Мұрағат: 09.04.2016


Сегіз мектеп пен балабақша күрделі жөнделмек

Күні: , 91 рет оқылды

DMS_7232-с


Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сөз сөйледі.


Сессияда «Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы №29-2 «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Азаматтық қызметші болып табылатын, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесімен келісу туралы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтай Құлқаев баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, облыс бюджетін нақтылау республикалық бюджеттен бөлінген 13,3 млрд. теңге мақсатты трансфертке қатысты туындаған қажеттілік. Осы қаржының 2,4 млрд. теңгесі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге 2,1 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіруге, 2,6 млрд. теңге жылу және сумен қамту жүйелерін жаңғыртуға бағытталмақ. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 1,5 млрд. теңге көлемінде трансферттер мен несиелер бөлініп отыр. Денсаулық сақтау саласына 166,5 млн. теңге, мәдениет пен спорт салаларына 619,6 млн. теңге, білім саласына 470,5 млн. теңге, кәсіпкерлікке 500 млн. теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 1387,2 млн. теңге, жолға 297 млн. теңге қаралды. Енгізілген өзгерістерге байланысты кірісі мен шығысы бойынша облыстық бюджет 125 млрд.15,6 млн. теңгені құрады. Баяндамаға қосымша облыстық мәслихаттың қаржы және бюджет комиссиясының төрағасы, депутат Амангелді Таспиховтың хабарламасы да тыңдалды. Халық қалаулылары күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті шешім қабылдады. Мұнан кейін «Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрамы туралы» облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Арман Жалмағамбетовтың хабарламасы тыңдалып, мақұлданды.

– Құрметті депутаттар! Жақында ғана елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау болып өтті. Сіздер халық сеніміне ие болып, облыстық мәслихатқа сайландыңыздар. Сол ел сеніміне ие болып, халық қалаулысы атанғандарыңызбен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Негізі бұл сессия 13 сәуір күні өту керек еді. Алайда кезек күтпес мәселелер қордаланып қалмас үшін оны бір апта бұрын өткізу жөнінде ұсыныс жасағанмын. Соны қолдағандарыңыз үшін ризамын. Бүгін сіздердің мақұлдауларыңыз бойынша бес аудандағы елді мекенге су жеткізу, үш аудандағы ауылдарға газ құбырын тарту, сегіз мектеп пен балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу мәселесі шешімін табатын болады. Енді әлеуметтік нысандарды, әсіресе, мектептерді жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеуден өткізу қажет. Орта және шағын бизнесті, әсіресе, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл да қуанарлық жәйт, өйткені ауылда кәсіпкерлікке ұмтылушылар көбейіп келеді. Денсаулық сақтау нысан-дары да қамқорлықтан құр қалмауы тиіс. Мен күні кеше ғана қалалық «Жедел жәрдем» қызметінің жұмысымен таныстым. Олар қаржылық қолдауға, әсіресе, арнаулы көлікке мұқтаж. Сондықтан биыл аталмыш мекемеге қажетті көліктің жартысын алып беруге күш саламыз. Келесі жылы қалғандарын алып беруді жоспарлап отырмыз. Осы мәселелерді шешуге қаржы бөлуді мақұлдап, қолдау көрсеткендеріңізге рақмет! Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстары жалғасын тауып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жетілдіру үшін бейнебақылау камералары орнатылмақ, – деді сессия жұмысын нәтижелеген өңір  басшысы  Алтай  Көлгінов.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Медет ДОСЫМОВ


«Қоңыр тірлік, қоңыр жыр, қоңыр әуен…»

Күні: , 76 рет оқылды

12963672_217919928597203_3128285726634474518_n-с


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкерлері республикалық «Яссауитану» жыр-мүшәйрасының жеңімпазы,  Жиембет жырау атындағы сыйлықтың иегері, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын, ұстаз Талап Таймасұлының «Қоңыр тірлік, қоңыр жыр, қоңыр әуен…» атты шығармашылық кешін ұйымдастырды.


Фойеде ақынның туындылары мен ол туралы баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалардан көрме жасақталған. Кеш ақынның өнері мен өмірінен мәлімет беретін бейнебаянмен басталды. Кешті Талап Таймасұлы өзі жүргізіп, ақын, ұстаз, немерелерінің сүйікті атасы ретінде жан-жақты қырынан танылды.

«Ақберен» жас ақындар мектебіне 15 жылдай жетекшілік еткен ұстаз-ақын талай жас талапкердің балапан жырларын қанаттандырып, әдебиет айдынына аттандырған. Оған дәлел – есімдері  ел аузына іліге бастаған Талғат Мықи, Айбол Исламғалиев, Дәурен Шамұратов. Ақынның шәкірттері өлеңдерін оқып, оның сөзіне жазылған танымал әндер орындалды. Мәселен, Ержан Боранбаевтың, Ерік Мұқамбетқалиевтің, Мұхтар Рамазановтың орындауындағы «Жалған дүние» термесі, «Құрбым-ай, қылықтым-ай», «Қоштасудың қиыны-ай» әндері көрермендерді ерекше баурады. Балаларға арналған «Алшы», «Тіл-тамыр» атты жинақтарындағы өлеңдерін жатқа айтып берген бүлдіршіндер ақынның тағы бір  қырын  ашты.

Кеш иесін облыстық мәдениет және өнер орталығы директорының шығармашылық қызметі жөніндегі орынбасары Мұратжан Жолбаев, ақын Айсұлу Қадырбаева, академик Тұяқбай Рысбеков сықылды өмірдегі, өнердегі ағаәпкелері құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Айымгүл  СҮНДЕТ,

«Орал өңірі»


Қазбек МЕҢЕЕВ: «Жолаушы тасымалдаудың маңызы зор»

Күні: , 81 рет оқылды

менеев


Өңірде жолаушы тасымалдаудың қазіргі жай-күйі қандай, өзекті мәселелер қалай шешілуде, осыған орай БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Меңеев былайша  әңгімелеп  берді.


– Қазіргі уақытта басқарма жолаушылар тасымалы саласында Елбасы тапсырмаларын іске асыру, жолаушылар көлігі саласын одан әрі дамыту бағытында қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды орындау мақсатында жұмыстануда. Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымы жүйесін  дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі  мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға дейін облыс аудандарында 2 автостанция, 7 жолаушыларға қызмет көрсету пунктін салу көзделген. Осы бағдарлама аясында  2014 жылы Тасқала ауданы Тасқала кентінде «Жұбанышалиев С.Ғ.» ЖК автостанциясы  іске қосылды.  Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында 2016 жылы автостанция салу жоспарлан еді. Бұл нысан мерзімінен бұрын  салынып, 2015 жылы «АксайСтройСервис и К» ЖШС автостанциясы ашылды.

Күні бүгін  облыста 5 халықаралық (Самара,  Орынбор, Тольятти, Саратов, Бузулук бағытында), 2 облысаралық (Атырау, Ақтөбе бағытында), 35 қалалық, 41 облысішілік,  23 ауданішілік  тұрақты автобус маршруттары жұмыс жасайды. Тұрақты автобус маршруттарында 13 тасымалдаушы-кәсіпорын  қызмет көрсетеді. Соның ішінде «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС, «УралТехСервис» ЖШС, «№1 жолаушылар автокөлік мекемесі» ЖШС, «Қазақстан Елім» ЖШС, «Жібек-жолы» ЖК және басқаларын айтуға болады.

Орал қаласын аудан орталығымен байланыстыратын 41 облысішілік маршрут бар. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен 2016 жылға 12 маршрут  әлеуметтік маңызы бар деп танылды, бұлар  негізінен аудан орталықтарына баратын автобус маршруттары. Сонымен қатар  2013 жылдан бері облыстық бюджеттен тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау үшін қаржы бөлініп келеді және жыл сайын оның көлемі өсуде. Облыстағы әлеуметтік мәні бар маршруттар бойынша тұрақты жолаушылар тасымалдау тарифі 1 километр  үшін 4,0 теңге мөлшерінде  белгіленді. Аталған шара, біріншіден, жалпы пайдаланымдағы  көлік  қызметіне  тұрғындардың аз  қамтылған тобының  қолжетімділігін  әлеуметтік жағынан  шешуге, екіншіден, жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, үшіншіден, тасымалдаушыларды экономикалық жағынан ынталандырып,  қызмет көрсететін  маршруттар  санының   көбеюіне  мүмкіндік береді. Осы шараның көмегімен қазір біз  жолақы құнын  бір деңгейде ұстап отыруға қол жеткіздік. Мысалы, «Тайпақ – Орал» маршрутының ұзындығы 294 км, жолақы құны – 1176 теңге.  Егер субсидиялау жүргізілмесе, жолақы құны километріне шамамен 7 теңге болып, жолақы құны 2058 теңге шамасында болар еді, яғни қазір 1000 теңгеге арзан.

2015 жылы әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарын субсидиялау үшін облыстық бюджеттен 40,0 млн. теңге жұмсал-ды. 6 маршрут субсидияланды, олар: «Тайпақ — Орал», «Жаңақала – Орал», «Жәнібек — Орал», «Қаратөбе — Орал», «Қазталов — Орал», «Шыңғырлау — Орал». 2013-2015 жылдардағы жұмыс қорытындысы  әлеуметтік мәні бар автобус маршруттарында  километріне тарифтің 4,0 теңге болуы  облыс тұрғындарының аз қамтылған  тобы  үшін қолжетімді  және  оңтайлы екенін көрсетті, сондай-ақ тасымалдаушыларды субсидиялау такси жолақысының құнын көтермеуге әсерін тигізді, яғни такси тасымалдаушылары бағаны түсіруге мәжбүр болды. 2016 жылы да  тасымалдаушылардың шығындарын  субсидиялау  жүргізілуде.

– Қазбек Абдолғазезұлы, қазіргі уақытта аудандарда жеңіл автокөліктерімен жолаушы тасымалдайтын таксилер көп. Осы жөнінде не айтасыз?

– Шынында,  қазір жеңіл көліктермен такси қызметін көрсететін жеке тасымалдаушылар көбейіп отыр. Олардың көбі еш жерде тіркелмей, заңсыз жұмыс жасап жүр, сөйтіп, жол қауіпсіздігіне қауіп төндіріп келеді, биылдың өзінде олардың қатысуымен бірнеше жол-көлік оқиғалары орын  алып, адам өлімі болды. Қазір біз такси саласын реттеу, қызметті лицензия-лау мәселесін көтеріп, министрлікке ұсыныстар енгізіп жатырмыз. Сондықтан да жолаушыларға тұрақты автобус маршруттарының қызметін пайдаланыңыз деп кеңес берер едім. Облысішілік  тұрақты маршруттар бойынша  жол-көлік оқиғалары бір рет те тіркелген жоқ, бұл тасымалдаушы кәсіпорындардың  жүргізушілерді рейсалды медициналық тексеруден, көліктерін техникалық тексеруден өткізіп, қадағалау жүргізетінін көрсетеді. Бұл бағытта  жұмыстар  жалғаса  береді.

– Ал автобус парктері қаншалықты  жаңаруда?

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы №348 бұйрығымен бекітілген жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастырудың үлгі шартына енгізілген өзгерістерге сәйкес тасымалдаушы екі жылдан аспайтын уақыт өткен соң маршрутта пайдаланылатын автобустарды, шағын автобустарды жаңартуға міндетті.

Егер автобустар мен шағын автобустар сатып алынып, жаңартылса, шарттың қолданылуы 10 жылға дейін ұзартылады. Бұл мемлекеттік қолдау тасымалдаушылардың жұмыстарын тұрақты түрде алаңсыз жүргізуіне септігін тигізеді  деп  ойлаймын.

Қазіргі экономикалық дағдарысқа қарамастан, облыстағы тасымалдаушы кәсіпорындар мемлекеттік қолдауларды пайдалана отырып, жаңа автобустар сатып алып жатыр. Мысалы, биыл «Қазақстан Елім» ЖШС жолаушылар үшін барлық жағдай жасал-ған  Қытай Халық Республикасында құрастырылған жаңа заманауи автобусты сатып алып, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Көптен бері қызмет көрсететін «Формус-авто» ЖШС, «Жібек жолы» ЖК да  парктерін жаңа автобустармен, шағын автобустармен жаңалауда.

– Басқармада көлік саласында қандай мемлекеттік қызмет көрсетіледі?

– Басқарма бойынша  автомобиль көлігі саласында  «Халықаралық техникалық байқау сертификатын беру» және «Жолаушыларды облысаралық, қалааралық, ауданаралық (облысішiлiк, қалааралық) және халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау қызметімен айналысу үшін лицензия беру» мемлекеттік қызметтері жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі. Сондай-ақ су көлігі саласында «Өздігінен жүретін шағын көлемдi кемелердi жүргізу құқығына куәлiктер беру» мемлекеттік қызметі жеке тұлғаларға көрсетіледі. Барлық аталған қызметтер «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. Негізінен көп пайдаланылатын мемлекеттік қызмет түрі – халықаралық техникалық байқау сертификатын беру. 2014 жылы 60, 2015 жылы 202 сертификат берілсе, биылғы жылы тек  бірінші тоқсан қорытындысы бойынша  100-ден аса сертификат табыс етілді.

– Енді темір жол және әуе тасымалдарына тоқтала кетсеңіз?

– Облыста темір жол көлігімен жолаушылар тасымалдау жүргізіліп келеді. Біздің облыс арқылы  Астана – Киев, Алматы – Мәскеу, Ташкент – Саратов  халықаралық жолаушылар пойыздары, облысаралық қатынастағы Орал — Астана – Орал, Орал – Алматы — Орал, Орал – Ақтөбе – Орал және Орал – Озинки, Орал – Шыңғырлау екі ауданаралық пойызы  өтеді. Облыстық бюджеттен әлеуметтік маңызы бар «Орал – Озинки» және «Орал – Шыңғырлау» ауданаралық пойыздарында тасымалдауды субсидиялау үшін 2015 жылы бюджеттен 120,0 млн. теңге қаржы жұмсалды. Биыл да бюджеттен  субсидиялануда.

Әуе тасымалына ауыссақ, 2014-2015 жылдары республикалық бюджет есебінен Орал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, келу жолын және перронды қайта жаңғырту жобасы іске асырылды.  2015 жылы Орал қаласы арқылы  Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларының бағытында ұшулар жалғасты. «Эйр Астана» және «Бек Эйр» әуе компанияларымен   Ембрайер Е-190, Аэрбас А-320 және  Фоккер-100 әуе кемелері арқылы жолаушылар тасымалдануда.

Басқарма ақпан айында Орал қаласынан қандай бағыттарда жаңа маршруттар ашылатыны жөнінде ақпарат беруді сұрап, министрлікке хат жолдаған болатын. Азаматтық авиация комитеті өз кезегінде қазақстандық әуе компанияларына Оралдан Атырау, Ақтау, Шымкент, Мәскеу, Са-мара және басқа шетел қалаларына тұрақты әуе қатынасын ашуға ниеті туралы ақпарат беруге сұраныс жолдаған. Комитеттен келген  жауапқа сүйенсек, «Air Astana» әуе компаниясының мәлімдеуінше, таяу мерзімде аталған бағыттар бойынша тікелей рейстерді ашу жоспарланып отырған жоқ, дегенмен Оралдан Шымкентке түйіспелі рейстер ұйымдастырылмақ. «Qazaq Air» әуе компаниясы аталмыш рейстердің тиімділігін есептей отыра, ұсынылған әуе бағыттарын қарастыруға дайын екендігін білдірген. «SCAT» әуе компаниясы 2016 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде Оралдан Мәскеу және Самара қалаларына халықаралық рейстерді ашуды жоспарламайды. Дегенмен басқарма бұл мәселер бойынша жұмыстана береді.

Сұхбаттасқан Ғайса БӘЙМЕН


«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Күні: , 57 рет оқылды

DMS_6961


Бейсенбіде  Орал қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сөз сөйледі.


Құрметті ассамблея мүшелері! Біз бүгін алдағы жұмысымыздың сан алуан бағытына бағдар беретін мәселелерді талқылап, бекітеміз. Осы жиынға аудан әкімдері және облыстық басқармалардың басшылары да қатысып отыр. Қазір ассамблея кеңесінің 41 мүшесінің  36-сы арамызда. Демек, кворум бар. Онда жұмысты бастайық,  – деді отырыс жұмысына төрағалық еткен  Алтай  Сейдірұлы.

Күн тәртібіндегі «Облыстық ассамблея кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу» және  «Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің ережесі мен құрамын бекіту» мәселелері бойынша облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ. Қапақовтың хабарламасы тыңдалып, бекітілді. Соған сәйкес басқа қызметке ауысуларына байланысты  Н. Ноғаев пен Б. Мәкен  кеңес құрамынан шығарылып, кеңес құрамына А. Көлгінов, Р. Сүйербаев, М. Тоқжанов, Н. Төреғалиев, Ш. Құрманәлина енгізілді. Алтай Көлгінов бірауыздан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы  болып  сайланды.

Облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары В. Шохина, «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Д. Саратов кезінде облыс орталығының сәулетін арттырғаны үшін Алтай Сейдірұлына алғыс айтып, жаңа мансабында тың табыстарға қол жеткізуіне тілектестіктерін білдірді. Еңбек ардагері Р. Сүйербаев та облыс әкімін ақсақалдар кеңесі атынан құттықтап, игі тілегін айтты.

Өз кезегінде Алтай Сейдірұлы өзіне жүктелген мемлекеттік және лауазымдық міндетін ойдағыдай  атқаратынына  сендірді.

– Біз халықтар достығы мен ынтымағы сияқты аса бағалы құндылықты сақтауымыз қажет. Сол үшін бар күшімізді саламыз. Әрі алда тұрған мақсат-міндеттерді де жақсы білеміз. Соны іске асыруда сіздердің көмегіңіз бен қолдауыңыз аса маңызды. Алдағы дамуымызға бағыт-бағдар беретін «100 нақты қадам» жоспары бекітілді. Бес институционалдық реформа мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, ұлттар достығы мен қоғамдық келісімді нығайту өзгемен бірге осында отырған аудан әкімдеріне де зор міндет жүктейді. Өйткені олар жоспарланған жұмысты аудан деңгейінде жүзеге асыруы тиіс, — деді өңір басшысы.

Кеңесте облыстық мәслихаттың депутаты, кәріс ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Максим Пактың облыстық ассамблея жанынан «Ынтымақ»  атты депутаттық топ құру жөніндегі ұсынысы тыңдалып, мақұлданды. Өңір басшысы бұл бастаманы қызу қолдап, ризашылығын білдірді. Содан соң облыс бойынша «Бірегейлік пен бірлік» төртінші реформасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары да мақұлданып, бекітілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнін өткізу жөніндегі тұжырымдаманы бекіту туралы облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Вера Шохинаның да хабарламасы мақұлданды.

– Бұл – дәстүрлі және ерекше мереке. Бұл – халық бірлігінің мейрамы. Бұл – бар жақсылықты, ынтымақты жарқыратып көрсету күні. Оның өзі біздің келешекке нық сенімділігімізді көрсетеді. Бәріңізді осы мерекеге белсене қатысуға шақырамын, – деді Алтай Сейдірұлы. Мұнан соң  Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясына қатысатын облыстық делегация құрамын бекіту жөнінде де тиісінше шешім қабылданды.

– Сонымен күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Олардың бәрі де маңызды. Жоспарлар бекітілді. Енді оны жергілікті жерлерде іске асыру негізінен аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына жүктеледі. Отырысқа ұйымшылдықпен және белсене қатысқандарыңыз үшін рақмет! Әрі қарай да бірлескен жұмысымыз жемісті бола берсін, құрметті әріптестер! – деді жиынды нәтижелеген облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Басқосу соңында Орал және Ақтөбе православие епархиясының әміршісі Антоний Алтай Көлгіновті жаңа қызметімен құттықтады және ҚМДБ-ның өңірдегі өкіл имамы Руслан Сұлтановқа өңірге тағар діни белгіні табыс етті.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ


«Жедел жәрдем» жіті назарда

Күні: , 75 рет оқылды

IMG_1834


7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қалалық «Жедел медициналық жәрдем» стансасының қазіргі жай-күйімен танысты.


Облыс басшысы диспетчерлік бөлімдегі «Жедел жәрдем» көліктерінің қозғалыс  бағытын 2009 жылдан бері қолданысқа автоматты басқару жүйесі арқылы енгізілген GPS-навигатор құрылғысымен  бақылауға алған мамандардың қызу еңбек үстіндегі қам-қарекетіне куә болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, қазіргі уақытта станса қарамағында 22 көшпелі бригада бар, олардың үшеуі мамандандырылған, екеуі жалпы бағыттағы дәрігерлік және 17-сі фельдшерлік.

Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында қалалық алты  емхана  жанынан жасақталған сегіз қосалқы бригада сағат 18.00-ден 24.00-ге дейінгі қарбалас сәтте жұмылдырылады. Сонда әрбір бригада оралдық 10 мың тұрғынға қызмет көрсетеді деген сөз. Жеті диспетчер бір тәулікте 500-дей шақырту қабылдайды. Биылғы қаңтар мен ақпан айларында тұмаудың өршуіне байланысты шақыртулар  700-ге жуықтаған. Телефон шалғанда «Жедел жәрдем» қызметіне қажеттілік алты санат бойынша қаралады. Бригада құрамындағылар ең бірінші кезекте бір жасқа дейінгі балалар науқастанса, естен тану, жүрек қысымы, жол апаты, биіктен құлау жағдайларында дәрігерлік көмекті неғұрлым ерте көрсетуге ұмтылады.

Қалалық «Жедел жәрдем» стансасының Зашаған кенті, 6-шағынаудан және Әбілхайыр хан даңғылында орналасқан үш бөлімшесі бар. Бригадаларға консультациялық кеңес алуға және стационар бөлімдерімен байланыс жасауға планшет берілген. 34 санитарлық автокөліктің 18-і жан сақтауға жұмылдыру (реаномобиль)  жабдығымен қамтылған. Былтыр 103 нөмірі арқылы 176738 жүгінім, 147011 шақырту қабылданған. GPS-навигатор  12 аудандағы 16 орталық аурухананың санитарлық көліктерінің бәріне орнатылған. Енді аудандағы барлық бригаданы планшетпен қамту жоспарланып отыр. Облыс басшысы кей аудандарда ғаламтормен (интернетпен) қамтылмай отырған нүктелердің бар екенін, сол мәселені де шешу керектігін  ескертті.

Орал қалалық «Жедел медициналық жәрдем» стансасының директоры Сергей Бекежанов облыс әкімімен тілдескенде, «Жедел жәрдем» қызметін жандандыра түсу үшін бригадалар санын 27-ге дейін арттыру жайын қарастыруды сұрады. Бұған жауап ретінде алдымен санитарлық көліктер мен  заманауи жабдықтарды көбейтуге  көңіл бөлінетінін айтқан Алтай Сейдірұлы кейін көліктер тұрағындағы жөндеу шеберханаларын аралады. «Жаңа 10 реаномобильді көліктің  алынғанына үш жылға жуық уақыт өтті. Жылына бір көліктің жүру қашықтығы орта есеппен 120 мың шақырымды қамтиды. Оның үстіне қаланың маңындағы ауылдарға тартылған жолдардың сапасының төмен  болуы, жауын-шашын кезінде батпаққа бөгіп қалуы көлік  жағдайына кері әсер етеді. Қазіргі уақытта автокөліктердің орташа тозуы 60 пайызды құрайды. Соңғы уақытта күніне  10-11-ге дейін көліктер бұзылады. Күніне алтау-жетеуін ғана жөндеп шығарамыз. Қосалқы бөлшектерді сатып алу мемлекеттік портал арқылы жүзеге асатындықтан, оған біраз уақыт  кетеді. Сондықтан кейде теңгерімнен шығарылған көліктердің қосалқы бөлшектерін ауыстырып салуға тура келеді. Бізде 60 техника бірлігі бар», – деді журналистермен сұхбаттасқан директордың техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жұмағали Нұғыманов.

– «Жедел жәрдем» бригадасы уақтылы келу керек. Бұл өте маңызды. Телефон шалғанда байланыс жүйесі бос болмаған жағдайда жаңа технологияға сәйкес лезде басқа маманға бағытталуы тиіс. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауды алдыңғы кезекке қойған жөн. Медициналық қызметтің сапасын арттыру қажет. Өңірде «Жедел жәрдем» қызметіне қатысты жал-пы 140 техника болса, оған қоса  100 шақты техника алу қарастырылуда. Яғни облыс және аудан орталықтарындағы, шалғайдағы елді мекендердегі стансаларды техникалармен қамтамасыз етуді биыл бастамақпыз. Жаңа медициналық құрал-жабдықтар алуға да басты назар аударылады. Орал қалалық «Жедел жәрдем» стансасының жөндеу шеберханасының ғимаратына жөндеу жүргізу мәселесін қарауды алдағы жоспарға бекіттік, – деді  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Бүйтіп сыпырғанынан сыпырмағаны жақсы!

Күні: , 76 рет оқылды

IMG_9540


Біз бұл мәселені оқырмандарымыздың өкпе-реніші бойынша осыдан бірер жыл бұрын көтеріп, үшбу мәселе доғарылғандай болған.


Енді жол сыпыратын тракторлардың күндіз ешқандай су сеппей, көшенің шаңын көкке көтеріп сыпырулары қайтадан көрініс тауып отыр. Бұдан не пайда? Қайта күлдей зиян! Өйткені көтерілген құрғақ шаң көп ұзамай өзінің «жәйлі» орнына қайта қонады. Бірақ ол қонып болғанша, көшедегі қанша кісі әлгі қарайған бактерия-микроб аралас шаң-тозаңды жұтады әрі киім-кешегін ластайды.

Бұрындары арнайы мәшинелер көшеге әуелі шаң басу үшін су шашып алып, сосын барып сыпыратын еді. Қазір бір керім, құп-құрғақ шаңды көкке көтеріп сыпыру «мода» болған. Бұл бейбастықты тиятын кісі бар ма өзі?!

Редакция алқасы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика