Мұрағат: 26.03.2016


Ұлыларды ұлықтаған тұлға

Күні: , 448 рет оқылды

Улыларды улыктаган тулга


Жуырда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі жазушы, драматург, аудармашы Роллан Сейсенбаевпен «Ұлыларды ұлықтаған тұлға» атты кездесу кеші өтті. Төрткүл дүниеге Абайды танытып, шетелде 15 тілге аудартқан, 1995 жылы Лондон қаласында «Абай үйін» ашқан көрнекті жазушымен кездесуге халық көп жиналды. Шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев әдебиет сүйер қауымға ақ тілегін арнады.


— Конфуцийдің «Кітап оқып отырып, ойланбау күнә әрі мүмкін емес. Кітап оқымай тұрып, ой айту қылмыс» деген сөзі бар. Бұл кітапқа берілген үлкен баға деп есептеймін. Сондықтан бес бірдей кітаптың тұсауы кесілгелі тұрған бұл кештің маңызы зор. Мені соңымыздан еріп келе жатқан кейінгі ұрпақтың кітапқа деген көзқарасы қуантады. Қалай десек те, қазір кітап оқитын балалар көбейіп келеді. Бүгінгі кештің кейіпкері Роллан Сейсенбаев ағамыздың 200 томдық кітап және «Аманат» журналын шығару туралы бастамасына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шын ризашылығын білдіріп, қолдау танытқан еді. Бүгін осы игі бастаманың Ақ Жайық өңірінде жалғасын тауып жатқанына бек қуаныштымын, — деген облыс әкімінің орынбасары белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев пен Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовқа облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың шынайы ризашылығын жеткізді.

Рухани кеште әлемнің озық баспаларының деңгейіндегі халықаралық Абай клубы мен «Роллан Сейсенбаев» баспасынан «Ақ Жайық кітапханасы» айдарымен Махамбет Өтемісұлының «Айналайын, Ақ Жайық!», Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан», Қадыр Мырза Әлінің «Көкпар», Қайрат Жұмағалиевтің «Кие», Ақұштап Бақтыгерееваның «Қайран қарлығаш-тар-ай» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі жасалды. Аталмыш кітаптардың жарыққа шығуына зор үлес қосқан белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев Ақұштап Бақтыгерееваның кітабын автордың өзіне, Қайрат Жұмағалиевтің кітабын жары Софияға табыстаса, М. Өтемісұлы, Ж. Молдағалиев, Қ. Мырза Әлінің кітаптарын қаламыздағы оқу орындары мен мектеп мұғалімдеріне және «Жайық Пресс» ЖШС мен кітапхана ұжымына сыйға тартты. Кеште сөз тізгінін алған ақын Ақұштап Бақ-тыгереева белгілі қаламгерге Жайық жұртшылығының атынан шынайы алғысын білдірді.

— Сонау Семейде Абай мен Мұхтардың топырағында өсіп, инженер-технолог мамандығын қалаған, кішкентай қазақ баласы қолына қалам ұстап, «Аңсау» деген повесімен шығып, әлемдік әдебиеттегі классиктермен дәмдес болды. Ол кешегі Қадыр ағалар ғана емес, Абаймен, Махамбетпен, Мөңкелермен сырласты. Одан Мәскеу кетті. Мәскеуде өз ғасырының классиктерімен жүздесті. Одан әрі Лондон асып, Абайдың аруағына сыйынып, Абайдың атын арқалап әлемдік «Абай» клубын ашты. «Абай» клубы әлемдік әдебиетке қазақ әдебиетіндегі мықты шығармаларды аударып, ұсынып жүр. Тасқа басылған жазу ешқашан өшпейді. Сондықтан бүгінгі кітап топанының арасынан мықтыларын шығарамын деп күресіп жүрген, ұлы даланың қасиеті мен қасіретін арқалап жүрген қаламдас бауырыма тек денсаулық тілеймін, — деді ақын.

«Аманат» журналына шығармалары жарық көрген өңіріміздің белгілі қаламгерлері, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, «Приуралье» газетінің тілішісі Галина Самойловалар сахнаға көтеріліп, өз ризашылықтарын білдіріп, шырайлы кешті өлеңмен өрнектеді. Қазақтың кесек ойы мен көркем сөзін әлем әдебиетінің озық баспа өнімдерінің деңгейінде жарық көруіне ықпал етіп, қазақ әдебиетінің алтын сөресіне 200 томдық кітаптарды ұсынған белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев жүрек түкпірінде жатқан ойларын айтып, Жайық жұртшылығымен терең сырласты:

— Ұлы Махамбет сонау Нарынның құмында, жапа-жалғыз дос та жоқ, анталаған жаудың ортасында жүріп, ұлы қазағын, ұлы даласын, ұлы жерін ерекше сүйе білді. Дәл Махамбетше қазақтың жырын жырлаған да қазақ аз болар. Ол бір өлеңінде «Осы жерге қондырған, ата-бабам оңбасын» дейді. Себебі бірінен кейін бірі басталатын жаугершілік заман, үлкен айқастар, қиын тірлік… Қазақ халқының бақытты болған кезі жоқ. Бір кездері біз бақытты болсақ, осы бабалардың аруағы да бір аунап түсер деген ойдамын. ХХ ғасыр — бұл адам бар, бірақ адамның адамгершілігі өлген ғасыр.

ХХІ ғасырда адам да өледі. Біздің миымызда чиптар тұрады. Үлкен компьютерлер, планшеттер… Енді бір 20 жылда бәрі қалады. Сол кезде біз қайда барамыз? Мынау үлкен алып дала сол ұлы далаға айнала ма, әлде улы далаға айнала ма? Ұлы алаштың ұлы азаматтарындай осы елдің тағдырын ойлайтын жағдаймыз бола ма? Осындай күдікке толы сұрақтар мені ұйықтатпайды. Түнімен ұлы даланы кезіп шығасың, ұлы бабаларды оқисың. Ұлы халқыңның көзіне қарайсың, сол көздердің алдында мен не істеп жүрмін? — деген ойлар маза бермейді.

Мен сіздермен Қадыр ағамыздың атындағы орталықта кездескеніме өте қуаныштымын. Еліміз бойынша тек Ақ Жайық өңірінде ғана бар орталық-мәдениеттің, әдебиеттің, өнердің ұлы ордасына айналсын. Бас киімімізді шешіп кіріп, тәу ететін ұлы босаға болсын! — деген қаламгер Қадыр ағамен болған кездесулерден естеліктер айтты.

Ұлыларды ұлықтап жүрген Роллан Сейсенбаев – әлем халықтарының әдебиеті мен өнеріне қосқан ерекше үлесі үшін Польшаның Алтын офицерлік ордені, Венгрия Республикасының Үлкен Алтын Рыцарь кресі орденінің және Куба Республикасының «Достық» орденінің иегері. Сондай-ақ «Ешқайда бастамайтын баспалдақ», «Өмір сүргің келсе..» «Мырза, сіз енді Құдайсыз ба?», «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер» тағы басқа бірнеше романдар, хикаяттар мен бірқатар әңгімелердің авторы. Жазушы-драматургтің «Өзіңді тап», «Қазыбектің оралуы» және өзге де драмалық шығармалары бірнеше кітап төңірегінде топтастырылған.

Басқосу соңында кеш кейіпкері Роллан Сейсенбаевтың «Майдан әндері» шығармасының желісінде жазылған моноспектаклі жұртшылық назарына ұсынылды. Сұрапыл жылдарда соғыс қасіретін тартқан майдангердің ішкі иірімге толы әбден жанышталған жан дүниесін театр сахнасының саңлағы, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов шебер сомдады.

 

Қарасаздан жүлдемен!

Күні: , 76 рет оқылды

Карасаздан жулдемен


Жуырда Айдархан жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Данияр Нысанғалиев ақиық ақын Мұқағалидың туған жері Карасазда өткен республикалық «Мұқағали оқулары» байқауынан жүлделі ІІ орынмен оралды.


Данияр бұл байқаудың облыстық кезеңінен жеңімпаз атанып, республикалық кезеңіне жолдама алған болатын. Байқау «Менің пірім – Мұқағали», «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап…», «Жыр эстафетасы» және «Өлеңмен өрілген жыр», «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» сынды бірнеше кезеңнен тұрды. Сондай-ақ берілген ұйқасқа өлең құрау бөлімі бойынша оқушылар ұйқас қуып, өлең жазуы қажет.

Данияр аталған бес бөлімде де өзін озық көрсете білді. Соның ішінде ақиық ақын Мұқағалидың бес поэмасын жатқа айтып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақ-жауаптан тұратын бөлімде қойылған 10 сұраққа мүдірмей жауап берді. Осылайша біздің Данияр өзгелерден оза шауып, жүлдегер атанды.

Бұдан бөлек жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай өткен оқушылар арасындағы айтыста да арнайы жүлдемен марапатталған болатын.

Ботагөз ТІЛЕУБАЕВА,

Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің әдіскері


«Жаңа жыл жарылқасын!»

Күні: , 69 рет оқылды

Жана жыл жарылкасын


Ұлыстың ұлы күнінде Наурыз мейрамы Орал қаласының орталық Абай алаңында тойланды. Тәуелсіздігіміздің алдағы мерейтойы құрметіне тігілген 25 киіз үй Достық даңғылы бойында қатарласа қонған. Айналасында наурыз көжеден дәм татып, мәре-сәре болған үлкен-кіші.


Мерекелік шеруді бастаған аттылы жаршы мен жарапазаншылар сырнайлатып-кернейлетіп, дабыл қағып, баршаға тойдың басталғанын хабарлады. Жыл мезгілдерінің алма-кезек алмасуын әсем әуен қанатында бейнелеген бишілер көктемнің шаттық лебін сездіре білді. Қыдыр ата бата беріп, Ұмай ана күллі жамандықты аластады. Шашу шашылды. «Назерке» би ансамблінің қырмызы қызғалдақтары құлпыртқан би де думанға айрықша көрік берді. Тұрғындарды құттықтауға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сахнаға көтерілді.

– Қазақ халқының жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы деп айтқаны осы мезет. Көктем келгенде, қыстың қаһары қайтып, жер-дүние жасанып, жаңғырады. Кешеден бері Наурыздың ақша қары жауып тұр. Табиғаттың бұл құбылысын халқымыз ақ ниетке балайды, жақсылыққа жориды. Осы орайда айтар тілегім, еліміз аман болсын. Жаңа жыл жарылқасын! Баршамыздың арман-мұратымыз орындалсын. Қазіргі уақытта мемлекетіміздің дамуына жан-жақты жағдай жасалған. Елбасымыздың саясатын бүкіл қазақстандық қолдай отырып, алдағы реформарларды жүзеге асыруға бір кісідей үлес қосатындығымызға сенеміз. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлаймыз. Ел үшін елеулі мереке болмақ. Өткен ғасырда Наурыз мерекесін атап өтуге ұзақ уақыт тыйым салынғанын білесіздер. Сексенінші жылдардың соңында қайтадан жаңғырды. Егемендік алған жылдары Елбасымыздың Жарлығымен мемлекеттік мереке болып жарияланды. Содан бері өшкеніміз жанып, орта толды. Қазір ұлтына, нәсіліне қарамастан, барша отандасымыз бірге тойлауда. Ұлыстың ұлы күні бірлік, ынтымақ, ырыс мерекесіне айналды. Әрине, ұлттық құндылықтарымызды берік сақтай білсек қана, рухымыз биіктеп, көк Туымыз аспанда желбіреп тұрады, – деді облыс басшысы. Одан әрмен көңілді думан жалғасын тапты. Концерт тізгінін ұстағандар Наурыз мейрамымен тұспа-тұс «Жаворонки» мерекесін славян халықтары да атап өткенін еске салды. Соған орай орыс ұлт аспаптар оркестрі «Скоморшьи потешки», «Вдоль по Питерской» әуендерін орындады. Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрі Сейтектің «Тойбастар», Динаның «Науысқы» күйлерін тартты. Оркестр демеуімен халық әндері шырқалды.

Наурыз мейрамында жәрмеңке ұйымдастырылды. Түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Көрмеге ұлттық бұйымдар қойылды. Боз-кілемде белдесуге, күш сынасып, гір тасын көтеруге, арқан тартыстың қызықты өтуіне жас-кәрі белсене атсалысты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев киіз үйлерді аралап, дәм татып, ізгі лебізін білдірді, халықпен бірге ұлттық спорттық ойындарды тамашалады.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Бақыт ТҰРАЛИЕВА,

«Әжелер сәлемі» халық ансамблінің мүшесі:

– Ел бірлігі, тыныштық, тұрақтылық арқасында Наурыз мейрамы жарасымын тауып, баршасы қуанышқа кенелуде. Шарапаты мол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа құт дарысын. Ең бастысы, Қазақстан халқы молшылықта, тыныштықта бақытты ғұмыр кешсін.

Жарқынбек ШЫНТАЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің студенті, жас айтыскер:

– Наурыз думаны тағылымды, тартымды тойлануда. Жиналған жұртшылық шат-шадыман. Көктемнің шуақты мерекесі көңілге әрдайым қуаныш сыйлайды. Жыл басы — Наурызда ұйымдастырылған облыстық ақындар айтысында алғашқы қомақты жүлде алғаным есімде. Өнер жолында мен үшін айрықша ізашар болды. Студенттер қауымы да бұл мерекені айрықша ықыласпен күтеді. Наурыз мерекесі қарсаңында университетіміздің жатақханасында ойын-сауық ұйымдастырыл-ды. Жастар қызыға қатысты. Шығыс халықтарына тән бұл мерекенің тарихы терең екенін ұстаздарымыз да жүйелі түсін-діріп отырады.

Елена СТРЕЛЬЧЕНКО,

Орал қаласының тұрғыны:

– Менің ойымша, Наурыз мейрамы – жалпы ұлттық мереке. Еліміздегі тұрғындардың татулығы бекем, мерейіміз үстем. Кім қандай пікір білдірсе де, біз – біртұтас, бірлігі мызғымас Қазақстаннанбыз деп айтар едім.


Студенттер белдесті

Күні: , 84 рет оқылды

Студенттер белдести


Таяуда Батыс Қазақстан медициналық колледжінің спорт залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және аталмыш оқу орнының 100 жылдығына орай колледж студенттері арасында қазақша күрестен жарыс өтті.


Жеті командадан құралған додаға 40-тан астам балуандар қатысып, бес салмақ дәрежесі бойынша өз бақтарын сынады. Жарыс нәтижесінде С. Лұқпанов (Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі, 55 келі), Н. Нажмидденов (Батыс Қазақстан медициналық колледжі, 60 келі), Н. Мұстах (ұлттық спорт түрлері бойынша ОБЖСМ, 66 келі), Б. Меңдешов (Батыс Қазақстан гуманитарлық академия, 74 келі), С. Ақболатов (Орал газ мұнай және салалық техникалық колледжі, +74 келі) қарсыластарының барлығын жығып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ


Тамылжыта сайрасын

Күні: , 68 рет оқылды

Тамылжыта сайрасын


Мен жақында «Орал өңірі» газетінен «Құстарды қарсылайық!» деген мақаланы оқып, қатты қызықтым. Журналист ағаларымыз бастаған акцияға өз үлесімізді қосқымыз келді. Өйткені құстар – біздің досымыз! Ауылымызға қараторғай, қарлығаш сынды құстар жиі келетіндіктен, әкем Бекзат үйіміздің жанындағы терекке бұдан бұрын да ұя орнатқан болатын.


Әкем інім Темірлан екеумізге ағаштан ұяны қалай жасау керек екенін үйретті. Артынан ол ұяны терекке бекіттік. Осылайша құстарға қамқорлық жасадық. Бұл ісімізді достарымызға айтып, оларға да ұя жасауға кеңес бердік. Ертең қараторғайлар келгесін олар ұяны көріп қуанып, тамылжыта сайрайтыны анық. Осындай жақсы бастаманы көтерген «Орал өңірі» газетіндегі аға-апаларға алғыс айтамыз.

Қобыланды ҒИНИЯТ,

Тайпақ орта мектебінің 3-сынып оқушысы,

Қарауылтөбе ауылы,

Ақжайық ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика