Мұрағат: 14.04.2016


«Атамекеннің» жаңа бағдарламасы

Күні: , 110 рет оқылды

DMS_8017


Сәрсенбіде өңірімізге ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы  Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен келді.


Сапар аясында мәртебелі мейман «Квант» ЖШС-да болды. Сондай-ақ ол БҚО кәсіпкерлері палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отыры-сын өткізді. Онда аймақтағы кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері мен келешекте бизнесті дамытудың жолдары талқыланды.

Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, мемлекеттік мекеме басшылары, кәсіпкерлік сала мамандары және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды ашып жүргізген Тимур Құлыбаев, ең алдымен, девальвацияға байланысты туындаған қиындықтар жөнінде әңгімелеп, одан әрі ел экономикасын дамытудағы шағын және орта бизнестің маңызына тоқталды.

– Аймақтардағы Ұлттық палата қызметкерлері кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған көптеген жағдаяттарды анықтады. Өзіміз де осындай отырыстарды жиі ұйымдастырып, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдадық, талқыладық. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің бірқатар мәселелерінің оңтайлы шешілуіне мұрындық болдық. Мысалы, мемлекеттік сатып алу жүйесіне оңтайлы өзгерістер енгізіліп, оның ашықтығы қамтамасыз етілетін болды. Отандық өнім өндірушілерді бірігіп қолдау жөнінде мемлекеттік органдармен келісіп жатырмыз.  Жеке кәсібін жаңа бастаушыларға кепілсіз шағын несиелер беруді де ұйымдастырудамыз. Шағын және орта бизнес ауылдарда да дамуы керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау қажет, – деген төраға жергілікті билік өкілдерін кәсіпкерлікті дамыту бағытында ынтымақтаса жұмыстануға шақырды.

Бұл орайда облыс әкімі Алтай Көлгінов өңір кәсіпкерлеріне барынша қолдау  көрсетіліп жатқанын айтып, олардың мәселелерін талқылап, шешу жолдарын іздестіру бағытында жақында облыс әкімдігі жанынан кәсіпкерлер кеңесі құрылғандығын баяндады. Оның сөзінше, аталмыш кеңестің алғашқы отырысын  сәуір айында өткізу жоспарланған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының атқарушы директоры Нұрлан Қайыршин сөйлеп, облыстың жалпы аймақтық өнімі 2015 жылдың 9 айында  1 237,0 млрд. теңгені құрағанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 5-орында.

– Өңірімізде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Ағымдағы жылдың 1 наурызындағы дерек бойынша облыста 41313 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Бұл нысандарда 110 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істейді,  – деген Нұрлан Қайыршин облыс кәсіпкерлеріне кедергі келтіріп отырған бірқатар жәйттерге тоқталды. Бұлар негізінен сатып алу, қаржы ресурсын табудың қиындығы, тариф және тағы  басқа  да  мәселелер.

Бұдан соң өңір кәсіпкерлері сөйлеп, олар өз жұмыстарында кездесіп жүрген қиындықтар жайлы  баяндады.

Жиынды қорытындылаған Тимур Құлыбаев жергілікті кәсіпкерлердің өтініш-тілектерінің тиісті орындарда талқыланатынын айтты.

Нұржан ӘЛТАЕВ,

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары:

– Ел экономикасы үшін шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор. Еліміздегі барлық сатып алу (мемлекеттік сатып алу, “Самұрық-Қазына” холдингі, ұлттық компания) көлемі 8 триллион теңгеге жуықтайды. Бұл еліміздің экономикасына жұмыс істеуге  тиіс  орасан  зор  қаржы.

Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы бүгінде елімізде көптеген   өндіріс орындары ашылып, барлық сала бойынша өзіміздің отандық өнімдерімізді пайдалана бастадық. Қазіргі таңда еліміз бойынша 3500 отандық өнім өндіруші бар. Олар отандық өнімдердің жүз мыңдаған түрін өндіріп, ел экономикасының өркендеуіне үлкен үлес қосуда. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Мысалы, соңғы кездері мемлекеттік сатып алуда отандық өнім өндірушілерге басымдық беріле бастады. Бұдан басқа жеке кәсіпті жүргізу үшін қажетті қаражат табу жолын да қарастыра бастадық. Бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардан басқа биылдан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен»  деп аталатын өз бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Оған демеушілердің 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржысы тартылған. Бұл бағдарлама бойынша ашылған шағын несие ұйымы ауыл кәсіпкерлерін қаражат көзімен қамтамасыз етпек. Бұл ретте ауыл кәсіпкерлері кепілге саман үйлерін, малын, жеке жер телімдерін қоя алады. Әрі бұл несие жеңілдетілген, 6-7 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бұрын екінші деңгейлі банктер аталған мүліктерді кепілге алмайтын, сол себепті ауыл адамдары жеке кәсіптерін жеткілікті деңгейде жүргізе алмады.  «Атамекен» бағдарламасының осы артықшылығы ауылдағы кәсіпкерліктің одан әрі дамуына мүмкіндік бермек. Қанатқақты жоба қазіргі уақытта еліміздің 6 аймағында жүзеге асырылуда.

Айша  ӨТЕБӘЛІ


Өңір басшысы Қарашығанақта

Күні: , 89 рет оқылды

12985544_1097643226941663_6967281688046038921_n


Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнында болып, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының басшылығымен кездесті.


Жүздесуде ҚПО-ның өндірістік қызметі мен Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының бірінші кезеңі туралы кеңінен әңгіме болды.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде қалыптасқан қолайлы инвестициялық климатты одан әрі дамыту, инвесторлармен тығыз жұмыс істеу сияқты бірқатар міндеттер қойып отыр. Батыс Қазақстан облысы басшылығы мен аймақтағы инвесторлар арасында сенімді әрі нәтижелі әріптестік орнаған. Серіктестік аясында қоршаған ортаны қорғау, өндірістік қауіпсіздігін сақтау және еңбек талаптарының орындалуына ерекше көңіл бөлу қажет. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

«ҚПО б.в.» бас директоры Ренато Морали Қарашығанақ жобасының табысты жүзеге асып жатқаны Қазақстан Республикасы Үкіметімен, Батыс Қазақстан облысының басшылығымен арадағы нәтижелі әріптестік жұмыспен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының экономикасына серпін беру мақсатында кен орнын игеру кезінде ең соңғы үлгідегі өндірістік технологиялар пайдаланып келеміз», — деді өз сөзінде Ренато Мароли.

Әріптестік орнатылған жылдар ішінде Батыс Қазақстан облысында жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар мен жүздеген шақырым жолдар салынды. Батыс Қазақстан облысының инфрақұрылымын дамыту мақсатында ҚПО салған инвестиция көлемі 300 млн. доллардан асқан.

Компанияның өндірістік қызметімен танысқаннан кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов Қарашығанақ өңдеу кешенінің өндірістік нысандары орналасқан аумақты аралап шықты.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Абақтыда үзілген ғұмыр

Күні: , 80 рет оқылды

IMG_3059


1929-1956 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, кейін ақталғандардың қатарында Сырым ауданынан 167 адам болса, олардың бірі Әбдірахман Бисалиев еді.


Әбдірахман Бисалиев төре руынан, Ілбішін уезінің бесінші ауылында дүниеге келген. Әкесі Берген қарапайым, шаруагер адам болған.

Жастайынан пысық, зеректілігімен көрінген Әбдірахман 1903 жылы Мәштексайдағы орыс-қазақ мектебіне оқуға барып, білім алды.

1920-1925 жылдары Қызыл Армия қатарында болып, бандыларды құрту, байларды тәркілеуге қатысқан. Сондай-ақ ол 1921 жылы қазіргі Шыңғырлау ауданының Алмас ауылын, Жымпиты ауылын бандылардан тазартуға қатысып, 1928 жылы Жаңақаладағы байларды тәркілеуді ұйымдастырды. Көзі қарақты, зерек Әбдірахман Орал, Жымпиты, Петропавл, Қарағанды қалаларында жауапты қызметтер атқарған. Ол 1920 жылы партия қатарына кандидат болып, 1924 жылғы 24 наурызда 1577744 нөмірлі партбилет алған.

Ә. Бисалиев кезінде сауда, жер қатынасы, шикізат өнімдерін дайындау кеңселерінде бірнеше жыл жұмыс істеген. Тіпті соңғы жылдары Әбдірахман Қарағанды облысының Қарсақбай аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып, зиялы қауым өкілдері Қ. Сәтбаев, О. Исаев, С. Меңдешовпен жиі араласып, дастарқандас болғандығын ұрпақтары Суньятсен (бүгінде марқұм) Абрек еске алып, әңгімелеуші еді.

Әр салада қызмет атқарып, елді бандылардан тазартуға, сол кездегі саясатқа сәйкес байлардың дүние-мүліктерін тәркілеуге белсене қатысқан асыл ер Әбдірахман Бисалиев 1939 жылдың қыркүйек айында халық жауы ретінде ұсталып, үйіне оралмайды. Айта кетерлік бір жағдай халық жауы танылған отбасы мүшелері ол жылдары азапты көрудей-ақ көретін. Осындай зобалаңды шақ халық жауы атанған Әбдірахманның зайыбы Зағипаға да қара бұлттай үйірілді. Жоғары ұйым өкілдері халық жауының үйіне тыным бермей, дүниелерін тінтіп, тергеу ісін жиі жүргізіп отырды. Осы жағдайды зерделей білген Әбдірахманның зайыбы Зағипа Алматыда оқып жүрген інісі Қайырболды Ғалиевке жедел хабар жібереді. Хабар тиісімен Қ. Ғалиев апасы мен қос жиенін бір түнде Оралға көшіріп алып кетеді. Ақыр соңы өзі де Оралға жұмысқа ауысып, жиендеріне бас-көз болып, аяқтанып кетулеріне көп көмегін тигізді.

Сонымен жездесі хабарсыз кеткен соң апасы Зағипа мен қос жиеніне қамқоршы бола білген Қайырболды Ғалиев 90 жасқа толып қайтыс болса, Әбдірахманның зайыбы Зағипа ауданға қарасты Абай ауылында үлкен ұлы Суньятсеннің қолында, 77 жасында 1977 жылы күйеуінің Қазақ КСР Жоғарғы сотының 16 қаңтар, 1959 жылғы шешімімен толықтай ақталғандығына куә болып қайтпас сапарға аттанып кете барды.

Жазықсыз жазаланған асыл ер Әбдірахман Бисаливтен қалған көзі тірі ұрпағы Абрек Бисалиев бүгінде зейнеткер, отбасымен Орал қаласында тұрады. Ал Абрек ағаның ұлы Берік Бисалиев болса, Жымпиты ауылындағы №39 жол жөндеу, пайдалану мекемесінің басшысы қызметінде.

Берік Абрекұлы бүгінде аудан орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтада атасы Әбдірахман есімінің ойып жазылғанына шүкіршілік ете отырып, немересі ретінде атасының құжаттарын аудандық мұражайға тапсыруды, тиісті құзырлы орындарға аяқтай барып атасының есіміне көше атауын беруге ықпал етуді азаматтық борышы ретінде санайды.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырым ауданы


Теолог Сабдиннің тәлімі

Күні: , 272 рет оқылды

дин семинар.  егер фото улкеймесе oralfv.kz  ал


Сәуірдің 11-13-і күндері Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының бастамасымен республикаға танымал теолог ғалым, Ақтөбе қаласындағы «Аңсар» кеңес беру оңалту орталығының басшысы Асқар Сабдиннің қатысуымен үш күндік семинар оздырылды. Сәуірдің 11-інде аталмыш басқарманың мәжіліс залында өткен «Дәстүрлі емес жалған діни ағымдардың қоғамға зардабы» тақырыбындағы семинарға облыс имамдары, дінтанушылар мен исламтанушылар қатысты (суретте).


Семинарда облыстағы имамдардың біліктілік деңгейін арттыру, теріс діни ағымдар қатарында жүрген азаматтармен оңалту жұмысын ұйымдастыру тәсілдері кеңінен әңгіме болды. Соңғы жылдары елімізде белең алған діни адасушылықтың алдын алу, оған имамдардың белсене атсалысу жолдары қаралды. Жалған дiни ағымдардың етек жаюына, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге жол бермеу үшін діни бiлiмнің сапасын көтеру, дiни ағартудағы бiлiм беру жүйесiнiң орны мен рөлi туралы айтылды. Бұл бағытта қажеттi ғылыми тәсiлдер мен тәжiрибелiк ұсыныстар берілді.

Семинардың жалғасы келесі күні, яғни 12 сәуірде қаламыздағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында болды. «Зайырлы мемлекеттегі ислам дінінің орны және дін атын жамылған теріс ағымдар» тақырыбында өткен семинарда облыс мектептеріндегі дінтану факультативтік сабағының мұғалімдерін, теологтарды, құқық қорғау органдары қызметкерлерін, журналистерді қамтыған ақпараттық түсіндіру топтарының 90 мүшесі алдында ғалым Асқар Сабдин дәріс оқыды.

— Семинардың мақсаты — діни экстремизм мен терроризмге қарсы 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында облыстық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтары (АТТ) мүшелері мен журналистердің діни сауаттылығын және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру, — деді семинарды ашып, жұмысына сәттілік тілеген БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов.

Соңғы жылдары діннің атын жамылып, исламның атына кір келтіріп жүрген теріс ағымның зардабын әлем көріп, бақылап отыр. Парижде, Брюссельде, әлемнің басқа да қалаларында болып жатқан жарылыстар, Сирия мен Ирактағы соғыстардың ар жағында жатқан саяси арам пиғылдың зардабы орта Азия елдеріне де әсер етуде. Исламның атын жамылған теріс ағымға еріп, адасқан қазақ жастары жиһадты желеу етіп, Сирияға қашып кетіп, соғысқа қатысуда. Олар адасқандарын түсінбестен сол жақта о дүниеге аттанып, кейбірі өзін-өзі жарып жатыр. Семинарда дәстүрлі емес сәләфиилік идеялогияның қоғамға тигізер зардабы, экстремистік ұйымдар мен ағымдардың мақсаты мен амалдары және радикалданған қазақ жастарын бұл жолдан қайтарудың тәсілдері туралы кеңінен әңгіме болды.

— Теріс ағымда жүрген адам алдымен ата-бабасы ұстанған салт-дәстүрден бас тартады. Екіншіден, дінді қылмыс жолдарына айналдырады. Исламда адам баласына қиянат жасамау туралы айтылса, ал теріс ағымдағылар «намаз оқымаған кәпір» деп, яғни кәпірдің дүние-мүлкін тонауға болады деген желеумен қылмысқа барады. Бұл желеудің түрмеден шыққандар мен бұрынғы қылмыскерлерге ұнағаны сондай, олар бір-ақ күнде жалған діндар болып, діни теріс ағымның қатарына қосылып жатыр. Исламда саяси сипат жоқ, керісінше таза исламның мұраты — нақақ қан төкпеу, тіпті адам қанын мойынға жүктеу үлкен күнә саналады. Ал исламның атын жамылып жүрген теріс ағымда саяси сипат басым, — деді Асқар Сабдин.

Бұдан әрі ғалым діни теріс ағымның топтық лексикасы (мысалы, ахи, брат, сестра т. б. сөздерді қолдану), стилі (ұзын сақал, қысқа балақ, ақ шұлық, спорттық киім, коммуфляж), өздерінің шейх деп таныған адамынан басқаны тыңдамау, кез келген ақпаратты қабылдамау сияқты басты белгілері туралы және радикализмнің ішкі және сыртқы факторлары, діни теріс ағымда адасып жүргендерді емдеудің тоғыз әдісі туралы баяндады. Қатысушылар бір күн бойы дәріс тыңдап, діни теріс ағымдар мүшелері туралы толыққанды ақпарат алды. Асқар Сабдинге сұрақтар қойды. Экстремистік әрекеттерді болдырмауға қатысты алдын алу жұмыстарының әдістемесімен танысты.

Семинар аясында Асқар Сабдин Оралдағы РУ 170/2 еңбекпен түзету мекемесінде болып, діни экстремизм-терроризм баптары бойынша сотталған адамдармен кездескен еді. Біз ғалымға санасы уланып қылмысқа барғандардың бүгінгі жағдайы қандай, олар адасқандарын түсінді ме, жоқ па деген сұрақ қойдық.

— Мені қуантатыны — олардың дәстүрлі исламға оралғандары, — деді Асқар Сабдин (суретте). — Еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда, Оралда бұл жұмыс жақсы жолға қойылыпты. Жазасын өтеушілер мені қызығушылықпен тыңдады. Олар: «Бала өмірге келген соң ана сүтіменен қоректенеді, одан соң ботқа, нан, ет жейді. Ал біз дінге бет бұрамыз деп радикалды идеологияға тап келіппіз. Олар біздің аузымызға бірден түйені сала салды, біз оны жұта алмай, жұтсақ та тамағымызға тұрып қалып, қақалып, енді, міне, осындай күйге түстік. Бізде діни білім болмады, надандықтан адастық» деп мойындап жатыр. Расында да, өздері айтқандай, бұрын дәрет алуды да дұрыс білмейтін, бірақ теріс ағымға кіріп кетіп, күрделі сұрақтарды шеше алмай, адасып кеткен жандардың дәстүрлі дінге бұрылғаны біз үшін жетістік. Жұмыстың нәтижесін біз сол күні кеште мейрамханаға ауқаттануға барып отырып көрдік. Бір жігіттер жанымызға келіп, оралдық теологтар мен діни басқарма қыз-меткерлерімен құшақтасып көрісті. Олар Орал түрмесінде террорлық әрекеті үшін отырып шыққан жігіттер екен. Біздерге рақмет айтып, қолымызды қысты. Міне, бұл жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстың оң нәтижесі деп ойлаймын және қуанамын.

Жалпы, республика бойынша түзету мекемелерінде жағдай қалыпты. Әрине, қоғамда мәселе бар, оған сыртқы факторлар, мысалы Сирия, Ирак әсер етуде және ондағы жағдай өте күрделі.

Ал ішкі фактор бойынша ахуал тұрақты. Құқық жағынан заңдар ауысып, жетілдіріліп жатыр, соттың шешімдері шығуда. Теология жағынан да көптеген жұмыс жүргізілуде.

 

Талғат НЫҒМЕТОВ,

Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының басшысы:

— Бүгінгі семинар дәрістерінен үлкен әсер алдық. Болашақта осы білімімізді исламдағы теріс ағымның алдын алуға арнаймыз деп сенемін. Ауыл-аудандардан келген дінтанушылар, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер үшін аса пайдалы болды деп ойлаймын. Имамдар, дінтанушылар, исламтанушылар, ақпараттық-түсіндіру топ-тарының мүшелері, мемлекеттік мекеме, құқық қорғау органдары қызметкерлері үш күн бойы дәріс тыңдап, көкейтесті сұрақтарына жауап алды. Дәстүрлі емес діни теріс бағытты жоюда республикаға танымал теолог Асқар Сабдиннің еңбектерін пайдаланып отырмыз. Орал түрмесіне еліміздің басқа облыстарынан ауыстырылған сот-талушылар бізге нағыз радикал болып келіп, дәстүрлі исламға оралып жатыр. Яғни адасқанды теріс жолдан қайтара алатын дәрежеге жеттік. Бұл жұмысымыз республика бойынша бағалануда. Бізді алдағы күндерде де кешенді жұмыстар күтіп тұр.

 

Гүлмира ЕСНИЯЗОВА,

Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

— Бүгінгі семинар маған ұнады, көп мәлімет алдым. Аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесімін. Мектептерді, ауылдарды аралап діни теріс ағымның зардабы туралы ақпарат жұмыстарын жүргіземіз. Сондықтан осындай семинарлардың болғаны, теолог ғалымдардың дәрісін тыңдау біз үшін аса маңызды. Ауданда 17 мыңнан астам халық бар. 12 мектеп, 7 мешіт жұмыс істеп тұр. Бұдан 4-5 жыл бұрын діни теріс ағымның мүшелері біраз болған еді. Бүгінде ауданның діни ахуалы тыныш деп саналады. Ауданда 21 адамды құраған ақпараттық-түсіндіру тобы бар. Теолог маман штат бойынша жұмысқа алынды. Мектептерде қосымша дінтану сабағы жүреді, медиа жоспар бойынша аудандық газетке діни теріс ағымның алдын алу мақсатында мақалалар шығып жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жоспарлы жұмыс жүргізіп отырмыз. Жақында аудан мектептерінде діни тақырыпта 10 күндік өтті. Біздің мақсатымыз – ауыл жастарын діни теріс ағымдардың ықпалынан сақтандыру. Бұл бағытта облыстық дін істері басқармасының атқарып жатқан жұмыстары бізге бағыт-бағдар беріп отыр.

 

Құрман БИСЕҒАЛИЕВ,

Ақжайық аудандық «Таным» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— Теолог ғалым Асқар Сабдиннің білімі, түсіндіруі жүрегімізге ұялап, өте жақсы әсер алдық. Біздің қоғамдық бірлестіктің құрылғанына екі жылдан асты. Аудан басшыларымен ақылдасып ұйымды құрдық, нәтижесі де жоқ емес. Мемлекеттік тапсырыс негізіндегі қаражатпен жұмыс істеп отырмыз. Дін — жасты да, шекараны да таңдамайды, дін — өте нәзік сала. Бұл тұрғыда, облыстық дін істері басқармасы мен дін мәселелерін зерттеу орталығымен етене жақын жұмыс істеп, олардан бағыт-бағдар аламыз. Ауылда діни теріс ағымда жүрген адамдармен бетпе-бет келетін ауыл әкімдері мен аудандық ішкі саясат бөлімі. Одан қалса, ауылдағы басының қадірі, сөзінің нәрі бар азаматтармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Көбіне теологтарға иек артамыз, көмек сұраймыз. Соңғы кезде діни терроризм бойынша сотталған адамдардың ауылдағы отбасы көпшілікпен жұмыс істеуге тартылып жатыр. Бұл жастарды теріс жолдан сақтандыруға ықпалетуде. Адасқан азаматтарды оңалтып, дұрыс жолға салу осы семинарға қатысып отырған баршамыздың міндетіміз деп білемін.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Жалпы құны 2 миллиард долларлық екіжақты 66 құжатқа қол қойылды

Күні: , 56 рет оқылды

401


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасына ресми сапары барысында осы елдің рухани көшбасшысы Әли Хаменеймен кездесті.


Иран астанасы Тегеран шаһарында өткен кездесу барысында екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан мен Иран халықтарын ежелден қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және рухани қарым-қатынас байланыстыратынын айтты. Қос тарап халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасып, терроризммен және экстремизммен күрестің маңыздылығын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Әли Хаменей Қазақстан-Иран қарым-қатынасының сауда және инвестиция, бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыру салаларындағы даму қарқынына қанағаттанушылық білдіріп, осының бәрі екі елдің халқының достығын нығайтуға берік негіз бо-латындығын айтты.

Брифинг барысында келіссөздерде сауда қатынастарын дамыту үшін бизнесмендерге виза беру үдерісін жеңілдету мәселелері талқыланғаны атап өтілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ғылым, технология және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту жайы айтылды.

Тараптар көлік-логистика, сондай-ақ экологияны қорғау, Каспийде кеме қатынасы мен туризмді дамыту салаларындағы және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі құжаттарға қол қою барысындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттер басшылары экстремизммен және терроризммен күресу, Ирак, Ауғанстан, Сирия аумағындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Йемендегі қақтығысты саяси шешімдер негізінде тоқтату қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханиді және бүкіл Иран халқын ядролық мәселені шешудегі қол жеткен табыстарымен, елдің алдынан зор мүмкіндіктер ашатын санкциялардың алынуымен құттықтады.

Елбасы қалыптасқан жағдайға қарамастан, біздің елдің Иранмен жоғары деңгейдегі қарым-қатынаста болғанын айтты.

Мемлекет басшысы осы сапар аясында металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым және білім, медицина салаларында жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 екіжақты құжатқа қол қойылғанына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Х. Руханидің тікелей атсалысуымен Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол құрылысының жобасы жүзеге асырылғанын айтты.

— Алғашқы контейнерлік пойыз шығыс Қытайдан Иранға 12 күнде келді. Теңіз арқылы тасымал екі есе уақыт алар еді, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарымқатынасты келіссөз арқылы жолға қоюдың маңыздылығын айтты.

Мемлекет басшысы елдеріміздің арасын қазіргі уақытта үш бірдей көлік бағыты — теміржол, автомобиль жолы және Каспий теңізі жалғап жатқанын, мұның қарым-қатынасты бұдан әрі дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті.

Соңында Қазақстан Президенті кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, Х. Руханиді елімізге ресми сапармен келуге шақырды.

Иран Президенті Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері достас ел болып келе жатқанына тоқталды.

—  Қазақстан әрдайым бізге жақын болды, Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді Бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында қолұшын созуда, — деді Х. Рухани.

Иран Президенті екі ел арасында еркін сауда айналымына мүмкіндік ашатын жаңа құжаттарды ратификациялаудың және Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында басымдығы бар тарифтер қалыптастырудың маңыздылығын айтты.

Келіссөздер барысында ортақ мүдделілік бар бірқатар бағыттардағы перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жүйелі дамып келе жатқанын, сондай-ақ оның аясын кеңейту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан-Иран серіктестігінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету қажеттілігі айтылды.

«Ақорда» сайтының мәліметі бойынша дайындалды


Ұлт жоспары өңірде жүйелі жүзеге асуда

Күні: , 72 рет оқылды

DMS_7576


Сейсенбі күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялық қызметі облыстық филиалының брифингіне облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Өңір басшысы Елбасы жариялаған бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының облыста жүзеге асу барысын баяндады.


Елбасымыз «Экономикасы дамыған, ғылым-білімі өркендеген, қуатты мемлекет құру арқылы ғана біз бұл жаһандық бәсекелестікке жауап бере аламыз» деген болатын. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының да негізгі көздеген мақсаты осы. ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы жариялаған бұл маңызды құжат елімізде биылдан бастап нақты жүзеге асырылуда.

Ұлт жоспарының алғашқы бағытындағы 15 қадам билік органдарының кәсібилігін арттыру, мемлекеттік қызметке қабылдау, қызмет барысында лауазымын жоғарылату тәртібіне арналған. Осы мақсатта былтыр «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде меритократия, ашықтық, әдептілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі жұмыс істей бастады.

Жыл басынан бері өңірімізде алты маман (2015 жылы 37 маман)  жаңа талаптарға сәйкес жұмысқа  қабылданды.

Мемлекет басшысының дамыған елдердің отыздығына кіру жолында жариялаған Ұлт жоспарындағы екінші бағыты – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Ата Заңда айқындалғандай, заң алдында азаматтардың бәрі бірдей.

Осы  қағидатты  мүлтіксіз сақтау тұрғысында Ұлт жоспарында бірқатар нақты тапсырмалар берілді.  Соған орай сот билігі тармағымен сот процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыруға, судья лауазымына іріктеу талаптарын күшейтуге, бір сөзбен айтқанда, сот жүйесін жетілдіруге  арналған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Биылдан бастап облысымызда да жергілікті полиция қызметі құрылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережесін бақылау, тұрмыстық қылмыстар мәселесі жаңадан құрылған органның құзыретіне берілді. Жыл басынан бері жергілікті полиция тарапынан 34 мыңдай әкімшілік құқықбұзушылықтың, 754 тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолы кесілді. Учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар тұрғындардан келіп түскен 8,5 мыңдай арыз-шағымды қарап, тиісті шаралар қабылдады. Қоғамдық тәртіпті бұзған 1373 көше бұзақысы анықталды. 92 млн. теңге көлемінде төленбеген әкімшілік айыппұл бюджетке түсті. Жергілікті полиция өкілдері облыс тұрғындарымен 155 кездесу өткізді. Полиция қызметкерлері қазір осы жиындарда көтерілген мәселелерге, яғни қоғамдық тәртіп, тазалық, базар айналасындағы заңсыз сауда, ауылдық жерлердегі мал ұрлығы мен бұзақылыққа қатысты ұсыныстарға сәйкес, құқықбұзушылыққа төзбеушілік қағидаты бойынша жұмыстануда. Сондай-ақ интернет порталда қылмыстық құқықбұзушылық картасы жасалды. Бұл карта жасалған қылмыстардың саны мен сипатына байланысты әр күн сайын жаңарып отырады. Осыған орай құқықбұзушылық көп тіркелген жерлерге қосымша бейнебақылау камералары орнатылып, өзге де тиісті шаралар қабылдануда, – деді Алтай Сейдірұлы.

Үшінші бағыт, яғни индустрияландыру және экономикалық өсім аясында облыста жаңа өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тартуға жете мән берілуде. Өткен жылы облыс экономикасына 355 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 28 пайызға көп. Өңдеу өнеркәсібі бойынша облыс аумағында Орал қаласының (70%), Бөрлі (14%), Зеленов (6,5%) және Теректі (5,5%) аудандарының үлес салмақтары басым. Ал өзге аудандар ауыл шаруашылығы саласын дамытумен дендеп айналысуда.

Индустрияландыру картасы бойынша облыста жалпы сомасы 330 млрд. теңгенің 41 жобасы жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 2272 жұмыс орны ашылуда. Облыс әкімі индустрияландыру картасы өңір экономикасын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға үлкен мүмкіндік беріп отырғанына екпін түсіріп атап өтті. Сол себепті кәсіпорындар өз өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттауға айтарлықтай  мүмкіндік  алды.

Кәсіпкерлік саланың дамуында шағын және орта бизнес айрықша орын алатыны белгілі. Жыл басында облыста 45,4 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Онда 108 мың адам өз нәпақасын тауып жүр. Бұл өткен жылғыдан үш пайызға артық. Кәсіпкерлерден түсетін салық түсімдері 49 млрд. теңгені құрайды. «Кәсіпкерлік саласындағы іскерлік белсенділіктің артуына мемлекеттік бағдарламалар оң ықпал етуде, – деді Алтай Сейдірұлы. – Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге аса бастаған-нан бастап 56 млрд. теңгенің 513 жобасы мақұлданды. 22 мың жұмыс орны сақталып, 3300 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауылдық жерде 20 млрд. теңгенің  195 жобасы қолдау тапты. Өткен жылы мақұлданған 6 млрд. теңгені құрайтын 108 жобаның 56 пайызы ауылға тиесілі. Ал салалық құрылым жағынан қарайтын болсақ, 44 пайыз әлеуметтік және тұрмыстық қызметке, 18,5 пайыз өнеркәсіпке, 17 пайыз көліктік қызметке, 16 пайыз сауданы дамытуға, 4 пайыз орман және балық шаруашылықтарына тиесілі. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен жалпы сомасы 466 млн. теңгені құрайтын 231 шағын несие беріліп, 3136 жұмыс орны құрылды».

Өткен жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық, жергілікті бюджеттерден және Ұлттық қордан 7 млрд. теңге бөлінді. Бұл 2014 жылғыдан 42 пайызға жоғары. Ал агроқұрылымдармен 6 млрд. теңге несие ресурстары тартылып, лизингке 284 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Бұл салада етті өндіру мен өңдеу және стратегиялық инвестор тарту бағытындағы жобалар сәтті жүзеге асуда. Мұндай жобалардың өңіріміздегі азық-түлік қауіпсіздігін, баға тұрақтылығын қамтамасыз  етуде  маңызы  зор.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы жер қатынастары мәселелеріне ерекше мән берген. Өңіріміздегі ауыл шаруашылық жерлерін түгендеу бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде пайдаланылмай тұрған 297 мың гектар жер анықталды. Оның 151 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жалпы аумағы 27,7 мың гектар болатын 50 жер телімін аукционға шығару көзделіп отыр.

Ұлт жоспарының келесі бөлімі білім беру саласын жаңғыртуға арналған.  Мемлекет басшысы  функционалды сауаттандыруды дамыту мақсатында біртіндеп 12 жылдық білім беруге көшу керектігін айтқан болатын. Облыс басшысының сөзіне қарағанда, 12 жылдық білім беру бойынша осы оқу жылы барысында Орал қаласының М. Ықсанов атындағы №36 орта мектеп пен Теректі ауданындағы Шаған орта мектебі бекітілді. Педагог мамандар Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде  біліктілігін арттырып, арнайы курстардан өтті. Еліміздің 10 өңірінде жұмыс істеп тұрған оқу орындарының базасында әріптестік негізде таңдалатын колледждер бар, солардың ішіне Батыс Қазақстан индустриалды колледжі енді. «Кәсіпқор» АҚ мен Батыс Қазақстан индустриалды колледжі арасында ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Ол бойынша колледждің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері Астана және Минск қалаларында біліктілігін арттырды. Колледж бен өңіріміздегі өндіріс орындар, нақтылап айтқанда, «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «Стройкомбинат» ЖШС, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы келісім бекітілген. Соңғы екі жылда облыста дуальды оқыту жүйесі енгізіле бастады. Осы бағытта облыс бойынша 53 өндіріс орындарымен келісім жасалып, 979 адам осы жүйе бойынша оқытылып келеді. Яғни түске дейін сабақта, түстен кейін өндіріс орнында болып, 979 колледж студенті теория мен тәжірибені  ұштастыруда.

Төртіншісі – бірегейлік пен бірлік. «Мәңгілік ел» патриоттық актісі аясында өңірімізде де қазақстандық бірегейлікті дамыту, ұлтаралық және конфессияаралық келісім моделін қалыптастыру бағытында көптеген іс-шара жүзеге асты. «Бейбітшілік пен келісім» мегажобасы аясында облыс көлемінде он мыңдаған адамның қатысуымен 800 шара болды. 700 тұрғынға 7,5 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. 390 мектепте  «Мәңгілік ел» тақырыбына сабақ өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың ақпан айында Орал қаласында Достық үйі ашылды. Осы шара барысында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы бастау алды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін іс-шаралар  жоспары  бекітілді.

Ұлт жоспарындағы соңғы он қадамы есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға арналған. Биыл облыста барлық деңгейдегі әкімдердің 414 кездесуі өтті. Өңір тұрғындарын барынша қамту мақсатында облыс және Орал қаласы әкімдерінің есептері онлайн тәртібінде болды. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 14 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның құрамында 377 мүше бар. Мүшелердің 70 пайызы – ҮЕҰ, кәсіподақ, партия, кәсіпкерлік, білім, мәдениет құрылымдарының өкілдері. Ондағы жетекшілер де кеңес мүшелерінің алдында  өз  есептерін  берді.

– Ұлт жоспары бойынша өңірімізде қолға алынған және алдағы уақытта іске асырылатын бірқатар жобалар, міне, осындай. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, «100 нақты қадам» – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын ұлттық жоспар! Әрбір өңірде, аудан мен елді мекенде сапалы орындалуы оның нәтижелі жүзеге асуына негіз болмақ. Сол себепті біз Мемлекет басшысы қойып отырған осы маңызды міндеттерді лайықты жүзеге асыратын боламыз, – деді Алтай Көлгінов.

Баяндамадан соң өңір басшысы БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ

Темір  ҚҰСАЙЫН,

республикалық  «Егемен Қазақстан»  газетінің  БҚО-дағы  меншікті  тілшісі:

– Облысымызда денсаулық сақтау саласы бойынша қандай іс-шаралар қолға алынбақшы? Бұл бағытта бірінші  кезекте  қай  құрылымға  көңіл  бөлмексіз?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан және қолға алынатын іс-шаралар өте маңызды. Қазіргі таңда облысымыздағы барлық денсаулық сақтау мекемесінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдымен «Жедел жәрдем» қызметіне көңіл бөлудеміз. Жақында біз Орал қаласындағы «Жедел жәрдем» стансасының жұмысымен жақынырақ таныстық. Онда мамандар жеткілікті, біліктіліктері тиісті дәрежеде. Бірақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағынан біраз мәселелер бар екені анықталды.

Мысалы, өңірімізде 180-ге жуық «Жедел жәрдем» көлігі болса, қазіргі уақытта тағы да осындай 100 арнайы техниканың қажеттілігі сезілуде. Оған біз облыстық мәслихаттың жуырдағы сессиясында қаражат бөлдік. Кезең-кезеңімен қажетті техниканы алатын боламыз. Орал қаласына реанимобильдер және әр ауданға 1-2 көліктен алынып, келесі жылы да осы жұмысты жалғастыратын боламыз. Себебі азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтауға бірінші кезекте мән беруіміз керек. «Жедел жәрдем» қызметі шұғыл және сапалы қызмет көрсетулері қажет. Жыл сайын жоспар бойынша жаңа емханалар іске қосылып келеді. Биыл да облыс орталығында жаңа емхана ашылады. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталды. Жабдықтар алынуда.  Жақын  арада  іске  қосамыз.

Ғайсағали СЕЙТАҚ,

«Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі:

– Алтай Сейдірұлы, менің сұрағым спортқа байланысты болмақ. Алдағы уақытта облыста қандай спорт түрлерін дамыту көзделуде. Соның ішінде «Ақжайық» футболшыларына қысы-жазы жаттығатындай  мүмкіндік  жасала  ма?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Спортты дамыту – маңызды  мәселе. Елбасымыздың спортты, соның ішінде бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасы бар. Облыста спортпен айналысушылардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Осы бағытта көктем мен жазда веложорық, қыста жаппай шаңғы тебу сияқты бұқаралық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Соңғы кезде спорт нысандары қаламен қатар аудандарда да бой көтеруде. Спорттық нысан салуда тұрғындардан түскен ұсыныс-тілектер де ескеріледі. Сондай нысанның бірі – жүзу бассейнін салу. Қазір облыс орталығындағы бассейндер тұрғындарға аздық етуде. Жалпы мұндай спорт нысандары, әсіресе, жас жеткіншектердің спортпен  айналысып,  дендері  сау  болып  өсуі  үшін  керек.

Екінші мәселеге келсек, «Ақжайық» футбол клубының бюджеті республика бойынша ең төмен болып есептеледі. Соған қарамастан, нәтиже жаман емес. Өткен жылы бірінші лига жеңімпазы атанған «Ақжайық» биыл премьер-лигаға шықты. Оларға жабық спорт алаңын салу жоспарда бар. Бірақ  бұл  іс  алдағы  жылдардың  еншісінде.

Әсел  РУСАЛИЕВА,

«Хабар» агенттігінің  БҚО-дағы меншікті  тілшісі:

– Электр желілерін жаңғырту жайындағы жоспарыңызды білейін деген едік. Себебі жыл сайын ауа райы салдарынан осы мәселе жиі орын алып, біраз ауылдар жарықсыз қалып жүр…

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Иә, облыстағы ауа райының күрт өзгеруі салдарынан, яғни жылып тұрып, күрт суытқанда немесе керісінше жағдай болғанда, электр желілері істен шығып, ауылдар жарықсыз қалып қойып отыр. Қазіргі заманда жарықсыз отыру қиын. Мұны біз жақсы түсінеміз. Сол себепті электр таратушы компаниялармен бұл мәселелерді біртіндеп шешудеміз. Бұл біраз қаржыны талап ететіні белгілі. Сол себепті бірінші кезекте жөндеуді шұғыл қажет ететін аумақтарды анықтап алып, сондағы желілерді жаңғыртудамыз.

Роман  КОПНЯЕВ,

«ТДК-42» телеарнасының тілшісі:

– Индустриалды аймақ мәселесіне тоқтала кетсеңіз. Ол қашан іске қосылады?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Индустриалды аймақ жаңа өндіріс орындарын ашу үшін қажет. Бұл да мемлекеттік-жеке меншік серіктестіктің бір түрі десе болады. Егер бізге бір кәсіпкер не инвестор келсе, біз оған жұмыс істеуі үшін инженерлік инфрақұрылымдары тартылған жайлы орын беруіміз керек. Ол сол жерге өз қаржысына өндіріс орнын ашып, қызметін бастайды. Қазіргі экономикалық жағдай бұл іске де кері әсерін тигізуде. Яғни инвестиция тарту да оңай іс емес. Бірақ бұл біздің міндетіміз болғандықтан, оны жүзеге асыруға тырысудамыз. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы түрік инвесторлары келді, биыл да келгісі келіп отырғандары бар. Біз бюджетке көп салмақ түсірмейтін  инвесторларды  тапқымыз  келеді.

Дмитрий  ТЕРЕЩЕНКО,

«Надежда»  газетінің  тілшісі:

– Менің екі сұрағым бар. Біріншісі, қоғамдық көліктегі билет бағасы өсе ме, екіншісі, қаладағы көп қабатты үйлердің аулаларын  абаттандыру  жалғаса  ма?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Билет бағасы бойынша былтырдан бері тиісті жұмыстар жүруде. Біз тасымалдаушы компания өкілдерімен бірнеше рет кездестік. Облыс орталығында мұндай қызметпен 7 кәсіпорын айналысады. Бәрі де жеке меншік. Қаладағы қоғамдық көліктердегі жолақы 2013 жылдан бері 60 теңге көлемінде. Билет құнын өсіру туралы тасымалдаушылар жүйелі түрде мәселе қойып келе жатыр. Олардың айтуынша, қазіргі жолақы құны экономикалық жағынан тиімсіз. Қоғамдық көлікте үлкен жүктеме сезілуде. Біз өз тарапымыздан автобустарды жаңарту жөнінде мәселе қоюдамыз. Жыл сайын облыс орталығындағы жолаушыларды тасымалдауға 530 бірлік автобус шығады. Оның жартысынан астамы ескірген. Ал жолақысын төлеген тұрғындар көлікте өздерін жайлы сезініп, төлеген ақысына сай қызмет алуы керек қой. Тасымалдаушылармен осы бағытта тиісті келіссөздер жүргізіп, келісімге келудеміз. Яғни олар биылдан бастап келесі жылға дейін автобустарын жаңалайтын болады. Бірінші кезекте «ГАЗель» сынды шағын автобустарды алмастырамыз. Тұрғындар жұмысқа баратын және келетін уақыттарда мұндай көліктерге көп  адам сыймай қалады. Кезінде Астанада да, өзге қалаларда да осындай мәселелер болды, қазір олар шешілді. Сол тәжірибе бойынша біз де оны реттейміз деп ойлаймын. Қазір тасымалдаушылармен бұл бағытта тиісті жұмыстар басталды. Одан кейін «ПАЗ» автобустарымен жұмыстанамыз. Ескірген автобустың орнына үлкендеу және жайлы көлік алу керек. Иә, мұның бәрі қаражатты талап етеді. Тасымалдаушылардың біразы автобустарды несиеге алып, сол несиелерін өтеп жатқанын да білеміз. Соған орай бұл мәселелер қазір жан-жақты зерделеніп, тиісті есептеулер жүргізіліп жатыр. Одан кейін оны қоғамдық кеңесте талқылып,  тиісті  шешім  қабылданатын  болады.

Енді аулаларға келейік. 2013 жылдан бері қаладағы біраз аула жөндеуден өтті. Бұл бағытта түсіп жатқан өтініш көп. Облыс орталығындағы аулалардың 40 пайыздан астамы жөндеуді қажет етеді. Ол жұмыстар биыл да жалғасын табады. 2020 жылға дейінгі аумақтарды дамыту жөніндегі бағдарламаға сәйкес аудандар мен облыс орталығының атқарушы органдары жол, инженерлік желі, жарықтандыру, абаттандыру сынды басымдық берілетін бағыттарды жасақтауда. Абаттандыру бағыты бойынша аулалар  да  жөнделмекші.

Айгүл ЛОГАШКИНА,

«Қазақстан – Орал» телеарнасының  тілшісі:

– Сіз кейбір коммуналдық қызмет көрсету саласындағы жаңғыртулар жөнінде айтып өттіңіз. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ-дағы жағдай қалай? Жалпы коммуналдық саладағы жаңғыртуларға инвесторлар  қызығушылық  танытуда ма?

Алтай КӨЛГІНОВ:

– «Жайықжылуқуат» АҚ қаламыздағы жылуды тасымалдаушы негізгі мекеме болып табылады. Ондағы жылу желілерінің көбі тозған. Бірақ мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға сәйкес тозу деңгейі қазір 52 пайызға дейін төмендеді. Бұл кәсіпорынның газ тасымалдаушы мекемелерге берешегі 1 млрд. теңге болса, тұрғындардан алажағы – 600 млн. теңге. Алдағы уақытта біз осы бағытта  жұмыс  істейтін  боламыз.

Тауда мен Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман ханыммен кездестім. Үкіметтің стратегиялық серіктесі болып табылатын аталмыш банк еліміздің кейбір өңірлерінде коммуналдық шаруашылық саласына қатысты біраз жобаларды қаржыландырған. Кездесу барысында біз қоғамдық көлікке, көшені жарықтандыруға, инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде «Жайықжылуқуат» АҚ-ның желілеріне инвестиция тарту жайы сөз болды. Еуропа қайта құру және даму банкі бұған қызығушылық танытты. Енді бұл бағытта үлкен жұмыстар басталады. Қазір оның құны туралы әңгіме қозғау ерте. Алдымен сарапшылар қазіргі жағдайды бағамдауы керек. Содан соң банк өз талабын айтады. Ол талаптар бізге ыңғайлы болуы қажет. Осы орайда біз еліміздің өзге өңірлерінің, басқа елдердің тәжірибелерін де ескеретін боламыз. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде кейінірек хабарлайтын боламыз.


Осы жұрт Лондонға неге ғашық?

Күні: , 155 рет оқылды

IMG-20160413-WA0001(Соңы. Басы газеттің №35, 36, 38, 39 сандарында)


Бүгінгі сәрсенбі күніміз сәтті өтті. Күн сайын таңның атысынан күннің батысына дейін созылатын дәрістерден «шаршап», Лондондағы мәдениет ошақтарына, соның ішінде музейлерге баруды аңсап жүрген тілегіміз қабыл болғандай. Құдай берейін десе, молынан беретіні рас екен. Үш бірдей музейге бардық.


Жалпы Лондон қаласында 30-дан астам музей болса, соның ішінде ең ірісі – Британ музейі. 1753 жылы негізі қаланған музейде Ежелгі Мысыр, Грекия, Рим және Еуропа, Азия, Африка елдерінің өнер мен мәдениет ескерткіштерінің бай қоры сақтаулы. Ал музейдің кітапханасында 7 млн. данадан астам кітап, 105 мыңдай қолжазба тұр. Тіл білмеуіміздің салдарынан көптеген тарихи мәліметке қаныға алмадық. Музейдің ең төменгі қабаты Шығыс елдерінің тарихынан, салт-дәстүрінен сыр шертетін галереяға толы. Оның бірі азиялықтардың бұрынғы киім үлгілеріне, соның ішінде аяқ киімдеріне арналған. Аяқ киімдердің ішінен қазақ мәсілерін көріп, бір жағынан таңғалдық, бір жағынан қуандық. Жәдігер жанына қойылған қағазда жазылғандай, бұл мәсі 1900 жылы Балқаш көлі маңында тігілген. Ерлер мен әйелдерге арналған мәсілер мал терісінен жасалып, ою-өрнектермен безендірілген. Өрнектерде табиғат пен жануарлар суреттеліпті. Бұл жәдігерлерді Қазақстанға барған Оливия Ванс Агнью есімді әйел адам 1956 жылы музейге тапсырған көрінеді.

Лондон ғылыми музейінен де үлкен әсер алдық. Ол өзге музейлер мен түрлі көрмелерден артылып, сыймай қалған жәдігерлер негізінде 1857 жылы жасақталған екен. Онда қазір 300 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Кейбірінің жанына құлаққап (наушник) қойылған. Оны киіп, арнайы тетікті бассаңыз, бұл жәдігердің не екені, шығу тарихы, қалай, қайда қолданылғаны және өзге де қызықты мәліметтер алуға болады, әрине, бәрі де ағылшын тілінде. Бес қабаттан тұратын, ат шаптырым жерді алып жатқан музейде көптеген галерея бар. Әр галерея түрлі саланы қамтиды. Бірінде әлемдегі ғылыми жетістіктер паш етілсе, келесісінде техника мен технология, енді бірінде медицина салаларындағы қол жеткізілген табыстарға арналған жәдігерлер қойылған. Бұл музейді үш-төрт сағаттың ішінде аралап шығу мүмкін емес. Біз осы уақыт аралығында он шақты галереяны ғана көрдік. Жалпы бұл музейді балалар да, ересектер де өте жақсы көретінін аңғардық. Оның бір себебі мұндағы көптеген экспонатты ұстап, тетіктерін басып, дөңгелектерін айналдырып көруге болады. Кейбір модельдердің функциясын адамдар кеңірек білсін деп оларды қозғалтып қарау үшін арнайы қойылған екен.

Шерлок Холмс пен доктор Ватсонның музей-үйі ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. Студент кезімізде Лондонның Бейкер стритіндегі 221-үйде атақты Шерлок Холмс пен доктор Ватсон тұрғанын оқыған едік. Осы кейіпкерлер ойнайтын түрлі көркем фильмдерді талай рет тамашалағанбыз. Бұлар атақты қаламгер Артур Конан-Дойлдың әдеби кейіпкерлері екені белгілі. Музейден алған шағын кітапшада аталған кейіпкерлер өмірде болғандығы, олар 1881-1904 жылдар аралығында осында тұрғандығы жазылған. Музейді аралау барысында баяғы студенттік шаққа, арманшыл жас күндерге қайта оралғандай болдық. Үш қабаттан тұратын ғимараттың әр бөлмесіне кіре бергенде, Шерлок Холмс пен доктор Ватсон алдымыздан шыға келетіндей елеңдейміз. Себебі кітапта суреттелген, кинода көрсетілген ескі үй, ағаш еден. Еден басқан сайын сықырлап қоя береді. Міне, Шерлок Холмстың кітаптары, ұлғайтқыш әйнегі, скрипкасы, дүрбісі және өзге заттары көзге оттай басылды. Доктор Ватсонның бөлмесінде оның медициналық құрал-жабдықтары, ғылыми кітаптары, қолшатыры, ыдыс-аяқтары сынды заттары сақталған. Жоғарғы қабатында Шерлок Холмс пен доктор Ватсон, миссис Хадсон және өзге де кейіпкерлердің балауыздан жасалған бейнелері тұр.

Музейлерді аралап шыққаннан кейін ағылшындардың әрбір тарихи жәдігерге соншалық ұқыптылықпен қарайтынына, әспеттеп сақтай білетіндеріне тәнті болдық. Жалпы, Лондонда елеусіз зат жоқ. Бәрі де тарихтан сыр шертеді…

17.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Сапарымызды ұйымдастырушы Британ кеңесі болғандықтан, соңғы, қорытынды дәрісіміз де осы мекеменің бас кеңсесінде өтті. Алған әсеріміз туралы пікірлерімізді тыңдап, алдағы уақытта республикамызда ғылыми бағыттағы мультимедиялық сайт, Британ жазушылары ғылыми кеңесінің Қазақстандағы өкілдігін ашу туралы жоспарларымызды білген Британ кеңесінің ғылыми қызметкері Тим Слинсгберг қуанып қалды. «2017 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Британ жазушылары ғылыми кеңесінің конференциясы өтеді. Егер осы уақыт аралығында жоғарыда өздеріңіз айтқан жоспарларыңызды жүзеге асыра алсаңыздар, ғылым мен жұртшылық арасына «алтын көпір» салу тақырыбына арналатын бұл жиынға сіздер де қатыса аласыздар. Сол жиындағы «жаңа дауыс» иелерінің бірі Қазақстан болады деп сенгіміз келеді, — деді ол. — Жалпы алғанда, мұндағы дәрістер алдағы уақытта сіздердің ғылыми-танымдық ізденістеріңізге жолашар болады деп үміттенеміз. Ғылымның тілі ағылшын тілі болғандықтан, бірінші кезекте тілді жете меңгерген жөн. Оқу-тоқуларыңды тереңдеткіңіз келсе, бізде бұл бағытта оқу орны көп. Кейбірін өздеріңіз көр-діңіз. Келіңіз, оқыңыз. Біздің басты ұстанымдарымыздың бірі – ғылымның барша жанға қажет екенін ұғындыру. Соған байланысты ғалымдар мен журналистердің бірігіп тер төккендерін қалаймыз. Сол себепті сіздер де мойындарыңыздағы жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезінулеріңіз керек. Ең басты айта кетейін дегенім, сіздер Қазақстанның үздік ақыл-ой иелері болып, елге берері көп адамның біріне айналсаңыздар, біздің мақсатымыздың орындалғаны».

 17.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Осы сапарымыз барысында ағылшындықтар өздерінің ішкі мәдениеті арқылы елдіктің мәйегін, ұлттың келбетін қалыптастырып отырғанына да көзіміз жеткендей болды. Мұнда «адамға сену» деген қағида нық орныққан. Қаншама мекемеге, мәдениет ошағына, оқу орындарына бардық, «Сіздер кімсіздер, не мақсатпен келдіңіздер?» деп күдікпен қарап, секем алған жанды байқамадық. Тіпті төлқұжатымызды да ешкім сұраған емес. Ағылшындарда адамның бәрінен бірдей, соның ішінде оқыған-тоқыған, білім қуған адамдардан жаманшылық шықпайтынына сенетін көзқарас бар. Кез келген жаннан күдіктеніп, тұла бойын тінтіп, сөмкесін ақтару адамға жағымсыз сезім қалыптастырады деп саналады. Мұндай сенімді дүкен аралау барысында да анық байқадық. Мәселен, Рrimark сауда үйі Лондондағы арзан әрі сәнді киімдерімен ерекшеленетін дүкен болғасын, мұнда келуші көп. Бірнеше қабаттан тұратын және аумағы өте кең сауда үйінде қарақұрым халық өз қажетін іздеп, әуре болып жүр. Ешкімнің ешкіммен ісі жоқ. Яғни күзетші бірінші қабаттағы сыртқы есіктің маңында тұр, дүкен қызметкерлері киімдерді орналастырып жүр, сатушылар өз қызметтерін атқаруда. Олардан «Біреу бір нәрсе ұрлап бара жатқан жоқ па?» деген көзқарасты байқай алмайсыз. «Дүкенде бейнебақылау жүргізіледі» деген жазуды да көрмейсіз, «Сөмкеңізді қойып кетіңіз» деген ескертуді де естімейсіз. Ең басты талап – келушілер үшін жайлы жағдай туғызу!

Ал көшеде не қоғамдық орындарда жүрген кезде байқамай біреудің қолы тиіп кетсе не жолыңа тұрып қалса, тіпті олар кінәлі болмаса да, шын ниетімен сізден кешірім сұрайды. Сол себепті Лондонда «Excuse me» мен «Sorry»-ды күніне бірнеше мәрте естуге тура келді. Қонақүйде жүргенде, ондағы қызметшілерді айтпағанда, біз секілді қоныстанушылардың өздері жасының үлкендігіне қарамастан, бізге «Қайырлы таң», «Қайырлы күн», «Қайырлы кеш» деп жымиып, иіліп амандасып, есік ашып жол бергенінің өзі неге тұрады?!.

«Шетелде бәрі ақылы» деген ойымыз да жаңсақ болып шықты.

Ағылшындықтар өздерінің білімі мен мәдениетін танытып, насихаттауға ақы сұрамайды. Аудармашымыз Надия Бурова-Чандлердің сөзіне қарағанда, Лондонда ағылшын тілін жетік үйренуге арналған тегін курс көп. ЖОО-ларға барып, өзіңіз қалаған профессордың дәрістерін студенттермен бірге тыңдауға болады, ешкім ақы сұрамайды. Музейлерге кіру тегін. Біраз газет-журналдар тегін таратылады…

18.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Міне, алты күнге созылған сапарымыз аяқталды. Хитроу әуежайындамыз. Бәріміз де Лондонды қимай отырмыз. Бәрімізді де Лондон баурап алғандай…

«Лондонға ғашықпын» деген сөзді алғаш рет Лондон қалалық университетіне барған кезде журналистика факультетінің студенті, ресейлік Елена Яковлевадан естіген едік. Ол осында келгелі талай нәрсеге көзі ашылған. «Мұндағы өмір өте қымбат, — деді ол бізбен сұхбатында. — Өзіңді көп нәрседен тежеуге тура келеді. Ресейдегі тұрмысым бұл жақпен салыстырғанда әлдеқайда жақсы болатын. Өзіме жететін жалақы, жәйлі пәтер, арзан тамақ дегендей. Бірақ Лондондағы өмірім ерекше. АҚШ, Франция сынды кейбір дамыған елдердің астаналарында болдым. Алайда Лондонды олардың ешқайсысымен салыстыра алмаймын. Себебі мен Лондонға ғашықпын…».

Жаңа әуежайдағы супермаркеттерді аралап жүріп танысқан күзет қызметкері, аз-маз орысша сөйлей алатын батысафрикалық жігіт те Лондонды жер бетіндегі жәннатқа теңейді. Оның сөзіне қарағанда, қарапайым жұмысшыға мұнда күн көру қиын. Бірақ бәрібір ол бұл жерден кеткісі жоқ. Лондонға келгелі оған ешкім «Сен қарасың» деп, бетінен қағып көрген емес. Басшысы да, бай-бағыланы да тең дәрежеде сөйлеседі, сыйлайды. Еңбегіне сай жалақысын төлейді. Балалары ЖОО-да оқып жүр, ертең жұмыс істеп, оны асырайды, яғни алды жарық…

Міне, осындай сезім бізде де пайда болғандай… Бірақ біздің мақсат басқа. Елбасымыз айтқандай, осы жақтың озық білімін үйреніп, ғылымымен серіктес болып, оқыған-тоқығанымызды еліміздің дамуына жұмсау…

18.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

«Лондон-Астана» ұшағы әуеге көтерілген сәтте төменге көз тігіп отырып, көпті көрген көне Лондонның тектілігі, әлеуеті, мәдениеті жас Астанамызға дарығай деп іштей дұға қылдық…

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Орал – Астана – Лондон – Астана – Орал


15 медальдің 14-і лицей еншісінде

Күні: , 309 рет оқылды

IMG_9665


Осыдан бірер апта бұрын Көкшетау қаласында жаратылыстану бағыты бойынша республикалық олимпиада өтті. Ғылым-білімді насихаттап және оқушылардың ғылымға деген ынта-ықыласын арттырумен қатар халықаралық олимпиадаға қатысатын оқушыларды іріктеу мақсатында өткен білім бәсекесінде біздің облыстың 15 өрені жүлделі орындарға ие болды. Олардың 14-і – дарынды балаларға арналған Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің оқушылары. Жыл сайын білім додаларында жоғары жетістікке ие болып, өңіріміздің мерейін асырып жүрген талантты шәкірттерді бұл жолы тағы да арнайы іздеп бардық. Өткен жылы мектеп бітірген 17 түлектің бәрі түгелдей жоғары оқу орындарына түскен. Олардың үшеуі Оңтүстік Кореяда, төртеуі Назарбаев университетінде білім алуда. Бізді қарсы алған лицей директоры Алмас Мұқановтан жыл сайын жоғары жетістікке жетудің қыр-сырын сұрадық.


— Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім ошағы болғаннан кейін біз оқушыларды 7-сыныптан бастап бір-ақ рет қабылдаймыз. Бірінші қыркүйектен бастап баланың қай пәнге қызығушылығы, қарым-қабілеті бар екенін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіп, логикалық тапсырмалар бойынша сынақтан өткіземіз. Содан кейін баланың қарым-қабілетіне қарай мұғалімдермен ақылдаса отырып, жаратылыстану бағытындағы пәндерге бөлеміз.

Биыл республикалық олимпиадаға барған 20 баланың ішінде 8-сыныпта оқитын екі оқушымыз 11-сынып оқушыларымен бірге бақ сынады. Мәселен, облыстық олимпиадада өте жақсы нәтиже көрсеткен 8-сыныпта оқитын Арман Мырзағалиев деген шәкіртіміз республикалық олимпиадада биология пәнінен қатысып, 3-орын алды. Бұл – 8-сынып оқушысы үшін үлкен жетістік. Біз демалыс кездерінде де дайындықты үзбейміз. Жазғы демалыста да баланы босаңсытып алмай, демалта отырып, дайындыққа көп көңіл бөлеміз. Ұзақ мерзімді қажырлы дайындықтың нәтижесінде ғана жоғары жетістікке қол жеткізуге болады, — дейді Алмас ұстаз.

Бұл мектепте оқитын оқушылардың әр уақыты тайға таңба басқандай жазылып қойған. Сондықтан да олар бір минутын да босқа өткізбей, мақсатты түрде сабақ оқиды. Өзге оқушылар секілді олардың теледидар қарайтын, әлеуметтік желіде отыратын бос уақыты жоқ. Біз екі алтын, бес күміс, жеті қола медальмен лицей абыройын асқақтатқан ерекше қабілетті шәкірттерді әңгімеге тарттық.

Мерей ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

11-сынып оқушысы:

— Мен республикалық олимпиадада география пәнінен қатысып, бірінші орын алдым. Негізінен бізді 7-сыныптан бастап белгілі бір пәннен олимпиадаға дайындай бастайды. Бұған қоса сабақтан соң, кешкі сағат 17.00-ден 18.00-ге дейін олим-пиадаға дайындаламыз. Олимпиадада үлкен жетістікке жету үшін дайындық қажет. Республикалық олимпиадаға білім-білігі жоғары оқушылар қатысады. Оларға лайықты бәсекелес болу үшін бізге күндіз-түні дайындалуға тура келеді. Бұрын мен қаламыздағы №38 орта мектепте, кейіннен №1 орта мектепте оқыдым. Жетінші сыныптан бері аталмыш білім ошағындамын. Мектеп беретін білімнен бөлек, өзіміз көп ізденеміз. Өзім география пәнін ерекше жақсы көремін. Бұрын кішігірім олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Бірақ ол кезде кіші сыныпта оқығандықтан, көп олимпиада болмайтын. Тек осы лицейге түскеннен кейін мектеп ұжымының еңбегінің арқасында білім бәйгесінде жақсы жетістікке жетіп жүрміз. Бізге бұл жерде жоғары деңгейде білім алу үшін бар жағдай жасалған. Мектебіміз қала сыртында орналасқандықтан, алаңсыз интернатта жатып, тек сабақ оқимыз. Маған интернат өмірі ұнайды.

Абылайхан ЕРҒАЛИЕВ;

10-сынып оқушысы:

— Республикалық олимпиадаға бірінші рет қатысып, екінші орынға ие болдым. Бұрын осы Орал қаласындағы №19 орта  мектепте оқыдым. Білім додасына алғаш қатысқандық-тан, менде толқу басым болды. Алайда бізге ұстаздарымызбен қоса жоғары сыныптағы ағаларымыз бағыт-бағдар беріп, көмектесті. Сондықтан өзімді сабырлы ұстап, толқынысымды басып, жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Кез келген оқушы үшін олимпиада – өте жақсы тәжірибе әрі үлкен өмірге дайындық. Өйткені бұл жерде оқушылардың арасында білім жарысы, білім бәсекесі болады. Әркім қолынан келгенінше тырысып, өз білімін көрсету үшін дайындалады. Сонымен қатар осындай білім додалары біздің болашағымызды айқындап, жоғары оқу орнына түсуімізге, мамандық таңдауымызға көмектеседі. Мәселен, мен болашақта өзім таңдайтын мамандығымды химия пәнімен байланыстырамын.

Әділхан СӘРСЕН,

11-сынып оқушысы:

— Республикалық олимпиадаға физика пәнінен қатысып, бірінші орынға ие болдым. Маған осы лицейдің жүйесі көмектесті. Ұстаздарымыздан бөлек жыл сайын олимпиадаға қатысып жүрген жоғары сынып оқушылары бізді жетінші сыныптан бастап дайындап, өз білгендерін үйретеді. Мені физика пәнінен дайындаған Сүлейменов Ержан ағайыма алғыс айтамын.

Дархан САДЫРБАЙ,

химия пәнінің мұғалімі:

— Екі жылдан бері осы лицейде қызмет жасап келемін. Өзім Жезқазғанның тумасымын. Бұрын Атырауда, Ақтауда қызмет істедім. Біз оқушыларға 7-сыныпта білімнің негізгі іргетасын нық құюға тырысамыз. Одан кейін 8-сыныпта олар жоғары сынып оқушыларымен бірлесіп, дайындала бастайды. 9-сынып оқушыларына олимпиадаға қатысып жүрген 10-сынып оқушылары түсіндіреді. Осылайша жылдар өткен сайын тізбектеліп олимпиадаға дайындық жалғаса береді. Осындай ұжымдық түрде белсенді дайындықтың нәтижесінде оқушыларымыз жыл сайын өте жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын бір оқушымыз химия пәнінен халықаралық олимпиадаға барып келді. Ол қазір Оңтүстік Кореяда оқып жүр. Күн сайын сағат 17.00 мен 18.30 арасында оқушылар олимпиадаға дайындалады. Кешкі дайындықтан соң тағы қосымша дайындалады. Олар бірбіріне көмектесу арқылы түсінбеген тақырыптарын жоғары сынып оқушыларынан немесе мұғалімдерден сұрап алады. Негізінен қазақ тілінде жазылған материалдар өте аз болғандықтан, орыс тіліндегі материалдарды пайдаланамыз.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Қаржы нарығындағы жағдай қандай?

Күні: , 72 рет оқылды

IMG_9908


Соңғы 10 жылда тұрғындар тарапынан шетел валютасына деген сұраныс алғаш рет төмендеген. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің Батыс Қазақстан филиалында қаржы нарығындағы жағдай тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында мәлім болды.


Елімізде экономиканың долларға тәуелділігін төмендету, ішкі нарықтағы айналымы мен әсерін шектеу шаралары қолға алынуда. Дедолларизация үрдісінің көздегені – халықтың теңгеге, төл валютамызға деген сенімін нығайту, теңгелік депозиттердің тартымдылығын көтеру. Биылғы 1 ақпаннан бастап жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттердегі салымдарының пайыздық сыйақы мөлшерлемесі 10-нан 14%-ға өсіп, шетелдік валютадағы депозиттер мөлшерлемесі 3-тен 2%-ға төмендетілді. Биылғы 28 наурызда Мемлекет басшысы Н. Назарбаевпен кездесуде Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев күллі еліміз бойынша депозиттерді дедолларизациялау процесінің басталғанын мәлім етті.

— Осы жақсы үрдіс біздің өңірімізге де тән. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ұлттық валютадағы депозиттердің үлесі 28,1%-ды құраса, 1 наурыздағы мәлімет бойынша 31,7%-ға (республика бойынша 22,7%) жетті. 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғындардың салымдарының жалпы көлеміндегі теңгелік депозиттердің үлесі 31,8%-ды, ал 1 наурызда 35,6%-ды (республика бойынша 18,3%) құрады, — деді Ұлттық банктің БҚ филиалының директоры Ғалия Сатыбалдина.

Банк филиалының мәліметінше, биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша депозиттердің жалпы шамасы – 164 млрд. 447,4 млн. теңге. Оның ішінде ұлттық валютада сақталғаны 52 млрд. 65 млн. теңгені, шетелдік валютада салынғаны 112 млрд. 382,4 млн. теңгені құрады. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында екінші деңгейдегі банктердің филиалдарымен 12 млрд. 83 млн. теңге, соның ішінде 10 млрд. 733,7 млн. теңге (88,8%) ұлттық валютамен, 1 млрд. 349,3 млн. теңге шетел валютасымен (11,2%) несие берілді.

Ғалия Камшатқызының айтуынша, банктердің филиалдарымен аталған 2 айда 403,7 млн. теңге шамасында ипотекалық несие берілген, бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі берілген несие көлемінен үш есе аз. Несие тек ұлттық валюта түрінде рәсімделді. 1 наурыздағы мәлімет бойынша, ипотека бойынша мерзімі өткен несиелік қарыз 180,9 млн. теңгені, соның ішінде ұлттық валютада 41 млн. теңгені, шетел валютасында 139,9 млн. теңгені құрады. 1 наурыздағы жағдай бойынша, банктердің несиелері бойынша мерзімі өткен қарыз шамасы 12 млрд. 988,1 млн. теңге болды. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілерінің мерзімі өткен қарызы 2 млрд. 914,6 млн. теңгені (барлық мерзімі өткен қарыз көлемінің 22,4%-ы) құрады.

Ұлттық банктің облыстығы филиал директорының орынбасары Сергей Родиннің айтуынша, соңғы 10 жылда халықтың тарапынан шетел валютасына деген сұраныс алғаш рет төмендеген, биылғы ақпан айында тұрғындардың шетел валютасын сатуы үстем болған. Биылғы ақпанда облыстағы айырбастау пункттерінде АҚШ долларын сатып алу – сату сәйкесінше 9 млн. 810,10 мың және 6 млн. 789,25 мыңды, еуро сәйкесінше 933,70 мыңды және 766,30 мыңды құраған. Ал ресей рублін сатып алу-сату көлемі 73 млн. 427,27 мың және 975 млн. 556,63 мың шамасында болды.

2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алған ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсетуге және бөлінген қаржыны игеруге бағытталған қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша облыстағы ЕДБ филиалдарына (1 сәуір 2016 жылғы жағдай) 596 өтініш түсіп, соның 364-і қайта қаржыландыруға мақұлданып, 326-сы қайта қаржыландырылған. Бағдарламаның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссияға банктерге несиелерін қайта қаржыландыруға берген өтініштері қабылданбаған азаматтардан түскен 25 шағым қаралды.

— Қайта қаржыландыру бағдарламасын жетілдіру мақсатында Ұлттық банк басқармасы 2016 жылғы 17 наурызда аталмыш бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Банктердің «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-ның салымын игеру кезеңі биылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартылды. Екіншіден, бағдарламаға қатысушылардың тізбесі кеңейтілді. Үшіншіден, бағдарлама шеңберінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына қарызды алу кезінде және қарызды төлеу кезінде сатып алған («мүгедек балалары бар немесе оларды бағып отырған отбасылар» санаты бойынша аталған мәртебеге ие, бұл ретте аталған мәртебесін 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жоғалтқан) қарыз алушылар жатқызылды. Төртіншіден, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, кепіл берушінің және оның қарыз алушы болып табылмайтын жұбайының (зайыбының) тұрғын үйінің жалғыз болуы бойынша, сондай-ақ кепілге салынған жылжымайтын мүлкінде екіден көп отбасы мүшелері (туыстары) ресми тіркелген қарыз алушыларға арналған тұрғын үйдің ауданы бойынша шектеу жойылды, — деді Ұлттық банктің БҚ филиалының директоры Ғ. Сатыбалдина. Оның айтуынша, бағдарламаға меншігінде бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін баспанадан бөлек жеке тұрғын үй құрылысы нысаналы мақсаты бар қосымша жер телімі, қарыз алушы мен оның отбасы нақты тұратын, қарыз алу-шы мен оның жұбайының (зайыбының) жалғыз жылжымайтын мүлкі болып табылатын, тұрғын үйге жатпайтын үй-жайы (коммерциялық мүлкі, саяжайдағы үйі және т.б) бар қарыз алушылар енгізілді. Сонымен қатар қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысатын өңіріміздегі банк филиалдарының қатарына «Дельта банк», «Ресейдің жинақ банкі» АҚ филиалдары және «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ қосылған. Бағдарламаға енгізілген өзгерістермен Ұлттық банк сайтынан «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөлімінен танысуға болады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Әнім саған, туған ел!»

Күні: , 67 рет оқылды

DMS_7120


Облыстық қазақ драма театрында Майра Уәлиқызы атындағы халықаралық байқаудың лауреаты, әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетованың «Әнім саған, туған ел!» атты шығармашылық кеші өтті.


Музыкалық кештің шымылдығын Зеленов аудандық халықтық «Шежіре» фольклорлық және «Ақ ниет» әжелер ансамбльдері «Әженің әні» атты туындымен ашты.

Өңірімізге  танымал сазгер Гүлбаршын Ғұмарқызы Зеленов ауданында «Ақ ниет» әжелер ансамблін құрып, қазақтың салт-дәстүрін насихаттауда. Шығармашылық кеште Күләш Ахметова, Аманкелді Шахин, Ұлдай Сариева, Дариға Мұштанова, Шолпан Қыдырниязова,  Тұрсынай Оразбаева,  Әсел Салық, Кәкімбек Салықов сықылды ақындардың сөзіне жазылған «Қош келіпсің, қонағым», «Көңіл толқыны», «Сағынып өтсең болғаны», «Ән-өлкем», «Жастығым менің — Жалпақтал», «Ауылым — Әжібайым», «Қарағай», «Сағыныш», «Кешір», «Бір сен дедім», «Барқыт түнде», «Махаббат мұңы», «Шынардың жапырағы», «Жезкиікті көрсемші», «Астана», «Тәуелсіздік жасасын» әндері орындалды.

Кеште халықтық «Ақжайық», үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамбльдері, «Әлия» қыздар ансамблі, «Серілер» тобы, Ғ. Құрманғалиев атындағы филармония әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова, республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты Марат Сарбөпеев, Күләш Қалдыбаева, Назира Хибашева, Артур мен Анар Сисеновтер, Мұхтар Рамазанов, Аслан Ғиззатов, Артур Мерғалиев, Дастан Абдрахманов, Ақан Жекеков, Наталья Сажина, Ақмарал Ахметова, Тілекжан Качеков, Айжан Ажғалиева, Дилора Сағындық көрермендерді ән әлемінде тербеді.

Кеш соңында әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетоваға облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Нұргүл Бердашева облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының құттықтау хатын табыс етті.

Айымгүл  СҮНДЕТ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика