Мұрағат: 22.03.2016


Арман мен сенім ақталсын (жеңімпаздар форумынан репортаж)

Күні: , 7 745 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (36)


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының үлкен залында ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауында өзге бес партиядан дараланып, озық шыққан «Нұр Отан» партиясының құрметіне Жеңімпаздар форумы өтті.


Форумға жиналғандар алдымен Орталық сайлау комиссиясы төрағасының алдын ала жариялаған қорытындысын тыңдады. Аталмыш мәлімет бойынша сайлаушылардың 82,15 пайызы «Нұр Отан» партиясы  үшін дауыс берген. Сөйтіп, Парламент Мәжілісіне өз үміткерлерін ұсынған алты саяси партияның үшеуі “Сайлау туралы” Заңда көрсетілген жеті пайыздық межеден өткен. Қорытынды мәлімет 26 наурыздан кешікпей белгілі болмақ.

«Нұр Отан» партиясының облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен сенімді өкілдері салтанатты түрде сахна төріне көтерілді.

Шара «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

— Құрметті форумға қатысушылар! Кеше өткен сайлауда бүкіл қазақстандықтар секілді батысқазақстандықтар да өзінің бола-шағы үшін, елінің ертеңі үшін өз таңдауларын жасады. Жаңа біз Орталық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінен алдын ала қорытындылар бойынша «Нұр Отан» партиясының 82 пайыздан жоғары дауысқа ие болғанын тыңдадық. Бұл – қазақстандықтардың болашаққа сенімі. Бұл – қазақстандықтардың «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын, елдің кемелденуін, оның жасампаздық қадамды ілгерілете беруін қолдау. Осы үшін өз атымнан, партияластарымның атынан сіздерге зор ризашылық білдіремін. Штаб мүшелеріне, сенімді өкілдерге, еріктілерге, сайлаудың өтуіне үн, күш қосқан барша батысқазақстандыққа алғыс айтамын. Қазіргі таңда Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттарының, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауалды тұғырнамасында сайлаушыларға берген уәделерін орындау үшін барлық жағдай бар. Қаржылық, әкімшілік мүмкіндіктерді, еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін пайдалана отырып, депутаттардың сайлаушыларға берген уәделері орындалып, алдағы уақытта еліміздің дамуына үлкен серпін болатыны сөзсіз. Сондықтан баршамыз «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын бүгінгідей қолдай отырып, алға жүруге бір адамдай күш жұмсайық, үлес қосайық! Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Ұлы той басталып та кетті. Жаңадан тәуелсіздік алған тұста еліміз қандай жағдайда еді, бүгін қай жерге келдік, болашағымыз қандай? Осының бәрін сараласақ, өткеніміз бен бүгініміздің арасы алшақ екенін көреміз. Біраз жетістіктерге жеттік. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алға қойған мақсаттарды еңсеруге де жігеріміз жетерлік. Міндетіміз айқын. Бұл орайда партия төрағасы нақты міндеттер белгіледі. Оны орындау үшін халықты жұмылдыру — «Нұр Отан» партиясына артылар жүк. Осы бағытымызбен қадам басқанда ғана Елбасы жүргізіп отырған реформалар жүйелі жүзеге асып, табысты болатынымыз сөзсіз, қадірменді ағайын! – деді Нұрлан Асқарұлы.

Республикалық сайлауалды штабының мүшесі, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева тебірене сөйледі.

— Егемен елдің ертеңі үшін, еркін елдің болашақ ұрпағы үшін ғасырлап қолымыз жеткен, бабаларымызға арман болған еркіндіктің көк туының желбіреп, бүкіл әлемге танылуы үшін және оны жастардың қолына нық ұстату үшін азғантай уақыт ішінде үлкен шаралар атқарылып жатыр елімізде. Міне, біз армандап, көксеген ұлы даланың табанына ыстығы өтіп, күні маңдайын сүйген ұлына ел басқартсақ деп едік, ол күн туды. Басшыға қосшы болатын ел екенімізді тағы да әлемге көрсетіп дәлелдеп, ұйымшылдықпен дауыс бердік. Мұның барлығы, жас ұрпақ, сендердің ертеңің, сендердің болашағың, сендердің бақытың. Ендеше, осы еркін елдің, мәңгілік елдің, ұлы даланың ұл-қыздары болыңдар, соның намысын жақтаңдар, арын арлаңдар! Мұның бәрі өмірде адал, барлық жағынан күрескер болып өсу бағытында сендер үшін жасалуда. Сәтті болсын, құтты болсын, ұлы дала ұлдарының, ел басқаратын азаматтарының жеңісі! Оларға сенген халықтың арманы ақтала берсін! Сендер бақытты болыңыздар, жас ұрпақ! Менің бала кезімде шетелге шығып, өзімнің қай ел адамы екенімді айта алмайтынмын. Менің ұлтымды ешкім білмеген, ешкім танымаған. Мен соның куәгерімін, айналайындар. Бүгін бізге бар әлем көзін тігіп отыр. Президентіміз әлемнің алдында бір тілекке жиыла алатын халық екенімізді және өзгелерден ерекше мейірбан екенімізді дәлелдеді. Ертеңгі Наурызда паш етілетін даланың сол мейірбанды салты – достық, мейірім, сыйластық сезімдерін жоғалтпайық. Алда келе жатқан Наурыз мейрамы құтты болсын! Барша жанға бақыт әкелетін ұлы мейрамдар жалғаса берсін! Сайлаған депутаттарымыз біз армандағандай ұлы даланың болашағына қызмет етсін, ата дәстүрді сақтау жолында еңбек етсін, азаматтық борыштарын адал атқарсын! – деді ақын.

Облыс өнерпаздары ән айтып, би билеп, салтанатты шараның шырайын кіргізе түсті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Дархан ҚАДЫРАЛИЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

— Тұғырлы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында болашаққа нық қадам жасап, бүгін айқын жеңіске жетіп отырмыз.

Бұл жеңіс – біздің нақты істеріміздің дәлелі. Сындарлы сағатта Елбасы бастаған «Нұр Отан» партиясына және оның атынан додаға түскен үміткерлерге қолдау білдірген баршаға шынайы алғысымды білдіремін! Партияның салиқалы саясатын және баянды болашаққа деген бастамаларын қолдап келе жатқан барша қазақстандыққа ризашылық білдіре отырып, алдағы уақытта егеменді еліміздің өркендеуіне аянбай еңбек ететінімізді жеткізгім келеді. Берекесі мен бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің осындай жеңісті күндері көп болсын!

Лилия ХАЙРУЛЛИНА,

«Нұр Отан» партиясы қалалық штабының мүшесі:

— Бірінші кезекте партияластарымды және батысқазақстандықтарды бүгінгі жеңіспен құттықтай отырып, сайлаушыларға алғыс білдіргім келеді. Бұл жолы сайлаушылар кезекті мәрте тұрақ-тылықты, бірлікті, жасампаздықты таңдады. Президентіміз әлемдегі экономикалық кедергілерге қарамастан, халықты әрдайым жеңіске жетелер мақсаттармен жігерлендіріп, алға бастайды. Мемлекет алдына экономикасы дамыған отыз елдің қатарына қосылу туралы ұлы мақсат қойылды. Бұл бағытта еліміздің кәсіпкерлері қолға алған кәсіптерін дамыта отырып, өздерінің жұмыс тәжірибесін қолданып, экономиканы кез келген тығырықтан алып шыға алатынына сенімдіміз.

Салтанат ТҰМАНБАЕВА,

 «Нұр Отан» партиясы қалалық штабының мүшесі:

— Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының сайлау кезіндегі айқын жеңісімен құттықтаймын! Біз болашаққа үлкен сеніммен қарадық. Барлық сайланушыларға зор сенім артқан қала, облыс тұрғындарына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл сайлау жастар үшін ерекше болды. Өзімізге артылған сенімді ұғындық. Ендігі мақсат – сол сенімнің үдесінен шығу. Біз тәуелсіз елдің бақытты жастары екенімізді сезіне отырып, болашақта еліміздің мәртебесін арттырып, мерейін асқақтату жолында еңбек етеміз. Қазақстан жастары Елбасымен бірге!


«Нұр Отан» 82 пайыз дауыс жинады

Күні: , 95 рет оқылды

54853


Exit-poll қорытындысы бойынша үш партия Парламентке өтті. «Демократия институты» жүргізген жалпыхалықтық сауалнама нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының 82 пайыз дауыс жинағаны белгілі болды. Бұл туралы inform.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.


Аталған институттың директоры Юлия Кучинскаяның мәлімдеуінше, еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларындағы 750 сайлау учаскесінде таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Exit-poll жүргізілген.

«Сауалнамаға 75 мың адам қатысты. Exit-poll-дың қорытындысы бойынша сайлауға түскен партиялар мынандай нәтиже көрсетті: «Нұр Отан» партиясы – 82 пайыз дауыс, «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» – 7,17 пайыз, «Ақ жол» партиясы – 7,22 пайыз, «Бірлік» партиясы – 0,35 пайыз дауыс, Жалпыұлттық әлеуметтік-демократиялық партия – 1,21 пайыз дауыс, «Ауыл» партиясы – 2,05 пайыз дауыс», – деді Юлия Кучинская.

Еламан ҚОҢЫР,

«Егемен Қазақстан» газеті


«Нұр Отанның» тарихи жеңісі

Күні: , 105 рет оқылды

1 полоса


Іс-шараға штаб мүшелері, сенімді өкілдер, жастар, сондай-ақ өңірлік штабтардың белсенділері бейне конференция режимінде қатысты. Сағат 00:00-де жалпыұлттық экзит-пол нәтижелері баяндалған жаңалықтар шығарылымы қаралды. Экзит-пол қорытындысына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы сайлаушылардың 82% дауысын жинады. Жиналғандарға сөз арнаған Қазақстан Президенті барлығын тарихи жеңіспен құттықтады.


Алдын ала мәліметтер бойынша, сайлаушылардың басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына сенім білдірді, бұл – бүкіл халықтың жеңісі. Қазақстандықтар елде жүргізіліп отырған саясатты, партия жариялаған бағдарламалар мен реформаларды тағы да қолдап шықты. Бүгін мен барлық дауыс берушілерге ризашылығымды білдіремін. Біздің партиямыздың әрбір мүшесі осы бір күрделі кезеңде көрсетілген сенімді бағалауы тиіс. Бұл жеңіс – көпжылдық жұмыстың нәтижесі. Соған орай өңірлік штабтарға, белсенділер мен партия еріктілеріне алғыс айтамын. Сайлауды 800 шетелдік және 10 мыңға тарта жергілікті байқаушылар бақылады, олар сайлау үдерісі заңнамаға сәйкес өткенін атап өтті. Біз әлемдік қоғамдастық алдында ашық әрі әділ сайлау өткіздік, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан өзге партияларға да алғыс білдірді.

Олар белсенділік танытты, «Нұр Отан» партиясы олардың айтқан ұсыныстары мен ескертулерін назарға алады және аталған мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыратын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы баршаны партияның жеңісімен құттықтап, партия мүшелеріне алдағы уақытта қажырлы еңбек етіп, табысқа жетуге тілектестігін білдірді.

Ақорда сайтынан


Сайлау қалыпты өтті

Күні: , 95 рет оқылды


Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Вячеслав Иночкиннің айтуынша, өңірде барлығы 430875 сайлаушы тіркелген. Облыс бойынша 520 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Кешкі сағат 20.00-ге дейін алдын ала мәліметтер бойынша сайлаушылардың 317469-ы немесе 73,68 пайызы дауыс берді. Жаңақала ауданында сайлаушылардың 98,98, Қаратөбеде 98,97, Шыңғырлауда 98,3 пайызы өз таңдауларын жасап, бұл жөнінен олар көш бастады. Байқаушылар да заңға сәйкес сайлау барысын қадағалады.


Орал қаласындағы №30 орта мектеп ғимаратында орналасқан №435 сайлау учаскесінде 2526 сайлаушы болса, солардың бәріне шақыру қағаздары күні бұрын таратылды. Сайлау комиссиясының төрайымы Мөлдір Жұмағазиеваның сөзіне қарағанда, дауыс беру және санау жұмыстары заңға сәйкес жүргізілді. Сайлау учаскесінде халыққа қызмет көрсету орталығының өкілі де болды.

Осы мектепте сондай-ақ №410 сайлау учаскесі де орын тепкен. Сайлау комиссиясының төрайымы Әсел Ишанованың жеткізгеніндей, мұнда 2379 сайлаушы тіркелген. Дауыс беруге келгендер  үшін  барлық  жағдай  жасалды.

Арман  БОЛАТҰЛЫ

Үмітхан  ЖӨНЕЛБАЕВА,

халықаралық  байқаушы:

– Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау кезінде заңбұзушылық байқалған жоқ. Мен көршілес Саратов облысынан ТМД елдері байқаушылар миссиясының өкілі ретінде Теректі ауданындағы сайлау комиссиясында, бірнеше учаскеде болдым.

Барлық жерде сайлау науқанын өз дәрежесінде өткізу үшін толық жағдай жасалған. Жаппай дауыс берген халық та көңілді, мерекелік леп сезіледі. Өзім болған жерлерде Қазақстанның сайлау заңдылығын бұзу деректері тіркелген жоқ. Адамдар ертеңгі күнге деген нық сеніммен дауыс берді. Мені, әсіресе, олардың белсенділігі қуантты. Мен өзім Саратов облысында «Қазақстан» мәдени орталығы» қоғамдық ұйымына жетекшілік етемін. Онда қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттаймыз. Мәдени орталықтың журналын шығарамыз. Ресейде жүріп те, өзіміздің атажұртымызға елеңдеп отырамыз. Қазақстанның табыстарына біз де қуанамыз. Теректі ауданының өзінде оқушылар үшін барлық жағдайы жасалған мектептер бар екен. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің өзі неге тұрады! Осының бәрі жас ұрпақ қамы үшін жасалып жатыр. Ең бастысы, адамдар арасындағы достық қарым-қатынасқа, инабат-мейірімге не жетсін! Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен де құттықтап, береке-бірлік, ырыс-ынтымақ  тілеймін.


«Әр дауыс, әр пікір маңызды…»

Күні: , 130 рет оқылды


Орал қаласындағы №5 кәсіптік лицейде орналасқан №521 сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де бастады.


ҚР Парламент Мәжілісі  мен әр түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауға қала тұрғындары, зейнеткерлер мен студенттер, сонымен қатар әскери қызметкерлер де өз дауыстарын берді. Дауыс берушілердің арасында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та өз  таңдауын  жасады.

– Біздің учаскеміздің тізіміне жалпы саны 2608 дауыс беруші тіркелген. Түстен кейін  денсаулықтарына байланысты келе алмайтын 14 дауыс берушіміздің үйлеріне баратын боламыз.  Кәмелет жасқа толып, тұңғыш рет дауыс беріп жатқан жастарымыз да баршылық. Сайлау науқаны қалыпты, ұйымдасқан жағдайда өтуде, – дейді №521 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Мариям  Стамқұлова.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

*  *  *

Сайлау барысы Орал қалалық №467 сайлау учаскесінде де қалыпты жүрді. Ол жөнінде осы сайлау комиссиясының төрағасы Марғұлан Нұғыманов телефонмен тілдескенімізде, төмендегіше баяндады:

– Бізде тізім бойынша 2346 сайлаушы тіркелген. Соның 654-і өздерінің азаматтық парызын өтеді. Денсаулығына байланысты 36 адамның үйінен дауыс беруіне жағдай жасадық. Біздің учаске есігі сайлау күні таңғы жетіде ашылып, кешкі сегізде жабылды. Сайлау заңын бұзу жағдайы болған жоқ. Бақылаушылар тарапынан да сын-ескертпе жасалған емес. Енді саяси науқан қорытындысына келсек, сайлауға қатысқан алты партияның ішінен «Нұр Отан» айқын басымдыққа ие болды. Сайлаушылардың басым көпшілігі облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Фарид Бахтиозин мен Орал қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Жантас Сафуллинды жақтап дауыс берді, – деді.

Серік  ИХСАНҒАЛИ

*  *  *

Орал қаласындағы Салтанат сарайында орналасқан №321 сайлау учаскесіне «Жеңіс» шағынауданының тұрғындары келіп, өз дауыстарын берді.

Биыл жаңадан ашылған сайлау учаскесінде 828 адам тіркелген. Сайлау комиссиясының төрайымы Нұргүл Байдашеваның айтуынша, мұнда сағат төртке дейін 301 адам келіп, өз таңдауын жасады. Денсаулығына байланысты келе алмаған тоғыз адам үйден конституциялық құқығына сәйкес дауыстарын берген. «Нұр Отан», «Бірлік» партияларының бақылаушылары сайлау барысын күні бойы бақылап отырды. Сондай-ақ ТМД елдерінің тәуелсіз бақылаушылары да еліміз үшін саяси маңызы жоғары шараның өту барысымен танысып кеткен.

Ал «Жайық самалы» жүзу бассейнінде орналасқан №452 сайлау учаскесіне екі адам төлқұжатсыз келіп, дауыс бермек болған. Бірақ сайлау комиссиясымен оған жол берілген жоқ.

– Түрлі себептерге байланысты олардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмай қалған. Соған қарамастан дауыс беру үшін арнайы келген. Алайда заң талаптарына сәйкес құжаты жоқ жандарға мұндай мүмкіндік бе-рілмейді. Екі сағат бойы жүріп, еш нәтиже шықпасын көрген Ерлан Ержанов деген азамат «Учаскелік сайлау комиссиясы заң шеңберінен шықпайды екен» деген бағытта бізге жазбаша түрде өз алғысын білдіріп кетті. Біз оны тіркеп қойдық, – дейді аталмыш сайлау комиссиясының төрағасы Жанат Сағынаев.

Бұл учаскеге «Астана», «Бәйтерек» шағынаудандары мен Әбілхайыр көшесінде орналасқан жеке үйлер кіреді. Жалпы тізім бойынша аталмыш сайлау учаскесінде 1686 адам тіркеліпті. Олардың 656-сы  өз  дауыстарын  берген.

ТМД елдерінен келген үш бақылаушы, «Нұр Отан» мен «Ауыл» партияларының бақылаушылары мен жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлердің сенімді өкілдері сайлаудың жүру барысына бақылау жасап, сайлау учаскесінің жұмысын жақсы бағалады.

Cәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Ақжарқын  БЕКЕНОВА,

Орал  қаласының  тұрғыны:

– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, халқымыздың әл-ауқаты арту үшін және балаларымызға заман талабына сай сапалы білім берілсін деп дауысымды өзім сенген партия мен жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлерге бердім. Сенімім алдамайды деген үміттемін.

Гүлнәр  ҚАЙЫРҒАЛИҚЫЗЫ,

Орал  қаласының  тұрғыны:

– Партиялық тізім құрамында да, мәслихаттар депутаттығына үміткерлер арасында да мемлекетшіл, ұлтжанды, іскер азаматтар аз емес. Осы азаматтар ертең еліміздің жаңаша дамуына айтарлықтай  үлес  қосарына  сенімдімін.


Сайлаушылардың келуі республика бойынша 77,1 пайызды құрады

Күні: , 83 рет оқылды

kazaxsatan_1


Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда сайлаушылардың келуінің алдын ала қорытындыларын жария етті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының ресми сайты – election.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда дауыс беру аяқталды.

Орталық сайлау комиссиясы шетелде Қазақстан өкілдіктерінің жанында құрылған 65 сайлау учаскесі бойынша деректерсіз сайлаушылардың келуі туралы жедел мәліметтерді ұсынды. Олардан мәліметтер кешірек түседі.

Облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларынан келіп түскен мәлімет бойынша тізімдерге енгізілген 9 млн. 810 мың 920 сайлаушылардың 7 млн. 564 мың 281-і сайлау бюллетеньдерін алды.

Сайлаушылардың келуі жалпы республика бойынша 77,1 %-ды құрады.

Өңірлер бойынша көрсеткіш мынадай:

Ақмола облысы бойынша – 79,68 пайыз

Ақтөбе облысы бойынша – 80,26 пайыз

Алматы облысы бойынша – 94,06 пайыз

Атырау облысы бойынша – 85,37 пайыз

Батыс Қазақстан облысы бойынша – 73,68 пайыз

Жамбыл облысы бойынша – 82,66 пайыз

Қарағанды облысы бойынша – 78,83 пайыз

Қостанай облысы бойынша – 84,85 пайыз

Қызылорда облысы бойынша – 81,75 пайыз

Маңғыстау облысы бойынша – 75,91 пайыз

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша – 85,06 пайыз

Павлодар облысы бойынша – 72,85 пайыз

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 81,57 пайыз

Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 82,44 пайыз

Астана қаласы бойынша – 74,65 пайыз

Алматы қаласы бойынша – 34,1 пайыз.

«Бүгінгі дауыс беру барысында сайлаушылар белсенділігінің деңгейі өте жоғары болғанын атап көрсетеміз. Бұл – Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі соңғы сайлау науқандарының ішіндегі рекордтық көрсеткіш», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Аян ӘБДУӘЛИ,

“Егемен Қазақстан”


Азияда үшінші атанды

Күні: , 81 рет оқылды

Шейко


Батысқазақстандық Георгий Шейко Жапонияның Номи қаласында өткен Азия чемпионатында спорттық жүрістен қола жүлдегер атанды.


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, біріншілікке Азия елдерінен жүз шақты спортшы қатысты. Г. Шейко 20 км қашықтықта 1 сағат 21 минут 52 секундтық нәтиже көрсетіп, тартысты бәсекеде мәреге үшінші келді. Бұл сында үнділік спортшы чемпион атанса, жапониялық жеңіл атлет күміс жүлдені иеленді.

Енді Г. Шейко 7-8 мамырда Италияның Рим қаласында спорттық жүрістен өтетін әлем чемпионатына, одан кейін тамызда Рио-де-Жанейро олимпиадасына қатысады.

Еске сала кетейік, жазғы олимпиадалық ойындарға Батыс Қазақстан облысынан әзірге төрт спортшы лицензия алды. Ескек есу шеберлері Андрей Ергучев пен Алексей Дергуновқа және Г. Шейкоға қоса әйелдер күресінен Екатерина Ларионова олимпиадаға жол тартатын болады.

Елжан ЕРАЛЫ


Лондондағы Наурыз

Күні: , 111 рет оқылды

IMG-20160320-WA0005


Наурыздың 20-сы күні Лондонда Наурыз мейрамы аталып өтті. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елшіліктерінің ұйымдастыруымен Лондон қалалық университеті аумағында болған шараға Англияда оқып жатқан студенттер мен осында тұратын Орта Азия елдерінің азаматтары қатысты.


Былтырғы Наурыз мейрамы кезінде Лондондағы студенттердің ұйытқы болуымен құрылған «ҚазАльянс» ұйымы да бұл мерекенің жоғары деңгейде өтуіне көп үлес қосты.

Ұйым мүшелері Шығыс халықтарының ең сүйікті мерекелерінің бірі болып саналатын, көнеден келе жатқан Наурыз мейрамы, оны қазақстандықтардың қарсы алуы кезіндегі жөн-жоралғылары жөнінде мазмұнды қылып айтып берді.

Шара барысында қазақ жастары ән-жырдан шашу шашты. Сонымен бірге Орта Азия халықтарының өкілдері де өз өнерлерін ортаға салып, салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетті. Түрлі көрмелер ұйымдастырылды. Сондай-ақ жиналған жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылды.

Ұлттық тағамдарды дайындауға атсалысқан Ұлыбританиядағы Орта Азия халықтарының мейрамханасы үш тайқазанға палау пісіріпті. Аталмыш мейрамхананың бас аспазшысы, қырғыз бауырымыз Мұзафар Садықовтың айтуынша, жыл өткен сайын Наурыз мейрамына келушілер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы екі  тайқазанға пісірілген палау жетпей қалыпты. Биыл Наурыз мейрамын тойлауға шамамен екі мыңдай адам келеді деп есептеп, үш қазанды толтыра пісіріпті.

Қателеспеген екен, бәріне жетті. Айта кетейік, Англия астанасының орталық бөлігінде орналасқан аталмыш мейрамхана қырғыз кәсіпкерлерінің қолдауымен осыдан он жыл бұрын ашылған екен. Ол кезде қырғыз асханасы деп аталыпты. Артынан Орта Азия халықтарының мейрамханасына айналған. Мұнда негізінен қазақтың еті – ас, сорпа, лағман, палау, самса сынды тағамдар дайындалады. Сол себепті осы жерде қазақ, өзбек, қырғыз аспаздары еңбек етеді. Мейрамханада біраз жыл жұмыс істеген Мәриям есімді қазақ қызы түрлі себептерге байланысты таяуда жұмыстан шығып кетіпті. Бүгінгі таңда мейрамхана клиенттері Мәриямның дәмі тіл үйірер лағманын сағынып жүрген көрінеді. Жалпы, бұл жерге Лондонда тұратын не осы жаққа қы-дырып келген ТМД елдерінің азаматтары жиі келеді екен.

— Мен осында жұмыс істейтін алты аспаз, бес даяшының атынан қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Қазақ елінде әрдайым бейбітшілік, ынтымақ болып, қазақстандықтар уайым-қайғысыз, бақуатты өмір кешулеріне тілектестігімді білдіремін, — дейді Мұзафар Садықов.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

“Орал өңірі” газетінің арнаулы тілшісі,

Лондон


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика