әкеге деген еркелігі де, мақтанышы да байқалады.

Темірболат осы Қабыршақтыда оқып, кейін ауыл шаруашылығы техникумының малдәрігерлік факультетін қотарған. Сосын «Первомай» (қазіргі Қабыршақты ауылы) кеңшарының №1 бөлімшесінде мал дәрігері болып он жыл еңбектеніпті. Өйткені Дүйсекең кеңшардың зоотехнигі болып істегендіктен, «Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, артқысы да солай өтеді» деген қағиданы бұзбаған. Заманның аужайын алыстан аңдайтын аққаптал азамат нарықтық қатынастың түбі үстемдік құрмай қоймайтынын біліп, 1991 жылы жоғарыдағы айтқан қожалығын құрған ғой. Әкелері әуелі қой өсіруді қолға алған.

— Меринос қой өсіруден бастадық. Жүні жібекке бағаланса да, еңбегімізге татымады. Жүнді еш жерге қабылдамайды, есіл дүние далада қалды. Терісі де сол. Құны құлдырағаны сонша – бір қой бір шөлмек «рояль» спиртіне, бір тоқты бес дана кір сабынға бағаланғанын көзіміз көрді ғой. Содан әкеміз бастап ірі қара өсіруге ден қойдық. Он бас ірі қарадан бастап едік, қазір шүкірміз. Малымыз өз төлі есебінен өсіп келеді, — дейді Темірболат бізге қора-қопсысын көрсетіп жүріп. Дүйсекең 10 бас ірі қараны 18 басқа жеткізіп, 1996 жылы қожалығын балалары Темірболат пен Ерболат екеуіне табыстайды. Міне, содан бері «әке көріп, оқ жонған» ұлдар ол түлікті бұзау мен жылқыларды есептемегенде, 300 бастан асырған. Анау қарайған малға азықты жазда өздері қамдап алады. Өткен қыстан қысылмай шыққан. Мал азығы мол жетіп, қалған 300 орам (рулон) әне, мұрты бұзылмай тұр. Блок кірпіштен, ұзыны мен енін 40х10 метр етіп соққан қораның төбесі қаңылтырмен қымталыпты. Мұнда төлдейтін сиырлар сосын жаңа туған бұзаулар тұрады. Малға жылы болсын деп жабын қаңылтырдың астынан қамыс жүгірткен.

– Келген-кеткен құрдастарым: «Сенің үйіңнен қораң күшті екен» деп күледі, — дейді Темекең әзілге шаптырып.

Шаруа жігіт мемлекеттің көмегін мықтап сезініп келеді. Алты жыл қатарынан демеуқаржы алғаны жұмысын өрге бастыруға үлкен сеп болыпты. Әрісін айтпай-ақ, беріден қозғасақ, өткен жылы 3 млн. 570 мың теңге демеуқаржы алған «Құлан» бағдар-ламасымен. Каналдың іргесіне орналасқандықтан, мал судан қысы-жазы тарығып көрмеген. Қораны айналып келе жатқанымызда, анадай жерде тұрған құдықтың бетон сақинасын көрдік. «Қасқырдың сорпасынан» босаған шөлмектер аузы-мұрнынан толып, мөймілдеп төгіліп жатыр…

– Темеке, аса қонақжай азамат екенсіз-ау, — дедік күлкімізді зорға жасырып.

– Оны қайдан білдің? — деді қалт тұра қалған Темірболат. Асып-төгілген шөлмектерді иегімізбен нұсқадық.

– Түу, сендердің де көрмейтіндеріңіз жоқ екен, баяғыдан әне құртамын, міне құртамын деп жүргенмін, қап… Темекеңнің ақсары жүзіне қызыл арай шапты.

– Сексен жыл бойы қазекеңнен қалмай келе жатқан пәле… Қонақ келгенде, дастарқанға қоймасақ, қонағымыз қоңылтақсып кететіндей сезінеміз… Ертең құртамын. Қап…

– Темеке, құртпа, дүкенге тапсыр, кәміл бір баспақ келеді, — дегеніме екеуміз қораның төңірегін басымызға көтеріп күлдік. Құйрықтарын көкке шаншып ойнақтап жүрген бұзауқандар тұра қалып, екеумізге едірейе қарайды…

— Электр жарығы жоқ сияқты, теледидар көрмейсіз, ен далада іштеріңіз пыспай ма? — дедік малшыны одан әрі әңгімеге тартып.

— Электр жарығын тарту үшін 10 миллион теңгенің үстінде қаражат керек, оған әзірге мүмкіндігіміз жоқ. Жанымыздан өтіп жатқан жолдардан жолаушылар үзілмейді. Біреу «Көлігім сынып қалды» деп келсе, екіншісі «Жанармайым бітіп қалды» деп келіп тұрады. Қалай көмектеспейсің?.. «Свежий» жаңалықтарды солардан естиміз… Мен оларға сұрағандарын беремін, олар маған жаңалық «береді», сөйтіп, бартер жасаймыз… Сосын кешігіп келсе де, «Орал өңірін» оқимыз, — деді Темірболат қуақылана әдемі жымиып. Біз де қулыққа салдық:

— Оқыған мақалаларыңды айтшы. Темекең саспады:

— Сенің мынандай мақалаларыңды оқыдым, — деп соңғы кезде газетте жарияланған дүниелерімізді тақырыбына дейін, не туралы баяндалғанын тәптіштеп айтып берді. Мақтанғанымыз емес (округ әкімі және бірнеше азаматтар әңгімемізді тыңдап тұрған), марқайып қалдық. Темірболат былай дейді:

– Осы ауылда тудық, осы ауылда өстік. Сондықтан оның мұң-мұқтажына да қолдан келгенше көмектесіп тұрамыз. Ауданда мінәжат үйі тұрғызылып жатыр, оған да үлес қосудамын. Ел іші болғасын, бес саусақ бірдей емес дегендей, жекелеген мұқтаж жандарға мүмкіндігім келгенше жәрдемдесемін. Өзім оқыған мектебіме көмектесемін.

Темекең қаладағы Зашағаннан сыңғырлатып тұрып үй салып алған. Сүйген жары Бақыт сол қаладағы құтханасында екі баласын оқытып жатыр. Әңгімеміз жарасып қалған азаматқа кетерімізде «Ұялы телефон бұл жерден ұстамайды екен, келінге не сәлем айтасың, айта барайық», — дедік әзілдеп.

– Орталыққа барғанда сеть бар, сөйлесіп тұрамыз… Өзім звондаймын ғой, — деді Темекең ақсары жүзі арайланып…

Кныштан аттанып барамыз. Канал бойындағы тал-теректердің бүршігі дертіп тұр, Кнышқа тағы бір көктемнің келгенін сездіріп… Темекеңнің көктемі!..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»,

Қабыршақты ауылы,

Ақжайық ауданы


Апат қасіреті ұмытылмайды

Күні: , 193 рет оқылды

20160426_100428


Сәуірдің 26-сы күні Чернобыль атом-электр стансасында ірі техногендік апаттың орын алғанына 30 жыл толды. Осы қасіреттің құрбандарын еске алу үшін  Орал қаласының тұрғындары Чернобыль апатының зардабын жоюшыларға арналған мемориалдық кешеннің қасына жиналды.


Бұл шараға ардагерлер мен олардың қатарында марқұм болғандардың тума-туысқандары қатысты. Бір минут үнсіздік жарияланған соң, митингте Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев пен Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов сөз сөйлеп, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға үлес қосқандардың игі ісі кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі екенін атап өтті. Ал Чернобыль апаты салдарынан дүниеден озған қандасымыздың зайыбы Бибінұр Жолданова тағылымды шараға ризашылық білдірді. Ескерткішке гүл себеті қойылды.

Митингтен соң облыстық жастар шығармашылығы орталығының залында салтанатты шара өтті. 1986 жылдың 26 сәуірінде Украинадаға Чернобыль АЭС-ның 4-энергоблогында станса қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тәжірибе жасалған кезінде оператор қателігінен орасан зор техногендік апат болды. Соның салдарынан 8,5 млн. адам радиациялық сәуле зардабына шалдықса, апат орнын жақын аймақтан 404 мың тұрғын көшірілген. Бұл жайт арнайы бейнефильмде айтылды.

Чернобыль АЭС аумағын залалсыздандыруға Кеңес Одағынан 600 мыңнан астам адам жұмылды. Қазақстаннан 32 мың тұрғын қатысты. Осы қатарда болған 1000-нан астам батысқазақстандықтың 382-сінің бүгінде көзі тірі.

Шарада облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегі басқарма басшысы Жеңіс Нығметов баяндама жасады. Оның айтуынша, Чернобыль апаты аумағында қауіпті нысандарда алғаш қызмет еткен жерлестеріміз Е. Ладыгин, Е. Темірғалиев, В. Новиков «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Төрт жыл ішінде Чернобыльдегі жұмысқа азаматтық қорғаныс жасағындағы 340 мың әскери қызметкер қатысқан.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов қазіргі кезеңде де ядролық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы ерекше екенін, бейбітшілікті, ынтымақты насихаттауда Елбасының жақында жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің айрықша рөл атқарып отырғанын атап өтті. БҚО «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Тайманов облыс әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа алғыс айтты. Сондай-ақ ардагерлерді әлеуметтік қолдау бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешетін мәселелер баршылық екенін де тілге тиек етті.

Жалпы Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқандардың әрқайсысына ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 4242 теңге әлеуметтік көмек, оған қоса 13 129 теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ал мүгедектер санатындағыларға төленетін жәрдемақы – 16 014 теңге. Сонымен қатар баспанамен қамту, емдеу мекемелеріне, шипажайларға кезектен тыс жолдама беру, салықтық жеңілдік көрсету мәселелері қарастырылған. Чернобыль АЭС апатының салдары жойылғанына 30 жыл толуы қарсаңында облыста 213 адам 30 мың теңге бір жолғы төлемақы алған. Сол үшін бюджеттен 6 млн. 390 мың теңге қаржы бөлінген. Ал ірі техногендік апатты ауыздықтауға ат салысқандардың немесе зардап шеккендердің 48 отбасына 20 мың теңгеден, жалпы сомасы 960 мың теңге құрайтын  қаражат берілген. 2014-2015 жылдары Чернобыль АЭС аумағын залалсыздандыруға қатысқандарға 19 тұрғын үй берілген. Қазіргі уақытта баспана кезегіне 65 ардагер мен мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. 2010 жылы облысымызда БҚО «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі қызметін бастады. Былтыр осы қоғамдық ұйымның бастамасымен Орал қаласындағы «Агрореммаш» АҚ саябағында  мемориалдық кешен ашылды. Оған қалалық бюджеттен 152 млн. 522 мың теңге жұмсалған.

Чернобыль апатының салдары жөнінде әлі күнге құпиясы ашылмаған сыр көп. Апатты жағдайда бірден азаматтық қорғаныс жоспары жасақталып, дабыл жүйесі іске қосылмады. Халықты көшіру және профилактикалық шаралар орнықты жүргізілмеді. Қауіпті аймақта қызмет еткендердің арасында қанша жерлесіміздің қатысқаны жайында деректер нақтыланбай отыр. «Чернобыльдіктерге» әлеуметтік қолдау, салық төлемін оңтайландыру, денсаулық сақтау жүйесінде жеңілдік қарастыру тетіктерін реттейтін заң жобасы ҚР Парламенті қабырғасында талқыланбай жатқанына 15 жылдан асыпты.

Әлемдегі аса ірі техногендік, радиациялық апат болған кезден бері бір ұрпақ буыны есейді. Атаулы шараға орай алдағы уақытта облыс көлемінде спорттық сайыстар, ядролық қауіпсіздікке байланысты «әлем сабақтарын» өткізу үшін ардагерлермен кездесу, сонымен қатар еске алу кештері өткізілмек.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Асық атудан жамбылдықтар мықты екен!

Күні: , 191 рет оқылды

IMG_0586


Өткен аптада «Жайық» волейбол клубының Орал қаласындағы спорт залында асық атудан ел біріншілігі өтті. Оған отыздан астам спортшы қатысты.


Аталмыш доданың ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Динара Есенғалиева мен ҚР Асық ату федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сегіз командадан құралған жарысқа қатысушылардың арасында біздің жерлестеріміз де бақтарын сынады.

— Асық атудан ел біріншілігі осымен екінші рет өткізіліп отыр.

Ел біріншілігінің алғашқы жарысын Қостанай қаласында ұйымдастырып, тұсауын кескен болатынбыз. Міне, енді Орал шаһарында жалғасын тауып отыр. Команда құрамында үш ер адам және бір азаматша ойнап, бақтарын сынайды. Диаметрі төрт метрлік шеңбердің ортасына 13 асық тігіледі. Соны бес метр қашықтықтан атып, жеті асық алған команда бірінші кезеңді ұтады. Негізінен ойын үш кезеңнен тұрады. Жарыстың деңгейі жоғары деген сенімдемін, — дейді жарыстың бас төрешісі Кәрішал Қақашов.

Ерлер арасында Жамбыл облысы 1-орын, ОҚО ерлері 2-орын, БҚО командасының жігіттері 3-орыннан көрінсе, қыздар арасынан Қостанай облысы 1-орын, Жамбыл облысы 2-орын, Маңғыстау облысының арулары 3-орынды жеңіп алды. Ел біріншілігінің жалпыкомандалық қорытындысында Жамбыл облысының командасы біріншіліктің жеңімпазы атанды. Ал екінші және үшінші орындарды Астана қаласы мен ОҚО командалары өзара бөлісті. Бұл жарыста БҚО командасы төртінші орынды қанағат тұтты.

Темірболат   ТОҚМАМБЕТОВ


«Газ-С» ЖШС бізді сенделтіп қойды…»

Күні: , 186 рет оқылды

IMG_2990


Мұрат Тәпенов есімді азамат редакцияға шағымдана келді.

Ол шағым хатын тапсырып қана қоймай, өзінің жұмыс берушілерге деген наразылығын ашына жеткізді.


— Менің негізгі мамандығым – электрик. Бесінші дәрежелі техник-электрик санатым бар. 2003 жылдан бері осы мамандығым бойынша  түрлі мекемелерде жұмыс істеп келемін.  2009 жылдың  қазан айында Орал қаласындағы «Газ-С» ЖШС-ға электрик болып жұмысқа кірдім.  Бұл мекеме негізінен мердігер ретінде газ, су және жылу жүйелерін, сондай-ақ желдеткіш құрылғыларды (кондиционер) қою және оны жөндеу жұмыстарымен айналысады. Мекеменің өзі Орал қаласында орналасқанымен, оның жұмысшылары серіктестік тендерді қай жерден ұтса, сол жерде жұмыс істейді. Мен осы мекемеде бес жыл ішінде Атырау және Ақтау қалаларында жұмыс істедім. Келісімшарт бойынша жұмыс вахталық әдіспен жүрді, яғни 28 күн жұмыс істеп, 28 күн демалуымыз керек. Бірақ өмірде қатып қалған ештеңе жоқ қой, жұмыстың ретіне қарай мен  көбінесе  аталған қалаларда 1 ай немесе 2-2,6 айда бір рет он шақты күнге  демалыс алып, үйге келіп жүрдім. Соңғы рет Маңғыстау облысында екі жарым ай жұмыс  істеп, Оралға 2014 жылдың қыркүйек айында келдім. Келгесін өзім жұмыс істейтін «Газ-С» ЖШС-на барып, еңбекақымды сұрадым, олар қаражаттың жоқтығына байланысты тап қазіргі уақытта жалақыны бере алмайтындарын айтты. Бірақ желтоқсан айында маған олар соңғы екі жарым айдың жалақысын толық төледі.

Содан  кейін «Газ-С» ЖШС тарапынан жұмысқа шақырту болған жоқ.  Сондықтан мен бұл мекемеден күдерімді үзіп, басқа жерлерден жұмыс іздей бастадым. Өйткені үйде қарайған бала-шаға маған қарап отыр. Төрт балам бар, әйелім жұмыссыз. Басқа жұмыс табу үшін мен алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығына барғанмын, олар мені жұмыссыздардың есебіне қою үшін жұмысымнан босағаным жөнінде анықтама қағазын сұрады. Мұндай анықтаманы «Газ-С» ЖШС-ның директорынан сұрағанымда, неге екені белгісіз, ол маған бермеді.  Содан кейін екі қолға бір күрек табылар деп жан-жаққа түйіндеме жібере бастадым. Обалы не керек, осы уақыт ішінде түйіндеме бойынша маған бірнеше мекеме хабарласты, бірақ олар менің қолымда «Соңғы жұмыс орнынан өз еркімен босатылды» деген анықтама қағаз болмағандықтан, жұмысқа қабылдамай қойды. Кадр бөліміндегілер маған ондай анықтама қағазын бермек түгілі, менің еңбек кітапшама «Осы мекемеге электрик болып жұмысқа кірді, мынандай уақытта босатылды» деген жазуды да жазбады. Негізі, мен бұл мекемеде еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істегенмін. Солай бола тұрса да, мен аталмыш мекеме басшыларынан «Осы мекемеде осындай уақыт аралығында жұмыс істеді, қазіргі уақытта мұнда жұмыс істемейді» деген анықтама қағазды ала алмадым. Бұған қоса, неге екені белгісіз, мекеме басшысы Саттар Жүнісов менің жұмыстан шығу жөніндегі өтінішіме де қол қоймады. Басшылардың осы заңбұзушылығының кесірінен мен ұзақ уақыт бойы басқа жерге жұмысқа орналаса алмадым. Сөйтіп, «Газ-С» ЖШС мені және бірнеше әріптесімді сенделтіп қойды…»

Қазіргі уақытта бұл компания тендер бойынша Ақтау қаласында жұмыс істеп жатыр деп  естідім. Айтайын дегенім, мен «Газ-С» ЖШС-дағы жұмыстан ресми түрде босатылып,  есеп айырысқым келеді. Ол үшін компания басшылары менің өтінішіме қол қоюы керек. Сосын заң бойынша маған осы жерде жұмыс істеген жылдарыма қосымша қаражат (расчетный) төлеуі тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, «Газ-С» ЖШС-да жұмыс істеген осы бес жылдың ішінде (2009 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың қыркүйегі аралығында) бір де бір рет еңбек демалысын алмаппын. «Жұмыс болса, болды» деп бұл мәселені сол кезде көтермедім. Енді маған сол жылдары пайдаланылмаған еңбек демалысының өтемақысын кім төлейді? Үшіншіден, мен жақында ай сайынғы зейнетақы жарнасының аударылған-аударылмағанын білу үшін зейнетақы орталығынан анықтама қағазын алдым. Сонда мынандай мәліметті көріп, таңғалдым.

1) 26.06.2012 г. 4,448, 64 №3750 от 25.06.2012 г.; 2)12.03.2013 г.2000 тенге  №99 от 12.03.2013 г.;  3) 27.11. 2013 г. 16,411, 00 №651 от 25.11.2013 г.; 4) 27.11.2013, 250,00 мзж-ның уақтылы аударылмағаны үшін өсімпұл түсімі №802, от 25. 11.2013 г; 5) 27.11.2013 г. 4,172,00  №651 от 25.11.2013 г. 6) 19.12.2013. 10 463,00 №848 от 13.12.2013 г

Мен бұл деректерді сөзім дәлелді болу үшін анықтама қағазынан алып, әдейі көрсетіп отырмын. Осы мәліметке қарасақ, 20102011 жылдары мүлдем төленбеген, 2012 жылы да тек 1 айға 4,448, 64  теңге аударған. Ал 2013 жылы наурыз айында 2002 теңге көлемінде, содан кейін қараша айында үш рет — біріншісінде 16,411 теңге, екіншісінде 250,00 теңге және үшіншісінде 4,172,00 теңге аударылыпты. Содан кейін 2013 жылдың желтоқсанында 10 463,00 және аударған. 2014 жылға ештеңе жоқ. Бұдан басқа аударылым болмаған. Осы мекемеде жұмыс істеген бес жылда, яғни 2009 жылдың қазанынан 2014 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта есепшілер біздің жалақымыздан

10 пайыз зейтнетақы жарнасын алып отырды. Яғни менің ай сайынғы 120 мың теңге жалақымнан 15 мың теңгені зейнетақы қорына аудару үшін ұстап қалып жүрді. Мұны сол кездері менімен жұмыстас болған басқа жұмысшылар да растай алады. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мына анықтама қағазы бойынша есепшотыма жалақымның 10 пайызы мөлшерінде аударылуы тиіс қаражат түгел түспеген. Төртіншіден, егер аталмыш компания басшылары менің еңбек кітапшама «Жұмысқа мынандай уақытта кірді, мынандай уақытта өз еркімен жұмыстан шықты» деген жазба түсірмесе немесе мекеменің мөрі басылған анықтама қағазын бермесе, менің 4-5 жылдық жұмыс өтілім бекерге кетпей ме? Мұндай жазба маған бұйыртса, зейнетке шығар кезде еңбек өтілімді жинақтағанда керек болмай ма? Сондықтан маған олардың мені жұмысқа қабылдағаны және одан шыққан мерзімі көрсетілген жазбасы өте қажет. Менің қойып отырған талаптарым әрбір еңбек адамы үшін өте маңызды. Сондықтан «Газ-С» ЖШС бұған түсіністікпен қарап, менің еңбек кітапшама жұмыс өтілімді жазып берсе деймін. Және бес жылдық еңбек демалысының өтемақысын төлеп, осы жылдарда еңбекақымнан 10 пайыз көлемінде ұсталған қаражатты менің зейнетақы қорындағы жеке есепшотыма аударуларын сұраймын, – деген Мұрат Рамазанұлы осы жағдайды кезінде аталмыш мекемеде өзімен бірге жұмыс істеген басқа да азаматтардың бастарынан кешіп жүргенін айтты. Және ол жақында облыстық еңбек инспекциясы басқармасына шағымданғанын жеткізді.

Біз Мұрат Тәпеновтің шағымхатына байланысты мақаланы даярлау барысында облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасына хабарластық. Ондағы мақсатымыз – жұмысшылар құқын қорғайтын мекеме өкілдерінің пікірін білу.

Телефон тұтқасын көтерген облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетов қа-зіргі кезде Мұрат Тәпеновтің шағымхаты бойынша басқарма қызметкерлерінің жұмыстанып жатқанын айтты. Оның сөзінше, «Газ-С» ЖШС бүгінде Ақтау қаласында. Сондықтан батысқазақстандық басқарма қызметкерлері Тәпеновтің арызын Маңғыстау облысындағы еңбек инспекциясы басқармасына жолдап, олардың жұмыс қорытындысын күтіп отыр.

*  *  *

Әдетте, мұндай шағымхаттар неігізінде мақала даярлағанда, біз көтеріліп отырған мәселе бойынша қарсы тараптың да пікірін сұраймыз. Ондағы мақсатымыз — мақаланы біржақты қылмау. Осы мақсатпен біз «Газ-С» ЖШС-ның Орал қаласындағы кеңсесіне бірнеше рет барғанымызда, ол жерден ешкімді таппадық. Сосын мекеме дерегін интернеттен іздеуге мәжбүр болдық. «Газ-С» ЖШС сайтынан тапқан 8-701-1496670 нөміріне хабарласып көріп едік, өзін сол мекеменің бұрынғы қызметкерімін деп таныстырған орыс тілді әйел адам «Газ-С» ЖШС-ның Маңғыстау облысында болуына байланысты қазіргі кезде Оралдағы кеңсенің жабық екенін айтты. Және Саттар Орынбасарұлының өзімен хабарласыңыз  деп 8-701-9946317 нөмірін берді. Біз осы нөмірге арасын үзіп-үзіп бірнеше рет қоңырау шалғанымызбен, иесі тұтқаны көтермеді. Сол себепті бұл мақалада «Газ-С» ЖШС басшылығының жоғарыдағы шағымхатқа байланысты уәждерін бере алмадық.  Егер аталған мекеме басшысы осы мақалаға байланысты жұмысшылардың талапарызы бойынша уәж айтатын болса, редакцияға хабарласуына болады.

Мақаланы дайындау барысында Мұрат Тәпенов редакцияға бір топ жұмыстастарын ілестіріп, тағы келді. «Газ-С» ЖШС-ның бұрынғы жұмысшылары Батырбек Дәулетов, Жұмағұл Базарбаев, Хамидолла Мерғалиев және Аян Шоқановтар Мұрат Тәпеновтің айтқандарын растап, өздерінің де дәл осы жағдайды бастарынан кешіп жүргендерін ауызша да, жазбаша да жеткізді. Мұрат Тәпеновтен бұлардың бір айырмашылығы, аталған жұмысшылар еңбек демалысы бойынша өтемақы мен зейнетақы жарнасына қоса, «Газ-С» ЖШС-нан   әр жылдары төленбеген еңбекақыларын беруді де талап етіп отыр. Ашынған жұмысшылар өздерінің облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасына барып, осы мәселені көтеретіндерін, одан ештеңе шықпаса, сотқа дейін баратындарын айтты.

Біз осы шағымхаттар бойынша пікірлерін сұрап, облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасынан басқа облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығына хабарластық. Аталған құзырлы орган өкілдері біздің арнайы жіберген сұраныс хатымызға  төмендегідей жауап берді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

 «Орал өңірі»

Арман ТҰЙҒЫНБЕТОВ,

облыстық  еңбек  инспекциясы  бойынша басқарма басшысының орынбасары:

— Маңғыстаулық әріптестерімізден жауап келген бойдан М. Тәпеновке міндетті түрде хабарын айтамыз. Ал әзірге жалпы еңбек заңдылығы бойынша жауап беріп көрейін. Қазіргі қолданыстағы Еңбек кодексінің 94-бабы 3-пунктіне сәйкес жұмысшыларға жыл сайын міндетті түрде еңбек демалысы берілуі тиіс. Осыған орай Тәпеновтің жағдайында, егер оның 4-5 жыл бойы  еңбек  демалысын алмағаны рас болса, онда оған жұмыс беруші мекеме сол жылдары пайдаланылмаған еңбек демалысының өтемақысын төлеуі тиіс.

Енді келесі мәселеге көшейік. Тәпенов шағымхатында өзінің жұмыстан босату жөніндегі өтінішіне жұмыс берушінің әлі күнге дейін қол қоймай отырғанын айтады. Негізі, жұмыстан босату үшін қазіргі Еңбек заңы бойынша жұмысшы жұмыс берушіні 1 ай бұрын жазбаша өтінішін беріп, хабардар ету керек. Содан кейін жұмыс беруші осы мерзім ішінде жұмысшының өтініші негізінде оны жұмыстан босату жөнінде бұйрық шығарып, еңбек кітапшасына бұл жөнінде жазба түсіруі тиіс. Бұдан соң жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде жұмысшымен толық есеп айырысып болуы керек.

Бауыржан ҚАЙДАРОВ,

облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

— Сіздің хатыңыздағы аталған тұлға бойынша фактілердің анық-қанығына жету үшін жеке тұлға өтініш (шағым) берген жағдайда, салық агентіне тексеріс тағайындалуы мүмкін.  Айта кету керек, тексеріс нәтижелі болу үшін қызметкер мен жұмыс беруші арасында еңбек шартының болуы, жалақының ресми түрде бухгалтерлік құжаттарға қол қойылып алынуы және тағы басқа да құжаттардың болуы аса маңызды. Егер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары ресми түрде рәсімделмеген болса, онда шағымхат иесінің мемлекеттік кірістер органына емес, құқық қорғау немесе сот органдарына жүгінгені дұрыс.

Жалпы, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында мұндай даулы жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, жұртшылыққа зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі жөнінде толыққанды ақпарат бере кеткенді жөн санап отырмын.

ҚР 2013 жылғы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 21 маусымдағы №105–Ү Заңы 24-бабы 8-тармағына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және уақтылы төленбеген зейнетақы жарналарының өсімпұлын төлеудің толық және уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

Жалпыға бірдей салық режімінде кәсібін жүзеге асыратын тұлғалар (жұмыс беруші агенттер) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жұмыскерлерге жалақы төленген айдан кейінгі айдың 25-нен кешіктірмей төлейді. Егер жұмыс беруші-агент арнайы салық режімін қолданатын фермер немесе шаруа қожалықтары болса, онда ҚР салық заңнамасында көзделген тәртіп бойынша жылына екі рет, 10 қарашадан және 10 сәуірден кешіктірмей төлейді.  Ал оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық  режімін қолданатын шағын бизнес субъектілері І жартыжылдық үшін 1 тамыздан, ІІ жартыжылдық  үшін 25 ақпаннан кешіктірмей аударады. Зейнетақы жарналарын төлеудің толық және уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарнасы ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Қызметкерге жалақысы нақты төленген жағдайда, жұмыс беруші-агенттің уақтылы ұстап қалмаған немесе аудармаған зейнетақы жарналарының сомасын  мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады. Немесе мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін өсімпұлымен бірге жұмыс беруші-агенттер аударуы тиіс.  Зейнетақы жарналары толық немесе уақтылы аударылмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары зейнетақы жарналары бойынша жинақталып қалған берешек шегіндегі ақшаны агенттердің банктік шоттарынан өндіріп алуға құқылы. Ол үшін алдымен мемлекеттік кіріс органдары жұмыс беруші-агентке бұл жөнінде хабарлама жібереді.

Агент есептелген, ұсталған (есебіне жазылған) және аударылған міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы  жарналары жөніндегі мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей міндетті зейнетақы  жарналарының салымшыларына және өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы  жарналары төленетін қызметкерлерге ұсынуға міндетті.


Арабтар тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге мүдделі

Күні: , 183 рет оқылды

DMS_2567


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «BEE´AH» компаниясының өкілдерін қабылдады.


2007 жылы құрылған аталмыш компания қоршаған ортаны қорғау саласында қызмет етеді, нақтылап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтарды толық өңдеп, одан жаңа өнімдер шығаратын әлемдегі үшінші компания болып саналады. Олардың қызметін негізінен БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман сынды мемлекеттер  пайдалануда.

– Елбасының біздің алдымызға қойған міндеттерінің бірі – инвесторларға қолайлы жағдай туғызу. Соған орай облысымызда тиісті шаралар қолға алынуда. Сіздердің өңіріміздегі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге қызығушылық танытып отырғандарыңыз бізді қуантады. Себебі ол жаңа бағыт. Осы бағыттағы жоспарларыңызды барынша қолдауға дайынбыз, – деді Алтай Сейдірұлы.

Өздерін жақсы қарсы алған үш өңір басшысына алғысын білдірген аталмыш компанияның бас атқарушы директоры Фахад Әли Шехейл Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында жұмыс істеуге мүдделі екендерін жеткізді. «Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын өркендеп келеді. Біз Қазақстанды экономикасы тұрақты, инвестиция салуға қолайлы мемлекет екенін білеміз, — деді ол. — Сапарымыздың мақсаты – облыстағы қатты тұрмыстық  қалдықтарды өңдеуге орай барлық мүмкіндікті қарастыру. Жалпы айтқанда, біз осы жақта жұмыс істеуге мүдделіміз. Себебі, бұл біздің Қазақстандағы алғашқы жұмыс тәжірибеміз. Ол сәтті болады  деп  үміттенеміз».

Облыс әкімімен кездесуден соң жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген  Фахад Әли Шехейл бұл бағыттағы жұмыстардың нақты қашан басталатынын айтуға ерте екенін мәлімдеді. Бірінші кезекте  облыс орталығындағы қатты қалдықтарды көріп, олардың түрін, сапасын, көлемін білу керек. Қалған мәселе соңынан талқыланбақшы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


«Ел есінде – Мұқадес»

Күні: , 177 рет оқылды

DMS_2403


Сейсенбі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мұқадес Есламғалиұлының 70 жылдығына арналған «Ел есінде – Мұқадес» атты әдеби-сазды кеш өтті.


Кешке «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, елімізге белгілі сатирик Көпен Әмірбек, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, танымал ақын, журналист Жанарбек Әшімжан, сондай-ақ жазушының зайыбы Мұхсина Есламғалиева және ұл-қыздары алыстан арнайы ат арытып жетті. Олар алдымен Қадыр Мырза Әлі ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынға тағзым жасады.

Кеш барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, алыстан келген меймандар, жазушының замандас досы, ақын Айтқали Нәріков, туған жері Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөз сөйлеп, тұшымды әңгіме өрбітті. Жазушымен жақын араласып, көзін көре қалғандар әсерлі естеліктерімен бөлісті. Қаламгер қауым Мұқадес Есламғалиевтің еңбектеріне жоғары баға берді. Армат Исламғалиев, Айым Шекеева, Дархан Құлбабаев сынды облыс өнерпаздары әннен шашу шашты. Сондай-ақ келушілер «Халық жүрегіндегі қаламгер» атты жазушы шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.

— Бүгін Ақ Жайық өңірі өзінің Мұқадесін құрметтеп жатқанына куә болып, қатты толқып тұрмын. Егер Мұқадес тірі болғанда, сіздерге айтары көп еді. Ол тірі кезінде ешкімнен ештеңе сұраған жоқ, дүниеге қызықпады. Керісінше мұқтаж жандардың қамын ойлап, оларға қолынан келгенше қамқорлық танытты. Менің де Мұқадестің еңбегін бағалап жатқан халқына рақметтен басқа айтарым жоқ. Бір ғана сұрарым – елі Мұқадесті ұмытпаса екен, — деді жазушының жары Мұхсина Есламғалиева толқи сөйлеп.

Әсерлі кеш жазушының туған жеріне арналып, Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған танымал әнші Жаскелең Ғайсағалиевтің өз шырқауындағы «Жосалы» әнімен қорытындыланды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген М. ДОСЫМОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика