Мұрағат: 18.03.2016


Қобылан ақын

Күні: , 154 рет оқылды

CAM00442


«Орал өңірі» газетінің редакциясындағы ең төменгі саты – «кіші әдеби қызметкер» деген лауазымға 1995 жылдың соңына таман әрең қолымыз жетті. Сол кезде редакцияда тілші жігіттердің жасы жағынан ең кішісі  осы Қобылан Қуанов екен. Адам жатырқамайтын, өте жәйлі мінезді, қуақы тілді Қобылан газеттің қоғамдық-саяси бөлімінің тілшісі еді. Тез-ақ сырлас, дос болып кеттік.


Қобылан ол кезде жасы отызға келіп қалса да бойдақ. Өзі Орал педколледжінің 9 қабатты жатақханасында, бас редакторымыз қатынас хат жазып, алып берген бір бөлмесінде тұрады. Редакцияға таяқ тастам жер. Жатақхана – толған қыз, студент сұлулар. Заманның қиындығы сезіліп тұрса да, Қобыланның сол кездегі жағдайына талай адам тамсана қарайтындай еді.

Қобыланның тілі бай, ойнақы. Әсіресе, хат қорытуға шебер-ақ. Батыс Қазақстан облысының әр қиырынан, шалғай аудан, алыс ауылдардан келген қапшық-қапшық хаттар Қобыланның қаламы тиген соң суынан арылып, сұп-сұлу қалыпқа еніп, газет бетінен орын тауып жатады. Кейбірін автордың өзі де танымай қалатын шығар-ау.

Қобыланның тікелей бастығы – бөлім меңгерушісі, бүгінде марқұм, Қуаныш Исағалиев ағамыз да жақсы ақын еді. Қобыланды баласындай көріп, оңды-солды жиі жұмсайтын…

«Үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі бол» дейді ғой қазақ. Редакцияның өз ішінде болып жататын түрлі шаралар, жеңіл тапсырмалар Қобылан екеумізге артылады. Әсіресе, әлдебір әріптесіміздің туған күні, мереке-қуанышы болса, бірер шумақ өлең арнап, құттықтау – жазылмаған дәстүр. Мұндайда Қобес қамшы салдырмайды. Ал достық әзіл жазуда Қобыланның алдына шығатын адам жоқ. Бір шумақпен-ақ кейіпкерінің суретін көз алдыңа әкеліп қояды.

1996 жылдың 8 наурызы қарсаңында редакциядағы қыз-келіншектерге арнаған достық әзілдеріміздің қолжазбасы менде сақтаулы тұр:

«Біздің кітапханаға

Шалдар жиі келеді.

«Әлгі кемпір қайда?» деп

Мазаны ала береді.

Асықтырған оларды

Жаңалықтар дерегі.

Шынтуайтқа келгенде,

Газет пе, әлде кемпір ме,

Бұл шалдарға керегі?!»

Бұл – саналы ғұмырын осы «Орал өңірінде» өткізген Меңдеш апаға арналған шумақтар.

«Домбыра алса қолына,

Жүректерді тербейді.

Жыр доданың жолында

Бәйгелерді бермейді.

Сонау қала шетінен

Ерте келіп, ерлейді.

Селекторға сенем деп

Жоспарлауға келмейді.

Бұл кім?»

Бұл – бүгінде республикаға әйгілі «Үміт» гимназиясын басқарып отырған Дариға Мұштанова апамызға арналған шумақ. Апамыздың кабинетіндегі селектор аппараты дұрыс жасамай, Амангелді Шахин ағамыз екеуі бас ре-дактордың шақырғанын естімей қалушы еді.

«Мақаласы – мерез де,

Әңгімесі – махаббат.

Көпті көрген сабаз ба,

Жүрген соған қаталап?!

Көтереді әзілді,

Әзір отыр ойынға.

Фаризадай кәдімгі

Шабыты бар бойында.

Бұл кім?»

Бұл – бүгінде «Қазақстан – Орал» телерадиокомпаниясының белді қызметкері Назгүл Мұхамеджанқызына арналған әзіл.

«Қызметі ай сайын

Көтеріліп келеді.

Бізге мәлім болуда

Неше түрлі өнері.

Корректор боп шыға келді

Мәшіңкенің шебері.

Салса-дағы қай іске

Дөңгелете береді.

Бұл кім?»

Бұл – бүгінде «Орал өңірінің» жауапты хатшысы Жаннат Есполаеваға арналған әзіл еді. Әріптес қыз-келіншектердің тек қана қызметтестеріне белгілі қырын дәл тауып, әдемі жұмбақ ұйымдастырған Қобыланның тапқырлығы сол бір мерекелік кеште барша ұжымды риза қылған.

…Мен ол кезде қаланың «Жөндеу зауыты» аумағында, нағашы апамыздың жеке үйінде тұрып жаттым. Салынғанына бір ғасырдай болған, табиғи газға қосылмаған, көне үй еді. Сол жылы соғыс ардагерлеріне жайлы пәтер беріліп, нағашы апам мен жездем 6-шағынауданға көшіп кетті. «Дағарадай үйде жалғыз тұрасың ба?» деп жездем пәтерге екі қызды алыпты. Қазақ театрына жақында орналасқан, сұлу да өнерлі қыздар екен. Тек бір қиыны, от жаға алмайды. Әлде пеш тартпай ма, әйтеуір, үй іші көк түтін болып, ошақ тұрған бөлмеден басқа жер жылынбай, қақап тұратын. Сондай күндердің бірінде Қобесті қонаққа шақырдым. Екеуміз әртіс қыздардың шәйін ішіп, әңгіме соғып, түннің бір уағында өз бөлмемізге кеттік қой. Мен шешініп, жатуға ыңғайлансам, Қобыланым аузынан буы бұрқырап, «Қалың киім бар ма?» деп сұрайды. «Салулы төсек, салқын үй» деген осы, Қобес! Қайырлы түн!» деп мен де күліп жатырмын. Таңертең тұрсам, Қобылан бір параққа өлең жазып қойыпты:

«Жаман болмады жалпы күй,

Шертістік сырды бір түн-ай.

«Салулы төсек, салқын үй»

Жанға жайлы ғой, шіркін-ай!

Шілдеде талай шөлдегем,

Ақпанда жаттым дірілдеп.

Күнімхан жатқан бөлмеден

Келмеді-ау бізге жылы леп.

Қобекең қиын күй кешсе,

Кеңкілдеп күлер Қазекең.

…Көңілдер шіркін, үйлессе

Өмірдің бәрі жаз екен».

Жалпы, Қобыланның мұндай тапқыр шумақтары өте көп болса керек. Бірақ оны жинақтап жүру, сақтап қою ақынның қаперіне де кірмейтін. Айтып тастап, жазып тастап, жүре беретін. Анау бір жылы осы өңір ақындарының жинағын шығарамыз дегенде Қобылан Қуановтың топтама өлеңін әрең тапқанбыз.

Айтпақшы, сол редакцияда жүрген күндердің бірінде Қобылан 30-ға толды. Мен өлең арнадым:

«Суырылып шыққан тобынан,

Отызға толды Қобылан.

Жатақханада – Дүр Жігіт,

Редакцияда – оғылан.

Қаламын сілтеп оңынан

Отызға толды Қобылан.

Шаруасы сәл-пәл оңбай жүр

Жеңгеміздің жоғынан.

Маң басқан маңғаз манап-дүр,

Қобекең қазір жарап жүр.

Осындай ерді көрмей ме

Бұл қыздар қайда қарап жүр?!

Қалғыған таудай мінезі,

Балқыған кендей жүрегі.

Қыз көп-ау жатақханада

Көзге ілмей жүрген, сірә, өзі…

Ешкімге көңілін бұрмайды,

Түсінем мен-ақ бұл жайды.

Біреуін алып, өзгесін

Ренжітуге қимайды».

Апырмай, сол күндерден бері аттай жиырма жыл өте шығыпты-ау! Сол тоқсаныншы жылдардың тоқырауында журналистік қызметті бізге қалдырып, бизнеске кеткен Қобылан Оралдың нақ ортасынан даңғарадай етіп өз үйін көтерді. Ақ Жайықтың сұлуларын өкпелетпеймін деп жүріп, өмірлік жарын Қызылордадан тапты. Бүгінде Рахман атты батырды өсіріп, жайлы мінезімен Жайықтай көсіліп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.

Иә, Қобылан Жәлелұлы, елу белесің құтты болсын! «Орал өңірі» газетінің бір ғасырлық тарихында өзіңнің де ізің бар. Осыдан 20 жыл бұрынғы шуақты сәттерді ойға түсіріп, ортаға салып отырған себебіміз де сол.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика