Мұрағат: 12.04.2016


Еуропа қайта құру және даму банкі өңірге қаржы құюға ниетті

Күні: , 95 рет оқылды

IMG_0069


Облыс әкімі Алтай Көлгінов Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкманды қабылдады. Кездесуде облыстың инфрақұрылымын дамыту жобаларын бірлесіп қаржыландыру мәселелері жан-жақты талқыланды.


Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстандағы ірі инвестордың бірінен саналады. Банк еліміздегі жобаларға 15 млрд. доллар шамасында қаржы құйды. Қазіргі уақытта құны 2,5 млрд. теңге көлеміндегі 80-нен астам жоба «жандануда». Осы орайда аталмыш банкпен БҚО әкімдігінің арасындағы әріптестік басталады деп күтілуде.

Өңір басшысының қабылдауынан кейін аталмыш банк өкілдігінің директоры Джанет Хэкман журналистерге сұхбат берді. – Облыстың тыныс-тірлігімен, әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысуға келдік. Әкім мырзаның қабылдауында болғанымызда, бұрынғы және жаңа жобалардың жайжапсарын талқыладық. Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлікті қолдауға гранттар бөлу, сонымен қатар алдағы уақытта қолға алынатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қайта жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, сумен және жылумен қамту жобалары мәселелері әңгіме өзегі болды. Еуропа қайта құру және даму банкі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының кәсіпорындарына гранттық көмегін ұсына отырып, корпоративтік басқаруға, қуат тиімділігін арттыруға қолдау көрсетеді, — деді Джанет Хэкман.

Оның айтуынша, әріптестікті күшейту келісімдері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі 40 млн. еуро көлемінде грант бөлді. Бұл қаржыны банк шағын кәсіпкерлікті дамытуға жұмсаған, соның ішінде Ақ Жайық  өңіріндегі шағын кәсіпкерлік саласындағы 153 компанияға гранттық қолдау көрсетілді. Өткен жылы аталмыш банк өңіріміздегі шағын кәсіпкерлікті күшейту тақырыбына арналған  конференция ұйымдастырып, оған  өңір кәсіпкерлері белсене қатысқан.

Банк «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын дамыту бағытында жұмыстануда.  «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ержан Балтаевтың айтуынша, биыл инфрақұрылымды дамыту, қайта жаңғырту жобаларын іске асыруға шамамен 6 млрд. 600 млн. теңге көлемінде қаржы бөлу жайы тал-қылануда.

 Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Сенбілік симфониясы

Күні: , 108 рет оқылды

Рафхат Халеловфото (312)


Тазалық айлығына орай Орал қаласында ұйымдастырылған сенбілікке облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған лауазым иелері, мекеме-кәсіпорындардың ұжымдары, студенттер мен қала тұрғындары белсене қатысты.


Көктемнің жаймашуақ күнінде өткен ортақ шаруаға атсалысушылардың қарасы көп болды. Әр мекеме-кәсіпорын қызметкерлері өз ғимараттарының айналасын күл-қоқыстан тазартып, тал-теректер екті. Облыс басшылығы қаладағы Алмазов, Еуразия көшелеріндегі тал-терек егу жұмыстарына қатысып, өз қолдарымен жас шыбықтар отырғызды.

— Бүгінгі сенбілікке қала тұрғындарының көп қатысуы қуантады. Дәл осындай сенбіліктер әр ауданда, елді мекендерде де ұйымдастырылуда. Тазалық жұмыстарын жүргізуге шыққан тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі. Сенбілікке жастармен қатар ардагерлер де шықты. Қаланың әр тұрғыны өз ауласын, айналасын таза ұстаса ғана шаһарымыздың көркі кірмек. Облыс орталығы мен аудандарды көгалдандырып, жасыл мекенге айналдыруға күш жұмылдырудамыз. Бұл сенбілікте 600 түп тал-терек отырғызу жоспарланған болатын. Алда ұйымдастырылатын сенбіліктерде және 16 сәуір Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күнінде осы жұмыстар жалғасын таппақ. Жалпы, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай өңірімізде отырғызылатын тал-теректің санын 25 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Осы жоспарланған жұмыстарға өңір тұрғындары тегістей атсалысады деп ойлаймын. Сонымен қатар жерлестерімізді тал-теректерді отырғызып қана қоймай, оған күтім көрсетуде де белсенділік танытуға шақырамын, — деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы сенбілік барысында журналистерге берген сұхбатында.

Бұдан соң өңір басшысы «Жайық таза қала» және «Жайық жарығы» мекемелерінің кеңселерінде болып, кәсіпорындардың жұмысшы-қызметкерлерімен кездесті. Қос ұжымда болған кездесулерде облыс әкімі қыс мезгілінде қар шығару, тазалау, жарықтандыру мен абаттандыру бағытында қыруар шаруа тындырып жүрген кәсіпорын қыз-меткерлеріне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бір топ белсенді жұмысшыға атқарған еңбегі үшін алғысхат табыс етті.

— Бүгінгі өткен сенбілік аясында өңіріміздің өркендеп-көркеюі бағытында зор маңызға ие қос ұжымда болдық. Өздеріңізге белгілі, өткен қыста қар қалың түсті. Осы ұжымдардың уақытпен санаспай атқарған қызметтері нәтижесінде қыс маусымынан қысылмай өтіп, көктемге жақсы жеттік. Қар шығару жұмыстарында арнайы техникалардың жетіспеушілігі байқалды. Биыл жетіспейтін техникаларды алу жолдарын қарастырып, келер қысқа сақадай сай кіруіміз қажет. Бүгінгі болған кездесулерде атқарылған істермен қатар, алда тұрған бірқатар міндеттерді де талқыладық, — деді облыс әкімі.

Аталмыш кездесулерде сөз алған қатардағы жұмысшылар өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да сенімнен шығып, еселі еңбек ететіндерін жеткізді.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Ерлан ОРАЗЫМБЕТОВ,

облыстық кардиология орталығының дәрігері:

— Өзім қатарлы жас мамандар туған қаламыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосып, соңымыздан ерген жас буынға үлгі көрсету мақсатында әр жерлерде өткізіліп жатқан сенбіліктерге қатысудамыз. Бүгін Алмазов көшесі бойына елу шақты көшет отырғыздық. Медицина қызметкері ретінде қаламыздың әр тұрғынын, жас буынды салауатты өмір салтын ұстануға, шаһарымыздың жасыл қалаға айналуына өз үлестерін қосуға шақырамын. Жерлестеріміз тазалық денсаулық кепілі екенін әрқашан естен шығармаса екен деймін.

Өңірімізді неғұрлым жасыл желекке айналдырсақ, соғұрлым ауамыз таза, денсаулығымыз мықты болмақ.

Әбілқайыр ӘМІРБАЕВ,

«Жайық таза қала» ЖШС директорының орынбасары:

— Қыс маусымының соңында Орал қаласы аумағына үш жүзге жуық шырша тұқымдас көшет егілді. Бүгінгі алғашқы сенбілікте үш көше бойына 600-ге жуық тал-терек отырғызылуда. Биіктігі 2-3 метр болатын талдар арнайы орындарда өсірілді. Оларды егу жұмыстарында да барлық талап сақталады. Сонымен қатар біздің ұжым қаламыздағы айналасын көгалдандырғысы келетін мекемекәсіпорындарға көшеттер бере алады. Жалпы, барша қала тұрғынын өз үйлерінің айналасын таза ұстап, тал-терек отырғызуға шақырамын. Сондай-ақ қала тұрғындары егілген теректерге зақым келтірмей, күтіп-бағып, олардың бой түзеуіне де бір кісідей атсалысса екен деймін.

16 сәуір – Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні қарсаңында тарихи Хан ордасы ауылында қарағай отырғызу жұмыстары қолға алынды.

Орда орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Саматовтың айтуынша, қазіргі таңда мекеме қарамағында 16405 гектар орман қоры бар. Биыл барлығы 80 гектарға ағаш отырғызу жоспарланса, күні бүгін соның 60 гектарына егілді. 2016 жылы, әсіресе, қарағай отырғызуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттік орман қоры аумағында 15 га жерге қарағай отырғызу көзделсе, соның 10,5 гектарына көшеттер егілді. Соның ішінде 5 гектар жер қоршалып, жас өскіндерді суару, баптап-күту де ескерілді. Бұл шараға ауыл әкімдігі мен тұрғындар да белсене қатысып, Хан ордасы маңындағы 1 гектар жерге қарағай мен терек отырғызды.

Айта кетейік, ағаш отырғызу ісі Бөкей хандығында 1832 жылы басталды. Белгілі топырақтанушы ғалым Г. Карелин Хан ордасында болған кезінде құм көшкінін тоқтату үшін ұсынбалар берді. Алдымен құмаршық, қияқ сияқты шөптер егілген. Кейін Нарын орман шаруашылығының орманшысы М. Турецкий мен оның көмекшісі В. Палецкий ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізген. Жас өскіндерді қорғау мақсатында Жәңгір хан орманда мал бағу мен ағаш кесуге тыйым салу туралы жарлық берген. Бұл іс жалғасын тауып, 1888 жылы Астрахан орман қорғау комитеті 140 мың гектар алқабы бар Нарын орман шаруашылығын құру туралы қаулы қабылдаған. 1890 жылы 27 наурызда Нарын орман шаруашылығы ұйымдастырылып, кейін ол Орда орман шаруашылығы мекемесіне айналды. Сол уақыттан бері құмды бекіту үшін жаппай ағаш отырғызу, оны қорғау ісі қолға алынды. Соның арқасында Хан ордасы маңы қарағай мен қайың, тал-теректің неше түрі өсетін бірегей орманды алқапқа айналды. Өкінішке қарай, 1952 жылы Орда ауданы таратылып, жерінің едәуір бөлігі Капустин Яр мен Азғыр әскери полигонына берілген кезде соның ішінде орманды алқаптар да кетті.

Назымгүл ОРАЗКЕЛДИЕВА,

Бөкей ордасы ауданы


Жаңа пән оқытылмақ

Күні: , 72 рет оқылды

DSC_0067


Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты пән енгізілетін болды. «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде өткен дөңгелек үстелде осы пәнді енгізу мәселесі талқыланды.


Дөңгелек үстелге «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ректоры Сәрсенбек Жүсіпбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, осы басқарманың бас маманы Ерік Төлепқалиев және институт ұстаздары мен студенттері қатысты.

Алдағы оқу жылынан бастап барлық оқу орындарында енгізілетін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәнінің басты міндеті жемқорлық әрекеттеріне әсер ететін факторлар, жемқорлық көріністері туралы жалпы кешенді білім беру, сыбайлас жемқорлық саласындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім-білікпен қаруландыру болып табылады. Оқу жүктеменің көлемі 2 кредит, оның ішінде 10 сағат – дәріс, 20 сағат – семинарлық сабақтар мен оқушының ұстазбен бірге дербес жұмысы енгізілген.

— Сыбайлас жемқорлықпен күрес қай кезде, қай қоғамда болмасын өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен ірітіп, алда қойған міндеттерге тежеу болатыны бәрімізге мәлім. Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында да бұл мәселеге айрықша назар аударылғаны белгілі. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жаңадан енгізілгелі отырған пәнге де барынша ұқыптылықпен қарау керек, — деді Біржан Хайруллин.

Дөңгелек үстел барысында аталған тақырыпта бейнебаян көрсетіліп, сала мамандары студенттердің сауалдарына жауап берді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Қоныстағы ойын алаңы

Күні: , 51 рет оқылды

IMG_4562


Қазталов ауылдық округіне қарасты Қоныс ауылында балаларға арналған ойын алаңы ашылды.


Әділ Хайруллин, Жұмабек Ғабдолов сынды азаматтардың қаржылай көмегінің арқасында  темірден түйін түйген шебер Ерлан Ақболатов жасаған жабдықтар көздің жауын алады. Алаңда арнайы материалдардан жасалған әткеншектерден бастап үлкендер демалатын орындыққа  дейін  орнатылған.

Ойын алаңының іші асыр салып ойнаған балақайлардың күлкісіне толып, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Қайрат  ЖАҚЫП,

 Қазталов  ауданы


Кімнің Парижге барғысы келеді?

Күні: , 82 рет оқылды

DSCN6211


Сенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында биылғы қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын «Орал аруы – 2016» және дизайнерлер арасындағы «Этно Фэшн» байқауының өту барысы жайында брифинг өтті.


Баспасөз мәслихатына «Zhuldyz»  модельдік студиясының директоры Жұлдыз Құспанова, Астана қаласынан келген белгілі продюсер Алпамыс Шәрімов, «Орал аруы – 2016» байқауының бас демеушісі әрі «AdmiralNelson» ЖШС туристік компаниясының құрылтайшысы Марат Қайырғалиев, топ модель Қаламқас Файзолла қатысты. Сондай-ақ қонақ ретінде қоғам қайраткері Мұрат Әбенов келді.

Брифинг барысында алдымен сөз алған Жұлдыз Құспанова сұлулық байқауына қатысуға онлайн тіркелу жұмыстары басталғанын,  кастингтің кейбір шарттары мен тіркелу тәртібі,  дайындық  кестесі туралы хабарлады. Оның айтуынша, байқауға қатысуға тілек білдірген түр-сымбаты келіскен кез келген ару www.missuralsk.kz сайтына тіркеліп, өтініштерін бере алады. Ұйымдастырушылар алдағы мамыр айының соңында іріктеу басталып, 1-5 маусым күндері Орал қаласында кастинг өтетіндігін хабарлады.

Продюсер Алпамыс Шәрімов «Орал аруы – 2016» байқауын өткізуді өзіне  сеніп тапсырған әріптестеріне алғысын білдіріп, биылғы шараның ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Атап айтар болсақ, байқау аясында жаз бойы қайырымдылық акциялары мен дизайнерлердің фестивалі ұйымдастырылып, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге кастингтен өткен барлық ару Астана қаласында шеберлік сыныптарынан өтіп, алдын ала дайындық  жұмыстарына қатысады. Продюсердің айтуынша, биылғы айтулы шаралардың бәріне Қазақстанның танымал сәнгерлері мен эстрада жұлдыздары қатысады деп күтілуде.

Бас  жүлдеге ие болған аруға байқаудың бас демеушісі  Францияның астанасы Париж қаласына жолдама бермек.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Жұртты жарылқамақ болған жылпостар

Күні: , 122 рет оқылды


«Ағымдағы жылдың наурыз айында алаяқтық қылмыс сипатындағы 110 факті тіркелді» деген мәлімет таратты жақында БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Әсіресе, жаз шыға «Жұмыс тауып беремін» деп жылмыңдайтындар жиілейтін көрінеді. Әлгіндей сумаңдаған сумақайлардың арасында еркек кіндіктілерге қоса, тіпті әйел заты да ұшырасады екен. Осындай оқиғаның бірі таяуда Орал қаласында орын алған.


Әлқисса, 1988 жылы туған В. есімді сужұқпас  «Атырау қаласына жұмысқа орналастырамын» деген ниетпен 25 жасар жігіттің сеніміне кіріп, 200 мың теңгесін алып, тайып тұрған. Бүгіндері «жұмыспен жарылқаушы» ұсталып, оның заңға қайшы әрекетіне қатысты тергеу жүргізілуде. Ал алпысқа таяп қалған зейнеткер әйел «Қала маңынан үй салу үшін жер телімін алып беремін» деген уәдемен 1961 жылғы азаматтың 1 миллион теңгесін иемденеді. Енді үшбу пысықай әйел заң алдында жауап беруі тиіс.

Алаяқтар «Үй-жайыңызға сықитып жөндеу жасап береміз» деп те, сазға отырғызып кетуі кәдік. Мәселенки, ескі терезелерді жаңа пластикалық терезелерге ауыстырмақ ниетпен келіп, ақшаны алақанына салғасын құмға сіңген судай ізім-ғайым жоғалуы әбден ықтимал. Сонымен қатар ел ішінде қомақты қаржыны таныстарына қарызға беріп, қайтып ала алмай жүргендер әлі де ұшырасады. Ішкі істер құрылымдарының қызметкерлері ел-жұртқа жоғарыда сөз болғандай жағдайларға тап болғанда, тікелей 102 нөміріне телефон шалуды немесе дереу ішкі істер құрылымдарына хабарласуды ұсынады.

Өз тілшіміз


«Ақжайық» «Оқжетпестен» ұтылды

Күні: , 63 рет оқылды

IMG_0747


Футболдан премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының төртінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады.


Бұл кездесуде «Ақжайықтың» бас бапкері Талғат Байсофынов өткен турда «Қайратпен» ойнаған құрамды өзгертпестен, қайта шығарды. Алайда алаң иелері сылбыр қимылдап, допты қонақтарға беріп қойды. Бір-біріне дәл пас беріп, үйлесімді ойнап, комбинациялар ұйымдастыру жөнінен ресейлік белгілі бапкер Владимир Мухановтың шәкірттері ептілік көрсетті. Дәл осы күні «Оқжетпестің» капитаны, шабуылшы Әлібек Бөлешев тура 35 жасқа толды. Мұны командаластарының көмегімен Ә. Бөлешев голмен атап өтті.  25-минутта бұрын «Ақтөбеде» ойнаған Марат Хайруллин бұрыштамадан доп берген сәтте Антон Куксин оны баспен бағыттады. Соны күтіп тұрғандай, Ә. Бөлешев баспен допты торда тулатты. Бұл оның Қазақстан чемпионатындағы 95-інші голы еді.

Т. Байсофынов футболшыларды алмастырып, ойынға жан кіргізуге тырысты. 76-минутта астаналық төреші Тимур Құмашев алаң иелерінің пайдасына айып добын белгіледі. Допты тез ойынға қосқан оралдықтар гол соққанмен, оны төреші «Ысқырықты күтпеді» деген желеумен есептемей тастады. Бұл жанкүйерлердің наразылығын туғызды.

Матч бітуге он минуттай қалғанда, «Оқжетпес» құрамында алаңға шыққан Ристо Ристович қосымша уақыт қосылған кезде алыстан қақпа бұрышын дәл көздеп, Роман Багаутдиновты қапы қалдырды. Сөйтіп, ойын 0:2 есебімен көкшеліктердің пайдасына аяқталды.

Кездесу соңындағы баспасөз мәслихатында Т. Байсофынов команда құрамын күшейту үшін алдағы жазда жаңа ойыншылар іздестірілетінін жеткізді.

Өз алаңында Алматының «Қайратын» жеңгенмен, «Ертіс» пен «Оқжетпестен» екі мәрте ұтылып, жағдайын біраз қиындатып алған «Ақжайық» келесі кездесуін 13 сәуір күні Таразда жергілікті командамен өткізеді.

Ғайса БӘЙМЕН

Талғат БАЙСОФЫНОВ,

«Ақжайық»  футбол клубының бас бапкері:

— «Оқжетпеспен» ойында біздің команданың жігіттері барын салып ойнады. Сондықтан мен оларға ойыннан кейін ризашылығымды білдірдім. Рас, әзірге «Ақжайықтың» шабуыл шебі қау-қарсыз. Бұған қоса ойын барысында тыңнан қосылған ойыншыларымыз да команданың ойын өрнегіне соны серпін бере алар емес. Міне, осы екі фактор «Оқжетпеспен» ойында «Ақжайықты» жеңіліске ұшыратты. Жасырып қайтейін, команданың бүгінгі күнгі деңгейі осы. Трансферттік терезе ашылғанша, жағдай осы күйінен тап көп өзгере қоймас. Бірақ мен жергілікті жігіттердің бәрінің бірдей ілгері басқан аяғы кері кетуде деуден аулақпын. Мәселен, жасыл алаңға шыққанда Валиуллиннің команда үшін пайдалы әрекет коэффиценті артты, ал Антиповтың керісінше былтырғы қарқыны бәсеңдегені байқалады. Бұл, сірә, жас футболшының деңгейіне өзіне-өзі тоқмейілсудің тигізген кесірі болса керек.

Алдағы екі ойынды да сырт алаңда өткіземіз. Турнир кестесіндегі жағдайымызды түзеу үшін жігіттердің намысын қайрап, қамшылауға тура келетін түрі бар.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика