Мұрағат: 19.03.2016


Маргарита АКСЕНОВА: «Наурыздың мен үшін орны бөлек»

Күні: , 234 рет оқылды

Маргарита


— Наурыз мерекесінің мен үшін орны бөлек. Өйткені барша мұсылман қауымы үшін бұл күні жаңа жыл басталады. Өкінішке орай, қазіргі қазақтар бұрынғыша Жаңа жылды 1 қаңтарда қарсы алғанды тәуір көреді. Ал, шын мәнінде, Жаңа жылды көктем айында қарсы алған жақсы емес пе? Өйткені бұл айда күн жылынып, жұрт алты ай қыстың ауыртпалығынан арылады. Ауылдарда мал төлдеп, ақ молаяды. Жер көгеріп, күн нұрын төгеді, осының өзі-ақ адамдардың көңіл күйіне жақсы әсер етеді.


Өз басым Наурыз мерекесін жыл сайын асыға тосамын. Өйткені Жаңа жылдан барша адамзат секілді, мен де жақсылықтар күтемін. Бала кезімізде ауылдың үлкен-кішісі мейрам атаулыны құр жібермейтін. Оның ішінде 22 наурызды «Жыл басы» деп ерекше тойлаушы еді. Ауылдағылар сол күні бір-біріне қонаққа барып, наурыз көже ішіп, бір желпініп қалатын. Мектепте өтетін мерекелік іс-шараларға қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, соңынан өзіміз жеп, қарық боп қалатынбыз. «Наурыз көже ішкен адамның сол жылғы арман-тілегінің бәрі орындалады» дегенді санамызға сіңіріп өскен біз наурыз көжеден қалай да ауыз тиіп қалуға тырысып, кесеге таласатынбыз. Анам Рухия татар қызы болса да, қазаққа сіңісіп кеткендіктен, көршілерден қалыспай, бауырсағы мен кісенанын пісіріп, қонақ күтетін. Қонақтармен бірге иісі бұрқыраған жылқы етін жеп, «Арманымызға жетейік, елімізде тоқшылық болсын!» деп наурыз көжені үлкен үмітпен ішетінбіз.

Бүгінде сол күндерді қатты сағынамын. Қазір қалада тұрсам да, «Арман-тілегім орындалсын» деген ниетпен жыл сайын наурыз көжемді пісіріп, құрбы-құрдастарымды дәм татуға шақырамын. Наурыз тойын татулық мерекесі деп кейде бір-бірімен ренжісіп жүрген құрбыларымды әдейі шақырып, бастарын қосып, татуластырып жіберемін. Бұйыртса, биыл да Наурыз мерекесінде достарымды жинаймын.

Наурыз көженің жеті түрлі тағамнан тұруының өзі тоқшылықты меңзеп тұрғандай. Бала кезімізде көрші әжелеріміз Наурыз көжені қалай жасау керектігін бізге былайша үйрететін. Наурыз көже дайындау үшін ең алдымен қазан толы сүтті қайнатып алып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастау керек. Содан соң сүт әбден пісер кезде оған қыс бойы сақтаған сүр етті салып жіберіп, 15 минуттай ыдыстың бетін жауып қою керек. Содан кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып, тағы бір қайнатып алу керек. Егер наурыз көже қоймалжың болып кетсе, оған су қосуға болмайды. Тек айран қосып сұйылтуға болады. Қазіргі кезде жастар наурыз көжеге соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, құрт, бидай, пияз және сәбіз салып та пісіре береді. Мен де Наурыз көжені осы құраммен дайындаймын. Кейде көжем тәтті болсын деп сары өрік пен мейізді де қосып жіберемін. Қалай болғанда да, наурыз көженің құрамын жеті түрлі, кейде одан да көп тағамның түрімен толтыруға тырысамын. Үйге келгендер осындай құрамдағы наурыз көжені сүйсініп ішіп жатады.

Наурыз мерекесі тек көжемен ғана шектеліп қалмайды. Өзім татар ұлтынан болсам да, қазақы салт-дәстүрді жақсы білемін. Ертеде Наурыз тойда қазақ жастары алтыбақанда тербетіліп ән айтқан, бір-бірімен айтысып, мейрам көркін қыздырған. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тарту еткен. Бұл салт қазақта ұйқыашар деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер селт еткiзер рәсiмiн жасаған. Бұл рәсім бойынша жігіттер қыздарға айна, тарақ, әтiр суын сыйлайтын болған. Айна пәктiктiң, жастықтың, тарақ әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiс су жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi дейді. Бұдан басқа мереке кезінде жастар “Көкпар”, “Бәйге”, “Қыз қуу”, “Жамбы ату” секілді ұлттық ойындарды ойнаған. Ал қазіргінің жастары Наурыз мерекесінде көбінесе қазақша күрес, аударыспақ, арқан тартысы және тоғызқұмалақ секілді спорттық ойындар бойынша бәсекеге түсумен ғана шектеледі. Шіркін, Наурыз мерекесі өзінің бұрынғы сән салтанатымен өтсе ғой. Білген кісіге қазақтың барлық салт-дәстүрі – тұнып тұрған тәрбие. Өз басым кең пейілді, дархан мінезді қазақ халқын шын көңіліммен жақсы көріп, олардың салт-дәстүрімен жүріп-тұруға тырысамын, — дейді бізбен әңгімесінде қарапайым татар қызы.

Ана тілімізде төгіліп тұрған Маргарита Аксенова – Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылының қызы. 2003 жылы ол қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқушылар арасында өткен республикалық олимпиададан ІІІ орын алып, тегін оқуға жолдама алған.

БҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік бітіріп, қазіргі таңда қаладағы әскери мекемелердің бірінде қызмет істеп жүр.

Қазақ өлеңдерін мәнерлеп оқудан қалалық, облыстық және республикалық конкурстардың бірнеше мәрте жеңімпазы. 2009 жылы Тіл күні мерекесіне байланысты Астанада өзге ұлт өкілдерінің арасында өткен сайысқа қатысып, жүлдегер болды. 2009-2012 жылдар аралығында төрт жыл қатарынан Маргарита Астанаға арнайы шақыртумен барып, аталмыш мерекеге байланысты өткізілген сайыстарды жүргізді. Татар қызы биыл да ақпан айында Алматыға арнайы шақыртумен барып, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаевтың классикалық ән кешін жүргізіп келді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Өнерлі отбасы

Күні: , 218 рет оқылды

DSC_0025


Наурыз мейрамының қарсаңында  облыстық қазақ драма театрында халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблінің жеке концерті өтті.


Қазталов ауданының Қошанкөл ауылында туып, сонда еңбек жолын бастаған отағасы Марат Биғалиев зайыбы Нұржамалмен үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Отбасылық ансамбльдің құрылғанына биыл отыз жыл. Ұл-қыздары негізінен әр түрлі салада қызмет етсе де, ата-анасы баулыған өнер жолынан алыс кетпеді. Ансамбль еліміздің қалаларында ғана емес, Ресейдегі Саратов облысының Новоузенск, Энгельс аудандарында жеке концерттерін жиі өткізеді.

Батыс өңірінде тойланатын Көрісу күні шығармашылық кешін өткізген өнерлі отбасының концертін тамашалауға көрермен көп жиналды. Марат Биғалиев Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін Қазталов ауданында ішкі істер бөлімінде қызмет істеген әкесі Қали мен тыл ардагері, бес бала тәрбиелеп өсірген анасы Кәкиманың рухына арнап соғыс және жеңіс туралы ескі әндерді орындады. Қыздары Айгүл, Айнұр, Мәдина құрған трио «Мереке», «Әке-ана» әндерін әсем шырқады. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі «Құрмет белгісі» орденімен марапаттаған, халықаралық көркемөнерпаздар одағының мүшесі Арман Биғалиев Тұрсынбек Қабатовтың «Оралым», інісі Руслан Биғалиев Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерін әуелетті. «Менің арманымдағы қала» атты жас композиторлар байқауының І орын жүлдегері Айнұр Биғалиева орындаған «Менің арманымдағы қала» атты авторлық әні де көпшіліктің көңілінен шықты. Одан кейін Марат Биғалиевтің тұңғыш немересі Ринат «Ассалаумағалейкум!» әнін шырқады. Айта кетерлігі, өнерлі өрен былтыр режиссер Дәулет Есжанов түсірген «Үшінші тоқсан» атты жасөспірімдерге арналған көркем фильмде басты рөльде ойнаған.

Концерттің соңын ала облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов ансамбль ұжымын құттықтады.

– Біздің мекеме ауыл-аймақтағы мәдениет ошақтарын дамыту, әдістемелік көмек беру және өнерпаз жандарды қолдау ісімен шұғылданады. Әрине, отбасылық өнер ұжымдарына қамқорлық жасаймыз. Былтыр облысымыздағы халықтық атағына ұсынылған 19 отбасылық ансамбль сыннан сүрінбей өтті. Солардың бірі де бірегейі – С. Садықов атындағы Қазталов аудандық мәдени және демалыс орталығы жанындағы Қошанкөл ауылдық мәдениет үйінің Биғалиевтер отбасылық ансамблі.

Өнегелі жанұя мүшелері бір-бірін демеп, бойындағы талантын, қарым-қабілетін ұштап, ынтымақ, татулықпен зор жетістіктерге жетуі – тынымсыз еңбектің арқасы. Мұндай өнерлі отбасы – ел ырысы, қоғамға үлгі. Биғалиевтер әулетінде отағасы Марат отбасының асқар тау тірегі болса, отанасы Нұржамал – жанұя шуағы, «Күміс алқа» иегері. Ауылдан бастау алған өнер бұлағы арнасын кеңейтіп, республикаға кеңінен танымал болуына тілектеспіз, – дей келе, Медхат Мұсаұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2016 жылы 11 қаңтарда шыққан №4 бұйрығы бойынша халықтық өнерпаздар ұжымы атағын беру туралы куәлігін Биғалиевтерге салтанатты түрде табыстады. Кейін Құрманғазы атындағы музыкалық колледж директоры Нұржан Сертеков ансамбльдің шығармашылық кеші көрерменнің ықылас-ілтипатына бөленгенін атап өтті. Халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблінің жетекшісі Марат Биғалиев облыстық мәдениет саласында жан-жақты қолдау көрсеткен мекеме-ұжымдарға алғыс айтты.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Балаңыз дамысын десеңіз, қабілетіне қарап, үйірмеге беріңіз»

Күні: , 167 рет оқылды

20160224_160255


Зашаған кентіндегі мектептен тыс жұмыс орталығы филиалының жетістіктері көп. Жас қолөнерші Темірлан Рысбектің туындылары ҚР Тұңғыш Президенті музейіне қойылатын болды.


Мектептен тыс жұмыс орталығының Зашаған кентіндегі филиалының 13 үйірмесіне қаланың Арман, Кең дала, Зашаған, Сарытау, Көктем, Балауса шағынаудандарынан, Бортау, Коминтерн, СМП ауылдарынан үйірмеге 483 ұл-қыз қатысуда. Филиал директоры Сәуле Тілепованың айтуынша, бұл – осы  аудандағы балалар тегін қатысатын жалғыз мекеме. Мұндағы үйірмелер  жұмысы үш ауысыммен жүреді, өйткені орын тар.

— Биыл ата-аналардың сұрауы бойынша ұлттық ойындардан тоғызқұмалақ, асық және дойбы үйрету қолға алынды. Жас маман Нұргүл Құрмантаева ағылшын тілін үйрететін үйірме ашып, жұмысқа кірісті. Ата-аналар ағылшын тіліне қатысатын балалардың осы сабақтан оқу үлгерімдері жақсарғанын айтып, қуантуда, — деді Сәуле Жұмазарқызы. Орталық филиалы ұжымының жетістіктері көп. Мысалға, өткен жылдың аяғында республикалық әдістемелік орталық ұйымдастырған рес-публикалық байқауда осы филиалдағы «Классик» қолданбалы қолөнер бағытындағы үйірме шәкірті, №20 мектеп оқушысы Темірлан Рысбек бас жүлдені еншіледі. Жасөспірім қолөнершінің шебер қолынан шыққан қанар жіптен (джутовой филигрань) өрілген домбыра, ұлттық қуыршақ, ыдыс-аяқ туындылары қазылар алқасын тамсантты. Оның ұлттық қолөнер туындылары ҚР Тұңғыш Президентінің музейіне қойылатын болды.

Қосымша білім беру педагогі Эмилия Тілепова басшылық жасайтын аталмыш үйірме тәрбиеленушілері капронмен, кәдімгі газет, қағазбен жұмыстанып, түрлі гүлдердің, ағаштардың, құмыра, аң-құстардың мүсіндерін жасайды. Одан басқа орта топтағы ұл-қыздар бисерден көздің жауын алатын бижутерия құрастырады. Өткен жылы Ресейдің Астрахан қаласында өткен халықаралық байқауда Әмина Серғазиева 2-орын алып қуантқан. Ал ұстаз Эмилия Тілепованың өзі «Шебердің қолтаңбасы»  республикалық байқауында 2-орын алды. Наталья Гончарова жетекшілік жасайтын вокал үйірмесінің тәрбиеленушісі Нұрәлі Өтеғалиев №20 мектепте 1-сыныпта оқиды. Балғын әнші Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Мәскеуде және Қазанда өткен халықаралық патриоттық әндер байқауында  бас жүлдені қанжығаға байлап, ел намысын қорғады.

— Бізде қабілет-қарымы мол балалар баршылық. Тек олардың түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуға жағдайы келмейді. Өйткені оларды өзге қалаларға апару шығыны қарастырылмаған. Сондықтан барғысы келгендер байқауларға өз қаржысына барады. Балғын әнші Нұрәліні әжесі апарып жүр, — деді Сәуле Жұмазарқызы.

«Балбұлақ» театры үйірмесінің жетекшісі Тыныштыгүл Хамитова шәкірттері  ән айтуымен қатар салфетка тоқуды меңгерген. «Украин халқының қолөнерін қосымша үйретудемін. Ән айтып отырып та тоқу тоқимыз», — дейді ол. Мұнда ер балаларға арналған авиамодель  үйірмесінің жетекшісі Сергей Кузнецов, ұлттық спорттық ойындар үйірмесінің жетекшісі Мәди Әліп-қалиевтар – өз істеріне шынайы берілген жандар. «Домбыра» үйірмесіне қатысушылардан «Мұрагер» ансамблі құрылған. Қазір ұлттық аспапты үйренуге 2 топта 24 бала қатысуда. «Бізге тек жақсы оқитын балалар ғана емес, сонымен қатар үлгерімі орташа оқушылар да келеді. Олар мұнда тәртіпке үйренеді, сабақтарын жақсы оқуға көңіл бөле бастайды. Бастысы, уақытты құр өткізбей, қосымша білім алады», — деді жоғары санатты қосымша білім беру педагогі Серік Жақыбалиев.  Круглоозерный ауылынан Рүстем Зинуллин екінші жыл қатарынан автобуспен қатынап, домбыра үйренуге келеді. Альбина Нұрсұлтанованың «Алтын-ай» би студиясы, Светлана Гончарованың «Чуда-юдо» театр студиясының және Сәуле Тілепованың өлкетану үйірмесінің де жұмыстары ауыз толтырып айтарлық.

— Қазіргінің ұл-қызы интернетке «кіріп» алса, шықпайды. Ата-анасы жұмыста болған соң, олардың не істейтінінен көбінесе бейхабар. Бірақ балаңыздың бос уақыты болмауы керек деп жүктемені жүктей беру де дұрыс емес. Жалығып кетуі ықтимал. Балаңыз дамысын десеңіз, қабілетіне қарап, үйірмеге беріңіз. Әсілі, ата-ана ұл-қыздың өз еркімен үйірме таңдауына мүм-кіндік бергені жөн, — деді Сәуле Жұмазарқызы. Оның айтуынша, филиалда ұлдарға арнап спорттық бағыттағы үйірмелер ашу керек.

№20 мектептің маңындағы ескі ғимараттағы  аумағы ат шаптырым бөлмелердің қайсыбірі қабырғалық шкафтармен (стенка) бөлінген. «Менің анамның берген еншісі стенкам ғой. Бөлмені бөліп, түрлі үйірмелердің жұмыстарын қатар өткізуге сеп болды», — деп жымияды филиал директоры Сәуле Тілепова. Оның айтуынша, «Уральскнефтегазгеология» АҚ-ның (басшысы Олег Шараватов), «ТМГ-Орал гео» ЖШС (басшысы Қозыбаулы Оразбаев) кәсіпорындары филиалға демеушілік көрсетіп, фольклорлық ансамбльге арналған му-зыкалық аппаратура сатып алып берген. Осының барлығы балаларымыздың заманға лайық дамыған салауатты адам болып қалыптасуы үшін жасалып отыр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жанерке ӘЛІБАЕВА,

еңбек ардагері, Коминтерн ауылының тұрғыны:

— Немерем Ілияс филиалдағы «Балбұлақ» үйірмесіне қатысады. Былтыр «Тілашар» үйірмесіне қатысып, біраз нәрсе үйренді. Үйде кіріп-шығып бос жүргенше, ортамен, қоғаммен аралассын деймін. Ауылдан №3 автобуспен қатынаймыз. Тек қайтарда №20 мектеп аялдамасынан автобус жүрмейді, сондықтан «Престиж» дүкені алдына дейін жаяу барамыз. Аздап қан қысымым көтерілетіні бар, бірақ соған қарамастан, осы балапаным дамысын, білімді болсын деп жетектеп жүргенім.


Наурыз қалай тойланды?

Күні: , 162 рет оқылды

20160314_131127


2015 жылдың соңғы күндерінің бірінде жұмысыма бару үшін таксиге отыруға тура келді. Жүргізуші жігіт ағасы жасындағы қазақ екен. Жол-жөнекей «жаңа жыл» ұғымы туралы сөз қозғады.


— Біздің өлкеде 14 наурызда бір-бірімізбен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» айтамыз ғой. Ал Иван Грозныйдың тұсында орыс халқы да жаңа жылды 14 наурызда тойлапты.

— Мұндай деректі қайдан алдыңыз?» — дедім елең етіп.

— Қателеспесем, орыс тілінде жазылған кеңестік энциклопедиядан оқыдым…

Жуырда «Приуралье» газеті редакциясында жасайтын әріптесімнің жұмыс бөлмесінен «Большая советская энциклопедия» томдарының тұтас жинағын көрдім. Олай-бұлай ақтарып, әлгі айтылған деректі таппадым. Онда 1699 жылы Петр I патша тұсында жаңа жылды бірінші қаңтарда тойлау туралы шешім қабылданғаны жазылыпты. Есесіне ғаламтордағы http://www.calend.ru/holidays/0/0/1921/ дереккөзіне жүгінсек, көне заманда славян халқы жаңа жылды қазіргіше он төртінші, ескіше бірінші наурыз күні қарсылағаны туралы нақты жазылған. Аталмыш дерек бойынша славяндар христиандықты қабылдаған соң, бүкіләлемдік Никей соборында 325 жылы өткен жиынның шешімімен жаңа жылдың басталуы бірінші қыркүйекке жылжытылған.

Мыңбай Ысқақовтың әлем халықтарының күнтізбесі жайлы деректер келтіріп, көне түркі және қазақ календарының тарихын екшеп жазған «Халық календары» атты кітабы қалың оқырманға белгілі. Онда «Наурыз» атауы қазақ тіліне Соғда мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Бұл айды соғдалықтар наусарыз, хорезмдіктер наусарджи деген. Наурыз мейрамы өте ерте заманнан келе жатыр, ол көктем мейрамы есебінде халықтардың көпшілігінде бар. Екіншіден, бұл пікірді «нау» сөзі де сипаттайды. Әр түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, ол бірталай тілдерде сақталып келеді: орысша нов(ый), немісше нойе, латынша нео т.с.с. Сонда «нау» индо-европалық халықтар дараланудан бұрынғы сөз болып шығады. Оған кемінде 5000 жыл болды», — деп жазылған. Аталмыш еңбектің келесі жолдары да айтарлықтай танымдық сипатқа ие:

«Парсы календарында наурыз ай емес, жыл басындағы жеке бір күн ғана. Ал Соғда, хорезм, қазақ календарьларында ол жаңа мағынаға ие болып, ай атына айналған. Бұл ай чуваш календа-рында да бар. Чуваштар наурыз айын норас-ойахе дейді. Наурыздың бірі қазақ, өзбек, қарақалпақ, тағы басқа халықтарда көктем мейрамы болған. Бұл күні жұрт ауыл аралап, бірін-бірі жаңа жылмен құттықтайтын, қарттарға өгіздің шекесі тартылатын, жастар наурыз көже ішетін, ән шырқап, күй тербеп, көкпар тартып, ойын-сауықпен өткізетін. Орта Азияның әкімдері кейбір зынданға салынған тұтқындарға кешірім беретін, сондықтан қарапайым халық: «Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» дейтін.

Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы. «Аурулар сауығамын деп, аштар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз дегендей жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, «бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын» (Сәбит Дөнентаев)».

14 наурыз мерекесіне байланысты Алаш ардақтысы Шәкәрімнің ұлы Ахаттың мынадай жазба дерегі сақталған екен: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар».

Ал ағартушы ақын Ғұмар Қараш сонау 1919 жылы «Хамал (наурыз) басында қазақ ғұрпынша жаңа жыл кіріп, ескі жыл шығады: Ескі өліп, жаңа тірілгенде, өлгенді еске түсіріп, жақсы жағын, қылған жұмыстарын айтып отыру әдет» деп жазыпты. Дәл осы тұста «хамал немесе амал деген не?» деген сұраққа ғаламтор деректеріне сүйене отырып, жауап беріп көрелік. «Наурыз мерекесіне байланысты «амал кірді», «амал келді» деген сөз тіркестері айтылып жатады. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді».

Әуелдегі 1 наурыз күнгі мереке кейін не себепті 14 наурызға ауысты?

Мыңбай Ысқақовтың «Халық календарында» «Ескі санат пен жаңа санат» атты тақырыппен бұл мәселе де егжей-тегжейлі баяндалыпты.

Біздің заманымыздан бұрынғы 46 жылы Римдегі жоғарғы өкімет билігін әйгілі қолбасы Гай Юлий Цезарь қолына алды. Цезарь өзінің өкімін нығайту үшін ең алдымен уақыт есебіндегі тәртіпсіздікті жою қажет деп тапты. Сөйтіп Юлий Цезарьдың атымен Юлиан календары пайда болды. Юлиан календарындағы жылдың ұзақтығы тропиктік жылдың ұзақтығынан жуық түрде алғанда 11 минут 14 секунд артық. Осы 11 минут 14 секундтан жиналып, 128 жылда бір тәулік, 1280 жылда 10 тәулік құралады. Соның салдарынан 1280 жылда жазғытұрғы күн мен түннің теңелуі календарьда көрсетілген уақыттан 10 күн ерте келеді. Біздің заманымыздың 325 жылы өткен Никея жиынында юлиан календары қабылданып, күн мен түн жазғытұрым «мәңгі-бақи» 21 наурызда теңеліп отырады деп жарияланған. Алғашқы кезде бұл алшақтық елеусіз болған. Бірақ XVI ғасырдың екінші жартысында айтылып отырған айырмашылық 10 күнге толып, шіркеу бастықтарын абыржытқан. Күн мен түн 21 март орнына 10 март шамасында теңелетін болған. Календарь түзетілмей, сол қалпында қолданыла берсе, біраздан соң күн мен түн февральда, одан кейін январь мен декабрьде теңелетін болады да, 21 март болып есептелетін күн жаз, күз айларына шығып кетеді. Бұл мәселе бойынша Рим папасы Григорий XIII 1582 жылы сопылар мен астрономдардан арнаулы комиссия құрған. Комиссия ұсынылған әр түрлі жобаларды қарай келіп, италиялық дәрігер және математик Алоизий Лилийдің (1520-1576) жасап кеткен жобасын ұнатқан. Григорий XIII 1582 жылғы 1 мартта осы Лилийдің жобасын ресми булла (декрет) бойынша бекітіп, жұртқа жариялап, күнделікті тұрмыста, шіркеу істерінде қолдануға бұйырған. Папаның булласы бойынша, календарьдағы 10 күн алшақтықты жою мақсатымен, 1582 жылғы 4 октябрьдегі бейсенбіден кейін келетін күн 5 октябрь делінбей, 15 октябрь болып есептелді, бірақ жұма күні деген атауы сақталды. Лилийдің жобасы жиналған 10 күн алшақтықты жоюмен бірге, ондай айырмашылықтың келешекте де жиналмауын қамтамасыз еткен. Григориан календары жаңа санат (стиль) деп аталады. Оның қолданыла бастауы әлемнің әр түрлі елдерінде әр қалай. Патшалық Ресейде Григориан календары көпке дейін қолданылмады. Ресейде жаңа санатты қабылдаудың қажеттігі туралы Петербург Ғылым академиясы 1830 жылы Патша үкіметіне мәселе қояды. Бұған поптар қарсы болып және оларды сол кездегі ағарту министрі князь Ливен қолдап, мәселе күн тәртібінен шығып қалады. 1899 жылы Орыс астрономиялық қоғамы ғылыми мекемелер мен кейбір министрліктердің өкілдерін қатыстырып, календарь комиссиясын құрды. Комиссия жұмысына орыстың ұлы ғалымы Д.  Мен-делеев белсене қатысады. Бірақ патша үкіметі мен шіркеу бастықтары календарь реформасын бұл жолы да жүзеге асырмай тастайды. Оның себебі бар еді. Ескі календарь жұмысшылар мен шаруалардың басын айналдырып, оларды күрес жолынан тайдырып, ораза ұстауға, шіркеулерге тәуелді болуға, дін жолына түсуге бейімдей беретін. Ғасырлар бойы қолданылып келген календарь өзгерсе, халық қоғам құрылысы да өзгеруге тиіс деген қорытынды шығармақ. Бұл кез революция оты тұтанып кетуге жақын тұрған 1905 жылдың қарсаңы болатын.

Календарь реформасы жөніндегі мәселе Ресейде Қазан төңкерісінен кейін ғана шешілді. Ол Кеңес үкіметінің алдымен қараған мәселелерінің бірі болды. 1918 жылғы 24 қаңтарда (ескі санат бойынша) Ресейде батыс еуропалық календарьды қолдану туралы декрет қабылданды. Декретке Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В. Ленин және үкімет мүшелерінен жеті адам қол қойды. Бұл кезде ескі санат пен жаңа санаттың арасындағы айырмашылық 13 күнге толған еді. Сондықтан декрет бойынша 1918 жылғы 31 қаңтардан кейінгі күн 1 ақпан орнына 14 ақпан болып есептелді. Осылайша 1918 жылға дейінгі хамалдың бірі – Ғұмар Қарашша айтқанда, жаңа жыл кіретін уақыт бүгінгіше 14 наурызға сәйкес келіп отыр. Жоғарыда баяндалған юлиан календарының ерекшелігін ескере отырып, ескіше хамалдың біріне, бүгінгіше наурыз-дың он төртіне сәйкес келетін күн мен түннің жазғытұрғы теңелген уақытын есептеп шығару қиындық туғызбайды. Ол үшін 21-14=7. 128х7=896. 896+325=1221. 1221-128=1093. 1221+128=1349. Осыдан ескіше, яғни юлианша көктемдегі күн мен түннің теңелуі біздің заманымыздың 1093-1349 жылдары аралығында бүгінгіше 14 наурыз шамасына тұспа-тұс келіп отыратынын анықтадық.

Бәлкім бүгінгі он төртінші наурызды, ескіше хамалдың бірін жаңа жылдың кіруі ретінде мерекелеп көрісу де осы жылдар аралығында дәстүр болып берік қалыптасып қалған деп жора-малдауға болар.

Әкемнің інісі – Төлеген ағамның баяндауынша атам Сафолла: «14 наурыз күні ағаштардың, жалпы өсімдік атаулының тамырына жан бітеді. Дала саршұнақтарына дейін оянып, қысқы ұйқыға кетер алдында аузына тістеп жатқан жасыл шөппен «ауыз ашады». Сөйтіп бір метрдей қалыңдықтағы топырақ тығынын босатып, таңмен таласа інінен шығады. Егер күн райы ашық, қолайлы болса, біраз бой жазып, сайран салады. Ал боран болса, ін аузында азырақ отырып, қайтадан кері кіріп жатады» дейді екен.

Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыз күні шыққан санында «Білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз» деп жазады. Ал осыдан тура бір жыл өткеннен кейін 1914 жылғы 9 наурыздағы санында «Наурыз құтты болсын!» атты мақала жариялап, онда «9-ыншы март күнін «жаңа күн» деп атаудың мәнісі не? Оның мәнісі мынау: 9-мартта түн мен күн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды», — дей келіп, мақала соңын «Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!» деп тәмамдайды. Бұл ескі санаттағы 9 наурыз – жаңа санатпен бүгінгі 22 наурызға сәйкес келеді. Ескіше 9 наурызда күн мен түн теңеледі деу де заңды. Өйткені 1914-325=1589. 1589/128=12,4140625. Сонда 325 жылдан 1914 жылға дейінгі аралықта күн мен түннің теңелу уақыты әуелгі 21-інен шамамен 12 күнге жылжиды. Ал 21-12=9.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Картаева Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Отан тарихы» журналында жарияланған «Жазба деректердегі Наурыз мерекесі жайындағы мәліметтер» атты еңбегінде былай депті:

Наурыз мерекесінің қалыптасуы, мән-жайы туралы жазба деректерді ортағасырлық шығыс ғұламаларының, қазақ жеріне келген зерттеушілердің, саяхатшылардың, алаш зиялыларының еңбектері құрайды. Наурыз мерекесі шығыс елдерінің ортағасырлық мемлекеттерінде патша сарайларына лайық сән-салтанатпен өтсе, дәстүрлі қазақ қоғамында «наурызнама» тойы бірнеше күнге жалғасқан. Наурыз айының 21-нен 22-не қараған күні жыл басы ретінде Омар Хайямның қатысуымен жасалған күнтізбеден бастап тұрақталған. Ертеде наурыздың жыл басы ретінде тойлануы күнтізбені дұ-рыс есептемегендіктен жылдың әр мезгіліне ауысып отырған. Наурыз кезінде наурызнама жасау, селт еткізер, ұйқы ашар, бел көтерер сияқты дәстүрлер мен осы мереке кезінде атқарылатын оттан секіру, аластау, әулие басына бару, тәтті су ішу сияқты діни рәсімдер мен ритуалдардың бірқатары ХХ ғасырдың бас кезінен бастап өзгеріске енген, кеңес үкіметінің орнауы, көшпеліліктен отырықшылыққа толық ауысуына байланысты бірқатар наурыз дәстүрлері қолданыстан шығып қалды.

Автордың жазуынша Омар Хайямның Наурызнама туралы қолжазбалары Германияның мемлекеттік кітапханасында, Лондондағы Британ Ұлттық музейінде сақталған көрінеді. Ол сондай-ақ  «Мәшһүр Жүсіп жиырма тоғыз жасында Ғабдолла хан өткізген наурызнама тойына сегіз күн бойына қатысқан. Бұл тойда күресте үш кісіні жыққан адамға бір шапаннан бәйге берілген. Тойдың сегізінші соңғы күнінде қожа Баһуалдин әулиенің басына барып, сол жердегі көлшікке қант төгіп, қант татыған тәтті суды жұрт жабыла ішіп, ырым қылған» деп жазады. Біз бұл деректі Мәшһүр Жүсіптің 2008 жылы басылып шыққан «Ит дүние» атты таңдамалыларынан кезіктірдік. Соны әуелдегі Мәшекеңнің өз баяндауынша сөзбе-сөз келтірелік.

Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге, дәл сегізінші күн «Мазар Шариф» деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің басындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «той тарқар» болады. Біздің қазақ жұрты үлгіні сол Бұхара жұртынан алған екен. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыз-дамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» — десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қалдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен.

Тәттігүл Ерсайынқызы жоғарыда аталған еңбегінде наурыз тойында әулие басына барып жасалатын рәсімнің мағынасын төмендегіше түсіндіреді.

«Мұндағы тәтті суды ішу ырымын халықтың ауызбіршілігінің ажырамауына, іргесінің сөгілмеуіне деп балаған. Қазақтағы «тәтті су», «тәтті шәй», «тату-тәтті» сөз тіркестерінің астарында үлкен мән жатыр. Қазақта екі жастың үйленуі кезінде қиылған некені «неке суын» ішкізу арқылы бекітеді. Қазақтар неке суына әдетте аздап тұз, қант қосқан екен. Су – екі жастың пәктігіне, тұз – егер екі жастың бірі келешекте опасыздық етіп, некені бұзса, дәм атуына, ал қант – екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне деп ырымдалған. Мұндағы көңіл аударар тағы бір жайт халықтың «тәтті суды» әулиенің басына барып ішуі. Әулие басына барып тәу ету, әулие басына түнеу, әулиеден жәрдем сұрау қазақтардың дүниетанымында ежелден бар».

Мұндай нағыз ұлттық бағыттағы бай салт-жоралғы кешегі бір уақыттарда келмеске кеткендей еді. Бірақ еліміз Тәуелсіздік алғалы ұлттық құндылықтар жыл санап жаңғыра түскені де ақиқат. Жуырда ғана Жұмағазы қазірет мекенінде ұйымдастырылған шара осы сөзіміздің айғағындай.

14 наурыз – Көрісу күнінде көпшілік қастер тұтатын киелі орын – Сырым ауданы, Тоғанас ауылына қарасты Дәдем ата – Жұмағазы қазірет мекенінде мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда облысымыздың әр аймағынан құрметті ақсақалдар жиналды. 200-дей кәрі-жас бас қосты. Келушілердің бәрі Наурыз көже, бауырсақпен қарсыланды. Тағылымды жиын ба-рысында ақсақалдар тарапынан өлке тарихына байланысты өнегелі әңгімелер шертілді. Жиылғандарға сый-құрмет ретінде қазақ салтымен ақ дастарқан жайылып, қонақасы берілді. Дастарқан басында ұлттық дәстүрге сай киінген қыз-келіншектер жарасымды түрде қызмет көрсетіп жүрді. Мереке құрметіне насихат термелер орындалды. Шараға қатысқан үлкендер жағы риза көңілмен ақ баталарын жаудырды. «Дәдем ата – Жұмағазы қазірет» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов тойдан тәбәрік ретінде ақсақалдардың иығына шапан жапты. Көпшілік осынау игі дәстүр жылма-жыл үзілмей жалғасын таба берсін деген ниет-тілекпен тарқасты.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Еңбекке ынталандыратын бағдарлама

Күні: , 142 рет оқылды

IMG_1735


Қазақстан халқының әл-ауқаты Елбасының, үкіметіміздің басты назарынан түскен емес. Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауынан туындап отырған тапсырмаларды орындау бағытында әлеуметтік қорғауға қатысты көптеген бағдарлама өмірге келуде. «100 мектеп, 100 аурухана», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өрлеу» т.с.с. бағдарламалардан жұртымыз жақсы хабардар.


Соларды жүзеге асыру нәтижесін республикамыздың жер-жеріндегідей, біздің Ақжайық ауданынан да көруге болады. Айталық, бізде бүгінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 0,5%-ды, кедейшілік  0,6%-ды құрап отыр, халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды. 2015 жылдың өзінде ғана ауданымызда 708 жаңа жұмыс орны ашылды, 960 адам түрлі жұмыстарға жолданды.

Елбасының өткен жылғы қарашадағы Жолдауында өсім, реформалар мен даму басты орынға қойылғаны мәлім. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақса-тында үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жұмыспен қамтудың жаңа жол картасын жасау және бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту тапсырды, 2016 жылға ауданымызда халықты әлеуметтік қорғау бағытына 386,2 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 85,0 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 301,2 млн. теңге. Біздің салада қолданылып отырған жұмыспен қамту туралы заңға көптеген өзгеріс енгізіліп отырғаны баршамызға мәлім. Бұл өзгерістер жұмыссыз тұрғындарға, соның ішінде жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіншілік туғызып отыр.

Ұлт Көшбасшысының әлемдік күрделі жағдайларға байланысты талай қиындықтың алдын алып келе жатқаны да халқымызға жақсы аян. Елбасымыздың осы көреген саясатының арқасында дағдарыстың алдын алу шаралары әзірленді. Соның бірі – республика бойынша «Өрлеу» бағдарламасын енгізу.

Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тобына көмек көрсету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2014 жылғы 28 наурыздағы №132-Ө бұйрығына сәйкес және Дүниежүзілік банктің қолдауымен, отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру келісімшарты негізінде аз қамтылған отбасыларына шартты ақшалай көмек (ШАК) көрсету мақсатында «Өрлеу» қанатқақты жобасы іске қосылған-ды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру» атты 84-қадамын жүзеге асыру мақсатында ауданымызда 2015 жылдың шілде айынан «Өрлеу» жобасы, шартты ақшалай көмек негізінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік колдайтын қанатқақты бағдарламасы біздің облысымызда Ақжайық және Бөрлі аудандарында  жүзеге  асырыла  бастады.

Осы уақыт аралығында «Өрлеу» қандай жоба?», «Оның мақсаты неде?» деген сауалдарға байланысты тұрғындар арасында ауқымды ұғындыру ісі жүргізілді. Бүгінде бұл жобаға қатысуға ниет білдіруші отбасылар аз емес.

«Өрлеу» отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытында келісімшарт міндеттерін орындау арқылы мемлекеттік шартты ақшалай көмек көрсету бағдарламасы болып табылады. Осындай ақшалай көмекті енгізудегі мақсат азаматтардың табысы аз санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға оларды ынталандыру болып табылады.

«Өрлеу» бағдарламасын халықты әлеуметтік қолдаудағы ерекше бағдарлама деп санауға болады, себебі біз бұрын атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларынан алған сол көмекті мақсатты түрде пайдалануын талап (мал алу, кәсіппен айналысу т.б.) ете алмадық. Ал «Өрлеу» бойынша тағайындалған шартты ақшалай көмек нақты мақсатқа ғана беріліп, отбасылардың  белсенділігін  арттырады.

2015 жылы маусым айында Ақжайық аудандық мәслихатының №28-5 шешімімен әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына толықтырулар енгізілді (007 кіші бағдарламасы). «Өрлеу» бағдарламасы шартты ақшалай көмек түрімен толықтырылып, әділет органдарында тіркелгеннен кейін алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізілді. Осы қағиданы негізге ала отырып, тағайындау  жұмыстары  жүргізілді.

Былтырғы 1 шілдеден бастап «Өрлеу» бағдарламасына 15 отбасы (71 адам) қатысып, қазіргі таңда оның жемісін көріп отыр. Олар әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамтылды. Тарқатып айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға және «Жастар тәжірибесіне», тұрақты жұмысқа орналасып, еңбектенуге мүмкіндік алды. Жергілікті бюджеттен 15 отбасына 2,8 миллион теңге мөлшерінде шартты ақшалай көмек тағайындалып, төленді. Бұл көмектің орташа айлық мөлшері 6709,9 теңгені құрайды. Әр ай сайын ауылдық округ әкімдерінен бағдарламаға қатысушылардың мәліметтері жинақталып, есебі жүргізілді. Қазіргі уақытта 14 отбасы қосалқы шаруашылығына мал сатып алса (1 жылқы, 2 бас ірі-қара, 107 қой-ешкі), 1 отбасы кәсіпкер ретінде тіркеліп, шаштараз кәсібімен айналысуда.

Ел үкіметі жүргізіп отырған белсенді әлеуметтік саясат кедейлік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. 2014 жылмен салыстырғанда аз қамтылған отбасылар 32,4 пайызға азайды.

Иә, шартты ақшалай көмек азаматтардың табысы аз санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге ынталандырады. Мәселен, отбасының еңбекке қабілетті мүшелері «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының І бағыты бойынша құрылыс жұмыстарына, әр түрлі мамандықтарға қайта даярлау курсында оқуға, басқа да ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сөйтіп, табысы көбейеді. Бұл, әрине, аз қамтылған жәрдемақы алушылар қатарындағы азаматтарға ұсынылуда.

2016 жылға жобаның насихатталуы бойынша кешенді шаралар жоспары жасалынды. Ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарының басын қосып, істі пысықтап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді және бөлім мамандары ауылдық округтерге іссапарларға шықты. Мұндай жұмыс, әрине, жалғасын табады. Аудандық уәкілетті органдарға 10 ассистент және бір  консультант қабылданды, олар қазіргі таңда бағдарламаны насихаттау жұмыстарымен шұғылдануда. Қазіргі кезде барлық ауылда тиісті жұмыс жүріп жатыр. Ауылдық округ әкімдерімен бірлесе жұмыс жүргізу арқасында консультанттар мен ассистенттер 16 отбасымен консультациялар өткізді, оның ішінде бірінші кезекте жұмыс жасындағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және балалар жәрдемақысын алушыларды әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының І бағыты бойынша үш  адам әлеуметтік жұмыс орнына тартылса, бір жас маман «Жастар тәжірибесіне», 14 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолдама алды, екі жұмыссыз тұрақты жұмысқа жолданды. Жобаға қатысуға ниеттенген өтініш беруші өз қолымен өтініш пен сауалнаманы толтырады, құжаттар топтамасын тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе ауылдық округ әкіміне тапсырады. Өтініш берген айдың алдындағы 12 айда отбасының жан басына шаққандағы айлық табысы облыстарда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспаса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, табысы аз адамдар қатарындағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар санатына жатқызылғандарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар көрсету үшін жолдама береді. Бұл ретте егер отбасы құрамындағы үш жасқа дейінгі балаға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж І және ІІ топтағы мүгедектерге, сексен жастан асқан қарттарға күтімді жүзеге асыратын еңбекке қабілетті мүшелері үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу міндетті  шарт  болып  табылмайды.

Жалпы, бағдарлама бойынша 285-тен астам адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл салаға республикалық бюджеттен 13,7 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 10,0 млн. теңге бөлініп отыр.

Талғат ҚАЙРЕКЕЕВ,

жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы,

Ақжайық ауданы


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 67 рет оқылды

нурлан-ногаев


Жыл айналып қайта келген әз-Наурызбен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!


Ықылым заманнан бері халық санасында Наурыз айы сұлулық пен жасампаздықтың, бейбітшілік пен келісімнің белгісі болып табылады.

Елбасы Н. Назарбаев әр кез біздің басты байлығымыз – береке-бірлігі жарасқан халқымыз екендігін баса айтып келеді.

Қазақстан барлық этностардың өзіндік жарқын болмысы мен бекем бірлігі арасындағы үйлесімділікті сақтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайта отырып, алға қарышты қадам басуда.

Бұл мереке – еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірлік пен ынтымақтың мерекесі.

Пейілі даласындай дархан жұртымыз қашанда Ұлыстың Ұлы күнін ақ дастарқан жайып, ақ тілекпен қарсылап отырған. Елдің сүттей ұйыған тыныштығын, халықтың ырысты ынтымағын тілеген. Бұлақ көзін ашып, тал егіп, көмекке ділгер адамдарға қолұшын беріп, сауапты ізгі істермен айналысқан. Ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай игі дәстүрлер кең өріс алып, тың мазмұнмен байып отырғанына бүгін баршамыз куәміз.

Ендеше, көпұлтты Қазақстан халқының өз мүмкіндіктеріне деген сенімдері арта түсіп, жарқын болашақ жолындағы жарқын істеріне қуат берсін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін, ойға алған барлық арман-мақсаттарыңыз жүзеге ассын!

Игі тілекпен,

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ


Ұжымдағы мереке

Күні: , 70 рет оқылды

IMG_8261


Осы аптаның бейсенбісінде  Орал қаласындағы «ҚазТрансГазаймақ» АҚ БҚО өндірістік филиалының ұжымы Наурыз мейрамын атап өтті.


Аталмыш мекеменің қыз-жігіттері бесіктой, беташар, келін түсіру, сырға салу секілді қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойды. Әннен шашу шашылып, күй күмбірледі.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз  мейрамының қарсаңында «ҚазТрансГазаймақ» АҚ БҚО филиалының басшылары ұжымдағы әріптестерінің өнеріне тәнті болып, қошеметтерін білдірді.

Өз тілшіміз


«Арманның аппақ әлемі»

Күні: , 114 рет оқылды

DSC_0170


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Ертай Бимұхановтың шығармашылығына арналған «Арманның аппақ әлемі» атты әдеби-сазды кеш өтті.


Шараға келушілер алдымен Қаратөбе аудандық кітапханасы ұйымдастырған ақын шығармашылығына арналған көрмемен танысты. Кеш ақын өмірбаяны және оның туған жері Қаратөбе ауданы туралы бейнебаянмен басталды. Ертай Бимұхановтың сөзіне жазылған «Арман асуы», «Жұлдызды сәттер», «Ауылым – әнім» секілді әндер шырқалды. Ақын әр түрлі тақырыптарда жазылған өз өлеңдерін оқыды. Кештің жүргізушісі Эльдар Ихсановтың шығармашылық бағытында қойған сұрақтарына тұшымды жауап берді. Облыстық мәдениет және өнер орталығының жастары оның «Өлеңім менің…», «Бақытты сәт», ал студенттер «Гүлсезім», «Тазару», «Мен де бір қуыршақтың кейпіндемін…» өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш иесіне Айсұлу Қадырбаева, Ғайсағали Сейтақ сықылды өнердегі аға-апалары ізгі ниет-тілектерін білдірді.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Жауқазын – 2016» жобасы басталды

Күні: , 69 рет оқылды

IMG_8315


Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жауқазын – 2016» жобасының ашылуы болып, Ақжайық ауданы балалар шығармашылық орталығының жас суретшілері мен қолөнер шеберлерінің «Ұлы елдің ұланымыз» атты көрмесі өтті.


Ашылу рәсіміне қатысқан Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова шараға жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, басталған іске сәттілік тіледі. Шараға Ақжайық ауданының еңбек ардагерлері, құрметті азаматтары мен азаматшалары, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Өнер көрмесіне Ақжайық ауданы балалар шығармашылық орталығының үйірме мүшелері мен жетекшілерінің кескіндеме, графика, мүсін, фотоөнер, зергерлік, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылды. Мұндағы әр туындыда қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, мәдениеті және тәуелсіз жылдардағы еліміздің жетістіктері айқын көрсетілген. Көрмеден кейін жас өнерпаздарға шеберлік сағаттары өткізілді.

Аталмыш жоба тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында 25 жас талантты анықтауды мақсат етіп, желтоқсан айына дейін барлық аудандардың өнерпаздары қатысады деп жоспарлануда.

Ақжайық ауданының көрмесін қала тұрғындары мен қонақтары 8 сәуірге дейін тамашалай алады.

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Сенің дауысың – сенің болашағың» байқауының жеңімпаздары анықталды

Күні: , 70 рет оқылды

фото Руслана Канабекова (19)


Алматыда «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты постерлер байқауының жеңімпаздары анық-талды. Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде болған марапаттау рәсіміне танымал ән-шілер мен қоғам қайраткерлері қатысты.


фото Руслана Канабекова (1)«Қаламгер Азамат» жас тілшілер қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен байқауға еліміздің барлық аймақтарынан 300-ден аса үміткер қатысты. Үздіктер онлайн режимде дауыс беру арқылы анықталды.  Қазылар алқасының шешімімен павлодарлық Анастасия Дейна мен Үмітжан Қасен ынталандыру жүлдесіне ие болса, алматылық Рауль Чукобаев үшінші орын алды. Ақтан Сағидулла мен Нұрсейіт Қарабаевқа екінші орын бұйырды. Маңғыстаулық Мұрат Наурызбайдың жұмысын мамандар бірінші орынға лайық деп таныса, астаналық Айдос Анаев бас жүлдені жеңіп алды.

Айдар ҚЫРЫҚБАЙ, «Қаламгер Азамат» жас  тілшілер  қорының  төрағасы:

– Бұл байқаудың ең ерекшелігі сайлау 2016.kz сайтына қатысушылар өздерінің жұмыстарын жіберді. Сол жібергеннен кейін онлайн дауыс беру жүрді. Орын алғандардың ішінен 15 мыңға дейін дауыс берген постерлер бар.

«Хабар. кз»

Суреттерді түсірген Руслан ҚАНАБЕКОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика