Мұрағат: 07.04.2016


Лондон – ғылым мен инновация орталығы

Күні: , 150 рет оқылды

IMG_2795(Жалғасы. Басы газеттің өткен сандарында)


Лондонда басталған алғашқы аптамыз Көрісу күніне сәйкес келді. Соған орай елімізде көрісу дәстүрін сақтап отырған ақтөбелік, ақтаулық, оралдықтар болып, яғни тобымыздағы батыстықтар бастап, өзгелері қостап, қонақүй мейрамханасында таңғы астың алдында көрісу рәсімін жасадық. Өзге жұрт аң-таң болып біздерге қарап отырды. Оларға түсіндіріп айтайық десек, «тіліміз қысқа»…


Мана бөлмеде сөмкемізді қарап жатып екі уыс құрт тауып алған едік. Алыс сапарға шығардың алдында арнайы алған болатынбыз.

Дәл Көрісу күні көзге түсе қойғанын қарашы. Сол ұлттық тағамымызды көрісіп болғаннан кейін «Айтымыз қайырлы болсын, ақ мол болсын!» деп әріптестерімізге тараттық. Ақтан, құрттан ауыз тиген өзіміздің астаналық әріптесіміз «Ақ Жайықтың құртының дәмін тату Тұманды Альбионда бұйырғанының өзіне қалайша шүкір демессің» деп бәріміздің жүзімізді жадыратты…

14.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

20160315_210215Бүгін дүйсенбі, яғни оқу-танымдық сапарымыздың ресми бөлімі басталатын күн. Таңғы астан соң қонақүйдің төменгі қабатына түсіп, бізге бөлінген аудармашы, қырғыз жігіті Қуатпен таныстық. Кеше Лондон көшесінде небір түрлі ұлт өкілдерінің арасынан өзімізге жүзі таныс орыстарды, артынан украиндарды көріп қуанып едік. Астанадағы «Ваg кz» ақпараттық порталының тілшісі Нұрлыбек Досыбай әріптесіміз айтқандай, «Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деген сөздің мағынасын жете ұғынып едік. Ал бүгін ауылы аралас, қойы қоралас көрші елдің азаматын көргенде, қалайша қуанбассың?! Тобымызды тасымалдау үшін бөлінген автокөлікте Қуат бауырымыздың сөзін тыңдаумен болдық. Ол Англияда білім алып, осы жақта қалып қойған. Өзі тарихшы-ғалым екен. Екі-үш жерде жұмыс істейді. Соның бірі – аудармашылық қызмет. Ағылшын қызына үйленген. Көп кешікпей осы елдің азаматтығын алмақшы. «Мен Қазақстанның Президентіне, Үкіметіне ризамын, — дейді ол. — «Болашақ» бағдарламасын қабылдап, қаншама қазақ жастары шетелдерде оқып, дамыған елдердің білімі мен ғылымын, инновациясын игеріп жатыр. Жаңаша білім алған, озық мемлекеттердің жаңалығы мен тәжірибелерін меңгерген жастардың Қазақстанның дамуына қосар  үлестері де ерекше болатынына сенемін. Ал Қырғыз-станда мұндай бағдарлама жоқ. Қолында билігі немесе мол қаржысы барлардың балалары ғана шетелде оқи алады. Мен өзім ға-ламтор арқылы ағылшындық бір компанияның оқу грантын ұтып алып студент атандым. Ал мұндай гранттар өте аз. Сол себепті біздің жастар қазақ замандастарына қызыға да қызғана қарайды».

14.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Дүйсенбі Лондонда да ауыр күн екенін сезінгендей болдық. Біздің сапарымызды ұйымдастырған Британ кеңесінің бас кеңсесіне таңғы сағат 10.00-де кіріп, кешкі 17.30-да бір шықтық. Осы уақыт аралығында түрлі дәрістер тыңдадық. Түс мезігілінде сол жерде біздегі кофе-брэйк секілді жеңіл-желпі ас-су берілді. Бізге аталмыш кеңестің ғылыми қызметкері Тим Слинсгберг Англиядағы ғылым, технология, инженерлік іс, ағылшын ғалымдарының шетелдік әріптестері арасындағы ынтымақтастығы турасында дәріс оқыды. Оның айтуынша, сексен жылдан астам тарихы бар Британ кеңесі түрлі бағытта жұмыс істейді, көптеген бағдарламаны жүзеге асырады. Соның бірі – Ньютон қоры. Бұл қор Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен жұмыс істейді. Сол себепті серіктес мемлекеттерді үкімет анықтайды. Ондай елдерге қойылатын басты талап – ол дамушы мемлекет болуы тиіс. Қазақстан барлық талаптан өткен. Соңғы екі жылдан бері Ұлыбритания мен Қазақстан арасында «Ньютон-әл-Фараби» атты серіктестік бағдарламасы жұмыс істеуде. Ұлыбритания осы бағдарлама арқылы серіктес елдердің әлеуметтік-экономикалық, соның ішінде ғылыми-зерттеу және инновациялық бағыттағы дамуына қолдау көрсетеді. «Бүгінгі таңдағы өзекті мәселені бірі – нақты ғылым саласында дағдарыстың байқалуы. Әлем елдерінде техникалық мамандар жетіспеуде, – дейді Тим Слинсгберг. – Оған көп адам өзінің ғылымға қатысы жоқтығын айтып, сырт айналып жүргендігі өз әсерін тигізуде. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында біздің кеңес түрлі ісшаралар ұйымдастырып келеді. Мәселен, Шекспирдің туғанына 450 жыл толуына орай әдебиет пен ғылымның байланысын зерттеуге ден қойылды. Шекспирдің шығармаларында айтылатын түрлі дәрілік заттар, олардың құрамы ғылымның зерттеу нысаны бола алады».

Британ ғылыми жазушылары қауымдастығының президенті Мартин Инс өз дәрісінде бұл тақырыпты одан әрі тереңдете түсті. Оның сөзіне қарағанда, соңғы кезде қоғамда ғылыми журналистиканың бәсі биіктеген. Сол себепті әлемдегі жетекші ақпарат құралдары ғалымдарды өздеріне қызметке алуға, өздерінің тұрақты авторы, сарапшысы етіп ұстауға жете мән беруде. Өйткені болашақтағы қуат көздері, ғарыш әлемі, ауа райындағы өзгеріс, обыр секілді аурулар ғылыми мәселеден саяси мәселелерге айналды.

Республикамыздағы ұлттық агенттіктер секілді мекемелер Англияда да бар. Солардың бірі — «Innovate UK» британ агенттігі. Аталмыш агенттік басшысының баспасөз хатшысы болып табылатын Пи Джей Тейлор Лондондағы баспасөз қызметтерінің жұмыстарына тоқталды. Мұндағы мекеме басшылары, соның ішінде мем-лекетке қарайтын мекеме жетекшілері ақпарат құралдары арқылы өздерінің оң имиджін қалыптастыруға тырысады екен. Себебі, шенеуніктердің жұмыстарының жемісті болуы, ел ішінде беделге ие болуы журналистердің олар жөнінде айтқан пікірімен тығыз байланысты. Соған орай олардың баспасөз қызметі БАҚ-пен жүйелі түрде жұмыс істейді. «Егер біздің басшымыз газетке не телеарнаға сұхбат беретін болса немесе ол жөнінде бір материал, хабар дайындалатын болса, біз алдын ала редакцияларға барамыз, — деді Пи Джей Тейлор. — Оны дайындайтын журналистермен кездесіп, мақаланың, болмаса хабардың ойдағыдай шығып, басшымыздың портреті толығымен ашылу үшін не істеу керектігі жөнінде ақылдасамыз. Тілшілер сұратқан деректерді, фото-бейнематериалдарды толығымен қамтамасыз етеміз. Журналист тиісті материалдарды жинақтап болғаннан кейін басшымыз редакцияға барады. Сұхбаттан соң басшымызға түсірілім не материал дайындалу барысында сабырсыздық танытуы немесе кейбір деректерді бүгіп қалғандығы сынды ағаттықтарды жібергенін жалтақтамастан бетіне айтамыз. Мұндай сын бізде достық ақыл, әріптес ескертпесі ретінде қабылданады. Болашақта ондай олқылықтарды жібермеуге тырысады»…

14.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Бүгін әріптестеріміздің бәрі ерекше қуанышты. Себебі сейсенбі күнгі бағдарламамызға сәйкес алғашқы сапарымыз «Би-Би-Си» телерадиокешенінен басталды. Бізді қарсы алған медиакорпорацияның тілшісі Палоб Гош редакцияларда қызу жұмыс жүріп жатуы себепті тілшілердің жұмысын әйнектің сыртынан ғана көре алатынымызды айтты. Тәртіп солай. Медиакорпорацияны тамашалау үшін күніне 15-20 топ келеді екен. Олардың бәрі редакцияға кіріп, аралап жүрсе, жұмыс қайдан жүрсін?! Тіпті редакцияның маңында фотосуретке түсуге де рұқсат жоқ. Тек кіре берістегі дәліз алаңында ғана фото-бейне түсірілім жасауға болады. Палоб Гоштың айтуына қарағанда, «Би-Би-Си» телерадиокешенінің негізі 1922 жылы 18 қазанда қаланған. Алғашында радиобекет болып басталған қызметтің хабарларын англиялықтар ғана тыңдаған. Бірте-бірте оның тыңдармандар қауымы көбейе түсті. Жақын маңдағы шетелдерге хабар тарата бастады. 1932 жылы «Би-Би-Сидің» дүниежүзілік қызметі құрылды. Бүгінде телерадиокешенінің дүниежүзілік қызмет бағдарламасының 130 миллиондай көрермені мен тыңдаушысы бар.

Әлемге қырыққа жуық тілде хабар таратады. Мұндағы репортерлар еш уақытта жауыр болған тақырыпқа бармайды. Ақпараттар беруде бейтарап бағыт ұстанады. Материалға талап қатаң қойылады. Мейлі ол пікірталас бағдарламасы немесе саяси репортаж болсын, бір оқиға туралы әңгіме болса да, барлық ақпарат пен деректің жан-жақты сипаттары санатқа алынып, оқиғаның тұтас картинасын беру талабы қойылады. Кез келген материал редакциялаудан өтеді. Сөздерді ауыспалы мағынада қолдануға ты-йым салынған. Репортердің жеке көзқарасын білдіруге рұқсат жоқ. Тілшінің міндеті – оқиға туралы әңгімелесу, студия қонақтарын сөйлету. Репортер ақпаратты хабарлап қана қоюы тиіс, әрі қарай көрермен не тыңдарманның өзі пікір қорытады…

15.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Лондон әлемдегі халықаралық деңгейде жоғары білім беретін орталық болып та саналады. Бұл шаһарда 200-ден астам ЖОО бар. Олардың басым бөлімі көпбейінді болып табылады. Көпшілік оқу орнында журналистерді де дайындайды. Британдық мамандық классификациясы бойынша БАҚ құралдарын дайындайтын санат «Маркетинг және медиа» деп аталады екен. Біз Лондон қалалық университетінде болдық. Шаһардың орталық бөлігінде орналасқан бұл ЖОО-ның іргетасы 1894 жылы қаланған. Әлемнің көптеген елінен келген 12 мыңдай студенті бар. Университетте оқығандар бакалавр және кеңейтілген магистр дәрежелеріне ие болады. Жоғары білімі барларға арнайы тағылымдамадан өтті деген диплом беріледі екен. Журналистика факультетінде жазушылық шеберлік, баспа ісі, халықаралық журналистика, тележурналистика, газет пен журнал журналисткасы деген бөлімдер бар. Таза журналистік мамандыққа оқытатын бөлімдер саяси, қаржылық, спорт, ғылыми журналистика сынды бөлімшелерге жіктеледі. Бізді ғылыми журналистика бөлімшесіне апарды. Факультеттің материалдық-техникалық әлеуеті біздегі «Хабар», «Қазақстан» арналарынан кем еместігін көріп басымызды шайқадық. Заманауи құрал-жабдықтардың бәрі бар, қажет жағдай толығымен жасалған. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде оқыған да арманда, оқымаған да арманда. Ал мұнда оқуға түсу оңай емес. IELTS, яғни ағылшын тілін меңгеру жүйесі бойынша балдық көрсеткіш 6,5 деңгейінен кем болмауы тиіс. Ал ақылы негіздегі оқу құны жылына орта есеппен 10-17,5 мың фунт стерлинг (5-8 млн. теңге) шамасында.

Университетте болғанда, мұндағы ғалымдардың дәрісін тыңдау бақыты да бұйырды…

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

(Жалғасы бар)


Алғайдағы ағайын арқа-жарқа болған күн

Күні: , 91 рет оқылды

DMS_6046


Өткен жексенбіде көршілес Ресей елінің Саратов облысы,  Александров Гай ауданында бүкілресейлік Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев бастаған өңір делегациясы қатысып қайтты.


Ұлыс тойы Саратов өңіріндегі қандастарымыздың басын қосты. Мерекелік шарада өзге ұлттың өкілдері қазақтың салт-дәстүрлерімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Үлкен тойға ата жұрттан арнайы шақырылған меймандар қатысып, ағайынның қуанышымен бөлісті.

 Күннің суықтығы мен жауын-шашынға қарамастан, мерекеге жиналған жұртшылықтың көңіл күйі көтеріңкі болды. Өйткені әз Наурыз — жергілікті қазақ ұлты өкілдерінің басын қосатын бірегей шара. Қол алысып, төс қағыстырған қандастарымыз ұлттық салт-дәстүрді де ұмытпағандықтарын көрсетті.

Жалпы, он сегіз мың халқы бар, соның 52 пайызын қаракөз қандастарымыз құрайтын Александров Гай ауданының орталық саябағында өткен Наурыз мейрамына Саратов облысының барлық аудандары мен қалаларынан делегациялар қатысты.

DMS_5974Біздің өңірден барған делегация мен келген қонақтарды Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев пен аудан басшысы Сергей Федечкин қабылдады. Жылы шырайлы кездесуден соң өңір басшылары мен қонақтар орталық алаңдағы Ұлы Отан соғысында қаза тап-қандардың мәңгілік алауына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қараөзен жағасында орналасқан саябақ ішіне қаз-қатар тізілген жиырмаға жуық ақшаңқан киіз үйлерде жеті түрлі дәм қосылған наурыз көже пісіріліп, ет асылды. Мейрамға қатысушылар жәрмеңке аралап, көрмелерді тамашалады.

Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр бастап барған аудандық делегация да киіз үй құрып, келушілерді жылы шыраймен қарсы алды. Ерекше көз тартқан ақшаңқан киіз үй алдында қолдарына найза мен қалқан ұстаған қазақтың батырлары, құндыз бөрік пен шапан киген ақсақалдар, тайқазаннан көже сапырған, жүн түтіп, ұршық иірген, қол диірмен тартып бесік тербеткен әжелер, алтыбақан тепкен жастар мерекенің ажарын аша түсті. Әр киіз үйді аралай келіп, осы ауылға тоқтаған өңір басшылары жайылған ақ дастарқаннан наурыз көже мен астан дәм татып, ізгі лебіздерін білдірді.

Орталық алаңда өткен концерттік бағдарламада көпшілік қазақтың халық әндерін ұйып тыңдап, «Қара жорға» биіне тәнті болды. Мерекеге жиналған халықты облыс басшысы Валерий Радаев пен қазақстандық делегация атынан Алмаз Бадашев құттықтады. Концерттік бағдарламада Саратов өңірінің шығармашылық ұжымдарымен қатар Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері, облыстағы казак фольклорлы-этнографиялық орталығының «Яик» ансамблі, жалпақталдық «Қыз Жібек» термешілер ансамблі мен Қазталов аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.

Сәні мен салтанаты жарасқан мереке жергілікті халық үшін үлкен тойға ұласты. Осы мейрам арқылы ресейлік қазақтар туған елінен жырақта жүрсе де, ұлттық салт-дәстүрлерін берік ұстанатындықтарын көрсете білді. Әрі осындай мерекелердің арқасында ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа аманаттап отырмақ. Мұндай тойлар көршілес жатқан екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайта түсері анық.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Орал – Қазталов – Александров Гай – Орал

Нұрғаным ЕРҒАЛИЕВА,

Дарғаш ауданының тұрғыны:

— Біздер осы облыстың Дарғаш ауданынан келіп отырмыз. Осыдан үш жыл бұрын «Аққайың» атты қазақ ансамблін құрған болатынбыз. Бүгінгі Наурыз мерекесіне ауданымыздың атынан өз өнерлерімізді көрсетпек ойымыз бар. Жалпы, соңғы жылдары Ресей жерінде Наурыз мерекесінің дәстүрлі түрде тойлануы бізді қатты қуантады. Осы күні барлық ағайын-бауырлармен бас қосып, бір жасап қаламыз. Шекаралас аудандардан келген қандастарымызға айтарымыз жаңару мен жасару күні сіздерге бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көркейе берейік!

Әбу АЙДАЕВ,

«Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

— Александров Гай аудандағы шешен этномәдени орталығының өкілдеріміз. Морозов атты шағын ауылда тұрып, мал өсіру кәсібімен айналысамыз. Бүгінгі бүкілресейлік Наурыз мерекесін көріп, қуаныштарымен бөлісіп, өз ұлтымыздың дәстүрін насихаттау мақсатында келіп отырмыз. Біз тіккен шатыр ішінен ұлттық тағамдарымыздан дәм татуға болады.

Осы жерде тұрып жатқан жергілікті халықты, соның ішінде қазақ ұлтын қатты сыйлаймыз. Сондықтан барша мұсылман бауырларымызды көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Мереке күні ойға алған барлық арманмұраттарыңыз орындалып, үміттеріңіз ақталуға жазсын!

Самал ЖАНГЕРЕЕВА,

Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

— Александров Гай ауданымен бұрыннан да ауылымыз аралас, қойымыз қоралас ауыл-аймақпыз. Бүгінгі күні осы ауданда тойланып жатқан Наурыз мерекесіне келіп отырмыз. Көршілес аудан болғаннан кейін әрдайым тату-тәтті, бірлікте, достық қарым-қатынастамыз. Күні кеше біздің ауданда тойланған Наурыз мерекесіне де аудан өкілдері шақырулы қонақ ретінде келген болатын. Бүгін ауданымыздың атынан ақшаңқан киіз үй тігіп, ұлттық салт-дәстүрімізді, мерекелік дастарқанымызды жайып отырмыз. Жалпы, мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай ұлттық мейрамдар осы жердегі қандастарымыз бен олардың өскелең ұрпағы үшін тәрбиелік маңызы зор шара деп есептеймін. Барша бауырларымызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын!


Танымал заңгерлердің тегін кеңесі

Күні: , 350 рет оқылды

_MG_


Тоғызыншы сәуірде Орал қалалық қоғамдық кеңесінің ұйытқы болуымен «Халықтық заңгер» атты ауқымды шара өтеді. Осы күні А. Островский атындағы орыс драма театрында сағат 10.00 – 14.00 аралығында өтетін шара барысында төмендегі тізімде көрсетілген біздің облыстың кәсіби білігі жоғары танымал заңгерлері ел-жұртқа тегін кеңес береді.


Ищанов Ғалымжан Сұлташұлы – «Ищанов и партнеры» адвокаттық кеңсесінің төрағасы,

Хисаметдинов Рашид Ғалымұлы – ”Ищанов и партнеры” адвокаттық кеңсесінің адвокат әріптесі,

 Булавцева Валентина Анатольевна – “Ищанов и партнеры” адвокаттық кеңсесінің кеңесшісі,

Жүнісов Марат Назарханұлы – “Ищанов и партнеры” адвокаттық кеңсесінің кеңесшісі,

Елегенова Найля Ғұбашқызы – БҚО нотариалдық палатасының төрайымы,

Орынбекова Айгүл Серікбекқызы – Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты,

Юсубалиев Нұрлыбек Мухамедиярұлы – Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты,

Хабиев Мақсот Нұрымұлы – Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты,

Таужанова Ажар Асқарқызы – Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты,

Золатарева Тамара Владимировна – «Центркредитбанк» АҚ-ның заңгері,

Клёнин Виталий Константинович – «Клёнин и партнеры» заңгерлік компаниясының заңгері,

Клёнина Светлана Мансуровна – «Клёнин и партнеры» заңгерлік компаниясының заңгері,

Фигловская Светлана Борисовна – БҚО әділет департаменті алименттік төлемдерді өндіру бөлімінің жетекшісі.


Акцияға қатысайық, ағайын!

Күні: , 96 рет оқылды

IMG_1594


«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ғой халқымыз. Сол айтқандай, 16 сәуір – Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні аясында тал-терек егуді қолға алуды көздеп отырмыз. Елімізді көркейтуге бағытталған бұл шара облыстың ауыл-аймақтарында өз жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.


Аталмыш акцияны жыл сайын жалғастыру дәстүрге айналып келе жатыр. Акцияда орман алқаптарын тазалау, ағаштарды бұтау, жас ағаш көшеттерін егу қолға алынады. Мақсат – қала мен ауыл тұрғындарының, соның ішінде балалар мен жастардың туған ауылын көгалдандырып, орманды сақтауға деген жанашырлығын арттыру. Осы жерде әлемдік тәжірибеге аз-кем көз жүгірткен де артықтық етпес. Италияда 1923 жылдан бастап 21 наурызда елде «Жаңару» және «Табиғат» мерекесі өткізіліп, жаппай терек егу жүзеге асады екен. 1,5 миллиардқа тарта халқы бар Қытайда 1981 жылдан бастап, 11-60 жас аралығындағы әр адам 3-5 түп ағаш егуге міндетті көрінеді. Сонда бір жылда мың емес, миллион емес, бірнеше миллиард түп ағаш егіледі. АҚШ-та «Терек егу мерекесі» 1872 жылдан бері өткізілетін болса, соңғы жарты ғасыр бойы Вьетнамда бұқаралық ақпарат құралдары халықты көшет егуге шақыруды өзінің міндеті санайды. Оңтүстік Кореяда да заңдастырылған «Ағаш егу мерекесі» бар. Адамзатқа теңдессіз, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ағаштың маңыздылығын айтып жеткізу өте қиын. Адам ауасыз бір минут та өмір сүре алмайтын болса, сол ауаны тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаратын – тал-терек. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін теректен артық ауаны тазартатын бірде-бір ыңғайлы нәрсені таба алмапты. Ағаш ауаны тазартуға қоса дыбысты реттеп, шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді. Әсіресе, қаладағы теректердің шуды азайтуға қосар қызметтері орасан. Яғни шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден-бір құрылғы. Сондай-ақ олар ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырдың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлылығын сақтайды, дауылдардың екпінін азайтады және тағы да басқа ізгі қызметтер атқарады. Сондықтан да халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына оң әсерін тигізіп, еліміздің көркеюіне үлес қосар игілікті шарадан қалыс қалмау – әрбір азаматтың борышы. Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні акциясына баршамыз жаппай ат салысайық дегіміз келеді.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы


«Балаңыз соғыста қаза тапты…»

Күні: , 847 рет оқылды

ukraina_podderzhala_igil_ognem


Елімізде дінімізді құрметтеуге барлық жағдай жасалса да, шалыс басып, шалт кетіп, шетел асқан мұсылман бауырларымыз, өкінішке орай, баршылық. Жалған намыстың жетегіне еріп, Оралдан Сирияға кетіп, сол жақта марқұм болған cаралжындық жігіттің анасымен сұхбаттасқан болатынбыз.


— Айбарша апа, қазаның арты қайырлы болсын. Балаңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

— Жолдасым 2005 жылы қайтыс болғанда, балаларым жас еді. Соларды өсірдім, өндірдім. Әділбек – баламның үлкені. Өте әдепті, тәртіпті болды. Орал педагогикалық колледжінде оқып жүріп, соңғы курсынан тастап кетті. «Мама, академиялық демалыс алдым, асықпай бітіремін ғой», — деді. Содан үйленді, немерелі болдым. Ата-енесімен бірге тұрды. Мешітке барып жүрді. Бокстан, таэквондодан хабары бар. Балаларымның ішіндегі маған ең жақыны да, сырласып, ашылып әңгіме айтатыны да сол балам еді.

— Сирияға кететіні туралы білдіңіз бе? Мүмкін ана жүрегі сезген шығар? Ол жаққа кетуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

— Жоқ, білген де, сезген де жоқпын. Жағдайлары жоқ дейін десем, жұмыстары бар, саяжайлары бар, атасы жұмыста, енесі мүгедектігіне байланысты зейнетақы алады. Шет жерге кетпестен 1-2 күн бұрын немеремді алып үйге келіп, қонақ болып, әжесіне барды. Немерем аздап сырқаттанған соң, такси шақырып, Оралға кетті. Содан хабар болмай қалды. Төрт күннен кейін қызыма айтып, «Үйлеріне барып келші», — дедім. Қызым үйіне барса, басқа адамдар тұрып жатыр екен. «Бұл үйде ондай адамдар тұрмайды», — депті. Он-он бес күннен кейін балам өзі хабарласып, «Мама, біз кетіп қалдық, кешір», — дейді. Бұл 2013 жыл болатын. Басқа нөмірден хабарласты түннің бір уағында. Бір қаланы айтады, тіпті есімде жоқ. Аңырап, есімізден тандық та қалдық. Содан бері ішкенім ірің, жегенім желім болып жүрдім.

— Хабарласып тұрды ма? Соңғы рет қашан хабарласты?

— Үнемі хабарласып тұрды. Өткен жылы 9 мамырда соңғы рет хабарласты. Бір күні «Балаңыз соғыста қаза тапты» деген хабар келді. Ол жаққа ата-енесімен бірге кеткен екен. Екі группаласы шақырып алған деп айтады. Оны кейін білдім. Атасы да сол жақта қараша айында соғыста қаза тапқан. Құдағайым, келінім, немерем сол жақта. Немеремді сағындым, ең болмаса көріп, қолынан ұстай алсам, жарар еді деп жылап отырамын. Келінім сөйлесіп тұрады, немеремнің сөйлегенін телефонмен жіберіп отырады. Біздің отбасымызға өте ауыр тиді. Әсіресе, өзінен кейінгі інісі Жәнібегім қатты қайғырады. Өзінің бауырына, кішкентай інісіне сағынышын өлеңге қосып, үнемі жазып отырады. Оны оқып мен егілемін. Әбден шаршадым. Үшінші баламды үйлендірдім. Келінім балалар үйінде тәрбиеленген, қазір балам екеуі Бұлдыртыда шаруа қожалығында жұмыс жасайды.

— Өзіңіз, басқа балаларыңыз дін жолын ұстана ма? Бауырлары ағасы туралы не айтады?

— Өзім бір жыл болды намазға жығылғаныма. Бауырлары да дін жолында. Өзім дін істері басқармасы берген кітаптардан оқып үйрендім. Ағасын жоқтап, бауырлары егіліп отыр. Олардың мұндай жолға бармайтынына сенімдімін. Көріп отырып өлімге бармайтын болар, өздері менімен бірге еңіреп жылап отыр бауырларын жоқтап. Келінім 1994 жылы туған. «Елге қайтыңдар, немеремді көрейін» деп жазып жатырмын. Бірақ әзірге нәтижесіз.

— Жастарға, жалпы қоғамға не айтасыз?

— Мен баламның ол жаққа кететінін білмей қалдым, білсем, оған жол бермес едім. Қай ата-ана баласын ол жаққа біліп жіберіп жатыр дейсің. Жастарға айтарым, ақылдарыңнан адаспаңдар. Дұрыс жолмен жүріңдер. Ендігі жерде ата-аналар мен секілді баласын жоқтап жыламасын деп тілеймін. Қазір немеремнің амандығын тілеп, бір иіскеуге зар болып отырмын. Сондықтан ата-аналарға да балаларын қадағалап, мұқият болуын сұраймын. Ол жаққа жағдайы болмай немесе күн көре алмай кетіп жатқан жоқ. Жалған намысқа еріп кетіп жатыр жастарымыз. Ел болып, қоғам болып осының жолын кесуіміз керек.

Осы  жағдайға  байланысты  Қаратөбе  ауданының  теолог  маманы  Әмірбек  Әлібекұлына  жолығып,  пікірін  білген  едік.

— Жалпы мұндай жағдай жалғыз Әділбектің басындағы ғана емес, діннен ешқандай хабары жоқ жастардың мәселесі. Өйткені олар жиһад деген жалған ұранмен өзі туып-өскен елді мекенін тастап, Отанынан безіп, шетел асып, со-қыр сенімге көзсіз еріп кетуде. Әділбек те сондай азаматтардың айтқанына көніп, ешкімнің ақылына құлақ аспастан, ар-ожданын аяққа таптап, шын намыстың аражігін ажырата алмай, жалған намысқа тырысып, осындай қадамға барған. Бұл жерде Әділбек діни ағымға ақылының таяздығынан емес, діни білімінің таяздығынан кетіп қалып отыр. Оның Сирия секілді мемлекетке баруы, тіпті ата-анасының рұқсатынсыз баруы ҚМДБ тарапынан құпталмайды және ол ислам дінімізде де қатаң айыпталады. Сирияда болып жатқан соғысты Әділбек секілді жастарымыз дін үшін емес, өз мемлекетінде болып жатқан азаматтық соғыспен шатастырмауы қажет. Бір мысал айтайын: баршамызға, жалпы азаматтарға Отанын қорғау, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – азаматтық әрі адамзаттық борыш. Ал сол азаматтар әскерге барудан қашады. Сөйтіп келіп, Сирия секілді өзге мемлекетте жиһад деп жалған антпен ұраңдатып соғысуға құмар. Менің айтпағым, өз Отанын қорғай алмайтын – адам, өзге мемлекетті қорғамақ түгілі, пайдасын да тигізе алмайтындығы – ақиқат нәрсе. Ислам діні – қару алып, соғысуға емес, қалам алып, ғылым алуға үгіттейтін, насихаттайтын ең кемел дін.

— Ваххабизмнің салдары қандай?

— Ваххабизм – дін емес, қаржылық мақсатты көздейтін біреулердің саяси идеологиясын қоғамға күштеп тарататын саяси ұғым және исламның мақсат-мүддесін басқа арнаға бұратын, дінімізді қаралайтын ұйым. Белгілі бір адамдардың саяси шоғыры. Ваххабизмнің негізгі ошағы – Сауд Арабиясы мемлекеті. «Қазіргі қоғамда біз ғана тек таза дінді ұстанамыз» деп, қалғандарын адасушылықта санайтын адамдар тобы. Өйткені ислам дініндегі негізгі Құран-Кәрімді және пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерін дұрыс түсінбеудің салдарынан әрбір аяттың, хадистің астарлы мағынасына терең бойламай, тікелей мағына беруінде және солай қаз-қалпында түсінуінде жатыр. Олардың негізгі көріністері – қоғамды айыптау.

Намаз оқымаған адамды, ата-анасын кәпірге шығару. Осындай мәселеден келіп ислам дінін адамдарға қорқынышпен насихаттауында жатыр. Қазіргі қоғамда ваххабизмнің көріністерін діни үкімдерге қарап та ажы-ратуға болады. Қарапайым дау туындамайтын мәселелерде бүйректен сирақ шығарып, діннің әмірі мен тыйымдарын дұрыс оқымағандықтан, білмегендіктен, жалған пәтуа беріп, қарақұрым халықты да адастыруда. Мысалы, «Намаздан кейін бет сипауға болмайды, Құран оқып, кейін бет сипауға болмайды» деген түсініктерді тудырып, ғалымдар қаузап кеткен мәселені қайтадан өршітіп, өздерінше ғылымға, ислам дініне жаңалық енгізгендей түсініктерімен ерекшеленіп жүр. Негізінде бұл өзі – жеке тақырып. Бір том кітапқа жүк болар тақырып. Оны қарапайым халыққа ақпарат құралдары арқылы да насихаттаймыз деген ойдамын.

— Жастарымыздың дін жолын ұстанамыз деп теріс бағыттағы ағымға түсіп кетуіне не себеп деп ойлайсыз?

— Біріншіден, мұның да көптеген қырлары мен біз біле бермейтін сырлары көп. Дін – өте нәзік мәселе. Ол – үлкен ғылым саласы. Оны кез келген санасы саяз жастар да, орта буын аға да, жасы келген қария да дін туралы негізі болмаса, өз бетінше түсініп кете алмайтындығы анық. Біз тәуелсіз ел болып, еңсемізді тіктегенге дейінгі уақыттардан бұрын Кеңес өкіметінің бодауында болдық. Қарапайым халыққа дінді апиын деп түсіндіріп немесе дінге тыйым салған кездердің болғандығын білеміз. Соның салқыны тәуелсіздік алсақ та, қазіргі қоғамда үрей тудыруда. Қазір баласы дін туралы бір нәрсе айтып яки мешітке барса, «Барма!» деп тыйым салып жатқан ата-аналарды көресіз. Бірақ ертең баласы мешіттен емес, сол дінді көшеден үйренсе, адасса, кім жауап берген болар еді. Әлбетте, бұдан ешбір ата-ана өзін ақтай алмасы анық. Менің қысқаша айтпағым, біз өзіміздің рухани тірегіміз болған дінімізді бала жастан санасына ол түсінетін деңгейде айтып отырсақ, өзіміздің де дін туралы мағлұматымыз болса, бүгінгідей ағымдарға біршама тосқауыл болар еді. Дін мешіттегі молдаға яки намаз бен Құран оқитын адамға керек емес екендігі ақиқат. Ол біздің өмір сүріп отырған қоғамымызға қажет. Діни сауатты болсақ, өзімізді дұрыс жолға, кейін отбасымызды, қоғамды дұрыс бағыт-бағдарға, түсінікке, дініміз туралы адаспауға шақыра аламыз.

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚҰМАРҰЛЫ,

Қаратөбе ауданы


Мешін жылы макака келді

Күні: , 71 рет оқылды

маймыл Оралдаги


Облыстық экологиялық-биологиялық орталығына келушілер енді тірі маймылды көзбен көріп, тамашалай алады. Қазір аталмыш орталықта 80 түрлі жануар тіршілік етеді.


Аталмыш орталықтың шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ирина Пестованың айтуынша, бұл маймыл Алматы қаласындағы зоопарктен ақпан айында әкелінген. Алдымен  жабық орынға қамалып, бірнеше күн бақылауда болған. Содан кейін ашық торға көшіріліпті. Валерик деген аты бар екі жастағы маймыл приматтар (жоғары сатыдағы сүтқоректілер) отрядына, макака-резус түріне жатады.

Макака жеміс-жидекті, көкөністі және түрлі дақылдардан пісірілген ботқаларды, тәттілерді жегенді ұнатады. Оған апельсин мен мандарин ұнайтынын іс жүзінде байқап көрдік. Бір қызығы, экзотикалық жануар торға жақындаған ересек адамдарға елең ете қоймады. Ал кішкентай қыз бала жақындап келгенде, жатқан жерінен шапшаң тұрып, торға жетіп келді. Тіпті керілген арқанмен секіріп, ілулі сақинада тербеле бастады. Оның балаларды жақсы көретіні сырт көзге анық байқалып тұрды.

— Орталықтағы жануарларды экскурсияға келушілерден түсетін қаржы есебінен асырап, ұстаймыз. Дәнді дақылдарды, соның ішінде жарманы, сұлыны, жем-шөпті, барлығын да өзіміз сатып аламыз. Жыртқыш аң-құстарға қажетті ет негізінен Орал құс фабрикасынан жеткізіледі. Сонымен қатар аң-құстарға арнап жаңа торларды да түскен ақшаға жасатамыз. Аңдардан қоңыр аю, қасқыр, түлкі, ал құстардан қырғауыл, аққу, қаз, тауыс секілді қанаттылар – біздің орталықтың тұрғындары”. Сонымен қатар бауырмен жорғалаушылар мен кеміргіштердің кей түрлерін де көруге болады, — деді Ирина Владимировна.

Айтқандай, өткен жылы шілде айында осындағы Устин атты қоңыр аю ауырып, өлген еді. Қазір орталықтағы Даша деген ересек аю және Катя атты жас аю қысқы ұйқыда екен. Олардың күтушісі екі аюдың 3-4 күн сайын оянып, жарыққа шығып тұратынын айтады. Енді мешін жылы зоопаркке жаңадан қоныстанған Валериктің бала біткеннің сүйсіне тамашалайтын жануарына айналатыны кәміл.

Анар МАРКСҚЫЗЫ,

Орал гуманитарлық  колледжінің 2-курс студенті


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 110 рет оқылды

торегалиев256


Орал қалалық әкімдігінің үлкен залында өткен актив жиналысында облыс әкімі Алтай Көлгінов қаланың жаңа басшысын таныстырды.


– Қазақстан Республикасының «Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару» туралы заңына сәйкес аудан және қала әкімдері жергілікті мәслихат депутаттарының және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімдерімен тағайындалады. Орал қалалық мәслихаты депутаттарының келісімімен Орал қаласының әкімін таныстыруға бас қосып отырмыз, — деген өңір басшысы Алтай Көлгінов облыс әкімінің өкімімен Орал қаласының әкімі болып тағайындалған Нариман Төреғалиұлы Төреғалиевті қала  активіне  таныстырды.

Нариман Төреғалиев 1964 жылы Орал облысы Тайпақ ауданы Есенсай ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын, 2004 жылы Қазақ қоғамдық уни-верситетін тәмамдаған. Мамандығы – инженер-экономист, заңгер.

Еңбек жолын бұрынғы Ақжайық ауданының «Есенсай» кеңшарында 1981 жылы жұмысшы болып бастаған.

1982-1984 жылдары – Венгр халық республикасында  Кеңес  әскері  қатарында.

1985-1990 жылдары – Жамбыл гидромелиорация  құрылыс  институтының  студенті,  Жамбыл   қаласы.

1990-1991 жылдары – 18 партсъезд атындағы арнаулы шаруашылық бірлестігінің еңбек және еңбекақы жөніндегі экономисі, Теректi  ауданы  Ұзынкөл  ауылында.

1991-1995 жылдары – 18 партсъезд атындағы арнаулы шаруашылық  бірлестігінің  бас  экономисі,  Теректi  ауданы  Ұзынкөл  ауылында.

1995-1997 жылдары – шаруа қожалығы штатының мүшесі, Теректi ауданы  Ұзынкөл  ауылы.

1997-1999 жылдары – «Айтиев» өндiрiстiк кооперативінің бас бухгалтері, жабдықтаушы мiндеттерiн атқаратын бас экономист, Теректi ауданы Ұзынкөл ауылы.

1999-2001 жылдары – «Ақжол» шаруа қожалығының басшысы, Теректi ауданы, Ұзынкөл ауылы.

2001-2002 жылдары – Теректі ауданының еңбек, жұмыспен қамту және  халықты  әлеуметтік  қорғау  бөлімінің  бастығы.

2002-2003 жылдары – жалпы үлгідегі Орал интернат үйінің директоры, Орал қаласы.

2003-2005 жылдары – Батыс Қазақстан облысының еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының  орынбасары,  Орал  қаласы.

2008 жылдары – Батыс Қазақстан облысының еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары, Орал қаласы.

2008-2010 жылдары – ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры, Орал қаласы.

2010-2012 жылдары – Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы, Орал қаласы.

2012 жылдан  бастап – БҚО  Ақжайық  ауданының  әкімі.

2015 жылдың 12 маусымынан бастап – Батыс Қазақстан облысы әкімінің  орынбасары.

2016  жылдың  5 сәуірінен –  Орал  қаласының  әкімі.

DMS_6770Облыс әкімдігінің үлкен залында өткен актив жиналысында облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс активіне облыс әкімінің жаңа екі орынбасарын таныстырды.

Облыс әкімінің әлеуметтік сала және ішкі саясат мәселелері бойынша орынбасары лауазымына тағайындалған  Марат  Лұқпанұлы  Тоқжанов  облыс  активіне  таныстырылды.

Марат Лұқпанұлы Тоқжанов 1965 жылы туған, білімі жоғары, Қарағанды мемлекеттік университетін (тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі мамандығы  бойынша),  Қазақ  мемлекеттік  заң  академиясын  (заңгер)  бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Жезқазған облысы Сәтбаев қаласындағы мектеп-интернатта  мұғалім  болып  бастаған.

1990-1991 жылдары – Сәтбаев  қалалық  комсомол  комитетінің  екінші  хатшысы.

1991-1994 жылдары – Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының саяси  тарих  кафедрасының  ассистенті.

1994-1999 жылдары – Алматы қаласындағы «Ақжайық ЛТД» ЖШС директоры, кейін ҚР Ғылым министрлігінің Ә. Марғұлан атындағы археология институтының  аға  ғылыми  қызметкері.

1999-2000 жылдары – Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бұқаралық ақпарат құралдары және насихат бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы.

2000-2003 жылдары – ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік материалдық резерв жөніндегі комитеттің кадрлар бөлімінің меңгерушісі. Сол жылы республикалық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инспекциялық басқарманың бөлім бастығы  болып  істеген.

2003-2004  жылдары  – ҚР  Әділет  министрлігі  ішкі  әкімшілік  департаментінің  бөлім  бастығы.

2004-2007 жылдары – Қарағанды облысы Теміртау қалалық әділет басқармасының бастығы.

2007-2008 жылдары – Орал қаласы әкімінің орынбасары.

2008-2010 жылдары – Шыңғырлау ауданының әкімі.

2010-2012 жылдары – облыстық білім басқармасының бастығы, 2012 жылдан – Батыс Қазақстан облыстық  ішкі  саясат  басқармасының  бастығы.

27.06.2013 жылдан бастап  – Батыс Қазақстан  облысы  әкімі  аппаратының  басшысы.

2016  жылдың  5  сәуірінен –  БҚО  әкімінің  орынбасары.

DMS_6775ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен облыс әкімінің экономика, қаржы мәселелері бойынша орынбасары болып тағайындалған  Бибігүл  Тишанқызы Қонысбаева  облыс  активіне  таныстырылды.

Бибігүл Тишанқызы Қонысбаева 1975 жылы 19 қазанда Өзбек КСР-ның Ташкент қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Ақмола қаржы-экономикалық колледжін, 2003 жылы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын қаржы  және  несие  мамандығы  бойынша  бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Шыңғырлау аудандық қаржы  бөлімінде  бастады.

1996-2005 жылдар аралығында БҚО қаржы басқармасында экономист, аға  маман,  бөлім  жетекшісі  қызметтерін  атқарды.

2005-2011 жылдары – Батыс Қазақстан облыстық қаржы департаментінің бөлім басшысы.

2011-2012 жылдары БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының  бюджет  саясаты  және  жоспарлау  бөлімінің  басшысы.

2012-2015 жылдары БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы  басшысының  орынбасары  қызметін  атқарды.

2015 жылдың 13 наурызынан бастап БҚО экономика және бюджеттік  жоспарлау  басқармасының  басшысы.

2016 жылдың 5 сәуірінен – БҚО әкімінің орынбасары.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Бизнес-омбудсменді қабылдады

Күні: , 76 рет оқылды

IMG_9559


Сейсенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша өкілетті уәкіл Болат Палымбетовті қабылдады.


Кездесу барысында өңір басшысы мәртебелі мейманға «Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіз!» айтып, Елбасының тапсырмасына сәйкес шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға облыста да жете мән беріліп отырғандығын атап өтті. Соған орай әкімшілік кедергілерді жою, инвестиция тарту, бизнеске қолайлы жағдай туғызу – жергілікті атқарушы биліктің басты назарында. Бұл бағытта орталық органдармен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен де тығыз байланыс орнатылды.

– Бізге бұл бағытта бүгінге дейін қол жеткізген табыстарымызбен тоқтап қалуға болмайды. Себебі аталмыш саладағы бәсекелестік жыл өткен сайын артып келеді, жаңа нарықтар пайда болуда. Жаңа нарықтар біздің кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндік екенін де естен шығармауымыз керек.

Соған байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының жергілікті өкілдіктерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, туындап жатқан мәселелерді, оларды шешу жайларын, алдағы іс-шаралар жоспарларын қарастырып отырамыз. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асуда, — деді өз сөзінде Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған Болат Палымбетов Алтай Көлгіновті облыс әкімі болып тағайындалуымен құттықтады. «Өткен жылдың соңында қабылданған Кәсіпкерлік туралы кодекске сәйкес биыл елімізде бизнес-омбудсмен институты құрылды. Ондай ұйым Қазақстанда бұрын-соңды болған емес, – деді ол. – Біздің алдымызға көптеген міндет қойылды. Олардың ең бастылары – шағын  және орта кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беру, кәсіпкерлік қызметінің қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп қызмет атқарудамыз. Өзімізді таныстырайық, өңірдегі жағдайды білейік, кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдайық деп Батыс Қазақстан облысына ат басын бұрып отырмыз. Алғашқы сапарымызды Ақ Жайық өңірінен бастауымыз тегін емес. Сіз «Болашақ» бағдарламасы аясында шет елде оқыған, экономикасы озық елдердің мәдениетін, іс-тәжірибесін көрген, креативті ойлай алатын жас әкімсіз. Ертең, бұйыртса, Алматы қаласына барамыз. Ондағы әкім де сіз сияқты «Болашақпен» оқыған, елімізде үлкен лауазымдарды атқарған жан. Сол себепті алдағы уақытта бұл бағыттарда бірігіп жемісті еңбек етеміз деп ойлаймын».

Әкім қабылдауынан кейін Болат Палымбетов БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«BI Жұлдыз-ай» фестивалі өтті

Күні: , 60 рет оқылды

DSC_0518


Орал қалалық білім беру бөлімі жанындағы мектептен тыс жұмыс орталығында «BI Жұлдыз-ай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығы республикалық фестивалінің қалалық  кезеңі өтті.


Фестивальда бейнелеу өнері, көркем қолданбалы өнер, аспапта орындау, хореография, вокал аталымдары бойынша 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер бақ сынады. Аталған шараға қала мектептеріндегі түзету сыныптарынан  80-ге жуық бала қатысты.

Бейнелеу өнері  бойынша  Чингиз Нуриев (МТЖО), Аружан Мұқаш (№37 мектеп), аспапта орындаудан Дәурен Тілегенұлы (№42 мектеп-гимназиясы), вокал аталымында Роман Назаров, Асанәлі Дүйсенов, хореография аталымында Семен Шевченко, көркем қолданбалы өнер аталымы   бойынша Ангелина Бригида (№23 мектеп), Алтынай Қуанышеваның (МТЖО) өнерлері үстем болды.

Сайыс қорытындысы бойынша аталымдардың жеңімпаздары Орал қалалық білім беру бөлімінің дипломдарымен, қатысушылар алғысхаттармен марапатталды. Үздік өнерімен танылған оқушылар  об-лыстық кезеңге жолдама алды.

Нұргүл ЖАМБЫЛҚЫЗЫ,

МТЖО әдіскері,

Орал қаласы


Жанашыр азаматтардың арқасында 40 кісі ажалдан аман қалды

Күні: , 291 рет оқылды

Лубен фото


Өткен  наурыз айының 15-і күні  Шыңғырлау – Лубен  бағытындағы  жолмен келе жатқан  Лубен  ауылдық  округі  әкімі  аппаратының,  ауылдық  мектеп  пен  фельдшерлік  амбулаторияның  аутокөліктері,  сондай-ақ Қарағаш  ауылдық  округінің  «Жедел  жәрдем» аутокөлігі  Қотантал және Қайыңды  ауылдарының  арасында  бет қаратпас боранның кесірінен жолда қалады.  Бұл  аутокөліктерде  Лубен  ауылдық  округі әкімі  бастаған 40 кісі, соның  сегізі  мектеп оқушысы  болған. Боранда қалған балалардың  үстіндегі  киімі  өте  жұқа, кейбірі тіпті аяқтарына  резеңке  етік киген екен.


Аудан  әкімі  Алдияр Халеловтің   жағдайды жіті назарда ұстап, үздіксіз қадағалауы және өзі де жол да қалған Лубен ауылдық округінің ауыл  әкімі  Ғабдел Жұмашевтің  жан-жаққа  телефон  шалып, тығырықтан  шығудың  жолдарын  ұтқыр ұйымдастыруының арқасында адамдар аман қалды. «Жұмыла  көтерген  жүк  жеңіл»  демекші, қиындыққа  душар  болған  жолаушыларға  жүрегінде  иманы бар біздің ауылдың  бір  топ  азаматтары  түн  ұйқысын  төрт  бөліп,  боранға  қарамай,  қолда  бар  техникаларымен  көмекке  келді.  Атап  айтсақ, Т. Тағаниязов, Ю. Бокаев, М. Мерәлиев, К. Жиесов, Т. Балжанов  және  Лубен  ауылдық  округі  учаскелік  полиция инспекторы М. Өксікбаев, ертеңіне әкімшілік қызметкері Қ. Қосмағанбетов  пен  мектеп  директоры С. Тайпақованың  тікелей   араласуымен,  түс  ауа  екі  трактор  және  «УАЗ»  аутокөлігімен  М. Мұқанов  пен С. Костюк,  Ж. Әбдірахманов пен З. Құрманов  көмекке  барды.

«Мезинов» шаруа  қожалығының басшысы Николай Мезинов (суретте) өзінің жеке тракторына қоса, ауылдан  шыққан  барлық  техникаларды өз есебінен жанаржағармаймен және әбден тоңып-шашыраған жолаушыларды азық-түлікпен  қамтамасыз  етті.  Бұған қоса Николай Владимирович нағыз  азаматтық  танытып, әр  сағат  сайын хабарласып, мән-жайды  біліп  отырды. Сонымен  қатар  жолаушыларға «снегоходпен» тамақ, жанар-жағармай тасымалдаған азамат Василий Макайдаға да ауылдастары дән риза. Қыстың долы боранынан аман қалған жолаушылардың біздің ауылдың  жанашыр әрі ұйымшыл  азаматтарына  деген  алғыстары  шексіз. Мәрт мінезді, жан дүниелері мейірім-шуақты бұл азаматтардың  отбасыларына біздің ауылдың барша үлкен-кішісі амандық-саулық пен бақ-береке, ұзақ өмір  тілейді.

«Бес саусақ бірдей емес» дегендей, өкінішке орай, азық-түлікпен, техника және жанар-жағармаймен жәрдемдесуге мүмкіндігі бола тұра, жетпіс желеу, сексен сылтау айтып,  боранның тұтқынында қалған ауылдастарының қыл үстіндегі тағдырына селт етпеген жергілікті кәсіпкерлер де болды. Сөйте тұра, әйтеуір, абырой болғанда, жанашыр азаматтардың жанкешті іс-әрекеттерінің арқасында 40 кісі боран құрсауынан, яғни ажал тырнағынан құтқарылды. Қарайған адамның өмірін жалмай жаздаған осы оқиға  төтенше  жағдайлар  құрылымдарының басшы-қосшысына түгел сабақ болса екен дейміз.

Лубен  ауылының  тұрғындары  атынан: Салтанат  ҚЫЛЫШЕВА,

Галина  ЛАГУТА,

Шыңғырлау  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика