Мұрағат: 16.04.2016


Өлкетануға арналған алғашқы олимпиада

Күні: , 151 рет оқылды

IMG_0222


Жұма  күні қаламыздағы «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени, табиғи мұрасы» атты өлкетану олимпиадасы өтті.


Еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Бөкей ордасының 215 жылдығына орай ұйымдастырылған олимпиаданың негізгі мақсаты – өлкетану қозғалысын жандандыру, шығармашылық қабілеті бар, өлкетанудан зерттеу, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жүретін және өз көзқарасын қорғай білетін дарынды балаларды анықтау.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС, Орал қалалық «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы, Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры ұйымдастырған олимпиаданың бірінші кезеңі сырттай өткізілді. Бірінші кезеңге Ақжайық, Жәнібек, Бөрлі, Сырым, Жаңақала, Теректі, Қаратөбе аудандары мен Орал қаласындағы мектеп оқушыларынан 32 зерттеу жұмысы түсті. Өлкемізге белгілі ғалымдар, өлкетанушы-тарихшылар, БАҚ өкілдері, Қазақстан Журналистер одағының, Ресей өлкетанушылар одағының мүшелері мен жоғары санатты ұстаздардан құралған қазылар алқасы 26 жұмысты іріктеп, екінші кезеңге өткізді. Тарихи өлкетану бағыты бойынша Ақжайық ауданындағы М. Өтемісов атындағы негізгі жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Көсем Құбашев, тарихи тұлғалар бағыты бойынша Қаратөбе ауданындағы Б. Қаратаев атындағы Саралжын орта жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Жансая Файзолла, жаратылыстану бағыты бойынша Орал қаласындағы №19 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрбибі Ғаділбекова бірінші орынға ие болды.

Олипиадаға қатысушы оқушының бәрі де арнайы сертификаттармен, жетекшілері алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Мөлдір ИМАНҒАЛИЕВА,

тарих пәнінің мұғалімі (Жаңақала ауданы):

— Жаңақала ауданының Мұқыр ауылындағы Ә. Жанкелдин атындағы мектептен 9-сыныпта оқитын оқушым Ақнұрлы Нағимованы дайындап, алып келдім. Өлкетану бағытымен 2009 жылдан бастап айналысып келеміз. Біз «Менің өлкемнің тарихы – менің көзіммен қарағанда» деген тақырыпта жұмыстандық. Өзіміздің өлкемізден табылған сонау заманнан бергі тас жебелер, қола дәуіріндегі адам киіміне жапсыратын жапсырмалар оқушы қызығушылығын арттыра түседі.

Біз тұратын Мұқыр ауылының да екі атауы бар. Бірі Ақжайықтан тартқан өзеннің атымен Мұқыр деп аталса, екінші аты Казарма деп аталады. Патша үкіметі Кеңес өкіметі орнағанша, осы жерге қазақтарды кіргізбеу мақсатында әскери жасақ ұстаған, сол жасақ казармада тұрған. Содан Казарма деп аталып кеткен. Сол Мұқыр ауылының тарихын, кешегісі мен бүгінгісін салыстырып, саралап, дайындалып келдік.

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі, А. Оразбаева атындағы негізгі мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

— Өлкетану олимпиадасына Жәнібек ауданының А. Оразбаева атындағы негізгі мектептің 9-сынып оқушысы Гүлсезім Темірғалиеваны алып келдім. Тақырыбымыз «Қазақстан» газеті – еліміздегі баспасөздің ізашары» деп аталады. 1911-1913 жылдары өлкемізде қазақ газетінің шығу тарихы, алғашқы редакторлары, осы газетте көтерілген көкейтесті мәселелер жөнінде ізденіс жұмыстарын жүргіздік. ««DANAkaz» журналына шыққан танымдық материалдарды сараптап және аудандық «Шұғыла» газетіне шыққан материалдарды пайдаландық. Аудандық мемлекеттік мұрағаттан Ғ. Қараш туралы жеке іс жүргізу парағын тауып, сол парақтағы өмірбаян деректерін дәйектедік. Осы негізде оқушымыздың әзірлігі жақсы. Осы жобамен «Менің Отаным – Қазақстан» атты облыстық өлкетану слетінен үшінші орын алды.

Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,

тарихшы-магистр, Ресей өлкетанушылар одағының мүшесі:

— Бұл олимпиаданың негізгі мақсаты – туған өлкемізді тануды насихаттау. Өйткені қазір оқушылар бүкіл әлемдегі елдердің астанасы, таулар мен өзендерін жақсы біледі. Ал туған елін, өз ауылының атауы қайдан шыққанын білмейді. Сондықтан өсіп келе жатқан жас буын өз елін, жерін білсін деген мақсатта осы шараны ұйымдастырдық. «DANAkaz» тарихи-танымдық журналында өлкетану туралы көп дерек бар. Өлкетану туралы ізденген оқушы осы журналдан өзіне қажет көп мәліметті таба алады. Олимпиадаға балалардың таңдап әкелген тақырыбы алуан түрлі. Өте жоғары деңгейде дайындалып келген оқушылар бар. Сонымен бірге зерттеу жұмыстарын қалай жүргізу керектігін білмейтін мұғалімдер де бар.


«Дубна» университеті: тегін білім алу жобасы

Күні: , 122 рет оқылды

image (1)


Халықаралық академиялық әріптестік  аясында «Қазақстан  инновациялық және телекоммуникациялық жүйелері университеті» ғылым-білім кешені магистрлерді, бакалавр мамандарын және аспиранттарды, докторанттарды даярлайды. Осы тұрғыдан Ресейдің Мәскеу облысындағы «Дубна» табиғат, қоғам және адам халықаралық университеті – «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің негізгі стратегиялық әріптесі. Бейсенбіде «Дубна» университеті өңір түлектерін бюджеттік орындарға оқуға түсу үшін өткізілетін сынаққа қатысуға ниетті өңір түлектері арасында өткізілген бірінші тестілеу жұмыстарының  қорытындыларын шығарды.


– Елбасының «Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады» деуі жайдан жай айтыла салған сөз емес. Бүгінде қоғам алдына техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярлау ісі маңызды мәселе болып қойылды. Осы бағыттағы іргелі іс-шара «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінде бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Біріншіден, аталмыш білім ордасының Дубна қаласындағы халықаралық университетімен академиялық әріптестік шеңберіндегі келісіміне байланысты «Болашақ» бағдарламасымен үзеңгілес, маңызы мен мазмұны жағынан кенже қалмайтын, өңіріміздің жастарына Ресейдің белді оқу орындарында тегін білім алу жобасын  ұсынуда.  Қазіргі уақытта батысқазақстандық 30-дан астам жас «Дубна» халықаралық университетінің бакалавриат, магистратура бөлімінде информатика, ақпараттық жүйе, экономикалық және тағы басқа мамандықтар бойынша тегін білім алуда, – деді «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің  проректоры Әліби Баяхов.  Әліби Науханұлының айтуынша, жастар келісімшарт бойынша оқуларын аяқтағаннан кейін аталмыш ғылым-білім кешенінде немесе облысымыздағы жетекші кәсіпорындарға жұмысқа орналасуларына толық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде Ресейден оқудан оралған бірқатар түлек университет қабырғасында табысты еңбек етуде.

Биылғы жылы аталмыш ғылымбілім кешенінің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде «Дубна» университетімен батысқазақстандықтарға 30 орын бакалавриатқа,  10 орын магистратураға бөлінді. Жастарымыздың құжаттарын тапсыру, емтиханға қатысу, оқуға қабылдау «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің қабырғасында өткізілмек.

– Сәуірде «Дубна» университетіндегі бюджеттік орындарға оқуға түсу үшін өткізілетін сынаққа қатысуға ниетті өңір түлектері арасында олимпиада ұйымдастырғанбыз. Бүгін сол тестілеудің қорытындысын шығардық. Жұлдыздай жарқырайтын оқушыларды анықтап жатырмыз. Негізінен биотехникалық жүйелер, бағдарламалық инженерия, ақпараттық-инновациялық жүйелер және өзге де бағыттар бойынша өткізілген тестілеуге 60-тан астам ұл-қыз қатысты. Олар математика, физика, орыс тілі, информатика, география пәндерінен тесті тапсырды. Біздің ЖОО-ға оқуға түсу үшін мемлекеттік емтихан тапсырудың қажеті жоқ, Еуразиялық әріптестік шеңберінде Ресей Федерациясының Білім министрлігі дайындаған арнайы тестілеу сынағынан өту қажет, – деді «Дубна» табиғат, қоғам және адам халықаралық университетінің кафедра меңгерушісінің орынбасары  Екатерина Шамаева.

Аталмыш ресейлік университеттің профессоры, техника ғылымдарының докторы, М. Ломоносов атындағы МГУ-дың география факультетінің жетекші ғылыми қызметкері Сергей Кибальниковтың айтуынша, бұл жоба математикаға, физикаға, информатикаға құмар дарынды түлектерден материалдық тәуекелдерді талап етпейді, алаңсыз білім алулары үшін жатақханадан орын беріліп, шәкіртақы төленеді. Бір сөзбен айтқанда, оқимын деген жас тегін әрі сапалы  білім алады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Жаңа үлгідегі мейрамхана ашылды

Күні: , 149 рет оқылды

IMG_0278


Кеше қаламыздың Еуразия даңғылы бойынан Burger King  халықаралық желісінің мейрамханасы ашылды. Мейрамхананың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов және Қазақстандағы  Burger King компаниясының президенті, директорлар  кеңесінің төрағасы Әнуар Өтемұратов қатысты.


1954 жылдан бастап әлем нарығын жаулаған Burger King мейрамханаларының басты ерекшелігі, тағамды ашық отта дайындау болып табылады. 2012 жылдан бастап еліміздің ірі қалаларында сауда нүктелерін ашып, қарқынды дамыған компанияның бұл 27-мейрамханасы. Көлемі 300 шаршы метрді құрайтын мейрамхана күніне мыңнан астам келушілерге қызмет көрсетуге қауқарлы. Сондай-ақ мұнда бүлдіршіндерге арналған EyeClick интерактивті балалар алаңқайы жасақталған. Бұл сауда орнының тағы бір өзгешелігі, келушілер мейрамханаға кірмей-ақ сыртта көлікте отырып та тапсырыс бере алады. Бұдан бұрын өңіріміздің Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында мейрамхана жүйесін ашқан компания болашақта талғамы жоғары тұтынушылар үшін тағы алты мейрамхана ашуды жоспарлап отыр.

– Қаламызда осындай жоғары деңгейлі мейрамхананың ашылуы жақсы жаңалық. Көп жыл бойы осы жерде қараусыз қалып, қаламыздың көркін келтіріп, айналасы күл-қоқысқа толы болған иесіз нысан бүгінде әсем мейрамханаға айналды. Аз уақыт бұрын осындай мейрамхана ашуға ниет білдірген инвесторлармен келісім жасалған еді. Бүгінде өз қаражаттарымен 200 миллион теңгенің құрылысын жүргізіп, әлемдік стандарттарға сай тамақтану орнын ашып отыр.  Жаңадан ашылған мейрамхана 17 адамды жұмыспен қамтығаны да қуантады. Алдағы уақытта да өңірімізге келіп, кәсібін дамытамын деушілерге әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз. Мейрамхана иесіне құтты болсын айтып, кәсібіне кең өріс, ұжымына жемісті еңбек тілеймін, – деді өңір басшысы  Алтай  Көлгінов.

Салтанатты лента қию рәсімінен соң өңір басшысы мейрамхананы аралап  көріп,  тағамдарынан  дәм  татты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Мас апайларды қараймын деп қатып қалдым…» Бұл не, жала ма, әлде шындық па?..

Күні: , 3 231 рет оқылды

Анар Баймуханова2


Ақиқатын айтқанда, бұл өзі үш айдан бермен қарай, басылмай келе жатқан әңгіме. Аудандық прокурор қозғаған әкімшілік іс сол аралықта екі рет сотта (аудандық, апелляциялық) қаралып, әу баста прокурорға арызданған жақтың пайдасына шешілмесе де бітетін түрі жоқ. Сонымен мәселенің мән-жайына көшейік. Редакцияға Ақжайық ауданы Қабыршақты ауылдық округінің тұрғындары, зейнеткер ұстаздар Гүлбану Гауһарова мен Дариға Сұлтанғалиева аяқтай келіп, арыздарын тапсырды.


Онда олар Қабыршақты ауылындағы Бітік жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімдері Диляра Оразбаева мен Анар Баймұханованың (ол мектепте сабақ берген әрі аудандық білім бөлімінің методисі) өткен 2015 жылдың 26 желтоқсанында, сағат 14.30-15.30 шамасында  мектептегі  мұрағат бөлмесінен арақ ішіп шығып, мектеп ауласында мас күйлерінде құлап-сұлап жүргендерін, бір-біріне балағат сөздер айтып ұрысып- керіскендерін, мектептің дәретханасына (сырттағы) құсқандарын, бүлдіргендерін ашына жазады. — Ең сорақысы, — дейді олар — Мұны мектептің 7-10-11-сынып оқушыларының  көргені. Әсіресе, 7-сыныптың бір топ оқушысы мұғалімдердің соңынан қызықтап, біразға дейін еріп жүрген, көргендерін кейін үйлеріне  айнытпай айтып барып, ол ауылда гу-гу әңгіме туғызған. Гауһарова мен Сұлтанғалиеваның айтуларынша, бұл туралы мектеп басшылығына хабарланса да, сол минутында  оған байланысты шұғыл, жедел анықтау шаралары қолға алынбаған. Мектеп абыройына селкеу түсіретін осынау оқыс оқиға орын алды ма, орын алса, оған кінәлі кімдер, оны кімдер көрді деген бағытта індетіп, қызметтік тексеру жүргізілмеген. Мұндай шаралар Гауһарованың дабылынан кейін қаңтар айының ортасына қарай басталады. Ақпанның 10-ында  мектепте аудандық білім бөлімінің қатысуымен үлкен жиналыс өтеді. Сонда осынау оқиға орын алды ма, орын алған жоқ па деген үлкен әңгіме болады. Мектептегі ахуал мен оқыту үдерісіне, еңбек тәртібіне байланысты біраз сындар айтылады. Одан көп ұзамай, 22 ақпанда (2016 ж.) мектеп директоры Қуаныш Тұяқов өз өтінішімен директорлығын тапсырады, мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, осы мектептің мұғалімі  Мұхсина Мұханғалиева да өз ықтиярымен төрайымдық міндетін доғарады. Ал Анар Баймұханова мектептегі мұғалімдік қызметінен өз арызымен босаған, бүгінде ау-дандық білім бөлімінің методисі болып өзінің негізгі қызметінде жүр. Қош, сонда арызданушылар не дейді? Олар мектептің беделіне кір келтірген, әріптестерінің, ата-аналардың алдында, мектептегі шәкірттерінің алдында мұғалім абыройын төккен Оразбаева мен Баймұхановаға ешқандай шара алынбады дейді. Алайда ол мұғалімдердің  екі сотта да арақ ішкендері, мас болғандары, көшеде құлап-сүрініп жүргендері т.б. жағымсыз қылықтар жасады деген фактілер өз дәлелін таппады ғой. Енді не керек, арызданушыларға?  Олар куәларының дәлелдері сотта ескерілмегенін, кейбір куәлардың жалған сөйлегенін айтып, зар қағады. Біздің солармен кездесуімізді қоярда-қоймай өтінеді. Редакция басшылығының ұйғарымымен жолға шықтық.

*  *  *

Бітік жалпы орта білім беретін мектебінің ғимараты сонау кеңес үкіметі кезінде бой көтерген. 600 орынға арналған мектепте қазір 205 бала оқиды. Осындағы 31 мұғалімге басқа қызметкерлерді қосқанда, барлығы 95 адам еңбек етіп жатыр. Яғни осыншама адам мектептен несібесін тауып отыр деген сөз. 205 баланы бұйым көрмей (кеңдігін айтамыз ғой) сыңғырлап тұрған білім ошағында ұстаздарға да, шәкірттерге де алаңсыз жұмыс істеп, білім алуға толық жағдай туып тұр деп айтуға әбден болатын сияқты. Бірақ, бірақ… Соңғы үш айда ұстаздардан маза мүлдем қашқан. Ата-аналар мен мұғалімдердің айтуынша, шәкірттер де сұрастыру мен түсініктеме беруден әбден зәрезәп болған. ҰБТ-ның болса, төбесі қылтиып тұр… Сондықтан бізге де балаларды қайта-қайта мазаламауымызды көптен-көп өтінді. Бұған дейін аудандық прокуратурадан аудан прокурорының орынбасары   Е. Жаңбырбай арнайы келіп (26 ақпан, 2016 жыл) шәкірттерден сынып жетекшісін, мектептің психологін қатыстыра отырып, түсініктеме алған. Бейнетаспаға түсірген (осы жерде мықтап қаперге алатын бір жағдай бар. Аудандық соттың қаулысы 18 ақпанда шықты. Оқушылардан түсініктеме 26 ақпанда, яғни соттан кейін алынған. Сөйтіп, бұл “концертті” көрдік деген оқушылар сотқа куә ретінде тартылып үлгермеген). Олардың бір парасы біздің де қолымызда бар бола-тұғын. Бірақ оларға сүйенуімізді  редакцияға арызданушылар – Гауһарова мен Сұлтанғалиева місе тұта ма, әлде оқушылардан қайтадан түсініктеме аламыз ба?

Арыз иелері «Балаларды мазаламайық» — деп келісіп, бірақ бірқатар адамдармен міндетті түрде (олардың сөзінше, сотта куәліктері қаперге алынбаған)  жолығуымызды сұрады. Сонымен Оразбаева мен Баймұханованың әріптестері не дейді? Тұяқовтан кейін мектеп директорының міндетін атқарып жүрген, бұрын ағылшын пәнінен сабақ берген Асыл Қамашева (суретте) былай дейді:

— 26 желтоқсанда мектепте болған, болды деген келеңсіз оқиғаны мен өзім көрген жоқпын. Қонақтықта отырғанда естідім. Келеңсіз оқиғаны шешуге кішкене атсалыстым. Бірақ сол кездегі мектеп директоры (Тұяқов) «Жазбаша арыз болмаса, біз мұны анықтай алмаймыз» — деді. Содан сол күйі қалды. Гүлбану Гауһарова (суретте) аудан прокурорына арыз түсірген. Сол кезде мектептің он шақты мұғалімі «Бұл не әңгіме, анықтау керек» — деп наразылықтарын білдірді. Содан бері басы-қасында жүрміз. Сот болды, оң шешімін тапты. Осы мектепте отыз жылдай істеймін. Оразбаева мен Баймұханова біраздан істейді. Жас мұғалімдер. Жұмысқа екеуі де алғыр. Сабақтарын шебер меңгерген. Ал екеуінің арақ ішіп жүргенін көрмегесін айта алмаймын. Прокуратурадан келді, балалардан түсініктеме алды. Оны маған көрсеткен жоқ. Сондықтан ештеңені білмеймін, көрген жоқпын. Бірақ естігенім рас.

— Осы мектепте отыз жылдай істейсіз. Абырой, намыс ортақ. «Бұл өзі не әңгіме?» — деп сол кезде оқушыларыңыздан, мұғалімдерден сұрамадыңыз ба?

— Жоқ, сұраған жоқпын.  Бұл желтоқсанда болған әңгіме, мен директорлыққа ақпанның аяғында келдім. Неше ай өтіп кетті? Бізге енді жұмыс істеу керек. Тыныштық керек. Алдымызда ҰБТ тұр…

11-сынып жетекшісі, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ақбөпе Тәпенова (суретке түсуден бас тартты):

— Мен өзім көрген жоқпын. Бірақ оқушыларым айтты көргендерін. Сол күні Жаңа жылға әзірлікке келе жатқан екі оқушым, (сағат 15-00-ге шақырылған) 11-сынып оқушылары (аты-жөндерін көрсетпеуімізді өтінді. Ред) сағат шамамен 15.00-дерде әуелі қатты дауыстар естиді. Сосын құлап-сұлап жүрген, мектептің қоршауына сүйеніп тұрған апайлары  Оразбаева мен Баймұханованы көреді.

Екеуі қатты мас дейді. Екі оқушымның біреуі соткісін төмен ұстап тұрып оларды түсіріп алады. Бірақ оны кейін үйіне барғасын қарап, «Апайларымыз ғой» — деп, ұялып кетіріп тастайды. Бұл оқушымның оны кетіріп тастауының тағы бір себебі бар, мен оны сізге айта алмаймын… Апайларының мас жүргенін басқа балалар да көрген, олар үйлеріне айтып барған болар, кейін бүкіл ауыл шулады. Сосын мектепте істейтін техничкілер көрген. Олар маған «Сенің оқушыларың соткіге түсіріп алды» — деді. Оқушыларым «Анар апай құлап қалды, Диляра апай қайта-қайта тартып, әзер тұрғызды» — дейді. Дәретханаға барған, біраз жүрген. Үстерінде қандай киім болғандарына дейін айтып келді. 7-сыныптың балалары біразға дейін соңдарынан еріп, қызық көріп, қарап жүрген. Бұдан бұрын химия кабинетінде, кейін волейбол жарысы кезінде бірдеңе болған дейді. Бірақ мен көрмегеннен кейін ештеңе айта алмаймын. Менің класымда өтірік айтатын, алдайтын, ұрлық жасайтын балалар жоқ. Сол күні дәрігер болып істейтін қайын сіңлім Сәуле Байгелдинова да үйге айтып келді, олардың амбулаторияға мас болып келгенін. Менің бар білетінім осы. Сізден сұрайтыным – оқушыларымды мазаламайық, ата-аналары да келіспейді. Прокуратураға түсініктеме берді бәрі. Оқушыларымның  аты-жөнін жазып қоймаңыз (біз ұстаз өтінішін аяқ асты ете алмадық, оқушылардың аты-жөндері, түсініктемелері қолымызда. Ред.)

(Оқырмандарымыздың қаперіне сала кетейік, біз мектеп директорына өзі қалаған адамдарын, келіссе оқушыларын алып келіп, кездестіруді сұрадық. «Әңгімемізге өзіңіз де бастан-аяқ қатысыңыз, уақытыңыз болмаса, қалаған адамыңызды қатыстыруыңыз толық еркіңізде» — дедік).

Гауһар Мұханғалиева (суретте), тарих пәнінің мұғалімі, 5-11-сыныпқа сабақ береді.

-7-10-сыныптардағы оқушыларым айтып келді. Шыны керек, естісем де өзім сұрауға ұялдым. Апайлардың мас болып жүргенін өздері айтып келді. Ауылдағы адамдардан да естідім. Әңгіме тіпті өршіп бара жатқасын, ақыры бір оқушымнан сұрадым. Ол: «Апай, мен өзім көрген жоқпын, бірақ көрген оқушыларды айтайын» — деді. Сол оқушылардан сұрадым. Олар: «Көрдік, — деді, — Туалеттің қасында жылап тұрды, бірін-бірі ұстап, туалеттің ішіне құсты» Сөйтсем, 10-сыныптағы бір оқушым, 7-сыныптағы үш-төрт оқушым  бұл жәйтті бастан-аяқ көріп, соңдарынан ілесіп қараған. Одан әрі Баймұханова мен Оразбаева мектептің қасында құлап-сүрініп жүріп, қасымыздағы амбулаторияға қарай кеткен. Ата-аналар маған айтқанда, мен оларға  «Осыны неге барып айтпайсыңдар?» — десем, олар біз неге айтамыз, бұл мұғалімдер бұрын да осындай жайсыз қылықтары үшін сөгіс алған, сөйтіп құтылған. Бұдан да құтылады, ертең бәрібір. Бір ата-ана айтады, мен ертең қызымды нулевойдан кейін сендерге бермеймін, арақ ішесіздер дейді. Айта берсе, мұндай әңгіме көп… Бұл мұғалімдер бұрын да арақ ішкен деген әңгімені естідім, бірақ өзім көрген жоқпын. Басқа мұғалімдер ішті деп естіген жоқпын. Басқа айтарым жоқ.

Мұғалімдерден басқа саланың адамдары не дейді? Оны да тыңдап көрдік. Ауылдағы пошта бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмаржан Рысқалиева (суретте):

— Желтоқсанның 26-сы күні күйеуімнің қан қысымы көтеріліп, сағат күндізгі үшке таман амбулаторияға кетті. Содан шыдай алмай, сәлден кейін соңынан бардым. Амбулаторияға жақындай бергенде, мектептің тап қасында болатын. Баймұханова мен Оразбаеваны көрдім, дәретханаға қарай бірін-бірі сүйрелеп келе жатыр. Ұялғаннан тұрып қалдым. Соңдарында шұбырған бала… Қасымнан көршімнің баласы «Апайлар мас, соларды қараймын деп қатып қалдым» — деп жүгіріп өтті. Кейін естідім ғой, мектептің техничкілері де көрген әлгілерді. Мектептен сәл әріректе мұны көріп тұрған ер адамдарды да байқадым. Екеуі туалеттің қасында, бәлнестің қасында айқайласып, шаңқылдасып біраз жүрді. Бай-мұханова Анардың қызыл курткасы ашық-шашық, айтуға ұят… Одан әрі қарауға ұялып, бәлнеске кіріп кеттім. Кірсем, күйеуім қан қысымын өлшетіп болған екен, шығайын деп жиналып жатқанымызда, ана екеуі салдыр-күлдір кіріп келе жатыр… Арақтың иісі мүңкіп кетті. Приемныйдың қасындағы орындыққа отыра кетті… Біздер шығып кеттік. Көргенім осы… Бұл екеуі туралы осындай арақ ішті деген жайсыз әңгімені бұрын да естіп жүретінмін. Былтыр осы мектепте сайлау өтті. Мен сол кезде сайлау комиссиясының мүшесі болдым. Сонда охранник Сайлау Бисенғалиев деген от и до айтты. «Ойбай, баяғыда (2011 жылы, наурызда)  мұғалімдер кабинетте арақ ішіп, бүлдіріп, оны көрген техничкілер директорға шағымданып, ұят болған» — деген.  Бір емес, екі емес, ұят емес пе? Қалада оқитын немерем бар еді, енді 6-класқа барады. Соны осында алдырып оқытамыз деп жүргенбіз. Енді мынадан кейін, бұл мектепке қалай беремін?

Осы жерде амбулаторияда Оразбаева мен Баймұханованы тағы біреулер көрді ме деген сұрақ туындайды. Расында да, жоғарыда айтқан Ақбөпе Тәпенованың  амбулаторияда дәрігер болып істейтін қайын сіңлісі Сәуле Байгелдиновадан басқа тағы кім көрді? Ауруханада оператор болып істейтін Абзал Молғалиев (суретте)  көрген. Ол 25 қаңтарда (2016 ж.) өз қолымен жазған түсініктемесінде:

«Диляра мен Анарды сағат 15.30 шамасында мас көрдім. Бір-біріне сүйеніп кетіп бара жатты. Қисалаңдап жүріп бара жатыр. Артынша дәретханаға барғанда былғап құсып кеткен. Сосын мен кірген жоқпын. Дәрігер Ержан менің қасымда бір сағаттай отырды. Анар үстіне қызыл куртка киген, Диляра үстіне қара куртка киген» — деген екен. Сотқа барғанда осы сөзінен танып, «Көрдім, бірақ мас емес» — дейді. Кейін прокуратураға берген тағы бір түсініктемесінде: «Мас емес деп айтуыма мені біреулер мәжбүрледі» — деп тағы танады (Гауһарованың айтуынша). Бізбен кездескенде де: «Мен тек кетіп бара жатқандарын көрдім. Мас екендіктерін көрген жоқпын. Ештеңе көрген жоқпын. Уақытым жоқ» — деді. Біз оның 25 қаңтарда жазған түсініктемесін өзіне оқып беріп едік, үндемеді. Ал анау «дәрігер Ержан менің қасымда бір сағаттай отырды» — деп жүрген адамы Баймұханова мен Оразбаеваның ам-булаторияға іздеп барған Ержандары екен. Екі мұғалимадан тығылып, Молғалиевтің қасына барып, бір сағат отырған. Бұл азамат әскери дәрігер болып, бүгінде Қарағанды жағында жүр дейді білетіндер…

Құрметті оқырман, жалығып кеткен жоқсыз ба? «Екі мұғалімді  сол 26 желтоқсан күні мас күйінде көрдік» — деп бізге келіп түсінік бергендерді тізе берген қажет пе? «Апайларды көрдік, мас жүрді. Құлады. Бірін-бірі сүйреледі. Дәретхананың ішіне құсты. Балағат сөздер айтты» — деген сыңайдағы 7-10-11-сынып оқушыларының аудандық прокуратураға берген  түсініктемелерін оқысаңыз, бетіңізден ұятыңыз шығуы кәміл. Тіпті сенгің келмейді.  Мектепте вахтер болып істейтін Ақтолқын Нысанова (суретте), кіші қызметкер Самал Харесова және басқалардың айтқандарына да сенгіміз келмейді. Бірақ… Бірақ… Әсіресе, Ақтолқын мен Самал «Сіз де сенбейсіз бе, мына екі көзімізбен көрдік қой, мектептен сағат 14.35-те мас күйлерінде шығып, бірін-бірі сүйрелеп, әжетханаға барды. Оны біз ғана емес, қарайған оқушы балалар да  көрді. Сол қисаңдауларымен амбулатория жаққа кетті. Мұны біз сол бойда сол кездегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Мұханғалиеваға да айттық. Ол кісі терезеден әрі-бері қарады да қойды. Көргенімізді сотта да айттық. Бірақ біздің сөзімізді ешкім елеген жоқ» — дейді. Ал кәсіподақ ұйымы ойыншық емес. Бұрынғы төрайым Мұхсина Мұханғалиева (суретте) бұған не деді? – Жұмыста болдым, коридорда әңгіме жүріп жатты «екі мұғалім мас болып кетіп барады» — деген. «Кәні, қайсы деп терезеден қарадым». Бірақ ешкімді көрген жоқпын. Сол бойда мәселенің байыбын анықтап, кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде әрекет жасамаған қателігімді мойындаймын… Ол үшін ескерту алдым. Бұған дейін төрайымдық жұмысымды тапсырғым келіп жүргенмін, содан кейін өз еркіммен тапсырдым», — деді бізбен болған әңгімесінде. Сонда да сенгіміз келмейді. Тағы да сол «бірақ…» Арақ төңірегіндегі  әңгіменің «иісі» шыға қалса, неге тек қана Оразбаева мен Баймұханованың маңайынан «мүңкиді?..» Үш айдан астам уақыт өтсе де, Қабыршақты ауылының әлі күнге гулете айтатын «репертуарынан» неге түспей келеді? Үлкен-кішісі, мектеп оқушылары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «арақ ішті» — дейді? Неге? Неге?

Сонымен, Бітік жалпы орта білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Диляра Оразбаева (суретте) бұған не дейді?

— Он  бір жылдан бері ата-енеммен бірге тұрамын. Екі балам бар, біреуі төртіншіде, екіншісі біріншіде оқиды. Арыз бойынша айтарым, төрт айдан бері келе жатырмыз, сотта бәрі айтылды, басқа алып-қосарым жоқ. — Арызда айтылғандарды мойындамайсыз? «Жоқ. Жоқ!»  — Арақ ішпесеңіз, біраз адамдар «ішті» — деп неге арыздана береді? «Білмеймін, білмеймін». — Екі сотта да жеңдіңіз, ендеше ар-намысыңызды қорғап, неге сотқа бермейсіз? «Сотқа беруге жиналып отырмын. Аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасынан Гүлбану Қауанқызының (Гауһарованың) арызы бойынша күні кеше, 31 наурызда комиссия келді. Осы жерде әңгімелестік. Бақыт Ілиясовна бар (аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары). Ол кісілердің айтқаны: «Үлкен адамдар ауылда тыныштық сұрап отыр» — деді. Оған дейін мен арызымды жазып, дайындап отырдым. Адвокатымның айтуы бойынша, ол кісілер (комиссия) қандай шешім қабылдайды, соны күтейік деді. Содан комиссия мектеп директорынан бастап, мұғалімдерді қатыстыра отырып, солардың көзінше «Ұжым шаршады — деді. – Сен екі сотта да жеңдің ғой, енді сен кішілік жасап, басыла ғой» — деп айтқан осы кісілер. Менің жұмысыма қаншама кедергілер мен қиындықтар туғанына қарамастан, мен сол кісілерден қазіргі жағдайда асып кете алмай отырмын. Бір-а-а-қ, сонда айттым! Егерде тағы бір әрекеттер жасалатын болса, онда маған ренжімейсіздер… Ауылдың тыныштығы, ауылдың тыныштығы бір ғой, бірақ енді мен сотқа беруге мәжбүр боламын дедім.

Сұрақ: — 26 желтоқсандағы оқиға өз алдына осындай жәйттер бұрын да болған дейді арызданушылар. Соның сәл алдында ғана мектепте өткен волейбол жарысы кезінде сізді арақ ішіп жүрді дейді. Одан бұрын мектептің химия кабинетінде арақ ішті бұлар дейді бізге жолыққандар. Қашамаңғы шыдауға болады дейді олар. Мұғалімдері арақ ішетін, бір-бірімен төбелесетін, көшеде құлап жататын бұл мектепке балаларымызды қалай береміз дейді. Мұндай сөздер неге тек қана сіздің соңыңыздан ереді?

— Енді әр түрлі жағдай болуы мүмкін… Көреалмаушылық…

Сұрақ: — Сіздің жақсы жұмыс жасап жүргеніңізді көреалмаушылық па? Орныңызға қызығып жүргендердің әрекеті ме?

— Білмеймін… Басталды, бір рет басталды. Осы жерде болды… Осы мәселеге байланысты, 18 қаңтарда тексеріс келіп, кездесу болғанда, арызданушы Гүлбану Қауанқызы (Гауһарова) бізге сол кісілердің көзінше қоқан-лоқы жасап, «Мен өсекші болып қалмаймын. Бәрібір дәлелдеймін» — деді. Содан соңынан ілесетін адамдарды жинап, осындай тірлікке барып отыр деген жауабымды беремін.

Сұрақ: — Сіздің арақ ішкеніңізді көрдік деген адамдар болмағанда, сіз бен біз бұлай отырмаған болар едік. Олар неге солай деп жүр?

— Білмеймін. Әркімнің несі үшін жауап бере алмаймын. Сотқа да барды ғой. Екі рет, үш рет сотқа бардық қой. Апелляциялық сотқа да, шақырмаса да сол алты адамын қайтадан алып барды. Мұндағы сот куәлік алмады деп, дұрыс шешімін шығармады деп…

Сұрақ: — Сонымен, 26 желтоқсанда, одан кейін волейбол жарысы кезінде де арақ ішкен жоқпын дейсіз?..

— Жоқ!  Жоқ! Ондай жағдай болған жоқ!

Сұрақ: — Жалпы ішімдікке қалайсыз?..

— Жоқ, жоқ.

Сұрақ: — Мейрамдарда аздап вино…

— Иә, вино болатын болар… Бірақ та былай ішімдікке салынды дейтіндей мен өзімді ондай санамаймын.

Сұрақ: — 2011 жылы 1 наурыз күні сізге бес адаммен бірге сөгіс беріліпті. Не үшін? (сөгісті Оразбаевамен бірге Баймұханова да алған, қалған үш адам жұмыстан шығып кеткен).

— Сөгіс емес, тәртіптік шара… Жас қыз балалармен бір келісе алмаушылық болды… Бір үлкен кісімен… Онда ешқандай педагогикалық кеңес болған жоқ. Сол кездегі Алманбетова деген директорымыз бізді шақырып алды да, ештеңені анықтап отырмай, барлықтарымызға шара аламыз деді, бес жыл бұрын. Ештеңе айтқан да жоқ, солай қалды…

(Оразбаева бұл жерде «тәртіптік шара, келісе алмаушылық» деп, жалған сөйлеп отыр. Сол кездегі директор Алманбетованың, 2011 жылғы 1 наурыз күнгі  №49 бұйрығымен «жұмыс кезіндегі жіберген олқылықтары мен тәртіпсіздіктері үшін» сөгіс берілген. Ол қандай тәртіпсіздіктер десек, осы мектепте жиырма жылдан бері тазалықшы болып істейтін Баянсұлу Досқалиеваның бізге берген түсініктемесінде химия кабинетінде болған бес мұғалім, ішінде Оразбаева мен Баймұханова бар, арақ ішіп, кабинетті бүлдірген (қалай бүлдіргендерін қағаз бетіне түсіруге ұят). Бүлдіргендерінің заттай айғағы директорға дейін жетіп, ол сөгіс жариялауға түрткі болған.  Анау заттай айғақтың болғанын мектептің медбикесі Ұлжан Нағибова да растайды. Біз осыдан бес жыл бұрын болған мұны неге жіпке тізіп отырмыз? Себебі, бұл оқиғаны ауыл адамдары әлі күнге ұмытпай, «Баймұханова мен Оразбаева баяғыда сүйткен, оларға ештеңе болмайды» — деп  айтып жүр).

Сұрақ:  — Алдағы уақытта да осы мектепте жұмыс жасай бересіз ғой?

— Жасай беремін.

Осы мектепте күзетші болып істейтін Сырым Хамиев (суретте) былай деді: — 26 желтоқсан күні таңертең сағат 9.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін кезекшілікте болдым.

Ондай ештеңе көрген жоқпын. Түскі тамаққа сағат 14.00-де кеттім,15.00-де келдім, ештеңе көрген жоқпын. Бар айтарым осы.

Оның бұл жауабына Гүлбану Гауһарова сол жерде мынандай уәж айтты: — Бұл кісі өзі айтып отырғандай түсте болмаған. Ал ана оқиға сағат 14.30 бен 15.30 аралығында болған. Бұл кісі вообще ештеңе көрмеген, өйткені оқиға болатын уақытта мектепте болмаған ғой. Сотта да тура осылай деді. Бірақ Ақжайық аудандық сотының 2016 жылғы 18 ақпандағы қаулысында “Оразбаева мен Баймұханованы жұмыс уақытында көргенде алкогольдік ішімдік иісін сезбегенін айтып түсінік берді”, — деп мүлдем қате түскен.

Оразбаеваның аты аталса, егіздің сыңарындай есімі қатар жүретін Анар Баймұханованы да (суретте) тыңдап көрдік. «26-да мектепте болдым. Алты сабақтан кейін Оразбаева басым ауырып тұр дегесін больницаға барғанымыз рас. Бірақ мас болды, төбелесті, шаштарын жұлды, боғауыз айтты деген, курткісі жыртылды деген сөздердің бәрі өтірік. Содан мен өз арызыммен  бұл мектептен шығып кеттім».

Сұрақ: — Үлкендерді былай қойғанда осы мектептің әр сыныбының  біраз оқушысы сіздің мас жүргеніңізді, құлағаныңызды, Оразбаевамен ұрысқаныңызды, жұлқысқаныңызды, екеуіңіздің боқтық сөздерді айтқандарыңызды, мектептің жанындағы дәретханаға кіріп-шығып, құсқаныңызға дейін көрдік депті түсініктемелерінде. Сонда олардың бәрі бірдей өтірік айтып отыр ма?

«Мен балаларды көрген жоқпын. Олардың алдына барып, құлап-сүрініп, мас күйімде  жүрген жоқпын».

Сұрақ: — Оқушылардың айтқандарының бәрі өтірік пе?

«Оны білмеймін… Көрген жоқпын…»

Осы арада Гауһарованың айтуынша, ауданда сот өтердің алдында Оразбаева мұның үйіне кешкілік келіп, жаздым-жаңылдым деп жылап, кешірім сұрап соттаспай, келісімге келуді сұрайды. Сөйтіп екеуі мәмілеге келеді. Гауһарова мұны сотқа барғанда аудан прокурорына, аудандық сот төрағасы Құлекешевке мәлім етеді. Бірақ Оразбаева 17 ақпанда  сот басталарда онысын мойындамай, «соттасамыз» — деп тайқып шығады.

*  *  *

Бітік мектебіне жердің үстімен барып, жердің астымен  қайтқандай болғанымызды жасырмайық. Ауылдағы мәдениет пен ізгіліктің ұясындай ұстаздар үйінде, келешекке ие – ұл-қызымызға кемел білім беруге тиіс  тәрбие ошағында  қолаңсасы қолқаны қапқан  әңгімені қайтадан қоңырсыту оңайға түскен жоқ. Бізді бәрінен бұрын қинағаны — анау келеңсіз оқиғаның болғаны рас болса, оны көрген ұлқыз ертең ержеткенде бізге не дейді? Ұстаздары туралы не ойлайды? Одан да ең қиыны – мақалада  баяндалған, бүгінде бітіктік білім нәрін себушілердің ар-намысына селкеу түсірген  ұят нәрсенің орын алғаны шын болып, бірақ жабулы қазан, жабулы күйінде қалса, оны  көзімен көрген анау жеткіншек шәкірттерден қандай келешек көктеп шығады? Мектеп деген киелі шаңыраққа шалқайып кіріп, марқайып шығып жүрген  бүгінгі ұстаздар  сол кезде олардың бетіне қалай қарайды?..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»,

Қабыршақты ауылы,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор


«Қоқыс тасымалына қарыз 40 миллион теңгеден асты»

Күні: , 148 рет оқылды

DSC_0013


Таяуда Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық тәртіп пен қаланың санитарлық тазалығын қадағалау және ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейд өтті. Оған Орал қалалық ішкі істер басқармасының Абай полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы, аға лейтенант Берік Тілеулеев, қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қапиет Ғинаятұлы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы абаттандыру секторының бас маманы Роман Жумиев қатысты.


Рейдтік шолу, алдымен, Комсомол мен Ғұмар Қараш көшелерінің қиылысынан басталды. №3 полиция учаскесінің қызметкері, аға лейтенант Максим Әубекеровтың айтуынша, осы тұста орналасқан контейнер қасына ылғи да қоқыс үйіліп жатады екен. Оның сөзін Ғ. Қараш көшесінің тұрғыны, зейнеткер Жексенғали Қапезұлы (суретте) да растады. «Қатты төсем салынбаған соң контейнер орна-ласқан жер жауын-шашын күні лайсаң, балшық болады. Сондықтан қоқысты көбіне сыртына лақтырып кетеді. Қайсысын бақы-лап тұрасың. Ескертуге де құлақ аспайды», – деп қынжылысын білдірді ол.

Жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындарға жадынама таратты. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына және облыстық мәслихаттың №26-4 қаулысына сәйкес қала мен елді мекен аумағында абаттандыру қағидаларын, соның қатарында жеке үй айналасы мен көше тазалығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті. «Ескерту бергеннен кейін нәтиже шығармаса, кінәліге айыппұл саламыз. Бір айдың ішінде өтеп болу керек. Бұл жазадан жалтарғанның өзінде айыппұлды өтемегені туралы мәлімет дерекқорда сақталатынын ескеруі тиіс», – деді Берік Тілеулеев.

Кейін рейд тобы К. Меңдәлиев көшесіндегі 2-үйдің қасына ат басын тіреді. Мұнда пластик құтылар бөлек сұрыпталады екен. Бірақ темір жәшік қасында резеңке дөңгелек, терезе жақтауы, шатыр сынықтары секілді түрлі тұрмыстық қалдықтар орын теуіпті. Оны тазалауға жұмылдырылған жұмыс тобы — «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның қызметкерлері екені белгілі болды. Осы аумақтағы тұрғындардың кәсіпорынға берешегі 100 мың теңге құрайтынын серіктестік басшысы Әділбек Қадыров қынжыла айтты.

«Біздің кәсіпорын контейнерге жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды арнайы аумаққа тасымалдаумен айналысады. Яғни жұмыс екі ауысыммен тәулік бойы жүреді. Бір тәуліктегі тасымал көлемі 1000 текше метрді құрайды. Осы қызмет үшін ай са-йын келісімшартқа сәйкес әрбір тұрғын 115 теңге төлейді. Бірақ бұл тариф контейнер айналасына үйілген ірі көлемдегі тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға арналмаған. ПИК-тер мен жеке үй иелегіне жататын аумақта орын алған осындай қолайсыздық үшін кінәлілер анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Тұрғындарға айтарымыз, біздің кәсіпорынға хабарласса, арнайы техника бөліп, қалдық көлеміне қарай төлемді есептейміз. Бір текше метрі – 500-1000 теңге аралығында. Бұл шартқа жауапкершілікпен қарап, техника алдырып, жалдау құнын төлейтіндер бар. Дегенмен, амал жоқ, кәсіпорын қызметкерлері контейнер сыртындағы ірі қалдықтарды кейде тегін тасымалдап жатады. Бей-берекет тасталған қоқысты тиегенде қиындық туындайды. Тіпті техникамыз бұзылып қалады. Содан біздің мекеме үлкен көлемдегі шығынға батады. Кәсіпорын қарауында елуге тарта техника бар. Бәрі де GPS-жүйесімен бақылауға алынған. Сол құрылғы арқылы жұмыс барысын бақылап отырамыз. Қалада бізге қарасты 600-ден астам аумақта үш мыңға тарта контейнер орналасқан. Кей аумақтағы қоқыс жәшіктерін күніне екі-үш мәрте тазалауға тура келеді. Қала тұрғындарының біздің кәсіпорынға қарызы соңғы үш жылда 40 млн. теңгеден асты. Ал болашақта шетел тәжірибесіне сүйеніп қалдықтарды сұрыптау технологиясын біртіндеп енгізгіміз келеді», – деді «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның директоры Әділбек Қадыров.

Орал қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің инспекторы, капитан Динара Әбділхалықованың мәлімдеуінше, ҚР ӘҚК-ның 505-бабына сәйкес қаланы абаттандыру қағидасын бұзғаны үшін биылғы үш айда 329 адам, ал 620-бабында көрсетілген құ-қықбұзушылық, яғни жүргінші жолға қоқыс лақтырған 7500 тұрғын жауапкершілікке тартылған.

Ет комбинаты шағынауданындағы Гагарин, Луговой көшелерінің соңы Жайық өзенінің жағасына барып тұйықталады. Дәл осы тұста жиналған қоқыс үйіндісі бес жылдан бері тазаланбапты. Жайықтың осы жақ бетіндегі жағалауда кеме жөндеу зауыты орналасыпты. Кәсіпорын қызметкерлер жағадағы қоқыс жатқан жер ешкімнің меншігінде жоқ екенін айтқан. «Ет комбинаты ауданында қоныс-танғаныма алпыс жылдан асты. Қолына мал ұстап отырған көршілер де бар. Олар малдың қиын қоқысқа тастап, кейде өртеп жатады. Түтін осы төңіректегі ауаға таралып, қоқыс қалдықтары желмен көше бойына ұшады», – деді Райхан Ниязова (суретте). Тұрғындар қала әкімдігінен осы мәселені шешіп беруге көмек сұрап отыр. «Орал Таза Сервис» ЖШС арнайы техникамен келсе, ақысын төлеу керек. Ортақ қаржыны шығарғысы келмегендерге айыппұл салынсын деген олар Жайық өзеніндегі су деңгейі соңғы уақыттарда көтерілмегенінен шүкір етеді. Әйтпесе, арнасынан лықсыған су көшеге жайылып, күллі қоқыс көтеріледі екен. Әсіресе, ба-лаларының денсаулығына алаңдап отырған тұрғындар енді қала әкімдігі бұл мәселенің шешімін тауып беретініне сенеді.

Жыл сайын санитарлық-экологиялық айлық аясында ұйымдастырылған шаралар Жайық шаһарының жаңғырып, жасаруына зор әсер етеді. Әрине, жыл бойына қала тазалығын қалыпты ұстауға кәсіпорындар да атсалысуда. Дегенмен орталық және жайма базарлар айналасындағы, кей көшелер мен қала маңындағы шағынаудандардағы тазалық мәселесінің шешімін таппай келе жатқаны рас. Бұған қатысты тұрғындар мәдениетіне де сын айтуға болады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіндегі баптар арқылы полиция қызметкерлерінің ғана айыппұл салуға құзыреті бар. Дегенмен тәртіп сақшылары әрбір қоқыс лақтырған тұрғынды бақылап жүре алмайтыны белгілі. Сондықтан осы іске жауапты жергілікті атқарушы органдар түсінік жұмыстарын белсенді жүргізіп қана қоймай, қаланың қоқыс жиі жиналатын, бей-берекет шашылып жататын «нүктелерін», көше қуыстарын аяқтай жүріп, бақылау жұмысын ширатқандары, арнайы карта жасақтап, сонда белгілеп, тізімдеп алғандары дұрыс секілді. «Мүлдем төзбеу қағидаты» бойынша өтіп жатқан рейдтерге бұрын да қатыстық. Сонда кей тұрғындар мекемелерге шағымданып жататынын айтудан жалықпайды. Заң солқылдақ па, әлде жауапты құрылымдардың өз құзыреті шегінде жұмыс істеуге қауқарсыздығы ма?

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

Белгіленбеген орынға қоқыс лақтырған жайтқа куәгер болғандар мына телефон нөмірлері арқылы  хабарласуына, бейнекамерамен түсірген көріністі жолдауларына болады:

Орал қалалық ішкі істер басқармасы  – «102» «Орал Таза Сервис» ЖШС – 21-13-37 Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – 50-62-72, +77084331550 (whatsapp)


«Жазушы қызы Жайықтың»

Күні: , 102 рет оқылды

DSC_0154


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай прозашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің 2002 жылғы лауреаты Мира Шүйіншәлиеваның «Жазушы қызы Жайықтың» атты шығармашылық кеші өтті.


Шара барысында қаламгердің «Жүректегі құпия» повесінен басты кейіпкерлер Мәди мен Жәмиланың өмірінен сахналық көрініс көрсетілсе, белгілі ақын-ұстаз Дариға Мұштанова, Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев жылы лебіздерін білдірді.

Кеш иесінің өзі оқырмандарының сауалдарына жауап беріп, жүрекжарды сырларымен, ой-жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ оның сөздеріне жазылған Ғұбайдолла Хибашевтің «Айнұрым» әнін Райгүл Сисенова нақышына келтіре шырқаса, Әділбек Сүлейменовтің «Қазақстан жас ұландарын» Орал қаласындағы М. Мәметова атындағы физикалық-математикалық бағыттағы №27 мектептің оқушылар хоры айтып берді. Оған қоса сахнаға Мираның қызы Айнұр Нұрланқызы көтеріліп, қазақтың қара домбырасымен қос бірдей туындыны орындады. Осы кеште жазушыға арнап Айнабек Бисенғалиев жырдан шашу шашты.

Айта кетейік, М. Шүйіншәлиеваның әр жылдары «Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия», «Өкініш» атты кітаптары жарық көрді. Оның «Шүберек қуыршақ» жинағының алғысөзін белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков жазып, Мираның әңгіме-хикаяларын жоғары бағалады.

Соңғы жылдары Орал қалалық «Жайық үні» газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүрген М. Шүйіншәлиеваның кейіпкерлері өмірден алынған, шығармалары бүгінгі заманның қым-қуыт тыныс-тіршілігі, түрлі қалтарыстарынан сыр шертеді. Жазушы туындылары «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сынды мерзімді басылымдарда да жиі жарияланып тұрады.

Елжан ЕРАЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика