Мұрағат: 26.04.2016


Кітаппен дос болуға шақырды

Күні: , 194 рет оқылды

DSC_0141


Сәрсенбі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Үздік кітапханашы» белгісінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Гүлжан Төлегенқызымен кездесу өтті.


Сахнадан үнемі ақындар мен жазушыларды, әншілер мен бишілерді көріп үйренген көпшілік бұл жолы дәстүрлі қалыпты бұзып, өнер ордасына өмірін өнегемен толтырған кітапханашымен жүздесуге жиналды.

 Рухани кеш саналы ғұмырын кітапхана саласына арнаған құрметті мамандық иесінің еңбектерін кеңінен насихаттауға, жас буынды кітап оқуға жетелеуге және парасатты тұлғаның өмірін үлгі етуге арналған еді.

1949 жылы үлгілі отбасылардың бірінде дүниеге келген Гүлжан Жұмақаева есімі облыс  кітапханашыларына ғана емес, шығармашыл, зиялы қауым өкілдеріне, ғалым-педагогтар арасында жақсы таныс. 1972 жылдан қызмет жолын бастаған талапты маман әр жылдары орталықтандырылған аудандық кітапхана директоры, облыстық мәдениет басқармасының кітапхана жөніндегі нұсқаушысы, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана директоры қызметтерін абыройлы атқарған. Зейнет жасына шыққанымен, бүгінде ҚазИИТУ ғылыми-білім беру кешенінің кітапханашысы болып жұмысын жалғастыруда.

Оның сонау тоқырау жылдары жаппай қысқарту жүріп жатқан кезде шалғай жатқан аудан-ауылдардағы кітапхана жұмысы мен сан мыңдаған кітап қорларын сақтап қалуға қосқан еңбегі орасан. Бірнеше рет республикалық және халықаралық конференциялар мен сиездердің делегаты болған. Билікпен де қоян-қолтық жұмыс жасап, екі мәрте Орал қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған. Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты әкесі туралы «Ғажайып адам» атты естелік кітабын жазған.

Басқосу кеш иесінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы бейнефильммен басталды. Бұдан кейін кітапханашының бұрынғы қызметтес болған әріптестері Мағаз Бекқайыров, Мақсот Омарғалиев, Гүлсім Қадешова, академик Ақсерік Әйтімов, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана директоры Роза Исатаева сөз алып, Гүлжан Төлегенқызы жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, сый-сияпаттарын тарту етті. Одан әрі облыстық қазақ драма театры директорының орынбасары Ербол Ақбасов театр басшылығының атынан алғысхат табыс етсе, Ақжайық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұханова аудан әкімі Әділ Жоламановтың құттықтауын жеткізді. Жиын соңында Ақжайық ауданынан келген ақын Сағынтай Бисенғалиев кеш иесіне арнап жырдан шашу шашты.

Сырласу кешінің сұрақ-жауап бөлімінде, Гүлжан Төлегенқызы өзінің қызмет жолының барлығы кітапханада өткенін, таңдаған мамандығына еш өкінбейтіндігін, кітапханадан рухани білім мен өмірлік тәрбие алғандығын мақтанышпен айта келе, қазақ елінің мақтаныштарына айналған Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырза Әлі секілді аңыз адамдармен дәмдес, сырлас болғандығын да жасырып қалмады. Тек соңғы кездері кітапты сүйіп оқитын кітап жанашырларының тым азайып, жастарымыздың жаһандану заманының құрбанына ай-налып бара жатқандығын жанашырлықпен жеткізді. Ұрпақ тәрбиелеу жолында бүгінгі кітапхана ісінде оқырман санын арттыру ең өзекті мәселе болып қала беретіндігін де тілге тиек етіп, жастарды кітаппен дос болуға шақырды.

Әсерлі кеште жергілікті өнерпаздардың орындауында әсем әндер де шырқалды.

Ләззат ШАҒАТАЙ


«Biblio түн – 2016»

Күні: , 255 рет оқылды

IMG_0562


Өткен жұмада Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында дүниежүзілік кітап пен авторлық құқық күніне орай «Бір ел – бір кітап» акциясы өтті.


Оқырман қауымға есігін айқара ашқан кітапханада әр түрлі шаралар оздырылып, кітап көрмелері өтті. Республикалық акция аясында ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен кемел ақын Дулат Бабатайұлы-ның шығармашылығына арналған шара «Елдік пен еркіндік жаршысы» тақырыбында өрбіді. Ақын туындыларынан құралған көрмеден бастау алған шараға қатысушылар ақынның өлеңдерін оқып, тыңдармандарды бір серпілтіп тастады.

— Кітапханамыздың бірінші қабатында «Кітап әлемінің қызықтары» атты көрме ұйымдастырдық және «Бақытты оқырман билеті» экспресс байқауы арқылы оқырмандарымыздың сыйлықтарға қолы жетті. Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктері шектеусіз. Сонымен қатар Дулат Бабатайұлының шығармаларын оқырмандарымызға кеңінен насихаттаймыз. «Бір ел – бір кітап» акциясының 10 жылдығына орай кітаптардан инсталляция ұйымдастырылды. Ә. Бөкейхановтың 150 жылдығына орай «Ұлттың алып тұлғасы» буктрейлер және Д. Нұрпейісованың 170 жылдығына байланысты «Күй анасы – Дина» атты кітап көрмесі, ғаламтор залында «Кітапхана — ғаламтор стилінде» тақырыбымен кітапхананың сайты және ұлттық кітапхана туралы оқырмандарға түсінік берілді, — дейді көпшілік шаралар бөлімінің мең-герушісі Аягүл Нуфтуллина.

Кітапхана басшысы Роза Исатаева сөз алып, жобаға қатысушыларға алғысын білдірді. Ағымдағы жылдың басында жарияланған «Мен және кітап» фотожобасының қорытындысында Надира Мүфтіғалиева, «Оқитын өлке» аталымынан Юлия Каплина, «Кітап және менің отбасым» аталымы бойынша Жаннат Молдағалиева, ал Бағдагүл Тәкүшева «Сүйікті кітабым» аталымынан үздік деп танылып, бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз-жүлдегерлер диплом және сыйлықтармен марапатталды. Костюмдер дефилесі мен «Би марафоны» атты флешмобы көрерменнің қызығушылығын арттырды. Кітапхананың өзге де бөлімдерінде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Осымен төртінші рет өткізіліп отырған «Biblio түн» жылдағыдан ерекшеленіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Ілбішінде ілгерілеу басым

Күні: , 212 рет оқылды

DSC_0131


Осыдан бірер апта бұрын Ақжайық ауданына қарасты Ілбішін ауылдық округіне жол түсті. Қаршы жалпы орта білім беретін мектепте өткен оқырмандармен кездесу барысында жұмыспен қамту, ұл-қызымызды қаршадайынан адал еңбекке баулу, салауатты өмір салты, бала тәрбиесі мен жат діни ағымдарға арбалмау секілді көкейкесті тақырыптар бойынша емін-еркін пікір алмастық.


— 2487 тұрғыны бар біздің ауыл-аймақта балабақша мен мектеп, мәдениет үйі мен медициналық мекемелер қалыпты жұмыс істеп, жергілікті жұртқа жүйелі қызмет көрсетуде. Рас, 1963 жылы салынып, 2003 жылы ағымдағы жөндеуден өткен мәдениет үйіне күрделі жөндеу қажет. Бұл мәселеден аудан басшылығы хабардар, мұндай шаруа тікелей қаржы-қаражатқа барып тірелетіндіктен, бір сәті түсер деген ойдамыз.

Бүгінгі таңда ауылдық округ орталығындағы мектепте 204 жеткіншек білім алуда. Балабақшада 70 балдырған тәрбиеленіп, 25 бүлдіршін бөбекжай кезегінде. Ал енді ауыл-аймағымыздың Наурыз мейрамы, Құрбан айт немесе «Мектепке жол» акциясы секілді ортақ шаруасына Дыбыс Ырысәлиева, Рая Әубәкірова, Гүлжан Қоңырова, Айман Бердәлиева сынды дүкен ұстап отырған іскер қыз-келіншектер мен «Батыргерей» (жетекшісі Аманқұл Дәулетияров), «Нығмет» (жетекшісі Зәйдөк Өтеғалиев) «Орынғали» (жетекшісі Имаммәлік Зұлқашев),  және «Мұқан» (жетекшісі Самат Мұқанов) сияқты шаруа қожалықтары үнемі қолдау танытып, көмектесіп отырады. Жергілікті кәсіпкерлердің мұндай мәрттігі ауылдастарымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселей түсуде. Біздің ауыл-аймақтың аумағында орналасқан Сахарный мұнай жылыту бекетінің ұжымы көрген кісі сүйсінетіндей қылып жазғы спорт қалашығын жасақтап берді (төменгі суретте). Бұл да – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің ел ішіндегі нақты бір мысалы.

Округ орталығының тұрғындары 2002 жылдан бері көгілдір отынның рақатын көріп отыр. Одан бергі жылдары Қабыл мен Тінәлі елді мекендеріне газ тартылды. Күні бүгін көгілдір отынсыз отырған Битілеу ауылы ғана. Бұл ауылды газбен қамту жалпы жоспарда болғанымен, әзірше мына қаржылық дағдарыс қолбайлау болып тұр. Ал «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ілбішіннің өзіне 2014 жылы сапалы ауыз су жетті, — деді бізбен әңгімесінде Ілбішін ауылдық округінің әкімі Гауһар Қозыбақова.

Үшбу іссапар барысында біз Ілбішін ауылындағы әлеуметтік нысандардың бәрінің дерлік тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл әкімінің сөзі мен ісінде алшақтық жоқ екендігіне көз жеткіздік.

Мектеп пен балабақшадағы жинақылық бірден жақсы әсер қалдырды. Мектеп музейін аралап, аталмыш ауылдың тарихы туралы біраз мағлұматқа қанықтық.

– Орынның тапшылығынан біраз жәдігерлерімізді жарыққа шығарып, көптің назарына ұсына алмай отырмыз, — деп қынжылыс білдірді ұстаздардың бірі.

Ілбішін дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі, жалпы тәжірибелік дәрігер Әлия Ізбасарованың (суретте) айтуынша, бұл мекеме штат кестесінде көрсетілген мамандармен 100% қамтылған. Осы ем-дом мекемесіне Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ақсуат, Ақбұлақ ауылдарындағы және Битілеу, Қабыл, Тінәлі елді мекендеріндегі медпункттер қарайды екен.

— Тек былтырдың өзінде қатарымыз фельдшер Қанат Әбілхата, акушер Эльвира Мұқанғалиева және дәрігер-стоматолог Мейрамбек Сәрсенғалиевтей  үш жас маманмен толықты. Ілбішін ауылдық округінің орталығындағы амбулатория 2013 жылғы қыркүйекте салынып, пайдалануға берілді. Мұнда үш дәрігер, тоғыз медбике науқастарға қызмет көрсетеді. Үш дәрігердің біреуі – тіс дәрігері. Сегіз кереуеттік күндізгі стационарымызда айына отыздан астам адам ем-дом қабылдайды, — дейді Ілбішін дәрігерлік амбулаториясының  меңгерушісі Ә. Ізбасарова.

Әлия Секеуқызының сөзінен және бір қаныққанымыз, Ілбішін ауылдық округінде жергілікті жұрттың табиғи өсімі жақсы екен. Мәселенки, 2015 жылдың бірінші тоқсанында аталмыш ауыл-аймақтың бес тұрғыны дүние салса, 14 сәби өмір есігін ашқан. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында 6 адам өмірден озса, 18 балбөбек жарық дүниеге көрінген.

Шаруаң  ілгерілеп, тұрғының көбейе  берсін,  Ілбішін!

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Екі дос

Күні: , 251 рет оқылды

фото Мұқадес


Ақ Жайық атырабында дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын бірі әдебиетке, бірі ұстаздық пен ғылымға жұмсаған Мұқадес Есламғалиев пен Серікқали Шарабасов жерлестері есінде ұзақ сақталады.


Мұқадес пен Серікқали Орал пединститутының тарих-филология факультетінде қатарлас оқыды. Мұқадес Есламғалиев бірінші курсты бітіріп, екінші курсты бастағанда, Серікқали Шарабасов бірінші курстың есігін ашқан болатын. Ал осы жолдардың авторы, яғни өзім туралы айтсам, институтқа 1961 жылы түсіп, үш айдай оқып, әскер қатарына алынып, үш жыл қару асынып, 1964 жылы үзіліп қалған оқуымды жалғастыру мақсатында бірінші курсқа қайтып оралған болатынмын.

Ол кезде институтқа қабылдау емтихандары тамыз айының бірінші жұлдызынан жиырмасыншы жұлдызына дейін жүргізілетін еді. Оқуға түсіп, бағы жанғандар қуанып, оқуға түсе алмағандар мұңайып дегендей, институт маңы ызы-қызы болып жататын. Әскер қатарынан келгендерге жатақхана да, стипендия да беріледі дегенді құлағым шалса да, тиянақтап алайын деп проректорлардың біріне жолығуға тәуекелдік еттім. Ол кісінің сөздері төбемнен бір шелек мұздай су құйып жібергендей әсер етті. Жатақхана, стипендия түгілі, мен институтқа қайтадан емтихан тапсырып түсуім керек екен?.. Яғни келесі жылы. Арғы тегімізде батырлар болыпты. Солардай қаным басыма шауып, өзімді әрең-әрең тежеп, проректор кабинетінен тәлтіректеп шықтым. Содан, жай-күйімді оқуға түскен бір-екі ауылдасыма айтайын деп, Торговая 1-дегі жатақхананың есігін ашсам, бұйралау сарғыш шашты, дөңгелек жүзді бозбала вахтер отыратын орындықтан атып тұрып, алдымнан кескестей берді де, әлденеден қымсынғандай сәл-пәл кейін шегінді. Келген шаруамды білген соң, ішке кіруге рұқсат етті. Сол бозбала Серікқали Шарабасов болатын. Осы бір эпизодтық жайтты Серікқали елу жыл бойына әр түрлі вариантта құбылтып айтып жүрді. Біркиер келісті киіміме, жауынгерлік «сұсты» жүзіме қарап институттың жас оқытушысы деп ойлап қалыпты мен туралы. Ол вахтердің «міндетін» бес-он минуттай ғана атқарыпты. Магазинге нан алуға кеткен вахтер кемпірдің орнында қалғанында мен тап бола кетіппін ғой. Серікқали ойлаған «оқытушылығым» әп-сәтте әшкере болды. Институтқа оқуға түскендерді акт залына жинап, ректордың басшылығымен жүзкөрісу рәсімі болатын еді сол бір кездерде. Институттың тарихы туралы хабардар етіліп, алуан сұрақтарға жауап берілетін. «Әркім қышыған жерін…» дегендей, мен проректордың өзіме қатысты «қаралы хабарын» жеткіздім. Тегін адам ректор бола ала ма, дипломатиялық әдіспен проректорын да ренжітпей, мені де сыртқа теппей, мәселені оңынан шешіп жіберді. Серікқалидің тағы бір үнемі күлдіре айтып жүргені, мен әскери формада болмасам да, сөз сұрағанда «ефрейтор Нәріков» деп тақ еткенім екен. Одан әрі төрт жыл бір топта оқыдық ғой. Ұстаздарымыздың арасында осалдары жоқ еді. Серікқали бірінші курстан институтты тәмамдағанша үздік оқыды. Кілең «5» деген ба-ға алып отырды. Лениндік стипендиант атанды. Каникул кездерінде ССО-да – студенттердің құрылыс отрядында жұмыс жасады. Спортпен айналысты. «Біреу – аңға, біреу – даңға…» дегендей, Серікқали ғылым жолын сонау-сонау студенттік кезінен ой түкпірінде ұстады. Өзін соған даярлағанын біз терең сезініп-білдік.

Серікқали екеуміз облыстық «Орал өңірі» газетіне қызметке бірге келдік. Журналистік бағытпен кеткенде де, Серікқали біраз жерге баратын еді. Ой таразысының ғылым жағы басым түсті.

Серікқали мен Мұқадес түйдей құрдас болатын. Екеуі Торговая 1-дегі жатақханада танысып, табысып, достасып кеткен еді. Мұқадес бокспен, Серікқали гимнастикамен айналысты. Біз бар болғаны жанкүйерміз. Мұқадес көзілдірік киеді. Бокстасқанда алып тастайтын. Қарсыласын бұлдырлау көреді-ау деймін, соққысы дәл дарымай, ауа қармап жатады. Қарсыласы маңдайынан періп кеп жібергенде, Мұқадесіміз желді күнгі жас теректей майысып барып, жерге сылқ ете түседі. Содан, оны бокстан «ажырату» жағын ойластыра бастадық. «Ел ағыны – су ағынымен» жүре беретіндердің сортынан емес-ті Мұқадес. Ол білікті мұғалім, мықты спортшы болуды мақсат тұтқан сыңайлы. Өйтіп-бүйтіп, біз Мұқадесті академик Қажым Жұмалиев атындағы әдебиет бірлестігінің жұмысына тарттық. Бірлестіктің тізгінін ұстаушысы – лениндік стипендиант Серікқали Шарабасов. Өлең, әңгіме, газет жанрларын жазуға машықтанып жүрген біраз жігіттер мен қыздар бірлестіктің белсенді мүшелері болатынбыз. Академик Қажым Жұмалиев атындағы әдебиет бірлестігінде әр кезеңде мүше болған талапкерлердің бірқатары кейіннен ғылым, қалам қайраткерлері қатарына қосылды. Солардың іштерінен өз тұрғылыстарымды атап айтар болсам, Мұқадес пен Серікқалиды бірінші кезекке  қояр едім.

Институтты бітірген соң Мұқадес Есламғалиев облыстық радиоға қызметке қабылданды.

Екі газет журналисі, бір радио журналисі, яғни Серікқали, Мұқадес және осы жолдардың авторы Шаған көшесіндегі жеке үйде пәтерде тұрдық. Облысты ұзындай да, ендей де армансыз шарладық біз. Қаншама адамдармен кездесіп, сұхбаттасып, сырласпадық десеңізші!.. Қалам қайраткері болуды армандаған жандарға бұл рухани азық, болашақ туындыларының нысаны ғой.

Мұқадес әңгімелер жаза бастады. Мен өлеңге ден қойдым. Серікқали – сыншы. Ол бізден бірден классиктерше жазуды талап етеді. Өзі әдебиеттану мәселесіне тереңдеп ене бастап, ғылыми мақалалары баспасөз беттерінен көрініс тапты. Мұқадес екеуміздің тұңғыш кітаптарымыз жарық көрген шамада Серікқали кандидаттық диссертациясының тақырыбын бекітіп алып, түпбасымен ізденіске берілген болатын. Серікқали Шарабасов сол кезде мұғалімдер білімін жетілдіру институты деп аталатын беделді мекеменің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметіне шақырылды. Ол өмірлік жолын айқындап алған еді.

Мұқадес Есламғалиев «Аққу сазы» атты повесть жазып тастады. Серікқали екеумізге оқып берді туындысын. Мен мақтап-ақ жатырмын. Серікқали ойлы қалыпта. «Романтика басым», — деді ол бір кезде. Расында да, повестің кейіпкерлері кілең жүрегін қолына ұстаған жандар болатын. Мұқадестің «моторы» тез қызып кетіп, бір шамадан соң қалыбына келді-ау…

Содан, алда жүрген ақын ағамыз Жанғали Набиуллиннің сынынан өткізуді ұйғардық. Жәкең де Серікқалидың айқайын қайталады. Мұқадес повесіне қайтадан үңіліп, қанат байлаған кейіпкерлерін ептеп жерге жақындатты. «Аққу сазы» Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты. Мұқадес қанаттана түсті. Екінші кітабын баспаға ұсынды. Алматыға қоныс аудару мәселесін сөз ете бастады. Ол өзіне сенген еді. Шығармашылық бәсекеге төтеп беретініне көзі әбден жеткен болатын. Сөйтіп, Мұхсинасын қолтықтап, екі қызын жетелеп, пойызға мініп кете барды ғой. Мұқадес Есламғалиевтің Алматыдағы әдеби тағдыры сәтті қалыптасты. «Екінші тыныс», «Қайырлы түн», «Екі басқа дүние» деп аталған әңгімелер мен повестер жинақтары араға жыл салмай, жеделдете жарық көрді. Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, әдебиеттің тұрақты кадрына айналды. Жазушы Мұқадес Есламғалиев қысқа ғұмырында бақандай-бақандай төрт роман жазды. «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш», «Әйтеке би» романдары Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайларында мадақтал-ғанының куәсімін. «Тұман ішіндегі көш» романы үшін жазушы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды.

Жазушы Мұқадес Есламғалиевтың «Әйтеке би» тарихи-философиялық диалогиясы 2003 жылы жарық көрді. Ол осы туындыны жазуды ертеректен ойластырған болатын. Көп ойланып, талмай іздену нәтижесінде көрнекті тұлға туралы көлемді дүние өмірге келді. Қадыр ақын айтқандай, бізде сын самарқау ғой. Осынау роман әділ бағасын әлі ала алмай келеді. Менің қолымнан келгені – «Оралымды ой. Қарымды қалам» деген мақала. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, «Ақ Жайық әдебиетшілерінің кітапханасы» сериясымен шыққан «Мен – майдангер ұлымын» деп аталған кітабыма енді.

Мұқадес 2004 жылы өмірден өтті. «Әйтеке би» романын кеудесіне қойып жатып көз жұмыпты. Демек, өмірдегі жазушы ретіндегі парыз – міндетін толықтай ақтап-атқарып кетті ол. Міне, Серікқали да келместің кемесіне мініп кете барды. Мәңгілік өмір бар екені рас болса, екеуі о дүниеде табысары сөзсіз.

Серікқали мен Мұқадестің достығы туралы айтқанның үстіне айта беруге болады. Бір жайт есіме түсіп отыр. Серікқали Шарабасовтың кандидаттық диссертация қорғауы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайымен тұспа-тұс келген болатын. Алматыға барғанда мейманхана есігін ашпай тұрып, Мұқадестің үйіне бас сұғу үрдіске айналған болатын. Серікқали Әспетімен сонда екенінен хабардар едім. Таксилетіп жетіп келсем, төртеуі де жоқ. Екі қыз жастау ол кезде. «Бәрі диссертация қорғауға кетті» деді бірі. Тауып көр оларды айлапат Алматыдан. Ақыры бесеуміз қауыштық-ау. Диссертация сәтті қорғалыпты. Серікқалидан гөрі Мұқадес мәз-мәйрам, ерекше көңілді. «Асу алынды, асу алынды» дей береді. Банкет жасайтын орынды Мұқадес пен Мұхсина тауып қойған екен. Біраз адамдар жиналды. Академик Зейнолла аға Қабдолов зайыбы Сәуле апаймен келіпті. Профессор Әбіл-хамит Нарымбетов, жазушы Жайсаңбек Молдағалиев, тағы екі-үш жоталы кісілер жайғасып жатыр. Қалғандары көкөрім жастар – аспиранттар. Серікқали дастарқанды басқаруға Зейнолла ағаға ұсыныс жасады. Кейінгілер ака-демикті орысша Зейнолла Кабдолович демей, «Зейнолла Қабдолыш» дейді екен. Сол кездің әсер-ықпалы ғой. Зекең асаба болды да, күтпеген жерден мені көмекшілікке қолай көрді. Сол бір отырыс менің жадымда өшпестей сақталып қалыпты. Сөз алғандардың қай-қайсысы да Серікқалидың білімдарлығы мен азаматтық ақыл-парасатына бас иетіндерін жеткізді. Бұл дастарқан иесін қолпаштау сияқты арзан-ауыс сөздер емес еді. Салиқалы, сарабдал ойлардың нәтижесі болатын. Серікқали көз алдымызда биіктеп бара жатты. Ол дос, жора-жолдас таңдай білетін. Астамшылық, қызғаныш сияқты кесірлі «қасиеттерден» ада болатын. Секең қара жердің қойнына берілгеннен бергі уақыт ішінде оны жақсы білген жандардың ой-пікірлері бір арнаға тоғысқандай. Ол «Талай Серікқалилар дүниеге келер. Бірақ Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтай болмас» дегенге саяды. Бұл ой-пікірде Серікқалидың бүкіл бітім-болмысы тұр.

Адамда мінез болуға тиіс. Белгілі бір мінез-құлқы айқындалмаған адам, бет-әлпеті беймәлім фотосуреттей болмақ. Мұқадес қызба, тез айтатын, тез қайтатын жан еді. Біреуге қиянат жасады дегенді естіген емеспіз. Оның Қазақстан Жазушылар одағы аппаратындағы беделі жоғары болды. Жас қаламгерлер қаумалап жүретін.

Ал Серікқали болса, салқын ақылдың адамы болатын. Ол толғанып сөйлеп, ойланып іс қылатын. Кез келген ортаға сіңісіп кететін. Ешқашан ашық текетіреске бармаушы еді. Ол ешкімнің бетіне жел болып келмейтін.

Екі дос – жазушы Мұқадес Есламғалиев пен ұстаз-ғалым Серікқали Шарабасов биыл 70 жылдықтарын тойлап, дос-жаран, барша қауым ортасында жарқ-жұрқ етіп жүретін еді. Тірісінде айтып үлгере алмаған сөздерімізді өздерінің көздері жоқта айтуға мәжбүр болып отырмыз.

Айтқали  НӘРІКОВ, ақын,

Қазақстан мәдениет саласының үздігі


Елбасы манифесі: бейбіт өмірге үндеу

Күні: , 275 рет оқылды

саммит


Орнықтылықтың  орны  қашанда  жоғары

Дитер БОДЕН,

ГФР-дың ЕҚЫҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі, саясаткер

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың астанасы – Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жө­нін­дегі қо­ры­тынды саммитке қатысқан ке­зінде кім-кім­ге де ой салатын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария етті. Бұл манифест саммитке қатысып отырған барлық әлемдік көш­бас­шыларға арналғанымен, ядролық қауіп-қа­тер мен соғыс үрейіне қарай бүкіл әлем­дік қоғамдастыққа құлаққағыс еткендей әсер қалдырды.


Аталған бағдарламалық құжаттың ядро­сы орнықты әлем орнатуды қамтамасыз ету қажеттігі болып табылады. Оның үстіне Қазақстан мемлекетінің басшысы қауіпсіз­­­дік саласындағы тұрақсыздықты атап көр­сете келіп, әлемнің түрлі бұрыштарында жа­­ңа текетірестер мен әскери қарсы тұрушы­лық­тардың жаңа ошақтары тұрақты түр­­де пайда болып отырғанына өзінің алаң­даушылығын білдірді.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев барша әлем басшыларын қарусыздану мен таратпау ісіне әрі қарай да батыл үлес қо­су­ға шақырады. Аталған салада Қазақстан екі онжылдық бойы үлгі болып келе жа­тыр. Бұлай деп отырған себебім, әлемде алғаш болып өз аумағындағы ядролық сынақ по­лигонын жапты.

Бұған қоса әлеуеті жөнінен әлемдегі төр­тінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты. Сөйтіп, әлемдік қоғамдастық алдында жақсы атқа ие болып қана қоймай, бей­бітшілік бағытындағы бастамаларын тұрақ­ты жалғастырып келеді. Бұл бастамалар не­гізінен қарусыздану мен таратпау бағыт­та­рын көздейді. Жалпы алғанда, жариялан­ған манифест Қазақстанға тек бедел мен сенім  қосатын  болады.

«Егемен Қазақстан»,

№77, 23 сәуір 2016 жыл

Үлкен  серпін  туғызды

Бақтияр МӘКЕН,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Планетамыздың, өркениеті­міздің бола­ша­ғы бүгінде бүкіл адамзатты толғанды­рып отыр. Біздің барлық жоспарларымыз, ұмтылыстарымыз ертеңгі күнге бағыттал­ған және де әлемдік қоғамдастықтың әрі қарайғы дәйекті дамуымен тікелей байланысты.

Соңғы жылдар оқиғасы бүкіл әлемге қа­уіп-қатер төндіріп тұр, кейбір еларалық жан­жалдар әлем­дік соғысқа ұласып кетуі ықтимал.

Әр адам жасына, этностық немесе діни көз­қарасына қарамастан, Жер шарының кез келген нүк­тесінде бейбіт және бақыт­ты өмір сүргісі келеді.

Сондықтан ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифе­сіндегі үндеу бүкіл әлемде қызу үнқатысу мен резонанс туғызды.

ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Дәл осылай деп әлемде бірде-бір мемлекет басшысының, бірде-бір қоғам және мем­лекет қайраткерінің жан дауысы шыға шы­рылдаған жоқ, жанайқайы да естілмеді.

Жаһан жұртының тыныштығы үшін, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін тәуел­сіз Қазақстан­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеу тастауын әлемнің барша тұрғыны қолдайды.

Өйткені ХХІ ғасырда әлем жұртына тұ­нығы лайланбайтын тыныштық, мамыра­жай  бейбіт  өмір  керек.

Мемлекет басшысы былай дейді: «Әлем бұған дейінгі 100 жылдықта адамдар бейбітшілік үшін қалай күрессе, ХХІ ғасыр­да дәл солай саналы және табан­дылықпен күресу­ге әбден ла­йық­ты. Біз балаларымыз бен не­ме­релеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз».

Біздің Президентіміз жаһандық бейбіт­шілік үшін қозғалыста және адамзат өр­ке­ниетін сақтау үдерістерінде көшбасшы еке­нін мақтан тұтамыз.

Біз Президентіміздің үндеуін барлық сая­саткерлер, Жер пла­нета­сының барлық тұр­ғындары еститініне сенеміз және со­ғыс­­тар адам өмірін құртатын нақты ахуал бо­лудан  қалады  ғой  деп  үміттенеміз.

«Егемен Қазақстан»,

№77, 23 сәуір 2016 жыл


«Алау кездер – ән кездер»

Күні: , 190 рет оқылды

DSC_0222


Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер  орталы­ғында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Қыдыр Харесұлының «Алау кездер – ән  кездер» атты әдеби-сазды шығармашылық кеші өтті.


Кеш иесі ақындық жолының басталуы туралы сыр шертіп, күні кеше тұсауын кескен «Алау кездер – ән  кездер» атты жыр жинағы­на енген бір топ өлеңдерін көрерменге оқып берді. Сондай-ақ шара барысында ақынның сөздеріне жазылған Жаскелең Ғайсағалиев, Гүлбаршын Қасиетова, Сағидолла Нығметов, Орынгүл Исмағұлова сынды өңірімізге белгілі әнші-композиторлардың «Алау кездер – ән  кездер», «Жастығым менің – Жалпақтал», «Көктем лебі»,  «Ерлік гүлі» әндері орындалды.

Шығармашылық кеште ақын Айсұлу Қа­дырбаева, Ақтөбе облысынан келген әріп­тес достары Қуаныш Мырза, Мұсағали Тас­қалиев құттықтау сөз сөйлеп, ақынға шығар­машылық табыс тіледі.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика