Мұрағат: 21.04.2016


Көгілдір сағыныш

Күні: , 213 рет оқылды

(әңгіме)

Кайыр Куракулан1


Белгілі жазушы, ұзақ жыл жоғары мектепте математикадан дәріс оқыған ел-жұртқа, үлкен-кішіге түгел сыйлы педагог Қайыр Бектұрғановтың өмірден озғанына да бір жылдың жүзі болып қал-ған екен. Қаламгер-ұстаздың жарқын бейнесін жұрт жадында жаңғыртпақ ниетпен біз бүгін Қайыр ағайдың «Көгілдір сағыныш» атты әңгімесін жариялап отырмыз.

Редакция алқасы


Бұл әлденеше тәуліктен бері ақыл-ойын матап, иығын езген зардапты ойдан бір сәтке сергіп, көлігінің тежегішін басты.

— Менің мына қайын сіңлім мен кішкене ұлын ала кетпес пе екенсіз? – деді қараторы кексе әйел, мәшинаның оң жақ алдыңғы есігіне кептеліп.

— Отырсын, — деді бұл.

— Онда… заттарын да ала кетсеңіз, қайтеді? Сонау жолға жақын тұрған шеткі үйден…

— Жеңеше деймін, не айтып тұрсыз?! Тағы бірде қатыстырарсыз, — деді сырттан жас әйелдің ибалы даусы. – Ыңғайсыз болды ғой!

— Қой, әй қыз! Кісісі табылып тұрғанда, түк те ыңғайсыз емес. Анау-мынауға апшыра ма мынау сияқты кең маңдай, тұнжыр көз, кесек біткен азамат? Самайын ғана қырау шалған демесең, өзі әлі жас. Күн болса ерте, әңгімелесіп тез-ақ жетіп қаласыңдар қалаға…

— Енді, міне, екі бүйірін шаң қапқан көкшіл «Лада» тақтайдай тегіс асфальт жолдың апшысын барған сайын қуырып, заулап келеді.

— Мәшинаны жақсы жүргізеді екенсіз, — деді келіншек.

— Ер адам әйел заты мен көлікке келгенде батыл болуға тиіс, әйтпесе ештеңе өнбейді, — деді бұл әзілдеп. Жанындағы етектіге бір сәт барлай қарады. Келіншек әуелі жымия түсті де, ізінше жүзінде қорғаншақ рең лыпып, қызарып кетті. «Ай қабақ, алтын кірпік хас сұлудың өзі екен-ай!» – деді бұл іштей, оқыс сүйсініп. – Өңі де аппақ. Пісте мұрны өзіне қандай жарасымды! Екі тізесін орамалмен қымтап үлгеріпті тіпті! Сонда да ұзын сирақтылардан екені анық аңғарылады». Тағы мойын бұрды. Қаракөлеңкелеу төменнен қос шағала «қайық» кебіс жарқырайды. Иә, қалада өскен жан, бұған сөз жоқ. Бірақ қазақшасы қандай жатық!.. «Мені тағы Құдай ұрды ғой: маң далада кездескен шүйкебас кенеттен ару шығып, портретке сұранып тұр!..».

— Мана жеңгеңіз айтпақшы, қалаға дәл бүгін неменеге асықтыңыз?

Сұраққа жауап бергісі келмеді ме, келіншек әуелі мүдіріп қалды. Содан соң барып ішкі түйткілін жеңгені байқалды.

— Сіз басқа жақтан сияқтысыз, күлмеңіз тек… Әлгінің себебі… қалада ертең бір сурет көрмесі жабылатын еді… Соңғы күні… Күндіз де, кейін жабылуында да менің болуым керек… Мүмкін, кездесіп қалармын деп… Тек қана қолын қысып, көрермен ретінде шаттанатынымды айтсам… Сосын бұрынғы бір дүниесі жоқ, соның қайда кеткенін сұрасам деп… – келіншек абдырап, сүйріктей саусақтарын сындыра жаздап бұрай бастады. – Тек ажуалай көрмеңіз!.. Нақұрыстық-дағы…

Көліктің жүрісі баяулап қалды. Оның иесі жадырай шырайланып, жолаушысына құрметпен қарады.

— Сіз ол суретшіні танитын ба едіңіз?

— Жоқ, кездестірген емен. Былтыр да сәті түспеді.

— Есіміңіз кім?

— Торғын.

— Астағыпыралла!

— Немене аға, нашар есім бе?

— Жоқ, керісінше, тамаша есім!

— Онда неге?! Сіздің ше?

— Қойлыбай.

«Қойлыбай?!» деп таңғалды келіншек. Бұл сұрағының әбестігін өзі байқамаса керек. Оның мына жанында отырған азаматқа ынтасы кәдімгідей ортайып қалған сияқты еді.

— Тұрмыстамысыз?

— Жоқ, ажырасып кеткенмін.

— Неге ажырастыңыз?

— Аға, сұрағыңызға сұрақпен жауап берейін: сіз көкірегі сәулелі, бірақ үміті кесілген мұңлық әйелдің ащы зары «Әмірхан» әнін білесіз бе? Кешіріңіз, әрине, білесіз.

— Түсіндім, әрі қарай өрбітпей-ақ қойыңыз. Мамандығыңыз қандай еді?

— Музыкантпын, ұстаздық етемін.

— Мұнда, жаңағы селоға, неге келіп едіңіз?

— Былтыр жеңгем жесір қалған-ды, үйін жөндесуге келгенмін.

— Мына саусақтарды аямай әк пен қышқылға салдым деңіз. Обал емес пе?

— Жоқ, обал емес. Мен кәсіпқой орындаушы емеспін ғой. Шәкірттеріме менің білігім ғана керек, ал шеберлікті, дұрыс бағыттасаң, өздері-ақ ұштайды. Сосын… кім-кімнің де өмірде қашып құтыла алмайтын азды-көпті борышы болатын шығар?..

Бес-алтылардағы ақүрпек ұл алдыңғы орындықтардың арасына қайтсе де кептелуге тырысып, әңгімені гөлитіп келеді.

— Мына мәшина жаман, — деді ол. – Ал менің папамның мәшинасы… «Тойота!» «Өскесін саған беремін» деді папам. Жарысса, мына мәшина одан қалып қояды.

— Әрине, қалып қояды, — деді жүргізуші. – Жалғыз-ақ, менде көлік біреу емес. Оларды пайдаланатын менен басқа ешкім жоғы ғана өкінішті. Ал мынау – менің ескі досым, ешқашан жолда қалдырмайды. Кейде адам жансыз нәрсеге, соның ішінде мәшинаға да бауыр басады. Ал дос атаулының ең абзал қасиеті – оның қапысыз сенімділігі…

— Ім-ім-м, — деп, үлкен кісінің уәжін түсінгендей сияқтанды сәби. Сосын өзімен-өзі болып, шегініп отырды.

— Сіз әлгі бейнелеушіңіздің қандай туындыларын білесіз?

Торғын бұған ойлы көзбен қарады.

— Картиналарынан, мысалы… «Белгісіз арудың портреті», «Айнакөлде: тұңғиық гүлі», «Елес». Сосын әлгі осы жолы қойылмаған дүниесі. Өз басым өткен жылы, әсіресе, соның қасынан айналшықтап кете алмай қойғанмын! Атауы?.. «Көгілдір мұң» ба еді, «Көгілдір сағыныш» па еді?.. Атынан гөрі затына көбірек үңіліппін. Сосын келіншек, әлдене есіне түскен кісіше ошарылып, бұған тіктеп көз салды.

— Аға, сіз де суретшісіз бе?

— Иә, мен де суретшімін, — деді бұл. – Ал сіздің сөз етіп отырған адамыңыздың аты – Тарғын. Ол аз десеңіз, мен де сол көрменің жабылуына үлгергім кеп суыт жүріп келемін.

— Қойыңызшы?! – деп, бақытты реңмен жарқ етті келіншек. Ыстық иіріммен бұны өз жан дүниесінің шуағына тартты. – Айтыңызшы, шынында да, ғажап суретші емес пе?

— Мүмкін.

— «Мүмкін» емес, дәл солай! Келіншектің сол қолы бұның рычагта жатқан шоқпардай оң қолын үстінен ұстай жаздап, кері қайтты. Қолдың сыртындағы түк жанай өткен лептен атой салып, жүрек пен жүйке таласа ереуілдеп қоя берді. Бірақ… келесі сәтте бұл тағы тереңнен тарыға күрсінді.

— Аға, сіздің жан дүниеңізде бір үлкен қасірет жатқан сияқты, — деді келіншек енді анық сұңғылалықпен. – Мен ол күйіңізді мана жаныңызға алғаш отырған сәттен-ақ байқағанмын. Содан бері зорлана көңілденгендей болып келесіз. Кешіріңіз мені!.. Осыны айтты да, мінезімен «Енді маған көңіл бөлмесеңіз де болады» дегенді танытып, терезеден сыртқа телміре қарап, қыбырсыз қалды.

Иә, өзін-өзі қайрап, қайткенде де бекем көрінуге тырысып, жанын жалдап келе жатқаны болмаса, көлік иесінің қасіреті, шынында да, өлшеусіз еді. Қайта мына екі жолаушы бұны аз уақытқа болса да алаң етті. Әйтпесе… Бұл – осыдан үш күн бұрын өзінің ең қимас адамы – жалғыз қызын жер қойнына тапсырған жан. Он сегіз жасында көз жұмды байғұс бала!..

Көп адам, әсіресе, өнерге қатыстылар, ылғи дерлік өзінің көбелек көңілінен, сұлулық деген кереметке құштарлығынан жазады. Бұл да сөйтті. Өте сирек кездесетін көрік пен сымбат иесі, бірақ айналып келгенде бұған опа бермеген зайыбы. Жеті-сегіз жасында кенет қатерлі дертке шалдыққан, сол дертті емдеуде үлкен табыстарға жеткен алыс елге барса ғана, онда да қандауырдың күшімен, тірі қалуы мүмкін сормаңдай қызы. Ол байғұс, түлкінің қақпанға түскен баласындай жанары жалт-жұлт еткен қапалы бейбақ, әрине, алдымен бұдан – әкесінен көмек күтті. Тындырған ісінен лепірген сөзі көп парықсыз қоғам, «Ал қимылдаңдар, ерік өздеріңе тиді» деген сәтте жүздеп, мыңдап өріп кеткен обыр, қарау адамдар… Бұл әлгі көмекті қызына дер кезінде үлгеріп бере алмады. Кеш қалды!

Жасы үлкендер: «Басқа қоғам болса обалы нешік, алайда сол бұрынғы кезде азаматтық өресі биік, қазақтың өнері деп аянбай тер төккен әлденеше министр болды», — дейді. Солардың облыс, аудандардағы мирасқорлары, шәкірттері бұл күндері қайда жүр?! Бәрін бірдей жер жұтып қойған жоқ қой!

Әлгі бәлекет ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс ірі шенеунік еді (кейін лауазымы биіктеп, орталыққа кетті). Қайда барса да, бұның қарсы алдынан шыға берді, адымын аштырмады. Жүйелі түрде өтетін жеке көрмеге рұқсат бермегені былай тұрсын, ел талқысына көппен бірге түсуіне де кедергі келтіріп бақты. Екіжүзді, сатқын сыншыларды жауып, бұны алыс, жақын атырапқа түгел қарабет етіп көрсетуге бар күшін салды. Импрессионист те осы болды, сюрреализмнің шалығы тиген де осы болды.

Бір ғажабы, әлгі қылықтардың ешқайсысына бұл таңғалған жоқ. Себебі жаңағы мықты да мамандығы бойынша суретші еді. Ал дарынсыздың дарындыға хас дұшпандығының мысалдарын өнердің қай саласының тарихынан да жүздеп келтіруге болады. Алла Тағала ныспы жетесізді шығармашылық жолында терін адал төккен бейнетқормен таласқа түсіре көрмесін деңіз!

Әйтсе де, кім қандай тосқауыл қойғанмен, шын өнерлінің аты біртіндеп әр жерде атала бастады. Бір-екі рет қызуқанды жанашыр-лары бұны әлдебір ұлылармен шендестіріп, асыра мақтап та жіберді. Осы кезде әлгі сұм әдіс-айласын күрт өзгертті. Енді ол суретшінің мүшкіл күнкөрісін пайдаланып, ең озық делінген дүниелерін тиын-тебенге сатып алуға тырысты. Онысынан да ештеңе өнбеген соң пасықтыққа барды – бұның сүйегіне таңба салды.

Ол кезде бұның әйелі әлгі шенеунік басқаратын үлкен мекемеде қызмет істейтін. Және зайыбы бұны ылғи даттап, «илікпейтін өркөкірек», «ем қонбайтын формалист» деп кінәлап, бастығына жақтасып жүретін. Дәл сол кезде көз жетті: мынау тірлікте қасыңдағы жарыңның әділет пен ізгілік жолында сенімен иін тіресіп күресудің орнына, солқылдақтық та емес, таза сатқындық жасағанынан өткен қасірет жоқ екен!

Сөйткен әйелі бір күні «Демаламын, емделемін» деп Карловы Варыға кетті. Ол кезде Канар аралдары, Адриатика жағалауы дегендер аталмайды. «Жә, тынығып қайт» деді бұл. Бірақ әйелі сол сапардан бас қондырысы мүлде өзгеріп, мінезі бұрынғысынан бетер ушығып оралды. Оның ендігі іс-әрекеті ерімен бітіспейтін, қаскөйлік бағыт алып еді. Ол бұны елдің көзінше «дарынсыз», «жетесіз» деп тілдейтінді шығарды. Сондай сұрықсыз күндердің бірінде бұл өткен жылы дәл сол мерзімде әлгі курортта әлгі шенеуніктің де жалғыз барып демалғанын білді.

Әйелі ештеңеден бас тартып, ақталмады. «Қайыршылық тұрмыстан қажыдым. Менің де бір-ақ рет берілетін ғұмырымды бақытты өткізуге қақым бар шығар» деді айылын жимастан. Бұған тіпті жөндеп көз де салмады, тырнақтарының қанық бояуын қызықтай берді. Бұл бір ғана нәрсеге байланысты қатты тарығып еді. «Қызымызды қайтеміз?! – деген. – Жарымжан болғанымен, өте арманшыл болып өсіп еді. Мені де жанындай жақсы көреді…». «Ол әзірше менімен болады, қажет жерге кейін өзім орналастырамын, — деді әйел. – Сенен оған бәрібір титтей де пайда жоқ». «Құсадан күнінен бұрын өліп қалады ғой!» деп қамықты бұл. «Өлсе қайтейін?! — деді сонда әлгі қаныпезер. – Обалы – дұрыс бала таптыра алмаған саған!». Бұл не дерге білмеді. «Оның иммунитетінің кенет жойылып кетуіне, мүмкін, мен емес, ес білгелі аузы ішкіліктен босамаған сен кінәлі шығарсың? Осы жағын ойладың ба?!» деп ашына айқайлады да, бөлмеден шығып кетті.

Пәтерді әйел мен қызына қалдырып, өзі көз көрмес алысқа, Ресей ішіне қоныс аударды.

Енді кеше «Адастым, жаздым-жаңылдым, кеш!» деп бұның аяғына жығылды, ешкімге қажеті болмай, аз жылда-ақ түте-түтесі шыққан әлгі тұлдырсыз…

*    *    *

Суретшінің ауыр ойдан сейіліп, өзіне мойын бұрғанын байқаған Торғын сонда да тыныштықты бұзбай, мұңлы реңмен бас изеді.

— Сіз де уақытты босқа жібермей, өзіңіздің сүйікті бейнелеушіңізбен «пікірлестіңіз» ғой, солай емес пе? – деді көлік иесі.

— Ақыры құпиямды біліп қойған екенсіз, мен өзіңізге тағы бірер сұрақ берсем бе деп ем, аға?.. Сұрағым… Тарғын ағаның осы жолы көрмеге қойылмаған әлгі картинасында жаңбыр шайған терезе ме, әлде басқа бір ерекше перде ме… сол мұнардан ұсақ бөлшектерге бөлініп көрінетін, мешіт деп мешіт сияқты да емес, басқа бір ерек, пәк дүниенің сұлбасы бейнеленген ғой?

— Иә, солай.

— Тұтас бейне емес, бірақ әлдебір белгісіз, түсініксіз сиқырмен баурайды, шақырады, қасымнан кетпе дейді. Көріп тұрғаныңа қарамай, сағындырады.

Жүргізуші енді келіншектің албырт қызыл шырай жаулап алған жүзінен көз алмай, қатты сүйсінген реңмен үнсіз қалыпты.

— Көзіңізге, жолға, қараңыз!.. — деп ескертті жолаушысы. – Алайда менің түйткілім де жоқ емес. Себебі соған ұқсас көріністі бұрын басқа біреудің туындысынан кездестірген сияқты боламын да тұрамын. Ғибадатхана ма, қамал ма, сондай бір нәрсе сияқты еді…

— Түсіндім, — деді суретші. Реңі енді көрнеу солғын тартты. – Тарғынға бақталастары жабыла таққан кінаратты сіз де қайталағалы отырсыз. Сізді алаң еткен дүниелер… мүмкін, репродукцияларын көрдіңіз бе екен?.. Клод Моненікі. Бейнелеу өнерінде «импрессионизм» деп аталатын ғажайып ағым, мектеп бар. Моне де сол ағымның ірі өкілдерінің бірі. «Лондондағы тұманы» Эрмитажда тұр, «Талма түс әлетіндегі Руан соборы» Мәскеуде, Пушкин атындағы мұражайдың меншігі. Алайда Моненің қай туындысын алмаңыз мейлі, оның алдына қойған мақсаты да, сонысын іске асыруда қолданған тәсілі ме мүлде бөлек. Суретші ауаның өте ұсақ бөлшектерінің дірілін, тербелісін, яғни вибрациясын таңғаларлық шеберлікпен бейнелеген. Моне, сөз жоқ, данышпан адам.

— Ал Тарғын аға ше, әлгі айып-тың негізсіз екенін дәлелдей алды ма?

— Жоқ, оның дәлелдеріне ешкім құлақ аспады. Жалданды сыншылардың өршелене шаптығуынан құтыла алмады. Ақиқаттың беті өзінен-өзі соңғы кезде ғана ашылды.

— Қайтіп?

— Алдымен, сіз ғашық болған туынды «Көк мұнар» деп аталады, енді ұмытпаңыз. Сол қимас дүниесін Тарғын бір бай шетел азаматына сатып жіберді. Ақшалылығымен бірге, өнерде де өте білікті, беделді тұлға тек бір ғана туындыны әлденеше жүз мың АҚШ долларына бағаласа, ең біртуар, қапысыз картинасы үшін суретшіге тиын-тебен ғана төлеп үйренген біздің елдегі әлгі көрсоқырлар үшін бұдан артық дәлел керек пе?! Пикассоның жақында табылған шағын туындысы бес миллион долларға сатылғанын білсе, ақырзаман анық келген екен деп, жүректері жарылып өлер…

— Қойыңызшы, аға?! Мәселе ақша да ғана ма екен?! – деп, жылай жаздады келіншек. Сонда ол қазір біздің елде жоқ па?

— Жоқ, әрине. Мәселе тіпті онда да емес. Мәселе – Тарғынның бірде-бір еңбегі көркем дүниелер реестрінде тіркелмеген болып шықты. Сондықтан биліктің сәйкес тетігі әлгі шетелдіктің қолына, кеденшілер тиіспес үшін, «алып бара жатқаны – түкке тұрмайтын нәрсе» деген анықтама ұстатты.

— Неге? Неге сатты, аға, неге сатты?! — деді келіншек, енді көз жасын жасыруға тырыспай.

— Тарғын сол қаржыны пайдаланып, өзінің бір қимас адамының өмірін сақтап қаламын ба деп үміттенген болатын, — деді бұл.

*    *    *

— Аға, сіз кеше өзіңіздің кім екеніңізді менен неге жасырдыңыз? Мен шындықты кейін бәрібір «есептеп шығардым» ғой, — деді Торғын ертеңіне көрмеде бұған. Суретші қапысыз талғаммен қарапайым ғана киінген келіншектің бойынан бір түйір алтын көре алмай, таңғалды. Жалғыз-ақ, оның мойнында өзі де бауы да күмістен өте шебер өрілген шағын алқа мен сол қолының атаусыз саусағында көгілдір тастан көз қондырылған кішкене күміс жүзік бар еді.

— «Есептегенде» нені ілік еттіңіз?

— Менің өз есіміңізге өте ұқсас есімімді естігенде шошып кеткеніңізді… Ұмытпаған шығарсыз?

— Есімде жоқ. Алайда аңғарғыш екенсіз… Ал мен сізден әрі жасырынған жоқпын, әрі жасырындым. Жасырынбағаным… «Қойлыбай» да – менің есімім. Әкеміздің бір сыйлы ағасы мені солай атағыс келіпті де, бірақ өткен ғасырдың елуінші жылдары емес пе, әлгі есім «дауысқа салғанда» өтпей қалыпты. Ал жасырынуға тырысқаным… тағы бір мұнарға ұрынғым келмеген. Жас ару әлдебір оқыс себеппен көрменің жабылуына келмес деп үміттенгенмін…

Орал қаласы


Банктердің ауылға бет бұруына “Даму” ықпал етпек

Күні: , 231 рет оқылды

DMS_0225


«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында жаңа механизмдер жобасын дайындады. Аталмыш механизмдер облысымыздағы, соның ішінде ауылдық жердегі шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашпақшы. Бұл жөнінде сейсенбі күні облыс әкімдігінде өткен жиын барысында мәлім болды. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ төрағасының орынбасары Дәулет Әбілхайыров, екінші деңгейлі банктердің облысымыздағы филиалдарының басшылары, аудан әкімдері, кәсіпкерлер қатысты.


Жиынды ашқан облыс әкімі жиынның мақсаты өңірдегі, соның ішінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, әкімшілік кедергілерді жою, инвестициялық ахуалды жақсарту екенін атап өтті.

— Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында көптеген шара бекітті. Соның ішінде қолынан іс келетін азаматтарды қолдау, барынша көбірек жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау қажеттілігі айтылды. Бұл бағытта облысымызда да тиісті шаралар алынып жатыр. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдау аясында пайыздық мөлшерлемені демеуқаржыландыруға 2,1 млрд. теңге бөлінсе, биыл ол 2,2 млрд. теңгені құрады. Одан бөлек биыл облыс әкімдігі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-мен келісімге қол қойды. Сол келісімге сәйкес облыстық бюджеттен 500 млн. теңге және «Даму» қоры 500 млн. теңге бөледі. Яғни 1 млрд. теңге облысымыздағы шағын және орта бизнестің дамуына жұмсалатын болады. Бұл – батысқазақстандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Ол мүмкіндікті ауылдағы ағайындар да пайдалана алады. Айта кетейін, бүгінгі таңда аудан әкімдерінің бәрінде бизнес-жобаларға арналған портфельдері бар. Әр ауданның өз ерекшелігіне сәйкес басымдық берілетін салалар айқындалған. Бизнес-жобаның бәрі жүзеге асуға лайық. Бірақ оларды қаржыландыратын банктердің өз талаптары барын да ұмытпауымыз керек. Сол себепті қазіргі жағдайда нақты іске асатын жобаларға бірінші кезекте қолдау көрсетілетіні анық, — деді Алтай Сейдірұлы.

Содан кейін облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқанов ай-мақтық қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлу жөнінде баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге аса бастаған сәттен бері өңірімізде жалпы құны 56 млрд. теңге болатын 515 жоба мақұлданды. Бағдарламаға қатысушылар 22,4 мың жұмыс орнын сақтап қалып, 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Бизнестің жаңа түрін ашқандарға жалпы сомасы 112 млн. теңгені құрайтын 45 қайтарымсыз грант берілді. Өткен жыл ішінде ауылдағы жобаларды қолдау көлемі 57 пайызды құрады. Жалпы кәсіпкерлер тарапынан жеңілдетілген несие алуға деген сұраныс жоғары. «Жаңа Алтай Сейдірұлы айтып өткендей, облысымыздағы шағын және орта бизнесті қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін 1 млрд. теңге қаржы қаралып отыр, — деді Миржан Мұнайдарұлы. – Бұл қаржының жартысы облыстық бюджеттен бөлінді. Яғни облыстық мәслихат депутаттары да жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға жете мән беретінін айтып өткен жөн. Облысымызда алғаш рет қолға алынып отырған аталмыш бағдарлама сәтті жүзеге асады деп ойлаймыз. Бағдарлама өңір экономикасы саласында серпінді жобалары бар кәсіпкерлердің, ауылдағы, моноқаладағы және жас бизнес өкілдерінің жеңілдетілген несие алуына мүмкіндік бермекші».

Өз кезегінде сөз алған «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ төрағасының орынбасары Дәулет Әбілхайыровтың айтуынша, «Даму» қоры батысқазақстандық кәсіпкерлерді, әсіресе, ауылдағы іскер жандарды қашан да қолдауға әзір. Облыс әкімдігімен келісімге отырып, 500 млн. теңге бөлуі – соның бір дәлелі. «Біздің ұсыныс-пікірлерімізді қашан да қолдап, олардың жүзеге асуына мүмкіндік жасап келе жатқан Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз, — деді Дәулет Мақсұтұлы. — Алдағы уақытта банктер де тиісінше қолдау білдірсе, еліміздегі, соның ішінде өңірлердегі, ауылдағы кәсіпкерліктің қарқынды дамитынына сенімдімін».

Аталмыш қордың облысымыздағы аймақтық бөлімінің директоры Ербол Иденов аймақтық қаржыландыру бағдарламасының жаңа механизмдерінің жобасымен таныстырды. Оның баяндауынша, «Даму» қоры мен облыс әкімдігі бірлесіп бөлген 1 млрд. теңге – өңірдегі бизнес ахуалды жақсартуға үлес қоса алатын қомақты қаржы. Соның есесінен бюджетке аударылатын салықтық түсім артып, жаңа жұмыс орындары пайда болатыны белгілі. Бағдарламаның негізгі талабы бойынша бір кәсіпкерге берілетін ең жоғарғы несие сомасы 50 млн. теңгені құрайды. Егер сұраған несие аталмыш сомадан көп болса, бұл мәселемен аймақтық үйлестіру кеңесі айналыспақшы. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі 8,5 пайыз шамасында. Несие мерзімі негізгі жабдықтарды алу мен жаңғырту үшін 7 жылға дейін болса, айналым жабдығын толықтыру мақсатына үш жылға дейін мүмкіндік берілген. Бұл несиені облыс аумағында тіркелген және өңірде жобаларын жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер ала алады. «Бұл несиелер екінші деңгейлі банктер арқылы берілетіндіктен, банктер кепілзат сұрайтыны белгілі, — деді Ербол Асылбекұлы. — Егер кәсіпкердің оған шамасы жетпесе, біз 50 пайызға, ал жас кәсіпкерлерге 85 пайызға дейін кепілдеме бере аламыз. Несиелеудің механизмі мынадай: кәсіпкер банкке барады, банк бизнес-жобаны мақұлдағаннан кейін аймақтық үйлестіру кеңесіне жолдайды, кеңеспен бекітілген соң несие беріледі. Осы жерде айта кетейін, егер несие көлемі 20 млн. теңгеге дейін болса, онда аймақтық үйлестіру кеңесіне жолданбайды».

Банк өкілдері бұл механизмнің олар үшін де тиімді тұстары бар екенін айтып, аталмыш бағдарлама бойынша жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді. «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Вадим Кабловтың айтуынша, бүгінгі күні банк портфелінде жалпы мөлшері 302 млн. теңге болатын 18 жоба (алтауы ауылдан) бар. Олардың бәрі де аталмыш бағдарлама талаптарымен сәйкес келеді.

Бұл жобалардың 8-і мақұлданып (төртеуі ауылдан), енді оларды қаржыландыру мәселесі ғана қалып тұр. Бағдарлама бойынша бөлінетін қаржы аясында кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алуына мүмкіндік туып отыр. «Ресей жинақ банкі» АҚ-ның Орал қаласындағы филиалы да ауылдағы кәсіпкерлерді қолдауға әзір. Бұған дейін олар Қаратөбе ауданындағы құтыдағы су өндіру жобасын несиелендірген. «Ауданнан түскен бизнес-жобаларды қарастырғанда олардың облыс орталығынан алыс-жақындығына мән бермейміз, — деді банк филиалының басшысы Александр Бурахта. — Біз үшін жобаның өміршеңдігі, көпшіліктің сұранысына ие болуы, өзін-өзі ақтауы маңызды. Ауылдағы кәсіпкерлікке соны серпін беруге бағытталған мұндай жоба дайындағаны үшін облыс әкімдігі мен «Даму» қорына біз де өз ризашылығымызды білдіреміз. Біз өз тарапымыздан оның жүзеге асуына барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Осы сәтті пайдаланып, өз ұсынысымды да айтқым келеді. 1 млрд. теңге бұл аса қомақты қаржы емес, сол себепті бұл бағдарлама аясында ірі жобалар қаржыландырылмаса екен деймін».

— Облысымыздағы кәсіпкерлікті дамытуға биыл тек 1 млрд. теңге емес, одан бөлек пайыздық мөлшерлемені демеуқаржыландыруға бөлінетін қаржы, өзге де қаражат көздері бар. Егер олар жетпей жатса, «Даму» қоры және басқа да кәсіпкерлерді қолдау институттарына шығып көмек сұрай аламыз. Сол себепті біз ешкімді шектемейміз. Үздік бизнес-жобаның жүзеге асуына барынша жағдай жасаймыз, — деді облыс әкімі.

Жиын барысында бірқатар аудандардың әкімдері де жергілікті жердегі кәсіпкерліктің өрістеуіне кедергі болып тұрған жайттарға тоқталды, банктердің кепілзат сұрауына қатысты мәселе көтерді. Мәселен, Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың сөзіне қарағанда, аудандағы бір кәсіпкердің бизнес-жобасы 8 млн. теңгені құрайды. Оның 50 пайызын «Даму» қоры кепілдендіргеннің өзінде қалған сомаға кәсіпкердің кепілзаты жетпейді. Не істеу керек? Бұл сұраққа жауап берген «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ төрағасының орынбасары Дәулет Әбілхайыровтың айтуынша, қор ауылдағы кәсіпкерге 85 пайызға дейін кепілдеме бере алады. Яғни кәсіпкер қордың облысымыздағы аймақтық бөліміне келіп жолығуына болады. Ал Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов ауданда мейрамхана салып жатқан бір кәсіпкер қажет құрал-жабдықтар алу үшін банктерден несие ала алмай жүргенін жеткізді. «Даму» қорының басшысы қор тарапынан ол кәсіпкерге де тиісті деңгейде қолдау көрсетілетінін айтты.

— Бүгін біз өте маңызды мәселелерді талқыладық. Әсіресе, аудан-ауылдардағы кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік қолдауды барынша тиімді іске асыру жайы кеңінен сөз болды. Облысымыздың бүгінгі экономикалық құрылымына қарайтын болсақ, біздегі өндіріс орындары Орал мен Ақсай қалаларында және облыс орталығының маңында орналасқан аудандарға тиесілі екенін көреміз. Қалғандары ауыл шаруашылығы саласы бағытында. Осы аудандарда агробизнесті және өзге кәсіпкерлік салаларын дамытуымыз керек. Әрине, қаладағы кәсіпкерлер де назардан тыс қалмақ емес. Сол себепті біз «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның басшыларын арнайы шақырған едік. Өткенде еліміздің бизнес-обмудсмені, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының басшылары да келіп кетті. Олардың бәрі де облыстағы кәсіпкерлікті өрістетуге тиісінше қолдау білдіретіндерін мәлімдеді. Жиында байқалғанындай, талқылайтын мәселе көп. Оған банк, кәсіпкерлікті қолдау қорлары, аудан басшылары, кәсіпкерлер де назар аударады деп ойлаймын. Көп кешікпей ол өз жемісін беретініне сенімім мол, — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ


Жұмыстары қарқынды жүруде

Күні: , 199 рет оқылды

DSC_0037


Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев қаламыздың Еуразия даңғылында инженерлік желілерді және жолды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.


Бұл жұмыстар «ҚПО б.в.» компаниясының қаражаты есебінен жасалуда. Алдымен кәріз желілері мен су құбырлары ауыстырылып, содан соң жолдар жөнделеді. Бұл жоба автокөлік жолдары мен инженерлік желілерді қалпына келтіруге бағытталған. Жөндеу жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.

— Биылғы жылы облысымызға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1 млрд. 905 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Осы қаражатпен тоғыз үлкен жобаны іске асыру көзделуде. Сол жобалардың жетеуі су құбырларына, екеуі жылу құбырларына жөндеу жүргізуге бағытталмақ. Бөлінген қаржыға 12,3 шақырым су және жылу құбырларын жөндейтін боламыз. Осы жердегі ауыстырылуға тиісті кәріз коллекторының ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Сонымен қатар осы көше бойындағы су құбырлары мен электр желісі де жөнделетін болады. Жөндеуді жүргізетін мердігер өз жұмысын бастап кетті. Жалпы, осы жылы қала бойынша 2 млрд. 105 миллион қаражат есебінен 14 көшеге 18,4 шақырым жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Достық, Еуразия даңғылдары мен М. Ықсанов көшесінде жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Оның сыртында осы жылы 10 млрд. 500 миллион теңгеге 90 мың шаршы метрді құрайтын 14 көп қабатты үй пайдалануға беріледі. Біздің тарапымыздан құрылыстың сапалы және уақтылы аяқталуы қатаң қадағаланатын болады. Қоғамдық кеңес, жергілікті депутаттар мен құрылыс саласының ардагерлерінен құралған комиссия бұл жұмыстарға бақылау жүгізіп отырады, — деді қала әкімі Нариман Төреғалиев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Достаншыр ұлы Алапай

Күні: , 188 рет оқылды

Без имени-4


Ойылдағы Көкжар базарына бара жатқандар әр жермен жүргендіктен, ол жолды жұрт «Қырық жол» деп атаған екен. Батпақкөл ауылынан шығатын Қырық жолмен Қаратөбеге келе жатқанда көне зираттар кездеседі. Осы зираттың ішінде биіктігі 18-20 метр, балшықтан соғылып салынған екі мола ерекше көзге түседі. Бұл Мәңгүр мен Достан есімді екі сұлтанға салынған мола екен.


Достан әрі би, әрі сұлтан болыпты. Ол орыс императорына сыйлы, елге танымал кісі болған. Алаша Олжайдың ішінде бөлінетін Тоқал Олжайдан тарайды екен.

1998 жылдың қыркүйек айының бірі күні ауданымызға келген тарихи-этнографиялық экспедицияның жетекшісі Серік Ескендіров «Мәңгүр – Достан» қауымында болды.

Тарихшы-ғалым Достан басына қойылған құлпытастағы арабша жазылған мәтінді оқыды. Онда «Алаша, Алтыбас, Олжай тайпасы, Тоқал бөлімі, Қалден немересі Достан офат 48-де. Қалдырды інісі Кенбай, 1859 жыл» деп жазылған екен.

Достан тек сұлтан Мәңгүрмен ғана емес, басқа рулардың сұлтандарымен де достық, сыйластық қатынаста болыпты. Достан мен Мәңгүр екі рудың сұлтаны болса да, арасынан қыл өтпестей дос, сыйлас екен. 1859 жылы Достан 48 жасында қайтыс болғанда, оған Мәңгүр биік күмбезді зират тұрғызыпты. «Мына өмірде бірге жүрдік қой, о дүниеге барғанда да, жұбымыз жазылмай бірге болайық» деген оймен ол көзі тірі болса да, тап осы зиратқа ұқсас екінші зиратты өзіне деп салдырыпты. Осылай екі дос қазір де қатар жатыр. Содан бері Қалдығайты өзенінің күнбатыс бетінде алыстан мұнартып көрінетін көне қауым «Мәңгүр – Достан» деп аталады.

Берқайыр Аманшин атындағы орта мектепте мұғалім болған Темір Отаров марқұм өзінше ізденіп, бұл екі кісі жайлы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерді жинауға тырысты. Өз ойын аудандық «Еңбек туы» газетіне де жариялады.

Достаннан тараған ұрпақ – Орынғали Есенғазиев ағамыздың «Великая Отечественная «Судьба комбата» (Алматы, 2010 жыл) кітабында көптеген деректер беріліпті.

— Менің атам Алапай Достаншырұлы 1840 жылы дүниеге келіп, 1916 жылы қайтыс болыпты, — дейді 1922 жылы желтоқсан айының 10-ы күні дүниеге келген запастағы полковник Орынғали Есенғазиев ағамыз. Қалдығайты болысында көп жыл болыс болыпты. Ресей патшасы мирасқорларының Орал өңіріне келуіне байланысты той-топырға қатысқан.

Алапай алыстан болжап, алдын ойлайтын адам болса керек, елде болатын аласапыранның алдында ұрпақтарын тұтас бір отбасы болсын деген оймен кенже інісі Жұмағазының төңірегіне өз ұлдары Есенғазы, Құлымбай, Наурызбай Алапаевтарды, інісінің ұлдары Алдаберген мен Алпамыс, Жылқышы Жұмағазиевтерді жинапты. Революциядан кейін кеңес үкіметі орнағаннан соң бұлардың бәрі Алапаев деген бір фамилияға көшіпті. Осылардың бірі – Алдаберген Алапаев кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысыпты.

Кенже бала атасының бауырында болуы тиіс деген қазақтың салты бойынша ең кішкентай бала Орынғали Жұмағазының тәрбиесінде өскен. Өз ортасына төрт түлігі сай адам болса да, Жұмағазы тұлпарлар, соның ішінде ақалтеке тұқымды тұлпарлар ұстапты. Біреулер ағылшынның жүйрік иттерін сыйға тартыпты.

Ол қоян мен түлкіні аттатпай ұстайды екен.

Алдаберген Алапаев жайлы айтар болсақ, ол 1909 жылы әкесінің жайлауы Мәңгүр – Достан өңірінде дүниеге келіп, 1979 жылы Ақтөбе облысында дүниеден озады.

Алдаберген Алапаевты қаратөбеліктер алғашқы чекист, кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысушы, байларды тәркілеу саясатын жүргізуші ретінде біледі. Сонымен қатар ол қамқоршы, кедейлерге қолұшын беруге әзір адам, ағайындарға қамқор қолын әрдайым ұсынушы деп құрметтейді.

Ол большевиктер партиясына мүше болып, ГПУ-да 1922 жылдан бастап жұмыс жасайды. Бай, сұлтанның ұрпағы деп бірнеше рет партия қатарынан жөнсіз шығарылған. Әуелі ВЧК бастығы Ф. Дзержинскийдің тікелей қабылдауында болып, партияға қайта қабылданса, екіншісінде И. Сталинге дейін барып, партиялық билетін қайтарып алған.

Ол Ақтөбе облысының Табын ауданында (қазіргі Байғанин) ГПУ бастығы болғанда, ағайындарын осы жерге көшіріп алған. Алдабергеннің бірінші әйелі кенжеғара Мұханбетжан (Ақшолақ) Сарғожиннің інісі Көшербайдың (Тапай) қызына үйленген. Содан соң екінші рет татар қызымен отау құрады.

Алдаберген Алапаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті партиялық комиссияның төрағасы болған. Мәселелерді әділ шешіп, елге сыйлы болады. Осыдан кейін ол Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Республикамыздың 50 жылдығында ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.

1934 жылы әкесі қайтыс болған Орынғали мен оның қарындасы Нағиманы қамқорлайды. Жұмыс бабында Жамбыл облысында қызметте болады. 1939 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті аппаратына ауысып, Алматыға көшіп келеді. Бұл кезде Алдаберген отбасында үш баласы бар екен. Орынғали да, қарындасы Нағима да тұрмысқа шығып, өз қолы өзіне жеткенше ағасының қамқорлығында жүреді. Ақтөбе облысының Темір ауданында ГПУ бастығы болады.

Қайыржан ХАСАНОВ,

зейнеткер журналист,

Орал қаласы


Жаһандық дағдарысқа ауыл қандай қайрат қылуда?..

Күні: , 248 рет оқылды

ноябрь 2014 года 015


Жер-жаһанды жайлаған қымбатшылық қазақ ауылдарына қалай әсер етуде? Әсіресе, жыл он екі ай алдындағы малымен күнкөрістің тінін ширатқан шаруа ағайын жаһандық дағдарысқа қарсы қандай қайрат қылуда? Бір қуантатыны, өткен ғасырдың соңғы он жылдығындағы нарықтық қатынастың аласапыранынан аман өткен ауылдың бұл жолы да аса бір абдырап қалғаны әзірге байқала қойған жоқ. Әрине, оңай да тиіп жатпағаны кәміл… Сонымен, бұл жөнінде ауылдағы ағайын не дейді?..


«Қымбатшылық қысып тұр…»

Қазталовтың Талдыапан ауылдық округінің әкімі Асқар Есқалиевтің айтуынша, ауылдың халі жалпы жаман емес. Жұрт қолда бар малын күтіп ұстап, көштен қалмаудың амалын жасап келеді. Бір үйден жоқ дегенде бір кісінің тұрақты жұмысы бар. Олардың жалақылары 35-50 мың теңге шамасында.

— Біздің ауылдағы ең күрделі мәселе ол – ауыз су тапшылығы. Осыдан біраз уақыт бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су мәселесі шешілетін болып, оның жобалық-сметалық құжаттары жасақталып қойған болатын. Бірақ қаражаттың жоқтығына байланысты бұл жұмыс бүгінде уақытша тоқтап тұр. Ауыл жұрты дәл қазіргі уақытта ас-су даярлауға екі құдықтың суын пайдаланады. Әзірге газ жоқ, жұрт үйлерін мал тезегімен жылытады. Бір арба қой қиының құны 17 мың теңге болса, сиырдың тезегі одан сәл арзанырақ, 14-15 мың теңге. Қыс айында бір ошақты жылыту үшін 1 арба, ал екі ошаққа 2-3 арба тезек керек, бұл 17-35 мың теңгені құрайды. Ал мал азығына келсек, ол біздің ауылда да қымбат. Бір орам (рулон) шөп 2 500 теңге тұрады. Егер бір арбаға 13 орам шөп кететін болса, бір арба шөбіңіз 30 мыңның үстіне шығып кетеді.

5-6 бас ірі қараға жылда кем дегенде 5 арба шөп жұмсалады, яғни бұған 150 мың теңгенің үстінде қаражат жұмсалады. Жем де қымбат. Біздің ауылда жемді ақшаға сатпайды, оның орнына қойға айырбастайды. Мысалы, онша үлкен емес бір қойға 6-7 қапшық жем аласың. Ал қойыңыз ірі болса, онда ол сізге 8-9 қапшық жем жасап береді. Шамамен бір ірі қара қыс айында 2 қапшық жем жейтін болса, 5-6 ірі қара ұстайтындар айына 10 шақты қапшық жем жұмсайды, яғни бұл – бір ірі қойдың немесе екі уақ қойдың құны. Ал енді осыны малдың қолға қарайтын үш айына (желтоқсан, қаңтар, ақпан) көбейтсек, 5-6 уақ қойыңыз немесе 3-4 ірі қойыңызды жем үшін құрбан етесіз. Мұны ақшаға айналдырсақ, шамамен 50 мың теңге. Бұған қидың құнын қосыңыз. Сонда қыстан шығу үшін ауыл тұрғындары шамамен 200-250 мың теңгедей қаражат жұмсайды екен.

Бүгінде ет арзандап, ал мал азығы қатты қымбаттап кетті. Бар үмітін малға артып отырған ауыл тұрғындарына бұл өте тиімсіз. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі жеке меншіктеріндегі мал басын азайтуды жөн санайды. Бұрын Атыраудан адамдар арнайы келіп, тоқтыларды 12 мыңнан, ірі қойларды 17-18 мыңнан сатып алып кететін. Бүгінде Атырауға өзің апарып сатсаң да, қойды 9-10 мың теңгеден артыққа алмайды. Сиыр малының бір жылдық төлі бұрын 100 мың теңгенің үстінде ақша құрайтын. Қазіргі таңда бір жылдық мал ең көп дегенде 80-85 мың теңге болады. Екі жылдық тайөгіздердің өзі әрең дегенде 100 мың теңге құрайды. Еттің арзандауы жекелеген тұрғындар түгілі, шаруа қожалықтарының өзін қобалжытып отыр. Біздің ауылдың кейбір тұрғындары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан жеке мал басын көбейту мақсатында несие алып, бұған мал сатып алған болатын. Олар несиесін жабу үшін жыл соңында 300 мың теңге төлеуі керек екен. Бұрын қой басы 19-20 мың теңге болып тұрған-да, артық басты сатып, қарызымды қайтарамын деп жоспарлаған олар бүгінде қой еті арзандап кеткенде, несиесін қалай төлерін білмей, қиналып жүр. Еттің арзандағанын көріп, кейбір шаруа қожалықтары да мал басын азайтқысы келіп отыр, — деген ауыл әкімі бұл түйткілді шешу үшін мал азығын арзандатудың тетіктерін тауып, сүт пен ет өнімдерін қымбаттату керек деген пікірін жеткізді.

«Мал иелері мықшиып, делдалдар төбеге шығып барады…»

Бұдан соң Ақжайық ауданындағы Алғабас ауылдық округінің әкімі Ерболат Есболсыновпен де хабарласып көрдік. Бұл ауылда да мал азығы қымбат екен. Жем-шөптің бағасы мен қи құны да жоғарыда айтылған шама. Бұған қоса азық-түліктің қымбаттауы ауылдағылардың тынысын тарылтып барады. Оның үстіне ауылда сарып (бруцеллез) ауруына шалдыққан мал саны да көбейіп кетіпті.

 — Бұдан екі-үш жыл бұрынғы девальвациядан кейін де халық аздап қиналғанымен, қаражаттарын үнемдеп, бәріне жеткізіп келе жатқан. Өткен жылғы тамыз айындағы девальвациядан кейін артық ақшасы жоқ ауыл жұрты біраз қиналып қалды. Жергілікті өнімдер болмаса, сырттан тасымалданатын азық-түліктер удай қымбат. Оның үстіне күні бүгінге дейін ауылда 360 бас мал сарыпқа шықты, өздері қымбатшылықтан шаршап жүрген ауыл адамдарына бұл үлкен соққы болды. Осыған орай ауылдағы мал басынан 2-3 реттен қан алдық, қазіргі таңда ауруды одан әрі көбейтпеу амалдарын жасап жатырмыз.

Мал – ауылдағылардың негізгі күнкөріс көзі. Ет бағасының арзандауы және мал азығының қымбаттауы ауылдағыларға үлкен қиындық әкелуде. Қалаға апарып, малдарын сатқандар «Ел ырысы» базарының маңайындағы толған делдалдарға жем болып жүр. Олар шаруалардың малдарын арзанға сатып алады. Айтайын дегенім, осы делдалдарға үзілді-кесілді тыйым салу керек қой, — дейді Ер-болат Есенкелдіұлы.

«Ауыл кәсіпкерлеріне талап жеңілдесе…»

Облыстан шалғай жатқан ауылдардың бірі Тайпақ ауылдық округінің әкімі Боранбай Қыдырғожинмен де хабарласып көрдік. Әкімнің айтуынша, мұнда да бір арба шөп 25-30 мың теңгенің шамасы болғанымен, жем басқа аудандармен салыстырғанда әжептәуір арзан. Дегенмен мал басын қыстан аман алып шығу қай жерде де оңай емес. Ал малдың жазғы бағымы ауылдық тұтынушылар кооперативі құрылуының арқасында жеңілдеп келеді.

— Біздің ауылдық округте биыл екі бірдей ауылдық тұтынушылар кооперативі (СТК) құрылды. Кооперативтердің құрамына кірген адамдар әр ірі қара үшін мемлекеттен 18 мың теңгеден субсидия алады және мал бағымы тегін. Бұған қоса малдарына түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялар да тегін жасалады. Мал басын асылдандырамын деушілерге асыл тұқымды бұқа да бар. Малдың жазғы бағымына жалақы осы субсидиядан төленеді. Жаңағы айтылған жеңілдіктер арқылы СТҚ құрамына кірген тұрғындар мал өсіру шығынын біраз азайтады. Әзірге СТК құрамына ауылдық округтің 25 пайызы кіріп отыр. Мұның пайдалы екенін көріп, СТК құрамына тұрғындардың қалған бөлігі де кіретін шығар деп ойлаймын. Ауылдағы ең басты проб-лема – жұмыссыздық. Дегенмен ауылдағылардың көпшілігі жұмыс жоқ деп үйлерінде шалқайып жатқан жоқ. Біреулер Ақтау, Атырау жаққа барып, вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрсе, кейбіреулері ауыл мекемелерінде және шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, нәпәқаларын табуда. Ауылымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 4 дәрігер келді. Енді бізге көз дәрігері мен УЗИ дәрігері керек. Сондай мамандар келсе, оларға беретін үйіміз дайын, — деген Боранбай аға жұмыссыздық-тан толық құтылу үшін ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту керек деген пікірін жеткізді. СТК-ның пайдалы екенін жоғарыдағы ауыл әкімдері де айтқан болатын.

Боранбай Қыдырғожиннің сөзінше, ауыл тұрғындары кәсіпкерлікке ұмтылғанымен, жеке кәсібін жүргізуге қаражат таппай, қиналып жүр. Өйткені жұмысын жаңа бастайтын кәсіпкерлерді несиемен қамтамасыз ету тетіктері жетілдірілмеген. «Қазіргі әрекет етіп тұрған заң бойынша ауыл үйлерінің көбісі банктерге кепілдікке жарамайды. Жараған күннің өзінде олар өте төмен бағаланады. Сондықтан кәсіпкерлік заңдарын толықтырғанда, осы мәселелер ескерілсе екен», — дейді ауыл әкімі.

Біз сол күні алыс ауылдармен қатар қалаға жақын елді мекен әкімдерімен де хабарластық. Олардың барлығы да біздің сұрақтарымызға біртектес жауап берді, сондықтан олардың мәлімдемелерін қайталаудың қажеті бола қоймас. Тек әкімдердің қайсыбірі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа келіп жатқан жастардың ауылға түпкілікті қалуға құлықсыз екенін айтып, сырттан келген жас мамандарды қалай да ауылда ұстап қалу үшін оларға жалдамалы баспана салып берудің тиімділігін айтады. Бұған керісінше қалаға жақын орналасқан ауылдарға түпкілікті қалғысы келетін жастар да баршылық екен. Бірақ оларда баспана мәселесі күрделірек. “Міне, осындай аумақтарға жалдамалы тұрғын үйлер көбірек салынса”, – дейді әкімдер.

Тағы үдере көшпей ме?..

…Сонымен, бүгінгі ауылдың тыныс-тірлігі осындай. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде қораларындағы малдарын керек-жарақтарына амалсыз ауыстырып, малсыз қалған қазақ ел үкіметінің жұмыстануы нәтижесінде қорасын төрт түлікке қайта толтырып еді. Ауыл адамдарының айтуынша, несие алып, малдануға әрекет жасап жатқандар қайта соққан дағдарыстан қаймығып, бұл ойларынан айни бастаған тәрізді. Ауылдағылар мал басын шектесе, азық-түлік қауіпсіздігінің жайы қалай болмақ? «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да ауыл жастарының санын көбейтіп, аймақтың ажарын ашқандай болып еді. Бірақ ондағы тірліктің қиындығын көріп, олардың ауылдан үрке бастағаны, шынымен де, ойланатын мәселе сияқты. Барабара қиындықтан қашқан халық қалаға қарай тағы үдере көшіп жүрмей ме?..

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Болатқали ТӨЛЕБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент:

 — Тәжірибелі ірі шаруалардың пікірінше, мынандай қымбатшылық заманда ұсақ шаруашылықтарға ірі шаруашылықтармен бірікпесе, қиын болады. Өйткені ірі шаруашылықтарда материалдық-техникалық әлеует мығым. Мал азығын да өздері қамдайды, сондықтан олар қандай қиыншылыққа да төтеп бере алады. Еліміз ДСҰ-ға кірді. Енді біраздан соң шетелден бұдан да арзан еттер ағылуы мүмкін. Сондықтан жергілікті шаруалар бәсекеге төтеп беруі үшін бірігіп, сапалы ет, сүт өнімдерін шығаруға әзір болуы тиіс.


Неге мұңаятынын енді түсіндім

Күні: , 211 рет оқылды

Хасайын


Менің атам Хасайын Ғұбайдуллин Жаңақала ауданы Көпжасар ауылында дүниеге келген. 1940 жылы 14 қазан күні әскер қатарына алынып, Ленинград қаласында әкери борышын өтеп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталған.


Сол кезде бұзылған зауыттарды Свердлов облысының Нижный Тагил деген жеріне көшіріп, сонда әскери зауыт  салуға атсалысыпты. Әскер қатарында жұмыс жасап жүріп, соғысқа аттанып, Ленинград қаласын жаудан азат етуге қатысады.

«1942-1943 жылдардағы ұрыс кезінде үш рет жеңіл жаралы болдым (әлі есімде, иығында тізесінде және өкшесінде оқтың іздерін көрсетуші еді) содан әскери госпитальден шыққаннан кейін Белоруссия жерінде соғыстық. Алғашында майданда атқыш болып, кейін танкист болдым. Шығыс Пруссия арқылы Берлинге 1945 жылы майда жеттік», — деп атам үнемі әңгімесін айтып отырушы еді. Ол кісі сол кезең жайлы айтқан сайын үлкен ойға батып кететін. Ол кезде тұлымы желбіреген кішкентай қызбын, ештеңе түсінбейтінмін.

Бүгін мен бәрін де түсінемін, бәрін де ұғынамын. Атамның неге мұңға батып кететінін де жақсы сезінемін. Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін ол екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Жеңіс» медалімен марапатталған. Соғыс біткеннен кейін Берлинді толықтай азат етуге қатысып, 1945 жылдың қараша айында туған еліне аман-есен оралған.

Елге келген соң да есепші мамандығын алып, колхозда абыройлы қызмет атқарды. Отбасын құрып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген атамыз 1995 жылы өмірден озды. Біз сол атамыз өсіп-өнген жерде оның өмірін жалғастырып келеміз. Біздің әулет Ұлы Отан соғысының майдангерлерін ерекше құрмет тұтады. Өйткені біз сұрапыл соғыстың қасіретін тартқан майдангердің ұрпағымыз. Сондықтан да бізге жарқын өмір сыйлаған ардагерлердің қатарында атамның болғанын ерекше мақтан етемін.

Дәмелі ДӘУЛЕТОВА,

Жаңақала ауданы


«Емделушілер неге әуре-сарсаңға түсуі тиіс?..»

Күні: , 243 рет оқылды

IMG_6723


Сәуірдің 19-ында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен селекторлық жиын өтіп, ең алдымен денсаулық сақтау саласына қатысты түйткілді мәселелер қаралды.


Басқосуда алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, биылғы үш айда облыста ана өлімі тіркелмеген. Туберкулездің төмендеуі байқалса, қан-тамырлары ауруы көрсеткішінде өзгеріс жоқ. Бірақ жарақат пен оқыс оқиға, улану бойынша 78 жағдай тіркелді, яғни өткен жылғыдан 4,3 пайызға артып отыр. Жол-көлік оқиғаларында өлім саны екі еседен аса жиілеп, яғни 21-ге дейін жетті. Сәбидің шетінеуі 15,5 пайызға көбейіп отыр. Осы есептегі 30 баланың бесеуінің өмірі оқыс оқиғалардың кесірінен қиылды. Ақжайық және Сырым аудандары аумағынан өтетін күре жолда екі медик-құтқарушы қосыны орналасқан. Дегенмен мұндағы бригаданы екі реаномобильмен қамтамасыз  ету және төрт трав-матолог маманды оқыту қажет.

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 275 млн. 243 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен 550 млн. 368 мың теңге бөлінген. Бағдарламада аурудың алдын алу шараларын күшейту, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, облыс тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа жеткізу міндеті  белгіленген.

Облыста медициналық қызметкерлер мен емделушілердің уақытын үнемдеу үшін жүргізілетін күн сайынғы алдын ала тіркеу қазіргі уақытта 500-ден бастап 650 адамды қамтуда. Биыл облыста 50 жалпы машық дәрігері қызметіне кіріседі. Бұл бір учаскедегі медициналық  көмекті тұтынатын 2500 адамды 2100-ге дейін, яғни сол арқылы кезек санын азайтуға мүмкіндік береді. Кейбір санаулы мамандықты жалпы машық дәрігері құзыретіне беру үшін екі жыл қатарынан оқыту курстары қолға алынады. Мұның  арқасында кеңес беруші дәрігерлердің міндеттемелері біраз жеңілдемек.

Қамидолла Ирменовтің айтуынша, қазіргі уақытта алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем беру ұйымдарына бөлінген аумақ көлемі тарлық етуде. Мәселен, 25 мың тұрғынға арналған №1 емхана бүгінде 70 мың адамға қызмет етеді екен. №3 емхана ғимараты профильді қызметтерді біріктіру және учаскелерді кеңейту талабына сәйкес келмейді. Сондықтан екі мекемеге жапсарлас ғимарат салуға жер телімін бөлу, №1 емхана ғимаратына лифт орнату жобасы әзірленген. №6 қалалық емхана орналасқан ауданда көші-қонның ұлғаюы және саяжай учаскелеріне арналған № 1, 2, 4 емханалар аумағында инфрақұрылымдардың жетілдірілмеуі, коммуналдық желінің жоқтығы қызмет сапасының төмендеуіне себеп. Медициналық ақпараттық жүйені дамытуға денсаулық сақтау нысандарына 1339 компьютер мен техника жабдығы жетіспейді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №280 бұйрығына сәйкес облыстағы медициналық ұйымдар 364 мекеме мен ұжым қызметкерлеріне профилактикалық тексеру жүргізуге келісім жасаған. Қазір діни көзқарастарына байланысты 565 балаға ата-аналары екпе жасатудан бас тартып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл жағдай 48 пайызға көп. Түсіндірме жұмысы арқылы биыл алты балаға ғана екпе қабылдатуға  мүмкіндік болған.

Соңғы бес жылда облысқа 400 жас маман тартылған. Бүгінде 1544 дәрігер, 5637 орта медициналық қызметкер бар. Қазір облыста 60 дәрігерге  жетіспеушілік байқалады.

Бұрын «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында тоғыз индикатор анықталса, жаңа «Денсаулық» бағдарламасы ауқымында индикатор саны 36-ға өсті. Соның аясында белгіленген көрсеткіштерді қадағалау, тиісті шараларды бірлесе қолға алу жөнінде жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен ұйымдарына жауапкершілік жүктелген.

Биыл облыста 21 адам суицид құрбаны болды. Мәселен, Бөрлі ауданында – 4, Қазталов ауданында – 2, Орал қаласында 10 жағдай тіркелді. Осындай мәселелерді шолып өткен облыстың бас дәрігері баяндамасын бірнеше ұсыныспен аяқтады.

Селекторлық кеңесте Алтай Көлгінов денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере отырып, қалалық емханалар қызметін сынады.

– Елбасымыз тұрғындардың өмір сүру  жасын ұзарту, бұл үшін медициналық қызметтің сапасын арттыру қажеттігін айтты. Мемлекеттік қолдау арқасында облыс орталығында және аудандарда жаңа денсаулық сақтау нысандары салынуда. Мәселен, биыл Орал қаласында тағы 310 орындық аурухана ашылады. Атқарылған іс көп, бірақ шешімін таппай жатқан мәселелер де жетерлік. Тұрғындар қиналғанда алдымен «Жедел  жәрдемге» хабарласатыны анық. Осы мәселені зерттей келе, шақыртулар саны көп болған соң, биыл 26 техника бөлуді ұйғардық. Бұл бағытта жұмыс әрі жалғасады. Әсіресе, шалғайдағы аудандардағы медициналық қызмет сапасына айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Кеше қалалық емханаларды араладым. Емханаларға келушілер мұндағы медициналық қызметке көңілі толмайтындарын айтты. Қарапайым ғана мысал, емделуші медициналық кәртішкесін кабинеттерді аралап, іздеп неге әуре-сарсаңға түсуі тиіс? Ал дәрі-дәрмек сұраған науқасқа дәрігерлік кеңес беру сапасы да көңіл көншітпейді. Әсіресе, №6 қалалық емхана қызметіне сын көп. Таңертең ерте келген он шақты адам кабинет алдында кезегін сарылып күтіп тұр. Электронды түрде тіркелген кезек тәртібі сақталмаған. Қай дәрігердің қабылдайтынын да білмейді. Кейін №1 емханаға бардық. Мұндағы ахуал әлдеқайда оңды секілді. Қорытып айтсақ, бұл мәселеге мекеме басшылығы қандай жауапкершілікпен қараса, медициналық қызмет көрсетудің жүйелілігі солай ұйымдастырылады. Облыс орталығындағы денсаулық сақтау нысандарының жағдайы осындай, ал аудандардағы жағдай қандай?! Мұндай түйткілдер жайын әріптестеріңізбен ойласып, бір шешімін табуға тиіссіздер. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталығында қолданылатын «Бір терезе» қызметін енгізейік. Емханаларда электронды табло міндетті түрде орнатылсын. Қажетті қаражатты бөлейік. Екі-ақ дәрігер қызмет ететін кабинетте қырықтан астам адам кезекте тұрады. Сондықтан кабинеттер санын көбейткен жөн шығар. Бір емделуші кезекте тұрған кезде, әсіресе, балаларға ыңғайсыз екенін айтып шағымданды. Өзіміздің қаламыздағы немесе еліміздің басқа шаһарларындағы медициналық қызметті сапалы ұйымдастыру жүйесінен үлгі алайық. Әсіресе, басқа өңірлерде баса көңіл бөлініп жатқан мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік  аясында жұмыстарды ширату қажет, – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов аталған мәселелер бір апта ішінде шешімін табуы және онлайн селекторда аудан әкімдеріне де денсаулық сақтау мекемелерін бақылауға алу керегін айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов айтылған сыннан қорытынды шығаратынын жеткізді. Былтыр кейбір емханаға электронды табло қойылған. Бұл жұмысты жалғастыруға 99 миллион 200 мың теңге көлемінде қаражат қажет екен.

Облыс әкімдігінде өткен селекторлық кеңесте облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин биылғы жыл басынан тіркелген 3593 қылмыстың 61,8 пайызын орташа ауырлық дәрежедегі қылмыстар құрайтынын атап өтті. Жергілікті полиция қызметкерлері 2016  жылдың алғашқы тоқсанында 34 мың 266 әкімшілік іс қозғаған. Нәтижесінде 182 млн. 701 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, бұл соманың 92 миллион 420 мың теңгесі өндірілген. Қазіргі уақытта түрлі профилактикалық есепке 1340 адам алынған, оның 38-і – кәмелетке толмаған жасөспірімдер. «Мүлдем төзбеу» қағидатына қайшы 15652 дерек тіркелген. Мәселен, жолаушы тасымалдауға құқығы жоқ 219, автокөлік терезесін күңгірттеген 1856, мас күйінде көлік айдап, адам өміріне қауіп төндірген 516 жүргізуші ұсталған. Ал түрмеден босап шыққандарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге жергілікті органдар белсене араласу қажет. Мәселен, 2015-2016 жылы 872 сотталушының  31-і ғана екі қолға бір күрек тапқан. Биыл жол-көлік оқиғалары жиілеп тұр.

Көлік апатынан қаза тапқандардың үштен бірінің өліміне жоғарғы жылдамдық себеп болған.

Қарама-қарсы бетке шығудың кесірінен 17 көлік апаты орын алып, 12 адам қайтыс болған, 37 адам жарақаттанған. Әсіресе, облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар күре жолдардағы көлік апаттары толастамай отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасына қатысты 90 дерек тіркелген. 21 адам қаза тапқан, 116 жолаушы жарақаттанған.

Биыл табиғатты қорғау ісіне азаматтарды тартуға жергілікті бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге бөлінген. Тұрғындарды бұл іске белсенді қатыстыру үшін М. Ғабдуллин қаржы мөлшерін 10 миллион теңгеге дейін көбейтуді, сондай-ақ қылмыстардың алдын алу үшін қала көшелерін жарықтандыруды, бақылау камераларын орнатуды және автокөлік тұрақтарын көбейтуді ұсынды. Былтыр облыста 20 учаскелік полиция қосыны іске қосылған. Бөрлі, Тасқала аудандарында тәртіп сақшыларына пәтер берілген. Манарбек Серікқалиұлы кейбір аудандарда қамқорлық белсенді болғанымен, әлі де ауылдық жерлердегі учаскелік полиция қызметкерлеріне 108 автокөлік керек  екенін  атап  өтті.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жол-көлік апаттарының алдын алу шараларын, «мүлдем төзбеу» қағидаты аясында тәртіп сақшыларының қызметін жандандыруды, бұл бағытта нақты жоспарлы жұмыстар жүргізуді қолға алуды тапсырды. Кейін облыс басшысы кеңес отырысында Орал қаласының санитарлық тазалығына еркімен үлесін қосып, игі бастама көтеріп жүрген «экосақшы» Алексей Агафоновтың ісі қоғамға үлгі екенін  айтып, оны алғысхатпен марапаттады.

Кеңес отырысында облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов бүгінге дейін облыс аумағында 6,5 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналғанын мәлімдеді. Сол қалдықтың 3,5 миллион тоннасы Орал қаласының, 800 мың тоннасы Ақсай қаласының маңындағы қоқыс үйіндісі аумағына тиесілі. Өткен жылы департамент облыстағы 21 елді мекенді аралап, олардың бәрінен тұрмыстық қалдыққа қатысты заңбұзушылықтарды анықтаған.  Мәселен, жол бойында және елді мекен төңірегінде қоқыс жинау жыл бойы жүргізілмейді, бұл жұмыс жазғы маусымда ғана атқарылады. Зеленов ауданы Дариян ауылы төңірегінен қоқыс  төгуге арнайы жер телімі бөлінгенімен, ол өз мақсатына әлі күнге пайдаланылмаған. Орал қаласының қоқыс алаңын қарауына алған «Эко-плюс» ЖШС тарапынан заңбұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды. Серіктестікке қатысты тексеріс жалғасуда. Зашаған және Селекционный кенттерінде мұнаймен ластанған қалдықтың жиналуына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар мотор майларының қалдықтарын, құрамында сынабы бар шамдар, медициналық қалдықтарды қабылдайтын мекемелердің аудан орталықтарында жоқтығы алаңдатады. Облыс  әкімі бұл мәселені шешу үшін қаражат бөлуді қарастыру және жеке кәсіпкерлерді тарту мәселесін ойластыруды тиісті құрылымдарға тапсырды. Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов облыстағы иесіз жер аумақтарында жиналған қалдықтарды анықтап, тазартып, арнайы қоқыс алаңдарына тасымалдау, экологиялық талапқа сай қоршау, полигондардың тиісті нормативтік құжаттарын түгендеу жұмыстарын және ауылдардағы санитарлық қорғау аймақтарының талапқа сай екендігіне байланысты тексеру жүргізуді ұсынды. Осы жұмыстарды жүйелеу үшін аудан әкімдіктері мен кейбір облыстық мекемелерді тарта отырып, «Экологиялық мәселелер» картасы мен ұзақ  жылдық бағдарлама жасақтау қажеттігі айтылды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов департамент басшысына ұсыныстарды жүзеге асыруға кірісуді, қала және аудан әкімдеріне биылғы санитарлық-экологиялық айлық аясында жұмыстарды ширатуды тапсырды. Сондай-ақ Қазақстанда ұлттық ағаш егу күніне орай облысымызда отырғызылған 39 мың тал-теректі мұқият күтімге алу қажеттігін атап өтті.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Экскаваторшы болғаныма өкінбеймін»

Күні: , 316 рет оқылды

DSC_0035


— Мен Жалпақтал ауылындағы колледжде ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білім алудамын. Қазіргі оқуымды тәмамдаған соң экскаваторшылыққа оқысам ба деймін. Орал қаласындағы колледждердің қайсысы экскаваторшы мамандығына оқытады?


Мейрамбек ҚАЙРАТОВ,

Қазталов ауданындағы Жалпақтал колледжінің 2-курс студенті Мейрамбек есімді оқырманымыздың сауалына жауап іздеп, облыстық білім басқармасына хабарластық. Өңірімізде экскаваторшы мамандығын даярлайтын бірден-бір оқу орны Орал қаласындағы А. Иманов атындағы жол-көлік колледжі екен. Аталмыш оқу орнында болып, колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық.

— Аманкелді Иманов атындағы жол-көлік колледжі аутогрейдерші, аутожүргізуші (шофер), асфальттау машинисі, аутокраншы, бульдозерші, тығыздаушы-машинист, ілмектеуші (стропальщик), экскаваторшы сияқты 14 мамандық бойынша кәсіби жұмысшылар даярлайды. Қыз балалар бізде негізінен есеп-қисап (бухгалтерия) мамандығы бойынша оқиды. Бүгінгі таңда біздің оқу орнында 458 қыз-жігіт қалаған мамандықтары бойынша білім алуда. Тіпті осы оқу жылынан бастап Қызылорда мен Маңғыстау облысынан «Серпін» бағдарламасы бойынша келген 25 жасты оқытудамыз. Оқу екпінділері 16 454 теңге, үздіктер 18 922 теңге шәкіртақы алады.

Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерге 21 389 теңге стипендия тиесілі. Кірісі аз және көп балалы отбасылардың перзенттері үшін күніне бір мәрте ыстық тамақ беріледі. Біздің колледждің студенттері сұранысқа қарай жатақханамен 100% қамтылады. Жатақханада әр бөлмеге 2-4 студенттен артық қоныстанбайды. Студенттердің ортақ шаңырағындағы асүйде тамақ пісіруге арналған сегіз электрплита бар және бес кісіге бір тоңазытқыштан қарастырылған. Сондай-ақ жатақханада душқа қоса, арнайы кір жуатын бөлме де жабдықталған, — дейді аталмыш оқу орнының директоры Нұрболат Нұрпейісов (суретте).

Енді оқырманымыздың бізге салған шаруасына көшейік. Колледж директорының оқу-өндірістік мәселелер бойынша орынбасары Нұрлан Оранаевтың айтуынша, колледждегі экскаватор машинистерін дайындау машықтық  бағдарламасы бойынша оқушыларды екінші курстан бастап компьютерлік экскаватор жаттықтырғышында дайындап, кейін нағыз экскаваторға отырып, колледждің арнайы полигонында қазу, тиеу жұмыстарын үйретеді. Осы мамандық бойынша сегіз жылда 400-ге жуық маман даярланып, солардың 83 пайызы жұмысқа орналасқан. Қазіргі кезде экскаватор машинисінің орташа айлығы маусым уақытында 200-250 мың теңге, ал қыс мезгілінде 80-100 мың теңгені құрайды. Осы мамандыққа оқыған колледж түлегі экскаваторшылыққа қоса, дөңгелекті және шынжыр табанды арнайы техника маманы, сонымен қатар тіпті В, С категориялы аутокөлік жүргізушісі құжатын алып шығады.

Биыл экскаваторшы мамандығын меңгеріп шыққалы отырған Уәлихан Бекежанов үш жыл бұрын Сырым ауданының Жетікөл ауылынан орта мектепті тәмамдап, осы колледжге оқуға түскен. Өзінің айтуынша, экскаваторшы болу Уәлиханның бала күннен арманы көрінеді. Колледж түлегінің ендігі мақсаты – Отан алдындағы азаматтық әскери борышын абыроймен өтеп келіп, өз кәсібі бойынша жұмысқа білек сыбанып кірісу. Ал осы колледждің түлегі Дархан Әлмырзиев есімді кейіпкеріміз бүгінде «Әлім» ЖШС-да экскаватор машинисі болып еңбек етеді.

— Экскаваторшы болғаныма, осы мамандықты меңгергеніме еш өкінбеймін. Өңірімізде тапшы мамандықтардың бірі болғасын шығар, жұмыс іздеп, көп қиналған жоқпын. Жалақым да жоғары, күнкөрісіме молынан жетеді, — дейді Дархан (суретте).

«Талаптыға нұр жауар» дегендей, ендеше, Мейрамбек есімді оқырманымызға да сәттілік тілейміз.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Әлеуметтік әділеттіліктің бір көрінісі

Күні: , 210 рет оқылды

20140410_140317-2


Айжан ҚУАНҒАЛИЕВА,

ата-ана:

— Барлық оқушыға ортақ бірыңғай мектеп формасын енгізетін уақыт келді деп ойлаймын. Оқу жылы жақындағанда ата-ана бір жақ, мұғалімдер бір жақ болып  әбден ығыры шыққан тақырып үшін бас қатыруға мәжбүрміз.


Баяғыдан айтылып келе жатқан байырғы мәселе болғанымен, арнайы заң болмағандықтан, әркім өз қалауынша киініп жүр. Бүгінде қала мектептеріндегі киім үлгісі әр мектепте әр түрлі. Бұл мектеп үшін жақсы болғанымен, оқушы басқа мектепке ауысқан кезде тағы да сол мектептің формасын тіктіруге тура келеді. Ата-ана тағы да сол үшін қалтасын жұқартады. Соңғы кездері  киім тіктірту ата-ананы да, оқушыларды да біраз әбігерге салып жүр. Арнайы бір киім фирмасымен әлде ательелермен келісімшартқа отырмағандықтан, әр ата-ана өздері мата іздеп, базар жағалап жүргені, одан қалды киімді арзанға  тіктіретін ателье таба алмай сенделеді. Бізде бәрі жеке болғандықтан, бағалары удай. Бір балаңның киімі 10 мың теңгеден асып жығылады. Сонда көп балалы отбасылардың балалары қайтпек? Амал жоқ, мектеп талап еткесін амалдап жүріп тіктіреді.

Бірыңғай мектеп киім үлгісінің болмауының салдарынан білім саласында үлкен дау-дамайлардың туындап жатқанын естіп жүрміз. Ал осы формалардың бәрі барлық мектептерге тән, бірыңғай болса, керемет емес пе?!  Бастысы, мектеп  партасындағы оқушы әлеуметтік теңсіздікті сезінбеуі керек.

Бәріне ортақ, жалпы үлгідегі мектеп формалары отандық өндіріс орындарында дайындалып, жалпыкөпшілікке  қолжетімді базарларда саудаға шығарылса, қарайған жұрт сол жерден алар еді. Әрі отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлесін қосар еді. Ең бастысы, менің ойымша, мектеп оқушыларына арналған бірыңғай киім үлгісі – әлеуметтік әділеттіліктің бір көрінісі.

Лида ҚАРАҒОЙШИНА,

Бөрлі ауданындағы Қызылтал орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

— Бөрлі ауданындағы білім ошақтарында бірыңғай  мектеп  формасы біраз жылдан бері қолданыста. Мұғалімдер мен оқушылар аудандық білім беру бөлімі белгілеп берген мектеп формасын киіп келеді. Енді биылғы оқу жылынан бастап білім берудің  зайырлы  сипатын іске асыру үшін мектеп оқушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік өзгешеліктерді жоюға бағытталған, міндетті талаптармен бекітілген мектеп формасына көшпекпіз. Бұл – оқушылар арасында әлеуметтік тепетеңдікті қалыптастыруға бағытталған  дұрыс бағыт. Қазіргі күнде мектебімізге әрдайым демеуші болып жүретін бюджеттен тыс жеке кәсіпкерлер атынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасының балаларын мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін көмек ұйымдастырмақ ниеттеміз. Осы бағытта мектебіміздің әлеуметтік педагогтері Ү. Алтаева,  Л. Көшекбаева  өз жұмыстарын бастап кетті. Жалпы, форманың беріліп отырған үлгісі, классикалық талабы, үш түстен  асырмау керектігі, матаның сапалы болуы, сондай-ақ түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға, жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге болмайтындығы туралы талаптар өте орынды.  Мектеп формасына қатысты қойылған  негізгі міндеттер ата-аналарымыздың да көңілінен шықты. Қазір мектебімізде ақпараттарды фойелерге ілу, таныстыру, орта білім беру ұйымдарының ғаламторресурстарында жариялау сияқты жұмыстар жүріп жатыр.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика