Мұрағат: 19.04.2016


13 нысанды күрделі жөндеу 521 кісіні жұмыспен қамтиды

Күні: , 194 рет оқылды

ремонт-школ


Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, 2016 жылы біздің өңірдің білім саласына қатысты 13 нысан күрделі жөндеуден өтеді.


Тарқатыңқырап айтқанда, биыл облыстың аудан-ауылдары бойынша мына білім ошақтары жаңарып-жаңғыртылмақ:

— Сырым ауданындағы Қособа мектеп-балабақшасы,

— Тасқала ауданының Шежін ауылындағы Шежін мектеп-балабақшасы,

— Қазталов ауданының Нұрсай ауылындағы орта мектеп пен интернат,

— Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылындағы орта мектеп,

— Зеленов ауданының Переметный кентіндегі орта мектеп,

— Жаңақала ауданының Қызылоба ауылдық округіндегі Е. Орақбаев атындағы мектеп,

— Теректі ауданына қарасты Приречный ауылындағы Приречный орта мектебі,

— Бөкей ордасы ауданының Ұялы ауылындағы Ш. Жексенбаев

атындағы орта мектеп.

Ал облыс орталығы – Орал қаласы бойынша:

— Көкшетау көшесіндегі №39 орта мектеп,

— Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат,

— М. Ықсанов атындағы №36 орта мектеп,

— Ж. Молдағалиев атындағы №2 орта мектеп,

— Шыңғырлау көшесіндегі №33 «Орленок» мектепке дейінгі мекемесі.

Осы нысандардың оны (10) «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мембағдарламасы бойынша, 1 нысан жергілікті бюджет, ал 2 нысан ҚПО б.в мекемесінің әлеуметтік инвестиция есебінен күрделі жөнделмек. Білім саласына қатысты аталмыш 13 нысанды күрделі жөндеуге 2,2 млрд. теңге қарастырылған. Осы нысандарды күрделі жөндеу барысында 521 жұмыс орны ашылады. Биыл жаңарып-жаңғыратын білім нысандарында 3718 бала оқиды.


«Махаббат – дастан»

Күні: , 166 рет оқылды

Козы-корпез


15 сәуір күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Қозы Көрпеш — Баян Сұлу күніне арналған «Махаббат — дастан» атты концерт өтті.


Ғашықтар күніне арналған концерттің шымылдығын «Назерке» халық би ансамблі мың бұралған қазақ биімен ашты. Жүргізушілер жүректерге шуақ сыйлайтын атаулы күнге арқау болған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббаттары туралы айтып, эстрада әншілеріне кезек берді. Айта кетсек, дүйім дүниенің ең асыл, жалпақ жалғанның ең кіршіксіз сезімін білдіретін «Мен сені ойлайтынмын», «Махаббат елі», «Сен маған сүюді үйреттің», «Жұбайлар жыры», тіпті Джо Дассеннің «Et si tu n’existais pas» сықылды әндер танымал өнерпаздардың орындауында шырқалып, көрермендер жүрегіне жол тартты. Сонымен қатар сырлы әуендерді әдемі бимен көркемдей түскен «Назерке», «Ақжайық» би ансамбльдері де ерекше ықыласқа бөленді.  «Өшпес аппақ сезімдерден жыр қалсын, Қозы-Баян махаббаты жырлансын!» — деп кеш жүргізушілері көрермендермен қош айтысып, Жаскелең Ғайсағалиевтің «Ән – махаббат» атты әнімен кеш шымылдығы жабылды.

Айым  СҮНДЕТ,

«Орал  өңірі»


Өңір басшысы емханаларды аралады

Күні: , 249 рет оқылды

001 аким болнесте


Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов кеше таңертең ешкімге ескертпей, Орал қаласындағы бірнеше емхананы аралап шықты.


Зачаган кентіндегі №6 емханада тұрғындар арыз-шағымдарын өңір басшысына тікелей жеткізді. Бір науқас дәрігерге жазылған кезегін апталап күтетінін, оған жазылмаса, қабылдамайтынын ашына айтты. Соның кесірінен уақыт босқа өтіп, ауру да асқынып кетеді. Тағы бір тұрғын балалар мен ересектер дәрігерлерінің кабинеттері аралас екенін, дені сау жеткіншек ауы-рып шығуы мүмкін екендігін мәлім етті. Балалар мен мүгедектерге бөлек кабинеттер неге жасамасқа!? Сондай-ақ емханада дәрігерлер жетіспейді. Мысалы, неврапатолог екі сағатқа қана келеді, сол мезгілде бәрін қабылдап, үлгере алмайды. Қан тапсыру үшін де ұзақ-сонар кезекке тұруға тура келеді.

Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаған әкім аталған емхана басшыларына кезекті жеңілдету үшін электронды табло орнатуды, науқастарды қабылдайтын кабинеттерді көбейтуді тапсырды.

Өңір басшысы сондай-ақ облыстық клиникалық ауруханада және №1 қалалық емханада болып, олардың да тыныс-тіршілігімен танысты.

Өңір басшысының қалалық емханалардың тыныс-тіршілігімен танысу барысын «Жайық Пресс» ЖШС-ға қатысты ақпарат орталығының сайтынан («www.zhaikpress.kz) көруге болады.

Елжан ЕРАЛЫ


Бастаманы қуана құптадық

Күні: , 152 рет оқылды

теректі федоровкаn


«Орал өңірі» газеті редакциясы  ұжымының  «Құстарды қарсылайық!» атты бастамасын облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының  ұжымы да қуана құптап, бірден іске кірісті.


Облыстық орталық 28 наурыз күні жұмыс кеңсесіне жақын жердегі аулалардың біріне құстың ұясын орнатып, аудандардағы жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдарының ұжымына эстафета ретінде жалғаған еді. Одан әрі Бөкей ордасы (Сайқын және Ұялы ауылдары), Қаратөбе (Қаратөбе, Егіндікөл, Қоскөл, Саралжын ауылдары), Тасқала (Атамекен, Ақтау, Ынтымақ, Бірлік, Айнабұлақ, Достық, Тасқала), Сырым (Жымпиты ауылдары), Теректі (Федоров, Ақсуат ауылдары), Жаңақала (Жаңақала, Жаңақазан, Бірлік, Пятимар, Қызылоба) және Жәнібек аудандарының белсенді жастары іліп әкетіп, бір емес, бірнеше ұя жасап, құстарға қамқорлық танытты.

Облыстық жастар ресурстық орталығы

* * *

«Сәуір болмай – тәуір болмас» дейді қазақ. Міне, көктем келіп, күн шуағын шашқанда, құстар да жылы жақтан келе бастады.

Облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясының «Құстарды қарсылайық!» бастамасын бөкейордалықтар да ерекше қуанышпен қабылдады. Себебі осындай мезгілде ұя жасап, оларды теректерге ілу аудан жастарының жылдағы әдеті болатын.

Іс-шара туралы материал газет бетінде жарық көргеннен соң аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық, «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігі және «Қамқор» еріктілер клубының өкілдері бұл бағытта іске кірісті. Бүгін ауданның барлық ауылындағылар іс-шараға үн қосты. Нақтылап айтқанда, белсенді жастардан, орта мектеп оқушыларынан, колледж студенттерінен құралған 46 жас 30-дан астам ұя жасап, оларға мекемелерінің атауларын жазды. Бұл ұяларды саябақ пен мемлекеттік мекемелер ғимаратының аулаларындағы өсіп тұрған теректерге ілді.

Әрине, бұл ізгілікті шара жастардың бойында қоршаған ортаны қорғау жөнінде жауапкершілікті, туған жерге сүйіспеншілікті арттыруға септігін тигізері хақ.

М. ИРАНОВ,

Бөкей ордасы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы

* * *

Тайпақ ауылындағы Қ. Байсықов атындағы орта мектептің 4-6-сынып оқушыларының  арасында «Қанатты достарды қарсы алайық!» атты байқау ұйымдастырылды.

Құстарға ұя жасауға арналған  шараға 25 оқушы ат салысып, ата-аналарының көмегімен үлкен іс тындырды. Яғни қанатты достар үшін су жаңа «пәтерлер» жасады. Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қызметкері  Аслан Молдағалиев ұл-қыздармен бұл сауап істің маңызы жайында әңгімелесіп, оларға мектеп маңындағы теректерге ұя  орнатуға көмектесті.

– Байқауға қатысушылар арасында 4-сынып оқушысы Айнұр Ғұбайдуллинаның жұмысы үздік деп танылып, бас жүлдені иеленді. Ал І орынды Ерасыл Ахатов, ІІ орынды Марал Кенжебай, ІІІ орынды Бақдәулет Мұратов иеленді. Мұндай шара жыл сайын дәстүрге айналады, — дейді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбаса-ры Гүлмира Әлмұхамбетова.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


Күре жол жаңа технологиямен салынуда

Күні: , 176 рет оқылды

DMS_9599БИЫЛ ӨҢІРІМІЗДЕГІ 240 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕЛЕДІ


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал – Тасқала – Озинки күре жолын жаңғыртып-жаңалау жұмысының барысымен танысты. Күре жолдың Орал қаласының аумағына кіретін төрт шақырымы өткен жылы күрделі жөндеуден өтті.


Транзиттік көліктер ағыны толастамайтын халықаралық күре жолды қайта құру жұмысының сапалы жүргізілуі аса маңызды. Облыс басшысы күре жол бойындағы құрылысшылармен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. Алдымен «Қазавтожол» ҰК-ның БҚО филиалының басшысы Максим Есенғалиев жол құрылысының сызбасымен таныстырып, биыл күре жолдың 4-шақырымынан 31-шақырымы аралығы, яғни Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылына дейінгі жол бөлігі толықтай жөнделіп бітетінін мәлімдеді. Қайта құру жұмысы барысында жолдың ені 6 метрден 9 метрге дейін кеңейтіліп, жүк тасымалдылық жүктемесі 6 тоннадан 13 тоннаға дейін өспек. Бұл жолды жаңғыртудың 1-кезеңіндегі жұмыстар болса, 2-кезеңінде 31-шақырымынан 104-шақырымға дейінгі жолдың қалған бөлігі жаңғыртылып жөнделеді. Үш жылға есептелген жоба бойынша 100 шақырымдық жол қайта салынып, ол қос жолақты қозғалысы бар екінші санатқа ауыстырылады. Жолды жаңғырту жұмысы 2018 жылы толықтай аяқталмақ. Жобаға еліміздің шекарасындағы шекарашылар бекетіндегі ішкі жолдар да кіреді.

— Өткен жылдың күзінде жол құрылысына қажетті құрылыс материалдарын дайындауға кіріскенбіз, сондықтан материалдар жеткілікті. Техника да әзір. Бірінші жұмыс учаскесінде 260, екінші учаскеде 200 адам жұмысқа тартылған, жалпы 60-қа тарта техника жұмылған, — деді бас мердігер ««Юнисерв» ЖШС-ның бас директоры Нұрғазы Сәтбаев. Алтай Сейдірұлы жобада көктемгі су тасқыны кезінде тас жолды су шаймау үшін су өткізу тұрбаларын салу қарастырылғанын сұрап білді. Мердігер компанияның басшысының айтуынша, 27 шақырым жолдың асфальтты бетінің астына көктемгі су әсерінен қорғайтын геотекстиль, яғни арнайы синтетикалық төсеніш материал төселуде. Бұл жаңа технология өңірімізде бірінші рет қолданылуда, ол жолдың қар және жаңбыр суының әсерінен тесілуіне, шұңқырлар пайда болуына жол бермейді. Қайта жаңғырту жұмыстары жоба бойынша, барлық нормативтік талаптарға және кестеге сай жүргізілуде. «Жол құрылысының сапасын техқадағалаушы, тиісті де-партамент, тәуелсіз зертхана өкілдері қадағалауда» деген Н. Сәтбаевтың сөзіне орай өңір басшысы: «Мемлекеттік құрылым-дардың тарапынан бақылау бары анық. Ең басты бақылаушы – адамның ары», — деп әңгіменің тоқетерін сапаға басты мән беруге тіреді. Мердігер компанияның басшысы жол сапасына бес жылға кепілдік беретіндерін, сондықтан да жол құрылысында сапаға баса мән беріліп отырғанына сендірді.

— Көктем ерте келісімен жол жөндеу жұмыстары да ерте басталды. Орал – Тасқала күре жолының 27 шақырымын қайта жаңғырту жұмысына биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 5,5 млрд. теңге бөлінді. Жаңғырту жұмысы барысында жолдың ені кеңейеді, сапасы жақсарады. Геотекстиль, қиыршықты тас асфальтты бетон төсеу технологиясы қолданылуда. Жол төсеніші қабатының қалыңдығы 64 сантиметрді құрайды. Осының барлығы тас жолдың сапасын жақсартады. Өйткені бұл – халықаралық жол, Ресей мен Қазақстан арасындағы транзиттік көлік ағыны үздіксіз. «Нұрлы жол» бойынша бөлінген мемлекеттік қаржы уақтылы игерілуі керек. Сондықтан жұмыстың уақтылы әрі сапалы жүруі назарда болмақ. Мердігердің алдына да осындай міндеттер қойылған, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.

Өңір басшысының айтуынша, облыс аумағында жалпы 6500 шақырым жол бар, соның 1400 шақырымнан астамы республика-лық, қалғаны – облыстық, аудандық маңызы бар жолдар. Биыл республикалық маңызы бар жолдардың 100 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілмек. Ондай жолдардың қатарында Зеленов, Тасқала, Қазталов, Қаратөбе, Бөрлі аудандарындағы, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың 120 шақырымы және облыс орталығында 20 шақырымды құрайтын 14 көше жолдары, барлығы 240 шақырымнан астам жол күрделі жөнделеді. Өңір жолдарының тек 40 пайызының жайы көңілден шығады, ал қалғаны жөндеуді қажет етеді. Бүгінде облыста келесі жыл-дың жол жөндеу жоспары жасалуда. Тиісті құжаттама дайындалып, бюджет бекітілгеннен кейін жөнделетін жолдар жайы белгілі болмақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Бастан неге бас тартамыз?

Күні: , 278 рет оқылды

_svoe_sibaga


Жыланның басына ақ құйып шығарып салатын пейіл қазағыма ғана тән. Қонақ келсе, «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп, қорасында жалғыз қойы  қалса да, босағасына көлденең тартып, мейман батасын алып, астың қамына кірісетін жомарттығы бір бөлек. Дәстүр  бойынша қонақтық кезінде жасы үлкенге немесе сыйлы кісіге бас тарту – зор құрметтің белгісі.


Басты сый табақ қолына тиген кісі бәкісін сайлап, бас мүшесін таратып береді. Құлағын кесіп, кішіге ұсынады. Кей өңірде ырымға сүйеніп, екі көзді бір кісіге береді. Өйткені екі бөлек берсе, екеуі ала болады деп «қауіптенеді». Дегенмен біздің жақта «ағайын-тумаға, отбасыңа бас-көз болып жүр» деп жекелей азаматтарға беріп жатады. «Жанарың өткірленсін» деп ата-әжелерге де ұсынады. Жағын әйелдерге береді. Байқағаным, бас ұстаған жан көргенді, сөзге ұста болғаны жөн. Себебі басты мүшелеп та-ратқанда игі тілекпен өтімді қылып беріп отырса, жанындағы адам жылы қабылдайды. Тіл мен таңдайға байланысты жақсы лепес те жан семіртеді. Сүйектен ажы-раған құйқа мен миы араласқан тәтті сорпадан дастарқан басында отырғандар ортақ дәм татады. Қарап отырсаңыз, осы ғұрыпта қаншама мән жатыр? Бірлік, сыйластық, татулық тіні кірігіп кеткен.

Атақты Бауыржан Момышұлы өзінің келіні Зейнепке меймандар аттанған соң жіберген төрт қателігін айтқан екен. Бірінші, әйел бас алып келмейді, шаңырақ иесі ұсынуы керек. Екінші, басты шүйдесімен емес, төрге тұмсығын қаратып береді, себебі қой тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші, тісін қағып әкеледі, бұл әрекетте гигиеналық сақтық бар. Тістің арасында шөптің нілі тұрып қалуы мүмкін. Тазалық сақтау тұрғысынан дұрыс. Бір жағынан, тісінен қалдық көрсе, «өкпе-реніші бар» деп ұғады екен көрген кісі. Төртінші қателігі, басты қасқаламай әкелуі керек. Онда «төрт құбылаң тең болсын» деген ізгі тілек көрініс беруі керек екен.

Әлеуметтік желілерде бас тарту жөнінде айтылған пікірлерде кездесетін қызықты деректер көп. Нарынқол өңірінде көзінің суын ағызып әкелсе, тараздықтар сирағымен қоса тартатын көрінеді. Әр өңірдің бас тарту қағидасы бар. Алаңдайтынымыз, ас бергенде басты сыбаға осы күні дастарқан айналып шығатын боп жүр. Егде адамдар азар-безер боп алдына келген басты ысырып отыратын жағдайға жетті. Сый табақ негізгі иесін таба алмай баласындай жасы кіші молданың үлесінде қалады. Келеңсіз-ақ жайт. Дәстүрдің парқын айыратындар азайған ба? Төрден төменге ысырып, басты қабыл қылу кәдесінен бас тартып, жеке бас қадірін төмендетіп алып жүр-ау, қариялар! Сондай-ақ бала күнімізде қойдың құлағын таласа-тармаса жеуші едік. Бөтекенің дәмі тіл үйіретін. Қазіргі едірейе қараған бала құлақты әзер ұстайды. Әрі-беріден соң дастарқанға тастап жүре береді. Қалалықтар былай тұрсын, ауыл-аймақта салтқа бауыр басқан ұрпақты көруден қалғандаймыз. Мал сойғанда, ішек-қарын аршуға қыз-келіншектер құлық танытпайтын болды. Қолының икемі жоқ немесе ерінеді. Бұл жұмысты атқаруға амалсыз не қойдың жасындай жасы қалған әжелер, не пысықай еркектер кіріседі. Пісірсең былқып, бал татитын ішек-қарынды Құрбан айт кезінде ешкім аршып алмай, жөн-жосықсыз ысырап болып қалатынын, сол күні ет сұрап кезекте тұрғандардың өзі мұрнын шүйіріп, алмай кететінін молдалар жиі айтады. Қой сойылған соң сый табақпен мүшелеп таратудың ретін жастар жағы біле бермейтініміз де рас.

Қазір шетелдік немесе өзіміздің отандық ғалымдар күнделікті тұтынатын тағамға етті кіргізбеу керектігін жиі айтуда. Терістемейміз. Кеңсе жұмысында отырғандарға солай кеңес берген жөн болар. Бірақ қай елде зерттеу жүргізілсе де, қазақ халқының гендік ерекшелігі мен атамекенінің климаттық жағдайы ескеріле ме екен деген күдік туындайды көкейде. Қыста ет жемесе қызылсырап шығатын қазекеңнің қасқыр тәбеті, шүкір, орнында. Қысы суық, жазы шөлейт, кең аймақта мал шаруашылығы өрістеуде. Қара жұмыс та бар. Сондықтан қуатты нәр — соғымсыз қысты өткеру біздің халық үшін, әсіресе, ауылдағы ағайын үшін қиынның қиыны. Сиыр малы өсімдіктің екі жүз, қой түлігі үш жүз түрін жейді екен. Ендеше, тұнып тұрған дайын дәрумен қорын ас етпегенде, нені талғажау етпекпіз?

Ислам тарихына сүйенсек, Ибраһим пайғамбар баласының жан құрбандығына берілген көк қошқарды Жәбірейіл періштенің кеңесімен сойған, етін садақа қылып таратқан. Осы кезге дейін халық қойдың басын ит-құстың жеміне тастай салады екен, ендігіде құрметті қонақтың алдына сый қып тартатын болыпты. Ұлы Ысмағұл әкесінің көзінше бас мүжімепті. Сол әдеп қазақ арасында әлі күнге сақталған.

Мұны біз белгілі тарихшы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының дәйегіне сүйеніп айтып отырмыз. Кезінде Білге қағанның зиратын қазғанда одан Бүбү ханымның да мүсіні табылған екен. Ал онда қандай мән бар десеңізші! Түркітанушы ғалымның өз сөзіне кезек берейік: «Аппақ мәрмәрдан (мрамордан) жасалған мүсіннің алдында жозы тас қойылған. Ол – дастарқан тас. Осы тас үстінде күміс табаққа салынған қойдың он екі мүшесімен қатар басы тартылған. Сол дәуірде, мүмкін, ол заманнан бұрын түріктерде сыйлы қонаққа бас тарту дәстүрі болған. Бұл материалдық дерек түркі халықтарының ішінде кімдерде бас тарту дәстүрі бар екенін анықтауға итермеледі. Сөйтсем, отыз сегіз түркі тектес халықтың ішінде тек қазақ ұлты ғана басты сыйлы адамға тартады екен. Қырғыздардың өзінде ондай дәстүр болмаған». Қараңызшы, дәлел қандай нық!

«Көп түрік енші алып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па!» деп Мағжан Жұмабаев бекер жырламапты. Бас тарту кәдесінің түпкі мәні тереңде жатқанын мойындай отырып, қадірін жете білейік. Алланың атын айтып, адалынан мал шалғасын, тектілікпен ұштасқан ғұрыпты көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыру – ізгі борыш.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Италиямен байланыс аясы кеңімек

Күні: , 178 рет оқылды

IMG_0353


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов Италияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньянды қабылдады.


– Құрметті Стефано Раваньян мырза, Батыс Қазақстан облысына қош келдіңіз! Сіздің өңірімізге келгеніңізге біз қуаныштымыз. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерінің бірі – өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, яғни келуге ниет білдірген инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Біз бұл бағытта барынша еңбектенудеміз. Елімізде жұмыс істеп жатқан италиялық компания көп. Солардың біразы біздің облысымызда. Нақтылап айтсам, италиялық кәсіпкерлердің қатысуымен өңірімізде 26 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өз тарапымыздан оларға қолдау білдіруге қашан да дайынбыз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде италиялық елші облыс басшылығының құрметіне, қабылдауына байланысты өз ризашылығын білдірді. «Италиялықтар Қазақстандағы кен орындарын игеруге өз үлестерін қосуда, — деді  Стефано Раваньян.  – Өткен аптада Атырау облысындағы Қашаған кен орнында болдым. Бүгін Қарашығанақ кенішіндегі жұмыстармен таныстым. Сондай-ақ Ақсай индустриалды паркінде кәсіби оқыту орталығының ашылу салтанатына қатыстым. Барлық жердегі жұмыстарға көңілім толды. Біріккен жобалар сәтті жүзеге асып жатқанына  куә  болдым».

Әкімнің қабылдауынан шыққаннан кейін елші жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, онда өңір басшысымен экономикалық бағытта ғана емес, білім және мәдениет салалары бойынша да келісімге келгенін айтты. Мәселен, жуық арада италиялық және батысқазақстандық университеттердің өзара байланысын дамыту, Оралда италиялық өнерпаздардың қатысуымен түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл екі елдің, соның ішінде Италияның Қазақстан өңірлерімен арасындағы байланыс аясы одан сайын кеңейе түсері анық.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


25 жылдыққа – 25 мың түп тал-терек

Күні: , 168 рет оқылды

DSC_0199


Атадан малды да, тал да қалдыруға ниетті және ағаш отырғызып, жасыл желекті күтіп-баптауға әр кез үлкен жауапкершілікпен қарайтын зеленовтықтар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 мың тал-терек егуді жоспарлап отыр.


16 сәуір – Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күнінде жоспарланған тал-теректердің алды егілді. Ауданның әр ауылында жүзеге асқан шараға тұрғындар бір кісідей тер төкті. Олардың арасында аудан әкімі Кәрім Жақыпов та болды.

Аудан орталығында 950 түп көшет отырғызылса, соның 100-ден астамы болашақта демалыс саябағы жасақталатын «Жеңіс» кинотеатрының алдына егілді.

Тал-терек отырғызу ісі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Динара НАСЫР,

Зеленов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика