Мұрағат: 23.04.2016


Неміске немісше үйреткен қазақ

Күні: , 323 рет оқылды

DMS_8405


«Хаймат» орталығының төрағасы Эдуард Фрицлер Орал қаласының тұрғыны, ұстаз, ана Майра Барадосованы «Осындағы басты неміс әйелі» дейді екен. Олай деуінің де мәні бар. Ұлты қазақ болса да, осы жанның жоғарыда аталған ұйымның  құрылуының бастауында тұрғандығының дәлелі және оның неміс тілін Майраның өңірдегі өзге де қандастарынан артық білуін бағалауы.


Иә, айтса айтқандай. Өңіне қарасаң, нағыз жасынан «жастау» көрінетін, тұла бойынан жігер мен қажырлылық сезіліп тұрған бұл жанды алғаш рет көргенде таңданғаным рас. Иә, Майра Бариқызы — неміс тілінің үздік маманы. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматы қаласындағы шет тілдері институтын бітірген, мамандығы бойынша сан жыл жемісті еңбек еткен алғыр жан бүгінде Жайық өңіріндегі немістердің ең жақын адамына айналды. Тіпті Бетховен мен Лейбництің тілін екінші ана тілі санайды. Сондықтан «Хайматтың» жетекшісі Фрицлердің кәсіпкер болуына байланысты қоғамдық ұйым жайында толыққанды ақпарат беруді Майраға тапсыруы өте орынды. Майра тек неміс ұлтының тілі және салт-дәстүрі ғана емес, сол халықтың тарихынан да жақсы хабардар. Сонымен…

…Немістерді көршілес Ресейге орыстың ханшайымы Екінші Екатерина шақырған екен. Сол он сегізінші ғасырдың өзінде туған елінде тығыз қоныстанған олар жердің жетіспеуінен зардап шексе керек. Қыз қашанда төркіншіл ғой. Ұлты неміс патшайым сонау Германиядан миллиондаған қандасын көшіріп алып, Еділ бойына, кейін кезекті орыс-түрік соғысынан кейін «босатылған» Қырым түбегіне қоныстандырыпты. Еңбекқор да ұқыпты, ұйымшыл да қажырлы халық санаулы жылдарда жаңа жерді игеріп, бауыр басып кеткен. Алайда өткен ғасырда бұл ұлт өкілдерінің көрмеген қорлығы жоқ. Екі дүниежүзілік соғыста да орыс пен неміс өзара жау болғандықтан, «Таз ашуын тырнадан алады» деген, қоныс аударғандардың ұрпағы қандастары үшін талай құқайды бастан кешірді. Ал соңғы соғыста бәрін зорлап көшіріп, Еділ бойы немістерінің автономиясын жапты. Содан 1956 жылға дейін олар «күдіктілер» ретінде құзырлы орындардың бақылауы мен қадағалауынан тыс қалған жоқ. Сан жылғы қудалау мен түрткіштеуден соң, Бах пен Гетенің ұрпағының тегін жасыруы немесе айтпауға тырысуы таңданарлық емес. Алайда немістің аты неміс. Қай жерде де еңбекқорлығы және ұқыптылығымен аты шыққан осы ұлт өкілдерін қазақ та, басқа ұлт та тек жақсы қырынан таниды. Қазақтың «Сары баласы» атанған Герольд Белгерді кім білмейді?! Немесе сонау жылдары өңірдегі «Правда» атындағы кеңшарда өмір сүрген, белгілі бір аймақты салыстырмалы түрде «жұмаққа» айналдырған немісті күні бүгінге дейін барлығы да жыр етіп айтады. Тіпті Ғаділше Өтебәлі ағамыз «Жымпитының немістері» атты кітап жазып, 2003 жылы жарыққа шығарды.

Өткен ғасырдың аяғында бұрынғы Кеңес одағындағы демократиялық қайта өрлеуге байланысты Жайық өңірінің немістері тілі мен салт-дәстүрі, мәдениетін, тұрмыстық қалпын жаңғырту үшін бірігуге ұмтылды. Мерейлі мақсатқа орай ең әуелі үш дос — А. Траутвейн, В. Люфт, В. Кирст іске кірісті. Тіпті олар Орал қаласында алғаш рет неміс кафесін де ашқан екен. Алайда әрі қарай ұмтылыс жарасымды жалғасын таппады. Тек 1991 жылы сәуір айында ғана «Хаймат» өмірге келді. Оған Германия үкіметі, сол кездегі Алматыдағы «Неміс үйі» және жергілікті билік көмек пен қолдау көрсетті. Жерлес немістердің ана тілін ұмытқанын және сөйлесе де, тек диалектіде тіл қататынын ескеріп, Германия неміс тілін меңгеру курсін ашуға мұрындық болды. Көп жыл бойы аталмыш курста тек неміс қана емес, өзге ұлт өкілдері де Еуропаның бір ұлы өркениетінің тілін, әдебиетін, мәдениетін меңгерді. Мұның өзі атамекеніне қоныс аударған қандастарының тіл негіздерін меңгеріп кетуі мақсатында да жүзеге асырылған. Сондай-ақ немістің ұлттық мерекелерін атап өтуге де мол қаржы бөлінді. Бұдан басқа тұрмысы төмен неміс отбасыларына қаржылық қолдау мен көмек көрсетілді. Сонымен бірге «Хаймат» мемлекеттік мерекелер мен өзге де ұлт өкілдерінің мейрамдарын атап өтуге белсене қатысып жүр. Қазір де неміс тілін үйрету жұмысы тоқтап қалған жоқ. Сондай-ақ қаржыландыру тоқтатылса да, Германиямен іскерлік және мәдени байланыс одан әрі жалғасуда.

— Міне, арада ширек ғасыр өтіпті. Сол кезеңде неміс ұлттық қоғамын Г. Граф, И. Бахманн, В. Орт, В. Доренгоф және өзгелері басқарды. Олардың кейбіреуі арамызда жоқ болса, орталықты он жылдан астам уақыт бойы басқарған В. Доренгоф Орал қаласында өмір сүріп жатыр. «Хайматтың» қазіргі басшысы — Эдуард Фрицлер. Шыны керек, өзім тек маман болғандықтан ғана емес, сол тілді сүйгендіктен де тіл сындыру курсында аянбай еңбек еттім. Яғни немістерді немісше үйретуге тура келді. Жастар жағы ана тілінен мүлдем хабарсыз болса, ересектер тілді аз білсе де, оның диалектісінен ғана хабардар. Ал өзім өзге де әріптестеріммен бірге оларды әдеби, тұрмыстық және іскерлік неміс тіліне үйреттім. Үйренушілеріме бауыр басқаным соншалық, бүгінде неміс атаулы жаныма жақын. Бізде қоғамдық санада әлі де неміске тосырқай қарау баршылық және еуропалық осы ұлттың тілін «дөрекі» деп санау қалыптасқан. Дұрыс емес. Жоғарыдағының бәрі екінші дүниежүзілік соғыстан бері қалмай келе жатқан жадыдағы жағымсыз сарқыншақ. Бүгінгі Германия — нацизмнен іргесін аулақ салған мемлекет. Оған Батыстың күшті дамыған осы елінде Дрезден, Лейпциг, Берлин және басқа қалаларында болғанымда, анық көзім жетті. Бұрын өңірімізде 5-6 мыңдай неміс болған екен. Солардың басым көпшілігі Германияға көшті. Бірақ қайта оралып жатқаны да бар. Қазір біздің облыста 1400 неміс тұрады, соның 800-і Орал қаласында. Меніңше, сол жерлестердің қазақ еліне бауыр басқаны соншалық, тарихи Отанына аттануға асықпайтын сыңайлы, — деді сөз соңында әлі де сүйікті ісінен қол үзбеген, бүгінде БҚИТУ-дың үйлестірушісі болып қызмет істейтін Майра Барадосова.

Майра Бариқызының пайымдауына бір дәлел. «Информбиржа» газетінің «Хайматқа» арналған кітапханасының нөмірінде Эдуард Фрицлер берген сұхбатта былай делінген екен: «Орал қаласынан тыс өмірді тіпті көз алдыма елестете алмаймын. Мұнда досым көп, сүйікті жұмысым, өзім қоян-қолтық араласатын орта бар. Сондықтан байырғы шаһардың шаңы мен бұралаң жолы мен үшін Берлиннің тап-таза, түзу көшесінен артық. Германияда қазір 64 туысым болғанның өзінде…». Мұндай жүрекжарды лебізге ешқандай алып-қосарымыз жоқ.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Сын жұмысты ширатуы тиіс

Күні: , 453 рет оқылды

IMG_0510


Орал қаласындағы №1 көп бейінді емхананың табалдырығын аттағанда, емделушілерге қажетті ақпараттар қос тілде жазылып, көрнекті жерге ілінгендігі бірден көзімізге түсті. Жоғары қабаттарға көтерілер жерде «Тайып кетпеңіз!» немесе «Баспалдақ биік!» деген ескертулерді де байқадық. Қала іргесіндегі Деркөл ауылы мен М. Ықсанов атындағы көше бойындағы бөлімшелерін қоса есептегенде, аталмыш емхана 72 мың адамды қамтиды.


Әдетте науқастанып немесе толық тексеруден өткісі келген әр пациенттің бірінші баратыны – зертхана. Үшінші қабаттағы зертхана таңғы 7.30-дан күндізгі 11.00-ге дейін қабылдайды екен. Байқағанымыз, дәліздер тап-таза.

— Бізде 80-нен астам дәрігер, 245 медбике, 41 техникалық және 64 қамтушы қызметкер жұмыс істейді. Зертханада бір ауысымда шамамен 150 адамнан қан, 150 адамнан екі түрлі дәрет қабылданып, оның қорытындысы орта есеппен алғанда, 20-30 минутта анықталып, пациент хабардар бола алады. Сондай-ақ қандағы қант құрамын анықтау да жүріп жатады. Өзге де бағыттағы сараптама жұмысын зертхана ұжымы дер кезінде атқарып, емдеу үдерімінің одан әрі жалғасуын қамтамасыз етіп жүр. Қорытынды негізінен отбасылық дәрігерлерге бағытталады. Аға медбике Гүлшат Қыдырышева басқаратын ұжым да, өзге де дәрігерлер кәсіптік міндетіне мұқият, — дейді емхана директоры Светлана Ермекқалиева.

Биыл құрылғанына 40 жыл толатын емхананың бас дәрігері бұдан басқа түрлі бағыттағы сараптама алу үшін күн сайын сағат тоғыздан кейін арнайы көлікпен (емханада оның екеуі бар) дәрігер мен медбикелердің жүріп-тұруы қиын пациенттерді (соғыс ардагері, мүгедегі, өзге де мүмкіндігі шектеулі жандар) үйінен қамтып, сараптама алатынын мәлімдеді. Емхана есебінде басқа санаттағыларды айтпағанда, 35 соғыс ардагері тіркелген. Мұның өзі сол жандар үшін мейлінше тиімді. Жуырда ғана емханада болған облыс әкімі Алтай Көлгінов те келушілерге мейлінше қолайлы жағдай туғызуға мән беріп, емхана басшылығынан: «Неге жеделсаты жоқ?» деп сұраған. Светлана Борисқызы емхананың сонау жылдары салынғанын, соған қарамастан, облыстық денсаулық сақтау басқармасының алдына жеделсаты орнату немесе тым тік баспалдақтарды икемге келтіру мәселесі қойылғанын баяндапты.

Ал өңір басшысы оған түйткілді мәселе бойынша өзінің қабылдауына келуін айтқан екен. Емхана басшысы емдеу орнының көлемін Достық даңғылына қарай ұзарту және тағы бір қабатқа көтеру керектігін де алға тартты. Тіпті оның қағаз бетіне түскен кескіні де бар екен.

Емхананың Деркөл ауылындағы бөлімшесінде медициналық қызметкерлер 14 мың адамды қамтып отыр. Мұндағы жағдай күрделілеу. Біріншіден, көлік қатынасы қиын. Екіншіден, ауыл ішіндегі, әсіресе, емдеу орындарына баратын жолда қатқыл төсем жоқ. Мұны емхана және сала басшылары да, өзге де мүдделі тараптар біледі. Қазір олқылықты жою бағытында талпыныс байқалады. Ал енді дәрігерлік көмек және қамту жайына келсек, жағдай қалыпты. Халықты дәрі-дәрмекпен қамту үшін №1 емхана басшылығының қозғау салуымен елді мекенде «Талап» дәріханасының бөлімшесі ашылыпты. Ал М. Ықсанов атындағы көшеде орналасқан бөлімшеде аурудың алдын алу және сауықтыру жұмысы жүргізіледі. Мұнда келушінің салмағы, бойы және басқасы өлшеніп, сылап-сипау (массаж) және велосипедте жаттығу, өзге де үдерімнен өткізіледі. Онда үлкенге де, кішіге де, жасына және дертіне байланысты дәрі-дәрмексіз ем-дом, сауықтыру шаралары көзделген.

Емхананың кардиологиялық орталық, «Жедел жәрдем» қызметі және басқа да қанаттас құрылымдармен іскерлік қарым-қатынасы жолға қойылған. Мұның өзі ортақ істе мейлінше оңтайлы. Сондай-ақ сан салалы «Денсаулық мектебі» де нәтижесін танытып келеді. «Сусақ», «Кәрілер мектебі» және басқа қабылдау бөлмелерінде дәрігерлер келушілерді қан қысымын өлшеу құралын, дәрі-дәрмекті тиімді пайдалануға және өзгесіне үйретіп жүр. Емханадағы жеті әлеуметтік қызметкер, жеті психолог келушіге ақыл-кеңес беруге, қолтығынан сүйеуге қашанда даяр. Екі оператор да кәсіптік міндетіне адал. Әр адамның да емханаға 24-00-06 телефон нөмірі арқылы хабарласып, қалаған сұрағына толыққанды жауап алуға мүмкіндігі мол.

— Қаншалықты жағдай туғызып отырсақ та, арызданушы болады. Біріншіден, біздің тұрақты пациенттердің басым көпшілігі – жасы ұлғайған жандар. Олардың көбіне шамшыл келетіні белгілі. Екіншіден, бізде арнайы тіркеуге алынғандардың 50 пайызы – жүрек және қан тамыры дертіне шалдыққандар. Сондықтан біз олардың кінәмшілдігіне кешіріммен және түсініс-тікпен қараймыз, — дейді С. Ермекқалиева.

Науқастар жиі жүгінетін терапевт, хирург, окулист сынды мамандардың бөлмелеріне де бас сұқтық. Байқағанымыз, кезек жоқтың қасы. Дау шығарып жатқан да ешкім көрінбейді. Қарасы сирек отырғандардың кейбіреуін сөзге тартқымыз келген, басын шайқады. Тек бір қандасымыз (ол да аты-жөнін айтудан тартынды) ғана «Дәрігерге қояр кінәм жоқ. Өкініштісі сол, кейбірі қағазбастылықтан құтыла алмай жүр», — деді де қойды.

– Жалпы, осы айда келуші аз. Қазір алты адамды қабылдап үлгердім. Енді ешкім көрінбейді, — деді жұмыс бөлмесінде отырған терапевт Жаңғақ Қаресова.

– Қызметке кіріскеніме екі жыл толуы жақын. Бүгін әзірге бес адамды қабылдадым. Тағы да келуін күтіп отырмын. Түскі бірге дейін уақытым бар ғой, әрі қарай басқа міндетімді атқаруға кірісуім керек, — деді келесі емдеу бөлмесіндегі терапевт Римма Бавгашева.

– Кезек тәртібі бойынша күн сайын орта есеппен 35-40 пациент қабылдауымнан өтеді. 307 науқас арнайы есепте тұр. Басым көпшілігі – қариялар, мүгедектер. Әзірге жұмысыма ешкімнен шағым түскен жоқ, — деді жоғары санатты дәрігер М. Әбілхайырова.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

* * *

Қаламыздың Зашаған кенті аумағында орналасқан №6 емхананың ашылғанына үш жылдан астам уақыт өтсе де, қызмет көрсету сапасына халықтың көңілі толмай келеді. Ауруына ем іздеп, дәрігерге келген  тұрғындардың ұзын-сонар  кезекке тұруы  олардың мазасын қашырғалы қашан. Зертхана бөлмелерінің де тіркеу орнымен жапсарлас жайсыз жерде орналасуы пациенттерге ыңғайсыздық тудырып келді.  Көптеген емделушілер жеке медициналық кітапшаларын әр жерден іздеп, әуре-сарсаңға түсіп, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасыздығын айтып, талай рет құзырлы мекемелерге шағымданыпты.

Халықтың сөзіне құлақ асқан облыс әкімі Алтай Көлгінов апта басында қала емханаларын арнайы аралап, селекторлық жиында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ. Ирменовке олқылықтарды тез арада түзеуге тапсырма берген болатын.

Іле-шала бейсенбі күні №6 қалалық емхананың тыныс-тіршілігімен танысып, қолға алынған іс-шараларды көру мақсатында таңғы сағат 8.00-ден бастап, емханадан табылдық. Әйтеуір, сол күні бұрын-соңды сеңдей соғылысып жататын кезекті, кезегі үшін айқайласып жататын пациенттердің айқай-шуын бұл жолы байқамадық. Әр бөлменің есігінде емделушілердің аты-жөнінің тізімдері мен уақыттары жазылған қағаз ілулі тұр. Әр жерде кезегін күтіп отырған 5-6 адамды ғана көресің. Айнала мұнтаздай таза, кәдімгідей тыныштық орнаған. Тіпті зертханаға қан сараптамаларын тапсыру үшін келетін адамдардың да қарасы аз. Емхананың кіреберісінен бастап, ұзын дәліздің бойын жағалай тұратын кезек те бүгін сап тыйылған. Бұл кезек қайда жоғалып кетті десек, зертхана бөлмесінің орны көпшілікке ыңғайлы жерге ауыстырылыпты. Кіреберістен бастап арнайы нұсқаулықтар ілінген екен, алайда оның бәрі орыс тілінде.

Аралап жүріп, 2-қабаттағы күндізгі стационар бөлмесінің алдына келген едік, Галина Медведева есімді ІІ топтағы мүгедек әже шағымын айта жөнелді.

— Таңғы сағат 9.30-ға алдын ала жазылып, уақытында келіп отырмын. Мидағы ісік ауруымен ауыратын мен үшін аяқтай келудің өзі азап. Күннен-күнге жағдайым қиындап барады. Неше күннен бері аяғымнан таусылып жүрмін. Тексеруге комиссия келді деген күні таңнан түске дейін аш-сусыз отырғаным бар. Мұнда келсем, бұлар облыстық ауруханаға жіберді, онда барып едім, олар қайтадан мұнда жібереді. Емделуге қажетті дәрілерімді де уақтылы ала алмай жүрмін. Медбикелердің де әдеп сақтау мәселесін қадағалау керек сияқты, — деген кейуананың сөзі орынды көрінді.

Бұдан кейін сол қабаттағы №234 бөлмеде отыратын бұрыннан таныс Г. есімді медбикеге өзіміздің қайдан келгенімізді, не мақсатпен жүргенімізді айтып, диктофонымызды қосып, мазалаған бір-екі сұрағымызға жауап алайық дедік. Алайда ол диктофоннан «шошып», ашуға бой беріп, дәліздегі кезек күткен пациенттердің көзінше: «Сен мені подставить етуге әдейі келдің, неге бұлай істейсің, кетші бар» деп кеудемізден итеріп, диктофонымызды жұлып алды. Айқайлай сөйлеп бөлмесіне кіріп, есікті тарс жапты.

Сөйтіп, медбикелікпен мүлдем үйлеспейтін мінезін әшкере етіп алды. Сөйлесуден дөрекі түрде бас тартты.

Бұдан кейін 1-қабатты аралап, емделушілермен әңгімелескенбіз, жағдай басқаша болып шықты.

— Қазір кезекті бұрынғыдай көп күтпейтін болдық. Жүйеленіп, сыннан нәтиже шығып келеді. Бәрі бірдей керемет болмағанымен, қызметтеріне көңіліміз толады. Дәрігер жалғыз, ауру көп. Барлық жаланы медбикелер мен дәрігерлерге жаба салуға болмайды. Тұрғындар да медициналық тұрғыдан сауатты болуы керек. Қазір Круглоозерный, Серебряков, «Зашаған» бағбандар қауымдастығы, Зашаған кентінде тіркелгені бар, тіркелмегені бар, халық көп. Оның бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес, — дейді зейнеткер Хиуаз Өтеғұлова мен емделуші Әділбек Өтешов.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

P.S. Бет қатталып жатқанда, №6 емханаға басшы ретінде тәжірибелі маман Ғизатолла Лямов тағайындалғаны мәлім болды. Демек, енді аталмыш емхана ел-жұртты мезі қылған қыруар олқылықтан тап бірден болмаса да, бірте-бірте, (барынша тезірек, әрине) арылар деген үміттеміз.

* * *

Өз басым №3 қалалық емхана қарауына тұрақты тіркелген соң, бұл мекемедегі медициналық қызметкерлердің кей іс-әрекеті көңіліңнен шыға бермейтініне куәмін.

Облыс басшылығының сынынан кейін қандай қорытынды жасалуда? Осы аптаның бейсенбісінде сол сауал жайын аңғару үшін №3 емханаға бардық. Мұндағы таңертеңгі қам-қарекет қалыпты басталды. Әсіресе, қысқы кезеңде дәліз бойында бірден байқалатын кезек шоғыры қазір көзге түспейді. Қабылдау тәртібі бірсыдырғы өтуде. Бөлмесіне ырғалып-жырғалып жайғасатын кей дәрігер етек-жеңін жинаған секілді. Сондай-ақ тазалыққа мән беріліпті. Еден жуушы сулы шүберегінен екі елі айырылар емес. Кіреберістен еден бетін дамылсыз сүртуде.

Кейін емделушілердің бірқатарынан пікір сұрадым. «Маған кезекте ересектермен бірге балалардың тұратыны ұнамайды. Келетін адамдардың көп екенін, кезегін ұзақ күтетінін көріп жүрмін», – деді баласын бауырына алып үйіне қайтып бара жатқан Ольга. «Алдын ала жазылып, белгіленген уақытында барсаң, біраз кісі кезегіңді бұрын иемденіп алады. Ерте барып отырсаң, екіншісі келіп айқай-шу шығарады. Бір дәрігердің қабылдауын сарылып күтіп, біраз уақытыңды жоғалтуға тура келеді», – деді аты-жөнін атаудан бас тартқан әйел. Енді бір тұрғын емханаға сирек келетінін, соның өзінде №7 учаске дәрігерлері ылғи да жұмысынан босап не ауысып жатқаны туралы ғана еститінін тілге тиек етті.

Дегенмен мекеме қызметіне ризашылығын білдіргендер де болды.

Емхананы аралай жүріп, екінші қабатта орын алған мына жайтты айтпай кетпей болмас. Сағат тілі 10.00-ді көрсеткенде, балалы келіншек қасындағыларға кезек уақыты келгенін айтып, күйіп-пісе бастады. Яғни №60 бөлмедегі жалпы тәжірибедегі дәрігер енді балаларды қабылдауы тиіс екен. Бірақ жаңағы емделушінің қабақ шытқанынан кезек легі мызғи қоймады. Кейін өзі жұмысқа, қызы мектепке бара алмайтындарын ұялы телефондары арқылы ескертті. Сол күткеннен тура жарты сағаттан соң учаске дәрігеріне жолығуға мүмкіндік туды. Қабылдауда отырғандардың құжатын жинаған медбике баласымен келіп отырғандар «Кезегіміз келді» деп уәждерін алға тартқанда, «Емханаға жұмысты ойлап келмейді» деген сарындағы жауабын берді. Осы дәліз бұрылысындағы №66 бөлмедегі жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруын емдейтін дәрігердің жұмысы таңғы 9.00-де басталады екен. Кезегін күткендердің айтуынша, бір жарым сағатқа жуық уақытта үш-ақ емделуші қабылдауға кірген. Ал есікте ілулі тұрған кестеде сол күні 12 адам қаралатыны туралы мәлімет берілген.

Өзіміз куә болған мәселелерді арқау етіп, «№3 қалалық емхана» мекемесінің директоры Қашура Әжіғұловаға сауал қоюға мүмкіндік алдық. Емхана басшысы облыс әкімі Алтай Көлгінов атап өткен кемшіліктер барын мойындады. Дегенмен бұл түйткілдерді шешумен бұрыннан айналысып келе жатқанын алға тартты. Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2012 жылдан бастап «Кезексіз емхана» атты жоба қолға алынған екен. Сол жоба арқылы медициналық қызметкерлерді ғана емес, тұрғындардың өзін денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, яғни екіжақты түсіністікке баулу ісі жүзеге асуда екен.

– Егер электронды табло қоятын болсақ, онда жұмыс жүйесі банктегі қызмет көрсету үлгісіне ұқсайтын бола-ды. Тұрғындар терминалдан нөмір алып, кезекке тұрады. Онда алдын ала жазба жойылады және мынадай қолайсыздық тууы мүмкін. Мәселен, жүйке жүйесін емдейтін дәрігер бір күнде 25 кісі қабылдайды делік. Одан артығына шектеу қоюға тура келеді, яғни талон берілмейді. Себебі әр дәрігерге белгіленген нормативті сағат мөлшерінде жұмыс жасау режимі бекітілген, – деді Қашура Мұхтарқызы.

Кейін жалпы тәжірибедегі дәрігер бөлімі алдындағы қолайсыздық жайын сұрадым. «Дәрігерге келетін адам алдын ала бәрін жоспарлауы керек. «Мен жұмысқа барамын, тезірек қабылдаңыз» деп айтуға тиіс емес. Себебі өзіне қолайлы уақытта (?) келіп отыр. Сосын қабылдау уақытында кейбір науқастар аурудың шығу себебін ұзақ әңгімелеп отырып алады. Дәрігер, амал жоқ, ол кісінің шағымын тыңдайды. Негізгі норматив – 15 минут екені ескеріле бермейді. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Сондай-ақ тексерілген күні кей емделушінің диагнозы өте ауыр екені анықталса немесе қосымша зерттеу қажет болса, дәрігер шұғыл түрде келесі бөлімдегі әріптестеріне жолдап, ерте кіргізуі мүмкін. Мұны байқаған тұрғындар «таныстықты пайдаланды» деп бірден күдіктенеді», – деді емхана директоры.

Жиырма жылдан астам осы мекеменің басшысы болып қызмет етіп, әбден ысылған Қашура Әжіғұлованың айтуынша, емханаға қарасты бір «Жедел жәрдем» көлігі бар. Бұл мәшине тәулігіне таңғы сағат 8.00-ден бастап 12 сағат жұмыс жасайды. Кейде қалалық «Жедел жәрдем» стансасы емхана орналасқан аудан бойынша түскен шақыртуларды бағыттайды екен.

Жалпы, жұмыс режимі басталатын уақыттың алғашқы екі сағаты ересекке, кейінгі уақыты балаларға арналған. Яғни сол арқылы жас ерекшелігіне қарай бөлек ұстауға тырысады. Бір жағынан, балалардың ұйқысы қанық болуы ескерілген. Емханада 20 учаске бар. Күніне орта есеппен 400-ге тарта адам жолығады. Ұжымда 57 дәрігер, 124 медбике қызмет етеді. Бір дәрігерге үш медбике қолғанат болуда. Жаңа мамандарға мұқтаждық жоқ. Дегенмен ұжым арасында зейнеткерлікке немесе декреттік демалысқа шығатындар есебіне орай жеті жалпы тәжірибедегі дәрігерге жұмысқа алуға сұраныс жіберілген. Ұжымдағы ардагер буын тәжірибесін жас мамандарға үйрету ісі жолға қойылған.

Емхана 43 мыңдай тұрғынға қызмет етеді. Әр учаскеге 2200 тұрғыннан келеді. Енді осы мөлшерді 1800-ге дейін түсіру, яғни учаскені ұсақтау жоспарлануда. Сол арқылы дәрігер қызметі оңтайлана түседі және кезек саны азаймақ. Емхана меншігінде қосымша 0,1138 гектар жер телімі бар. Қашура Мұхтарқызы ғимаратты кеңітуге жылма-жыл сұраныс беріп отырғанын айтты. Егер бұл құрылыс жобасы жүзеге асса, негізгі ғимаратқа санаулы мамандықтар мен диагностикалық құрал-жабдықтарды қалдырып, қалғандарын көшіргісі келеді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Меморандумға қол қойды

Күні: , 250 рет оқылды

фото Халелова рафхата (144)


Кеше қаладағы Достық үйінде облыс әкімдігі мен облыстық сот арасында өзара ынтымақтастық  туралы меморандумға қол қойылды.


Меморандум «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» – Ұлт   жоспарын  және ҚР Президентінің Судьялардың VІ сиезінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстел аясында жүзеге асты.

Салтанатты шараға өңір басшысы Алтай Көлгінов,  ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (ҚР Жоғарғы соты аппараты) басшысы Ілияс Испанов, облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, сондай-ақ облыстық соттың, прокуратураның, ішкі істер және әділет департаменттерінің, облыстық және қалалық әкімдіктің өкілдері, қоғамдық кеңестер мен адвокаттар алқасының мүшелері, облыстың жеке сот орындаушылары мен кәсіби медиаторлары қатысты.

Жиында алдымен сөз алған облыстық соттың төрағасы Бек Әметов Ұлт жоспарының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» туралы екінші институционалдық реформасы бойынша өзара ықпалдастықты жүзеге асыру жолдары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар өз құзыреттілігі шегінде дауларды (шиеленістерді) шешудің балама әдістерін қолдану аясын кеңейтіп, жаппай тарату мәселелері бойынша өзара ықпалдастықты орнатуға баса көңіл бөлді.

Бұдан кейін облыс әкімі Алтай Сейдірұлы қабылданған құжаттың маңызына тоқталып өтті.

– Ұлт жоспарының негізгі мақсаты мемлекетіміздің экономикасын дамыту, бәсекелестікті арттыру және 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына енгізу болып табылады. Бес реформаның бағыттары баршаңызға белгілі және оны іске асыру басталды. Бірінші бағыты мемлекет аппаратының тиімділігін арттыру арқылы бәсекелестікті күшейтуге, тәуелсіз сот режимінің құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, индустрияландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жаңғыртуға, «Мәңгілік ел» идеясы және Ассамблея институтына сүйенген азаматтық біртектілік пен біртұтастықты нығайтуға бағытталған. Мемлекетте қоғамдағы құқықтық-әлеуметтік немесе тұрмыстық мәселелер туындаған жағдайда азаматтар ең бірінші сотқа жүгінеді. Бұл өркениетті қоғамның белгісі және сотқа деген сенімнің артуы деп түсінгеніміз жөн. Сот жүйесін жаңғырту және ашықтығын қалыптастыруға бағытталған істерге мемлекет зор сенім артады. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы өте зор. Дөңгелек үстел аясында қол қойылғалы отырған ынтымақтастық меморандумы Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолындағы нақты қадамдардың бірі болады деп сенім білдіреміз, –  деді өңір басшысы.

Бұдан кейін Алтай Сейдірұлы мен облыстық соттың төрағасы Бек Әметов «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» – Ұлт жоспарын орындау аясындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кеңес  одан әрі  «Бітімгершілік рәсімдерінің тәжірибесіне талдау», «Сот жүйесінде инновациялық технологияларды қолданудағы жаңашылдықтар», «Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу», «Медиация – дауды  балама жолмен шешудің амалы ретінде» тақырыптардағы баяндамалармен жалғасын тапты. Мұнда облыстық соттың судьялары, облыстық адвокаттар алқасының төрағалары мен кәсіби медиаторлар сөз сөйлеп, өзара  тәжірибе  алмасты.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Сенім сертификаты – төрт кәсіпорынға

Күні: , 229 рет оқылды

енбек-2


Әлем жұртшылығы жыл сайын 28 сәуір күні – Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Осыған орай облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасы мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, кәсіподақ  және кәсіпкерлер палатасының, сақтандыру компанияларының, оқыту орталықтарының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі бойынша семинар-мәжіліс өткізді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.


Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне орайластырылған шараның басты мақсаты жұмыс берушілердің назарын өндірісте қайғылы оқиғаларды мүмкіндігінше болдырмауға,  өндірісте жарақат алудың  алдын алу жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігіне аудару екендігін атап көрсетті. «Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 сәуірге дейін облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 17 жазатайым оқиға (өткен жылы 15 оқиға, авт.) болды.

Оның ішінде екі оқиға өліммен аяқталды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының орын алған оқиғаларға жүргізген талдау жұмыстары нәтижесінде оқыс оқиғалар негізінен жұмыс берушілердің және жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігіне салғырттықпен қарауының кесірінен орын алғандығы анықталған.  Еңбек инспекциясы жазатайым оқиғаларды тексеріп, материалдарын облыстық ішкі істер департаментіне жолдады», — деді Марат Лұқпанұлы.

Жиында баяндама жасаған облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаевтың мәліметіне сүйенсек, биылғы 1-тоқсанда облыста жазатайым оқиғалардан 22 (2015 жылы 1-тоқсанда 20) қызметкер зардап шегіп, оның екеуі (өткен жылы 1-тоқсанда үшеуі) өліммен аяқталған. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша заңбұзушылықтарға жол берген бес тұлға (2015 жылы 14 тұлға) әкімшілік жауапқа тартылған және оларға 1,2 млн. теңге (2015 жылы – 8,8 млн. теңге) көлемінде айыппұл салынған. Облыс бойынша өндірістік жарақаттанудың үшжылдық орташа  көрсеткіші 59 оқиға (зардап шеккендер саны – 66 адам), оның ішінде ең көп жазатайым оқиғалар Орал қаласында және Бөрлі ауданында (тиісінше 45 және 8) орын алған. Сонымен қатар осы аумақтардағы келеңсіз оқиғалар облыста орын алған жазатайым оқиғалардың 90 пайызын құрады. Өндіріспен байланысты жазатайым оқиғалардың саны соңғы жылдары 3 жылдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген.

Өндірістік жарақаттанудың ең көбі құрылыс саласында тіркелген (үш жылдың орташа көрсеткіші – 16 адам немесе 24%), бюджеттік мекемелерде (үш  жылдың орташа көрсеткіші – 13 адам немесе 20%) және шағын бизнес субъектілерінде (үш жылдың орташа көрсеткіші – тоғыз адам немесе 14%) орын алып отыр. 2015 жылы және биылғы жылдың 1-тоқсанында «Облыстық клиникалық ауруханасы» МКҚК ұсынған мәліметіне сәйкес, еңбек инспекциясына хабарланбаған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың 15 фактісі анықталды (ЖК «Баянауыл»,   «ҚашағанҚұрылысБірлестігі» ЖШС, «Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің әскери техникалық мектебі» РМҚК Орал филиалы және т.б.).

Заңбұзушылықтарға жол берген тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәдениетінің жаңа жолдарын енгізу арқылы қол жеткізуге, яғни жұмыс берушілер өз жауапкершіліктерін сезініп және қызметкерлер жұмыс орындарындағы қауіп-қатерді басқаруға толықтай тартылуы қажеттігін алға мақсат етіп қойып отыр. Осыған орай жұмыс берушінің қызметін декларациялауда басқармамен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге мемлекет басшысы белгілеген бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» (83-қадам еңбек қатынастарын ырықтандыру) Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде жаңа Еңбек кодексі әзірленді. Қазiргi таңда жұмыс берушінің қызметін декларациялау нормасы осы Еңбек кодексінде бекітілген, – деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаев.

Басқосуда «Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Салықов, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы Гүлзада Санкаева және өзгелері еңбекті қорғауды жақсарту бойынша сөз сөйледі. Семинар-кеңесте жұмыс берушінің қызметін декларациялау жөніндегі комиссия ұсынымы бойынша облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының шешіміне сәйкес облыстағы төрт кәсіпорын еліміздің еңбек заңнамасының талаптарына сай деп танылғандығы мәлім болды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов осы мақтаулы кәсіпорындар – «Ақсайавтотранс» АҚ, «Ақсайгазсервис» АҚ, «Орал трансформатор заводы» ЖШС және «СТОФАРМ» ЖШС-ға берілген үш жыл мерзімге сенім сертификатын аталмыш компания өкілдеріне табыс етті. Енді оларға іріктеп тексеру жүргізілмейді, яғни осы кәсіпорындарға мемлекеттік еңбек инспекторлары тексерістермен бас сұқпайды.

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов өндірісте жарақаттанудың немесе адам өлімінің болуы кездейсоқтық емес, керісінше жұмыс берушілердің, кейде зардап шегушілердің жауапсыздығынан болатынын, ұлт денсаулығының сақталуы мемлекетіміздің ең маңызды мәселесі және басты мақсаты болып табылатынын еске салды. Сонымен қатар қызметкердің денсаулығын жоғалтуы және еңбекке жарамсыздығы медициналық, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық мәселелер болып табылатындықтан, еңбек инспекциясына және кәсіпорын-ұйым басшыларына өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы тиісті шараларды жүргізуді тапсырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Екеуі де алтын алды

Күні: , 225 рет оқылды

IMG-20160422-WA0007


Жақында Шымкент қаласында шығыс жекпе-жегінің каратэ-до шотакан түрінен жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында қаламыздың қос бірдей балғын спортшысы Нұрислам Қайырғали мен Арсен Кулов алтын медаль иегерлері атанды.


Қаладағы «Zanshin» клубында жаттығатын 7 жасар Нұрисламның бапкері Нұржан Тоқсанов, ал 8 жасар Арсенді Асқар Ахметов жаттықтырады. Екі жасөспірім өткен жылдың соңында Кентау қаласында өткен ел біріншілігінде де жеңіс тұғырынан көрінген болатын.

— Біздің «Zanshin» клубының ашылғанына екі жыл болды. Бүгінде бұл клубта әр түрлі жастағы сексенге жуық спортшылар шығыс жекпе-жегінен жаттығады. Жас спортшыларымыз облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындар алуда. Нұрислам мен Арсен осы клуб ашылғалы бері каратэ-до шотакан жекпе-жегімен айналысады. Екеуі бұдан бұрын өткен додаларда да жеңімпаз атанған болатын. Жас спортшылардың осындай дәрежеге жетуі өңірімізде осы спорт түрінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген Асқар Ахметов ағамыздың да еңбегі бар деп білемін. Күні кеше өткен ел чемпионатында жеңіс тұғырынан табылып, алтын медаль иегері атанған екі жас спортшымыздың жеңісіне қуаныштымыз. Алдағы уақытта еліміздің, облысымыздың намысын қорғайтын спортшыларды дайындауда аянбай еңбек ететін боламыз, — дейді клубтың жаттықтырушысы Нұржан Тоқсанов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


12 000-нан астам банк салымшысы өтемақысыз қалуы мүмкін…

Күні: , 256 рет оқылды

754356761052865


Жақында газет редакциясына хабарласқан «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев 12 000-нан астам банк салымшысының өтемақысыз қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.


— Естеріңізде болса, 2015 жылдың 18 тамызында айырбас бағамының өзгеруіне байланысты Елбасы халық салымдарының шығындарын төмендету мақсатында 2015 жылдың 18 тамызына дейін теңгемен ашылған жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем төлеу тетігін әзірлеу жөнінде Ұлттық банкке тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында банк пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мемлекеттік салалық органдармен бірлесе отырып, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  салымшыларына өтемақы төлеу тетігін әзірледі. Осыған орай  «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы ағымдағы жылдың 8 ақпанынан бастап өтемақыларын төлеу үшін банк салымшыларынан өтініш қабылдай бастады. Салымшылардан өтініш қабылдау осы жылдың 1 маусымына   (31 мамырды қоса есептегенде) дейін созылмақ. Бұл жөнінде жыл басында жұртшылыққа жергілікті БАҚ арқылы хабарланды. Бірақ банк салымшылары, неге екені белгісіз, өтемақыларын алуға асығар емес.

Бұлай дейтінім, қазіргі таңда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалында барлығы 22 459 салымшы болса, солардың ішінен осы кезге дейін тек 9 834 салымшы ғана өз салымдарына теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамы режіміне көшуге байланысты өтемақы алу үшін келісім жасаған. Әлі 12 625 салымшы аталмыш өтемақыны алу үшін банкпен келісім жасамай отыр. Олар көрсетілген мерзімге дейін банкпен өтемақы бойынша келісімшарт жасамаған жағдайда, өтемақысыз қалуы мүмкін.

Ереже бойынша өтемақы 2015 жылдың 18 тамызына дейінгі салымшылардың қалдық сомасына 35,5% мөлшері есебінде төленеді. Өтемақы бюджет және банк қаражаты есебінен жүргізіледі.

Өтемақы туралы келісім тұрғын үй құрылыс жинақ шартындағы жалпы тараптарға қосылу туралы қосымша келісімшарт болып жасалады. Бұл келісімшарттар болашақта шотқа банктің сыйақыларын есептеу және Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте республикалық бюджеттен алынған мемлекеттің сыйлықақысын есептеуде басты құжат болып табылады. Сондай-ақ  ол кейіннен салымшының банктен тұрғын үй заемын алу құқығын анықтайды, — деген Бауыржан Елубайұлы банк салымшыларын мемлекет тарапынан жасалып отырған тиімді ұсынысты дер кезінде пайдаланып қалуға шақырды.

Жергілікті банк басшысының сөзінше, өтемақыны алу үшін қосымша келісімді Орал қаласы, М. Мәметова көшесі №111 мекенжайында орналасқан банк филиалында, халыққа қызмет көрсету орталықтарының бөлімшелерінде, сондай-ақ электронды үкіметтің www.egov.kz интернет порталы мен банктің www.hcsbk.kz интернет ресурстары арқылы  жасауға болады.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика