Мұрағат: 29.03.2016


Алтай Көлгінов – Батыс Қазақстан облысының әкімі

Күні: , 246 рет оқылды

IMG_2588


Қазақстан  Республикасы  Президентінің  Жарлығы

«А.С. Көлгіновті  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  қызметіне  тағайындау  туралы»

Алтай  Сейдірұлы  Көлгінов  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  болып  тағайындалсын.

 Қазақстан  Республикасының  Президенті   Н. НАЗАРБАЕВ

 Астана, Ақорда,

2016 жылғы 26  наурыз  №219


Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов облыс активінің жиналысында өңірдің жаңа басшысын таныстырды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Орал қаласының бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов тағайындалды.

– Облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Алтай Сейдірұлы Көлгінов тағайындалды, – деп хабарлады Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа маған білдірген сенімі үшін алғыс айтамын. Бұл – мен  үшін үлкен құрмет және зор жауапкершілік. Енді мен өзімнің білім-білігім мен тәжірибемді Нұрсұлтан Әбішұлының сенімін ақтауға бағыштайтын боламын. Біз әріптестермен Ұлт көшбасшысының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға жұмылатын боламыз. Сонымен қатар осы уақытқа дейін облыс әкімі болып қыз-мет істеп, өңірдің дамуына айтулы үлес қосқан Нұрлан Ноғаевқа ризашылығымды білдіремін», – деді А. Көлгінов БҚО-ның бұрынғы әкімі қатысқан жиын барысында.

Нұрлан Ноғаев  Атырау облысының әкімі болып тағайындалып, ол бұл қызметте Бақтықожа  Ізмұхамбетовті  ауыстырды.

Облыс активі алдында сөз алған Нұрлан Асқарұлы бірлесе жемісті еңбек еткені үшін батысқазақстандықтарға алғысын айтып,  өз  ізбасарына  табыс  тіледі.

Алқалы жиында еңбек ардагерлері С. Ахметов пен Ж. Ақбаев, ақын А. Бақтыгереева сөз алып, Нұрлан Ноғаев пен Алтай Көлгіновке  игі  тілектерін  білдірді.

Облыс активінің жиынына ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин қатысты.

Батыс Қазақстан облысының әкімі  А. С. Көлгіновтің өмірбаяны

Көлгінов Алтай Сейдірұлы 1978 жылы туған.

Алтай Көлгінов Қ. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және Британияның Абердин университетін Президенттің халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша тәмамдаған. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі.

2000 жылы міндетті әскери борышын өтеген.

2001-2008 жылдары Әділет министрлігінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде және ҚР Бас прокуратурасында  әр түрлі қызметтер атқарды.

2008-2010 жылдары – «Алаш Медиа Групп» ЖШС бас директорының орынбасары.

2010-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі мемлекеттік бақылау және территориялық ұйымдастыру  бөлімінің  мемлекеттік  инспекторы.

2012 ақпанынан 2013 жылдың сәуір айы – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.

2013 жылдың 4 сәуірінен – Орал қаласының әкімі.


Театрдың тұсауы кесілді

Күні: , 80 рет оқылды

жана театр


Жексенбі күні қаламыздағы «Жастар» мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Ұлы дала» жастар театрының тұсауы кесілді.


Жас театр алғашқы шымылдығын балаларға арналған халық ертегісі «Сақ бол» қойылымымен ашқан болатын. Театрдың тырнақалды туындысын тамашалауға қаламызда оқитын балалар мен жасөспірімдер көп жиналды.

Облысымызда тұңғыш құрылған тәуелсіз жастар театры қазақ елінің жас буын өкілдеріне ұлттық ұстанымды ту еткен, халықтық әрі патриоттық бағыттағы қойылымдарды тарту етуді мақсат етеді. «Ұлы дала» атауын иеленген театр болашақта республикалық, халықаралық және әлемдік деңгейдегі театр додаларына қатысып, ұлттық өнерімізді паш етуді көздеп отыр.

– Жаңа театр құру біздің көптен ойда жүрген идеямыз еді. Сол арманымыз дәл Халықаралық театр күнінде іске асқанына аса қуаныштымыз. Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тартуымыз. Театрдың негізі екі адамнан құралған, барлық жанрда қойылым қоюды қолға алдық. Әзірге М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың өнер факультетінің студенттері мен ерікті жастардан құралған төрт актер, бір актрисамыз бар. Біздің ойымыз бен ісімізді қолдап, барынша демеу көрсеткен барша тілеулестерімізге алғысым шексіз, – дейді театрдың режиссері әрі көркемдік жетекшісі, белгілі театр және кино актері Еркін Тасболат.

Театрдың ашылу кешіне тілектерін арнап, батасын беру үшін өнер саласының майталмандарымен аға-буын өкілдері де қатысқан еді. Қойылым соңында танымал айтыс ақыны Талғат Мықи жаңа театрға арнап жырдан шашу шашса, ақын Ақұштап Бақтыгереева ақ тілегін жеткізді:

– Бүгін жастардың жаңа театры есігін айқара ашып, алғашқы тырнақалды туындысы жас көрерменге, балаларға жол тартты. Әлі буыны қатайып, кәсіби шыңдалып үлгермеген жас актерлердің талаптарын құптаймыз. Қай істің де басы қиын болады. Сол үшін де мен жастарға қажыр-қайрат тілеймін. Балаларға арналған мейірім, адалдық, арамдық-зұлымдықпен күрес, арман мен шындыққа жетуге үндейтін, ұлттық бояуы басым жақсы туындыларыңыз көп болғай! Істеріңізге сәттілік, ақ жол тілеймін, – деп өнер ұжымына батасын берді.

Сахнаның безендірілуі мен декорация, актерлердің ойнау деңгейі, алғашқы қойылым көрермен көңілінен шықты. Ендеше, қадам басқан жас театрға өнер жолында толағай табыстар мен биік шыңдарды бағындыруды тілейміз!

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


«Қаратөбеде бір қара бала бар, соған қолым жетпей жүр…»

Күні: , 210 рет оқылды

1 001серик бекболат


Серіктің жұмыссыз, қатты қиналып жүрген кезін де көре қалдым. Бірақ алақан жайып, ешкімнің алдына бармады. Сонау талайды тоңқалаң асырған тоқсаныншы жылдарда өнерге жақын біраз жандардың арақ-шараптан жалын іздеймін деп тентіреп кеткендері де жасырын емес.


Мынау кемдігі көп кең дүниеге сыймай кеткенде, жағасында Қасым талай шалықтап жүрген Шағанға барып қармақ салып, балық аулайды. Балық аулайды деген аты ғана, әйтпесе, мұрнының астынан ыңылдап, әуендетіп, әуездетіп отыратын «балықшыға» судың құрты жолай ма? Бірақ Шағаннан жағасы жайлаудай жайылып шалқарланып, шалықтап оралады. Онда филармонияның екі қатарлы үйінің ұядай ғана бір бөлмесінде уақытша тұрып жатты. Әлгі бөлменің кішкентайлығы сондай, есіктен кіре сала, сұлай кетсеңіз, аяғыңыз табалдырықтан шығып жатады, яғни әрі енсіз, әрі тар. Бөлмеде, сірә, балалардікі болуы керек, кішкентай темір керует тұрады. Ол керуеттің үстінде бір-екі қонақ көрпе, сосын келген адамға құлақтары қал-қиып қарай қалғандай аңтарылған екі көпшік. Болды, басқа дүние жоқ. Ойбой, кешірерсіз, қабырғада әспеттеп іліп қойған домбырасы бар екен ғой… Сәкеңнің жан серігі. Қанша жылдан бергі. Сірә, есін білгеннен бергі жан серігі десек, дұрыс болар. Сол бөлмеде кейде малдасын құрып, қара домбырасын алдына өңгеріп алып, қазақтың қара өлеңдерін аңыратады-әй келіп біздің Серікжан. Даусы әбден қызды-ау дегенде, өзі пір тұтатын корифейі – Ғарекеңнің әндеріне ауысады. Алмастың сынығындай қайсар ұшқын аралас қара көздерін тарс жұмып, басқа әлемге, әннің әлеміне кетеді. Әбден беріліп айтады. Кейде аһ ұрған өлеңнің трагедиясын өз басынан өткізіп жатқандай көзінен жас парлап айтқанын да көргенмін.

Жасанды айта алмайтын жандар да болатын, бірақ сирек болатын жағдай. Сол ұядай бөлмеде кімдер болмады дейсің. Бір күні Сырымның елінен аңқылдап, жарқылдап Аманкелді Ғұбайдуллин келді. Таңды таңға ұрып шырқады-ай бір сабазың. Арада екі күн өткенде Әбекең жинала бастады. Серіктің қолы бос, ешқайда асықпайды. Сондықтан әнші ағасына «Аға, «Осы үйде апталап боламын» десеңіз де, жаман ініңіз еркелігіңізді де, серкелігіңізді де көтереді. Әйтпесе, мұнда тротуар таптағанымызға мәз болып, неғып жүрміз?.. Осында бола беріңіз, кезек-кезек біріміз шырқап, біріміз тыңдап жатайықшы, аға, үйден шықпай», — деп шаужайына жармасқан. «Тағы да амандасып-көрісіп шығатын үйлерім бар еді…» — деп Әбекең көне қоймады. Содан араға екі күн салғанда бір танысы қатты қызғын Әбекеңді көріпті. Әрең дегенде Жымпитының автобусына отырғызып жіберген. Анда-санда күйкі тірлік пен пендешіліктің шеңберінен шідер үзіп, шарықтап, шалықтап шарық ұрып кететін еркелігі бар еді сабаздың… Сол келісінде бой жазып жүр екен ғой жарықтық. Көп ұзамай келместің сапарына аттанды. Біразға дейін сенбей жүрді. Сондағы шырқатып салған әндері мұның бөлмесіне сіңіп қалғаны ма, қабырғаларды қақ айырардай дауыстан талайға дейін шошып оянып жүрді…

Әлгі ұядай бөлме де Серікке баспана болып жарытпады. Одан шығуға тура келді. Одан кейін қайда барып тұрмады дейсіз? Қонақүйлердің адам тұруға зорға келетін қосалқы шаруашылық бөлмелерін де паналап еді бұл Серік. Сөйтіп жүрген азаматты еш жер жұмысқа алмай, бес-алты жыл жұмыссыз қиналды. Оның бұлай жүргені Алматыға дейін жетсе керек, бір күні ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайрат Байбосынов өзі іздеп, қоярда қоймай Алматыға шақыртты. «Дұшпан көздерге» сес етіп киер бірер кәстөмін көнетоз шабаданның түбіне атып ұрып, Алматыға асықты. Ақжайыққа ренжіп кеткен жоқ, Құдай сақтасын! Қайрақаң қазақтың өнерінде көмейіне бұлбұл ұя салған жосын жан ғой. Сол ағасының қалауын жерге тастай алмай кетті Алматыға. Алайда «Ақ Жайық, саған түбі ораламын!» деген серті ішінде бірге бара жатты. Алматыға қарай аяңдаған пойыз ішінде Ғарекеңмен кездескен сәттердің суреті көз алдында қайта-қайта тізбектелді.

* * *

 …1987 жылдың шілдесі, эстрада студиясына құжаттарын тапсырып жатқан Серік әрі сәлемдесіп, әрі елдің сәлемін айтқалы Ғарекеңнің үйіне барды. Бұл барысының басқа да сойылдай себебі бар. Ғарекеңді елге келіп жүргенінде талай көрген, қонақтықта қолына су құйып, тіпті ол кісінің өзіне радиодан естіп жүріп үйренген әндерін де шырқап берген. Кейін Алматыға тұңғыш келген 1983 жылы алдына барып, сәлем бергені, ән шырқағаны бар еді.

Сол жылдардан бастап Ғарекең мұны «Қаратөбеде бір қара бала бар еді, сол балаға қолым жетсе…» — деп әркімге ара-тұра әңгімелеп қояды екен. Бұл келісінде Ғарекеңнің сол сөзін арқаланып келе жатқаны жасырын емес.

Есікті Ғарекеңнің кіші қызы Шәкөнай (Шаһизада) апай ашты. Танып жатыр. «Төрлет, төрлет. Әкеме айтайын, радио тыңдап отырған», — деп бөлмелердің біріне бастады. Ғарекең темекісін будақтатып, абажадай «Родина» радиосына еніп кетердей емініп, орындалып жатқан халық әнін тыңдап отыр екен. Үстінде көк мұнар шапан, ақшудаланған шашы сиреп, нән радионың қасында шөкімдей болып шөгіп көрінді. «Қартайған екен, қайран, Ғарекең…» деген өкініш Серіктің санасын шарпып өтті. Радиодан төгілген әнге риза болмай отыр-ау, шамасы «Осыларға мен не үйреттім?..» — деп кіжінеді бір кезде сахналар төрінде жасын болып ойнаған қайран әнші, күй-кентайдай болып күйіп-пісіп…

Осы кездесуінде Ғарекең бұған бірнеше ән айтқызды. Ән айтты дегені болмаса, исі қазақ үшін ұлы әншінің алдында қол-аяғы дірілдеп, ақ тер, көк тер болды. Ғарекең бір мезет мұның отырғанын ұмытып кеткендей, өзімен-өзі болып, ішкі жан дүниесінде ұйытқыған әуеннің ырғағына елтігендей көзін тарс жұмып, ырғалып қояды. Содан бір кезде бұған қарай жанар оты жарқ етті де, домбырасыз орташа дауыспен «Соқыр қызды» бастай жөнелді. «Жолаушы атың семіз желетұғын, Көз бар ма, мен байғұста көретұғын-ой, аллау…». Иә, қатігез уақыт өз дегенін жасамай қоя ма, қартайғандікі ме, даусы үзіліп кететін сияқты көрінді. Дегенмен әннің көтеретін жерін көтеріп, баяулататын жерінде баяулатып барып бітірді. Содан соң басын әнтек сілкіп қалып, «Осыным қалай?» дегендей, бұған көзін ойнақшытып, жымия қарады. Көк мұнар шапанды шүйкедей шал әп-сәтте түлеп, «Родина» радиосының тасасынан бері шығып, еңселене түскендей, үлкейіп, биіктеп кеткендей…

«Қысылма, тағы әндерің болса, айт, тыңдап көрейін», — деп еді одан әрі күніндегі күміс көмей маэстро көңілі бүрлеп отырып. Серік Кержіден (әнші Кенжеғали Жәңгіров, Ғарекеңнің жақын бауыры) үйренген Мұхиттың «Дүние-ау» әнін шырқады. Екінші шумағын «Дүниеде өлмей пенде қалған бар ма? Дегенге пенде өлмейді нанған бар ма? Жаста өлсе, шамшырағың қалар сөніп, Қартайып, қазаң жетсе, арман бар ма?» — деп аяқтай бергенде, Ғарекеңе көзі түсіп кеткен еді, жанары жасаурап, іштей күбірлеп отыр екен. Бас-аяғы апшып, етек-жеңі қусырылып бара жатқан дүниенің баянсыздығын тағы бір безбендеп отырды ма екен жарықтық сол сәт… Сосын бұған «Бұл әндерді кімнен үйрендің?» — деді. «Кенжеғали Жәңгіровтен, күйтабақтан, сосын 1983 жылы өзіңізден үйрендім ғой, аға». «Ә, солай ма? Қаратөбедегі қолым жетпей жүрген қара баламсың ғой, тағы нең бар, айт, айналайын», — деп бұған мейірлене қарады. Бұл Ғарекеңнің «Жас өмірін», Мұхиттың «Ақ иісін» шырқады. Өлеңнің қайырмасында өзі айтып отырғандай теңселіп, ырғалып қояды. Тағы да біраз әндер шырқалды. Солардың бәрін мұқият тыңдаған қайран Ғарекең ең соңында бүй деп еді-ау: «Әндеріңнің жалпы жобасы дұрыс… Әлі де шамам келгенше, үйден үйретемін. Әттең, шауып жүргенімде келмедің», — деп күрсініп алды. «Біздің жақтың дәстүрін бұзбай жалғастыр. Ізден! Әнге адал бол! Бақытың ашылсын, бердім батамды!». Осылай деген Ғарекең Серікті маңдайынан сүйді.

* * *

Қайрат Байбосынов ағасы уәдесінде тұрды. Республикалық эстрада-цирк колледжінде Батыс Қазақстанның дәстүрлі әншілік бөлімінен Ғарифолла Құрманғалиевтің класын ашып, оны басыбайлы Серіктің қанжығасына байлады.

Ұстазының класына барлық жантәнімен сабақ берді. Өмірлік ұстазым деп өтер корифейінен алған, үйренген, бойына сіңірген барлық өнерін сол шәкірттерге беруге тырысты. Арада біраз уақыт өтті. Басында баспана, ең болмағанда, жатақхана беріледі деген уәденің де аяғы сиыр құйымшақтанып барып, мүлдем сұйылып кетті. Пәтерден-пәтерге көшіп, әбден ығыр болған Серік ақыры елге қайтуға мәжбүр болды. Бірақ сол тұста Ғарекеңнің класын тастап Оралға қайтып бара жатқанда, біртүрлі ұстазына сатқындық жасағандай өзін кінәлі сезінгенін өзі ғана біледі. «Кешір, аруағыңнан айналып кетейін, Ғарекем, осы уақытқа дейін үйсіз-күйсіз күн кешіп шаршадым. Ақ Жайық ұлын жатырқамас, бәлки, баспаналы болармын. Елде де жолыңызды жалғастырған ұлдарыңыздың бірі болып жүрермін…» деген іштей Оралына қайтып келе жатқан пойыз үстінде.

Көп кешікпей, Ғарекеңнің аруағы қолдады ма, облысқа әкім болып келген Қырымбек Көшербаевтың тікелей қамқорлығының арқасында жайлы пәтерге қол жеткізді. Тек жұмыс болмай тағы да біраз сенделуге тура келді. Ақыры Атырау облыстық филармониясының директоры Асқар Харесовтің шақыруымен Табылды Досымовтың «Желтоқсан жебесі» ансамблінің құрамына қабылданды. Сөйтіп, үш жылдай Атырау өңірінде өнер көрсетті. Асқар да, Табыл да бүгінде өмірде жоқ, бірақ сол бір қиын тұста олардың мұны «Ғарекеңнің шәкірті» деп төбелеріне көтеріп, қолдағанын бұл өмір бойы ұмытпайды… Атыраудан келгеннен кейін де Оралдан бұған жұмыс бұйырмады. Бір күні ұйықтап жатқанында, түсіне Ғарекең кірді. Үстінде баяғы бұл көрген көк мұнар шапан, мұны құйрықтан қайқайтып тұрып бір тепті… «Тұр! Неғып жатсың?..» — деді ақырып. Шошып оянды. Жүгіріп Қатимоллаға барған. «Алматыдан кетіп қалдың… Мындағы жүрісің мынау, Ғарекең саған ренжіп жүрген болды ғой», — деді одан әрі мұның зәресін ұшырған Қатақаң. Содан көптен ойында жүрген, бірақ бата алмай келген үлкен шаруаны қолға алған. Айналғанда Ғарекең туралы «Сағындырған саңылақ», «Қаратөбенің ән-күй керуені», Қатимолла туралы «Сарыөзеннен салған ән», «Жайық өнерінің ордасы» атты төрт кітап бірінің соңынан бірі жазылды. Олары өнер десе өндіршегін созатын жанашыр азаматтардың қолұшымен жарыққа шықты.

Бүгінде әншілігімен қатар өнерді зерттеушілікті қатар ұстап келе жатқан Серік Әбдірахмановтың Орал мен Атыраудың әнші-жыршы өнерпаздары туралы «Жайық жауһарлары» атты бесінші кітабының қолжазбасына нүкте қойылған, әзір… Бұған 1993 жылы Ақтау қаласында өткен І халықаралық Ғ. Құрманғалиев атындағы бәйгедегі ІІ орынды, 1994 жылы Шымкент қаласындағы Ә. Қашаубаев атындағы ІV республикалық конкурстағы ІІ орнын, 1998 жылы Ақтауда аймақтық байқауда алған бас бәйгені қосыңыз. Өткен жылы берен әнші-жыршы Бекболат Тілеухан республикалық «Қазақстан» телеарнасындағы өнер туралы хабарда Серік жайында көсіле сөйлеп, «Батыстың әншілік дәстүрін қаймағын бұзбай орындайтындардың ішінде Серікке тең келетіндер сирек-ау», — деп ағынан жарылды. Енді сол Бекболат күні кеше Оралға келген сапары кезінде Қадыр Мырза Әлі орталығында, 15 наурыз күнгі өткен кездесуде нөпір көрерменнің алдында тағы да ағынан жарылып, Серікті «Мұхиттың, Ғарифолланың жолын жалғастырушы», — деп төгілдіре мақтады. Сөйткен Серік Әбдірахмановымыз биылғы наурыздың 2-сінде 50-ге толып кетіпті… Бірақ бір кезде Ғарекеңнің «Қаратөбеде бір қара бала бар…» — дейтін Серік Әбдірахмановына селт еткен біреу болсайшы?.. Сол себепті ертоқымы әлі күнге бүтінделмей келе жатқан әншімізге «Ештен кеш болмасын» деп, осы дүние қағазға түсіп еді, қадірлі оқырман…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


«Ақжайық» қолдауға зәру

Күні: , 142 рет оқылды

акжайык 2


Жайық өңірінің футбол жанкүйерлері үшін өткен жыл өте сәтті аяқталды. Жергілікті «Ақжайық» клубы бірінші лига жеңімпазы атанып, премьер-лигаға шықты. Құрамының 80 пайызы өз тәрбиеленушілерінен тұратын клубтың бұл табысында үлкен мән бар. Себебі, менің ойымша, өз өлкесін, өз жанкүйерін сүйетін ұландар ғана жасыл алаңда барын салып ойнайды.


Жанкүйер демекші, олар команданың он екінші ойыншысы. Күні бүгін «Ақжайық» сол жанкүйерлердің қолдауына зәру. Осы тұста мынаны айтқым келеді. Қала күні қарсаңында П. Атоян атындағы орталық стадионда эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт өткен еді. Сол кеште стадионда ине шаншар орын болмады. Тіпті алаң сыртында кешті тамашалай алмай тұрған халық тәртіп сақшыларының «бөгетін» бұзып кірді. Осыны көріп тұрып: «Шіркін, жанкүйерлер сүйікті клубымызды дәл осылай қолдаса ғой» деп тәтті қиялға беріліп кеттім…

Команданы қолдау дегенге байланысты өз пікірімді білдіре кетейін. Біріншіден, «Ақжайықтың» сырт алаңдағы ойынына бара алмасаңыз да, үйдегі ойынына барып тұрыңыз. Өзіңіз ғана емес, айналаңыздағы дос-жараныңызды да ала допқа арбалтыңыз. Сенім білдірсеңіз, ойыншылар сенімді ақтауға тырысып бағады.

Екіншіден, көп мәселе, әрине, қаржыға тіреледі. Бұл іске жанкүйер де өз үлесін қоса алады. Мысалы, стадионға 3000 адам жиналса, клуб әмиянына 1 млн. 500 мың теңге түседі (ересектерге билет құны 500 теңге). Сонда өз алаңында айына екі ойын өткізсе, 3 млн. теңге қаржы құралады деген сөз. Сөйтіп, тұрақты қаржы түсіру арқылы төбесі жабық стадион салып алуға болмай ма? Алты ай  қыс бойы ойыншылар  жабық жасыл алаңда жаттықса ғана жақсы нәтиже болады.

Мұнымен тоқтамай клубтың спорттық жейдесіне үлкен сұраныс туғызуымыз қажет. Көшеде «Барселона», «Реал», «Бавария» клубтарының жейдесін емес, «Ақжайықтың» жейдесін киіп жүрсек, қандай жарасымды!

Еркебұлан СМАДИЯРОВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың  филология факультетінің 3-курс студенті


Тұманды Альбионға сапар

Күні: , 80 рет оқылды

лондон1


Таяуда яғни 12-18 наурыз аралығында ағылшын елінің дәм-тұзы бұйырып, Лондонға білім-танымдық сапарына барып қайттық. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі мен Қазақстандағы Британ кеңесі алғаш рет ұйымдастырған шара өте жоғары деңгейде өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен Ұлыбритания корольдігіне барған он шақты журналист үлкен әсермен оралды.


Алған әсерлерімізді күн сайын күнделік бетіне түсіріп отырған едік. Бұл бағыттағы күнделігіміз былтырғы қарашада өткен Ұлттық инновациялар байқауының қорытынды кезеңінде басталған болатын. Сонымен…

Ойламаған жерден бүгін түнгі сағат 12-ге таман Астанаға келдік. Келдік дегеннен гөрі әзер жеттік деген жөн шығар. Басынан бастап баяндасақ, бүгін түске жақын, қарбалас жұмыстың шағында ұялы телефонымыз шыр ете түспесі бар ма. Көтерген бойда күміс қоңыраудай сыңғырлаған даусы бар қарындас өзін Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің қызметкері ретінде таныстырып, дәл ертең Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ұлттық инновациялар байқауының қорытындысы өтетінін айтты. Журналистер арасындағы байқаудың қорытынды кезеңіне біздің мақаламыз да өткен екен. Мүмкін болса, соған баруымыз керек. Олар өз тарапынан «Орал – Астана» ұшағына билет алғысы келіпті. Алайда билет жоқ. Не істеу керек? «Мүмкін Ақтөбе не Атырау арқылы ұшу керек шығар?» деп ұсынысымызды айттық. Сөйтіп, «Атырау – Астана» ұшағының билеті бұйырды. Ендігі мәселе — Атырауға жету. Себебі ауа райы қолайсыздау: толассыз жауын, қатты жел. Төрт-бес сағаттың ішінде ұшаққа үлгеру керек. Әйтеуір Құдай сәтін салып, жолда түрлі қиындықтармен тайталасып, ұшаққа отырғызу басталып жатқанда, жеттік-ау біз де Атырауға…

Астана шаһары

12. 11. 2015 жыл

 

Бүгін кешегіден бетер қобалжыдық. Ұлттық инновациялар байқауының қорытындысы шығарылған кезде БАҚ өкілдерін марапаттау үшін сахнаға байқау комиссиясының төрағасы болған белгілі журналист, «ҚР Президентінің телерадио кешені» АҚ-ның бас директоры Ерлан Бекхожин көтеріліп, байқауға қанша материалдар түскенін, ол материалдар құрамында журналистер, Қазақстан Журналистер одағының қызметкерлері бар комиссиямен қалай іріктелгенін айтып, Лондонға жолдама ұтқан әріптестеріміздің тізімін жариялады. Үздік болған әріптестерімізді бір-бірлеп шақырып, марапаттады. Мәссаған, безгелдек! Ішінде біз жоқпыз. Ұмытып кетті ме екен? Әлде іріктеуден өте алмай қалдық па? Онда неге шақырды? Бұл қалай болғаны сонда? Осындай ойдың жетегінде отырғанымызда, «Ал байқаудың бас жүлде иегері Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті» деп, біздің аты-жөнімізді атамасы бар ма. Уайым мен күдік сол мезетте-ақ ғайып болып, қуаныш пен үміт оты жарқ етті… Шынымызды айтсақ, сол сәтте бақыттан басымыздың айналғаны соншалық, орнымыздан атып тұрып, сахнаға қалай шығып кеткенімдізді байқамай қалдық…

Астана шаһары

13. 11. 2015 жыл

 

«Тойдың болғанынан боладысы қызық». Лондон сапары 12 наурызға жоспарланып отыр дегеннен бастап қарбалас тірлік басталды. Ағылшын тілін меңгеру, визаның жұмыстары және өзге де ұсақ-түйек қаракеттер… Бастапқы екеуін айтпай-ақ, бұл бағыттағы ұсақ-түйек дегеннің өзінің зілбатпан салмағы барын басынан өткерген адам ғана біледі…

Орал шаһары

27. 01. 2016 жыл

 

Өмір жолы қызық қой. Кейде жол бір түспейін десе, түспей қалады. Ал шығайын десе, оған дауа жоқ. Міне, тағы да Елордаға табан тіредік. Бұл жолы визаға құжат тапсыру үшін келдік. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, бұл мәселе біраз сарсылтты. Ағыл-шын тілін білмеудің салдарынан осы сапар барысындағы алғашқы қиындықпен бетпе-бет келдік. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда Ұлыбритания Біріккен Корольдігіне виза толтыру оңай еместігін аңғардық. Виза толтыруға біраз адам көмек қолын созғысы келгенімен, «әлдері келмеді». Олардың арасында ағылшын тілі курсы бойынша бізге тәлім берген мұғалім, қаламыздағы ЖОО-ның осы пән бойынша оқытушылары да бар. «Уақыт болса аз қалды, енді қайттім?» деп жүргенімізде, Құдай сәтін салып, виза жұмысын «шемішкіше шағатын» мың бол-ғыр жандар кездесті…

Астанадағы виза орталығына қажет құжаттарды тапсырып, тиісті рәсімдерден өткен соң, төлқұжат пен тапсырылған өзге де құжаттар Түркияға кететіні, виза сол жақтан келетіні туралы мәлімет естідік. Сонымен қатар түрлі себептерге байланысты виза беруден бас тартылуы да мүмкін екенін білдік. Ал виза берілмесе, шетелге шығуға рұқсат жоқ. Ендігі уайымымыз виза болды…

Астана шаһары

19. 02. 2016 жыл

 

Көктемнің алғашқы күнімен бірге Астанадан жақсы ха-бар да жетті. Визамыз мақұлданып келіпті! Арқадан бір ауыр жүк түскендей сезіндік…

Орал шаһары

2. 03. 2016 жыл

 

Алыс шетелге жасағалы отырған алғашқы сапарымыз болғасын, әулетіміздің үлкендеріне, жасы үлкен өзге де туыстарға арнайы барып, бата алдық. Кеше, қасиетті жұма күні редакцияда әріптестеріме арнап дастарқан жайдық. Әкеміздің, ата-бабамыздың аруағына бағыштап Құран оқытып, жеті шелпек тараттық. Бірінші Алла Тағаланың жәрдемі, екінші ағайын-туманың, досжаранның, әріптестерімнің баталары, ақ тілектері шығар, жолымыз оңғарылды. Ауа райына байланысты кешеуілдеп ұшып жүрген «Орал – Астана» ұшағы Елордаға уақтылы келіп қонды. Екі сағаттан соң кең байтақ еліміздің әр қиырынан жиналған сегіз тілші, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі мен еліміздегі Британ кеңесінің өкілдері бар, жалпы саны он адамнан тұратын тобымыз «Астана – Лондон» ұшағына жайғастық…

Астана шаһары

12. 03. 2016 жыл

 

Тіл білмесең, өзіңді рухани тұрғыдан мүгедек сезінеді екенсің. Лондонға қонуымызға екі сағатқа жуық уақыт қалғанда, «Боинг-737» ұшағындағы стюардессалар бір қағаз әкеліп берді. Бәрі ағылшынша жазылған. Соны толтыру керек. Қағаздағы екі-үш сұрақты ғана түсініп отырмыз. Аты-жөнің, жынысың, төлқұжат нөмірі деген сияқты сауалдарды. Қалғандарына «тісіміз батпайтын» сияқты. Айналама қарасам, қиналып отырған жалғыз біз емес екенбіз. Көпшілігіміз тобымызды бастап бара жатқан еліміздегі Британ кеңесінің өкілі Әйгерім Әліпқаринаның көмегімен бұл құжатты толтырдық-ау әзер деп. Аталмыш құжатты әуежайда ағылшындық кеденшілерге беруіміз керек.

Бір мезетте ұшақ командирі Лондонға жақындағанымызды айтып, соған орай орындықтарымызды жөндеп, белдіктерімізді тағып отыру туралы ескертті. Көп кешікпей ұшақ иллюминаторынан әлемдегі өнер, сауда, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, туризм, көлік, қаржы салалары бойынша атағы жер жарған шаһар да көрінді. 2014 жылғы санақ бойынша 8,5 млн. халқы бар Ұлыбритания астанасын ұшар биіктен қарағанның өзі әдемі…

Лондон аспаны

12. 03. 2016 жыл

 

Ұшағымыз он минуттан бері Хитроу әуежайына қона алмай әуеде қалықтап жүр. Артынан білгеніміздей, Хитроу әлем бойынша ірі көлік желісі деп саналатындықтан, бұл жерден сағат сайын көптеген елге ұшатын рейстерге қызмет көрсетіліп жатады екен. Сол себепті әуежайдың ұшу-қону жолағы бос болмаған…

Лондон аспаны

12. 03. 2016 жыл

 

Міне, ұшағымыз арман болған Лондонға келіп қонды. Мұндағы жергілікті уақытпен сағат 16.10-да (Астана уақыты бойынша сағат 21.10) Хитроу әуежайына кірдік. Жалпы, ұшақпен қай қалаға барсаң да, ең бірінші көретінің сол қаланың әуежайы ғой.

Хитроу бір карағаннан-ақ, өзінің аумағының кеңдігімен, өзіндік сәулетімен, жолаушыларының көптігімен ерекшеленеді. Жылына 70 млн. жолаушыны қабылдайтын Хитроу өткен жылдың соңында әлемдегі әдемі, қолайлы, қауіпсіз әуежай ретінде танылғанын білетінбіз. Кедендік рәсімдеуден өтіп, біздің топты тасымалдауға бөлінген көлікті күтіп тұрған сәтімізде әуежай қызметкері болып істейтін афроамерикандық Жошы деген азаматпен таныстық. Оның айтуынша, әлемдегі барлық әуе компаниясы мен әуежайын жан-жақты тексеріп, жыл сайын өзінің рейтингін шығарып отыратын британдық «Skytrax» деген компания бар. Былтыр бұл компания жүргізген сауалнамаға шамамен жүзден астам елден 13 мил-лиондай адам қатысып, әлемдегі 40 әуежайға 40 санат бойынша дауыс берген. Сауалнама барысында бес балдық дауыс беру жүйесінде Хитроу төрт балды иеленіп, бірінші орынға шыққан екен.

Лондон шаһары

12. 03. 2016 жыл

 

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Орал – Астана – Лондон – Астана – Орал

(Жалғасы бар)


Алаңда ардагерлер

Күні: , 117 рет оқылды

IMG_9092


Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдық мерейтойына арналған ардагерлер командалары арасында волейболдан қалааралық турнир өтті.


Апта соңында өткен жарысқа өңір командаларымен қатар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан спортшылар қатысты. Сонымен қатар Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Қазталов аудандары, «Жаса Нарын», медициналық колледжі, Орал құс фабрикасы командалары жарысқа шықты.

Сайыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Динара Есенғалиева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, Мұстақым Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлының 90 жылдық мерейтойы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бар саналы ғұмырын еліміздің, қала берді біздің облысымыздың өсіп-өркендеуіне арнаған тұлғаны дәріптеу мақсатында бірқатар шаралар өткізілуде. Бұл шаралардың басты мақсаты ұлы тұлғаның елге істеген еңбегін келер ұрпаққа өнеге, үлгі ретінде жеткізу болып отыр. Бүгінгі қалааралық волейбол сайысына 12 команда қатысып отыр.  Оның сыртында облыстық мәслихаттың келісімімен ақындар айтысын өткізу, Мұстақым Біләлұлының өмір жолы туралы кітап шығару, мерейтойлық медаль әзірлеу сияқты бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Олардың барлығы қыркүйек айында өтетін конференцияда қорытындыланатын болады, — деді Асқар Атаев.

Зашаған кентінде орналасқан «Арман» спорт кешенінде өткен сайыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаз командалар да анықталды. Жүлделі бірінші орынды Батыс Қазақстан облысы командасы, екінші орынды Атырау, үшінші орынды Маңғыстау командалары иеленді. Жекелеген аталымдар бойынша «Үздік байланыстырушы» Қамбар Сәлімов, «Үздік тосқауыл қоюшы» Талғат Әділов, «Үздік қорғаушы» Аманкелді Сүйінтаев, «Үздік шабуылшы» Баһадүр Қанназаров, «Турнир ақсақалы» Тельман Ғұсмановтарға табысталды.  Жеңімпаз командалар мен аталым иегерлеріне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан диплом мен медальдар табыс етілді.

М. Ықсанов атындағы қордың дайындаған сыйлықтары жарысқа белсенді қатысқан Ақжайық, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының командаларына бұйырды. Сонымен қатар қордың атынан жекелеген аталымдар бойынша бірқатар спортшылар марапатталды. Атап айтсақ, Өнербек Қуанышқалиев «Үздік байланыстырушы», Сергей Васильев «Үздік тосқауыл қоюшы», Сергей Матухнов «Үздік қорғаушы», Маркс Хасанов «Үздік шабуылшы», Надик Бекжанов «Үздік төреші» аталымын иеленді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жарайсың, «Жайық Пресс»!

Күні: , 70 рет оқылды

IMG_7349


Республикалық «24 kz» телеарнасы жариялаған «Менің Наурызым!» атты конкурста «Жайық Пресс» медиахолдингі екі бірдей жүлделі орынды жеңіп алды.


Қазылардың ұйғарымы бойынша Батыс Қазақстан облысы медиахолдингінің қызметкерлері түркі халықтарының ежелгі мейрамын ерекше қарсы алған. Наурыз көжеден бастап, қазақтың ұлттық тағамдарымен жасалған дастарқан басында ән шырқалып, би биленген, күмбірлеп күй төгілген. Ағыл-тегіл ақжарма тілек ақтарылған. Сөйтіп, «Ұжымды біріктірген мереке» аталымы бойынша «Жайық Пресс» ЖШС республикада ең үздік деп танылған.

Ал әз-Наурыз тақырыбына арналған журналистердің мақалалары арасында «Приуралье» газетінің тілшісі Динара Кен-дірбаеваның «Наурыз көже — ырыс пен құт бастауы» мақаласы үздік деп танылды.

Жарайсыңдар, «Жайық Пресс» журналистері!


«Сырға толы саз-ғұмыр»

Күні: , 73 рет оқылды

DMS_4976


Өткен жұма күні облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Қырымгерей  Қажымовтың 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Сырға толы саз-ғұмыр» атты шығармашылық кеш өтті.


Кеште Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, Қазақстан Композиторлар одағының құрметті мүшесі, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы камералық хорының негізін қалаушы, Қытай Халық Республикасының «Долянь» орыс әні халық хорының көркемдік жетекшісі және бас дирижері Тұрым Алакөзов, Ақтөбе қаласынан Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор Қайырғали Қожанбаев, «Мәдениет саласының үздігі» Мәдина Қабижанова, Қырымгерей Қажымұлының төл шәкірті, Халықаралық және республикалық домбырашылар конкурсының лауреаты, жерлесіміз, бүгінде Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Н. Тілендиев атындағы халықаралық дирижерлар конкурсының бас жүлдегері, халықаралық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаев қатысып, өнер көрсетті. Сонымен қатар шығармашылық кешке Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері,  «Құрмет» орденінің иегері Орақ Жауыров, Қостанай облысынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші Қалибек Деріпсалдин, ҚР Білім беру ісінің құрметті қайраткері, профессор, Маңғыстау өнер колледжінің директоры Аманбек Сүндетов, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов арнайы қатысты.

Кеш соңында мерейтой иесі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауы мен мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика