Мұрағат: 05.04.2016


Сақ бол, зика жұқпасы!

Күні: , 85 рет оқылды


Таяуда облыстық денсаулық сақтау басқармасында 7 сәуір – Халықаралық денсаулық күніне орай  облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен зика вирусының алдын алуға арналған брифинг болды.


Жиынды ашқан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім меңгерушісі Альфия Нұрланбаева зика жұқпасы туралы баяндап берді. Зика жұқпасы алғаш рет 1947 жылы Уганда Республикасында маймылдан табылған. Жұқпаны Aedes масасы таратады және бір қызығы, маса адамды таңертең және кеште шағады екен.

Аталмыш вирус 1952 жылы Уганда елінде және Танзания Республикасында, Африка, Солтүстік Америка, Азия, Тынық мұхит аймағында тіркелген. Біздің ғасырда 2007 және 2013 жылы Тынық мұхит аймағынан, 2015 жылы Америка, Бразилия, Колумбия, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Американың 13 елінде табылды.

— Жұқпа маймылды шаққан маса арқылы тарайды. Зика жұқпасы жүкті әйел үшін өте қауіпті, себебі құрсақтағы баланың миына әсер етіп, микроэнцефалия ауруына әкеп соғады. Нәтижесінде бала ақыл-есі кем туады және өмірінің соңына дейін жарымес болып қалады. Аурудың алдын алатын, жүкті әйелді емдейтін вакцина әлі табылған жоқ. Зика жұқпасы тропикалық, ылғалды аймақтарда кездеседі. Біздің облыста, жалпы республикада тіркелген жоқ. Бірақ Тайланд, тағы басқа да шетелге демалуға барғанда сақ болған жөн, — деді А. Нұрланбаева.

А. Нұрланбаева журналистердің «Зика жұқпасынан адам өледі ме, егер адам маса шаққанын байқамай қалса, бірақ аурудың белгілері зика жұқпасына дәл келген жағдайда қандай жолмен анықталады, адамнан адамға жұға ма?» деген сұрақтарына жауап берді.

– Зика жұқпасынан адам өлімі тіркелген жоқ. Жұқпа зертханада қан, сілекей және кіші дәрет арқылы анықталады. Ал ғалымдар арасында ауру адамнан төсек қатынасы арқылы жұғуы мүмкін деген болжам бар, бірақ ол әлі дәлелденген жоқ, – деді дәрігер.

Аталмыш жұқпа белгілеріне ұйқы басу, дене қызуы, буын, бұлшық ет, бас ауруы, әлсіздік, көз қызару жатады. Бұл белгілер 2-7 күнге дейін сақталады және ауру жеңіл өтетіндіктен, арнайы емді қажет етпейді. Көктем, жаз айларында есік-терезеге тор ұстап, жабық киім киген абзал.

7 сәуір – Халықаралық денсаулық күні аясында облыстағы барлық емхана-ауруханада, медициналық мекемелерде, халық көп жиналған жерлерде зика вирусы туралы ақпарат парақшасы таратылып, дәрігерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандарының қабылдауы, “Ашық есік” күндері өтеді. Зика жұқпасы туралы ақпараттар барлық әлеуметтік желілерге салынады.

Ұ. ҚАБОШҚЫЗЫ


«Алашорданың музейі Оралға да керек»

Күні: , 339 рет оқылды

IMG_9346


Осы сауалдың аясында өткен аптада «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында «Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай келер жылы Батыс Қазақстан облысында қандай шаралар ұйымдастыруға болады?» деген тақырыппен дөңгелек үстел өтті.


«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин төрағалық еткен шарада аталған тақырыпта тарихшы-ғалымдар, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, тарих және археология орталығының өкілдері өзара бас қосып, ой бөлісті.

Жантас САФУЛЛИН,

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры:

— Биыл атап өтілер Ә. Бөкейхановтың 150 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен келер жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы еліміз үшін үлкен саяси-тарихи маңызы бар атаулы даталар екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан мерейтойларға қатысты алдағы уақытта ұйым-дастырылатын барлық жұмыстар мен шараларды жүйелі түрде, кезең-кезеңімен өткізуді қазірден бастап қолға алып, іске кірісуіміз керек.

Біз өз тарапымыздан 1919 жылы шыққан «Дұрыстық жолы» газетін түгел аударып, кітап қылып шығаруды қолға алдық. Баспаға жіберуге дайындап, жақын күндері бұл еңбек те қолымызға тиеді деп күтіп отырмыз. Осы кезге дейін облысымыздың баспасөз тарихына қатысты «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия» газеттерінің, «Қазақ дұрыстығы» газетінің табылған сандарын кітап етіп шығарып үлгердік. Мұның өзі қазақ баспасөз тарихына қосылған сүбелі үлес деп есептеймін. Ендігі мәселе — осылардың бәрін тарихи айналымға енгізу. Бұдан бөлек құлпытастардың тарихы бойынша да жұмыстар жалғасуда. Елге жанашыр азаматтардың арқасында құлпытастар тарихын зерттеу ісі бірізділеніп, жүйеленіп келеді.

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,

Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қорының төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы:

— Зашаған кентінде бұдан бұрын елу шақты Алаш қайраткерлерінің атына көше аттары берілді. Бірақ олардың аты бар да, сұрқы жоқ, ұсқынсыз көшелерге айналып кетті. Алдағы тазалық айлықтарында аталмыш көшелерде студенттер мен жастар жұмылып, күл-қоқыстан тазартылып, көшеттер отырғызылса;

— Өткен жылы қала әкімі болған Алтай Сейдірұлы Зашаған ауданындағы М. Мөңкеұлы көшесі бойынан Алаш қайраткерлеріне арналған аллея салу үшін жер бөлген болатын. Бұл жерге жоба бойынша ескерткіш орнатылып, субұрқақтар салынып, жалпы көпшілік халық демалатын орынға айналдыру көзделген. Осы жобаның құрылысы биыл басталса, келер жылы 100 жылдыққа керемет тарту болар еді;

— Әлиханның мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін 150 жылдығына орай жаңашыл форматта облыстық жастар форумын өткізуді жоспарлау керек.

— Алдағы жаз айларында тарихқа жанашыр қоғамдық қор өкілдерімен бірлесіп, Сырым ауданына экспедиция жасақтауды жоспарладық. Мақсатымыз — деректер бойынша ауданның Қарақұдық деген жерінде жер астына көмілген Жаһаншаның көлігіне іздеу жұмыстарын жүргізу. Ауыздан-ауызға тараған әңгімеге сүйенсек, ғалымдардың қызығушылығын тудырып жүрген автокөлік шеген құдықтың жанына көмілген. Бірақ оған қалай бару керек, қалай табу керектігі әзірге белгісіз, күні бүгінге дейін бұл туралы ешкім жазбаған.

Жантас САФУЛЛИН:

— Былтыр Алматыға іссапар барысында «Қазкартография» мекемесінен ескі карталарды сатып алып, өзімізбен ала келдік. Картада ескі қорымдар мен қазіргі карта бетінен мүлде жойылып кеткен байырғы елді мекендерді табуға болады. Бәлкім, көліктің табылып қалуына мұның да бір септігі тиіп қалар.

Нұрлан СӘДІР,

облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

— Көлікті іздеген кезде оның да өзіндік әдістеріне сүйенген жөн. Ірі нысандарды спутник арқылы да іздеуге болады, алайда оның құны біраз қымбатқа соғуы мүмкін. Екіншіден, темір нысандарды іздеудің әскери тәсілдері бар. Бұл туралы арнайы әскери бөлімдерден алдын ала сұрастырса, артық болмас. Үшіншіден, менің жеке пікірім – көлікті іздеудің, оны табудың қандай пайдасы бар деген ой келеді? Оның заты темір, қанша жерден майлап-сайласақ та, оның қаңқасын ғана шығарамыз. Егер көліктің ішінде бірге көмілген құнды құжаттар болса, мұрағат материалдары сақтаулы жатса, бөлек әңгіме. Бәлкім, машина дегені – сандық шығар. Алашорда үкіметінің мұрағаттық материалдары, түпнұсқа құжаттары күні бүгінге жетті ме? Болмаса, қайда кетті? Әйтпесе, алашордашылар дүниенің соңына түсіп, күні ертең-ақ атыларын біле тұрып, байлық қуып көмбегені айдан анық.

Бұл туралы тарихшылар не дейді, қандай деректерге сүйенеді?

 Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА:

— Мәскеудегі мұрағаттан алынған Жаһаншаның тергеу қағазында жазылған мынадай әдемі сөздер бар «…менің бүгінгі күнім маған ғана белгілі, бірақ мен ертеңіме сенімдімін. Өйткені адам өлуі мүмкін, бірақ ісі өлмейді. Біз өлмейміз, біздің артымызда жастар бар» делінген. Ату жазасы алдында бұл сөзді соншалықты сенімділікпен айтуына қарағанда, құжаттар көлікте сақтаулы дегенге сенемін.

Жәнібек ИСМУРЗИН,

тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:

— 1916 жылғы қозғалыстың Батыс Қазақстан облысындағы тарихы түгел зерттеліп болған жоқ. Сондықтан ұлт-азаттық көтеріліс турасында жергілікті баспасөз беттеріне материалдарды барынша көптеп шығаруымыз керек. Айталық, 1926, 1936 жылғы газеттерде осы оқиғаға бірнеше айқарма беттер арналған. Біз қалай десек те, өткен тарихымыздың жағымды-жағымсыз тұстарына түсіністікпен қарап, тарихи оқиғаларын объективті түрде бағалауымыз қажет.

Екінші мәселе, ұлт зиялыларының жинақтары шықпай жатыр. Егер мүмкіндік болып жатса, осы іс қолға алынса деген тілек бар.

Жантас САФУЛЛИН:

— Ұлт-азаттық қозғалысқа, Алаштың 100 жылдығына байланысты жинақ шығару үшін тарихи айналымға еніп жатқан құнды тарихи деректерді, бұрын еш жерде жария болмаған тың ақпараттарды таба аламыз ба?

Альфия БАЙБОЛСЫНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:

— Соңғы жылдары Алаш қозғалысы тақырыбында студенттеріммен бірге біраз ізденіс жұмыстарымен айналысып келеміз. Өлкемізге еңбегі сіңген, Алашорданың құрамында болған қайраткер Мәжит Шомбалов жөнінде де мұрағаттан материалдар тауып, ғылыми жұмысымызды бастап кеттік. Соны еш жерге жарияламай, «Dana kaz» журналына жаңалық болсын деп берген едік.

Осы жақында студенттермен бірігіп, «Мәжит Шомбалов — қайраткер» және «Шахзада Шонанова – қазақтан атылған жалғыз қыз» деген тақырыпта мұрағат материалдары негізінде ғылыми жұмыс дайындап, студенттердің республикалық ғылыми жұмысының байқауына жіберген едік. Жақында Астана қаласынан байқау комиссиясының бір өкілі Шонанова туралы материалдарды сұрап, қоңырау шалды. Соған қарағанда, өзге өңірден де біздің өлкенің тарихына қызығушылық танытып жатқандар бар. Облысымызда Шахзада Шонановаға қатысты тек БҚМУ-дың география факультетінің ғимараты жанында осы оқу орнында оқығандығы жөнінде ғана шағын тақтайша бар. Өкінішке орай, бұған дейін Дәметкен Сүлейменова апамыз құзырлы мекемелерге хабарласып, қаламыздағы №1 мектепке атын беру туралы да бірнеше мәрте ұсыныспен шыққан еді, аяқсыз қалды. Көше атауын беру туралы мәселе де орындалған жоқ. Мүмкін болса, осы істерді жандандырсақ деген ұсынысым бар.

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы:

— Алаштың басшы қайраткерлері жөнінде мәселе күні бүгінге дейін өз деңгейінде аталып өтілген жоқ. Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлерінің өмірі зерттеліп, жарияланып жатыр дегенімізбен, оны қалай ұлттық идеологияға айналдыра аламыз деген сұрақ көбірек ойландырады.

Қала көшелерінде, аялдамаларда баннерлер мен билбордтарда Алаш қайраткерлерінің суреттері ілініп, олардың даналық сөздері жазылса, жастарға нағыз патриоттық рух сыйлар еді.

Рысты КАЖУШЕВА,

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі:

Қордағы сан мыңдаған экспонаттар шаң басып, қараңғыда жатыр. Облыстық өлкетану музейінде орын өте тар болғандықтан, кейбір көрмелерімізді жертөледе өткізуге мәжбүрміз. Музейдің мүмкіндігі көп болғанымен, көрме залдарының жетіспеуі қол байлайды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Dana kaz» журналының бас редакторы:

— Облысымыздағы музей ісін жүйелендіру керек. Алаш музейі Оралға да керек-ақ. Оған жәдігерлер де, материалдар да толық жетеді. Екіншіден, баспасөз тарихына арналған арнайы музей салынса екен. Яғни барлық батыс аймаққа ортақ қазақ баспасөзінің музейіне сұраныс – заман талабы деп ойлаймын.

Осылайша басқосуға жиналғандар пікірлерін ортаға салып, Алаш тойын абыроймен атқаруға жұмылу керектігін алға тартты. Жантас Набиоллаұлы айтылған ұсыныс-тілектердің жауапты мекемелерге жететіндігін айтып, жиынды түйіндеді.

Жалпы, осы жиынға қатысушылардың бәрі де біздің облысқа қазіргі заманғы талап-талғамға лайық музей кешені керек деген пікірді тегіс құптады.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Лондонның кереметтері

Күні: , 154 рет оқылды

IMG-20160404-WA0006(Жалғасы. Басы газеттің 29-31 наурыздағы №35-36 сандарында)


Бүгін жексенбі болғасын, таңғы астан кейін Лондонды аралауға, шаһардың көрікті жерлерімен танысуға шықтық. Қонақүйіміздің дәл алдында орналасқан Расселсквер деп аталатын саябақ арқылы өтіп бара жатқанымызда, алып емендердің қасында, көкорай шалғында еркін ойнақ салып жүрген тиіндерді көзіміз шалып қалды. Біз секілді туристер де оларға қызыға қарап фотоға, бейнекамераға түсіруде. Олар да туристерге үйренген сияқты, еш қашпайды. Тиіндер қоңыр-күрең түсті келген әрі өздері қоңды. Жолнұсқаушымыз (гид) болып жүрген Британ кеңесінің өкілі Малгося Розвадовска бұрын сары, ақ тиіндер болғанын айтады. Соңғы кезде олар көп көрінбейді. Саябақтарда сондай-ақ түлкілер де аз емес көрінеді. Түлкілер көбіне түнде шығып, көшелерде еркін жүреді.


Ал Ричмонд саябағында бұғылар мекендейді. Бұл жануарларға ешкім тиіспейді. Себебі Англияда жануарлардың құқығы жақсы қорғалған. Тиіскен адам заңға тартылады. Хайуанаттарды заң негізінде қорғауды әлем бойынша алғаш қолға алғандар да британдықтар екенін білдік. Нақтылап айтсақ, 1822 жылы бұл бағытта алғашқы заңнамалық құжат шыққан. Екі жылдан соң Лондонда жануарларды қаталдықтан қорғайтын қоғам  құрылыпты, артынан ол корольдік мәртебеге ие болды. Ал балалардың құқығын қорғау қоғамы бұдан алпыс жылдан астам уақыт өткесін өз жұмысын бастаған. Ағылшындардың жан-жануарларға деген мейірімінің қаншалықты екенін осы деректердің өзі-ақ айтып тұрғандай. Сол себепті бұл жақта қаңғыбас ит-мысықтарды кездестіру қиын. Егер түрлі себептерге байланысты олар иесіз қалып жатса, сол бойда арнайы орынға жеткізіледі. Ит пен мысықты үйде асырауды ниет тұтқандар оларды арнайы орындардан оңайлықпен ала алмайды. Оның машақаты бала асырап алумен тең көрінеді…

13.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Осыдан біраз уақыт бұрын ғаламтор арқылы украиндық «Экономическая правда» басылымынан дамыған елдердегі кедейшілік жайлы бір мақала оқыған едік. Мақалада Oxfam деп аталатын кедейшілікпен күрес бойынша халықаралық ұйымның таратқан мәліметтері келтірілген. 2013 жылғы мәлімет бойынша Тұманды Альбионда әлеуметтік тұрғыдан әлжуаздар қатары 500 мыңнан асып жығылады екен. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жеткіліксіз болғандықтан, олардың біразы көше бойында, қоғамдық орындарда өз өнерлерін ортаға салып, ақша табатыны есімізде қалған еді. Мақалада жазылған жайттармен бүгін бетпе-бет кездестік. Яғни тұрмыстық жағдайы мәз емес жандардың бірі біздегі отбасылық ансамбльдер секілді түрлі аспаптарда ойнап, ән шырқаса, екіншілері ертегі, мультфильм, кинолардағы кейіпкерлерше кейініп, боянып, қала қонақтарымен фотосуретке түсуде. Ал жасы егде тартқан бір адам асфальтқа түрлі бейнелер салып, кестенің ішіне әдемі етіп ағылшын тілінде көп нәрсе жазып қойған. Оны асықпай оқыған Малгося Розвадовска бұл адам өзінің армандарын жазғанын айтты. Ар-манының ең бастысы – баспаналы болу. Құдайдан соны тілеп жүр екен. Жаратушы иеміз бейшараның тілегін бергей деп біз де іштей ниеттес болып, қасында тұрған ыдысқа садақа ретінде ақшамызды салдық…

13.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Нью-Йоркті айтқанда Бостандық статуясы, Париж дегенде Эйфель мұнарасы еске түсетініндей, Лондон жөнінде сөз қозғалғанда, алдымен ойға Биг-Бен оралады. Бүгін сол Биг-Бенді көрудің сәті түсті. Ұлыбритания астанасының ең басты нышаны болып табылатын осы төрт қырлы мұнарада әлемнің төрт бұрышына қараған алып сағаттар орналасқан. Оның сағатты көрсететін шойыннан соғылған цифрблатының ұзындығы 2,7 метрге тең болса, минутты белгілейтін мыстан жасалған тілі 4,2 метрге дейін жетеді. Арнайы жүргізілген санақ көрсеткендей, минут тілі жылына 190 шақырымдай қашықтықты жүріп өтеді екен. Ұлыбритания біріккен корольдігінің бас уақыт белгісі болып саналатын сағат механизмінің салмағы бес тоннаны құрайды. Цифрблатта латын тілінде «О, Құдайым, патшайым Викторияны сақтай гөр!» деп жазылыпты. Мұны ағылшындықтар Британ империясын құруға ұйытқы болған патшайымдарына деген құрмет деп түсіндіреді. 157 жылдық тарихы бар бұл сағат механизмінің жұмысында әлі күнге дейін мін жоқ! Ал мұнараның ұшар басында салмағы 13,5 тонналық қоңырау ілінген. Осы қоңырау да ағылшындықтардың мақтанышы. Әлемдік уақыт стандарты бойынша 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде Жер шарындағы көптеген ел Биг-Бен қоңырауының алғашқы соғысымен ресми түрде Жаңа жылға көшеді. Жалпы қоңыраудың сағат сайынғы соғысын британдықтар ғана  емес, әлем жұртшылығы естиді. Өйткені Би-Би-Си радиосы арқылы қоңырау үні әлемге таратылып отырады. Жергілікті халықтың басым бөлігі қоңырау соғылғанда тына қалады. Олардың сенім-нанымдарынша, қоңырау дыбысының астарында «Құдайым, бізді сын сағатта қолдай гөр, бір өзіңнен ғана жәрдем тілейміз» деген бағытта үн жатқан көрінеді. Темза өзені жағалауынан 98 метр биіктікте орналасқан бұл мұнарада сондай-ақ «Құдайға шүкір» деген сөз де бейнеленген екен…

Биг-Бен негізінде Вестминстер сарайы сәулет кешенінің бір бөлігі болып саналады. Сол себепті оның ресми атауы – Вестминстер сарайының сағат мұнарасы. Үш гектар жерді алып жатқан сарайдың қасбетінің (фасад) ұзындығы 266 метр болса, дәліздері мен өтпежолдарының ұзындығы – бес шақырым. Оның 1200 бөлмесі, 100 баспалдағы бар. Бұл ғимарат – Ұлыбритания Парламенті. Мемлекеттік кеңес пен Парламенттің мәжілістері дәл осы жерде өтеді. Осындай мәжілістер өтетін кезде мұнарада қуаттылығы жоғары шамдар жағылады.

Лондон нышандарының бірі – Тауэр көпірі. Оның тарихы 1872 жылы Ұлыбритания парламенті Темза өзенінің үстінен өтетін көпір салу бойынша заң жобасын қарастырудан басталған. Кейбір ресми тұлғалардың қарсы болуына қарамастан, Лондонға бір көпір керек деп шешкен халық қалаулыларының бастамасымен осы нысан пайда болған. Ол тек көпір ретінде ғана салынған жоқ. Оның бойында мұражай галереялары да бой көтерді. Құрылысы сегіз жыл бойы жүргізіліп, 1894 жылы ханзада Эдуард Уэльский ресми түрде ашты. Бүгінде оны тамашалауға жыл сайын сан мыңдаған турист келеді.

Әлемге танымал Букингем сарайы ағылшын патшайымы Елизавета ІІ-нің Лондондағы ресми резиденциясы болып табылады. Патшайым қырық жылдан астам уақыт бойы Британ мемлекетіне, елдегі қарулы күштерге жетекшілік етіп келеді. Ол біріккен корольдіктегі халықтар достығының ұйытқысы, ағылшын шіркеуінің зайырлы басшысы болып саналады. Сол себепті Букингем сарайының ел ішіндегі мәртебе-беделі зор. Англияның бас сарайы патшайым мен оның отбасының тұрғылықты үйі болып та табылады. Сән-салтанаты келіскен сарай 775 бөлмеден тұрады. Патшайым сарайда болған кезде сарайдың үстінде корольдік штандарт ілінеді. Бүгін жексенбі болғасын шығар, патшайым сарайында жоқ екен. Мемлекеттік штандарт желбіреп тұр. Патшайымның сарайын шағын қалашық деп атауға болады. Мұнда полиция бекеті, поштаның екі кеңсесі, госпиталь, екі спорт кешені, дискотека клубы, бар, кинотеатр және бассейн бар. Онда 700 адам қызмет атқаратын көрінеді. Жалпы аумағы 20 гектар жерді құрайтын бұл шағын қалашықтың көп бөлігін орман алқабы, бау-бақша алып жатыр. Орманда түрлі аң-құстар тіршілік етеді. Жазда, екі айға жуық уақытқа патшайым өзге елдерге қыдырып кеткен кезде туристер сарайға кіріп, орман алқабын аралап көре алады екен…

Үлкен шаһарға айтарлықтай ерекшелік сыйлайтын Пикадилли Серкус, Трафальгар алаңы, Оксфорд Стрит, Темза жағалауы да бізді әсемдігімен сүйсіндірді…

13.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

«Әр елдің салты басқа, иті қарақасқа» демекші, ағылшындықтар қадірлі, алыстан келген қонақтарын пабтарға шақырады. Үйге шақыру мейманын сыйламауды білдіретін көрінеді. Сол дәстүрге сай Малгося Розвадовска біздің тобымызды Лондон көшелерінің бойында жиі кездесетін пабтың біріне бастап барды. Түскі астан соң ағылшындық десерт деп алма мен шие пирогын ұсынды. Жалпы, жергілікті тұрғындар пабтарға баруды ұнататынын байқадық. Кеше кешкі ас ішу үшін қонақүй жанындағы пабқа барғанымызда да, бұл жерде де халық көп екен, гу-гу әңгіме. Табиғи дауыспен ән салып тұрған әншілер. Біразы отбасы мүшелерімен келген. Отағасы, отанасы, баласы мен келіні дегендей. Тағы бір аңғарғанымыз, біздегі дәмханаларда көбіне жастар қызмет атқарса, бұл жерде керісінше қариялар жүр. Бірақ олар өздерін қария санамайтын сияқты. Бойлары сымдай тартылған, қимылдары ширақ, еске сақтау қабілеттері бізден жақсы…

13.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Лондон көшелерімен серуендеу кезінде тұрғындардың салауатты өмір салтын жете ұстанатындарын және мемлекет тарапынан бұған барынша жағдай жасалғанын көріп, риза болдық. Үстіне спорттық киім-кешек киіп, арқаларына рюкзак асынып, көше бойымен, саябақтарда жасы мен кәрісі бірдей жүгіріп жүр. Үш тегершігі бар бесікке баласын салып алып жүгіріп бара жатқан ата-аналарды, итімен жарысқан тұрғындарды, i-pod-ты (шағын компьютер) да, жол бойын да қарап жүгіріп келе жатқан іскер жандарды көріп, қалайша таңғалмайсың?!

— Ағылшындықтардың өмір салтында жүгірудің орны ерекше, — дейді Малгося. — Жұмыс күндері көпшілік, әсіресе, жұмыстан жай шығатындар түскі үзіліс мерзімінде сыртқа шығып жүгіріп келеді. Лондонда жүгіру үшін ғана емес, жүгіріп болғасын өздерін қалпына келтіру үшін де қажет жағдай туғызылған, яғни барлық дерлік мекемеде душ кабиналары бар. Сонымен қатар спорттық киімдер мен жүгіретін адам кілтін, ақшасын және өзге қажет заттарын салуы үшін қобдишасы бар белдіктер, шағын сөмкелер сынды құрал-жабдықтар сатылатын дүкен де көп.

Англия астанасында арнайы орында бекітіліп тұрған велосипедтерді жиі байқадық. Мұнда велосипедшілерге де қолайлы жағдай жасалған. Нақтылап айтсақ, көптеген веложол бар, олар үшін арнайы маршрут жасақталған. Көпшілік жан шайтанарбаны таңмен пайдаланатын көрінеді. Себебі жұмысқа баратын уақытта қоғамдық көліктер лық толы болады. Бір велосипедті 30 минуттан 1 сағат аралығында пайдалану үшін 1 фунт стерлинг (біздің ақ-шамызға шаққанда шамамен 500 теңге), 2 сағатқа 6, 3 сағатқа 15, бір тәулікке 50 фунт төлеу керек. Төлем сол жерде орнатылған арнайы құрылғыға банк карточкасын салу арқылы ғана жүзеге асырылады. Егер белгіленген уақытта үлгере алмаған жағдайда айыппұл төлеу қажет болады. Межелеген орынға жеткен соң велосипедті барған жердегі арнайы орынға апарып бекітіп кетесіз. Жалпы, Лондонда 6 мың велосипеді бар 400 арнайы бекет жұмыс істейді екен. 2010 жылы қала мэрі Борис Джонсонның шешімімен ашылған бұл орындарды тұрғындар мэрдің құрметіне Boris bike (Борис велобекеті) деп атап кетіпті. Лондондықтарға үлгі болу үшін қала мэрінің өзі ара-тұра жұмысына велосипедпен қатынайтын көрінеді…

13.03.2016 жыл,

Лондон шаһары

Сәкен Мұратұлы

(Жалғасы бар)


Демалыс күндері де жұмыс!

Күні: , 94 рет оқылды

IMG_9524


Былтыр «Азиятехстрой» ЖШС облыс  орталығындағы  Достық даңғылының 600 метрін жөндеген  еді. Биылғы көктемнің алғашқы айынан бастап құрылыс компаниясы жөндеу жұмысын жалғастыруға дендей кірісті.


Қазіргі уақытта Еуразия даңғылы мен М. Ықсанов атындағы көше қиылыстары арасындағы жол құрылысы бойынша қажетті қам жасалуда. Әзірше өрнектас (брусчатка) және жиектас (бордюр) орнату қолға алынған. Оған қажетті құрылыс материалдары – қиыршық тас, бетон, гравий қоры бар. Учаске прорабы Серік Жұмахановтың ай-туынша, 280 метр жолдың бетіндегі 5 сантиметр қатты төсем қырылған. Алдағы уақытта тақтайдай қылып қайтадан тегістейді. Жұмыс ешқандай кідіріссіз демалыс күндері де жүріп жатыр. «Азиятехстрой» ЖШС-ның негізгі көздеген межесі – Достық даңғылының 3600 метрін жөндеуді күзгі жауыншашынға дейін аяқтау. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады. Әзірше бұл іске 15 техника жұмылдырылған. Олардың қатарында жүк көтергіш-манипулятор, жүктиегіш, жонғыш (фрезер) секілді ірі техникалар бар. Жөндеу жұмысына 62 адам тартылған. Жазғы маусымға қарай жұмысшы мен техника саны көбейеді. Бұл жұмысты қаржыландырып отырған «ҚПО б.в.» компаниясы болса, «Азиятехстрой» ЖШС мердігер ретінде қатысуда. Серіктестік алдағы уақытта М. Ықсанов атындағы көшені де жөндемек.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Халықаралық слет өтпек

Күні: , 57 рет оқылды

IMG_8345


Осыдан бірер күн бұрын биыл жазда Оралда өтетін Ресей, Германия және Қазақстан жас өрт сөндірушілерінің III халықаралық слетіне дайындық мәселесі бойынша үшжақты кездесу өтті. Қаламыздағы Достық үйінің конференц-залында өткен жиында үш елдің төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері бас қосты.


Халықаралық жас өрт сөндірушілер слетінің басты мақсаты — балаларды қауіпсіздік мәдениетіне тәрбиелеу. Аталмыш слет өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының беделін арттырып, балаларды ұжымшылдыққа үйретеді, жұмыс тәжірибесімен алмасу үшін жағдай жасайды, сондай-ақ өзге елдің дәстүрі мен тұрмысын тануға септігін тигізеді.

Мемлекеттер арасында өзара іс-қимыл, жас ұрпақтың достық қарым-қатынасын қалыптастыру бағытындағы мұндай шараны өткізу туралы идея Саратов облысындағы Мемлекеттік өрт қадағалау қызметінің 85 жылдық мерейтойын мерекелеу барысында пайда болған. Сол уақытта батысқазақстандықтар «Тәжірибе алмасу, өскелең ұрпақты қауіпсіз жүріс-тұрысқа тәрбиелеп оқыту үшін үшжақты жас құтқарушылар слетін өткізу керек» деген ойларын ортаға салған. Сөйтіп, аталмыш идея үш мемлекеттің өрт сөнді-ру қызметтері тарапынан қолдау тапқан. Нәтижесінде 2014 жылы Германиядағы Гессен жерінің «Жас өрт сөндірушілер» ассоциациясының шақыруымен Орал қаласы жас өрт сөндірушілерінің құрама командасы Бергштрасс қала-сындағы халықаралық слетке қа-тысқан. Бұл Саратов және Орал қалалары, Гессен жері жас өрт сөндірушілерінің алғашқы үшжақ-ты слеті болатын.

Оралға келген меймандарды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов және қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев қарсылады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марат Күлдіков үшжақты ынтымақтастық тұрғысында қол жеткізілген нәтижелер туралы қысқаша ақпаратпен бөлісті. Ресей ТЖМ Саратов облысы бойынша бас басқармасы заң бөлімі басшысының орынбасары Владимир Серебряков, Германиядан келген әріп-тестер Клаус Шплидорф және Сергей Голод мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтіп, алдағы халықаралық слетте үш елдің жас өрт сөндірушілері терең тәжірибе алмасады деген сенімдерін білдірді.

– Біздің елдегі өрт күзетінің ұйымдастырылуы сіздердегі жағдаймен салыстырғанда едәуір өзгеше. Ресей мен Қазақстанда өртке қарсы қызмет ТЖМ, ІІМ құрамына кіреді және кәсіби болып табылады. Германияда кәсіби өрт күзетімен қатар, әсіресе, кішігірім қалаларда ерікті өрт сөндіру күзеті кеңінен таралған. Адам қай жұмысты істесе де, маңайда өрт шықса, дереу дабыл қағып әрі тікелей өзі де өртті сөндіруге шығады. Германияда ерікті өрт сөндіруші болу үлкен беделге ие, — дейді  Клаус  Шплидорф.

Кездесу барысында облыстық ТЖД ардагерлер ұйымының төрағасы Ермекқали Машанов меймандарға естелік сый ретінде  «ҚР ІІМ ардагерлер ұйымына 45 жыл» медалін табыс етті. Германия, Қазақстан және Ресей жас өрт сөндірушілерінің балалар-жасөспірімдер ұйымын одан әрі дамыту және қолдау бойынша Гессен жері «Жас өрт сөндірушілер» ассоциациясы, Бүкілресейлік ерікті өрт сөндірушілер қоғамының Саратов бөлімшесі және «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

Кездесуден соң қонақтар Достық үйіндегі түрлі этномәдени орталық бөлмелерін аралады. Сондай-ақ олар құтқарушылардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын полигон, шаһарымыздағы көне өрт сөндіру бөлімі және өрт-техникалық  орталығымен  танысты.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Ақжайық» – «Қайрат» 2:1

Күні: , 63 рет оқылды

IMG_9709


Жексенбі күні премьер-лига командалары арасындағы ел чемпионатының үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.


Бұл ойында алаң иелерінің бас бапкері, жуырда Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған Талғат Байсуфинов біраз өзгеріс жасады. Қақпа кілтін Нұрболат Қалменовтің орнына Роман Багаутдинов ұстады. Шабуыл шебінде Сергей Гридин шықса, Т. Байсуфиновтың бұрынғы командасы Павлодардың «Ертісінен» келген Захар Коробов, содан кейін Қуаныш Бегалин ойынға қосылды. Ал Бауыржан Исламхан бастаған «Қайраттың» құрамы кілең жұлдызды футболшылардан тұратын еді. Украинаның атышулы ойыншысы Анатолий Тимощук командаға өткен жылдан бері бауыр басып үлгерсе, Ресей ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, кезінде Лондонның «Арсеналында» доп тепкен Андрей Аршавин «Қайраттың» жейдесін киіп, алғаш рет алаңға шықты.

Бірінші тайм «Қайраттың» басымдылығымен өтіп, алматылықтар бірнеше оңтайлы сәтті пайдалана алмады. Кездесудің екінші кезеңі басталғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ, 48-минутта қонақтардың қақпашысы Владимир Плотников тәртіп бұзып, «Ақжайықтың» шабуылшысы Олег Хромцовты жығып, құлатты. 11 метрлік айып добын парагвайлық Фредди Коронель торға дәл түсіріп, есеп ашты. Осыдан кейін алаңға шыққан Виталий Ли Андрей Аршавин бұрыштамадан доп берген кезде қақпа алдындағы қарбаласты пайдаланып, таразы басын теңестірді. Алайда 63-минутта А. Тимощук алаңның орта тұсында ойын ережесін бұзды. Осы жерде Ф. Коронельдің дәл пасынан кейін Орал футболының түлегі Руслан Валиуллин допты қақпаға баспен кіргізді. Бұдан кейін де «Қайраттың» есепті теңестіретін мүмкіндігі болды. Екінші таймда алаңға шыққан оралдық Иван Антипов өз айып алаңында қолмен ойнап қойғаннан кейін 83-минутта енді «Ақжайықтың» қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Дәл осы сәтте батысқазақстандық қақпашы Р. Багаутдинов «Қайратқа» жақында келген камерундық Леандре Тавамба соққан допты қайтарып, ерлік жасады.

Сөйтіп, айды аспанға шығарып, «Қайратты» ұтып кеткен «Ақжайық» алғашқы үш ұпайына ие болып, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Т. Байсуфиновтің шәкірттері келесі ойынын 9 сәуірде өз алаңында ел біріншілігінде төрт ұпаймен бесінші сатыда келе жатқан Көкшетаудың «Оқжетпесімен» өткізеді.

Айта кетейік, кездесуді тамашалауға келген жанкүйердің көптігі сондай, біразы сыймай, сыртта қалды. «Ақжайық» футбол стадионының тарлығы көрермендерге қолайсыздық тудыруда. Ал П. Атоян атындағы стадионда көк шөп өспей, ойнауға болмайды. Бұл мәселені қайтсе де шешетін уақыт келгендей.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика